Адам қарады: 148 | Жарияланды: 2017-05-11 02:35:45

Қызыл галстуктың үш бұрышы

Орыс жерi қансырап жатты.

Бейбiт күнгi қуанышты өмiр қорқыныш пен азапқа айналған.

Қойнауы әншi құстың жайлы мекенi болған қайран қалың орыс орманы әсемдiгiнен, әсем үнiнен айырылды. Жайқалған бұтақтар сынып, жап-жасыл жапырақтары жұлмаланған ағаштар  бұл күндерi шашы ебет-себет тарқатылған қасiреттi анадай теңселе күңiренедi.

Орман iргесiндегi деревня тұрғындары әбден азып-тозды. Соғыстың алғашқы күнiнен қолына қару ұстар ер-азамат ел мен жердi қорғауға кеткен. Қалған кәрi-жас еңсенi езген ауыр күннен құтылар кездi сағат сайын сағына күтiп жүр. Кiндiк қаны тамып, кiр жуған жерiн немiс-фашистерi  басып алғалы сенiмсiз заман туып, олар бiр-бiрiмен араласуды, ашылып сөйлесудi де қойған. Сырттай ештеңемен iсi жоқ меңiреу ел сияқты көрiнгенiмен, iштей оттай жанып, есе қайтарар үндi тағатсыздана тосып жүргенiн тек кекке толы көздерiнен ғана анық байқауға болар едi.

Осыдан болса керек, бұл өңiрде соңғы күндерi қапиядан жауға жай түсiрер партизан қозғалысы қаулай түстi. Басқыншы жау жанын қоярға жер таппай аласұра бастады. Оқыс оқиғалар  көбейiп кеттi. Қару-жарақ, азық-түлiк тасыған эшалондары үстi-үстiне қиратылып, қоймаларының күлi бiр түнде көкке ұшып жатты. Ол -  ол ма, партизандар тапа-тал түсте гарнизон бастығын ұрлап әкетiп, немiстердi одан бесбетер ұлытып қойды. Әсiресе ел арасында партизан отряды командирiнiң ақылдылығы, қайсарлығы, тапқырлығы жөнiнде түрлi оқиға аңыз болып тарады.

Ақыры немiстер ол қызыл командирдiң осы деревнялық екенiн, онда қазiр бала-шағасының тұратынын бiлiп, сол күнi-ақ оның үйiн таң атар-атпастан қоршап алды. Жазалаушы әскердiң командирi мiнген алабажақ машина деревня ортасындағы қарағайдан жымдастырып салған еңселi үйдiң алдына келiп кiлт тоқтады.

Немiстер бiр-бiрiмен тетелес үш ұлды iш киiмдерiмен бүрсеңдетiп далаға айдап шықты. Үлкенi он екiде, ортаншысы он да, кiшiсi жетi жасар. Ең кiшкентайы  оң аяғын ақ шытпен шандып алыпты. Ұйқыдан айыға алмаған раймен ақсаңдай қинала басып келедi. Машина жанында шiренiп тұрған еңгезердей немiске жақындай бергенде, желкеден бүрген әлуеттi қол басын төмен тұқыртып пәрменiмен алға итерiп қалғанда, қаңбақтай ұшып, етбетiнен құлаған ол сұмдық үреймен шар етiп жылап жiбердi. Тiзесiн жер жыртып, аяғын таңған шүберектен шып-шып қан шықты. Үлкен ағасы да келсаптай қол iлгерi ытырып жiбергенде, талтайып тұрған алдындағы еңгезердей немiстiң аяғына соқтығысып қала жаздады. Iнiсiнiң жан дауысын есiте «Тиiспе оған!» деп көмекке айқайлай ұмтылған.

-- Нең бар онда? Не iстедi ол саған?

Немiстер-жырқ-жырқ күлдi. Екiншi ағасы да бетiнiң топырағын сүрте жеттi. Оң бетiн шырпы сынығы жырып кетiптi. Аппақ реңi бозарып, терiсi сыдырылған тұстан түйiршiк-түйiршiк қан шығып, бiр сәттен соң төмен жол салып сызаттай ақты. Үлкенi оның қанын алақанымен сүртiп жатып «Ештеңе айтушы болма» деп сыбыр ете қалды. Мұны бауырына қысып тұрған кiшкентайы да естiдi. Ол көз жасын жеңiмен сүрте ағасына қараған. Оның сұсты жүзiн, отты көзiн көрiп, бiр нәрсе демекке оқталғанымен, ештеңе сұрамады.

Темiр қалпақты, шолақ автоматты, көк киiмдi немiстер үйдiң астаң-кестеңiн шығарып тiнттi. Бiреуi келiп еңгезердей немiске бұлардың альбомынан жыртылып алынған семьялық суреттi ұсынды. Онда осы үйдiң бес мүшесi - анасы Лиза мен әкесi Федордың алдында отырған ең кiшкентай ұлы Алешаның, бұлардың сырт жағында түрегелiп тұрған ортаншы ұлы Саша мен үлкен ұлы Васяның бейнелерi бар едi. Бұл сурет соңғы кезде әкесiнiң басқа да суреттерiмен бiрге жоғалып кеткен болатын. Мұны мамасының жасырып, тығып қойғанын Вася ғана бiлетiн.

Еңгезердей немiс суреттi Алешаның көзiне тосты.Жазалаушы отрядтың бастығы орыс тiлiн тәуiрлеу бiлетiн, мейлiнше айлакер, мейлiнше зымиян, күлiп тұрып қарныңа қанжар сұғып алудан тайынбайтын мейлiнше  арам адам едi. Ол түк болмағандай жымиып, Алешаның кекiлдi басынан еркелете сипады. Түсiн барынша жылытып, жұмсақ сөйлеуге тырысты. Ал, Алеша төбесiне  бүйi өрмелеп шыққандай тiтiркендi.

-- Сен жақсы бала.. сондай жақсы бала. Қорықпа, бiз саған тимейдi. Сен ... папа қайда? Қай орманда? Бiзге тек соны айт. Мама қашан кеттi?

Немiс сосын оны жетелеп машинаның қасына апарып,  қолына бiр тақта шоколад ұстатты. Алеша ағаларынан ажырағысы келмей, иегi кемсеңдеп, жанары боталап кеттi.

Жетiге ендi толған ол осы үйдiң ең еркесi едi. Федордың барлық балалары өзi сықылды бойшаң, сымбатты болып өсiп келе жатқан. Басқаларына қарағанда Алеша аққұбалау, көздерi үлкен. Өз айтқаны болмаса, үй-iшiн қыран-топан ететiн бұзықтығы да бар едi. Қуып келмесең, азаннан-қара кешке дейiн ебiл-дебiлi шығып, оңайлықпен үйге оралмайтын ойынпаз да. Деревняның барлық балалары секiлдi мақтауды да жек көрмейдi. Өзiнше  «батыр»  болып, шибарқыт кемзалының алдын айқара ашып тастап, ағаштан жонған наганы мен қылышын ышқырынан тастамайтын. Жақ-жақ болып, «соғысқан» кезде «құрышы-ей бар» деп «ақ» боп ойнауға өлсе де келiспейтiн. Ашық-жарқын жомарттығымен ерекшеленетiн. Бiрақ, бiр қырсықса, сойып соққыға салсаң да дегенiнен қайтпайтын өжет те едi. «Әй, осы балам қап түбiндегi кездiк қой, ақыры бiр жерден тесiп шығады. Жанып тұрған от қой, от» дейтiн әкесi оның осы өзгеше қайсарлығына сүйсiнiп.

Иә, мұның бәрi жау жоқ, жақсы өмiр - жайшылықтағы жарасымдылық едi-ау! Секунд сайын өлiм сығалаған қазiргi мезетте жетiдегi мына жас балғын ерлiк пен ездiктiң мәнiн бiлер ме? Бiлсе, сол әкесi мақтан еткен қайсарлығын қасындағы жаналғышқа көрсетiп-ақ бағар ма едi, қайтер едi?

Әкесi Федор елге жау шапқанда-ақ  жедел шақырылып кеткен. Содан хабар-ошары жоқ-тұғын. Осыдан он шақты күн бұрын бiр түнде келiп, таң қараңғысында қайтып кеткен. Бұл ұйықтап жатқан. Әкесiнiң бетiнен сүйген қимылынан оянып, қуана құшып мойнына асылған едi. Әкесi де кинодан, суреттен көп көрген қызыл командирше  киiнiп алыпты. Вася, Саша - үшеуi тұс-тұстан оның алтыатарын, бесжұлдызды пагонын, белдiгiн, фуражкесiн  әбден қызықтап едi-ау! «Бiздiң папамыз партизандардың бастығы» деген Вася. Бұлар қанша мақтанғысы келгенiмен, мамасының қатаң ескертуi бойынша, онысын деревня балаларына еш тiс жарып айта алмаған.

Алеша суреттен өзiне күлiмсiрей қарап тұрған дүниедегi ең жақсы көретiн, барлық нәрседен қымбат санайтын аяулы анасы мен әкесiне көз сап, жас тамшылары мөлт-мөлт ағып: «Папам ертерек келсе екен, сөйтiп мына сұмырайдың тұмсыған қан жоса етсе екен» деп, шын тiлеп тұрды. Семьялық сурет тың күш-қуат бергендей, әкесiн әлемдегi ең күштiге санайтын ол немiс қайталап сұрағанда «бiлмеймiн» деп қитыға жауап бердi.

Бұған немiстiң қаны миына шауып, «сыйлағанды» ұқпайтын жүгермектi беттен салып, жерге былш еткiзгiсi кеп кеттi. Әйтсе де, ашудан  отала жаздаған аузынан ақ ит кiрiп, көк ит шығатын қояншығын әрең-әрең сабасына түсiрiп, «Қинау қашпас, алдарқатып қалайда бiлу керек. Әйтпесе, орыстың мына ұйысқан қай қопасын түртпектеймiз. Ол шошқаларды тауып, бiрден жойып жiберу керек. Қайда екенiн жорамал болса да, мына күшiктерге айтқызамыз. Сосын атамыз  ба, асамыз ба - ар жағы оңай»,-деген ойға бекiп, Алешаның қолындағы суреттi жұлып алып, ортаншы ұл Сашаға беттедi.

-- Қане, балақай, сен тек папаңның қай орманда екенiн ғана айтсаң болды. Бiз сенiң папаңа тимеймiз, тек былай келiссөз жүргiземiз. Егер айтпасаңдар, онда қиын. Мына көкелерiңдi көрдiңдер ме? Қандай ашулы.  Сендердi атып тастайды. Бiрақ, сендер сондай әдемi балдар... жаным ашиды... бекер өлесiңдер. Ай-яй-яй...

Федордың екiншi ұлы Саша шынында да өте әдемi едi. Алеша екеуiнiң де көздерi шешесiнiңкiне тартқан: қоңырқай қарашықтары үлкен, кiрпiктерi ұзын, өңдерi аппақ, сүп-сүйкiмдi. Үп еткен желге майысатын қызғылт қоңыр шашы ашық күн сәулесiнен алтындай құбылып құлпырушы едi. Қазiр де өсiктеу жұмсақ шашы желмен ойнап, аппақ маңдайын айқара ашып тұр. Тiстенiп алған Саша немiс жақындай бергенде-ақ, сасық шалшықтан қорбаңдап қара қабан шығып келе жатқандай тыжырына жиiркенiп, терiс айналды. Фашист Сашаның желке шашынан шап берiп ұстап, тартып қалғанда, ол қатты ауырсына шалқайып кеттi.

-- Тиме! Тиме оған! -- Iргелес тұрған Вася шыр етiп немiстiң қолына жармасты. -- Жiбер деймiн, жiбер шашын!

Осы кезде ешкiм күтпеген оқиға болды. Кiшкентай Алеша шоколадын лақтыра қодыраңдап жүгiрiп келiп, немiстiң жүн-жүн бiлегiне ауызды салды да жiбердi. Басқа фашистер де байқамай қалды. Бастығы баж етiп бақырғанда ғана тұс-тұстан тұра шапты. Машинадан бiреу иод пен дәке ала жүгiрдi. Бiр көк киiмдi ентiгiп жеткен бойда қолақпандай аяғымен құртақандай Алешаның көкiрек тұсынан шiренiп кеп тепкен. Сол сәт Вася жарқ еткен жасын жылдамдықпен iнiсiн қорғамақ боп, жойқын күшке өзiн төсеп үлгере берген: ар жағы түпсiз де түйсiксiз қараңғылыққа оранып кете барды.

Еңгезердей немiс әлдене деп барқ ете қалып едi, бүлдiршiндердi жүндей түтiп жiбере жаздаған адам тектес хайуандар өшiге ұруын қоя салды. Бiрнешеуi көше-көше бойлап, жүгiре жөнелдi. Ұзамай деревня халқы осында иiрiлiп айдалып әкелiне бастады. Болар бiр сұмдықты аналық жүректерiмен сезiп, әйел жағы улап-шулап келедi. Кәрiлiк белiн бүккен бiр-екi шал: «Балалардың кiнәсi не? Олардың жазығы жоқ қой. Аясаңдаршы, обал емес пе?» деп айтуға батылы барып едi, сол заматта-ақ, қалған тiстерi күйреп, опырылған ауыздары қан жалап шыға келдi.

Отан басына үйiрiлген қасiрет бұлтын қайтсем ыдыратам деп сыз жастанып, түн қатып жүрген Федор мен оған деревняда балаларымен бұдан былай қалу тым қауiптi екенiн айтпақ болып, қараңғылық қоюлана жолға шығып кеткен Лизаның қара шаңырағына ендi бiр немiс шылқылдатып бензин шашып жүр.

Сүйегi сынған денесiнiң жан азабынан қинала ыңырси дөңбекшiген, әкесiнiңкiндей қалың қасты жанарлары жұмулы Вася жұдырықтарын тастай сығып, аяқтарымен әлсiз жер тырмалай бередi.

-- Өлмешi, Вася, өлмешi... - деп жалына жылаған Саша бiресе дәрменсiз ошарылған ауылдастарынан жәрдем күткендей жәутеңдесе, бiресе барған сайын арпалысы азайып бара жатқан ағасының қолынан тартқылап, тұрғыза алмай, торғайдай шырқырап тұр.

Алеша ортасынан екi айырылған семьялық суреттi кеудесiне басқан күйi ақыл-естен айрыла сiлейiп қалған. «Байғұс бала сұрапыл үрейден тiл-жағы байланып қалды» деп ойлады қан жұтқан жұрт.

Төбе шашыңды тiк тұрғызар жантүршiгерлiк көрiнiске одан ары шыдай алмай, жүрегiн қанды кек қысқан әлгi шалдың бiрi «Әй, атаңа нәлет, иттер-ай!» - деп еңгезердей немiске жұдырығын түйе ұмтылып едi. Жиыннан шыға-ақ тыр-р атылған автомат оғы оны қалпақтай ұшырып түсiрдi. Бiр әйел шыңғыра тұра ұмтылып едi, қалың топ көпе-кернеу ажалға бермей ұстап қалды. Маңқ-маңқ жекiрген немiстердiң зiлдi дауыстары әйелдердiң зарлы жоқтауымен араласып, әлгiндегi  таңғы  тыныштықты демде азан-қазан шулатып жiбердi.

Немiстердiң үйдi өртемек ниетпен бензин шашып жүргенiн шошына түйсiнген кiшкентай Алеша «Орманға кетерде алып кетемiз. Қалайда сақтап қалу керек»  деген ағаларының сөзi есiне түсiп, кенет тұра жүгiрiп үйдiң бұғатына сүйеулi сатымен тез-тез өрмелеп, шатыр астына сүңгiп кеттi. Мұның не iстегелi жүргенiн ешкiм аңғармай қалды. Бензин шашып жүрген немiс «Өлетiн бала молаға қарай жүгiредi» дегендей сиықсыз ыржияды. Көз жасын жеңiмен сүрткен кемпiр-шалдың да сұраулы назары осы жаққа ауған. Еңгезердей немiс партизандар жайлы хабарды осы бала әкелетiнiне сенгендей мардымси қалыпты.

Шатырдағы ойықтан Алеша да көрiндi. Жалаңаш мойнына алқызыл галстуктың бiрiн байлап алыпты. Қолында да жұмулы бiр зат. Бала дидарынан сұрапыл қорқыныш iзiм-ғайым жоғалған. Қуаныштан шаралы қарашықтары ұшқындап жайнай  түскен.  Ол оң қолындағы затты жоғары сiлке жазып жiберiп едi, өзi мойнына тағып мектепке барар күндi талай армандаған қып-қызыл галстук қызыл жалаудай биiкке желбiрей көтерiлiп барып тұрып қалды.

Немiстер жылан шағып алғандай, бiрден шу ете қалды. Еңгезердей немiстiң түсi қуарып:

-- Пио-н-нер, пио-н-нер,-деп бақыра бердi.

«Мынадай көкшыққырлары бар елдi бағындыру тiптi мүмкiн емес қой! Масқара ғой мынау! Үйiмiзге жетпей бәрiмiз арам қататын шығармыз», деген суық ой осы сәтте бар фашистiң жүрегiн солқ еткiзген едi.

Осы уақытта жанарын ептеп әрең ашқан Васяның реңiнен құптағандай ризалық белгi бiлiндi де, iнiсiмен мәңгiлiкке қимай қоштасқандай жан дүниесiнен бөлiнiп шыққан қос тамшы жас қимылсыз қалған кiрпiк ұштарында мөлдiрей тұнып қалды.

Бензиннiң қалдығы қалған ыдысты шатырдағы балаға өршелене лақтырған немiс от тұтатып жiберiп, керi тұра қашты. Қоп-қою қошқыл жалын сұрапыл гүрiлмен бiрден лап берiп аспанға шапшыды. Жалын шудаланып, өршелене атылғанда-ақ Саша жан дауыспен шыңғыра, iнiсiн құтқармаққа құстай ұшқан.

Немiстер оны бiрақ жолай шап берiп ұстап алып, әткеншек тербеткендей ерсiлi-қарсылы ырғап-жырғап тұрды да, шатырлай жанып жатқан орасан оттың ортасына қарай бар пәрменiмен лақтырып кеп жiбердi.

Алау шалқи бердi. Оның бет қаратпас ыстық шарпуы немiстердi кейiн серпiп тастады.

Аздан соң қас батырдың керегеге iлiп қойған алтын қалқанындай көкжиектен жарқырай шұғыла шашып ару күн де көтерiлдi.

Бiрақ, оны ешкiм елеген жоқ.

Онсыз да деревня үстiн отқа ораған ағаш үйдiң қызыл сәулесi күндiзгiдей жарқырата нұрландырып, қызуы ұлардай шулаған тұрғындардың жүрегiн жандыра күйдiрiп тұрған едi.

II

Арада көп жылдар өттi. Содан берi сол деревня адамдары  көк күмбезiндегi өшпес жұлдыздың сынығындай үш ұлдың қыршынынан қалай қиылғанын ұрпақтан-ұрпаққа ұмытпай айтып келедi. Отқа оранған үй орнына үп-үлкен қызыл мәрмәр тастан галстук пен оның ұшбұрышына өмiр сүрудiң ғажайып үлгiсiмен көктей үзiлген үш ұлдың жарқын бейнелерi қашалып жасалынды. Берiк түйiлген қызыл галстуктiң ортасында үш ұланға жылуын түсiрiп, мәңгiлiк алау лаулай жанып тұр. Қызыл, көк, сары гүлдер жайқала өсуде . Кiшкентай Алеша оқуға үлгiре алмай кеткен ескi мектеп үйi осы жерден жаңадан бой көтердi. Жыл сайын пионерге қабылдау, басқа да пионерлiк рәсiмдердi ескерткiш алдында өткiзу қасиеттi дәстүрге айналды.

Бiрде мектеп пионер ұйымының көп халық қатысқан үлкен жиынында жетi жасар Алеша пионер қатарына қабылданып, үлкен ұл Василий, ортаншы ұл Александр, кiшi ұл Алексей Захаровтардың есiмi пионер ұйымының құрамына жазылды. Алешаның қызыл галстугы мектепте сақтауға мәңгiлiкке қалдырылды.

Көз көргендер Федор мен Лизаның да Жеңiс күнiне аман-есен жеткенiн айтады.

Бiрақ, сол қанды оқиғадан соң шашы аппақ қудай ағарып кеткен отыз үш жастағы жап-жас Лиза қайтып құрсақ көтермей қалыпты.

 

Қазақ тілінде жазылған