Тендер немесе саты
Ермектің аудандағы үлкен мекемеге жұмысқа кіргеніне айға жуықтады. Алғаш жұмысқа келген күні бөлім бастығы Сағымғали Ермекті шақырып алып, мына бөлме осы мекеменің мұрағаты болады. Сен осы мұрағатқа жауапты мамансың, енді бөлімдердегі жинақталып қалған ескі құжаттар болса жинастыр.Осы бөлмеге жылдарымен, альфавит бойынша әдемілеп орналастыр! Керекті құжаттарын әркім іздеген кезінде тез тауып алатындай болсын!- деп ескерткен еді.Ермектің жұмысқа деген ынтасы ерекше артқаны сондай мына бөлмені шамасы келсе өзі-ақ тезірек жабдықтап алғысы келеді. Мекеменің жұмыскерлері жап-жаңа тақтайлардан құжаттарды текшелеп жинайтын сөрелерді істеп қойған екен. Төменгі сөредегі бойы жететін жерлерге бөлімдерде шашылып жатқан құжаттарды, өкім, шешімдерді әкеліп мұнтаздай-ғып жинап қойғалы қашан. Тек үстіңгі сөрелерді жинақтауға бастығы рұқсат бермеді. Бұл жолы да Ермек шыдай алмай бастығына барды: «Сағым ағай, біздің бөлімде істейтін Тақжан екеуміз жоғарғы сөрелерге құжаттарды әдемілеп текшелеп жинайтын болдық. Әлгінде Тақжанға көмектесіп жібер деп өтініш жасадым» деді. Ағайы Сағым қатты ашуланды: «Өзің не деген түсінбейтін адамсың? Мен саған кеше ғана айттым ғой. Никакой адам саған көмектесе алмайды. Ертең сыбайлас жемқорлыққа ілігіп кетсін деп тұрмысың? Бізге ертең комиссия келіп жоғары сөреге мына құжатттарды қалай шығып жинадыңдар десе, біз сонда Тақжанды шақырып соған міндік дейміз бе? Бұл қып-қызыл сыбайластық болады. Сондықтан біз как паложны жоғарғы сөрелерге шығатын саты алуымыз керек. Мен қазір дереу порталға заказ беремін?»-деп бастығы компьютерге шүйіле берді. Содан Ермек жиналмалы сатыны күтумен болды. Ал құжаттар болса ретсіздіктен бөлменің ішінде шашылып жатты.Оның үстіне бөлімдер үстін-үстін ескі құжаттарын әкеліп өткізіп жатты. Тіпті, құжаттар салынған қораптар дәлізді де жаулай бастады. Алайда әлгі сатыдан хабар болмады. Күндердің күнінде «несін айтасың сатыны Ақтау жақта бір кәсіпкер ұтып алыпты» деген қуанышты хабар да жетті. Әсіресе бұл жаңалыққа Ермек ерекше қуанды. Сол күні түсінде Ермек әдемі жиналмалы аппақ сатыға өрмелеп шығып алып құжаттарын текшелеп жинап жүр екен. Өзі арасында ыңылдап өлең айтып қояды. Оянып кетсе түсі екен. Өзін көтеріңкі көңіл күйде сезініп түсінің шындыққа айналарына күмәнсіз сенді. Айтқандай бастығы күніне бір рет Ақтаудағы әлгі кәсіпкерге «сатыны қашан жібересіңдер, лажы болса ертерек жіберсеңдер екен. Комиссия келейін деп жатыр» деп хабарласып қояды. Ол да қайтпайды екен. «Мен сатыны сатып алатын едім. Бірақ Ақтау жақтан әлгі сатыны іздеп таппай жатырмын. Қалай сатып аламын, солай сіздерге жіберемін» депті. «Сатысы жоқ болса ұтып алып несі бар екен. Енді табылған күнде бір сатыны сонау Ақтаудан Созаққа қалай жібермек екен» деп Ермек те іштей уайымдап қояды. Арада екі ай өтіп, жаз кіре әлгі кәсіпкердің Шымкентте тұратын құдасы Ақтауға қыдырып барыпты. Бір күні хабарласып «Құдам келді. Сатыны да таптым. Енді бір-екі күнде құдалар Шымкентке кері қайтады солардан беріп жіберемін күтіңдер. Мынау құдамның телефоны , осы кісілер Шымкентке жеткен соң сіздерге телефон соғады» деп хабар айтып жіберіпті. Содан не керек он шақты өткенде қуанышты хабар да жетті. Несін айтасың құдасы Шымкентке келіп Шолаққорғанның таксиіне сатыны салып жіберіпті. Бұл хабарды естігенде Ермек те, Сағымғали да әйелдері ұл тапқандай қосыла қуанды.Сағымғали: «Ермек мынау таксистің телефоны Шолаққорғанға кірген кезінде таксилер тұратын автотұраққа барып тезірек сатыңды алып ал?» деді жүрегі лүпілдеп. Ермекте шыдай алмай тұр екен такси тұраққа асыға жөнелді. Біршама уақытта такси де келді-ау.Төбесінде багажы жоқ екен. Ермек ол жағын аңғармады да таксистке жақын барып сатыны сұрады. Етжеңді келген толық шопыр: Алдымен передачтың ақшасын бер? Бес жүз теңге!- деді. Ақшасын алып алды да Ермектің қолына жүк салғыштан бір түйіншекті ұстата берді. --Аға! Ал саты қайда?- деді аңтарыла тұрып қалған Ермек.
Сағымғали да Ермектің қолындағы түйіншекке түсіне алмастан қарай берді. Түйіншекті ашқанда ішінен кемеге өрмелейтін теңізшілердің арқан сатысы шыққанда екеуі аңтарыла бір-біріне қарады. Амал жоқ тендердің аты тендер сонымен амалсыз арқан сатыны орындық қойып сөренің жоғарғы жағына байлап алады да содан соң жіп сатыға өрмелеп шығып итшілеп жүріп ай ішінде құжаттарды зорға жинап бітірді. Төменде жертөледе кәдімгі ағаш саты да бар. Бірақ сыбайлас жемқорлықтан зәрезап қорқатын бастығы ол сатыға жолатпады. «Тек тендермен ұтып алған сатымен ғана жинау керек» деп. Арада екі-үш ай өткенде Ермекті бастығы шұғыл өзіне шақырды. –Ермекжан, бізге комиссия келе жатыр. Мұрағат болған соң мұндағы есік-терезелерде решеткі болу керек екен. Енді дереу темір торға тапсырыс беруіміз керек құжаттарын әзірле, есік-терезеңді өлше! Неге аңтарылып тұрсың? Тезірек іске кіріс!,-деді аңқиып тұрған Ермекке асыға тапсырма беріп. Ал Ермек болса: -Басеке, тағы Ақтау жақтан біреу ұтып алып бізге қарай тордың орнына ау салып жіберсе не істейміз?-деді сұраулы жүзбен. Сағымғали да күтпеген оңтайлы сұраққа не деп жауабын берерін білмей үнсіз қалды.