Адам қарады: 172 | Жарияланды: 2017-06-19 03:36:02

Оралу

Көңілінде бүр жарған балауса махаббатының  иесі мұның жан-дүниесіндегі әлемет күйде сезсе де мұның  құрбысымен қол ұстасып ұзап кеткенде  махаббат деген қасиетті сезімнің қасіреті де аз болмайтын  ұғынған. Пысық құрбысы пұшық мұрның көкке көтере жеңімпаздың көңіл-күйін кешіп жанынан бақытты жанның  кейіпінде өте шыққан. Бибінұрдың «енді ешкімді сүймеймін»- деп егілген  ішкі ниетін  Алла қабыл етті ме екен ,  расында да ондай сезімді қайта бастан кешіруді бұйыртпады. Жапан  далада  жалғыз қалғандай беймаза  көңіл ауанын  аңғарғандай көрші ауылдың  жігіттері топтала келіп ,машинаға жұмарлай  салып, ала қашқан. Алысып-жұлысып жүріп, ақ босаға аттады.

Үйленуім керек деп шешім шығарып,  қызды ауылды торуылдап жүріп, мұны ала қашқан жанмен , шымылдық ішінде отырып танысқан  қыздан  не сезім сұрап мәз боларсың? Алла қосты ма, адам қосты ма деп  аңтарылып , ендігі өмірім не болар?  деп сан сұраққа  қамалып   отырғанда алып қашқан жігіт, күйеуің мен боламын деген сыңайда танысып кеткен.  Тағдырының дегені мен жарының  өктемдігіне көнгісі келмей ұзақ жылаған.Өзі сияқты сезімсіз табалдырық аттаған сол ауылдың келіншектері алғаш келін болып келгендегі сәттерін еске алысып, қазіргі мойынсынған тіршілігін тілге тиек ете отырып, жұбатысқан. Қазіргі өміріне наразы еместігін ,бір үйдің тіршілігін дөңгелетіп, перзент тәрбиелеп отырғандарын  баяндап жатқандар да табылды. Танымай-білмей келген босағасын шынымен жақсы көріп кетті ме, әлде нәзік жанның көнбістігіне  салып күн кешіп жүргендігін кім таразылап жатсын.Әйтеуір, ақ босаға аттаған ақ жаулықтылардың  барлығы жанашырлық таныта отырып, аттаған  босағасында қала беруіне  көмектескен.

Ілдәлап ,  күн кешкен.  Уақыт санады. Келген жерін  көңілі қаламаса да, тіршіліктің қамытын мойына асып алып, сүйретіліп жүрген жанның сұлбасына  көшкен. Мақсатсыз жүру адамды қажытады  екен. Жарына  деген  көңілі беріш болып қатып қалғандай жыли қоймады.Кездейсоқ жанмен  ғұмыр кешіп жатқандай, сезімдері де тасбауырланып алған. Өңін бермеген тағдырындай сезімі де жыли қоймады. Ұзақ та мағынасыз,сүреңсіз де сұрқай тіршілік иесіндей сезінді.

Алғаш ішіндегі шаранасы біліне бастағанда ғана,  әлдебір  сезімі бой көтергендей, жанына жылылық толып кетті.   Дүниеге кішкене қыз бала келді. Аналық бақыттан мақұрым етпеген  жаратқанға шүкіршілік етті. Енді қалған көңіл  мен өмірді бейкүнә және мазасыз перзентіне арнауды ұйғарған. Можантопай күйеуі қуанышты  тойлаудан   қолы да аузы да босамады.Кешке тәлтіректей басып келеді.Күйеуінің  көңілі орныға бастағандай.

Бибінұр, қызды болдық. Енді сені кетіп қалар деп қорықпаймын. Үйде бұзауы күтіп отырса,  сиырда өрістен үйге қайтады -деп өмірден ойып алып мысал келтірген.

Бірақ,  жатыры жылыса да жүрегін жылыта алмай Бибінұр әуре. Кішкене Жауһарын алды да төркініне кетуге бел байлады. Ата-анасына қайта баруға қаймықты. Әпкесі Нұриланың  үйіне кетіп қалды. Ажыраспаса болмайтынын, ондай өмірге көндіге алмайтынын қыстыға отырып жеткізді.

Артынан іздеп келгендерге де қайтпайтынын,онда өмір сүре алмайтынын бүкпелемей ашық жеткізген. Қайтпасаң бір әйел табылар,қызға обал да деп көнтерлі күйеуі де күйінішін жеткізген.

Сені ұрдым ба,не кінәм бар? -деген күйеуінің  сауалы мен жалынышты көзқарасына тас мүсіндей илігі қоймады.Келгендер көңілі қалып аттанды.

Әпкесі де жақында сәбилі болған. Екі сәби уілдеп қатар жатады. Әпкесінің қызын ата-енесі де,күйеуі мен бауырлары жарыса келіп өбектейді.Қолдан-қолға өтіп жатқан әпкесінің қызына  қызыға қарайды. Мұның Жауһарына өзінен өзге ешкім жоламайды. Тек әпкесі ғана мұның көңіліне қарап сәбиді қолына біруақ алып көтереді.

Енді Бибнұрдың    аналық жүрегі сыздап, қамыға бастады.Қызының жетімдігіне жаны жүдеді. Дүниеге келген шаранасының  шын жанашыры кем екенін ұғынды.Үйінде болса жаман да болса әкесі өбектеп,атасы мен енесі еркелетіп жатпас па еді. Қайнысіңлілері мен қайнылары көтеруге  таласып-тармасар еді-ау. Енді кішкене құндақтағы сәбиі ешкімге керек еместей. Өзі еркелетер,өзі айналып-толғанар.    Бірақ,оның  жан-дүниесіндегі  ет-жақындарының орнын өзге ешкім толтыра алмасын ұғынды. Ол алғаш рет өзінің келін болып түскен отбасын сағынды. Баланы  отбасы жылылығынан айырып алуға қақысы жоқтығын сезінді де тұңғиық ойдың    шешімін тапты. Өзінің сезімі,сүйген-сүймегені жайында айту,бала алдындағы  жауапкершілік алдында салмақсыз екенін  сезінді.

Таңертемен қызын құшақтаған күйі үйіне асықты. Табалдырықтан аттай беріп, төрде отырған атасына иіліп сәлем берді.Атасының да қабағы қатулы екен.

-Келін,біраз сәлемнен кешігіп қалдың –ау деп күрсінді.

Сөзі мен қабағынан артынан іздеп барып,алып қайтпақшы болғандарға оң қабақ танытпай,қайта бармаймын деп кері қайтарған келініне деген реніші сезіліп тұрды.

Шаңырағының шаттығына айналып,қолдан-қолға түспей жүрген  сәбиіне емірене қарап,өз бақытымның орнын толтырам деп жүріп,сені балалық бақыттан айырғым келмеді. Сенің жүрегіңе жетімдіктің шемен мұңын салғым келмеді-деп  ақталды аналық парасатпен.                                                                              

                                                                   

 

 

Қазақ тілінде жазылған