Адам қарады: 65 | Жарияланды: 2019-08-08 03:03:09

Дінім – Ислам

Жасымда дінім бар деп ескермедім

Жаспын деп пенделікпен көшке ермедім

Жүргенде ойланбастан өмір өтіп

Жолына исламның кештеу келдім

 

Інгәләп бұл өмірге жылап келдім

Тірлікпен бірге және сынақ бердің

Намазды бес уақыт қолға алғалы

Бойымда жылылықпен шуақ көрдім.

 

Бойыма қуат берер асыл құран

(құранды қолыма алсам жасып тұрам)

Адасқан иман жолда бір пендемін

Ей, Аллам кешіре гөр болса күнәм

 

Сен мені өзімше бір ақын еттің

Тартқызбай таршылығын тауқыметтің

Бәрінен ада қалып сұлбам тұрар

Басқанда босағасын ақыреттің .

 

Білгенім мойнымдағы парыз сүннет

Адамға алдыменен осы міндет

Келген соң бұл өмірге адам болып

Алдымен құдыретке құлшылық ет.

 

Жаралған мұсылманмын әлмисақтан

Әрқашан арамдықтан жаным сақтан

Адасқан айдалада жолаушыдай

Оңбайды мойындамай дінін сатқан

 

Жаралған ала-құла біз бір пенде

Тосатын бізді алдан өмір сенде

Қайғы ма, қуаныш па бұл өмірде

Ризамын жаратушым не берсеңде.

 

Ризамын алғаныңа бергеніңе

Ризамын бұл тірлікті көргеніме

Ей, Аллам құлың екем жаралғалы

Туғаннан қызыл шақа жөргегімде.

 

 

Иесі ажырамас жер мен көктің

Жан беріп тіршілікке нұрың токтің

Ей, ұлы теңдесі жоқ раббым – Аллам

Құлыңмын үмметімін – Мұхамедтің

 

Ілігіп амалына періштеңнің

Білмеймін не істемей не істедім

Айырып ақ-қарамды біліп берер

Өзіңмен машхар алаң көріскен күн!

 

 

Қазақ тілінде жазылған