Шыртылдақ
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары, қазір Көкпекті ауданының құрамына кіретін бұрынғы Самар ауданындағы, кезінде дүрілдеп тұрған кеңестік шаруашылықтардың бірінде көп жыл қатарынан жүргізуші болып істеп жүрген мен жанұя жағдайына байланысты мал бағуға ауыстым. Бала күнімізден малмен араласып өскен маған ол тым қиынға соққан жоқ, өмір бойы шаруашылықта қызмет атқарған әкем де керек кезінде ақыл-кеңестерін беріп отыратын.
Мал шаруашылығына өте қолайлы Қалба таулары Шығыс Қазақстан облысының Жарма, Ұлан, Көкпекті аудандарының жерінен қамтып, бұрынғы Самар ауданының бір жағы шектесетін Бұқтырма су қоймасына дейін созылып жатыр. Бірақ, тау сілемдері жағалауға дейін жетпейді, су жағасы он бес-жиырма шақырымдай кеңдікте құмдауыт болып келеді. Кәдімгі үлкен шөл далаларды еске түсіретін жал-жал құм төбелер дерсің, құмды жерге тән сортаңдау көлшіктері де кездеседі, тек олардан айырмасы – су жағасы болғандықтан, түрлі өсімдіктерге бай, сирек болса да орман-тоғайы бар. Бұл құмдауыт жағалау жаз кезінде ешкімді аса қызықтырмаса да, қыс кезінде мал қыстату үшін таптырмайтын тебіндік жайылым. Сортаң көлшіктер қыста тартылып қалатындықтан, малға тұз жеткізіп әуре болудың да қажеттігі жоқ. Шаруашылықтардың жылқы малы қыс түсе осылай қарай әкелініп, қар жатпайтын жағалауда еш қиналыссыз қыстап шығады. Жылқышы-малшыларға арналған тұрақты қыстақтар болмағандықтан, оларға көшіп-қонып жүру үшін арнайы вагон-үйлер беріледі. Жылқылар бір аумақты тебіндеп болып, алыстай бастаған кезде, арнайы трактор келіп, вагон-үйді басқа аумаққа, малшыларға ыңғайлы кез келген жерге апарып қойып береді. Вагон-үйшік ішінде тұруға жақсы жағдай жасалған, жанармаймен немесе ағаш отынмен жылытатын пешпен, жатар орындар, ыдыс-аяқ, басқа қажетті құрал-саймандардың барлығымен қамтамасыз етілген. Малшылар кезектесіп шаруашылық орталығына барып, азық-түлік, киім-кешек, басқа керек-жарақтарын алып кеп отырады. Басқа малшылармен бірге мен де осында күн кешіп жатқан едім.
Бұл жағалау тек малға жайылым ғана емес, тауды мекендейтін аң-құстардың да құтты мекені. Қар қалың түскен жылдардың қысында Қалба жоталарында өріп жүретін еліктер үйір-үйірімен осы жағалауға беттейді. Еліктердің көптігі соншалық, үйірлерде жүздеп-екі жүздеп саналады. Олар да сортаң көлдерді жағалай мекендей бастайды.
Аңның көптігі қашанда адамдардың да қызығушылығын тудырған ғой, оларды аулауға тек осында қыстап жатқан малшылар ғана емес, аудан, тіпті облыс көлемінен кәсіби аңшылар да, түрлі мекемелердің «саятшылық» құрып, демалуға келетін адамдары да, жай қызықтаушылар да ағыла бастайды. Түрлі жол талғамайтын машиналар мен қарда жүретін моторлы шаналар қыс бойы кең жағалаудың құмы үстінде ерсілі-қарсылы шапқылап жатқаны. Біздің көзіміз оларға әбден үйреніп кеткен, көп мән бермейміз, кейбіреуі өздері бұрылып кеп жөн сұрап кететін.
Ал, біз бұл ен байлықтан өз бұйырған нәпақамызды шаруашылықтың берген мылтығын пайдаланып немесе қақпан, тұзақ құрып, өзіміз тауып жүретінбіз.
Биыл қыста жылдағыдан гөрі қар қалыңырақ түсті, шытқыл аяз да бар. Дегенмен, мынадай тамаша тебіндік жерде жүрген мал күйлі, қоңын жоғалта қойған жоқ. Өзіміздің де жағдайымыз жақсы, жатын жер ыңғайлы. Пеш үстінде күндіз-түні су қайнап даяр тұрады, тамақтан да кенде емеспіз. Малды кезектесіп бағып, қарап, түгендеп келеміз. Қыстың қысқа күні тез өтеді. Кешке қарай керосин шамы немесе қолдан жасап алған білте шамды жанармайға шылап, жағып қойып, карта, дойбы ойнаймыз немесе әңгіме-дүкен құрып отырамыз.
Осындай үйреншікті кештердің бірі болатын. Бүгін күндіз біраз қар жауып, жел күшейіңкіреп, қатты боран соқпаса да, қарды ұйтқытып, бұрқасындатып тұрған еді, кешке қарай жел саябырлап, күн суытқан болатын. Далада шаруалармен жүріп, аздап тоңазып қалған біз кешкі тамағымызды ертерек ішіп алып, біріміз шылым шегіп, біріміз далаға шығып таза ауамен тыныстап, дәретімізге барып, әрқайсымыз өз күйбеңімізбен жүргенбіз. Сыртқа шығып кеткен жігіттердің бірі вагонға қайта кіріп, төрт-бес шақырымдай жерде бір көмескі жарықтың жалт-жұлт етіп, «сигнал» беріп тұрғандай көрінгенін айтты.
Мұндай «сигналдар» бұрын да болып тұратын, бүгінгідей боранды күндері «саятшылық» құрып жүрген «мықтылар» жал-жал құмның арасындағы үрдесін қарды жүрдек машиналарымен бұзып өте алмай, қамалып қалатын еді. Басқа да түрлі көлік түрлерімен ызғытып жүрген аңшылардың бірі болмаса бірі келіп көмектесер деген үмітпен осылай шаммен белгі беріп жататын. Ал бүгін боранды болғандықтан ба, күні бойы жақын маңайда машина дыбысы естіле қойған жоқ.
Тағы бір жарты сағат мөлшерінде жылт-жылт етіп тұрған жарықты сырттай бақылап отырдық та, шынында көмек күтіп отырған жандар екеніне көзіміз жетіп, екі салт атпен солай қарай тарттық. Желе жортып, көп ұзамай, жарық көрінген жерге жетіп келдік. Ойлағанымыздай, онша биік емес жал құмның ортасындағы үрдесін қарға дөңгелек бойы кіріп кеткен «УАЗ» машинасы тұр екен. Біз келіп тоқтағанда ішінен орыс ұлтының өкілдері - екі адам шықты. Жүргізушісі – қағылездеу, отыз-қырықтың ортасындағы жігіт, ал жанындағысы, егделеу, тегі бастығы болуы керек, етжеңді, толық адам екен. Біздің келгенімізге қатты қуанғандарын жасыра алмай, туған бауырларын көргендей, қауқылдаса амандасып, жай-жапсарларын айтып жатыр. Күндізгі боран кезінде, маңайды дұрыс болжай алмай қалып, аңдаусызда шұңқырлау жердегі қарға кіріп кетіп, қанша алысқанмен, машинаны шығара алмапты. Соңынан, тіпті машинаның жанармайы бітетін болғасын, әуреленгенді қойыпты. Күні бойы машинаны қардан шығарамыз деп алысып, әбден шаршаған олар, кеш батып, қараңғы түскен соң, амалдары құрып, тек шамның жарығымен белгі беріп отырған түрлері екен. Әсіресе, өзін Өскемендегі «Бекіту тетіктері зауытының (Завод крепежных изделий)» директоры Иван Васильевичпін деп таныстырған зор денелісі бір жағынан кішкентай машинаның ішіне сыймай, екінші жағынан тоңазып, мазасы кеткен сияқты, оның үстіне өздерімен алып шыққан азын-аулақ азықтары да түгесіліп, ашыға бастапты.
Енді түннің бір уағы боп, күн де суытып кеткен соң, машинаны қар құрсауынан алып шығар қайран жоқ, ертеңге дейін сол жерде қалдырдық та, екеуін бір атқа отырғызып, өзіміз екінші атқа мінгесіп ап, тұрағымызға беттедік. Зауыт директорының салмағы да баршылық екен, екеуі мінгескен кезде, атымыздың белі ортасына түсіп, қарны қар сыза жаздады. Жол-жөнекей атқа отырып үйренбеген «аңшылар», бір жағы тоңып, шаршап, ашығып келе жатқандықтан болар, көп сөйлескен жоқ.
Вагонға келіп, тамақтанып, қоржындарындағы «ақаңдардан» бірер бөтелке босатқан соң, әңгіме қыза бастады. Зауыт директоры әңгімеге де жүйрік, тамаққа да тойып бермейтін, ішу жағына да мықты «дөйдің» өзі екен. Соңғы екі күнде бастан кешкендерін айтып бастаған ол басқа түрлі қызықты оқиғаларды айтып, езу жиғызған жоқ. Алдымен етке бас алып, қомағайлана жеген ол, қыза келе басқа тағамдарға ауыз салды. Бір кезде көзі «шыртылдақ» майға түсті де, бұл не тағам екенін сұрады. Біз оның жылқы етін пісіргенде сорпа бетіне шығатын, қалқып алынған майы екенін айтып түсіндіріп едік, ол оны нанға қалың етіп жааға бастады. Бұлай көп мөлшерде жеу ішті айдауы мүмкін екенін ескертіп едік, ол оған көп мән берген жоқ, қолын бір сілтеп, өзінің шошқа майын қанша жесе де, оның асқазанының еш қиналмай қабылдайтынын айтып қарқылдап күлді. «Е, жарайды, біздікі ескерту» деп күлдік те қойдық. Қызу әңгіме-дүкенмен бірталай уақыт өтті.
Бір кезде жылынып, тамаққа тойып, көңілі көтеріліп отырған «қонағымыз» мазасызданып, қозғалақтай бастады. Тағы біраз уақыт өткенде ол әңгімесін кілт үзіп, орнынан атып тұрды да, ішін басып сыртқа жүгірді. «Басталды» деп күлдік біз өзара. Ол қайта келіп отырған еді, бірақ көп ұзамай ішін ұстап тағы сыртқа жүгірді. Осылай екі-үш рет қайталанған еді, келесі бір жүгіргенде тысқа шығып үлгірмей қалды да, кішкентай балалар сияқты бұтына бір-ақ жіберді. Үлкен денесімен ебедейсіз қалыпта не істерін білмей тұрып қалды, өзін-өзі жақсылап тұрып бір сыбап алды. Біз алғашында шыдамай күліп жібердік те, одан соң енді «қонағымызға» мына қиын жағдайға душар болғанда қалай көмектесу керек екенін ойластырдық. Оның былғанған шалбарын, іш киімін шешкізіп, сасып кетпеуі үшін шылапшынға суға салып, жуып тастауға тура келді. Ал жалаңбұт қалған «басекең» енді бұл күйінде аязды далаға қайта-қайта шыға алмайтын болғасын, үстіне тон жауып, өзіне жеке шелек беріп, отырғызып қойдық та, ол «кәкә» еткен сайын кезектесіп далаға төгіп кеп отырдық. «Басеке» бұл түнді осылай шелектің үстінде өткізді.
Таңертең біз есік алдындағы қарды жинап, үш қабырғалы қалқа жасадық, бір жағын кіріп-шығатын есік сияқты етіп, көлденең ағашқа ескі көрпе іліп қойдық. Кішігірім дәретхана сияқты үйшік болды, ішіне түндегі шелекті апарып қойдық, енді «басекең» түндегі жуылған киімдерін киіп барып, өзі отырып, шелегін өзі төгетін болды. Бейшара бір түнде азып-тозып, бозарып, жүдеп қалыпты. Арындап қалған аттай, әңгімеге де зауқы соқпай, еңгезердей денесі бір уыс боп бүрісті де қалды. Анда-санда қысылып кеткенде «аһ-уһ» деп күрсініп, тағы да өзін орысша «әдемі сөз тіркестерімен» ақырын сыбап қояды.
Ал біз уақытты бос жібермей, бір атқа ыстық су құйылған канистраларды артып алып, оның жүргізушісін өзімізбен ертіп, машина батып қалған жерге тарттық. Құрсаулап қалған қардан әдейілеп алып барған күректермен аршып алып, машинадағы қыздырғыш шаммен (паяльная лампа) мотордың майын қыздырып, радиаторға ыстық су құйған соң, көп қиналмай машинаны от алдырдық. Жан-жағының қары тазаланған машинаны арқан байлап, аттардың күшімен демеп, оп-оңай сүйреп алып шықтық. Тұрағымызға келер жолдағы басқа үрдесін қар мен жал-жал құмдар көп кедергі болған жоқ.
Машина жүріп тұрғанмен, енді «сұрап алған ауруға» ұшырап қалған Иван Васильевичтің ары қарай «саятшылыққа» аңсары ауа қоймады, қалаға қайтуға жиналды. Киім-кешектерін, азын-аулақ олжаларын түгендеп алып, бізбен туыстарымен қоштасқандай болып, егер жол түсіп, қалаға келе қалсақ, кез келген уақытта бізге «есігі ашық» екенін, айтып, жұмыс орнының адресін, телефондарын жазып беріп кетті. Біз де оны көптен білетін ескі танысымыздай, барлы-жоқты білетін орысшамызды айтып, шығарып салдық.
Арада бір жарты жылдай уақыт өтті. Мен бұл кезде қайтадан өз мамандығыма оралып, жүргізуші болып істей бастағанмын. Жүк көлігімен тағы да әр жаққа аудан бойынша, облыс аумағында сапар шеге бастадым. Шаруашылықтың түрлі қажеттерімен шапқылап жүріп, кезекті бір сапармен Өскеменге келдік. Екі күндей жүріп, жұмыстарымызды ыңғайлап, жүктерімізді тиеп болған күні түс ауып кетті де, ауылға қайтуға кеш боп қалды. Қонатын үй, машиналарды жүгімен қоятын сенімді жер бар, енді кешке дейінгі екі-үш сағат уақытты өткізу керек болды.
Мен серіктеріме өткен қыста малда жүрген кезімде Иван Васильевичпен болған «шыртылдақ» жайлы оқиғаны айтып күлдірдім. Және, оның бізге қалаға келгенде міндетті түрде хабарласуымызды сұрағанын айтып, оның кеңсесіне баруға ұсыныс жасадым. Ерігіп тұрған жігіттер келісе кетті. Жаныма екі серігімді ертіп ап, адрес бойынша «Бекіту тетіктері зауытын» тауып алдық, Иван Васильевич орнында екен. Хатшысына жөнімізді айтып едік, ол бастығына кіріп шығып, ол кісінің бізді қабылдайтынын айтты. Біз кабинетіне кірген жерден Иван Васильевич орнына ұшып тұрып, «О-о, менің құтқарушыларым кепті ғой» деп қарқылдап күліп, құшақтасып амандасты. Кабинетінде оны-мұныны сұрасып, біраз отырған соң, ол біздің бүгін қайтпайтынымызды біліп, үйіне телефон шалды. Ар жағындағы сөйлескен адам әйелі болуы керек, оған «үйге қонақтар келетінін» айтты. Сонан соң, қол астындағы қызметкерлерінің кейбірін кабинетіне шақырып ап, енді біреулеріне телефон арқылы тапсырмалар беріп, өз жұмыстарын тез ыңғайлап тастады да, бізді өзінің қызметтік машинасына отырғызып ап, өз үйіне алып келді.
Иван Васильевич қаланың орта тұсында орналасқан үш бөлмелі пәтерде тұрады екен. Үйге кірген жерден әйелі алдымыздан шықты. Көзге ерекше көрінгені, біз Иван Васильевичті етжеңді зор денелі адам деп есептеп жүрсек, оның жұбайы одан әлдеқайда зор адам боп шықты. Өзін Елена Ильинична деп таныстырған оның түрінен ақжарқын, көпшіл адам екені көрініп тұр еді, көптен күтіп жүрген қонақтары келгендей, жарқын жүзбен амандасып, төрге шақырды. Ұзамай ас та даяр болып, стол басына жайғастық. Аспен бірге әрине «ақаңнан» да ала отырып, түрлі әңгімелерге көшіп отырдық та, бір кезде өткен жаздағы оқиғаны еске алып күле бастаған едік, сөзге Елена Ильинична да кірісті. Ол қосыла күліп отырып: «Ой, жігіттер, сендер Ваняға нендей ғажап дүние бердіңдер, ол сол кезде ауырлап бара жатқан салмағын бір аптаның ішінде жиырма келіге таяу бірақ түсірді емес пе» ? – деп, бізден Иван Васильевичке не бергенімізді тәптіштеп сұрай бастады. Біз тіліміз жеткенше «шыртылдақтың» не екенін, оны қалай даярлауға болатынын түсіндіріп жатырмыз. Елена Ильинична бізге оны өзі даярлап қарық қылмайтынын, өйткені ет асып жемейтіндерін айтты да, бізден сол «шыртылдақтың» екі-үш банкасын әкеп беруімізді өтінді. Біз «мақұл» дестік. Сонымен, ескі танысымыздың үйінде емін-еркін бір көсіліп, жақсы отырып қайттық. Қоштасып жатып, Иван Васильевич бізге кез келген уақытта келе беруімізге болатынын, қажет шаруа бола қалса көмегін аямайтынын тағы да қайталап айтты.
Ал, біз ертеңінде ауылға қайттық. Бірер аптадай өткен кезде Елена Ильиничнаның өтінішін жерде қалдырмай, уәдемізді орындап, «шыртылдақтың» үш литрлік екі банкасын таныстарымыздан беріп жібердік. Содан шаруашылықтың сан қилы жұмыстарымен шапқылап жүріп, мұның бәрі ұмытылып та кеткен болатын, тек анда-санда бастарымыз қосылған кезде сөз реті келіп қалса ғана Иван Васильевичті еске алып, күліп қоятынбыз.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғында барлық халық шаруашылығында нарықтық қатынастар белең алып, оған дейінгі шаруашылықтардың өркендеуі үшін арнайы бөлінетін өкімет беріп отырған қосымша қаржының (дотация) көлемі азайды. Шаруашылықтардың өз өнімінен ғана түскен пайда көлемі өз мұқтаждықтарын өтеуге жетпей, қаржы жағынан қысылып, жаңа техника, жаңа ауыл шаруашылық құралдарын алуға мүмкіндік азайды. Енді қолда бар техника мен құрал-жабдықтарды оңды-солды бейберекет қолданып, сәл бұзылса бұрынғыдай «жөндеуге жарамсыз» деп лақтыра бермей, мейлінше күтіп ұстап, шама келгенше өз күштерімен жөндеп алуға көшуге тура келді. Алғашқы кезде жөндеу үшін керекті техникалық қоймаларда сақталып қалған немесе іске жарамай қалған техникалардан ағытып алған қосалқы бөлшектер жеткілікті болды. Бірақ уақыт өте келе олар да азайып, табылмауға айналды. Шаруашылықтар бір-бірімен өзара келісіп, қосалқы бөлшектер мен ескі техниканы алмастырып іздеуге көшті. Бұл да ұзаққа бармай, енді керек дүниені алыстан тауып әкелу қажет болды. Басшылардың, әсіресе, механиктердің шақшадай бастары шарадай болып, амалдары құрыды. Осы төңірегінде механикпен бола қалған бір әңгімеде мен оған Өскемендегі «Қосалқы бөлшектер зауытының» директорын жақсы танитынымды айтып едім, механиктің қуанғаннан жүрегі жарылып кете жаздады. Онда бару үшін не керектің бәрін жасайтынын айтып, маған жата жабысты.
Ол шаруашылық басшысына айтып, екеуі мені шақырып алды да, ертеңнен бастап қалаға жолға шығу үшін мені қамдай бастады. Ол жерде енді айырбас сауда жасау үшін үш-төрт бас қойдың тушасын, екі-үш бөшке аты облысқа белгілі боп жүрген Самардың сырасын, басқа да өзімізде шығатын әр түрлі өнімдерден керегінше алып, екі-үш «ГАЗ-53» машинасымен Өскеменге аттанып кеттік.
Тағы да еш кедергісіз Иван Васильевичтің кабинетіне кірдік. Ол да бұрынғы таныстарын көріп, мәз боп қалды. Біраз әңгімеден соң, шаруамымыздың жайын айтып едік, сөзге келген жоқ, көмекшісін шақырып алды да, бізге барлық сұрағанымызды тауып беруге нұсқау берді. Біздің алып келген заттарымызды да қуана қабылдап, орын-орнына жөнелтті де, көмекшісімен бірге өзі де бізбен бірге қоймаларға келді. Үлкен қоймалардың ішінде не жоқ дейсің, сықап тұрған қосалқы бөлшектерді көргенде, ауылда әр сынық темірді әрең тауып жүрген біздің көзіміз тұнып кетті. Алғашында неден бастарымызды білмей абдырап қалсақ та, зауыт бастығы өзі еркіндік беріп тұрған соң, біз айналамызға анықтап қарап, керек дүниелерді бірінен соң бірін атай бастадық. Иван Васильевич болса, біздің айтқан нәрселерімізді түгел машинаға тиеуге көмекшісіне нұсқау берді. Осылайша, қоймаларды асықпай аралап, үш машинаны да жүкке толтырдық. Жүктің алыс-беріс қағаздарын реттеп болған кезде кеш те болып қалған, тағы да қалада қанып, ертең ертемен қайтпақ болдық. Иван Васильевич бізді тағы да үйіне алып барды.
Үйіне хабарлап айтып қойған секілді, Елена Ильинична күтіп отыр екен, бізді қуана қарсы алды. Көзге солай ма, мінезіндегі жайдарылық пен қонақжайлылығы еш өзгермегенімен, дене пішіні өзгешелеу, алғаш көргендегіден гөрі арыған сияқты боп көрінді. Ол біздің таңданысымызды аңғарған жоқ, самбырлай сөйлеп, амандасып, дереу жаюлы стол басына шақырды.
Өткен жолғыдай тамақ іше отырып, бірталай әңгіменің басын қайырып тастадық. Әңгіме барысы бір уақ аңшылық жағына ауысып, «шыртылдақ» оқиғасын қайта бір еске түсіріп, күліп алдық. Дәл осы жерде Елена Ильинична да әңгімеге араласа кетіп, біздің жіберген сәлемдемемізді алғанын, бізге алғысы шексіз екенін айтып, бар пейілімен қарқылдап отырып күлді. «Сіздер жіберген «шыртылдақты» ала сала, күйеуімнен оны қалай пайдаланғанын сұрап ап, бірден молынан жеуге кірістім. Кешікпей-ақ, ол әсер етіп, дәретханаға жүгірте бастады. Оған мойығам жоқ, салмақ жоғалтуды алдыма мақсат етіп бір қолға алған соң, ақырына дейін шыдайын деп, «процедурамды» жалғастыра бердім. Бір апта бойы азаптанғаннан кейін, бұл іс-әрекетімнің нәтижесі көзге анық көріне бастады. Алғаш бастаған кезде салмағымды өлшеп алған едім, аптадан асқанда он-он бес келіге дейін бірден азайттым. Мұны бір көріп алған соң, бір апта демалыс жасап ап, іске қайта кірістім. Несін айтасыңдар, өзіме де тыныштық жоқ, Иван Васильевичтің де есін шығардым. Сонда да қоймай, дегеніме жеттім, тағы біраз салмақ тастап, едәуір арыдым, көздеріңе көрініп те тұрған шығар.
Мен қаншама жыл үлкен бір мекеме бастығының әйелі болғандықтан да және өз табысымның да жаман еместігінің арқасында не түрлі көйлек, киімдерге зәру болғам жоқ. Мен күйеуіммен алғаш қосылғанда талдырмаш арық болмасам да, сымбатты қыз болатынмын. Ондай болмасам, Иван Васильевич маған қарамай қоятын еді», - деп, қарқылдап күліп алды да, әңгімесін ары қарай жалғастырды: «Үйленгеннен кейін екі-үш жыл өткен соң, неге екені белгісіз, екеуміз де тез тола бастадық. Бірнеше жыл өткенде, мен тіпті Иваннан да асып түстім, оны өздерің де байқадыңдар ғой. Арықтаудың небір тәсілдерін қолданып, спортпен де айналысып көрдім, ештеңе болыспады. Сонымен, жыл сайын салмақ қосып келе жатқан маған биыл алған көйлек, басқа киімдерім келесі жылы киюге жарамай, кішірейіп қала берді де, оларды өзім толған сайын ауыстырып, жаңасын ала бердім. Алғаш үйленген кезімізден бергі жиналған киім-кешек, көйлектер гардеробымда сықап тұр.
Сонан, өткенде Иван аңшылықтан оралғанда, көзге ұрып тұрған арыған түрін көріп, оның себебін сұрап жат та кеп жабыстым. Ол алғашында айтқысы келмесе де, мен сұрап қоймаған соң, бар шынын айтты. Менің есіл-дертім енді сол «шыртылдақты» қолға түсіру болды. Бұл біздің қолымызда жоқ дүниені қалай алдырсам деп жүргенде, өздеріңіз келіп қалдыңыздар да, өтінішімді бірден орындадыңыздар, үлкен рахмет сіздерге.
Сонымен, кері арықтау процесі жүре бастаған кезде, гардеробта жиналған көйлектерім енді размері кішірею жағынан қайтадан киюге жарай бастады. Жас күнімдегі киімдерге жете алмасам да, он-он бес көйлек, плащ, пальтолар қайтадан іске жарап, гардеробым тегін қайта жаңарғандай мәз боп жүрмін», - деп тағы рахаттана күлді.
Оған біздің «еміміздің» іске жарағанына қуанышты екенімізді жеткізіп, қажет болса тағы жіберуге даяр екенімізді айтып, біз де қосыла күлдік. Сөйтіп, қызық әңгімемен біраз отырып, көтеріңкі көңілмен қоштасып, қайтып кеттік.
Тегі, онан кейін аса қажет болмаған болуы керек, ол кісіден «шыртылдаққа» қайта сұрау болған жоқ. Біз тағы да іссапарлармен қалаға келіп жүргенде немесе Иван Васильевич аңшылық құрып, біздің аймаққа келіп қалған кездерде онымен кездесіп жүрсек те, бұрынғыдай оның үйіне барудың реті келмеді, сол себепті Елена Ильиничнаны көре алғамыз жоқ. Кейіннен, Кеңестік өкімет ыдыраған кезде, зауыттар да бұрынғы маңызынан айрылып, жабыла бастады. Сол кезде жасы біршамаға келіп қалған Иван Васильевич те директорлық қызметін тастап, ересек балаларының шақыруымен Ресей жаққа көшіп кетті. Сол кезден бастап, байланысымыз мүлде үзіліп қалды.
Ал, біз кейде аңшылық, саятшылық жайлы әңгіме туа қалған кезде, «шыртылдақ» оқиғасын, Иван Васильевич пен Елена Ильиничнаны еске алып, бір күліп қоямыз.