Адам қарады: 163 | Жарияланды: 2017-06-22 03:40:33

Қарақшының қойындәптері

 

Еркінді ешкім де кісі тонаушы қылмыскер деп ойламайды. Сырт бейнесінен ондай күдікке ілігерлік ештеңе көрініп тұрған жоқ. Қарапайым, ақжарқын, көрікті жігіт. Тіпті, орташа бой-тұрқынан әкетіп бара жатқан қайраты да байқалмайды. Сонысына қарап, оған әлімжеттік жасағысы келген талай тентектің қалпағы теріс айналып, шекелерімен жер сүзген-ді...

Жайшылықта үлкенге иіліп, кішінің басынан сипап жүретін осы бір ауылдағы аққұба азаматтың күн батысымен тыным таппайтын әдеті бар. Құдды, жын иектеген адам тәрізді. Аты-жөні аталмаса да, өзінің әрекетін шуласа жазған жергілікті газет жаңалықтарын сүйсіне оқиды. Бірде асыра сілтеп жіберген тілшінің сөз саптасына көңілі көншімей: «Мына шіркіндер қашаннан бері «өтірікті шындай, ақсақты тыңдай» етіп ұра беретін болған?!», – деп жерге шырт түкірген. Өйтіп күйінетіні, түнде тоналған «КамАЗ»-дағы бәлен тонна азық-түлікті қарулы қарақшылар Қытай асырып жіберіпті-міс. Олардың өздерін шекара сыртында басқарып отырған «крутой көкелері» бар көрінеді. Сол дөкей ел ішіндегі шенді-шекпенділердің ұртын майлап қояды екен... Оның сыртында, әлгі тонау фактісіне қатысты «өйтіпті-бүйтіпті» деп ойдан құралған оқиғалар баршылық. Шын мәнінде, бұның бәрі – шылқыған өтірік! Еркін бар болғаны көрші ауылдардан құралған ым-жымы бір, сырға берік төрт жігітті басқарады. Бесеуі ылғи ұялас арландарша түн қатып жүріп, өтпелі кезеңдегі тоқыраудың «тілін тапқан» алыпсатарларды қанқақсатып кетеді. Өзі туып-өскен облыстың ана шетіне бір, мына шетіне бір шығатыны болмаса, одан әрі ұзаған да емес. Бірақ, жергілікті құзырлы орган қызметкерлері бұларды бұғаулай алмай, қайта-қайта сан соғып қала береді. Негізінен оларға ауылдар арасында ағылған жүк көліктерінің қалтасынан қағылған иелері мынадай жалғыз дерекпен шағымданады: «түнде жолымызды бытыралы мылтықпен қаруланған бес жігіт бөгеді...». Ол бесеудің санынан басқа саусақ бүгіп отырып тізіп беретін басқа айғақ жоқ. Алыпсатарлардың бар қосатыны – бәрі де бастан-аяқ қап-қара болып бүркеніп алған, тізгіндегендері – біркелкі қарагер дөнен мен бесті. Ішкі істер органдарына әжептәуір жиналып қалған іс-қағаздарға қарасаң, бес егіз бір уақытта жараулы жылқыларымен бірге жаратылғанға ұқсайды...

Ауылдың учаскелік милициясы, капитан Мизам Алпамысов Еркінмен жақсы араласады. «Жақсы араласады» деу – бергі жағы, екеуі әлдеқашан сырлас, мұңдас дос болып кеткен. Бір күні таң атпай сол Мизам бұның үйіне келіп: «Ереке, сенде оңаша айтар шаруам бар еді. Сыртқа шығып сөйлесейік!», – деп қатын-баласының қасынан оқшаулап алып шықты. Қолында біржапырақ қағазы бар.

– Мынаны оқып көрші!

Еркіннің екі көзі қағазда. Ондағы тайға таңба басқандай етіп қолмен жазылған көркем әріптерді еш эмоциясыз «түгендеп» отыр.

– Иә, не бопты ал?

– Не болғанын оқымағандай сөйлемесеңші! Көрші ауылдағы коммерсант сенің астыңдағы бәйге атын таныдым деп тұр ғой! Әнеугүні өздерін қасқыр тигендей етіп тонап, тақырға отырғызып кеткен атақты бес қарақшының бірдей қарагерлерінің бірі ақтанау екен. Содан, ол алып-ұшып аудандық милиция бөлімшесіне жетіп барған да, осы арызды жазған. «Жаңылысуым әсте мүмкін емес! Бұл – сол, Еркіннің бәйге бермес бестісі!» деп тұр емес пе, жарқыным-ау?!.

Еркін тағы бірдеңе айтпақ болып оқтала берген досының сөзін одан әрі тыңдамай, қасақана қарқылдап күліп алды.

– Әй, мілисә Мизамым-ай (ауыл тұрғындары оны дәл осылай лауазымымен қоса атайды), аңғалсың-ау, аңғалсың! Немене, республика демей-ақ қояйын, облыс бойынша ақ танаулы қарагер бесті менде ғана ма екен? Керек десең, ондайдың жүзін тауып берейін саған! Екіншіден, мен не, сондай қарақшыға қатты ұқсап тұрмын ба, сеніңше? Егер қарақшы болсам, түнімен маған дала кездіріп қойып, өзің не қарап жүрсің? А, мілисә Мизам?

– Қойшы-ей! Ертең ауылға аудан милицияларын ертіп анау коммерсанттың өзі келеді. Бұныңды соған тәптіштерсің. Менікі, әншейін... Дос болған соң, арызды өзіңе оқытып алайын дегенім ғой... Қой, жүрейін! Жұмыс көп...

– Жарайды, жақсы. Бірақ, біреу солай қағаз шимайлады екен деп менен күдіктенуіңді қой-ей, досым!

– Күдіктендім деп кім айтты саған?! Текке қумай, одан да ертең аналарға ақталатын сөзіңді жаттай бер!

Мизам досын қалжыңмен қағытқаны үшін өз-өзіне риза болғандай, масаттана күліп бара жатты. Ал Еркін өзінің бір күдік тудырып алғанына іштей қынжылып, оған өтірік жымия салды.

...Келесі күні ауданнан артынып-тартынып жеткен қос УАЗ-дың бірінен төрт милиция, екіншісінен шопыр мен екі алыпсатар түсті. Оларды кеңсе алдынан құрақ ұшып қарсы алған кеңшар директоры мен «мілисә Мизам» жүре сөйлесіп, ішке қарай бастай жөнелді. Көп ұзамай, кеңседен асыға шыққан директордың шабарманы онша қашықта орналаспаған Еркіннің үйіне қарай жаяу бет алды.

Сонымен не керек, қарагер бестінің ақ танауы ұзақ талқыланды. Кеңшар директоры да Еркіннің қысқаша өмірдерегін оңды-солды сапырып, шамасы жеткенше оған шаң жуытпау тұрғысында аянып қалып жатқан жоқ.

– Ауылымыздың ең білімді, тәртіпті азаматы – осы Ерекең! Иә... Арақ ішпейді, темекі шекпейді. Былайша айтқанда, спортсмен. Анда-санда таксимен қалаға қатынап тұратыны болмаса, ауылдан онша ұзап шыққан да емес. Иә... Мына Мизам куә ғой. Бір жағынан, екеуі – жақсы дос. Бір-бірінің сырын менен артық біледі дегендей. Иә...

Директордың сөз арасында өзіне жалтақтап қарағыштай бергенінен ыңғайсызданған «мілисә Мизам» да жамандыққа қимас досын жақтай отырды.

Кеңседен шыққан топ Еркіннің қорасына бас сұғып, оның бәйге атын айналшықтап ұзақ қарасты. Алыпсатарлар да «осы, осы!» деп қояр емес. Кеңшар директоры мен учаскелік милиция оларды сабырға шақырып, Еркіннің ол түні үйінде болғанына кепілдік беруден танбады... Сөйтіп, ақыр соңында ауданнан келген әріптестеріне Еркінді өзінің шенді досы бақылауға алатынын уәде етті.

...Әлгі екі УАЗ ауылдарынан шаң көрсетіп кеткелі бері Мизам Еркінге жиі келгіштейтін болып алды. Әсіресе, қас қарая бастағанда бұның қасынан табылып, түн ортасы ауғанша әрнені бір әңгіме қылады. Еркін де есесін құр жіберсін бе, оның өзінен күдіктеніп жүргенін жай қалжыңдаған болып, бетіне басып қояды. Осылайша біріне-бірі жалғасып, тартысты күндері өте берді. Екеуі де қайтпайды. Арбасып жүрген сырттандар тәрізді. Ал Еркіннен шалғайлау жатқан төрт серігі тек бұның бұйрығымен ғана кездесіп дағдаланған. Топбасшыларын тергеу-тексеру жағынан төртеуі де хабардар. Өйтпегенде ше, ол әңгіме аудан төңірегінен асып, әсірелей әспеттеліп, облыс көлеміне тарап кеткен еді. Тіпті, алыпсатар біткеннің бәрі алдарынан ақ танаулы қарагер мініп шыға келген қарақшыны көрсе: «Еркін!» деп айқайлап жіберуге даяр. Оның «сүттен ақ, судан таза» екеніне тек өз ауылдастары ғана сенімді еді. Әрине, өзінің қарақшылық қырын мақтан еткен «жолжазбалары» Мизамның қолына түспей тұрған сәтте солай болған...

 

***

«КамАЗ» жолдарының шағын картасын сызып, тіпті, олардың қайсысымен қашан жүретін уақытына дейін мұқият жазып алған төрт қарақшы кейінгі жарты жылда қатты мазасызданып кетті. Өйткені, талай «үлестерінен» айырылып қалып жатқандары жандарына батуда. Ара-тұра таң алдында Еркіннің ауылына да ат іздерін салып тұрады. Жарты жыл бойы аңдуда болып, милиция досымен сол үшін араздасып қалған топбасшылары бірде бұларға өзінің кісі тонау қылмысын қоятындығын ескертті. Төртеуіне де ендігі ретте ондайға бармай, өз жөндерімен жүруге кеңес берді. Бәрі жөн ғой, бірақ, тым кеш еді...

 

***

Кезінде кеңшар директорының өзі аудандық төрт милицияға «спортсмен» деп ауыз толтыра мақтаған Еркін, досы Мизамның әбден соңына түсіп алғанына ызасы келіп, ішімдікке үйір бола бастаған. Оған дейін отбасында атап өтудің өзін білмеген туған күнін аяқ астынан ауылдастарымен бірге тойлатуды ұйғарып, сол үшін үйіне Мизамды да әйелімен шақырды. Ішін өртеген бар күйігі – кейінгі бес «КамАЗ»-ды емін-еркін өткізіп алғаны ғана. Бұған, әрине, Мизам досы «кінәлі». Сондықтан да оған дастарқан басында көп шүйлікті. Ішімдіктің буымен оспадар оспақ айтып, «ескі досының» әрбір сөзін кекесін күлкіге айналдыра берді. Мизам да, оның әйелі де үнсіз шыдап, сырт көзге жылы жымия салып, басқалардың әңгімесіне араласа отырды.

Сонымен не керек, тоқбасар сәтте Еркіннің әйелі қонақтардың алдына ескі альбомдарын әкеліп, көрсете бастады. Бұл кезде Еркін буынына түскен арақтың буын көтере алмай, қорылдап, қалың ұйқыға кеткен.

Өзге қонақтар ескі суреттер арқылы өздерінің жастау кездеріндегі естеліктерімен бөлісіп отырғанда, Мизамның көзі альбомдардың арасына қыстырыла келген қойындәптерге түсті. Оны қолына алып, орта тұсынан парақтап көрді... О, тоба! Кәнігі қарақшының қойындәптері!.. Ешкімге білдіртпей, оны костюмінің ішкі төсқалтасына сүңгіте салды...

Осылайша, атағынан ат үркетін қарақшы Еркіннің абақтыға түсуіне өзінің қылмыстық әрекеттерін күнделік ретінде тізбектеп жазып жүргені себеп болды. Оны тұтқындау үшін бір қойындәптерден толық үзінді келтіріп жатпай, мына бір дерегін алға тартса да жеткілікті еді:

«07.09.1994 ж. Түнгі сағат 01:15. Біз Жыланшық сайындағы қалың тоғайды кесіп өтетін жол бойынан А. қаласынан келе жатқан кезекті 8-ші Камазды күтіп алдық. Әдеттегідей екеуміз алдына, екеуміз екі бүйіріне, біреуміз артына ат үстінен бес қосауыз мылтықты кезеп тұра қалдық. Олар Өзбекстаннан қауын-қарбыз әкеп сатқан өзбектер болатын. Өзіміздің шопандарды тиын-тебенімен алдап-сулап, мал сатып алып жүрген коммерсанттардан бұлар екі есе бай. Жолымыз болды! Сауданың «жілігін шағып, майын ішкен» бұл сабаздарыңа да жан керек, он оқтың бір сәтте атылатынынан қорқып, біздің ыңғайымызға тез көне кетті...».

Бұл күнделіктің алда-жалда біреудің көзіне түсіп қалуынан сақтанса керек, қасындағы төрт үзеңгілесінің ешбірінің де аты-жөні аталмапты. Тек «біз» деген. Тергеу барысында да олар туралы тіс жармады. «Шиеттей бала-шағаларының обалына қалып, бәрін бірдей тар қапасқа тоғытып қайтесіңдер? Қазір олар бұл іспен мүлде айналыспайды», – деген де қойған.

Шынымен де сол төрт қарақшы Еркін еркіндігінен айырылғалы бері аттарынан түсіп, құжатсыз мылтықтарын аудандық Ішкі істер бөліміне өткізіп, ауылдарындағы қарапайым қоңыр тірлікпен жан бағып қалған. Бір ғажабы, кезінде жеңіл жолмен тапқан дүниелері ешқайсысына сеп болған жоқ. Алақандарынан сынапша сырғып, қалайша жоқ болып кеткенін өздері де байқамапты.

Қазақ тілінде жазылған