Ала қанат сауысқан
Қай қыстың да қытымыр мінезін танытпай өтері тым сирек болар. Әсіресе боранды күндері қоржын үйлі шағын ауылдарға ерекше өш.Қаңтар айының соңына қарай қыс қатты қатуланып, ерекше құтырып алды. Бар қаһарына мініп, жер бетін жыландай жалаған үскірік аязын үрлеп, ысқырып, жорғалағанның жаурынын мұздатып, қанаттылардың қауырсынына дейін қарып бөлекше мінез танытып тұр. Үш күн бойы далада жүгіріп, әуенін созған боранның да ми шаққан уілі басылар емес. Мұндайда ауылдықтар далаға сирек шығып, өңірдегі өзге тіршілік иелері інді-індерінен, бұта-бұталардан пана іздеп байыз таппаса сауысқан ғана боранға қарсы ұшып құтырынып алады. Дүлей жел қанатынан тартып, құйрығынан сүйреп жатса да жағаласып ақ түнектің ең бір ұйтқып соққан тұсына барып қонады. Өзгелер секілді ықтан пана іздеп қалбалақтап тым алысқа ұшпайды да. Жылда қыс түсе төңіректейтіні осы шағын ауыл. Ауылдын мал-жаны, өлім-жітімі көз алдында.Тұмсығына әлде не ілінер-ау, жұтқыншағынан түйілмей өтер түйір табылар-ау дегенді алыстан сезіп, асықпай күтуге әбден үйреніп алған. Міне, боранның қаңбақтай үйіргеніне қарамай ауылды аңдығанына екі-үш күн болды.
Тірлігінде саяқ қонып, саяқ секеңдеуге үйренген ала қанат таң ата тағы да ауылдың бауыр тұсындағы шатырсыз бәкене үйге жақындады. Өзгелерден бөлектеу үйден бөлектеу бір дыбыс шыға ма деп күткеніне де осы екі –үш күн дересі өтті. Мынау шуылдаған-дуылдаған боран естіртпей қойды ма деп желмен жарысқан ысқырықтан бөлек үн аулап үйдің төбесіне шығып біраз жүрді. Қора-қопсыны айналсоқтаған болып, алыстан да қарайлап қояды. Бұл күткен тірлік әлі байқала қоймады. Кейде таң ата есікті сықырлатып біреулер шығады. Бүрсеңдей жүгіріп, қораға кіріп кетеді. Бұл есікке жақындап тың тыңдағанынша қайта жүгіріп, асығыс үйге кіреді. Не артық қимыл, не артық дыбыс байқалар емес. Ал енді осы үйдегі кішкене жүгірмек шықса маза жоқ.
- Ала қанат сауысқан,
Пәле іздеген алыстан-деп әжем айтушы еді... Сумаңдаған сұмырай құс, сен неге әжемнің үйін төңіректеп шықпай қойдың? Тағы да жамандық тілеп жүрсің бе? Өз басыңа көрінсін!- деп қолына түскен тас, кесекті ала салып лақтырады. Сауысқан лып етіп ұшып, әрірек барып қонады. Анау далбалақтап қуады. Адам деген қызық. Үш жүз жыл жасап қанаты түгілі бауырын зорға көтеріп жүрген қара қарға деп пе еді мұны. Үркіткен, қуғанға көне қояр ма. Бұл сым тартылған бағананың басына барып отырып алды. Лақтырғанын жеткізе алмаған бойынан малақайы үлкен талтаңбай бағананы айналып жүріп, тағы бірдеңелерді айқайлап, айқайлап жайына кетен. Оның қайта айналып келетінін білетін құс боранға қауырсын-қанаттарын желбіреткен күйі биікте отырды да қойды. Міне,тағы айналып келген бала бағананың басында отырған құсқа шалқая қарап тағы да кіжініп-кіжініп шіңкілдей бастады.Ананың не деп айқайлап жүргенін сөзбе-сөз ұқпаса да ғасырға жуық жылдардың басын қайырған әккі құс өз дегенінің көп ұзамай-ақ боларын тап басып сезіп жүр. Қайта-қайта кесек лақтырып анау баланың неге ашуланып, неге мазасызданғанын алақанат әлдеқашан аңғарған. Мұрнының ұшына дейін басыла киілген малақайдың астынан шыққан бала даусы тым ашшы. Және сол бір ызалы сөздердің өзіне арналғанын білген құс бағананың басына тырнағымен жабыса түседі. Анау бала сол ашшы айқайымен құсты үркітіп ұшырып жіберер ойы да бар-ау сірә.Бар күшіне салып жұлмалап жатқан боранның өзі жабысқан тұсынан қозғай алмай жатқанда тәпелтек баланың қаһары қауырсынын желпуге жетер ме. Дегенмен өз ғұмырында талай жылдарды борандатып өткерген алақанат осы баладан бір қауып күткендей секемдене қарайды.Оның төменде қарды бұрқыратып олай-бұлай жүргенінен бір пәле күткендей-ақ әр қимылын қалт жібермей жіті қарайды.Бұл әккіліктің артында үрей де барын байқағандай талпанбай да еміс-еміс айқайлап қойып, бағананы біраз уақыт айналып жүрді. Қораға кіріп кетіп оратылған арқан алып шықты. «Мұнымен не істемек?» - дегендей сауысқан төменгі жаққа мойнын қисайта қарады.
-Қара,қара. Қазір боранның екпінімен мына бұғауды биікке қарай лақтырамын. Сонда сен арқанның мойныңнан қалай іліп түскенін байқамай да қаласың. Мұндайда қарға мазақтағандай бір қарқ ете түсуші еді. Мына патшағарда үн жоқ. Кішкене көзі жылтырап «ал не істейсің?» дегендей тесіле қарайды. Қара,қара. Ал ендеше,-деп бала арқанды құлаштай лақтырды. Арқан бөрененің орта шеніне дейін жетіп төмен қара қайта жиырылып түсті. Сауысқан қанатын да көтерген жоқ.Сол жинақы күйінде отыра берді.
- Тіпті міз бақпайды. Шыда,шыда. Мен де бір амалын ойлап табармын. Осылай бала биікке арқан лақтыруын әлденеше рет қайталады. Мұрнына ілінген малақайын көтеріп маңдайын сүртті. Әккі құс ол қимылын да қалт жіберген жоқ. Баланың арқанды лақтыра-лақтыра терге малшынғанын да аңғарды. Баланың бұл қимылдарын көзіне де ілмегендей тұмсығын бөренеге үйкелеп өз тірлігіне көшіп, тазаланған болады.
-Бір жемтіктің уақыты жақын қалды деп отырсың ғой. Қазір саған жемтік емес тас жұтқызармын. Ашуланған баланың қимылы да рабайсыз қорбаңдап кеткендей. Амалы таусылғандай арқанын жинап қораға қайта алып кетті. Сол екпіндеген күйімен үйге кіріп кеткен.
Бір уақытта басын малақай басқан бала денелі ересек адамды жетелеп шықты. Ересектің қолында мылтығы бар. Талайды жасаған құс мылтықтың не екенін жақсы біледі. Оны біреу көзіне жақындатып, жағына таяған күйі қапсыра қысып алып, ұзын мойнын сен жаққа кезесе қанатыңның бар ұшқырлығына салып тұмсық тартқан жаққа қарай тез жоғалуың керек. Болмаса, мылтық тарс ете қалады да ненің теуіп түсіргенін аңдап үлгермей,жерге топ ете қаласың. Жүз жасаса да шөкімдей ми жоқ қарғалардың осындай жағдайға талай тап болғандары көз алдында өткен оқиғалар. Күзде жапырағынан айрылып сидамданып қалған ағаштардың басында отырып мұндай ессіздіктің талайын байқаған еді. Айналаны шуылдатып есепсіз қарқылдап бей-берекет ұша жөнелетін қарғалардың тым биікке көтеріле алмасын білетіндердің таспен ататыны да тосын жай емес. Мылтық түгілі бұзық балалар кесекпен қағып түскенше мүлгіп отыратын қара қанат ақымақтар қатты зат тигенде есін білмей қанатын жая құлағанын бақылайтын да қоятын.«Жалпы мылтықты адамдар бостан-босқа алып шықпайды. Міндетті түрде бір себебі болады. Қарға ататын күн емес. Үскірік аязда ол қанатты қара қалбақайлар орманның қалың ағаштарын паналайды. Жалғыз-жарым ұшпайды. Тапал үйдің иті түні бойы ұлып шығып еді. Мына мылтықтың қанды мойынын соған қарай кезенер ме екен» -деп ойлады ма, әйтеуір әккі құс жерде, төменде талтайып-талтайып тұрғандардың әрбір қимылын қалт жібермей тағы да аңдай қарады. Түні бойы шәуілдеп мазасын алған итіне ашуланған алакөз жындылардың үйшікке жақын байланған сорлыны қаңқ еткізіп атып тастағанын талай көрген. Ондай кеңкелестердің қимылын білетін құс түтіндеген мұржаның тасасына ұшып барып, алыстан барлай қарады.
- Әні, әні мұржаның тасасында отыр! Күні бойы аңдысып, кесекпен қуалаған бала тура қолымен атып алардай сұқ саусағын мылтықтай безеп, сауысқанды көрсетеді. Мылтық гүрс етті. Ала құс алжасқандай қанатын қай жаққа қарай сермерін білмей абдырап, әйтеуір қалың қарды сабалап өткенін біледі.
-Тиді, тиді!
- Жоқ тимеді. Жұдырықтай бойына жарты әлемнің жамандығын сидырған бұл пәле оңайлықпен алдыра қоя ма.Қанатын шапшаң сермеп үй төбесіне қарай көтерілген.
Осы кезде боранның уілімен жарысып, үйден сыңсыған дауыстар естілді. Мылтығын қайта оқтаған ересек те, бала да тым-тырыс, қимылсыз тұрып қалды. Сауысқанның да бәкене үйді айналсоқтап, күтіп жүргені де осы еді. «Қош, әжетайым!» деген дауысқа дауыстар қосылып үдей түскен шуды асықпай күткен алақанат бір рақаттанып жақынырақтан естиін дегендей секеңдеп үйдің ашылған есігіне қарай бір-екі адым жақындай түсті.
- Мылтықты берші, көке!
- Қой, қолыңа ұстап көрген жоқсың ғой,-дейді не үйге қарай жүгірерін, не баласына басу айтарын білмей тежелген ересек.
- Берші, көке!-деп бала мылтықты тартып алғандай болды. Қаруды қолына ала салып кәнігі мергендей құсты нысанаға алды. «Өй, мына жалпақпас қайтеді-ей» - деп сауысқан есін жинап та үлгерген жоқ. Мылтық гүрс етті. Ала қанат құс мұз қатқан тас кесектей құлдырап, қалың қарға шаншылып түсті.
- Әкеңнің...
Ересек пен бала дауыс көтеріп, еңіреген күйі үйге қарай жүгірді.
Соңы