Адам қарады: 121 | Жарияланды: 2020-07-05 03:30:32

Қара шаңырақ

Үш перделі драма

 

Кейіпкерлер:

Қасан: Жас, орта жас, қария бейнесінде. Қарапайым адам. Қара торы, бойы қысқа. Жүзіне мұң ұялаған жан.

Әсілкүл: Жас, орта жас, кеиуана бейнесінде. Аққұба. Көңілшек жан.

Мұқан: Қасанның әкесі. Бойы сұңғақ. Сарғыш өңді қарт. Жуастау.

Ажаркүл: Қара торы келген, қабағы қатулы, ылғида ашу шақырып отыратын жан.

Қайнар: ауыл тұрғыны.

Арыстанбек: ауыл тұрғыны.

Мерген мен Қарагөз: асырап алған бауырлары.

Бектас: Мергеннің ұлы.

Қасанның төрт ұлы:

Сейсен: тұңғышы

Нұрғали: екіншісі

Еркін: үшіншісі

Бекен: ең кенжесі

Екі қызы:

Жанар: Сейсеннен кейінгі қызы

Гүлжан:Еркіннен кейінгі қызы

Немерелері: үш қыз

Қасым: жиен-немересі

Қасымның туыстары:

үлкен әпкесі Қалқа,

дәу көкесі Мақсат,

жеңгесі Күләндә,

кенже ағасы Серік.

 

Бірінші перде:

 

            Қара шаңырақ. Дөңгелек үстел маңында жас жұбайлар Қасан мен Әсілкүл және әке-шешесі Мұқан мен Ажар бестің шәйін ішіп отырған шақ. Ал арғы жағында бала-шағалары ойын ойнап, үлкендері Гүлжан мен Сейсен сабақ орындап отыр.

 

Ажар: Сол бір жетімдерді бағу енді біздің міндетіміз бе екен? Әке-шешелері тууын туып алды да, өлді де қалды. Ал қалған бар жүгі бізге түсіпті. Не артында қалған дүниесі болса бір сәрі. Көк тиында қалдырмағанын айтсаңшы. Үйі де, көлігі де бәрі совхоздікі. Ол аздай қарыздарының көптігіне не дерсің. Тапқан  екен ақымақты. Керегі жоқ, апарыңдар анау жетімдер үйіне.

Мұқан: Кемпір-ау, (жыламсырап) олар менің туған бауырымның балалары емес пе, жар дегенде жалғыз ағалары бар, маған күні қараған соң, мен бақпай кім бағады енді...

Ажар: Сен сөйлемеші қақпас. Бағатындай сен не істемек едің, бір аяғың төрде, бір аяғың көрде. (қатулы қабағымен)

Қасан: (қызбаланып) Апа, мен бағамын, мен... Жетім көрсең жебей жүр демей ме? Оларды ет жақыны жоқтай қаңғыртып қойғанымыз біздің адамгершілігімзге сын болмай ма күні ертең?

Ажар: О-о-о, әдірем қалғыр, сен шешеңе дауыс көтерейін дедің бе, иттің баласы?

Қасан: Мен бәрібір оларды ертеңнен қалмай алып келемін.

Ажар: Анау алты балаң мен бізді бағам деп, өзің жарымай отырып, енді соларды да мойныңа масыл қылмақ екенсің ғой... Әкелетін бол, мына қатының екеуіңді бұл үйден қуып шығамын. Анау жүгермектеріңді де түгел ала кетесіңдер (немерелеріне саусағын шошайтып). Тек Сейсен ғана қалады, ол менің балам.

Мұқан: Ешкім ешқайда да кетпейді. Пешенесінде әркімнің өз ризық-несібесі бар, қазынасы кең Алла жеткізеді, өлмеспіз.

Ажар: Оттапсың алжыған шал. Дастарханға қарамайсың ба, құры қара су мен қатқан тоқашты тоя жей алмай, анау шұбырған жүгермектерге аузымыздан жырып беріп отырған жоқпыз ба? Ертең анау екі жетімек келген соң нені қорек қылмақпыз? Қасан осыдан әкелетін бол, қатының екеуің бастарың ауған жаққа бөлек кетесіңдер, сонда әлгі жетімдерді бағасыңдар ма, құлдыққа сатасыңдар ма оны тағы өздерің білесіңдер.

Қасан: (Орнынан атып тұрып) Кетсем, кетемін апа. Бірақ ол бауырларымды қараусыз қалдыра алмаймын.

Ажар: Сен балаға тіл бітейін деген екен. Әлде мына қатының ба, сені маған айдақтап жүрген. Кетсеңдер, кетіңдер, қазір кетіңдер! (қолындағы балдағымен келінінің балтырынан бір соғады.

Әсілкүл: (жанұшыра айқайлайды) а-а-а-а  (өз балтырын сипалап, уқалайды)

Қасан: Апа, не істеп жатырсыз...

Ажар: Не істеп жатырмын? Көрмей тұрмысың? (көзі шарасынан шығып) Мә, саған да күшік күйеу... (жанында тұрған Қасанды балдақтың басымен тура маңдай-шекесінен ұрады. Қасан қолымен төбесін ұстап отырып қалады. Маңдайынан жып-жылы қан саусақ арасынан сүзіліп ағып жатқанын, алақанын ашып қараған соң бірақ көреді)

Қасан: Әсілкүл, жинал кетеміз (ширақ қозғалады)

Мұқан: (ашуланып) Жетер! Балам, шешелеріңнің сөзіне де, ісіне де мән бермеңдер. Ешқайда да кетпейсіңдер. Бауырларыңды ертеңнен қалмай алып келіңдер. Ал мына үйден кету туралы ешуақытта да ауыздарыңнан сөз шықпайтын болсын. Бұл қара шаңырақ. Бұның алдында менің әкем тұрған. Енді мені мен сен тұрып жатырмыз. Кейін сенің ұрпағың, ұрпағыңның ұрпағы да тұратын болады. Осы сөзімді есіңнен шығарма. Қара шаңырақты ит-құсқа жем қылып қараусыз қалдырушы болма, ұлым!

Қасан: (терең ойланғандай әкесінің ақ түскен жанарына ұзақ қарап қалады) Мақұл, әке!

Ажар: Қазір ғой ол қара шаңырақ деп қарқ-қарқ етіп отырғаның кәрі қарға. Сен өлген соң көреміз, мына шаңырағыңның талапайға түспегедігін.

Мұқан: Жағың қарыссын кемпір! Бұл үй – аманат. Мен аманатымды бердім, ал ұлым қиянат қылмасына сенемін. Сосын мен қазір өле қояйын деп отырғаным жоқ. (кемпіріне теріс қарап)

Ажар: Өй, алжыған, сонда қанша жасайын деп едің? (мысқылдап)

Мұқан: Құдайым жеткізсе, жүзге деген ниетіміз бар. (сақалын салалап, тамағын қырнайды)

Ажар: Қазірден алжып отырсың, жүзге келіп, немене жынды болайын деп пе едің?

Мұқан: Әй, кемпір, жүзге жеткің келмесе жетпей-ақ қой, сені қинап отырған ешкім жоқ, өзім-ақ жетемін! Ал қазір менің миымды құзғындай шұқи бермей жайыма қалдыр. 

Ажар: Сендердің түптеріңе жетпей қоймаймын, өңшең қараң өшкірлер! (орнынан тұрып, қисайған белін әзер көтеріп, балдағына сүйеніп-ап сахнадан шығып бара жатады)

Мұқан: (қалталарын сипалап жатып) Әй, Сейсен (үлкен немересіне) менің шақшамды әкеліп берші, о, Құдай соққан-ай, қайда қойғанымды да ұмытып қалғанымды қарашы.  (Ақ параққа шимайлап сурет салып отырған немересі, қағаздан басын көтеріп, атасының өтінішіне жүгіріп кетеді. Әр-әр жерді бір-бір ақтарып жатып, әзер дегенде атасының шақшасын төсектің бұрышындағы қуыстан тауып әкеліп береді.)

Мұқан: Ой, айналайын, көп жаса! (баласына қарап) Құдайым қаласа, осы немеремнің тұңғышын көріп, батамды беріп, құшағымда тербетіп ана жақа (көзімен аспанға қарайды) кетсем еш арманым жоқ.

Қасан: Сол күнге жетіңіз, көке!

Мұқан: Балам бері жақындашы. (Құлағына сыбырлап) Мына тамға қарай жүрші ақылдасар жәйт бар еді.

Қасан: Ол тамда апам жатыр.

Мұқан: Ендеше жүр ауыз тамға.  (екеуі ауыстамға шығады)

Мұқан: Балам, соғысқа дейін менің басқа бір отбасым болғанын өзің білесің...

Қасан: Білем ғой, әке бұрын айтқансыз...

Мұқан: Білсең сол, балам, тажал соғыс келіп сол бір шаңырағымды ортасына түсіріп ойранын шығарған жоқ па. Сондағысы мені соғысқа әкетпекші болған. Ал келіншегім сол жылдары ауырып көз жұмды. Қос шиттей ұлымды кімге тапсырарымды білмей, шарасыздықтан интернатқа апарып тапсырғанмын. Ол заманда метірке, документ деген атымен жоқ. Қазір ғой ол, қой-қошқардың да документі бар. Сонда, қос ұлымды Құдайға ғана тапсырған едім. Егер майданнан аман-есен келіп жатсам, сол ағаларыңды интернаттан қайтіп алармын деп жоспарлаған болатынмын. Бірақ амал нешік, қайта оралғанымда ағаларыңды Ресейдегі белгісіз бір интернақта жіберіп жіберген көрінеді. Солай қаншама қаймана қазақтың баласы адасты десеңші. Бармаған жерім, баспаған тауым жоқ, ары да, бері де іздедім, ешкім білмейді. Су жұтқан балықтай үнсіз қалды. Кім біледі мүмкін ныспылары өзгеріп кетті ме екен. Бұны мен не үшін айтып отырмын. Қазір заман дамыған ғой, орталықта телефон бар, почта бар дегендей, өзіңде жиі трактормен қатынап жүрсің, міне мына үшбу қағазда аты-жөндері, туған жылдары (сарғайып кеткен сары қағазды ұсынады), сұрастырып, іздеп көрсең, мүмкін табылып қалар. Не дегенмен де ағаларың ғой. Қайта-қайта түсіме еніп қоймайды, «интернаттың темір шарбағына жармасып жыламсырап «көке, бізді тастамашы» дейді» (жанары суланып)

Қасан: (қобалжып) Қолымнан келгенінің бәрін істеп бағам көке, бастысы уайымдай бермеңіз.

Мұқан: Және кезінде сол қос құлыншағымды қайда қалдырарымды білмеген заман болды. Ал қазір бодан болсақта, тыныш заман. Құдайға шүкір, біз бармыз, бауырларымның балаларын болса жерде қалдыра қоймаспыз, ертеңнен қалдырмай әкел. Олар да бауырларың, келін екеуің, әке орнына әке, шеше орнына шеше боларсыңдар. Қанаттарыңа алыңдар, бөліп жармаңдар.

Қасан: Олардың көзінен бір тамшы жас та тамдырмастан баламыздай қамқорлығымызға аламыз.                 

Мұқан: Сосын жаңағы айтқандарымды шешең біліп қалмасын.

Қасан: Білмейді, қам жемеңіз.

 

Қасан ауыз тамнан сыртқа шығып кетеді. Мұқан да кемпірі жатқан бөлмеге енеді. Қасан сыртта трактордың майын ауыстырып, бір оталдырып, бір өшіріп жүреді. Келіншегі Әсілкүл аяғына оратылған бала-шағасының ортасында, терезеге қарай жақындап сырттағы күйеуінің тірлігіне телміріп қарап тұрады.

 

Әсілкүл: Құдай саған разы болсын, Қасанжан. Бәріміз сүйенген қос иінің мүжілмесін, иілмесін, босамасын. Олай болатын болса, бәріміздің күніміз қараң тартып қалар ма еді. Бәрін бауырыңа басатын бауырмашылдығыңнан, ешкімді бөліп жармайтын адамгершілігіңнен, айналдым. Сен осы көтерген шаңырағың үшін нендей құрбандыққа бармадың, қандай құрбандыққа бармақсың...(Тракторының маторын жөндеп жатқан Қасан, көз қиығымен қайта-қайта терезеде бұған тесілген келіншегіне қарап қояды.)

Қасан: Құдай қосқан қосағым-ай! Мендей пендеге жолығам деп, қиындық пен қасіреттен көз ашпадың-ау. Мен мына жауырыныммен бәрін көтеруге шамам жетеді, тек сен қасымда болсаң болғаны! Сен мойи көрме!  

 

***

 

Бесін ауған щақ. Шал, кемпір, келіні үшеуі түскі ас ішіп отыр. Үйге Қасан бір бозбала мен алты жасар қызды ертіп кіреді.

Қасан: Қош келдіңдер, қарақтарым! Міне, мынау енді сендердің үйлерің болады. Осы шаңырақ астынды, ендіге бәріміз тұрмақпыз. Кіріңдер, қымсынбаңдар (қос жетім аяқ тартып, артқа сәл шегіншектеп батпай тұрады.) Неге ұяласыңдар, жүріңдер, ата-әжелеріңмен таныстырамын.

Мұқан: (орнынан ауырған белін әзер көтеріп тұрады.) Ойбай, белім-ай! Әй, айналайындарым-ау, келдіңдер ме, (қос баланың маңдайларынан кезек-кезек сүйіп, құшақтайды) кел жоғары шығыңдар! Әй келінжан, шәйді қайта қой, дастархан жай!

Қасан: Ал мынау сендердің (қара апасын көрсетіп) әжелерің. (кемпір қабағын тарс жауып, қос балаға сұстана көз салады да теріс қарап отырып алады. Ал балалар өңменінен өтіп кеткен кемпірдің көзқарасынан шошынып Қасанның бауырына тығыла түседі.) Әжелеріңе ешқандай да мән бермеңдер, мінезі қаттылау біраз. (құлақтарына сыбырлайды)

Ажар: Қараң өшкірлерді көзіме көрсетпей әрі әкет!

Мұқан: Тәйт, кемпір! (даусын қатайтып)

Әсілкүл: Күртешелеріңді маған беріңдер, жоғары шығыңдар. Қазір бауырларыңмен таныстырамын, сосын солармен бірге ойнайсыңдар.

Қасан: Ал Әсілкүл мен жұмысқа кеттім, балаларға бас-көз бол, бірдеңеге ұрынып қалмасын!

Әсілкүл:  Уайымдама! Айтқандай қалпағыңды ұмытып бара жатырсың ғой, дала суық. (киім ілгіш үстінде тұрған қалпағын алып береді)

Қасан: Балаларға дұрыстап қара, жарай ма? (Әсілкүлге жақындап. Ол басын изейді.)

***

Шал ұйықтап, келін үйдің тірліктерімен ары-бері жүгіріп жүрген. Ал жетім балалар ас-ауқаттарын ішіп болған соң, не істерлерін білмей үйді бөтенсіп отырған. Осы үйдің бала-шағалалары болса көшеде ойын қуып жүрген-тін. Кемпір құры отырған жетім балаларды жетектеп сыртқа шығады.

 

Ажар: Жүріңдер, айналайын, ойнаймыз. Ойынның аты «жалаң аяқ, жалаң бас, көше кезіп жүрер жас» деп аталады. Шұлықтарыңды шешіңдер! (Кемпір жасанды күлкісімен жанарлары жәутеңдеген жетімдерге қулана қарайды. Олардың ойларында ештеме жоқ, шұлықтарын шешеді. ) Енді осылай далаға шығамыз, жандарым. (Ержетіп қалған Мерген, әжесінің «мұнысы несі» дегендей жүзіне жалтақ-жалтақ қарай береді.)  

Мерген: Әже, аяғымыз жаурайды ғой...

Ажар: Жаурамайды балам, бұның денсаулыққа өте пайдалы екенін, не сендерде мектепте үйретпейді ме? Көп сөйлемей жүре ғойыңдар, оданда. (Балалар амалсыздан қолдарынан ұстаған кемпірдің жетегінде кете береді.)

Қарагөз: Әже, аяғыма тас батып ауыртып жатыр. (жыламсырап)

Ажар: Шыда, қазір үйге кіреміз.

Мерген: Әже, қарындасым жылап жатыр. Оны үйге жіберіңізші, кірсін. Әйтпесе әлсіздеу, тез сырқаттанып қалады.

Ажар: Қазір, екеуің де кіресіңдер. Сәл шыдаңдар бұл тән мен жан саулықтарыңа өте-мөте пайдалы.

Қарағөз: Табаным-ай...

Мерген: Әже, ана жерде тікен көп, бізді ол жақа апармашы...

Ажар: Тікен табанға кірсе, бойға шипа болып, қысты күні ауырмайсыңдар. Мұны да сендерге ешкім айтпаған ба?

Мерген: (Жылап) Әже, біздің аяғымызға тікен кіріп жатыр.

Ажар: Жылама, қарғам, неге жылайсың? Қарашы мен де жүрмін ғой.

Мерген: Сіздің аяғыңызда кебіс бар ғой...

Ажар: Көп сөйлеме, алдыға қарай адым бас, жігітсің ғой.

Қарагөз: Анашым... (бақырып жылайды)

Ажар: Неге бақырасыңдар, жүре ғойыңдар, енді еркелей бермей. (Олар артқа қарай шегінсе де, кемпір тікен үстінде қолдарын қысып ап, алдыға қарай сүйрей жөнеледі)

Мерген: Бізді жіберші әже, өтінем...

Ажар: Бас аяқтарыңды, қу жетімектер, бас, қане жандарың барында... (ашынып кетеді)

 

Алыстан трактордың қарасы көрінеді. Үй жақа жетер-жетпес трактордан секіріп түскен Қасан бұлардың жанына жүгіріп келеді. Екі бала кемпірдің қолынан ытқып шығып, тікенге қарамастан жүгіріп барып Қасанның етегіне жармасады.

 

Қасан: Апа, мұныңыз не? (өз көзіне өзі сене алмайды) Ең болмаса құдайдан қорықсаңыз етті...

Ажар: Әй, жүгермек, сен маған ақыл айтатындай кім едің, соншама. Мен саған не дедім о баста, бұл жетімектерді үйге әкелуші болма демедім бе, енді не дейсің?

Қасан: Егер әлдекім менен сұраса: «мына өмірдегі ең үлкен сынағың не?» деп, мен екі нәрсені айтар едім, бірі мына қараңғы, безбүйрек ғасырды, ендігі бірі мына сізді. (сұстанып)

Ажар: (Ашудан аяқ-қолы дірілдеп кетіп, ұрарға әлдене іздей бастайды.) Иттің ғана баласы, өз шешеңді қабайын дедің бе, бәлем! (Жерден ұрарға ештеме таппаған соң амалсыз тұрған жерінде қақиып тұра береді.) Менен не жамандық көріп едің, сені туып баққаным ба, бар кінәм?

Қасан: Мен ештеме демеймін, әркімнің ары – ең үлкен соты. Бірақ, сіз маған нендей жамандық етсеңіз де, мені жеккөрсеңіз де, бағымды байласаңыз да мен сізді жек көрмек емеспін. Қариялар айтушы еді ғой, ата-ананың разылығы, Құдайдың разылығы деп. (балаларға үй жақты нұсқайды) Балаларым, үйге кіре беріңдер, қорықпаңдар, әйтпесе мұнда жаурап қаласыңдар. Мен қазір барамын.

Ажар: Сендей перзенттен әдірем қалсын, әдірем қалғыр. Оданда Құдай маған, қыз бергенінде еді, ұлдан қыз жақсы. Өзіме тартып туар ма еді. Сен мені бағып пұшпаққа апарып жатырсың ба, бала емес пәлесің сен, білдің бе? (көзі шарасынан шыға жаздап)

Қасан: (жүрегі ауырып) Апа сондағы кінәм, бала күнімнен бері таяғыңызды  жеп өскендігім бе, немесе  ғалым болам деген үлкен арманымнан бас тартып, он жасымнан қара жұмыс істеп, сіздердің бір жақтарыңызға шыққаным ба?  Әлде он төртімнен трактор айдап, калхозға қызметке кіріп, үйдің барлық жауапкершілігін өз мойныма алғаным ба? Мүмкін бала-шағалаларым ешкімнен кем қалмасын деп, ішкізіп-жегізіп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп жатқаным ба? Мен жете алмаған биікке солар жетсін деген ниетім бе? Ал енді, мына қос періштені де балаларымнан кем көрмей қанатым астына алғанымды да күнәмдей көрмекшісіз бе?    

Ажар: Иә, балам сенің кінәң де, кемшілігің де осы – мейірімділігің. Осы мейірбандығыңның кесірінен мына жалған дүниеде көп опық жейсің. Заманың түлкі болса, тазы болып шал деген. Сенің осы адалдығың сорың болады. Айтқаным келеді, қара да тұр. Мына қатыгез қоғамда, мейірім мен адамгершіліктің қажеті шамалы-ақ. Ондайлар нағыз бақытсыз. Ешкімге есеңді бермей, тырмысып, жармасып, аларыңды қағып алып қалу керек. Әттең, маған тартпадың, анау еркек емес ез, әкеңе тарттың. Сол секілді жуас, бойкүйез, жұрттың көңіліне қарап қалған көңілшек боп өстің.

Қасан: Апа, доғарыңыз, үйге кірейік. (сұп сұр боп кетеді)

Ажар: Асықпа, тыңда мені! Ертең мына күшіктерің мен жетімектерің есейеді. Сонда әрқайсысы бетімен кетіп, сенің жаныңды жай таптырғанын көрерміз. Қасқырдың баласын қанша бақсаңда орманға қарап ұлиды. Мына екі жөгермек, қанаты қатқан соң, ұшады да кетеді. Тіпті артына да қарайламайды. Өсерін өсіп, жетеріне жеткен соң, сені несіне керек қылсын. Ал анау балаларың, нағашысына тартқан, бәрі қу, анау келін құсаған. Олар өссе, сенің сорың болып жабысады. Әрқайсысын уайым қыламын деп ақ өмірің өксікпен өтеді де кетеді. Әрбірі өз армандары мен қиялдарын қуып, ұлдарың бір-бір ұзын етектінің соңынан кеткенде, менің сөзімді есіңе аларсың. Ал сонда сенің мейірім мен кең жүректілігің нендей пайда беретінін көрерміз... Адам өзі үшін ғана, тек өзі үшін өмір сүру керек. Болды, басқасының бәрі сандырақ.

Қасан: (Қызарып-бозарып) Апа неге олай дейсіз, жақсы сөз сөйлесеңіз етті. Құдай сақтасын. Менің түсінігімде мейірім ғана адамзатты, мына қараңғы замананы құтқармақ. Ал сіз айтып отырған мендік, өзімшілдік, мен-мен деген тойымсыздық тек қана құрдымға құлатады. Перғауынның кебін киеді.

Ажар: Саған теріс батамды бердім, балам. (теріс бұрылып кетіп бара жатады)

Қасан: Апа, олай демеңізші... Мен сізді бәрібір жақсы көремін ғой, маған ризашлығыңыз керек...

(Аспан күркіреп жаңбыр жауа бастайды. Ол тізерлеп отырып өзінің шаңырағына қарайды.)

Қасан: Апа сіз айтқандай болған күннің өзінде, адамгершіліктің құны көк тиын татымаған мына заманда, мен сол ізгі ниетімнен өліп кетсемде таймақ емеспін. Мен осы шаңырақты құлатпаймын деп көкеме уәде бердім. Сөзімде тұрамын. Адамдығымнан айрылған күні, бәрінен де айрыламын. Ол күннен сақтай гөр, Жазған! (Қолын көтеріп, жанарын аспанға аударады) Тәңірім, мені тура жолда әлсіз қыла гөрме, мына ұрпақтарым мен қос жетімді жеткізейін, күш бере гөр!   (Үйге кіре бергенде кенже ұлы Бекен алдынан жүгіріп шығады.)

Бекен: Әке, тәтті әкелдің бе? (мойнына асылады)

Қасан: Әкелдім, барлықтарыңа да жетеді. (Бекенді мойнына көтеріп, қолындағы себеттегі алмаларды келіншегіне береді.)

Бекен: Алақай, әкем алма әкелді. (қуанып, алақанын шапалақтайды)

Нұрғали, Еркін, Жанар: (бәрі жамырап) апа маған берші, жоқ маған, бірінші маған.

Бекен: Ең үлкені менікі.

(Қасан көрпеде үнсіз отырған Мерген мен Қарагөздің қасына келіп жайғасады. Мергеннің арқасынан қағып, Қарагөздің басынан сипайды.)  

Қасан: Мына ағаларың мен әпкелеріңді ұмытып кетпеңдер!

(Бекен апасынан алған алмаларды алып Мерген мен Қарагөзге береді)

Қасан: Ақылыңнан айналайын балам, келші бетіңнен бір сүйейін.

Бекен: Әке, ат болшы!

Балалары: Әке бізге де ат болшы. (оның артынан басқа балалары да жағаласа кетеді)

 

Әсілкүл: (пешке отын салып жатады) Қойыңдар, әкелерің жұмыстан шаршап келді, мазасын алмаңдар.

Қасан: Ештемесі жоқ, балаларымды көтермей, кімді көтермекпін. Келіңдер, тек кезек-кезекпен отырыңдар. Бірінші, Бекен-ай сен отыра ғой.

Бекен: О-о-о бермен кел, менің асау айғырым! Оп-па (төрттабандап отырған Қасанның арқасына отырады.) Чө-чө, қане, шап, жануарым, шап!

Қасан: (жылқыша кісінеп, тізерлеп ары-бері жүреді) Құлап қалма балам, мойнымнан қаттырақ ұста.

Жанар: Әке мен де Бекеннің артына міңгесейінші.

Қасан: Келе ғой, отыр. Бекен сен бері, мойныма қарай отыр. (Жанар да отырып, үй іші күлісіп, бәрі арқа-жарқа болады)

Әсілкүл: Сендерді арқалап жүрген әке-шешелеріңді ертең осылай бағады ма екенсіңдер, әлде бір-бір қиял соңынан кетер ме екенсіңдер, ә? Бекен-ай? (қиылып балаларына қарайды)

Балалары: (жан-жақтан жамырап) Бағамыз, бақпағанда ше! 

Бекен: Мен де бағамын.

Әсілкүл: Ой, айналайын, қайтіп асырайсың бізді?

Бекен: Сендер қартайғанда жоңышқа өсетін егістікке апарып сонда біраз жайғап, тойдім дегендеріңізде үйге қайтып алып келемін...

(бәрі ду-ду күледі)

Әсілкүл: Балам-ау сондағысы бізді жоңышқа жейтін малға теңегенің бе... (өтірік ренжігендей болады)

Қасан: Бекен-айға күлмеңдер, қайта бағамын деген сөзіне рақмет! Бұған реніш жоқ енді, көріп жүргені де сол жайған мал мен қора-қопсы болса не дерсің. Бала қиялы ғой (күледі)

Ажар: (бөлмеге кіріп келеді) Ой, өңшең, қараң өшкірлер! Ойыннан басқа сендер не білесіңдер. Тұрыңдар былай жолымнан. Сен де (Қасанға) балалармен бала боп, әке сияғың жоқ. (Келініне қарап) Әй, келін тамағың дайын ба? Асқазанымыз ұлып-ұлып, ішігіміз қабырғамызға сіресіп қалатын болды ғой. Атауымызды да дер кезінде ішпейміз бұл үйде.

Әсілкүл: (көңіліне алып қалса да, өтірік жымияды) Апа, міне бес минутта дайын болады жайғаса беріңіз.

Ажар: (немерелеріне қарайды) Шақырыңдар, ана қақпасты. Әкелеріңнің үйінде отырған жоқсыңдар, ары кетіңдер. (көрпеде отырған Мерген мен Қарагөзге қолын ербеңдетеді) Қарашы, жүдә, төрге шығып алуларын. Қазірден төр менікі дейсіңдер, ертең төбемізге әңгір-таяқ ойнататын шығарсыңдар.

Мұқан: (Бөлмеге енеді) Тиіспе балаларға! (қатаңдау)

Ажар: Ары кетші сен, қақпас!

Мұқан: (баласына басын изеп) Балам, жүрші былай қарай.

Қасан: (бөстекке қисайған қалпында басын көтереді) Келе жатырмын, көке.

(Ауыз тамға әкелі-балалы шығады.)

Қасан: (әкесіне құлағын тосып, сыбырлайды) тыңдап тұрмын көке. Әлгі мәселе бойынша ма?

Мұқан: Иә, сол шаруа бойынша.

Қасан: Орталыққа бардым, әкімшілігі бар, полицей участогі бар, басқасы бар, кірмеген есігім қалмады, таба алмадым өкінішке орай. Онысы аздай олар мені келеке қылып, «тағы қырық жыл өткен соң келмедің бе?» дейді.

Мұқан: Өй, өңшең, білгіштер, әжуалауын қарашы олардың. (тістеніп) Сонымен?

Қасан: Амал жоқ, ешбір дерек-дәйек болмаған соң, өтініш беру жәшігіне  іздеу саламын деп бір тілім қағазды салып кеттім. Жауап келіп жатса өздері хабар жіберетін көрінеді.

Мұқан: Не де болса үміт үзуге болмайды. Дұрыс еткенсің. Егер хабар жолдап хат келіп жатса маған айтуды ұмытпа.

Қасан: Мақұл көке, бірден сізге айтамын. Жүріңіз кешкі асқа отырайық.

(Екеуі бөлмеге кіреді. Дастарханға жайғасады.)

Ажар: Сен екеуің не деп пыш-пыш сыбырласып жүрсіңдер. Совет одағын құлатайын деп жүргеннен саумысыңдар осы?

Қасан: Ондай ойымыз жоқ апа. Бірақ жақсы идея тастадыңыз. (күлімсіреп әкесіне қарайды)

Мұқан: Балам, ертең ертемен сен жұмысқа кетпей тұрып үйдің ар жақ, бер жағына ағаш ексек. Бағана ауладағы ең үлкен деген бәйтеректердің шыбықтарын бұтап қойдым. Соларды егіп, суғарсақ олар да үлкен бәйтерек болмай ма. Соның саясында үрім-бұтағымыз тынығып, құстар ұя салар, ал көлеңке іздеген жолаушылар тыныстап қайтар. Ал мына атам еккен бәйтеректер қурап, шіріп құлағалы тұр.   

Қасан: Жақсы, сөйтсек сөйтейік. Ертең онсызда жұмысқа кештеу барамын. Дейірменде көп те жұмыс қалмады түс ауа үлгеріп қаламын. 

Ажар: Тал егу не теңдерің. Баланы бос іске араластырма, оданда жұмысына барсын, ақша тапсын. (тыжырынады)

(Мұқан мырс етіп күледі де қояды)

 

***

 

Мұқан шал мен ұлы Қасан екеуі ағаш егіп жатыр.

 

Мұқан: Әп, бәрекелді ұлым! Осы шыбық көресің күні ертең бәйтерек болады, оның тамырынан көптеген шыбықтар өніп-өсіп оларда бір бір бәйтерекке айналады, осылай ақыретке шейін жалғаса бермек. Құдды бір біздің ұрпақтарымыз іспетті. Ағаштар осылайша қара шаңырақты дауылды күндері жел-бораннан қорғаса, күннің аптап ыстығында саясына алады, ал көктемеде құлпырып бүр ашып, жауын жауса қолшатыры болмақ.  Біздің ұрпақтар да бұл үй қаңсырап қалмауы үшін ие болып қалуы тиіс. Біздің үрім-бұтақтарымыздың көбеюі үшін мына балаң шыбықтың қандай маңызды рөл атқаратынын енді түсінген шығарсың. Ал анау шешеңе мән берме, ол алжыған, сөйлей береді... Бастысы мына шыбықты қазір қалай күтсең, анау бала шағалаларыңа да солай тәлім-тәрбие беріп, қара...

Қасан: Мақұл, айтқан сөздеріңізді үлкен жауапкершілік деп білем. Бұл қара шаңырақты көзімнің қарашығындай қарайтын боламын. Ал сіздің ұрпақтарыңыз осы шаңыраққа ие болып, атыңызды өшірмейтініне де сенімдімін.

Мұқан: Бала кезімде қариялар айтатын, сондағысы пайғамбардың сөзі екен, «Үйленіңдер, көбейіңдер, мен сендердің көптіктеріңмен қиямет күні басқа үмбеттерге мақтанамын» дейді-мыс. Ол пайғамбар бекерден бекер ешнәрсе айтпаса керек-ті... Мына өмір де үлкен отбасымен құндырақ. Менде балам қайбір ілім бар дейсің ана жерден, мына жерден естіп-көрген білгенімізді айтамыз ғой... Сені де қу тіршілік деп жүріп оқыта алмадым, еңбекке ерте араластың. Оныңмен қоймай бізге қарайласып, ол аз десең бала-шағаңды бағып келе жатырсың. Келер ұрпағымыз ілім мен білім қуып, мына өмірдің небір ашылмаған сырларын терең түсінетін күн де келетін болар. Әкем, «балам мына жалған дүниеде адам деген атыңа лайықты ғұмыр кеш» дейтін. Маған бұдан артық сөз өмірімде өте әсер еткен емес. Шамам келгенше сол атқа лайық ғұмыр кештім бе, кешпедім бе Құдай біледі... Енді, ұлым саған да айтар кеңесім сол, әкемнің сөзі... Менен мұра болып, көп дүние қала қоймас, алайда осынау қара шаңырақ пен мына бәйтерек һам осы сөз қалар.

Қасан: О, не дегеніңіз көке! Менің мақсатым дүние қуу емес. Бұл өткінші дүние кімге қалған. Менмін деген перғауынның өзі ие бола алмаған бұл дүниені мен қайтпекпін. Жалғыз тілегім де сол, адамдығымнан айрылмай ұрпақтарым мен мына жетім бауырларымды жеткізсем. Одан артық маған не керек дейсіз. (Сосын көкесінің қасындағы қарағашқа қарайды). Көке мына қараталды қашан егіп едіңіз?

Мұқан: Қазір саған ектіргенімдей сендей жасымда әкем ектірген. Ол кез келмеске кетті ғой. Желкілдеген жас едік, ойда ештеме жоқ. Бар ойымыз ермек қуу ғана еді. Өкініш көп балам, қайбірін айтарсың. Айта берсең әрбіріне бір-бір кітап жазуға болатын шығар... Қой, үйге кірейін, сен жұмысыңа бар...

(Екеуі екі жақа кетеді.)

 

                                                  ***

 

Бейіт басында. Түм отбасы Ажар кемпірдің моласына құран бағыштап, зияраттап келеді.

 

Сейсен (үлкен ұлы): (Еркінді жұлқылайды) Жақсы болсын, жаман болсын өз әжең емес пе, көңіл айтып келгендерге неге жыламайсың?

Еркін: (ағасының қолын қағып жібереді) Жыласаңдар өздерің жылай беріңдер. Сендерге жаман қараған жоқ. Ал мені күні-түні тоқпақтап, мейірім танытқан жоқ, тек қатыгездігін ғана көріп өстім. Сонда өтірік мүләйімсіп қалай жыламақпын?

Сейсен: Тым болмаса басылып отыршы, атам құран бағыштағалы жатыр. 

Мұқан: (Фатиха мен ықылас сүресін оқиды. Алақанын жайып дұға оқиды.) Құдайым қосағымның жатқан жерін жайлы, топырағын торқа қыла гөр. Тіршілігінде жасаған үлкен, кіші күнәларын кеше гөр. Бәріміз де сенен келдік, саған қайтамыз. Әумин. Ал апаларыңның басына бір-бір уыс топырақ себіңдер. 

Мерген: (Қарагөзге қарап сыбырлайды) Жер айттырып бармасын, әжеміздің өлімімен үйдің тынысы кеңіп салатын болды ғой.

Қарагөз: Ешқайсымызды аямады, көресіні көрдік. Өлімі бәрімізді құтқарып қалды десем артық бола қоймас.

Гүлжан: Көкеміз бен атамызға қиын болды-ау, қарашы бейіт басында екеуінің үнсіз отырыстарын.

Жанар: Әсіресе көкемнің қос иіні салбырап кетіпті. Не дегенмен де шешесі емес пе.

(Бейіт басынан ұзамай әке мен бала отырады)

Мұқан: Осылай балам. Топырақ береді, топырақ алады. Топырақтан жаралған тәніміз, топыраққа айналады. Ерте ме, кеш пе бізде осы қабірстанның бір-бір бұрышын паналаймыз. Ол күн біздің аяқ киіміміздің бауынан да жақын екені ақиқат. Саған айтар ақылым, маған да көп қалған жоқ, анау балаларыңа қамқор бол, мейіріміңді аяма. Махаббатыңды қаншалық бөлсең, соншалық ұлғаяды. Не дегенменде пешенеңнен көресің, бірақ еш уақытта адам кеипіңнен айныма.

Қасан: Айныман, әке! Сіз бен анамның аппақ үмітін ақтау үшін қолымнан келгенін жасап бақтым, жалғыз уайымым апам маған разы болды ма екен...

Мұқан: Уайым етпе, разы болмағанда ше, өз баласы ғой. Сен оданда өсіп қалған балаларыңның ертеңін ойла. Қарагөз тұрмысқа шықты. Мерген мен Сейсенді үйлендірдік. Осылай-осылай әкелік борыштан құтыла бересің. Ендігі кезек Гүлжанда-ау деймін...

Қасан: Өзімде соны ойлап жүр едім. Сырттай құда түсіп жүргендер көп.

Мұқан ата: Жүр балам, күн де батуға таяп қалыпты. (екеуі күн батысқа қарай жүре бастайды)

Қасан: Уақыттың жылдамдығына дауа бар ма? Алдамшы өмір. Күн мен түннің ортасындағы қу тіршілік. Біз өзі қайда бара жатырмыз әке?

Мұқан: Бесіктен қабірге. Пәниден бақиға. Өзімізден Құдайға бара жатырмыз балам. Ал солардың ортасындағылардың бәрі мұратымыздың көпірі ғана.

Қасан: Біз қазір көпір үстіндеміз бе әке?

Мұқан: Шайқалған көпір үстіндеміз. Жан-жағымыз жар мен құз.

Қасан: Мен күн батқан шақты сондай жақсы көремін әке. Өмірімнің соңғы сәтінде іңірге қарап тұрғым келеді.

Мұқан: Ал мен таң атқанын жақсы көремін. Онсызда менің күнім батып бара жатыр. Ал таң атқан соң бәрі басынан басталады... Сендердің ертеңдерің менің таңым болмақ...

(Мазар жақтан уілдеген дауыс естіледі)

Ажар: Мына заманда өмір сүру үшін, мейірім мен махаббатты тәрк ету қажет. Олай болмаған жағдайда аждаһа ғасыр сені үрім-бұтағыңмен түгел жұтып қояды. Бұ сұм заманда тек қатыгездер ғана тіршілік ете алады.

Әке мен бала: Астапыралла-астапыралла!  

 

Екінші перде:

 

Қара шаңырақ. Күн батысқа қарап есік алдында Қасан мен Әсілкүл отырады.

 

Әсілкүл: Атам марқұм «Гүлжанның тойына барып бата берем, Сейсеннің қызын, яғни шөберемді қолыма алып тербетем» деп кезінде көп айтушы еді, сол ниетіне жетіп қайтыс болды. Тоқсанға келген атамда арман жоқ шығар-ау.

Қасан: Шешем марқұмға, «сен жетпесең жетпей-ақ, сол күнге өзім жетем» деуші еді. (күледі) Екеуінің де жаны жаннатта болсын!

Әсілкүл: Әне-міне дегенше немерелі боламыз деп кім ойлаған. Оларға қарап жүрегімнің жібіп, елжіреп кететіні.

Қасан: Гүлжанымнан хабар келмей жатыр ғой.

Әсілкүл: Уайымдайтын түгі жоқ, бүгін-ертең хабар жетіп қалар. Ұзын құлақтан естуімше Кенен күйеу баламыз ұлым дүниеге келсе ат шаптырып той жасаймын дейтін көрінеді. Өзі де қызба мінезді, ұшқалақ.

Қасан: Қайтіп той жасасын. Оқуын бітіріп жұмысқа орналасқаны жаңа. Бір жағынан құдағидың мінезінің қаттылығынан шошимын. Біздің қызды қоя берші, келіндік борышын атқарар. Ал ана баласына күн көрсетпейді ғой, о, тоба! Ұрып-соғама одан қалса бір артық адым аттатпайтыны тағы бар. Баланы сонша торға қамауға бола ма екен. Оған көнген бала бар ма, ол да қамала-қамала өкпесі қысылып талай бұзықтық жасап өсті. Жас та болса арақ ішетінін уайым қылам. Шарап ешкімді жақсылыққа апарған емес. Тезірек сол жаман әдетінен айрылса етті. Бір ауылда тұрған соң амалсыз бәріне де куә болады екенсің...

Әсілкүл: (Құдағи дегенде аузының суы құрып жамандауға көше жөнеледі) Баласын аямаған құдағи, мына біздің қызымызды аяйды дейсің бе. Оған қарасам жарықтық Қарапам есіме түседі. Не де болса қызымыз өзі сүйіп қосылған соң, отымен кіріп, күлімен шығар, басқа не дерміз! Ал Кененге келсек, күйеубала жақсы, өзі сондай кішіпейіл «анажан» деп іші-бауырыңа кіріп кете жаздайды. Ал арақты қазір кім ішпей жатыр дейсің, есі кірген соң қояды да.    

Қасан: Арақ талайдың есін кетірген соң, ішкенге ес қайдан кірер дейсің. Гүлжанның халі нешік екен. Қызым-ау аман есен босанса болар еді. (уайымдайды)

Әсілкүл: Босанғанда тұрған немене бар, ештеме жоқ, ертең-ақ жиенімізді құшаққа алып отыратын боламыз. Уайымдайтын түк емес, алты баланың шешесі боп алдыңда тұрмыз.

Қасан: Сегіз де... Мерген мен Қарагөзді ұмытпасаң етті...

Әсілкүл: Оларды баламдай бауырыма бассам да бөтендіктерін танытып әрдайым басақаларынан бөлініп жүретін өздерінен көрсін. Бөлініп жейді, бөлініп ішеді одан қалса ойнайды. Бөрінің баласын қанша бақсаңда орманға қарап ұлитыны рас па деп қалам.

Қасан: Тәйт, қатын, не деп тұрсың сен өзі!? Олар менің әкемнің аманаты. Оларды олай алалама.

Әсілкүл: Алалап отырған ешкім жоқ. Өздері бала күннен бері бөлінетінін сенің ақиқатты ғана көретін көздерің неге ғана көрмей қалды екен, а? Қарагөзді ұяға, Мергенді қияға қондырдық. Оларды бағып-қағып өз баламыздан артық болмаса кем көрген жеріміз жоқ. Сондағы жақсылықтары осы ма, біздің көңілімізді көтеріп, рақметін айтып бір сыйлық жасады ма. Сыйлығын қойшы сондағы, зияраттап келді ме десеңші. Ол аздай қоңы... (Қасан сөзін бөліп жібереді)

Қасан: Сен кемпір немене деп былшылдап кеттің. Айтып отырмын ғой саған ол балалар – аманат. (қызбаланып кетіп, сәл кідіреді.) Біз өз міндетімізден құтылдық, ендігісін өздері біле жатар... (іштей ренжігендей сөйлейді)

Әсілкүл: Шал-ау, ішіңдегіні өзге білмесе білмейтін шығар, бірақ отыз жыл отасқан менен жасыра аламын деп отырсың ба. Сенің соларды ойлап, кейде ренжіп түн баласы дөңбекшіп шығатыныңды мен көрмей жүр дейсің бе...

Қасан: Қойшы-ей сен де қайдағыны айтып. (Жолға қарайды) Анау жалғыз аяқ жолмен келе жатқан кім болды екен? Бізге қарай аяңдап келе жатыр ғой.

Әсілкүл: Жүрісі суыт көрінеді...

Қасан: Тәңірім-ау, тыныштық болса етті!

Жалғыз жаяу келген жан бұларға жақындап сәлем сауқат сұрасады.

Қасан: Біздің Нұрғалмен бір сыныпта оқыған Бейсенбайдың баласы Қайнар емессің бе, шырағым?

Қайнар: Дәл өзімін көке! Сіздің күйеубалаңыздың көршісімін. Аман есенсіздер ме?

Қасан: Аманбыз шырағым, қалай әке-шешең жақсы, күйлі-қуатты ма?

Қайнар: Алла деп жүріп жатырмыз...

Қасан: Бәрі тыныш па балам, жүрісің суыт қой...

Қайнар: (қобалжиды) Неден бастарымды білмей тұрғаным, көке! Қалай айтсам екен... (кідіріп тұрып қалады)

Әсілкүл: Малтаңды езбей, айтсаңшы енді, тыныштық па?

Қасан: Әй, сен де бір жағаласып... Отыршы жайыңа, айтады ғой...

Қайнар: Тыныштық болмай тұрғаны сол жеңеше. Бір жақсы, бір жаман жаңалығым бар. Қайсысынан бастайын?

Қасан: Қайсысынан бастасаңда басташы әйтеуір... (көңілі бұзылып)

Қайнар: Қыздарыңыз Гүлжан бүгін ұл босаныпты, немерелі болдыңыздар, құтты болсын!

(шал мен кемпір бір-біріне қарап қуанысады)  

Қасан: Әй, мынауы жақсы жаңалық екен, а, кемпір. Мынаны атап өту керек қой.

Әсілкүл: Лепірмей тұра тұршы, әлі жаман жаңалығы бар, аты өшкір.

Қасан: Ә-ә-ә, иә, айтқандай (төмен қарап ойланады) сол бар екен ғой... Қызым мен жиенім аман-сау ма?

Қайнар: Аман-есен, он екі мүшелері сау.

Қасан мен Әсілкүл: Құдайға тоба!

Қасан: Ендеше екінші жаңалығың не?

Қайнар: Бекем болыңыздар! Бүгін түс ауа күйеубалаларыңыз Кененнен айрылып қалдық!

Қасан: Не дейсің, құдай ау! (көзі шарасынан шыға жаздап)

Әсілкүл: Өлді дейді ғой, о, сорлы басым-ай! Гүлжаным-ау енді қайтпексің! (жылайды)

Екеуінің басына жай түскендей, болған жәйттерге не-қуанарларын, не жыларларын білмей орындарынан тұрып, теңселіп жүріп аза тұтады.

Қасан: Қарағым, неден қайтыс болды? (көз жасын жеңіне сүртеді)

Қайнар: (салбыраған басын көтерместен) Көлік апатынан деседі. Ұлының туғанын естіп әкесі Арғынбайдың көлігіне қызу күйінде отырып алып, жол апатына түскен дейді-міш.

Қасан: (басын ұстап) Обал-ай, қайран жалған ғұмыр-ай! 

Әсілкүл: (жоқтайды)

Баламдай ең күйеубалам,

Сыйдырмады ма бұл ғалам,

Жесір қалды ма жан жарың,

Жетім қалды ма жан балаң...

Арқаңнан қаққан жан әкең,

Сүйеу болар деп күні ертең,

Сені өсірген шағында,

Жай түскендей түнектен,

Бәрін жайпап кетті ме?

Өтті ме, ғұмыр, өтті ме?

Артыңда қалған анаң да,

Тасбауыр мынау заманда,

Жылуды сенен көрем деп,

Өсірген шақта алаңдап,

Келмеске кеттің, балам-ау!

Қалды ма бәрі, қалды ма?

Қайғыға бізді салды ма?

Сәби көзінде ендіге

Қалғыма өмір, қалғыма.

Артыңда қалған балаңа,

Кім енді әке болады,

Асықтың неге қарағым?

Тумай жатып ақ балаңның

Жүрегі болды жаралы...

Артыңда қалды барлығы,

Қызым да бірі жарлының,

Жесір боп енді қалды ма,

Сезініп пәни тарлығын...

Оғанда бас көз болар ма ең,

Аттанып кеттің келмеске,

Шара табылмас өлмеске,

Сылтау таба алмай тұрмыз-ау

Өлді дегенге сенбеске...

Балам-ай, қайран, балам-ай! 

Әсілкүл зарын айтып зарлап жылап жатқанда Қайнар Қасанды бір шетке шақырады.

Қайнар: Көке бір шетке ығыссақ...

Қасан: (Қасан жоқтап, жылап жатқан кемпіріне бір қарайды да, Қайнардың қасына жақындайды) Айта бер... Әлде, тағы да бір сұмдық айтылмай қалды ма? (сескеніп)

Қайнар: Қалай айтсам екен, солай десем де болады.

Қасан: (түңіліп) Сезгенімдей-ақ екен...

Қайнар: Ешкімге тіс жарып айтпай-ақ қойсаңыз дұрыс болар еді. Арғынбай көкеме сөз де бердім, бір жағынан басқа-басқа сіздің білгеніңізді жөн санап отырғаным. Бүгінгі болған оқиға жөнінде. Асылы, күйеубалаңыз көлік апатынан қайтыс болмады. Өз көзіммен көрдім. Кенен ағам ұлының туғанын ести салысымен араққа сылқия тойып өзінше үйіндегі аға-әпке, інілерімен атап өткен болады. Арғынбай көкемнің «қой, енді, жетер мұнша ішкенің» дегеніне де құлақ аспайды. Соңыра перзентханаға барамын деп шешесінен аз-маз ақша сұрайды. Жеңешем де «қатынжандысын қара бұның бес тиын да жоқ. Аман болса келеді өзі» деп қыңыр қылық танытқан соң, Кенен ағам ашуланып «бермесең де бәрібір барамын» деп, Арғынбай көкемнің жигулиіне мінбекші болады. Сол кезде бір жағынан көкем, бір жағынан жеңешем «қой» деп, қарғыс-ұрысын жаудырғанына қарамастан көлікті оталдыра бергенінде, жеңешем үйден мылтықты алып шығып алдына кесе-көлденең тұра қалып: «мына үйден бір адым аттап көр қатынжанды күшік, мұрттай ұшырам» деп ызаланады. Айналадағы қыз-ұлдары «анажан, бір ашуыңызды бізге беріңіз» дегеніне де қараған жоқ. Жеңешемнің ату ойында да жоқ еді асылында. Іс-әрекетіне қарағанда тек қорқытпақшы болған сыңайлы. Көліктен ызаланып шыққан Кенен ағам жеңешемнің алдына тұра қалып «өз балаңды атпақшысың ба, атсаң, ат...» деп кеудесін тоса қалады.

Қасан: (аяқта тұра алмай) Алда-ай, не боп кетті... (Жерге отыра қалады. Қасына Қайнар да жайғасады)

Қайнар: Бәрі көзді ашып жұмғанша болды. Не дегенмен де жан шіркін тәтті ғой. Мылтықты Кенен олай бір, бұлай бір жұлқыламақшы болған да, екеуінің де шарт қимылынан мылтық атылып кетеді.  Сол сәт араларына біреу-міреу араша түскені былай тұрсын, кірпік қағып болған да жоқ-ты. Жақындап қараса Кененнің кеуде тұсынан қан ағып жерде сұлық жатыр екен. Ал жеңешем талықсып барып отыра қалады, жүзі қудай сұп-сұр боп кетіпті.

Қасан: Кеудемдегі жараның үстін одан бетер тырнай түстің ғой, балам-ау... (сәл үнсіздік) Сосын не болды, жалғастыра бер?

Қайнар: Одан кейін үй ішіндегілер Арғынбай көкемнің бұйрығымен жиналып, өзара ақылдасып, ақыр аяғында Кененді көлік апатына түсті деп шешім қабылдайды. Бұған үй-ішіндегілер келісе кетеді. Ал жеңешем үйге кірген бетінен шыққан жоқ. Көкем жигулиін арнайы барып аула шетіндегі талға апарып соғады. Өз араларында сондай бір айла-әрекетке амалсыздан барды деп түйдім. Осы жаңа ғана милиция-патрульдер келгенінде көкемдер тыққан-пыққандарының бәрін шығарып, олардың қалталарын қомпайтып, риза ғып шығарып салды. Заң бізде қашан әділетті болып еді. Соңында, Кенен жарықтық көлік апатынан қайтыс болған болып шыға келді. Олар бізге де келіп, ешкімге тіс жармауымызды жалынып өтінді. Мені Кененнің өлімін естіртуім үшін сіздерге жіберген еді, ашық ауыз мен сізге айтқанды жөн көрдім. Бірақ сізден жалынып сұрайтыным ешкім білмесінші.

Қасан: Мен сырға бекем адаммын. Ал сен сыр сақтай алмайтын көрінесің. Керісінше мына сен жұмған аузыңды ашып қоюшы болма. Анау жора-жолдастарыңның арасында өсек тасыған қатынға құсап, не болса соны айтып қойып жүрме.

Қайнар: Көке, о, не дегеніңіз... (сасқалақтап) Мен сіздің қамыңыз үшін амалсыздан айтқаным еді, ғафу өтінем... Мен кетейін ендеше.

Қасан: Жарайды, балам... (жынды адамша теңселіп Әсілкүлдің қасына келеді) Әй, кемпір, кемсеңдей бермей, түре гел. Өлген артынан өлмек жоқ...

Әсілкүл: Гүлжанымның күні енді не болмақ... Шиттей баласымен мынандай зауалды қайтіп көтермек? Өмірге сәби әкелдім деп қуаныштан бал-бұл жайнап жатқанында, мына суық хабарды естіген оның жас жүрегі көтере алар ма...

Қасан: Қойшы енді, қайдағыны айта бермей. Біріншіден, бұл – жалған өмір. Екіншіден, менің қызым, өзіме тартқан мықты. Шыдайды.

Әсілкүл: Бірі өмір есігін ашып жатқанда, бірі жауып жатқанын қарасаңшы...

Қасан: Тұр, енді, көңіл айтуға барайық...

 

***

          

Қара шаңырақ. Бесік жырын айтып Гүлжан бесік тербетіп отырады. Қасан мен Әсілкүл қызы мен жиенінің маңайында, баланы қызықтап, әңгіме-дүкен құрып жатады.

 

Әсілкүл: Ой, Алла ұқсамаса тумай қалғыр, марқұм әкесінің аузынан түсіп қалғандай-ақ екен.

Гүлжан: Жеңеше, біз жаққа да ұқсастығы бар ғой. Қарасаңызшы қара торлылығы көкеме тартқан сияқты.

Қасан: Өзіме тартқан бұл бала, көрмейсіңдер ме, пұшық мұрынды...

Әсілкүл: (жерден жеті қоян тапқандай қуанып) Әй, шал-ай қайдан байқап қойдың, расында да мұрыны өзіңдікі екен-ау... (сәл кідіріп). Жарықтық жаны жайсаң күйеу балам тірі болғанда еді, төрт көздерің түгел, өз баласын қойнына алып, айналшықтап қасынан шықпай жүретін бе еді, кім білсін... (көз жасын ормалының ұшымен сүртеді)

Гүлжан: (үнсіз ол да жеңіне көз жасын сүртеді) Басыма мұндай жай түсердей мен құдайға не жазып ем. Ерімді қара жер қойнауына тапсырдым, ал оқуым болса қалада аяқталмай қалғаны анау... Бейкүнә баламның жатысы болса бұл... Қайтерімді, не істерімді де білмей дал болып жүрген түрім болса мынау... О, Құдай-ай!

Қасан: Басқа-басқа қызым, күпір сөйлеме. Жазмыштан озмыш жоқ! Бұл да бір Алланың тағдыры әрі сынағы. Мына балаң үшін, балаңның болашағы үшін сен мойыма, мықты бол. Сабыр ет! Сенің жай-күйіңді біз әке-шешең түсінбегенде кім түсінеді. Оқуыңды жарты жолда тастамай, бар да аяқтап қайт!

Гүлжан: Оқып жүріп балама қалай қарамақпын... Оның үстіне жатақхана...

Қасан: Балаңды уайымдама. Оны біз мына кемпір екеуміз бағамыз. Көзіміздің қарашығындай қарайтын боламыз...

Әсілкүл: Жөн-жөн шал! (шалына бір қарап, қызына бір қарайды). Сен беймарал біліміңді алып, жұмысыңды атқара бер, ал балаға біз бас-көз боламыз.

Әлдекімдер үйге дабырлап кіріп келе жатады. Ішке Мерген ұлымен, Қарагөз енеді.

Мерген: Амансыздар ма, аға-апа?

Қарагөз: Сіздерді сағынып-ақ қалдық қой, жақсысыздар ма?

(Кемпір-шал, қызы бәрі орнынан тұрып олардың алдынан шығып, құшақ ашып амандасады)

Қасан: Әй, бармысыңдар айналайындар!

Әсілкүл: Тірісіңдер ме, он жылда бір сағынады екенсіңдер ғой... (мысқылдап олардың кезек-кезек беттерінен сүйеді)

Қарагөз: Айып етпессіздер, өздеріңіз білесіздер мына тұрған жер емес. Оның үстіне ауданда қайбір қол босай қалсын, таңның атысы, күннің батысы істейтініміз жұмыс. Бала-шағаның нәпақасы дегендей...

Қасан: Отырыңдар, кемпір шәй қой...

Гүлжан: Мен-ақ қояйын жеңеше...

Әсілкүл: Сен отыра бер, балаңа қара, дұрысы анау кебежедегі тәтті-пәттілерді алып, дастархан жай.

Кемпір сыртқа кетеді. Гүлжан кебежеден дәмді тоқаштарды алып дастарханға қояды.

Қасан: Ал бауырларым, қош келдіңдер! Бізді ұмытып кетті ме екен деп қалып едім, қателескен екенмін... (Мергеннің қасында отырған балаға қарап) Әй, мынау тұңғышың Бектас па?

Мерген: Иә, дәл өзі.

Қасан: Ой, айналайын келші бермен... қасыма отыр... (Бектас қасына келіп отырады. Шал арқасынан қағады.) Үлкен жігіт болыпсың ғой, ең алғаш перзентханада көрген жоқпыз ба?

Мерген: Иә одан бері он екі жыл өтіп кетті ғой...

Қасан: Иә, одан бері көп уақыт өтті... (күрсініп) Сендердің хабар-ошарсыз кеткендерің мен анау телефон құрғыр шырылдамағанына да көп жылдар өтті... Сол сымды телефонды мен хал-жағдайларыңды біліп тұрайын деп сендер үшін орнатып едім... Өздерің хабарласпасаңдар да мен хабарласайын деп қостырған едім... Ал содан бірде асығыс аласыңдар да қоя саласыңдар, ал бірде мүлдем алмайсыңдар... Бұл телефонды өзі не үшін алдым деп те ойланып қалам кейде. Көрмейсіңдер ме әне шаң басып жатыр...

Қарагөз: Аға жаңа жеңгеме де айттым ғой, үйдің тірлігі мен жұмыс-жұмыс деп жүріп қолымыз тимейді... Сіздер деп пе едіңіздер үйде қол қусырып, ерігіп отыра бере... (артық кетіп бара жатқанын Қасанның ашулана бастаған жүзіне қарап түсінді де тоқтап қалды. Мерген де оған «не деп тұрсың» дегендей сұсты қарады)                    

Мерген: Көке, (өтірік күлімсірейді) түсінесіз ғой, енді... Қарагөздің де айтып жатқаны бір жағынан рас. Дегенмен өкпе-реніштеріңіздің қара қазандай болатынындай да жөні бар. Алдарыңызда айыптымыз, кешірерсіздер...

Қарагөз: Иә, ағам дұрыс айтады, бізден қателік кетті. Кешіріңіздер.

(Әсілкүл үйге самаурынды көтеріп келе жатады.)

Әсілкүл: (самаурынды қойып, бәрі дастарханға жайғасады) Сендерді бала-шағамыздан бөліп-жармай, алдарыңа жылы-жұмсақтың бәрін төсегенімізде қайтарған қайырымдарың осы ма?

Қасан: Кемпір, мен бұлармен сөйлестім, олар өз қателіктерін мойындап келіп отыр екен, ендеще біз неге өз баламыздай болған бауырларымызды кешпеуіміз керек... (Мерген мен Қарагөз қуанады)

Қарагөз: иә, біз өз қателігімізді мойындаймыз...

Мерген: Енді бұлай қайталанбайтынына да сөз береміз...

Әсілкүл: (әлі де жіби алмай) Сендер толыстыңдар, бірің ер жетіп, бірің бой жеттіңдер... Өз күштерің, өздеріңде... Жұмысқа да біз тұрғыздық. Сондағы рақметтерің он екі жылдан соң келіп, кешірім сұрағандарың ба, әдірем қалғырлар... Сендерді біз емес, Құдай кешірсін деңдер одан да...

Қасан: (кемпіріне жақтырмай қарайды) Сендерді әкемнің әруағы үшін кештім... Гүлжан қазан көтеріңдер...

Гүлжан: Қазан көтеріп, ет асып қойдық көке...

Мерген: Әуре болмай-ақ қойыңыздар асығыс едік...

Қасан: Асығатындай не көрінді, күн емес, жыл емес, он жылда бір келіпсіңдер «асығыспыз» дегендерің қалай? Бірнеше күн қонып, өскен өлкелеріңді аралап қайтыңдар. Сағынып та қалған шығарсыңдар?

Мерген: Қалада шұғыл жұмыстарым бар. Қарагөз қалмаса, мен де жағдай солай болып тұр.

Қарагөз: Маған да өкінішке орай шұғыл қайту керек, жолдасымның мінезі ауырлау еді біраз...

Қасан: (терең күрсініп) Әәә, түсінікті...

Мерген: Келген себебімді айтайын, аға... Ұлымды ауылда сіздің қолда оқытсам ба деп едім. Әрине егер қарсы болмасаңыз. Қалада жан бағу оңай емес екен, қалған бала-шағаларымның өзін ептеп, зорға жеткізіп жатырмын. Осы баланы сіздің қолға берсем, әйтпесе қалада қиғылық салып, бұзық болып келініңіз екеуміздің есімізді шығарды. Көрсін ауылдың тірлігі қандай екенін, (ұлына сұсты қарайды) біраз піссін, өсіп-өнсін деп әкеліп отырмын.

Қасан: Одан да баға алмай, баланың жауапкершілігінен қашып отырмын десеңші. Мейлі... Келгенге кет демеспіз, кеткенге де кел дейтін жөніміз жоқ.

Мерген: О, не дегеніңіз... Мен сізге қайта қолқабыс етіп, шаруашылықта, үй тірлігінде көмек бере ме дегенім ғой...

Қасан: Е, жә, жөн-ақ!

Қарагөз: Аға, жеңеше мен де бір бұйымтаймен келген жөнім бар еді...

Әсілкүл: Сендер біздің халімізді білу үшін келдіңдер ме, жоқ әлде бір-бір бұйымтаймен келгенсіңдер ме... Ал айт, нендей шаруамен келдің? (бетін Қарагөзден теріс бұрады)

Қарагөз: Әрине сіздердің аман-саулықтарыңызды білу үшін келдік. Ал қалғаны жәй ғана еске түскен соң сөз арасына қыстыра кеткеніміз ғой... Айтпағым, шамалы 30 мың теңге қарызға бере аласыздар ма? Сондай мүшкіл халге түсіп қалғанымыз соншалық, сіздерден басқа барар жер, басар тау таппай қалдым. Болып жатса бір, екі ай көлемінде әкеліп тастайтыныма сөз беремін.

Қасан: Айналайын-ау тәуелсіздік енді алған мына жұртқа 30 мың теңге деген аз ақша емес. Өзің білесің қазір жер-жердің бәрін арам шөптей дағдарыс жайлап бара жатқанын. Ондай ақша бізде қайдан болсын, әйтседе қолдан келгенше көмек қолымызды созуға әзірміз ғой... Сен оданда мынаны айтшы, мұнша ақшаны қайтпексің?

Қарагөз: Бала шағаның нәпақасы дегендей, одан бөлек, кенже қызым соқыр ішек болып ауырып қалып еді, соған тез арада ота жасатпаса асқынып кетуі мүмкін көрінеді дәрігерлердің айтуы бойынша. Ал асқынып кетсе, құдай сақтасын... (монтаныланып көз жасына ерік береді)

Қасан: Қой, қарғам жылама! Туған туысқанға қарайласу пайғамбар сүннеті деседі шалдар. Әй, кемпір анда-мында тыққан ақшаларыңнан бер!

Әсілкүл: Шал-ау сенің есің ауысқан ба? Өзімізде бары 15-ақ мың теңге, оны берген соң, қай жыртығымызды жамамақпыз?!

Қасан: Қазынасы кең құдай жеткізер, аямай бер!

(Әсілкүл долданып барып сандықтан түйіншекке оралған ақшаны алып Қарагөздің алдына қоя салады)

Қасан: Енді, қарақтарым, айтарым біз сендердің туған әке-шешелерің болмасақта, бала-шағамыздан артық болмаса кем қараған емеспіз. Бөтен көріп, беттеріңнен қақпадық. Туыстық қарым-қатынасты үзбеңдер. Бастарыңа бұлт үйірілген кезде ғана емес, шуақты күндерде де бір нанды бөлісіп жейік. Ыстық-суықты бірге көрейік.

Мерген: Сіздерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Қарагөз: Мен бұл ақшаны жақын арада міндетті түрде қайтарамын. Тек қызым ерте айығып кетсінші. Рақмет!

Қасан: Сені қалқам ешкім асықтырып отырған жоқ. Қашан мүмкіндігің болады, сол кезде әкелерсің. Ал мына Бектас балам екеуміз жақсы тіл табысып кетеміз деп ойлаймын, солай ма балам? (арқасынан қағады)

Бектас: (жан-жағына жалтақ қарап басын изейді)

Қасан: Сенің оқуға қабылдануың туралы, ертеңнен қалмай мектеп директорымен сөйлесемін. Айтқандай нешінші сынып?

Мерген: Биыл 7-ші сынып.

Қасан: Еее жақсы. Сабағыңды жақсы оқып бізді ұятқа қалдырмайтын шығарсың деп ойлаймын? (күлімсіреп Бектасқа қарайды)

Мерген: Сол сабақ жағы аздап нашарлау, не дегенмен алып кетеді деп ойлаймын, бұзықтығымен қатар зеректігі де бар.

Қасан: Бала кезде тентектік кімде болмайды, сендерде тентек болдыңдар... Әлгі, айтқандай үйге қонып жолға ертең шықсаңдар жөн болмас па, өйткені Гүлжанда ертең оқуға қалаға баруы керек-ті...

Қарагөз: Аға, ренжімеңіз бізге шұғыл бүгін... Бүгін болғанда дәл қазір кету керек еді...

Мерген: Иә, әлі талай келеміз ғой... Сіздер де қолдарыңыз босай салысымен жеңгем екеуіңіз қыдырып біз жақа келіңіздер...

Қасан: Талай келеміз дегендерің тағы да он жылға созылып кетпесін... Мейлі ендеше, лайым жолдарың болсын...

(бәрі орындарынан тұрып қоштасады)

Мерген: Сау болыңыздар, Бектастың біршама киімдерін алып келдік, анау сөмкеде тұр. (бұрыштағы үлкен дорбаны көрсетеді) Егер тағы да керек боп жатса пойызбен салып жіберемін.

Қасан: Жақсы, сау болыңдар айналайын.

(Олар кетіп қалған соң, соңдарынан қарап Әсілкүл мен Қасан біраз аялдап тұрып қалады)

Әсілкүл: Бауырларың қу. Тек келген себептері, мына бір жүгермегін баға алмаған соң, сонсоң ақша алуға бола келді. Басқа түкте емес. Жаңа тілімді тістеп әзер отырдым.

Қасан: Кемпір-ау білмейді дейсің бе, білем, түсінем, сонда да... (бұрылып жерге қараған күйі үйге қарай аяңдай жүреді)

 

***

Қара шаңырақ, есік алды. Гүлжанды оқуға шығарып салып жатқан кез.

 

Қасан: Еркін, Нұрғали ат-арбаларың дайын ба? Кемпір-ау, болсаңдаршы пойызға кешігетін болды ғой, сенде бір, былжырап жүреді екенсің? Гүлжан қарғам-ау боянып-сыланбай-ақ қойшы, айналайын, кешігіп қаласың ғой...

Еркін: Ат-арба дайын көке, есік алдында тұр.

Нұрғали: Апа заттар дайын ба, арбаға сала берейін.

Әсілкүл: Әне, ауыз тамда тұр, барып ала бер. (дорбаға еттерді салып жатады)

Қасан: Әй, солардың бәрін кеше неге дайындап қоймайсыңдар, ас ішерде, і-і-і... керек екен сендерге?

Әсілкүл: Түу-у, сен қақпаста жағаласып, тыныш отыршы бір, адам өзі аласұрып жатқанда...

Гүлжан: Мен болдым көке, Қасымды бесікке емізіп ұйықтатып қойдым.

Қасан: Ал жақсы қарағым, анау парақор профессорларыңа мына еттерді апарып берерсің енді, қайта-қайта дәметкен екен, несібелері шығар. Тағы оқудан шығарып жүре ме, түге!

Гүлжан: Уайымдамаңыздар! Бекен, Бектас екеуің де жалқауланбай әке-шешеміздің жандарын тындырыңдар. (екі балаға қарайды)

Бекен: Мақұл әпке, ауырма! (құшақтайды) (Бектас болса амалсыздан келіп қоштасып, жерді аяқ киімі ұшымен шұқылап қайта орнына тұрады)

Әсілкүл: Балаңды сен де көп уайымдай берме, Нұрғали ешкі әкеліп қойған екен, соның сүтін күнде сауып беретін боламыз. Ешкінің сүті өзің білесің қуатты, дәрумені мол. Оның үстіне сіңіліңді қырсыққанда оқудан шығарып жіберген екен, ол да бір жағыма шығысады. Не деуші еді, әр нәрсенің бір қайыры бар демей ме? Ал маңдайыңды әкел! (Әке-шешесі Гүлжанның маңдайынан кезек-кезек сүйеді)

Қасан: Қарының ашып қалмасын, дұрыстап тамақтан айналайын. Сабағыңды да жақсы оқы!

(Гүлжан арбаға отырады. Қолдарын бұлғап ата-анасы қара шаңырақта қалады. Үйден жылаған сәбидің шырылдаған дауысы естіледі.)

Қасан: Жүгір кемпір, тез жүгір бала жылап жатыр. Кім біледі, мүмкін шешесімен қоштасқан түрі шығар.

(Екеуі жүгіріп барып үйге кіреді)

                                                            ***

Екінті ауған шақ. Қасан жер қазып жатса, кемпірі, Бекен және Бектас картоп, қызанақ егіп жатады.

Қасан: Уф-ф, күн де шыжып кетті ғой... Бектас балам аризаннан бір құты су алып келші, шөлдеп кеттік... (маңдай терін жеңімен сүртеді. Бектас жүгіріп артезианға кетеді) Анау екі жүгермек қайда жүр екен өзі?

Әсілкүл: Кімді айтасың Нұрғали мен Еркінді айтасың ба?

Қасан: Олардан басқа біздің үйде жүгермек бар ма еді өзі?

Әсілкүл: Бар болғырлар жүрген шығар қаңғырып...

Қасан: Жұрттың балалары шөп жинап, мал жайғап қысқа қазірден қамданып жатыр. Ал біздің балалардың жүрісі анау селте-селтең етіп, қызық қуып...

Әсілкүл: Мен қазір Қасымды барып көріп келейін. Оянып шошынып қалмасын. (Үйге кіреді)

Қасан: (Бектастың әкелген суын қанып ішіп, ұртын жеңіне сүртеді. Сосын алысқа қарайды) Әй анау алыстан келе жатқан жеңіл машина ма, көздерің өткір ғой, қараңдаршы...

Бекен: Иә, көке жеңіл машина, Арғынбай көкемнің көлігі ғой, әлгі авария болған. Жақсы жүруіне қарағанда жөндеуден өткізсе керек.

Қасан: Бізге қарай келе жатыр ма, әй?

Бекен: Солай сияқты, біз жақа бұрылды ғой...

(Кемпір есік алдында қолына баланы алып тербетіп жатып, бөтелкемен сүт береді)

Әсілкүл: Жанар бүгін, ертең қаладан шығып қалам деп еді, шықты ма екен... (Сәбиге қарайды) Әй, құлыншақ, әй, балапан, ертең әпкең келеді, сені құшағына алып тербетеді. (Бөпе жылайды) Әлди-әлди ақ бөпем, Жылама бөпем, жылама, жілік шағып берейін...

(Қасан күрегін тамға сүйеген қалпы шарбаққа жақындайды)

Әсілкүл: Кім анау келе жатқан...

Қасан: Арғынбайлар ғой...

Әсілкүл: Тыныштық па?

Қасан: Білмедім.

(Көлік келіп есік алдына тоқтайды. Ішінен Кененнің үлкен әпкесі Қалқа, ағасы Мақсат, жеңгесі Күләндә, інісі Серік түседі. Қасан алдарынан шығып амандасады)

Қасан: Амансыңдар ма, ат-көлік аман ба? Құрдас қалай, жақсы ма?

Мақсат: Құдайға шүкір, ағасы. Өздеріңіз?

Қасан: Алла деп жүріп жатырмыз. Әсілкүл шәй қой... Жүріңдер ішке.

Қалқа: Жоқ, жеңеше рақмет! Әуре болмаңыздар, асығыс едік. Бір шұғыл мәселемен келіп тұрмыз.

Қасан: Әй, енді астан үлкен емес шығарсыңдар.

Мақсат: Одан да келген жайымызды айтайық...

Қасан: Асығыс болсаңдар мейлі, енді, жолдарыңнан тоспайық, келіңдер отырыңдар, (есік алдындағы орындықты нұсқайды) қандай мәселе?

Мақсат: Аға, Кененнің аяқ асты қаза болғаны бәрімізге де мәлім. Баршамыздың төбемізге жай түскендей есеңгіреп кеткеніміз және бар. Соның күйігіне шыдай алмай шешем, ол да ішқұса боп өлді. Әкем болса, қуыс тамда мына жалғаннан қызық таппай жалғыздан жалғыз, өзді-өзімен қалды. Ал Гүлжан қыздарыңыз әлі де жас екені жүмлемізге аян. Өмірде сыңарын ерте ме, кеш пе табатыны белгілі. Ал біз бауырлары болсақ... (сөзін Қасан бөліп жібереді)

Қасан: Айналшықтай бермей, айналайын тоқ етерін айтсаңшы енді...

Мақсат: Айтпағым Қасым әлі сәби. Ештемені әзірге білмейді де, түсінбейді. Ол тумастан бұрын не болып, не қойғанынан хабарсыз. Гүлжан да өз бақытын табатынына сенеміз. Қысқасы, ұлды бізге беріңіздер...

Қасан: Сен не деп тұрсың, ей? (ашудан дірілдеп кетіп)

Мақсат: Қасымды бала ғып мына келіншегім екеуіміз алмақпыз. Өскен соң да, ешкімге ештеме деп тіс жармайық. Біздің бала боп қалсын. Не дегенмен де біздің қан ғой. Ал біз өз қанымызды тастай алмаймыз...

Қасан: Сен не айтып, не қойғаныңды өз құлағың естіп тұр ма? Сонда қалай, сен маған өз шешесінен өз баласын айырып сендерге беруім керектігін айтып тұрсыңдар ғой, солай ма?

Қалқа: Аға, әрине сіздерге бұл ұсынысымыз ауыр тиерін о басы білдік. Сонда да амалсыздан келіп тұрмыз. Гүлжанның да келешегі әлі алда. Оның үстіне баласы бар жесірге кімнің көңілі құлай қойсын. Гүлжан да бізді дұрыс түсінеді деп ойлаймыз. Қарсы болмасаңыз баланы алып кетейік, сонсоң оны жетімсіретпейтінімізге еш күмәндарыңыз болмасын...

Қасан: (Орнынан атып тұрады) Сендерді жын соққаннан сау ма? Қай-қайдағыны бөсесің кеп. Үндемеген сайын олай басына бермеңдер. Әкесі өлсе де, шешесі тірі. Әкесіз бала жарты жетім, шешесіз бала тұл жетім деген. Мына, мылжыңдарыңды жұрт естіп жүрмесін. Керісіп-тіреспей тұрған да тыныштықпен тарасайық.

Мақсат: Біз сізге не дейміз, сіз бізге не дейсіз. Қалай түсінбейсіз ол біздің қан.

Қасан: Әй, қандарың болса қандарың шығар. Бірақ, ар мен заң бойынша да, бала мен ананы айыруға сендердің ешқандай хақыларың жоқ.

Серік: Баланы алып ап үндемей кеткен біз жақтан да әрине айыптау болар. Сол үшін берер сыйлықтарымыз да бар. Жылқы мен жиырма тұяқ қой дегендей. Ол бер жағы, одан бөлек... (Қасан сөзін шорт кеседі)

Қасан: Ей, сен жетесіз менімен саудаласайын дедің бе? Әлде саған бұл жер базар ма? Не деп шатпақтап тұрсың?

Мақсат: Біз жақсылықпен келіп тұрмыз ағасы...

Қасан: Ол аздай мені қорқытайын дедіңдер ме? Керек болса соттасуға да барам.

Қалқа: Ештеме білмеймін, біз баланы бәрібір аламыз. Жақсылықпен келген екенбіз, түсінбесеңіз, ендеше тартып аламыз... (Шапшаң қимылдап шарбақтың есігін аша береді. Оның жолына Қасан тұрып алады.)

Қасан: Әй, шырақтарым, сендерге бұл табалдырық баса-көктеп кіретіндей қараусыз жер емес. Кірсеңдер жақсылықпен кіріңдер, болмаса жөндеріңмен жолдарыңа кетіңдер.

Әсілкүл: (Баланы ұйықтатып үйден шығады) Әй, шырақтарым, қайқайыңдар үйлеріңе, жүдә қарашы бұларды, «әкетеміз» деп кердеңдеулерін.

Мақсат: Менің де ашуым мұрыным ұшында тұр. Баланы бізге бер деген соң, бер! (Тістеніп сөйлейді)

Қасан: Өй, өңшең безбүйректер, тартып алып көріңдер, көрсетейін мен сендерге...

Мақсат: Олай болса (Ашудан қабағы қатуланып барып Қасанды жұлқып шетке итеріп жібереді де ішке кіреді, оның соңынан қалғандары да баса-көктеп кіреді.)

Қасан: Қап, бәлем, солай ма, үлкенді сыйлауды білмейтін жетесіздер... (Там артындағы айырды қолына алып үйге кіре бермекші болған олардың алдынан шығады.) Қолымды қанға былғамай тұрғанда көзіме көрінбей құрыңдар. (айырды оларға қарай бір-екі сілтейді)

Әсілкүл: Ойбай, Қасан, қайтпексің ей... (үрейленеді)

Қалқа: Солай ма, біз бұны бұлай қалдыра қоймаспыз... Әлі ақ көрсетеміз, кімнің кім екенін...

Қасан: Сендерді бұдан былай мойнымның шұқыры көрсін.

Мақсат: Бұлай біте қалады деп ойлама шал... Көрерміз... (бәрі бұрылып жеңіл көлікке отырып зуылдай жөнеледі.)

Қасан: (Табалдырық алдына отыра қалады. Қасына Әсілкүл де жайғасады.) Қартайған шақта мұндай зұлматты көреміз деп ойлап па едік, кемпір-ау?  Адамдар не боп барады өзі? Тас жүрек боп бара ма, қалай?

Әсілкүл: Берші алдағы айырыңды, адамның зәресін зәр түбіне түсірдің ғой. (Қолынан айырды алады) Бекен, мә, мынаны орнына апарып қой. (Бекен айырды алып кетеді) Қараң өшкірлердің шаңырағымызға баса көктеп кіргені несі, ей?

Қасан: Қарғама, кемпір, кім болса да, қарғама! Өткінші мынау жалған да күрессек күресіп өтейік, бірақ ешкімге зиянымыз тимесін...

Әсілкүл: Гүлжан естімесін мұны, естісе оқуын тастап баласының қасынан бір елі шықпай кеп алады...

Қасан: Балаға жақсылап бас-көз бол!

Әсілкүл: Уайым қылма, бағып жатқан бірінші балам емес...

Қасан: Қарашы кемпір, батқан күн қандай әдемі еді десеңші? Ақшам уақытында күллі жер-жаһан қып-қызыл шапақ нұрға шомылып, әлдене айтқысы келетін секілді...

Әсілкүл: Сен де алжиын дегенсің бе? Таң атып, күн батады, онда тұрған несі бар. Жүр оданда малдар келетін уақыт та боп қалды. Сиыр сауайық, құрысын... (орнынан тұрады) ойбұ-ұ-й, белім-ай, қартаяйын дегенбіз бе, құдай-ай! Әй, Бекен, Бектас (айхайлап) ойын қуып кеткеннен саумысыңдар, жүріңдер былай, анау қойдың алдынан шығыңдар, бөтен қой қосылып кетпесін. (ол кетеді)

Қасан: (Есік алдында жалғыздан жалғыз отырады) Батқан күн атпай қалатын күн де болады, кемпір... Е-е-е, мал жайғайық... (орнынан тұрып бұл да кетеді)

                                                      

***

Дөңгелек үстелді айналып Қасан, Әсілкүл, оқудан күзгі демалысқа келген Гүлжан, Жанар, Нұрғали, Бекен, Бектас кешкі ас ішіп отырады.

 

Гүлжан: (Баласын емізіп болады) Балам, балам, жан балам, құлыншағым, анаңды сағынған шығарсың...

Әсілкүл: Күн өткен сайын небір қылықтар шығарып жатыр. Балаң жылаңқы, бір жағынан тісі шығып келе жатыр. Бір апта бұрын емізігін тістелеп ұшын тіліп тастапты. Соған жау соққандай қайта-қайта жылайды. Оған емізік алайық десек, ауылдан да, аудандағы дәріханадан да таппадық. Амал жоқ Жанар емізігін желімдеп беріп еді, шүкір әйтеуір жарап жатыр.

Гүлжан: Қап-ай, ә, менің де ойым да болмағанын қарашы, қаладан ала келетін едім.

Қасан: Қалай қызым оқуың жақсы ма? Тамақ-ауқатың жеткілікті ме?

Гүлжан: Шүкір жақсы көке. Ептеп-ептеп жүріп жатырмыз. Құдай қаласа деканмен сөйлесіп қойдым Жанарды келесі жылдан қалмай, бұйырса, оқуға қабылдап қалуы мүмкін.

Жанар: Рас айтасың ба әпке? (қуанып алдына кеп отыра қалады)

Гүлжан: Рас, бірақ аздап дайындалу керек. Барынша көмектесем деді.

Қасан: Әй, мынауың жақсы жаңалық екен. Алайда деканың бірдеңе дәметіп отырған шығар?

Гүлжан: Жоқ ештеме дәметпейді, сонда да рақметімізді бергеніміз дұрыс болады деп ойлаймын.

Әсілкүл: Береміз. Бастысы қызымыз оқуға қабылданып кетсе болғаны. Енді жақсылап дайындал қызым. Жазға дейін көп уақытың бар емес пе.

Гүлжан: Анау сөмкеде экзаменге керекті кітаптар алып келдім, Қасымнан қолың босай салысымен соларды парақтарсың.

Жанар: Әпке мені сондай қуантып қойдыңыз, келіңізші бетіңізден бір сүйейін... (Гүлжанның бетінен сүйеді)

Гүлжан: Қойшы-ей тегі, әпкеңді шынымен де жақсы көресің бе?

Жанар: Енді ше, жар дегенде жалғыз әпкем емессіз бе.

Нұрғали: Қарындасым-ау, ағаларыңды жақсы көрмейсің бе не? (өтірік ренжігендей болады)

Жанар: Түу қойыңыздаршы, біреуіңізге сөйлеп қалсам болды, қалғандарыңыз іліп әкетесіздер. Барлығыңызды да жақсы көремін. (күлімсірейді)

Гүлжан: Қой, мен сыртқа шығып келейін, Жанар бірге жүресің бе?

Жанар: Жүріңіз. (орындарынан тұрып екеуі сыртқа шығады)

(Есік алдына шыққан бетінде әлдекім сырттан ысқырады)

Арыстанбек: Гүлжан, Гүлжа-а-н... (тағы ысқырады)

Гүлжан: Бұл кім? Жанар жүрші біреу мені шақырып жатыр.

Жанар: Әпке қойыңызшы, қараңғы ғой, қорқам.

Гүлжан: Ауыз тамнан фонарикті алшы, онда.

(екеуі фонарикті жағып шақырған жаққа барады)

Гүлжан: Бұл кім? Коля сен емес пе?

Жанар: (құлағына сыбырлайды) Коля дегенің кім ол тағы?

Гүлжан: Сыныптасым Керей ше?

Жанар: А-а-а

Арыстанбек: ( Гүлжан мен Жанардың алдарынан шығады) Мен ғой Гүлжан, қалайсыңдар?

Гүлжан: (шошып кетеді) Сен бе? Түу адамның зәресін алдың ғой, түнделетіп не істеп жүрсің?..

Арыстанбек: Былай қарай жүрші, саған айтар сөзім бар. Жанар әпкеңізді бір минутқа ұрлай тұрсам бола ма,  немесе өмір бақиға ұрлап кетуімде неғайбыл, қалжың әриен? (ыржалақтайды)

Гүлжан: Не боп қалды? Осы жерде-ақ айта берші.

Арыстанбек: Жүрші, не болды сонша, қорқып...

Гүлжан: Жарайды, Жанар қазір күте тұр.

(Гүлжанды арғы жаққа алып барып, жеңіл көлікке достарымен бірге қинап салмақшы болады. Сондағы ниеті алып қашу еді. Гүлжан бар даусымен айқайлап, шыңғыра бастайды)

Жанар: (Үйге үрейленіп кіре бергенде есік алдына ағасы Нұрғали темекі тұтатпақшы болып, сіріңкесін жаға берген) Аға жүріңізші ана жақта Гүлжанды жігіттер алып қашып жатыр.

Нұрғали: (ашу шақырып) Сен не деп тұрсың, ей?!

(сыртқа қарай екеуі жүгіре жөнеледі. Сыртта әлі Гүлжан бой бермей жанталасып жатады. Қастарына жете бергенде Нұрғали біреуін жұдырықпен бір соғып қалпақтай ұшырады. Екіншісі Арыстанбекті ұра бермекші еді, ол бұны бір соғады)

Арыстанбек: Кешір, Нұрғали, әдейі емес, досымды ұрып нең бар еді...

Нұрғали: (зілденеді) Ал сенің қарындасымда нендей шаруаң бар еді ақымақ? Саған не көлігіңе өңгеріп алып кете беретіндей мал ма, әлде?

Арыстанбек: Тоқтай тұршы енді. Мен оны сү...

Нұрғали: (сөзін бөліп жібереді) Мә саған, сүмелек... (Құлақ шекеден бір ұрады)

Арыстанбек: Аһ, солай ма, (жерге жығылған күйі мұрнының қанын сүртеді) мықтымын деп тұрсың ғой? Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан... Мә саған... (екеуі төбелесе кетеді)

Гүлжан: (араларына араша түседі) Аға қоя қойыңызшы... Арыстанбек мен саған бәрібір тимеймін, жақсылықпен кетші үйіңе...

Нұрғали: Сілімтік сен менің қарындасымды алу былай тұрсын, алдымен арағыңды тастап, анау мұрыныңның боғын сүртіп ал...

Арыстанбек: Сен менің зығырданымды қайнатып жатырсың... Еркек болсаң кел бермен, еркекше шешейік онда... (Білегін түріп, жерге шырт түкіреді. Екеуі арпаласып төбелесе кетеді. Нұрғали оны жұлқып итеріп қалғанда басы оңбай тасқа тиеді де, қарақұсынан қан ағады)

Жанар: (шошып кетеді) Аға-а-а, оның басынан қан ағып жатыр. (Гүлжан оның маңдайын көтеріп көреді. Күре тамырын ұстайды. Кеудесін тыңдап көреді) 

Гүлжан: Сен не істедің есалаң? Өліп қалды ғой, мынау! (отыра қап өкіріп жылайды. Нұрғали ашудан сазарып, көгеріп кетеді)

Нұрғали: Мен не істедім... (теңселеді) Әдейіге емес... Мен жәй ғана сені қорғамақшы едім, қалқам... (артқа шегіншектеп қаша жөнеледі)

Гүлжан: Бұл неғылғаның Нұрғали... (бар даусымен айқайлап жылайды)

                                                      

***

Қасан мен Әсілкүл есік алдында батқан күнге қарап отырады.

 

Қасан: Байқұс балам-ай қызғыштай қарындасын қорғаймын деп он жылға сотталды да кетті... (түңіле ойға шомады)

Әсілкүл: Несі бар еді десеңші ол адаммен төбелесіп. Қызымызды ол жаққа қалдырмай үйтіп-бүйтіп алып келетін едік қой... (көз жасын орамалының ұшына сүртеді)

Қасан: Ашудан болды ғой бәрі, анау марқұм да ерегесіп қоймаған көрінеді. Ашуланған адам да қайбір ақыл болсын. Әдейі істемегені де бәрімізге аян. Тағдыры болған соң, қайтеміз енді. (күрсінеді)

Әсілкүл: Ол аздай, жығылған үстіне жұдырық боп келініміз Айша да жаман аурумен ауырып емханаға түсіп қалғанын қайтерсің, анау үш қызы көздері жәутеңдеп анасының келер жолын тосып отырса керек. Ал анау, бар болғыр Сейсен балаң (даусы қатқылданып) тағы да ішімдікке салынып кетіпті.   

Қасан: Әй, сол баланы ма, адам болам дегенше бізді ада қылмаса етті... Ес кіретін жасқа да жетті емес пе, ендігі жүрісі мынау, елге күлкі боп...

Әсілкүл: (жолға қарайды) Әй, анау біздің Сейсен емес пе? Қасына үш қызын ертіп алған көрінеді.

Қасан: Көзім жетпей тұрғаны, қисалаңдаған жүрісі сонікі сияқты.

Әсілкүл: Солар... Солар. Тыныштық болса етті.

Сейсен: Амансыздар ма (басы салбыраған күйі, көзі қызарақтап қарайды. Үш немересі үш жақтан ата-әжесін құшақтап-сүйеді.)

Немерелері: Ата-апа біз сіздерді сағындық...

Қасан: Құлындарым-ау біз де сендерді сағынып кеттік.

Әсілкүл: Жүдеп кетіпсіңдер ғой шырақтарым, әкелерің тамақ бермей жүр ме?

Немерелері: Беріп жүр... (әкелеріне бір, әжесіне бір жалтақтап қарайды)

Сейсен: Жанар әпкелеріңнің қасына, үйге барыңдар... (олар кетеді)

Қасан: Балам-ау бәрі дұрыс па? Жүзің бозарып кетіпті...

Сейсен: (Көзін жерден алмай) Бекем болыңыздар, келіндеріңізден айрылдық, жаңа естідім...

Қасан: Алла-ай, Алла... (теңселіп орнынан тұрады)

Әсілкүл: Жазған-ай, енді қайттік... (айқайлап жоқтайды) Сене алар емеспін, рас айтып тұрсың ба? (Сейсен үнсіз мелшиіп тұрған қалпынан өзгермейді)

Сейсен: Ауруы аяқ-асты асқынып, ойламаған жерден көз жұмыпты дейді-міш дәрігерлер...

Әсілкүл: (жоқтайды)

Құдай-ай, жазған, жазған-ай,

Қимасқа кеткен, қарағым,

Қайғыға бізді салғаны-ай,

Жетімдер қалды жаралы,

Ошағың қалды шырақсыз,

Отауың қалды жылусыз,

Өмірде өтпес сынақсыз,

Көзің құрғамас жылаусыз...

Қайтеміз, енді, көнеміз,

Тағдырға мынау, жазмышқа,

Жалғанға келіп, кетеміз,

Жанымызды беріп тартысқа...

Келінім, қош бол, шырағым,

Иманың болсын жолдасың,

Жеңіл болсыншы сұрағың,

Артыңда көзің қалмасын,

Аманат бізге, қыздарың,

Өзіңдей болар аяулы...

Жүрегіміз ол сыздаулы,

Жанарымызда қаяу-мұң...

Қайрылмай бізге сен енді,

Кеттің-ау, кеттің келмеске,

Бәрімізден де өтеді,

Осынау жалған бес күнде.

Қайтеміз, енді, қайтеміз...

 

                                                     ***

Қара шаңырақ. Арада бірнеше жыл өткен. Немерелерінің алды 9 жаста. Бөлмеде Қасан, Әсілкүл, немере қыздары мен жиені. Қасан жұмыстан енді келген беті.

 

Немерелері: Ата-ата ат болшы... (немерелері алдынан шұбырып шығады)

Әсілкүл: Әй, не болды көрінгірлер, жұмыстан енді келді ғой, киініп, жуынсын да...

Қасан: Тиме балаларға, немерелерім айтса, демек ол заң. Келіңдер, (еңкейіп отыра қалады) И-хо-хо-хо, ал сәйгүліктерің бәйгеге дайын...

Үлкен немересі: Алақай, мен бірінші мінемін!

Кішілері: Жоқ, мен-мен бірінші...

Қасым: Мен мінейінші бірінші.

Қасан: Кенжетай мінсін бірінші, сендер үлкенсіңдер ғой... Сосын кезек-кезек мінесіңдер... Кенжетай кел отыра ғой... (Қасым отырады)

Қасым: Ата, чө-чө, былай жүр, тойға барамыз, аламан көкпарға қатысамыз.

Қасан: Дгдік-дгідік, ал келдік (еңбектеп ары-бері жүреді) Қайда барымыз енді?

Қасым: Ата жылқылар сөйлемейді ғой, сөйлемей кісінесеңші...

Қасан: Жарайды ботам!(кісінегендей болады)

Әсілкүл: Әй, сенде балалармен бала болып... Бұрын анау ұл-қыздарыңды да осылай ойнатушы едің, сөйткен балаларыңның сені пұшпаққа жеткізіп жүргенін көріп жүрміз... (мысқылдайды) Ал енді немерелеріңді ойнатып жатыр екенсің, көрейік бұлардың сені баққанын?

Қасан: (еңбектеп ары-бері жүреді) Бақса бағар... Бастысы есейген соң өмірдегі өздерінің сара жолдарын тауып, адам болса  болғаны... Ал біз кемпір, өлмеспіз... Атасы мен апасы шау тартып қартайған шағында зияраттап келіп тұрса, біз өлген соң басымызға құран оқып тұрса, бізге одан артық бақыт бар ма?

Әсілкүл: Болды, жетер ойындарыңды доғарыңдар, тамақ ішеміз. Қолдарыңды жуыңдар...

Үлкен немересі: Апа тағы ойнайықшы... (сызылады)

Әсілкүл: (ұрысады) Ойынға тоймайтын не деген баласыңдар, тез жуыңдар қолдарыңды. (балалар қол жууға сыртқа кетеді)

Қасан: Ұрыспа кемпір. (балалардың соңдарына қарайды) Онсызда бұлардың жүректері жаралы. Бірінің әкесі, бірілерінің шешелері жоқ. Оларды ойынмен, мейіріммен алдарқатпасақ біздің қолдан басқа не келеді. Баланың аты бала. Ұрыспа, тиіспе...

Әсілкүл: (жылап отыра қалады) Байқұс құлыншақтарым-ай, төрт құбылаларың бүтін боп, әке-шешелеріңнің қасында арқа-жарқа боп, еркелеп отырар ма едіңдер... Әке-шешелерің тірі болса, қалай ұрыссақта жарасар ма еді. Ал қазір сәл қатты сөйлеп қалсам болды, балапандай жұп-жұмсақ жүректері ауырып қалмады ма екен деп, түн баласы дөңбекшіп шығатынымды қайтерсің...

Қасан: Дертке дауа табылар, кемпір... Сонда да қатаң сөйлеп қойып жүрмегін. Барынша жұмсақ бол!

                                                        

***

Қасан мен жиен-немересі Қасым екеуі есік алдында ағаш егіп жатады.

Қасан: Мына қазған жерге анау шыбықты ек балам. (Қасым шыбықты шұңқырға егеді. Шал оны топырақпен көмеді.) Бұл шыбық сенімен бірге өседі. Сондықтан жақсылап суғарып, қарап жүр.

Қасым: Талды не үшін егеміз ата, онсызда аулада не көп ағаш көп?

Қасан: Ағашты егетін себебіміз, ағаш бар жерде, құстар бар, ал құстар бар жерде көктем бар, көктем барда, жастық бар, ұрпақ бар, сендер барсыңдар шырағым.  Бұл да бір күні өсе-өсе жайқалған биік бәйтерек болады. Сен де өсе келе елдің үлкен азаматы боласың. Сенің саяңда талай жандардың жаны жай тапсын, оларға қорған бола біл деген ниет.

Қасым: Құдды апам мен сіздің құшағыңызда бәріміздің ұйықтайтынымыз секілді ме?

Қасан: (күледі) Сол сияқты десем де болады.

Қасым: Ата менің ертерек есейгім келеді.

Қасан: Асықпа балам өмірің әлі алда. Анау бәйтеректерді көріп тұрсың ғой. (саусағымен нұсқап көрсетеді)

Қасым: Қарындастарым мен әпкелерім бәріміз бірге төбесіне шығып ойнап жүрген Мұқан атаның талын айтасыз ба?      

Қасан: Иә, сол... одан берірек анау менің бәйтерегім, ал аналар ағаларыңдікі. Көрдің бе бәріміздің де бір-бір бәйтерегіміз бар, олар осы шаңырақта мәңгілік тұрақтап қалады. Ертең осы бәйтеректер де, қара шаңырақ та сендерге, сендердің ұрпақтарыңа аманат. Тіпті қалаға кетіп, сол жақта өмір сүрсеңдер де қазықтай қаққан осы үйлеріңдегі еккен ағаштарың туған жерлеріңнің жаршысындай боп жапырақтары тербеліп, қара шаңырақтарың мен біздің бар екенімізді естеріңе салып тұрады. Сен қалада өсіп жатсаң, бәйтерек далада өсіп жатады. Сенің тамырың осында қалғанын ұмытпағайсың құлыным.     

Қасым: Толығымен түсіндім десем өтірік болатын шығар, ата... Сәл ұққан сияқтымын...

Қасан: Күн келеді, түсінесің... Анау шелектегі суды құя ғой... (Қасым су құяды) Әне ержетті деген осы-ау, атасының бір жағына шығысып, қолғабыс етіп жатыр, жарайсың жарығым.

 

                                                      Үшінші перде 

 

Қара шаңырақ. Арада көп жылдар өткен соң. Жанар, Қасан мен Әсілкүл дөңгелек үстел басында шәй ішіп отырады.

 

Жанар: (Қолындағы желпуішпен желпініп отырады) Мына шілденің аптап ыстығын-ай, а! Күн жанды ғой, пора-пора теріміз шығып өлетін болдық!

Қасан: Әй, кемпір балалардан хабар жоқ па? (бөстекке қисайып жатқан күйі)

Әсілкүл: Ой, қақбас, кешелі бері жүз рет сұрадың ғой...

Қасан: Бүгін менің туған күнім болған соң, жылда бәрі бас қосып, жиналып, келуші еді, сол үшін сұрап отырған жоқпын ба...

Әсілкүл: Қайдағы жыл сайын, былтыр келді, оның алдыңғы жылдары бірі келсе бірі келмейтін. Оның үстіне туған күн тойлайтын жас бала емессің, «туған күнім, туған күнім» деп қоймадың ғой, тыныш отыршы ары...

Қасан: Қай бір мейрамдатқысы кеп отыр дейсің, біреуі болмаса біреуі келіп қала ма деген  ойым ғой...

Жанар: Көке менің келгеніме екі күн болды, әлде тақияңызға тар келіп отырмын ба? Алайда ертең азанмен жолға шығамын... Жұмыс болса да сіз үшін келдім. Оның үстіне сіздің туған күніңізге су жаңа ұялы телефон әкелдім. «Самсунгтың» соңғы үлгісі. Соған қарамастан маған назар аудармай, айдаладағы ұл-қыздарыңызды іздеп отырғаныңызға жол болсын. (ренжігендей теріс қарап отырады)

Қасан: Ұнауын ұнайды ғой, бірақ былтырғы Гүлжанның әкелгені түсініктілеу еді. Мынауыңның басатын кнөпкісі көп екен...

Жанар: Осы көкеме ештеме алып берудің қажеті жоқ, не істесең де жақпайсың... Басқа балаларыңыздың қайсысы алып беріп еді, ол былай тұрсын қоңырау соғып құттықтамады да...

Қасан: Білмеймін ғой, қоңырау соқсам алмайды, ол аздай өшіріп тастайды...

Жанар: Енді құдайдың құтты күні қоңырау соға берсеңіз кім жақтырады дейсіз... Бәрімізге айтатыныңыз бір сөз «бүйттің бе, сөйттің бе». Қалада ешкім сіз құсап ерігіп жатқан жоқ...

Қасан: Еее мен ерігіп жатқан екенмін ғой... (өкпелейді)

Әсілкүл: Қайта немерелерің кезек-кезек қоңырау шалып құттықтады емес пе, соған қуанбайсың ба?

Қасан: Е-е-е оған неге қуанбайын, бәрі телефоныма қайта-қайта бірлік құяды, ал менің отырысым мынау сол бірліктерді кімге, қайда жаратарын білмей. Алдыңғы айдан қалғандары ол тағы бар... Бала-шағадан басқа кімге қоңырау соғар дейсің. Анау Қарагөз бен Мергенге ме, түтіндерін бөлек түтеткен соң, оларды бағып-қаққан біздерді ұмытып кете берді. Бір рет келді, кешірім тілеп, қош, кешірдік, ұлын да бақтық, ол да қанаты қатайған соң артына қайрылмастан ұшты да кетті. Не бір хабарласу деген жоқ, енді кімге өкпелейсің?

Әсілкүл: Қарагөз есіңде ме, тәуелсіздік енді алған жылдардың қиын қыстау кезеңінде бізден 15 мың теңге алып еді, ол кезде қып-қызыл ақша болатын... Соны алған күйі үшті күйлі жоғалып кетті. «Ойбай, апа әне әкеп беремін, міне әкеп беремін» дейді. Маған ақшасын қайтармаса қайтармай-ақ қойсын, аман ба, сау ма соны білейін дегем. Ол да міне звандасаң алмайды, не өзі хабарласпайды...

Жанар: Бәрін бықпыратып сіздер де баға берген екенсіздер. Өзге түгілі өз балаларыңыз бір-бір қатынның соңынан кетсе, біреуі арақ ішіп сандалса кімге ренжисіздер? Әйтеуір жандарыңызды тындырып отырған тек біз Гүлжан екеуміз ғана... Одан да кілең қыздар туа салмапсыздар да...

Әсілкүл: Қой, қарағым асылық сөйлеме. Бақтық екен деп бұлдап отырғанымыз жоқ, хабарласпай кетті деп ренжіп отырмыз...

Жанар: Одан да жетімдер үйіне сол кезде-ақ өткізе салу керек еді.

Қасан: Тәйт, сен немене деп былшылдап отырсың. Тартып сөйле тіліңді, қайдағы жоқты бөсе бермей...

Жанар: (қызарып-бозарады) Сондағысы берген рақметтері осы ма?

Әсілкүл: Доғара салшы, әкеңнің жынды екенін білесің ғой, қазір бір ашуланса тоқтауы қиын...

Қасан: (орнынан балдағына сүйеніп түрегеледі) Әй, кемпір су дайында намазымды оқиын...

Әсілкүл: Анау күншуаққа құмғанға толтырып су құйып қойғам, бар да дәретіңді ала бер...

Қасан: Иә, Алла, Нұрғалидан хабар жоқ па? (жүріп бара жатып артына бұрылады)

Әсілкүл: Түу, сен де қоймадың ғой, ешқайсысы хабарласқан жоқ.

Қасан: Ол қалада құрылыспен айналсып жүр ме, әлде қарақшы боп кетті ме екен? Сол бала түрмеден шыққан соң қатты өзгерді. Бұрын қандай еді, әй-әй... (басын шайқайды)

Әсілкүл: Бар да дәретіңді алсаңшы енді көп сөйлей бермей...

Қасан: Ендігі үмітім немерелерімде...

Жанар: Немерелерің де қарық қып жатқан жоқ. Бірі степендиядан қағылса, бірі оқудан шыққалы жатыр. Ал анау сіздің сүйікті Қасым балаңыз шешесін тыңдамай, көше кезіп, достарымен күндіз-түні қаңғыратын көрінеді...

Әсілкүл: Сен де бір тіліңмен от көсеп отырасың-ау... Нең бар онсызда жүрегі әлсіз... (Қасан орнында қақшиып тұрып қалады)

Жанар: Енді өзі емес пе, бағанадан бері ана баласын, біресе мына баласын іздеп, ал менің жүзіме бір қарайтын түрі жоқ? Бәрі кереметте, мен-ақ жаманмын осы үйде...

Қасан: Қой, мен намазымды оқиын. (еңсесі түсіп сыртқа шығады)

Әсілкүл: Сен де жетісіп отырғаның шамалы. Мынандай мінезіңмен не тұрмысқа шықпадың. Енді отырсың қырықтың бел ортасында бауырларыңды жамандап.

Жанар: Туф, мама, енді соны айтпай-ақ қойсаңыз қайтеді. Дұрыс жігіт табылмаса енді мен кінәлімін бе?

Үйге Қасым кіріп келеді. Қос қолы тола дорба мен торт.

Қасым: Әжетай, амансыздар ма?

Әсілкүл: (Орынынан тұрып қуана қарсы алады) Ой, айналайын балам, қалай, ат-көлік аман ба? Аяқ асты келіп қалдың, ең болмаса келемін деп ескертпедің бе?  (құшақтасады)

Қасым: Тәуба. Өзімде сол ойламаған жерден... (Әпкесіне қарайды) О, әпке жақсымысыз, қашан келіп қойғансыз?

Жанар: Керемет! Қайтесің қашан келгенімді. Сендер деп пе едіңдер, кешігіп, ұмытып жүретін. Келмейтін шығар деп едік сені, атаңның туған күнін ұмытып кеткен жоқ боларсың, әлде зейнетақысына бола келдің бе?

Қасым: Қалай ұмытайын... (әпкесінің сөзіне мән бермегендей, әжесіне қарайды) Жазда да біраз нәпақа табайын деп аквапаркқа құтқарушы боп жұмысқа кірген едім, жұмыстан бүгінге әзер дегенде бастықтан сұранып келдім. Ертең қайта жол жүрем.

Жанар: Қойшы, рас па? Құтқарушымын дейсің бе? Сен өзі жүзе алатын ба едің? Өзің батып кетіп, керісінше жұрт сені құтқарып жүрмесін. (күледі)

Қасым: Ой, әпке сізде айтады екенсіз. Жүзе алмасам жұмысқа алмайды ғой.

Әсілкүл: Сонда да балам, абайла, тұншығып қалып жүрмегін. Басқа бір дені дұрыс жұмыс көрмедің бе?

Қасым: Қалада жұмыс табу оңай емес әже.

Әсілкүл: Мейлі, кел отыршы қарының ашқан шығар.

Қасым: Ашқанда қандай сіздің майлы айраныңызды сағынғаным соншалық түсіме де кіретін бопты.

Жанар: Еее бұл сіздерді емес, тамағыңызды сағынып келген ғой.

Әсілкүл: Балама тиіспей жайыңа отыршы, айналайын. (Қызына жақтырмай қарайды)

Қасым: Атам қайда?

Әсілкүл: Дәрет алып жатқан. Мә айраннан іше ғой, айналайын. Жүдеп кеткенсің бе өзің? Шешең тамақ бермей жүр ме әлде? Қазір кешке жақсылап тұрып сенің сүйікті мантыңды дайындап беремін.

Қасым: Жоқ-ә, уақытылы тамақтанып жүрмін. Жәй, өзім осындай арықпын ғой.

Жанар: Үйлену керек десеңші оданда... Толасың сонда.

Қасым: Үйленуге де ниет бар, әттең бір жақсы қыз табылмай жүргені.

Әсілкүл: Әй, осы сендерге-ақ, жақсы қыз бен жақсы жігіт табылмай қалады-ақ екен. Не көп ауылда қыз көп, жоқ әлде анау Мираштың қызын әперейін бе! Несі бар түр десе түрі бар, пысықтығын айтсаңшы, сиыр сауып, тамақ істегенін көрсең...

Жанар: Бұл ауылдың қара қызын неғылсын, ақ саусақ ілмиіп қалған қаланың қызын іздеп жүрген шығар. Оның үстіне сиыр сауатын әйел алып, сіздердің қастарыңызда қалайын деп тұрған бұл жоқ.

Қасым: Қалу керек болса қалам. Дұрысы атам мен әжемді қалаға алып кетсем ба деймін...

Әсілкүл: Қой, шырағым қалаңды айтпа. Өкпеміз қысылады. (атасы кіріп келеді)

Қасан: Ой, менің Қасымым келіп қалған ба?

Қасым: (Орнынан атып тұрып, атасына қарай жүгіре барып құшақтайды) Ассалаумағалейкүм ата! Сағынып кеттім сіздерді.

Қасан: Уағалейкумассалам балам. Қалай жақсы жеттің бе?

Қасым: Қаладан шыға бере біраз кептеліс болды демесеңіз, былай жақсы жеттім.

Қасан: Келіп Атаңды бір қуантып қойдың-ау құлыным.

Қасым: Сізге қараңызшы қолфонар, тәспі, апама ормал сосын торт алып келдім. (Дорбадан сыйлықтарын шығарады)

Қасан: Ой, айналайын, рақмет, құлыным! Өзіңе жүріп тұрғанға ақшаң бар ма?

Қасым: Бар-бар, уайымдамаңыздар.

Әсілкүл: Маған орамал алып бекер әуре болдың ғой, қарағым.

Қасым: Орамалыңыз тозса да, өзіңіз тозбаңыз, ақ әжем.

Жанар: Маған не әкелдің?

Қасым: Сізге... (не айтарын білмей сәл ойланып тұрады) Сізге бұйырса туған күніңізде әкелетін боламын.

Жанар: Бір жыл баққан еңбегім зая кетті десеңші оданда.

Қасым: Әпкетай, қойыңызшы қай-қайдағыны айтпай.

Әсілкүл: Әй, шал балаң бізді қалаға әкетемін дейді. Мен қалада тынысым тарылады деп айтып жатырмын.

Қасан: Ә-ә-ә, қалада тұру біздей даланың адамына оңай емес. Оның үстіне ол жақта көрші көршімен сөйлеспейтінін де білеміз. Барған сайын ішің пысып, төрт қабырғаға қамалып қайтатының тағы бар.

Қасым: Неге, қаланың жақсы жақтары да көп. Мәселен, театр, кинотеатр, үлкен сарайлар мен ғимараттар, парктер, қысқасы мәдениет ошақтары бар. Жүрсеңіздер іштеріңізді пыстырмай ылғи қыдыртатын боламын. Шешем, мен және сіздер бәріміз бірге тұрамыз, керемет емес пе.

Қасан: Ниетіңе рақмет балам. Бізге осы далаға жетер жер жоқ қой.

Жанар: Бұның айтып отырғаны бұ жақта сіздерді бағар ешкім жоқ, сол үшін алып кетпекші боп пысықсынып отырғаны ғой.

Қасан: Бізді бағудың қажеті шамалы, зейнетақымыз шүкір, кемпірім екеумізге жетіп артылады. Әрі-беріден соң мына қара шаңырақты қалай тастап кете бермекпіз...

Жанар: Ой, осы қирайын деп тұрған ескі жаппаны да үй дейсіз бе, оданда сатып жіберіп қалаға көшпейсіздер ме...

Қасан: Әй, қарағым (ашуланады) Сен не айтып тұрсың өзі. Бұл үй – қираған жәй ғана там емес. Бұл үй – қара шаңырақ, әкемнің аманаты. Бұны анау жүгермектерге аманат етем бе деген де, бәрінің жан жақа шашылған дәндей жайылып кеткенін көрмейсің бе? Осы үйде солардың бірі тұрса кемпірім екеуміз қала болса қалада-ақ тұрмайтын ба едік? Сен бұл шаңырақтың мәртебесін олай түсірме. Жаппа деп кемсітпе.

Жанар: Қара шаңырақ-қара шаңырақ деп қақсадыңыз ғой, қарамайсыз ба оданда ауылдағы қаншама үйлердің қаңсырап бос тұрғанын? Шал-кемпірлердің көбісі шаһарға көшіп кетті, сондағысы олардікі бос әуре, бекершілік пе, жоқ, қайта ертеңгі күндерін ойлап, «городской» болып өмір сүріп жатыр. Арасында шет елге де шығып келеді. Анау көршіңіз Қапан шал мен  Нәзираш кемпірге қарамайсыздар ма? Қайдағы жоқ, ешкімге керек те емес, пайдасыз қағидаға қадалып қалады-ақ екенсіздір...

Қасан: Бұнда менің атам, атамның әкесі де тұрған. Әрі сендер де өсіп өндіңдер, сендердің ұрпақтарың, олардың ұрпақтары да өсіп өнеді құдай қаласа. Солай жалғасып кете бермек. Қайда жүрсеңдерде неге ұқпайсыңдар осы діңдерің мен тамырларың осында қалғандығын. Сендерді де қалада оқыды дейді-ау. Бұл үйден ажырағандарың, тектерің мен ата-баба салттарыңды ұмытқандарың. Өткендерің мен келешектеріңді байланыстыратын да осы бір сен айтпақшы «жаман жаппа». Бұл шаңырақ пен осы бір дала болмағанда кім екендеріңді ұқпастан жапан далада қаңғып жүрген қаңбақтай, жел қайда соқса соның жетегінде кете берер ме едіңдер.

Жанар: Осы көкеме ештеме айтудың қажеті жоқ, мама. Бірдеңе айтсаң болды сандырақтап «лекция» оқып кетеді.

Әсілкүл: Қартайған сайын қазымыр шал боп барады өзі, қайтесің.

Қасым: Ата айтқандай жаңа сырттан бұрындары біз еккен шыбығымыз, биіктеу терек болып қалған екен. Соны көріп әжептәуір қуанып қалдым. Тал басында қонақтаған құстарды, олардың ұяларын көргенімде ішім жылып сала бергені. Алайда Мұқан атаның талы құлап, оның орны бос қалғаны ғана қынжылтады. 

Қасан: Жоқ, балам ол атаңның талы құлаған емес, ол әлі де жайқалып, көкке шыбықтарын созып, жап-жасыл көктем боп тұр. Ол мына мен еккен тал, ол ағаларың еккен тал, ол мына сен еккен тал. Бәріміздің де жайқалған бәйтеректеріміз сол аталарыңның тамырынан шыққан шыбықтар-тын. Енді көрмейсің бе, атаңның бәйтерегі мына сені мен менің теректеріміздің тамыры мен жасыл желегінде ғұмыр кешіп жатқандығын.

Қасым: Құдды мыны сіз бен біздің қанымызда атамыздың қаны соғып жатқанындай ма?

Қасан: Дәл солай! Һәм санамыздағы естеліктер мен жүрегіміздегі махаббатта да қалғаны іспетті...

***

Қара шаңырақ. Есік алдында Қасан мен Әсілкүл Жанар мен Қасымды қалаға шығарып салып жатқан сәті.

 

Қасан: Әй, Әсілкүл тезірек болмайсыңдар ма пойызға кешігетін болды ғой...

Жанар: Түу, папа, қойыңызшы, біз пойызбен емес автобуспен барамыз, олар бізді қанша уақыт болса да күтеді, күтуге міндетті, өйткені ақшасын алдын ала төлеп қойғанбыз.

Әсілкүл: Ой, ол шал асыққаннан, асықтырғаннан басқа дым бітірмейді осы үйде...

Қасан: Енді кешігіп қалмасын деп жатқаным ғой... Әйтпесе сендердің кетіп бара жатқандарың маған оңай соғып тұр дейсіңдер ме? Жылына бір келесіңдер, оның өзіне асығыс кеп, асығыс кетесіңдер.

Қасым: (үйден сөмкесін арқалап шығады) Ата әлі талай келеміз ғой, қам жемеңіз. Енді өздеріңіз ғой қалаға жүріңіздер десем, көнер емессіздер. Мен де ауылды қиып тұрғаным шамалы-ақ, өсіп-өнген, кіндік қаным тамған жерім болған соң әр кеткен сайын жаным жабырқап сала беретіні.

Жанар: Сен оданда ауылда ішіміз пысады, не интернет, не жүз арналық теледидар жоқ, ол аздай қаланың қызықтарынан да мақұрым қаламыз, сол үшін асығыс кеткіміз келеді десеңші?

Қасым: Маған ауылымның әр күнінің атқан таңы мен батқан күні, табиғатының құбылған сан түрлі көрінісі теледидардағы жүз арнадан да асып түсетін мың бір арна. Құстардың ұшып-қонғанын тамашалау, кез-келген интернеттен әлдеқайда жақсы. Ауылға келген сайын жаның да, тәнің де жаңғырып сала бареді.

Жанар: Түн сайын кім еді қалада қаңғыратын сонда?

Қасым: Мен қаңғырсам, жолдастарыммен жолығып, әңгіме дүкен құру үшін ғана, болды, одан өзге ештеме емес.

Әсілкүл: Қой, айналайын түнде көп шыға берме, біреу-міреу ұрып кетсе тағы. Анау телевизордан көп естиміз, біреуді өлтіріп кетіпті, бірін тонап кетіпті дегендей. Қой, бетін аулақ, тыныш жүр.

Қасым: Енді жаспыз ғой, әже. Оның үстіне менің баратын жерлерім, ондай бұзықтар жүретін жер емес.

Қасан: Әжеңнің айтқанын тыңда балам, жастық желікпен жүрем деп, талай жас кәрілік шағын құртып алған. Сенің бүгінгі жастығыңның дәні, ол ертеңгі егде тартқан өміріңде жеміс береді.

Қасым: Жарайды ата!

Жанар: Ал біз кеттік, шақыртқан таксиімізде міне келіп қалыпты. Сау болыңыздар. Ауырмаңыздар.

Қасым: Жақсы, аташым, ақ әжем, сіздерді шын жақсы көремін. Біз әлі талай келеміз... (Бәрі бір-бірлерімен құшақтасып, беттерінен сүйіп қоштасады)

 

Қасан мен Әсілкүл балаларының жолына қарап, есік алдында ұзақ тұрып қалады. Алыста күн де батып бара жатады.

 

Қасан: Әй, кемпір, балалар кетті...

Әсілкүл: Кетсе, жолдары болсын, не істейміз енді.

Қасан: Асығыс келіп, кетті-ау. Ал қалғандарының ешбірі келе қоймады.

Әсілкүл: Енді бәрінің қалада тірлігі бар, біздің әуенімізге төңкеріліп отырады деймісің?

Қасан: Қара шаңырақта улап-шулап бала шағаның бәрін өсірдік, жеткіздік, бәрі де өз арман-қиялдарының жетегінде кетті, ал енді соқа басымыз сорайып екеуіміз ғана қалдық.

Әсілкүл: Қайтеміз енді, тағдыр болған соң көнемізде...

Қасан: Ақшам уағы неткен керемет сұлулық еді, шіркін.  Байқаймысың, кемпір біз осы ылғи жол торабындағы батқан күнге қарайлап отырамыз. Келіп кеткен ұрпақтарымыз сол күннің шапақтары іспетті, олар кетіп бара жатады, біз көзімізбен шығарып саламыз. Батқан күн, ертең қайта атады ғой, несіне алаңдаймыз, солай ма. Кеткен бала-шаға да қайта келеді... келетін шығар...

Әсілкүл: Не дейін шал мына қамшының сабындай қысқа ғұмырды сенің жолыңда, сенің ізіңмен жүріп кешірдім. Өкініш, қуанышымыздың бәріне де шүкір. Ал қалғаны, не деуші еді... а-а-а иә, жазмыш... 

(Алыстан уілдеген желмен дауыс естіледі. Ажар анасының елесі көрінеді)

Ажар дауысы: Балам сенің кінәң де, кемшілігің де – мейірімділігің. Осы мейірбандығыңның кесірінен мына жалған дүниеде көп опық жедің. Сенің осы адалдығың сорың болды. Қатыгез мына қоғамда, мейірім мен адамгершіліктің түкке де қажеті жоқ. Ондайлар нағыз бақытсыз. Ешкімге есеңді бермей, заманыңнан аларыңды алып, қағарыңды қағып қалу керек. Қасқырдың баласын қанша бақсаңда орманға қарап ұлиды. Жетімектерің түгілі, өз қаныңнан болған бала-шағаң қайда? Қайда бәрі? Ха-ха-ха (қарқылдап күледі) Әрқайсысын уайым қыламын деп ақ өмірің өксікпен өтті де, кетті. Ал сонда сенің мейірім мен кең жүректілігің нендей пайда берді... Адам өзі үшін ғана, тек өзі үшін өмір сүру керек. Болды, басқасының бәрі бос сандырақ. Ха-ха-ха (күліп кетеді)

Қасан: Апа мен қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Ештеңеге де өкінбеймін. Жастық шағым қайта айналып келсе тағы да осылай істер едім. Ал қалғаны тағдырым шығар...

 

            Қасанның айналасын елестер торлап алады. Жан-жағынан бала шағалаларының  дауыстары естіле бастайды.

 

Мерген: Біздер өсіп-өндік, сіздерге рақмет! Ал хабарласуға шынында  қол тимей кеткені. Жаңа бизнес, жаңа жұмыс дегендей күйбең тірлік.

Қарагөз: Келеміз бір күні, мүмкін жаназаңызға шығар. Оған да уақытымыз болса әрине. Өздеріңіз білесіздер ғой, қалада жұмыс бітпейді...

Ұл-қыздары: (хормен) Әке біз келеміз дедік қой келеміз. Қаладағы тіршілігімізді бір жақты қылып алайықта. Әлде жұмыс істеу оңай дейсіздер ме? Сіздер құсап құр жатқан жоқпыз ауылда. Тек қайта-қайта мазамызды алып қоңырау соға бермеңіздерші.

Немерелері: (хормен) Ата біз оқудан кілең 100 балл жинадық. Зейнетақыларыңыздан көрімдік дайындай беріңіздер. Қалжың айтамыз. Біз де сіздерді сағындық, жазғы каникулда міндетті түрде келеміз.

Қасым: Ата анау бәйтерек неге құлағалы тұр, оған құламасын деп айтыңызшы. Әлі алдымызда талай көктем бар. Оның саясында біздер тынығатын боламыз, улап-шулап ұрпақтарымыз ойнайтын болады. Өтінем, құламасын деп айтыңызшы!  (елестер кетеді)

Қасан: Құламайды, балам, құлатпаймын...

Әсілкүл: Не деп сандырақтап отырсың?

Қасан: Жәй, өзім... (жан-жағына жалтақтап қарайды)

Әсілкүл: Сен шал осы алжиын дегеннен саумысың?

Қасан: Жүр, үйге кірейік, кемпір. Күн де батты...

 

Шал мен кемпір үйге қарай аяңдап басады... Бәйтеректердің басындағы жапырақтарды әнтек қана самал тербеп жатады.

 

                                                     Шымылдық

  

 

 

            

 

 

Қазақ тілінде жазылған