Көжектің көжесі
/Наурыз мерекесіне арналған ертегі/
Қатысатындар:
1. КӨЖЕК
2.ЖЫЛҚЫ
3.ҚАРҒА
4.НАУРЫЗГУЛ
5.КЕМПІР
6. ҚЫДЫР АТА
/Оқиға көктем мезгілінде жайлауда өтеді. Шағын аула. Сахнада үлкен қара қазан тұрады. Көктемнің әдемі дыбыстары. Құстардың дауыстары естіліп тұрады. Секеңдеп қоянның көжегі шығады. Қолында кішкене шелек бар/
Көжек:- Алақай, алақай, көктем келді. Қандай тамаша. Күн жылынды
алақай...Ооо балалар саламатсыздар ма? Сендерге көктем мезгілі
ұнай ма?.. /мәз болып секіріп жүріп тоқтап қалады. Салпаң
құлағымен дыбыстарды тыңдайды/
...Ой, мынау қандай құстың дауысы.../ Көкектің дауысы шығады./
Дұрыс айтасыздар, бұл Көкек деген құстың дауысы, ал мынау ше?
/Тоқылдақтың дауысы естіледі/
Иә, иә...бұл Тоқылдақ...Ал, мынау ше? /Қаз-үйректің қаңқылдаған
дауысы шығады/
Әрине, үйрек-қаз...Тамаша сіздер бәрін біледі екенсіздер..
Олай болса, балалар сендер менің мына шелегімнің ішінде не
бар екенін білесіңдер ме?...Жоқ су емес...Сүтте емес.
Әрине білмейсіздер. Мұның ішінде бір керемет зат бар. Оны мен
алғаш кездескен аң-құстардан сұрайын жарай ма?...
/Қарқылдаған дауыс шығады/
Балалар, мынау қандай құстың дауысы,аааа...
Әрине, қара Қарғаның дауысы.../Қарқылдап сахнаға Қарға шығады/
Қарға:- Қарқ, қарқ, менің атымды айқайлап шақырып жатқан кімдер? Мына
Күн де жылып барады. Тіске басар өлексе де таппадым.
Көжек:- Саламатсың ба сұлу қарға...
Қарға:- Қарқ, қарқ, маған сұлусың деген адамды 300 жыл өмір сүрсемде
бірінші рет естіп тұрмын. Көжекпісің?
Көжек:- Иә, салпаң құлақ көжекпін,
Жалқауларды сөз еттім.
Жақсылармен дос болам,
Кішкене болсам да өжетпін...
Қарға:- Ақынсың ғой, ааа...Мына біздерге қарғаларға ешкім өлең жазбапты.
Бір шумақ шығарып берсең қалай болады, қарқ, қарқ...
Көжек:- Жарайды, сәл ойланып алайын...
Қарға:- Ойлан, Көжек ойлан. Бізге ой бермеген ұзақ жас берген...
Көжек:-Қарға, қарға, қарғалар,
Өлексе көрсе жорғалар
Кеземін деп орманды
Қызықтардан құр қалар...
Қарға:- Керемееетт, қарқ, қарқ...Рахмет Көжек...
Көжек:- Оқасы жоқ, айтпақшы Қарға ханым , менің мына шелегімде не бар
екенін айтып берші?
Қарға:- Оған ойлану керек па?
Көжек:- Әрине, ойлау керек.
Қарға:- Менде ми жоқ қой, қарқ, қарқ...Жер шұқығаннан басқа түк
ойламаймыз...
Көжек:- Жақсылап бір ойланып көрші...
Қарға:- Ыммм, сенің шелегіңде өлексе бар.
Көжек:- Жоқ, таппадың. Қайдағы өлексе.../күліп/
Қарға:-Ммм, шіріген тауықтың еті бар шығар
Көжек:- Қойшы, тіпті олай емес. Денемді түршіктіріп жібердің ғой.
/Тітіркеніп/
Қарға:- Олай болса мен таба алмадым..
Көжек:- Ендеше, мұны басқа аңдардан сұрайық жарай ма?
Қарға:- Маған бәрі- бір.../Сол кезде Жылқының кісінеген дауысы шығады/
Көжек:- Ал, Сұлу Қарға шелегімде не бар екенін білмедің? Ендеше мынау
ненің дауысы?
Қарға:- Бұл ма бұл, есектің дауысы ма деп тұрмын.
Көжек:- Солай ма балалар? Әрине, олай емес. Дұрыс айтасыңдар, бұл
Жылқының дауысы.
/«Қара жорға» әнімен билеп, шапқылап жылқы келеді/
Жылқы:- Ау, Көжек, Қара қарға не істеп тұрсыңдар?
Қарға:- Мен Қара қарға емеспін, Сұлу қарғамын
Жылқы:- Оны кім айтты?
Қарға:- Қоянның көжегі айтты
Жылқы:- Жарайды, онда Сұлу қарға мен Сүйкімді Көжек . Сендермен
жолыққаныма қуаныштымын.
Қарға:- Жердің шаңын бұрқыратып қайдан келесіз?
Жылқы:- Көрші ауылдан келемін. Бір жақсы жаңалық бар дейді бүгін.
Қарға:- Біз білмейтін ол қандай жаңалық,.. қарқ, қарқ...
Көжек:- Жылқы мырза, сіз менің шелегімде не бар екенін білесіз ба?
Жылқы: - Ойланып көрейін, арпа немесе бидай бар шығар.
Көжек:- Таппадыңыз...
Жылқы:- Мүмкін сұлы шығар
Көжек:- Тағы да таппадыңыз
Қарға:- Өзі сенің шелегіңде мүмкін түк жоқ шығар, ә...қарққ...
Көжек:- Әрине бар, бірақ айтпаймын.
Жылқы:- Өкінішке орай мен білмедім. Одан да Көжегім жауабын айта
қойшы
Қарға: -Иә, иә айтшы, қарқ, қарқ...
Көжек:- Жарайды, менің шелегімде аязды қыстан алып қалған бір шелек қар
бар. Мен оны әдейі қыста шелекке салып алып қойдым.
Қарға:- Қар...Қар...
Көжек:- Иә, мінекей қараңыздар.. /деп шелектің қапағын ашып қалса қар
еріп су болып кеткен/
Жылқы:- Сенің қарың қайда, бұл бір шелек су ғой.
Қарға:- Сен бізді алдап соқтың...Өтірікші.
Көжек:- Рас айтам мен мұны қыста салып қойғам. Сендерге өтірікші
болдым...Қар еріп кетіпті.../ деп жыламсырап/
Жылқы:- Көжек, сен босқа жылама, көктемде әрине қар еріп кетеді. Ол
түгілі анау асқар таулардың басындағы қар еріп жатыр.
Қарға:- Көктемде жылауға болмайды, жаман ырым...
Көжек:- Неге болмайды? /Көжек таңданып/
Қарға:- Қар қатты еріп кетіп суға кетесің?
Жылқы:- Оны кім айтты?
Қарға:- Қарқ, қарқ, мен айттым.../Осы кезде музыа ойнап бу шыгып, будың
арасынан Қыдыр Ата шығады/
Көжек:- Саламатсыз ба, сіз кімсіз?
Қыдыр Ата:- Менбе, мен Қыдыр Атамын.
Қарға:- Аяз Ата дегенді естігем, Қыдыр Ата дегенді бірінші рет естуім,
қарқ..
Қыдыр Ата:- Мен сендерге даулет, ырыс, береке, жылу әкелемін. Сенің
шелегіңдегі қар менің жылылығымнан еріп кетті.
Жылқы:- Қыдыр Ата, олай болса, хош келдіңіз. Төрлетіңіз...
Көжек:- Қарым еріп кетіп, өтірікші бол жаздадым.
Жылқы:- Көжек, жасыңды сүрт жылама. Айтпақшы менде бір дән бар.
Қарға:- Ооо, әкелші бері қылғытып жіберейін қарным ашып тұр еді.
Көжек:- Бұл ненің тұқымы?
Жылқы:- Соны өзімде білмей тұрмын, мана шауып келе жатқанда жолдан
тауып алдым. Бұл дәнді қәнекей жерге егіп көрейік.
Қарға:- Жерді мен қазайын...
Көжек:- Мына тұрған бөшкенің ішіне егейік, ішінде қара топырақ бар екен.
Жылқы:- Жарайды, сенің айтқаның болсын.../ Дәнді бөшкенің ішіне салады/
Қарға:- Енді бұған су кұю керек, суды кім әкеледі?
Жылқы:- Көжекжан, сенде бір шелек су бар емес пе?
Көжек:- Иә, арине бар.../ апарып суды құяды/
Жылқы:- Көрдің бе, сенің бір шелек суың пайдаға асты. Қардың суы өте
таза, тұщы болады.
Қарға:- Шыныменде пайдаға асты, тіпті қатып кетті, қарқ, қарқ..
Қыдыр Ата:- Мен дәнге жылу берейін.../Қолымен жылу береді/
/Осы кезде музыка ойнап гүл өсе бастайды/
Көжек:- Мәссаған, біздің еккен дәніміз өсіп келе жатыр. /қуанып/
Қарға:- Қарқ, қарқ, көтек бұл қалай?
Жылқы:- Керемет, бұл деген ғажап қой. Қыдыр Ата сіздің құдыретіңізге бас
иеміз...
Көжек:- Мынау гүл ғой өсіп шыққан.
Қарға:- Гүл емей жусан деп па едің? Менімше бұл Райхан гүлі сияқты.
Жылқы:- Қайдағы Райхан гүлі, оған мүлдем ұқсамайды.
Көжек:- Жауқазын емес пе?
Қарға:- Жоқ, бұл қалай еді анау өзі, иә, иә Африкада өсетін пальма ғой...
Жылқы:- Қарға ханым, не айтып кеттің, қайдағы Африка?
Көжек:- Қызғалдақ, мүмкін сарығалдақ шығар.
Қарға:- Ей, қойшы- ей, қайдағы қызғалдақ, оған әлі ерте ол мамыр айында
өседі, қарқ, қарқ.../Гүл өсіп шыққан бойда ерекше би билейді.
Болмаса бір топ гүлдер бірге өсіп шығып би билеуге болады/
Гүл:- Саламатсыздар ма? /Гүлге тіл бітеді/
Қарға:- Менің өзі есім ауысқаннан сау ма, сөйлейтін гүлді бірінші рет көріп
тұрмын.
Жылқы:- Оған неге таңданасың Сұлу қарғам, сөйлейтін Қарға мен Көжекті,
Жылқыны, мына мені көріп отырған балалар да біздерге таң қалмай
қарап отыр ғой...
Көжек:- Жаңа өмірге хош келдіңіз. Сізді біз осы бойы егіп су кұйып
шығардық.
Гүл:- Сіздерге көп рахмет.
Қарға:- Менің түк қатысым жоқ, дәнді тапқан Жылқы, суды құйған Көжек,
иә бірақ мен жерді тұмсығыммен шұқып қазған екем ғой...Сенің тез
өсіп шығуыңа себепші бірден бір себепші болған Қыдыр Ата.
Гүл:- Өмірге жаңа келгеніме қуанып тұрмын. Тірішілік деген қандай ғажап.
Күннің нұры, самал жел...Таза ауа. Қуанышымда шек жоқ...
Жылқы:- Айып болмаса біз сені қандай гүл екеніңді ажырата алмай
отырмыз.
Көжек:- Атыңызды білмегенімізге айып етпеңіз, ерекше әдемі гүл екенсіз
Қарға:- Айтпақшы, бүгін әжемнің әжесінің туған күні еді соған сені апарып
берсем қалай болады екен ааа, қарқ, қарқ..
Гүл:- Менің атым – Наурызгүл
Жылқы:- Наурызгүл қандай керемет...
Қыдыр Ата:- Наурызгул – бұл көктемнің алғашқы белгісі. Бұл гүлдің жақсы
қасиеті бар. Молшылық әкеледі. Қыдыр Ата бір жерде тұрмайды.
Ел аралайды. Бата береді. Мен бір айналып соғамын...
/деп ғайып болады/
Гүл:- Сіздер кім боласыздар?
Қарға:- Қарқ, біз сенің әке-шешеңіз боламыз...
Көжек:- Мен Көжекпін
Жылқы:- Мен Жылқымын
Қарға:- Ал, мен Сұлу Қарғамын, қарқ...
Гүл:- Өте тамаша, ал, сіздер бүгін қандай күн екенін білесіздер ме?
Көжек:- Иә, білеміз бүгін жексенбі болу керек.
Қарға:- Жоқ, бүгін сенбі сияқты
Жылқы:- Жұма шығар
Көжек:- Әлде дүйсенбі ме?
Гүл:- Жоқ тіпті олай емес, бүгін Ұлыстың Ұлы күні, Наурыз күні. Мен тек
Наурыз күні ғана өсіп шығамын. Сондықтанда менің атым – Наурызгүл
Көжек:- Наурыз деймісің, айтпақшы ол менің есімнен шығып кетіпті ғой.
Қарға:- Қарқ, қарқ, Наурыз құтты болсын, қарқ...
Жылқы:- Менің манағы айтқан жақсы жаңалығым осы болды ғой.
Айтпақшы, Наурызда наурыз көже пісіретін сияқты еді.
Көжек:- Наурызгүлдің құрметіне Наурыз көже пісіремін...
Гүл:- Оны қалай пісіреді?
Көжек:- Мында дәу қазанда тұр екен. Мұны кім әкелді?
Қарға:- Бұл мына үйдің қазаны. Мана таң атпай бір кемпір жүрген осы
арада.
Жылқы:- Менің адамзаттан естуімше наурыз көжені 7 түрлі тағамнан
жасайды.
Көжек:- Оны қайдан білесіз?
Жылқы:- Сендерге қарағанда менің оларға бір табан жақындығым бар.
Адамдарға қызмет етемін. Олар бізді ең алғаш қолға үйретті.
Көжек:- Шіркін, менде адамдарға қызмет еткім келеді.
Қарға:- Ал, мен ешкімге қызмет еткім келмейді. Өзіммен өзім жүргенім
артық. Қарқ...
Гүл:- Достар, Наурыз көже қалай жасалады, кім біледі?
Қарға:- Қарқ, мен білемін қалай жасайтынын, бірінші шіріген ет, екінші
шіріген жұмыртқа, үшінші шіріген...
Жылқы:- Ту, Сұлу Қарға тіпті олай емес, қайдағы шіріген жұмыртқа.
Көжек:- Менімше, қырыққабат, сәбіз, қызылша, жасыл шөптер, сосын...
Жылқы:- Сендер өздерің жейтін тағамдарды айтып кеттіңдер ғой.
Гүл:- Сонымен Наурыз көжені кім пісіретін болды?
Кемпір:- Мен пісіремін.../Ақ жаулықты бір әже шығады/
Көжек:- Саламатсыз ба?
Кемпір:- Амансыңдар ма, қарақтарым?
Қарға:- Нағыз көже жасайтын аспазшы келді, қарқ, қарқ...
Жылқы:- Адамзат деген міне осы...Бұлар жер бетіндегі ең ақылды жандар.
Кемпір:- Иә, қарақтарым біздің үйдің ауласына жиналып қалыпсыңдар ғой.
Бүгінгі үлкен мерекені бірге тойлайтын болдық па?
Гүл:- Әрине, әжей Наурыз мерекесіне хош келдіңіз.
Кемпір:- Ал, естіп жатырмын Көжек көже қайнатам дей ме?
Көжек:- Иә, әжей, бірақ оны қалай жасайтынын білмей әлек болып
жатырмыз
Кемпір:- Наурыз көжені мұсылман халқы жеті түрлі тағамнан қайнатады.
Сүт, ет, су, тұз, тары, құрт және жеміс қосады қосады.
Көжек:- Сәбіз қосуға бола ма?
Кемпір:- Көжектің көжесіне әрине қосамыз. Олай болса, біз Көжек екеуіміз
Наурыз көже пісіреміз қалғандарың отын әкеліңдер... / Жылқы,
Қарға, Наурызгүл отын әкелуге кетеді/
/«Наурыз» туралы әннің ырғағымен Кемпір мен Көжек билеп жүріп
көже дайындайды. Қазаннан бу шығады бұрқырап./
Көжек:- Әжей, осы жеті түрлі тағамды не үшін қосады, ааа?
Кемпір:- Сүтті ақ мол болсын деп, етті еліміз тоқ болсын деп, суды
мөлдірдей таза болсын деп, тұзды дәмді болсын деп, тарыны егіс көп
болсын деп, құртты дастарханымыз берекелі, жемісті от басымыз
мерекелі болсын деп қосамыз...
Көжек:- Қандай тамаша .../Осы кезде үшеуі келеді/
Қарға:- Керемет мынандай ғажап иісті ешқашан көрмеппін. Қандай рахат.
Жылқы:- Әжей, көже дайын болып қалды ма?
Кемпір:- Сендер жабылып бір ән айтып берсеңдер, көже де дайын болады
Гүл:- Мен айтайыншы әнді.../Наурызгул «Көктем» туралы ән айтады/
Көжек:- Мінекей, көжемізде дап-дайын болды.
Кемпір:- Кәнекей, мен сендерге көжеден құйып берейін.../ Кемпір кесемен
көже құйып береді/
Қарға:- Мынау тіл үйіретін дәмді ғой, сонда бұрын мен не жеп жүргем?
Жылқы:- Енді өлексе емес қой бұл, Сұлу қарғам... Шыныменде қандай
дәмді.
Гүл:- Рахмет, әжей керемет пісіріпсіз.
Кемпір:- Жоқ, мұны пісірген мен емес- Көжек, бұл Көжектің көжесі...
Көжек:- Рахмет әжей.../Көжек қуанып қалады/
/Осы кезде аяқ астынан қатты ысқырып аязды жел тұрады/
Жылқы:- Мына жел қатты екен, әрі суық.
Қарға:- Қыс қайта келді ме?
Гүл:- Тоңып кеттім
Кемпір:- Қарақтарым, бұл қыстың соңғы қаһары. Наурызгүлды үсіріп
алмайық. Егер гүлді аман алып қалсақ, биылғы жыл берекелі,
мерекелі жыл болады. /Барлығы бірігіп, жүгіріп Гүлді желден аман
алып қалады/
Кемпір:- Ал, енді сендер биыл қандай жыл екенін білесіздер ме?
Қарға:- Білеміз әрине, 2014 жыл.
Кемпір:- Жоға, жылды айтамын, жаңа жылымыз...
Көжек:- Қасқыр жылы
Гүл:- Ондай жыл бола ма?
Кемпір:- Әрине, болмайды
Көжек:- Енді қандай жыл?
Кемпір:- Биыл Жылқы жылы
Жылқы:- Не дейді?
Қарға:- Сенің жылың дейді? Сен бізге Жаңа жыл болдың?
Кемпір:- Иә, Жаңа жылсың.
Қарға:- Жаңа жылда Аяз Ата сыйлық беруші еді, бізге сыйлықтарыңды
дайында, қарққ.../тарқылдап/
Көжек:- Дұрыс айтасыз.
Гүл:- Жаңа жыл жанымызда жүр екен қандай тамаша. /Қыдыр Ата келеді/
Көжек:- Қыдыр Ата келді..
Кемпір:- Саламатсыз ба, Қыдыр Ата...Наурыз мерекесіне хош келдіңіз.
Қыдыр Ата:- О, жарайсыңдар, Наурыз көжені қайнатып қойған екенсіңдер..
/Көжеден ауыз тиеді/
Кемпір:- Ал, балалар қолдарыңды жайыңдар, Қырықтың бірі Қыдыр
Атамыздан бата, тілек сұрайық. Мен шашу әкелейін../кемпір шашу
алып келеді/
Қыдыр Ата:- Армысыздар, бармысыздар, балаларым.
Мен бүгін біраз жерді араладым
Өздеріңе жеткенше арып-аршып
Кездескен қиындыққа қарамадым...
Өңірін барлық жердің басып келдім
Қуанып өздеріңе тасып келдім.
Аула малға толсын,
Үй-іші жанға толсын
Оқу білім үйреніп,
Бүлдіршіндер адам болсын,
Үлкендерді сыйлайтын,
Кішілерді қимайтын
Ақыл, ес санаң болсын
Еліміз тыныш,
Болмай соғыс, ұрыс
Бейбітшілік заман болсын
Май - қаймақ, айран –шұбат
Дастарханда мол болсын
Жылқы жылы баршаңызға
Берекелі, мерекелі жыл болсын...Әумин...
Барлыгы:- Әумин.../музыка бәрі билеп кетеді/
Кемпір:- Шашу, шашу, жылымыз ырысты болсын, шашу...
/Залда отырғандарға шашу шашады/
Соңы...2014 жыл