Адам қарады: 578 | Жарияланды: 2017-05-11 02:27:16

Мадам мұнафық

Пролог.

2007жыл. Күздің қара бұлты апыр-топыр келе, Алматының үстінен бұршақ аралас жауынын сепкіледі. Найзағай ұрып, күн күркірі ақшам уақытын жап жарық етіп, қайта түнертіп, жанып өшкен шамдай, жыпылықтап тұр. Жауған жауыннан көз көрінбей, далада ыбырсыған жұрт сәп тиылып, көліктер тоқтап тұр. Найзағай ұрған жақ Алматы шетіндегі тоғай аралас саяжай. Күзде бұл саяжайдан тұрғындар қалаға көшіп, жаз түсе қайта оралатын. Тоғайдың іші жарқ-жұрқ етіп, өкірген әйелдің даусы еміс- еміс келеді. Күн күркірі оның даусын өзімен алып кетіп, түсініксіз тілде айғайлаған даусы бірі естіліп, бірі естілмей, найзағаймен бірге қара көлеңке ары бері билеп жүр.  Суырылған қанжар, жарықпен шағылысып, қара көлеңкенің құрсағына қарай атылып кетті. Судай шашыраған қан, найзағайдың жарығымен жылты-жылт етіп, жыланша ағып бара жатыр...

1-бөлім.

2017 жыл. Қарауытып келген қара қошқыл бұлттар үймелей келе, Алматының үстінен төніп, шелектеп жауынын құйдырды.  Арты бұршаққа ұласқан нөсер көліктердің айнасын сындырып, далада қалып кеткен адамдардың бастарын да жарып жіберді. Әркім барынша тығылып, Алматының ығы-жығыдан бас алмайтын көшелері, бір сәтте-ақ  тым-тырыс болып, тек күннің күркірі мен нөсердің тарсылы ғана естіліп тұр. Лезде Алматы қаласы бойынша жарық сөніп, алпауыт қала қара түнекке айналды. Әр жерден шыққан қол шамның жарығы, сонау алыста жылт-жылт еткен қойлы ауылдарға ұқсап кетті...

Таң қылаң бере, түнгі нөсер қойып, айнала жарықтана бастағандай.  Ұйқыларынан оянып, келесі күнгі тіршіліқ қабына кіріскен жандар, қыбыр-қыбыр тірсектеп жүр. Дала тым тұман басып, бір аттам жерден де көз көрмей, бір-біріне соғылған жұрт, қайтсе де тіршілік үшін әр жаққа асығып бара жатыр...

Қыбырлаған жұрт бір жерге жиналып, түсініксіз жағдайды тамашалап тұрған сияқты. Бір-біріне сыбырлап, тылсым көрініске таңқалысып тұр.

Сағат тілі таңғы сегіз жарымды көрсеткен оятар тыңылдап әуенге сала кетті. Орнынан ұйқылы ояу атып тұрған Бейбіт сағатты өшіре сала, орнынан тұрды.  Ылғида қасында пысылдап ұйықтап жататын әйеліне көз салып еді, ол орнында жоқ екен.

-Айгүл, Айгүл, тұрып кеттің бе?,-деді даусын көтере, бөлменің есігіне көз тастап. Еш үн білінбеді. Орнынан тұра сала, екі бөлмелі пәтердің қуыс қуысын аралап шықты. Айгүл жоқ. Төсегіне қайта келді, ары бері қарады. Аппақ жастығының үстінде жатқан сары бақбақ гүлін көзі шалды.

-Бұл қайдан келген?, Бақбақ гүлі? Айгүүл, қайдасың?-деді тағы қолына гүлді ұстаған күйі. Еш үн білінбеді. Үйден шыққан ешкім жоқ, үй іштей құлыпталған күйі. Кенет қалта телефонның әндеткен дауысынан селт еткен Бейбіт жалма жан тұтқаны көтеріп:

-Айгүл, сенбісің, қайдасың?-деді тыпыршып. Артқы беттен естілген еркектің даусы бұның жорамалын жоққа шығарды.

-Бейбіт, Бейбіт, тезірек Алматы маңындағы саяжайға жет. Дереу, кел!,-деді арғы жақтан естілген зор дауыс. Бейбіт әйелінің жоқтығына қиналып, тез жет дегенге онша мән бергісі келмей, кері шегіншектеп:

-Достым, менде бір шаруа шығып тұр еді, Айгүл үшті күйлі жоқ, таба алмай отырмын,кештетіп барсам қайтеді?-деді

-Тез жет, тылсым жағдай болып тұр, Айгүлді көргің келсе, тез жет,-деген дауыс естілді де, артынша дың-дың деп дауыс үзіліп кетті. Бейбіт жалма-жан киініп, сыртқа қарай жүгірді.

Шұлаған жұрт саяжай маңындағы тылсым ға қарап үйіріліп тұр. Бейбіт жүгіре басып, адамдар арасынан өтіп келіп тоқтап қалды. Дәл алдында әйнектен соғылған қабырға тұрды.  Әйнектің арғы жағында  ай күні жетіп отырған Айгүлі тұр. Оның қасында тағы бірнеше адамдар тыпыршып, әйнек қабырғаны ұрғылып-ұрғылып, сындыра алмаған соң, жағдайға кейіп, ашуланып  кетті.

--Бұл не? Не сұмдық, Мына әйнек неге сынбайды?,-деп түсінбеген Бейбіт жылап тұрған Айгүлге қарап, әйнекті ұрып-ұрып қойды.

-Бұл сынбайды, қызығы сол, ұзындығы бес метр, ені де бес метрді алатын төбесі де жабық шаршыға қамалып қалған сияқты. Бұ бір қызық жағдай болып тұр,-деді Бейбіттін қасына келген өз қатар қылмыстық істер тергеушісі Дос.

-Бұл не болды сонда, бұлар қамалып тұр ма?,-деп Бейбіт те жүгіре жүгіре шаршыны айналып келіп, кірер есік, шығар тесік таппай, келіп: –Түсінсем бұйырмасын, бұлар мұнда қалай келген сонда?

-Белгісіз, кешегі нөсерден кейін пайда болған ба, әлде Өзге планеталықтар алып келді ме, түсініксіз, ал мына адамдардың мұнда қалай келгені де белгісіз болып тұр!

-Өзге планеталықтар дейсің бе? Сен атақты тергеуші болып тұрып соған сенемісің? Оқымысты болған түрін!,-деді Бейбіт ашуланып.

-Енді басқа не? Өзің де оқығансың, білдей хатшысың. Ал, не ойлайсың бұл не сонда?,-деді Дос та өрекпіп, реніш білдіріп.

-Білмеймін, қарғыс атқыр білмеймін, оның маңызы жоқ, мен үшін Айгүлімнің жағдайы болып тұр. Оның ай күні жетіп тұр емес пе? Көрмеймісің?,-деді Әйнек қабырғаны тепкілей.

 Алып шахарда пайда болған тылсым жағдай ел-жұртты лезде аралап кетті. Әр жақтан келген қарулы әскерлер жұмылдырылып, тылсым әйнекті шаршыны қоршауға алды. Бейбіт үшін Айгүлді босату ең үлкен сынақ болғалы тұр.

 2 -бөлім. 

Шаршы ішіндегілер де мұнда қалай келгендерін білмей дал болып отыр. Айгүлмен қатар бұл жерде, төрт еркек пен Айгүлді қоса есептегенде үш әйел бар. Әйелдің үлкені самайы ақ шалған әжей Күнікей. Бұрышта, аяғын созып, ойбайға салып кеңкілдеп жылап отырған секілді. Оның қасында бойында тік мінезділігі бар, бай-бағландар киетін атақты дизайнерлердің киімін жапсырған, қарны сәл-пәл білініп тұрған еркек Жәдігер, оның алдыңғы жағында тізерлеп тұрған  бет-аузы жарылып, дір-дір еткен қысқа көйлекті 32-33 жасар жас келіншек  Жадыра бар. Құрсағын сипалай тұрған Айгүл, шаршының оң жақ қапталында бүрісіп отырған, жұпыны киімді 35-40 шамасындағы ер адам Тағзым мен әйнектің ішінен қарағанда сыртқы жақ тым алыста көрінетінін көріп, қайта-қайта қабырғаға үңіліп тұрған  орта бойлы, қарапайымдылау жүзді Самғат мен  жан-жағына ашумен қарап, санын әлсін-әлсін соғып отырған тағы бір ер адам Нұрлан. Бұлар мұнда тап болғалы бері бірі жылап, бірі ашуланып, бірі Құдайына жалбарынып, бірі әйнек қабырғаны ұрғылай-ұрғылай, амалы таусылып отырған-тын.

-Ойбай-оу, мұнда қайдан тап болдық, не болып кетті өзі,-деп ойбайлап отыр Күнікей әжей.

-Мына кемпір үнін өшіреді ме өзі, құлақ миды жеп қойды ғой,-деді ашу қысқан Нұрлан.

-Әжейге тиме, жасы үлкен, ештеңені түсінбей тұр ғой, әжесі,-деді Айгүл кейіп.

-Бұл жерде ешкім де ешнәрсені түсініп тұрған жоқ, бәріміз меңіреуміз;-деді  Жадыра дір-дір ете.

- Шуламаңдар, әйелдерге қойып берсең, құлағың тыныш таппайды, қане тынышталыңдар, алдымен бұл жерден шығуды ойластырайық,-деді Самғат.

-Қалай шығамыз, мына аузы –мұрны жоқ шаршыға қамалып отырғанымызды көріп тұрсың, қандай ойың бар?,-деді Жәдігер де сөзге қосылып.

-Білмеймін, бірақ амалын тауып шығуымыз керек қой,-деді Самғат тағы. Үнсіз отырған Тағзымға қарады жұрт.

-Менде білмеймін, осы жерде қалып қоятын сияқтымыз,-деді Тағзым кері шегіне.  Бәрі ду ете қалып, Тағзымға тап берді.

-Олай деме!

-Бұл жерден қайтсек те шығамыз!

-Өзің қал, қалғың келсе...,-деген дауыстар Тағзымды бүрістіріп бір бұрышқа тыға берді.

-Тынышталыңдар, тынышталыңдар, шұлағаннан ештеңе өнбейді, алдымен ойланайық, біз қалай кірген болсақ солай шығатын есік болуы керек қой, неге түсінбейсіңдер, бір жерде есік болуы керек,- деді Самғат, даусын зорайтып, алға ұмтылып: - Сендерше, біз бұл жерге жай тап болдық па? Жоқ, бір шындық болуы керек. Ол шындықты табу керекпіз,-деді тағы сөзін жалғай.

-Қандай шындық, нені меңзеп тұрсың? Мына тылсымда қандай шындық болуы мүмкін, әлде сенің ойыңша...,-деп іркіліп қалған Нұрланға қарап Самғат қайта сөзін жалғастырып әкетті:

-Ия, меніңше, арамызда бір сатқын бар. Кім болса да, ол арамызда, бізді осы жерге алып келген, өз есебі бар адам,-деді.

- Кімнің кімде есебі болсын, біз бір-бірімізді енді ғана танып отырған жоқпыз ба? Бәріміз бейтаныс, бөтенбіз. Үш қайнасада сорпамыз қосылмайтын, туыстық қатысымыз да жоқ,-деп іліп әкетті сөзді Жәдігер.

-Ойбау-ау, бәрің бір атадан таралған емессіңдер ме, қай рудан боларсыңдар өздерің? Бәлкім руымыз, жұртымыз бір шығар,-деді Күнікей әжей ойбайын қойып, әлсін үнмен.

-Мен Албанмын,-деді Айгүл

-Мен Найман,-деді Жадыра.

-Мен Арғынмын,-деді Самғат

-Мен Дулат,-деп сөзге ілікті Тағзым.

-Жә, жә, бұл жерде үш жүзді түгендеп отырмайық, демек, әркім әр рудан. Туыстығымыз жоқ,-деді Самғат қайта сөз алып. Бұлар көп айтысты. Бірі жылады, бірі сөзге келмей төбелесе жаздады. Ешкім өзін сатқынмын деп айтпады. Бәрінің ойы бір, арадағы сатқынды табу? Бірақ қалай? Ол кім? Бұл маңнан қалай шығамыз? Бұлар қабырғалары әйнек болған шаршының сыртына үміт артып қарайды, сыртта жүрген адамдар, бұларға құмырсқадай  ығы-жығы болып көрінеді екен. Ешкімді таныр емес, тек бұларға қарап ары бері сабылған адамдардың кіп-кішкентай бейнесі ғана көрінеді. 

3- бөлім. 

Ойда жоқта аспаннан түскендей пайда болған әйнек шаршының ішіндегі адамдарды тамашалап тұрған жұрт аң-таң. Сырттан қарағанда, тым жақын, дәл қасында тұрғандай көрінеді бұлар. Айгүл, Күнікей әжей мен қасындағы жандардың әр іс қимылы анық көрініп, бір-бірлермен төбелесіп мұрындарынан аққан қаны да орасан көлдей көрініп, алып адамдар секілді көрінеді.  Бейбіт Айгүл тұрған жерге барып, айнаны сипалап, «Айгүл, Айгүл» деп айғайлайды. Бірақ Айгүл ештеңе естімейді, тіпті Бейбіт жаққа қарамайды да. Өзінше бір қимылдармен, Күнікей әжейдің қасына барып отырған. Әлсін –әлсін бел тұсын ұқалап, күрсініп қойғанын Бейбіт түсініп тұр.

Бір күнде жоғалып кеткен адамдардың тізімі келді Бейбіттің алдына. Бір топ адамның туыстары келіп, жандарында жатқан жандардың есікті ашпай-ақ шығып кеткені жайлы айтып келді.

-Менің анам жоқ,

-Менің жолдасым,

-Менің қызым жоқ, -деп келді бұлар. Сір,а олар Алматы маңындағы тылсымды естімесе керек, тауып беруін өтініп келіп тұр.

- Кешірім өтінемін, бірақ адам жоғалғаннан кейін бір тәулік өтпей, оларды із түссіз жоғалды деп санай алмаймыз, бәлкім келіп қалар күтіңіздер,-деді Бейбіт өзі де Айгүліне алаңдап отырса да сыр білдірмей,

-Олардың кетіп қалуы мүмкін емес қой, бір нәрсе істесеңіздерші,-деді анасын уайымдаған қыз.

-Анаңыздың кетуіне бір себеп болған шығар. Отбасыңызда ұрыс-жанжал болды ма?

-Жоқ, тып тыныш, анам қазір менің қолымда тұрады, өзінің аяғы ауырады, көп жүре де алмайды, тауып беріңізші, сіздің де анаңыз бар шығар?,-деді қыз жыламсырай.

-Қандай да бір ерекше жағдай көрдіңіз бе?,-деді Бейбіт мән жайды түсінгендей

-Ерекше ештеңе байқамадым, бірақ анамның жатқан жерінде бір тал бақбақ гүлі жатыр екен. Міне қараңыз,-деп қыз сары гүлді Бейбітке ұсынып. Бейбіттің есіне Айгүлдің жатқан жерінде де осындай бір тал бақбақ гүлінің жатқаны түсті де, дереу қызға жиналуын ұқтырды.

- Анаңыздың қайда екенін білетін сияқтымын, менімен жүріңіз, -деді де қызды алып тылсым шаршының маңына келді.

-Апа, менің апам ғой, деп қыз жүгіріп кетті. Бірақ шаршыға соғылып қалып құлады да, орнынан теңселе қайта тұрды.

-Апама не болған, тым алп болып кеткен бе, бұл не өзі?,-деді түсінбей.

-Тылсым ба, әлде біреудің ойыны ма білмейміз, осындай жағдай болып тұр. Есік, терезесі жоқ бұл шаршыға қамалған адамдар міне осылар. Олар да ұайымдап отыр.  

 Қыз  аң таң.

Әскерилер келіп шаршыға оқ жаудырды. Шаршы былқ етпеді, тіпті шытынап бөлінгісі де келмеді. Нәзік болып көрінген әйнекке атылған оқтар дарымай, тырс-тырс етіп жерге топырлап түсті.

-Жан-жағына жарылғыштар қойып көрсек қайтеді,-деді Дос әскер басшысына. Жарылғыш зат дегенде шошып кеткен Бейбіт жан-таласа қарсылық білдірді:

-Жоқ. Қоюға болмайды, онда адамдар бар, олардың өмірімен ойнай алмаймыз, олар тірі қалуы керек!

-Онда не істе дейсің, мына шаршыдан шыға алмай бәрбір аштан аш қырылып қалады. Бізге тәуекел керек? Тәуекелге бармасақ, оларды құтқара алмаймыз,-деді әскер басшысы.

-Қарғыс атқыр, онда менің әйелім мен құрсағында балам бар. Неге түсінбейсіңдер, мен олардың өмірін тәуекелге тіге алмаймын!

-Жетер, жетер, сенің әйелің болса, анау отырған қыз менің қарындасым, түсінемісің жалғыз қарындасым,-деді Дос Бейбітке ашулы көзбен шаршы ішіндегі Жадыраны меңзеп. – Басқа адамдар үшін менде, қарындасымның өмірін тәуекелге тігіп отырмын, оларды құтқару біздің жұмысымыз. Бұл жерде туысқандық жүрмейді, түсінемісің?,-деді Дос Бейбітті жұлқи.

- Менің анам бар,

- Менің ағам

- Менің Күйеуім бар,-деген дауыстар естілді жан-жақтан.

- Көріп тұрсың ба, бірінің анасы, бірінің жары, бірінің ағасы бар. Олар да олардың өмірін тәуекелге тіксе де, құтқарып қалуды қалайды, өздері келісім беріп отыр,-деді Дос Бейбітке қасындағы адамдарды нұсқап. Бейбіттің амалы болмады. Келісім берді. Шаршының жан жағына жарылғыш заттар қойылып, қоршап тұрған адамдар қауіпсіз жерге жіберілді. Дабыл қағылған соң, бірінен соң бірі іске қосылған миналар жарыла бастады. Бір сәтте-ақ апыр топыр шығып, жер сілкінгендей, Алматы бір сілкінді. Шаң аспанға көтеріліп, бұрқ-бұрқ еткен топырақ көтеріле келе, қайта жерге шашылды. Ештеңе көрінбей қалды да, сәлден соң шаң тарап, әйнек шаршы қайта көрінді. Сол қалпы қақшиып тұрған әйнек қабырғалар еш қимылсыз, тып-тыныш күйінде тұр екен. Бейбіт жүгіріп келе әйнекті басқан шаңды сүртті де, ішке үңілді. Іштегі адамдар да сол қалпы, бір-бірлерімен тіл қатысқан күйі, ештеңені сезбестен, ары-бері қарап, сенделіп тұр.

-Болмады, болмады,-деді Дос ышқына келе, әйнек қабырғаны бір теуіп. – Бұл НЛО болмаса мұрнымды кесіп берейін. Өзге планеталықтар келген сияқты, менің соңғы тұспалым осы,-деді тағы аспанды нұсқап, басын шайқады.

-НЛО? Жоқ бұл басқа тылсым, бұл жерде бір сыр бар?,-деді ойланып тұрған Бейбіт көзін әйнек қабырғадан алмай. – Өзің ойланып көрші, бұлар бір-бірін танымайтын, бір-бірлеріне жат адамдар. Олар бір мезгілде, бір уақытта, бір күнде тылсым шаршының ішіне қамалып отыр. Бірі кәрі, бірі орта жас, бірі жас. Бұл жерде бір құпия бар!-деді тағы Бейбіт.

-Жазушы Бейбіт, дәл айтасың, бірі кәрі бірі жас. Өзге ғаламшарлықтарға міне осы керек емес пе?

- ????

- Бұл құпия болса, оны қайдан табарсың? Не бір дерек, із де жоқ. Аспаннан түсті ме, ғайыптан пайда болды ма оны да білмейсің? Құпия дейтін, қылмыстық істер емес , бұндай есік терезесі жоқ әйнек шаршыны көріппе едің? Мен көрген емеспін. Ал мыналар қалай кірді бұл жаққа, ол да белгісіз, демек бұл жерде өзге планеталықтар ғана дерек болып тұр. Басқа ештеңе емес!,-деді Дос тағы кіжініп Бейбітке қарап.

-Жо-Жо-Жоқ. Бұл жерде бір күш пен тылсым бары ақиқат. Мен оны табуым керек, өз өмірімді тәуекелге тіксем де, Айгүл мен баламды аман алып қалуым керек!

 

4 -бөлім

Шаршыға қамалған жетеудің амалдары таусылып, не көмек күтерін білмей, не осы жерде жан тәсілім етерін білмей, бірі тұрып, бірі отыр. Ары бері қозғалып, әлсін-әлсін, ұра түссең шыны қабырға сынып кетер деген оймен қабырғаны бар жұдырығымен ұрып, бар күшімен тебеді кеп.

-Сонымен, біз бұл жерге қалай тап болдық, біреу-міреудің есінде ме?,-деп сөз бастады Самғат.

-Менің есімде ештеңе жоқ, ұйқыдан тұрсам, міне өздерің көргендей осында жатыр екенмін, арғы жағын өздерің білесіңдер,Бірақ ең құрығанда біреуіміздің есімізде болар, ойланайық ағайын,-деді тағы Самғат тергеуді бастап.

-Сен не, тергеушімісің, кім қалай тап болғанын қайдан біледі, өзің де білмей отырған жоқпысың,-деп дүрсе қоя берді Нұрлан.

- Мен қорғаушымын, қылмыс жасамаған тіпті жасағандарды да қорғайтын адаммын, сұрағың тағы бар ма?

-Демек қорғаушымын де? Қылмыс істесе де істемеді деп тап-таза етіп шығаратын сендерсіңдер ме? Бірақ әр қылмыс жазасыз қалмайды, Алла тұрғанда бұл өмірде жазаланбаса да өлген соң жазаланасың,-деді Тағзым орнынан атып тұра.

-Сен не, Алла дейтін әлгі, әлгі сақалдылардансың ба?,-деді Нұрлан Тағзымды жақтырмай.

-Жоқ, Алланың бар екенін, хақ екенін білемін, бірақ сен айтқандай әлгілер сияқты емеспін, өзің кім едің, Құдайыңды танымайсың –ау осы,-деп Тағзым да жағадан алғандай ұмтылды.

- Мен –Құдайға сенбеймін, атеистпін. Менің басымды Құдай, Пайғамбар туралы айтып қатырмаңдар! Мен атеистпін,-деді Нұрланда қарсы ұмтыла.

-Жә, тоқтатыңдар, сендерге бұл жерде ұрыс шығар деген ешкім жоқ, бір ауызға келейік. Бұл жерден шыққымыз келсе, бір шешімге келуіміз керек. Мен бұл жаққа қалай келгенімді білетін сияқтымын,-деді манадан бері еркектердің ұрысына шамданып кеткен Айгүл. Бәрі Айгүлге кілт бұрылып, тұра қалды. Не айтасың дегендей, басын изеп қояды.

-Білмеймін, қалай болғанын, түсім бе әлде өңім бе, ішімдегі баланы босанып жатыр екенмін. Балам туыла салып, кенеттен сөйлеп кетіпті. Ақ анам, армысың, неге күнахар өмірге алып келдің, өзіңнің күнәхар өміріңе мені араластырғың келеді ме? Мен сенімен тұрғым келмейді, сенің тазаруың керек деді де, жаңа туыла салып жүгіріп кеткен балам, менің қолымнан ұстап, терезеге алып келді. Қандай бөлме екенін білмеймін, терезеге қарасам, тым биікте тұр екенбіз. Балам маған қош бол, ақ анам деді де, мені итеріп жіберді. Мен құлдилай жерге құлап бара жаттым да селк ете түстім. Сөйтсем осы жерде жатыр екенмін. Міне осылай,-деді Айгүл тамағына келіп қалған өксігін жасырып, көзінен бір тамшы жасты ытқытып шығарып жіберді. Не болса да осы түстің бір сыры бар-ау деп шешкен еді.

-Тұра тұр, түс демекші менің де түсіме сол сияқты түс кірген еді, есіме түсіре алмай тұрмын,-деп Күнікей әжей де басындағы орамалын қайта мығымдап тағып, ойланған кейіп танытты.- Еее, ие, ие, менде ұйықтап жатыр екенмін, жанымда жатқан қызым оятты да, «Апа, бұның не? Оның не жазығы бар? Менің анам емессің!» деген еді, жан –жағыма қарасам үлкен құздың жанында тұр екенмін. Қызым мені итеріп жіберді. Мен құлап кеттім де, селк етіп ояндым, оянсам міне, осы жерде жатыр екенмін,-деп сөзін аяқтады. –Қарақтарым, бәлкім осы түстермен бір байланыс бар ау, жассыңдар ғой, әлгі ғаламторларыңда отырып, біраз нәрсені біліп қалған шығарсыңдар, бұл жерден шығудың жолы бар шығар,-деді тағы отырған жерінде, уфілеп бір жағына қарай жантайып.  Бәрінің үнсіздігін, дір-дір еткен Жадыраның ыңырсығаны бөліп жіберді. Осы жерде қамалғалы бері тұла бойы жаурап, тісі тісіне тимей, қалт-құлт етіп отырған Жадыраға бұлар онша мән де бермеген еді.

-Мен жаурап барамын, көрпе жамылыңдаршы!,-дейді көгерген ерні жыбырлап.

-Саған көрпені қайдан табамыз? Ойланып сөйледің бе?,-деп бар даусымен шап берді Жәдігер. Оны ойлап отырған Жадыра жоқ еді. Бар ойы қалай жылынсам деген.

 Расында, бұл шаршының ішінде ештеңе жоқ. Төсек те, ішім-жем де, тіпті су да, бірақ қайдан келіп жатқаны белгісіз шығарған демді қайта алатындай ауа бар. Жоғары жақтан бу бұрқырап тұрған сияқты көрінеді. Қабырғалар тек әйнек. Сыртта ештеңе көрінбейді, тек ары-бері құмырсқадай қаптаған адамдар мен бұлдыр-бұлдыр бірдеңелер. Көріп айыра алмайсың. Бұлардың қарындары аша бастаған секілді. Құр-құр етіп ішек құрлыстарынан шыққан дыбыс бірін ыңғайсыздандырып, бірін ашуға бұлықтырды. Тіпті дәрет сындыратын жер де көрінбеді. Тек төртбұрышты әйнек қабырға. Осы қабырғаға қамалып отырған жетеу ғана бар.

-Расында, мына төбе жақтан келіп жатқан буды айтам,-деді Айгүл аспанға қарап, қолын созып көріп жатып:- Бұл бу ма әлде туман ба қайда келіп жатыр екен? Кеше жауын қатты жауды, естеріңде болар, бүгін тұман түсуі әбден ықтимал, демек жоғары жақ не ашық, не есік бар, қалай ойлайсыңдар?,-деді бәріне көз тастап, сұрағына жауап іздегендей.

-Бәлкім, айтқаның дұрыс-ау, бірақ жоғары жаққа қалай шығамыз, үстел де жоқ, саты да жоқ, сенің үстіңе мінгесеміз бе?,-деді Жәдігер тағы сөздің мәнісін күлкіге ауыстырғысы келіп. Бірақ оның әзіліне ешкім күле қойған жоқ. Самғат пен Тағзым қабағын шытып, «Тфу» саған дегендей емеурін білдірді. Сәл үнсіздіктен кейін, сөзді Нұрлан алды:

-Ал, онда мен көрейін, бірақ кімнің үстіне шығайын, бір-біріміздің үстімізге мінгеспесек, төбеге қалай жетеміз.

-Денесі арық Тағзым жарар, ал сенің денең оны көтеріп тұруға жарайды,-деді Самғат оның иығынан қаққандай, емеурін білдіріп.

-Жарайды, мен ақ ат болайын, ал кім шығады иығыма,-деді Нұрлан тізерлеп отырған күйі, иығын нұсқап:- Кезінде, бір бұқаны бір қолмен-ақ көтеретінмін, сол күш қалса қанекей, келіңдер,-деді тағы:- Әй, Жәдігер, сен не қарап тұрсың, сенің де денең сумошыларға ұқсап тұр, кел біреуден екеу жақсы, қасыма отыр да, бірге көтерейік,-деді бір бұрышта қолын айқастырып, менсінбей қарап тұрған Жәдігерге қарап. Жәдігер орнынан жалқаулана қимылдап, Нұрланның жанына келді. Екеуі тізерлеп отырған күйде, үстіне Тағзым шықты. Қолын созып көріп еді, қолы жетпеді де, басы кіріп тұрған бу арасынан тіл қатты:- Қолым жетпейді, ештеңе көрінбейді, бәлкім менің үстіме тағы бір адам шығар,- деді айғайлап. Самғат өзін  меңзеп тұрғанын білгендей болды да, жанталай басып, Нұрлан мен Жәдігердің үстіне шықты. Тағзым сәл еңкейіп, иығын тосып еді, оның үстіне Самғат қарғып мінді де, бойын түзегендей, аяғы дір-дір ете, абырып, тепе-теңдікті ұстай алмай қалды. Сонда да, бір қолымен шаршы қабырғасын тіреп, шығып көрді. Оның да қолы жетпеді де, бу арасынан даусы қарлыға тіл қатты: -Жоқ, төбе көрінбейді, бірақ, бірақ,-дей бергенде, «Аааа» деген дауыс естілді де, Самғат жоғарыға қарай ұшып кеткендей, Тағзымның үстінде тұрған зілбатпан адам лезде жоқ болып кетті.

- Не болды? Самғат қайда?,-деген дауыстар шығып кетті жан жақтан. Тағзым қорқып кетті.

- Ол, ол менің үстімде болған, кейін жерге түсіп кетті ме десем, жоқ, төбеге қарай ұшып кетті ме, білмей қалдым,- дейді

-Бәлкім, бәлем, есігін тауып, өзі шығып кеткен болар, пәлі, қу, дәл солай, ол өзі қашып кетті,-деді Нұрлан тісін қайрап.

- Жоқ, ол кете қоймады, кемедегінің жаны бір, ол қорғаушы емес пе?Адамдарды қорғау оның міндеті!,-деді Тағзым қорыққан жүзбен.

- Қорғаушы, қайдағы қорғаушы, қорғаушы болса да, өз жанынан артық кім бар дейсің, ол қашып кетті,-деді Нұрлан шіміркпестен. Бәрі үнсіз қалды. Жетеуден алтау қалды. Кезек кімдікі, төбеде не бар, бұл туман не, бұл жерден қалай шығамыз деген сұрақтар әрбірінің ойын шарпып, әркім өз жормалымен бірге отыра берді...

 

5 -бөлім.

Сол уақыт, шаршының сырты. Әйнек шаршының ішіндегі іс қимылды көріп тұрған адамдар ойбайлап, таң қалысып жатыр. Жаңа ғана тұрған адам әп-сәтте жоқ болып кетіп, оның ішіндегілерінің де таңданып, жылап тұрғандары ап-анық көрініп тұр еді. Бұл шаршы маңына ҚР-ның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскерлері мен әуе қорғаныс күштері жұмылдырылды. Бұл жұмбақ әйнек шаршының құпиясын табу үшін, шаршыны қоршап тамашалап жүрген халық бір километрге дейін шеттетілді. Шаршы маңында тек қауіпсіздік қызметтегілер, құрлық әскерлері мен әуе күштері ғана қалды. Жасырынып кірген журналистер де, қалта телефондарына түсіріп әлек болып жүр. Бұл шаршының жұмбағын шешу үшін, ішіндегі адамдарды құрбан ету туралы шартқа қол қойылып, олардың туыстарынан қол хат алынды. Ешкім өзінің туысын, бауырын, қарындасын, анасын, жан-жарын өлімге қиғысы келмеді. Бірақ, мына тылсым шаршы бүкіл жер бетіне қауіп тұндырады деген соң, амалсыз қол қойып, көз жастарын төге, бір жақсылықты күткендей жүр. Бейбіт те амалсыздан қол қойып, қолхатын жазып берді. Іші удай ашып тұр. Сүйген жары белгісіз қоршауда қамалып, туылмаған баласын көрмей кетемін деген ой ішін ашытып, есеңгіретіп жіберді. Не амал бар? Шаршы ішіндегі жоғалған адам Самғат қорғаушы екенін айтты Дос. Өзін танымаса да бір салада қызмет еткен әріптестер екен. Бейбіттің ойы сан жаққа жүгіріп, көзі қарауытып кетті. Аспанға қарап, жерге тізерлеп кеп айғайлады. Аспанға қайта қарайды. Кешегі жауыннан кейін күн көзі әлі ашылған жоқ. Борсыған ауа дымқыл тартып, туман күшіне енген тәрізді. Айнала буланып, денеңді тоңазытып, қалт-қалт еткізеді. Шөпке тиген таңғы шықтай, әйнек шаршының бетінде айғыз-айғыз жылан жүріп өткен болып, бу суға айналып, иірім салып жатыр. Аспаннан ұшқан әуе күштерінің әскері де ары бері тікұшақтарының қалақтарын айналдырып, шаршының үстімен ұшып әлек. Қолдан келер шара жоқ. Аспан тым тұманданып кеткен, тік ұшақтан жер тіпті көрінбейді деп, әскерлер қайта жерге қонып жатыр. Әскердің бірі тікұшақтан сатымен түспек болып, туманның арасына кірген еді, ештеме таба аллмай, шаршының да төбесі әйнек екенін айтып келді. Сонда қалай, іштегі адам сыртқа шықпаса қайда кетті және сырттан қарағанда төбесі де бітеу бұл шаршының қай қуысына жасырынды? Жұмбақ, құпия, тылсым.

-Қазіргі таңда, бұл құпия шаршыға әуе күштері де жұмылдырылып, басшылар жуық арада іштегі адамдарды құтқарамыз деп уаде беріп отыр, бізге тек күту ғана қалды, бізбен бірге болыңыздар, тікелей эфирде жолыққанша арнамыздан алыстамаңыздар,-деген тілші қыз сөзін аяқтамастан аспаннан найзағай жарқ-жұрқ етіп, әйнек шаршыға кеп түскен тәрізді болды. Сол сәтте көзге көрінер көрінбес, шаршының кей-кей жерлерінде әртүрлі пішінді белгілер пайда болып, олар жарықшақтана, жалт-жұлт етіп тұрғандай көрінді. Жалтылдап әсем түске бөленген жазулар бірде жоқ болып, бірер минуттардан кейін қайта пайда болып жатыр. Басқы сөзі пайда болып, артынша ол өшіп барып, соңғы буындары пайда болады.

-Айттым, бұл өзге планеталықтардың ісі,-деді Дос әуелгі сөзінен қайтпай, Бейбіттің  жанына келіп. – Олардың жер ғаламшарын зерттеу үшін осы адамдарды тұтқынға алған, қарап тұрсаң әне анау әжейден бастап, орта жас, жігіттік шақ, ең жасы менің қарындасым, көрдің бе? Жас шамалары әртүрлі, менің ойымша,олар адамның қартаю сатысын, адам есейе келе қандай тәндік өзгерістерге ұшырайды, міне соны білгісі келеді! Менің жорамалым дұрыс!,-деді тағы өзін Эйнштейндей сезіп, артынша –Эврика деген сөзді қолданып.

-Қайдағы эврика, қайдағы эврика, бұл басқа нәрсе!,-деді Бейбіт тайсалмастан, өзінің алғашқы ойында тұрған күйі. Әйтсе де, Достың айтып тұрғаны да көңілге қонарлық. НЛО, өзге планеталықтар, ұшатын тәрелке дегенге бала кезінен сенетін, кейін өсе келе, олардың ойдан шыққаны, қазір екі жақ пікір бар екенін, бірі өзге ғаламшарда өмір бар десе, екіншісі жоқ деп, удай таласып жүретінін білген еді. Кейін өмір арпалыстарымен жүріп, бала кезіндегі қорқынышы өзге планеталықтар туралы ұмытып та кеткен. Енді бүгін мына таңғажайып болған, қайдан келгені белгісіз тылсым әйнек шаршы бұның ойын да өзгерткендей болды. Бастапқыда НЛО емес десе, қазір Достың айтқанына да сенетін сияқты. Екі удай ойда тұр. Біріншісі Өзге планеталықтар десе, екінші ойы, тылсым күштің әсері дейді. Бейбіттің ойланып қалғанын сезген Дос,оның иығынан қағып жіберіп, ойға батпауын сұрады.

-Дос, шаршының ішіндегі адамдарды түсіну үшн бізге сурдоаудармашы керек, біз оларды естімейміз, олар бізді, ал бізге бірігіп еңбек ету керек,-деді Бейбіт жерден жеті қоян тапқандай, езу тартты.

-Дәл таптың, Бейбіт жазушы, дәл қазір хабар беремін,-деді де Дос Бейбіттің ойын құптаған күйі, борсыған ауаның суығына шыдамай, күртешесінің түймесін салып, екі қолын ысқылай жүріп кетті.

-Жазушы дейме, қайдағы жазушы, сенде айттың ау,-деп Бейбіт артынан айғайлап қалды...

Бұл кезде шаршы ішіндегілердің сөйлеген сөздері естілмесе де, қимылына қарап, олардың да бір нәрсеге таңырқап, қорқып, жылап тұрғаны көрінді. Бейбіт әйнек шаршының қабырғасын сипап көрді де, Айгүлге қарады. Айгүлдің аузы жыбырлап, жылаған күйі қасындағылаға бірдеңе деп жатыр. Әжей Айгүлді жұбатып, отырғызып отыр, Жадыра дір-дір етіп, ол да сандырақтап жатқан секілді. Үш еркек бір біріне сөз бермей, қолдарын ары-бері сермеп, ашуға бұлығып жатыр. Кенет еденде жатқан Жадыраның іс-әрекеті оқшауланып, орнынан тұра келе, қисайып, адамға тән емес іс әрекеттерді байқатты. Мойның бұрып еді, алдыға қарап тұрған басы, бір кезде денесі бұрылмаса да артқа қарап тұр екен. Қасындағылар шошып айғайлап жатқан сияқты. Дауыстары естілмесе де, түрлері қорыққанның кейпінде. Айгүл мен Әжей бір-бірін құшақтаған күйі бұрышқа кіріп кеткен. Ал үш еркек артқа қарай аяқ басып, шегіншектеп кетті. Басы артқа қараған Жадыра аяғын ақырын баса, теңселіп-теңселіп келіп, Бейбіт тұрған жерге келіп баж ете қалғандай болды. Шаршының сыртынан ішіндегілер алып дене сияқты болып көрінетіндіктен, Бейбіттің алдына кеп бетімен құлаған Жадыраны көріп шошып кетті.Әскерилер шу ете қалды. Бәрі аң таң, бірі қорқып тұр,екіншісі қыздың мұрны тыжырынып, беті жалпайып кеп құлағанын үлкейткіш «3Д» дан көркен сияқты, күліп жіберді. Жадыра орнынан қайта тұрды да, теңселіп-теңселіп еңкейе келе лақ етіп құсып жіберді. Қан аралас па, әлде өзге зат па белгісіз, қап-қара, қызыл қоңыр аралас, теңіз балдырлары секілді бірдеңені лақ еткізді де, жерге етпетінен құлады. Сырттан қарағанда, бір үйді алған құсық әскерилерді жиіркендіріп, бірін лоқсытып, бірін теріс айналдып жіберді. Бейбіттің көзі Айгүлде. Оның жылап отырғанын көріп шыдай алмадыі.

-Сурдоаудармашы неге келмей жатыр, қайда кетті өзі Дос,-деп айғайлады. Қарындасының жиіркенішті әрекетін көріп қалған Дос қадалған орнында қадалып қалған. Көзінде бір түйір жас бар.

-Не болғанын білмейміз, бірақ қыз жан тапсырған секілді, көріп тұрсың ғой, қасындағылар бет орамалмен бетін жауып жатыр,-дегенде ғана Дос есін жиып, қайта қалыпқа келді. Бейбіт Достың арқасын қағып, бекем болуын сұрады. Осымен жеті адамнан бесі қалды шаршының ішінде. Бірі жоқ болып кетсе, екіншісі белгісіз күйде жан тапсырды. Бұны тек сырттан бақылап қана тұрған әскерилер мен Бейбіттің тобы оларды құтқаруға еш дәрмені жоқ еді.

Бейбіттің көзі тылсым жазуларға түсті де кенет ойын әлдене түскендей, шыны қабырғадағы жазба белгі-таңбаларды сипалап көрді.

-Бұл, бұл, жазба таңбалар, бұның бір мәні бар, ескі жазу болса керек, бәлкім бұл таңбаларда бұл шаршының құпиясы жазылған болар. Ия, ия, дәл солай, бұл ішке кірер жолдың есігіне апарар таңба. Бұл бәлкім формула да болуы мүмкін. Егер осыны шешіп, әрекет етсе, есік ашылуы мүмкін,-деген ой түйді Бейбіт. Дегенмен, бұл таңбалар шынтуайтында солай болуы мүмкін. Белгісіз жылт-жылт етіп пайда болып, артынша жоғалып, одан кейін қайта пайда болып отырған таңбалардың бірі сыры бар. Бұл не Дос айтпақщы өзге ғаламшарлықтардың жазуы не өте көне жазу, бұның арасындағы осы құпияны табу керек деп топшылады Бейбіт.

-Бұл Руна жазуы болуы ықтимал,-деген дауысқа жалт қарады. Бейбіттің қасында әлгінде тікелей эфир жүргізіп жүрген тілші қыз келіп қалыпты. –Бәлкім, орхон-енисей де болуы мүмкін, бұның мәнісін білсе тарихшылар біледі,-деді тағы сөзін жалғастыра Бейбіттің жүзіне ерекше мейіріммен қарап. –Сізді атақты тарихшымен жолықтырайын, ол кісі ежелгі жазулармен қатар өлген тілдерді де зерттейді,-деді.

Тосыннан келіп қалған қыздың ұсынысына таңсық танытқан Бейбіт келісе кетті.

Күн бесінге таяп қалды. Бірнеше сағаттан бері нәр тартпай, шаршыда қамалып отырған Айгүлді құтқару үшін Бейбіт неге де болса дайын еді.

 

6 -бөлім.

Шаршы іші. Аузынан шыққан нәжістен жүректері айнып кеткен бесеу ес түссіз жатқан Жадыраның бетін жауып қойған еді. Көзі бақырайып қалған қыздың түріне қарау мүмкін емес. Түрі тым сұрқы кеткен ұсқынсыз, аузы-мұрны қисайып, көбіктенген.

-Мен өлгім келмейді, өлгім келмейді,-деп жылады Айгүл. Оны Күнікей әжей жұбатып отырса да, аракідік өзі де жасын сығып қояды.  Екі әйел құшақтасып, үш еркек қол құсырып, қарап отыр.

-Кімнің өлгісі келеді, бұл жерге әдейі келген жоқпыз, бұнда бір гәп бар,осымен екі адамымыздан айырылдық, енді кезек кімде?,-деп, қорқып отырған адамдарды одан сайын қорқытып, сұрақ қойды Нұрлан. Өзі де терең тыныс ала, сөзін қайта жалғастырды:- Мен атеистпін, сенімім жоқ. Өлсем жоқ болармын, бірақ мұндай жағдайда өлгім келмейді,-дейді тағы жаны алқымына тіреліп.

-Мен бір Аллаға сенемін, қанша күнәларым болса да, мені кешіріп, бұл жерден алып шығады деп сенемін. Мен намаз оқып, ораза ұстамадым, бірақ егер осы жерден аман шықсам, кедейлігімді сөкпеймін, шүкір етіп, Аллаға құлшылық ететін боламын. Бәлкім бұл түс болар, әлде расымен менің басымнан өтіп жатыр ма, білмеймін, мен Аллаға үміт артамын,-деді Тағзым еңсесі түсіп, өз ойымен әлек болып. Бұның сөзіне ешкім мән бермеді. Тек Нұрлан өзінің атеистік көзқарасымен миығымен бір күлді де қойды.

-Біздің күнәміз үшін тәубеге келуіміз үшін бұл быр сынақ болар, аса ауыр күнәларымыз бар ғой,-деді сол кезде манадан бері үнсіз қалған Жәдігер. –Мен өмірдегі бар мәселелерді ақшамен шешіп келдім, тіпті ажалға алып келер ауру келсе де, ең үздік шетел ауруханаларынан ем алып, жазылып алармын деп ойладым. Қазір тіпті қалтамда тұрған екімың долларлық ақшаның да құны болмай тұр,-деп, қалтасынан бір бума ақшаны алып шашып жіберді. Ақшаны көргенде қасындағылар қыбыр-қыбыр етіп, қимылдап қалды. Ақшаға бәрінің көзі түсіп-ақ тұр. Тек қол бармайды. Дәл қазір ақша емес, өмір маңызды болып кетті. Ақшаға таласқанмен, бұл жерде шыға алмаса, сол ақшалармен бірге шіріп кетеді. Бұны бәрі түсінген-тұғын.

Қабырғадағы жазуларды бұлардың да көздері шалды. Бірақ не екенін түсіне алмады. Оқып көруге тырысты, қазақ тіліне де, орыс әліпбиіне де, тіпті латын, ағылшын әліпбиіне де ұқсамайды. Сызық, артынша, доға, одан кейін теңдік таңбасы, келіп, қайта сызықша, нүкте, не белгісіз таңбалар шығып тұр. Оқи алмады. Ешқайсысының мамандығы бұл жазбаларға сай емес болып шықты. Айгүл-әйел дәрігерімін десе, Әжей ешқашан мамандық алмағанын, ас пісіруші болғанын айтты. Жәдігер әкесінен қалған компанияны басқарып, артық қимыл істеп көрмеген болса, атеист Нұрлан маи қызметкері болғанын айтты. Ал, Тағзым тіпті де оқымаған, жан бағумен жүрем деп сегізінші сыныптан кейін оқи алмағанын, үйдің үлкені болғандықтан, әкесі қайтқан соң бар ауыртпалықты көтеріп келе жатқанын білдірді. Бірі бай, бірі кедей, бірі жас, бірі кәрі – бір шаршыға қамалып, ажалын күтіп отырған секілді көрінді.

Төбедегі тұман тым қоюланып бара жатқан секілді. Төменірек жайылып, енді бұлар бір-бірін байқай алмай, қорқыныш үстінен қорқынышқа ұласып, жаурағаннан қалшылдап барады. Тым суық. Үстінде киген киімдері  жұқалау. Жатарда киетін киіп жатқан киімі басқа еді,ал қазір үстілерінде өздеріне таңсық емес басқа киім.

-Мына қызықты қараңдар, мен жатар кезде іш көйлекпен жатқам, мына киім қайдан келді? Менің мұндай киімім жоқ,  ескілеу киім екен,-деді Айгүл таң сәріден бері енді үстіне қарап, қымтануға кірісті де, - Мына, көйлек, мына белдемше, бұл сонау он жылдан бері киілмей кеткен сән үлгісі ғой, бұл менің үстімде қайдан жүр?,-деді енді сандырақтай.

- Қызым, мына менің үстімдегі киім де менікі емес, сірә, менің осындай бір киімім бар еді, бір жағдай орын алып, мен оны өртеп тастаған едім. Енді міне менің де үстіме жапсырылыпты, басында айтпадым, жай кездейсоқ болар деп ойладым, бірақ, сенің айтуыңа қарағанда, бізбен біреу ойнайын деді-ау, қай қайдағы жағдайдарды еске түсіріп,-деп сөз аяғын жұтып қалып, терең тыныстанып, ухілеп, ахылап Күнікей әжей де тілге тиек сөз етті.

-Меніңше бұл жерде бәріміздің киіміміз өзіміздікі емес сияқты, менің де басымда сол жағдай бар,-деді Нұрлан Тағзым мен Жәдігерге қарап, сендерде де сол жағдай ма дегендей иек қағып, көзбен нұсқады.

-Иә, Иә,-деп қатар сөйледі екеуі.

-Демек бұл киіммен біздің бір байланысымыз бар,  мына шаршымен де бір байланыс болып тұрған сияқты? Естеріңізге түсіріп көріңіздер, бұл киімді соңғы кезде қашан киіп едіңіздер,-деді Айгүл тағы сөз алып.  Бәрінің дегбірі қашып, қипақтап қалды. Ешкім бұл киімнен неге құтылғандарына және бұрындары киген киімін не үшін кимей кеткенін айтқысы келмеді.

Кенеттен Күнікей әжейдің дауысы бәрінң томаға ойын сан жүгіртіп, жүректерін селт еткізгендей болды.

-Әй, мына дауысты естіп тұрмысыңдар, ойбай-ау, бұл анау Құралайдың дауысы ғой, пәтшағар, ол қайтыс болған, әруақ, әруақ , пісіміллә, пісіміллә,-дегені бұлардың қорқыныш үстінен тағы қорқыныш ұялатты.

-Әжей, қандай дауыс? кім ол? Ешқандай дауыс естіп тұрған жоқпыз,-деді Тағзым қасындағыларға көз тастап, қасын көтергендей ыммен нұсқап: - Қандай дауыс?,-деді.

-Ойбай, ау, пісіміллә, не дейді, ойбай-ау, кешірші мені, пісіміллә, саған істеген қиянатым үшін кешір, қалқам, бір жолға кешір, -деп, еңкілдеп кеп жылап жіберді. –Мен не бүлдіргенімді білемін, сол үшін азабын тартып келемін, кешіре ғой, -деді тағы Күнікей әжей қолын созып, бір қимылдарды келтірді де, бетін тырналап жыртып жіберді. Әжім басқан бетін, қан жуып кетті. Әжей біреуді көргендей, бір нүктеге қадалып сөйлейді, де артынша пісімілләсін қайталап, онсызда қан жуған бетін одан сайын тілгілеп-тілгілеп тастады. Оның қолын ұстап әлектенген еркектердің шамасы келмей, әжейдің қахарлы жүзі мен адуынды қолы оларды еріксіз итеріп жіберді. Өз бетін өзі тіліп, бетін шапалақтап жатыр. Әжей сәлден кейін сылқ құлап, ақырын терең тыныс алды да, соңғы демі шығып, қимылсыз қалды. Айгүл аяғын ақырын баса келіп, қолындағы күре тамырды ұстап көрді де басын шайқады, жаны шығып кетсе керек. Енді тірі қалған төртеу.  Келесі кім деген ой бұлардың санасын улап,  бір-бірінен күдіктене, төртеуі төрт бұрышта тұр.

 

7- бөлім.

Іштегі болған жайтты көріп, сурдоаудармашы арқылы бұлардың не айтып тұрғанын естіп көргендер, расында қорыққан сияқты. Шаршы ішіндегі адамдар белгісіз жағдайда, өздігінен қайтыс болып, азайып бара жатыр. Құтқарушылардың қолынан ештеңе келер емес. Бұл шаршының сиқыры ма, әлде белгісіз күштің әсері ме, белгісіз? Әйнек бетіне сызылған таңбалардың мәні де түсініксіз, тылсымы терең. Бейбіт көп бөгелмеді, бұл маңда жүрсе, Айгүлінің өлімін көруі керек, ол әрекетке көшті. Жаңағы тілщі қыздың ұсынысын қабыл алып, онымен бірге аттанып кетті. Бұлар қаладан отыз шақырымдай жерде орналасқан бір ауылға келді.  Зулаған көлік тозығы жетіп, бір жағы әне-міне құлау үстінде тұрған үйге келді. Ескілігі сонша, Бейбіт кіруге жүрексінді. Сонда да, бір іліктің табылуы мүмкін деген оймен, амалсыз тілшімен ілесіп кірді.

-Ата, үйдесіз бе? Мен келдім,-деді тілші дауыстап, есікті қақты. Үй ішінен еш дыбыс білінбеді. Есік ашық тұр. Бұлар есікті ашып, ақырын дыбыс шығармай ішке енді.

-Ата, мен Жұлдыз, қайдасыз?,-деді тағы қыз. Үйдің іші тым ескі, шаңы тозаңданып тұр. Аттап кіргеннен бастап үй қабырғасы тізілген кітаптардан көрінбейді. Тым ескі, тіпті шеттерін көртышқан жеп қойғандай мүжілген, орта ғасырдағы, жиырмасыншы ғасырдағы кітаптар да біршама. Қай жерді бассаң да, үстел, орындықтарға үйіліп қойылған кітаптар шаң басып қалыпты. Бейбіт ас үйге кірді, мұнда тек бір екі шыны ыдыс пен бір екі қасықтар ғана бар. Бұл жердің сөрелеріде де кітаптарға толтырылыпты. Бейбіт мұншама көп кітаптарды тек кітапханадан ғана көрген болатын. Ал жай адамның үйінде мұншама кітаптар болады деп ойламаған-тұғын. Бейбіт ақырын басып, ас үйден шыға бермек еді, аяғы шалынып жалпасынан түсті. Орнынан тұрмақ икемденбек болғаны сол еді, өзіне садақ кезеп тұрған қарияны байқады.

-Ата, ата тынышталыңыз, біз сізді іздеп келдік,-дейді Бейбіт ақырын қолын көтеріп.

-Мені бұл өмірде ешкім іздемейді, сен кімсің, менен не керек?

-Ата, ата, бұл жігітті мен алып келдім, сізге қояр бір-екі сұрағымыз бар,-деп араша  түсті сол кезде Жұлдыз.

- А, Қызым, сенбісің, көптен келмей кетіп едің, мына атаңды ұмытты ма деп едім, келдің бе? Амансың ба, қарағым, жұмыс, тіршілігің аман ба?

-Аман, ата, аман, бірақ бір оқиға болып тұр, сіздің көмегіңіз керек

-Онда, келе қойыңдар, қане отырыңдар, сендерге ыстық шәй берейін!

-Жоқ ата, керек емес, асығыс қимылдамасақ, адамдардың өмірі қыл үстінде, сіздің біліміңіз керек бізге!

-Е, жақсы, жөндеріңді айта отырыңдар!

Бұл кісі Аман ата, сонау Кеңес заманында атақты профессор дәрежесіне жеткен, тарихты жатқа айтып, құпиясы ашылмаған тарихи шындықтарды зерттеген еді. Кейін ардагер атанып, шыны керек, көп еңбектері жарамсыз күйге түсті. Оның қолға алған, артынша тарихта болған, бірақ ешкімнің аузында қалмаған, қазіргі тарихтада жоқ тылсымды жазамын деп жүріп, белгісіз себептермен осындай дәрежеге түсіп, ескі үйде ескі жазбаларымен бірге күн кешуде. Жасы қазір тоқсан сегізге келсе де әлі тік, еңсесі түспеген, аракідік ұмытшақ ауру болмаса, қарияның әлі де шөгіле қоймайтыны анық.

-Ал, қанекей, балалар, бұйымтайларың не?,-деді манадан бері қолына ұстаған ескі садағын үйіліп тұрған кітаптардың жанына қойып. – Ешқашан, таза білім алғыларың келсе, кітап деген асыл қазынаның үстіне ештеме қоймай, оны мұқият, таза ұстаңдар, ал менің жағдайыма келер болсақ, менің қазір кітаптарыма қарауға шама келмей жатыр, ұлттық кітапханаға хабарласып қолымдағы кітаптарды беремін бе деп едім, мән бермеді ме, көреміз деп қойған. Солар алып кетер деп, жинастырып жатқанмын,-деді манадан бері реттеусіз қалған кітаптарды нұсқады да, өзі орындыққа отырды. Айта беріңдер дегендей ыммен емеурін білдірді.

-Ата, бір қызық оқиға болып тұр, мына жазулардың сырын ашу керек, міне көріп тұрғаныңыздай, мына шаршыға қамалған адамдар есік, терезесі жоқ жерде отыр. Бұларды қалай шығарып, аман алып қалу керек екенін білмей, әскер күші дал болып отыр. Кешегі найзағайлы жауыннан кейін пайда болған бұл тылсым шаршының құпиясын ашу керек,-деді Жұлдыз ұялы телефонына жазылған шаршының құпия жазуларын көрсетіп тұрып. - Сіздің осындай көне жазуларды зерттегеніңізді білеміз, бұл не екенін тек сіз білерсіз?

-Так, так, егер көзім алдамаса, бұл тым көне жазу, есіме түспей тұрғаны, бұл жазу, бұл жазу,-деп қария ойланып отырып қалды.

-Руна жазуы, орхон-енисей жазуы деп оқығанбыз мектепте, бәлкім сол болар,- деді Бейбіт ойды бөліп.

-Руна дейсің бе, жоқ, бұл руна жазуы болуы мүмкін емес, бұл басқа, менің бірталай жазбаларым өртеніп кеткен еді, бәлкім солардың ішінде кетті ме екен? Бұл жазуды көргенім бар, бірақ қайдан, мына шалдың есі кеткен бе екен, әттең, есіме түсіре алмай отырмын

-Қареке, есіңізге түсіріп көріңіз, бұл өте маңызды, әйелім мен оның құрсағындағы балаға қауіп төніп тұр, анау шаршының ішіндегі менің жарым, оны құтқаруымыз керек,-дейді Бейбіт, қарияның есіне түссін деген оймен Айгүлін тілге тиек етті.

-Қазір,-деген Аман қария орнынан тұрып барып, бөлменің оң жақ қапталында тұрған ескі сандықтың үстіндегі көзілдірігін алды да, сандықтың үстіндегі шаңды үрлеп жіберіп, құлпысын шарт еткізіп ұрып, ашты. Сандықтың іші ескі құсқы кітаптар, ескі жазбалар, тіпті шеті мүжіліп, қағазы тым сарғыш тартып кеткен кітаптарға толы. Көзіндегі көзілдірігін қайта-қайта түзеп қойып, Аман қария сандықты ақтара бастады.

-Қазір, қазір,-деп қояды, Бейбіт пен тілшіге қарап. – Осы жерде болу керек, он жылға жуық ашылмаған еді бұл сандық, ненің қай жерде тұрғанын ұмытып қалыппын, қазір, менде бір қызық мағлұмат бар еді,-деді де, кенеттен қуанып кетіп, езуіне күлкі үйіріле кетті,-Міне, таптым, міне, нағыз байлығым осы,-деп түсі сарғайып ескірген, мұқабасының шеттері үгітіліп, түсейін деп тұрған бір ескі кітапты қолына алды. Кітаптың ішін ашып көрген еді, бұл кәдімгі баспаханадан шыққан кітап емес, қолжазба арқылы жазылған, тіпті қаламсап та емес, қызғылт түстті бояумен жазылған сияқты.

-Міне, бұл кітап сонау 1942-ы жылдары соғыс кезінде қолыма түскен еді. Содан бері көзімнің қарашығындай сақтап келемін. Менімен майдандас досым бар еді, қыршыннан кетті ғой, қарағым, сол беріп кеткен. Оның айтуынша, бұл кітапты, жер қазып жатып матаға оралған күйінде тапқан. Бірақ ішінде не жазылғанын түсіне алмапты. Менің сол кезде көне жазулар тарихын зерттеймін деп жүргенімді біліп, маған аманат етіп кеткен еді.  Соғыс аяқталысымен Отаныма келіп осы кітапты зерттеумен айналыстым, меніңше бұл кітапқа бірнеше ғасыр болған. Ішіндегі жазулар да ерекше, міне, қараңдаршы, танисыңдар ма?,-деді кітаптың бірінші бетін ашып көрсетіп, ішіндегі жазуларды нұсқап. – Бұл кітап көне, сен айтпақшы, орхон-енисей жазуымен жазылған ежелгі тайпалардың кітабы болса керек. Міне, жаңағы таңбаларды мен осы жерден көрсем болса керек, қазір, іздеп көрейін,-деп қария, кітапты ары-бері төңкере парақтай бастады да кенеттен, даусы зірке ете қатты шықты, -Міне, міне, балақай, осы тарауда болса керек, міне көріп трсың ба, бұл б.д.д үшінші мыңжылдықты құрайтын тайпалардың тарихи мұрасы жазылған бет. Міне, сенің жаңағы айтқан жазбаң, бұл брахми жазуы. Брахми- үнді буын жазуының ең көне түрінің бірі. Мына әріптерді көріп тұрсаң, бұлардың үндесіп келуін көрсетеді. Бірақ бір өкініштісі, бұл жазу әлі толық зерттеліп бітпеген. Тіпті қалай оқуға болатынын да әлі ешкім айта алмайды, сол себепті, қазір менің көмегімнің тигені осы ғана ма деймін,-деп сөзін аяқтады қария. Қандай жазу болса да, шаршыда жазылған жазуды тапқан Бейбіт қуанып кетті. Айгүлді құтқарып қалуға бір қадам жақын деп ойлады.

-Ата, бар зейініңізді салып көрсеңіз, оқып көрсек қайтеді, мына шаршыда көп емес, аз ғана жазу, соған қарағанда оқи алатын сияқтымыз,-деді Жұлдыз сонда да атайдан үмітін үзбей, жалынышты үнмен тіл қатты.

-Әй, мейлі, оқысақ оқып көрейік, бірақ мен жалғыз емес, менің бір мықты шәкіртім бар еді, соның көмегі қажет!

-Онда шақырайық, келсін,-дейді Бейбіт.

-Ол келмейді, ол алжыған, ақымақ қой,-деді Қария басын шайқап.

-Ақымағы несі, ол кісі қайда, қазір мен көлігіммен алып келейін.

-Жоқ, балам, одан да өздерің барғандарың жөн, ол, әлгі психиатриялық ауруханада, сендерше айтқанда, жынды болып қалған, көмек берсе сол ғана береді, бірақ одан сөз ала алсыңдар ма білмеймін,-деді де қария қолына қаламына алып, аурухананың мекен жайын тізбектеп берді. – Мына кітапты да ала барыңдар, ол өте талантты шәкірт болған,-деді көзінің жасын сүртіп. Бейбіт пен Жұлдыз тілші қарияға алғысын айтып, жүріп кетті.

8- бөлім.

Шаршы іші. Төрт бұрышқа тығылған төртеу, енді еңселері түсіп, өмірден күдерін үзіп жатқандай.  Айгүл бір бұрышта жылап тұр, қалған білек-сілегі соқталдай үш еркек қолдарынан ештеңе келмегендіктен, амалсыз әзірейілдің бейнесін көруге дайын отырған секілді.  Жан-жақтарына жалтақ-жалтақ қарайды. Шаршының іші тұманға толып бара жатыр. Аяқтарына тұрса тұманнан ештеңе көрмей, басылып отырса аздап бір-бірлерін көретін тәрізді.

-Менің мұнда өлгім келмейді,-дейді тағы Айгүл еңк-еңк ете, көзінің жасын төгіп. –Асыға күткен балам, жарық дүние көре алмағанын қаламаймын, мен тірі қалмасам да, балам аман қалса екен, бұл әлі күнәсіз періште ғой-деді бүртік-бүртік ыстық жасы үстіне тамып трса да,  сөзін жалғастырып.  Бұл жерде қазір кімнің аман, кімнің ажал құшатынын ешкім кесіп айта алай,бәрі бір-біріне көз тастайды. Әркім өз басының қамын жеп, ойланып отыр.  Үнсіздікті Айгүлдің айқайы бұзды.

-Ойбай, мынау не, көмектесіңдер,-деген Айгүлге бәрі жалт қарады. Айгүлдің аяқ жағында жатқан Күнікей әжей мен Жадыраның мәйіттерінің қасында бірнәрсе жыбырлап жүргендей көрінді. Тағзым мен Нұрлан ақырын барып қараса, қайдан тап болғаны белгісіз, Жадыраның қасында адамның саусақтарындай құрттар жыбырлап жүр. Өздері бірінің үстіне бірі шығып, алысып жатқандай, ордалы. Айгүл жүзін теріс қаратып, қатты солқылдап жылады. Жәдігер үстіндегі жейдесін шешіп, құрттардың үстіне лақтырды. Дәл ортада жатқан екі мәйіттен қорқып отырған бұлар, еріксіз көздеріне жас алды. Қапелінде Айгүлдің шыңғырған даусы тағы шықты.

-Не болды, сенің айғайың таусылмады-ау, -деді Нұрлан күйініп. –Әйел заты тым шыдамсыз, тек жылағаннан басқа ештеңе білмейді, -деді тағы шамдана.

-Толғағым келген сияқты, қатты ауырып барады,-деп Айгүлдің жан даусы шықты. –Қазір, қазір тоқтауы керек, минут санайын, кімде сағат бар,-деді біраз сабырға келген Айгүл.Бұл жерде сәнді киім киген Жәдігер ғана болғандықтан, бәрі соған қарады. Қолындағы сағатына қараған Жәдігер, өз көзіне өзі сенбей, көзі жыпылық қағады:

-Мына сағат, тоқтап қалған, бұл сағат 2007 жылды көрсетіп тұр. Қызық екен, сол жылғы сағат. Бұл сағатты сол 2007 жылы ақ қоқысқа тастаған едім,-деді таңқалғанын жасырмай.

-Не болып барады, өзі 2007 жыл, 2007 жыл, бұл мезгіл мен біздің, мына шаршының арасында бір құпия бар. Ол кезде не болғанын есіңе түсіріңдерші,-деді Тағзым сөзге ілігіп, жан –жағындағыларға сұраулы жүз тастады.

-Он жылдық тарихымызды айтып отырамыз ба енді, меніңше бұл жерде ешқандай байланыс жоқ,-деп Нұрлан сөзін ала қашты.

-Жоқ, бар, бар болуы мүмкін, 2007-де не болды, есімізге түсірейікші,-деді тағы Тағзым. Ешкім өз өмірлерінде болған құпияны бөліскісі келмеді. Көрге кірсем бірге алып кетем деген ойларына берік болды. Десе де, бұл адамдардың арасында бір байланыс барын ұғынғандай болды бұлар.

9-бөлім

Жол үстінде көлігін зулатып кетіп бара жатқан Бейбіт Жұлдыздан Аман атайдың кім болып келетінін де сұрап алды. Жұлдыз жас шамасы 25-26 дағы қыз. Талдырмаш бойлы, бойы орташа, аққұба келген. Жұлдыздың айтуы бойынша, бұл атаймен өзі тіршілік қызметін істеп жүріп танысқан екен. Ұлы Отан соғысының ардагері деп, құлайын деп тұрған үйін жөндеп беруді қолға алып, барынша көмек көрсеткісі келген телеарнаға, бұл кісі рұқсат бермепті. Асыл естеліктерім бар, қара шаңырағымның естелігі, артыма қалдырар ұрпағым жоқ, сол себепті, өзі салған күйде қалуын жөн көріпті. Әне-міне құлап қалмаса деп қорқыныш жоқ. Ажал келсе қай жерде болса да кетермін деп, сүйікті кітаптарын ешқайда жібере алмай, осылай отырған жөні бар. Содан бері Жұлдыз бұл атаймен жақсы қарым-қатынас ұстап, керек кезде жөн сұрап, кітаптарынан алып отырса, кейде шай тұзын көтеріп, апаратын көрінеді. Бұлар жүйкесі жұқарғандарға арналған ауруанаға лезде жетіп келді.

Аурухана тым сыз тартқан, есік терезелері ескі, түсқағаздары жыртылып, тырналған секілді көрінді. Кезекші дәрігерден Шапай емделушіге келгенін айтып, кіргізуін сұрады. Әйтсе де, дәрігер ұзақ кіруге болмайтынын айтып, рұқсат беруден бас тартып тұр.

-Дәрігер, саяжай жақта не болып жатқанын білетін шығарсыз, мәселе сол жайында болып тұр, іштегі адамдарды құтқарудың жолы, сол Шапай емделушіде,-деп түсіндірмек болды Жұлдыз тілші. Қазақстанның барлық телеарналарынан көрсетіліп жатқан бұл жаңалыққа дәрігер де қанық болып шықты.

-Жақсы, тек он минөтке ғана рұқсат берем. Ол кісінің психикасы тым құлдырап кеткен. Сіздерді майып қылуы да мүмкін, сол үшін қастарыңызда мен және екі күзетші болады,-деді де кілтін алып, емделушінің палатасына қарай жол тартты.

Палатаның іші жинақы болғанымен, дәрінің күлімсі иісі мұрынды жарады. Төргі төсекте екі бүктеліп қартаңдау тартқан қарт кісі жатыр. Пысылдап ұйықтап жатқан секілді, бір аяғы байлаулы. Бейбіт пен Жұлдыздың жаны ауырып кеткендей, қабағын шытып, бастарын шайқады.

-Орныңнан тұр, Шапай,-деп айғайлап жіберді дәрігер. –Обход, подьем,-деді тағы орысшалап, әмірлі дауыспен. Басым үнге селк етіп оянып, атып тұрған Шапай қыңқ етпестен бір орнында тапжылмай отыра берді.

- Встать, осмотр!,-деді тағы дәрігер бұйрығын жалғастырып. Шапай орнынан атып тұрды. Қол аяғы дірілдеп, аяғын зорға басып тұрғандай. Жалтақ-жалтақ етіп бұларға қарайды, да дереу біреу ұрғалы жатқандай қолымен басын қалқалап, қорыққан кейіп танытады. Дәрігер ауыз ашса болды, қолы басының тұсында қалқалап тұрады. Сірә, Шапайды біреу әбден қорқытып тастаған сыңайлы.

-Шапай, мына кісілер саған келді, дұрыстап жауап бер, дұ-рыс-тааап,-деп дәрігер сөзінің соңын анық, буын-буынға бөліп айтып, Шапайға бұйрықты үнмен тіл қатты. – Байқа, мінезіңді көрсетпе, әйтпесе, білесің не боларын!,-деп тағы бұйырды. Шапай басын қалқалап тұрған қолын ақырын түсірді де, басын изегендей болды, артынша тілі күрмеліп:

-Мммаған сыйлық бар ма?,-деді қорыққан бала секілді, кекештеніп. Бейбіт ол жайлы ойламаған да. Жүйкесі ауруға ұшыраған адамдардың жаны ауыратынын, кейде бала, кейде, үлкен адамдарша мінез көрсетіп, таңқалдыратынын білетін. Бірақ сыйлық алу жайлы ойламақ түгілі, есіне де түспепті. Сонда да, Шапай бұған тым ақымақ, жынды қойдың миын жеген дейтіндей адамға ұқсамады, жаны ауырып, сол ауырған жаны жай таппай, тыныш өмірді қалайтын жанға ұқсатты. Шапай тым ұсқынсыз емес екен. Оқыған, білімі бар адамға келеді. Тек бұл жерде не үшін отыр,жүйкесі неге тозғаны белгісіз. Бейбіт көп бөгелмей, қалтасында жүрген қаламсапты берді. Оны көрген Шапай қуанып кетсе керек, дереу қолына шимайлап, қаламсаптың жазып-жазбайтынын тексерді де:

-Маған сыйлық, маған сыйлық, рахмет, рахмет,-деп қуанып, екі алақанын бір-біріне қойып, үнді халқыша ізет білдірді. Енді іске көшу керек екенін ұққан Бейбіт сөйлеуге ниет етті:

- Шапай мырза, көмегіңіз керек, мына жазуды білесіз бе? Ойланып көріңіз, бұл таңбаларды қайдан көрдіңіз,-деді дереу істің мәнісіне көшкен Бейбіт. Шапай Бейбіт ұсынған кітапты көрді де ары бері төңкеріп, парақтап, иіскеп, тіпті жалап та көрді. Кенет:

-Білмеймін,-деді де басын қайта қолымен қалқалап, теріс қарады. –Білмеймін, білмеймін, білмеймін, бұл жаман, жаман нәрсе, білмеймін, білмеймін, мен көрдім, мен көрдім,-деді тағы басын жауып алып, тұтыққан дауыспен.

-Шапай, өтініш, өтініш, сізге тағы сыйлық беремін, көөп сыйлық, тек бір өтініш мына жазуларға бір қараңызшы,-деді Жұлдыз Бейбіттің сөзін қоштаған күйі, Шапайдың арқасын қағып.

-Жоқ, Жоқ, сен, сен жамансың, сені көргім келмейіді, кет, кет,-деді Шапай.

-Бірақ, -дей бергенде Бейбіт өтініш етіп оған сыртқа шыға тұршы деп бас изеді. Жұлдыз сыртқа шығып кетті.

-Қыз шығып кетті, енді біз ғана қалдық,-деді Бейбіт тағы.

-Жоқ, жоқ, бұл жерде жаман адамдар бар, мен білемін, олар мені аңдып тұр, мен, мен, сыйлықты тек сенен алғым келеді,-деді Шапай қайта басын қалқалап. Бейбіт мұнда дәрігер мен күзетшілердің тұрғанында, Шапайдың ештеңе айта алмайтынын түсінгендей болды да, дәрігерге олардың бірер минутқа болсын шығып кетуін сұрады. Өтініш етіп әрең көндірді. Енді Бейбіт Шапаймен бетпе бет қалды.

-Шапай, ешкім жоқ, қараңыз, ештеңеден қорықпаңыз, мен сізді қорғаймын, менің бір-екі сұрағыма жауап беріңіз,-деді Бейбіт басын қалқалап тұрған Шапайдың қолын жаймен түсіріп. Қасында бөтен ешкімнің жоғын көрген Шапай, ақырын кереуетке отырды. Бейбіт оған кітапты қайта көрсетті.

-Сіздің ұстазыңыз, Аман ата, танисыз ғой, сол сәлем айтты, ол кісі сізді мақтап, осы кітаптың мән жайын біледі деген еді,-деді сөз арасында. Шапай кітапты қайта қолына алды да жан-жағына көз тастап, жанында ешкім жоқ екеніне қайта көз жеткізді.

-Бұл кітап ескі, тым ескі, мен жоқ, сен жоқ кездегі.

-Жақсы, мына беттегі жазуды оқып берсеңіз және мына суреттегі жазуларды оқи алсаңыз, құба-құп болар еді,-деп Бейбіт қалта телефонындағы Шаршының құпия жазуларын көрсетті.

- Орхонмен жазылған, тылсым күштің кітабы, жаман, жаман кітап,-деді Шапай бағанағысынан кішкене жібіп,- Өте жаман, сиқыршының кітабы,-деді артынша.

-Жақсы, жақсы, мына беттегі жазуды айңызшы, қай тайпаның жазуы, өтініш!

-Бұл, бұл, білмеймін, білмеймін, жаман кітап-жаман кітап,-деді де Шапай қайта ауруы қозып, Бейбітті қылқындыра бастады: - Жаман кітапты неге алып келдің, енді ол мені тауып алады, тауып алады,-деді тағы ашуланып. Сырттан келген күзетшілер Шапайды ұстап алып, Бейбітті әрең дегенде босатты.

-Міне көрдіңіз ғой, бұл аса қауіпті ауру, сізге оңаша қалуға болмайды деген едім,-деп дәрігер Бейбітке сыртқа шығуын өтінгендей болды.

-Бірақ, бірақ, менің іздегенімді айтпады, дәрігер тағы бірер минут беріңіз,-деді Бейбіт жалбарына, күзетшілерге бой бермей тұрған Шапайға қарап. Дәрігердің жоқ дегеніне көніп сыртқа шығып бара жатыр еді, кенет артынан келіп қалған Шапай, оны қапсыра құшақтап алғандай болды. Бейбіттің шошып кеткені бір бөлек, күзетшілердің қолынан қалай атылып шыққанын өздері де сезбей қалды.

-Сиқыршының анты, сиқыршының анты, Жеті әйелдің анты, ол жазу «Шындық» деп жазылған,-дегені сол еді, екі күзетші Шапайды электр тоғымен соғып, есінен тандырып жіберді. Бейбіт шындыққа жақындап қалғанда, шапайдың есінен танып қалғаны жұдырық үстінен жұдырық  болды. Дәрігердің айтуымен Бейбіт Жұлдызды ертіп кері қайтты.

Шаршының жалт-жұлт еткен таңбаларының мәнісін түсінбей, Шапайдың не айтпақ болғанын тағы түсінбей, Бейбіттің басы қатты.Шаршының ішіндегі тұманнан көрінер-көрінбес Айгүлі отыр. Бейбіттің бір күнде-ақ шашы ағарып кеткенін сезбей қалды.

 

 

10 -бөлім.

Айгүлдің толғағы қысып тұрғанын көрді Бейбіт. Жаны ауырып, құлазып барады. Ал, Айгүлдің жанында жыбырлап жүрген құрттар шаршы сыртынан тым ұсқынсыз алып құбыжыққа келіп тұр.

-Шындық, шындық, ол не қылған шындық,-деп күбірлеп тұр Бейбіт. Жұлдыз да қасына келіп, Шапайдың не айтқанын тағы есіне алуын сұрады.

-«Сиқыршының анты, сиқыршының анты, шындық деген жазу» деді, -деді Бейбіт.

-Сиқыр, сиқыр, демек бұл шаршы сиқырлы, солай болуы мүмкін. Шындық деген жазу, меніңше, шындыққа тура қарау, жоқ, жоқ, олай емес, шындық, шындық, шындықты айту, кімге, қалай?,-деді Жұлдыз тағы да түсіне алмай, ойын сан-тарапқа жүгіртіп.

-Тұра тұр, бұл кітап сиқыршының кітабы, демек, шындық дегені сиқырға сенбей, шындықты айту, бәлкім солай –ау,-деп Бейбіт қуанып кеткендей болды. – Шындықты айту керек, бізге емес, шаршының ішіндегілерге, олардың жасырған құпиясы болса, соны айтып, бөлісу керек, бірақ бұны қалай жеткіземіз оларға,-деді Бейбіт тапқан ойының іске асыра алмайтынын сезіп, шаршының ішіндегі Айгүлге қарады. Сурдоаудармашы  олардың  бет пішінінің, ернінің қозғалысы арқылы олардың не сөйлеп жатқанын хабардар етіп отыр. Айгүлдің жылағаны,Нұрланның кейігенін, олардың да шындыққа жақын екенін, тек ешкім шындықты айтқысы келмей тұрғанын естіді.

-Айтыңдар, айтыңдар енді, бар сырларыңды  жасырмаңдар,  қане, қане, айт Айгүл,-деді Бейбіт, қынжыла. –Айт, менен жасырған сырың болса да айта бер, кешірім етемін, айта бер,-деді тағы.

-Олар ештеңе түсіне алмай тұр, біздің не қалайтынымызды білмейді, кім өз жасырғанын бөтен адамға айтқысы келеді дейсің!

-Мына құрғыр шаршының есігі болу керек, бұлар қалай кірсе, солай шығуы керек. Есік терезесі жоқ болуы мүмкін емес!,-деді де Бейбіт ашумен шаршыны жұдырығымен ұрғылағаны сол еді, қолындағы ескі кітапты түсіріп алды. Оның қолында тұрғанын ұмытып кетсе керек. Кітап ескі парақтары шашылып, екі бөлініп жерге түсті. Оны көрген Жадыра еңкейіп кітапты алды да, көзі бір шетке қарай қайырылып,  бүктелген бетке түсті. Парағы жыртылуға шақ қалып тұрғандықтан, асықпай ақырын бүктелген бетті ашты. Көз алдына кіп-кішкене етіп салынған шаршының суреті жарқ ете қалды.

-Бейбіт, Бейбіт, мынаны қара!

Бейбіт кері бұрылып, Жұлдыз ұсынған кітапты көрді де, қайдан таптың дегендей сұраулы жүзбен қарады.

-Мына кітапта бұл қайдан жүр? Меніңше шаршының сыры жазылған сиқыршының кітабы. Демек, біз жақындап қалдық,-деді де Бейбіт Жұлдызды құшақтап алды.

-Шаршы, оның ішінде бір әйел, шаршының қасында мынау күннің бейнесі болса керек, сонда бұл не мағына бергені? Бізге бұның не мағына бергені емес, шаршыға қалай кіру керек екенін табу керек сияқты,-деді Жұлдыз тағы бір екі бүктелген бетті ашып қарап жатып: -Мынаны қара, қандай тілде жазылған болса да, бұл шаршының нешемыңжылдық тарихы бар сияқты, қасында тіпті мамонттың да бейнесі бар,-деді тағы Жұлдыз.

-Бұл шаршы біздің дәуірімізге қалай келген, қайдан пайда болды түсініксіз,-деп кейіді Бейбіт.

- Егер бұл шаршыға мыңдаған не миллиондаған жыл болса, ал енді бұл қазір ешқайдан пайда болса, демек, жоқ жерден пайда болса дегенім ғой, бұл шаршы не көрінбей тұрды,не жер астынан шықты, әлде сиқыр!

-Жер астынан шықса, жер екіге бөлінер еді, сиқыр болса, қазіргі сиқыршылардың бұндай оқ өтпес шаршыға шамасы келеді деп ойламаймын, тағы Ойланып көрші, Жұлдыз.

-Шаршы уақыт кеңістігінде адасып келген. Оқығаным бар, уақыт жырығы деген болады екен. Әлде, параллель әлем дейме, меніңше уақыт жырығына тап болған бұл шаршы мың жыл, әлде миллион жыл бұрын жасалынып, кейіннен уақыт кеңістігінде жоғалып кеткен, енді міне ол қайта пайда болды. Бұл шаршыға шындық керек, ал ішіндегілер оны айта алмай отыр, демек бізге олардың жасырған шындығын табу керек, Бейбіт!.  

Бейбіт Жұлдыздың айтқанын құп көрді. Расында шындық керек болса, онда Бейбіт пен Жұлдызға бұлардың жасырған шындығын табу керек. Үш адам қаза болды, іштегі қалған төртеудің не жасырғаны бар? Әлде бұл да жай болжам ба екен? Бейбіттің енді расында басы қатты. Шым-шытырық, түсінкісіз оқиға. Айгүлмен танысқан тоғыз жылдың ішінде оның жасырған сырын білмеді. Айгүлді пәк, таза көрді. Айгүлмен алғаш танысқан кезде, ол әйел дәрігері болып алғаш жұмысқа тұрған кезі. Айгүл бастапқыда Бейбітті ұнатпады, тіпті мойын бұрып қарамаған. Оның есіл-дерті ақша, көлік, үй болғанын біледі. Бірақ Бейбіт те дүниеден құр алақан емес. Тапқанымен ескі болса да көлікке мінді, жер үй болса да, Алматының шетінен үй алды. Айлық жалақысы келесі айға жетіп те жататын. Бейбіт сонда да Айгүлдің жүрегін жаулады. Бейбітке өзі келді, мені жар ет деп өзі ұсыныс жасады. Содан бері олар бірге. Араға он жылсалып, құрсақ көтере алмаған Айгүл енді, міне, сол іштегі шаранамен тылсым шаршының ішінде отыр. Бейбіт сағына, асыға күткен баласынан айырылып қалмақ.

-Мен Айгүлмен 2007жылы таныстым,-деді Бейбіт, шаршының ішіндегі адамдардың 2007 жылы туралы айтып жатқандарын сурдоаудармашы арқылы біліп: - Демек 2007 жылғы мезгілде бір құпия бар. Әне, анау еркектің де сағаты 2007де тұрып қалған. 2007,2007, бұл жылда айтылмаған бір сыр бар,-дейді Бейбіт ойына бір нәрсе түскендей.

-2007, 2007де есімде Айгүлдің бір құрбысы қайтыс болды, тым жас болды, жаңа босаға аттаған қыз еді. Бірақ ол қыздың бұған қатысы жоқ шығар?

-Ол қыз неден қайтыс болды?,-деп сұрады Жұлдыз.

-Естуімше, өз өзіне қол жұмсаған. Нақты білмеймін, ол кезде, Айгүлмен жаңа танысқан кезім еді?

-Жақсы, бірақ Айгүлдің қасындағылардың не қатысы бар 2007ге. Демек оларда сол жылғы бір құпияларын жасырып отыр.

-Менің айтпағым да сол, біл жерде бір құпия бар. Бейбіт пен Жұлдыз үнсіз қалды. Екеуі кезек кезек ескі кітапты парақтайды. Неше түрлі бейнелер, белгісіз жазулар, бұлардың ойын сан тарапқа жүгіртті. Екеуі келісе келе 2007жылғы болған оқиғалар туралы іздестірмек болды.

 

11 бөлім.

Тағзым, Нұрлан, Жәдігер, Айгүл. Ортада құрт басқан екі мәйіт. Тым жиіркенішті, мұрындарына жағымсыз иіс келеді. Құрттар мәйітті жеп жатқан сияқты, шырт-шырт, қырт-қырт, порт-порт еткен дауыстар құлақты жеп барады. Төртеуі жиіркенгеннен өз өздерінен лоқсып, бұрышқа тығылғаннан тығылып жатыр. Әлсін-әлсін Айгүлдің толғағы араға минуттар салып келіп жатқан сияқты. Тыныштықты Айгүлдің ыңылдаған даусы бөліп жіберіп, толғақ қысымы қайтқан сәтте қайта тыныштық басады. Ешкімнің сөйлеуге шамасы жоқ. Таң сәріден бері шаршыға қамалып, құр сүлдері қалып барады.

-Аллам, маған жәрдем бере көр, мен сенің құлыңмын, құлыңа көмек бере көр,-деп жалбарынып отыр Тағзым.

-Сен де, Құдай, Құдай деп аузың жабылмады, қане Құдайың болса бізді неге бұл қапастан шығармайды, жоқ нәрсеге сенесің,-деп Нұрлан кейіп тастады.

-Сен Алланың бар екеніне күмән келтіресің бе, қазір бұлжерде өліп кетсең, көреміз әзірейілді қалай қарсы алғаныңды,-деді Тағзым айтқанынан қайтпай.

-Мен атеистпін, мұсылман, христиан, католик боласың ба өз еркің, мен Құдайға сенбеймін. Тағзым мен Нұрланның айтысы осылай бітті. Өйткені Нұрланның соңғы сөзін айтпай жатып, түрі өзгеріп,  көзі қызарып бара жатты. Кенет Нұрланның қолдары дірілдеп, жерге бұратылып жата кетті. Түрі ұсқынсызданып, қырылдаған ащы дауысымен аспанға қарай ұлып кетті де артынша айғайлап жіберді. Бетінен тікенектер шығып, түрі ібілістің түрінен аумай қалды. Ортаға шығып, билей кетті Нұрлан. Аяқтары аша тұяққа айналып, қолдарының саусақтары жылан тәріздес ирелеңдеп кетті. Аузынан аждаха сияқты от шашады. Ирелеңдеген қолдарымен Жәдігерді алып ұрды. Жәдігер екеуі итше арпалысып, төбелесе кетті.

-Нұрлан, Нұрлан, саған не болды, есіңді жи,-дейді соққының астына алынып жатқан Жәдігер. Оны тыңдайтын Нұрлан жоқ. Жәдігердің басын ұстап алып, әйнек жерге ұрды, ұрды да ұрды. Еденді қан жуып кетті. Әп-сәтті Жәдігердің басы жарылып, қансырап жерде жатты. Миы мыжылды. Нұрлан жеңісіне қуанғандай төбеге қарап ақырып жіберді.

Айгүлдің көзі шарасынан шығып, үнсіз естен танып қалған сияқты.

-Бисмиллях, бисмиллях.Ағузу биллаһи минәш шайтанир – ражим.
Би – исми – л лаһи – р – рахмани – р – рахим.
Әл – хәмду лиллаһи рабби – л - әләмин.
Ар – рахмани- р – рахим.
Мәлики йауми – д – дин.
Ий – ака нағбуду уә ий - әкә нәстағин.
Иһдина – с – сирата – л – мустақим.
Сирата – л – ләзинә әнғамта ғалейһим ғейри – л - мағдуби ғалейһим уа – ла- д – даллин
,-деп Тағзым өзі білер Фатиха сүресін айта жөнелді. Қайталай берді қайталай берді. Ібіліске айналған Нұрлан Тағзымға қарады да, жанына батқандай бақырып, тұра ұмтылды. Бірақ Тағзым сүрені қайталай берді. Ібіліс Тағзымға жолай алмай бір орнында тұрды да қойды. Кенет аяқ жағынан бастап от кетіп, денесіне қарай шарпыды. Лезде Нұрлан жалынды отқа оранды. Ібіліс оттан жаратылған болса да, Ібіліске айналған Нұрлан отқа өртеніп барады. Әп-сәтте Нұрланнан қалған күл жерде шашылып жатты. Қасында басы жарылып, миы шашылған Жәдігер де жан тапсырды. Енді екі бұрышты үрпиіскен екі жан бір-бірінен күдіктене, ес түстен айырылып отыр... Айгүлдің толғағы тағы қысты.

 

 

12 бөлім.

Шаршының ішіндегі оқиғаны көргендер енді бұл маңнан аулаққа кетейін деді. Шаршы маңына жиналған әр түрлі дін өкілдері де бар. Тағзымның Фатиха сүресін оқығанын құп көрген имамдар да сүрелерін үзбей оқып отыр. Бірақ бұлардың даусы оларға естіліп жатқан жоқ. 

Бейбіт пен Жұлдыз Аман қарияға қайта келді. 2007 жылғы есте қалар қандай оқиға болғанын сұрады.

-Қызым, сен тілшісің, сенің білуің керек?,-деді Жұлдыздың өзіне төтесінен сұрақ жаудырып.

-Ата, мен ол кезде оқу орнында оқитынмын, жатақханада тұрдым, еш жаңалықтарды естімеппін.

-Ал, сен ше балам, сен де баспасөз хатшысы емессің бе?

-Ата, менде ол кезде, қара жұмыспен айналысып, екі қолға бір күрек іздеп жүрген кезім еді, 2007 жылы бұл жыл еліміз үшін ғана емес бүкіл әлем үшін тарихтағы ең ірі қаржылық дағдарыспен есте қалды. Экономикалық дағдарыс осы Қазақстанды да шарпып өтті емес пе?,-деді Бейбіт.

-Менің шәкіртіме бардыңдар ма?

-Иә, ол жазуды оқып берді. Шындық деген сөз деп топшыладық. Бәлкім олай да емес, түсіне алмай жатырмыз.

Ескі кітапты қайта қолына алып, Аман қария біраз парақтады. Бейбіт кітап ішінен тапқан бүктеулі қағазды ұсынсып еді, қария таңданып тұрып, оқып кетті.

-Міне, мына жерде, былай жазылыпты «Сайтан малғұн әйелдің кейпін алды,

Өзінен Құдай атты жасап алды.

Азғырып әйел затты өзімен ілестірді,

Өлтіріп тақуа ханның басын алды.

Ол әйел, Ібілістен сабақ алды,

Данышпан ақ шаршыға құлып салды.

Ішіне Сайтан қатын кіргізілді.

Шындықты айт, деген тайпа ақ әйнекке,

Шындық сөзін ойып салды,

Төрт қабырға, бір тәулікке ғана жетер,

Ібіліс қатын, одан кейін мәңгі өшер.», міне бұл жерде осылай жазылған,-деді қария жыртылып, жазудың өңі кетіп бара жатқан бетті  оқып отырып, оны лезде өз тіліне аударып берді.  Бейбіт пен Жұлдыздың жорамалы расымен де дұрыс келе жатқан екен. ендігі мақстан шындықты айтқызу.

-Бұл Ібіліс әйелдің қамалған шаршысы болса, бұл шаршы Қазақстан аумағына қайдан келді? Әлде бұл болған аңыз расымен де осы аймақта болды ма екен?,-деді Жұлдыз: - Десе де, орхон-енисей, брахми жазуларына қарағанда осы Азияның бір жері, яғни ол біздің елдің де жері дегенге келеді. Жақсы, шаршының құпиясын таптық, енді бізге ол шаршының ішкі құпиясын табу керек!,-деп Жұлдыз арлы-бері шыдамсызданып, жүр.

-Бір тәулік, бір тәулік, нені меңзеп тұр. Бір тәулік ішінде шындығы айтылмаса, ішіндегілер өледі деген сөзбе? Мүмкін емес, дереу шаршыға баруымыз керек!-деді де Бейбіт жан ұшыра жүгіріп кетті. Күн батуға жақын болатын.

13- бөлім.

Шаршы іші. Тұман сейіліп бара жатқан сияқты көрінді. Бір бұрышта Айгүл , қарама қарсы бұрышта Тағзым. Екеуі бір-бірінен көмек күткендей, жалтаң-жұлтаң қарайды.

-Толғағың басылды ма?,-дейді Тағзым, қарсыда отырған келіншекке жаны ашып.

-Әлсін, әлсін келіп қойып жатыр. Қорықпаңыз, мен қазір босанбаймын, әйел дәрігерімін ғой, бұл жағын білемін,-деп өзін зорға мәжбүрлеп жымиғандай болды.

-Екеуімізді ешкім тыңдамады, расымен де 2007 жылы не болғанын екеуіміз де біліп отырған сияқтымыз, қалай ойлайсың ,айтатын кез бе?

-Бәлкім, айтсақ айтып қалармыз, енді жарық дүниені көрмеспіз, бірақ біреуден кешірім сұрап қалғым келеді. Ол мені қазір естімейді де, көрмейтін де шығар бәлкім, менің жасырған құпиям зор етектен, сол үшін өкінемін. Бірақ өкінгеннен не пайда, кешірім сұрағым келген адам қазір жоқ,-деді Айгүл Күнікей әжейдің мәйітіне қарап. –Ажалым келгенде емес, қазір сұрасам болатын шығар. Тағзым үнсіз басын изеді.

-Менің жақын құрбым болды. Ол кезде мен жас едім, ақша, байлық десе жолдан таятын едім. Рас жастайымнан жоқшылықты көріп өскен соң, бай ортаға тап болу мен үшін мәртебе еді. Бірақ, мен қалаған адам мені емес, құрбымды таңдады. Соны жар етті. Қызғанышым кекке айналды. Ашуға бұлыққаным сонша, аяғы ауыр құрбымның күйеуімен ойнас жасадым. Одан бай еркекті тартып алғым келді. Неге тек мен ғана жеңілуім керек, неге мен шетте тұрып, дүниеге қызықтап қана қарап жүруім керек деген ой санамды жаулап алды. Мен қайтсем де, ол адамның жары боламын деген ой маза бермеді. Мен жеңдім.  Аяғы ауыр құрбыма алдап дәрі ішкіздім. Ол маған сенді ғой,-деп Айгүл еңкілдеп жылап жіберді: -Сенді ғой маған, мен берген дәрі балаға пайдасы бар деп ойлады, әйтсе де ол түсік тастайтын дәрі болатын. Құрбым түсік тастады, онымен қоса жатырын да алып тастадым. Менің кегім бітпеген еді. Жатыры жоқ деп жарына айтып, оны одан бездірдім. Екеуі екі жаққа кетті. Бірақ ол жігіт мені жар етпек түгілі, мен жаққа қарамады да. Мен сол кезде жеңілгенімді түсіндім, кейіннен құрбымның мәйіті табылды. Өз-өзіне қол жұмсапты. Мені кешірші, Ұлжан,-деп Айгүл әйнек қабырғаны ұрғылап, еңіреген күйі тоқтамай жылады. «Кешірші мені, Ұлжан» деп қайталай берді. Сөз кезегін Тағзым алды.

-Менің де кесірімнен бір қыз қайтыс болды. Бірақ менің жасырғаным жоқ, сол үшін жазамды өтеп шықтым. Десе де, менің оған қолымның ұшы да тиген емес, бірақ өзімді соның алдында кінәлі сезінемін. Мен оған ғашық едім. Оның арын қатты бағалайтынмын, өйткені менің қарындастарым бар. 2007 жылының сол түні, мен оған ұсыныс жасамақ болдым, бірақ кеш болған екен. Достарым деп жүрген адамдарым менің ары таза сұлуыма қиянат жасапты. Ақ босағаны ақ, адалдықпен аттасын деген сүйгенім бір күнде мен үшін харамға айналыпты. Мен одан кейін ол қызға тіптен қарамай кеттім, жиіркендім. Достарыма болысып оны айыптадым. Бірақ шындықтын әлдеқайда алыста жатқанын қайдан білейін? Ол қыз маған өштесіп кетсе керек? Достарым мені сатып, аяғында мен темір тордың артынан бірақ шықтым. Шынымды айтсам, мен бұл жерге темір тордан келдім,-деді Тағзым, бар шындығын жайып салып: -Сол абақтыда отырған кездегі үйренген сүрелерім өзіме қалқан болды, шүкір, мен Алладан кешірім сұрап келемін және Ырыстымнан кешірім сұраймын, менің сырым осы,-деді. Тағзым еркек болса да көзінен бір тамшы жасы үзіліп түсті.

-Мына киімдер сол құрбымды соңғы көрген кезімдегі киімдер еді,-деді Айгүл.

-Менің де, Ырыстым мені соңғы көрген кездегі киімдер еді.

-Демек, мына кісілердің де осындай бір қылмысты күнәсі бар болғаны ғой, ол кісілер айтып қалса бәлкім бұлай көз жұмбас па еді?

-Бәлкім... , бірақ біздің де жанымызды суыратын әзірейілдің келмесіне кім кепіл?..

Бейбіт бәрін түсінді. Айгүлдің құпиясын білді. Жүрегі сыздап барады. Жан жары Айгүлі бұндай қылыққа барады деп еш ойламаған болса керек. Кенет есіне Шапайдың айтқан сөздері түсті.

-Қалай есімнен шығардым екен, Жеті әйел анты, сиқыршының анты, бұл деген мына шаршы ішінде болған жеті кісінің қиянат еткен әйелдері болса керек, жеті әйел,-деп Бейбіт қасындағы Жұлдызға мән-жайды түсіндірді.

Бейбіт Шапайға қайта келді. Дәрігер бұл жолды да үзілді кесілді қарсы болып, кіргізбеудің амалын іздестірді. Бірақ оған Бейбіт те көнер емес, дәрігердің қалтасына қолын кіргізді де, шытырлаған қағаздың даусы естілгені сол еді, дәрігер басын изеп жол көрсетті. Шапай әлі де төсекке байланып жатқан екен. Ұйықтап жатса керек, анда санда пыс-пыс етіп қояды да қорылға басып, артынша қайта тым -тырыс бола қалады. Бірер сағат бұрын келіп кеткендіктен, Шапайды көндіру оңай болды. Шапайдан мән-жайды тағы сұрағыштай берді де, өзімен бірге алып келген әдемі қалам мен мұқабасы қатты, әсем дәптерды сыйлық етіп ұсынды. Шапайдың әңгімесі жарасқандай болды. Ол ешқандай жын соққан емес, кәдімгі сабырлы мінезді, байыпты көзбен қарап, сөз алды:

-Жеті әйелдің анты бар. Ол жеті әйел бір күнде, бір жерде, бір уақытта қаза болды. Олар Ібіліске ерді. Кекшіл, озбыр сайтанға ілесті. Мен оларды көрдім. Сол түні Алматы шетіндегі саяжайдың біріне демалуға бардым. Түн ымырт жабылып, толассыз жауын жауып тұрған еді. Күн күркіреп, найзағай жарқ-жұрқ еткен. Бонапарт деген итім бар еді, абайсызда, тоғайға қарай жүгіріп кетті. Артынан іздеп барғаным сол еді, алыстан жеті адамның жанған отқа табынып, артынша бір-бір қанжарды ұстап алып, өз құрсақтарына сұғып жібергенін көрдім. Сосын, сосын,-дей бергенде Шапай кенет, ауруына қайта басып, Бейбітке қарай ұмтылды да, өзге тілмен, құлағына кеп сыбырлады.-Сен, менің миссияма қарсы шыға алмайсың,-деді де артынша, өз даусына салып,-тезірек кет, жеті әйелдің өлгені туралы ізде, мен оны ұстай тұрамын, -деді. Шапай алқынып, дем жетпей, көзі алайып жерге сұлқ құлады.

 

14 бөлім

Бейбіт жүгіре басып ұлттық кітапханаға аяғын тіреді. Келе сала,аптығып, асығып, кітапханашыны сұрақтың астына алды:

-2007жылғы 22қыркүйекте болған, жеті әйелдің өлімі туралы айтылған газет тігінділері керек, тез арада тауып берулеріңізді сұраймын

-Он жыл өтіп кеткен екен, табу қиынға соғар, архивтен іздеу керек, интернеттен іздеп көріңіз,-деді кітапханашы басаң сабырлы үнмен тіл қатты: 

- Ғаламторда болса, сізден сұрамас та едім, ғаламтор желісінен өшіріп тасталған мәлімет, тек бір ғана газетте жарық көрген, ол газеттің өзі артынша жабылып қалса керек, бір екі мақала болуы тиіс,-деді Бейбіт қайта сұрауға салып.

-Жоқ, бізде жоқ, ғаламтор желісінде болмаса, бізде де жоқ,-деді кітапханашы келіспегенін білдіріп, Бейбітке мән бермей, кері бұрылып кетті. Бейбіттің ашуы келді. Бұл бір жұмбақ кімге керек болды, кімнің артын жапқысы келеді бұлар деп ойланды. Ол көп кідірмей, кері айналып шығып кетті. Бірақ Бейбіттің ойында бөтен ой зып беріп кірген еді. Күн кешқұрым тартып, кітапхана жабылу алдында тұр. Бейбіт білдірмей ішке кірді де, кітаптар тұрған сөрелердің артына жасырынып қалды. Кітапты ұрлайтын ешкім жоқ деген болар, күзетшілер де демалуға кіріскен тәрізді. Бейбіт кітапханада ешкім қалмағанын біліп, жертөледе орналасқан архивке кірді. Шаң басып, бірнеше уақыттан бері адам ізі түспеген жертөледе өрмекшілер торларын құрып тастаған секілді. Әрине, ғаламтор тұрғанда шаң басқан архивтен не іздемекпіз деп іштей ойлап келеді. Осы архивке күні бүгін түсіпті. Өзі жазушы болам деп ойда жоқта қылмыс әлемін қағазға түсіріп, қалай болғанын баяндап беріп отыратын баспасөз хатшысы болып кетем деп ойламаған да еді. Тек жаза берсем болды деп ойлаған ол, екі қолға бір күрек табылмаса, тек жазылған шимайың ешкіме керек емес екенін түсінген. Жазды, жазды, ешкім оқымады, оқитын оқырманы табылмады, кейін қолын бір сілтеп, табылған жұмысқа кіріп кетті. Бейбіт одан кейін кітапхананың табалдырығын аттамаған. Кезінде өзі осы архивтен шықпай, ізденіс үстінде жүруші еді, енді оның үміті үзіліп, жазушы болам деген арман мақсатын, бір жаққа ысырып қойып, отбасы қамы деген сылтаумен кете барған. Енді міне бүгін сол өзі жапқан архив есігін қайта ашып кірді. Тым-ырыс, шаң басқан кітаптар, газет- журналдар тігінділері ғана. Бейбіт аралап жүріп, 2007жылғы тігінділерді көзі шалды. Іздей берді, «Тылсым қылмыс» газетін іздеп әлек. Жоқ, табылмайды. «Т»әріпінен басталатын тігінділерге көз салды, ол жерде де жоқ. Бейбіттің салы суға кетті. Енді не істеймін деп тұрғанда, сөренің ең жоғарғы жағына көзі түсті. Бернеше газеттердің ұшы шығып қалған секілді.  Сөренің жанында тұрған орындықты сүйретіп алып келді де, үстіне шықты. Шаңның ұшқынына мұрны жыбырлап, әлсін-әлсін түшкіріп қояды. Шаңы екі елі болған сөренің үстіндегі газет тігіндісін қолына алды да, газеттің бетін үрлеп жіберді. Шаңы бұрқ етіп, астынан «тылсым қылмыс» газетінің бейнесі жарқ ете қалды.

-Таптым, таптым,-деп қуанып кетті де, аяғы тайып, жерге гүмп етіп құлап түсті. Қолымен жерді тірей құлап, қолының ауырып қалғанына да мән бермей, газет тігінділерін парақтап кетті.

-Жоқ, жоқ, мұнда жоқ,-деп Бейбіт ашуға бұлықты да, газетті апыл-ғұпыл парақтап жатты. –Осы жерде болуы керек еді, 2007жыл, 22 қыркүйек, газеттің 10-ы саны. Дәл осы жерде болуы керек еді. Неге жоқ, бәлкім, бәлкім, қырқып алынған, дәл осы беттегі мақала қырқып алынған,-деп Бейбіт ашумен газет тігінділерін итеріп шашып жіберді де, сөрені бір тепті.

-Қайтсем де ол мақалада не жазылғанын табуым керек, ол жеті әйелдің не үшін өз өздеріне қол жұмсағандарын табуым керек,-деді де Бейбіт, таңның атуын күтіп отыра кетті.

Көзі ілініп кетсе керек, бетін жұмсақ қанаттың шарпып өткенін сезгендей болды. Жанында біреу әлсін-әлсін демалатын секілді. Көзін ашса, айналасында аппақ қар ұлпалап тұр. Айнала жым-жырт. Аппақ далада барқыт төселген мамық төсекте жатыр. Қасында ақ кебінге оранып, қап-қара қолаң шашың тарап бір сұлу отыр.

-Ояндыңыз ба хан ием,-дейді сұлу.

-Сен кімсің? Мен қайдамын? . Бикеш үндемеді. Аппақ тістері маржандай тізілген күлкісімен сәл жымиды да, үстіне ораған кебінін жерге тастай салды. Аппақ қардай алма бетінің дірдір еткен қып-қызыл еріні сулы тартып тұр. Қап-қара көзімен жыпылық-жыпылық айқасқан кірпіктерінен үркіп тұрған нәзік аруды көргендей болды.  Таныс бейне, таныс сезім сияқты.  Бейбіттің көзіне бұл қыздан басқа ештеңе көрінбеді. Жаханда екеуі ғана қалғандай. Аласұрған, алқынған сезім денесін қыздырып, жанын албыртып бара жатыр. Құмырсақа белі қиыла, томпиған төсінен күн күлімдеген ару Бейбіттің құшағына ене берді. Бір сәтке Бейбіттің тәні рахатқа бөленіп, аймаласып алысқан екі жанның төсі төсіне, балтыры балтырына жанасып, ләззат құшағына еніп кетті..

Таң атты. Күзетшінің кітапхана есігін қиқулата ашқан даусынан селк етіп оянған Бейбіт, қасында шашылып жатқан газет қиындыларын қайта ақтарды. Кенет көзі бұмаждалып бір  бұрышта жатқан қиындыға түсті. Дәл өзі, 2007 жылғы жеті әйелдің жұмбақ өлімі жайында жазылған мақала. Қалтасына салды да, есікке қарай беттеді. 

 14 бөлім.

Бір тәулік уақыт келіп қалды. Шаршы ішіндегілердің құпиясы ашылса да, шаршының құпиясы ашылмады. Бейбіт алқынған күйде шаршы маңына келді. Жұлдыз да сонда жүр. Бірдеңе біле алдыңба дегендей, Жұлдыз да сұрақ астына алып жатыр. Бейбіт қалтасынан бір жыртық газеттің қиындысын берді.

-Кеше 2007жыл, 22 қыркүйек, Алматы маңындағы «Үшқоңыр» саяжайының маңындағы тоғайдан жеті әйелдің мәйіті табылды. Жас шамалары 22-23 жас. Ортаға от жағылып, жұлдыз белгісі сызылғанына қарағанда діни ұйымдардың кезекті салт-жоралғысына ұқсайды. Тек, өз өздеріне қанжар сұққан жеті келіншек, сол жерде-ақ жан тапсырған. Қылмыс зерттелу үстінде. Әйткенмен де, өз өзіне қол жұмсады деген баппен, әйелдердің туыстары қылмыстық іс қозғауды болдырмай отыр. Олардың айтуынша ол әйелдер белгісіз бір ұйымға кіріп, өздерін құрбандыққа шалған. Қазақстанда мыңдаған діни секта, конфессиялар бар екені белгілі. Солардың бірінің әрекетіне балаған әйелдердің туыстары, қылмыстық істің қозғалуын тоқтатты. Секта ісі әлі де жалғасын тауып жатыр,-деп, Бейбіт Жұлдызға қарады да, артынша: –Шапай Жанғабылұлы,-деп бітірді.

-Шапай, әлгі Шапай жазған болып тұр ғой,-демек деді Жұлдыз таңырқай.

-Иә, сол Шапай болса керек, ол өзі нақты айта алмаса да, бір бағыт берді, меніңше оның есі дұрыс сияқты.

-Жоқ, есі дұрыс болса жындылар үйінде жатпас еді.

-???.  

Бозамықтанған таң қылаң беріп, күн көтеріліп келеді. Таң шапағы түнгі туманды сейілтіп, тұп-тұнық саф ауамен бірге дала гүлінің жұпар иісі танауды жарады. Қоңыр салқын самал, бетті жанап өтіп, күздің түсі суық сұр бұлтын елестетеді. Аспан сұр бұлт емес,ап-ашық.  Күннің өзі әйнек шаршыға шағылысып, көздерді тайдырып әкетіп жатыр. Шаршы да мөлдір, жаухардай. Бетіндегі жазулар жарқ-жұрқ етеді. Сондай әдемі, таңғажайып.  Қарасаң қарап тұрғың келеді.  Мөлдірлігі сонша, ішіндегі Айгүл мен Тағзымның жанары тоғысып, таңға дейін аман отырғандарына мәз болып отырғаны анық көрінеді. Шаршының ішіндегі тұман да сейілген.

Айгүлдің толғағы жиілеп кетті. Әне-міне баланың басы да көрінер. Оның жан даусы шығып айғайлап жатқанын Бейбіт естімесе де, көріп сезініп тұр. Қасында Тағзымның не істерін білмей, сасқалақтап тұрғаны да көрінеді. Сурдоаудармашының көмегіне жүгінді.

-Тағзым, көмек берші,-дейді Айгүл жаны қиналғаннан, өзі дәрігер болса да, өзгеден көмек сұрап.

-Қалай, мен дәрігер емеспін, не істеймін?

-Бала шығып келеді, баланы құтқарып қал!

Айгүлдің жанында Бейбіт емес өзгенің болғаны қынжылтты. Тағзым Айгүлге көмегін беріп жатыр. Айгүл қатты күшенген уақытында, шекесі торсықтай баланы Тағзым құшағына алды. Тағзымның көзіне жас үйріліп, кіп-кішкентай нәрестені құмарта иіскеді. Айгүлден қан көп кетіп жатыр, өзінің өңі бозарып барады. Тағзымның қолындағы баласының жүзін көргісі келіп, қолын соза, жерге сұлқ етті... Тағзым мен нәресте ғана қалды.

Айгүлден айырылған Бейбіттің екі көзі баласында. Боздап жылады, өкірді, үмітін үзіп, бар даусымен бәріне лағынет айтты.

-Бейбіт, Бейбіт жылама, бекем бол,-деді Жұлдыз, оны қапсыра құшақтап:- Жүр, бірнәрсе көрсетейін,-деді де үнсіз ендігі бәріне көне беретін Бейбітті шаршының бір бұрышына алып келді. Шаршыда есік пайда болған сияқты көрінді. Оны ешкімге көрсетпеген бұлар, әйнекті ұстап-ұстап көріп еді, сыңғыр етіп есік ашылды. Бейбіт артына қарамаған күйі, шаршы ішін лып берді...

Бір-біріне шағылысқан айналар көзге ұрып барады.   Бейбіттің алдында ұзын сонар айнамен көмкерілген жол. Бірі оң жаққа, екіншісі сол жаққа, үшіншісі төбеге кетеді. Дәл қай жолмен жүру керек екенін түсінбей, Бейбіт тағы дал болды. Сырттан қарағанда нақ жаныңда тұратындай көрінген шаршының іші, ой салмас жолдарға толы екен. Бейбіт оңға бұрылды, жүріп келе жатып, тұйыққа тірелді. Кері қайтып, солға жүрді, одан оңға, кейін солға одан кейін тағы тұйық. Әйнектен Тағзым мен баласы көрінеді, әйтсе де қайда бұрылса да, тұйыққа тіреліп, жол табылмайды. Шығар есікке қайта келді де, төбеге кетер жолмен тағы жүрді. Жүріп келеді, алдынан оң мен солды бағыттайтын қиыр-қиыр дәліздер тағы көрінді.

Әр дәлізде төртбұрышты бөлмелер тағы бар. Бейбіт енді шынымен сасайын деді. Кенет алдынан жүгіріп келе жатқан  ібіліске айналған Нұрлан көрінді. Келе сала Бейбітті бас салмақ болып еді, екі арада тұрған айна ұстап қалды. Одан кейін де біртіндеп өлген жандар көрініп, бұған тұра атылмақ болды, дей тұрғанмен айна сиқыры бұларды оның маңына жуытпады. Бұлар шаршының тұтқыны болса керек. Ең соңынан Айгүл көрінді. Екеуінің арасын екі бөлген айнаға лағынет айтып, егіліп жылаған Айгүлдің әйнек сыртынан бетін ұстады, жұбатқандай болды.

Екеуі үнсіз тілдесіп, жан дүниелерін ұғып жатқандай.  Ашылмаған сыр. Айтылмаған ақиқат, біреудің көз жасы, екіншінің кегі келіп тіреліп, Бейбіт пен Айгүлдің көздерінен ұққан дауыстары естіледі:

-Мені неге алдадың Айгүл?

-Мені кешір, жас едім,  қызықтарға мас едім!

-Мас болғаның соншалық, бір ғұмырды үзгенің?

-Анам жесір, жоқшылық еді көргенім!

-Байлық, ынсап, іздегенің сол ме еді?

-Сені көріп, тағдырыма көнгенмін!

-Жә, жә жетер, өтті өмір, өкінбе!

-Қош бол, жаным, нәрестеңе бол әке!

Айгүл көзден таса болғандай. Бейбіттің құлағына баланың шырылы естіліп, құлағын шымырлатты. Әйнектерді сыңғырлата жүріп келеді. Баланың даусы әр жүрген сайын жақын естіліп, Бейбіттің жаны аласұрады.

Келіп жетті-ау. Алдынан сыңғыр етіп есік ашылды. Ішкі бөлмеде Тағзым мен оның қолында жаңа туылған шақалақ бар...

Бейбіт баланы қолына алды.

Тағзым, есікке қарай ұмтылды.

Есік қайта жабылып бара жатыр еді, есікті шап беріп ұстаған Жұлдыз келіп қалды. Тағзымға тезірек кет дегендей белгі берді. Бейбіттің жанына келді де, қолына нәрестені алып біраз иіскеледі. Бейбіт те қуанғаннан көзіне жас алып, Жұлдызды құшақтады.

-Балам аман, рахмет саған, шаршының сырын аштық, енді кетейік,-деп Жұлдызды құшағынан босата баланы алмақ болып икемденіп еді, белгісіз күш оны артқа итеріп, әйнек қабырғаға қарай лақтырып, құлатып жіберді. Ешнәрсені түсінбей қалған Бейбіт орнынан тұрды. Дәл алдында Жұлдыз тұр. Бірақ бұрынғы Жұлдыз емес, үсті от болып жанып тұрған, артында тым үлкен қанаттары бар белгісіз бір қорқынышты бейнелі мақұлық.

-Жұлдыз, саған не болды,-деді Бейбіт бұл көрініске таңқалғанын жасырмай.

-Цук, цук, цук,-деп басын шайқап, таңлай қақты Жұлдыз:- Сен әлі де түсінбедің бе? Мен Жұлдыз емеспін!

-Сен кімсің,  саған менен не керек, баламды бер де жайыма қалдыр!

-Жо-жо-жоқ.

-Жұлдыз, Жұлдыз бұл мен Бейбіт, танимысың, мына шаршының сиқырына алданба, берілме,-деді де Бейбіт Жұлдызға ақырын жақындап келеді. – Сен Жұлдызсың, бұл сиқырлы шаршының бізді алдап тұрғаны, берілме, қазір бұл жерден шығамыз,-деп ақырын Жұлдыздың қолындағы нәрестені алмақ болды. Жұлдыз Бейбітке қарап үнсіз, мұңайып тұрған секілді. Ішіндегі Ібіліспен арпалысып, көзінен бір тамшы жас щыққандай болып, Бейбіттің қолына тамды. Тамған бойда оның қолын күйдіріп жіберді. Айғайлап қолын тартып қалған оны Жұлдыз  ұстап алды.

-Мені алдайын дедің бе?,-деді қарқ-қарқ күлді де артынша қабақ шытып ашуланды.

-Жоқ, тек баламды бер. Мені ал, баламды босат,-деді Бейбіт жалынышты үнмен.

-Жо-жо-жоқ, маған керегі де осы бала емес пе еді! Түкке де түсінбепсің!

-Нені түсінуім керк? Менімен бірге жүріп, бұл шаршының құпиясын іздеген Жұлдыз дәл қазір көз алдымда сайтан іспетті тұр. Бұл не көрініс тағы.

-Мен, Жұлдыз емеспін. Жұлдызыңның кейпіндегі Суккубус. Оның не екенін білесің бе?

-???

-Ахахаха,-деді күліп Жұлдыз.- суккубус- Ібілістің әйел бейнесі. Яғни Ібілістің әйелі десең де болады. Осыдан миллон тіпті миллиард жыл бұрын, менің анамды осы шаршыға қамап, мәңгілікке осы жерге қалдырған екен. Енді оның босайтын кезі жетті. Менің анам, мына нәрестенің туылуымен бірге шығады. Бұл шаршыға шындық керек болған. Бірақ шындық ол жаңа туылған нәресте.

-Менің баламды жайыма қалдыр. Қаласаң мені ал.

-Сенің өшер күнің онсызда таяу! Маған мына нәресте ғана керек!

-Әлемде нәресте көп, неге менің балам!

-Бейбіт, қандай  тас жүрексің. Маған осы шаршының ішінде туылған бала керек.

Жұлдыз Бейбітті қапсыра отпен орап алған. Қыбыр етер емес. Денесі ысып терлеп бара жатыр. Сонда да тілі күрмеліп сөзге келіп жатыр.

-Сен кімсің?

-Айттым ғой, мен мұсылманша айтқанда Мұнафық-екіжүзді ібіліспін. Мені Мадам Мұнафық десең де болады. Айтпақшы кітапханадағы түн мен үшін керемет болды!

-Не деп кеттің, қандай түн?,-дегені сол еді, Бейбіттің кітапханада болып, ғайыптан пайда болған әйел бейнесімен ләззатқа батқан  кезі есіне түсті. Оны түске жорамалдаған Бейбіт енді оның түс емес, өң болғанын сезгендей болды.

-Сонда сен бәрін білдің бе? Шапайды, Аман қарияны? Ал Жұлдыз қайда? ,-деді Бейбіт аң-таң болып.

-Ақымағым-ау, әлгі жеті әйел анты деген жерде қаза болған жеті әйелдің бірі сол Жұлдыз болатын. Ол жеті әйел болып, «Ібіліс» ұйымына мүше болып, мені шақырды. Менен көмек күтті. Өздерін ренжіткен адамдардан кегін алып беруін сұрады. Әрине,мен, шақырған жерге келдім. Ішіндегі ең сұлуы осы Жұлдыз болған соң, оның кейпін алдым. Ал өздері қанжардың өткір жүзіне тойтарыс бере алмады, өкінішті. Кегін де алдым, анамды да қайтарамын,-деді Жұлдыз қарқ-қарқ ккүліп.

-Сонда, -деді Бейбіт әлі де түсіне алмаған түр танытып:- Бұл шаршы қайдан келді және шаршы мен жеті әйел антының арасында не байланыс бар?

-Бұл шаршыға менің анамды қамап, шындығын айтқызғзы келген. Бірақ анам айтпады. Сол себепті бұл шаршыны үш мың жылғы болашаққа жіберді. Түсінемісің, болашаққа.

-Түсінбедім!

-Жақсы, саған мынаны айтайын,-деді де Жұлдыз қолына ескі бір парақты алды. Бұл парақтың әлгі ескі кітаптың парақтары екенін түсінді. Бірақ бұны көрмеп еді. Жұлдыз оқи жөнелді:

- «Сайтан малғұн әйелдің кейпін алды,

Өзінен Құдай атты жасап алды.

Азғырып әйел затты өзімен ілестірді,

Өлтіріп тақуа ханның басын алды.

Ол әйел, Ібілістен сабақ алды,

Данышпан ақ шаршыға құлып салды.

Ішіне Сайтан қатын кіргізілді.

Шындықты айт, деген тайпа ақ әйнекке,

Шындық сөзін ойып салды,

Төрт қабырға, бір тәулікке ғана жетер,

Ібіліс қатын, одан кейін мәңгі өшер.» бұл жолдарды әлгі Аман ата оқып берді ғой, ал мына бетті мен оқып берейін. Брахми жазуы келесі бетте кхироши жазуы, ал енді жалғастырайық,- деді де, оқи кетті

-« сонда сайтан әйел тілге келді:

Топырақтан жаралған, ей адамдар!

Мені тыңдап, маған ғана қараңдар.

Мен дағы Ібілістен сөз алғам,

Сөзде тұрам, айтылмайды шындығым.

Мың жыл, мың  ғасыр өте берсін,

Болашақта ұрпақтарың таралған.

Солармен тығыз болып байланыс,

Азғырып, азғындауға жаралғам.

Шықырып, өздері ақ көмек сұрар,

Сол кезде, бұл шаршы да қайта қонар.

Мені іздеп келеді талай ұрпақ,

Бас ұрып, аяғыма жатып тұрмақ.

Құдайды еске алмай, ұрпақтарың,

Ібіліске еріп, өзінше мақтан құрмақ.

Мен оралам, мені іздеп шақырғанда,

Жылатып ерді, азғырып әйел бейнесін

Ер мен ерді, қыз бен қызды қостырып,

Жезөкшелік жолды қызға тостырып.

Күретамыр шөптен қорек-ләззәт ап,

Кетер ұрпақ, харам ішіп шартарап,

Ақиқаттан алшақтатып, ілестіріп өзімен,

Әзәзілге табындырам, Құдайынан бездіріп,

Менің отым, шарпып кетер төбе-шың

Ей адамдар, азғындықтың талайын әлі көресің! »,-деді де Жұлдыз қарқа-қарқ етті.

-Сайтан алғыр, менің көрсоқыр болғаным ба, жанымдағы сайтанды көрмептім ғой,-деп Бейбіт кейіді.

-Енді кеш, бала менікі, анам бостандыққа шықты. Ал, сен бұл шаршымен үшмыңжылдыққа алға кетесің,-деді де Жұлдыз мейірлене езу тартып, Бейбітті бір ұрды. Өзі шыр айнала-айнала өртеніп барады. Орнынан тұрған Бейбіт құйын соққандай айналған Жұлдызды ұстамақ болып еді, артқа қарай қайта құлады. Кенет қайдан тап болғаны Тағзымның келгені шыр айналып тұрған Мақұлықты тоқтатты. Тағзым өзі білетін сүресін оқи кетті. Сүрені естіген ібіліс айғайлап, шыңғырып жіберді де қолынан нәрестені лақтырып жіберді. Жылаған бала Тағзымның қолына түсті. Бейбіт Тағзымға баланы алып кет дегендей қолын бұлғады. Сүре оқыған адамның кеткенін көрген Жұлдыз мақұлық  орнында тұра қалып,аспанға қарап шыңғырып жіберді. Күн тас төбеге жеткен екен. Бейбіттің есіне бұл шаршының күнтартқыш(лупа) екені есіне түсті. Шаршының есігін жаба салды да, Бейбіт Жұлдызға қарсы тұра ұмтылды. Бірер минуттан кейін олардың күлдері ғана жатты... Шаршы жылт етіп жоқ болды.

Бейбіт құрысқан бойын жазып керілді, есінеді. Көзі ілініп кеткен бе, үркер құлдырап батуға барып қалған. Аспан жүзі самсаған жұлдызға толы. Бейбіт қайда ес жиғанын біле алмай, жан-жағына үрке қарады.  Құлазыған елсіз құба далада, жалғыз жатқанын білді. Даланы кезген Бейбіт, жол табармын деген оймен, шалына құлап жүріп келеді, жүріп келеді...

 

                                     Эпилог.

2017жыл 1 қазан. Бейбіттің із түссіз жоғалып кеткені Айгүлдің жанына батып жүр. Тұңғыш баласын асыға күткен Бейбіт белгісіз жағдайда ізім-ғайым жоқ болып, іздеуде жүргеніне бірнеше күн болды.

Көзі оттай жанып тұрған баласын емізіп отырған Айгүл еріксіз теледидарды қосады. Толған жаңалық. «Жәдігер есімді магнат әйелін соққыға жығып, өлімші етіп сабапты». «Қарт әжей келінінің бетін тырнап, ыстық суға шомылдырыпты», «Нашақор қыз анаша сатып ұсталыпты» «Қорғаушынің қылмысты адамды ақтап шығарғанын айтып жылаған жәбірленушінің көз жасы»,« Нұрлан есімді кезекті педофилдің тағы бір мектеп оқушысын зорлап, өлтіріп кеткені» жайлы жаңалықты жүргізіп отырған қыз сөз соңында қоштасты.

-Сіздермен болған, мен Жұлдыз Шаршыбекқызы. Аман саулықта жүздесейік!...  

Мұнафық ханым....(Екіжүзді)....

Қазақстанда мыңдаған секталар бар...

                                                 Соңы.

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған