Адам қарады: 4847 | Жарияланды: 2017-03-14 04:29:21

Оқжылан ата

     Бұл кісіні ауылдағы үлкендер жағы «Оқжылан», балалар жағы «Оқжылан ата» дейтінбіз. Әке, шешесі азан шақыртып қойған атын ешкім білмейді. Десе, дейтіндей, Оқжылан ата шағын денелі болғанымен, өзі қайратты, мығым, сүйріктей әрі шаққан, сұсты кісі болатын. Амандаса қалсаң саусақтары шегедей тиер еді. Көздері өңменіңнен өтіп кете жаздайтын. Өтірікті суқаны сүймейтін. Оның үстіне бір сөзді, әрі әділ, қолы ашық бақуат кісі болатын. Кедей – кембағалға да пиәншікке де қалтасында барын ұстата салатын мәрт еді. Ол кісі мені бала кезімнен-ақ тәуір көрді. Өзіне жақын санады. Себебі, мен өзім көп сөйлемейтін бұйығы мінезді болып өстім. Әгәрәки, бірдеме айта қалсам, айтқанымды орындамай тынбайтынмын. Сондықтан болар, ол кісі басқа балаларға қарағанда мені іш тартып тұратын, ақыл айтатын. Айтқан әңгімелерінің бәрі тындырымдылыққа, өжеттілікке келіп тірелетін. Өзіңе өзгенің көзімен қара дейтін.

     Жылдар өтті. Есейдік. Ой жаңарды. Оқжылан атаның мен туралы, менің ол кісі туралы көзқарастарымыз өзгерген жоқ. Совхоздың бар жылқысы сол кісінің қарауында - қорасында болды. Жылқы десе, Оқжылан ата ішкен асын жерге қояды. Тіпті бір жылы 100 жылқыдан 110 құлын беремін деп те өзіне міндеттеме алды. Орталықтан шығатын газеттерге дейін бұл туралы шулап жазып жатты. Осы жолы ғой, ол кісінің үйіне бірінші хатшы Д. Қонаевтың өзі келетіні. Ел басшысының ол кісімен не жайында сөйлескенін кім білсін, әйтеуір, осы кездесуден соң Оқжылан ата құлын турасындағы ол райынан қайтты. Ол кісінің айтқан әңгімелерінен, мен ешқашан жалыққан емеспін. Өйткені қызық!

     Қызығы мынадан басталатын – тұрымтайдай ғана сол кісіден ауылдың үлкен-кішісі, совхоз басшылары, райком хатшылары, тіпті сот, прокурор, милиция дегендерің ығып тұратын. Ол кісімен ешкім сөзге келмейтін. Өйткені Оқжылан атаның айтқаны – әрқашанда дұрыс. Мұның себебін де кейін білдік қой...

     Оқжылан атаға көлік керек бола қалса – тіпті оңай. Ауылдың тұсынан өтіп бара жатқан совхоздың бір көлігін тоқтатады да қалаған жағына мініп кете береді. Келген соң Оқжылан атамен бірге болдым десең – ешкім үндемейді. Бұл кісі, жылқышы емес, дөкейлердің үстінен қарайтын үлкен дөкей секілді көрінетін бізге. Өйткені Оқжылан атаға қарсы «мұның қалай-ды» айтатын пенде жоқ. Өзі көбінесе менің көлігіме мінетін. Мен бұл кезде бөлімшеде жүргізуші болып жұмыс істеймін.

*     *     *

     Бүгін Оқжылан ата біздің үйге елең-алаңда келді:

     - Балам, жолға жақсылап дайындал, көлігіңді қарап ал! – деді маған. – Бұл жолғы баратын жеріміз ұзақтау...  Созақтан да ары өтеміз. Арқаның, Бетпақтың басқа жерлерімен танысасың.

     -  Жарайды.

     Сонымен, Оқжылан ата екеуміз жолға шықтық.

     Оқжылан ата көп сөйлей бермейді. Дегенмен, бір әңгіме бастады бар ғой – оны тек тыңдайтын құлақ керек. Сосын, ол кісі әңгімесін бұзғанды ұнатпайды. Ал, ден қойып отырғаныңды байқаса, сөздің майын тамызады. Менің құлақтарым бұрыннан түрік. Ол кісі оны біледі. Оқжылан ата жолда келе жатып:

     -Балам, сен бұл жолы біздің қайда барғанымыз, кіммен жолыққанымыз, не көргеніміз туралы, мен тірі тұрғанда ешкімге тіс жарушы болма! – деп ескертті маған. – Мен өлген соң өзің білерсің... Ешкімге айтпаған, ішімді ішінен мүжіген тырнақты сырым еді. Өзім де бұл сапарға ұяттан жарылардай болып келе жатырмын. Бармасам, тағы да болмайтын сияқты. Уақыт болса өтіп барады. Жас та келді дегендей...

     Бұл жолғы әңгіме ұзақтау әрі қызықты болатынын білдім. Басымды изедім.

     -Мына алдымызды жатқан Созақтың сайын даласы туралы сендер көп шындықты біле бермейсіңдер, кейбіреулер, қысы-жазы құм сапырған, сексеуілі сыңсыған бұл өлкені Бетпақтың басы дейді, - деп бастады ол кісі әңгімесінің беташарын. –Аспан астын мекен еткен жандық түгілі, тамыры жердің кіндігіне байланып қалған Қаратауды қалтыратқан, ұланғайыр бұл ұлы даланың көне төсін дүбірлеткен терең тарихты ғалымдар, жазушылар жазсын. Мен өз көзіммен көргенімді айтамын: кешегі кеңес үкіметін қазақ жеріне бір-ақ күнде орнап қалды, қазақ біткен /ол кезде қазақ атауы – қырғыз-қайсақ/ бір-ақ күнде ол өзгерісті қолдап қалды деп жүр біреулер. Ол тіпті бекер. Мен білетін Созақ өңірінде 1933-36 - шы жылдарға дейін кеңес үкіметі түбегейлі орнаған жоқ. Орнаған жоқ емес, бұл жердің жылқы мінезді асау халқы ол үкіметті мойындаған жоқ! Кеңес үкіметін танымаймыз, бізге қажеті жоқ деп барынша қасарысып бақты. Кейіннен ғой, орыстардың жазалаушы қарулы отряды келіп, пулеметтерін дарылдатып, бейбіт елді – босып бара жатқан кемпір-шал мен бала-шағаларды тауға қамап қырып салғаны. Орыстардың бұл әскері адам кейіпті қанішерлер еді. Ол қанішерлердің көпшілігі –  өзіміздің ерме қаракөздер болды. Несін жасырамыз. Ерме пенде ненің байыбына барсын. Әскер болса – әскермен соғысады ғой. Бұл далада соғысқа арнайы дайындалған әскери адам жоқ. Сауат тағы жоқ. Дей тұра, тек қана сом білектің күші, көк найзаның ұшына сыйынған бұл өлкенің адуын халқының табиғи  түйсігі мен пайымы сол кездегі, кейінгі, қазіргі сауаттылардан көш ілгері болған ғой... Оны дәл осы кеңес үкіметінің ешкімге керек болмай араға жылдар салып өздігінен тарап кеткендігінен байқауға болады.

     Дұрысы, астында тарпаң, құланжүйрік аттары бар бір төбе ғана жергілікті ұйымшыл сарбаздарға қызыл әскер ештеңе істей алмады. Құрдымға құлағандар, әсіресе, астында жарамды аты жоқ, қолында сағақты сойыл-шоқпары тағы жоқ, оларды қалай пайдалану керектігінен мақрұм нашарлар – кемпір-сампыр, шал-шауқан, дәрменсіз, қауқарсыз бала-шаға болды. Ал, шындығына келсек, ол кезде сапта тұр дейтін жалпы Созақ сарбаздарының өзінде де керме садақ, айыр-күрек, құрықтан  басқа түк те болған жоқ. Ілуде біреуінде ғана алысқа жебе ататын мүйізден қайырған серіппелі жақ болды. Бұл туралы сендер «Созақ қасіреті», «Тамалар көтерілісі» кітаптарынан жақсы білесіңдер. Мен өзім сол көтерілістің қан жауған ортасында болдым. Сол соғыста көзге түскен садақшыларының бірі едім. Елде сатқындар көбейіп кетті ғой. Бәрін құртқан иттікте, халықты қынадай етуде, әсіресе, бұлардың үлесі тіпті көп болды. Әйтпесе, Созақ сарбаздары ол жазалаушыларға дес бермес еді... Бөрі – басқа, ит етекке шапты дейді мұндайды. Сатқын деген дәл іргеңнен шығады деп кім ойлаған. Олай дейтінім, біздің ауылдың Кеңкі деген бір азаматы /шын аты – Генадий еді, біздер оны еркелетіп Гена, Генка, Кеңкі  дейтінбіз/, бәрімізді сатып кетті. Орыстан досың болса, жаныңда айбалтаң болсын деген сөзді растады ол ит. Кеңкі  біздің ауылда туылып, өзімізбен бірге өскен соң Созақ даласының, Бетпақтың, Қаратаудың ұңғыл-шұңғылының бәрін де жақсы білетін. Біз бой тасалайтын жер де таба алмай қалдық емес пе?!. Қайда жасырынсақ та алдымыздан иттен де өткен иісшіл сол Кеңкі шыға берді... Өзінің ана тілінен мақұрым Кеңкінің қалай келімсек орыстарды тауып алып, қалай олардың тобына кіріп кеткендігіне таң қаламыз. Оның үстіне, тауға, асуға жақын ауылдардың байырғы жергілікті адамдары да бізді, бұлар өз пақырларымыз демеді, жаудан да жаман бүйілік жасады десем өтірік емес. Негізінде Созақ көтерілісін ұйымдастырып «қызыл террорға» қарсы ат ойнатып жүрген кіші жүз жетірудың балалары еді. Дені – тамалар. Жалпы, Жетіру балаларының бұл аймаққа батыстан келе бастағанына екі жүз жылдың жүзі болған. Оларды туған өз жерінен ығыстырған не? Ол  бөлек әңгіме.

     Қырық жыл қырғын болса да – ажалсыз адам өлмейді. Сатқындық жайлаған сол Созақ көтерілісінен Қойлыбай екеуміз сытылып шықтық... Тірі қалғандары болса, басқалардың қалай бет бұрғанын, қайда бой тасалағанын білмейміз. Біздің беталысымыз - Ташкент. Екеуміз де жаяумыз. Күндіз бой тасалаймыз, түнде ғана жортамыз. Басқа амал жоқ. Тұтқынға түсе қалсақ өзімізге бәле болар деп  қолымызға қару болар бір қарыс қамшы да ұстамадық. Қарусыздың тіпті қауқарсыз болатынын, мен қасымдағы бауырым Қойлыбай өлгенде білдім ғой. Қойлыбай туысым Ташкентке баратын күре жолда – Табақбұлақ деген жерде қайтыс болды. Күн қарасуық болатын. Мен екі күн бойы осы жалаң қолдарым, осы  саусақтарыммен, тырнақтарым көбесінен сөгілгенше көр қаздым... Екі күн бойы жаратқанға тілім тиді. Өзі кешірсін. Әттең, қолымда күш жоқ, егер болса, қайта айналып сол «қызыл иттерді» түгел бауыздап тастар едім. Әсіресе, Кеңкі - итті. Кек буғанда адамның бойына ерен күш бітеді. Алды-артыңды ойлауға ырық бермейді. Бірақ, дәл қазір менің оған ешқандай мүмкіндігім жоқ еді. Кеудемді кернеген  ызамды ақылға жеңдірдім.

    Ташкентке түнде келдім. Өзім бұдан бұрын екі-үш рет базар базарлап келген жерім болса да, қаланы білмейді екенмін. Оның үстіне, үйіне бара қоятын бұл қалада танысым да жоқ қой. Басымның дал болған тұсы осы болды. Сонда да болса «өлмегенге өлі балық». Көшенің бір бұрылысынан бұрыла беріп едім, қараңғыда қорбаңдаған екі адамға соқтығып қала жаздадым. Байқап қалғаным, екеудің біреуінің қолында үлкен бір селебе пышақ, екіншісі құнжыңдап жердегі бірдемені тартқылап арқанмен байлап жатыр екен. Мен бұларды түнделетіп мал сойып жатқан ұрылар екен деп қалдым. Анықтаңқырап қарасам, олардың байлап, бауыздамақ болып жатқаны – мал емес, кәдімгі адам! Олар да менің үңілгенімді байқап қалды білем. Іс насырға шабатын болды. Менің көп ойланып тұруға шамам жоқ еді. Әлгі екеуін екі жаққа тептім... Соғыс көрген, шыныққан, оның үстіне тарамысын бетпақтың желі мен құмы ширатқан адамға ұры-қарымен төбелесу не тұрады. Бұл жағына жырындылау екендігімді байқады-ау деймін, екеуі алды-артына қарамай тұра қашты. Мен аяқ – қолдары байлаулы «құрбандықты» босатып алдым. «Құрбандық» менің аяғыма жығылды. Өзбек кісі екен. Өмір-бақи, ұрық-шұрығына дейін маған құл болатындығын мәлім етті. Мәлім етті де айтқан сөзінде тұрды. Бұл кісінің үйінде мен бір айдай болып, қоң жинадым – өзіме өзім келдім. Осы бір айдың ішінде менің артымда қалған елім туралы ойлаған ойымды таразыға салса – тас шақ келмес еді-ау деп ойлаймын. Бұлай жата беруге де болмайтынын түсіндім. Далаға шықтым. Ол жылдары белсенділерден қашып, Ташкентке бой тасалаған қазақ сарбаздары, ашаршылықтан босқан мүсәпірлер өте көп болатын. Осылардың арасынан, мен өзіме серік бола алады-ау деген білегінің қаруы барларын іріктедім. Мұндағы ойым – артымда қалған Созаққа қалайда қол ұшымды созу. Мен ол жақта не болып жатқанын білмеймін ғой, бірақ ішім сезеді. Осындай оймен жүріп он адам жинадым. Бұлардың бәрі де өзім секілді сол көтеріліске қатысқан тамалар болып шықты. Бірақ он адам – аз. Ендігі жерде өзім қонақтаған үйге зияным тимесін деген оймен, қасымдағы серіктерімді ертіп, Шымған тауына қарай кеттім. Ондағы ойым, Шымған, іргедегі Өгем қазақтарынан жасақ құрау еді. Алғашқыда, біздің таудағы өміріміз жаман бола қойған жоқ. Ат – әбзелдерімізді сайлап, қару – сайманымызды түгелдеп алдық. Соңымызда із кесушілер бар екендігін де сездік. Сондықтан барынша сақ болуды мақсат тұттық. Бір күні тауда адасып жүрген тоғыз-он жасар қаракөз қыз баланы тауып әкелді қасымдағы жігіттер. Бұл қыз бала жылай - жылай әбден сілесі қатқан екен. Өзінің қайдан келе жатқанын, қайда бара жатқанын түсіндіріп айта алмады. Босқындардан адасып қалған болды ғой деген ой түйдік. Қыз баланың аты Күміс еді. Біз оны қосқа алып келдік. Қосқа келген соң Күміс есін жиды. Үйренісе келе ол бізге ас-ауқатымызды істеп, кір-қоңымызды жуып беретін болды. Күмісіміз өте бір елгезек қыз болып шықты. Оның елгезектігі өз алдына, осы қыздың қатарымызға қосылуынан бастап, тірлігіміз қырын кете берді... Із кесуші, тыңшы деген жалдамалы сүмелектерді жиі көзіміз шалатын болды. Тау тағысы сияқты болып қалған біздер ретін келтіріп екі-үш рет оларды қолға да түсірдік. Мұсылмандығымыз ұстап, зәредей зиянымызды тигізген жоқпыз. Ескертумен, уәделерін алумен шектелдік. Осыған күні бүгінге дейін өкінемін. Қолға түскен сол оңбаған-сатқындардың бәрін де суға тоғытып жіберу керек еді. Бір күні екі сарбазым бірдей ұшты-күйлі жоғалды... Біз басқа жаққа қоныс аудардық. Не көп - тауда қуыс көп. Бірақ, қай апанды мекендесек те, көп тұрақтай алмадық. Себебі, арада екі күн өтпей жатып тағы да үш сарбазым қолды болды... Олардың өлігін де іздеп таба алмадық. Ашынбағанда қайтемін. Менің ойыма күдік келді. Күдігімнің ұшы Күміс қызға тірелді... Бұл – сол жансыздардың бізге арнайы жіберген «сапалағы» болу керек деп топшыладым. Шындықтың өзі осыған ойысады, осы қыз жүріп өткен ізімізге белгі қалдырып жүр ғой деп ойладым. Менің бұдан басқа күдіктенетін адамым жоқ еді. Қасымдағы қалған бес жолдасыма «қыздың көзін жойыңдар» деген бұйрық бердім. Бірақ олар менің бұл бұйрығымды іске асыра алмады. Көзін жәудіретіп қалай өлтіреміз деді. Ертеңіне тағы да екі сарбазым із-түзсіз кетті... Мен бұл жолы шыдай алмадым. Күмісті қолынан жетеледім де Шыршыққа алып келдім. Төменде Шыршықтың суы буырқанып жатқан. Мен қызды сол суға қарай лақтырып жібердім... Құдайдың өзі кешірсін. Қосқа қайтып келсем – қалған үш сарбазым да жоқ болып шықты. Міне, менің арманымның көкке ұшқан жері осылай болды. Мен тездетіп бұл арадан ізімді суыттым. Көп ойланбастан Түркіменстан асып кеттім.

*     *     *

     Ол заман аумалы-төкпелі заман дейтіннің нағызы ғой. Ташкентке, Түркіменстанға кеңес үкіметі орнағанына біраз уақыт болған екен. Менің негізгі ойым бұл жақта орындалмайтынына көзім әбден жетті. Мұнда бір танысымды да кездестірмедім. Олардың тілін білмедім. Қайтадан Ташкентке қайттым. Өзім ажалдан алып қалған өзбек-құлым мені жақсы қарсы алды. Бұрыңғыдай емес, қала тынышталып қалған сияқты көрінген. Менің әбден кек ұйып қалған көкірегіме бұл тыныштық жақпады. Кеңес үкіметі деген сөзге тіпті үйрене алмай-ақ қойдым. Ешқандай үкіметсіз-ақ тып-тыныш өмір сүрген халық едік қой деп ойлаймын. Енді келіп өзіміздің төбемізге әңгір таяқ ойнататын біреулерге өзіміз жүгініп жатырмыз, онымен қоймай зорлап өзге қазақтарға да мойындатып жатырмыз... Ой, алла-ай! Орыстар не үшін келді бұл жаққа, неге оларға біздің бас иіп, құлдық айтуымыз керек. Сары сақал, көк көздер өз елі емес өзге елде неге сонша тайраңдайды? Бұл сауал ешкімнің ойына келмейді. Қанша бауырымды, қанша қыршынымды құртты бұл үкімет. Жоқ, бұлай болмайды! Әрекет ету керек! Өзімнің жалғыз екеніммен ісім де болған жоқ. Осындай күндердің бірінде орталықтағы базардан өзімнің етжақын туыстарымды кездестіріп қалдым. Шұрқырай амандастық. Хал-жай сұрастық. «Ел жаққа әзір бармай-ақ қой  - деді олар маған, - шошақ бөріктілер сені әлі іздестіріп жүр, «білесіңдер» деп бізді де жауапқа қайта-қайта тартады, тыңшыларын осы жаққа да жұмсаған олар...». Әңгіме сыңайы осындай болды. Ендігі жерде мен Жызақ жаққа жылыса тұрғанды жөн көрдім. Өзбек – құлым маған лау тауып берді. Мұнысы жақсы болды. Шабдар жылқының тұрған тұрқына қарап – талай жорықты көрген, талайға серік болған мал екендігін аңдадым. «Жануар мұнда қай жерден келді екен, қай жердің отын оттап, суын ішті екен» деп ойладым. Жалпы, өзбек ағайындар жылқы малының байыбына жетіп  бағалай бермейді. Етін жеп, сүтін ішпейді. Есектің үлкені деп ойлайды. Мейлі! Онысы да дұрыс бопты. Таңға жуық жолға шықтым.

     Жызақ өлкесі де өзіміздің Арқаның айпара даласынан аумайды. Мұнда да ақырған жел, сапырылған жал-жал ыстық құм, бұттары арбайған, бұтақтары сексиген сексеуіл, қала берді - жыңғыл. Мұнда да сол қазақтар. Мұндай табиғат маған онша бөтен емес. Бұл жақтың қысы да жып-жылы. Мен ауылды жерді күндіз айналып өтіп жүрдім. Күдіктілердің қатарын толтырмайын дегенім ғой ол. Қазіргі жүрісім жеке бөрінің бүлкегінен аумайды. Жырасы көп, сексеуілі қалыңдау бір жерді тауып алдым да кәдімгі түз тағысындай өмір сүре бердім. Серік бола қояр ешкімнің қарасы көрінбейді. Мұнда әр жерде болса да тораңғыл мен қандым бар екен. Орайы келе қойған іс мені қатты қуантты. Қандым өте мықты ағаш. Қаттылығы сексеуілден кем түспейді. Ерекшелігі – сексеуіл иілмейді – сынады. Қандым иіледі - сынбайды, бұтақтары түзу. Қамыс – ну! Мен қандым бұтағын маймен сылап, отқа қақтап садақ иіп алдым. Шыңылдап тұр. Бұл жақсы болды. Сексеуіл арасында жабайы қабан мен шибөрі дегендер өріп жүр. Мұндай садағым барда қандай жаудан болса да айылымды жия қоймаймын. Арада бес-алты ай өткен. Бір күні түсіме үлкен атам кірді. Астындағы арыстан жалды арқыраған арғымақтың  күнге шағылысқан қос қанаты алтындай жалтылдайды. Жарықтықтың шапанының етегі көкжиекті жауып желпілдеп тұр екен деймін. Құрақтай қастары тікірейіп кеткен қалың қабақтарының астынан көздері кәдімгідей от шашады: «Қашаңғы далада жалғыз өзің тентірей бересің, намысымды қамшылап тышқаншылайтын бөктергі болдың ба, сен шаңқылының даңқы тауды тітіреткен қанбалақтың тұқымы, тайсалмастан мыңға қарсы шапқан Шора батырдың ұрпағы емессің бе, тұр орныңнан, тұяқ серіппей өлетін сорлы қой секілді айдалада арам қатпақсың ба, қайсарлықтың қанына суарған өжеттігім қайда?!.» деп қолындағы өрімі білектей дойырмен тартып жіберсе бола ма. Басым қақ айырылды.... Орнымнан қарғып тұрсам, о, тоба, аспан түбі де қақ жарылып дәл менің жаныма найзағай түскен екен. Апандай болып ойылып қалған құм беті бықсып-қоңырсып жатыр. «Астапыралла! Құдай сақтаған екен мені!». Әлгі найзағайдың жарқылымен қып-қызыл шуда тілдерін салақтатып төбеммен төніп қап-қара бір бұлт тұр... Құлағымның тұсынан түнгі жапалақтар зу-зу етті. Бұлар да жыртқыш. Бірақ көртышқаннан басқаға шамасы келмейді. Мен... мен ше?!.  Мені ой иірімі жұтты... «Мен барып тұрған сужүрекпін!».  Бүйтіп жүріп кімнен кек алмақпын? Бүйтіп жүріп не бітірмекпін! Жоқ, бұл жарамайды!.. Қаным басыма шапты. Не де болса кеттім!

     Осы ойлардан соң, мен алдымнан кездескен бірінші ауылдың бірінші үйінің есігін батыл ашқам. Өзімнің сұрқым мен сықпытымның қандай болып кеткенін мен білмеймін ғой. Төрде жамбастап жатқан, сәлемге селқос  отағасының шақшия қалған күдікті шегір көзі маған онша ұнаған жоқ. «Осындай кезбелер көбейіп кетті ғой, бәлкім өткендегі сияқты қашқын, адам өлтірген... қазір...» деп мұрнынан күбірлеп сыртқа шығып кетті. Мені есітпегенге сайды. Далада өскен, сексеуіл арасында, шегіртке шырылы мен масаның ызыңын, жыланның ысылын тыңдап өскен түрме-құлақтың не екенін, қырқа түгіл қиянды шалып үйренген қырғи-көздің қандай болатынын білмейді екенсің, кеще... Шегір көзден басқа бұл үйде тағы да төрт көз бар екен. Оның жаудыраған екеуі бойжеткен қызға тиесілі, жез теңгедей сүлесоқ екеуі осы үйдің бәйбішесіне еншілі болды. Олар тіл қатқан жоқ. Тек қана қаракөз бойжеткен қыздың орнынан қозғалақтап қалғаны болмаса. Кім білсін, маған «жоғары шығыңызды» айтқысы келген шығар. Оны саралауға, күтуге менде уақыт жоқтығын, енді бұл жерде бір минут та аялдауға болмайтынын сездім... «Болмайды!». Сыртқа шықтым да шабдарыма қорада тұрған бір тоқтыны өңгере сала аттың басын кері бұрдым. «Құдайы қонаққа да бір тулаққа бата сұрайсың ғой, мұсылман болсаң түсінерсің, шегір көз...» дедім ішімнен. Артымнан қуғыншы шыға қойған жоқ. Тек қана кешкі апақ-сапақтың кезінде сол ауыл жақтың аздап шаңытқанын байқадым... Өрістен қайтқан мал болар.

*     *     *

     Мен өзім жылқыдан зият мал көрген емеспін. Сондықтан жылқыға үйірмін. Жылқыны – ер қанаты деп бекер айтпаған. Әлгіндей кещелер түсінбейтін нәрсені – жылқы баласы тез ұға қояды. Иесіне үйренген жылқы – ойыңдағыны айтқызбай орындайды. Сонда да сақтық керек. Алғыр дала аңшылары мен кәнігі баукеспелер күндізгі оттың қалдық күлінің иісін ат шаптырым жерден сезеді. Ескі жаңасын да ажыратады. Отты сөндіріп, кешкі жатын орнымды өзгерттім. Алла жар болса таңертеңмен жолға шығамын деп ой түйдім. Әйтсе де пенденің ойлағаны бола бермейді ғой... Ой деген шіркінің де жалғыз қалса – жетімсірейді, жүрегіңді тырналап мысықтай мияулайды. Мұндай жерде ұйқы қайдан келсін. Ойыма көңілімді қабаржытқан өткендегі бір оқиға түсті. Өзімнен басқа ешкім есітпейтін лажсыздықтың әуен-ызыңын ішімнен ыңылдап апанымда жатқан болатынмын. Даладан қиқулаған дауысты есітіп қарғып сыртқа шықтым. Әудем жерде бір топ атты құдды бір аламанға түскендей алақұйын шапқылап барады. Арасында шошақ бөріктілер де бар. Мойнымды жырадан созыңқырап анықтасам, аттылардың алдында жаны қалмай домалаңдаған жабайы қабан... Шыр-пыры шығып шыңғырғаны құлақты теседі. Санасыз саналатын хайуан екеш хайуан да ажалдан қашып зымырап барады. Шырқырап барады. Қан тимесе азуы сынып қалатын зорлықтан пен қорлықтан қашып барады, төрткүл дүниені жаулаған қорқаулықтан қашып барады. Бұл күнде өзі ұйымдастырған көрқаулығы мен қуғын - сүргінінен ләззат алмайтын адам-мәлін  кемде кем. Бір кезде тарс-тарс атылған мылтық дауысы шықты. Бір қызығы мылтық дауысы шығысымен-ақ, қара қабан қалың сексеуілге қарай, қуғыншылар басқа тарапқа қарай ойысты. Аттар тұяқтарынан шыққан шаң қоюлана түскен сыңайлы. Сөйтсем, қуғыншылар кеткен тұста, алысырақта тағы да бір екі атты адам лекітіп барады екен. Ол екі аттыны өздерінің адамдары екен, қара қабанға оқ дарымаған ғой дедім. Бәлкім бұл қуғыншылардың іздегені қара қабан емес, сол екеу шығар... Мейлі, не де болса меннен қашықтап кетті ғой...

     Көз алдымнан сол қабан қуған адамдардың суреті кетпей шалқамнан ой құрсауында жатқанмын. Аспан төрінде адамды селт еткізердей ештеңе жоқ сияқты. Бір шөкім бұлт та көрінбейді, тап-таза. Аспан астындағы жер де, жерді басып жүрген адамдар да осындай таза болса ғой, шіркін, деп қиялға берілдім. Иттік деген болмаса. Аспан – мәңгілік! Сол мәңгілікті қара бұлттар баспаса. Жерге бұлт төнбесе деп өз пәлсапамды жіліктеп жатқам. Кенет сол көкке бір шеттен бұлт емес кәдімгі өлексе құмар қап-қара, қап-қара құзғындар қалқып шыға келді. Мойындарын иреңдетіп біраз қалықтап жүрді де бәрі бірдей жерге қарай құйылсын. «Бұлар не көріп қалды екен...». Құзғындардың түскен жері  әлгі мылтық атылған тұс еді. Маңайда қауіпті ештеңе болмаған соң, солай қарай жылжыдым. Сөйтсем, қара құзғындар қара қабанды көрген екен... Сұмдық! Мұндай сұмдықты көрем деп ойлаған жоқ едім. Мені байқаған қара құзғындар ары жылыстады. Мен қара қабанға келдім. Оқ тиген қара қабанның қарны ақтарылып қалыпты. Қара қабан мегежін екен. Мегежіннің оқ жарған қарнынан шыққан жұдырықтай-жұдырықтай оншақты шарана-торайлар әр жерде шашылып  жатыр. Кейбіреулері әлі өлмеген, көздерін ашып-жабады, бір-екеуі анасының ақтарылған қарнынан емшек үрпін іздеп әуреленуде. Қан-жынмен араласып кеткен әппақ сүт құрдым-құмның бетін айғыздап ол жатыр... Өмірімде бірінші рет менің көзімнен жас сорғалады. Оны тоқтатуға менде шама болған жоқ. Өзіміздің сол «қызыл террордан» қалай қашқанымыз, асудан қалай өткеніміз, ондаған мың адамдар, таудан құзға қалпақтай ұшқан ақ сақалды қарттар... ақ жаулықты кейуаналар... Оның ішінде оқ тимесін деп денемізбен паналап алдымызға жіберіп, шапанымызға орап алып өтпекші болған өрімдей бейкүнә балалар мен емшектегі сәбилер, әлі босанып үлгермеген жап-жас, жап-жас  келіншектер мен аяулы аналар есіме түсті. Олар да дәл осылай қырылып қалып еді-ау... Онда да дәл осылай аналардың оқ тиген омырауынан шашыраған әппақ сүтті жер жұтқан, құм жұтқан, тас жалаған... Онда да дәл осылай құйтақандай-құйтақандай шарана-сәбилер өліп қалған анасының емшегінің үрпін жанталаса іздеп, әлі қалыптасып үлгермеген қисық-қисық аяқ-қолдарын тарбаңдатып жатып еді-ау... Әлі өлмеген шалажансар күйде, ауыздары ашылып, еріндері түртиіп қалған бөпе-бөпештер де көп еді... Өмір – тағдыр, тағдырға налудың не екенін де сезініп үлгермеген небір үміттер дәл осылай, армандары енді ғана бүршік жара бастаған көздерін ашып-жұмып, ашып - жұмып қала берген. Бұл жауыздық адам атын жамылған хайуандардың - қызыл террордың, орыстардың, олардың айтағына ерген ерме, қорқақ, сүмелек қазақтардың қолынан ғана келеді... Сол күні айдала қу медиенде мен қып-қызыл қоймалжың қан-жынға араласқан күнәсіз әппақ сүтті қылқ-қылқ жұтқан қанішер құмға аунап армансыз еңіредім, өкірдім. Жауыздықтың туын тіктегендердің етін шикідей жеп, қу сүйектерін шашып өртегім келді... Өзімнің дәл қазіргі шарасыздығыма нәлет айттым. Ана сүтінде айырма бар ма?!. Жоқ, әрине!!!

*     *     *

    Көзім іліне бергені сол еді,  шабдарым пыр-пыр етті... Жылқының пырылы әдеттегіден жай шықты. Бұл оның «сақтану керек» деген белгісі екендігін ұқтым. Шабдарым жануар болса да кейбір найсап адамнан ақылды еді. Аулағырақтан төбесіне сексеуілден мүйіз шошайтып алған жетімек лақтай жарты ай сығалап тұр екен. Ешқандай бөгде күбір-сыбыр есітілмеді. Шабдар атым орнынан қозғалған жоқ. Жорыққа үйренген жануардың жау жақын болса көрінбейін деп осылай жата тұратынын мен білем. Зады мал болса да мұндай кезде кісінеп, пысқырмайды. Асылы, жалғыздықта жылқыдан адал, жылқыдан зерек серік таппайсың.

     Әлден уақытта сығалап тұрған жартыкеш айдың болмашы сәулесінің астынан күдікті бір сұлбаны байқап қалдым. Тұрысы, қимылы дүрмекте жүретін яки із кесетін ер адамға ұқсамайды. Мен сыбдырлатпай садағымды қолыма алдым. «Тартып жіберсем бе екен» деп ойлап тұрғам. «Аға!» деді бір дауыс әлсіз ғана. «Аға!..». мен бұл дауыстың иесі әйел баласы екендігін білдім. Шыны керек, алғашқыда, «кездейсоқ түн жарымында жолыққан пендесіне шалық сыйлап кететін сайтан ба, пері ме» деп ойлағам. «Аға...», деді әлгі дауыс үшінші рет. Сол кезде барып ол сұлбаның ешқандай да сайтан немесе пері еместігіне көзім жетті.

  • Кімсің?
  • Аға, бұл мен ғой, бағана күндіз сіз біздің үйге барып кеткенсіз... Сізді іздеп келгенімді айыпқа бұйырмаңыз.

     Менің бұған қаншалықты аң-таң қалғанымды, айтпасам да түсінікті болар. «Мүмкін әкесі тыңшылыққа жіберген болар, олай болса неге айқай салмайды, әлде соңындағылар кешігіп жатыр ма» деп те басым қатты. Басым қатқан жоқ, тіпті миым істемей қалды... «Айдала – қу медиенде азып-тозып, елінен, туған жерінен қашып-пысып бұғынып жүрген, мен сияқты «сужүрек малғұнды» да бойжеткен іздеп келеді екен-ау... «Жоқ, мұнда бір гәп бар, тегін емес!». Оқиға өріс алса садағым дайын тұр. Менің қорқынышым сейілді.

            - Неге келдің? Мен сені танымаймын ғой.

            - Аға, мен сізді білемін, осында келгеніңізден бері білемін. Мал қайтарып жүріп сыртыңыздан талай рет бақылағам, көргем. Мені байқаған жоқсыз. Сіз бұл жақтың адамдарына ұқсамайсыз. Мен сізге тек жақсылық ойлап, сол үшін келіп тұрмын.

      Мен ол бойжеткеннің айтқанына сендім. Шындығында әйел баласының сақтығы, құлағының қаққыштығы, көзінің көргіштігі мен иіс сезгіштігі ер адамнан мың есе артық. Көрсе көрген шығар, бақыласа бақылаған шығар, жергілікті адам ғой, көрмеген жердің ой-шұқыры көп, мен байқамаған шығармын. Үркектеңкіреп бойжеткеннің қасына келдім.

  • Айта бер, қарындас. Мені не үшін іздедіңіз?
  • Аға, сәлеметсіз бе? Айттым ғой, сіздің тіліңіз де бұл жақтың тіліне келмейді. Аумалы-төкпелі заман ғой. Біздің жақта сіз секілділер көп. Менің өзім де осыдан жеті-сегіз жыл бұрын тағдыр дауылының айдауымен келгем бұл жерге. Он жасқа толмаған едім...
  • Қайдан келдің? Есімің кім?
  • Аға, сіз білмейтін шығарсыз, біз жақта ол кезде сұмдық соғыс болған. Арқа деген жер бар,  Қаратау деген тау бар, Сызған деген ауыл бар... Есімім – Зада!
  • Не?!. Не дейсің?!. Менің жүрегім дүрсілдеп, құлақтарым шыңылдап құлауға шақ қалдым. Далбасалап екі көзімнен ыршыған жасты кері қарай сорп-сорп жұтумен болдым. Бірақ өзімнің бұл осалдығымды білдірмедім...
  • Қарағым, қарындасым, - дедім дірілдеп. Сонда қалай, сол асудағы қырғында болған... Менің өзім де ...
  • Асуда қырылған халық нөпір болды ғой, кім кімді қырып жатқанын біз қайдан білейік ол кезде. Енді ғана, міне, ептеп ес түгелдеп...
  • Бұл ауылға қалай тап болдың, қарындасым?
  • Жұрттың бәрі жаяулап-жалпылап осылай қарай ауған жоқ па, жабырқап қалған жалғыз, мен жетімекті бір кемпір жетелеп алды, қолымнан айырылмады, сол жүргеннен көп жүріп осы жерге дейін келдік. Жолда көрген азабымызды айтып тауыса алмаймын. Бәрін білем ғой. Содан осы үй мені асырап алған. Бұл үй баладан тұл. Әлгі «әкеміз» өте қатал әрі зымиян кісі, ешкімді аямайды ол. Көп адамды ұстатып жіберді. Өзі осында тері-терсек жинайды. Менде не амал бар, отымен кіріп, күлімен шығып жүрмін сол үйдің. Сол әкем сіз кетісімен-ақ үйге осы ауылдың шошақ бөріктілерін ертіп келген. Сізді тұтқындатпақшы еді. Кетіп қалғаныңыз дұрыс болды. Олардың арасында орыс та бар. Орыс – жаман! Олар жиналып бағана кешке осы жақты сүзуге шыққан. Мен аңдап тұрдым, олар басқа бағытқа кетті. Мен сізді сыртыңыздан осы аймақта екендігіңізді білем ғой, соны ескертуге келдім, сақ болғайсыз. Елді, ондағы бауырларымды ойласам –жүрегім сыздайды...Жолды да білмеймін. Құс боп ұшып кеткім келеді, қанатым жоқ...

     Мен бұл бойжеткеннің айтып тұрғанының бәрі де рас екендігіне сендім. Ішім жылып, өзімнің жоғалған, сол қырғында өлген қарындастарымның бірі тіріліп келгендей күйге түстім. Бұл кездесуден бойыма үлкен бір қуат құйылғанын сездім.

  • Мен кетейін, сау болыңыз! – деді сонан соң ол қыз. – Елге аман-есен жетіңіз! Әкем келіп қалса мені де аямайды...

     Мен дауыс ырғағынан бойжеткеннің еңіреп тұрғанын, айтары көп екендігін, айтуға уақтысы да жоғын білдім. Абдырап тұрып ауызыма қапелімде жөнді сөз де түспепті. Бұл қылығыма осы күнге дейін өкінемін. Мұңлықты тым болмаса басынан да сипап жұбатпаппын-ау деймін.

  • Сау бол, қарындасым!

     Ол қызды көп кідіртпеуді жөн көрдім. Не де болса ол із кескіштерді осында күтіп алып бір сойқан салайын деген ойға келдім. Бұл ойым дұрыс та болды. Менің ізіме түскендер ертеңіне сәскеде төбе көрсетті. Шошақ бөріктілер төрт адам екен. Мен бұл жолы тіпті ештеңеден қаймыққан жоқпын, олар қанша болса да маған бәрібір еді. «Шу, жануар» демеген соң шабдарым қимылсыз жатыр. Бірақ, бір тықырдың таянғанын сезген құлақтары құдды қамыстай тікірейді... Менің баспана-кепем де елеусіз жерде болатын. Егер мен өзім дыбыс бермесем олардың байқамай өтіп кетуі де мүмкін еді. Оның үстіне түн қатып шаршаған. Бірінің соңынан бірі ілбіп кетіп барады. Көзіме қан толды. Оларды тұсымнан өткізіп салып, қандым-садағымды қолыма алдым. Тәуекел! Соңғысының жүрек тұсынан тартып жібердім. Басы салбырады да қалды. Артынан екіншісі кетті. Садақ оғының дыбыссыз баратыны қандай жақсы. Үшіншісін де тартып қалғам. Ұйықтап келе жатқан болу керек. Менің атқан оғым оның ер үстінде теңселіп келе жатқан кезіне тап болды ғой деймін, өтіп кетіп алдындағы-төртінші шошақ бөріктінің иығына тиді. Ол баж ете қалды. Оның артында кетіп бара жатқан шошақ бөріктім сол кезде барып артына жалт қараған. Артындағы екеуінің екі жерде дөңкиіп жатқанын көрген шошақ бөрікті маған қарай тұра ұмтылды. Оның мені әлі шындап көрмегеніне кәміл сенімді едім. Жарқабаққа бұғып қалдым. Ол сол ағызған бойы ат-патымен жарқабақтан секіріп кетті. Жарқабақтың ол жағы теп-тегіс, біраз жерге дейін ашық болатын. Ол жақта ешкімнің жоқ екендігіне қуғыншымның көзі жеткен болу керек, артына кілт бұрылған. Мінген аты да долы екен. Артқы аяқтарымен жердің құмын тас-пасымен аспанға үйіре атып тура маған қарай атылсын. Мен бұған тіпті саса қойған жоқпын, шошақ бөріктінің тура жүрек тұсын көздегем. Бірақ атқан оғым тайқып өкпе тұсына тиіпті. Бұл жарақаттан адамның өле қалуы екіталай. Сондықтан ісімнің қалған жағын бітіріп кетейін деп бір аяғы жығылған атының астында қалып жанталасып жатқан шошақ бөріктіге екі-ақ аттап жетіп бардым. Мені көрген шошақ бөрікті бұғып қалды, жауыздың дудырап тұрған сап-сары шашынан жүзін өзіме қаратпақ боп жұлқып қалмаймын ба?! Міне ғажап! Кеңкі! О, сүмелек! Сен мұнда неғып жүрсің? Мені іздеп келдің бе? Сорлы, саған да қазақтың топырағын бастырып, суын ішкізіп, отын оттаттық-ау! Қаным қайнап кетті. Итпен тілге келіп жатайын ба! Кейкінің жанындағы салаңдаған қылышын суырып алдым да кеңірдегінен сыр-р еткіздім. Итке ит өлімі! Қал осылай қазақтың қара құзғынына жем болып! Ендігі қалғаны әлгі оқ дәл тимей кететін төртінші шошақ бөрікті еді. Соның соңына түстім. Жаралы адам ұзап қайда кетеді. Мен оны қуып жеттім. Тілге келіп көрейін дедім. Ол өзі бір сондай қорқақ неме екен. Қорыққанынан тілі күрмеліп қалыпты. Менің бар түсінгенім оның алты жас баласы бар екендігі болды. Өзі әлі ешкімді өлтіріп көрмепті. Мұндай адам аулайтын жортуылға бірінші рет қатысқан түрі екен. Ауылда осы төртеуінен басқа шошақ бөрікті жоқ екенін де білдім. «Сенің тірі қалғың келсе, қазір кері қайтасың, сосын өміріңнің аяғына дейін менімен қарым-қатынаста боласың» дедім мен оған. Баратын жерін айттым. Екі күннен соң мені сол жерден күтесің. Әйтпесе... деп қолымды Кейкіден қалған қылышқа соза беріп едім, ол сабазым атынан жерге ұшып түсіп, шабдарымның тұяғын құшақтап жата қалды. «Құлыңыз болайын, сол жерде күтемін, мен ол ауылды жақсы білемін, сізбен біргемін, бұл жақсылығыңызды өмірде ұмытпаймын...». Сонымен, ол кері қайтты. Менің ондағы ойым, оның алты баласын аяғаным еді. Итім лағып кеткен жоқ қой, әйтпесе ол ауылға. Сонымен «құл» менде екеу болды. Бұл аймақта менің жолыма кедергі болатындай енді ешкім жоқ. Несін жасырайын, «осы азғана ауылды шауып алсам ба...» деген де ой келген. «Өзіме серік бола алатындарынан сарбаз дайындап, Созаққа тартсам...». Шындығы – менде елді құтқарудан басқа мақсат жоқ еді. Көкірегім – тұнған кек, шыдатпай барады! Арада қанша жыл өтіп кеткенімен жұмысым жоқ. Бірақ, менің бұл ойым орындалмады. Кеңкі-иттен қалған атты жетегіме алып, жүгенімді сілкіп қалдым.

     Кештетіп өзім білетін шегір көздің есігін тағы да ашайын... Бұл жолы мені көрген шегір көзім кездейсоқ жылан жұтып қойғандай көкпеңбек болды. Менің көзіме ештеңе көрінбеді. Көрінсе де көрмес едім. Шегір көзді желкесінен бүріп далаға шығардым, дұрысы қорасына алып келдім де екі аяғынан төбедегі паруазға іліп қойдым. Мұндай жазаға ұшыраған адам көнек болып өледі. Үйге қайтып кірдім де Зада қарындасты қолынан жетелеп атқа қондырдым. Сол күнгі жолда келе жатып Заданың жанарының қалай ұшқындағанын көрсең... Бұл ұшқын менің есімде мәңгілікке қалды.

*     *     *

  • Айтпақшы, сен біздің үйдегі үлкен апаңды білесің бе? – деді маған кенет Оқжылан ата.
  • Білем ғой, ол кісіні кім білмейді?
  • Жоқ, мені түсінбедің, ол үлкен апаңның есімін білесің бе деп тұрмын.
  • Үлкен апа дейміз ғой, басқасын...
  • Міне, білмейсің. Үлкен апаңның есімі сол – Зада.

     Осы тұста менің Оқжылан атадан кіші апамыз туралы да сұрағым келген. Бұл жерден да тұщымды бір әңгіме шығуы мүмкін ғой. Үлкенді кішілі екі апамыз да атамен бірге тұрады. Мұндай тату отбасы болмас сірә. Ауыл адамдары оларға қызыға қарайды. Әйтсе де, Оқжылан ата ұрпақ өргізу жағынан мұңды еді. Өкінішті жайттың жарасының бетін тырнап аламын ба деп мен бұл сұрағымды жылы жауып қойдым. Атаның қазіргі көңіл күйіне қылау түсіргім келмеді

     Оқжылан ата күлімсіреді. Мен ол кісінің осы бір күлімсірегенінен арада қанша жыл өтсе де Зада апаны жақсы көретінін білдім. Өмір дегеннің өзі де үлкен бір мектеп қой. Мен ол атаның жымиғанын өмірімде бірінші рет көріп тұрмын. Ол рас. Тағдыр тауқыметі дегеннің бір бұрышында сезімге де қуанышқа да орын бар екен ғой. Оқжылан ата көп ұзамай қайтадан қалың ойға сүңгіді.

     Біз Ұланбелге жақындап қалған едік. Ата әңгімесін жалғастырды.

   *    *    *

      Сонымен, құмға сіңген құлықтай болып көп жыл бойы мені білетіндерге  қарамды көрсетпедім. Араға көп жыл салып барып елге қайттым. Біреу емес екеу болып келдім. Одан бергі өмірімді ауылдағылар жақсы біледі. Ал, енді, бұл Ұланбелге неге келе жатқанымызды саған айтайын. Барған жерімізде шу шығып кетуі де мүмкін. Кім білген? Арада өткен қырық жыл түк те емес қой. Біздің бүгін барып түсетін үйіміз – сол өзім Шыршықтың суына лақтырып жіберетін Күмістің үйі.

     Мен аң-таң қалдым:

     -Сонда ол кісі әлі тірі ме?

     -Ия, - деп, сөзін жалғастырды Оқжылан ата. Оқиға түнде болғанымен ол қыз аман қалған екен. Шыршықтың жағасында балық аулаған адамдар отырған да. Суға шолп ете қалған затты көріп тұра жүгірген. Сыртқа алып шықса – адам! Күміс осылайша ажалдан құтылған.

     Кейіннен, ел есін жиған соң, өзі де есейген Күміс мені іздестіріпті. Ақыры тапқан. Маған өткен жолы да арнайы адам жіберіп хабарласып еді, мен бара алмадым. Менде оған көрінетін қандай бет бар. Ал, бұл жолы бармасам – кешірілмес күнәға батамын ғой деймін... Бұл менің соңғы кесімім. Кешіре білсе, Күміс мені кешірсін. Кешірімді де тірі адам сұрайды, өлген соң не сұрайсың. Тәуекел!

    Біз Ұланбелдегі Күміс апаның үйіне кеш бата келдік. Оқиға біз күткендей өрбімеді. Есесіне, Күміс апаның сондағы қуанышын көрсең... шек жоқ. Ол кісі бала-шағасымен бізді тік тұрып қарсы алды. Өзін өлтіріп кеткен адаммен жолыққан адамның бұлайша ақжарыла қуанғанын мен бұған дейін көрмеген екем. Мұндай құрметті күтпеген Оқжылан атаның да сақалы суланды...

     -Бәріне кінәлі заман, – деді, Күміс апа көзінің жасын сығып тұрып. – Менің де, бұл кісінің де ешқандай да жазығымыз жоқ!..

*     *     *

     Ертеңіне ауылға қайттық өзінің көңілі көптен бері күпті болып жүрген Оқжылан атаның көңіл-күйі жақсы еді.

  • Бүгінгі ауа райының тамашасын-ай, деді, ата. – Қарабураға құран оқи кетейік.

     Мен ол кезде Қарабураның кім екенін, атаға ол кісінің қандай қатысы бар екендігін білмеуші едім. Сұрасам ба екендеп оқтала беріп едім, атаның өзі:

  • Балам, сен бұл кісіні ұмытушы болма. Бұл кісі кезінде атағы шыққан әулие болған. Жалпы кіші жүздің, оның ішінде Жетірудың пірі саналады. Сенің Қарабура атаңның әруағына Қожа Ахмет Йасауидің өзі де табынған. Қайтыс боларында соңына қалдырған өсиетінде: «Мен өлген соң қара бура мінген бір жолаушы келеді, менің жаназамды сол кісі шығарсын» деген екен. Айтқанындай-ақ, әулиенің көзі жұмылған соң көп ұзамай батыс жақтан қара бураға мінген бір кісі келеді. Жаназа шығарылады. Бұл кісі – осы Қарабура еді. Қарабураның шын есімі – Бурханадзар. Ақтан софы деп те атайды. Кейбір мәліметтерде Ақтан софы Қарабураның әкесінің есімі. Осыны жадыңнан шығарма! Мұнда терістікке шығаратын ештеңе жоқ. Ал, енді ол кісінің батыс жақтан келуінің себебіне келсек, батыстағы Қызылорда облысында Қарабура әулиенің әкесінің мазары бар. Қарбаураның өзі осы Созақта қайтыс болған, астындағы қара бураға қарап халық «Қарабура» атап кеткен. Бұл кісінің шын есімін танымаған соң ешкім білмеген.
  • Жарайды, ата, тарихты білген дұрыс қой. Бірақ мені бір сұрақ мазалап келеді, соны айтсам бола ма? Маған ұрыспайсыз ба? – дедім, ол кісіге.
  • Сұра, неге сұрамайсың. Мен неге айтпаймын. Ал, айт... көрейін...
  • Сұрағым мынау, - дедім атаның жүзіне бақылай қарап.
  • Ата, сіздің үйдегі апамыз екеу ғой, ә... Айтыңызшы, өмірде махаббат деген бола ма, өзі?

     Оқжылан ата маған жалт қарады.

     -А, қу бала, мені сынамақсың ғой, ә! Ұғып ал, мен саған мынаны айтайын: сен айтқан «махаббат», «сүйем» деген сандырақтар – кейін шыққан сөз. Сөз дегеннің өзі кәдімгі ағысы асау дария сынды нәрсе ғой, көп жағдайда дария арнасы да аунап кетеді. Біздің кезімізде «ұнатамын, ұнатпаймын» дейтін. Сол «ұнатамынның» орнына келген сөз ғой ол «махаббатың». Мен оны көп түсіне бермеймін. Менің білуімше сол «махаббатыңа» еліткен адам – өзі сұранып, ептеп «жындылық» кейіпке енеді. Белгілі дәрежеде есі ауысады. Мұндай «ауышқа» қыздар қалай келешегін сеніп тапсырады. Мейлі, екеуінің де «махаббаты» жанып тұр делік. Ендігі жерде екі «ауыш» бірігіп қалай өмір сүреді? Ойланатын нәрсе осы! Ал, менің екі кемпіріме келсең – екеуін де ұнатамын! Мықты сөз, мықты одақ деп осыны айтамыз. Ешқандай бояма сөздің, ол үшін сандырақтап «ауыш» болудың қажеті жоқ. «Құдай қосқан қосақ» деген тіркес бар. Міне, нағыз жауабын талап ететін сөз. Құдай қосты екен, бір-біріңді ұнаттың екен болды – ар жағына ер адам жауапты болады. Ол ұнату біреу бола ма, төртеу бола ма, – ол жағы Алланың ісі! Алла бәрін басқарады! Сенікі – мойындау және мойындау! Шариғат та осыны айтады. Жауапкершілігі, адамгершілігі, өз өзіне сенімі күшті азамат, екінші біреуді ұнатып қалса – біріншісінен рұхсат сұрамауы керек. Өзіне түсетін жауапкешіліктің салмағын мойындауы керек. Осы салмақты көтере алса, алғанын байыбына барып аялай алса ғана берік одақ болады. Мен білсем сенің айтып отырған «махаббатың» жалқылықты, «бәрі тек менікіні» ғана қалайды. Бұл –дұрыс емес!

    - Зада апамыз туралы айтқан әңгімеңіз өте қызықты болды. Екінші апаммен де араңызда сондай оқиғалар болған шығар деп ойлап тұрғаным ғой...

    -  Ауылға жақындап қалдық білем, келесі жолы айтармын, -деді, Оқжылан ата.

     Шындығында қызық әңгіме жол қысқартыпты. Мен бұл жолы атадан көп тәлімдік әңгіме есіттім. Мұндай әңгімені менің сауатсыз атам түгілі сауаты бар оқымыстылар да келістіріп айта алмайтын шығар...

*     *     *

     Оқжылан ата туралы біз жақта нешетүрлі, аңызға бергісіз әңгімелер бар. Әрине, өмір жолы қиындыққа толы, осынау бір тұрымтайдай ғана атаның айтқан әңгімесін тыңдай бергің келеді, тыңдай бергің келеді. Әлі айтылмағаны қаншама. Ол кісінің Ташкентке келіп кірген түні ажалдан құтқарып қалатын «құрбандық - құлының» ұрық-шұрықтарын біз де көрдік. Оқжылан ата дүниеден озғанша бұл өзбек ағайындар біздің ауылға апта құрғатпай келіп тұрды. Ажалдан аман қалған аталарының берген уәдесін ұрпақтары бұлжытпай орындады. Соңғы сапарға да бүкіл әулетімен арнайы келіп шығарып салды. Бұл да бір перзенттік жақсы қасиет, бабалар армандаған алтын арна ғой.

     Тек қана, Оқжылан атаның артында әңгімесін жалғастыратын, түтінін түтететін  ешкім қалмады. Өкініштісі осы!

    Ал, атаның қазақ «құлы» төбе көрсетпеді.

 

Қазақ тілінде жазылған