АРБАСУ
Қара мысық ақылды әрі қыран болды.Білектей, білектей жыландарды маңғаздана көтеріп әкеліп,есіктің алдына созып салып қойып, масаттана қарап отырады.
Жыланнан қатты қорқатын апам оған:
– Әкет, ары әкет! –деп зекиді. Мысық жыланды басынан не құйрығынан тістеп алып сүйретіп, арырақ барады да,бырш–бырш шайнап жей бастайды.Ол неше түрлі құстарды да ұстап әкелетін. Біз:
– Бұл өзінен әлде қайда үлкен құстарды қалай ұстайды екен? –деп таңданатынбыз.
Жазғытұрым жайлауға көшіп бара жатып, үлкен өзеннің бойында екі– үш күндей ерулеп отырып қалдық.
Інім екеуміз күн ұзын төңіректі аралап, неше түрлі тастарды, шөптерді, құстар мен көбелектерді тамашалаймыз. Не бар екен– деп, өзен жағасында төңкеріліп жатқан үлкен– үлкен тастарды аударып астын қараймыз.Олардың астынан балаларын емізіп жатқан тышқан шыға келеді. Шешесі тұра қашқанда, балалары да өз әлінше тұс–тұсқа қаша жөнеледі.Қара мысық әр қайсысының артынан бір жүгіріп жүріп, бірін де ұстай алмай, мияулап қала береді.
Осындай жорықтарымыздың бірінде інім екеуміз бір үлкен тасты аударып кеп қалдық.Астынан табақтай боп, иірілген қара– шұбар жылан шыға келді.Маужыраған ол басын тез көтере қоймады.Біз оның күнге шағылысып жарқ– жұрқ еткен денесін біраз тамашалап тұрдық. Қара мысық «пыш» ете қалды. Ол жүнін құйрығының ұшына дейін үрпитіп, айбат шегіп, ұяның ар жағына бір, бер жағына бір қарғиды. Бейне бір жауды жек– пе жекке шақырған батыр іспетті.
Жылан ақырын бүлкілдеп қозғалақтап қойды да, саспай басын қылтитып бір сәт қарап трды.Ол мысықты байқады ғой деймін, дереу басын қақшыйтып қысқа– қысқа ысылдап, инедей жіп– жіңішке тілін сумаңдата мысық жаққа бұрылып бойын жаза берді. Жеңді білектей жуан денесінің астынан көгілдір жұмыртқалары көрінді.
– Қазір соғыс болады– деді інім, көзі шырақтай жанып.
– Жылан жұмыртқаларын тастап шетке шықты.Қара мысық бір қарғып барып, оның қарсы алдына тұра қалды. Оның жүндері құйырығының ұшына дейін тікенектей шаншылып, үрпиген. Мұрттары едірейіп, тістері ақсиып, көздерінен от шашып, пыш– пыш етіп, айбат шегеді.
– Тырнақтарын барынша шығарған алдыңғы сирақтарын көтеріп– көтеріп қояды. Тас мүсіндей қатып қалған екеуі көздерін бір– біріне қадап, арбаса бастады.
– Мысықтың құйрығы дір ете түскенде, жылан бүкіл денесімен оның тұмсығына қарай ұмтылды. Жарқ– жұрқ айқас басталып кетті. Мысық артқы сирақтарына тік тұрып, бар пәрменімен бір қарғып, темірдей тырнақтарымен көзін түспелдеп, шапалақпен періп, періп жібергенде, жыланның басы жерге сарт ете түсті. Мысық жыланның ар жағына қарғып түсті. Жылан тез бойын жинап, құйрығын иіріп, басын қақшаң еткізіп көтеріп алды. Тағы да арбасу басталды. Екеуінің күнге шағылысқан көздері жылтылдап, ұшқын атады. Жылан мысықтың тұмсығын көздей бар пәрменімен атылғанда, мысық оның екінші көзін шапалақпен тартып, тартып қалды. Содан соң көз ілеспейтін шапшаңдықпен жыланның басын көтеруге мұршасын келтірмей, желкесіне темірдей тырнақтарын батырып– батырып алды. Жылан басын көтере алмай жанталасты. Мысық жыланның белінен бір секіріп ар жағына түсті де, тырнақтарын барынша шағарып, оның ортан беліне батырып– батырып алды. Жылан құйрығымен ары– бері жер сабалады. Мысық пыш– пыш етіп, тағы бір секіріп жыланның құйрық жағына келді де, құйрық тұсына тырнақтарын тағыда батырып– батырып алды. Шалажансар жылан құйрығын бір– екі ирең еткізді де, созылып жата кетті.
Жүндері үрпиген қара мысықтың көздері шоқтай жанып ары– бері жүреді. Айқасты тамашалап тұрған біз, мысығымыздың ерлігіне мәз болып оны жерден көтеріп алдық. Оның денесі білінер– білінбес қалтырап тұр екен.