Махаббат терапиясы
Комедия
Қатысушылар:
1.Қасқырбай-балалары ауқатты ақсақал-65 жаста
2.Ақтоты-зейнеткер
Қасқырбайдың балалары Арлан, Бөрібай, Бөлтіріктің келіншектері:
З.Самита-жасы 21-23 шамасында
4.Диана- жасы 25-27
5.Камила-З0-32 жаста
Жатын бөлме. Ақ халат киген Самита қолында пенициллин деген жазуы бар үлкен құтыны ебедейсіз ұстап зыр жүгіріп келеді. Жол бойы дәрмегі тамшылап, халатына тамған тұсын сүртіп қояды. Ортада керуерт. Керуерт жанында шағын стол. Графин. Самита керуертте сұлық жатқан адамның қасына тоқтай қалып:
Самита: Тура шыдамаймын. Шыдамаймын! Дөңкиіп жатқан мына шалда не тірінің, не өлінің белгісі жоқ. Жолы болса емделіп кетер. (Жатқан адам қолының әлсіздеу қимылымен әлде-не белгі береді. Таңданған Самита,) Ойбой-ау, мынау,мынау қуарған қү шал кірпігін де қимылдатқан секілді. (Қасына ақырын жақындап, қорқа қарайды) Бейшара, ақтық деміне жетті ме деп қорықсам, тірі. Тірі болсыншы... Медбике болып ақ халат кигесін медицинаға табынамыз ғой. Біреулер: «Осы сен медбикелікке қайдан оқып бітірдің? Дипломың бар ма?» деп ежіктеп сұрап қоймайды. (Басын кекжеңдетіп) Бітірдік.Күректей дипломым бар. Ақша болса диплом қайда қашады. Ел сияқты біз де алдық.
(Жатқан адамды көрсетіп,) «Ал енді пәтшағар шалдың емі не? Әлде ана жаққа кететін уақыты жақындады ма?» десем, мықты дәрігерлер көзілдіріктерін сүртіп қойып одекрон, психокрон, далакрон, балакрон деп әлденені тізбектеп кетті. Ал мен болсам пинецилинді ұрып жатырмын. Ал енді мынау шприцті қалай ұстап,қай жерге шаншарымды білмеймін. Әйтеуір пенициллинді аузынан құйыл жатырмын. Ол бүлік-бүлік еткіізіп ішіп қояды. Бұл дәрмектен адам өлмейді. Осыны талай ғасырдан бері адамды да, малды да емдеуге пайдаланып келе жатқан көрінеді ғой.
Айтпақшы, пациенттің дем алысы дұрыс болсын деп арзан одеклолон сеуіп қоямын. Қолтығын көтеріп әуре болып жатамын ба. Тура жүнді кеудесіне пыш еткіземін. Пыш-ш! (Қолын сілтеп күледі) Ойбай-оу, мен не деп кеттім? Неге күлемін. Бұл жатқан болашақ қайын атам. Иә, иә, қайын атам. Мен болашақ келін ретінде жылауым керек емес пе? Иә,иә. Менің жылауым керек. Ал дәрігерлер мені медбике деп менсінбей ме, звондап щалдың хал жайын сұрап тұрушы еді, оны да қойды. Ал енді Қасқырбай атамызды қашанғы қасқырдай серейтіп қоямыз. Пенициллин бар болосын. Бар болғасын аямай беріп жатырмын.
(Ә дегеннен шешім таппай жан-жаққа қарап тұрады да ілулі тұрған қамшыны көреді. Жүгіріп барып қолына алып, жерді бір осып өтеді.) Міне! Біреулер мені тамада деп жүр. Ақ халат кигеннен бұрын көбірек той басқаратыным рас. Өнер! Мен тіпті қазір бақсы да боламын. Бұл киелі қамшы. Бишік,қамшы демекші, бұл емші, тәуіптің де қаруы. Әй,осыдан ем де қонар. Кәні, кәні қалай басталушы еді?.. Қалай еді?.. (Қамшымен төсектің айналасын бір - екі осып, жүгіре басып)
Сүф, сүф, сүфа құрт.
Он күн бойы емдеген,
Дәрігерге көнбеген,
Мықты болсаң шыда,құрт. (Қимылдаған сайын ширап айналасын, еденді сартылдатып осып-осып өтеді. Дауысын да көтеріп,)
Ех, шайтан, пәлекет,
Шыдамасаң шығып кет,
Атамнан аулақ құрып кет.
Еденге түсіп,шіріп кет.
Қамшымен әбден сабайын,
Амалыңды табайын.
Сүф, сүф сүфа құрт.
Сүф, сүф, сүфа құрт. (Қамшыны оңды-солды сермеп,еденді дүрсілдете шабады.) Көз майымды таусып медик болғанша осылай тәуіп болып кетпеймін бе...(Қамшыны сермелеп шауып жүріп Диананың кіргенін байқамайды. Диана көзі алақандай болып таңдана қарап қалған.)
Диана: Әй-әй, Самита, тоқта. Бұл не шабыс? Бұл не концерт? Қой қуғандай бүкіл үйді шаңдатып, қызыққа кенеліп жүрсің ғой. Мынау ұзын қамшыңмен атаңды да сабап тастағаннан саумысың?
Самита: Ем,ем. Емнің жөні осылай.
Диана: Қандай ем?
Самита: Көненің көнесі. Халық емі.
Диана: Гиппократ оныңды қолдай ма?
Самита: Ол оқымысты шалың біздің заманымызға дейін үш жүз жыл бұрын өліп қалған. (екі саусағымен кеңірдегін қайшылап көрсетеді.)
Диана: Демек шарлатандарға жол берілді ғой?
Самита: Оныңды қой. Гиппократқа ант бергендер секілді мен де өз ісіме адалмын.
Диана: Солай ма?
Самита: Солай.
Диана: Ал мен болсам... (сықылықтап күледі)
Самита: Білем, білем... Сен бақсы деп тұрсың ба?
Диана: Жо-жоқ.
Самита: Жалпы Гиппократ адамды дұрыс емдегеннің бәрін қолдаған.
Диана: (Кекетіп) Солай ма?
Самита: Солай. Дәрігер ем береді,бақсылар дем береді.
Диана: Байқа, байқа екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді.(күледі)
Самита: Күл,күлсең күл.
Диана: Қарияның сырқаты қатты тиген тұмау шығар?
Самита: Қазіргі тұмаудың жайын айтайын: ( ойнақы) Құс тұмау, қыс тұмау, мысық тұмау,күшік тұмау, ит тұмау, бит тұмау,шошқа тұмау... Ал саған медицина керек болса.
Диана:Бұл не қаптап кеткен тұмау? Мұндай шұбырма тұмауды естімепін.
Самита: (Сол секектеген қалпы.) Бүйрек тұмау,үйрек тұмау, қаз тұмау,жаз тұмау, без тұмау, көз тұмау, тамақ тұмау, қонақ тұмау. Ал ендеше...
Диана: Не дедің? Қандай тұмау дедің жаңа?
Самита: Қонақ тұмау...
Диана: (мысқылдап күледі) Қатты оқыған екенсің.Басқа-басқа қонақ тұмауың не? Ұйқас қуып кеттің ау, шамасы.
Самита: (Күліп) Тұмау дегенің бір елден екіншісіне қонақтап көшіп жүреді. Бірде қазақта, бірде қырғызда. Жел тұмау, бел тұмау,иық тұмау, күйік тұмау (Ентігіп) Ух, әзер тоқтадым ғой. Кейде осылай... ( қамшыны үйіріп,) Адамның жылы денесін үялап жатқан ауруды осылай қамшымен аямай соғып айдап шығу керек.
Диана: Әй, медсестра, есіңді жи. Бұл бақсы-балгер, тәуіптердің өтірігі. Ұрам деп қарияны өлтіріп аларсың
Самита: Білесің бе? Қарияның есінен танып құлағанына үш аптадан асып кетті. Бір аптадай ауруханада. Одан кейін үйінде. Иә,иә он күн емес-ау бір айға жақындап қалды. Берген дәріні тамсана шайнап қойып жата бере ме,осылай.
Диана: Жатсын.Жатыры түскір.
Самита: Сен өзің де қай-қайдағы пәлені соғып кеттің ғой. Ер адамда жатыр болмайды. Ол қарғыс әйелдерге айтылады.
Диана: Жарайды,жарайды.Сен де ойыңа келгенге салмай қамшыңды құрт.
Самита: Құртайын, құртайын. (Еңкейіп барып керуерттің астына лақтырып жібереді.) Енді сол,атамыз үшін бір амалын таппасақ болмайды. Шаршадым...
Диана: Сен байқа. Тұмау, тұмау деп сарнап жүрсің.Тәуіптердің үшкіргенін пысқырмайтын аурулар да болады.
Самита:( (мысқылдап) Қой әрі?
Диана: (кекетіп) Қой емес ешкі... Осы шалдың ауылдан балаларын жағалап облыс орталығына көшіп келгеніне бірер жыл ғана болды емес пе? Ауруды да ауылдан әкелген-ау...
Самита: Вот колхозник! Вот Мамбет серейген!
Диана: Әй,әй сыпсыңдай бермей осы үйдің бар ақшасы есеп-шотында жатқан қарияға байқап сөйле,байқап емде. (бүйірінен жаймен түртіп қалады.)
Самита: Қойшы... Дегенмен бәрі сол мал соңыңда салпақтап жинаған ақшаның күші екені рас-ау.. Сенің майлы беліңнен былай құшақтағанды жақсы көретін Бөрібай (Құшақтайды,Диана қолынан қағып жібереді. Самита сәл ыңғайсызланып,) Иә,иә, сол ақсақалдың домаланған Борькасы,сенің Бөрібайың бұл жерде білікті дәрігер жоқ шетелге алып барамыз деп білек сыбанып жүргені де шалдың ақшасының күші....
Диана: (Жақтырмаған кейіппен) Сенің Бөлтірігің де семіздіктен кенже қалмас. Тура Колобок. Домаланған бауырсақ.
Самита: Бауырсақ, бауырсақ. Қайсысына да бой бермеген,қарын берген.
Диана: Балаларының бәрі бір қамыр, бір тестодан иленген. Бірақ, бірақ...
Самита: Иә, бірақ... Жамандама баласын,
Сен де келін боласың.
Семіздерді мәпелеп.
Бай-бәйбіше боласың... (Екеуі қосылып күледі)
Диана: Қолын сілтеп) Дұрыс айтасың-ей. Тумаған сиырдың уызы дегендей әлі болмаған күйеулерімізді жарыстырып қайтеміз. Бұлардың атақ құмарлығын айтсайшы. Бірі серейіп жатқан шалды «Боингпен» Америкаға алып барамын десе, екіншісі дыбыстан жылдам СУ-29 ұшағымен Жапон еліне жеткіземін деп күмпілдеуде.Тек бір түсініксізі ақсақалды шетелге қайсысы қақшып алып әкетері әлі белгісіз...
Самита:(Қолын сілтеп) Жатыр міне... Бүгін байқаймын шалдың тыныс алуы қиындап барады, енді қайта тұруынан үміт жоқ деп дәрігердің нұсқауымен әкеліп тастаған. Міне, не дейсің енді...
Диана: Әлгі бір мақал бар еді ғой. Жаман ит...
Самита: Қой қайдағыны айтпай... «Жаман ит өлігін көрсетпейді» деген бе? Оның ұят. Бұл мақалдың дәл осы жерде қисыны келмейді. Ойбай-оу, ұмытып кете жаздадым ғой.Мен медбикемін ғой.Маған бақылап отыру тапсырылған. (Жан-жақты байқап, жатқан адамның айналасын қарайды) Тонометрім қайда кеткен? Жап-жаңа мойныма асып жүргемін. Е, міне жатыр екен ғой, (Тонометрді қолына алып жатқан адамға жақындап, шошынып кейін шегінеді) Масқара! Мына кісі жаңа шалқасынан жатқан. Енді, енді... бір қырынан... Қалай? (Қолын сермелеп) Расында да тіріліп кеткен бе? Біз бұл кісінің ана жаққа кетер уақыты жақын десек... (Сол үрейленген күйі) Қой, тезірек кетейік. Бөлтірігі де керек дәріні үзбей беріңдер деген. (Залға қарап) Қисық сөйлеп тұрғаным жоқ. Мені өзіне икемдеп сөз айтамын деп қорбаңдап жүрген баласы Бутяның шын аты-Бөлтірік. Ат қоюға келгенде алдымызға жан салмаймыз ғой. Үлкен ағасы-Арлан, одан кейін –Бөрібай, ең кенжесі- Бөлтірік. Әкесі – Қасқырбай. Кілең бір езуінен қан тамған көкжалдың ордасы дерсіз.
Диана Самитаға тесірейе қарап: Ал енді ақсақалдың қайын атамыз болады дегеннен әрқайсысымыздың үмітіміз бар екенін жоққа шығармассың. Босқа жүгіріспей сол жағын нақтылайық. Ақсақалдың да ол жаққа асыға қоймайтын түрі бар. Әлі қыбырлап жатқан секілді. Жазатайым осы бойымен о дүниеге аттанып кетсе той да жоқ, қайын ата да жоқ. Тезірек бір ем таппай болмайды. Қой кетейік тезірек.
( Екеуі аузын басып күліп, жүгіре басып шығып кетеді. Осы кезде екінші есіктен басына орамал таққан егде әйел - Ақтоты кіреді. Жан-жағына аңтарыла қарап, ақырын басып ортаға жақындайды.)
Ақтоты: Ғажап. Дағарадай үй. Ашық-тесік, алқай-талқай жатқан дүние мынау. Адам жоқ.(Шошынып) Астағыпыр! А-с-с... Мұнда біреу жатыр екен ғой. Өй, алжыған! Біреу жатыр дегенім не айтып тұрған. Қасқырбай ғой бұл. Арысым-ай. Өңі құп-қу. Сырқат меңдеп жүдеп-ақ кеткен екен. (Маңдайын ұстап көріп) Ыстығы көтерілмепті. Тәуба, тәуба. Денесі суи бастағаннан да аман. Тынысы да дұрыс секілді. Ей, арысым-ай. Анау сайтан алғыр құрдасың Сатан: «Бір жапырақ еті жоқ. Тап қазір құр тері мен сүйегі ілініп тұр. Үзіліп түсуге жақын,енді көпке ұзамас» деп еді жағыңа жылан жұмыртқалағыр. Айтқанындай мына жұрт ендігі ерніне су тамызып, «бүгін-ертең»- деп жамандықты күтіп отыр ма десем, олай емес секілді. Тілін кәлимаға келтіруге молдасы да келді дегені қайда? Сәлдесі қоқырайып ақсақалдың бас жағында отыр ма десем, жоқ қой. Көрінбейді. Өй, түбі түскен шелектей даңғырлақ Сатан. Қара аспанды төндірген екенсің. Сөзің құрысын.( Бір уақытта жатқан адамға қарап, шошынып, селк ете түседі) Астағыпыр! А-с-с... Жүрегім аяғымның ұшына түсе жаздады. Иә-иә,жыбырлап, қолы қозғалғандай болды ғой. Иә,иә, маған қарай жылжыды. Ойбай,ойбай! Көзін ашты. (Шегіншектеп кетеді) Еріні, еріні де әнтек ашылған секілді. Бірдеңе дей ме? ( Ақырын жақындап барып ерініне құлағын тосады) Бәсе, сөйлеп жатыр. Мені таныған секілді.
Иә, иә, мен - Ақтотымын ғой. Сыбырлап сөйлегісі келіп жатыр, әні. Қайран,арысым-ай. Жақын отыр, қасыма дейсің бе... Жақындаймын.( Орамалын түзеңкіреп, бір майыса қарап алып,бөксесін бір бүлк еткізіп жатқан адамға жақынырақ отырады.) Есін жиды. Аман болшы, аман болшы,азаматым. Міне тостағанда су тұр екен. Бір ұртташы. Қуат береді.
Қасқырбай:( Тілі сөйлеуге әзер келіп) Ай-то-ты. Мен. Мен. (Ақырын тамсанып қойып) Мен сені дау-сың-нан таныдым.
Ақтоты: Есіңді жидың, тәубе. Судан тағы бір-екі жұтып жібер... Сен төсек тартып жатыр дегенді естігенде тіпті тағатым қалмады ғой.Тура құс болып ұшып кеткім келді. Облыс орталығына сирек келетін адам болсам да кездескен автобусқа отырып тартып бердім. Апырай-ә, кездеспегенімізге қанша уақыт... Қала да өсіп кетіпті.
Қасқырбай:(Су ішіп, біраз тамсанып отырады. Дауысы қырылдаңқырап.) Хас сұ-лу-ым менің. (Қолын ұстап,әлсіз қысып қояды) Мен, мен... мен сағындым сені.
Ақтоты: О, шіркін, жастық десеңші... Мен де сағындым. Мен де!
Қасқырбай: Мен де. (Дауысы нықтау)
Ақтоты: (Қолынан ұстап отырып,) Зымыраған уақыт-ай десеңші...Мен де сағыныппын.Тіпті жеткізе алмай отырмын. Не деймін енді... Көпті ұмыттырған қу тірлік-ай! Бұлаңдаған түлкінің құйрығындай күйбең тіршіліктің соңынан зулайсың да жүресің. Сол екпінмен жүріп жүрегіміздің түбін мәңгі ұялаған сағыныш деген сезімді ғана емес, сағыныш деген сөздің өзің де ұмытып кете жаздаппыз-ау. Шірікін-ай, сол кезде қасыңда бір партада отырып бір-бірімізге деген сезімімізді, сағынышымыздың шексіздігін жеткізе алмаған екенбіз. Сенімен осы кездескенімде менің де жас болғаным, көкірегімді толқын тербегені біртіндеп еске түсе бастағандай. Қойшы, бәрін бірдей еске алып үлгермеспіз. Тәубе,міне сенің ес жиғаныңды көрдік. Қимас кездесудің бірі осы шығар. (Орамалдың ұшымен көзін сүртеді)
Қасқырбай: (Даусын кенеп, бір жұтынып қойып...) С-с-сен... Жылама. Күл қайта. Қуаныштан күл. С-се-сенің сыңғырлаған даусыңнан есімді жидым.
Ақтоты: Ей,арысым-ай,сенем, сенем.
Қасқырбай: Есімді бірде жиям, бірде жоқ... Дүние астан-кестен, әлем-тапырық болып жатқан. Соның арасынан сәуледей болып сенің дауысың шықты. Оянып кеттім.
Ақтоты: Туу, алыста қалған балғын кезіміздің үні десейші...
Қасқырбай: Оянсам, дәл қасымда отыр екенсің, міне. Тура көрген түстей...
Ақтоты: Қайран жастық-ай. Не бір қызықтары еске түсті ме? Менің жүргімді алып, асыға жеткеніме Сатан себепкер. Ақылы кіресілі-шығасылы кеңкелес секілді оны түсініп болмайды. Сол сайтан алғыр жынды құрдасыңды, жынды деп ғана қоясың ба. Бір сөйлеп кетсе қай-қайдағыны айтып естен тандырады. Сол Сатан: «Сенің ескі махаббатың Қасқырбай бар ғой, көзін жұмып, о дүниенің босағасын аттағалы жатыр екен. Жаназасына соятын бір ту қойымды жеткізіп тастадым. Қасқырбайдың өзіне: «Өлсең жаназаңа сойылады. Өлмесең қара қойдың басын жақсылап тұрып үйтіп, бірге жейміз»-деп кеттім дейді.Жақсының айтқаны емес,жаманның сандырағы келеді дегендей, міне көз алдымда бетің бері қарады.
Қасқырбай: Шүкір,шүкір. Ал енді Сатанға ренжіме. Баяғы мінезі. Түк өзгерген жоқ. Құрдас болған соң бәрін айтады.
Ақтоты: Міне, міне,сөйлеуге де келіп қалдың... Ол құрдасыңа дауа жоқ. Дауа жоқ деймін-ау, тіпті бәтуа жоқ. Қартайған сайын еркінсіп барады. «Бірінші күйеуің өлді. Міне, енді жастық шағында сүйемін, күйемін деп өлердегі сөзін айтқан бала махаббатыңа да тағдыр жазған кезегі келіп, мәңгілік сапарға аттанып барады. Жолың түссе екіншісінің жаназасына да қатысарсың»-дейді тілің жұлынғыр.
Қасқырбай: Әй ит-ай. Оның аузына келгенді тоқтатпайтыны бар.
Ақтоты: Енді, (саусағымен бетін сызып) «Енді» - дейді маған ол антұрған,-сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпес дегендейін, күлкің күмістей төгіліп, әлі де сыңғырлап тұрсың. Сен - жарты, мен - жарты. Екеуміз қосылайық десең, айт. Мен бұрынғы махаббаттарың секілді жасыма жетпей қылжия қалмаймын. Жақын арада өле қоймаймын. Сексеніңнен секіріп өтіп,тоқсаныңды орталайтыным анық» дейді беті бүлк етпей. О, бейшара! Өзі жаспын деп жүр ме,иегіне қылтанақ бітпеген көсе. Айтып тұрғаны қандай жарты десеңші. Оның сүйретілген бәкене қара кемпірі бар емес пе еді. Онысы бір жартыға жарамай қалған ба? Өзінше қу. Е-ей, Дон Жуандық не теңі десейші. Кәрі суайт. Оданда шүмшиген шүйкебас кемпірінің жанында тыныш ғана жанын бақпай ма?
Қасқырбай: Жарайды. Босқа ашуланба. Мен ендігі келмеске кетіп қалар ма едім, сенің даусың естілмесе, жүрегімді қозғамаса. Сағыныштың, махаббатың қуаты қандай, шіркін. Мен тура құлан-таза сауығып кеткендеймін. Сен келгенде серейіп жатқаным не? (Орнынан тұра бастайды)
Ақтоты: Қозғалмаңыз. Қозғалмаңыз. Әлі нашарсыз. Нашарсыз деппін-ау. Өзіңізге келген жоқсыз дегенім ғой.
Қасқырбай: Халатымды алып бер. Анау шкафта тұр. Сенің алдыңда ақ кебін киіп,өлетін адамдай жатып алғаным дұрыс емес шығар. (Ақтоты халатын алып береді. Қасқырбай асықпай киініп алады)
Ақтоты: Мұнымыз қызық болды-ау. Дегенмен халатыңыз жарасады екен.
Қасқырбай: Енді өз халатым ғой. Келші, дұрыстап отырайықшы.
Ақтоты: (Сызылып келіп қатар отырады)Не айтсам екен? «Мен жайлы айт, мен жайлы айт»- деп ойлар тасқындап келіп тұрған секілді. Қайсысынан бастасам екен?
Қасқырбай:Мектептен кейінгі өмірің жайлы әңгімеңді естімеп ем...
Ақтоты: Е-е-е,ол кездің саған қызығы болар ма екен. Қайтесің қазбалап... Одан да ақырын ән айтайыншы... Бір ән көкейімде күмбірлеп тұр... ( Композитор Сыдық Мұхаметжанов « Есімде» әні)
Сүйемін деп, асылып ең мойныма.
Қайда,қайда сол бір елес бұл күнде,
Айтшы қалқам, қайда ,қайда сол бақыт,
Болған ем ғой тапқандай бір мол бақыт...
(Қасқырбай да тамағын бір-екі рет кенеп алып ақырын қосылады)
Көп тұрып-ек жасыл терек түбінде
Маңдайыңды сүйеп сәулем төсіме.
Сүйемін деп,асылып ең мойныма,
Кетіп ең ғой кеудеме күн орнатып...
Ақтоты: Сен салған ән. Сахнадан да айтатынсың. Бірақ, бірақ ауылдың мақпал түнінде жападан-жалғыз тұрып салған әнің ерекше сезілетін. Қандай әсем, әуезді еді... Әрине сен сол әнді маған арнадың...Білетінмін. Білетінмін де қуанатынмын. Қуанатынмын да, жүрек тебіренісін жарыққа шығара алмай үнсіз мұңға бататынмын.
Қасқырбай:Т-с-с.(Тосын дыбыс естігендей жан-жағына елеңдей қарайды)Тыныш. Дауыстарына қарағанда болашақ келіндерім келе жатқан секілді. Анау бір шкафта тасалана тұр. Мен кішкене тыныстап алып халқыма есімді жиғанымды сосын білдірейін. Есін білмей жатқан адамның түрегеп отырғанын көріп шошып кетер.(Ақтоты жүгіре басып шкафқа барып тығылады. Қол сумкасы төсекте қалады. Оны байқаған Қасқырбай көрпемен жаба салады. Осы кезде әлденені дабырласа талқылаған Самита, Диана кіреді)
Диана: Кәні, алған дәрілеріңді көрсетші деймін.
Самита: Көрсетпеймін.
Диана: (Алыстан қарап,) Так,так. Қараймын бір пакетті толтырып алыпсың. Сен не? Бүкіл аптеканы көшіріп әкелгенсің бе? Дәрілерді аптекармен бірлесіп сатып бизнес жасап жүрген жайың бар-ау.? (Жедел басып барып Самитаның пакетіндегі бір дәріні суырып алады)
Самита: Әкел бері. Онда сенің шаруаң қанша? (Жүгіріп барып Диананың қолындағы дәріні тартып алмақ болады. Ол әрі қарай қашады.)
Диана: Масқара мынау дәрісі тура су жаңа бір құндыз ішіктің құны ғой. Менің киіп жүргенім бұдан арзан.
Самита: Дәрінің бағасында нең бар?
Диана: Түймедей ғана бір дәрі. Тілінің астына саласың да жібересің... Пайдасы бар ма,жоқ па?
Самита: (Тіксініп) Әрине бар.
Диана: Ақшаны аямай жұмсағасын әрине бар дейсің.
Самита: Әй,әй, байқа. Сенің сөздеріңнен бір сұм пиғыл байқалатын секілді.
Диана: (Басын шайқап...) Жасыратын не бар. Сенің де ойың белгілі. Кетер адам кетеді деп ақшаны аямай оңды-солды шашып жүрсің ғой.
Самита: Байдың асын байғұс қызғанды дегендей... Қөзің мендегі тиындарға түскен екен. Борькаң да саған аз шашылып жүрген жоқ шығар. Анау джипті де сен меңгеріп алыпсың. Той болмай жатып сүліктей джипті зуылдатып жүрсің. Үйленгенде мүлде мойынына мінерсің.
Диана: ( Екі жұдырығын бүйіріне басып,) Мінсек мінерміз.
Самита: Екі аяғыңды салбыратып қойып...(Кекетіп күледі)
Диана: Байқаймын, сөзшең болып барасың. «Кенженің келіншегімін. Осы шаңыраққа ие болып қаламын, бәрін өзім реттеймін»- деп жүрген шығарсың. Абайла,алдымнан өтсең сирағыңды сындырамын.
Самита: (Кеудесімен итеріңкіреп) Мен сонда қарап тұрады екенмін. Өзіңнің шидиген аяғыңа абай бол.
Диана: Тап қазір шашыңнан жұлып, жүндей түтейін бе... Бірақ сен секілді ақымақ емеспін. Жалғыз сен ғана жер жүзіндегі ең қымбат дәрі іздеп танаулатып жүрсің. Ол қалай-ә?
Самита: Мен енді медицина қызметкерімін ғой. Адам өмірі үшін соңғы демі біткенше күресуім керек.
Диана: Ха-ха-ха! Күлкімді келтірмеші. Болмаса ол шал тіріліп келеді деп сен ғана аңдып жүр екенсің ғой.
Самита: Кекетпе.
Диана: Қойшы сен. Көз алдыңда не болып жатқанын көрмегендей өтірік көлгірсисің. Өзің де айтып тұрсын: адамның соңғы демі біткенше деп. Демек бұл қарияның осы төсектен тұрарына сенің де сенімің жоқ.
Самита: Сенімім бар ма, жоқ па? Оны сен емес тексеретін. Мен қазір жүрек соғысын тағы бір тексеріп алайыншы. ( Ақсақалдың қасына барып көзі шарасынан шығып тұрып қалады. Сөйлеуге шамасы келмей Дианаға ымдап көрсетеді)
Диана: Не болып қалды? Жылан көргендей ыршып түстің ғой тура. Ол уже...
Самита: Әне, әне!
Диана: Не, әне? Көзіңе жын көрінді ме?
Самита: Қайдағы жын,халат. Халат.
Диана: Иә, халат киіп алыпты. Онда не тұр?
Самита: Бұл кісіні пижамамен әкеліп жатқызған. Ал халатты қалай киген?
Диана: Сен қызықсың. Сен жоқ кезде балаларының бірі келіп кигізіп кеткен болар.
Самита: Бес минут. Бес минуттан артық шыққаным жоқ. Халатты кім кигізген? Мен шығып кеткен бес минуттың ішінде? Айттым ғой. Бұл үйде жын бар деп...
Диана: Жын,жын деп қоймайсың. Ой, болашақ абысыным-ай,жан-жағыңа қарамай адал қызмет көрсетемін деп есіңнен адасар түрің бар.
Самита: Неге есімнен адасамын? Не болып қалды?
Диана (Күліп) Әні, күлсем тағы өкпелейсің. Жаңа ғана бақсы болып шыға келген жоқсың ба? «Мен әншімін, продюссермін,асабамын»-дейтін де өзіңсін.
Самита: Оған неге таңданасың? Өнердің аты өнер. Тап қазір атама адалдығымды танытатын жолым да дайын.
Диана: Қандай?
Самита: Байқайсың ба, қария тұяқ серіппей кетсе артынан жоқтап жылайтын кемпір де жоқ. Ал анау ақша-ақша деп бизнес қуып, қасқырдай аласұрып жүрген ұлдарының көзге жас алуға уақыттары да болмайды.Мәйіттің соңынан біреу сыңсып шығып,жоқтау айтпаса, ұят, сүйекке таңба.
Диана: Масқара,адамды шошынтатын жай екен.Сонда өзің жылайсың ба?
Самита: Жылағанда қандай! Білесің бе,қазіртойда беташар айту қандай бизнес болса, жоқтау айту да тап-тамаша кәсіпке айналып барады. «Жолын тапса-уақыт ақша» дегенің осы. Мен секілді жоқтау айтып ысылып алғандар қай қалада болсын аз емес. Мен де қазір сөзін дайындап, жаттап жүрмін. Ондай өнер менде де бар.
Диана: Бәсе-бәсе... Жаңа бақсы болып жын қуып жүр едің. Енді...
Самита: Таңданба,таңданба. Менің әнімді әлі білмейді екенсің.
Диана: Қандай?
Самита: Піскен нандай. Ал тыңда... (Орындыққа отырып, бетін орамалмен көлегейлейді. Қатты күйзелген адамдай басын шайқап...)
О-о-ой, қу жалған,
Заман да заман, заман-ай.
Қасырет бұлты жабады-ай,
Тышқанбайдай атамды,
Сұм ажал қайдан табады-ай,
Ұл өсірген ортаға,
Қыз өсірген ортаға,
Қайғысын әкеп жамады-ай.
О-о-ой, қу жалған.
Тышқанбайдай атамды,
Қайғырып жұрты қамыққан.
Пейіште болып орының,
Топырағың болсын мамықтан.
О-о-ой,қу жалған!
Диана:Керемет. Ендігі көңіл айтып келер адамдарды жинау ғана қалды. Тоқта. ( Сықылықтап күледі)Тоқта. Бірақ...
Самита: Не бірақ? Не күлкі?
Диана: Расында да тума талант, артист екенсің. Бәрі дұрыс делік. Бірақ үлкен бір қателігің бар.(Тағы күледі)
Самита: Сыншылым-ай. Қай жерінен мін таба қалдың?
Диана: Болашақ қайын атаңның аты Тышқанбай емес. Арыстай азаматты түймедей інге тығып, тым сүмірейтіп жібердің. Оның аты-Қасқырбай! (Саусағын жоғары көтереді) Көкжалдың тұқымы! Сен болсаң жорғалатып, інге кіргізіп жібердің. (екеуі қатар күледі, Диана: саусағын безеп,) Тышқаншылатқаның болмады.
Самита Қап! Өткенде Семейде бір ақсақал қайтыс болып, жоқтау айтып үлкен бір қаланы шулатып едім. Аты-Тышқанбай. Соған арналған жоқтау еді... Өзім шығарған дүние. Жарайды. Қасқырдың да бір жөнін табамыз. (Осы кезде ұялы телефон шырылдайды Сөйлеп тұрған Самита байқамайды.)
«Қасқырбаймын,пысқырмаймын, мен неге төске ұрмаймын!» (Қолын сермелеп ұйқас іздеп тұрады. Бір уақытта кілт тоқтап,көзі атыздай болып,)
Самита: Тоқта, тоқта! Мен желпініп кеткенім ғой деймін.Естідің бе бе, Естідің бе, бір телефон шылдырлады?
Диана: Жоқ.
Самита: (Көзі одан сайын шарасынан шыға жаздап) Неге естімейсің? Мен естідім.
Диана: Естідім.
Самита: Дыбыс тура ана жатқан адамның қасынан шығады? (Телефонның дыбысы шыққан тұсқа қарап Самита Диананы қолын қаттырақ қысып алған күйі ақырын алға жылжиды) Әні,әні, шырылдаған пәле өліктің көрпесінің астында.
Диана: (шошынғандай ежірейіп)Тек әрі. Өлігі несі?
Самита: Біздің жүрегіміз ұшып тұрғанда енді оның өлмеске несі қалды.(Екеуі бір-біріне жабысқан күйі дыбыс шыққан тұсқа жақындайды. Сол кезде Қасқырбай бір қолын көтеріп әкеліп телефон жатқан тұсты баса қояды. Екі қыз қосарлана айқайлап сыртқа беттейді. Осы кезді аңдыған Ақтоты шкафты ашып сумкасын алмақ болады. Шкафтың есігінің сықырлап ашылғанын байқан қалған Самита)
Самита: Құрыдық, құрыдық!
Диана:Неге құрыдық?
Самита:(Саусағын шкаф жаққа шошайтып,) Әні,әні, шкафтың есігі ашылып, қайта жабылды. Жын, жын! Өлетін адам ұзақ жатып алған үйді жын жайлап алған.(Екеу құшақтасып «Апа, апа» деп айқайлап тұрғанда Камила келеді. Жүрісінен тәрбиеге, басқаруға бейімділігі байқалып тұрады. Екеуіне жауынгерлерін сынаған командирше қарап өтеді)
Камила: Екеуің шайтан көргендей неге шошып тұрсыңдар? Шал өліп қалды ма?
Диана: Жоқ. Жо-жоқ!
Камила: Ендеше неден қатты шошындыңдар? Мектептің оқушылары секілді неменеге үрпиісіп тұрсыңдар? Ақсақалдың жатысы мынау. Самита менің білуімше сен медик емессің бе?
Самита: Иә.
Камила: Иә болса мәселе неге шешілмейді? Қашан не бүк, не ішік болады? Бұл не серейген жатыс? Шалдарың кете ме, жоқ па?
Диана: Қайда?
Камила: Қайда, қайда? Дәрігерлер емдемейтін болып, үйге әкеліп тастаған адам енді қайда барушы еді...
Самита: (Екеуі қолын жайып,) Енді ол...Біздің қолымызда емес...
Камила: (Самитаның қасына қатырақ келіп бүйірінен шымшып алады. Ол шар етіп ыршып түседі.) Солай ма? Байқаймын, енді ол біздің қолымызда емес, тағдыр нәсіп етсе, аруақтар қолдаса, періштелер жебесе деп қол қусырып отыра бересіңдер ғой. Ал енді болашақ күйеулерің не тындырып жүр? (Екеуі үндемейді) Неге үндемейсіңдер?
Диана: Деу керек пе, командир жолдас?
Камила: Әрине, деу керек. Әрине мен командирмін. Мәселен жігіттердің «Қарияны шетелге алып барып емдетеміз. Мен жеке ұшаққа тапсырыс бердім. Өзім бірге ұшамын»- дегендерін естімей жүрген жоқ шығарсыңдар?
Диана:Естідік.
Самита: Білеміз.
Камила: Өй, бүйтіп білгендерің құрысын. Бір-бірімен іштей таласып: күні санаулы шалды бірі мұхиттың арғы жағына, бірі Жапон жеріне қайтсе де бірінші болып алып кетемін деп жүргенін білсеңдер де бір қарсылық білдірмейсіңдер.
Диана:Неге қарсы боламыз?
Самита:Қарсы болып кімге не дейміз? Ол енді...
Камила:(Жүгіріп барып столды нығырлай тоқылдатып, кекетіп) Ол енді, ол енді!..Біріңнің сөзіңді бірің құптап жұптасып алыпсыңдар ғой. Сендердің жағдайларың белгілі болды... Жұптасып жұрттың аузында жүрген әңгімеден әрі асқан жоқ екенсіңдер. Так,Диана, сендер болашақ күйеуің екеуің ортаншысыңдар ғой. Балалары шалажансар шалды «анда алып барамыз, мында алып барамыз»- деп таласып жүргенде аталарың өмірден өтіп кетсе қалай болмақ? Қария олай-бұлай болып кетсе не істемекпіз, мәйітті қайда алып барамыз дегенді ойлағандарың бар ма?
Диана: ( Шошынып) Зәремді ұшырдың ғой, ойға келместі айтып, жүректі қозғап...
Камила: Неден шоши қалдың? Тіпті қоянжүрек екенсіңдер,өзі.
Самита: Бір түрлі қорқынышты әңгіме.
Камила:Бұл жайды мүлде ойға алмағандай өтірік шошынбашы. Бәріміздің де не күтіп жүргеніміз белгілі ғой. Бұл жайды осы жерден шықпай күтіп жүрген екеуің шығарсыңдар.
Самита,Диана: (Қосарланып) Астағыпыралла!
Камила: Астағыпыралла,Аллаәкбарды молла келгенде айтарсыңдар. Сендерге жұмбақтамай тура айтпаса болмайды екен.(Диананың көзін шұқып алардай екі саусағын безеп) Көздеріңді шұқып айту керек екен.Біз шұғыл түрде дайындыққа кірісуіміз керек. Жаман айтпай жақсы жоқ дегендей алдымен жамандыққа әзір болайық. Анау болашақ күйеулеріңе айтыңдар, мал-Самита сендерден. Так енді дастарханның жем-шайын Диананың болашқ байының көтерер жайы бар. Ал менікі,менікі-шапан, жағалы киім,орамал,қонақтарды қарсы алу, шығарып салу. Бұл да аз шаруа емес. Ақша да аз кетпейді. Мені командир,генерал десеңдер сендерге бұйрық сол. (Екеуіне сынай қарап қалады)
Самита:(кекетіп) Генерал асықпаңыз. Қулықтарыңызды тоқтата тұрыңыз. Байқаймын жеңіл жағын өздерің ала қоймақсыңдар,ә. Білгілерің келсе, білгілерің келсе. Бізде бар ғой, бізде бар ғой, бізде мал жоқ.
Диана: Қалай?
Самита: Біз қолымыздағы малдың бәрін сатып жібергеміз. Қазір терімен ғана айналысамыз.
Камила:(Кекетіп)Тақыр теріге қарап қалған екенсіңдер ғой. Қап бейшаралар-ай, ә.(Самитаға төніп келіп...) Жуастан жуан шығады деген осы. Қарашы, майысып жүріп мәселе нақтыға келгенде жыландай жылыстап тайқып шығып жатқанын. Мал болмаса ақшаларың бар. Арланның есебіне қарағанда жан-жақтан кем дегенде мыңнан астам адам жиналады. Кем дегенде бес жылқы керек. Үші, жетісі, қырқы бар дегендей...
Самита: Қалай дөңгелетсеңдер де шыны сол. Бізде мал жоқ. Мал жоқ кезде Бөлтірікке мал табу керек деп қалай айтамын?
Камила: Айтасың!
Самита: Айта алмаймын. Ақша сұрауға да ұяламын.
Диана:Бет моншағы үзіліп тұрған жас қыздай сызылады ғой. Екі ай бойы қымбат-қымбат дәрілер алып, қызу сауда жасап, зыр жүгіріп жүрсің. Ол ақша қайдан келген? Басқаны қойып алдымен соны айтшы бізге.Есепсіз дүние деп ойладың ғой.
Самита: Менде артық ақша жоқ.
Диана:Әй,ақымақ.Кімді келеке еткің келеді.Жағдайдың қандай екенін түсінбейтін қуыршақ ойнайтын жас қыз емессің,Камила апай, бұлтаңды көбейте берсе, мынаны мықтап қысымға алу керек.
Камила: Кәні сумкасын көрейік. Самита қол сумкаңды көрсетші. Кешелі-бергі қатты жүгірісіңнен қалған долларларың әлі орам-орам болып жатқан шығар. Кәні, Диана, мына қу қыздың алдын ора! (Екеуі ақырын жақындай түседі)
Самита: (Шегіншектеп) Жо-жоқ. Болмайды. Аулақ жүріңдер! Есебін өзім беремін.
Диана: «Аулақ жүр» дегенді көрсетейік қалай боларын. Кәні сумканы өзің бер! Болмаса күш қолданамыз. Бұған салсаң сыпылдатып жүріп, бәрін үйіне тасып жатқан шығар.
Камила: Диана, ендігі мәселе былай: Қарсылықты көрдің. Демек сумканы шыңғыртып тұрып қолынан тартып алу керек.
Самита:Бұл қарақшылық. Зорлық. Қылмыстық кодекс бойынша сотталасыңдар. Статясы,статясы... Жатқа білуші ем... (Саусағын безеп) Қысқаша айтқанда, түрме.( Саусақтарын айқастырып түрменің терезесін көрсетеді) Тоқтаңдар деймін! ( Шегіншектеп) Маған жақындамаңдар. Бұларың зорлық. Құтқарыңдар! (Орындықтың үстінде жатқан сумкасын ала қашады. Қыздар столды айналдыра қуып ұстаймыз деп әлек. Олар өзіне жақындағын сайын Самита шыңғырады. Осы кезде телефон шырылдайды.Бәрі тоқтай қалады)
Самита: Әні! Әні, көрпенің астында шырылдап жатыр. Анау өлген адамның қолы астында...(Ақырын барып көрпенің шетін серпіп қалады) Ой, құтқарыңдар!(Бәрі шуылдасып сыртқа беттейді де сол тізбегімен қайта оралады. Көрпенің астында, ауырған адамның дәл қасында әйелдің сумкасын көреді.)
Камила: (Батылы жетіп сумканы көтеріп алып) Мынау кімдікі?
Диана. Менікі емес.
Самита: Менікі де емес. Бөтен! Айттым ғой бұл үйде бір жын бар деп.
Самита: (Көзін жұмып алған. Тесірейе қараған Камлаға қарай да алмай,) Менікі емес дедім ғой. Бұл,бұл... Динанікі.
Диана: Ох,алдамшы, өтірікші... Қара жала жауып тұрғанын. Мен мұндай мамбетская сумка ұстамаймын.
Камила: (Сумканы ұстап тұрғанда тағы да телефон шар ете қалады. Камила қалай жүгіріп кеткенін өзі де білмей қалады. Бірақ сумканы босатпай жыландай ирелеңдетіп, сілкілеп жүр) Қазір анықтаймыз. Қазір...(Сумканың ішінен телефонды алып)
Алло, бұл кім?.. «Бұл кім?» деймін. Сұрасам жөнді жауап бермейді. Жап-жақсы қазақшасы таусылғандай «А-кто-ты?, А-кто-ты?» деп қоймайды. Мен де ондай қулықты білемін ғой. Атымды айтпай қойдым.Не деген қырсық адам өзі?
Ақтоты: А кто ты деп орысшалап тұрған жоқ. Қазақша менің әп-әдемі атым – Ақтоты. Ақтоты мен! (Шкафтан шығып ұйып қалған аяғын жаза алмай ақсаңдап келе жатады. Екі қыз алды-артына қарамай сыртқа қаша жөнеледі. Ортада Камила қаққан қазықтай қалшиып тұр. Дереу жүгіріп барып, бір қолына суын сорғалатып графинді алып алған.)
Камила: Қозғалмаңыз. Қазір графинмен басыңызды жарамын.
Ақтоты: Сабыр. Сабыр. Бұларың қалай үйге келген қонаққа графинді ала жүгіріп.
Камила:Қандай қонақ, адам өлейін деп жатқанда?
Ақтоты:(сасқалақтаңқырап) Мен, мен жай қонақ емес, Қасекеңнің сыныптасымын.
Камила: Сыныптасы несі? Жан тапсырайын деп жатқан адамның сыныптасы бола ма екен? Сен кемпір не сандырақтап тұрсың? Әй, қайдасыңдар қорқақ қояндар. Мынаны ұстаңдар. Үйге жасырын кірген ұры ғой бұл.(Екі қыз жүгіріп келіп ұстамақ болады. Ақтоты қолын сермелеп қашады)
Самита:Ақсаңдап шығып еді,желаяқ болып етті ғой. Спортсмен шығар.
Диана:Ұры емес шығар? Шкаф түгілі бір орындықты көтере алмайды.
Камила: Не сандырақтап жүрсіңдер. Ұры. Шкафты емес, шкафтың ішіндегіні ұрлайды.(Столды айналып қуған болып жүрген қыздардан озыңқырап Ақтотыға жақындайды) Міне, мұндай желаяқ ұрыны былай ұстайды. (Есікке қарай ұмтылып бара жатқан Ақтотыны аяғынан шалып қалады. Ол сүрініп кетеді) Қолын байлаңдар.
Диана:Байлаймыз, байлаймыз. (Ақтотының қолын артына қайырады) Бірақ немен байлаймыз?
Камила: Жіппен.
Самита:Жіппен. Жіпті қайдан аламыз?..
Диана: (Безектеп) Жіп керек. Жіп!
Самита:Е,таптым,таптым гаражда мал соятын арқан бар.Кеше машинаға мініп жатып көргенмін.
Диана: Қырағы екенсің.Әй, мынау кемпір саған соятын соғым емес қой.
Камила: Бізге бәрібір. Гаражға сүйреп алып барып, байлап тастайық. Сосын поилиция шақырамыз.(Қыздардың үшеуі жабылып сүйремек болып жатқанда Қасқырбай орнынан тұрып кетеді)
Қасқырбай: Тоқтаңдар түге! (Үш қыз Қасқырбайдың тұрып кеткенін көріп шошынып, айқайлап қашып бір бұрышқа тығылады.Бәрі не дерін білмей аңтарылып тұр. Ақтоты бос қалғанын пайдаланып Қасқырбайға қарай қашады) Бұларың не? Үйге келген қонақты қойша домалатып... Иә. (Әрі қарай не дерін білмей біраз қипақтап тұрып) Таныстырып жіберейін. Маған келіп тығылған Ақтоты. Ал мыналар болашақ келіндерім. Былай енді... Оқыс жағдай болып қалды. Бірден ұқпай жатқандарың.
Камила: ( Батылданып Қасқырбайдың қасына барады) Рахмет, таныстық. Ал енді бәріміз сол ұқпай жатқан мәселеге оралайық. Алдымен, қалай қас қағым сәтте сауығып, тез орныңыздан тұрып кеттіңіз?
Қасқырбай: Оған не десем екен? Өздерің көріп тұрсыңдар ғой енді. Денім сау секілді. Орнымнан тұруға қуатым жететінін біле тұрып жата беремін бе?
Камила: Дұрыс.Тұрғаныңызға,есіңізді жиғаныңызға қуаныштымыз. Бірақ, мына кісі екеуіңіз оңашада не істеп жүрсіздер?
Қасқырбай: Бұл кісі қонақ.
Диана: ( Осы кезде Диана тықылдата басып келіп) Қайдағы қонақ біреу өлейін деп жатқанда?
Қасқырбай: Жарайды. Қонақ емес. Көңілімді сұрап келген адам.
Самита: Жарайды деп сырғақтатпаңыз. Жарамайды. Көңіл сұрағыш болса не ғып ұрланып келеді?
Қасқырбай: Апыр-ай сұрақтарың көбейіп кетті ғой. Ақтоты менің сыныптасым.
Диана: Сыныптасыңыз жақсы екен, ата. Алдымен ешкімге білдіртпей үйге кіреді,одан кейін шкафқа тығылады. Бұл кісі сонда қараңғы жерге жасырынатын тышқан ба? Әлден тығылмақ ойнағысы келген бірінші сыныптың оқушысы ма? (Қыздар мысқылдап күледі)
Камила: Иә, бұл қалай? Осының бәрін алдын-ала ойластырып қойғансыздар ғой. Екеуіңіз бірлесіп, жоспарлап...
Қасқырбай (Желкесін қасып,) Қайдағы жоспар? Мен есімді толық жиғанымды біле алмаған соң тығыла тұрайық деп..
Диана: Ата,есіңізді жартылай жиғаныңызды түсінбедік. Әуелі жартылай, содан соң толық жинау деген қайдан шыққан? Ондай да бола екен-ау.
Камила: (кекетіп)Естен танып, өлімнің алдында жатпағасың білмейсіңдер. Өлмей қалған адамнан бәрін күтуге болады екен. Ал енді тығыла тұрайық дегендеріңіз не айтып тұрған? Бұл үй сыныптасыңызбен тығылмақ ойнайтын жер емес қой.
Самита: Бұл үй сыныптастар тығылмақ ойнайтын мектеп емес.
Қасқырбай:Апыр-ай тергеуші секілді сұрақтарыңмен сорпа ішкендей терлеттіңдер-ау (Орамал алып маңдайын сүртеді. Ақтоты да Қасқырбайдың қасында не істерін білмей біресе отырады, біресе тұрады) Ақтоты менің сыныптасым дедім ғой енді. Оның бұл жерге қалай келгенін тәптіштеп баяндасам, ұзақ әңгіме.
Камила: Келетін уақытты жақсы-ақ таңдаған екен. Сіз тілге келмей жүріп кетсеңіз не болды. Үйді тонап алып кете бере ме?
Диана: Рас-ау. ( Батылданып Ақтотының қасына тықылдап барып, сынай қарайды)
Самита: Жарайды, ата, сыныптасыңыз десеңіз сыныптасыңыз болар. Біз сізді сыйлайтындығымызға, есіңізді жиғаныңызға қуанышты екенімізге күмәніңіз жоқ шығар. Бәрі қуанышқа жазсын. Ал енді мына апай туралы мәселені анықтау да қиынға соқпас деп ойлаймыз. Қазір балаларыңыздың бірі келіп қалар. Ақтоты апаларының кім екенін солар-ақ айтады ғой.
Қасқырбай: Өкінішке орай балалар бұл апайларың жайлы білмейді. Біздің ауылда мектеп бітіргенімізге қанша жыл өтті. Ол кезде сендер де, біздің балалар да дүниеге келген жоқсыңдар.
Ақтоты: Және де біз Қасқырбай аталарыңмен орталау мектепте ғана оқып, сегізіншы сыныпты ғана бірге бітірдік. Ал қазір...
Самита: Ал қазір...
Диана: Ал қазір... Любовница! Қазақша ойнасы болдыңыз ғой.
Самита: Ойнас деп қатты айтпай-ақ қоялық. Басқаша айтқанда ашына!
Камила: Турасынан Любовница десеңдерші. Бұл жерде дәл осы орысшаны білмейтін адам жоқ шығар.
Ақтоты: Ой қыздай-ай, сендерге не десем екен? Прокурордан жаман қыспаққа алдыңдар ғой.
Камила: Сіз тыныш тұрыңыз. Сізбен мүлде әңгіме басқа. Егер бұл үйдің балалары да білмейтін болса, заңды түрде құжатыңызды көрсетіңіз.
Ақтоты: Қасқырбай хал үстінде дегенді естіп,есім шығып үйде құжаттарымды да ұмытып кетіппін.
Диана: Солай деңіз. (мысқылдап) Көңілдестерге құжаттың қажеті жоқ.
Самита: Махаббат қартаймайды.(Қыздардың бәрі кекетіп күледі)
Камила: Ата бізді болашақ келіндерім деп есептейсіз ғой. Бізді бөтен демейсіз.
Қасқырбай: Әрине.
Камила: Әрине болса мына кісінің кім екенін, қайдан келгенін білгіміз келеді. Не балалар танымайды екен. Құжаты да жоқ. Мүмкін бұл кісіні білетін көршілеріңіз бар шығар. Айтыңыз. Біз шақырып келейік.
Қасқырбай: Бұл маңда Ақтотыны білетін адам жоқ. Бұл өзі қалаға сирек келетін адам.
Диана: Дальная любовница. Алыстағы ашына
Ақтоты:Апырай, ыстық моншасыз терлеттіңдер-ау. Махаббат деген болмаушы ма еді...
Камила: Какой махаббат? Байқадыңыз ба...Сіз ендігі монша жайын ойлап тұрған секілдісіз. Қазір осылай. Бәрі тез. Бәрі заманына сай. (Саусағын ойнатып,) Бұл жерде ақша,валюта,мани-мани...
Самита: Ата кешіріңіз. Істің анықталуының орнына белгісіз жай көбейіп кетті. Сондықтан қыздардың күмәні дұрыс. Бұл кісі тосыннан келген ұры. Сіз болсаңыз әлі есіңізді дұрыс жинай алмай шатасып тұрсыз.
Қасқырбай: Қой балам. Ұры дегенің не? Масқара ғой.
Самита,Диана,Камила:(Қатарласып) Ол кім сонда?
Қасқырбай: Енді қалай дәлелдесем екен? Сыныптасым дедім ғой.Бұрынғыша айтқанда-кластас. Міне, мен –шал. Ол -кемпір.Дегенмен біз де жас болғанбыз. Жас кезімізде біз де оқыдық. Сыныптас болдық, енді қартайдық.
Ақтоты:Мен таптым, таптым. Оның амалы былай... Балалардың басын қатырмайық. Қасқырбай, қазір жынды сыныптасың Сатанға телефон соғамын. ( Тездетіп сумкасындағы ұялы телефонын қолына алып, нөмір тере бастайды) Бәрі түсінікті болады.
Диана: Кімге телефон шалып жатырсыз?
Ақтоты: Ауылдағы сыныптасымызға. Ауылдың шал-кемпірлерінде ұялы телефон жоқ деп пе едіңдер. Керек десеңдер телефонның дауысын қаттырақ қоямын. Бәріміз бірге тыңдалық.( Телефон қосылады. Бәрі таңданып тыңдап қалады.) Алло,Сатан,мен Ақтотымын ғой.
Телефондағы дауыс: Ә, Ақтоты. Қасқырбайға жеттің бе? Қалай нақсүйерің ендігі тұяқ серпуден қалған шығар. Жоқтау айтып, сарнап отырған шығарсың ендігі?
Ақтоты: Қалжыңыңды қойып, дұрыстап сөйлесеңші.
Телефондағы дауыс: Не болып қалды? Телефоннан болса да бақыл болсын, алдынан жарылқасын деймін де... Сен жеткенше ақ кебінін де киіп үлгерген шығар?
Ақтоты:Қасқырбай өлген жоқ.Жағдайы реттеліп келеді.
Телефондағы дауыс:Не дейт!Өлмесе сайтан болып кеткен ғой. Тірі де...Бәсе, даусыңнан реніш байқалмап еді.
Ақтоты: Сатан, сен мынаған қысқаша ғана жауап берші. Үшеуміз бір сыныпта оқыдық қой.
Телефондағы дауыс: Анау антұрған есін жинап алғасын сені мойындамай,саған үйленбеймін деп жатыр ма? Біз сыныптас болғанда қандай. Анау қиқалаңдаса айт. Мен барып жынын қағып келемін. Менің сен дегенде жүрегімнің жартысы дайын екенін ұмытпа.
Ақтоты: Жарайды, жақсы. Қалғанын кездескенде айтармын.
Телефондағы дауыс: Ақтоты тоқта.Тоқта, бір айтарымды ұмытып кете жаздадым ғой... Менің Қасқырбай өлсе деп, жаназасына бір қара қой атағанымды ұмытпаған шығарсын. Өзі семіз. Ал малы көп, бай адамдар сараң келеді. Аман қалдым деген қуаныштан есі шығып менің қойымды сойып тастамасын. Аман қалған екен кәрі бойдақ. Енді қойды бірге жейміз дегенді айт.Менде есепсіз шаша беретін мал жоқ.
Ақтоты: Жарайды айтамын, айтамын.
Телефондағы дауыс: Әй, хас сұлу. Сен қайтсе де тұрмысқа шығып қайт. Қасқырбайды қанжығаңа байласаң, жан-жағыңды жайпаған бай бәйбішенің бірі боласың.
Ақтоты: Жарайды, сау бол. Телефонды сөндірем... ( Үлкен бір іс тындырғандай «уһ» деп дем алады) Қалай қыздарым? Ең бастысы бұл әңгімеден кейін менің аталарыңның сыныптасы екеніме көздерің жетті ме?
Қасқырбай:(Тығырықтын шығар жол табылғандай қуанып, Ақтотыны барып құшақтап) Біз сыныптас болғанда ерекше сыйлас болғанбыз.
Камила: Оны түсіндік ата. Бірақ, байқамай тұрғаным жоқ. Бәріміз де сауатты адамбыз. Телефондағы әңгімеден бір мысық саясаттың ұшы шығып тұрғанын да білдік.
Ақтоты:Қандай саясат?
Қамила:Білмең қалғанын қараңыздар.
Диана: Бәсе деймін-ау.
Самита: Атамызға сыныптасы ертеден айналдырып,арқанды ұзыннан тастаған секілді. Ауылдағы сыныптастарыңыз да тез үйленіп қайт деп жатыр.
Камила: Сонда сыныптасыңыздың, мына апайдың жолдасы, дәлірек айтқанда күйеуі жоқ қой, ата?
Қасқырбай: Жоқ. Отағасы тым ертеде тракторы аударылып қайтыс болған.
Самита:Қап! Өкінішті-ақ. Трактор деген де аунамайтын кезде аунаған екен. Қазір ол кісі ортамыздағы орденді механизатордың бірі болар еді.( Қыздар мысқылдап күледі)
Ақтоты: Қыздар,әзілді мен де жақсы көремін. Бірақ қайтқан адамды кекетіп, ойнамаңдар енді...
Диана: ( Ойнақы кейіппен) Апай, бір байқалатыны қасыңызда бойдақ сыныптастарыңыз үнемі төңіректеп жүреді екен. Жаңағы телефондағының да дәмесі жоқ емес секілді. (Бәрі күледі) Бірақ, сөзіне қарағанда тұрақсыздау ма, қалай?
Ақтоты: Бірақ Қасқырбай сыныптасым тұрақты.
Камила: Тұрақты болса тұрақты шығар. Бүгін өліп қалса үміткер апайымыз жер сипап қалушы еді.
Қасқырбай:( Даусын көтеріңкіреп,) Аманмын. Шүкіршілік. Ал енді мен расында да өмір бойы айтқан сөзімнен қайтпаған адаммын.
Самита: Атамыз есін жинады. Қуанышта әзіл сөкет болмас. Көкейіңіздегі терең ойдың төркінін білдік. Көңілдеріңіз жақын екен. Ал сонда атамыз ойыңызды құп алса не дер едіңіз?
Камила: Айтыңыз. Ұялмаңыз. (Күледі)
Қасқырбай: Бүгінгі заманның келіндері осындай ашық келеді.
Диана: Ашық деген соң бір ашып айтар тұс:Атамыз балары үшін тірнектеп біраз дүние жинаған. Оны балаларына бөліп беремін деп отыр.
Самита: Сол дүниенің,бар ақшаның тарыдай шашылып кетпесін біз де қалаймыз.
Камила: Нақтырақ айтқанда былай,атамыздың сіз жаққа көңілі ауса, тиынсыз тегін ақсақал болып шыға келуі мүмкін. Бар байлығын балаларына бөліп беретінін естідіңіз. Атамыздың айтқанынан қайтпайтынын білесіз. Ол жағын ойладыңыз ба?
Қасқырбай: Қойыңдар енді апаларыңды тығырыққа тірей бермей.
Ақтоты: Тығырыққа тірелетін мен емес. Кәні аталарың ұсыныс жасап көрсін. (Жымиып қыздардың ортасына келеді)
Самита:(Қуланып) Атамызды мүлде тегін шал деп ойламаңыз. Атамыз үріп ішіп, шайқап төгіп үйренген адам. Асырай алар ма екенсіз?
Ақтоты: Асыраймын. Таңертең ұйқысынан тұрғанда алдында буы бұрқырап шайы тұрады.
Камила: Түсте ше?
Ақтоты: Түсте сүтін қоюлап құйып,суып қалмас үшін қайта-қайта демдеп асықпай отырып, терлеп-тепшіп шайымызды ішеміз.
Диана: Ал кешке ше?
Ақтоты: Далада серуендеп келгеннен кейін, телевизор алдына сериал көруге отырамыз. Түрік сериалдары көп қой. Аталарың киносын қызықтап отырып кішкене күміс қасықпен сылдырлатып қойып шайын сораптайды.
Камила: Таңертең шай,түсте шай, кешке шай.Апамыз ертегідегі сараң Шық бермес Шығайбайдың қызы болып шықты ғой.Бұл болмайды. Атамызды үйлендіреміз деп аштан өлтіріп алар жайымыз жоқ. (Бәрі күледі)
Қасқырбай: Жас кезіміздегі ұмытылмас сезімдер үшін, жарасымды әңгіме үшін аш болуға да бармын. Шүйіркелесіп, бір-бірімізге күлімдеп қарап отырсақ болды. Тіпті шай да ішпеймін.
Самита:Ақтоты апайымыз ауылда тұрады. Сиыры, қойы бар шығар. Қайтадан мал бағып, қора тазалап кететін болдыңыз ғой.
Қасқырбай: Тіпті, Ақтоты ешкі сау десе де келісемін. Қол үйренген жұмыстан қашпаймын. Шаршап келіп төр алдында бір көсілгеннің өзі қандай рахат.
Камила:Сөзіңіз сөз бе? Айнып кетпейсіз бе, ата?
Қасқырбай: Айнымаймын! (Бәрі «О-о-о» десіп қол шапалақтайды)
Камила: Онда бұл тойды да тойлау керек қой.
Ақтоты: Тойлаймыз. Қасқырбайға иек артпай ол тойды өзім-ақ жасап беремін.
Қасқырбай: Мен о дүниеге кетіп қала жаздап едім. Шүкір ортама оралдым.Қуанышым шексіз. Ал енді удем-уәде. Үш келінімді қатар түсермін дегенмін. Қатар түсірем.Тек келіндерім уәделі болса?
Камила: Уәдеміз уәде.Тек төсекте бірнеше күн үндемей жатып біраз ыңғайсыз әңгімелерімізді естідім демесеңіз.(Ыңғайсызданып күледі)
Қасқырбай: Өлі мен тірінің арасында жатып тыңдау қайда Ештеңе естіген жоқпын. Ал енді тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Барымды бөліп беремін. Ешкімді кем қылмаймын дегенмін. Кем қылмаймын. Қалған өмір-тірліктері өздерінікі. Әрі қарай қалай өмір сүрерлеріңді балалар өздерің шешесіңдер. Ал енді...(Бәрі қарияның аузына қарап қалған)
Самита: Ал енді деп тежеліп қалдыңыз ғой.
Диана: Айтыңыз.
Камила: Айтыңыз.
Қасқырбай: Айтсам былай: Егер Ақтоты қарсы болмаса төрт тойды бір-ақ өткізсем деген ойым бар. Бізде қалада ең үлкен ресторан қайсысы? Соған заказ беріңдер. Мені « сараң, сараң» дегендер келсін. Тойды қалай жасайтынымды көрсін. Той қанша күнге созылса да дайынмын.
Ақтоты:Қарсылық деген не сөз? Біздің сөзіміз осылай шықса керек. Біз тоқтамды сөзді қастерлеген ұрпақпыз. Көкжал аталарыңыз тізгінді қайда бұрса сол жаққа бет алуға мен де дайынмын.Уәде десе уәде.
Қасқырбай ( Екі қолын сермеп,) Ап,барекелді! Ендеше менің де сөзім-сөз. Қазір балалар келсін.(Алақаын қуана уқалап қояды.) Оларға да тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін жеткіземін. Балаларымның шешесі дүниеден өткеніне қанша жыл. Үлкен той болмағалы не заман.Содан бері жеке өмірім туралы ойламай малдың соңынан шапқылай беріппін. Жарайды, ендігі бір қауіптен соң бір жақсылық басталғалы тұрған шығар.Кәні, қуанышқа бастаңдар! Ал енді барлығыныз төр бөлмеге жүріңіздер. Ең бірінші өзге дүниеге кетіп қалмағанымды атап өтейік. Айтпақшы құрдасым Сақан әкелген қара қойды сойыңдар құрмалдыққа. Құрдасымды дереу машинамен алдыру керек. Сөзі қияс болса да тілегі дұрыс құрдасыма бір жылқы атадым.( Бәрі: «О-о-о!» Бәрі қосыла қол шапалақтап... « Міне, мәрттік. Жомарт адам осылай деу керек! Үлкен дастархан жайыңдар. Шампан әкеліңдер. Жемісті молырақ қойыңдар»-деп күлкі аралас шуылдасып бара жатады. Шымылдық).