Адам қарады: 166 | Жарияланды: 2017-04-30 17:20:15

Ағила ханшайым

    Ертеде бір хандық болыпты. Сол елдегі ханның ханымы алты ұлдан кейін жалғыз қыз туыпты. Атын Ағила қойыпты. Бұл есім ақылды, парасатты деген мағынаны білдіреді екен. Хандықта Гүлшат деген көріпкел әйел де өмір сүріпті. Елге жау келе жатса, ол ханға алдын ала айтып отырады екен.

   Ханымның қыз туғанын естігенде көріпкел әйелдің қызғанышы қозады. Өйткені ол жаңа туған ханшаның өсіп, кейін осы мемлекетті басқаратынын білетін.

  Хан  сарайына емін-еркін кіріп-шыға беретін ол ұзамай ханның әйелі ұйықтап жатқанда ханшаны ұрлап, өз қызына қосып, бірге бағады.

  Хан мен ханым қыздарын ұзақ іздейді. Таппайды. Ханшаның жалғыз белгісі-оң жақ тізесінің астында осы мемлекеттің картасы секілді қалы бар екен. Жер-жерге хабар жібереді. «Кімде-кім ханшаны тауып берсе, өзі көтеріп кете алатын алтын беремін» деген жарлық шығарады. Бірақ ханшаны ешкім таба алмайды. Хан ақыры алдына көріпкелін шақырады.

 - Хан ием! Ханша ізім-ғайып жоқ. Ешбір дерек қалмаған. Сондықтан оны осы бастан ұмытыңыз, - дейді әйел.

Оның сөзіне сенген хан қызын ұмытуға бекиді. Ал ханым үмітін үзбейді. Күндер жылжып өте береді. Көріпкел Ағиланың атын Айшаға өзгертеді. Өйткені өз қызының есімі. Ғайша еді.

  Гүлшаттың үйіне адамдар көп келетін. Келгендер Айша мен Ғайша егіз деп ойлайды. Себебі көріпкел екеуін бірдей етіп киіндіретін.

  Болашақтарын білгісі кеп келген әр адам көріпкелге 2 ділдә тастап кететін. Қызы Ғайша сол ақшаға сырға, жүзік алып, өзін ханша сезініп өмір сүретін. Ал Айша қарапайым күн кешетін. Кейін аналары екеуін хат танысын деп молдаға береді. Үйренуге ынталы, зерек Айша тез-ақ  хат танып алады.

  Ағила тоғыз жасқа келген бір күні түсіне ақ сақалды шал кіреді. Аппақ киім киген жүзі жылы кісі:

- Ағила, балам, бері кел! –дейді өзіне шақырып.

   - Ата, менің есімім Ағила емес, Айша,-деді Ағила ақсақалдың алдына барып.

- Жоқ, қызым! Сенің азан шақырып қойған атың Ағила, -дейді ақсақал өмірі естімеген әңгіме айтып. –Сен  осы елдің ханының қызысың, балам. Сенің кейін ел басқаратын әмірші болатыныңды білген қазіргі шешең ұрлап алған. Сен өте  білімді қызсың. Біліммен қоса сен енді батыр болуын керек. Сондықтан өскенше мен сенің түсіңе кіріп, дүние жүзіндегі тілдерді және жаумен қалай соғысуды үйретемін.

   Ағила таң қалады. Бұл сөзге сенер-сенбесін білмей үнсіз қалады. Бір қызығы, содан былай ақсақал күнде түсіне кіретін болады. Көп тіл үйретеді және соғыс өнеріне жаттықтырады.

   Ағила он алтыға толады. Бұл кезде хан қартайып, «алты ұлымның қайсысы хандығымды жақсы басқарады?» деп уайымдап жүреді. Хан ұлдары не садақ атуды, не қылыш сермеуді білмейтін еді.

  Осы күндердің бірінде «елді жау шабады» деген хабар береді көріпкел.

-Өзің  бара бермей, ұлдарыңды жібер. Соғыс салуды үйренсін. Әйтпесе, олар кейін қалай ел басқарады? –деген сәлем айтады тағы да.

  Хан амалсыз алты ұлын соғысқа  аттандырады. Өкінішке орай, алтауы да жау қолынан мерт болады.

 Сол күндерде Ағиланың түсіне әлгі ақсақал тағы кіреді. Бұл жолы қанжығасына дулыға, садақ, қылыш байланған ат жетектеп әкеледі.

-Жортқанда жолың болсын! Еліңе аман орал! –дейді артынан бата беріп.

 Ағила оқыс оянып, орнынан атып тұрады. Сыртқа шықса, мамағашта кісінеп бір арғымақ байлаулы тұрады. Оны мініп, соғысқа аттанады. Көріпкел мен Ғайша оның қайда кеткенін білмей қалады.

  Ағила ақсақал үйреткен әдісті қолданып, жаудың ішіне кіреді.Тілдерін білгендіктен, соғыс тәсілдерін үйреніп, адам шығынын шығармай жеңіске жетеді. Елге аман оралады.

  Өз елінен мұндай батыр шығады деп ойламаған хан Ағиланы ордасына шақырады.

     -Кімнің баласысың? –деп  сұрайды көрген бойда.

-  Cіздің балаңызбын, - дейді Ағила.

Хан бұл сөзге сенер-сенбесін білмей сасып қалады.

-Бұл  сөзіңді немен дәлелдейсің? –дейді   артынан қайта қатуланып.

-  Сөзімді  оң жақ тіземнің астындағы қал дәлелдейді, - дейді Ағила ханға қасқая қарап тұрып. Іле балағын түріп, тізесінің астындағы қалын көрсетеді.

  Осыған дейін үнсіз отырған ханым орнынан атыптұрып, Ағилаға қарай жүгіреді.

-О, құлыным! –дейді жетіп барып, бауырына басып. –Жүрегім сенің тірі екеніңді сезіп еді. Аналық сезімім алдамаған екен!

  Сөйтіп, Ағила ақыры ата-анасы табады. Мән-жайды білген халық оған қастық жасаған көріпкелді қызымен қоса елден қуады. Бірақ Ағила кейін ел басқаруға отырғанда өгей шешесін қаңғырып  жүрген жерінен тауып әкеліп, қарауына алады. Наразы болған халқына: «Оның елдің амандығына сіңірген еңбегі көп. Кезінде жау шабатынын күні бұрын хабарлап, бізді талай қауіптен аман алып қалды. Бір рет қателескен екен деп, бәрін ұмытсақ, әділеттілік болмайды. Әрі ол мені бағып өсірді ғой. Мен оны қалай далаға тастаймын», деп, араша түседі. Ел де оның уәжіне келіседі әрі қыздың ақылдығына шүкіршілік етіп, келсім береді.

   Әділ билеуші болған Ағила ханша халқын ұзақ жыл басқарыпты дейді.

 

 

 

 

ге!

Қазақ тілінде жазылған