Адам қарады: 43213 | Жарияланды: 2020-08-10 10:40:12

Ең әдемі қылмыскер

Детектив-хикаят

                                                     Бірінші бөлім

          Том –том істерді қарап отырған подполковник соңғы хабарға елеңдеп, Қытайда  аңқауларды алдап, қалтасын қаққан алаяқ әйелдің  ұсталғанына көңілі көншіді. Әр елде  біреу болса жарар еді-ау, санаса сан жетпейді ғой. Қазіргі    адамдар  не болса соған сенгіш. Біреулер, ауруыңнан жазып берем десе , сене салады. Біреулер, жоғыңды тауып берем десе, қолындағысын   бере салады. Біреулер,  пәтер алып берем десе, бірнеше жыл жиған тиын-тебенін ойланбай-ақ , ұстата салады.Ал, анау пирамида деген ойын ше, кез келген  көзі ашықтар оның  таза алдау екенін  түсінуі керек. Өкінішке орай , түсінбейді. Пәлен адам жинайсыз, олар  ақша салады.Сосын ортаға түскен олжадан екі есе  етіп қайырып аласын деген жаңылтпашқа сенеді.Ал,  жинай алмасаң. Іс бітті .Қу кетті. Жүздеген , мыңдаған   аңғал жандар алданғанын сезген соң ,  полицияның есігін тоздырады.Әрі беріден соң,  алданып қалғандарын аңғалдықтарынан  көрмей, құқық қорғау органдары қол қусырып қарап отырғандай, зікір салып,  қаз ашуын тырнадан аладының кебін келтіреді.

  Кезекші  телефон соқты .

          –Жолдас, подполковник, Сіздің шақыруыңыз бойынша ,бір қыз келіп тұр.

          –Жақсы.Кірсін.

          Қағаздарын  ысырып, ноутбугін жапты.

       Талдырмаш  денелі , қара көзілдірікті  бойжеткен имене кірді. Кабинет  іші француз әтіріне бөленді. Әдемі иіс.Әдемі қыз.Тергеуші бір түрлі көңілденіп , жөткірініп алды.

          –Кім боласыз?

          –Оразова Жанна.

Алдындағы шақыру қағаздарын аударыстырып,   ат-жөнін көре алмай таңданды.

          Сізді  кім шақырды?!

          –Сіз шақырдыңыз.Жоға , өзім келдім.

          – Не бүлдірдіңіз?

          –Ештеңе.Жігіттеріңіз  маза бермейді. Қырындайды.

          –Нақты аты-жөнін айта аласыз ба?

          –Қайсыбірін айтам.

          –Ең болмаса ,  кім, қай жерде   мазалайды соны айтыңыз?

          –Кез келген кафеде, барда. Ресторанда. Біз сияқты сұлуларды жүргізбейді.

          –Оқисыз ба,әлде жұмыс жасайсыз ба?

          –Оқимын.

          –Нақты аты –жөнін айтпаған соң,  кез келген қызметкеріме  тиісе алмаймын ғой.

          –Тиіспеңіз. Есім хатыңызды беріңізші .Енді тиссе, сізге  хабарлайын.

Бауыржан визиткасын  ұсынды. Әдемі қыз –әдемі жымиды.

          –Пагон таққандардың бәрі сіздей мейірімді болса, біз сияқты қарындастарыңыз ешкімнен зәбір көрмеген болар еді. Сау тұрыңыз.

          –Жақсы . Хабарласаңыз  Сізге тиіскендермен сөйлесетін боламын. Бойжеткен басын изеді де, жедел қимылмен, шыға жөнелді. Бөлмеде  әтірдің хош иісі қалды.

          Тергеуші  оны бұрын бір жерде көргендей болған соң, сол бойы  ноутбугін ашып,  іздеуде жүрген қылмыскерлердің тізімдері мен суреттеріне көз сала бастады. Біреуінің  түр –тұрпаты , бой өлшемі ,алдында жаңа ғана болып кеткен қызға қатты ұқсайды. Кезекшіге  телефон соқты:

          –Жаңағы бойжеткен кетіп қалды ма?

          –Иә.Осы бойы. Подполковник мырза.

          Сонда ғана Бауыржан   іздеу салынған « ең әдемі қылмыскерге»  алданып қалғанын біліп , санын  соқты. «Еркек  сұлу көрсе– есек» дегенді біреулердің аузынан естігені бар. Енді  есім хатын талайларға талатып, не  бүлдіретінін бір құдай білсін...

 Осы сәт  аса маңызды іс бойынша   тергеушісі Мақсат кірді .

          –Отырыңыз.

          –Подполковник мырза, демалыс сұрап келдім..Теңіз жағасына жолдама алғам.

          –Жалғыз барасыз ба?

          –Иә, әзірге жалғызбын.

          –Япыр-а-й ..әә..Қызық болды. Талтүсте  алданып қалдым.

          –Кімге?!

          –Әлгі ұстатпай жүрген «ең әдемі  қылмыскерге».

          –Қалайша?!

          –Өзі үріп ауызға салғандай екен.Біздің жігіттердің  қырындап, маза бермей жүргеніне арыз айта кепті.. Күмәнданбадым. Жігіттердің де сыры мәлім ғой.Үйлерінен бір қадам шықса, бойдақ бола қалады. «Кім , қай жерде, нақтылап айтпасаңыз ,қайдан білемін» дедім. Ол маған «визиткаңызды беріңізші,   енді тиісетін болса, өзіңізге звондайын» деп қиыла қалды.. Бердім. Шығып кеткен соң, ноутбугімді ашсам, іздеу салынғандардың ішінде жүр.

          –Енді... ұстадыңыздар ма?

          –Ұстайтынның  бірі өзің емеспісін? Жолдамам күйіп бара жатыр деп, отпуска  сұрап отырсын.

          –Екі жыл бойы дем алмаппын.Теңіз жағасына барып, аунап –қунап, сергіп келгім келген..

          –Жарайды, енді  бір амалын табармыз.–Подполковник  қызметкерінің  рапортына  қол қойып берді..

 

           

 

 

                                      

                                    ***

                                 

 

          Қыз кішкентайынан  автобустың үстінде өсті . Әке-шешесі қалаға іргелес поселкеден үй тұрғызған. Ол арада мектеп те  , бала бақша да жоқ. Бұл аумаққа  үй салынғанда жоспарға енбеген.Шынашақтай қыз  бірінші сыныпқа бару үшін көзін тырнап, таң сәріден  көлік аялдамасында тұрады. Әйтуір мейрімді адамдардың арқасында  ілігеді. Ілікпесе , лық толы көліктің соңынан көзін сүзіп қала береді.Сөйтіп,бастауышты бітірді. Өсіңкірегесін, арадан ине өтетін саңылау болса ,жолаушылардың арасына еніп кететіндей боп пысыды. Әке –шешесі жарытып жалақы таппайды. Бір де аш , бірде  тоқ. Кейде  бір жапырақ  нан  көздерінен бір-бір ұшады. Өзіне тетелес  екі сіңілісі қарындары ашқаннан, тамақ сұрап, күні бойы қыңқылдайды.Кішкентайы «тәте, пішен берші» дейді . Печение дегені. Қайдан алады?! Өзі де тойып ас ішпейді. Сыныптастары үйлерінен  тамақ әкеледі. Әкелмегендері асханадан жүрек жалғайды. Бұл  әрқайсының аузына қарап, сілекейі шұбырып отырғаны. Аштықтан басы айналып, мұғалімнің түсіндіргендері  миына қонбай қояды.   Бүгін де бұралып, сабақтан соң көлікке әрең  ілесті. Қарсы алдындағы жүргінші қыздың әмияны   джинсінің артқы қалтасынан жартылай шығып тұр. Айсұлу жан-жағына қарады. Адамдар жоғарыда. Бұл төменде. Қолын созып,  кошелекті суырып алды да, жалма –жан басқа жерге  ауысты. Келесі аялдамада әмиян иесі түсіп қалды. Сөмкесінің түбіне тығып жіберген олжасын ашуға жүрексініп, ішінде нан алып жейтін тиын –тебен болса жарар еді  деп тіледі. Жолдағы  дүкенге  кірді. Түрлі тамақтан көз сүрінеді. Жақтырмаған сатушы :

          –Саған не  керек?–деп тақ етті.

          –Ештеңе.

Далаға шығып, тасалау жер іздеді де,  ағашты көлегейлеп, сөмкесінің  түбіне қолын тықты.Олжасы үш қызыл қағаз екен.Он бес мың ! Біреуін алақанына қыстырып, дүкенге қайта кірді.

          –Немене тағы келдің бе?!

          –Апай , ақшамды таба алмай қалғам . Маған тоқаш пен бір кило печение беріңізші,– деп бес мыңдығын ұсынды. Таңданған келіншек сұрағанын берді де,   күдіктене  көз тігіп, ізінен қарап тұрды.

          Үйіне  кірген бойы   сіңілілеріне пакет толы печение ұстатып,  қалған ақшасын қайда қоярға  білмей састы. Үлкендер біліп қалса, біріншіден ұрысады. Екіншіден, қарыздарына  жұмсап қояды. Олар білмесе ,  күнделікті жүрек жалғар сатып алып, қарындары ашпай жүрер еді.

          Күні бойы  базардағылардың затын тасып , әбден діңкелейтін ата-анасы ас ішуге әлдері  келмей құлайды.Ол күні де солай болды. Сөйтіп,  кішкентай Айсұлудың алғашқы   ұрлығы   ешкімге сезік туғызбаған күйде  сәтті  аяқталды. Оның есесіне,  он бес күндей  мектептің асханасынан тоқаш, дүкеннен  балмұздақ алып , бүйірі  шығып, сіңілілерін де тойындырып  қалды. Енді ол көлікке кірген бойы кімнің әмияны қай жерде ,соны аңдуға көшті. Жолаушы көп болса, жолы болады.  Кіп-кішкентай  қызды қалта қағады деп ешкім ойламайды. Көбісі қамқорлап «қысылып қаласын» деп ашық алаңға  итермелейді. Ол болса  тығылысқа ұмтылады. Осылай анда-санда  түскен олжасымен қарнын тойдырып, жаман үйренгендіктен,  мектеп бітіргенде,  бау кеспе ұры болып шыға келді. Бір қызығы, дене бітім тіп-тік, бет әлпеті  қарасаң көз тоятындай көрікті болып өсті. Келе-келе сұлуға сұқтанған жігіттерді де  тақырға отырғызды. Ондай да, сұлу қызға  сұғын қадап, ашықауыздықтан алданып қалғандар арланып, ешжаққа  шағымданбайды. Шарлы шаһарға келіп, оқуға іліккен соң, өнеріне өнер қосты. Пәтер алып  берем,банкіден  пайызсыз қарыз алуға көмектесем деп қармағына ілінгендерді   қармап алатын  айлакер алаяққа  айналды.

 

                                         ***

          Кәсібінің қыры -сырына әбден  қаныққан бойжеткен компьютер арқылы  түрлі түбіртектің көшірмесін , куәліктердің жалған түрін жасап , қомақты олжаға кенелудің жолын біліп алды. Кейінгі  кезде  кафелер мен ресторандардан тегін ауқаттанады. Тамақтанып алып, органда қызмет жасайтындығы туралы жасанды куәлігін ұсынады. Онымен тіресуге өздерінің тіріліктерінің  арты ашылып қалама деп қорыққандар. « Бәледен  машайық қашыпты» кете берсін, біз одан жарлы болып қалмаспыз»,- деп қолдарын бір сілтейді. Көлік  алып, қолы ұзарды. Қаламен іргелес   елді мекендердің қоныстанушылары ауыл жақтан көшіп келгендер. Олардың білгенінен , білмегені көп. Әркімнің қолына түсе бермейтін  тойоттаға аяқ артқан , әдемі қыздың майда тіліне,  көбіне әйелдер  ылығып , ығына жығылады.. Қаржыдан тарыққандарға банктен несие алып берем, үй жоқтарға пәтердің өшіретіне кезексіз кіргізем деп    қолдарындағы барын  алып, зым-зия жоғалады..  Осылай   аты аңызға айналған  «ең әдемі қылмыскер» жергілікті полицияның  бас ауруына айналып , бұғақтай алмағандары үшін әкім қарадан, жоғары жақтағы басшыларынан күнделікті    еститін сөгістері еттерінен өтіп, сүйектеріне жеткелі біраз болған. 

                  Барлығы дүрлігіп , сол періштедей  періні іздеп, естері шығып жүргенде, ол аспай –саспай тергеу басқармасына  кіріп, подполковниктің визиткасын алып кеткенін естігенде, генерал Райс Сапарұлы ашудан жарыла жаздады. Тіпті  шәкіртіне «сенгенім сен болсаң »  деген ащы сөз тіл ұшында  тұрып, айтпай қалды.

            –Ай қарадың ба, саған не болды?– деп шүйлікті  .

          –Айыптымын ,генерал мырза, алданып қалдым. Өте  көрікті екен,–деді Бауыржан салмақпен.. Мұнысын ұстазының  бір кезде жәбірленуші келіншекке ғашық болғанын меңзегендей етіп айтты. Генерал  солай түсініп, тіксініп қалды.

          –Немене , ол саған көркін көрсетуге келіп  пе ? Қай уақыттан бері  біз сән көрсететін cалонға айналдық!. Іздеу салынған аты шулы ала аяқты   танымайсыз ба?. Әмияныңыз орнында  ма?

          Тергеуші қалтасын сипалады.

          –Орнында...

          –Оған да шүкір! Енді көздерің жетті ме, оның ұстатпауының себебін түсіндіңіздер ме? Үнсіздік.

          –Ол өте айлакер, саспайды. Қорықпайды. Адамдардың сеніміне әбден  кіріп алған. Бір жағынан жүрек жұтқан екен.. Департаментке емін-еркін кіріп, басқарма басшының есім хатын алып, аспай –саспай шығып кеткені, соның айғағы. Ол бізді мазақ етті. Сендер осылай жұмыс жасайсыңдар деп көзімізге шұқып кетті. Ешкімнен сезіктенбейміз..Кім көрінгенге сене  береміз.Есіктің аузындағы қарауылымыздан бастап,  сондаймыз.Ал.. енді іздейік.Не істеп отырсыңдар?!   

          –Іздеудеміз. Үшті-гүйлі жоқ.Жердің астына кіріп кеткен тәрізді.

          –Мүмкін, аспанға  ұшып кеткен шығар...

 Кабинетте үнсіздік. Тек тіл ұшына оралған  сөзден  генерал ғана ойланып қалды.

 

 

                                                  ***

          Айтқандай –ақ, келесі күні  іздеу салынған сұлу Анталияға баратын ұшаққа отырып,  теңіз жағасына демалуға  бара жатты.

          Ол осындай сапарларында да  құрбандығын  тауып, қалтасын майлайтын. Салонға жайғасқан соң, жанындағы жігіттің ноутбугіне біраз көз салып отырды да , қалғып кеткен боп, иығына  сүйенді. Көрікті қыздың  әтір иісі тұла бойын балқытқан сапарласы  оятып алмауға тырысты. Жәйлап қана   мойнын көтеріп, астына  жұмсақ бір нәрсе  қойды. Қыз  оянып кеткен боп, басын көтеріп алды.

          –Кешіріңіз , оятып жібердім  бе?–деді сапарласы ыңғайсызданып..

          –Ой, сіз кешіріңіз, қызметтен шаршап шыққам , қалғып кетіппін. Мазаңызды алдым ба?

          –Жоға...Қайда жасайсыз?

          –Халыққа қызмет көрсету орталығында.

          –Шаршайтын орын. Клиенттері көп.

Бойжеткен  оймақтай  ернін көлегейлеп, есінеп алды да:

          –Әбден шаршаймыз ,– Ендігі сауалдың алдын алайын дегендей.

          –Өзіңіз қай саладансыз? – деді.

          –Мұнай компаниясы .

Іздегенге  сұраған  деп   күлімдеген қыз:     

            –Майлы жерден  екенсіз.     

  • Бірдеңе ішесіз бе, не алдырайын?
  • Коко-кола. Болса, балмұздақ.
  • Тағамнан?
  • Рахмет.Ұшақта  тамаққа тәбетім тартпайды.
  • Бірінші рет келе жатырсыз ба?
  • Бұрын да болғанмын.
  • Мен бірінші рет..
  • Оныңыз қалай, байлықтың басында отырып, Мальдивада        

 дем алып жүрген шығарсыз...

          – Бұрын келсеңіз.Маған кеңесші боласыз ғой.

          –Ертеректе  келгенмін.

          –Тіл білесіз бе?

          –Жоқ.

          –Мамандығыңыз қандай?

          – Тіл маманымын.

          –Тіл маманы болсаңыз , кез келген адаммен оңай тіл табысасыз ғой.

          –Керісінше, танымайтын адамдармен тіл табыса алмаймын.

          –Мені де танымайсыз.Тіл табысып отырсыз ғой .

          –Сіз сөзге  тартып отырсыз.

          –Солай ма ? Онда  танысалық.

          –Рита.

          –Мақсат.

          –Атыңызды  орысша қойған екен.

          –Татарша.Шешем- татар.Әкем- қазақ.

          –Солай ма? Аралас екенсіз ғой. Қаны араластар сіз сияқты  сұлу болады.

          –Рахмет.

Ұшақ  әуежайға  түн ортасында қонды.

Дем алатын отельдері де  бір .

          Осы кезге дейін  біреумен  тілдессе, оның осал тұсын іздейтін сұлудың   жаңа танысына  көңілі ерекше  алабұртты. Балауса кезінде    осындай бір  сезімі оянған. Ауқатты  жанұяның  баласы оған пысқырып та қарамады.Қай  қыз  сәнмен  киініп, қымбат көлікпен келетін болса , соларға қырындап, солармен әзілдесіп,  бұл байғұсты көзіне де  ілмеген. «Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» деген заманда , бай балаларының сән-салтанаты  бөлек. Қыздың оны жақсы  көрген сонша,  талай соңынан  сылпылдаған. Сыныптасы әкіреңдеп «Саған  көзіме көрінбе  деп ескертпедім бе », деп жер жебіріне жететін. Бір күні оңаша шақырып, жағынан тартып жіберіп, бетіне түкірген. Сонда барып есін жиған қыз «ғашығынан» біржолата  күдер үзді.  Жылай-жылай  сезімі де құм сіңді болған. Сол  менсінбегендердің жәбірі өтті ме, қалайда баюдың қамын ойлап, оның ебінің таза еңбекпен өнбейтінін білген соң, аңқауларды алдап-арбап, оңай олжаға кенелуге құнығып алды.

          Ұшақта кездескен жігітті қанша  ойламайын десе де, көңілінен кетпей қойды.Оның бар қимылы, жүріс-тұрысы , сөйлеген сөзі өзі күнделікті көріп жүргендерден өзгеше , бойында бір тылсым  тартылыс заңы бардай, тынышын алып, мазасыз күйге түсті. Бірақ ол кім? Бұл кім?Қыз өз ойынан өзі шошиды.Ол мұның  халықаралық  іздеу жарияланған алаяқ екенін біліп қалса ше?!. Полицияға тапсырмай ма? Олардың қолына түссе, оңдырмайды.Қанша адамды жұмысқа орналастырам, пәтер алып берем, жер алып берем, ең аяғы балаыңды балабақшаға орналастырам деп, жер соқтырды. Уәдені үйіп-төгіп , алдарқатып  жүреді де, ақшасын алып алған соң,  жылы мұрныңа суық боқ деп, үн-үнсіз жоғалады. Өздерінің де обалдары жоқ. Алдайын деп алдамайды. Тамырларын басып, пәтер туралы , жұмыс туралы әңгіме бастаса  болды.Қақпанына түсіп,тыпырлап қалады. Тілінің бізі бар. Кез келген кісінің басын айналдырып,  оп-оңай иландырады. Полицияның «особа  опасно» деп  іздеу салып жатқаны да  содан . Өткенде  әне бір  капитанды қатырды. Бір нәрседен кіп алды ма,  шыр айналдырып, кафеден шығармады. Ақыры,   подполковниктің есімхатын көрсетіп, «жібермесең, өз обалың өзіңе, қазір телефон соғам » дегенде, кешірім сұрап, босата салды.   Осы жолы реті келсе, шет елде   қалып қойғысы бар.  Түнде ұшақта қатар отырған жігіттің телефон нөмірін сұрамағынына іші удай ашиды. Қызық , джентельмендік  жасап, өзі сұраса қайтеді екен.? Әлде ұнамадым ба? Мүмкін емес.

          Бойжеткен   байыз таба алмады. Ұшақтағы танысының келісті кескін-келбетін, жұмсақ жымиысын ұмыта алар емес.. Мамық көпшікке басын тығып, ұйықтап кетуге  тырысқанымен,   шымшылаған  сезімінің жетегіне ере берді.Несі бар, ол менің кім екенімді қайдан білсін...Ол алғаш рет өзінің   сүюге, сүйікті болуға құқының жоғын ойлап, өзегін өкініш өртеді. Неге мен басқалардай тіршіліктің тәтті дәмін татуға тиіс емеспін, сүреңсіз ойлармен арпалысып , таңды атырды.

          Ертеңгілік жуынып , шайынып, теңіз жағасына беттегенде,  қарама-қарсы келе жатқан кешегі серіктесін көріп,    жүрегі аттай тулады..Ол да жағажайлық жеңіл киім киіп,  қара көзілдірігін қондырып , дем алуға беттеген  екен. Ілтипатпен амандасты.

          –Қалайсыз, жақсы дем алдыңыз ба?

          –Бірінші  күні өзге керуетке үйрене алмаймын. 

          –Мен де  солай, үйренгенше ,есірік ұйқы болам.

          –Ондай да ұйқы бола ма?–Қыз күлді

          –Неге болмасын. Шала ұйқы.

          –А..аа ... шала ұйқы дейсіз бе?

          –Жүріңіз , былайрақ , оңашалау жерге барайық. Жүзу білесіз бе?

          –Дұрыс білмеймін.

          –Қорықпаңыз, қасыңызда  мен бармын.

          –Суға кетіп бара жатсам,  құтқарасыз ба?

          –Сіздей сұлуды суға кетіріп,жындымын ба?Сізбен бірге батып кетуге әзірмін.

          –Айта көрмеңіз.Екеуміз бірдей батсақ, кім құтқарады..

          –Әне  жүрген жоқ па , судан құтқарушылар.Нәгізі сақ болғанымыз жөн.

          –Сақтықта қорлық жоқ ,–дейсіз ғой.

          –Әлбетте.– Жігіт  қыздың қолтығынан сүйемелдеді. Суға түсер киімі бар денесін мүсіндеп, қолаң шашы желмен желбіреген   ару  судан шыққан су перісіндей ғажайып. Жігіттің  буын-буыны босап , өзін әрең тежеді.

 

           

                                ***

          Екеуі күнқағардың астына жайғасып,құмырсқадай қыбырлаған жағаға көз тікті. .

          –Уһ...уһ.. су салқын екен...–деп  қыз тітіркенді.

          –Қақталып алыңыз.

          –Сіз де салқындадыңыз ба?

          –Иә.Суды онша ұнатпаймын.

          –Суды ұнатпасаңыз теңізге  келіп , неңіз бар?

          –Шөлде өскен соң , қызық қой.

          –Мен де шөлде өстім. Сонда да, суды ұнатам.

          –Рита, жақынырақ танысайық.

          –Біз таныстық қой.

          –Одан  да жақынырақ таныссақ айып па?

Қызды екі ұдай сезім биледі.Жігітті жақынырақ білуге өзі де қарсы емес.Бірақ әркімнен сезіктеніп, сырын алдырмауға үйренген әккілігі алдын орап, әлденеге кежегесі кейін тарта береді.Қиянда қалған қылмысы елден елге асып,аяғына оралғы  болмайтынына сенімі де шамалы.

          –Мархаббат,– деп күлімсіреді.

          –Кешке қыдыралық.Отельдің бірінші қатарында ойын-сауық орталығы бар.

          –Жарайды.

Сол  күннен бастап  қыз бен жігттің жұбы жазылмай, дем алыстың талай қызықтарын бірге тамашалады. Теңізге шығып, саяхат кемесінде тербелді.Екеуі де осыған дейінгі  тіршіліктерін мүлде ұмытқандай, алаңсыз қыдырыстады. Жүректерін үнсіз  жаулап, бойларын билеген   ыстық сезім  құштарлықпен  ұштасып,  бір төсекке жатып , бір төсектен өретін халге  жетті..Осы бір ғажайып сәттерінің рахатына мас болып, бір-біріне құлай берілген ғашықтар,  сөз байласар сәтке асығып жүргенде,  оныншы күнгі тосын оқиға  бәрін бұзды...

                                  ***

               Түске дейін саяхаттып, дүкен аралап, түстен  кейін  теңізге  шығып, жағажайда дем алып жатқан. Жігіт  жүрек қалауын тапқанына мәз,  дем алыстан оралысымен үйленуге  де кет әрі емес... Әріптестері аузыңның салуы бар екен деп,   көріктіме көздерін сүзер деген оймен көзі ілініп кеткені сол еді,  оқыс  үннен шошын оянды да, бейтаныс әйелдің  жанындағы сүйіктісін шашынан тартып, бақыртып  жатқанын  көргенде, сілейіп   қалды.

          –Ой, бетсіз, алаяқ,  арсыз, ақыры қолыма түстің бе ?!Қайда менің  отыз мың долларым?! Қайда  Астанадан алып берем деген  үйің?Қашып,  осында келген екенсің ғой, қара бет!

                Әйел қоян аулаған бүркіттей  қыздың үстіне қона кеткен. Жігіт алысып-жұлысып жатқан екеуді арашаламақшы болып ұмтылды.Қарысып қалған әйелдің қолы ұстағаннан айырылар емес.

          –Жіберіңіз , жұлдыңыз ғой ,деді   оған өктем үнмен.

          –Сен де мынаумен   ауыз жаласқан алаяқпысың? Екеуіңді де ұстап берем!

                       Арашаға қарамай, жемтігін жұлмалап жатқан әйел бір кез көзі аларып, құлап бара жатты. Ұйпа-тұпа болған қыз уысынан  сытылып шығып, қаша жөнелді. Ес-түссіз қалған әйелді құтқаруға ұмтылғандар жиналып қалды.

          –Ой , боже...Она уже не жилец,–деді біреуі тамырын ұстап.

          –Не ғып  абдырап қалдыңдар, дәрігер бар ма, дәрігер шақырыңдар ,-деді жасамыс әйел.

          –Мұнда , дәрігер келе ме? Шет елде  страховой полюс керек,–деді бір келіншек.Сол арада біреу шақырса  керек, дәрігерлер де жетті. Жалма-жан кеудесін тыңдап, катафалкаға салып ала жөнелді.

          –Тірі екен байғұс.Тірі болмаса , мыналар алмайды,–деді  тағы бір дем алушы.

          –Иә, қатты ашуланғаннан ,қан қысымы көтеріліп кеткен болу керек.

          –Ана қыз қайда? Оңбаған, аферист біреудің ақшасын алдап алып, теңіздің жағасында дем алып жүрген болды.

          –Ой, ол ма, мана қарасын батырды.

             Мақсат сол бойы отельге барғанда, ондағы решэпсіндер « Ондай адам бізде жоқ »деді. Рита деген есім  тізімде де тіркелмеген. .Келесі отельдерге қоныс аударуы мүмкін ғой. Жалған ат жамылып жүрген жел аяқты сан мыңдаған туристердің арасынан қалай  табуға болады?!            Атақты Шекспир: «Бүкіл әлеміңіз–театр, ал адамдарыңыз –актер» деп бекер айтпаған екен.Мынау нағыз актерлік шеберліктің көрінісі. Ана  әйел де көрген жерден жабыса кетіп , бекер жасады. Ол байғұс өліп кетпесе болғаны. Кімнен сұрап білуге болар екен, дәрігерлік пункітке барып, тергеушілік куәлігін  көрсеткенде, орталықтағы ауруханаға алып кеткенін,  өміріне қауіп төніп тұрмағанын айтты.

                     Күні бойы автобус аялдамаларын , жағажайларды аралап  ,  ешбір дерек ала алмай,  отельге  оралғанда, жағажайда қанен-қаперсіз дем алып отырған  ескі танысын көріп, таң қалды. Қасына жақындауға шошытып алам ба деп қобалжығаны сонша, анадайдан :

            –Рита ,–деп дауыстады. Ананың   қыңқ етер түрі:

          –Аа...а ...сіз бе, күні бойы көрінбедіңіз ғой ,-деді.

          –Басқа отельде танысым бар еді, сонда барып келдім ,–деді Мақсат та сыр білдірмей. .

          –Анау әйелдің жағдайын  білдім. Сіз білдіңіз бе ?

          –Мен неге білуге  тиіспін?!Ол әйелді өмірі бірінші көруім. Ол есуас мені біреумен шатыстырды.Басымның құйқылары  әлі ауырып тұр , –қыз  қабағын кіржитті.

          –Сіз , оны шынымен танымайсыз ба?

          –Әрине, танымаймын. Ол –ауру.Оның ауру екеніне көзіңіз жетпеді ме? Қояншығы  ұстап, құлап қалған жоқ па? Құлап қалған аурулардың бәрі қояншық.

          –Мен қазір құлап қалсам, мен де қояншық болам ба?

          –Сіз неге құлайсыз?

          –Күн ыссы .Кім біліпті.

            Қыз  мақпал қара шаштарын сүйрік саусақтарымен кейін сілкіді. Ұзын кірпігі  көлегейлеген мойылдай қап-қара көзі кең ашылды. Мінсіз жүзіне қыр мұрыны жарасып, үлбіреген еріндері сәл ашылып,  аққу мойынын  бұра  қиыла қарады. Жігіт  еріксіз елжіреді. Бұл жәй сұлулық емес, сиқырлы  сұлулық. Бір жазушы:  «Сүю  өзгеге тәнің мен жаныңды құл етіп матап беретін тәтті у, сүйкімді жауыз» деген екен.  Алдында  тұрған сүйкімді жауызды, бас салып, құмарлана сүйіп, бауырына тартқысы  бар. «Ол аты  аңызға айналған  алаяқ, ол ерлерді бір қарағаннан жолынан тайдырады. Бір ауыз сөзімен кез келгенді алдарқатып, айтқанын істетіп , айдағанына көндіреді. Оның жүзі  әдемі болғанмен, пейілі сұйық. Адамды алдаудың , арбаудың барлық сыр-сипатын біліп алған  нақ сұрқияның өзі,  тәжірибелі психолог ,– деген  еді генерал ұстатпай жүрген  сұлу туралы. Егер бұл сол болса ше?!..

           Мақсат  әлденеге жымиды да, қызға қарап:

          –Біреуді беріле  сүйіп көрдіңіз бе?–деді.

          –Ақшадан басқаны сүйіп көрген емеспін ,–деді  ол  қымсынбастан.

          –Сонда ақшаға сатыласыз ба?

          –Жоқ.Сатылмай-ақ ақша жасай білемін.– «Мәссаған , мынаның өзі мен ала аяқпын деп мойындай салса , не істемекпін.Осы арада қолына  кісен салмаймын ғой. » іш тартып қалған жігіт оған алғаш рет  күдікпен қарады...Оқыс оқиғадан  кейін суынармын деп ойлаған. Жоқ. Ол бұрынғыдан да сұлу , бұрынғыдан да тартымды.  Тергеуші: «Осы қызға  шынымен ғашық болып қалған жоқпын ба?» деп, қорқақтай  қобалжыды..

          –Сіз үшін келіп отырмын ,Мақсат,–деді қыз осы  сәт.

          –Неге?!

          – Сізді ұнатып қалдым.Соны біле тұрып, маған сұрақ қоясыз. Сізді  көрмесем тұра алмаймын.Махаббат деген осы болса ше?! Анау көк долы  әйел көріп қалса, тағы  бас салатын болар. Бірақ, маған бәрі бір.

          –Ол әйел әзір шықпайды. Оған дейін біздің жолдамамыз бітіп, елге қайтамыз.

          –Оны қайдан білдіңіз?

          –Дәрігерден сұрадым.

          –Онда осы отельде қала беруіме бола ма?

          –Болады, жүріңіз,  шығарып салайын.

          Қалай ойласам да  ол ала аяққа ұқсамайды. Мүмкін , ана әйел шынымен  біреумен шатыстырған шығар деймін.Дегенмен, біз іздеген «ең әдемі қылмыскер» осы  болса ше деген күдік пен, ол болмаса ше деген үмітке алма кезек бой алдырам.Халықаралық іздеу салынған  қылмыскердің  шетелге ұшып, менің жанымнан билет алуы кездейсоқтық болуы мүмкін бе? Көргеннен көңілімді еліктірген сұлулығы, керімсал жүріс –тұрысы,    « қылмыскер» деп қисық ойлауға  жіберер емес.. Санамды жаулаған мінсіз мүсінді    есіме  алсам болды, көзсіз құмарлықтан буын –буыным босайды.. Бір –біріміздің кім екенімізді жете білмесекте, сезім құдыретіне бас иген сиқырлы сәттер есімнен кетер емес.   Онымен бірге өткен әр минөтім, әр сағатым ғұмырыма  жетерлік ләззат сыйлағандай, ол туралы бөгде ойға берілуге шамам келер емес....Оның  айдай ашық  ажарын, жүрегімді жаулаған көркем  күлкісін  көрсем болды,  қылмыстың да ,қылмыскердің де бар екендігін бір жолата  ұмытқандай күй кешем.

Қайтар уақыт жақындағанда сұлуым :

          –Мақсат,жаным, осы жақта қалып қояйықшы , –деді.

          –Неге, қызметің бар емес пе?–деп күлдім.

          –Онда жасағым  келмейді. Айлығы шамалы , жұмысы көп.

                    –Бизнесім бар. Шет елде қала алмаймын. – деп жалтардым.

          –Сонда немен айналысасың ?

          –Сауда .

          –Сауда болғанда, дүкен бе, ресторан ба?

          –Ресторан.

          –Ресторан болса , саған барсам, әйелің қызғанбай ма?

          –Әйелім жоқ.

          –Неке сақинаң бар ғой,–деп күлімсіреді..

          –Азырасып кеткенмін ,–деп шынымды айттым. 

 

 

 

 

         

                   ***

             Мақсат жағажаймен қимай қоштасты..Сирек  сезімінің ұясын ұмыта алмасы анық. Ұнаттым деп қосылған әйеліне сезімі тез суынып, ақыры    түсінісуден қалған соң , айрылысып тынған..Мынаның жөні басқа. Екеуі не болса соны айтады, не болса соған күледі. .Қызыққа толы , қызулы  демалыс көзді ашып жұмғанша өте шықты.Қайтарда екеуі тағы қатар отырды. Бойжеткен баяғыдай емес, өзімсіне    иығына басын сүйеп, ұйқыға кетті. Енді ол   тәні тәнімен біріккен , жүрегі жүрегімен табысқан  аяулысы. Оның  сұлу жүзіне күлкі үйірілді. Япыр-ай, осындай  періште  біреуді алдай ала ма? Ал егер   алданып қалса ше?! Сонда онымен өткізген ләзатты түндерін, қылықты  қылуасын   ұмыта алар ма?!...Есі  кетіп ғашық болған ер адамның ,өткінші сезімге алданып қалуы да ғажап емес. Ең қорқыныштысы– іздегенін жаңа тапқанда, одан көз жазып қалса, сүюге , сүйікті болуға деген сенімі де жоғалады. Мазасыз  ойдың құрсауында отырғанда, стюардесса   қонуға дайындық туралы хабарлады.  Үн-түнсіз жинала бастаған сүйіктісі оның бар-жоғын ұмытқандай салқын. Қол жүктерін жинасуға көмектескісі келгенде:

          –Әуре болмаңыз ,– деп қайырып тастады.

          –Түскен соң  , шығарып салайын ба?– Мақсат кінәлі жандай қипақтады.

          – Керек  емес.

          «Боинг»  А қаласына түнгі сағат үште қонды. Екеуі топқа ілесіп, шығу есігіне жылжыды.  Мақсат ұшақтың трапында жедел топтың «Ниссан» кішігірім автобусы тұрғанын байқады. Баспалдақтан түсе бергенде , жандарында теңіз жағасында көрген   әйел бар  жедел топ қызметкерлер таяп, қыздың қолтығына жармасып,  әрі қарай алып кетті . Әйел Мақсатты  көрсетіп:

          –Ана сыбайласын неге ұстамайсыңдар ?–деп баж ете қалды.

          –Ол біздің жігіт ,–деді  полиция капитаны.

  Мақсатқа  бұрылған қыз:

          –Хош болыңыз!  –деп  қинала күлімсіреді.

          «Ең әдемі қылмыскер» ұсталды деп, тергеушінің құлағындағы  қабылдағышы сампылдап  жатты.

Ол ызаланып, құлаққабын жұлып алды.

                   

 

                                

                                       ***

 

 

 

                 Генерал  көңілді. Ол  бар ғұмырын арнаған тергеу бөліміне   іш тартып, күнделікті лездемеде оларды мұқият тыңдайды.

          –Бауыржан, операция сәтті өтіпті.Алаяқ бойжеткенді ақыры ұстапсыңдар ғой,– деді .

          –Ұстауын ұстадық.

          –Ал, Мақсат қайда?

          –Дем алыста.

          –Ұстап берген сол емес пе?

          –Иә, бірақ, араларында не болғаны белгісіз.

          –Қылмыскер мен тергеушінің арасында не болуы мүмкін?!.

          –Ол  қыздың алаяқ екенін  білмей қалса  керек. Араларында бірдеңе бар сияқты.

          –Мақсаттың отбасы  бар ма?

          –Әйелімен  ажырасқан.

          –Мм...оның дем алысы бітпесе, істі басқа тергеушіге бекітіңіз.

          –Мәдинаға береміз.

          –Жә.. Мәдина болса . Мәдина болсын .Бірақ, Мақсатпен дұрыстап сөйлесу керек.Сіз ,ол қызды көрдіңіз бе?

          –Иә, маған кіріп, есім хатымды алған сол. Өте көрікті.

          –Енді оған «ең әдемі қылмыскер» деп  бекер ат қойып , айдар тағылмаған шығар.

          –Мақсат  шынымен ұнатып қалса ше?

          Ол– ең алдымен қылмыспен күресуші.Егер ол қылмыс  жасаушымен ауыз жаласатын болса, қызметтен кетуі керек, иә қылығына жауап беруі керек.  Бауыржан, оны шақырып,  сөйлесіңіз!

 

                                        ***

          Сылбыр    кіріп, көңілсіздеу  амандасқан Мақсатқа сынай қараған   Бауыржан :

          –Отырыңыз, қалай дем алдыңыз? Хабарласпай жатып алған соң, өзім шақырттым. Курорттағы танысыңыздың  ісін жүргізесіз бе? Айтпақшы , ол сізден бас тартты.

          –Айыпталушының еркі емес пе? Басқа тергеуші жүргізсін.Ұстап берді деп кек сақтаған шығар.Оның алаяқ екенін білмедім.Ұстап берген- жәбірленуші әйел. Ол ана жақта да ,  тарпа бас салған. 

          –Қалай болды?! .

          –Жағажайда дем алып жатқанымызда , ана әйел  жармаса кетіп, екеуі жұлқысты. Әйелдің жүрек талмасы ұстап ,  ауруханаға түсті.

          –Ал,  қыз қайда болды?

          –

–Күні бойы  іздедім. Кешке отельге оралсам, жағажайда отыр.. Жармасқан әйелді  танымаймын. Мені біреумен шатыстырды деді Қашып кетті.

          .

          –Сіз соған сеніп қалдыңыз ба?

          –Иә, сендім. Мен оны ұнатып  қалдым.

          –Мәссаған…Біз сізді   адамдарды алдап, талай жыл тақырға отырғызған алаяқты ұстап берді деп,  қызметтік мадақтауға ұсындық. Бұныңызға түсінбедік.

          ...Мақсат ұстазының қытымыр көзқарасынан қымсынған мектеп оқушысындай  төмен қарады. Далбаса , деді ол ғашық болғандағы  көңіл-күйді, түйген түйсікті  тірі жанға айтып жеткізе алмас еді. Адам өзіне ғана тән  нәрсені ешкіммен бөлісе де алмайды екен. Ол тек өзіне ғана тән, өзі ғана өлшемін бере алатын сезім құпиясы. Ол ендігі жерде өшкені өшіп, өшпегені ет пен  терінің арасындағы емі жоқ  шордай,қозғалған сайын жанына бататын  мәңгіге жабысқан дерті бола ма, кім білсін!.. Әріптесі оны түсінбейді...Ол өзін өзі түсінбей отырғанда, қайдан түсінсін. Онсыз да өз-өзі болғалы оңбай алданғаны, арбалғаны ақиқат. Сонда да, ақтала алмайды. . Сұлу  сиқырлап тастағандай, өз өзіне келе алмауда. Егер мұнысы ер адамға тән көңілі ауғанға, ықыласы құлағанға құмарлық болса ше?! Оны білу үшін,  айыру  үшін  уақыт сынағынан өту керек. 

          – Құдды басымды дуалап алған тәрізді.

          –Шынымен дуалап алған шығар.

          –Ондайға  сенгім  келмейді. Махаббат адам баласына ортақ сезім болса, ол  да адам емес пе?

          –Мақсат Қонысбаевич, ол сізді алдап, қармағына түсірді дейік. Ал, Сіз ақылды  адамсыз ғой.Қалай алдандыңыз?

          –Ақылды адам адаспайды деп Сізге кім айтты? Ақылды адамның да сүюге , сүйікті болуға құқы бар шығар..

          –Меніңше,алданып қалып тұрсыз .

          –Не десеңіз де, оған ғашықпын...

          –«Тойдың үлкенін түйе соғанда  көрерсіз» деген осы..

Подполковник тергеу ісіне қабілетті,  білікті қызметкерін жаңа  көргендей, жүзіне   мұқият көз салды.

          –Сіз , бұрын үйлендім дедіңіз. Бұрынғы  әйеліңізге де осылай теп-тез ғашық болып қалып па  едіңіз?

          –Оған ғашық болған жоқпын.

          –Ал мынаған ғашық болдыңыз, солай ма?

          –Солай?

          –Енді не істейміз?

          –Жұмыстан шығам.

          –Сосын. « Ең әдемі қылмыскерге»  қорғаушы боласыз ба?

          –Болсам болатын шығармын.

          –Мақсат! Мен сізді осындай ұшқары ойдың адамы   деп ойлаған жоқпын.

          –Өзім де ойлаған жоқпын.

          –Онан да бүлінген еш нәрсе жоқ. Бас тартыңыз!

          –Жоқ.  Бас тарта  алмаймын.Жолығуға  рұқсат  етіңіз?.

          –Тергеуші ретінде  ме?

          –Жоқ.

Мұндай оқиғаны қалай бағаларын  білмеген басқарма басшысы.:

          –Менен де жоғары басшылар бар.Солармен ақылдасып, сіздің мәселеңізді шешетін боламыз. Әзірге боссыз ,–деді.

 

                              ***

        Бір нәрсені бүлдіргенін сезінгенімен, ештеңенің байыбына барып болар емес..Сергелдеңге салған   сезімінің бе, алаяққа алдануының азары ма, ара жігін аша алмай әрі-сәрі күйде. Сыртқа шыққан соң ,иығын басқан  ауыр жүктен жеңілдегісі  келгендей,  кеудесін кере дем алды. Көлігіне отырып, күнделікті ізіне түсті. Айнала сол бұрынғы  күйі .  Сұрғылт үйлер, ығы- жығы жүргінші,  ой -шұқыры  көп тас жол.Тек қана   біреу  миын мыжғылап  жібергендей, мең-зең. Осы күні адам жанын түсінетін біреу бар ма деп ойлады. Тіпті түсінгенде де , әлі өзі де түсініп болмаған, жеріне жетіңкіремеген  күлдібалам күйін  кім түсінер дейсің?! Әр көшені бір тіміскілеп біраз қаңғалақтады да , үйіне қарай бұрылды. Бұрынғы пәтерін әйеліне тастап, жаңасын алған. Аяқ астынан айырлысайық деп шешті. Балалары да болмады. Қайсының кінәсі екені де белгісіз.Алаңдағы бала базарға   қарап, бір  күрсінді. Мүмкін , бала болғанда басқаша болатын ба еді. Кім білсін. Енді міне, жынынан айырылған бақсыдай мәңгүрт күйге түсіп, не істеп, не қоярын білмей әлек. Біреуге ашылғысы, ішіндегі шерін ақтара салғысы келеді.Бірақ кімге?! Кірер есікке қарай бұрылғанда, арт  жағынан :     

          –Әй, бала, –деген дауысқа кілт бұрылды. Бұрын органда жасаған зейнеткер екен.

          –Аға, атым –Мақсат,– деді шамданыңқырап.

          –Айып етпе , ұмытып  қалам.

          –Саламатсыз ба?

          –Сау бол. –Ау ,тоқтасаңшы  бір екі  ауыз тілдесейік.Осы сендер не жасап жатсыздар? Газет оқысам, қылмыстан көп неме жоқ.Тіпті неше түрі бар төбе құқам шымырлайды.Не тындырып жүрсіңдер?!

          –Жасап  жатырмыз ,ақсақал.Жалғыз бізге байланысты  емес қой.

          –Жұрт сендерді   жұмыс жасамайды деп ағаш атқа мінгізеді.

          –Е, ит үреді , керуен көшеді деген емес пе? Жасамасақ , қылмыс ашыла ма?Ашылып жатыр.

          –Өзің қашаннан бері жасайсын?

          –Тергеуге кіргеніме, екі жылдай болып қалды.

          –Ә..ә.. ,солай ма,  тәжірибең аз екен. Осы  сенің отбасың бар ма? Ылғи жалғыз көрем.

          –Бар болатын.Дәм-тұзымыз жараспады.

          –Ә.. ештеңе етпес.Мына жаман ағаң  талайының басын қайырған.

 Осы сәт Мақсатқа көршісі  әңгімелесуге іздесе   таптырмайтын жандай көрінді.

          –Солай ма, аға , қолыңыз бос па?

          –Бос болғанда , сол қолды қайда қоярға білмей жүр емеспін бе?Үйге де сыймаймыз, далаға да сыймаймыз.

          –Онда  үйге кіріп , әңгімелесек қайтеді.

          –Құп болады.Шақырғанға бармаған , шақыруға зар болар деген.Барсам барайын.

 Ұзын бойлы,  келбетті  кісі алпысты алқымдағанмен жасын бермеген, жүріс-тұрысы ширақ  бос үйге  сәлемдесіп кіріп, айналаға жіті  көз жүгіртті.

          –Үйің  кең екен. Жасың да жас емес.Бас екеу болмай, мал екеу болмайды дегенді қазакең білмей айтпаған.Үйленуің керек,–деді қай есікке кірер  білмей, алаңдаған түрмен.

          –Аға, төрге шығыңыз.Шай қойып жіберейін.

          –Еркек қоспын де.

          –Е.. солай болып тұр.

          Ас үйге шай жасап ,  дастархан құралын қойып, төрдегі қонағын шақырған Мақсат :

          –Аға, сіздің « талайының басын қайырғанмын» деген сөзіңіз маған қызық болып көрінді.Сіз органда жасадыңыз, қалай талайының басын қайырдыңыз?

          –Енді жүрекке әмір жүрмейді  , –деген әңгіме бар. –Бірінші әйелім –ата-анама ұнады. Екінші әйелім– өзіме ұнады.Үшіншісіне –өлердей ғашық болдым. Қайсын айтайын?

          –Өлердей ғашық болғаныңызды  айтыңызшы? 

          –Иә, өлердей ғашық болдым. Айқай-шуы да  аз болмады. Біріншісі –жуас көнбісті болатын.Екі үш жыл тұрдық. Баламыз да болмады.Соны  сылтау  етіп ажырастым. Әуелден сезімім болмады ма, көп онша қайғырмадым. Екінші әйеліммен қызметтес едім. Одан бір бала бар.Сөйтіп жүргенде, осы соңғы  жеңгеңді кездестірдім.Оның өзі қызық.

          Базарды тексеруге рейд жүргізетінбіз. Сонда оны-мұны сататын бутикте  тұрған бойжеткен көзіме оттай басылды. Әйелдің бірінші көзге түсетін жері көзі ғой. Көзі  күлімдеген, аққұба бойжеткенмен әзілдесіп біраз тұрдым.Қасынан кеткім келмейді. Ол да кет әрі емес .Әзіліме әзілмен жауап беріп, магниттей тартады.Тамырын басып: –Ертең келсем,қуып жібермейсің бе? , –дедім. –Өзіңіз біліңіз. Әйеліңіз үйге кіргізбей қоймаса,–деді.–Әйелім барын қайдан білдің?–дедім.–Сіздің жасыңызда, әйелі жоқ адам сирек қой,– деп  күлімсіреді.  Ұзын –сөздің қысқасы сол қызға өлердей ғашық болдым. Онсыз өмірдің мәні жоқ тәрізді. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылдым. Әйеліме жолауды қойдым.Есіл-дертім базар. Сол қыздың күлімдеген көзін , жүріс-тұрысын қызықтап, басымнан айрылдым. Әрі-беріден соң, ол мені мазаққа айналдырып, менімен бірге  сауда жасауға қалайсыз деді.Ол бір аласапыран  кез еді. Қызметімнен де көңілім суып жүрген.Оның үстіне әйелім үстімнен  шағынып, барлық  басшыларды алакөз қылып қойған. Арызымды жазып, әйеліммен азырасып, біржолата басымды арашалап алдым. Базардағыма   сүйетінімді білдірдім. Ұзын сөздің қысқасы, сөйтіп қосылып  тындық. Ол затқа  кетеді. Бутикте мен  тұрамын. Сауда  жасап та үйрендім.Сөйтіп жүргенде, бұрын  қызметтес болған  жігіт департаментке басшы болып  келді  де, тергеуге қайта  шақырды. Сонымен, сол қызметімнен  зейнетке  шықтым.

          –Балаларыңыз бар ма?

          –Бар. Үш баланың басын қайырдық.

          –Одан кейін ғашық болған жоқсыз ба?

          –Тиіп-қащып...– Мақсат  күліп жіберді.–  Ондай да бола  ма?

          –..Былай дем алысқа барғанда ғой..

          –Жақында Турцияға барып дем алып келгенмін.Сол жақта.. бір оқиға болды.–Соны  сізге айтып, кеңес  сұрағалы отырмын.

          –Махаббат деген ақыл айтуға келмейтін нәре.–Оны тек мына ара ғана шешеді.–Қонағы жүрегінің тұсын түртті.

          –Иә, мәселе сонда. Бірақ , менікі  мүлде басқаша жағдай.

          –Жақсы.Ақылым жетсе , айтып көрейін. Құлағым сенде.

          –Кезекті демалысымды алып, ұшаққа отырдым. Қасыма бір мөлдіреген сұлу қыз келіп жайғасты. Оның  ажарын  ауызбен айтып жеткізу қиын . Көзбен көру керек. Бір кез  иығыма қарай қисайып , қалғып кетті. Қолаң шашы жүзін жауып, әдемі жымиып, тәтті ұйқыға  кіріскен. Қозғалмай біраз отырдым. Сосын мойнының астына білегімді сала беріп едім, оянып кетті. Жанары жәудіріп , алғыс білдірді. Таныстық. Дем алатын отеліміз де  бір екен. Көңілге жел бітіп, аяғым жерге  тимеді. Қыпша бел, тік  кеуде , алма мойын ару  қасы көзі қиылып, жаныма  келгенде, еркімнен айрылам.Ешбір әйел затына солай құмарлана, құлай жығылмаған шығармын. Одан басқаны көзіме ілмей, көр соқыр  күйде  елжіреп, есалаң  күйге түсем. Бұл  бұрын басымнан кешпеген, кешем деп ойламаған ғажап сезім.Ол да мені ұнатты. Сөйтіп ,  бірімізді- біріміз жүрекпен ұғысып, жұптасып алдық. Сыр бермей жүргенім болмаса,  төсек жылуын  аңсағаным жасырын емес,тілегенге  сұраған  қолыма қонған құсымды құр жібермеуге тырысып,  жағдайын жасап бақтым. Ақыры , аңсарымыз жеңіп, сүйіспеншіліктің ләззатына  мас болып, түніміздің қысқалығына , күніміздің қызығына тоймай , демалыстың соңғы күндерін қыдырыстап  жүргенімізде , тосын оқиға болды...

          Сүліктей  сұлуым , күнге қақталып,  жанымда жатқанда,  бір әйел оған тарпа бас салды. Арашалағаныма қарамай , шашына жармасып,жұлмалап, жер - жебіріне жетті. «Арсызсын деді,  алаяқсын деді. Ақшамды қайтар» деп жұдырықтың астына алды. Ақыры  қан қысымы көтеріліп кетті ме,  талып  түсті. Абыр-сабырдан арылғанымызда, сүйіктімді  көре алмадым.Кешке дейін  іздедім. Кешке қарай    жағажайда отырған жерінен таптым.Ол жаланы мойнына алған жоқ. Мені біреумен шатыстырды.  Ұстамалы  ауруы бар әйел  деп  азарда-безер болды.  Не істерімді білмей, сандалдым...  Қалай іш тартайын десем де, ол маған жексұрын  көрінбейді. Басы байлы байланғанымды сезініп , сергелдең күйге түсем. Көрген түстей боп демалыс та өте шықты.

              Ұшақта  тағы қатар отырдық. Бар сұмдық  жерге аяғымыз тигенде басталды. Қол ұстасып, баспалдақтан түсе бергенде, қастарында Анталияда кездесетін көк долы әйел бар біздің жігіттер күтіп тұр екен.  Сұлуымды қолтығымнан суырып алды да, қолына  кісен салды. Әйел бажылдап мені көрсетті:

Жігіттер:

          –Ол біздің қызметкер ,– деді. Сүйіктім маған жалт қарады. Оның тостағандай жанары жасқа  толып,  лағынет айтып бара жатқандай, кірерге  жер таппадым.Екі иығым сылбырап, соңдарынан  ердім. Ұстап берген мен емес едім. Бірақ ,ол солай ойлады. Демалыста  « ең әдемі қылмыскермен» махаббат хикаясын бастан кешіргенімді естіген әріптестерім  іргесін аулақ сала бастады. Басшыларымның не шешімге келетінін әлі  білмеймін. Олар  алғашқыда қылмыскерді ұстап берді деп ойласа керек,  мадақтауға ұсыныпты. Ат- тонымды ала қаштам. Оның алаяқ екенін білмегендігімді мойындадым. Енді  қызметте қалу , қалмауым шешілмек. Ал, оны сүйіп қалдым , ағасы. Отырсам ойымнан , жатсам түсімнен кетпейді.Бұрын –соңды  ғашық болып көрмеппін. Енді не істерімді  білмеймін. Қызметтен  кетем деп арыз жаздым.

          –Өте қиын жағдай екен. Сезімің уақытша болса ше?

          –Оны да ойладым..  Оны дұрыс жолға саламын. Сала аламын.Оған сенімдімін...

          –Ал, егер  түзелмейтін болса ше?

          –Жоқ. Түзеледі. 

          –Япыра-ай, ә.. мені қинадың.Дегенмен , аз уақытта сен оның сырын білмедің ғой.Сырын білмегеннің, сыртынан жүрме деген.Адамның ішкі жықпыл-жықпылын білу қиын.Асыққан шайтанның ісі.Тағдырыңды талқыға салмай тұрып, қабырғаңмен кеңес, омыртқаңмен ойлас.Әйелден  айла ауыспас деген бар. Ол сонша  адамды алдап жүрген алаяқ болса, сені де алдамағанына кім кепіл?!Сенің тергеуші екеніңді біліп, әдейі тұзақ құрған болса ше?

          –  Біз бір-бірімізге   шын ғашық болдық.

          –Дегенмен .Сен сол сезміңді тексеріп көр.

          –Жарайды . Жеңгең іздеп қалған шығар. Әлі күнге қызғанады құрғыр ,–деп күлді зейнеткер.

         –Тағы да  сөйлесерміз.. Нәгізі асықпа.

             Қонағын шығарып салған Мақсат теңіз жағасында  түсірген бейнетаспаларын қайта айналдырды...Керемет көріністер...Махаббат соқыр деген рас па екен?.Рас шығар. Тағдыры  тасадан оқ аттады деп кім ойлаған. Осы кез бастығы  телефон шалды.

          –Әл..леу, Мақсат , қалайсын?

          –Рахмет.Жақсы .

          –Ертең генерал шақырады.Кіріп шық.

          –Неге? Арызымды жаздым. Шығам.

          –Бүлдірген ешнәрсең жоқ қой. Генералға кіріп шық. Ол кісі өте  байыпты адам. Бір ретін табар. Шақырғасын баруға тиіссін.

          –Жарайды.

                                ***

            Жаздың жайма шуақ таңы атты.Терезеден  төгілген кун шұғыласы  бөлмені кеулеп алған..Тез орнынан тұрып, жуынып,  бүгінгі күнінің не берерін байыптай отырып, шайын ішті. Генерал бетпе-бет келіп сөйлесіп көрген адамы емес. Сыртынан  біліктілігі туралы, адамгершілігі жайлы аңызға бергісіз әңгімелерге қанық. Жақын білуге құмартатын.Соның сәті түскен тәрізді. Бірақ , бұлайша  кездесем  деп те ойламаған. Ол   нысанды кимін киіп, айнаға қарады. Келісті келбетіне   риза. Анасы «Марқұм әкеңнен аумай қалғансын.Көрерге  көз керек, ер тұлғалы азаматтың асылы еді» деп жие айтып отыратын.Өкінішіке орай, әкесінен жастай айрылды. Інісі екеуі шешелерінің арқасында жетімдік  көрмепті. Ал анасынан айрылғалы –«әкесі жоқ мас жетім, анасы  жоқ қас жетім» дегеннің жаны бар екен , жетімсіреп қалды. Інісі үйленіп, елде қалды. Ол   есік алдына шыққанда , таныс  ақсақал серуендеп жүрді.. «Жылқы баласы кіснескенше , адам баласы тілдескенше» , дегендей , кешегіден  кейін тонның ішкі бауындай  жақын тартып,  қол алысып , амандасты.

          –Аға , генерал шақырады .

          –Ее ,солай ма, естуіміше  , өте бір парасатты, іскер адам.Жолың болсын!

       –Айтқаныңыз келсін. 

          Көлігіне отырған соң да , бірден  қозғалып кетпей, біраз отырды. Бұл оның әр сапары алдындағы ұстанымы.Іштей ата-анасының аруағына сиынып, білген дұғасын оқып, бетін сипады. 

          Аспанға қарады. Ақ шарбы бұлттар көк жүзіне көрік беріп , көк матаның үстіндегі ақ мамықтай үлбірейді. Бала кезінде су бетіндегі  көбіршіктерді саусағымен түртіп жіберіп , ойнағанды ұнататын. Әсіресе ,анасы  кір жуғанда қолын малып, маза бермейтін. Шіркін, ананың мол мейірімінің шегі жоқ қой. Қолын қағып, жіберіп, іле  ауырып кетті ме деп сипайтын.. Департаментке келіп қалғанын байқап, жүрісін баяулатты. Көптен көрсем деп жүрген басшының алдына  ыңғайсыз жағдайда кіретініне өкінді. Амал қанша ? Болар іс  болды , бояу сіңді, дегендей, енді  көресісін көріп алмақ.Кірер ауыздағы қарауылға құжаттарын көрсетіп, екінші қатарға  көтерілді. Қабылдау бөлмесі  деген есікті көземелдеп келе жатқанында, басқарма жетекшісін  кездестірді.Іштен шықса керек, көңілі көтеріңкі. Тергеушінің іші қылып етті, сірә жақсылық болар деп үміттенді. «Генерал сені күтіп отыр »деді жанынан өтіп бар жатып. Көмекші :

          –Кіре беріңіз ,–деген соң батылсыздау басып кіргенде ,қағаздан басын көтерген генерал:

          –Әә .. Турциядан  келген жігітпісің? Біз осы жасымызға дейін теңізге барып дем  алған емеспіз. Қазіргі жастар пысық..–  деп  алдындағы орындықты нұсқады.

          –Қалай дем алдыңыз?–деді.

          –Шет жағасын есітіп жатқан шығарсыз..

          –Естідім. Бірақ , өзіңнен естігенде, басқаша болуы мүмкін.

          –Бәрі сол ғой..Ұшақта бір қызбен таныстым

          –«Ең әдемі қылмыскермен »-–-деңіз. Біздің жігіттер оған солай деп ат қойған. Шынында да солай ма?

              Мақсат  генералдың нендей оймен айтып отырғанын  аңғаруға тырысты.

          –Иә, өте сұлу. Қылмыс жасайды деп ойлау үш ұйықтаса түсіңе кірмеді,–деп жауап берді.

          –Енді түсіңіз түгел өңіңізде өте жақын болыпсыз,тергеушіде көрегендік  инстинкт деген болу керек. Тергеуші  иісшіл ит сияқты. Кез  келген адамның сырты  түгел ішін зерттеп білуі кәсіби қырағылығын танытады.

          –Айыптымын , жолдас генерал..

          –Енді не істемек ойың бар?

Сәл ойланып отырған Мақсат:

          – Білмеймін, не істейтінімді.То есть, ештеңе істегім келмейді. Күндіз-түні тек соны ойлаймын.Ұлы Абай «адамның мінезін түзеуге келмейді дегендердің тілін кесер едім» деген ғой. Оны түзегім келеді.

          –Абай сол сөзін тәжірибе де пайдаланып көрді ме екен? Көрсе , анау оның сынағына іліккен бай-шонжарлар түзелді ме  екен?!. Сондай-ақ , қылмыстың тұқым қуалаушылық деген жағы болады. Оның түзелуі қиын. Әке-шешесі бар ма?

          –Естуімше бар.

          –Өзіңіз көрдіңіз бе ?

          –Іздестіріп жатырмын.

          –Сонымен, тоқ етері.Не істемек ойыңыз бар?

          –Қызметтен кетем.

          – Сіздің тергеуші екеніңізді біліп, қақпан құрмағанына көзіңіз жете ме?

          –Білмедім.. мүмкін емес.

          –Ім..жас жігіт.. сіз бізді қиын жағдайға қалдырдыңыз.Жұмысқа қабылетті  тергеушісіз.Талай құйтырқы қылмысты аштыңыз.Сіздей тергеу ісіне берілген маманды табу оңай емес. Оның үстіне бірталай тәжірибе жинақтадыңыз. Білікті тергеушісіз.. Соны жеңіл-желпі  жүріске қалай айырбастап, кете саласыз!.

          – Жолдас генерал, мен  кәсібімді   қадірлеймін.Сол себепті, оған кір келтірмей, ендігі  жолымды басқа арнаға бұрғым келеді.. Жүрекке әмір жүрмейді. Ол кім болса да, жүрегімнен жұлып тастай алмаймын. Әрине, мен де алданып қалдым.. Соның өзінде, осындай күйіме ризамын.

          –Біз сізді әзірше  басқа бөлімге жібереміз.Басыңызды ашып алыңыз. Сосын шешеміз,–деді генерал қатқылдау үнмен.

          –Құп болады!–  Мақсат,қабылдаудан шыққан соң, келісіміне көңілі толмай,  ашуға булықты. Қызметтен кететініме табандауым керек еді деп ойлады.    Басқарма бастығына  кіріп, уақытша оқшау орында отырған  ескі  танысымен кездесуге рұқсат сұрады.

          – Мәдина жауап алуға барады. Бірге барыңыз. Сосын генерал сізді  жедел іздестіру тобына ауыстырды.Әзірше ,–деді.

          –Жарайды.

             Уақытша  оқшау  ұстау орнындағы  жауап алу бөлмесінде   отырған айыпталушы олар кіргенде, самарқау рең танытты. Мәдина  оған барлай  көз тікті. Мақсат барлық  көрген қоқайына себепкер кейіпкеріне  ызасын жасыра алмады.    Мәдина қипақтап :

          – Мақсат Қонысбаевич, бірінші сіз сөйлесіп алыңыз ,–деп есікке беттеді.

          –Ол кісіге жауап бермеймін, –деп тұтқын  қырсықты.

          –Отырыңыз ,–деді  тергеуші өктем үнмен..– Сіз менің тергеуші екенімді білдіңіз бе?

          –Иә. Демалысқа жүрерден бір жеті бұрын шефіңізге кіріп, визиткасын  алғанмын..

          –Неге?

          –Керек болды.

          –Енді сізге керек емес, маған қайтарыңыз.–Қыз визитканы ұсынды.

          –Сонда  сізді дәлізде кездестіргенмін.

          –Ал, ұшаққа билетті әдейі қатар  алдыңыз ба?

          –Жоқ.Ол кездейсоқтық.

          –Мені алдадыңыз . Ол да кездейсоқтық па?!

          –Мен сізді  ұнаттым.

          –Алаяқ пен тергеушінің махаббаты қандай болмақ, соны білгім  келді деңіз!

          –Қыз бен жігітке тән сезім оларға да жат емес  екенін дәлелдегім келді.

          –Керемет дәлелдеп шықтыңыз. Сосын...

          –Сосынғыны өзіңіз көріп отырсыз.Қолыммен жасағанымды, мойныммен көтерем.

          –Ал, сезіміңіз не болады?

          –Өз сезімім өзімде қалады. Өзгенің сезіміне жауап бере алмаймын.

          –Бас бостандығыңызға  көмектессем, бұрынғы әніңізге қайта басасыз ба?

          –Ол маған байланысты емес.Адамдар -аңқау.

          –Солардың бірі– менмін.

          – Сіз өз жүрегіңіздің әміріне бағындыңыз.  Бұған ешкімді кінәлаудың қажеті жоқ.Сізге ешбір талап қоя алмаймын.Аз күн болса да бақытты еткеніңіз үшін, алғысымды білдіремін.

          –Онда мен де сізге алғыс айтуым керек екен ғой. –Қыз өзіңіз білесіз дегендей иығын көтерді..

          –  Кім екенімді жасырып ,сеніміңізге кіргенім үшін, кешірім  сұраймын.– Осы кез үстеріне  Мәдина  кірді. Мақсат орнынан тұрып:

          –Уақытыңызды алдым ба?,– деді де ,   шығып кетті.

 

                              

 

                                    ***

            « Е , құдай –ау, махаббат деген осы ма?– деді Мақсат   қобалжып,бұрын  сонша ұсқынсыз көрінетін абақты  көзіне жыл ұшырап,  ұзап кеткісі  келмейді. Өз –өзіне ызаланып,   ен қыздан еншісіне тигені елді алдап жүрген алаяқ болып шыққанына,  кімді кінәларын  білмей , дал болады.. Сезім күші деген осы болса ше? Ана, екі әйелінен айрылып, үшіншісіне  өлердей ғашық болған ақсақалдың басына туған күн, бұған  да туғаны ма? Тіпті ол да, мен сияқты  алаяққа  ғашық болмаған ғой, менікі бәрінен де асып түсті. Бір жағынан , оның қылмыскер екендігіне  ешбір күмәні қалмады. Сөйте тұра, оны  жек көре алмайды...Көрсем ,  жақсылап жер-жебіріне жетіп, жазғырармын дегені далада қалғандай,  дал-дұл...Онымен өткен күндерін  есіне алса, тұла бойы бір ысып, бір суынады...Жындының  кебін кигендей ,  өз ойымен өзі алысады. Ақыры,  оны  ұмыта алмайтындығына көзі жетті.Телефоны дыз етті. Уацап екен.

          –Мақсат, сүйіктім кешір мені.Мен сені сүйем..деген жазба .

Қолы еріксіз клавиатураға жүгірді.

          –Көмектесуге тырысам. Бірақ, түзелем деп уәде бер!

          –Уәде берем.

          –Тек уәдеңде тұратын бол.

          -–Уәде берем..Сені ғана құтқарушым деп білем.

          –Құтқарсын деп  құрсауыңа алдың ғой..Сен мені дуалап қойғанан саумысың?!

          –Ондайым болса, аянбас едім.Сенші маған...Жігіт ұялысын өшіріп тастады. «Кімнен алды екен. Мәдинадан сұрап алған болар.Тергеушіге сондай  сенгіш болуға бола ма ,  ее... е.. .өзім қырағы болып қарқ қылдым...»Не істеуге болады. Қорғаушы табуым керек. Ана  жәбірленуші әйелді тауып, келісімге   үгіттеп, арызын қайтарып алуға көндіруім керек. Жәбірленуші әйелдің  домофонын тергеннен  , подъезде төңкеріліс басталды  Ол  көршілерін шақырып, сен тұр мен атайын дегендей,  қарсы шабулыға дайындап қойыпты.Тергеуші  кіргеннен :

          –Мынаның ұсқынына қарап алыңдар! Жолбарыс терісін жамылған жалмауыз! Бұл тергеушімін деп жүріп, алаяқпен  аймаласып , жағада жатқан жерлерінен үстінен шыққанмын.Өтірік десе , өзі айтсын. Бұлар сыбайластар. Халық пагон таққандардың бәрі қылмыскерлермен ауыз жаласқан, сол себепті  қылмыс ашылмайды деп бекер айтып жүрмеген екен,–деп..–өзеурей өрекпіді.

          –Әй, тоқтай тұрсаңшы, әуелі тыңда йық ,–деді  сары қарын бәйбіше көк долыға сес танытып:

          –Әрине, сіздің ақшаңыз орнында. Бүкіл жиған-тергенінен айрылған менің орнымда болсаңыз, көрер едім көсемсігенді..

          –Сен сияқты ашық ауыз емеспін.  Көлденең  көк аттыға көкисің де жүресін .Өзіңнен де бар. Мақтанам деп ,барыңнан айрылып қалдың!– әйел    кейіп тастады.

          –Шынында да, келген  кісіні тыңдайық.Мәселең шешіліп қалар,деді   екінші көршісі. .

                    –Сіз  ұстап бердіңіз.Ол қамауда, енді сіздің қарызыңызды кім қайтарады?.Егер оны қамаудан босатсаңыз,  пәтерін сатып ,  қарызынан құтылады..

          –Естідіңдер ме, енді оны босатуым керек екен.

          –Иә,қазір екі тараптың келісімі деген бар, құжаттасасыздар.. Сіз оны  қамаудан шығарасыз.Ол пәтерін сатып , сіздің ақшаңызды қайтарады. Ал егер соттатсаңыз , ештеңе қайтара алмайсыз.

          Міне,, міне, мен сіздерге  не дедім?!Ауыз жаласқан ұяластар. Қазір менің келісімді  алып, ана сыбайласын босатады. Сосын жылы мұрныңа суық боқ. Аларсын. Ол қыздың ұшарын  жел, қонарын  сай білсін. Қанша жыл іздеп , әрең таптым.Енді мені алдай алмайсыңдар.

          –Ешкім сізді алдамайды.Мен  кепілдікке тұрам.

          –Туу , қойшы, әй бала, сенің кім екеніңді білмей тұрмын ба?Сен тек сол сұлуға есің кетіп, бостандыққа шығарып алғың келіп тұр.Менің проблемам жаныңа батып тұрған жоқ.

          –Мейліңіз, онда.Өзіңіз біліңіз. Мен сізге ақшаңызды қайтарудың жолын айтып тұрмын.

          –Әй , Балнұр , арпылдамай , ақылға келсеңші..Енді органның адамына сенбегенде, кімге сенесің? Айтқанын тыңда.Оны соттатқанда саған не пайда? Онан да ақшаңды өндіріп ал.

     –Ертең қорғаушыммен сөйлесем.Сосын   шешімін айтам. Нөміріңізді қалдырыңыз,–деді  жәбірленуші  иланғандай түрмен.

          Мақсат  сыртқа шықты.Өзі де екі ойлы. Қыздың  пәтерім бар дегенін естіген. Ол солай деп алдай салуы мүмкін ғой.Мәдинамен ақылдасу керек.Кешеден бері басқа  бөлімшеге  ауысқан жігіт бұрынғы әріптестері отырған ғимаратқа беттеді..Дәлізде  кездескен  шефі  қалбалақтап, қоярда қоймай кабинетіне кіргізді.

          –Не істеп жүрсін?

          –Қорғаушы таптым.Екі жақты мәмілеге келуіміз керек.

          –Сен шынымен..Иә.. сүйесің ғой..сүйіп қалдың ғой.Мен көрдім. Өте әдемі..

          –Иә, жолдас подполковник, мынау  визиткаңыз. Енді оған керегі жоқ.Қамауда ғой. Ешкімді алдай алмайды.

          –Ну.. енді  анадайы болмағанда..Нағыз сұлу.

          –Уәде берді..

          –Сенемісің.. иә... Жүрекке түскен шоқты сөндіру қиын..

          –Әңгіме  сонда болып тұр ғой..

          –Сенің жағдайыңда сену де қиын.

          –Тәуекел ет те, тас жұт деген бар .

          –Жұта алмасаң, қақалып өл деген жоқ па?

          –Естімедім.

          –Естімесең де, ескеруің керек.

          –Қазір маған ақыл  айтушы көп.Бірақ , өзім ақылымнан адасып жүрмін.Мәдина  қайда?

          -Жауап алып жүрген болу керек.

          –Мен онымен  кездескім келеді.. Рұқсат  бересіз бе?

          -Ол сөйлесе ме?

          –Сөйлеседі.

          –Жарайды.Бара беріңіз.Телефон шаламын. Склэмблеріңіз бар ма?

          –Маған  қажеті жоқ.Жауап алмаймын.

          –Сөйлескенің жауап алғаның .Мынаны алыңыз.Қайта тапсырарсыз.

          –Рахмет.

                                      ***

          Мақсат  біреудің өмірін сүріп жүргендей күй кешуде.Жан-жағындағыларды да біреу алмастырып жібергендей. Көбісі бұрынғыдай емін жарқын сәлемдеспей, еріндерінің  ұшын қимылдатады.Бұл бір қылмыс жасап қойғандай,  қырын қарап, қайқиып қалғандар да бар. Егер шынымен бір қателікке ұрынып, аяғын шалыс басатын болса, бірді –екілі адамдардан басқа  жан ашыры жоқ екеніне көзі жеткендей .  Олар   мұны  алаяқпен ауыз жаласты деп, сыртынан тон пішіп, пыш-пыштарын  көбейтуде.Неше түрлі қым-қуаттар болып жатқанда, індетіп ілік іздегендердің  қылығы қытығына тиіп , титықтатты. Бұл менің өмірім, менің қалауым.Жұрт не десе о десін. Мықтаса өзім жаққан отқа, өзім күйермін,– деген  оймен діттеген жеріне қалай  жеткенін байқамай қалды. Алдынан  Мәдина қарсы ұшырасты.

          –Мақсат,  саламатсыз ба, Айсұлуға келесіз бе ?– Жігіт ол кім дегендей аңтарыла қарады.

–Ау, сүйіктіңіздің атын білмейсіз бе?

–Жоға ..ойланып  кетіппін.

–Сіз келеді деп айттым.

.–Рахмет.Анда ма?

–Иә.

Ашуға булыққан Мақсат айыпталушыны  көргенде :

          –Тағы қандай  жаңалығың бар? Маған  атым –Рита дедің , тергеушіге –Айсұлу дедің.Сонда шын атың кім?    Өтіріктің құйрығы бір тұтам.

          – Турцияға  жалған құжатпен бардым. Халықаралық іздеуде  жүрген қылмыскер емеспін бе ? Шын атым –Айсұлу.

          –Жақсы. Ендігі жерде  алдамауға  уәде  бере аламысың?.

          –Бере аламын.

          –Бұрын ешкімге уәде берген жоқ па едің.?

          – Менен ешкім уәде талап еткен жоқ.Сіз біріншісіз... .

          –Бүгін жәбірленушіңмен кездестім. Келісімге шақырдым.Оның ақшасын қайтару  керек.

          –Ақшасына пәтер алып қойғанмын.

          –Сол пәтерді  қайтарасыз. Соның ақшасына алдыңыз  ғой.

          –Сосын қайда тұрам?!

          –Біреудің ақшасын барымталап ,  пәтер сатып алғаның, қылмыс болып саналады.Сондықтан, бұл ұсынысқа  келіспесеңіз , сот арқылы тиісті жазаңызды аласыз.

          –Білем.

          –Білсең, неге  келіспейсін? Пәтерді еңбек етіп , өз  ақшаңа сатып  алуың керек еді.

          – Еңбек етіп, ондай  ақша  таба алмайсың .Жезекшөлікке арым бармады.

          –Біреудің ақшасын алдап алуға арың барды.

          –Қайтарам .

          –Қамаудан шыққың келсе, пәтеріңді сатып, арызданушыға  ақшасын бересің .Ол арызын қайтарып алады.

          –Сосын қайда тұрам?

          –Әке-шешең бар емес пе?

          –Олардың  бас панасы жоқ.

          – Олай жасамасаң  , түрмеде шрисің. Ұзаққа отырасың. Сен қазір изоляторда отырсың .Ертең соттан кейін түрлі  қылмыс жасаған қарақшылардың ортасына  түсесің. Зорлық пен қорлықты сонда  көресің.Мен саған ол арада  ара түсе алмаймын.Иә,пәтеріңді бересін , немесе  бас бостандығыңнан айрыласың. Әзірге ол әйелден басқа арызданушы жоқ.Соны пайдаланып, тез ақталып шығуың     керек.Шешіміңді айт.

                     Қыз төмен қарады. Оның көз жасы кірпіктерін қақпай-ақ , ұшынан үзіліп, төмен қарай   құлдилап барады. Мөлдір тамшылар  аппақ жүзіне  аялдамай ,  теп-тез жоғалады.« Япыр-ай, бір жазушы әдемі әйелдің жылағаны да әдемі» деген  екен.Қалай тауып айтқан. Оның  осы   отырысының өзі әдемі. Жылағанының өзі сүйкімді. Мақсаттың жүрегі сыздады.  Жанына барып , жұбатқысы келді. Бірақ, ол аярлықпен жылап отырса ше , деген сұрақ сап еткенде ,қайта  қатайды. Ол сенің аңғалдығыңды пайдаланып, басыңды  шыр айналдырды ,тіпті шын атын да жасырды, ендігісіне жол бермеу керек  :

  • Ана арыз берушімен  кездестіреміз. Екеуің  мәмілеге келесіндер.Сен пәтеріңді  бересің.Ол арызын қайтып алады.
  • Сосын мені босата ма?
  • Сотқа дейін босатады. Бәрібір шартты  түрде сотталасын.

          Қыз қас-қағымда атып тұрып, Мақсаттың  мойнына асыла кетті.

          –Мен сізді  сүйемін. Мені  тастамаңызшы. Мейлі  , пәтерді де  беріңіз ,  тек мені жалғыз қалдырмаңыз.. Мен сіздің жаныңызда болғым келеді.Маған осы кезге дейін ешкім   қамқорлық жасаған емес.Сізден басқа ешкім ақыл айтқан емес. Ата-анам қайыршылықтан шыға  алмаған соң, ішімдікке салынды... .Оларға даладан тиын-тебен әкелсем, ұрысудың орнына  қуанды. Мұны қалай, қайдан әкеліп жатсын деп тергемеді. Жұмыссыздық , баспана жоқтық, іні-сіңілілерімнің бір  күн аш, бір күн тоқ жүруі мені алаяқтыққа итермеледі.Қылығыма  сізді  көргенде ғана өкіндім. Сізді жақсы көруге хақым жоқ екенін де түсіндім. Бірақ, ғашық болу дегеннің азабын басымнан өткердім.. Осыған дейінгі өмірімнен түңілдім. Сізден қанша бас тартайын десем де, еркімді билей алмадым..Сіз де  маған кет әрі болмадыңыз.Мұның бәрінің дұрыс емес екенін білдім.  Еркімді сезім биледі. Енді не істесеңіз де еркіңіздемін.Тек менен бас тартпаңызшы. ..Құлыңыз болып өтуге  дайынмын. Қаласаңыз, бұдан былай  адам  санатына алмай –ақ қойыңыз.Сізге лайық емеспін. Теңіңіз емеспін.Соны біле тұра, жабыстым.Жүрегіңізді жараладым.Қылмыс жасағанымды жасырдым. Тек осы ардан шығарып алып, өзіңіз жазалаңыз..

             Мақсат  қыздың құшағынан әрең босанып ,  суық жымиды.

          Үстеріне кірген Мәдинаға:

          –Түсіндірген  тәріздімін. Арызданушымен кездестіріп, мәмілеге  келулеріне ықпал етіңіз,–деді.

          –Тоқтаңыз, мен үшін шешіп қойдыңыз ба,  бұл шешіміңізге  келіспеймін, пәтерімді бермеймін.  Көшеде қаңғып қалғым келмейді..Тек қана өзім үшін емес,  балам үшін жазаға дайынмын..  Соттай беріңіз ,–деді айыпталушы кенеттен  қатқыл үнмен.

          –Қайдағы баланы айтып тұрсыз ?–деді Мәдина.

          –Мына сіздің тергеушіңіздің– баласы. Біз Турцияда қосылғанбыз.Ол менің  іздеудегі  қылмыскер екенімді білмеді. Мен оны  алдадым.Ол күндері  тергеуші де, қылмыскер де  емес – бір- бірін   ұнатқан ғашықтар едік.Екі  ғашық қосылса, не болады? Ол уақытта   не болатынын ойламаппын.Ішімде  сәбиім бар. Оған түрмеде дүниеге  келу бұйырса әке-шешесі ғана кінәлі.Бірақ, баспанасынан айырғым келмейді.                

          –Неге ертерек  айтпадың?–деп күмілжіді түсі бұзылып кеткен Мақсат.

          –Сіздің ауыз ләміңізді байқайын дедім.. Менен бас тартыңыз, демек,   сіз үшін бір тиындық құным жоқ. Ал менен туған баланы балам деп еміренуіңіз де  екі талай. Сол себепті, маған енді келмеуіңізді, мен үшін қиналмауыңызды сұрар едім.

            Есікке қарай  бұрылған тергеуші Мәдинаның  зілді көз қарасынан ығысып, кейін шегінді. «О тоба, бірің алаяқпен  ауыз жаластың деп, қырын қарайды. Бірі   бүлдіргіні бүгін көргендей, көз алартады..   ..Не боп  кетті бұл  дүние... Ең сорақысы – менің  балам абақты да дүниеге  келмекші...»

           Ол асығыс аяңдап, көлігіне отырып, ауласындағы ақсақалға   асықты. Оның ойынша ,бар түйінді сол шешетін тәрізді.                                       

 

         

                              

 

                

 

                          ***

 

            Қолы рөлде , басы шым-шытырық. Ал, жақсы  курортқа барғандағы көңіл ашарымды ұмыта алармын,  ешбір жазығы жоқ, өмірге келетін сәбиді қалай ұмытпақшы? Өзі құдайдан екі тілеп, адамнан бір тілеп қолы жетпей жүрген арманы бала болса, оны  кімнің дүниеге әкелгені бәрі бір емес пе, ол бәрібір  өзінің баласы.. Жақсы ..бірақ анасы әркімді алдап жүрген алаяқтан қандай бала дүниеге келетінін ойладың ба?!  Тергеуші жүргіншілер жолағына келіп қалғанын  біліп, тежегішті кілт басты. Үлгермеді. Көк көйлекті  жас әйелді  бампері іліп ала жөнелді. Жүрегі тас төбесіне шықты. Ендігі жетпегені осы еді. Атып шығып,  анадай жерге ұшып түскен әйелге ұмтылды:

          –Есуас , көзіңе шел қаптады ма?! Мынау адам жүретін жол –сен сияқты аң жүретін жол емес!–Үсті-басын қағынған  жас әйелдің көзі шатынап, оны түтіп жегелі тұр. Мақсатқа  оның  осы айқайы айналайын болып естілді. Әйтуір , аман қалса болды .

          –Кешіріңіз, ойға түсіп кетіппін.

          –Немене , ақшаңды санап кел жатырмысың!..Ал менің орнымда балалар болса ше! Сендей  есуастардың салдарынан  күніне  бірнеше  адам жарық дүниемен қоштасады. Полицияға хабарлайын ба?

          –Хабарлаңыз .Өзім де  полициямын.

          –Келіскен екенбіз.– Әйел бұрынғысынан бетер шаптықты.– Тіпті жақсы.Шақырамын, сендей рөлге отырса, таққа отырғандай тасып кететіндерді тәртіпке салсын. Әй, өзің жас та емессін , соншама ешіріп не болған?

Әйелдің бас аяғын шолып шыққан Мақсат:

          –Сірә,  құрдас болармыз. Ашуыңызды басыңызшы. Көйлегіңіздің орнына көйлек алып берем. Үйіңізге жеткізіп тастайын.

          –Жамбасым сынып қалғанда, жамбас салып беретін бе едің?!

          –Құдайға  шүкір, еш жеріңіз сынбаған тәрізді.

          –Бірақ, ауырсынып тұрмын..

          –Маған сүйеніңіз, көлікке отырғызайын.

          –Жоқ.Көтеріп алыңыз!– Мақсат  енді дұрыстап көз жіберді.   Отыздардағы жас әйел. Талдырмаш денесін  көтеріп алу да қиын емес сияқты.

          –Ой , мен Сізді  бір кексе әйел десем, тіпті жап -жас екенсіз.Тіліңіз ащы шыққан соң ...

          –Өзіңді жүргінші жүретін жолақтан бір есерсоқ қағып өтсе, көрер ем қалай  сайрағаныңды. Жұмысыма да  кешіктім.

          –Айыптымын.–Келіңіз,  мойныма асылыңыз.– Оның жеп-жеңіл денесін іліп алып, қасындағы орындыққа жайғастырды. Аңқыған  әтір иісіне елітіп, әлденеге кібіртіктеп барып, көліктің есігін жапты. 

          Орнына отырып, көршісіне дұрыстап көз тікті.

          Қара торының көріктісі , кеудесін тіктеп , қол сөмкесін ашып, бет аузының макияжын дұрыстап,  қадала қалған бұған :

          –Немене, кімді қақтым деп отырмысың ?-деп шап етті.

          –Жоға.. қаққан олжама көңілім бітіп отыр.

          –Таң қалдырдыңыз.

          –Есіміңіз кім?!

          –Махаббат .

          –Керемет екен.

          –Несі керемет.Әке-шешем бір- бірін өлердей ұнатыпты. Сосын тұңғыштары болған соң,   атымды Махаббат деп қойыпты.

          –Оған неге риза емессіз?!

          –Себебіахаббаттан жұрдаймын.Өлердегі сөзін айтқан күйеуім үш  жылдан соң, бала тумадың деген сылтаумен  басқа біреуге кетіп қалды. Қайда махаббат?!

  • Өкінішті екен.
  • Өзіңіз ше?!
  • Сіздің сыңарыңызбын.
  •  Ерлердің бәрі судан ақ , сүттен таза, сонда  опасыз әйелдер ме? ––Опасыздық қана опасыздық тудырады.
  • Сізді қайда апарайын?
  • Сұрағының түрін .Үйіңе апарайын деп пе едің ?
  • Апарсам апарам.Үйімде артық ауыс адам  жоқ.
  • Міне, еркектердің бәрі осы. Әйел, бала- шағаң бір жаққа қыдырып кетті ме?.
  • Шынымды айтып отырсам да сенбейсіз.
  • Мен ,вообще, еркектер шын сөйлейді  дегенге сенбеймін. Мені жұмысыма апарып таста! Әйел ауырсына жамбасын сипады.– Кешке дейін  жарасам. Кешке тұзбен сылап-сипап бірнәрсе  етермін.
  • Жұмысыңыз қайда ?
  • Адрес айтпадым ба? Мына жолдан оңға бұрыл. Сәтпаев көшесінде,  маңдайшасында  «Парехмахерская» деген жазуы бар.  
  • Шаштаразшысыз ба?
  • Жоқ .Бұл жеке меншіктікі. Келсеңіз, шашыңызды өзім қиып берем.
  • Тағы да ұрыспайсыз   ба?
  • Не деп ұрысам.
  • Сіздің алдыңызда  кінәлімін. Ұялы телефоныңызды жазып алайын, айыбымды жуып шаюға кафеге шақырам .
  •  
  • Жарайды. Жазып алыңыз.

 

Діттеген жерге жеткенде:

–Отыра беріңіз, өзім түсем,–деп  қолын бір сілтеп,ақсаңдай басып, ұзай берді.

            Қас-қағымда  жол көлік оқиғасына ұрына жаздаған тергеуші    зардап шегуші түсіп қалған соң, салон ішіне орнаған аураны қимағандай, бірден орнынан қозғала қоймады. Шынында да осындай , аузын ашса  жүрегі көрінетін аңқылдаған ашық-жарқын жандармен кездесу бір ғанибет. Ешнәрседен қысылмайды. Ешнәрсені жасырмайды. Көңіліне не келсе, соны ақтара  салады. Өте  ашық әйел екен. Бір сәттік өміріне араласуымен   жанды тірлікке шақырғандай,  сергітіп жіберді. Адамдардың бәрі неге осындай болмайды екен?.Көбісі ішімдегіні біл деп тұрады. Тәккапар , өзімшіл. Жаңағы әйелдің орнында басқа біреу болғанда. Басы бәлеге қалып, талай есікті тоздыратыны анық. Ол болса ұрысып, ұрысып алып, дым болмағандай кешіре  салды.

              Көңілсіз көше қайтадан мазасыз ойлар иіріміне тарта жөнелді.    

 

                                   ***

           Алаяққа алданғаны  санасына сияр емес.Бір уақ осындай  сенгіштікпен қалай тергеуші болып , қылмыс ашып жүрмін деп, өзіннің жер-жебіріне жетеді. Халықаралық деңгейде  іздеу салынған сұлумен әмпәй-жәмпей болғанын бетіне басқан әріптестеріне  ренжуі де бекер екен. Қайта  рахмет.  Қоңынан бір теуіп ,қаңғытып жібермеді. Басқа  бөлімге ауыстырды. Оған да іштей   риза болмай жүр. Сонда бетінен сүйіп алып, сенікі дұрыс деу керек пе еді..

               Рөлде  келе жатып  бүгін жолда қағып кеткен жаңа танысмен ұшақта  кездескен сұлуын салыстырды.Екеуі екі түрлі дүниенің адамы. Бір –біріне тіпті ұқсамайды..Көз алдына   судан шыққан су перісіндей  ақыл –есін жаулап алған сиқырлы сұлу  елестеді.  Ойласа болды,  жан-дүниесінің астан –кестені шығып, аласұрады. Япыр-ай ,  қанша зәре-зап  болып ұмытайын десе де , ұмыта алмайды..  Сонда қалай өмір сүрмекші? Сол тығырықтан құтқарушысы жаңа танысы болса ше?!. Ендігі өмірінің кілті сол әйелдің қолында тұрғандай  қатты толқыды.

 

 

                                         

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                         Екінші  бөлім

 

 

                                                Абақтының азабы   

 

 

               Түрменің олпы  солпы киімінің өзі түрін кетіре алмаған жас әйел өзіне қадалған сұқ көздерден бойын аулақ салып, томаға тұйық күйге көшкен.Сұлулықтың  мысы болатынын сұлу әйел ғана сезінеді.Анау өзі сияқты  көп тобырдан шоқтығы биік. Ол өзіне бір қараған әйелдердің ішіне қызығанушылықтың қызыл шоғын , ерлердің ішіне  қызығушылықтың қызыл итін айтақтап жібереді. Соны сезгендер бірі жақтырмай сыздана қараса, бірі сызыла қарап, кейбіреулер  «сен мұнда не істеп жүрсің.. » дегендей   сезіктене сұқтанады. Тұтқын келіншек құрсағындағы сәбиінің тағдырына алаң. Баланың әкесі жәрдемдеспеді  ме, жәрдемдессе де , заңды жазасы солма,    төрт жылды арқалап кете барған.. Қолымен жасағанды , мойнымен көтеру керектігін түсінгенмен, тұңғыш рет ана болғалы тұрғанда, темір торға қамалуы жанын жай таптырмайды. Мақсатты да кінәлаудан аулақ, сұлуды көрсе, сынаптай еритін көп еркектің бірі боп қалды. Одан артыққа бара  алмады..Жеме-жемге  келгенде, жеңіліс табатынын да білмеді ме, білген..  Алдаған өзі , алданған анау .Оның тергеуші екенін біліп тұрып, қақпанына түсіріп , қапысын тапты..Ол мұның  алаяқ екендігін білсе, есі кетіп ғашық болар ма еді, болмас па  еді... Әй , қайдам.. Маған неге кешірім жасауы керек?! Аңқаулығын пайдаланып, алдап соққаным үшін бе? Өлетін тышқан мышықпен ойнайды. Өзімнің де обалым жоқ. .

          –Бодықова! –  саңқ еткен дауыстан шошып , ішін ұстады.

          –Қорықпа, балаң түспейді.Бастық шақырады.Сен өзің тым тәкаппар екенсің. Мұнда ондайларды ұнатпайды. Қайда жүргеніңді мойындап, басшылардың алдында бетегеден биік , жусаннан аласа болсаң, өзіңе жақсы. Ертең балаңды босанғанда да ,  қамқорлығына бөленесің.Ұқтың ба ?

 Келіншектің сазарған қалпына қарап, жерге бір түкірген надзиратель:

          –Жүр, алдыма түс, Көкеңнің үйінде жүрген жоқсын, кекірейме, – деп арқасынан нұқыды.

          Келіншекті көргеннен есі кетіп, сырттай  меншіктеп жүрген түрме бастығының  көзі ойнақшып, бас аяғын шолды да, біліне бастаған ішін байқап, қабағын шытты:

          –Баланың әкесімен заңды некедемісін?

          –Азаматтық некедемін.

          –Азаматтық некені заңды деп ойлайсың ба?

          –Біз үшін заңдысы да, ыңғайлысы да  сол.

          –Не үшін сотталдың ?

          –Барлығы өмірбаянымда жазулы.

          –Мм....мм... балаңды осында босанбақшымысың?!

          –Енді қайда ?

          -Біздің тілімізді тапсаң, қамқорлық жасаймыз...

          –Мұнда біреудің тілін табу үшін емес,  жазамды өтеу үшін келдім.Маңдайыма  жазылғанын көремін.

          –Балаңа обал емес пе?

           –Бала менікі. Мен не көрсем, ол соны көреді.

Беті жылтырағандардан меселі қайтып көрмеген, меселін қайтарса, қоқан лоқы жасап, қалайда иін сындырмай тынбайтын абақты қожайыны алдында отырған  көрікті келіншекке сөз батпайтынын, тіпті  оған қоқан лоқы жасауға да батылы бармайтынына көзі жетті. Мұның не бәлесі бар,   алаяқтығы үшін сотталса да, нақақтан күйіп ,біреу үшін отырғандай, міз бағатын түрі  көрінбейді.

          –Есіміңіз кім?

         –Айсұлу.

          –Пах , шіркін , ата-анаң сонша сұлу болатыныңды білгендей –ақ есіміңді тауып қойған екен.

          –Ауылдағылардың бәрі арманшыл. Қыздарын айдай сұлу, күндей көркем болсын деп қоя салады. Көріп отырсыз, мен  алаяқ болып шықтым. Қайдан білсін.

          –Жоға..Сіз атыңызға затыңыз сай сұлу әйелсіз. Осы  кез үстеріне кірген  аға лейтенент.

          –Кешіріңіз ,жолдас майор , жоғарыдан кісілер келіп тұр ,–деді.

 Абдырап орнына ұшып тұрған түрме бастығы :

          –Мына кісіні тез алып кетіңіз ,– деп бұйырды.  Келіншек ұзын дәліздің ішімен жүріп келе жатып, мүмкін Мақсат іздеп келген шығар деп үміттенді..

 

                               ***

            Мақсат  жол оқиғасымен танысқан келіншекке телефон шалып, жағдайын  сұрады., 

          –Шүкір, –деп саңқ етті  әржақтан.

          –Егер жұмыстан кейін үйіңізге жеткізіп тастасам, қарсы болмайсыз ба?

          –Еще, сұрайсыз.Бұл Сіздің міндетіңіз емес пе? Жамбасымды жаралап қойдыңыз. Енді жазылғанша тасымайсыз ба?

          –Айтсаңыз болды.Тасимын.Кінәлі екенімді білемін.

          –Жұмыстан босаған соң, маякну.

          О кей’

               Мақсат   әйел адаммен осылай еркін , батыл тілдесіп көрмеген.  Көңілі  көтеріліп, жаңа танысын қандай , қай  кафеге апару керек екендігін ойластырды. Үйге шақырсам да болар еді.Бірақ, жабыса  кеткенім ұят шығар деп тосылды.

               Көліктен түспей тұрып, аулада ескі танысы жоқ па екен деп айналаны мұқият қарап алды. Соңғы кезде кездесуден  қашқақтайды.Айтар сырын айтып алып, енді сонысына өкінеді..Тәуекел  ете алмайтын болсаң, ғашық болу не теңің деп табалар деп қорқа соқтайды. Ол бірде: « Ғашық болу деген  сенің қызметіңе ,  қисыныңа, қиналысыңа қарамай ,ғаріптікке салатын, ақталуыңа, жалтақтауыңа  жол бермейтін, мойныңды бұрғызбай қыл бұрау  салып  қылғындыратын ,қисық болсаң түзеп, тізеңді дірілдететін, оңаша да күбірлететін, көрмесең күрсіндіретін, көрсең, есіңді шығарып сүйсіндіретін, теңдесі жоқ терең сезім . Ол байқамасаң, от болып күйдіреді, теңіздей тереңіне батырады» деп толғанған..

              Мақсат ол айтқан  сезімді басынан өткере отырып, жеме-жемге келгенде  жеңілді.Оның  себебі демалыстағы  әурешілігі қызметіне әдеуір кедергі жасады.Аса маңызды іс бойынша тергеуші лауазымында жүре бергенде, бұл күнде   жоғары  шенге де қолы  жеткен болар еді.Басқа бөлімге  ауысуы да, беделіне бірталай нұқсан келтірді.  Көкейіндегісін көрші  ақсақал тап басқан тәрізді. Оның    кезектісін кездестіріп ,көзайым болып жүргеннін   кешірмейтін де жалғыз сол. Сол себепті, көзіне түспеуге тырысады. Былайғы  жұрт бір-бірінен неге үдере қашады десе, бір- біріне сыр алдырғысы  келмейді екен ғой. Сыр алдырмағанымда, мен де солардай сыздиып, қысылып- қымтырылмай жүрер ме едім...

            Телефоны дыз еткенде,  апыл -ғұпыл атып тұрды. Ілгіштегі киімдерін   іліп ап, сыртқа шыға бергенде , көршісі  жоғарыдан түсіп келе жатты.

          –Ау, Мақсат , амандасуға мұршаң болмайтын болды ғой .Қалайсын?!

          –Ой, ақсақал , жұмыс көп. Қылмыс жетерлік. Мұрнымыздан шаншылып жүрміз.

          –Иә..иә, органның жұмысы солай..Басымыздан өтті ғой,– деп қала берді.

          «Махаббатты  көрсе, бәс тіккенің осы ма , дейтін шығар мына шақар шал», деп ойлаған тергеуші  көлігіне асығыс отырды.

 

                                         ***

          Шаштараздың жанында күтіп тұрған әйел ,анадайдан қолын бұлғап , жадырай күлді.

  •  Енді болмағанда,  такси шақырайын деп тұр едім.
  • Неге? Келем деп уәде бердім ғой.
  • Уәдені кім бермейді. Кім ұмытып кетпейді.
  • Мен  уәде де тұратын  жанмын.
  • Көрерміз.
  • Мынау  жеке меншік шаштаразыңыз ба?
  • Жоға.. Ондай  байлық қайда ? Иесі  сотталып  кетті. Маған   сенім хатпен қалдырды.
  • Не үшін сотталды ?
  • Ол жағын білмедім. Бізге есеп бер ме?
  • Кафеге  тапсырыс бердім. Тамақтанайық.
  • Иә,  жүргінші өтетін жолақтан қақаныңызды полицияға хабарласам ,  айыппұл салатын  еді. Соның есесін қайырмақшысыз ғой.

,         –Ту.. қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым ,-деген екен біреу.

          –Мен   жалғызыңыз бола қоймаған шығармын. Ренжімеңіз , мен  ойыма не келсе , соны іркілмей айтып үйренген жанмын.

          –Оны  көріп тұрмын. Осы  мінезіңіз маған ұнайды.

 Келіншек   күліп жіберді.

          –Әй , еркектер-ай, әрі берден кейін, іштеріңдегі  шерлеріңді тарқата бастайсындар.Сол үшін кафеге шақырдыңыз ба?

          –Жоға , айта көрмеңіз.Тек   кампанион болып,  тамақтанайық деген ой. Келіп қалдық .Осы кафенің тағамы жақсы деп мақтайды. Көріп шығайық. Ұзын залдың екі жағы қаптаған  кабина. Екі адамнан , үш адамнан , тіпті төрт адамнан отырғандар бар. Түп жақтағы  кабинаға қарай  аяңдаған екеуі  оңаша отырысты. Даяшылар да келіп  үлгерді. Ас мәзірін қараған Мақсат ,

                – Сіздің қалауыңызын болсын. Тапсырыс беріңіз,– деп келіншекке  ұсынды.

          –Қонақ қойдан жуас .Сіз не сыйласаңыз, соны ішіп отыра берем ,–деп  өзіне қайта ысырды.

          –Япыра-ай , сөз тапқанға қолқа жоқ . Ет, сүт құйған  шай , көк өніс салаты. Шараптың қандайын ішесіз? Маған қарамаңыз, рөлдемін. Ішпеген де   адам қағып жүрген пақырыңыз, ішсем, вагон қағып кетуім мүмкін. Сол себепті,   сізге серік бола алмаймын.

          –Жалғыз өзім  ішпеймін.

          –Келесі де , көліксіз келеміз .

          –Алдағыны бір Алла біледі.

          –Құдайға  сенесіз бе?

          –Әрине, Сіз ше , сенбейсіз бе?

          –«Жүз жылдық жалғыздықтың» авторы  Габриэль Маркес «Мен құдайға сенбеймін, бірақ одан қатты қорқамын» деген екен.Мен де қорқамын.

          –Ондай да  бола ма?Меніңше, иә сену , иә сенбеу керек. Қорқу немесе қорықпау  керек . Мақсат, маған сіз үнемі басқа бір нәрсеге  алаңдап,ойланып  жүрген жан тәрізді  болып көрінесіз.

          –Қызмет бабы ғой.

        Осы сәт  теңіз жағалауында  сүйіктісімен кафеге барған сәттері, сұлуына қызығы қарағандардан қызғанып, оны  көлегейлеп  отырып алғанын есіне түсірді. Аққұба жүзі албырап , күлім көзінен нұр шашқан перизаттың тек қана өзінікі екендігін мақтаныш тұтқан еді-ау... Ол  нағыз талғампаздың таңдауы еді.   

 

  • Ау,  мырза, біздің ауылға қайтыңыз,–Махаббат алдындағы тарелкесін тықылдатты.
  • Кешіріңіз.
  • Айттым ғой. Менімен танысқан ер адамдар , әрі беріден соң бастарынан өткен хикаяттарын айтып, миымды шырдай етеді. Сіз солардың қатарына ене көрмеңізші.
  • Ас алсаңызшы?
  • Мәссаған , мен әлдеқашан порцомды тауысып, тарелкамды  тақырлап тастадым. Ал сіз болсаңыз, сызылып әлі отырсыз.Күні бойы  аяғымнан тұрам.  Қазіргі арманым–үйге барып, екі аяғымды аспандатып, дем алу.
  • Ол орындалатын арман ғой. Ал мені қинайтын  орындалмайтын арман.
  • Орындалмайтын арман болмайды. Оны орындай алмайтын адам болады.
  • Япырай ..ә.. сіз шынымен әдебиетші болуға лайық екенсіз.
  • Онсыз да әдебиетшімін. Мектеп те жасадым. Айлығы жартымсыз. Сосын қазіргі балалармен тіл табысу оңай емес.
  • Меніңше, сіз кез келген адаммен тіл табыса аласыз.Оның ішінде балалармен  оңай тіл табысатын  тәріздісіз.
  • Иә, солай . Директор жібергісі келмеген. Бірақ, менің сылдырмағым көп. Бес інім бар. Екі сіңілім бар. Оларды жеткізу үшін мектеп мұғалімінің алпыс –жетпіс мыңы  жаламға жұқ болмайды. Солар үшін кеттім.
  • Ал , жолдасыңыз ше , ол қайда ?
  • Бала жоқ деп айрылысты.
  • Дәрігерге  көрінбедіңіздер ме?
  • Қазақтың ер адамдары  бала болмаса, әйелдерден көреді. Өздерін ешқашан оған кінәлі санамайды.
  • Қазір балалы болу  проблема  емес. Медицина дамыды.
  •   Көңілді отырыс болды. Ертең жұмыс.
  • Ертең тағы күтіп ал десеңіз , күтіп алайын.
  •  Жоқ, рахмет.Бүгінгі ас мәзіріңізді кешірім дастарханы деп есептей  беріңіз. Хабарласып тұрыңыз.

              Мақсат қонағын үйіне  жеткізіп тастаған соң, түрме жақты бір айналып шығуды ойлады. Бұл оның ырқынан тыс бір күштің пәрменімен дедектетіп алып бара жатты.Күндегі  көрініс. Темір қақпаның үстіне қадалған басы үшкір темір істіктер аспанға шаншыла қарап, мықты болсаң келсең кел дегендей, дөң айбат  танытады.

        Француздар барлық жамандықтың екі емі бар. Біріншісі-уақыт. Екіншісі– үнсіздік деген екен. Осы  екі емді қолданып, уақыт өтсе, жүректегі   жара жазылар деп үміттенеді. Үнсіздік- жан жағындағылардың шаншудай сөзіне, кінәмшіл көзіне  қарсы тұрар қару.

          Бұрын сүреңсіз сұр үй, көзіне жылы ұшырайды. Себебі, оның ішінде өзін тақырға отырғызған сүйіктісі,  қанынан жаралған ұрығы  бар. Олардан қалай безейін десе де,безбеннің солар тұрған жағы баса береді..Өзінің  мықтап  маталғанын сезеді. Қанша жұлқынса да, жіпсіз байланып , түнерген түрмені айналақтап кете алмайды.  

         

            

                                 ***

          Торлы терезеден меңіреу түнге үңілген жас келіншек те оның осы айналада жүргенін сезінетін  тәрізді. Күндіз түрме бастығынан  келе жатқанда,бір бұрылыстан өзі сияқты  жас әйел  білегінен шап беріп ұстай алған.

          –Немене  көңілін таптың ба?– деп   шап етті.

          –Не деп тұрсыз?!

          –Періште болмай-ақ қой. Ол бүгін саған қараса, ертең басқаға қарайды.

          –Маған ешкімнің керегі жоқ.

          –Сонда еркекті  сағынбадың ба ?!

          –Жіберіңіз .Сөйлескім келмейді.

          –Қарай гөр. Ішіңе ұрығын салып берген Шерлок Холмысың сені іздеп келеді деп тұрмысың. Фу... оларға  сендейлердің талайы жабысып, талайы ұрығын ішіне салып алып жүрген болар. Шіренбе. Сен , ана майордан аулақ жүр.Ол менікі. Алдыма шықсаң , қапыңды тауып, бауыздап өлтіре саламын.

          –Жіберіңіз дедім ғой.Қолымды  ауырттыңыз.

Осы кез бір топ тұтқын әйелдермен  келе жатқан  Зұлқия :

          –Әй , есуас, онда нең бар .Жібер !–деп ақырды.–Қызғанған сенің не теңің.Барып есігінің алдын күзет.Ақымақ !

Қолын ауырсына сілкілеген    келіншек    топтың легіне  қосылды.

 Жанындағының бірі :

          –Бұл келіншектің күйеуі тергеуші дейді,–деп сыбыр етті.

          –Қойшы әй, ертек айтпай. Күйеуі тергеуші болса, осында дем алысқа келіп жатыр ма?

          –Мен де естідім, күйеуі ме, көңілдесі ме мықты тергеуші  дейді.

          –Олай болса,  қорғап қалмай ма?Сіздер де қисынға  келмейтін  нәрсе айтасындар.

  • Надзирательден естідім.Вообщем ,курортный роман дейді.
  • Е, онда  ашынасы да.
  • Ана тергеуші әйелінен ажырасқан дейді.Түбінде үйленетін болар. Осындай сұлу әйелді  жібере ме?!
  • Ертек айтпашы, түрмедегі тұтқынға  кім үйленеді?. Еркекке ермек керек, ермек қылды да жөніне кетті..

Тұтқын келіншек үнсіз.Әңгіме ол туралы емес, басқа біреу туралы айтылып жатқандай ,топтың ішімен жылжи берді.Бірақ  , баласының әкесі туралы айтылған сөздер жанына жағып, тағы не дер екен деп, тағаты таусыла тың тыңдады.

Осы кез  :

  • Ой , сендер не білесіңдер, бақылаушылар  сол  тергеушінің түн баласы  түрмені  торып жүретінін  айтып отырады.Шын ғашық сондай болсын деп ауыздарының суы құриды.Так что , түрмедегілерге де ғашық болатындар бар көрінеді. Үміттеріңді үзбеңдер!

Соңғы сөзді  естіген екі қабат әйелдің буын –буыны босап, құлап  бара жатты.

 

          –О..бүй.. байғұстың толғағы  келіп қалған болды.Дәрігер шақырыңдар. Мерзімі ерте емес пе, деп шуласып кеткен әйелдер абыр-сабыр.

          –Түрмеде тоғыз ай , тоғыз күн көтерген әйелді қашан көрдің?.Мұнда  көбісі күні жетпей босанады.– Жетіп келген медбике бақылаушыларды шақырды. Олар қол арбаға салып , ала жөнелді.

 

                                      ***

       Таң алдында  шыр еткен телефонын көтерген тергеуші  бейтаныс әйелдің үнін есітіп абдырап қалды да:

          –Алло, алло , кімсіз , кім керек?– деп бастырмалатты.

          –Әллеу, бұл түрмеден медбикемін .Әйеліңіз ұл туды. Құттықтаймын ! ,– деді де  трубканы тастап жіберді. Қайдағы  әйел, қайдағы ұл деп ұйқылы –ояу есеңгіреген Мақсаттың  ұйқысы шайдай ашылды.

          –Е..ее шынымен ..  Ол түрмеде дүниеге келді ме?.Ой ,масқар-ай, әкесі – тергеуші.Баласы түрмеде жарық дүниенің есігін ашты. Енді не істеуім  керек?! Мерзімі біткен жоқ.Шығарып ала алмаймын.Ол атып тұрып,  үй ішін кезіп кетті.Бойын екі ұдай сезім биледі. Қуанарын да , қуанбасын да білмейді..Көз алдына  әйелдер босанатын  үйді айналып , шала мас шалқып жүретін әкелер елестеді. Өзі сол  күнді  қанша күтті.Қанша қиялдады.   Енді не істесем екен? Тым болмаса барып, құттықтап , баламды  көріп шығуым  керек шығар. Сол құрғыр түрмедегілердің мұны білмейтіні кемде-кем. Талай рет қамақта отырғандардан жауап алуға барған. Енді  не деп барсам екен... Махаббатпен ақылдасайын. Түн ұзақ болып көрінді. Жас әкенің кірпігі ілінбей, көрер таңды көзімен атқарды. Сағат сегізде  ұялы телефоны тыз етті.

          –Кешіріңіз , ертелеп оятсам, бүгін сізге қолқа салғым келіп тұр.Жұмыстан  кейін мені  бір жерге апарып келесіз бе?

          –Япырай, мен де сізге звондағалы отырғанмын. Жарар , онда кездескенде келісерміз.Міндетті түрде .

          –Рахмет.

                               ***

    Таң алдында өмірге сәби әкелген тұтқын келіншек жанындағы   керуетте  тәтті ұйқыда жатқан сәбиінен көзін ала алмады. «Жаным, жарық дүнием, кешір мені. Сені әкесіз дүниеге әкелдім. Мүмкін, бұл менің өмірдегі ең сорақы қателігім шығар. Бұл есуас анаң, туғалы  аяғын шалыс басудан жазбаған, соның аяғы сені  осындай  қапаста шырылдатуға мәжбүрлеген мәжүгін. Аман-есен өсіп кетсең, екеуміз әлі сөйлесеміз. Сен анаңның жел жағындағы қалқаны, ық жағындағы ықласы боласын , кішкентай ғана бүлдіршінім. Әкең , келмейтін болар. Маған кектеніп алған тәрізді.Онысы да орынды. Бірақ,  алдайын деген ойым болан жоқ, әрең деп тапқан жүрек қалауымнан айрылып қалам ба деп қорықтым. Ол қылмыспен күресіп жүріп, алаяқ  құрған  торға  топ ете қалғанын қалай кешірсін. Кешіре алмайды. Мүмкін, сен де кешірмессін.  Мен өзімді-өзім кешірмеймін. Бірақ, болар іс болған соң, не айла.

          Сен  балапаным, уайымдама, аштан өлмейміз, көштен қалмаймыз. Баспанамыз бар. Сол үшін де, бас бостандығымды құрбан еттім. Әйтпесе, сотталмаған да болар ма едім. Екі бөлмелі пәтерім, жеке меншік шаштаразым бар. Ол сенімді қолда. Сені ешкімнен кем етпей, өсірем. Оқытам, тоқытам.Анаң үшін ешкімнің алдында қызармайтын боласын. .»

          Сәбидің қарны ашты ма,  жылай бастады. Жандарына келген медбике:

          –Бұл тұңғышыңыз ба? Емізу керек. Қәне ,омырауыңызды көрсетіңізші. .Сүт келіп жатыр ма? Келіншектің аппақ анарын сипап .– Иә , сүт бар. Сәбидің несібесі бар екен. Мұнда жатқандардан сүт шықпай, баланы әуреге салады. Ол бала аурушаң болып, ақыры адам болмайды.. Келіншек шошып кетті.

          –Алла сақтасын. Маған беріңізші, емізіп көрейін .

          –Жоқ. Алғашқы сүтті  сауып тастау керек. Баланың ішін ауыртады.Сізге біреу бірнеше рет звондап, телефонды беруімді сұрап еді. Бақылаушылардан рұқсатсыз бере алмадым. Бірақ ол кісі  бүгін соғам деді.

          –Күйеуіңіз бе?.– Айсұлу басын шайқады да .– Баланың әкесі ,– деді баяу үнмен.

  • Ой ,  жақсы әке ғой. Баласының дүниеге келгеніне қуанып жатқан.

–Мына стаканға  сауып тастаңыз да, баланы емізіңіз.

–Рахмет. Хабарыңызға да рахмет.

–Оқасы жоқ, –деп медбике шығып кетті.

                        Сәбиін  қолына алып, төсін кіп- кішкентай аузына  салған  келіншектің алпыс екі тамыр иіп, сүтпен бірге  көз жасы  ағылды. Әкең келем депті.Демек, бізді ұмытпағаны... Одан басқа кім келеді?! Аузымен құс тістеп, өсіріп өндірген  бауырларының өзі  түрмеге түскенде, теріс айналды емес пе? Басын тауға тасқа ұрып, оқимын дегендерін оқытты. Олар түрмеге келуге намыстаныпты.Әй, мейлі ғой, адам болып , өз мәпқаларын өздері тауып жүрсе болды. Әйтуір, кейінгі кіші сіңіліллері зыр жүгіріп жүр.Оған да шүкір. Шүпілдетіп анарын сорып жатқан қызыл шақаға қарап, «Аман болсақ , біз де қатарға қосылармыз. Сонда, алдауға түскен аңқау жандардан кешірім  сұраймын,   ақшаларын қайтарам. Махаббатқа , шашау шығармай  түскен  қаржыны жинай бер. Қарыздарым бар дегенмін. Ол әйел -адал әйел. Біздің таланымызға тап болған болса керек, бүгін келсе, саған кіндік шеше бол деймін. Одан артық бізге қандай кіндік шеше керек. »

 

 

    ***

         Қызметіне  келіп, кабинетіне отырған Мақсат түрме бастығының орынбасарына телефон шалып:

                    –Саламатсыз ба Бәке, мен Мақсатпын,–деді.

                    –Ә...Мәке , саламатсыз ба?

                    –Менің сізге өтінішім болып тұр. Бүгін 138 нөмірге  жолығуға бола ма?

                    –Қазір бақылаушысынан сұрайын. Ішкі телефондардың зыңылы естіліп, оған қоса  сөздері жетіп жатты.

                    –Солай ма? Мен оны білмедім.

                    –Мәке ,айып етпеңіз, ол келіншектің аяғы ауыр екен босанып қалыпты. Ал, жолығуға болмайды дейді. Түрме бастығы оған ешкімді жолықтырмасын деген нұсқау беріпті.

                    –Оныс несі ?!

                    –Ол жағын білмедім. Сосын босанып жатса, жауап ала алмайсыз ғой.

                    Мақсат  байланысты үзіп жіберді де , бұрынғы бастығы  Бауыржанның кабинетіне беттеді. Көмекшісі бос деген соң үстіне кіріп барды.

                    –Оо.. Мәке , келіңіз, сізді сағындық.Мүмкін , қайта ораларсыз тергеу де ақсап қалды.

                    –Бауыржан, мен балалы болдым.

                    –Құтты болсын .Бауыры берік болсын .Бұрын айтпадыңыз ғой.

                    –Балам түрмеде туды.

                    –Қалай..ша?! Ең әдемі...

                    –Иә, ол менің балам. Өкінішке қарай, солай болды. Бірақ баламнан бас тарта алмаймын.

                    –Әрине...әрине...бірақ..

                    –Маған түрмеге кіруге рұқсат керек. Және де түрме бастығы оған ешкімді жібермеуге  тәртіп берген.

                    –Не болған ?!

  • Білмедім.Ол өзі сұлу келіншектерге қырындаудан бірінші орын алатын оңбаған деп естігем. Бұл жолы ойы жүзеге аспағасын қырсыққан шығар.
  • Түрме бастығы солай десе, тек қана генералдың рұқсатымен кіресіз.Мәке, мен бұл арада сізге көмек бере алмаймын.Ренжімеңіз.
  • Рахмет.
  • Ренжімеңіз. Мен рұқсат бергенмен, кіргізбейді. Генералға  кіріңіз. Ол кісі көмектеседі. Сосын шет жағасын  біліп отыр ғой. Бір жыл болған екен ғой.
  • Иә, бір жыл болып қалды.
  • Неше жыл беріп еді.
  • Төрт жыл..
  • Уу..көп берген екен.

 

Генералдың кабинетіне келгенде:

              –Ішінде адам бар  күте  тұрыңыз. Сосын кім келіп отыр дейін,– деп көмекші  аты-жөнін жазып алды. Мақсат қатты қобалжыды. Осындай мәселемен  маған келесіз бе, деп қуып шықса қайтем деп ойлады.Осы кез көмекші .

          –Сізді шақырады , кіріңіз ,– деді.

          –Саулығыңызды тілеймін , генерал мырза !– деп ресми сәлемдесті.

          –Рахмет.Отырыңыз.Тергеуді сағындыңыз ба? Қайта барғыңыз келе ме? Онда жұмыс көп. Жақында ғана Баурыжан сіз туралы  айтқан.Арада бір жыл өтіпті.Егер , қайтам десеңіз,  қарсылығым жоқ.

          –Кешіріңіз , Райс Сапарұлы ,мен басқа өтінішпен келдім.

          –Қандай ? Айта беріңіз.

          –Мен балалы болдым. Ұлды болдым.

          –Құттықтаймын. Бауы берік болсын.

          –Түрмеде босанды.

          –Так..так... Значить, әлгі қалай аталатын еді.

          –Ең әдемі қылмыскер.

          –Ол атты  кім қойған?

  • Іздеу салғанда , құқық қорғау қызметкерлері  сұлулығына қарап , солай атап кеткен.
  • Өзі шынымен сондай сұлу ма ?!
  • Егер ол  сұлу болмаса,  алданбаған болар едім.Ер адамдар тек  сұлуларға ғана алданады.
  • Бұл Анталияда болған оқиға ғой. Иә, иә есіме түсті.
  • Теңіз жағасына демалуға барғанда..
  • Әрине,қылмыскер де адам баласы . Ол да  адамға тән сезімнен құр алақан емес.
  • Мен де...
  • Иә.. сен де.. Енді не проблема?
  • Баламды көрейін деп едім. Түрменің бастығы  оған ешкімді кіргізбеуге нұсқау берген. Тек сіздің ғана рұқсатыңыз керек. Ол сізден басқадан ықпайтын көрінеді.
  • Вот это история .Нағыз детектив. Өзің детектив  оқисың ба?
  • Иә, Шыңғыс Абдуллаевтің кітаптарын оқимын.
  • Арызың бар ма?
  • Жазып үлгермедім. Сізбен  сөйлесіп алайын деп.
  • Арызыңды жазып әкел. Рұқсат қағазын бергіземін.
  • Здраю, желаю  господин генерал ,– деп  честь берген Мақсатқа. .
  • Честі қазақша беру керек ,–  генерал соңынан  дауыстады.

                           ***

 

         Генералдың  рұқсат қағазын  алып шыққан Мақсаттың бірінші ойы енді дүкендерге  кіріп, балаға ойыншық алу керек болды. Айтпақшы, жаңа туған бала ойыншықпен ойнамайды ғой. Оған қазір памперс керек шығар деп көп етіп памперс сатып алды..Анасына не алуым керек? Гүл .Иә, гүл алуым  керек. Қалғанын Махаббатпен ақылдасарымын  деген ол   асығыс үйіне беттеді. Бүгін көшенің бойы да жайнап кеткендей, адамдар да күндегідей көңілсіз көрінбейді. Рөлде отырып, ыңылдап ән салды. Бала жетектеген жас жігіттерді көріп,  мен де баламды осылай жетектеп жүремін. Бұйырса футболист қыламын деп қиялдады. Есігінің алдына келіп тұра бергенде,  орындықта отырған көрші ақсақалын көріп, көлігінен асығыс түсті.Көбіне  қашқақтап , ыңғай бермей өтетін жігітті мазаламайын дегендей ол кісі  теріс қарап көрмеген кейіп танытты. Жанына барып:

          –Ассалаумагалейкум, –дегенде ғана .

          –Әликумәссалам ,бүгін  көңілдісін ғой. Қызметтен өстің бе , жұлдыз қостың ба ?- деп қалжыңдады.

          –Жоқ.Ақсақал, ұлды болдым!.

          –Ой , пәлі , үндемей жүріп, үйдей қуанышқа ие болыпсың .Құтты болсын .Бауы берік болсын ,–деп қолын қысты. –Енді қайда ?!

          –Түрмеде.. Көршісі  бетіне аңтарыла  қарады.

          –Сотталып па еді? Ее.. баяғы әңгіме ме,   несі бар қателеспейітін жан бар ма? Ең бастысы өз қатесін түсінсе болды.

          –Білмеймін,  ақсақал мен оған ренжіп,  түрмеге де соқпадым.Алдағаны үшін, өзінің кім екені айтпағаны үшін.

  • Түнде  медбике ұлды болдыңыз деп сүйінші сұрады.

          –   Бүгін бармақшымын.

          –Япыр-ай ..ә.. сенің хикаяң бәрімізден де асып түсті.Енді махаббат деген сол. Бір ақын ұмытпасам Қадір Мырза Әлі  : Махаббат деген қызықты, махаббат деген бұзықты. Біреу сүйсе бұзықты, біреу сүйер ғалымды ,–деп жырлаған екен. Сол сияқты махаббат  адам таңдамайды. Таңдауын өзі  жасайды. Сонысымен ерекше ғой ол...

          --Ой , аға ,Сіз деген нағыз шежіресіз ғой. Мына көпілетіңіз керемет екен.Қалай біліп  айтқан..

          –Аяймын  күнім батып, түн болғанын,

            Жігері талай жұрттың  құм болғанын.

           Айтпайды-ау ол дүниеден келіп біреу

           Кешегі кеткендердің кім болғанын.

 Бұл Омар Һайямның рубаиларынан. Сол айтқандай , бұл күнде  Қадір ақынды да білетіндер азайды.

           ––Қайтыс болып кеткен бе?

          –Иә. Балаңның анасына үйленіп пе едің..

  • Енді қалай айтуға болады ..Айттым ғой мен сізге  курортта  таныстық деп. .Айтқан едім ғой...
  • Е..онда  көңілдесің болды ғой.
  • Жоға ... олай деп те , атауға болмайды. Баламның анасы ғой. Бізде қазір азаматтық неке деген бар. Заңды некеге тұрмай –ақ, ерлі зайыпты болып, өмір сүре береді.
  • Ол бәрібір заңсыз.
  • Енді сіздерше солай.
  • Некеге отыру « біздерше », «сіздершеге» бөлінбейтін сияқты еді. –Енді ол сіздерше ...
  •  Енді не  істемекшің?!
  • Білмеймін.
  • Мәссаған балалы болған түріңе болайын.Балаң солай түрмеде өсе ме?
  • Шешеміз ғой.Әңгіме шешесінде болып тұр ғой.
  • Бала сенікі ғой,
  • Әрине.Онда неге ойланасың ?!
  • Оңайлықпен шешілетін нәрсе болса, ойланбас едім.
  • Меніңше,  шешу сенің қолыңда.
  • Шешу менің қолымда болғанмен, шешімі шешесінде.
  • Жоқ.Бұл арада екеуіңнің араңда шын сезім болды ма, болған жоқ па, бар мәселе сонда. Егер шын сезім болса, шешілмейтін жұмбақ жоқ.Ойлан , бала!  Менің обед ішетін уақытым болды. Шілдеханаға шақырарсын. 

Ақсақал  орнынан қозғалды.

 

                                  ***

               Сәбиін тойдырып, керуетіне салған  келіншек одан көзін ала алмай біраз отырды. Осы кез үстіне  кірген бақылаушы  балаға қарап:

          –Ой, қандай сүйкімді балақай, бауы берік болсын,деп күлімсіреді.

          –Әумин.

          –Ертең сізге посетительдер келеді.Жас баламен шықпай –ақ қойыңыз. Осында кіргіземіз.

          –Кім екенін білмейсіз бе ?

          –Оны айта алмаймын.Өзім де білмеймін.Қосымша хабарлаймыз. 

           Жас ана баласымен тағы сырласуға  көшті.Жаным, сенің өмірге келгенің қандай жақсы болды. Әбден ішқұста болуға айналып едім.Басымнан кешкенімнің бәрін саған айтайыншы. Менің балалық шағым елде төңкеріс болатын тоқсаныншы жылдарға дөп келді. Бір ғұлама     өтпелі кездің зауалын ең қарапайым жандар тартады деген екен. Сол кездің зауалын біз тарттық қой.Күн көріс көзін айырып отырған малын үкімет талан-таражға салып,  пысықтар жекешелендіріп алған соң, айрандай ұйып отырған ауылымыздың берекесі қашты. Бағатын мал жоқ , егетін егіс жоқ. Енді  әркім  әр жақтан отбасын асырайтын мәпақа іздеп , сандалбайға ұшырады. Менің әкем, сенің атаң ,–келіншек бұрын соңды айтпаған сөзі аузына түскенде мейірлене жымиды,-– киномеханик болатын. О.. әкем ауылға жаңа филім әкелгенде, қалай қуанушы ек. Әсіресе, үнді филімінің сериялдарын бүкіл ауыл аймақ тайлы-таяғы қалмай қараушы еді. Бір үлкен әже болды тоқсаннан шығып кеткен. Мені  көтеріп апарыңдар деп қиғылықты салатын. Оны үлкендер көрпеге орап әкеліп отырғызып қоятын.Ал, құртшабақтар алдыңғы  қатар да орындық жетпеген соң, жерге жатып қарайтынбыз.Қазір ол бір ертегі  болып қалды. Содан кейін ауылдың шағын клубы жабылып, киномеханик   керек болмай қалды. Ата-анам алты баланы шұбыртып , қалаға  көшті.  Оның бәрі де ешнәрсе емес екен  әкеміз  сүйікті кәсібінен айрылғанына көндіге алмай , қан қысымы көтеріліп , кенеттен о дүниелік болды. Бұрын ауылда   әкем киномеханик , шешем клуб меңгерушісі болып, екеуінің жұбы жазылмайтын. Отбасының бар ауыртпалығы өзіне түскен анам өмірдің бар қызығынан баж кешіп,  тез бұзылды. Базардағылардың затын тасып жүріп , ішімдікке салынды.

          Мен болсам, ілініп –салынып мектеп бітіріп, қала өміріне араласып, сақтандыру компаниясына  жұмысқа орналастым. Сол көше кезетін қызметім неше түрлі жандардың психиологиясын зерттеуге үйретті. Ерекше қабылетім  бар ма, әлде маған кездескендер  аңғал ма, талай клиенттердің қалтасын сыпырдым. Әбден тәжірибе жинақтаған соң , пирамидаға  орналастым. Ол   бұрынғылардан  да  пайдалы екен. Қабілетімді  сезген  коммерциялық ұйымдар , сауда-саттық компаниялары  жата жармасып, жоғары жалақы ұсынды.. Сөйтіп жүргенде,  сенің әкеңді кездестірдім.Осыған дейін  ғашық болу дегенге сенбеуші едім. Өз басыма түскенде, есімнен адасып, еркімнен айрылдым. Өзімнің осыған дейін кім болғанымды, не істегенімді мүлдем есімнен шығарып, , тек сүйіктімнен көз жазып қалмайын деп шыбын жаным шырқырады.Ол мені ,басқа бір дүниеге , бұрын беймәлім  дәуренге жетеледі. Күн сайын оның  көру үшін, өзіме деген құштарлығын арттыру үшін жанымды салдым. Өзімнің  оның теңі емес, әйгілі алаяқ,қылмыскер  екендігімді ойласам,  өмірден баж кешетінмін.  Ой , балапаным-ай, есіме алмай- ақ қояйыншы. Неге кездестім екен?! Ондай сезімге  мендейлер лайық емес екенін ұмытпауым керек еді. Бірақ, сүйдім , сол  сүйіктім  маған сені  сыйлады.   Солай , жаным , әкеңді  алдадым, оңдырмай масқара еттім. Қызметіне де нұқсан  келген болар. Соны кек тұтты ма, менімен хабарласуға жарамады.Дұрыс қой .Ол кім .Мен кім.

          Оған артар кінәм де жоқ . Мені құтқармақшы боп бірталай әрекет жасады.Бір кездегі  сүйіктім   қатал тергеушіге  айналғанда, оған жауығып, жатырқай қарадым. Оның өктемдігіне  мойын ұсынбадым. Себебі ,  өзім де сондаймын. О бастан екеуміздің мінезімізде бір ұқсастық бар. Сол осы екен.  Оның бойынан қаталдық, батылдық, өз дегенін істетпей қоймайтын табандылық сезілді. Мені  шошытқан да сол болды.

          Тұтқын келіншек сәбиін  бауырына басып,  «сені қалайда  әкеңнің тәрбиесіне беремін» деп күбірледі.

 

                                       ***

           Мақсат алды-артын орап  бара жатқан     көліктердің легіне ілесіп келеді.Әрі –беріден соң ,  рөлде  өзі отырғанмен , айналасындағылардың    тұтқыны екенін  сезінді. Жанынан керосиннің түтінін бұрқыратып, «маған жол бер , бермесең көресін көрсетем »дегендей гүжілдеп КамАЗ өтті.Одан соң бір дөңкиген джип  басып озды.Ішіндегі жас жігіт ыржиып, басын шығарды. « атаңның басына мәз боламысың ,  нахал» деп оған  жұдырығын түйді. Екі автобус бір-бірімен жарысып, бір -біріне жол бермей жандалбасаға түсуде.. МАЙ- дың қызметкерлерін жер жұтып кеткен бе,  деген оймен бұрылысқа ілікті.  Танысы  тағатсыздана  күтіп тұр екен.

          –Саламатсыз ба, кешігім қалдым ба? Жолда  пробка,–деп ақталды.

          –Ештеңе етпейді. Тек, менің қайда барытынымды білген соң , уәдеңізден айнып қалмасаңыз болар.

          –Неге? Барса келмес аралы  емес шығар.

          –Солай десе де болады.

          –Қызық екен.

          –Мен алтыншы түрмеге апарыңызшы.

          –Онда кіміңіз бар? 

          –Барғасын көрерсіз.

          –Мен де сол жаққа барамын.

          –Сіз кімге барасыз?

          –Барғасын көрерсіз.

Қаланың шет жағына орналасқан  сұр бетон ғимарат  ішімдегіні біл дегендей сазарады.  Көлік тұрағына тоқтаған Мақсат  жол серігіне кедергі келтірмейін деген оймен :

          –Сіз кіріп шығыңыз.Күте тұрайын , –деп ілтипат білдірді.Зып етіп жөнелген  Махаббатың соңынан қарап қалған тергеуші  кімі жатыр екен , бауыры ма, басқалай жақыны ма, тіпті  подругасы ма кім білсін, қысылмай, кездесіп шықсын деп, ойлады. Өзі толқулы. Баланы  көрсетуден бас тартса ше ?! Бәрі де болуы мүмкін. Бір жылдан бері қайда қалдың,  бала керек болса деп те  айтуы мүмкін ғой. Арада аз уақыт өткен де, салы суға кетіп  танысы шықты. Көлікке отырды да:

          –Кіргізбеді. Сіз бара беріңіз , әйтуір жалынып жалбарынып передачамды  беріп жібердім. Ол да қолына тие ме , тимей ме белгісіз. Тергеуші оның бір сөзін де  естіген жоқ.

          –Онда отыра тұрыңыз . –деп асығыс жөнелді.

          Қат –қабат бақылаушларға  қолындағы генерал қол қойған рұқсатнамасын көрсетіп, талай тор есіктен өткенде, алдынан бір лейтенант келіншек шығып , :

          –Сіз кімге келдіңіз?– деп тағы сұрады.–Әйелім босанған.

          –Оны дәйектейтін  құжатыңыз бар ма?

          –Азаматтық некедеміз.

          –Оның  да құжаты болады ғой.

          –Япырай , қатты тергейді екенсіз .Мен генералдан  кіруге рұқсат алғанмын.

          – Куәлігіңіз бар ма?

          –Бар.

          –Өте беріңіз.

            Қараңғылау тас бөлмедегі жұпыны темір керуеттің үстінде бала емізіп отырған әйел ол кіргенде ,кеудесін көлегейледі. Мақсат шалт тоқтады.Япыр-ау, қалай өзгерген , сол ма , сол емес пе , деген ой шарып өтті.Бұрынғы көз қарықтыратын сұлудың орнында  қоңыр киімді жүдеу жүзді  келіншек отырды. Ол  селқос көз тастап, басын изеді де, ақырындап сәбиін  керуетке салды.

          –Саламатсыз ба,–деді Мақсат абдырап, пакетке оралып тасталған гүлді шешудің амалын жасап, –Естіген соң құттықтайын деп,–Қып-қызыл раушан гүлін жасқана ұсынды. –Мынау саған.Ал мына памперс балаға.Керек болар. Гүлге салқын көз тастаған әйел памперске қуанғандай сыңай танытты.

          –Қалайсыздар ?Көруге бола ма?

          Кереуетке жақын келіп, аузын қайзақтатып  әлі де бірнәрсе іздеп жатқандай, бетін кіржиткен сәбиге таңдана  қарап, біраз тұрды да:

          –Қолыма алуыма бола ма?– деді батылсыздау үнмен . Келіншек  басын изеді.  Жеп- жеңіл екен , ақырын алақанына салып, бауырына жақындатты.Оның  иісі  алпыс екі тамырын иіткендей,  мейірлене  кеудесіне басты. « Кешір балам,сені осындай  тас қабырғалы , тас еденді , тас құрсаудың ішінде дүниеге келуіңе әке-шешең кінәлі. Түзеуге тырысамын.Тек аман бол»,– Қатты толқып,  бесігіне жатқызды.

          –Аты кім ?

          –Дархан.

          –Мм.. Әдемі есім.

          –Тегі ше ?

          –Әзірге өз тегіме жаздырдым.Көрерміз...

          –Рұқсат бермейді. Генералдан   қағаз алып, әрең кірдім.Түрменің бастығы саған ешкімді кіргізбеуге нұсқау беріпті. Келіншек қабағын шытып, ауыр күрсінді.

          –Иә, бір танысым келген оны да кіргізбепті.

          –Енді баланың жағдайы қалай болмақ?

          –Әзірге ешнәрсе айтпайды.Бірақ, көп ұстамайды..Балаларды бөлек бағады ғой.Сонда алып кететін шығар.Өзі күніне жетпей туды. Ана сүтінен айырғанда, күні не болады  деп уайымдаймын.

          –Ол қашан ?!

          –Білмеймін.

          Мақсаттың  шақалаққа деген аяныш сезімі кеудесін  кернеп, бұл дүниеде сәбиін қорғай алмаған өзінен  сормаңдай  әке жоғын сезінгендей,  салы суға  кетті. Не істеу керек?Баласын көріп, бауыр еті езіліп тұрғанмен , заңды түрде  баласы екенін дәлелдейтін  құжаты жоқ. Сондықтан қолдан келер  амалы  бар ма?. 

          –Жақсы.Хабарласып тұрайық ,–деп темір есікке беттеді.

          Бір мезет арт жағынан шыққан үнге қалт тоқтады.

          –Балаңа көмектес.Бұл арадан ауырып қалуы мүмкін. Шамаң келсе, оны шығарып ал,–деді келіншектің үні дірілдеп,–Оның жазығы жоқ қой.–    

Мақсаттың тамағына тас кенелгендей, басын изеуге ғана шамасы келді.

                                      ***

          Өзі  көргелі ширақ, сөзі мірдің оғындай Мақсаттың солбыраған самарқау жүзін көрген Махаббат.

          –Түрмедегі туысыңыз бірнәрсеге ұшырады ма? –деп шошынды.

          –Жоқ. Бәрі жақсы.Ал,қайда барамыз? Бір жерге  барып тамақтанып алайық.

          –Сіз менің алдымдағы қарызыңызды өтедіңіз.Ендігі кезек менікі.Барсақ барайық.Маған ашылып , сырыңызды айтар ма екенсіз.Сізді мазалаған бір нәрсе бар екенін сеземін. Бірақ , өзіңіз айтпаған соң , сұрау да ыңғайсыз.

          –Айтамын. Сіз кермет психологсіз.Ер адамдар сол қасиетіңізді бағалап, сізден кеңес алғысы  келіп,  сыр ақтаратын болар.Мен де солай етпесем болатын емес. Осы кезге дейін шеше алмаған түйінімді сіз шешерсіз.

          –Шешілмейтін түйін болса, қалай шешем.

          –Анам марқұм шешілмейтін түйін болмайды.Шеше алмайтындар болады дейтін.

          –Егер түйін күрмеп байланса , оңай шешіледі. Егер шиелеп тасталса, шешілуі қиын.Оны тек қиып шешді..

          –Менің басымдағы оқиғам шиеленіп кеткен.Оны шешу - анау –мынаудың қолынан келмейді.

          –Онда маған айтпағаныңыз дұрыс.

          –Неге?!

          –Мен сол анау-мынаулардың ішіндемін ғой.

          –Япырай, не айтсам да, алдымды орап тастайсыз.

          –Орайын деп орадым ба? Өзіңіз ғой алдымды орап , бамперіңізге іліп алып , омақаса құлатқан.

          –Сол үшін бамперіме алғыс айтпасам болмас. Сізді кездестірмегенімде  іш мерез  боп өлетінмін.

          –Осы кезге дейін өлмей келіп, мені кездестірмегеніңізде , өле қалатыныңызға күмәнім бар.

Мақсат  күліп жіберді де :

          –Сізге дауа жоқ.Сөзбен жеңу мүмкін емес. Әдебиетші мен тергеушінің қайсы жеңілуі керек. Әрине, тергеуші .

 Махаббат басын шайқады.

          –Сылдыр сөзді суылдатқан әдебиетшінің қапысын таппасаңыз, қалай тергеуші боласыз?

          –Сол бола алмаудың кесірінен , кім болса соған алданып қалам.

          –Қалай?

          –Кафеге барған соң , шай үстінде айтамын.

          –Жарайды.

          Жиырма бірінші ғасырды саудагерлік гүлдеген , бизнесмендер гүрлеген дәуірі десе де болғандай.Соның бір айғағы кез келген көшеде  кафе , ресторан ,асхана , ход-дог пен   пицца сататын дүңгіршіктер– басқа да сауда орындарынан аяқ алып жүре алмайсыз. Олардың тұтынушыға қалай қызмет көрсетіп жатқаны   ешкімді  мазалай қоймайды. Осы  кеңшілікті пайдаланып қалғысы келген кәсіпкерлер ақшаның қызығына  түсіп , не болса  содан пайда табуда. Орталық көшенің біріндегі  «Восточный» деп аталатын кафенің жанына тоқтай қалған Мақсат көлігінің есігін ашып, Махаббатты  қолтығынан  сүйемелдеп  түсірді.

          Менеджерлер қалаған кабинаға отырыңыздар деп жік-жапар болып қарсы  алды.

          Кабинаның біріне жайғасып болған соң Мақсат:

          – Ас мәзірін маған беріңіз.Тапсырысты мен берейін ,–деді.

          –Мен Сізге айттым ғой, бүгін Сіз менің қонағымсыз. Қалауыңызды белгілеңіз.Қысылмаңыз.

          –Жарайды.Қуырдақ.Салат «Ц езарь».Сүт құйған шәй.

          –Өзбек палауына тапсырыс берейін бе?

          –Рәсуа жасамаңыз.

          –Неге? Қалғанын  салып  аламыз.Өздері салып береді.

          –Олай болса, бар тамаққа  тапсырыс беріңіз .Қалғанын алып кетеміз. С адақадағы сияқты. Екеуі де күліп жіберді.

          Тағам толы дастарханға тамсана қараған Мақсаттың есіне абақтыдағыы баласы мен жүзін мұң торлаған келіншек түсті. Оларға мынау арман ғой деп күрсінді.

          Ал, Мәке , аузым  тағамда, құлағым Сізде.Айта беріңіз.

          –Достықтан айнып қалмайсыз ба?

          –Күмәндансаңыз, айтпаңыз.

          –Жоқ. Ешбір күмәнім жоқ .Бірақ, ескерту парыз.

Оқиға бұдан бір жыл бұрын теңіз жағасына дем алуға барғанда, басталып еді..Анталияда... Мақсат  қоңыр дауысымен , аспай -саспай ақырын баяндады..Бар ынтасы-шынтасымен тыңдап қалған Махаббат түрмеге барған сапарларына  келгенде , шыдай алмай:

          –Сіз екеуміз бір адамға барған жоқпыз ба ? Есімі кім деді ?– шыдамы  таусылып:

          –Айсұлу.–Оны да  кейін білдім. Менімен Рита деп танысқан.

          –Мәссаған!Нағыз детектив.

          –Онда мен сіздің балаңыздың кіндік шешесімін.

          –Қалай?!

          – Айсұлу  екеуміз бұрынан таныспыз.Институтта  бірге оқыдық. Оны  көп қыздар жанына жолатпайтын. Сұлу болған соң , жігіттерін тартып алады деп қорқа соғатын.Менің  жігітім  жоқ.Сондықтан  қорықпадым.Қатты  дос болмағанмен, көрген жерде шұрқырасып қалатынбыз.Бір -ер рет киноға да бардық. Мен шаштаразшымын. Келіп шашын дұрыстатып алады. Содан  біразға дейін арамыз алшақтап  кетті. Бір күні мені іздеп  келді.Сампылдап тұратын сұлуым өзгеріпті .Көңілсіз. Оңашаға шығарып алып:

          –Махаббат, менің жеке меншік паримахерскиім бар.Соның атқарушы директоры бол. Барлық құжатын жасап берем.Мен шаталып жатырмын. Мүмкін, бірталай  уақытқа  абақтыға қамалармын. Мен шыққанша  ие бол.–Қорықпа, мен саған қиянат жасамаймын ,–деді. Көңілін қайтаруға қимадым. Шұқылап сұрауды да ыңғайсыз көрдім. Кейін  төрт жылға бас бостандығынан айырылғанын  жазып жіберіпті.Енді не істеймін. Уәде бердім.Содан бері    бизнесі менің қолымда. Өткенде  телефон шалды. Ұлды болыпты. Кіндік шеше бол деді.Қалай меселін  қатарамын. Жарайды деп қуанышым қойныма сыймай , баланың бар керек-жарағын алып , Сізбен бірге түрмеге барғам. Сізден де кімге келдіңіз деп сұрауға ығайсыздандым.Мені ішке жібермеді. Бірақ передачімді алды. Рахмет айтыпты. Бұл қалай ?Сізбен танысқаным кездейсоқтық па ,  Айсұлудың тілегі ме кім білсін?! Енді не істемек ойыңыз бар?!

          –Мені қинап отырған баланың жағдайы. Оны анасынан бөліп алса, күтімсіздіктен ,  өліп қалуы мүмкін.

          –Ой, сұмдық –ай, деңіз .. Енді не істеуге болады.Сіз әкесімін деп бірнәрсе жасамасаңыз.

          –Мәселе сонда , әшнәрсе жасай алмаймын.Оның  балам екенін дәлелдейтін ешбір құжат жоқ..       

          –-Бір ғана заңды  жолы бар.. Ол  тума-туыстарына тапсыра алады. Сіз сіңілілерін білесіз бе?

         –Иә, білемін , бірақ олар алса..

          –Алмай –ақ , қойсын. Тек түрмеден шығарып берсін. Мен өзім бағамын.Күтуші   аламын.

          –Бір сіңілісін білем. Сөйлесейін. Анда-санда  келіп, ақша алады..

          –Сөйлесіңіз..Ақша  керек болса , мен де бере аламын.Қалайда  көндіріңіз. 

          –Рахмет, Махаббат, сізді осындай   ашық-жарқын мінезіңіз үшін  жақсы  көремін.

          – Білем.. Бірақ, ғашық емессіз.

Мақсат орнынан тұрып барып,әйелдің қолынан сүйді.

          –Сіздей  дос тауып берген көлігіме рахмет!

          –«Ала жолаққа»  рахмет деп неге айтпайсыз?

          –О да бар.

          –Жақсы.Ертеден бері балам , балам деп отырсыз .Айсұлудың тағдыры не болады? Оған жаныңыз ашымай ма?

          –Ол ересек адам. Қолымен жасағанын  , мойнымен көтеруге тиіс. Ал сәбидің жазығы жоқ. Ол үлкендердің күнәсі үшін жауап  беруге тиіс емес.

          –Сонда  табандаған төрт жыл қапаста отыра ма?

          –Бір жылы өтті. Үш жылы қалды. Ол жағын көрерміз. Қазір баланы   құтқарып алуымыз керек.

 

                

                                     ***

      Арада екі жыл өтті.Қалған жылын шартты түрде өтеуге  ілінген  Айсұлуды шығарып  алуға  Мақсат екі жасар ұлыны жетектеп келді.. Қолына  шоқ гүлін ұстап, Махаббат та жетті. Шілде айының қапырығы . Тіл жаңа шығып келе жатқан сәбиді қолына алған кіндік шешесі..

          –Анасын жатсынбас ба екен ,– деді  .

          –Үш айлығын да алып кеткеннен соң , көрмеді. Шешесі әкелме, мұнда бала қызығатын ешнәрсе  жоқ деп бет бақтырмады.Жатырқайтын болар ,–  Мақсат темір есікке қарап қойды.–Сағат он бір деген он екі болды.Бізде  бір нәрсе айтқан уақытында орындалмайды,– деп ренжіді..     

          –Енді пагон таққандар пунктуальный болмаса, былайғы жұртқа сын тағу орынсыз.

                        Осы мезет есік  ашылып, әр жағынан жұпынылау киінген жас әйел көрінді де, бұларға қарай беттеді. Мақсат Айсұлуды  көрген сайын таңданудан танбайды. Бұрынғы көргеннің көзін қарықтырған сұлу бейне келмеске кеткен. Алдарында  әбден жүдегендіктен,  жағы суалып, көзі кіртиген , табиғатынан толқынды  шашы сиреп , арасына  ақ түскен  ,  киімдері қолбырап, әбден шаршаған   әйел тұрды.

          Баланы алға итерген Махаббат :

          –Жаным, әне анау– сенің мамаң , - дей бергенде:

          –Керек емес .Баланы қорқытпа.Мейлі , сені мама дей берсін ,–деп қолын сілкіді.

          –Мені мама демейді , апа дейді. Айсұлу, Мақсат екеуміз достық қарым –қатынастан асқан емеспіз.Өз балаңды өзекке теппе.Әлі- ақ бар бейнетің көрген түстей болып , ұмытылады. Бағың бар екен. Мақсаттай жігіт әркімнің маңдайына жазыла бермейді. Есіңді жи,– деді Махаббат салмақты үнмен..

          Үйіме апарып тастаңдар ,– деді келіншек  жалынғандай жабырқау үнмен.

          -–Жарайды. Әбден дем алып, өзіңе-өзің келіп ал,–деді Мақсат оның ыңғайына жығылып.

         

          –Рахмет,– деді келіншек.

          –Айсұлу,енді босадың.Парихмахерскиіңді өзіңе тапсырам.

          –Сау болыңдар .Өзім хабарласам ,–Ол  көңілсіз қоштасып, түсіп қалды..

  • Түсінбедім. Не болған ,–деді Махаббат,–иығын көтеріп. –Тіпті басқа адам.–Сізді қызғанып жүрген болар.
  • Депрессия ,– деді Мақсат.–Уақыт керек.
  • Пәтерінде жалғыздан –жалғыз.Сіз баруыңыз керек еді. Дарханды мен алып кетейін.
  • Әзірге оған ешкімнің керегі шамалы. Ол депрессиядан шығуы керек..Балаға сезімі оянбаған соң,  маған сезімі ояна қоятынына көзім жетпейді. Күтейік.  
  • Онда шын ғашық болмадыңыз ғой....
  • Адамдар өмір бойы бір-біріне ғашық болып жүреді деп сізге  кім айтты.?
  • Ешкім..Бірақ сіздерді шын ғашықтар деп ойлағам. Дархан ұйықтап қалды.
  •  Ғашықтықтың белгісі ұйықтап қалды деңіз.Менің де сезімім ұйықтап қалғандай селт етпейді. Не қыл дейсіз?! Біз сезімнің құлы емес, уақыттың  құлымыз. Демек,  уақыт үкіміне бағынамыз. Бәрін сол шешеді. 
  • Ештеңе етпейді.Қайтадан табысасыздар. .

 

                                ***

                    Тергеу басқармасына қайта оралған Мақсат  қым-қуат күнделікті қарбаластан сіңбіруге мұршасы келмей, мұрнынан шаншылды. Баласын да  жетілеп көре алмайды.Кіші қарындасы күйеуінен ажырасып , үйіне  келгелі ,артына қарайламай алаңсыз жүреді.Бүгін де  кеш оралып,  шешіне бергенде, қалта телефоны тыз етті.  Айсұлу деген жазу  шықты.Тергеушінің жүрегі зырқ етті.Дарханды алам десе, қайтем деген жаман ой бірден жаулады.

                    –Иә,  тыңдап тұрмын. Саламатсыз ба ?- деді дауысын төмендетіп.

                    –Мақсат , амансыз ба, Айсұлумын ,– деді әржағынан .–Маған Рита  болғандағы кезіңіз қатты ұнаған ,-деді  жігіт қалжыңға шаптырып,– Білем. Оны мен де ұмытқан емеспін.Сол себепті хабарласып тұрмын.   Анталияға жолдама алыңызшы .Дем алып қайтайық. Дарханды алмай-ақ қояйық.

                    –Бұл мәселені бірден шеше алмаймын. Рапорт жазуым керек. Рұқсат берсе ғана,  отпуска ала аламын. Сосын  Дарханды қалдыр дегеніңе  көнбеймін. Оны  бір күн көрмесем, тұра алмаймын ,сағынамын.. Көзден таса  еткім келмейді.

                    –Махаббат бағып жүрген жоқ па?

                    –Жоқ.  Қазір қарындасым  бағады. Сондай ерке. Тіпті бала бақшаға барғысы келмейді.

                    –Жарайды онда .Путевка алсаң , хабарласарсын.

                    –Әрине. 

                   

                                      ***

          Мақсат Айсұлудың аналық сезімінің тез тұтанып, тез сөнгеніне таңданулы.Дарханды  баурына  тартпайды. Өзі болса, бар ынта –ықаласы баласына ауып, басқа қызықты тәрік еткендей күйде.Қызметінен  қолы босаса, үйіне жүгіреді. Баланың балдай тәтті қылығын қызықтап, онымен бірге  қыдырса , бойы жеңілдеп, көңілі көтеріледі. Бала өзінен аумайды. Көрген адам , сойып қаптап қойғандай екен десе, төбесі  көкке жетеді. Енді әкесіне ұсамай, кімге ұсау керек?!Бірақ кейбіреулердің балалары нағашы жағына ұқсап, әкесінің он екіде бір  нұсқасы болмай шығады. Дархан аузынан түскендей болып қалмағанда, оның да көкейінде түрлі күдік оянар ма еді.?! Әйтуір, баласы  жарнамалауды қажет етпей, жарияға жар салып, кімнің баласы екенін айтпай танытады.

          Бұл күндері әкелі-балалы  бірінсіз-бірі өмір сүре алмайтындай халге жеткен. Дархан мама деуді білмейді  әке дегенді сол екеуінің орнын толтыратындай, созып, аузын толтырып  айтады. Көпшілік ойын орталықтарына, кафеге барғанда , шешелеріне жармасып мамалап жатқандарға жаутаңдап қарайды да,  әкесіне жармасады. Сол көзінің қарашығындай болып кеткен жалғызын , бөтен емес анасының «қалдырып кетейік» дегеніне қатты ренжіді. Егер  абақтыдан алып кетпегенде, балалар үйіне тапсырып жіберетіні айдан анық екен.Сонда ол тек қана алаяқ  емес, аналық мейірімнен жұрдай болғаны ма?Шынында, оны   білмейді екен. Сұлу әйелге қызығып, есінен танатын жалғыз еркек мен бе, мен де солардың қателігін қайталаған болармын.

      Ендігісі не екенін   әлі біліп болар емес. Бар білетіні әке болу  бақытын сыйлаған әйелдің өтінішін жерге  тастамау. 

 

                                          ***

                                 

 

           Мақсаттың көңілі өрекпулі. Жолдамаға  тапсырыс берген Айсұлудың не ойлап жүргені де белгісіз. Өткен күнге оралғысы келе ме, өткен күнді біржолата өшіргісі  келе ме ? Ол жағы жұмбақ.Дарханның киімдері бір баулинг. Өзінікін жеңіл қол  сөмкеге  салып жатып, тыз еткен телефонды  көтергенде, Махаббаттың ашық –жарқын үні сампылдап қоя берді.

          –Мәке , амансыз ба? Біз Айсұлу екеуміз такси шақырып қойдық,  әуежайға бара береміз.

          –Дұрыс болған.Біз  де шақырып қойдық.Сол жақтан  кездесеміз.

          –О кей’

         

           Тас –түйін  киініп, арқасына кіп –кішкентай рюкзагін таңып алған баласының кекілінен сипады да, заттарын алып  сыртқа беттеді.

Есік алдындағы орындықта отырған ақсақалды көріп.

          –Атамен  амандас ,–деді. Бала  кіп-ішкентай саусақтарын алдына созып жүгіріп барып,екпінімен үлкен кісінің құшағына еніп кетті.

          –Әп, бәрекелді. Қолымен ғана емес, бар денесмен сәлемдесті ғой. Жолдарыңыз болсын.

          –Иә,   айтқаныңыз келсін .Демалуға кетіп барамыз.Баланы теңізге шомылдырамын.

          –Әрине , себеппен өзің де шомыласын. Шешесі де бара ма?

          –Иә.

          –Жолдарыңыз болсын.

          –Әумин.

Олар   таксиге  қарай  жедел аяңдады.

   Мақсат  алдында не күтіп тұрғанынан беймәлім күйде,  кіп-кішкентай сәбиінің қолын уысына  қысып,  көлікке отырды...

                             ***

                  

  

 

          Арадағы  мезетте үлкен өзгеріске ұшыраған келіншектің ақ  көстем шалбары  тіп-тік сұңғақ денесіне жабысып, соңғы үлгімен сара алаға боятқан шашы  иығын жауып, бұрынғы  қалпына түскен екен.Сүп-сүйір мұрнының үстіне  қара көзілдірігін қондырып, біздей туфлиімен өткен кеткеннің жүрегін дір еткізердей, баяғы кербездігі. Мақсат өзгерісті аңғарса да, мән бермей, Дарханды жетектеп, ұшақтың салонына  бірінші болып енді. Үшеуінің орыны қатар. Үстінен  әтір иісі аңқыған келіншекті  өткізіп жіберіп, ортаға баланы отырғызды. Дархан оны жатырқап, әкесіне қарай   ығыса берді.

          Ұшақ әуеге көтерілген бойы бала ұйқыға кетті. Салон стюардессалары  қонақтарын тамақтандыруға  көшті.Келіншек  ешнәрсе  ішпейтінін білдірді. Мақсат   асықпай ауқаттануға  көшті.

          –Дем алатын отелім бөлек болар ,–деді   есінеп.

          –Әлбетте ,– деді кофе  ішіп отырған Мақсат.–Бірақ, бір квадратурада.

          –Рахмет.

           Екеуі мына ортадағы бәйкүне сәбидің ата-анасы емес тәрізді. Жаңа танысқан бейтаныс жандардай томаға тұйық. Тіпті ұшақтан  тезірек түсіп,  айрылысуға асыққандай күйде.

               ... Мақсат ұлымен   таңғы жаттығуларын жасап, бассейнге түсті.

           Айсұлу оларды терезеден көріп,  көзінен таса болғанша қарап тұрады. Кіп-кішкентай ұлдың шат-шадыман жүзі, әкесінің оған деген риясыз көңілі , шексіз  қамқорлығы, осы өмірлеріне өзге біреудің араласуын  қаламайтындығына көз жеткізгендей ,  күрсінді.  Тергеуші  әкесі бар ұлға, абақтыдан шыққан шешенің керегі болар қояр ма екен деп бір мырс етті. Ертең есін білгенде, «сенің анаң абақтыда отырып шыққан, жатыры жаманның жатысы жаман» деп әркім  көзін шұқып, көңіліне дақ салмасына кім кепіл?!

           Ал Мақсат қазір бұған кім?!Ешкім. Теңіздің жағасында бір жеті көңілдесі боп, құмға аунатып құмарын қандырған еркек қана. Олардың арасында ер мен әйел арасында болатын ұнату сезімі болған шығар. Бірақ, ол  махаббат емес екен.Ол тек жылтыраған жүзіне қызығыпты, еркекке тән өзімшілдікпен , аз күнгі құмарлығының құлы болыпты. Келіншек сұлулықтың азабын да ,азарын да  абақты да  тартты.Жүзі жылтырағандардың барлығын жеке меншігіндей жұлмалаған  түрменің бастығынан бастап, қатардағы күзетшілері  көресінің күнін көрсетті.Көнбесе , ұрды соқты. Әсіресе , түрме қожайыны бұл қаратастай қатайған сайын , ниетіңмен берілмейсің деп  неше түрлі жаза қолданатын...Денесінің сау жері жоқ. Тозақ отына тірілей түскен келіншек  сұлулығынан әлдеқашан суынып, өзін өзі  жек көріп кеткен.  Түрме бастығы нағыз қара ниетті қара басқыр екен. Оған «жанды қуыршақ» деп қарады. Күн сайын  кабинетіне алдырып,    ішкі бөлмедегі саунаға лақтырады.Тағам толы дастарханға отырғызып, аузына шараптты зорлап құяды..Мелшиіп қалған   тұтқынға мысқылдай  көз тігіп , вискіні  сораптап :

–Сонымен Шерлок Холмысың ,  ішіңе ұрығын салды да , ұмытты. Солай емес пе?! Ол детектив мені де бірталай айналдырған.Ақыры тақымына тар келдім. Ондайлардың талайын көргем. Ал, сендей сұлу сирек. Құшағыма кіріп, құмарымды тарқатсаң, мына қапастан шығарудың амалын өзім ойластырам.

–Нәпсісін ауыздықтай алмаған еркектерді жек көремін.  Сіз мені шынымен «жанды қуыршақ» деп ойлайсыз ба? Жоқ. Менде де сезім бар.Менің де сүйгенім бар. Алаяқ болсам да , арсыз емеспін. Сізді ұнатпаймын. Тіпті , жаныңызға жақындағым келмейді, жиркенем ,– деді  келіншек міз бақпай.

–Сонда , ана  детективтің менен несі артық. Саунаға  апарды ма, Франция шарабын ішкізді ме? Міне, мархаббат .–Ол орнына  тұрып, сейфін ашып, қаптап тұрған түрлі  шетелдік шараптарды меңзеді. Мыналардың   дәмін алып, дәніккен келіншектер  менің жолымды тосып тұрады. Әр бұрыштан қылтыңдап, ізімді аңдиды.

–Мені олармен салыстырмаңыз.

–А...аа.. мерси.. мадам... сен особый  екенсің ғой.Онда  абақтыға неге түстің , не  үшін отырсын? Особыйлар мұнда отырмайды. Особый жерлерде жүреді. Сен маған мінез көрсетпе. Одан да саунаға түс .Сосын шешін!

–Жіберіңіз.Мен сізге ойыншық емеспін ,–деген келіншек бүйірінен соққан қатты  соқыдан саунаға қарай ұшып түсті.

–Жақсылықты түсінбегендерді осылай үйретемін. Анау  терегушіңе шағынасың ба? Мені зорлады деймісің.Ол сені тыңдамайды да . Сен қылмыскерсің..Сен қазір маған бағыныштысын. Қалсам, бұл қапастан өмір бойы шықпайсың.

Келіншек түрмеде көрген  тозағыннан, адам кейіпіндегі мақұлықтың   мазағынан  есеңгіреп,  есін жия алмаған күйде. Ол өзін сұлулықтың символындай сезінетін, кез келген  ортада мәртебесін көтеріп , шоқтығын биіктетіп тұратын  сол мақтанышы абақтыға түскенде, кері  құбылыс танытып, көресіне содан көрді. Көрінген шалбар киген шәртіктер оны көргенде ауыздарынан суы құрып, жемтігін көрген қара құстай қомданатын болды. Ол жалғыз жүруден, жалғыз қалудан қорқып, кез келген тұтқын әйелдің шылауына жармасатын халге жетті. Онда айтқанына көніп, айдағанына жүрмеген тұтқынға жаптым жала , жақтым күйе жағу оп-оңай. Қапысын тауып өлтіре салу да қиындық туғызбайды. Ол тек көрген азабы мен мазағын  тірі жанға  тісінен шығармағаны  үшін аман қалды.

                  Бір кезде өліп-өшіп сүйген Мақсаты абақтыға баласы үшін ғана келді. Онда да бір ауыз  жылы сөз айтуға жарамады.Бала тууға заказ беріп, соны алып бара жатқан  тәрізді.Демек, бала да бір сәттік  өтпелі сезімнің жемісі .

          Оның  бір-ақ  нәрсеге көзі жеткендей, өткенді  ұмытуға да, өзгертуге де  шамасы келмесі анық.

 

Бірінші күні.

                 Анталия.Теңіз жағасы. Ақ шифоннан тігілген кофта мен шалбар киген сұлу келіншек жағажайдағы қара құрттай қыбырлағандарға қарап,  жалғыз серуендеді. Жағажайда мәз-мәйрам боп жүрген әкесі мен баласын сырттай қызықтады. Кейде олардың жанына жақындап, бір нәрсе дегісі келеді, баланы ойнатқысы келеді, бірақ батылы бармайды. Бірін –бірі қуалаған толқындар жағалауға соғып,  күрсінгендей гүрсіл пайда болады. Теңізді алғаш көргендегі көңіл күйі есінде.  Ұшы-қиырсыз  суға тамсанып , таңдана қарап тұрып,  жанындағы жігіттің өзіне елжірей  қарап қалғанын байқап,   кеудесін шаттық кернегені сонша ,теңізге сүңгіп кеткен. Ілезде су астында жармасқан қарулы қолды сезініп, бұлт етіп, бұлқынар еді. Су бетінде  бастары қылт еткенде.

     – Суға  кетіп қалсаң, не болады ?Су тілсіз жау.–деп жігіт ұрысқан.

      – Құтқарушым бар емес пе?– деп , қайта  гүмп берген.

Келіншек селт етті.

Мақсат  жанында тұрды.

          –Неге  түспейсің ? Дем аласын.Рахат !

          –Дем алып тұрмын. Сіздер түсе беріңіздер.– Жігіт өзің білесін дегендей, басын шайқады да, әрі кетті.

          Су..су..су...келіншек түрме бастығының саунаға тұншықтырып, талай – азаптағанын есіне алып, тұла бойы түршікті. Кім берді оған ондай шексіз билікті?! Қарамағындағы қыз-келіншектерді жанды қуыршақтай киіндіріп , шешіндіруге , қаласа суға итеріп, қаласа денелеріне темекі шоғын бастыруға кім рұқсат берген?!. Өжет  келіншек айтқанына көніп, айдағанына көнбеген соң, тұла бойының сау тамтығын қалдырмай  темекінің шоғымен күйдірген. Бұл безерген с айын,ашудан тұтығып жазаның  неше түрін ойлап табатын. . Бедірейіп берілмейтін Айсұлуды  ұрып –соғып , жеке камераға қаматтыратын..

          –Тергеушіңді шақыр, көрсін түріңді . Абақтыдан шыққан соң , менен көрген қорлығыңды  айтып шағынамысың ?!Шағын.  Әуселесін көріп алайын. Сендей алаяқпен байланысын білген соң, оны басқа бөлімге ауыстырыпты..... Әйтпегенде ,  төбемізді тесіп, заңды тәтпештеп, басымызды қатыратын.  Көп асқынға  бір тосқын деген сол.– Ызаланған  келіншек  мес қарын құбыжықтың  сұп –сұр бетіне түкіріп жіберген.Есесіне қайтарым соққысынан талып түсті. Бірнеше сағат ес-түссіз жатты. Кейін бақылаушылар сүйреп әкеткен..

         

 

Екінші күні.

            Бүгін теңіздің беті буырқанып, шағын-шағын толқындар шағалаларды шошытып  шапшиды. Жағадағылар елірген толқынының екпінен қашып, кейін тебіледі.

                    Ұзын  көйлек киіп,  желбегей  жамылған   келіншек   уілдеген  әуенге құлақ түрді. Бүгін Мақсат пен Дархан көрінбейді. Бала ауырып қалған жоқ па екен деген күдікпен , кейін бұрыла бергенде , тіркесіп келе жатқан екеуіне көзі түсті.

          –Балам, бүгін теңіз тентек екен .Суға шомылуға болмайды.Тек жағасындағы құммен ойнауыңа болады..

          –Суға түспекші ме едің?– деді оған қарап.

          –Жоқ.

          –Қызықсын.Теңіздің суына түсіп, құмына қыздырынып,  дем алуды ойламасаң, неге келгеніңді түсінбедім?

          –Өткен күндердің  белгісін іздедім.

          –Теңіз жағасында  із қалмайтынын білмейтін бе едің?

          –Неге із қалмасын , ізіңді  ертіп жүрген жоқпысың ?!

          –Иә, сол үшін рахмет. Ай..сұ..лу.. мен  үшін сен   Рита болып қалдың.

          –Солай деп атай берсеңіз де болады. Қателігім үшін, алдағаным үшін    кешірім сұраймын.

          –Ондай нәрсені бірден кешіре салу қиын.Сен мені ғана емес, сирек сезімімді алдадың.Тергеуге араласпақшы болғанымда, шарттарымнан бас тартың.Сенбедің. Әркімді алдап үйренген  соң, өзгеге сенбейтініңе де көзім жетті.  Айтқанымды тыңдап, пәтеріңді сатып, қарыздарыңды өтегенде,   шартты түрде бас бостандығыңнан айрылған болар едің.

          Абақтының арсыздарға толы екенін білмедім.

          –Абақты  арлы  адамға толы  деп кім айтты?Онда не болды? !

          –«Қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген бар. Олар сіздің әріптестеріңіз .Үстінен шағым айтсам, сенбейсіз..Сосын сізге шағынатындай, сіз менің кімсіз? Әйеліңіз емеспін.

  • Баламның анасысыз.
  • Оны дәлелдейтін құжатыңыз бар ма?
  • Жоқ. Бірақ ДНК жасатып , дәлелдей аламын.
  • Есіңізде болсын. Бала сіздің тегіңізде. Барлық құжаттарды Махаббатқа тапсырдым. Екі бөлмелі пәтерімді, бизнесімді балама  аудардым.

          –Оны  маған не үшін айтттың?!

           –Біліп жүргеніңіз дұрыс.Ең жақсы ғұмырымды жалғандықпен өмір сүріппін.Өтірік күліппін. Өтірік сүйіппін...Енді өтірік емес десем де, ешкімді сендіре  алмаймын. Қазіргім  құрдалбаса. Өзім құрған торға шыға алмайтындай шырмалыппын, енді  ешкімнің шырайын шығармайтыныма көзім жетті. Жаным тыныштық табар басқа бір әлемді іздеймін...

             

                                 

         

Үшінші күні

              Сакура  гүлінің түсіндей ақшыл сары   көйлек киген Айсұлу  теңіздің жағасымен құм шайған шұқырларды қызық көргендей кібіртіктейді. Ол кімдердің ізі болды екен?! Осыдан біраз  жыл бұрынғы бақытты жұптың ізі қалды ма екен? Әлдеқашан ,  су шайып кеткен болар. Күнге қақтырынып жатқан екі үш жігіт бір- бірін түртіп,  көздерін сүзіп, күбірлесіп кеткен.

          –Мына сұлу  көктен түсті ме, жерден шықты ма? Жігіттер, таныссақ қайтеді,– деді бірі.

          –Ешкіммен танысатынға ұқсамайды. Осы әйелді күнде көрем. Суға да шомылмайды. Осылай  әдемі киініп шығады. Әрі-берден соң , кетіп қалады. Бала жетектеген жігітті де осы әйелдің айналасынан көрем. Қызық.Ерлі-зайыптылар дейін десең, бірі-біріне жақындамайды.Демейін десең, бір –бірінен қашықтамайды.

          –Демек, қарауылы бар десеңші. Онан да басы бос қыз-келіншектерді айналдырайық – деді екініші біреу.

          –Иә,  бала жетектеген жігіттің осы әйелмен бір шатағы бар.

          –Мүмкін..

          –Әй..жарар ..басы бос қыз-келіншек  көп қой.

          ––Мынадай  сұлуды табу қиын-ау.

           –Жігіттер Баласағұн бабамыз « сұлу  әйел алған адам өмір бойы қарауыл болып өтеді.Бай  әйел алған адам өмір бойы құл болып өтеді» депті.Қандай даналық.   

          –Сол себепті ,сұлуынан жылу ..

          –Сөз тапқанға қолқа жоқ. Бабалардың сөзін бабында ұстаған сен де осал емессің.Жүріңдер, онан да теңізге түсіп шығайық,– деді үшінші жігіт  үсті басының құмын қағып..

  

 

 

 

 

 

 

 

Жетінші күні.

 

                Тұтқын келіншек  терезеден бурықанып, бұрсанып жатқан теңіз толқындарының таудай легі   жағажайға жақындап қалғанын  көріп, шошына қарсы отель жаққа қарады. Ол жақ тып-тыныш. Әлі ұйықтап жатса керек.Мынадай да оларды теңізге жібермейтін болар. Өзі  келгеннен көземелдеп жүрген  теңізге сұғына кіріп тұрған ағаш көпірді гүрілдеп келіп теуіп өткен таудай толқын , мызғыта алмағанынан ашуланғандай кейін серпілді. Құтқарушылар   теңіздің долданған шағын қызықтаушылардың жолын тосып,  кейін қайтарып, әуреге түсуде. Адамдар қызық, аузын арандай  ашқан ажалдан қаймықпай,  алға қарай емінеді. Бір сәт  «күткенің осы емес пе?» деп біреу құлағына сыбырлағандай,  тұла бойы шым етті.. Бұл жаққа өмір сүру үшін емес , өлім іздеп  келген.  Иә , абақтыда екі аяқты  арсыздардың мазағына айналып, тілім-тілім болған  денесін   тұңғиыққа лақтырып,   өр кеудесін өлексеге  айналдырыған өгей дүниеден солай  өшін алмақ. Әркімнің көзіне күйік болған сұлулығының рахатын су астындағы балықтар көрсін.  Қимайтын несі қалды?! Сонау теңіздің жағасында дәмін татқан    тәтті  сезімі көрген түстей көзінен бір-бір ұшты.Енді сол мөлдір махаббатымен машаһарда ғана табыссам дейді.. Сол мөлдірін  айуандықтың азабын тартқан күнәһәр денесімен  кірлетпесем дейді..

       Теңіздің беті алай –дүлей. Ешкімнің көзіне түспеуге тырысқан  келіншек  темір мостыға қарай ұшты. Алыстан таудай-таудай толқындар легі көрінді. Үлгерсем деп жан ұшыра жүгірді. Мостының үсті тайғанақ .  Тәлтіректеп,  аспанмен астасып кеткендей, аласапран ажал толқынынан көз алмаған жанкештіні   ашулы толқын көпірдің үстінен жұлып алып, арт жағындағы астан -кестен арпалыстың арасына  лақтырып үлгерді. Осы кез  құтқарушылардың дабылы естілді. Сұлу құшқанына қуанғандай таудай толқындар көк шулан көбіктен  шашуын шашып, кейін серпілді.....

                    Мақсат   у-шуға елеңдеп, телефонын өшіре салды.

          –Әке, әке,теңізге бал-айық-шы,-–-деп ұлы  асықтырды.

Бір сәт  ол бір сұмдықты сезгендей , бар пәрменімен  жағаға қарай ұмтылды:

          –Ай.. сұлу..Ай ..сұлу.... . ––деп айқай сап,жанталаса  жүгірді.. Оның үнін өзінен басқа ешкім естімеді . Кезекті таудай  толқын оны да қағып алып,  тұңғиыққа жұтыла бергенде,  суға кеткен келіншекті  құтқарушылар  қағып алып үлгерді.

             Мақсат  есін жиғанда,  жағажай дауылдан кейін тыныстап , мамыражай  күйге енген екен.  

            Келіншектің өлі денесі  екі күнен кейін ғана  табылды.

          

               Мақсаттың телефонына  « шартты түрде жазасын өтеуші «ең әдемі қылмыскерге» іздеу жариялаймыз» деген хабар келіп түсті.

    Ол  сол бойы  « әң әдемі  қылмыскердің мүрдесі табылды » деп СМС жолдады.

 

                  соңы                  

                                  

                        

Қазақ тілінде жазылған