Натурщик
Бір кәрі адам маған үш күнге "натурщик"(тірі бейне) болуға келісімін берді де мольбертімді ыңғайлай орналастырып оның суретін салуды бастап кеттім.
Ұмытып барады екенмін. Сұлбасы фоннан бері бөлініп анық көрінуі үшін артқы жағына сұр мата іліп, оң жақтан жарық жақтым. Күн сәулесін пайдаланбаған себебім, уақытқа қарай жарығы өзгеретіндіктен осылай жасадым.
Сурет өнерінің басты қағидасы ол үлкен көлемнен кішіге біртіндеп ауысу! Міне, осы ережені басшылыққа ала отырып кәрі адамның бейнесін бас сүйек, ортаңғы бөлік, белден төменгі аяқ бітімдерін үшкір қаламмен жеңіл тартып өттім. Енді мені ойландырғаны алдыңғы көрініске (планға) нені шығарып, қайс ы мүшелерді соңына қалдырғаным дұрыс?
Шешім өзі келді! Байқап қарасам, маған натурщигімнің дізесінің үстіне қойған тарамыс қолдары, аяқ бітімі жақын екен де, өзге мүшелері "торс" біткен алыстау болды. Алдыңғы көрініске осыларды шығармағанда басқа қандай мүшелерді шығармақпын.
Бұл композициялық жағынан да дұрыс!
Бейнелеу шеберлерінің бәрінде болатындай натурщигіме қарап отырып менде ойлана кеттім.
Осынау күректей қолдар нендей жұмыстар атқармады деп ойладым. Мүйізденген алақандар соның айғағы. Жалпақта, орнықты табан қандай! Тағдыр тауқыметін арқалап пендеңіз осы аяқпен қай жерлерді кезбеді дейсіз.
Мүмкін бұл адам марапатталған еңбек ардагері шығар? Әлде құрметті азамат па? Бір түйсігім жоқ дейді. Бұл менің долбарларым. Орнымнан тұрып мольберттегі әлі аяқталмаған сонда да болса нобайы айқындала бастаған суретіме қарадым.
Ендігі жұмысым бас сүйегін анықтау!
Жасанды жарықты босқа жақпаймын ғой. Әсері мол болсын деп жаққанмын. Солай болды да!
Жарық түскен мұрыннан бастап беттің жартысы, және бір көзі бері шықты да сурет шеберлерінің бәрі білетіндей жарық түспеген бастың екінші жағы қараңғылана қалды.
Осыны ақ қағазда дәл беру үшін көз ұясын бастыра штрихтап сол қарқынмен мұрын астында екі-үш рет сызып өттім. Мұным жақсы болар ма, нұрсыз көз онан ары шүңірейді де, жанары көмескіленіп, есесіне астын бояғаным себепті мұрын көтеріле түсті.
Сурет тілінде мұны "контраст", ақ пен қараның үйлесуі деп те атайды. Осылай жұмыс жасап отырып натурщигімнің ақ селдір шашы, бетіндегі әжімдері, дірілдеген дізелеріне де көз тастап отырдым.
Ауыр бейнеттің ізі деген осы! Натурщигім әрине көп жан-ұялы. Былай да ойландым. Негізгі көрініс қушиған жауырын, өмір батпанын көтеріп еңкіш тартқан иық сұлбасын бере алар ма екенмін деп. Мұны емес, қабырғалардың арық етсіз суретін штрихтасам да жұмысым жаман болмас еді. Әзірге оны кейінге қалдырдым.
Осы кезде кәрі кісі сырылдап ентіге дем алып отырды. бейнелеу өнерімен салыстырғанда поэзия, проза дегеніңіз бөлек дүние! Алайда мүлдем басқа деп те айта алмаймын. Бұлардың да шығармашылық ұқсастықтары бар. Айталық мен суреттеп бере алмаған сырыл, шуылды олар әлдебір нәрсеге теңей қалып екі-ақ ауыз сөзбен айта салған болар еді.
- Әлі ұзақ отырамын ба?
- Аз қалды Жәке!
- Суық тимесе жарар еді.
- Сәл шыдасаңыз негізгі жұмысымыз бітеді.
Сурет өнерінің талабы бойынша натурщигім жеңіл лыпасымен жалаңаш отырған болатын. Жартылай киіндіргеннің өзінде мен оның дене бітімін толық бере алмаймын ғой. Сүйек бітімдерінің қисықтығына орай мына адам бруцеллезбен ауырмаған ба?- деп те ойладым.
Осының бәрін бітіріп кәрі кісіні шай ішуге шақырдым. Қимылсыз отырған адамның жаурайтынын біліп осылай жасадым.
Ертесіне таза құлшыныспен кірісіп суретімнің соңғы ұсақ-түйектерін қарап шықтым. Ал үшінші күні жұмысымды толық аяқтап, менің ойлаған долбарларым дұрыс па, жоқ па деп оның өзінен сұрадым:
- Жас кезіңізде қандай жұмыс атқарғансыз?
- Мал баққанмын.
- Бруцеллезбен ауырғансыз ба?
- Ия!
- Марапат алғансыз ба?
- Жоқ!
- Жанұяңызда қанша адам бар?
- Он екі.
- Әлеуметтік жеңілдіктер жасалды ма?
- Есімде қалмапты.
- Аяқ-киіміңіздің размері?
- Қырық үш.
Дәл тауыппын! Мен мұны суретін салмай тұрып сұрасам да болар еді. Сұрақтарым натурщигімнің жүйке-жүйесіне әсер етіп ол дұрыс отыра алмай ма деп сұрамағанмын.
Бірақ кәрі кісінің айтқандары менің ойлағаныммен дәл келді де дүнием жаман шықпаған екен деп қуандым.
Кейін шеберхананың есігін жауып екеумізде сыртқа беттедік.