Адам қарады: 294 | Жарияланды: 2020-04-17 05:41:17

Бұлыңғыр Жаркент-Арасан

1 – Тарау

Өңдегі ертегі

Шексіз қазақ даласы.

Оң жақта, алыстан қарлы шыңдары жарқыраған, көркем де айбынды Алатау көрінеді. Ал мұнда – өлі ақ сортаңдар, жаланаш тас шоқылар және атаусыз тайыз өзекшелер жағалауында өскен, қамыс пен талдардан құралған көзге ілінбес көгалдар ғана. Кешікпей жайпақта жатқан жалғыз өркешті түйелер табыны тәріздес Алатаудың сілемі, сол жақтан орта ғасырлық әлем – жәлем арна қамалдары көріне бастайды.

Керуен жолы тас құздардың біріне тақап келіп жоқ болып кетеді. Бұл алдамшы көрініс, шың мәнінде ол құзды айналып өтеді де төрт жағынан қоршаған, өзінің  көркемдігімен арбайтын кішігірім таулар арасымен бұраландап әрі жүріп барады. Құлақ түре тыңдасан, жазаққа ағып түсіп жатқан Бора – Қожыр тау өзенінің күркірін естуге болады.

Хұнтайши Голден – Цэрен хан арбашысынан түсіп, торы атқа отырып шылбырын тартты. Жел деген атымен жоқ, анаңның құрсағында жатқандай қорғаулы табиғи қазаншұңқырда атпен шабу қандай ғанибет. Ал анда, алда, оны сарай маңы ақсүйектер күтуде, шатырлар тігулі, алтындалған төсекте мұның осы алыс сапарындағы басты олжасы – арғын ханшайымы Назгуль күтіп жатыр.

Міне оннан астам жылдар бойы жоңғардың қартан тартқан әміршісі алтын күздін қызған шағында, бес мыңдай ғана күзет әскерімен бұл дүниенің әлегінен тыныс алып, осы шатқалдың жемістерін жеп денсаулығын түзеу, гранит тереңінен ағып шығып жатқан ыстық суда жатып түндерде сыздап мазалайтын ескі жараларын емдеу үшін осында келуді дағды жасаған.

Қарсы алушылар алтын айдағарлар тігілген Аспан асты империясы патшасының сыйыі ақ жібек шатыр қасында жиылған жұрт атты адам көрінгенде тізе бүгіп отыра қалысты. Әріректе, үстіне мүк өскен тас үстінде, ол да мұнда ақылсыз жас шағында шығыс жекпе-жегімен айналасып жүріп, қайдағы кірпіш пен тақтайларды ұрып-теуіп зақымдаған буындарын табиғи ыстық суда жатып емдемекке келген «Барыс» детективтік агенттігінің директоры Теміров Дастан отыр.

Бұл кезде жол нұсқаушы, негізі директор Аширов Самат, өзінің «Жаркент – Арасан» атты шипажайы және оның шипалысуы жайлы өзін-өзі ұмыта қысқаша тарихи шолу жасап тұр, ал ҰҚК-ның бұрынғы полковнигі осының бәрі сол өмірде қалай болып өткенін көз алдында елестетіп отыр, жазушы ғой... Ол хұнтайшының бетін, киімін, тұлғасын, атын көріп қана қоймай, оның киімінің тігіс-бүгістерін де байқауда. Шексіз қиялға қабылеттілік жазушылардың негізгі ерекшілігі болар.

Саяхат тамамдалды, ал Дастан Темірович өз ойларымен жеке қалды. Болмысты бағалап, жан – жағына мүлдем басқа көзбен қарап отыр. Айтары жоқ, шынында да ертегілік көрініс.

Иә, ойға сыймас көрініс, мұнда сені төрт жағынан айнала қоршаған көркем таулар, үсті көкшіл аспанмен жабулы табиғи тостаған екен дерсің. Ғасырлық емендер мен қарағаштардың ұшар бастары көкке санғап тұр, ал олардың діңгектері құшақ жетпес жуандығымен таңғалдырады. Алма ағаштары, алмұрт,шабдалы, өрік ағаштарымен араласа жайқалып жұмақты еске салады. Анау алма ағашынан біздің Хау ұлкен әжеміз таным алмасын жұлмады ма екен?

Негізгі жатын корпус модерн салтына сәйкестеп қызғылт ұлутаспен манерлеген. Казарма типтес ғимарат сақталыпты, онда бір кездері аудан аралық колхозшылар емханасы болса керек.

Иә, Дастан Темірович, сен бұл демалысқа адал еңбегінмен қол жеткіздің. Айналдырған сегіз айдын аралығында «барыстармен» тең жұмыс атқара жұріп бір роман, екі повесть жазып шығардын. Бұл ойыншық емес! Әрине, роман жазу оңай түскен жоқ: қиындықтарға толы өз өміріңді жазуды былай қойғанда, бала кезден жан дос болған Вовка Татарин – Владимир Иванович Татаринцевтың өмірлеріміздің араларына параллельдер жүргізе отырып баяндау женіл болды дейсіз бе? Әрине, қиналдым.

Қазақстан халқына әзірге белгісіз ерліктерімді еске ала отырып, «Барыс» агенттігінің ұжымы қаулы етті: мекеме директоры Теміров Дастан Теміровичті жұмыстан босатып, өзі қалаған демалыс үйі немесе шипажайға емделуге жіберу.

Міне енді ол биік таулы «Жаркент – Арасан» шипажайында жайғасып, табиғаттың көзалғысыз көркіне тамашалай қарап отыр.

Қайтеміз енді, үлгілі зейнеткерге, шипажайшыға тәндік өмір сүре тұруға тура келеді: тек анда менің «барыстарым» не істеп, қалай тұрып жатыр екен? -  деген бір ой маза бермей қояды.

Дастан Темірович отырып алып ұңіндегіше олардың бет-жүздерін, көздерін, пішіндерін көз алдына келтірді, «Барыс» агенттігінің бүкіл тарихы сап етіп еске қайта түсті. Міне олар Татаринцев екеуі ғана детективтік кәсіппен айналысуда; «Мадам Вонг» таудай ат берген ең алғашқы істері, соның арқасында бірінші рет қомақты табыс тауып, және бәлеге басы ұшыраған кінәсіз бейшара кісіні ақтап қалғандары жарқ етіп еске түсе кетті.

Сосын бұларға ұзақ жылдары бойы қауіпсіздік органында бірге қызмет істеп, талай сынақтардан өткен, сенімді досы, ҰҚК-тың ең тәуір деген аналитигі полковник Атабаев Болат Атабаевич келіп қосылды.

Үлкен ұлы Данияр Теміров айтулы АГУМОиМЯ-ны оқып бітіріп, соған деп достардың бірі дайындап қойған Астанадағы Әділет министрлігіндегі орынға бармай, қалайша біздің агенттіктің қызметкері болып алғанын байқамай да қалыппыз. Сол кезде біз компьютермен жұмыс істеуге шорқақпыз-ды. Ол соны пайдаланды. Соның арқасында кейінірек агенттік құрамын Саша Лян, Коля Кузеев, Камилла Галлямова, Саин Бек сынды жастар келіп толықтырды.

Ал Әлібек Есимов жемқорлыққа қарсы күресте қаза тапқан әкесінің кегін алу үшін өзі келді. Өкінішке орай арамызда жан шығыны да болды: қылмысқа қарсы күресте жан тапсырған инспекторлар: Сухов Дима мен Саин Бектің аттары мәңгі есте болсын! Тым шаттық сөздер дейсіздер ғой? Олай болмаса, өмір сүрудің не қажеті бар?

Жарар, полковник мырза, сен тым сөйленкіреп кеттің, емге баруым керек, сен сол үшін қызыл ақша төлейсің ғой.

 

                                                              2 – Тарау

 

                                                         Тыныш тұңғиықта...

 

Дастан Темірович күтпеген жерде өзі үшін жаңалық ашты: ол әйел жасын мүлде айыра алмайтын болып шықты. Тым жас қыздардан кәрі кемпірлерді айыру, әрине, мархабат етіңіз. Тек міне жиірмадан аспағандар мен алпысқа толмағандарды айыра білу қиындау соғатын болыпты. Әсіресе, әйел күтім көрген, болмаса косметиканы тым көп қолданатын болса. Бұл не болғаны? Полковник тышқан аулаудан қалған ба, әлде туып жатқан капитализм заманының әйелдері соншалықты өзгергені ме?

Бұл ойлар қайдан туды? Іссіздіктің салдары. Қай кабинетке емге барсаң да, кезек күтушілердің дені әйелдер. Отырып алып жасын, қызметін, тұрмыс жағдайын анықтағын келіп бәріне бажырайып қарайсың... Және, әрине, көнгіштік денгейін де біліп алғанын жөн, ол мына мағынада... жалпы, кімге керек болса, сол түсінуге тиіс сөз мәнін.

Айтқандайын, әйел көнімпаздығы жайлы...

Жас жігіт шағында Теміров омыртқасына зақым тигізіп алып, бірнеше рет Грузияның Цхал-Тубо шипажайына барып емделіп жүрді. Сонда оның жанына грузин қыздарының тәлімділігі қатты ұнады: көзіне тура қарамайды, көпшілігі ұзын етекті, қара түсті киім киеді, топтанып жүреді. Сондықтан Дастанға әдемі массажшы Кетико керемет ұнаса да, еш үміті болмай, тек жасырын күрсінумен шектеліп, жас сұлудың  ерекше қарап қалған көздеріне, өзін қолпаштап айтқан сөздеріне көңіл аудармады.

Ал мұның «сауатын ашқан» кексе болса да бәрін көзден танитын үй жинаушы әйел болды. Ол тура палатаға әкеліп, демалушыларды өзінің арзан чачасымен қамтамасыз етіп тұратын.

-  Сен, жігітім, дүние жүзінде еркектерге ең зар болушы әйелдер – грузинкалар екенің білесін бе? – бірде ол қырқылдақ дауыспен, маңайлатпайды деп санайтын Кетиконың массажинан кейін төсекте рахатқа бөленіп жатқан Дастаннан сұрай қалды.

- Ол қалай сонда? – Теміров айдай аң – тан болды.

- Біздің еркектер, әсіресе, осында, Абхазияда, негізінен мүнда келіп жатқан орыс қатындарының соңынан сүйретіліп, отбасына қарамайды. Білесіз бе, оларға осы жаққа топырлап келіп жататын сары шашты торсыйған ұрғашылар көбірек ұнайды. Бірақ біз де адамбыз ғой, бізде де қажеттік... бар.

И-ә-ә, шіркін, күнәкар өмір-ай!...

Содан бері Дастан Темірович көңілі барда, әсіресе, жүз грамм қыздырғыш ішімдік тастап алғанда, «Суликоны» грузин тілінде айтуды әдетке айналдырды, және бүгін де сол баянсыз махаббат туралы әнді өзіне арнап айтып отырған естен кетпес Кетиконың мұңды дауысы құлағына келеді.

Ем шаралары тамамдалды, түскі ас, қысқа мерзім қалғып алу, ал сосын ноутбукқа отыру, тағы бір роман жазып тастау керек.

Басында жоспар сондай болған-ды, әйтсе де, шамасы повесть деңгейіне дейін қысқартуға тура келетін тәрізді. Есесіне шиелініскен уақиғалар, өткір қақтығыстар... Әр күні осылай. Сосын кешкі ас, қыдырыс, концерт, би және сол сияқты курорт өмірінің басқа да қызғылықты ермектері өтіп жатты.

Бірақ бір күні табиғи алапат пайда болып, тәңертеңгі көкпінбек аспан аяқ астында түнеріп, қап-қара қараңғылық түсті. Жан-жағын таулар қоршаған мына зор қазаншық ағаш қақпақпен тығыз жабылғандай көрініп кетті. Жер қайнауынан әлде ысқырық, әлде ұлу естіліп, даулды жел демалушыларды бас корпустың кең асханасына әкеліп тықты. Әуелі жүзімдей ірі тамшылар соққылап, сосын қабырғадай қалын жауынға айналды. Бора-Қожыр өзенінен шыға келген қою ақ тұман сол маңайдағы барша құрылыстарды жұтып, өзінің тойымсыз қарнына тығып алғандай болды.

Кешке қарай дауыл бүкіл электр, телефон сымдарын үзіпті; Бора-Қожыр өзені арнасынан шығып, шипажайды халықаралық жолмен қосатын көпірді талқандапты деген жайсыз хабар тарады. Қазаншұңқырда ұялы байланыс жоқтығын еске алғанда, шипажай сырт дүниеден бөлек қалғаны белгілі болды. Жақсы жері электргенератор бар, оған қажет дизельдік отын бірнеше аптаға жетерлік. Ал азық-түлік жағынан жағдай қиындау. Оның қаншалықты «қиын» екендігін Аширов мырза асханада жиылған абдыраған ерлерге де, жылауық әйелдерге де үрей туғызбас үшін, өзіне тән әзілқойлыққа салып, өлі мәйіт қана күлмей қалмас қалжыңға айналдырып екі ұшты жауап қатты.

Шындап келгенде, күлерлік жай емес еді. Ем шараларынан тек родондық жуынғыш қана қолданылмалы болып қалды, себебі оған электр қуаты өте аз жұмсалады, ал ыстық су өзінен-өзі ағып, құйылып жатады.

Қалыптасқан жағдайға байланысты, науқастарға бас ғимараттан аттап шықпауға нұсқау берілді. Жаңбыр ара-тұра басылса да, тұман сейілу орнына, одан бетер қоюланып, қол созар жерде ештеңе көрінбейтін болды.

Тек біздің халық қай уақытта іске асарлық ақыл-кеңестер мен ұсыныстарды қабыл алып, орындай қоюшы еді?

Курорт махаббаты әбден билеп алған кейбір ерлер мен әйелдер, қайсысы сырын жасыра – біреулеп, қайсысы ашықтан – ашық қосақтасып, сыртқы есікті батыл ашып, мұхиттағы балықшы қайықтарына ұқсап, аппақ тұманға сүңгіп   ғайып болысып жатты. «Науқастардың» басым көпшілігі шипажай тәртібін сақтап жатын бөлмелеріне тарасты.

Ал тәңертең бас штабқа «шайқас аудандарынан» мәліметтер келіп түсіп жатты. Таң ата бергенде Теміровтың есігін директордың хатшысы Айгүл қақты.

-Дастан Темірович! Самат Сағынович шұғыл түрде сізді кабинетіне келуіңізді сұрайды, - көзіндегі үрей мен даусының дірілін қыз жасыра алмай тұр.

- Не болды? – тәңертеңгі әдеттегі дене шынықтыруын бұзғысы келмеген детектив ызалы үнмен бұрқ етті.

- Сіздің кеңесіңіз қажет, ал мүмкін тіпті көмегіңіз керек болуы да ғажап емес. Анда бір әйелдер келді, оларда оғаш жағдай, тіпті қорқынышты жағдай болғанға ұқсайды.

- Жақсы, қазір киім ауыстырам да, барамын, - полковник Айгүлдің еш кінәсі жоқтығын  және аса бір сүйкімді келіншек екенің еске алып, мейілінше ұяң үнмен жауап қатты. Байқауынша, жасы асқан сайын осы тәріздес келіншектер көбірек ұнайтын сияқты. Әйтсе де ол, Самат Әшіровпен танысқанда өзінің бұрынғы чекист, қазір детектив екенін айтып қойғанына, өкінгеніне міне жүзінші рет болар.

- Менің тілімді шайтан тартқан шығар, - Теміров қабылдау бөлмесіне жеткенше шайтанды кінәлап бітті.

Директордың кабинетінде былғары диван үстінде толықша келген, зиялы түрлес екі әйел отыр, бір қарағаннан ақ апалы – сіңлілі екендері көрініп тұр. Екеуінің де беттері қуаңқы тартқан және үрей жапқан, бұрқыраған шаштары оны айтпай көрсетіп тұр.

Ал олардың қасында, тауықтарды айналшықтаған әтеш құсап Әшіров мырза күйбендеп жұр, қолдарын ербеңдете бірдеңелер сұрайды, қажет болса, бір жаққа біреуді іздеуге тұра жүгіруге әзір екендігін көрсетіп бағуда.

-Ә-ә, Дастан Темірович! – әкесі тіріліп келген адамша қуана айғайлап жіберді. – Мұнда сондай жайлар болып жатыр! Сондай жайлар! Жарар, өздері айтып бергені дұрыс болар.

- Жақсы! Тек әуелі танысудан басталық. Сонымен, мені қалай атайтының естідіңіздер, әйтсе де қайталаймын: полковник Теміров Дастан Темірович...

Әйелдер, мұғалим келгенде орындарынан атып тұратын оқушылық  әдеттерін еске алып атып тұрды.

-Жазира, - үлкені болса керек, ұстамды түрмен өзін атады. Көз жанары өткір, бетке тура сынай қарайды, ал бұл қазақ әйелдерінде сирек кездеседі.

- Мағира, - екінші әйел әлсіздіктен бе, әлде ұялшақтықтан ба, әзер естірте аталды. Диоптриялы көзілдірік кисе де, көз қарасы қымсыныс пен ұялғандық белгісін көрсетіп тұр.

Апалы – сіңлілер орта бойлы, ақшан жүзді, қара шашты, толық денелі, жүздерінен зиялылық таңбасы айқын көрінген келіншектер екен.

-Сонымен сіздерде не болып қалды? – Дастан Темірович әйелдердің бойындағы үрейді басып, көңілдерін жұбату үшін сұрағын әдейі көтеріңкі, жайдары дауыспен қойды.

- Біз сіңлім екеуіміз осында келгеннен бастап ескі корпустың бір бөлмесіне орналыстық. Бас кезде бізге орын ең шеттегі ағаш ғимараттан тигені тіпті ұнады да. Кісі аз, тыныштық, - Жазира әңгімесін алыстан бастады.

«Педагог екені сөзсіз, мүмкін тіпті филолог болуы да ғажап емес» - детектив өзінің осы күндері жұмыссыз қалған ми сауытындағы аналитикалық құрылымды іске қосты.

-Сосын түндер бойы бір түсініксіз құбылыстар байқайтын болдық, бірақ бізді жын қаққан есалаңдар деп есептер деп, ұялғаннан ешкімге ештеңе айтпай келдік» - әйел кінәлісінген үнмен сөзін жалғыстырды.

Әңгіме барысында Мағира тек басын изей берумен болды, басынан өткен жайсыз жайлар оның жүзінен айқын көрініп тұр.

-Бір жолы ұйқыдан оянып қарасам, Мағираның мандай терісінде менің сұқ саусағым ұшының көлеміндей шұқыршық пайда болыпты: «Мынау немене тағы?» - сұраймын ғой, ал ол: «Сен саусағыңмен бастың ғой» - деп жауап қатты. – «Қашан?» - мен әрі таңданып, әрі қорқып кеттім – «Түнде». «Сен немене, есіңнен ауыстың ба? Әлде мен алжып кетті дейсің бе?» - «Білмеймін, бірақ мен түсімде сен менің төсегіме жақын келіп, саусағынды мандайыма тақап, басқаныңды анық көрдім». – «Неге?» - «Білмеймін, мүмкін ол түсіме кірген болар». – Ал Мағира көзілдірігін тағып маған қарап қалғанда аузынан үрей айғай шықты: менің маңдайымда да тура сондай шұқыршақ бар болып шықты. Біз әрі ойлап, бері ойлап өзіміз ұйқыда жастықтың қатқыл жеріне жатып шыққан болармыз деп шешіп, тынышталдық.

- Иә, шынында да солай болған болар, - детектив тез босап шығуға үмітпен жеңілдене күрсінді.

- Солай болса ғой... – Жазираның дауысы аса азалы шықты. – Келесі таңда тағы қайталанды. Бірақ біз бұл жолы да үрейге берілмей, түнді ұйқысыз өткізіп көру жөн деп шештік.

- Түн қалай өтті? Қызғылықты, айтуға тұрарлық бірдеңе анықтай алдыңыздар ма?

- Анықтадық. Ал сіз күлмейсіз бе? Одан да жаманы, тәлкектемейсіз бе?

- Ол не дегендеріңіз, қыздар! Ол мүмкін емес! Ұялмай, айта беріңіз, ал біз көре жатамыз.

- Біз түні бойы төсекте дөңбекшіп шықтық, бәрі бостан – босқа, қызғылықты, жұмбақты ешбір оқиға болған жоқ. Енді ғана көз ілдіре бергенімізде, кенет есіктен аса биік бойлы еркек денесінің сұлбасына ұқсас фосфорша жарқыраған бірдеңе бізге қарай бағытталып келе жатқанын көрдік. Бүкіл денесі күміс түсті, ал мына маңдай болуға тиіс жерде – бір жасыл таңба. Сіз мені түсінесіз бе? Жеміс бағының дуалындағы тесік тәріздес.

- Сіз күміс түске боялған дуалдың тесігінен қарағанда ағаштардың жасыл жапырақтары көрінетіні сияқты дегіңіз келеді ғой?

- Тап солай, сіз бәрін дегенмен дәл түсіндіңіз. Мен филологпын, бірақ сіздей анық суреттей алмас едім.

- Сізге алғыс айтамын, Жазира, бірақ біз тақырыптан ауытқып кеттік. Сонымен, есіктен сіздерге қарай елеске әлде құбыжыққа ұқсас бірдеңе келе жатыр, осылай ма?

- Дәл солай. Кешіріңіз, олардың айырмашылығы бар ма?

- Менің бір таныс экстрасенстің айтуынша: елес – бір кезде бұл дүниеде өмір сүрген нақты бір адамның энергетикалық фантомы. Құбыжық та соған ұқсас, тек нақты тұлға жоқ, жәй ғана энергетикалық фантом.

- Қандай сұмдық! Міне осылардың бірі бізге бағыт алып...

- Ол немене: жүрді ме, жорғалады ма, ұшты ма?

- Тұман әлде түтін тәріздес ауамен қозғалды.

- Сосын? Айта беріңіз, біз сізді ықыласпен тыңдаймыз.

Айта кету керек, әңгіменің басынан бастап Самат Сағынович аузына су құйып алып, ашсам төгіп алам деп қорққан адамша, ләм-мим деп сөз айтқан жоқ, тек оның тым ашыңқы көздерінен, әзер басып отырған үрей мен жан күйзелісінің белгілерін байқауға болады.

-Ол екеуміздің керуетіміздің арасына жетіп тоқтады, біз көзімізді тас жұмып алып, тыныс алмай жатырмыз. Соңынан анықтағанымыз, біз бір мезетте суық сезініп, қалтыраппыз, ал сосын маңдайымызға әлсіз электр тоғы бар темір сымнын ұшы тигенін сезініппіз. Бүкіл денеміз, барша бұлшық еттеріміз әлсірегені сондай, айғай салу түгілі, еріндерімізді қыбырлатудың өзі мүмкін болмай қалды. Жарық түскенде ғана есіміз кірді. Айнаға қарастық – бұрынғы шұқыршақтар, тек бұрынғыдан тереңдене түскен тәрізді. Тағыда ешкімге ештеңе білдірмедік, елестеушілік немесе психоздың бір түрі деп шештік.

- Расында да қорқынышты, - базғы чекист келісе кетті, шынында да, мұндай жағдайға басқа не айтуға болады?

- Өткен түнгі оқиға болмағанда мұның бәріне төзуге болар еді, - мына бір қарағанда қарапайым, бірақ рухы күшті әйел аса көңілсіз, бірақ тым шытырман уақиғалар баяндауын әрі жалғастырды.

«Құдайым-ай, бұл сорлылармен тағы не болуы мүмкін еді? – енді полковниктің өзі де іштей үрейге беріле бастады, бірақ, әрине, сырттай оны сездірген жоқ.

-Өткен түнде біз мүлде жатқан жоқпыз, дүкенде жын – шайтандарды қуады деп берген шырағдан шамды жағып қойып, бір керуетте құшақтасып отырып шықтық.

- Көмегі болды ма?

- Жоқ. Ол тағы да есік алдында пайда болды, байқатпай шырақты сөндірді, біздің тәніміз бен еркімізді биледі, менің сол, Мағираның оң қолын ұстап алып қыса бастады, біз тағы да естен талып қалдық.

- Қолдар ауырды ма?

- Жоқ, қорқыныштан болар. Ал өзімізге өзіміз ол қысқан кеудеміз күйген сияқты қызарып кеткенін көрдік.

- Қатты қызарған ба?

- Жоқ.

- Көрсетіңізші... ой... иә.. иә..., керек емес! Кешіріңіздер, ұмытып кетіппін, - әйелдер кофталарының жоғарғы түймелерін ағыта бастағанын көргенде Теміров өз-өзіне келді. - Сонымен бәрі түсінікті, солай ғой, Самат Сағынович?

- Иә, әрине... – Әшіров мырза тұңғыш әйел кеудесіне қолы тиген он жеті жасар жігітше қып-қызыл болып кетті (Десек те, бұл біздің ұрпаққа тән афоризм, қазіргі кезде бұл сөздер басқаша естілуге тиіс).

- Әйтсе де, құрметті Самат Сағынович, қымбатты қыздар, бұл не болуы мүмкін? Жайттың болғандығына менің күмәнім жоқ. Ал сіз ше, Самат Сағынович? Қыздар?

- Менің де күмәным жоқ – директор нық айтты.

- Кеудеміз әлі күнге ауырып, күйдіріп бара жатқанда қайдағы күмән!? – сорлы әйелдер қосыла зарлады.

- Самат Сагынович, сол ескі корпустың орнында бұрын не болғаны есіңізде жоқ па? – детектив осылай тергеу жұмысына кірісіп кетті.

- Мен сізге құпия ашайын: елуінші жылдардың басында бұл жерде уран кен орны болды, онда өлім жазасына кесілген қарақшылар жұмыс істеді. Ал ол казарма болды. Сосын пайдасынан зияны көп түсінген өкімет кен орнын жапты, адамдарды атып, шахталарға көміп тастады. Дайын құрылымдар бос тұрып қалмас үшін әуелі аудан аралық, ал сосын Белокуриханың суынан кем түспейтін родонды су көзінің болуын пайдаланып, республикалық шипажай ашты. Ал қазір біз осында жұмыс істеп, сіздер ше емделіп жатырсыздар.

- Со-о-лай екен, - Дастан Темірович терең ойлана үн шығарды, - енді бірдеңеңін беті ашыла бастаған тәрізді. Бұл, әрине, бір себептермен жаны жай таба алмай қойған қылмыскердің елесі. Ертеректе адамды атар алдында, маңдайына жасыл бояумен крест таңбасын салу ғұрып болған. Ал чекистер желкеден атқанда оқ мандайды тесіп шығады. Міне саған маңдай тесігі энергетикалық «бояумен». Бәрі түсінікті. Бөлмеге Құран алып барып, көрнекті жерге қою керек.

- Оны біз қайдан аламыз? – Жазира Самат Сагиновичке сұрана қарады, ал ол кінәлі түрмен жан-жағына алақтай қарап, басын шайқай берді.

- Онда сол жерде Құранның қасиетті сүресінен аят оқу керек. Әйелдер тағы да Әшіров мырзаға қарап қалды, ол тағы да кінәлі түрмен алақтап, басын шайқады.

- Жақсы, астан кейін сіздермен барып, қасиетті Кітаптың басты екі сүресін оқып берейін.

Әйелдер бір-біріне қарасып, жеңілдене күрсінді.  Самат Сағынович алғысы мен ризалығын білдіре Дастан Теміровичке басын иді.

 

 

 

 

 

 

                                                        3 – Тарау

 

                                             Шайтандардан басқа да...

 

Әйелдермен әңгіме кезінде Дастан Теміровичтің құлағына қабылдау бөлмесінде шыққан жайсыз дыбыстар шалынған болатын: әлде бір әйел шыңғыра байбалам салып, өзінің құқығын дәлелдегісі келеді, ал Айгүл болса, сабырмен өзінікін дәлелдейді. Кенеттен қабылдау бөлмесі иесінің ашынған айғайы шықты және сол сәтте жартылай ашық есіктен ашудан қисайған әйел беті көрініп, сол сәтте қайта жоқ болды.

-Басқа да жапа тартушылар бар сияқты, - Теміров тұспал жасады және онысы қате болмағанға ұқсайды.

Жазира – Мағиралар артынан есік жабылып үлгермей жатып, тағы да екі әйел баса – көктеп кіріп келді: бірі тісқаққан, шатақ мінезді жанға ұқсас, тым жарқын түсті көйлек киген, жан-жаққа жалбыраған қысқа шашты; екінші одан жасырақ, сымбатты, үстінде спорт киімі, беттері жылаудан ісінген...

-Не боп қалды, қымбаттыларым менің? Төбелестіңдер ме? – Самат Сагынович келгендерді жасанды көңілдікпен, әзілдей қарсы алды.

- Самат Сағынович! Бәле болды! – мосқал әйел жас келіншекке қарап қойып, қайғылы үнмен сыбыр етті.

Әшіров мырза қуарып кетті, ал полковниктің ұрт бұлшық еттері ойнақшады – бұл оның өз – өзін қолда ұстап, ой тұжырымдау үшін қолданатын басты әдісі.

-Не болды? – таң атқаннан басына бәле түскен директордың үні тым мұңды шықты.

Әйел көздерін жарқ еткізіп Теміров жаққа бұрды.

-Айта беріңіз, ол – өз адамымыз. Онсыз іс бітпесін сезіп тұрмын. Сонымен...

- Оны зорлап кетті! – бәйбише жас әйел жаққа сұқ саусағымен нұсқап, жыламсырады. – Ал бұл ол тұралы ешкімге айтқысы келмейді, ұялады. Бірақ сол жексұрын осында бір жерде жүр ғой, яғни тағы біреулер зорлануы мүмкін ғой, егер, әрине, уақытылы қарсы шара қолданылмаса. Мен дұрыс айтам ба?

- Иә, әрине, сіздікі жөн! Кәнекей тек бар әңгімені екі жақты танысудан басталық, - детектив істі созбаққа салмай тезірек қолға алу қажет деп тапты, бәрібір, бұл іспен шұғылданар ешкім жоқтығы бәріне белгілі. – Мен Дастан Темірович болам, демалыстағы ҰҚК полковнигі, қазір – жекедара детектив. Қазіргі таңда сырт әлеммен барлық байланыс түрлері үзілуі салдарынан – бұл маңдағы құқыққорғау органдарының жалғыз өкілі мен боп қалған сияқтымын.

- Хуршида. Ал мынау Диляра. Біз осы жерде таныстық, бір бөлмеде тұрамыз. Кеше кешкісін... Дұрысы, не болғанын Диляра өзі айтсын...

Диляра анда-санда балаша өксіп қойып, ұзақ үнсіз отырды, басынан өткен жайды қалай айтуды, неден бастауды ойластыратын тәрізді.

-Біз столдас – көрші Рафаилмен кешкі астан соң таза ауда қыдыруға келістік...

Жалпы алғанда, әңгіме желісінен келесідей сүреттеме шығады:

Диляраның шипажайға келгеніне он бір тәулік болған және, әрине, бәрі тойдырып іші пыса бастаған. Міне бірнеше күн көршісі Рафаилмен ұйқы алдында серендеп келуді әдетке айналдырған. Әкімшіліктің ескертуіне қарамай, кешегі кеш те солай өтті. Жауын тез басылып, шөптер тез кепті. Жылырақ киініп алып, әдеттегіше өзен жағасындағы орындыққа қарай бет алды. Қою қараңғылықтың салдарынан әйел жолынан сәл жаңылып дуалдың оңтүстік жағынан келіп шықты. Кейін қайтпақ болып енді ғана бұрыла бергенде, біреу тамағынан ұстап қатты қысып қалғанда есінен танып қала жаздайды.

-Қимылдасан – буындырам! Онанда бәрін өз еркіңмен жаса! – деп бұйырады бейтаныс сыбырлап.

- Не істеу керек? – өлердей қорққан әйел жасқана сұрайды.

- Шалбарыңды, іш киімді шешіп, тізелеп отыр!

- Зорлықшының дегенін орындаудан басқа не қалды, бишараға? – қортты Хуршида.

- Түсінікті... Тәжірибелі әрі салқын қанды сұмырай, маньяк болуы да мүмкін, - ұзақ үнсіздіктен бе, болмаса жан күйзелінісінен бе, әйтеуір детективтің дауысы қырылдап шықты, - сіз оның түрі – түсін көріп үлгердіңіз бе? Айталық, беті тұлғасы, киімі, ерекше белгілері: сақал – мұрты?

- Жоқ, не дегеніңіз... ол ылғый артымда болды. Есімде жалғыз қалғаны, маған оның саусақтары темір сияқты көрінді...

- Қай мағынада?

- Мықты, қатты. Дәлірек, қатал...

- И-и-и-ә, көп емес. Ал сол Рафаил болуы мүмкін бе? – детектив манадан бері тілі ұшында тұрған сұрағын қойды.

- О не дегеніңіз? Ол сондай жұмсақ, зиялы, ақын, көзілдірікті. Және де Рафаил аласа бойлы, ал мынау ірілеу.

- Неге олай ойлайсыз?

- Маған солай көрінді.

- Жарайды, Хуршиданың айтқаны орынды, мазасыздануға себеп жеткілікті. Ал не сонда, Диляра сізге бәрін өз еркімен баяндап берді ме?

- Мен оны, киімін, мойнындағы көгірісті көргеннен бәрін бірден түсіндім, - қаскүнем әйел мақтана сөйледі.

- Екеуің де жарайсыңдар, өзге әйелдерді ойлап, жасырмағандарың дұрыс болды. Қазір енді ең бастысы – жасанды үрей тууна жол бермеу. Өздеріңізді ештеңе болмағандай ұстаңыздар. Шарфты шешпеңіз, сұрағандарға тамағыма суық тигізіп алдым дей салыңыз. Қылмыскер жазаға тартыларына, Диляра, мен – совет полковнигі, сізге уәде берем.

- Керек емес! Құдай үшін, бұл жай күйеуімнің, балаларымның, туысқандарымның құлақтарына жетпес үшін ешқандай тергеу, сот, шу шығарудың қажеті жоқ.

- Оның бірі де болмайды,  солай ғой Самат Сағынович?

- Әрине. Ол біз үшін де зиян!

- Хуршида?

- Жақ ашпауға ант етем!

- Жақсы-ақ, онда былай жасаймыз...

 

                                                             4 – Тарау

 

                                                 Мильон жан қиналысы

 

Дәліздермен, басқыштармен ашқарын ерлер мен әйелдер құмырсқаша шұбырып асханаға бара жатыр. Шипажайдың негізгі бағыты сүену-қозғалу аппаратыттын емдеу болуына байланысты, мұндағы ем қабылдаушылар соған сай: ақсандап басушылар, таяққа сүйенушілер, әзер қимылдап, тіпті еңбектеушілер кездеседі. Ақыры, міне барша науқастар отырысты; ас тасушылар жүгіріске кірісті.

Дастан Темірович кірерберіс есікке қарама-қарсы отырып алып, кіргендерге, әсіресе ер адамдарға, шұқшия қарауда.

Физиогномистика – бет әлпетінен , сыртқы пішінен адамның жан дүниесі жағдайын, оның мінезімен әдет – дағдыларын зерттеумен айналысатын ғылым. Жалпы айтқанда, бір кездерде оқыған таныс ілім, бірақ ең қымбаты оперативтік жұмыста жылдар бойы жиналған тәжірибе, ішкі түйсік. Және де, осы жыртқыштың ізіне түскен нағыз еркектің аңшылық құмарлығын берген үшін тағдырға мың рахмет.

Сонымен кімге көңіл қоямыз? Біздің уақытша неокапиталистік қоғамның рамкалары талаптарына қайсының мінез-құлқы, жүріс – тұрысы келмейді?

Мына бір баптана киінген еркек: үштік костюм, ақ көйлек, қара галстук, іші пысқан, жиреншек кісінің көз-қарасы. Кім ол? Әрине, олигарх емес. – Олар мұндай жерде дем алмайды, әсіресе емделмейді, бұл Монте-Карло емес. Жақыннан қарағанда оның мінезінің еріксіздігін, шешімсіздігін анық көрсететін осал иегі назар тартады; көздері тым алыс орналасқан, бұл нысанның жоғары толерантты екенін, яғни, біреуді соңына ертуші емес, еш күмәнсіз, басқаға еруге дайын екендігін көрсетеді; жүрісі байсалды, аяқтары жамбастан кейін қалғандай көрінеді. И-ә-ә, мұнда тестестеронның артықтығы байқалмайды, яғни, шеттен асқан еркектік күш те жоқ, заңды жұбайына жетсе де жарап жатыр. Ал қайдағы бір бейтаныс әйелді дала жағдайында зорлау үшін, не айтары бар, үлкен еркектік мінез, жыныс гормондарының ойнақшылдығы қажет.

Сонымен, қортынды? Бұл еркек көңіл бөлуге тұрмайды...

О-о! Ал мынау кім?  Екі маскүнем – достар, алда күтіп тұрған кәрілік алдында, шипажайдың жылы – жұмсақ жағдайында ақыры жолығысады. Сондықтан келгеннен бас көтермей ішуде, кеткенше ішеді. Және олардың емде, сұлу әйелдерде еш шаруалары жоқ; тек мастықтың буымен өздеріндей ішінкіреген ұрғашыға тиісулері мүмкін, бірақ одан артыққа күш – қуаттары жетпейді.

Міне мына, күні-түні үстінен түспес былғары куртка киген жігіт көзге ілікті. Көзі өткір, тікенекті; бойы биік емес, бірақ көкірегін жоғары үстайды; аяқтарын нық, рингте жүрген боксерша сырғанай басады; қолдары жартылай бүгілген, кез келген, тіпті ыңғайсыз жайда соққы беруге дайын. Бұл көптеген қауіпті жағдайларды басынан өткерген кісі, түрмеде отырып шыққан адам болуы да мүмкін. Сола-а-ай, жақын өтіп барады, оң қолының саусақтарында сақиналар бейнеленген. Нешеу екен? Жарар, артынан санармын...

Бір жақсы жері, демалушы – емдеушілердің бәрі осында, көз алдымда. Ал егер қылмыскер қызметкерлерінің бірі болса ше? Қайтеміз, оған қапаланбай-ақ қоялық. Жұмыс көлемі көбейеді, бары сол ғана. Бәрібір оны табамыз, жазалаймыз. Қалайша күдіктілер тізіміне мынадай арсыздықпен зорлық жасауы мүмкін дегендерді таңдап алуға болады? Жарайды, күдік шақыратындарды теріп алдық екен, ал одан әрі не істерге? Тергеу жүргіземіз бе? Жоқ, біз шипажай директоры екеуімізде ондай құқық жоқ. Әйтсе де, қалыптасқан жағдайға сәйкес, осындағы өкіметтің жалғыз өкілі ретінде оның тергеу жүргізуге құқықты болуы да мүмкін. Осы бір, сайтан алғыр, заңгерлік шытырмандар... кеңес сұрайтын да ешкім жоқ. Аңду ұйымдастыру ма? Оған күш қайда? «Барыстарды» мұнда келтіре алмайсың – жол жабық. Бұдан жаман жағдай болмас, сірә.

Кенет, залда найзағай жарқылдағандай, асханада отырған барша жұртқа ортақ психикалық әсер пайда болды. Теміров жан-жағына қарап, әйелдердің де, ерлердің де бастары бір жаққа бұрылғанын, әйелдердің көздерінде жақтырмаушылық пайда болса, ал ерлердің көздері  жылтылдап, ойнақшып кетіпті...

Есік алдында биік бойлы, қаракөз, сымбатты, ұзын бұйра шаштары иығына түскен, көрікті ақ спортивтік костюм киген әйел тұр.

Жұртшылыққа әсер етуге қажетті уақыт өтті деп шамалаған шақта, сұлу бүкіл зал арқылы белін бұраңдата, аяқтарын кербездене басып, ең артқы қабырға қасындағы үстеліне барып отырды.

«О, Құдайым! Моника Белуччидің өзі бізге келіп қалыпты! – Теміров – еркектің  миы белгі берді, ал Теміров – детективтің миы сол сәтте оперативтік жоспар құрып тастады.

 

                                                            5 – Тарау

 

                                                        Жалған пайда

 

Аппақ спорт костюміне бөленген сылқым әйелдің келуіне байланысты бола қалған ыбдыр-сыбдыр бәсенсіп, қасықтар мен шанышқылар қайта іске қосылып, табақшылар түптерін тақырлатып кетті. Таңғы ас қабылдау адепкі қалпына түсті. Бірақ сол сәтте тыныштықты полковник мырза бұзып жіберді: Дастан Темірович орнынан тұрып, түймелерін салып, галстугін түзеді де батыл түрмен асхананың қиыр шетінде орналасқан үстелге қарай қадам басты.

-Көпшілік алдында сіздің ғажап сұлулығыңызға масатанғанымды білдіріп, құрметпен бас июіме рұқсат етіңіз. Ұлы Жүсіп Баласағұн бірде «Шығармашыл адам әрқашан табиғи сұлулыққа зар болады» деген екен. – үстел қасында қақшиып тұрып, детектив келіншекке құрмет көрсете сөз салды.

«Моника Белуччи» оттай қызарып, орнынан еріксіз атып тұрды.

-Мені Дастан Теміров деп атайды. Менің жанымның ошықтығына таңданбаңыз, мен ақынмын. Ал сізді қалай атайды?

- Земфира, - сұлу қымсына сыбыр етті.

«Дәл менің бойыма тен, - риза болған Дастан Темірович еңкейіп әйелдің қолын сүйіп, құлағына сыбырлап әлде бір биязы сөздер айтып жатты.

Зал, әрине тыныс алмай қалды. Тыныштық орнағаны сондай, егер осы кезде асханада ұшқан шыбын болса, қанаттарының қағылған дыбысы естілген болар еді.

 

                                                          ***

 

Асханадан екеуі бірге шықты және енді айрылыспады. Тәлімді отбасынан шыққан, ақылғой парасатты аналар мен әжелердің, құрметті жастағы ерлердің қыңыр көз қарастарына қарамай, бұлар өздерін сүйіскен қыз бен жігітше ұстады. Ем қабылдауға – бірге, сумен емделуге бірге, қысқасы жергілікті қауымның ұйғарымынша, ұяттан мүлдем безді. Кейбір әдеп сақтағыштарды бұл қылық ызаландырғаны сондай, лайықты сөз тауып айта алмай, соңдарынан үнсіз саусақпен шекелерін түрткелейтіп болды.

-Мен қалай оны жіберіп алдым? – өкінді біреулері. – Жан жолатпас шығар деп ойласам, ар-ұяттан безген нағыз сайқалдын өзі екен ғой. Жә, тұра тұр, полковник кетіп жалғыз қаласың, сонда сені умаждаймын әлі, - деп кіжінді басқа ойнас құмар еркектер.

Ал мына ғашықтардың алып қашпа сөздерге түкіргендері бар, анда-мұнда шапқылауда: не бөлмелерінде қамалып отырады, не көше кезіп кетеді. Ал онда не бітіреді, түк көрінбейді ғой. Әйтсе де, кім білген, кім білген...

Кешкі астан соң концерт болды, сосын би басталды. Земфираны жас, көрікті жігіттер жарыса биге шақырумен болды. Бәрі келісіп, кексе полковниктің сүйіктісін тартып алып, масқаралағылары келетін тәрізді, олардың артықшылығы – жастығы ғой.

Бірақ сұлу бикеш жігітіне берілгендігін сақтады, қанша тырысса да, бір де бірінің шақыруына шықпай қойды. Иә, және онысы да жылдам қарқылы ритмикалык билерде, әсіресе вальс билегенде бұл жерде өзіне тең биші жоғын көрсете білді.

Бидің, ыстық құшақтын қызуынан тер басқан әйелдер мен ерлер топ-топ болып салқындауға, шылым шегуге шығып жатты. Бұл жерде де біздің ғашықтар жөні түзу қауымның көзіне тікен болып қадалды: сол спорт костюмдерін қайта киіп алған жұп, көңілді күлкімен қол ұстаса есіктен шығып сарқырап жатқан өзенге бет алды.

Қалжыңбастар бұл жайлы ауыз ашып үлгермеді, полковник кенет кері қайтып, нөмері жаққа асыға жұріп кетті.

-Презервативін ұмыт қалдырыпты, -  біреу ретсіз әзілдеп қалды, бірақ Теміров ол жаққа басын бұрып қараған да жоқ, мұның бәрі өмірдің ұсақ-түйегі, ит үреді, керуен көше береді – деген сынай білдірді.

 

                                                     ***

 

Полковник белгісіз себеппен кешікті, басы ауырып қалды ма, әлде аяғына бірдеңе болды ма, кім білген? Земфира жақың маңда шыдамсыз күтуде: бір жақын келіп, бір алыстап мазасыздануда, шыдамы жетпей барады, көресіз бе? Бет – жүзі тұманнан көрінбейді, оның қатқан қабағын көрсе ғой, шіркін. Кет, кет бұл маңнан алысырақ, сол жақта Мен сенің құмарынды қандырам, полковнигіңнен артық болмаса, кем түспеймін.

Ол ең соңғы әйнектің алдында тұрып алып бақылау жасап тұр. Эх, кеше қандай рақатқа баттым, ә! Өмірі ұмытпаспын. Қызық-ай, кешегі тауық қалай күн көріп жүр екен? Қайталағысы келмей ме екен? Жоқ, Ол енді өзі оны қаламайды, Оған әр түрлілік қажет; зорлықтың болғаны, жағдайға ие, әмірші болғаны шарт: қаласам - өлімге кесем, қаласам – өмір сылаймын. Кеше еліккенім, сол бір қауіпті іске барғаным қандай жақсы болды, белден төменгі жағым ғанибетке бөленіп қалды. Содан бері Ол енді сол мүшесінде ылғый бір түрлі толқыныс, бойына қуат беретін құбылыс сезінеді. Иә, сосын ешбір қауіп – қатер де жоқ. Қандай қатын мені зорлап кетті деп байбалам салып жатады? Олардың өздері, бәлкім, соны көксейтін болар. Олардың көбі мұнда тұқымсыздықтан емделуге келеді. Бұлайша буаз болу ондайлар үшін армандарына жетудің жолы болу да ғажап емес.

Сол-ай, полковник әлі жоқ, ал Земфира-сұлу, шамасы, өзен жағасындағы орындыққа кеткен болар. Полковник сол жерде жолығусыға келіскен тәрізді.

Со-лай, бара бер, бара бер, қорқпа, мен жақында, соңыннан келе жатырмын, мына тұманда мені ешкім көрмейді. Өзен тасқының шуылы да гүрілдеп, менің аяғымның дыбысын естіртпейді. Полковникті бүгін күтпей-ақ қой, ал мен осындамын, сен қазір менікісің...

Ол күтпеген жерде сүттей ақ тұманнан шыға келіп, аппақ қардай костюм киіп, сулығымен басын жауып алған көкейкесті тұлғаға тап беріп, тамағынан қысып: «Айғайлаушы болма, ҚЫЛҚЫНДЫРАМ!» деген жаттанды сөзді ызбармен айтып үлгерді.

Нені, нені, бірақ Ол тап осыны күтпеген еді!

Бауыр тұсынан тиген шынтақ соққысы оны амалсыз өкіріп қалып, қолдарын босатуға мәжбүр етті; зұлым тұлға еңкейіп барып, арқасы арқылы классикалық айналыс жасады.

Ол сол бетімен алға қарай тоқтай алмай жөңкіп барады, белін брустверге соққызды, инерция оның еріксіз қалған денесін одан әрі домалатып сарқырап жатқан тау өзеніне апарып түсірді. Жан дауысы шыға айғай салды, бірақ оны естіген ешкім болмады...

Дастан Темірович Земфирадан бір жолға деп сұрап алған курткасының башлығын түсіріп, өзенге қарай тура жүгірді, бірақ су апатына қарсы ол не істей алады?

-Қылмыскер жазаланады деп мен айттым ғой, - мыңқылдады ол өз-өзің тыныштандырғысы келгендей.

 

                                                            6 – Тарау

 

                                                      Сыпайы ишара

 

-Әйтсе де, ол тірі ме өзі, жоқ па? – Самат Сағынович бірнеше қат сұрау қойды. Түсінікті жай – оған шипажайдың беделіне нұқсан келтірер жанжал қажет емес.

Қысқа алпарыстан әлі суынып үлгермеген, одан кейін бойын жайлаған толқыныш пен қызуы таусылмаған Дастан Темірович - қалай десең де, қандай Заң бұзар сұрқия болса да, бұрқырап жатқан тау суына күнде біреуін батырмайсын ғой - шыдамы таусылып, ызалана бұрқ етті: «Тыңдашы сен, мен қайдан білейін? Бәрі де Аллаһтың қолында! Мүмкін, Көктал сияқты бір жерде сүңгіп шыға келер, мүмкін шықпас. Олай болса, барған жерде бақыл болсын».

-Дегенмен ол өзі кім еді? – Әшіров мырза өз-өзіне келе алмай қойды, болған жай үшін жанын қоярға жер таппай қиналуда.

- Ертен бәрі анықталады, таңғы асқа кім келмесе, сол біздің «батырымыз» болып шығады. Ал егер ол бәрібір келіп қалса ше? Онда ол басқалардың ішінен тырмаланған тізелерімен көзге түсетін болады...

-Сіздің, Дастан Темірович, қалжыңыңыз қалмайды.

- Самат Сағынович, менің әр жексұрын үшін жас төгерім жоқ. Кейбір сұмырайларды аяусыз жою қажет. Ондайларға мен бүкіл зорлықшыларды, әсіресе, бала зорлаушыларды, жатқызам. Соншама неге қалтырай бересіз? Егер Ол қайтып келер болса – өз қолыммен піштірем; егер келмесе – бақытсыз оқиғаға жатқызыңыз, бітті шаруа. Әне, табиғаттың өзі біздің жағымызда: тұман, асау өзен, тайғақ шөп, ішімдік, міне Төтеңші Жағдайдың себептері. Одан да батыл, нағыз ержүрек Земфираға алғыс білдірейік, ол басын қауіпке тігіп, қаскүнемді тауып, залалсыздандыруға көмектесті ғой.

- Жә, мен ондай ештеңе істей қойған жоқпын! – әйелдің әсем жүзі қызарандап кетті. Әнекей, көрікті адам не істесе де, сондай әсем болып көзге көрінеді.

- Сізге, Земфира, ана жолы, асханада, құлағыңызға сыбырлағанымда, тұңғыш көрген адамға сене қалғаныңыз үшін ерекше алғысымды айтамын. Сізде опердің дарыны игерілмей жатыр. Әйел адамның бұлайша іс-әрекетін жоспарға сәйкес өзгерте алғанын бірінші рет көруім.

- Онда тұрған ештеңе жоқ! Біріңшіден, Сіз бір қарағаннан сенім тудырасыз. Екіншіден, мен тек сіз айтқанды орындадым. Ал ең соңында сіз өзіңіз мені өртшілер есігінен өткізіп, менің киімімді кидіңіз. Мен болсам қорқыныштан қалшылдап отырдым.

- Ол қорыққаннан емес, аңшының құмарлығы, кәрі ізшіге сеніңіз. Ал ғашық қыздың рөлін қалай дарынды ойнадыңыз... Тамаша шықты!

- Мен сол рөльді одан әрі ойнауға қарсы емеспін...

Бұл жолы енді біздің қатыгез детективтің қызарандау кезегі келді.

 

                                                      Соны

 

Қазақ тілінде жазылған