Адам қарады: 157 | Жарияланды: 2019-06-06 02:49:42

Ардақтым

монолог 

Ардақтым! Осы екеуміз қалай танысып едік, есіңде ме? Сенің ұстазың, ал, менің әріптес әпкеме келіп, мұғалімдер арасындағы Махамбет оқуларына дайындалу үшін мен қызмет ететін «Атырау» газетінің редакциясына келгеніңді білесің бе? Сол кезде көрші бөлмеде әдеттегідей кезекті мақаламды жазып мен де отырған едім... Әлгі әпкем аяқ астынан бір шараға баратын болды. Сөйтіп, екеуміздің де қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында оқығанымызды айтып, өзара таныстырды да, Сені маған тапсырып кетті. Яғни, өзі келгенше дейін менімен дайындалуыңды сұрады. «Амандық өзі де ақын, ақындыққа бір табан жақын» деп, төбемді көкке көтеріп қойды. Сөйткенше болған жоқ, Сен семсер жырдың сойылы Махаңның алмастай өткір жырларын жатқа соға жөнелгенің бар...

Құлағым тәтті үніңде болғанымен, назарым саф сұлулығыңда еді. Әйтсе де, «қиылған қас, қарақат көз, талбойы нәзік, қызғалдақ гүлдей, дидары нұрлы, шуақты күндей» қазақ қыздарының бірі ғой деп аса мән бере қоймадым. Жаратқанның қолдан соққан сұлу мүсінін тамашалап таңға дейін де отыра берер едім, шіркін! Бірақ, сен маған тыңдар құлақ қызметін мүлтіксіз атқарғаным үшін алғысыңды айтып, көзден бұл-бұл ұшып кете бардың. Құдды бір көкжиектен Күн болып көтерілдің де, арада сүт сауым уақыт өтпестен ұяңа кері батып бара жаттың...

* * *

Кейін екеуміз дәл осы жерде, осы уақытта қайта табыстық. Бұл жолы ақын апамның биыл жарық көрген он шақты су жаңа кітабының бірін алу үшін келгеніңді айттың. Ол саған қазіргі қоғам кітап оқи ма, жоқ па, сол мәселені көтерген бір телебағдарлама үшін қажет болған екен. Өйткені, «Қазақстан-Атырау» тееларнасында іс-тәжірибеден өтіп жаттың. Бұл күні де апай іште болмады, шаруаларымен жүрген болатын. Ал, саған телефон арқылы өзінің кітаптары жөнінде пікірді меннен артық ешкім айта алмайтынын жеткізді. Мен де сұхбат беруге қуана келістім. Өйтпегенде ше? Теледидардан күнде көріне бермейсің ғой! 

Бірақ, бәрінен бұрын мен үшін өзіңмен тағы бір кездесетін сәт маңызды еді. Сөйтіп жүргенімізде, түсірілім күні де келіп жетті. Жоспарланған барлық іс-шараларымды шетке ысырдым. Осы жолы мен сені өткен жолғыдан да жақынырақ тани түстім. Сенің күн астындағы Күнекейдікіндей риясыз күлкің, көктен түскен періштедей пейілің – ақыл-естен тандырып, сезім отын жандыра түсті.

Жалпы, мен бұған дейін де талай хас сұлуды көрген едім. Олардың арасында ағы да, қарасы да, өзің секілді сарысы да болатын. Бірақ солардың ешбірі дәл сендей сүйкімді де сүйікті, қарапайым да қылықты емес-ті. Бәлкім, олар сұлу екендіктеріне сонша сенімді болғандықтан, өздерін соған сай ұстаған болар? Қалай болғанда да, мені ешқайсысы да қызықтырмады. Олармен тілдескен сәтте де, әлгі «Мың бір түн» ертегісінің желісімен түсірілген түріктің хикаясы бар еді ғой, сондағы бас кейіпкер Онур секілді сезінетінмін өзімді. Оған жер бетіндегі небір хош иісті гүлдің бірде-бірі қалай жақпаса, маған да солай еді. Бірақ оның өмірінде бұрын ешқашан жолықпаған Шехризаттай періште пайда болды. Ал, менің бағыма Сен жолықтың. Кім біледі, мүмкін, өмірдің өзі секілді бір рет қана берілетін не мүлде берілмейтін Жаратқанның теңдессіз Сыйы шығарсың, қалай ойлайсың?

Сол күні Сенімен қимай қоштастым. Неше бір шуақты күндер мен айлы түндерді өзіңді ойлаумен өткіздім десеңші! Қол қусырып отыра да, бір жерде жөнді тұра да алмадым, жатқан жерімде де әрі-бері аунадым, әйтеуір, баққаным тек Сен болдың. Енді қайтпекпін? Ақыры, сенімен тағы бір кездесудің барлық амалын қарастырдым. Өкінішке орай, Сені көремін деген үкілі үмітімді келесі оқиға тас-талқан етті. Бауырыңды оқуға орналастырмақ болып, алыстағы Алматыға асып кеттің. Артыңа бір үңіліп те қараған жоқсың. Ал, артыңда маралдың лағындай ажары аңқиып, құлағы қалқиып, жанары маңқиып, танауы таңқиып мен тұрдым.  

Бірақ, әрине, түсінемін, ешкімнің менде шаруасы жоқ қой. Жалғыздықтан жыр құрап жүрген жетім жүрегім бұған еш таңқалмайды. Қайта, керісінше, «солай боларын біліп едім» дегендей, терең күрсініп қояды. Қысқасы, сені көремін деген алақандай ғана арманымның бір-ақ сәтте быт-шыты шықты. Сөйтіп, Сен сол кеткеннен мол кеттің... «Жұмыс та, тұрмыс та сол жақтан бұйырар, әттең, тонның келтесі-ай!» Осылай күбірледім де қойдым. Қолдан келер қайран жоқ қой басқа! Міне, осылай арада біраз күндер өтті. Әдетте құмсағаттай қолдан сусып қоя беретін сұр күндер бұл жолы құмсағыздай созылды.

Қайдан білейін, бойдақ болған соң ба, әйтеуір, «өтіп жатыр сұр күндер сырылдатып, көңіл, шіркін, барады суық тартып, біреулер жүр патшаға ғашық болып, ал, біреу жүр баласын шуылдатып» деп бір өкпемді өзіме қалдырдым да, жарық күнімді соқыр түнекке жалғап жүре бердім. Біздер бәріне де көнеміз ғой, өмір көндірмей қоймайды. Есенқұл Жақыпбек жырламақшы, «біздер, біздер патшадан да паңдармыз, біреулерге арманбыз, барды бар деп, жоқты жоқ деп жасырмай, бақытынан қашып жүрген жандармыз» ғой... Ендеше, кәнеки, «жоқ» деп көрші?! 

* * *

...Бір күні жұмыс бөлмеме Сен кіріп келдің! Мен ауыз ашып, көз жұмдым. Таңдайым тықылдап, шекем шылқыды. «Қарғам-ау, Алматыда жүрген жоқ па едің?» деген сөздің аузымнан қалай шығып кеткенін де аңғармай қалдым. Құдды бір жүзінен жылу ескен, ешқашан шықпас естен, көктемдей нұры жауған, күзгі бақтай тұнжыраған, көзінде Күн ойнаған, төсінде түн жылаған Жәбірейілсің (періште) ғой, Сен... Сол сәтте жүрегіңді жаулап ала алмасам, мынау бес күн жалғанның бәрі бекер деп шештім! Ол үшін өзің секілді бірегей болуым керек шығар. Ал, Ардақтымды қайталау мүмкін емес қой. Сенің сәулеңсіз таң да арайлап атпас, дала да құлпырып жатпас!

Рас, осы хатымның басында да айтып қалдым, Сені алғаш көрген күні шын мәнінде кім екеніңе аса мән бере қоймаған едім. Бірақ, оңбай қателескенімді ол сәтте білген жоқпын ғой. «Мың сан жасуша мен қалың терінің арғы жағында не бар?» деп жаныңа үңіле түскенімде, бойымды албырт сезім билеп қоя берді. Мен қауырсын қабырғамен қапталған құс кеудеңде ешкімге ұсқамайтын жұдырықтай жүректің қамалып жатқанын көрдім...  Ал, әлемнің жеті кереметін жолда қалдыратын лағылдай қоңыр көздеріңе тіпті тура да қарай алмадым, отына күйіп кетемін бе деп қорықтым. Көрдің ғой, мен бұған дейін бұлай сөзден сән өріп көрмеген едім. Енді, міне, меннен әдеби суреткер жасап отырғаныңды ұғасың ба, Ардақтым-ау?!

Екеуміз орталық алаңда өткен Ерке Есмахан бастаған әншілердің думанды кешіне де бірге барған едік қой. Жанарымды жанарыңа қадап қойғаным сонша, жаныңда жүріп, Еркенің сахнада не істеп, не қойғанын да байқамаппын. Сол кезде өзіңді мүлдем басқа қырыңнан таныдым. Осынау сұлулықты бір бойына сыйдырған Сендей жанның қарапайымдылығын көргенде аңтарылып та қалғаным бар. Тіпті, еркек басыммен сенің үйіңе барып, қолыңнан шәй ішіп отырғаныма да жол болсын?! Ех, шіркін, сол шәйдің дәмі бал татушы еді ғой, беу! Іштей ғана «қолың дерт көрмесінші» деп сиынған едім Жаратқанға...

Ал, анау Тұрғындар қалашығында серуендеп қайтқанымыз есіңде ме? Мәңгілік алауға бой жылытқанымыз мен үшін жұмақтың базарына барып қайтқанмен бірдей болды. Сол кезде маған бір сағыз берген едің. Мейірлене ұсынған сыйлығыңды мен құшарлана соғып алдым. Үйге барған соң, оны сіріңкенің қорабына салып қойдым. Ол мен үшін енді өте қымбат. Дәмі кетіп қалды деп ойлама. Оның дәміне ештеңе жетпейді. Өйткені, ол – Сенің маған берген сыйлығың. Өзіңді қатты сағынған кезде ғана шайнайтын боламын. Әзірге менің үйімде сақталып тұра береді. Айтпақшы, Жайық жағасында жүргенде ұсынған суыңның бөтелкесін де сақтап қойдым.  

Сені көрген кезде төбем расымен де көкке бір елі жетпей қалады. Ал, таудан еркелей аққан бұлақтың сыңғырындай күміс күлкің біржола есімнен айырды. Сені қайта-қайта мазалап, кездесейік деп жүргенім де сондықтан ғой. Шат күлкіңді естімей, өзімді қоярға жер таппаймын. Жаздай жанарыңды көрмей, көз де іле алмаймын. Телефонға телміріп алып, сені қашан ғаламтордың «торына» түсер екен, болмаса, «не боп қалды екен» деп алаңдап отырамын. Аудиожазбамен жолдаған әр хабарламаңды бірнеше рет тыңдап, жаныма жебеу етемін. Ал, саған жіберген жазбам жауапсыз қалса, уайымнан қан жұтамын. «Ренжітіп қойған жоқпын ба, көңіл-күйі дұрыс па, шаруасы үйлесіп жатыр ма?» деп құса боламын. Қысқасы, телефонымнан сенің суретіңді қарап таң атырамын. Күні бойы жазған хатыңды қайта-қайта оқып кеш батырамын. Түсімде де сенімен қол ұстасып, серуендеп жүремін...

Қазақ тілінде жазылған