Адам қарады: 102 | Жарияланды: 2018-03-30 06:21:00

Тапқыр кітап

Кейіпкерлер: 

Жалқаубек

Кітап

Сөмке

Доп

Атай

Әжей

Күнделік

 

1 – сахна

Таңертеңгілік...«Жалқаубек...Тұр...Оян ұйқыңнан. Мектепке баратын уақытың болды...» деген естіледі. «Қазір...» деген Жалқаубектің дауысы естіледі. Кітап, текшеден секіріп түсіп, сөмкені оятады.

Кітап. Сөмке...Оян, сөмке!..Сөмке!..Оян...Таң атты...

Сөмке. (еріне жауап беріп) Ы-ы...Атса қайтейін...Бәрі-бір асығыс жоқ. Жалқаубек оянамын дегенше қай заман?! (есінейді) Ұйқы берші.

Кітап. Ұйқы бер?! Сөмке...Таң атты деймін?!

Сөмке. Ата берсін...Кітап, саған не болған?! Таңсәріден мазамды алғаны несі?!

Кітап. Мені...Бүгін мені мектепке әкетші?..

Сөмке. Не-ме-не?!

Кітап. Мектепке әкетші деймін...(күрсінеді) Мектепке бармағалы қай заман?!

Сөмке. Маған не дейсің?! Жалқаубекке айт...

Кітап. Жалқаубекке?..Ой, оған салсаң...әтпшшу-у...(түшкіреді)

Сөмке. Сау бол...(кітап тағы түшкіреді) «Сау бол» дедім ғой?!

Кітап. Кешір...Шаңға толып қалдым...

Сөмке. Мәсс-саған...Шаңға толсаң сүртпейсің бе?!

Кітап. Қайтіп?!

Сөмке. Соны да білмейсің бе?!

Кітап. Неге білмейін...Ол үшін парақтарым ашылуы керек қой?! Жалқаубектің менің парақтарымды ашпағалы қашан?!(жылайды)

Сөмке. (амалсыз оянып) Туһ-һ...Таң атпай жылап саған не көрінді? Өзім кешегі соққыдан есімді енді жинап жатсам...

Кітап. Сен...Мектепке күнде барасың. Бақыттысың...

Сөмке. Аһа?!. Екі бүйірімнен тебілген бақыттан басым айналып отыр. Жалқаубектің әдетін білесің...Менің бүйірімнен тепкілемесе жүре алмайды...(ыңыранған дауыс естіледі) Мынаусы кім тағы?

 

      Кітап жүгіріп барып, ыңырсып жатқан Допты көреді.

 

Кітап. Доп?!. Сөмке, мұнда Доп қиналып жатыр.

Сөмке. Қиналмағанда ше?..Жалқаубек жанын қойсын ба?! Кеше, түн болғанша тепкілеп, жанын  - көзіне көрсетті.

Кітап. (Допты сүййеп) Доп...Қане, басыңды көтер...

Доп. Ы-ым-м...Көтере алмаймын...Көрмеймісің. Желім шығып, бүйірім жыртылып кетті. (жылайды)

Кітап. Міне саған қуырмаш?! Енді қайттік?!

Сөмке. (кітапқа) Сен болсаң «шаң болғаныңа» жылайсың. Біздің орнымызда болып көрші...

Кітап. Міне, саған қуырмаш?! Енді қайттік?!

Сөмке. (басын ұстап) Білмеймін...Кешегі соққыдан миым қатты шайқалған сияқты.(мұрнын тыржитып) Фу-у...Ненің исі мүңкіп кеткен?

Кітап. Білмеймін...Сенің үстіңнен шығып тұр...

Сөмке. (қалтасын ашып) Уф? Өзім де осылай боларын біліп ем...

Кітап. Не болды?

Сөмке. Не болушы еді...Жалқаубектің кешегі салған бәлішінің исі шығып кетіпті...(жүрегі лоқсиды) Оһ?! (жүгіріп шығып кетеді)

 

Кітап,Допты жетелеп әкеліп, отырғызады.

 

Кітап. Жалқаубекті қалай жолға салудың жолын таппай әбден басым қатты. Мысалы мен – Ана тілімін...Менің парақтарымда неше түрлі қызықтар бар. Тақпақ дейсің бе...Әңгіме дейсің бе...Оһ?! Айтып тауса алмаймын...Оқитын Жалқаубек жоқ...Кел...Саған қызық оқып берейін бе?! Сен тек...парақтарымды ашсаң болды.

Доп. Ой-и...Ішіім...Ішім ауырып барады.

Кітап. Ой, оған не ісстеу керек?

Доп. Жел үрлегішпен үрлемесең тоқтамайды.

Кітап. Оны қайдан аламын.

Доп. Қожайынның гаражында ілулі тұр.

Кітап. Мен қазір...(жүгіріп шығып кетеді)

Доп. (жыларман болып әндетеді)

Жаралған соң доп болып,

Болсын қайдан амалым.

Тепкі жеуден бүйірден,

Басылмайды аяғым.

 

Егер тепсе алаңда,

Оқтай зулап ұшар ем...

Қарсы топтан жеңісті,

Қақпаға ұрып салар ем...

 

Өкінерім, Жалқаубек,

Қабырғаға тебеді.

Тамашалап тар жерде,

Жаным қинай береді...

Кітап. (жел үргішті алып, жүгіріп кіреді) Доп?! Таптым!..Қане, желіңді үрлей қояйық.

Сөмке. (әлсіреп келіп отырады) Оһ?!. Сәл болмағанда ішек-қарыным қотарылып қала жаздады. Ей, Кітап, не істейін деп жатырсың?!

Кітап.  Көрмеймісің?! Доптың желін үрлейін деп жатырмын.

Сөмке. А?! Өй...Үрлеп әуре болма. Жалқаубек қазір-ақ бір теуіп орнына келтіреді.

Кітап. Мейлі...Біз қайта үрлейтін боламыз.

Доп. Ым-м...(жылайды) Сөмке дұрыс айтады...Үрлеп әуре болмай-ақ қой...Жалқаубек жанымды бәрі-бір қоймайды. Жөнімен ойнағанына қарсы емеспін.Жөнсіз...Еш тыным бермей тепкілей береді. Желімнің шыққанына қарамай тепкілегенде...Оһ...

Кітап. Достар...Былай болсын...Сөмке, екуміз Допты жақсылап үрлейік.

Сөмке. Аһа?! Жалқаубек ше?!

Кітап. Жалқаубек па?! Жалқаубекпен өзім сөйлесемін.

Сөмке. Жәрайды. Жел үрлегенге қарсы емеспін. Кел...Үрлесек – үрлейік.

Екеуі әндетіп жүріп Доптың желін үрлейді.

Қиындықты әрқашан,

Бөлісеміз бірге біз.

Демеп досты әрдайым,

Доптың желін үрлейміз.

Қиындығын өмірдің,

Бірлесумен жеңеміз.

Тату-тәтті достықпен,

Бірге өмір сүреміз. Ля-ля-ля!..

Доп. (Опырылған жері орнына келіп, қуанып) Ой, достар?! Қойды...Ішімнің...Басымның ауырғаны қойды?!. (екеуін құшақтап) Достар, рахмет сендерге!..

 

2 – сахна

 

Ысқырған Жалқаубек шығады. Желі үрленген Допты көреді.

 

Жалқаубек. (ысқырып) Оһ?! Кеше ғана желі шыққан сияқты еді...Кім үрлеп қойған?!

Теппек болып ұмтыла бергенде, Кітап алдын кес-кестейді

Кітап. Жалқаубек, мені тыңдашы?!

Жалқаубек. (Кітапты итеріп) Кетші-ей, кедергі келтірмей?!

Кітап. Жалқаубек, бүгін мені мектепке апаршы...

Жалқаубек. Не-ме-не?!

Кітап. Мектепке апаршы деймін?! Бір тоқсан бойы тым құрыса бір рет мектепке апаршы.

Жалқаубек. Ақымақты тапқан екенсің?! Жүрейін сол...арқалап...

Кітап. Арқалау мәселесіне еш қиналма. Сөмке мені салып алғанға еш қарсы емес.

Жалқаубек. Сөмке?! (Сөмкенің қалтасын ашып) Міне, көрдің бе?! Сөмкеде саған бос орын жоқ. (сарт еткізіп жабады. Сөмке бүк түседі)

Кітап. Кітап орнына сөмкеңді тамаққа толтырғанға ұялмайсың ба?!

Жалқаубек. Немене, немене?! (құлағын шұқып) Осы мен бірдеңе есіттім бе?!

Сөмке. Жалқаубек, кешегі бәлішің иістеніп кетіп...Жүрегім айнып...Бір-екі күн есімді жинағанша Кітапты салып алайыншы.

Жалқаубек. Ей, сендер маған қарсы біріккенсіңдер ма не?! (сөмкені бір түйіп) Сен жағаласпа...Мұрның – бет болады. («Жалқаубек, бәлішің дайын...алып кет...» деген дауыс естіледі) Әне...естідіңдер ме?! «тәтті бәліш дайын» дейді. Тәтті бәліш тұрғанда, Кітап арқалайтын ақымағың мен емес?!(кетеді)

Кітап. Оһ...Жалқаубекке тап болған қандай бақытсызбын?!.

 

Бәліш салған қалтаны алып Жалқаубек шығады.

Жалқаубек. (Сөмкенің қалтасын ашып) Сен Сөмке...Мұрныңды тыржитқанды тоқтат...Әжемнің бүгінгі бәліші керемет дәмді. Қорықпа, бүгін түгін қалдырмай жеп қоюға уәде беремін. (есіне Доп түсіп) Оһ?! Допты ұмытып барады екенмін ғой?!

 

Допты зырылдатып қуалап, ойнап жүр. Доп шалынып құлаған кезде, желі тағы шығып кетеді.

 

Кітап. (бетін басып) Ой?! Тағы желі шығып кетті...Бұзақы жалқаубек.?!.

Жалқаубек. Өй...Демде желі шығып кетті ғой?! Жәрайды...Мен кеттім...(Сөмкені жетектеп, ысқырып шығып кетеді)

 

 3 – сахна

Доптың ыңырсыған дауысы естіледі. «Жалқаубек, тоқта?!» деп Күнделік жүгіріп шығады.

Күнделік. Оһ...Бүгін тағы тастап кетті.

Кітап. Күнделік?! Сені де ұмытып кетті ме?!

Күнделік. Қайдағы ұмытқан?!Әдейі тастап кетті.

Кітап. Неге?!

Күнделік. Неге дерің бар ма?..Бетім толы екі...

Кітап: Оһ?!

Күнделік: (мұңайып) Бетім екіден көріндейді... Тым үш алсайшы... Еһ... Көрші партада отыратын баланың күнделігі неткен бақытты?! Беті-бестен көрінбейді... Күнде кешкісін атасы мен әжесі көріп, қуанады. Біздің әдей мен атай тексермек түгілі жалқаубектің сөмкесін ашып қарамайды да.

Кітап: Таптым!.

Күнделік: Нені?!

Кітап: Мәселені тиімді шешу үшін Әжеймен сөйлесейік?!

Күнделік: Ой... Әжей, Жалқаубекті өте жақсы көреді.

Кітап: Әрине, немересі болған соң әже деген жақсы көреді. Бірақ, Жалқаубектің жағымсыз қылықтарын әжей білмейді.

Күнделік: Оның рас...

Кітап: Біз әжейді шақырып, барлық мән-жайды айтайық... Әрине, әжейге жәйсіз тиюі мүмкін. Бірақ, шындықты кәзір айтпасақ, кейін-кеш болады.

Күнделік: Дұрыс шешім... Мен қолдаймын. Доп... Сен ше?!

Доп: Оһ... Мен де қолдаймын...

Кітап: Ендеше, мен барып Әжейді осында шақырып келейін.(кетеді)

Күнделік: (мұңайып әндетіп отыр)

Жалқаубектей кер жалқауға

Тап болыппын қалай мен?!.

Екілікке бетім толды,

Бас көтермей қалам мен...

Көрші бала, бес алатын,

Күнделігі бақытты...

Ал, мен болсам... екіліктен,

Бетім күйіп, ұялтты...

Кітап: (әжейге) Әне... Күнделікті естідіңіз бе?! «Екіліктен бетім көрінбейді»деп жылап отыр.

Әжей: Ай-яй-яй?! (күнделіктің қасына келіп отырып, басынан сипайды) Қап... ұят екен?!. Сен, Жалқаубекжанның күнделігісің бе?! (күнделік басын изейді Күнделіктің бетін қаптаған екіліктерді көріп.) Оһ?!. Мына екіліктің барлығын Жалқаубекжан алған ба?!

Атай: (дауыстап) Әжесі... Ау, Әжесі, қайдасың?!

Әжей:Мен мұндамын... Ая-яй-яй?! Енді қайттік?!

Атай: (келіп, орындыққа отырып) Оһ?!. Белімнің айналып кеткені... (бәтеңкені көрсетіп) Тағы да Жалқаубектің бәтеңкесін тіктіріп келдім... Оһ... Жетісіне жеткізбестен жыртады...

Әжей: Атасы... Мұнда қара... (күнделікті ымдайды)

Атай: Күнделік?! Мектепке бармай, мұнда неғып отырсың?! (күнделік ұялып жерге қарайды)

Кітап: Атай... Оған күнделіктің еш қатысы жоқ... Жалқаубек әдейі тастап кетті...

Атай:Әдейі тастап кетті?! Қалайша?!

Күнделік: «Бетің тола екі... Сені арқалап қайтем...» дейді (жылайды)

Атай: Ал, әйтпесе, қуырмаш?! Қарай гөр,а?!

Әжей. Оһ, атасы...Жағдай мәз емес.

Атай. Уһ...Осыдан келсін...Құлағын бұрап, қолына берейін.

Кітап. Атай, құр бұрағаннан түк те шықпайды.

Атай. Енді қайтейін?

Кітап. Ол жағын бірігіп ақылдасайық...Мәселен, көрші үйдегі атай, немересінің күнделігін күнде тексереді екен....

Атай: (қызарақтап) Оһ.. Солай ма екен?! Қап, әттеген-ай, ә?!

Әжей: О, атасы.. Бізден де кінә бар.. Жалқаубекжанның бар жағдайын жасаймыз деп, сабақ мәселесін естен шығарамыз.

Атай: Оһ.. Ол жағын мойындаймын... Ақылды тентек деп жүрсем...

Кітап: Атай, сіз... Жалқаубектің бәнеңкесін жеті сайын тіктіресіз иә?!

Атай: Иә...

Кітап:Неге жырта беретініне мән бердіңіз бе?! (Атай үндемей қалады) О?! Мәселе-осында...Себебі, Жалқаубек, күнде сабақтан келесімен сөмкені лақтырады да, доп тебеді. (Доп ыңыранады) Допқа қараңызшы... Сау жері жоқ... Жаңа ғана сөмке екеуіміз жабылып, желін үрлеп қойған едік... Жалқаубек жанын қоймай теуіп, тағы да тағыда желін шығарып жіберді. (Доп күрсінеді)

Әжей: Ай-ай-ай?! Ұят болған екен... Ай-ай-ай?!

Атай: Оһ, сотқар?!..

Кітап: Кеше ғана... «Ана тілі» апайы, Күнделікке екі қойыпты...

Атай: Ана тілінен бе?!..

Кітап: Иә... Себебі-менің бетімді ашпайды.. Үйге берген тапсырманы қайталамайды. Тоқсан аяқталуына аз-ақ қалды... тоқсанның қорытындысы не болмақ?!

Әжей: Оһ, атасы... Енді қайттік?!

Атай: Иә-ә... Ойланатын мәселе...

Күнделік: (жылап) Бетімді ашуға ұяламын.

Атай: (әңдете)

 Жалқаубектің тәртібі,

    Бұзылғанын білсемші.

    Ана тілдің сабағын,

    Ашпағанын білсемші...

 

Әжей: Күнделікті екіге,

   Толтырғанын білсемші.

     Допты теуіп, жұлмалап,

 Жәбірлерін білсемші.

 

Кітап: Өкінгеннен не пайда,

   Сотқарланды Жалқаубек.

 

Күнделік: «Бес» орнына «екілік»

 Толды беті күнделік...

 

Доп:Жалқаубекті орталап,

      Салыңыздар тәртіпке.

 

Әжей:Тәтті бәліш орнына,

Толсын Кітап Сөмкеге.

 

Кітап:      Сөмкеге...

Әжей: Өте дұрыс... Сөмкеге...

Атай:Кешіріндер, балалар,

    Жалқаубектей сотқарды.

     Тәртіп жасайын қолға алып,

      Шешеміз бар мәселе...

 

Жалқаубектің ысқырған дауысы естіледі.

 

Кітап: Ой, Жалқаубектің өзі де келе жатыр...

Доп: Ой-й.. мені тағы тепкілейтін болды...

Атай: (доптың басынан сипап) Сен қорықпа... Доп болған соң ойнайды әрине... Бірақ тәртіппен... Белгілі уақыт аралығында ғана ойнайтын болады.

Кітап: Атай.. Сабақ мәселесін мықтап қолға алыңыз.

Атай: Ол жағынан еш қам жеме...

Күнделік: Оһ.. Мен, Жалқаубектің көзіне түпей қоя тұрайыншы...

Кітап: Жарайды... Атай, Күнделік мәселесіне қалай жауап беретінін байқаңызшы...

Атай: Жәрайды.. Күнделікжан... Сен жасырына тұр... (күнделік жасырынады) Оһ... Жалқаубек... Жалқаубек?!

Сөмкені ерткен Жалқаубек кіреді. Әжесінің мойнынан құшақтай алады.

Жалқаубек: Ой, әже... бәліштерің қандай тәтті болған?! Біреуін қалдырмай жеп қойдым!...

Әжей: (маңдайынан иіскеп) Ас болсын ботам...

Атай: Иә... Жалқаубекжан... сабақ қалай?!

Жалқаубек: Ой, ата...сабақ па...Ммм...сабақ мәселесі (бармағын көрсетіп) мынандай..

Атай: Оныңды қалай түсіндік... «Бес» дегенің бе?

Жалқаубек: Енді ше?! «Бес» алу деген сөз болып па?!

Атай: Солай де?! Ой, ақылдым менің... Қане, күнделігіңді көрсетші. (сөмке күрсінеді) әкеле ғой...(Жалқаубек желкесін қасиды)

Жалқаубек: А-а?! Күнделік пе?! Оһ... Күнделігімді апай жинап алды...

Әжей: Неге?!

Жалқаубек: Ай... Кім біліпті... Ой... Айтпақшы... «Ең үлгілі күнделік» апталығын өткіземіз деген. (Сөмке жөтеліп, шашалып қалады)

Кітап: Сөмке саған не болды?!

Әжей: Сөмкетай... Бірдеңе айтқың келді ме?!

Жалқаубек: Ой, не айтушы еді... Жаңа тез жүргенбіз... ентігіп қалғанғой.

Кітап: Солай де?! (Күнделікті ертіп шығарады) Апайдың жинағаны мына Күнделік пе?!

 

Жалқаубек желкесін қасиды. Сөмке жөтеледі.

 

Әжей: Ай-яй-яй... Күнделіктің екіліктен бос жері көрінбейді...

Жалқаубек жер шұқиды.

Атай:Оһ?!..Міне саған қуырмаш?!Иә... Жалқаубекжан... Мынау сенің Күнделігің бе?! Үндемегеніңе қарағанда сенікі боп шықты ғой?! Әлде, олай емес пе?!.. Күнделікжан... Сабақ басталмас бұрын, базардан сені әкелген мен емеспін бе?(Күнделік басын шұлғиды)

Кітап: Атай, Күнделіктің сыртында «Игіліков» деген жазу тұр.

Атай: Игілік- менің атым... Иә-ә... Атым екіден көрінбейді.

Әжей: Ай-яй-яй, Жалқаубекжан... Атаңның атынан ұят болды ғой?!

Атаң болса, сенің бәтеңкеңді тіккізіп әлек...(Доп есіне түсіп) Әлігі Доп қайда кетті?!

Кітап: Жалқаубектен қорыққанынан жасырынып қалған... Доп?! Доп бері кел!... (қиралаңдай басып Доп шығады) Әжей... Мінеки Доп...

Әжей: (Доптын опырылған жерін көрсетіп) Мынаған не айтасың?! Атаңның базардан сатып әкелгеніне  екі жұма болған жоқ?... (Сөмкенің сөгілген жерін көрсетіп) Атасы... Жап-жаңа сөмкенің түрін қара?! Бұны да жыртып үлгеріпті?!

Кітап: Себебі, Әжей...біздің Жалқаубек, Кітаптың орнына Сөмкені бәлішке толтырады... Тәртіпті оқушы боп Күнделік екеумізді салып жүрсе, Сөмке жыртылмас еді.

Атай: Кеше, Ана тілінен «екі» алыпсың... Қарашы, мен әперген Ана тілі су жаңа күйінше...

Кітап: Себебі, Жалқаубек әлі күнге менің бетімді ашқан емес.

Атай: Бұған не айтасың?!

Жалқаубек еңіреп, жылап жібереді. Бәрі үнсіз қалады. Әжесі шыдай алмай, Жалқаубекті бауырына басады.

Әжей: Ай-яй-яй, Жалқаубекжан... Мұның жарамады ботам...

Атай: Жігіт деген жылайды ма екен?! Жігіт дегенің, қолымен істегенін- мойнымен көтеруі керек!... Бүлдірдің екен-түзе...

Әжей: Түзейді атасы, түзейді... Жалқаубекжан, атаңа... мына тұрған достарыңа не айтасың?!

Жалқаубек: (жылап) Ым-м... Ендігәрі қайталамаймын...

Атай: Не дедің?! Қане, көзді сүртіп, жігітше сөзіңді дұрыстап бер.

Әжей: Жалқаубекжан... Мына тұрған достарыңның бәрі шынайы достық жүрекпен, жаны ашығандықтан айтуда. Тоқсанның аяқталуына аз-ақ уақыт қалды... Атаң жиналысқа барғанда: «Игіліков екіліктен көз ашпайды» деп тұрса, ұят емес пе?! (Жалқаубек жылауды үдетеді)

Сөмке:Атай, Жалқаубек ұялғаннан жылап тұр... Бір жолға кешіріңізші...

Әжей: Сөмкетай дұрыс айтады... Жалқаубек ұялғанынан жылап тұр, Солай ма?! (Жалқаубек басын шұлғиды)

Кітап: Жылағаннан пайда жоқ... Ұялғаны рас болса, Жалқаубек бәрімізге шынайы сөзін берсін... Кітаптыоқимын...Үйге берген тапсырмаларды орындаймын деп, уәде берсін.

Әжей: Қане, Жалқаубекжан, көз жасыңды сүрте ғой! Достарыңа не айтасың?!

Жалқаубек: Уәде беремін...

Кітап: Не деп?!

Жалқаубек: Кітап оқуға... Үй тапсырмаларын орындауға... (Сөмке жөткірінеді) Күнделік пен Кітапты сөмкемнен тастамауға...

Атай: Құр арқаламай, күнделікті оқу керек...(Жалқаубек басын шұлғиды) Уәде- жауапты іс... Уәдеңде тұрасың ба?!

Жалқаубек: Уәдемде тұрамын!

Атай: Қалай, балалар... Жалқаубекке сенейік пе?!

Сөмке: Сенейік атай...

Барлығы «Сенейік» деседі. Әңдетеді.

 

Атай:Кітап-білім бұлағы,

   Білім-өмір шырағы.

 

Әжей: Кітап-теңіз телегей,

      Ақыл-оның тұрағы.

 

Кітап:Ана тілің-арың ол,

   Ұятың боп тұр бетте...

      Өзге тілдің бәрін біл,

      Өз тіліңді құрметте!...

 

Жалқаубек: Мектепке біз барамыз,

  Оқу, үлгі аламыз.

         Күнделікті «бестікке»

        Әр күн сайын жазамыз.

 

Бәрі қосылып: Біз балдырған боламыз,

 Оқып, білім табамыз.

        Болашағын елімнің,

         Шамшырақтай жағамыз!...

 

  Соңы      05.05.2011ж.

Қазақ тілінде жазылған