Баспана
Біз қайғыру деп атаған сезім,біз үшін пайдалы екенін мен басымнан өткен тәжірибемнен білемін.
Л.Толстой
Облыс орталығындағы мұражайда суретші Гүлжанаттың шығармашылық көрмесі өтті. Сезім пернелерін бояу тіліне көшірген суретшінің туындыларын тамашалап келушілер көп болды.Олардың ішінде жай қызықтаушылар мен өнер адамдары да ,өнерге құштар жастар да бар еді. Гүлжанат сурет көрмесінің жабылу сәтінде өнер сүйер қауыммен жүздесіп, көпшілікке ілтипатын білдірді. Гүлжанаттың «Баспана»атты суретіне ерекше пікірлер айтылып жатты.Өнертану факультетінің магистранты Нұрсезім есімді қыз :
-Гүлжанат Әнуарбекқызы, «Баспана»атты суретіңіз тағдырлы сурет,ал сіз маған тағдырлы суретші сияқты сезілесіз. Осы суретті салуға қандай ой жетеледі.? Бұл әлде шығармашылық құпия ма ?-деп сауал тастады.Суретші жан-сарайында жылдар бойы орын теуіп,жайғасып қалған шемен сырды шерте жөнелуге іштей бір сезімі ырық бермеді.Күлбілтеленіп келе жатқан жараны ашуға жүрексінгендей де кейіпі бар.
Өнертанушылар сурет арқылы өздері тапсын, ойлануға орын қалдырдым , зерттесін деп жұмбақтау күлімсіреді.Жымиған сәттегі ерін үстіндегі қос әжім айқындала түсті,оны жасыруға жүзіндегі бояулар да әлсіздік танытты..
Өнер жайында жазылған сындарда Гүлжанат қаламының мұңлы, қара бояуы қоюлау екені жазылып жатты .Гүлжанат осы кемшіліктердің орнын толтырмаққа ұмтылған. Бірақ жарқыраған ашық суреттер мұның қоңыр ой,қоңыр табиғатымен үйлеспей бояулары күреңітіп кететін
Суретші талант және тағдыр деген сөзді талай естіген.Оған өзі де келесетін сыңайлы. «Баспана» мен «Тіршілік» атты екі суреті де композициялық құрылымы жағынан тұтас туынды. Тағдырының қамығулы ,жан-жүрегінің жылаулы сәттерінен құралып,өнер болып сөйелген. Тар тағдырының кезеңііспеттес алдыме «Баспана »атты туындысы жаратылды. Әкесі қайтыс болып, өгей шешесі үйді сатып, төркініне кетіп қалған .Сатып алушылар қалада үйді салып жатқандықтан бұл үйді құрылыс материалдары үшін пайдаланатынын айтып жатты Сол күні қаладан алып-ұшып Гүлжанат та жеткен.Алдымен табалдырығына тәу етіп аруақтардың рухынан кешірім сұрады. Үйді бұзып жатқанда Гүлжанат өрік ағашының тасасында тұрып дәрменсіздіктен өксіп жылаған.Үй теңселіп барып,солқ етіп опырылып құлады. Ата-анасының аяулы қолтаңбасы,өзінің бақытты балалығының күлкісі сіңген қабырғалары қақырап құлағанда әлдекімнің ыңыранып,уілдеп жылағандай үнін естіген.
Есік алдындағы кәрі бақ та қайғыға тұншығып маужырайды. Дүниеге ұл болып келгенде туған үйдің оты өшпейтін еді деген ой сансын сызғылап,өзі кінәлідей қиранды үйді айналшықтап жүре берген. Жұбатушылар көп болғанымен жұбана алмаған.Туған үйдің төмпешік келбеті көз алдынан кетпей қинаған.
Көз алдындағы сурет бояу болып төгіліп ,өнер болып құйылып ,егілген жанына рух беріп, «Баспана »атты туынды болып жаратылған.Қиранды үйді қалпына келтіргендей өнер-құдірет дарытқан Аллаға мінәжат еткен.
Бұзылған үйдің тұсында жүзі мұңға оранып талға сүйенген бойжеткен бейнесі өнертанушылардың назарын өзіне аударған. Бұзылған там қоғам өзгергенде кей қалалардың құлазып қалған кезінің көрінісіндей қабылданған. Кей жандарға шаттығы шайқалған шаңырақтың бейнесіндей әсер қалдырған. «Баспана» суретінің жалғасындай «Тіршілік»атты өнер туындысын жаратты.Онда да талайлы ағдырынң бейнесі жатты.
Гүлжанат қаладан жылдар бойы баспана ала алмады.Жиған ақшасы да, тапқан табысы да кішкене баспанаға жетпеді.Қаланың әр бұрышынан бір бұрышына сүйретіліп көшіп жүрген күндері төзімін де сарқып бітті.Екі үйі бар орыс кемпірдің пәтерінде тұрғанда , пәтерақысын санап алып тұрған кемпір жаны ашығансып:
-Бұл үй баламның атында. Әйелі кетіп қалған.Енді қайтып келмейді Менің балама тиіп алсаң үйсіз жүрмейсің деп қасына ерте келген ішкіш ұлымен таныстырған. Гүлжанат екеуінің көзінен мүсіркеудің белгісін аңғарды да, намыстан өртене тіл қатқан.Түні бойы баспанасыз тағдырын тілдеп жатты. Ертеңіне басқа пәтерге ауысты. Көшіп бара жатып сергелдең өмірі мен кезбе тағдырына налыды.
Өнер адамдарына жатақхана беріліп жатыр дегесін,өзгелердің ақылын тыңдап лауазымды адамның алдына өтінішпен енген.Сұрамсақтық қанында болмағасын шарасыздықтан барған еді. Өнер жолында жүргеніне көп болғанын, бір баспанаға зар екенін күмілжіңкіреп жеткізген.
Әлгі жан тоқмейілсіп.
-Баспанасы бар адамға тұрмысқа шығып алмайсың ба?
Сонда ол мәселен де оңтайлы шешілер деген.
Көңілі құлазып шықты.Жүрек түкпіріндегі бір ой амалсыздықтың кебін киіп,бір шешім шығарғандай.
Ия,кім болса да баспанасы бар адамға тұрмысқа шығуы керек.Арақ ішпесе қалғанына төзуге болады,..төзуге болады деп күбірледі.Өзінің іске аспас асқақ идеяларынан бас тартты. Ол енді ақылды да асқақ, рухы мықты жігітті күтпеді. Басында баспанасы болса жетеді деген жалғыз шартпен ғана қалды.
Шарты азаайғасын ба ,мұның ойы өзі ойлағаннан да тез жүзеге асты. Ойы да, бойы да аласа.Жарайды,баспанасы бар екен. Баспанасы бар екен... дегенді сан рет іштей қайталап тұрды айнып қалмайын дегендей.Шешімді де тез қабылдап, Ерболға тұрмысқа шығып кетті.Өмір сүруден бас тартып тіршілік етуге көндіккендей нышан бар жүзінде.
Несі бар бақытты болады.Сүю не үшін керек,жанымды түсінсе болды деген қасаң қағидасы тіршілк етудің құралы ғана екен. Ал,жүрегі ғана сүреңсіз тіршілігіне көндіге алмай өрекпиді.Тек көшуден ескірген суреттері ғана тұрақты орын тапттық па?- дегендей жаңа үйден орын алды..Бұл ескірген суреттерін есіркеп жылап тұрды.
Сол күннен бастап сурет сала алмады. Қолына қалам алса да ой да,шабыт та мұны тәрк етіп кеткендей жақындамайды. Бұл енді өнерін аңсап алас ұрды. Баяғы аңсаудан, сағыныштан тұратын күндерін сағына бастады.Жаман емес, дөңгеленген шағын тіршілігі бар.Бәрі де тыныш.Бәрі де жақсы...Тек қуаныш жоқ. Бір сезім сәулесі адастырып кеткендей күйде.
Бәрі де бар сияқты. Бірақ әлдене жоқ сияқты.
-Суретіңді сала берсеңші дейді момын күйеуі.Мұның солғын жүзіне жаны ашып,өнерді түсінбесе де түсінуге бейіл танытатын.Осыған да шүкір,түсінуге деген ниеті бар деп қуанып қалатын.
Күні-түні « Тіршілік» атты сурет салды.Өтіп бара жатқан өмірін аяды ма, тоқырап қалған өнерін аяды ма бір түсініксіз сезім билеп барады.
Тіршілік атты суретін күйеуіне көрсетті.Әйелінің бояу-бояу болған шаршаңқы әрі жадыраңқы жүзіне қуанышына ортақтаса мейірлене қарады.
-Жақсы болыпты деді балаша қуана.
Бір кезде жұлып алғандай ;
-Осы суретін сонда қанша тұрады ? дегені. Гүлжанат тұнжырай қалды.
-Білмеймін деп көңілі жабырқап сала берді.
Үйінің іші астан-кестен.Жиналмағалы да біраз болыпты.Күйеуге тимеген қайын әпкесі үйіне сөйлей кірді.
-Үйлерін ат қорадай шашылып.Бұл үйдің әйелі бар ма жоқ па ? Әйел болып үй жинауды да білмейді өзі -деді долдана.
-Жинайды ғой.Жинайды.Жаңа ғана сурет салып еді деді күйеуі ақтала күмілжіп.
Әпкесі одан сайын өршіп барады..Қайдан жинасын,үй жинайтындай бұрын-соңды үй бітіп пе еді оған.Бес алты қалам мен кенептен өзге несі бар оның.
-Кетем деп жылап тұрды.
-Кетпеші дейді күйеуі жаутаңдап.
-Кетсе кетсін, жалынба кете берсін.Кеткенде қайда бармақ.Сен ештеңе жоғалтпайсың деді інісіне қарай.Ал бұл қаңғырып қалады.Басыңда баспанаң бар да мұндайлардың талайын әперем.Туып жатқан баласы жоқ,суретін құшақтап өмір сүрсін, диуана .Інісі үндемей қалды.
Бұл қашып келеді.Баспанасыз тағдырына құстай ұшып келеді.Баспанасыз өміріне бас сауғалап келеді.
Суретші жалғыз қалыпты деген сөз қалаға тарады.
-Перзент болмағасын қиын ғой десті бірі..
-Қияли болғасын сол да.. деп жатты.
Ал Гүлжанат дүниеге келген жансыз суреттерін перзентіндей аялап,
-Мен туралы айтылатын адамдардың жалған, нашар пікірлері,осы күйде қала беру қажеттігі,-қанша жерден қиын болса да, кейде оның жан-дүниемді жарылқайтынын түсінемін-деп Толстойдың ойларын іштей қайталап тұрды