Адам қарады: 293 | Жарияланды: 2019-09-11 01:50:41

Артта қалған азап

КСРО ыдырағаннан кейін бұрынғы одақтас республикалардың өз алдына «күн көріп» кетуі оңай болған жоқ. Бір жүйеге түскенге дейін біраз қиыншылықтарды бастан кешті. Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарын ащылау бастаған елдердің бірі Тәжікстан болса, ондағы азаматтық соғыс көптеген адамды есінен тандырып, есеңгіретіп тастады.

Бүгінгі тақырыпта тәжік жеріндегі соғыстың куәсі болған қазақ азаматының бастан кешкен қиыншылықтары баяндалады.

Көшуімізге Желтоқсан көтерілісі себеп болды

 

Мен ол кезде әскерден жаңа келген жігіт едім. Әкем мен ағаларыма арқа сүйеп кеткенім сонша миыма оқу, жұмыс істеу деген нәрсе келмепті. Астымдағы көк тұлпарыма мініп алып қай жерде отырыс болса сол жерден табылатынмын. Өзі аз ғана қазақтың бәрі мені таниды десем өтірік емес еді.

Тәжікстан негізінен қысы жылы, жазы ыстық, табиғаты тамаша таулы өлке. Міне, сол өлкеде өзге де ұлт өкілдерімен тату-тәтті өмір сүріп жатқанбыз. Мен сол 1986 жылдың күзінде әскерден келдім. Бір айдай баяғы әдетіме салып сауық-сайран құрып жүргенмін. Бірде екі-үш күн той-тойлап кеткен мені әкем қабағын түйе қарсы алды.

– Секеңдегеніңді қой, жұмысқа тұр, – деді өктем үнмен.

– Қайдағы жұмыс? – дедім іштей. – Оқу оқымаған болсам, қолымда диплом жоқ. Дипломсыз маман кімге керек?

Әкеме сөз қайтаруға дәрмен жоқ. Екі-үш күн жоғалып кеткен кінәм бар. Үндемедім. Кешке дейін ұйықтадым. Кешкі ас үстінде әкем тағы әңгімесін бастады.

– Ойландың ба? – деді алдымен сабырлы қалпы.

– Нені?

– Нені болушы еді? Қандай жұмысқа баратыныңды!

– Жоқ. Білмеймін...

– Онда фермаға бар. Саған бір жұмыс табылар.

Шошып кеттім. Бала күнімізден фермада сиыр сауып өстік. Анам сауыншы. Әкем сол фермада мал дәрігері. «Құдай сақтасын» дедім іштей. Ендігі өмірім тағы да сол фермада, сиырларға шөп тасып, тезек күреп өтпек пе?!. Жо-жоқ...

– Сиырды жақсы сауатын едің ғой. Бала кезіңнен ферманың бар тірлігімен жақсы таныссың. Басқарма саған бір жұмыс тауып берер.

– Фермаға барғым келмейді.

– Неге?

– Барғым келмейді.

– Енді не істейсің? Осылай той қуып, шаңғытып жүре бермексің бе?

– Онда құрылысқа кел, – деді ағам.

Қуана қойған жоқпын. Сонда да болса сиыр сауғаннан жақсы ғой. Басымды изедім.

Таңертең әдеттегідей қаннен қаперсіз ұйықтап жатқанмын. Ағам оятты.

– Тұр.

– Әлі ерте ғой.

– Жұмысқа жүр.

– Қайдағы жұмыс?

– Құрылысқа.

– Ала ма өзі?

– Алады. Қара жұмысшы қажет. Ескерткенмін.

Амалсыз орнымнан тұрдым. Бір күнде қарабайыр құрылысшы болып шыға келдім. Бір басымда жетіден көп өнерім бар. Ән айтатындар көп болғанымен домбыра тартатындар некен-саяқ бізде. Ол да болса шалдар. Қолдан ойған домырасын алып Құрманғазының күйлерін құйқылжытады келіп. Мен де сол домбыраның құлағында ойнаймын. Күйді көбіне шалдар жағы той-жиында маған тартқызып, малдастарын құра көздері сығырайып тыңдағанды жақсы көреді. Әскерде жүргенде ротамызда екі-ақ қазақ болдық. Бірі – мен, екіншісі – сонау қазақ жерінен, Павлодардың жігіті. Менің қазақша сөйлегеніме ішек-сілесі қата күлетін. Жалғыз қазақ сол болғасын мен оған іш тартып жүрсем, ол мені мазақ етеді. Өзге елде туылып өскен соң тілімізде ауытқушылық болады ғой енді.

– Мен қалаға шығып келемін, – деді бір күні ол.

– Менам барам, – дедім әдеттегідей оған жармаса түсіп. Ол айқайлап күліп жіберді. Түсінбедім.

– Не дедің? – деді екі езуін жия алмаған күйі.

– Менам барам.

– Тағы күлді.

– Не болды? Неге күлесің? – дедім ызаланып.

– Не деп тұрғаныңды түсініп тұрсың ба?

Мен ештеңе де түсініп тұрған жоқпын. Басқа жігіттер де аңтарыла қарады.

– Говорить что он...

Енді түсіндім. Тұмсығына жұдырықпен қойып қалдым. Екеуміз апыр-тұпыр төбелесе жөнелдік. Жігіттер ажыратып алды.

«Менам» өзбектің «мен хам» деген сөзінен алынып біздің, шетте жүрген қазақтардың тіліне сіңіп кеткен «мен де» деген мағынаны білдіретін сөз. Туған жерден алыста, сонау Польшаның астанасы Варшавада жүрген біз үшін ол кезде қазақшаның онша маңызы да жоқ еді. Орысша білсең болды. Осыдан кейін мен өз қазағыма үнемі орысша сөйлейтін болдым. Сол жақсы, менің сөздерімді келеке де етпейді, мазақ та қылмайды. Сондай күндердің бірінде біздің әскери бөлімге Қазақстанның өнер жұлдыздары екі сағаттық концерт қойды. Міне, сол кезде мен нағыз қазақтарды көрдім. Домбырасын құйқылжыта тартқанда бүкіл бөлім таңдана қалды. Концерт біткен соң домбырашылардың біріне жабыса кеттім.

– Менам қазақпын, аға, – дедім. Бетіме күле қараған қазақ:

– Қай жақтансың? – деп сұрады.

– Тәжікстаннан.

– Атың кім?

– Өтеміс.

– Жақсы есім екен. Ол жақтағылар қазақ болып қала алған екен ғой.

– О не дегеніңіз аға? Бізде қазақтар көп. Сол қазақтарды қуанту үшін мына домбыраңызды сатыңызшы, аға.

– Жоға, бауырым. Бұл менің өнердегі жолдасым ғой.

– Аға, сіз елдесіз ғой, домбыра таба аласыз. Ал біз жақта мұндай домбыралар жоқ. Домбыра жасайтын шалдардың да қатары сиреп барады.

– Біздің елде де жақсы домбыра табу оңай шаруа емес. Орыстанып кеттік қой, түге. Өзің домбыра тарта аласың ба?

– Иә, аға. Қол тигізуге рұқсат етіңіз.

Домбыраны берді ме, әлде қолынан жұлып алдым ба білмеймін, әйтеуір «Балбырауынды» бастап кеп жібердім. Жан-жағымызда үймелеп қалған көпшілік. Домбырашы басын шайқады.

– Халтура, – деді сосын.

– Ол не? – дедім де күйді тоқтата қойдым.

– Дұрыс емес.

– Бізде осылай тартады.

– Кім?

– Шалдар.

– Мүмкін, – деді сосын аз-кем ойланып тұрып. – Мұндай нұсқасы да болуы мүмкін. Бір күйдің бірнеше нұсқасы бар екені бүгінде таңсық емес. Өзге елде жүрсе де ұлттық құндылықтарды ұмытпаған ақсақалдарға алғыстан басқа айтар сөзім жоқ. Жарайсың, бауырым! Нота танисың ба?

– Жоқ.

– Хм... Жарайды, бауырым, бүкіл тәжікстандық бауырларыма жасаған сыйлығым болсын, – деп домбырасын ұстатты.

– Рахмет аға, рахмет. – Төбем көкке жетті.

Міне, сөйтіп әкелген домбырамды бойтұмардай қастерлеп тәжік жеріндегі бүкіл қазақ ауылдарын аралатып шықтым. Тіпті, бір ұстап көруге талай қазақ үйге келіп кетті. Біздің шалдардың пістенің ағашынан ойып жасайтын домбырасы кішкентай келеді. Мына домбыра әдемі, сырланған, ою салынып безендірілген.

– Біздің домбыра деп жүргеніміз домбыра емес баланың ойыншығына ұқсап қалды ғой, – дедім бірде әкеме.

– Олай деме, мынадай дайын домбыра бұл жақта қайдан болсын. Сенің қазақ екеніңді, ұлттық аспабыңның домбыра екенін осы шалдар ойған домбыра емес пе саған танытқан. Осы қолдан ойылған домбыра болмаса сен домбыраның не екенін білмес ең.

Міне, сол домбыра менің құрылыстан келгеннен кейін шаршауымды басатын серігім. Өмірі серуендеумен өткен мен үшін құрылыс жұмысы оңайға соқпады. Жұмысы ауыр. Оның үстіне кешке үйге келсең бір танысың күтіп отырады. Бағана айттым ғой бір басымда жетіден көп өнерім бар деп. Көлік жөндеуден алдыма жан салмаймын. Бұған да әскерде екі жыл шопыр болғаным себепкер. Сиыр сауғанда анау-мынау әйелің менің шаңымда қалып кетеді. Малдардың ауруын дәл тауып, дәрі еге алатыным да екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Міне, сол үшін де мені жұмыстан кейін бірде көлігін қарап беруімді өтініп жолдастарым немесе ауылдастарым келіп тұрса, бірде малын көріп беруімді өтініп тағы біреу келіп тұрады. Осы ауылдың малдарының «акушеркасы» да мен сияқтымын. Малы туатын болса да маған қарай жүгіретіндер бар. 

Жұмысқа тұрғаныма айдан асты. Желтоқсанның ортасы болса да суық әлі түсе қоймаған. Аудан орталығынан салынып жатқан төртқабатты үйлердің ішкі жұмыстары ғана қалған.

Кешкі жұмыстан шыға бере сыныптасым Нәби күтіп алды.

– Қызмет құтты болсын, – деді әзілдеп. Менің қарапайым құрылысшы болып жүргенімді кекеткен түрі ғой.

– Не жаңалық, ауылға келмей қойдың? – дедім жағдай сұрасқан соң.

– Жұмыс, уақыт жоқ. Бүгін әрең шықтым. Алматыдағы жағдайға бола тәртіп қатал.

– Не жағдай ол?

– Естімедің бе? Қонаевтың орнына басқа адам келгеніне қарсы көтеріліс болып жатыр ғой.

– Қой-е, кім келіпті?

– Кольбин деген біреу.

– Көтеріліс қатты ма?

– Үкіметке қарсы бұзақылар дейді. Әзірге қауіпті емес. Дегенмен тәртіп сақшылары әрнәрсеге дайын тұрсын деген тапсырма бар.

Онша мән бере қойған жоқпын. Кеңес үкіметіне қарсы тұру деген оңай шаруа емес. Сондай бір ақымақ бұзақылар болмаса, сау адам сөйте ме?

– Басқа республикалардағы қазақ жастарын да бақылауда ұстауды бұйырыпты.

– Неге?  Басқа жастардың ол бұзақылармен қандай байланысы болуы мүмкін.

– Бұзақылар емес, жастар көтеріліп жатыр шамасы. Тек оны жасырып отырған сияқты. Ағам солай дейді.

Кешкі ас үстінде әкем әдеттегідей «Время» көрді. Әншейінде оған құлақ та салмайтын мен жаңа ғана досымнан естігендердің мән-жайына қанығу үшін теледидарға көз тіктім. Бүкіл одақтың басты жаңалықтарын жеткізетін хабар Алматыдағы жағдайды да бүге-шігесіне дейін айтып, көрсетіп, қазақ жастарының маскүнемдікке, нашақорлыққа салынып, ұлы одаққа қарсы шығып жатқандарына өз наразылығын білдірген журналист бұзақылардың қаланы қиратып жатқанын хабарлады. Қалқанды сарбаздармен қоршалған топты сыртынан көрсетіп өтті.

– Атаңның басы, – деп кіжінді әкем төрде отырып. – Үкіметке қарсы шықты дейді ғой. Үкіметің халыққа қарсы шығып отырмаса қайтсін.

– Жөніңе отыршы, – деп жекіп қалды анам. – Алыстағы Алматыда нең бар. Мына сөзіңді ешкім естімесін. Ана жұмыстағы балаларыңа кесірі тиер.

Анамның айтқанының жөні бар. Халық жауының қызы. Айтып отырса талай қитұрқыны көрген сияқты. Атасын көз алдында атып салған. Әкесін атқа жегіп айдап әкеткен. Бес жасындағы осы көрініс бүкіл ғұмыр «үһілеп» отыруға соқтырған.  Сол үшін де өкімет дегеннен өлердей қорқады.

Жаңалықтардан соң әкем орнынан қозғалды.

– Мына Жаңғабылдың үйіне барып келейін.

– Түн ішінде ме?

Шешемнің қарсы шыққан түрі.

– Әке ауылға Нәби келген. – «Ол кім?» дегендей әкем жүзін маған бұрды. – Махмұд көкенің баласы. Немат аға жіберіпті. Басқа республикалардағы қазақтарды да бақылауда ұстаңдар деген тапсырма бар екен. Соған ауыл жастары әлденеге ұрынып қалмасын, жиын, кеш өткізбесін деп інісінен хабар жіберіпті.

– Е, өкімет өзінен қорықса онда бір шикіліктің болғаны ғой. Жаңғабыл екеумізді көре қоятын үкімет дүрбі ұстап отыр деймісің?

Әкем шығып кетті. Мен де жинала бастадым.

– Сен қайда?

– Нәбиге барамын.

Нәбидің үйіне бардым. Махмұд көкенің де қабағы салыңқы. «Әкең аман ба?» деп сұрады салған беттен.

– Аман. Жаңғабыл шалдың үйіне кетті.

– Шал дейді ғой. Ата десең, қарт десең, қария десең тілің түсіп қала ма?

Махмұд көке тіп-тік кеудесін керіп өктем сөйледі. Даусында әзіл де жоқ емес.

– Сіздің алдыңызда олардың шал боп көрінетіні рас қой, – дедім көңілін көтергім келіп. Расында да солай еді.

– Мен ала таяқтан басқа ештеңе көтеріп көргенім жоқ. Ал, олар... Мына ауылды құрған солар, мына каналды қазған солар. Оңай деймісің?.. Бүгінгідей техника жоқ ол заманда. Қолмен, кетпенмен, күрекпен қазды олар... Ал сен, шал дейсің...

Нәби екеуміз кетуге ыңғайландық.

– Тоқта, – д еді өктем дауыспен. – Әкеңе айт, бір қойын асып дайын отырсын. Ертең кешке өтемін. Ауылды айтсын.

– Әке, – деді Нәби қарсылық білдіргісі келіп.

– Ет жеп, құран оқуға болмай ма?

Түнде Нәби екеуміз тым кеш қайттық. Таңертең әкемнің азан шақырған даусынан оянып кетіппін.

– Әке, Махмұд көке кешке келем деді, – дедім әкемнің намаз оқып болғанын күтіп тұрып.

– Ертерек айтпадың ба? Уақыттарың болса бір қойдың басын ала кетіңдер. Кеше Жаңғабыл үйіне елді жимақ болып еді. Сен барып жиын біздің үйде болады деп айтып келе ғой.

Қабыл аға бір қойын дырылдатып сүйреп келе жатыр екен, әрең үлгердім.

– Аға, тоқта!

– Тыныш па, бала?

– Тыныш. Жиын біздің үйде болады, әкем айтты. Қойыңызды соймай-ақ қойыңыз, атаға айтыңыз.

– Үйге кір, шай іш.

– Рахмет, жұмысқа кетуім керек.

– Таңғы асты тастама деген бар. Берекенің бәрі таңғы аста.

Дінге ден қойған Қабыл ағаның әр сөзі насихат. Оны тыңдайтын біз бе? Талай жыл мектепте сабақ берген. Бізге де сабақ берді. Мектеп бәрімізге атеистік тәрбие берді ғой. Сонда осы кісі «құдай жоқ» дейді екен де, сыныптың есігінен шыға сала мұғалімдер бөлмесіне жеткенше «құдай бар, құдай бар» деп күбірлеп баратын көрінеді. Жасырын намаз оқиды екен. Кейіннен мұғалімдікті тастап, сиыр фермаға сипаратор болып ауысып кетті. Кім біледі, күнәсін көбейткісі келмеген шығар. Әйтеуір, шалдардан кейінгі ағалардың ішінде намаз оқитын осы кісі ғана. Қалғандары шал болғанды жығыламыз деп жүрген жайы бар.

Бір қойды жайратып салған соң ағам екеуміз жұмысқа аттандық.

– Аға, осы дұрыс па? – деймін маған қарағанда әкем айтпақшы «түсінігі бар» ағама қарап.

– Не?

– Әкемнің үйге елді жинап жатқаны.

– Несі бар? Ет жеп, сорпа ішіп, әңгіме-дүкен құрады. Содан басқа не тірліктері бар дейсің олардың?

– Жоқ, олар Алматыдағы жағдайға байланысты жиналайын деп жатыр ғой.

Ағам бетіме қарап күлді.

– Жиналар, болған жайды талқылар, одан не өзгереді дейсің? Махамбет айтпақшы: «Қарулы найза қолға алып» эх, шаппаған соң. – Ағам сөзінің соңын күрсіне аяқтады.

– Әйтеуір, зияны тиіп жүрмесе.

– Сен ол жағын уайымдама.

Кешкісін келсек үй толы адам. Кәрісі де, жасы да осында.

– Осы мені сырттай үйлендіріп жатқан жоқсыңдар ма? – дедім етегіне сүрініп жүрген жеңгеме әзілдеп.  

– Қанеки, солай болса. Осындайда қызмет ететін бір адамға көбейетін едік.

Жуынып келіп төменгі жаққа отыра кеттім. Мәжіліс әлде қашан басталып кеткен сияқты.

– Елдің көтерілуі дұрыс. Қазақ қазақ болудан қалып барады. Алматы дегенің тіпті қазақтың жеріне ұқсамайды. Қазақша сұрасаң орысша жауап береді. Ана солтүстік жақтарың тіпті...

– Соны айтсайшы, – Уәли қарияның аузындағы сөзді Қалмұрза ата жұлып алып кетті. – Дінді ұмытқан, мұсылмандықтан ада. Тіпті, кемпір шалдарына дейін намаз оқымайды дейді ғой.

– Намаз оқу былай тұрсын, бас қоса қалса кемпірлерінің өзі жүз граммнан тартып жіберіп, «алма ағаштың гүліндей-ау» деп шыға келеді.

– Астапыралла...

– Құдайдың өзі кешірсін...

– Әйтеуір, осылай болатыны белгілі еді ғой. «Елу жылда ел жаңа» дейді. Мына союздың да қирауына сәл қалған сияқты, не дейсіңдер?

Садықбай атаның көріпкелдігі бар кісі. Пал ашып, болашақты болжамаса да бірдеңені сезетіні бар. Және онысы алдамайды, дәл келеді.  

– Әй, Садықбай, бабаңның сәуегей болғанын үлкендерден естігенбіз. Бірақ, не десең де Совет Одағын қирайды дегенің ақылға сыймайды екен.

– Мына, бұзақыларды Совет Одағын қиратып тастайды деп ойлайсың ба?

Шалдар өзара бәстесіп кеткендей.

– Олар бұзақылар емес, – деді Махмут көке әдеттегідей салмақты үнмен. Олар қазақ еліне өзге жақтан келген басшыға білдірген наразы халықтың өкілдері. Дені жастар дейді. Тек өкімет оны бұзақылар деп бүркемелеп отыр. Осылай ете берсе, әрине, кез-келген биліктің ғұмыры қысқа. Жоғары жақ енді оны дұрыс жағына шешсе, екі жаққа да пайдалы. Олай болмаса кім біледі...

– Мына үкімет қарап отырар деймісің, жаншып тастайды ғой.

– Иә, қазақ момын ғой. Сол жастарына өздері қарсы шықпаса деңіз...

– Осы мен көшсек деймін, – деді Садықбай ақсақал бүйректен сирақ шығарғандай болып. Бәрібір түбі көтерілеміз. Бұл жерде қашанға дейін тұрармыз дейсің. Мына балалар ертең тілді ұмытып кетер. Салт-дәстүр ұмытылады. – Ақсақал-ау, Қазақстанның өзі тыныш болмай тұрған кезде сіз де қайдағыны айтады екенсіз?! Мына бейбастық басылса мейлі, шиеленісіп кетсе ше?

– Шиеленісіп кетер болса, осындай ел басына күн туғанда болыспасаң, алыстан отырып тілеуін тілегеннен не пайда? Маскүнем, бұзақыларға өкімет басына кімнің келгені керек деймісің? Қазақстаныңды шауып кетсе де арағын ішіп, есірткісін шегіп жата береді олар. Мына шығып жатқан жастар нағыз елдің ертеңі болар азаматтар, көздеріңді ашып қарасаңдар! Рас, неге бір қазақ басшы бола алмайды, ойлаңдаршы? Бір мемлекет қазақтың ішінде ел басқарар бір ер табылмаса, қазақтың өлгені емес пе?!

– Дұрыс айтасың, ақсақал. Осылай кете берсе тіл де, салт та, сана да өледі. Қазақ та өледі. Жойылады жер бетінен. 

– Осы күнге дейін ұмытылмаған тіл ендігі жерде де ұмытылмайды. Бұған дейін де ата-бабамыз талай заманды бастан өткерді. Тілін, ділін ұмытпады. Ендігі ұрпақтың да ұмытпайтынына сенемін.

– Қазақстандағы жағдайды мында қанша отырып кеңес етсек те, біз түзей алмаймыз. Менің ойымша біз елден жырақ жүрген қазақтар, атажұртқа барғанда ұялмайтындай болып осындағы өз ұрпағымызды дұрыс тәрбиелегеніміз жөн.Олардың болашағы біздің қолымызда. Біз қандай бағыт берсек, солай жүреді. Құдайға шүкір жастарымыз жаман емес. Алқашы жоқ, алаяғы жоқ... Осы жердегі бар қазақ әйтеуір абыроймен өмір сүріп келеді.

– Дұрыс қой, бірақ мына үкіметтің тәрбиесі біздің берген тәлімімізден басымырақ болып бара жатқан жоқ па? Осы жастардың ішінен намазға мойын бұрайын дегенін байқағаным жоқ. Біз де дінді ұмытып бара жатқан сияқтымыз.

– Құдай жүректе. Өкімет қазір намаз оқуға мұрша беріп жатқан жоқ. Бірақ, ертең біздің жасымызға барғанда бұлар да оқиды. Себебі, бесікте жатқанда атаның азан шақырған даусы құлақтарына құйылған. Көз ашқалы бері шалдардың намаз оқып, құран түсіргендерін көріп біліп келеді.

Бұрын-соңды шалдардың мұндай жиынында болмаппын. Жоғары кеңестің жиынынан бір кем емес. Бәрі ақылгөй, бәрі дана. Осы ауылдың ұйымшылдығы да осылардың арқасы екен ғой. Садық шал қайта сөйледі:

– Бәрібір көтерілмесек болмайды. Ақыры көшетін болған соң мына алып өкімет құламай тұрғанда барып жайғасып алсақ, балаларға қиын болмас еді. «Мың асқанға бір тосқан» деген бар. Мына астамшылықтың да бір таршылығы бар. Қазір барсақ, мемлекеттің өзі көмек береді дегенім ғой.

– Әй, Садық-ай, сен де қапылттың-ау. Бір-екі жылда құлай қоятын СССР деймісің? Бұдан екі жылдай бұрын анау Әмзе ақсақал Жамбыл жаққа көшті емес пе? Сіңісе алмай қайтып келді. Біз де солай болмаймыз ба дегенім ғой.

– Жаңа жерге, жаңа елге сіңісу оңай болмайды. Бәріне уақыт керек.

– Атамекен  дейсіңдер. Бірақ осында да Бұхара Әмірінің Жарған қажыға басыбайлы берген жері бар емес пе, оны қайтпекпіз?

– Бұл жайлы аз-кем естігенім бар. Әсіресе, жастар жағы осы бір әңгіме жайлы тағы естігісі келгендей үлкендердің аузын бағып қалыпты.

– Сол жайлы айтыңызшы. Сол рас па?

– Ол өзі он тоғызыншы ғасырда болған. Мына алпыс үйлі Аман қырықмылтықтар ата-жұрты Жем мен Сағыздан би мен болыстардың қысымы мен зорлығына шыдай алмай осы Тәжік жеріне ауып келеді. Одан Ауған асады. Бірақ, қайтадан Қорғантөбе мен Көлапқа келіп қоныстаныпты. Амударияға құятын Вахш, Пяндж өзендерін бойлапты. Олардың басшысы Жарған қажы ізінен ерген елін қорғап, жерсіндіру үшін жер иесі Бұхара Әміріне барыпты.

– Біз қазақ деген ел едік, тағдырдың жазуымен осы қос дарияның бойына қоныстанып қалдық. Осы аймақты басыбайлы еншімізге сұрап, құзырыңызға келдік, – деп уәжді әңгімесін алға тартады қажы. Келіссөз оңай болмайды. Бірақ Бұхара Әмірі Жарған қажының сөзіне қарсы шыға алмай бас шұлғи беріпті. Қазақтарға қоныстанған жердің жағрафиялық картасын киіктің терісіне сызғызып, мөрін басып, басыбайлы сыйға тартыпты. Зор мәртебемен шығарып салған соң уәзірлері бұған наразылық білдіреді.

– Тақсыр, өзімізге қимай жүрген шұрайлы, шүйгін жерді бір қазаққа бере салғаныңыз қалай? – десіпті.

Сонда Хан:

– Ана дәу қазақ кіріп келгенде екі иығынан екі айдаһар көрінді. Әруақты кісі екен, – деген екен. Міне, марқұм Жарған қажы сондай текті кісі болатын. Ал, сол жерлерде замана ағысымен ағып келген бар қазақ өмір сүріп келеміз.

Шалдар жағы «иә» дескендей бас шұлғысты.

– Сол киіктің терісі қайда екен қазір? – дедім қызығушылығым оянып.

– Кім біліпті дейсің? Мұрағатта ма, әлде жоқ болып жойылып кетті ме? Одан бері бір ғасырдан аса уақыт өтті. Енді осы жерлерді тастап «көшейік» дейсіздер.

– Көшуге келсек ол ата-баба аманаты, ұрпақтың болашағы үшін. Бір ғасырда тілімізге өзбек пен тәжіктің сөздері кіріп барады. Тағы бір ғасырда қандай боламыз. Заман не болады? Ел аман, жұрт тынышта көшіп алайық дегенім ғой.

– Сендерді білмеймін, өзім осы тәжіктер қуса да кетпеймін бұл жерден, – деді Әмзе ақсақал баяғы қырсықтығына салып.

– Шынында да қуып жатқан ешкім жоқ, неге көшуіміз керек?

– Мейлі, күні ертең көшті артқалы отырған жоқпыз. Сонда да болса екі-үш азаматты жіберейік. Жер көріп, ел көріп қайтсын.

– Дұрыс, солай болсын. Бірақ, жылы орнымыздан қозғалуға әлі ертерек сияқты.

– Бізге қолайы Шымкенттің төңірегі шығар. Жазы ыстық, қысы жылы. Халқы да еңбекқор. Өзіміз сияқты мақта егеді. Шаруаға да жайлы. Қазақылығы басым.

– Мына дастархан сарғайып қалды. Ас қайырайық, келіндер табақтарды алсын. Ал, әулием, – деп қолын жайды молда Хәкім қариялар ішіндегі жасы үлкені Қалмұрза атаға бұрылып,

Осылай біздің үйдегі жиын тып-тыныш отырған қазақ ауылына бүлік салды.

– Әке, – дедім әлі де терең ойдан арыла алмай жүрген әкеме бірде. – Садық атаның көшейік дегені несі? Қазақстанда онсыз да тыныш болмай тұр ғой... 

Көпті көрген кісі ғой, әлденені сезген шығар. Шынына келсем, көшу жайы менің де ойымда жүрген. Бірақ, шешетін сендер...

Көктем шыға салысымен ауылдың екі-үш азаматы шалдардың аманатын арқалап Қазақстанға кетті. Ел көруге, жер көруге. Мүмкіндігі болса бір ауыл түгел бір жерге барып қоныстансақ деген ой жоқ емес. Бұл шалдардың арманы. Әрине, бірін-бірі қимайды ғой.

Айға жуық уақыт салып оралған азаматтарымыз жақсы хабармен қайтты. Бүкіл Шымкент жерін аралапты. Сонау алпысыншы жылдары елге оралған ағайындармен табысыпты. Ең қолайлы өлке де осы оңтүстік екен. Жетісай мен Асық ата деген жерлері мақтасымен елге танылған, ыстық, аптапты аудан болса, Шардара деген жері шағалалы көлі шалқыған, күріш егіп аты одаққа танылған аудан екен. Сарыағаш деген жер тіпті тамаша дейді, өзіміздегідей бау-бақша егетін көрінеді. Ал, Қазығұрт деген киелі таудың етегіндегі аудан түгін тартсаң май шығатын, егінге де малға да жайлы құнарлы өлке екен. Мұны естіген шалдар қай жерге барарларын білмей бастары қатты. Негізінен алпысыншы жылдары кеткен ағайындар Жетісай мен Шардараны мекен еткен көрінеді.

 

Қапияда әкемнен айырылдық

 

Ақыры Садықбай атаның айтқаны айнымай келді. Совет өкіметінің шырқы бұзыла бастады. Сол баяғы біздің үйде басталған «көшу» туралы әңгіменің соңы расқа айналды. Сол жиын себеп болды ма, әлде бұл елдегі қазақтар бұрыннан көшу жайлы ойлап жүрген бе, білмеймін, бірінен соң бірі кете бастады. Үлкен ағам жер көріп, үй алып келді де біз де көшу қамына кірістік. Мен жұмыстан босадым. Құжаттарымызды түгелдедік. Құдай қаласа, енді ертең көшеміз. Әкем мені ертіп әкесі мен шешесінің, осында жатқан күллі мұсылман бауырлардың басына құран бағыштап қоштасып келді. Бұл әкеме оңай соққан жоқ. Кіндігінің қаны тамған мына мекеннен кету қайдан оңай болсын? Оның үстіне бар асылдары осында жатса. Жүктерді буып-түйіп қойдық. Таңертең ерте тұрыппын. Таң енді сібірлеп атып келеді. Әкем де осы уақытта тұруы керек. Таң намазын оқиды. Бірақ, тым-тырыс. Апам күбірлеп орнынан тұрды. Мен жатқан бөлменің есігі ашық тұрған соң бәрін сезіп жатырмын.

– Әй, тұрсаңшы. Таң атып келеді. – Әкеме айтып жатыр. Сыртқа шығып кетті. Әлден соң қайта кірді.  

– Ойбай, не ұйқы? Тұр, намазыңды оқымайсың ба?

Күбірлеп намаз оқуға кірісті. Әкемнің ұйқысынан оянбай жатқанына мен де таң қалдым. Ондай әдеті жоқ еді. Анам намазын бола бергенде мен де орнымнан тұрдым.

– Өтеміс, мына әкең тұрайын демейді. Кеше «әкем мен шешемнің аяқ жағында бір орын бар екен» деп отыр еді, жазған...

– Қойшы апа, қай-қайдағыны айтпай.

– Әке, – дедім қырынан жатқан әкемнің иығына қолымды қойып. Әкем үнсіз. Ағамның бөлмесіне жүгірдім. Анам аңырап қоя берді.

Әкем арманына жетті. Әкесі мен шешесінің аяқ жағындағы бос жайды мәңгілік мекен етті. Енді бізге тағы бір жылға қалуға тура келді. Үйді сатып қойып едік. Дегенмен, ынсабы бар тәжік екен, бізге бір жыл тұруға рұқсат берді. Әкемнің қырқынан соң, ортаншы ағамды бала-шағасымен Қазақстанға жібердік. Бұл кез Садықбай ақсақалдың айтқаны келіп Кеңестің ыдыраған кезі еді. Бұрынғы қора-қора мал да жоқ, көшеміз деп бәрін сатқанбыз. Жұмыс та жоқ. Дүкен сөрелерінің өзі бос қалып барады. Әкемнің әр мерекесін өткіземіз деп қолдағы ақша да азайды. Көшіп бара жатқан кейбір ауылдастар мен ағайын-туыс қана бір-екі тұяқ тастап кетеді. Үлкен ағам бұрынғы жұмысына қайта кірген. Сол фермадан сүт әкеліп, кейде қаймақ әкеліп, балаларды мәз етіп қояды. Менің жұмысым кеш қарая басталады. Түн қараңғысында барып фермадан жем ұрлаймын. Ұрлау деген аты ғой, қарауылдың өзі шығарып береді. Ертеңіне оны екі-үш сомға пұлдап қант-шай етеміз. Апамның бұдан хабары жоқ. Әйтпесе...

Қазақстандағы ағамның да жағдайы мәз емес сияқты. Біздегі сияқты ол жақта да жұмыс жоқ екен. Әупірімдеп колхозға тракторшы болып кіріп алыпты. Айлық қиын дейді. Оның орнына бір жақсысы ұн, бидай, май, қант береді екен. Оған да болса шүкір дейді анам.

Заман көз алдымызда өзгеріп бара жатты. Ауылда туған жерін қимай жүрген кейбір қиқар қарттар мен біз секілді көшуге мүмкіндігі жоқ жанұялар ғана қалды. «Соғыс болады екен» деген сыбыс та шығып қалып жүрді.

Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін ел жаппай дінге бет бұра бастады. Әр ауыл өзіне мешіт салды. Бұл бір ғана тәжік ұлтын жік-жікке бөлінуге әкеліп соққаны жасырын емес. Тәжіктер «Оңтүстіктің» және «Солтүстіктің» тәжіктері болып екіге бөлінді. Республиканың солтүстігінде Таулы-Бадахшам автономиялық облысы орналасқандықтан ол жердің халқы діншіл еді. Бұл кезде ел президентінің өзі республиканы басқара алмай қалды. Адамдардың қолында жүрген қару, нашаның қайдан келіп жатқаны белгісіз. Тәжік ұлтының памирліктер, хоженттіктер, ғармдықтар, феллохтар болып жік-жікке бөлінуі ел ішіндегі берекені кетірді. Осылай ертеңгі күніміз күмәнді болып жүргенде Вахш ауданында қарулы қақтығыс болыпты деп естідік. Арада айға жетпей Қорғантөбе қаласында тағы да осындай оқиға орын алды. Қорғантөбедегі қанды қырғыннан соң соғыс басталды деген суыт хабар елге тарап кетті. Бұдан кейін әркімге өзінің қара басы қайғы болып қалды. Алғашқыда өзге ұлт өкілдеріне ешкім тиісе қойған жоқ. Естігенім тек тәжіктер өздерімен өздері қырылып жатыр. Ғармдықтар кулябтық тәжіктердің отбасылары мен өзбектің, лақай және қоңырат деген белгілі тайпалардың түбіне жетіп жатқан көрінеді. Бұдан кейін әр-жер әр-жерде түрлі қақтығыстар болып, бірін-бірі қырып жоюмен тынатын. Енді мұнда өмір сүру қауіпке айналды. Кешегі тал-қайың жайқалып, бағында бұлбұл сайраған құтты мекен тозаққа айналды. Республиканың бір түкпірінде жатқан біздің ауылға әлі соғыс өрті жете қоймаса да оның зардабын тартып отырмыз. Дүкендердің жабылғаны қашан. Азық-түлікке басыңды сауғалап орталыққа әрең барып келесің. Нан соғыс кезіндегідей әр адамға 30-35 грамнан өлшеніп беріледі. Кейде ол да болмай қалады. Әйтеуір таласып-тармасып теріп алған бидайымыз бар. Соны қол диірменге салып, түнімен ұн тартамыз. Кейін оны жеңгем кебегін елемей-ақ нан пісіреді. Кебек араласқан ұн қайбір оңсын, тастай боп қалады. Дегенмен жаңа піскен кезде жеуге жарайды. Әрі берекелі, бәрімізге жетеді. Тойымды. Әзірге біздің ауыл тыныш болғанымен, әйтеуір бір күні бұл жерге де соғыстың жететіні белгілі ғой. «Енді не істейміз» деген ой ағам екеумізді де сансыратып жіберді. Анамның күйігі өз ішінде. Соңғы кезде тым қартайып, азып кеткен. Ал мен бұл соғыстың не үшін болып жатқанына түсінер емеспін. Тәжікстан секілді Одақтың басқа мемлекеттері де егемендік алды ғой. Олар ертеңі үшін күресіп, алға ұмтылып жатқан тұста мына тәжіктердің не үшін бірін-бірі сонша қырып жатқанына таңмын.

– Аға, – деймін өткен күндер есіме түсіп. – Осы баяғыда тәжіктер өте ұлтшыл, намысшыл еді ғой. Дүкенге кірсең егер тәжік сатушы болса міндетті түрде тәжікше сұрауың керек. Егер тәжік тілін білмесең, онда өз тіліңде түсіндір. Орысша сұрай қалсаң, «Өз тіліңді қатырып ал, орысшада нең бар!» дейтін жекіп кейбірі. Міне, сондай ұлттың бұлай бүлінуінің себебі не?

– Ұлтты іштен іріту деген бар. Ол өзіңе-өзіңді айдап салу. Бұл шеттен жасалып жатқан нәрсе. Бұлар елді екіге бөліп отыр. Қазіргі аталып кеткен «бобчиктер» мен «юрчиктер». Тәжіктердің екіге бөлінуі екі бағыт ұстанғандықтан. Ғармдықтар мен памирліктер, вахабистердің көксегені – Тәжікстанда исламдық тәжік мемлекетін орнату. Олар исламды себеп етіп билік пен мансап үшін қан төгіп жүр. Кулябтықтар болса президент пен заңды үкіметті қолдап, вахабистерге қарсы шығуда.

– Сонда вахабистер қайдан шықты?

– Бұл елге Абдулла молланың келуімен байланысты шығар, сірә. Билік басына оның тағайындалуы вахабизмның ашық әрекетке көшуіне ықпал жасады. Бұл бір күнде немесе бір жылда болған нәрсе емес, бұл жылдар бойы жүргізілген астыртын саясат. Оның үстіне құрылып жатқан «Исламның қайта өрлеу партиясы» да солардың сойылын соғатын сияқты. Кеңес одағының бәсекелесі АҚШ-тың да қолы болуы мүмкін мұнда. Себебі, олар әр елді соғыссыз алуды көздейді. СССР сияқты алып мемлекет құлады. Енді ондағы қайраңда қалған мемлекеттерді жаулау керек емес пе? Олар бір ғана жолмен ұлт ішіне іріткі сала алады. Олардың қаруы дін. Ал, біз сияқты дінді дұрыс түсінбейтіндер кім қалай айтақтаса солай қарап үріп, ақыры өз түбімізге өзіміз жетеміз.

Мен үнсіз қалдым.

– Абдулла молда бірнеше жыл Иран мен Египетте білім алған, арнайы дайындықтан өткен. Тәжік жерінде төңкеріс жасауға келген.

– Біз не істейміз енді, аға?

– Білмеймін... Пархардың қазақтары Қазақстанның Президентіне хат жолдапты. Бәлкім, жақында бір жақсы хабар келіп қалар.

– Онда Пархар жаққа барайық. Не көрсек те солармен бірге көрейік. Жалғыз үй қазақ мұнда қалғанша...

– Дұрыс айтасың. Мен де соны ойлап жүрмін.

Біз аз күнде өзімізге қажетті заттарды ғана алып Пархар жаққа жол алдық. Жылдар бойы жиған-тергеніміз, дүние-мүлкіміздің бәрі-бәрі қалды. Бұл кезде біз үшін жанның амандығынан басқа ештеңенің қажеті де жоқ еді.

Жаяулатып Пархарға шыққан біздің көзіміз не көрмеді. Жолда шашылып жатқан өліктер, жалаңаш жатқан әйелдер, қорқыныштан дірдектеген балалар, есі ауысқан қариялар... Жолды ағам бастап барады. Ауыл-ауылды аралап барамыз. Біреулер жаны ашып түнде үйіне паналатады. Ас-су береді. Ал, біреулер өз жанының тыныштығынан қорқып екі қолын ербеңдетіп азар да безер болады.

Біз осындай бір отбасында бір күн түнеуге мәжбүр болдық. Жасы қырықтарды қырқалап қалған үй иесі бізге төрінен орын берді. Өзі өзбектің қоңыраты екен.

– Қазақтарды қашан да құрмет тұтам, – деді ол барын алдымызға қоя отырып. Атамның қазақ досы болған. Сонау ашаршылық жылдары жұптары жазылмай бірге жүріпті. Әке-шешесі аштықтан қайтыс болып кеткен соң қазақтардың қолында жүріп үйленіп, үй болған екен. Сол қазақтарды мен де құрметтеймін. Кеңпейіл жақсы халық қой. Бірақ, мына заман бір-бірімізге достық пейіл көрсетуге мұрша бермей тұр, – деді тереңнен сөз қозғап.

– Мына аласапыранда қайда жол алдыңыздар?

– Пархарға. Ол жақта қазақтар әлі баршылық.

– Иә. Оларға Қазақстан көмек береді екен деп естідім. Бізге де сондай көмек беретін басшылық болса ғой. Сіздер бізге қарағанда бақыттысыздар ғой...

– Ол жәрдем қашан болады әлі белгісіз. Шықпаған жаннан бір үміт деп солай қарай бара жатырмыз.

Алдымызға үлкен табақпен ет келді. Үй иесі де, келіншегі де суып қалған етке бір, бізге бір қарайды. Мен де мына таршылық заманда бұларға бұлай масыл болғанымызға іштей қынжылдым. Бірақ, екі үйдің балалары да ештеңеге қарамай еттен соғып жатыр.

– Гоу, гоу, – деп қояды бір-біріне балалар қолдарын мылтық етіп «пақ» деп. Түсіндім. Сиырларын атып кеткен. Соның еті болса керек. Бәлкім, арам өліп қалған шығар. Мейлі, оған қарайтын заман емес. Адамдар шөптің тамырын талғажау етіп отырған заманда не де болса ет қой дедім де асай бердім.

– Мына Қорғантөбе жақта Ургут деген ауыл бар еді. Бәрі өзбектер. Сол ауылды тірідей өртеп жіберді. Талай жыл тәжік-өзбек ағайын болып келе жатқан бізді осылай қорлап жатыр, – деп отағасы жылап жіберді. Бұл көз жасын жұбатудың өзі оңай емес еді.

Ерте таңмен тағы жолға шықтық. Ал, Сардар амак ауылдастарының өлі денелерін көмуге кетіп бара жатты.

Біз Пархарға жеткенде мұндағы қазақтар бізді қуана қарсы алды. Аман-есен жеткенімізге қуандық. Осылай өлместің күнін көріп жүргенде Қазақстанның оңтүстігінен көгілдір туы желбіреген поезд пархарлық қазақтарды алып кету үшін Қорғантөбе қаласының вокзалында күтіп тұрды.

 

Ажал дегенді қойсайшы...

От пен оқ арасында жүргенде тезірек тыныш, бейбіт күнге жетсек екен дейтінбіз. Міне, сол арманымыз орындалды. Бізді Атамекен алда күтіп тұр. Көзде жас, етегімізге сүрініп қабынып жүрміз. Тек жездем ғана көңілсіз. Қиқар әкесі «кетпеймін» дейді. Жабылып көндіре алмадық. Қора-қора қойын, табын-табын сиырын, үйір-үйір жылқысын қимайды. Қолында бір атқа айырбастап алған аңшы мылтығы бар. Енді оған жау тимейтіндей.

– Әке, таста бәрін, аман-есен елге жетсек мал табылар, – деп жездем әкесіне талай барды.

– Бұлар маған ештеңе етпейді, – дейді шал жайбарақат. – Сен балаларыңды ал да кете бер, мен малды сатып барамын.

– Әке, мына заманда малды кім алады?

– Алады. Соғыста да азық керек.

Дұрыс айтады. Жездемнің әкесін, яғни біздің құданы танымайтын адам жоқ. Әсіресе, ғармдық тәжіктер мінуге аттарын сатып алып кетеді, азыққа қойларын айдап кетеді. Олардың мақтаулары мен азын-аулақ тиын-тебеніне құдамыз мәз.

Міне, біздің бәрімізді елге алып кететін поезд күтіп тұрғанда жездем екеуміз тағы да құдамның ауылына жол алдық. Ал, әкей қырсығып қояр емес. «Әкемді тастап кетпеймін» деген жездемді көндірем деп мен де поездан қалып кеттім. О баста осылардың тірлігіне араласқаныма өкіндім. Дегенмен, жездем екеуміз малды сатып тезірек кетуге асықтық. Бірақ, тәжіктер бір-екі қойдан артық алмай қойды. Ақыры мал алатын адам да табылды. Бізге апта сайын бір ауған келіп бір жылқы, жиырма-отыз қой, бір-екі сиыр алып тұратын болып келісті. Біз малды сатып тауысқанша алты айдың қалай өтіп кеткенін білмей қалыппыз. Енді тағы екі-үш апта күтсек мал да бітеді. Содан соң қайтамыз. «Ақыңды ажыратып беремін» дейді құдам. Ақымның керегі жоқ, аман-есен туыстарыммен қауышсам болды. Осылай мал азайған тұста ойыма Шынар түсті. Олардың да көшпегенін білемін. Енді Теректі тауға барып келуді ойға алдым. Құдам бұл жерлерді жақсы біледі. Одан берідегі Борбұлақты мекендеген малға бай адамдар. Оның әкесінің де малын, жерін қимай көшпей, кейіннен соғыста қалып кеткенін білемін. Бұл ойымды жездем мен құдама жеткіздім.

– Е, Құралбай ма? Олар қазір Вахш жақта. Борбұлақта қазір адам қалмады. Іздесең Вахштан ізде.

– Қайда барасың, бір қызға бола басыңды қатерге тігіп, не көрінді?

– Жезде бармасам болмайды. Маған тиісе қоймас.

– Жоқ, бармайсың. Саған бірдеңе бола қалса ертең туыстарыңа не бетімді айтамын? Кәрі шешеңді ойла...

Анам көз алдыма келе қалды. Бір жағы Шынарды да тастап кете алмайтын сияқтымын. Шынар менің алғашқы махаббатым. Екі жыл әскерде жүргенде сонау Польша жерінде жазылған хаттарым куә. Бірақ, олар ешқашан Шынарға жеткен емес. Сол жетпеген күйі менің әскерден әкелген шабаданыммен бірге соғыс өртінде қалып кетті. Әскерден келген соң бірнеше рет Шынармен кездестім де. Оның да маған деген көз қарасын білемін. Ол да мені сүйетін сияқты. Сөйтіп жездемді де, құдамды да тыңдамай жолға шықтым. Құдам қолыма бір бума ақша ұстатты. Бір аптадан соң қайта келетін болып жаяулатып жүріп кеттім.

Вахшқа жету қиын бола қойған жоқ. Жолда кезіккен қызыл шүберек байлаған көлік көрсем қол көтеріп мініп аламын. Қызыл шүберек таққандар кулябтықтар. Олардың туының түсі де қызыл. Олар демократиялық мемлекетті қолдаушылар. Ал, қауіптілер ғармдық тәжіктер. Олардың туының түсі ақ. Маңдайларына немесе қолдарына ақ шүберек байлап алады. Бұл ислам оппозициясының күштері ұрыс қимылдары кезінде «Аллаһу акбар» деп ұрандататын. Олардың қатарында ауғандық жалдамалылар да бар. Ал, кулябтықтардың қатарында славяндықтар мен қоса сол кезде аты шыққан «латыш мергендері» көп болатын. Олар Прибалтикадан шыққан әйел мергендер.

Мен мұның бәрін өзім мінген көлік иесінен біліп алдым. Кезінде кәдімгі колхоз жұмысшысы болған ол қазір өз еркімен кулябтықтарға қосылған ерікті.

– Біз жеңеміз, көресің. Жәннат мекен тәжік жері әлі-ақ бұрынға қалпына келеді. Бейбітшілік орнайды. Халықтың көзі ашылып келеді. Бұрынғы қарапайым еңбек өкілдерінің дені кулябтықтарды қолдайды. Кулябтықтар тек әділдік үшін күресуде.

– Ғармдықтар сонша қаруды қайдан алуда?

– Бұл үлкен саясат. Оларды қарумен де, қаржымен да қамтамасыз етіп отырған мына ауғандар. Одан әрі ирандар шығар. Олар әлеуметтік көмек деп жіберіп жатқандары азық-түлік емес, қару-жарақ, наша.

Мен Вахштың үстінен түсіп қалдым. Алдымен ескі танысымның үйіне бардым. Ауыл өлексеге толы. Арық-атыздарда домалап жатқан адам денелері. Мен Шұхраттың үйін әрең таптым. Әйелі екеуі көңілсіз қарсы алды. Соғыс кезінде көңілді болудың өзі күлкілі емес пе.

– Досым қайдан жүрсің? Амансың ба? – дейді құшағына қысып.

– Басыңа не түссе соны көреді екенсің, – деймін досымның құшағынан босана алмай. – Тағдыр айдап келіп қалдым.

– Әке-шешең аман ба?

– Әкем соғыстан алдын қайтқан. Анам мен ағаларым Қазақстанға кетті.

– Ау, сен де кетпей не істеп жүрсің? Басың аманда кетпейсің бе?

– Оларды Қазақстанның Президенті көшіріп алып кетті. Ал, мен қалып қойдым. Енді кете алмай жүрмін.

– Басың аман болсын. Әлі-ақ еліңе жетерсің. Дегенмен, президенттерің өзі көшіріп алып отырса бақытты екенсіңдер. Ал, бізді ескеретін еліміз де, президентіміз де жоқ.

Шұхрат көзіне келіп қалған жасты сүртті. Әйелі алдымызға суға қайнатылған картоп қойды. Тостақтағы тұзға батырып жеп алдық. Жаздың күні. Ыстық күннен соң тамылжыған түн келді. Мен қатты шаршаппын. Шұхрат далаға жатудың қауіпті екенін айтты. Мен дәліздегі терезенің түбінде тұрған сәкіге жантая кеттім. Таңертең күн сәскеге жеткенде ояныппын. Алдымда бір шәйнек көк шаймен тағы да қайнатылған картоп тұр. Осындай қиын-қыстау кезеңде де алдыма барын тосқан досыма риза болдым. Шұхрат досымның да бүгіндегі атқарып жүрген жұмысы аман қалған ауылдасарымен бірге өлгендердің иістеніп кеткен денелерін өз бақшаларына, өз аулаларына көму.

– Абайла, – деді кетерімде досым. – Әйтеуір ғармдықтардың қолдарына түсіп қалма. Нашаға тойған нақұрыстар адамдықтан қалды. Бұл тәжіктер өліспей беріспейді. Олардың қызуқанды екенін білесің ғой. Екі жақ та соңғы қандары қалғанша қырқысады. Ал, вахаббистер қауіпті. Олар қолға түскен жас жігіттерді піштіріп, қыз-келіншектерді қару мен нашаға айырбастап жіберетін көрінеді. Әйтеуір, Алла амандығыңды берсін.

Тілеулес досыммен қимай қоштасып, іргедегі Шынардың ауылына жол алдым. Тағы да өлік сасыған ауыл, қирап қалған үйлер...

Шынардың үйін оңай таптым. Мені қарт анасы қарсы алды. Үстіне алба-жұлба киім киген кемпір алғашқыда қорқып кеткені рас. Негізінде есерсоқтардан қорыққан адамдардың көбі осылай алба-жұлба киініп, өзін өтірік жындыға салып отыратын. Сонда оларға тиісе бермейтін.

– Амансыз ба, апа? –дедім көзі жәудіреген ананың үрейін басу үшін.

– Балам, балам... қай баласың, жарығым? –деп еңірей құшағына алды.

– Мен сіздерді іздеп келдім. Дәулетбайдың баласымын. Колхозабадтан.

– Кір үйге, кір, кір, – деген ана мені үйге бастады. Үй ішінде бір бұрышқа тығылған жігітті көрдім. Өзім құралпы жігіт. Анықтап қарап таныдым. Шынардың ағасы. Ол да мені таныды-ау деймін құшағын жая ұмтылды.

– Амансың ба, бауырым?

Құшақтасып тұрып екеуміздің де есімізге сонау Қорғантөбедегі кеш түскен шығар. Сонда Шынардың жанынан шықпай қойғаным үшін ағасынан бір-екі жұдырық жегенім бар.

– Үй-ішің аман ба, балам? Тірісіңдер ме, әйтеуір? Шешең бар ма? – Кемпір мені төрге оздырып сұрақтың астына алды. – Құдай-ау, осылай да көрісетін заман болды ғой...

– Аман апа, олар Қазақстанға кеткен. Ал, мен қалып кеттім.

– Үйбай, жарығым-ау, қиын болған екен. Содан бері қаңғып жүрмін де.

– Жоқ, жездеммен қалғанмын. Әкесінің малы көп, соны сатып болған соң кетеміз.

– Е, құдай-ай, адам жанымен қайғы болып жүргенде малы несі? Өзіміз сол Қорғантөбеге жете алмай қалдық. Ауылымызды бақабистер дейді ме, әлгі дұшпандар басып алып, шыға алмай отырмыз. Енді міне, әр атқан таңымызға алғыс айтып, шүкіршілік етуден басқаға шамамыз жоқ. Қашанға дейін тірі жүрерміз, ол жағы тағы белгісіз...

Кейуана көзіне жас алып, жылап алды. Әлден соң бастарына бірі ақ, екеншісі қызыл орамал таққан екі әйел кірді. Таныдым, бірі Шынар... Екіншісі жеңгесі болса керек. Шынардың жанары жарқ ете қалды. Көз шарасына жас толып, сыртқа шығып кетті.

– Неге келгеніңді білем, – деді Шынардың ағасы дастархан үстінде. – Бірақ, қазір қызға қарайтын уақыт емес қой.

– Мен бәріңді алып кетуге келдім. Менде жолға жетерлік ақша бар.

– Ол оңай емес. Одан да соғыстың аяқталғанын күтейік.

– Соғыс қашан аяқталады, ол белгісіз. Одан да әрекет еткеніміз жөн.

– Білмеймін, білмей қалдым...

Кеш батты. Тып-тыныш түннің зәресін алып тағы да оқтың дауысы естілді. Кейуананың қол-аяғы дірілдеп бұрышқа тығыла түсті.

– Кетіңдер, тығылыңдар, – деген Шынардың ағасының даусынан мен де қорқып кеттім. Шынар мен жеңгесі жанұшыра сыртқа ұмтылды.

– Сен де бар әжетханаға тығыл! – деп бұйырды маған.

Әжетханаға жүгірдім. Әлден соң үй алдына көліктің тоқтағанын көрдім. Төрт-бес еркек көліктен секіріп түсіп, автоматтарын шошаңдатып үйге кірді. Терезелерді қиратып, үйдің астаң-кестеңін шығарды. Қол-аяғым дірілдеп мен тұрмын. Әлден соң Шынардың ағасын үйден сүйреп шығарып ұра бастады. Төрт жігіт тепкінің астына алғанда не жаны қалды екен, шіркіннің?! Ұрып-соғып әбден айызы қанған олар енді қой қораға қарай жүрді. Есік ашылғаннан сыртқа атылған қойлардың бір-екеуін атып мәз болысты. Бір-екеуін көліктеріне тоғытты. Қораға кіріп кеткен біреуі әлден соң-ақ шыңғыртып Шынардың жеңгесін алып шықты. Менің үрейім шынымен ұшты. Тұрған жерімде жиіркенуді де білмей отыра кеттім. Шыңғырғанына қарамай Шынардың жеңгесін көлікке салып алып кетті. Үй алдындағы шарбаққа ілініп ағараңдап орамалы қалды.

Мен үйге жақындадым. Анадайда ыңырсып жатқан ағасын үйге кіргіздім. Анасы бір шөкім болып жерге жабысып жылап жатыр екен. Кәрі аяқ-қолдары қарысып қалған. Кемпірге су әкеліп бердім. Қан-жоса болған ағасының бетін сүрттім.

– Шынар аман ба, Шынаржан, – деп кейуана әзер тілге келді.

– Иә, апа, аман.

– Қайда, ол, қайда? Шошып қалды-ау, құлыным. Бар, алып келші. Жер тартқырлар, қайта келмейтін шығар.

– Жоқ шықпасын, тағы келуі мүмкін.

Жаңағы көріністер таң атқанша көз алдымнан кетпей қойды. Ұйықтай алмадым. Тура бір тағы кіріп келердей үрейлене беремін. Ал, келіншегін алып кеткені Шынардың ағасына қатты батты. Ол енді су да ішпей теріс қарап жатып алды. Соққы жеген жерлері ауыра ма, анда-санда ыңырсып қояды.

Көзім ілініп кеткен екен. Иығыма тиген қолдан селк еттім.

– Балам, бір қойды ұстап сойшы. Шынарды оят.

– Ол қайда?

– Қораның арт жағына барсаң бір үңгірді көресің. Тірі болса, соның ішінде.

Шынар деген соң ба, орнымнан ұшып тұрдым. «Тірі болса» деген сөзі үрейімді ұшырды ма, қораның артына жетіп бардым. Таң әлі бозармаған.

– Шынар, – дедім қараңғы үңгірге үңіліп. – Шынар?! Ешкім тіл қатпады. Қорқып кеттім.

Үйге қайта кірдім.

– Бар ма? – деді кейуана жанары дірілдеп.

– Білмедім, оттық керек.

Кейуана қабат-қабат киімдерінің біреуінің қалтасынан сіріңке шығарып берді. Ішінде үш-төрт тал ши қалыпты. Оны құртсам не болмақ?

Сипаланып жүріп үңгірге түстім. Қап-қараңғы түнектен түк көрінбейді. Ауасы тар. Қолым жып-жылы денеге тиді. Дене селк етті.

– Шынар, мен ғой.

– Сен? Нестеп жүрсің?

– Таң атып келеді. Жүр қой соямыз.

Шынарды тар қапастан шығарып алдым.

– Жасырынатын жерің жақсы екен, – дедім.

– Екі рет сақтап қалды.

– Жеңешем қалай, ағам сау ма? Өлтіріп кеткен жоқ па?

– Ағаң жақсы, бірақ жеңешеңді...

– Алып кетті ме? Қораға бекер кірді. Одан да айдалаға қашу керек еді. Қойлар үркіп, білдіріп қойды ғой.

Шынар жылап қалды. Оны бауырыма бастым.

– Аман болса келер, – дедім оны жұбатқансып.

– Қалай келеді? Ағам оны жақсы көретін еді, енді не істейміз?..

Мен бір қойды дырылдатып сүйреп келдім.

– Уақыт жоқ Шынар, пышақ алып кел. Таң атып келеді.

Шынар мал бауыздайтын үлкен пышақты алып шықты. Екеулеп сойып, амалдап тазалап алдық.

– Самаурынға от сала бер, балам, – деді кемпір маған сыбырлап. – Шынар екеуміз ішек-қарынды тазалап алайық.

– Апа, кешегі атып кеткен екі қой қайды? – дедім кешегі оққа ұшқан жануардың көрінбегені есіме түсіп.

– Ә, ел аш қой балам, біреу сүйреп кеткен шығар. Қайтеді, Құдайдың басқа салғаны. Ырысқымызға мына мал бар екен. Ол таусылса нестейміз, білмеймін. Алла, арам мал жегізгенше ертерек алса екен деп те тілеймін, балам. – Кемпірдің жанары тағы суланды. – Мына екі шырағым аман болсын, әйтеуір. Әзірге қорамызға тиген ешкім жоқ. Ауыл адамдары жақсы еді ғой. Тек мына жалмауыз бақабистер болмаса...

Кемпірдің вахабистер жайлы айтқаны езуіме күлкі үйірді. Бірақ, бұл күннің де ұзаққа бармасы көңілімді түсірді. Тезірек елге кетудің амалын табу керек. 

Таң қылаң бере үлкен қазанға ет астық. Шынар екеуміз бір-бірімізге ұрлана қарап қойып, бас-сирақ үйіттік. Есіме сонау бейбіт заман түсті. Аста-төк той жасап, қонақ шақырғанда осылай таңда оянып үлкен-үлкен қазандарға ет асушы едік.

– Еркем, отын әкеліп тасташы...

– Мырзам, қазанның астын қалап қойшы, – деген жеңгелерімнің қиыла сызылғандары көз алдымда көлбеңдей берді. Шіріген қозаның ащы түтіні кіріп, ашыған жанарыма сағыныш жасы тығылды. Өзімді тия алмай қалдым. Көз жасым мөлт-мөлт ағыла берді. Жөргектен кейін шын жылағаным осы шығар.

– Көзің ашыды ма, – деді Шынар жүзіме жымия қарап. Ащы түтіннен оның да жанары қызарып кетіпті. – Жылауық екенсің...

Екі бетінің шұңқыры ойнап, күлді. Оған қосылып мен де жымиған болдым. Бірақ...

Жас малдың еті лезде болбырап пісті. Біз жеп алдық. Ал, Шынардың ағасы дәм татқан жоқ. Теріс қарады да жатты. Жағдайы күннен күнге нашарлай берді. Әлде бір жері сынған ба денесі гүп болып ісіп кетті. Енді кету мүлдем арман болып қалған сияқты. Шынарды мен тастап кете алмаймын, Шынар ағасы мен анасын тастап кете алмайды. Осылай жіпсіз байланған күндер өте берді. Бұрынғыдай үйге келіп мазамызды алмаса да әр кезде атылып қалатын оқтың даусынан зәреміз қалмайды. Ауылды ғармдықтардың алғаны әр жерге байланған ақ шүберектерден білініп тұрды. Яғни, әзірге шығуға жол жоқ. Шынардың түні қой қораның артындағы үңгірде өтеді. Мұны оған ағасы қазып беріпті. Алғаш вахабистер үйіне келгенде жеңгесі екеуі әжетханаға тығылып жан сақтап қалыпты. Кейін ағасы осы орды қазыпты. Әйеліне арнап тағы біреуін қазбақ болып жүр еді, бірақ үлгермеді...

Шынардың шашын алып тастадым. Өз қолыммен. Анасының ақылы бұл. Әлдеқандай жағдай болса қыз екенін білмесін дедік. Ұзын, қолаң шашын алдымен қайшымен тықырлап қыйдым. Көзінің жасы шашымен қосылып еденге мөлт-мөлт төгіліп жатты. Ұстараны қолыма алдым. Көзімнің жасын тия алмай дөп-дөңгелек басын жылтыратып қыра бердім. Қайтемін, бұл да болса қу құдайдың басқа салғаны.

– Жыламаңдар, бас аман болса шаш деген өсер. Бақабистердің қолына түсіп қалмасаңдар болғаны. Еркек деп атса атып тастасын, тек алып кетпесін. Күлайша сорлым не күйде екен, жарығым-ау...

Кемпір тағы зарлады.

– Өлтіріп, бір жерге домалата салған шығар, баламды. Өлігі ит-құсқа жем болды ма, құрт-құмырсқа басып жатыр ма? Маңдайым-ау, не деген сор маңдай едім, қу құдай.

– Апа, жыламашы, ағам бетер қиналады ғой.

Күнұзағына еститінім Шынар мен анасының жылаған даусы, ағасының жан ауруына шыдамай ыңырсыған үні.

– Апа, жақын маңда сынықшы бар ма? – деп сұрадым. Қолы мен аяғының сынғанын анық сезетін сияқтымын.

– Көрші ауылда тәжік шал бар еді. Сынықшы Бахром деген. Бар ма, жоқ па құдай біледі.

– Онда мен соған барып келейін.

– Құдай тілеуіңді берсін балам. Ғұмырың ұзақ болсын.

Көрші ауыл дегені досым Шұхраттың ауылы болып шықты. Шұхратпен жолығудың тағы бір сәті түсті. Айтсам, өзі-ақ тауып береді. Аузымнан «біссімілләмді» тастамай жүріп көрші ауылға да жеттім. Қыркүйектің алғашқы күндері болса да жаздың аптап ыстығы қайтпаған. Ауыл көшелері тып-тыныш. Жан баласы көрінбейді. Әр жер, әр жерде жаңадан үйілген төмпешіктер. Ауыл емес, мазарат дерсің. Досымның үйіне жақындадым. Есігі аңқиып ашық жатыр. Терезелері түгел қираған. Есіктен кірген жерге есек тезек тастапты. Бұл үйдің иесіз қалғанының белгісі. Терезе тұсындағы өткенде өзім жатқан төсектің үсті шұрқ тесік. Оқ жауып өткен сияқты. Ішкі үйге бас сұқтым. Сасық иіс қолқамды қапты. Құрттап кеткен екі адамның мәйіті жатыр. Бірі ер, бірі әйел. Қол-аяғымнан дәрмен кетіп, сыртқа әрең шықтым. Басым айналып, көзім қарауытып кетті. Қанша отырғанымды білмеймін, мойныма тақалған әлденеден денем дір етті. Екі қолымды төбеме қойып, жерге құлай кеттім.

– Кимсан? – деген өзбекшелеген дауыстан есімді жидым.

– Қазақпын.

– Қазоқ?

Басымды көтеріп жүзіне қарадым. Бет-аузын жүн басқан шал. Қауқары әлсіз болса да жанары суық. Қолында жалаңдаған өткір пышақ. Іштей кәлимәмді қайтардым. Тілім күрмеле берді.

– Не істеп жүрсің? – деді шал даусы жұмсарып.

– Досым еді, іздеп келіп ем...

– Дос іздейтін заман ба?

Білегіндегі ақ шүберекке көзім түсті де тіпті үрейім ұшты. Вахабистің қолына түстім. Өлген жерім осы шығар. «Қош бол өмір» деп күрсіндім.

– Көмесің бе? – деді ол теріс бұрылып.

Вахабис емес екенін ұқтым. Тек соларға беріліп тірі қалған біреу.

– Көмектесіңіз, – дедім.

Ол үйге жол алды. Екеуміз үйдің еденін ұзақ бұздық.

– Далаға көмбейміз бе?

– Көріп қойса өзің де осылардай құрт-құмырсқаға жем боласың.

– Сіз ғармдықсыз ба? – деп сұрадым бір-бірімізге үйреніскен соң.

– Тірі қалудың қамы ғой...

Екеуміз екі күрек тауып алып қабыр қаздық. Қабыр деген аты ғана, әйтпесе қазғанымыз тізе бойлайтын таяз шұңқыр ғана.

Екі мәйіттің де денесі ұстауға келмейді. Ылбырап кеткен. Аппақ-аппақ құрттар бірі кіріп, бірі шығып жүр. Досымның беті мүлде жоқ, еті іріп су болып ағып кеткен. Екі мәйіттің үстіне бір-бір көрпе жаптық та күрекпен шұңқырға итердік. Кейін үстіне топырақ үйдік. Шал даусын шығармай құран оқыды.

– Жақсы адамдар еді, – деді сосын бәсең үнмен. – Сатылмады. Аямай азаптады. Аузына қайнаған су құйып өлтірді, оңбағандар. Бұл дүниеде жасағандары о дүниеде қайтады ғой, қайтады...

Сасық иістен қашып үй артына бардық.

– Мені қайдан көрдіңіз, – деп сұрадым.

– Ауылға кірген беттен көргенмін. Ізіңнен аңдыдым. Тура осында тарттың. Не үшін жүрсің, өзің?

– Сынықшы іздеп келген ем. Осы ауылда Бахром деген сынықшы бар екен. Танисыз ба?

Бұл кезде күн сәскеден ауып қалған еді. Әңгіменің төркінін түсінген ата аз-кем ойланып тұрды да:

– Кешке дейін осында күт, кешке келем, – деді.

Күн ұзақ білінбеген екен, қарнымның ашқанын жалғыз қалғанда сездім. Мұрынды жарған шабдалының иісіне тамсанып тұрмын. Шаршаппын. Тұрып баруға шама жоқ. Қарын ашта көзіңе ұйқы да келмейді. Еріне басып бауға кірдім. Қызара піскен шабдалылар уылжып тұр. Жерде шіріп жатқаны қаншама. Анарлардың сабағы жемісін көтере алмай иіліп тұр. Иісі мұрын қытықтайды. Уылжыған шабдалыға тойып алдым. Сәлден кейін-ақ түгі денемді қышыта бастады. Әлі жарылып үлгермеген анарларға қол салдым. Анау сырты алаудай болып тұрғандары қызыл анарлар, қышқыл болса керек. Ал мынау ақ анар. Біздің үйде де осындай бау бар еді. Анарларды сабағымен қиып алып шатырда сақтайтынбыз. Ой шіркін, қысымен анар жеп жүретін жылдар-ай десеңші.

Ақай деген көрші кемпір болатын. Өзі бізге туыс болып  та келеді. Шын аты есімде жоқ. Шын атын ешкім білмейтін шығар. Әйтеуір, болар-болмасқа ұрыса беретін айқайшыл еді. Сол себепті де Айқай аталып кеткен. Кейіннен «Айқай» дың «й»-сы түсіп қалып «Ақай» аталып кетті. Ауылымыз тамаша еді ғой. Бәрінің үйінде бау бар еді. Онда не жоқ демеңіз. Бәрі бар. Шие мен өрікке қарамаймыз. Тұттың не түрі, бадам, құрма, айва, алма, алмұрт, лимон... Қараөрікті көк кезінде тұзға батырып жемесек, піскенде аузымызға алмаймыз. Бір-бірімізге былшылдатып  лақтырып ойнаймыз. Шабдалының не атасы біздің ауылда. Байқап қарасақ біздің ауылда әнжір Ақай кемпірдің үйінде ғана бар екен. Үйдегі уылжыған не түрлі шабдалыға қарамай, есіл-дертіміз Ақай кемпірдің әнжіріне ауады да тұрады. Апамызбен сол үйге баруға тым құмармыз. Ақай кемпір соны білгендей әнжірін қызғыштай қорғайды. Бір түйірін татырмайды. Ал, күзде анар піскен кезде етек-етек анар теріп кетеді. Бұған қалай зығырданың қайнамасын?! Әнжір ұрлаймыз деп Ақай кемпірдің таяғын талай жегеніміз бар. Әлі есімде, Ақай кемпірге анар бермей қойғаным. Анарды әдетте әкем жарылмай тұрып тергізетін. Жарылып кетсе сақтау қиын болады. Шатырда тұрғанда ішіне өрмекші ұя салып алады. Сол жылы да бір күнде анарды өзім қырқып алдым. Әкем менің істің көзін біліп келе жатқаныма қуанды. Өзі шатырға шығып іліп шықты. Содан бір күні есіне түсті ме анар жеуге Ақай кемпір келді.

– Әй келін, анарыңнан әкел ауыз тиейік, – деді келе сала.

Шешем маған шелекті ұстата қойды. Білемін біреуін жейді, қалғанын үйіне әкетеді.

– Апа, анар жоқ қой, – дедім теріп алғанымызды есіне салып.

– Әй, одан бері тағы піскен шығар, барсай, – деп кейіді анам.

Әдейі өңшең қызыл анардан теріп келдім. Өзімнің қолымда жарылған ақ анар. Ақай кемпірдің қарсы алдына отырып алып күрт-күрт жеп отырмын. Кемпір де бір анарды қолына алды да жерге бір ұрып жарды. Қып-қызыл суы аға жөнелді. Суын «уфп»деп сорып қалды да әжімдеріне дейін дірілдеп кетті. Анардың қышқыл суынан кішкентай көзі тіпті сығырайып «әй, мынауың у ғой» деп шелекке қайта сала салды. Ал, мен күрт-күрт жеп отырмын. Кемпір анда-санда қарап қояды. Сол кезде жүзімді тырыстырып «ащы» деп қоямын. Ақай әжемнің түрі одан бетер тырысып кетеді. Сол ащы анарлар тұра беріп көктемге қарай біз үшін тәтті болып кететін.

Өткен күнді еске алып жатып бау ішінде ұйықтап кетіппін. Әлдекімнің түрткенінен ояндым. Айнала көзге түртсе көргісіз. Шал екен. «Кеттік» деді. Екеуміз ауыл сыртына шықтық.

– Сынықшыға апармадыңыз ғой, – дедім мен.

– Сынықшы Бахром менмін.

Сенерімді де, сенбесімді де білмедім. Бәлкім, шын вахаббис болып, аңду үшін бара жатқан болса... Не де болса Шынар тығылып қалған болса екен. Бәрібір сенім жоқ. Түн болды ғой, тығылған шығар.

Түн ауа үйге жеттік. Кемпір әлі ұйықтамапты. Баласының жанының ауырғаны шыдатпаған-ау, мен кіріп келгенде балаша қуанып кетті.

– Барсың ба, балам? Аман келгеніңе шүкір. Үһ, жанымды шүберекке түйіп отыр ем.

– Ә, кемпір, сен әлі тірісің бе? – деді шал кемпірді көре сала.

– Ризығымыз таусылмаған екен. Жүрміз ғой, – деп күрсінді кемпір.

– Ә, әлі бұл күндер де өтер, сәл шыдайық. Балаң қайда?

Шал төргі бөлмеге өтті.

– Оңдырмапты ғой, – деді әлден соң. – Әйтеуір, тірі қалыпсың. Оңай жұмыс емес. Көп уақыт керек.

– Бахром ака, жаным садаға салып беріңіз.

– Саламын, қорықпа. Тек жүрегің мықты болса болды.

Бахром шал бізді далаға шығарып жіберіп, Шынардың ағасын әбден шыңғыртты. Әлден соң жаныма келіп өзінің кетіп бара жатқанын айтты.

– Ісігі біраз күннен кейін қайтуы керек. Салдым. Орнынан қозғалмай жатсын. Үш-төрт күнде келіп қалармын.

Қалтамнан бір бума ақша шығардым.

– Рахмет, амак, – деп ұсындым.

– Керек емес, балам. Бұл ақша қазіргі кезде досың емес, жауың. Одан сен де тезірек құтылуға асық.

Иығымнан қақты да қараңғыға сіңіп кете барды. Үйге кірсем Шынардың ағасы ұйықтап кетіпті. Түн әлі жылы болған соң үйден гөрі далада жатқанды жөн көремін. Әсіресе, қой қораның үсті таптырмайтын орын. Шынарды да қасыма шығарып алғанмын. Тар шұңқырда түнегеннен тәуір. Ағасының күнқағарын басып киіп, қол созым жерде ұйықтап жатыр. Анасы мен ағасы білмейді. Білсе анасы өзі келіп ортамызға жатып алар.

Шынарды ойлаймын. Қыркүйектің аспаны тұп-тұнық, Баяғы бала кезімізде санайтын жұлдыздар сол қалпы. Өзгермеген. Анда-санда алыс-алыстардан жарыса атылған оқтың дауысы естіледі. Мұндайда Шынар селк етіп оянып кетеді.

– Қорықпа, – деймін мен. – Алыста.

– І-м, – дейді ол жастыққа қайта бас қойып. Қайтып үнсіз қалады.

– Шынар, – деймін сыбырлап.  

– Ау, – дейді ол теріс қараған күйі.

– Сынықшыны алып келдім. Ағаңның аяғын салды. Енді аз күнде жазылып кетеді.

– Жақсы болған екен. Көп қиналды ғой ағам. Жеңгем қайда екен? Ендігі өлтіріп тастаған шығар.

– Қыз-келіншектерді қаруға айырбастайды деп естігенмін.

– Қай жаққа?

– Ауғанға.

– Сорлы жеңешем-ай. Тағдырының қандай сыйын тартып жүр екен.

Шынар орнынан тұрды.

– Тұрма, жат, – деймін қорқып.

– Қайтемін, қаным қайнап барады.

– Амал не, тағдыр солай болса.

– Қашан бітеді екен?

– Не?

– Соғыс.

– Біз қашуды ойлауымыз керек.

– Қалай қашамыз?

– Көреміз, ағаң тәуір болып кетсін.

– Оған әлі көп күн бар сияқты...

Шынар үнсіз күрсінді. Одан соң тіл қатысқан жоқпыз. Аспандағы сансыз жұлдыздарды санап, қол созым жерде жатқан бір-бірімізге жете алмай, жанардағы жасты ішке жұтып жаттық.

Тағы үш күн өтті. Ағасының беті бері қарап, ісігі қайта бастады. Сынықшы Бахром тағы келіп кетті. Түнді тағы да шатырда қарсы алдық. Ұйықтап кетіппін. Әлдебір көліктің ышқына келіп тоқтаған даусынан шошып ояндым. Дарақылана күлген дауыстарынан жүрегім атқақтап кетті. Шынар да жастықтан басын алмай тыншып қалыпты. Көлік көп кідірген жоқ, қайта от алды да жүріп кетті. Аспанға екі-үш оқ атып, құтырғандар алыстады. Әлден соң әйел баласының жылаған даусы естілді. Сыртқы есіктің «шиық» еткен ашылғаны білінді.

– Жарығым-ау, күнім-ау, барсың ба? Е, Алла көрсеткеніңе шүкір.

Анасының даусын естіп Шынар орнынан атып тұрды. Екеуміз де жерге түстік. Жеңгесі келіпті. Үсті-басының сау жері жоқ. Жылай береді, жылай береді.

– Үйге кір, – деді енесі сүйрелей.

– Кірмеймін, апа, мені кешіріңдер. Дарханға айтыңызшы мені кешірсін.

Қыстығып жылаған келіншекті көндіру мүмкін емес еді. Мен үйге беттедім. Дархан теріс қарап жатыр екен.

– Жеңгей келді, – дедім бәсең үнмен. Басын жастықтан жұлып алды. 

– Тірі ме?

– Иә.

Басын қайта жастыққа қойып үнсіз қалды. Қайта сыртқа шықтым. Енесі бәйек болып жатыр.

– Қарның аш шығар, балам?

– Жоқ, ештеңе жемеймін.

– Су іш, жеңеше, үйге кір.

– Жоқ, кірмеймін.

– Ағамды көрмейсің бе? Сол күннен бері енді жақсы болып келеді.

– Оған көрінетін не бет бар дейсің мен де.

– Енесінің бауырына басын қойып жылаған келіншек ұзақ солқылдады.

– Бұл құдайдың басқа салғаны, сенің кінәң жоқ қызым.

Келіншек үнсіз басын шайқады.

– Жарайды апа, жеңешем менімен бірге жатсын.

– Екеуің бірдей сыймайсыңдар ғой.

Кемпір үйге кіріп кетті. Шынар екеуміз дәрменсіз келіншекті шатырға алып шықтық. Шынардың орнына құлай кеткен келіншек үнсіз қалды. Бұдан кейін әркім өз ойымен жатып ұйықтап кетіппіз.

Таңертең ерте тұрыппын. Шынар әлі ұйықтап жатыр. Жеңгесі тұрып кеткен екен. Самауырынның түтінінің иісі мұрныма келді. Төбеден сығыладым. Самауырынға от жағып жүрген кемпір екен. Жерге түстім.

– Амансыз ба, апа?

– Шүкір Алла.

– Екеуі ұйықтап жатыр ма? Шаршаған ғой. – Мен таң қалдым. Шынар екеуміздің шатырда түнеп жүргенімізді кемпір біліп жүрген екен ғой.  

– Шынар жатыр. Жеңгей жоқ.

– А-а?..

Бойым мұздап сала берді. Кемпір қой қораға қарай жүрді. Сезімі алдамапты. «Жарығым-ау» деген зарлы дауыс бүкіл ауылды жаңғыртты.

Асылып қалыпты. Жіптен өзім шешіп алдым. Шынар екеуміз бақшаның аяқ жағынан қабір қаздық. Анасы қалай қазу керектігін үйретіп тұрды. Қабір қазылып біткен соң Шынар анасы екеуі мәйітті жуындырды. Аққа болмаса да кемпір сандығындағы бар матасын шығарып арулап көмді. Жалғыз өзім бірінші мәйітті иығыма салып ішке кіргіздім. Басын құбылаға қаратып жатқыздым.  Ауызғы есігін қалап шықтым. Күйеуі көзінің жасын тыя алмаған күйі уыстап топырақ тастады. Екеулеп жерледік. Басында отырып бар білгенімді оқыдым. Үйілген топырақты құшақтай жылаған жігітті жалғыз қалдырып үйге бет алдым.

Үйде жылап Шынар мен анасы отыр екен. Бұдан кейінгі әңгіме ұзаққа созылған жоқ. Шынар екеумізге анасы рұқсатын берді.

– Сіздер ше? Сіздерсіз ешқайда бармаймын, – деді Шынар анасының сөзіне қарсы келіп.

– Жоқ, төртеу болып, топ болып жүре алмаймыз. Ондайда көзге тез түсеміз. Сендер кете беріңдер. Мен жазылған соң анамды алып барамын.

– Ағаң дұрыс айтады. Бұл баланы да артық ұстап отыра алмаймыз. Анасы қайғыдан қан жұтып отырған шығар.

Сөйтіп аяқ астынан кештетіп ана мен баланы қалдырып жолға шықтық. Түнделетіп көп жүрдік. Таң қылаң бергенше үлкен жолға шығып алуымыз керек. Кейін кулябтықтардың көлігіне ілігіп жездем мен құдамның ауылына жетсек жақсы болар еді. Олар мені күтіп қалған шығар. Арадан айдан аса уақыт өтіп кетті.

Ел іші кішкене тынышталған. Жолдар ашық. Кулябтықтардың көлігін тоқтатып міндік. Жолымыз болып тез жеттік.

– Қайда келдік, айдала ғой, – дейді Шынар жапан даладан түсіп қалғанымызға таңданып.

– Енді жақын қалды. Қазір тек түнді күту керек. Күндіз қауіпті. Бұл жақтарда ғармдықтар көп болады.

Екеуміз жол жағасындағы қалың ағаштың ішіне кіріп кеттік. Түнімен жол жүрген соң ба қатты шаршаппыз. Оянсақ кеш те қарайып қалыпты. Құр суға қайнаған тұзсыз етті талғажау етіп алдық та тағы жолға шықтық.

– Енді қайда барамыз? – дейді Шынар тағатсыздана.

– Жүр.

Жаяулатып төтелей жүріп кеттік. Тезірек жетсем екен деген сайын жол да ұзара түсе ме білмеймін, жетуіміз қиындап кетті.

– Шаршадым, – дейді Шынар менің екпініме ілесе алмай. Шаршауға мұрша бар ма? Қай қырдан жау шығып қалады екен деп жаныңды шүберекке түйіп келесің.

– Сәл шыда, көз сүрінер бір жерге жетіп алайық.

Айтақыр дала, сүттей жарық түн. Екеумізді көзіне қан толған біреу көрсе атып тастары анық. Осыдан қорқып келемін. Адамның құны бір оқтай болмаған заманда қорықпай бола ма?

Әупірімдеп жүріп біраз қырдан астық. Шынардың аяғы ісіп, табаны ауырып кетті. Сонда да болса менен қалыспай келеді. Түн ортасынан ауған уақытта құдамның кепесі қарауыта көрінді. Қуанғаннан жүрісімізді тездете түстік. Бұрын мына қорада барқ-барқ бақырып, кірш-кірш күйіс қайтарып, мыңғырып мал жататын. Соның бәрін сатып біткен сияқты. Енді міне иесіз қалған моладай меңірейіп тұр. Қой қораның түбіне жетіп құлай кеттік. Жаннаттың төрінде жатқандай жүрегіміз қуаныштан дүрсілдей соғады. Меңіреу даладан пана тауып ықтағанның өзі қуаныш еді ол кезде. Қыр басынан құдамның кепесі үңірейеді. Жарық жоқ. Ұйықтап жатқан шығар. Әлде, кетіп қалды ма? Соңғы ой миыма келгенде денем шымырлап кетті. Онда не істеймін деген ой бір сәтте тым қорғансыз қалғандай сезімге бөледі. Жоқ, мені тастап кетіп қалуы мүмкін емес. Олай етпейтініне кәміл сенемін. Таң қылаң бергенше осында жатқым келген. Ары қарай жүруге шамам жоқ еді. Мына ойдан кейін кепеге жетуге асықтым. Жақындағанда байқадым, үйдің төбесі құлап түскен сияқты, үңірейіп тұр. Шынарды тастап, үйге қарай жүгірдім. Үй жанып кеткен сияқты.

– Кетіп қалыпты... кетіп қалыпты...

– Енді не істейміз? – деді Шынар шарасыз үнмен.

Ішім әлем-жәлем болса да, Шынардың алдында ештеңеге мойымауға тиіс екенім есіме түсті. Шынарды қорғамақ ойым бар еді, сөйтсем өзімнің тым қорғансыз екенімді осы сәт мойындадым. Әлемде жалғыз қалғандай сезімде болсам да өзімді тез жинап алуға бекіндім.

– Таңды күтейік. Әзірге осында жатайық. Қалғанын кейін ойланып көреміз.

Қарным да ашып кетті. Бірақ, ұйқы қысып ұйықтап кетіппін. Әлдекім оятқандай селк ете ояндым. Таң атып келеді екен. Шынарды ояттым. Түйіншекті ашып тамақтанып алдық.  

– Қайда барамыз? – деді Шынар баяғы әніне басып.

– Кешегі жолға қайта шығамыз. Қорғантөбеге баруымыз керек. Пойызға отыра алсақ, елге жетіп аламыз.

Өртенген кепенің алдыңғы жағына шықтым. Ішке кірдім. Құдамның шала жанған заттары шашылып жатыр. Құлап қалған төбенің топырағының бір шетін бар күшіммен көтердім. Астында күйген адамның сүйектері жатқан сияқты. Бойым мұздап кетті. Қой қораға қарай жүгірдім. Құдамның ақшасын тығып жүрген жерін білемін. Қой қораның түбінен ін қазып сонда қойып жүрген. Ақша орнында екен. Яғни, олар кетпеген. Сонда әлгі жатқан құдам мен жездем болды ғой. Бойымнан әл кетіп отыра кеттім.

– Не болды? – Шынардың қалай жаныма жетіп келгенін де білмеймін. Миым дыңылдап барады.

– Оларды өлтіріп кетіпті... Ақшаны таппаған немесе қалған малы мен бар ақшасын алған да, өздерін өртеп жіберген...

Шынар екеумізге тағы да мәйіт көмуге тура келді. Енді біз жер қазбадық. Шелектерге топырақ толтырып, құлаған үйіндінің үстіне төге бердік, төге бердік. Оларды үйіндінің астынан ашып алатын күшіміз де жоқ еді. Ішім удай ашыды. «Неге кеттім?» деген ой жанымды жеп барады. Өзімді өзім кінәлай бастадым. Кетпегенде бәлкім мен де осылардың қатарында жатар ма едім деген ой да келді. Бірақ, туыстарына не айтарымды ойлағанда, одан да осылардың қатарында жатқаным артық еді деп те ойладым.

Құдам мен жездемнен тізерлей отырып кешірім сұрадым. Құран бағыштадым. Енді елге не деп барамын? Әпкеме не деймін? Көздері жәутеңдеп әкесінің жолын тосып отырған төрт баласына не айтамын?..

Кеш болуын асыға күттік. Ымырт үйіріле өз үйі өзіне қабір болған тағы бір мекеннен ұзай бердік. Қой қораның жанынан өте бере ақшаны алсам ба екен деген ой келді. Жолда керек болар. Болмаса әпкеме апарып беремін, бала-шағасына азық болады ғой. Осы сәт Бахрам сынықшының «ақша – досың емес, жауың. Одан тезірек құтылуға асық» дегені ойыма оралды. Ақша тұрған тесіктің кірпішін қайта қалап кете бардым.

– Жолға ақшаң жете ме? – деді Шынар.

– Жетеді.

– Текке тастап кеткенше балаларына апарып бергенің жөн ғой.

– Жоқ, олай ете алмаймын. Онда менен күдіктенуі мүмкін.

– Ол жағы да бар. Бәлесінен аулақ, алмай-ақ қой. Иесіне бұйырмаған ақша бізге опа берер дейсің бе? Құдай жолымызды оңғарсын.

Шынар түйіншегін көтеріп алдыма түсті. Екі күн жүріп Қорғантөбеге жеттік. Ақшамыз да азая бастады.

– Қаладағы орталық қонақүйге барыңдар, – деп кеңес берді шопыр жігіт. – Қазір ол жерді босқындар паналаған. Ақшаларың болса тамақ та бар. Ол жерден қазақ ағайындарды да көргенмін. Мүмкін туыстарың шығар. Айтпақшы, кешігіп қалдың інім. Жақында ғана ұшқыш бір қазақтың үш ұшақпен келіп жүз шақты қазақ отбасын отандарыңа алып кеткенін естідім. Бұл аңыз емес енді. Ертегі де емес. Қазақ деген халық әлі күнге өзін таңқалдырумен келе жатқан ел. Қарашы қандай керемет! Бір азамат үш ұшаққа басымен жауап беремін деп бастап келіп отандастарын, бауырларын соғыс ортасынан жұлып алып кетеді! Бауырым! Мынадай бауырмалдық, мынадай батырлық тек сендерге ғана, тек қазақтарға ғана тән шығар! Бақыттысың ғой бауырым! Сен үшін, соғыс өртінде қалған әр бір қазақ үшін уайымдайтын, іздейтін елің бар, жұртың бар!

Ал, бізді кім бар іздейтін? Қайғымызға ортақтасатын арқа сүйер еліміз де, жеріміз де жоқ. Тіпті, Отанымыз да жоқ. Бұл үлкен бақытсыздық! Бұл қасірет! Отаны жоқ адамнан өткен бақытсыз жан жоқ әлемде! Сенің отаның бар бауырым! Сүрінетін тасың бар! Арқа сүйейтін тауың бар! Шөл қандырар бұлағың, шаршау басар құрағың бар! Ал, бізде ел де, жер де, Отан да жоқ! Сен соғыстан қашып бара жатырсың, біздің қашып тығылатын панамыз жоқ! Мен саған қызығып та, қызғанып та тұрмын. Ана Отандарыңды, ата мекендеріңді көздің қарашығындай сақтаңдар! Аялаңдар! Отаны жоқ, жері жоқ қаншама ел бар жер бетінде. Біз секілді солардың кебін кимегейсіңдер! Ал, енді жолдарың болсын! Халқың құшағын жайып, елің маңдайыңнан сипаған сәтте мына көрген қиыншылығыңның бәрін ұмытасың әлі. Өйткені, сені әлдилейтін Ана Отаның бар! Сен бақыттысың!

Таксисттің сөзі толқытты. Қазақ болып туғаныма ешқашан өкінбеген едім, енді тіпті іштей бір мақтандым. Соғыс басталған тұста пойызбен келіп алып кеткен, одан кейін тағы өз қаражаты есебінен ұшақпен атажұртқа алып кетіп жатқан бауырларыма қалайша риза болмайын. Көзіміздің жасы тарам-тарам болып таксист жігітпен құшақтасып қоштастық. Ол еңкілдеп жылады. Сол кезде шын жетімдіктің не екенін ұққандай болдым. Ата-анаң болмаса да, Отаның болсын екен! Мені бауырына қыса, жібергісі келмеген жігіттің алдында тым бақытты екенмін ғой.

Қонақүйге келдік. Бұрын сыртынан көріп, сүйсініп өтетін жеті қабатты қонақүй де соғыстың зардабын бір кісідей тартыпты. Бізге қонақүйдің алтыншы қабатынан орын тиді. Мұнда адам көп екен. Бала-шаға шұбап жүр. Қонақүй емес лагерь дерсің. Коммуналдық жүйесі бұзылған, тазалық атауымен жоқ. Мүлкі тоналған. Қонақүй маңы өлікке толы. Адамгершіліктің соңғы парызы – оларды жерлеуді ұйымдастырудың өзі мүмкін емес. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен деп осыны айтса керек. Кейде сарбаздар келіп өліп жатқан мәйіттерді көлікке тиеп кетеді. Бірақ, екі-үш күнде айнала тағы да мәйітке толады. Күнде-күнде жиып кету қайда?..

Шынар екеуміздің бағымызға бір қазақ жанұясымен танысып алдық. Қонақүйдің үшінші қабатында тұратын олар да бізді көргенде туған бауырын көргендей жылап алды. Жылыкөлдің қазақтары екен.

– Біз жақты оппозицияның қаруланған отряды бір күнде басып алды. Мал-мүлкіміздің бәрін тастап, тек құжаттарымызды алдық та қаштық. Аллаға шүкір әйтеуір қашып үлгердік, әйтпесе...

– Соғыс беті жаман ба?

– Түрі құрысын, жаман. Оппозиция бір тонаса, одан қалғанын кулябтықтардың сарбаздары алып жатыр. Одан қалса бұзақылар. Адамдар жауыз болып барады. Жап-жас, мектеп жасындағы қыздарды тоқалдыққа алып жатыр.

– Құдай сақтасын, ақырзаман деген осы шығар...

– Қыздары мен әйелдерін қызғанғандар өз қолдарымен өлтіріп жатыр. Әйтеуір Алла ақырын берсін...

Мұны естіп жағамызды ұстадық. Шынарды уақтысында алып шыққаным жөн болған екен.

– Інің ба? – деп сұрады отағасы Шынарды нұсқап.

Басымды изей салдым. Соғыста әділеттілік болмайды. Жауың түгілі досыңа сенбей қалады екенсің.

– Қаржыларың болмаса мақтаға шығыңдар. Мақта аппақ болып ағып жатыр, теретін адам жоқ. Көп болмаса да жейтін тамақтарыңды табасыңдар, – деп жанашырлық білдірді аға.

Ертеңіне таңмен таласа мақта теруге шықтық. Алдымызда тәжік халқының бар байлығы – жібек мақта плантациясы жайқалып тұрды. Аппақ. Ағып тұр. Әдетте еңбекқор тәжік халқы мақтаны бұлай ысырап етуге жол бермейтін. Есіме әкем түсті. Әкем айтқан – бұл мақтаны ұрлауға, қорлауға болмайды деп. «Неге?» деймін. Ол кезде баламын. Әкем мақтада бригадир болып та істеген. Сонда ізінен еріп жүретінмін. Екеуміз бүкіл мақталықты жаяу аралап шығатынбыз. Енді ғана паясының түп жағынан аппақ болып ашылып келе жатқан уыстай-уыстай мақталарды қызығып, жұлып аламын.  

– Жұлма, обал болады, – дейді әкем.

«Мақтаның да обалы бар ма екен, нан болмаса ол» деймін ішімнен. Расында да сәлден соң оны ләңгі қылып аяғыммен теуіп тастаймын. Әкем ренжиді.  

– Бұл мақтаны, – дейді сосын мен теуіп тастаған ақ ұлпаны қолына алып. – Академик Краснов сонау Египет жерінен үш түйір шитін алып келіп өсірген, жерсіндірген. Бұл оңай болды деймісің? Үш түйір шиттен бүкіл республиканың мақтанышына айналған өнімді алу үшін аз еңбек сіңбеген, балам. Бұл біздің жеп отырған нанымыз, киіп отырған киіміміз.

Мен түсінгендей басымды изеймін. Әлі ашылып үлгермеген жап-жасыл плантацияға қараймын. Жақында бұл алқаптарға ұшақпен дәрі шашады. Содан кейін мына жап-жасыл жапырақтар қурап, аппақ түске боялады. О-хо, мұндай аппақ жерлер тәжік жерінде қаншама. Сол үш шиттен мынанша алқапты мақта өсіргенше шынында да қаншама жылдар кетті екен деп ойлаймын іштей.

Міне, сол кез, сол бақытты сәттер көз алдыма келді. Бригадир ұсынған ақ жайманы алдым да Шынармен қатарласа жүйекке түстім. Жібек мақтаның салмағы ауыр болады. Сол себепті күн ұзақ әжептеуір өндіріп тересің. Бірақ, нарқы тым арзан. Таңнан кешке дейін жиған мақтаңның құны кешкі ас ішуіңе ғана жарайды. Талайдан бері ыстық тамақ ішпеген біз қонақүйдің тамағына әзер жетеміз. Екеуміздің жиғанымыз екі тәрелке сорпа мен екі бөлік нан, бір шәйнек шайға жетеді. Таңертеңгі асқа тағы бір бөлке нан сатып аламыз. Күнұзақ сол нанды екеуміз талғажау етуге тырысамыз. Артық ақша жұмсамаймыз. Алда қандай күндер күтіп тұр, кім білсін? Әліміз құрып кешкі асқа әрең жетеміз. Ыстық сорпаға бір бөлке нанды батырып жеп, ауызды күйдіріп ұрттап отырып, ешқашан сезінбеген рахатты сезінеміз. Сөйлесуге мұрша жоқ. Тағы бір тәрелке сорпа болса ғой дейсің, бірақ...

– Қандай рахат! – дейді Шынар ағасының күнқағарының астында тақыр маңдайы шып-шып терлеп. – Баяғыда осы қонақүйге кірсем ғой деп армандайтынмын.

– Ия, арманың орындалды. Құдайдың кереметін қарашы, соғыс кезінің өзінде сені қонақүйге жатқызған, - деймін әзілдегенсіп.

– Құрысын, ел тыныш болса осы қонақүйді көрмей кетсем де өкінбес едім.

Екеуміз бөлмемізге көтерілеміз. Сырт көз бізді ағалы-інілі деп ойлайды. Шынар диванда, мен жерде ұйықтаймын. Ұйықтаймыз дегеніміз жай ғана сөз, түннің жартысына дейін есімізге әрнәрсе бір түсіп көз іле алмаймыз. Ол ағасы мен анасын ойлайды, мен үйдегілерді, әпкемнің ендігі тағдырын ойлаймын. Енді көз іле бергенде анда-санда атылып қалатын оқтың даусынан селк етеміз. Шынар дереу түйіншегіне жармасады.

Кей-кейде уақыт тауып темір жол вокзалына барып қайтамын. Елге баратын пойыз бар ма екен деп. Жоқ, жол тоқтатылған. «Қашан болады?» деп сұраймын. Кассир тәжік иығын қиқаң еткізеді. «Білмеймін» дегені.

Қарашаның ортасынан асқанда жолдар ашылыпты, Ресей жаққа жүретін пойыз бар екен деп естідім. Вокзалға жүгірдім. Вокзал маңы ығы-жығы адам. Касса жабық. «Билет жоқ» дейді. Соғыста қайдағы билет? Шұбырған халық, бүрсеңдеген бала-шаға. Бәрі әйтеуір мына дозақ елден кеткісі келетіндер. Өзге ұлт өкілдерінің арасынла тәжіктердің өздері де жүр. Мақталыққа қарай жүгірдім.

– Шынар, Шынар, пойыз бар екен. Ертең кешке жүреді, – дедім қуанып. Шынардың жанарынан жас домалай жөнелді.

– Билет алдың ба?

– Қайдағы билет? Вокзалдағы адамды көрсең. Қалай болмасын мініп кетуіміз керек. Жолсеріктермен сөйлесермін, ақша бар ғой.

Кешке дейін үйіп мақта тердік. Қуанышымызда шек жоқ. Кешкісін рахаттанып тәжіктің «құртобасын» жасап жедік. Елге кете қалсақ тәжік жерін қайта көреміз бе, жоқ па, келеміз бе, жоқ па, кім білсін?!

– Мен қолмен жеймін, – деді Шынар жеңін түріп жіберіп.

– Мен де.

Екеуміз қолымызды жалап, рахаттанып бір тойдық. Бір-бірімізге қарап күліп қоямыз.

Ертесі кешкісін вокзалға жол алдық. Ығы-жығы адам темір жолдың бойына тұрып алған. Біз де сығылысып жүріп алдыңғы жаққа өттік. Бірақ, бұл қауіпті екен. Пойыз келе жатқанда адамдар алға қарай итермелеуі мүмкін, сонда пойыздың астына түсіп кетуің де неғайбыл. Шынарды сүйрелей жүріп бас жаққа бардық. Белгілі ғой, елдің бәрі орта тұста немесе соңғы жақта болады. Ең құрығанда паравозға мініп алармыз деген ойым болды. Расында да солай болды. Пойыздың қарасы көрінгеннен адамдар бірін-бірі таптай алға ұмтылды. Билетке қарап жатқан ешкім жоқ. Құлаған әйелдің даусы мен жылаған баланың даусынан құлақ тұнады.  Таласып-тармасып бірінші вагонға мініп алдым. Адам толы, орын жоқ.

Он минутан соң пойыз қозғала бастады. Шынар екеуміз терезеден сыртқа көз тастадық. Жауын сіркірей бастапты. Әлі де пойызға міне алмай шұбырған халық қозғалған вагонның ізінен жүгіріп келеді. Жанталаста құлап мертіккен, өлген адамдар жерде домалап жатыр. Аңыраған балалар көздері мөлтілдеп вагонмен ілесе жүгіреді, әлдене деп қолын бұлғайды, жылайды. Әйнекке басын сүйеп Шынар да жылап тұр екен. Пойыз жүрісін жылдамдатты. Жауын да үдей түсті. Аспан да жылап тұрғандай. Соғыстың ащы дәмін татқан қала тіпті сұрықсызданып,  менің азапты күндеріммен бірге артта қала берді.

 

Қазақ тілінде жазылған