Маэстро
екі бөлімді, алты көріністі драма
Әйткеш Толғанбаев – кейінде белгілі скрипач, 12-14 жасар кезі
Әйткеш Толғанбаев – 20-30 жасар кезі
Әйткеш Толғанбаев жасы жетпістің мөлшерінде
Латиф Хамиди – белгілі композитор
Ахмет Жұбанов – белгілі композитор, дирижер, ғалым
Лесман Иосиф Антонович – Әйткештің ұстазы
Бірінші, екінші, үшінші тұтқын
Лагерь коменданты
Лагерь бастығы
Бірінші тергеуші
Екінші тергеушІ
Дзыгар Александр Борисович - Әйткештің екінші ұстазы
Ғазиза Жұбанова – консерватория ректоры, белгілі композитор
Бірінші бөлім
Бірінші көрініс
Сахнада Әйткеш Толғанбаев: (скрипкамен «Елім-айды ойнап шыққан соң) Қадірлі ағайын, мен түбі шыңғыстаулық қазақпын. Құжат бойынша жасым жетпісте. Болмаса нақтылы жасым – 68. Соның аз кемі жоқ 45 жылын азаппен, қуғын-сүргінмен өткізген жанмын. Яғни, фашистердің өлім лагерінде үш жылдан астам, ал коммунистердің тозақ отында он жылға жуық уақыт қақталған екенмін. Ол аздай бұдан кейінгі отыз жылдан астам өмірім отанын сатқан опасыз, шетел шпионы деген жаламен өксіп өтті. Шын мәнінде дауылпаз ақын Сәкен айтқандай «халқыма қарсы оқ атқаным жоқ, атпадым да, елімді ешқашан сатқаным жоқ, сатпадым да!»
Солай дей отырып, аллаға шүкіршілік етсең түбі шындық жеңіп, әділет салтанат құратындығына сіздерді де сендіргім келеді. Соның айғағындай, ел егемендігінің екінші, яғни биылғы 1992 жылы сол тәуелсіз мемлекеттің Тұңғыш Президентінің пәрменімен барлық пәле-жаладан біржола ақталып отырған жайым бар.
Жаңа сіздерге кешегі зар заманның гимніндей халық әні «Елім-айды» орындап бердім ғой. Сұрапыл соғыстың аяғына қарай фашистердің концлагерінен қашып шығып, Еуропа төрінде, баяғы небір дүлдүлдер мен бұлбұлдар өнер көрсеткен киелі сахналарға шығу құрметін иеленіп жүргенімде залдан әлдебіреу: «Өз еліңнің гимнін орындашы» деп өтініш айтты. Ал бұл кезде біздің отар болып күн кешіп жатқан қазақ елі түгілі, одақтың, яғни алып империяның да гимні жоқ болатын. Содан мен сәл тосырқап тұрдым да, көзім боталап «Елім-айды» аңыратайын! Сонда сізге өтірік, маған шын француздар «мына әуен біздікінен де ғажап екен», ал итальяндықтар болса «дүние жүзінде мұндай гимн жоқ» десіп даурығып кетті. Солайша бұған дейін Азия десе қытай, жапон, моңғолды ғана білетін кәрі құрлық қазақтың аты мен затына ептеп болса да қаныққандай болған еді.
Бірақ бұл да кейінгі әңгіме. Ендеше тағдыр тәлкегі туралы толғауымды басынан бастап айтайын!..
Шағын сахнада жасы отыздар шамасындағы композитор Латиф Хамиди мен жасөспірім Әйткеш әңгімелесіп отыр.
Хамиди: Әйткеш малай, кеше сен бек ерледің. Ерлегенің емей немене, жасөспірім өнерпаздардың ішінен облыстық байқаудың жеңімпазы атандың. Жүзден жүйрік шықты деген осы! Бәрі құтты болсын!
Әйткеш: Рахмет, аға! Үміттеріңізді ақтауға тырысып бағармын!
Хамиди: Мені сен біле қоймассың? Мені білмесең де, Мұхтар ағаңды, Әуезовты айтамын, білесің ғой. Сол Мұхаңның ақыл-кеңесімен Семейге келіп, осындағы Абай атындағы облыстық театрдың музыка бөліміне жетекшілік етіп жатқан жайым бар. Ал өткен жылы тағы да сол Мұхаңның өтінішімен Шыңғыстау, Қарауыл жағына барып, көкірек көзі ашық әркім-әркімнен Абай әндерін жинастырып, нотаға түсіріп қайтқан болатынмын. Бұл Абай әндерінің алғаш нотаға түсірілуі болатын. Сондықтан мақтанды деме, өзімді отызымда орда бұзуға талпындым деп білемін.
Әйткеш: Мен сізді сонда Абай атамыздың інісі Ысқақтың немересі Әрхам ағамыздың үйінде көріп қалған едім...
Хамиди: О, Әрхам, ол дегеніңіз Абай атасының көзін көрген азамат қой! Сонда сенің Әрхамға жақындығың бар ма?
Әйткеш: Латиф аға, мен сол сапарда қасыңыздан табылған Балтақай ағаның туған інісімін ғой. Ал енді өзіңіз сұрастырып жатқан соң айтайын, Ырғызбайдың бір баласы Өскенбай болса, екіншісі Мырзатай. Өскенбайдан – Құнанбай, ал одан Абай. Шәкәрім қажы Құнанбай бабамыздың немересі болып келеді. Енді Мырзатайға келсек, одан Жұман, Жұманнан Толғанбай, Толғанбайдан өзіңіз танитын Балтақай болып жалғасамыз. Демек, сіз де мақтанды демеңіз, біз Абай атамызбен немерелес туыспыз.
Хамиди: Әйткеш айналайын, сенің әңгімең маған ұнай бастағанын қайтіп жасырайын! Өзің музыкамен бірге сөздің де түбін түсіреді екенсің! Ал енді скрипканы қайдан үйреніп жүрсің? Өткен жылы Қарауылға барғанда ондағы елдің тұрмысы, соған орай мәдениет жағы әлі кенжелеп тұрған секілді еді...
Әйткеш: Аға, соның алдындағы ашаршылық жылдары біз күнкөріс қамымен амалсыз Жарма жағына ауа көшкеніміз де бар. Жолай шұбырындыда кісі етін жегендерді де көрдік қой (мұңайып отырып қалады да, тез бойын жиып әңгімесін жалғастырады). Е, ерте заманда Абай атамыздың қасында небір өнерпаздар, соның ішінде Мұқа есімді скрипач болғанын естімеп пе едіңіз? Ал Шәкәрім қажыны өз көзіммен көріп қалдым. Жапанда жалғыз жатқан жерінен аратұра үйімізге келіп, жаңа әндерін орындап беруші еді-ау!..
Хамиди: Әйткеш шырағым, сөзіңнің еш қапысы жоқ, бірақ ашаршылық, қажы туралы байқастап сөйлеуге тырыс, баламысың деген!
Әйткеш: Онда аға, анам Бибісара туралы айта кетейінші! Шешесі болған соң мақтап жатыр демеңіз, Абай атамның әндерін менің анам секілді келістіріп айтатындар сирек.
Хамиди: Ол сөзіңе дауым жоқ. Абай әндерін жақсы біледі, келістіріп айтады деген жанның бәрін Әрхам атаңның үйіне жинастырғанда сенің анаңның сызылтып шырқаған қай әніне болсын тәнті болғанбыз. Десе де, сенің скрипка аспабы бойынша ұстазың кім?
Әйткеш: Полякин...
Хамиди: Не дейсің? Қайдағы Полякин?..
Әйткеш: Мирон Полякин!..
Хамиди: Жарқыным-ау, мен сені түсінбей отырмын, сондықтан бұл әңгімеңді таратып айтшы!..
Әйткеш: Аға, мен бес жасымнан музыкаға, музыкалық аспаптарға ден қойған екенмін. Әкем мен ағам Балтақай домбыра, қылқобыз, шаңқобызбен бірге, сырнай, балалайка, гитар, ағайындас мондолин мен мондолды үйреніп меңгеруіме жолымды ашып беріп отырды. Радионың ауылға келген кезі. Содан небір әуендерді тыңдаймын. Сонсоң бірде радиодан Мирон Полякин скрипкамен орыстың атақты композиторы Чайковскийдің бірінші концертін орындасын! Осыдан кейін менде ес қалмады. Бірінші кезекте скрипка қолға тигенше тағатым таусылды. Бір жақсысы Балтақай ағам бұл арманыма тездетіп қол жеткізді. Яғни, Семейге барып, талмай іздестіре жүріп, бір дүкенде қалған жалғыз скрипканы бақандай тоқсан бір сомға сатып әкеп берді.
Хамиди: Ал әкеп берді делік! Сен оны нотасыз қалай үйрендің? Өйткені, скрипка дегеніңіз ешқандай пердесі жоқ қиын да, күрделі аспап, қасиетті аспап. Өнертанушылардың оны «оркестрдің падишасы» деп атайтынын естіп пе едің?! Полякинді кеңестік скрипка мектебінің көрнекті өкілі десек те, ол сырттай саған ұстаз бола ала ма?!
Әйткеш: Естідім, естіген соң жалғыз радиомен шектеліп қалсам алысқа ұзамайтынымды түсіндім. Сонсоң қалаға жиі барғыштайтын болдым. Өйткені, қайсыбір кинотеатрларда сеанс алдында оркестр ойнап тұратыны бар. Мен кино көру үшін емес, сол оркестр, ондағы скрипканың сиқырлы үнін тыңдау үшін баратынмын. Ал арманыма айналған скрипка аспабы қолыма тиген соң оған мәңгілікке байланып қалғанымды сезіндім. Ендігі өмірімді онсыз елестете алмадым. Бұл менің берік шешімім болатын!
Хамиди: Қарағым Әйткеш, міне енді сені бек түсініп отырмын. Петр Ильич Чайковскийдің бірінші концертін кеше сен осындай сүйіспеншілікпен орындаған екенсің ғой. Ал кеше қазылар алқасында болған көзелдірікті мұртты ағаны таныдың ба?
Әйткеш: Бір жерде көрген секілдімін...
Хамиди: Оу, музыкантым, композиторлармен бірге ақындарды да біле жүрген артық болмайды! Ол қазақтың арқалы да арғымақ ақыны Ілияс Жансүгіров ағаң ғой.
Әйткеш: Бәсе, бәсе қайдан көрдім десем. Ақкөңіл ақындығы емес пе, мені құшақтап баурына басты ғой. Ал аға, мен тек ол кісіні ғана емес, Сәкен. Бейімбет, Ахмет, Міржақып, Мағжандарды да сырттай жақсы білемін.
Хамиди: (абыржып) Тым білгішсің-ау, сен бала! Тегінде байқастап сөйлегенің жөн болар еді мына заманда! Ал Илиясқа келетін болсақ, оның саған арнап жазған өлеңі мен сәт сапар тілеген шағын мақаласы бүгін-ертең осындағы облыстық «Екпінді» газетінде жарыққа шыққалы жатыр.
Әйткеш: Сіздердің барлығыңызға дән ризамын. Аға, айыпқа бұйырмасаңыз сізге бір өтінішім бар. Шындығында нотасыз, жалпы музыкалық сауатым ашылмай алысқа ұзай қоймаспын. Сондықтан сіздің қасыңызда қалайыншы!
Хамиди: Жо-жоқ, ол болмайды!
Әйткеш: (сасқалақтап) Аға, әлгінде сізді ренжітіп алдым ба?
Хамиди: (күледі) Сенің орның Семей емес, Алматы. Сен бәрін білгенде менің бір жылғы төл құрдасым, композитор, дирижер Ахмет Жұбановты да білмеуің мүмкін емес. Мен сол кісіге хат жазып беремін. Дарынды жанға қол ұшын беруден ол кісі еш аянып қалмайды. Айтпақшы, бұл ағаң Ленинградтың Глинка атындағы музыка техникумының скрипка класын бітірген соң, сондағы консерваторияны, оның аспирантурасын тамамдайды да, 1933 жылы Алматыда ашылған музыкалық драма техникумына ұстаздық қызметке шақырылады. Ал осыдан екі жыл бұрын қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрін құрып, оның дирижері ретінде қызмет етіп жатыр. Тегінде қазақ еліне мен де сол 1933 жылы Мәскеудің музыка техникумын бітірген соң келген болатынмын. Ал түбім қазандық татармын. Енді сенің сапар жайыңа келетін болсақ, Балтақай ағаңа бәрін өзім түсіндіріп айтамын. Ағаңның сенің таудай талабыңа еш қарсылық білдірмейтіндігіне бек сенемін!
Әйткеш: Бұл өзі қызық болды ғой. Семейді армандап келіп едім, енді сонда Алматыдан бірақ шығатын болдым ғой.
Хамиди: Айтпақшы сенің жасың нешеде өзі, қай жылғысың?
Әйткеш: Он екідемін, 1924 жылғымын.
Хамиди: Ойбу, қушұнақ құдай-ай! Ондағы музыкалық драма техникумына оқуға он төрт жастан бастап қана алады. Енді не істесек екен? Әлде өнер жолында ешкімге зияны жоқ өтірікке барсақ па екен, ә?! Сен құстай ұшып Қарауылыңа қайт. Еш ың-жыңсыз құжатыңа 1922 жылы туған деп өзгертіріп жазғызып алатын бол!
Әйткеш: Құп болады, ағасы! Менің Балтақай ағамның қолынан келмейтіні жоқ!
Хамиди: Онда ұзақ өмір жолына шығар алдында Петр Ильич атаңның бірінші концертін аңыратшы бір! ( Әйткеш аталған шығарманы ерекше бір құштарлық сезіммен орындай жөнеледі).
Екінші көрініс
Сахнада Әйткеш Толғанбаев: «Адамның басы алланың добы» деген. Сонымен аяқ астынан Алматыдан бірақ шықтым. Бірақ шықтым деймін-ау, Семейден сол кездегі астанаға тауарлы пойызбен итеңдеп бес сөткеде жеттік. Ұшықиырсыз қазақ даласында тіршіліктің нышаны әлі де байқалар емес. Ана жылдары Жарма жағына қарай жаяу жалпылы шұбырғанда жығылып, сүрінген, сүріне беріп көз жұмғандарды көптеп көрсек, әйтеуір абырой болғанда бұл сапарда ондай жан түршіктірер жайттар кезіккен жоқ. Ал жол бойғы ірі стансаларға жан біте бастапты.
Олармен, Семеймен салыстырғанда Алматыңыз тіптен де жұмақ болып көрінді. Бейне тоқшылық та осында секілді. Базарға барсаң жеміс-жидектен көз тұнады. Ал самса, бәліш дегеніңіздің исі мұрын жарады. Тек қалтаңда ақша болса болыпты. Бірақ ол шіркін, біз секілді мүскіндерде қайдан табылсын. Сонсоң саудагерлерге жеміс-жидегін көтерісіп, жасыратын несі бар оны көтерісе жүріп, ұрлап жырлап дегендей амалдаймыз. Сол олжамызды базарда қайта сататынымызды қайтерсің! Сабаққа беріліп, музыка әлеміне еніп кеткенде қарнымыз ашқанын да ұмытып кетуші едім. Қарын шұрқырап, тіпті болмағанда елдегі Балтақай ағамның досы, сол шақта аты жазушы, ғалымдығымен дүркіреп тұрған Мұхтар Әуезовтың үйіне барып жан шақырушы едім-ау!
Бәріненде бұрын сол тұстағы рухани сілкіністі айтсаңызшы! Яғни, осы тұста Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің он күндік декадасы кешегі ашаршылық нәубатынан соң елдің еңсесін бір көтеріп тастағаны шындық. Әнші Күләштің небәрі жиырма төрт жасында одақтағы санаулы өнер тарландары қатарында КСРО халық әртісі атануы халқымыздың мәртебесін асырған. Бірақ, өкінішке қарай кешегі нәубаттан соң сұрапыл бір зұлматтың тақай түсіп келе жатқаны сезіліп-ақ тұрды. Ақыры солай болып шықты да!..
Шағындау аудитория. Ұстаз бен шәкірті бірде күліп, бірде жабырқап әңгімелесіп отыр.
Лесман: Қымбаттым, сіздің мұнда келіп, білім ала бастағаныңызға бір жылдай болып қалыпты-ау! Басында оқуға бақандай жиырма екі талапкер қабылданып едіңіңіздер. Міне, содан қалғаны екі-ақ шәкіртсіздер...
Әйткеш: Иосиф Антонович, біздің көбіміздің сіздің үмітіңізді ақтай алмағанымыз ұят болды-ау, өзі...
Лесман: Әйткеш, оған сен еш алаңдама! Өнерде сан емес, сапаға мән берген жөн. Мен үшін Ғалымжан Әбсәламов екеуіңнің жөнің бөлек. Ол тегі сенен алты-жеті жас үлкен болар.
Әйткеш: Бірге оқысақ та, оны өзіме ұстаз тұтамын. Өйткені, ол сіз жоқта орныңызды жоқтатпай бізге дәріс оқыды емес пе! Сондықтан оны өзіме бір жағы аға, екіншіден ұстаз тұтамын. Оның сыртында Мәскеуде биылғы жылы өткен декадаға қазақ ұлт аспаптары оркесрі құрамында қатысып келген Ғалымжан өзінен кейінгілерге үлгі-өнеге ғой.
Лесман: Міне, мұның жігіттің сөзі! Адам бір-бірін бағалай білуі керек. Бірақ, өкінішке қарай, өнерде бақталастық болып жатады. Көгершінім, осындайдан аулақ бол! Ал енді өзара әңгімемізде жыл қорытындысына тоқталсақ деймін. Тіліміз тасқа десек, сіз үшін алғашқы жылдың өзі жаман болған жоқ. Нақтылап айтсақ, оқуға іліккен бетте Мәскеу декадасына қатысып келген өнер саңлақтарының есепті концертінде симфониялық оркестр құрамында ойнадыңыз. Ал жуырда ғана өткен техникум оқушыларының жылдық есепті концертінде Моцарттың шығармасын келістіре орындап, тек менің ғана емес, техникум ұстаздарының баршасының көңілінен шықтыңыз. Оның сыртында сіздің орындаушылық шеберлігіңіз туралы республикалық «Казправда» газетінде мақаланың жарық көруі тек сіз үшін емес, жалпы оқу орнымыз үшін айтарлықтай оқиға болды.
Әйткеш: Иосиф Антонович, ол үшін сізге алғыстымын, бұл сіздің еңбегіңіздің жемісі деп білемін. Сонсоң сізге тағы бір мәселеде дән ризамын. Соны да айта кетсем деймін...
Лесман: Шәкіртке тиянақты білім беру – кезкелген ұстаздың абыройлы міндеті. Сөз орайына қарай айтайын, мен төңкеріске дейін әлемге әйгілі скрипач Аэуерден дәріс алған адаммын. Ал Лев Семенович болса он тоғызыншы ғасырдың ортасында Венгриядан Петербург консерваториясына шақыртылған екен. Сол тұста Питер консерваториясы ондаған жылдар бойы скрипка өнерінің әлемдік орталығы болды. Осындай мәртебелі оқу орнын күміс медалге бітірсем, ол сол ұстазымның арқасы.
Әйткеш: Әлгінде бастаған сөзімді аяқтауға рұқсат беруіңізді сұраймын. Мені бірде қазақ радиосының музыкалық редакторы Мақсұтбек Майшекин шақырып алып, тікелей эфирден бір-ақ шығарды. Бұдан кеін мұндай шақырту және жалғасып жатты. Тіпті, мен сол үшін қаламақы да алатын болдым. Ақырындап білсем бұған да сіз себепкер болыпсыз. Ол үшін де сізге шын көңілден шыққан ақ алғысымды айта отырып, айып етпесеңіз біздің елге, Қазақстанға қалайша, қандай жағдаймен келгеніңізді білсем деп едім.
Лесман: Оның еш оқасы жоқ. Сіздің көңіліңіздің маған, ұстазыңызға деген тазалығына күманданбаймын. Бірақ бұл сауалыңызға жауап бермей-ақ қояйын. Ал оған сіз ренжімеңіз. Келістік пе? Енді саған мына бір деректі айта кетсем деймін. Сенің нақты жасың биыл он екіде ғана екендігін мен де естігенмін. Бірақ жаспын дей бер ме! Олай деп отырғаным сол, атақты скрипач Никколо Паганини 1794 жылы Генуада алғашқы концертін өткізгенде тура сенің осы жасыңда болатын. Ол бес жасында мандорлина, ал алты жасында скрипка үйренген ғой. Сегіз жасында алғашқы туындысын жазып, әлемге таныла бастаған. Оның адам айтса нанғысыз талантын көре алмағандар кейінде ол туралы «жанын жынға сатқан, жынмен келісімшартқа отырған» деп оған жала жауып, өсек сөзге жел берген.
Әйткеш: Ғажап оқиға екен. Біздің қазақ жақсының артынан сөз ереді дейді.Сіз менің артық-ауыс сұрағыма ренжімеңіз. Десе де, сізге тағы бір сұрағым бар. Кешегі техникум директоры, таланты әдебиетші Сағыр Камалов неліктен жазықты болып, ұсталып кетті. Жас болсақ та ол кісінің іскер басшы, инабатты адам екендігін сезініп үлгерген едік. Оның сыртында жан-жақты талант иесі Құрманбек Жандарбековпен бірлесе отырып, «Ер Тарғын» опрасының либереттосын жазған, солайша өнерге өзіндік үлесін қосып жүрген адам қалай аяқ астынан жазықты болып шыға келді.
Лесман: Бұл орайда, жарқыным мен сізге тағы да не дей аламын... ( осы кезде аудиторияға Ахмет Жұбанов келіп кіреді).
Жұбанов: Сәлем бердік, қалайсыздар? Оу, Иосиф Антонович, өңіңіз қашып тұр ғой, сырқаттанып қалған жоқсыз ба? Болмаса сіздерде бәрі жақсы секілді еді ғой. Шәкірттеріңіз өзіңізді қуантып жатыр дегендей...
Әйткеш: Кешіріңіздер... осы жағдайға мен өзімді кінәлі сезініп тұрмын. Менің кейде еш бүкпесіз көңілмен ашық кететінім бар. Мүмкін көп нәрсені әлі түсінбейтін де шығармын. Ахмет Қуанұлы, айып етпесеңіз осы орайда сізге де бір сұрағым бар. Сәкен, Ілияс, Бейімбет сынды әдебиет алыптарының бәрінің бір мезгілде ұсталып кетуінің сырын түсіне алатын емеспін. (Лесман қос иығын көтеріп, алақанын жайып ыңғайсызданып қалады)
Жұбанов: Бұған бауырым жауапты уақыт, тарих айта жатады... Саясатпен біржола айналыспа демеймін, дегенмен Абай атаң айтпақшы ең алдымен өзіңнің ақылың мен қайратыңа сен демекпін. Түбінде сені бойыңдағы өнерің қандай болмасын қиын да қысталаң шақтардан алып шығады деп ойлаймын. Ал елден не хабар? Ағаң Балтақай қалай? Мұхтар Омарханұлы ол десе ішкен асын жерге қояды. Міне, достық деп осыны айт! Маған анада елдегі Балтақайға домбыра жасатып,сый етіп жолдайын, мықты бір шебердің атын аташы деп еді. Соған кім көрінгеннің атын атай салмайын деп ойланып жүрген жайым бар.
Лесман: Бала күнгі досыңды ұмытпау – зор адамгершіліктің белгісі. Мұхтар Омарханұлы, шын мәніндегі зиялы адам ғой. Өз басым ол кісімен араласып, құраласып кетудің ретін келтіре алмай жүрмін.
Жұбанов: Оның ретін келтіру соншалықты қиын шаруа емес. Әуезов шын талант иесін бағалай білетін адам. Оның үстіне сіз бен біз бәріміз бүгінгі Ленинград, кешегі Питердің ауасын жұтып, суын ішкен, дәмін татқан адамдар емеспіз бе?! Айтпақшы, Иосиф Антонович, әлгі Ғалымжан Әбсәламов деген тағы бір талантты екінші шәкіртіңді көре алмай тұрмын ғой?
Лесман: Ғалымжан оң мен солын танып қалған ересек жігіт қой, бәріне үлгереді, бәрін де ешкімнің көмегінсіз өзі түсінеді (осы тұста бәрі қосыла күледі). Оның жасында қызбен қыдыруға да болады.
Жұбанов: Иосиф Антонович, менің жершілдікпен ауырмайтынымды білесіз. Оның үстіне ол азаматтың сабағы да, тәртібі де дұрыс болғандықтан ғана айтайын, Ғалымжанмен бір өңірденбіз. Бұл өзі «темір нарком» Темірбек Жүргеновке жиен болып келеді. Ал ол кісінің де жершілдікпен ауырмайтынын, біреуге орынсыз қолқа салмайтынын және білесіз. Осы орайда айтайын дегенім сол, Әйткеш пен Ғалымжан біздің алтын қорымыз. Ертең біз бітіріп үлгере алмаған шаруаны осылар атқаруы тиіс. Ал ондай шаруа дегеніңіз шашетектен. Яғни, бұлар өз саласының асқан шебері бола білулерімен бірге, шәкірт тәрбиелеуі, сол шәкірттеріне арналған ғылыми оқулықтар жазуы тиіс. Соны бұлар атқармағанда кім атқарады?!
Әйткеш: Қадырменді ұстаздар, сенімдеріңізден шығуға тырысып бағармыз!..
Жұбанов: Осы орайда мен Латиф құрдасыма дән ризамын. Біріншіден Мұхаңның тапсырмасымен Семейде ашылған Абай театрының шаңырағының тіктелуіне бір кісідей ат салысса, екіншіден алғаш өзі бас болып Абай әндерін жинастырып, нотаға түсіріп берді. Үшіншіден сендей жас мұзбалақты тауып, танып біздің қолымызға табыстай білді. Енді заман тыныш болсын, кәрі құрылықта бас көтере бастаған соғыс өртінен сақтасын дегеннен басқа қандай тілек болуы мүмкін!..
Лесман: Қадырлі Ахмет Қуанұлы, заман тыныш болса мына Әйткештің есімін әлем жұртшылығы білетін болады. Өз басым оған еш күманданбаймын!
Жұбанов: Айтқаның келсін, Иосиф Антонович! Ал Әйткеш бізге Моцарт сынды рухани атаңның бір шығармасын орындап беруге қалай қарайсың! ( Әйткеш скрипкасын қолға алады) .
Үшінші көрініс
( «Священная война» әні орындалады. Азынаған самолет үні, бомба жарылысы, ысқырынған снаряд, жаралы жандардың қиналысы дене түршіктіреді. Экраннан қолын көтеріп тұтқынға түсіп жатқан жауынгерлер көрсетіледі).
Әйткеш Толғанбаев: Менің қадырменді ұстаздарым бекерге мазасызданбаған екен. Айтқандай-ақ, қырық бірдің жазында ел басына күн туып, дүние төңкеріліп түссе, келер жылдың қаңтар айының басында мен әскер қатарына алындым. Бұл кезде менің жасым он жетіден енді ғана асқан еді. Соған орай мен, әрине «кезінде жасыма жас қосып алып едім» деп жатуды өзіме ар санадым. Оның үстіне сол шақта біздің замандастардың бойында отаншылдық сезімі жоғары болатын.
Бірақ, өкінішке қарай, сол кездегі жоғары басшылық жалаң қол, жалаңтөс біздерге ешбір аяушылық білдірместен қанды қасаптың ішіне салды да жіберді. Солайша Кавказ жерінде, Грозныйдың түбінде ұрысқа кірген бізді көп ұзамай-ақ мұздай қаруланған неміс фашистері қалпақпен ұрып алды десе де болады. Аяғымнан жараланып, оның сыртында контузия алған мен неміс танкисі пистолетімен үстімен төніп тұрғанда ғана есімді жидым. Солайша менің сан ондаған жылдарға созылған азапты өмір жолым басталып кетті...
( Тұтқындар лагері. Абалаған иттер, жаны қиналған жаралылар үні, «Шнель, шнель» деп жекірген фашистер мен боқтанған тұтқындар сөзі араласып құлақ жарады. Айқыш-ұйқыш тартылған сымдардың түбінде үш-төрт тұтқын отқа қақталып отыр. Есі кіресілі-шығасылы Әйткеш солардың қасында жатыр).
Тұтқындардың біріншісі: Тозақ дегені осындай-ақ болар, тегі!..
Екіншісі: Атаңа нәлет, бәтшағар сен тіпті бұған дейін тозақты көрмегендей-ақ сөйлейсің-ау, бейне кешегі күні ашаршылықты айналып өткендей!..
Үшіншісі: «Қайда барсаң Қорқыттың көрі» деген осы!
Екінші тұтқын: Андағы алдыңғы астың дәмін алғаш рет сол ашаршылық жылы татқанмын.(Бірінші тұтқынды нұсқап) Мынау бағана қыздай сызылды ғой. Қалай дәмді болды ма, өзі!..
Үшінші тұтқын: Адам еті адам денсаулығына пайдалы дейді ғой. (Бәрі қыстыға күліседі!)
Бірінші тұтқын: Әйтеуір, бет-аузымызға ұшық қаптап кетпесін де! Солай болып жатса қыздар қарамай жүрер бізге! (Бәрі тағы күледі).
Әйткеш: (ыңырси сөйлеп) Астафралла, астафралла, мен қайдамын! Мынау өңім бе, әлде түсім бе?!
Екінші тұтқын: Мынауыңа жан бітті ме, не деп жатыр өзі!..
Үшінші тұтқын: Мен білсем бұл өз құдайына сыйынып жатқан секілді. Бәрін естіп, сезініп жатыр-ау деймін!
Бірінші тұтқын: Онда мұны бүгінгі түннен аман қалдырмау керек. Әйтпесе, ертең бәрімізді сатып кетпесіне кім кепіл?! Ал бағана лагерь коменданты не деп еді? Сәл тәртіп бұзғандарды Германиядағы концлагерлерге жөнелтемін, онда терілеріңді тірідей сыпырып одан қолғап, әмиян, қол сөмкесін тігеді деді емес пе!
(Осы кезде Әйткеш басын көтеріп, күбірлей сөйлеп отқа қарай қолын созады.)
Бірінші тұтқын: Болды қызық!.. Мынауың бізден бірдеңе дәметіп тұрған тәрізді.
Екінші тұтқын: Өз етін өзіне асып бермесек, түкте қалған жоқ.
Үшінші тұтқын: Өй, мұның өзі жас ет демесең, қу шандыр ғой.
Әйткеш: (тағы да отқа қолын созып) Күл, бір уыс жылы күл!..
Бірінші тұтқын: Күл жегенді де көретін болдық қой. Кел өз қолыммен асатайын!
(Әйткеш қинала отырып оң аяғының етігін шешіп, жарасына күл себеді де, шұлғауымен орап, етігін қайта киіп алады).
Екінші тұтқын: Ну, азиат, ну азиат, осылардан нешетүрлі шығады. Енді аяғым жазылып кетеді дей ме екен?!
( Осы кезде «Шнель, шнель, он оннан тізіліп сапқа тұрыңдар!» деген айбарлы бұйрық естіледі де, тұтқындардың бірі тез, екіншісі сүйретіліп сапқа тұра бастайды. Үшінші тұтқын Әйткешке «Ей, азиат, бағың бар екен, бүгінгі түннен аман қалдың. Бірақ бізді сатпақ болсаң, өзің де аман қалмайтыныңды есіңнен шығарма!» деп ескертіп үлгереді).
Лагерь коменданты: Сендерді лагерь бастығы обер лейтенант мырзаның бұйрығымен сапқа тұрғызған едім. Ал араларыңда музыкант бар ма? Оның ол кісіге қаншалықты қажет екендігін өзім де білмеймін. Бірақ бұйрықтың аты бұйрық. Және ол тез орындалуы керек. Өтірік айтқандарға, жасырынып қалғандарға ит өлім!
Бірінші тұтқын: Герр, комендант, сіз бізді шетінен кіл жабайылар екен деп ойлап қалмаңыз. ( Әйткешті нұсқап) Міне, мынау айтулы музыкант, скрипач! Күні кешеге дейін көңілімізді көтеріп, рухымызды жасытпай келген осы! Болмаса сіздерге бұдан да ертерек қолымызды көтеріп берілген болар едік.
Лагерь коменданты: Русишен швайн, сен неге тәртіп бұзып тұрсың! Мұның өзінің тілі жоқ па?
Бірінші тұтқын: Кешіріңіз, герр комендант, кешіре гөріңіз, мұның тілі болғанмен, мыйы жоқ, контужный... бірде естіп, бірде естімей мыйы қақпай тұр емес пе! (бірінші тұтқын сұқ саусағымен шекесін бұрап, бұнда ес жоқ дегеннің тағы да ишарасын жасаған болады. Оған кейбіреулер шиқылдап күледі).
Лагерь коменданты: (кекетіп) Ал тұтқын мырза, сөйлегін, шындығында музыкантсың ба? Өзің тегінде азиат боларсың? Бұған дейін азиат музыкантты көрсем көзім шықсын! Сен үшін лагерь бастығынан сөз естіп қалмасам жарады. Ал енді скрипкаң қайда сенің?
Әйткеш: (күмілжіп) Не десем екен... кешегі ұрыстың алдында өзіміз сонда үйіне қонып шыққан бір әжейге мен ұрыстан оралғанша сақтай тұрыңыз деп беріп кетіп едім (сапта тұрған тұтқындардың бәрі дерлік даурығып күледі, бұларға біраздан соң лагерь коменданты да қосыла күледі).
Лагерь коменданты: (бірінші тұтқынға қарата сөйлейді) Мынада сен айтқандай емес, тіл де, мый да бар секілді. Қалғаны өнерін тамашалаған соң белгілі бола жатар. Кеттік лагерь бастығына. (жанындағы серігіне бұрылып) Ал сен бір аяғың анда, екінші аяғың мұнда дегендей, тездетіп скрипка тауып әкелетін бол! (лагерь коменданты мен Әйткеш іргедегі лагерь бастығының бөлмесіне келіп кіреді).
Лагерь коменданты: Хайль, Гитлер! Обер лейтенант мырза, бұйрығыңызды орындап, тұтқын скрипачты алдыңызға алып келіп тұрмын.
Лагерь бастығы: Зиг, хайль! Сізге рахмет, комендант мырза! Мен сізге жалпылама түрде әйтеуір бір музыкантты тауып әкел деп едім, сіз менің ойымды оқып білгендей скрипачты ертіп келіп отырсыз. О, скрипка!.. Бұл менің бала күнгі арманым еді ғой. Сол шақта соңына да түсіп едім. Бірақ ( қабырғадағы суретке құрметпен бас иіп) фюрерге қызмет ету одан да жоғары, одан да мәртебелі міндет! Сіз боссыз, комендант мырза!
Лагерь коменданты: Обер лейтенант мырза, скрипканы қазір жеткізіп береміз.
Лагерь бастығы: Бопты, бопты... бара беріңіз. (Енді Әйткешке бұрылып) Сізді қалай атасам болар екен? Тұтқын мырза деген келіспейді (күледі). Жарайды жай ғана скрипач дей берейін. Өйткені, сіз әлі маэстро дәрежесіне жетпеген боларсыз? Оны енді бізде де құлақ бар ғой, естіп біле жатармыз. Сіз кешіріңіз, әрине, мен осы бір нәрсеге таң-тамаша болып отырмын. Сонда Азияға да скрипка жетіп үлгерген бе?
Әйткеш: Обер лейтенант мырза, сіз де кешіріңіз, мен де ашық әңгімені ұнатамын, бұған дейін қазақтың, жалпы түрік халқына ортақ қобыз аспабы туралы естіп пе едіңіз? Естімесеңіз, маған мейлі сеніңіз, мейлі сенбеңіз, сол қобыз скрипканың арғы атасы болып табылады.
Лагерь бастығы: О, сіз де айтасыз-ау! Сонда сізше өзгеріп, түрленген қобызыңыз Еуропаға қалайша, қайтіп жеткен? Ал оның алдында «сіздің кім екендігіңізді айтайын, алдымен досыңның кім екендігін айт» демекші, алдыңызға үлгі тұтқан ұстазыңыз туралы айтыңызшы?
Әйткеш: Сіздің он тоғызыншы ғасырда атағы бүкіл Еуропа көлеміне кеңінен мәлім болған әлемдік деңгейдегі скрипач, дирижер Ауэрдің есімін естімеуіңіз мүмкін емес. Мен сол кісінің шәкіртінің шәкіртімін. Оның сыртында Мирон Полякиннің алдын көрмесем де өзімді сол кісінің де шәкіртімін деп есептеймін. Әрине, сіз Ауэр туралы туралы естісеңіз де, Полякинді білмейтін боларсыз?
Лагерь бастығы: Ауэрдің шәкіртінің шәкірті атану үлкен бақыт, зор мәртебе. Ал Полякинге келетін болсақ, оның орындауындағы классикалық туындыларды мен де радиодан көп естігенмін. Енді жаңағы сұрағыма жауап беруіңізді өтінемін!
Әйткеш: Сіз кезінде Рим империясының шаңырағын ортасына түсіріп, оның орнына өзінің жеңіс туын тіккен Еділ-Атилла, Еуропа ғана емес, жарты әлемді жұмса жұдырығында ұстаған Шыңғыс хан туралы естіп пе едіңіз? Ұлы Жібек жолы туралы да хабарыңыз бар шығар деп ойлаймын. Міне, қобыз Еуропа төріне осылайша жеткен.
Лагерь бастығы: Сіз менің музыкамен нұрланған жұмсақ жанымды арқаланып, басынып барасыз. Егер қазір скрипканың сиқырлы сазымен жүрегімді жұмсарта алмасаңыз, өз обалыңыз өзіңізде. Ескертті деген осы! Олай болмаған жағдайда өмірмен қоштаса беруіңізге болады. Ал енді кім мықты, кім әлсіз деген әңгімені осымен доғаралық. Өткен өтті, кетті. Бүгінгі күні тарих сахнасына асыл текті арийлер шығып отыр. Немістер адамзат ішіндегі ең ақылды, табиғи сұрыптаудан толық өткен халық, сондықтан әлемді біз билеуіміз керек. Енді әлем халқы тек біздің фюрерге, неміс халқына қызмет ететін болады. (осы кезде неміс солдаттарының бірі бөлмеге скрипканы алып кіреді, лагерь бастығы оны үн-түнсіз Әйткешке ұсынады. Әйткеш асықпай оны айналдырып қарап шығады да, мырс етіп басын шайқайды. Сонсоң қайраттанып, ең алдымен Штраустың вальсін аса бір құштарлықпен ойнай жөнеледі).
Лагерь бастығы: Зер гуть, данке шен! Музыканы сағынған-ақ екенсің! Сіз Чайковскийдің бірінші концертін де білетін шығарсыз?
Әйткеш: Мен сіздерді түсінбедім. Кеңес одағына, Ресей жеріне табандарыңыз тиген бетте сол ұлы композитор Петр Ильич Чайковсийдің ескерткішін қиратып тағылықтың үлгісін көрсетіп едіңіздер. Енді...
Лагерь бастығы: Жә, жә болды, соғыс жағдайында оның бәріне кешіріммен қарау керек. Ал Чайковскийді жайына қалдыра тұралық. Репертуарыңыздағы сүйікті шығармаңыздың бірін атаңызшы?
Әйткеш: Мен сізге Винявскийдің «Мазуркасын» орындап берсем қайтеді?
Лагерь бастығы: ( қалшылдап орнынан атып тұрады) Найн, найн, сіз не деп тұрсыз, ол еврей емес пе?!
Әйткеш: Сіз де не деп тұрсыз? Музыка ұлтқа бөліне ме? Музыка тілі жалпы адамзатқа ортақ емес пе?!
Лагерь бастығы: Жо-жоқ, дүниені бүлдіретін сол жидтар болғандықтан менің фюрерімнің басты мақсаты коммунизм мен еврейлерді жою болып табылады. Оларға қарағанда азиятарға да кеңшілік жасауға әзірміз. Сіздерде өзіңіз секілді музыкант бар екен, ал композитор ше?
Әйткеш: Болғанда қандай! Сіз өзі Гетені білесіз бе?
Лагерь бастығы: Сіз де сұрайсыз-ау! Бетховен біздің бас композиторымыз болса, ал Гете бас ақынымыз емес пе!
Әйткеш: Олай болса қазақтың бас ақыны, менің немерелес атам Гетенің «Қараңғы түнде тау қалғып» деген атақты өлеңін өз тіліне аударып қана қоймай, оған ән де жазған. Енді сізге соны орындап беруге рұқсат етіңіз. (Лагерь бастығы басын изейді. Ал ән орындалып болған соң орнынан тұрып Әйткештің қолын алады).
Лагерь бастығы: Данке шен, тәңір жарылқасын! Мынадай әнді мынадай күйі нашар аспаппен келістіре орындаған сіз шын мәнісінде маэстросыз! Өнердің арқасында өлімнен қалдыңыз. Енді сізді немістің көне қаласы Фрайбургтегі тұтқындар лагеріне жіберсем деп отырмын. Ал оның бастығы менің досым обер - лейтенант Волькерзам кезінде Ленинградтағы неміс консулдігінде қызмет істеген адам. Сонда жүргенде Полякинді көзбекөз көріп, өнеріне тәнті болғанмын деп отыратын. Ендігі тағдырың алдымен құдайдың, сонсоң сол Волькерзамның қолында. Жолың болғай, жолаушым! (екеуі қол алысады).
Екінші бөлім
Төртінші көрініс
Сахнада Әйткеш Толғанбаев: Еуропа төріндегі менің азапты сапарым үш жарым жылға созылды. Сұрапыл соғысқа нүкте қойылған 1945 жылдың қараша айының басында, яғни Ұлы Октябрьдің кезекті мерекесі қарсаңында екінші Алматыға жетіп, пойыздан түскен едім. Менің жасым бұл шақта жиырмадан енді асқан еді. Үстімде пальто, басымда қалпақ, аяғымдағы да шетелдік киім, оның үстіне қолымдағы итальяндық «Штайнер» скрипкасына бола алматылықтар маған бейне «буржуйды» көргендей осқырына қарады.
Тек үшті-күйлі хабарсыз кетуіме байланысты мені баяғыда өліп қалған шығар деп ұйғарған туыстарым мен таныстарымның қуанында шек жоқ. Жақын апайым Шайзада Ысмайылованың үйіне жайғастым. Оның жолдасы Есмағамбет білікті әдебиетші ғалым еді. Көп ұзамай-ақ консерваторияға оқуға қабылдандым. Ертең жаңа жыл деген күні атақты жазушы Ғабит Мүсірепов жездем Есмағамбетке мені үйіне ерте келуді өтініпті. Мұхтар ағадан бастап, Сәбит, Бауыржан, Мәлік, Евгений Брусиловсий, Күләш, Қанабек сынды кілең қасқалар мен жайсаңдар осы үйден табылды. Сөз бен өнер кезегі маған келгенде Еуропа төрінде, неміс, француз, итальяндықтар алдында Евгений Брусиловкийдің өңдеуіндегі «Гаккуді», ұстазым санайтын Латиф Хамидидің «Қазақ вальсін» орындағанымды, олардың бұл шығармаларды ерекше сезіммен қабылдағанын айта келіп, әлгі екеуін орындап болғаным сол еді, сол шақта атағы дүркіріп тұрған Бәукең шатақ шығарсын! «Бәрің жылы жерде тамақ пен араққа бөгіп, атаққа семіріп, ісініп-кебініп алғансыңдар! Бармақтай мына баланың басынан өткенінің бірін де көрген жоқсыңдар!» деді де кетіп қалды. Батырдың еркелігін Мұқаң жайып-шайған болды.
Ал келер 1946 жылдың ақпан айының басында менің көпке созылмаған «буржайлық» өміріме нүкте қойылып, вокзал басында елге кетіп бара жатқан жерімнен қамауға алындым.
Тергеу изоляторы. Киімдері жыртылған, көзі көгеріп, беті ісінген, шашы ұйпа-тұйпа Әйткешті екі бірдей тергеуші қыспаққа алуда.
Бірінші тергеуші: Гражданин Толғанбаев біз саған бұған дейін біздің рұқсатымызсыз Алматыдан бір қадам аттап шығуға болмайтынын ескертпедік пе?!
Әйткеш: Біріншіден маған әзірге азамат емес, Толғанбаев жолдас деп сөйлеуіңізді өтінемін. Өйткені, мен әлі істі болған адам емеспін. Екіншіден, істі болмаған соң елге барып келу туралы талабым қылмыс болып санала ма?
Екінші тергеуші: Мынауың өзін аса сауаттымын деп санайтын секілді ғой. Сені мұнда бостан босқа алып келіп қамап отырмыз ба?. Бұл жерге бір түстің екен, енді одан саған шығу жоқ. Олай болып жатса, біздің еңбегіміздің еш кеткені емес пе?! Ескертті деген осы, енді сені ешкім де, ешқашан да ақтап ала алмайды.
Әйткеш: Онда құр сөздің керегі не, нақтылы айыптарыңыз болса айтпайсыздар ма?
Бірінші тергеуші: Оған сен қам жеме. Саған тағылар айып шаш етектен. Соғыс басталғаннан кейін көп ұзамай-ақ Сталин жолдастың «Ни шагу назад» деген бұйрығы шыққанын сен білесің. Ал сен болсаң шегінбек түгілі бірден қолыңды көтеріп, тұтқынға берілдің. Осы рас па, рас! Ал осыған не деп ақталасың?
Әйкеш: Ұрысқа кірген бетте көбіміздің қолымызда жөні түзу қару да болған жоқ. Яғни, мұздай қаруланған жауға жалаң қолмен қарсы шықтық. Ондан да сіздер айтыңыздаршы, соғыстың алдында киножурналдардан жиі көрсетілетін біздің қаптаған ұшақтарымыз бен танктеріміз соғыс басталғанда қайда кетіп қалды?
Екінші тергеуші: Мынау енді тырнақ астынан кір іздеген нағыз жаудың сөзі. Қазақстандықтар қырық бірдің күзінде Мәскеуді қорғап қалғанда, сенің Кавказда, Моздоктің түбінде қолыңды көтеріп, жауға өз еркіңмен берілгеніңді қалай түсінуге болады?
Әйткеш: Аяғымнан жараландым, оның сыртында контузия алғаным және бар. Ал аман қалғаныма мен кінәлімін бе?
Бірінші тергеуші: Ал енді Моздоктегі тұтқындар лагерінен Германияға, Фраубургтегі лагерге қалайша , қандай жағдаймен ауыстырылдың?
Әйткеш: (кекетіп) Моздоктегі тұтқындар лагерінің бастығы нағашым еді. Соған мұнда жағдайым болмай жүр, Германияға жіберсең қайтеді дедім.
Екінші тергеуші: Мына калбит бізді енді мазақ қылайын деді. Мен саған совет офицерін мазақ қылғанды көрсетейін! ( Әйткешті іштен теуіп, басын қабырғаға соғады).
Бірінші тергеуші: Оу, байқасаңшы! Мен, әрине мұны аяп тұрған жоқпын. Бірақ бұл бізге әлі керек. Яғни, оны өлтіре салғанмен ештеңе өнбейді. Иықтағы жұлдызымыз көбейіп, қызметіміз өсуі үшін бұлардың өзіне тағылған айыптарды толығымен мойындағандары ләзім. Ал ол біздің кәсіби шеберлігімізге байланысты.
Екінші тергеуші: Түсіндім, капитан жолдас! Сіздің ақылыңызбен біртіндеп тәжірибе жинақтап алсам, өзіме де теріс болмас еді. Менің шамалауымша бұл өзі неміс фашистерінің азап лагерінде өнерімен жан сақтаған тәрізді.
Әйткеш: Негізі жобаң дұрыс. Қолыма қару алып өз отандастарыма қарсы шықпадым десем де, қолымнан скрипка түспегені рас...
Бірінші тергеуші: Аюға намаз үйреткен таяқ демекші, мынаның сөзі түзеле бастады. Кінәңді өз еркіңмен мойындасаң жазаң да жеңілдей түседі. Иә, содан...
Әйткеш: Ар соты деген бар. Кінәлімін ба, жоқпын ба дегенге өзімнің ар сотымның алдында жауап беріп те қойғанмын. Сондықтан сендер сенсеңіздер де, сенбесеңіздер де тек шындықты айтамын.
Фрайбургте тұтқын көркемөнерпаздар қатарына ілігіп, қара жұмыстан босатылғаным рас. Ең бастысы сол, азап лагерінде сан түрлі ұлттың таланты өнерпаздарынан үйренгенім көп. Айталық, тау халықтарының көп дауысты үні, орындау шеберліктері, қызуқанды билері қандай, шіркін! Оларды конферансье міндетін атқарушы фельдфебель «шталинстер» деп таныстыратын. Ал мені «Азия» деп таныстырғанда намысқа тырысып, Бетховен, Бах, Моцарт, Гайдн, Шуберттің музыкалық шығармаларын мүлтіксіз орындауға тырысып бақтым. Солайша неміс фашистеріне қал-қадірімше советтік музыка мектебінің құдыретін жеткізуге тырыстым.
Екінші тергеуші: Пах-пах, айтады-ау шіркін! Капитан жолдас, мұның ертегісін әрі қарай тыңдай береміз бе? Қолым қышып отырғаны...
Бірінші тергеуші: Сенің ақылыңнан қолың жылдам екендігін байқап жүрмін. Органға өз ісіне берілген мұндай адамдар да керек. Әзірше бұған мұрсат берейік. Одан арғы шындықты өзің айтасаң ба, әлде жол көрсетейік пе?!
Әйткеш: Мұндағы әскери тұтқындарды шығыс майданына жөнелткелі жатқанда маған Берлиндегі Түркістан Ұлттық Комитетінің қарамағына бару жөнінде бұйрық шықты.
Бірінші тергеуші: Міне, мұның жөн сөз! Мен сені бұдан қалай жалтарып кетеді деп отыр едім. Сонымен Отанын сатқан опасыздар ортасына өз еркіңмен барғаныңды мойындайсың ғой?
Әйткеш: Мен оған дейін Берлинде ондай ұйым бар екендігін білмейді де екенмін.
Екінші тергеуші: Мұның енді барып тұрған арсыздық. Бір шын сөзіңе бір өтірікті қыстырып құтылмақшымысың? (Әйткешті қабырғасынан күйрете соғады).
Бірінші тергеуші: Лейтенант жолдас, бұл өтірікті соға бастағанда өзім де белгі берермін саған. Әзірге сөзін бөлмейік. Сонымен Түркістан Ұлттық Комитетінің көсемі Мұстафа Шоқаймен Берлинде кездестің ғой, солай ма?
Әйткеш: (күледі) Маған өтірік айтуға болмайды да, сіздерге бәріне рұқсат па? Мұстафа Шоқайдың қырық бірдің соңына жетпестен өмірі қиылғанын сіздер менен жақсы білесіздер. Ал мен әскер қатарына қырық екінің басында алындым.
Бірінші тергеуші: Жә-жә, болды! Мұстафаны көрмесең де сенің оның осы аталмыш комитетті құрудағы мақсатын білмейді дегенге кім сенеді?
Әйткеш: Менің естуімше оның мұндағы мақсаты тұтқынға түскен бір ғана өз ұлтының өкілдері ғана емес, бүкіл түркі тектес бауырларын төніп тұрған ажал тырнағынан аман алып қалу болыпты. Және ол осы соғыста неміс фашистерінің жеңіп шығатындығына еш сенбепті деседі. Сондай жанның түбіне Уәли Хаюм сынды мансапқұмар нағыз сатқынның жеткені менсіз де сіздерге мәлім болар деп ойлаймын.
Бірінші тергеуші: Мұның Мұстафаға адвокат бола қалуын қарашы! Сендердің ол көсемдерің немістер жеңсе де, жеңілсе де Түркістан легионерлерін Советтерге қарсы соғысқа айдап салғысы келгенін ешкім жоққа шығара алмас. Енді тышқан мен мысық болып ойнағанды қойып, сөздің шындығына көшелік. Мұстафаның сілімтіктес құйыршықтары Батыргерейұлы, Айтбаев, Әбсәламовтарды қайдан танисың, соны айт енді?
Әйткеш: Сіздер бәрін біліп тұрып, сөзді несіне шығындайсыздар? Мұхаметғали Батыргерейұлының соғысқа дейін Алматыдағы Жамбыл атындағы филормонияда солист болып қызмет атқарғанын, әскерге соғыстан бұрын, яғни сонау 1940 жылы алынып, Брест қамалының түбіндегі фашистермен алғашқы ауыр шайқаста немістердің қолына тұтқынға түскенін менсіз де жақсы білесіздер. Оған легионерлердің командирі капитан Эрних өнерпаз тұтқындардан үгіт взводын құруды жүктеген екен. Мені соған тартқан осы кісі. Ондағы ойы болашағымнан үміт күткендіктен мені аман алып қалу ма деймін. 1943 жылдың желтоқсан айының соңында неміс командованиесі Түркістан легионын майданнан алысырақ Франция жеріне жылжытты. Осы қолайлы сәтті пайдаланып, француз қозғалысы патриоттарымен байланысқа шыға бастадық.
Екінші тергеуші: Жолдас капитан, осының ертегісіне әбден тойып болдық қой! ( Әйткешті іштен жуан жұдырығымен тағы бір салып өтеді).
Бірінші тергеуші: Лейтенант жолдас, сәл сабыр ете тұр, сөзін аяқтасын.
Әйткеш: Міне, осы шақта бізге біреулер сатқындық жасағаны белгілі болып қалды.
Содан немістер тарапынан Батыргерейұлы екеуімізге тездетіп Стауденске жету туралы бұйрық келді. Ал өлімге кесілгендердің лагері сонда болатын. Бармасқа амал жоқ, жолға шыққанымызда ағылшын-американ авиациясы бомбылап жер төңкеріліп кетті десе де болады. Осындай біреуді біреу біліп болмайтын сәтті пайдаланып, табанымызды жалтыратып үлгердік. Одан әріде француз қозғалысының сапына жетіп жығылдық. Мұнан кейінде Италиядағы Совет елшілігінде күзет қызметінде істегенімді анықтау сіздер үшін соншалықты қиын шаруа емес шығар деп ойлаймын.
Бірінші тергеуші: Айтбаев пен Әбсәламов туралы не айтасың?
Әйткеш: Мәжит Айтбаев соғысқа дейін мен оқыған музыка драма техникумында бізге қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Мұның сыртында мықты ақын еді. Ал Ғалымжан Әбсәламовке келетін болсақ, ол сонда менімен бірге оқыған болатын...
Бірінші тергеуші: Неге күмілжіп тұрып қалдың? Әбсәламов досыңның сол шақта Берлин консерваториясында оқығанын, соңынан Вена консерваториясына ауысқанын айтқың келмейді,ә! Ол неге елге қайпай қалды, сен неге қайтып оралдың, соны айтшы енді?
Әйткеш: Әбсәламовтың неге елге оралмағанын өзінен сұраңыздар. Ал өзіме келетін болсам, сұрағыңызға жауабым әзір. Италияның Торонто қаласында жүргенде генерал Голиковтың Париж радиосы арқылы көсеміміз Сталиннің атынан айтқан сөзін естіп қалдым. «Соғыс қиындықсыз, құрбандықсыз болмайды деді ол. Жау қолына тұтқынға түскендеріңіз үшін сіздер кінәлі емессіздер. Сондықтан отандастар еш алаңдамастан елге оралыңыздар. Сендерді Отандарың, аналарың мен әйелдерің, ағаларың мен қарындастарың, ұл-қыздарың асыға күтіп отыр, елге оралыңдар!» Осы сөзді естігенде Отанымыздың бізден сырт айналмағанына, бізді ұмытпағанына көзімізге жас ала отырып тебірендік.
Екінші тергеуші: Жолдас капитан, мұның жап-жас болып сонша айлакер екендігін айтсаңызшы! Мынау бізді тіпті құйрығына отырғызбай бара жатыр ғой, тіпті!
Бірінші тергеуші: Сен осы соғыстан қалайша шыт жаңа киініп келдің өзі! Сонда сенің аузыңда сигар ғана жетіспей тұрды ғой. Осының өзі-ақ сенің ағылшын-американ тыңшысы екендігіңді айғақтамай ма! Сенің сол түріңді көргенде бүкіл алматылықтар сыртыңнан түкіргенін өз көзіммен көрдім ғой.
Әйткеш: Оған да жауабым әзір. Соғыстың соңын ала Совет Одағының мемлекеттік гимні шыққаны белгілі. Кәртаң итальяндық пианист екеуіміз соны елшілік қызметкерлеріне үйреттік. Ол қызметіне болмашы ақы алды. Ал бұл мен үшін үлкен мәртебе еді. Ол үшін ақы дәметкен де жоқпын. Бірақ қолым бос кезінде жергілікті симфониялық оркестрде қызмет етіп,қаражат таптым, тіпті Италияны аралап, түрлі концерттерге қатысуға да, тіпті Ла Скаладан кейінгі атақты Ди Адриано театрының оркестрінде жаттығып, ойнауға мүмкіндік алдым. Мұны да жасырып қалды демесін деп айтып жатырмын.
Бірінші тергеуші: Енді сен Әуезов, Қазақбаев, жалпы көзі ашық қазақтар туралы не айтасың? Солар туралы бізге мәлімет берсең жазаң жеңілдей түсетіндігін ескертемін.
Әйткеш: Әуезов мен секілді тек жерлестерінің ғана емес, бүкіл халқымыздың мақтанышы, жалпы кеңес дәуірінің ірі тұлғасы. Ал Қазақбаевті білмейді екенмін. Жалпы сіздерге ескертіп қояйын, менен салпаңқұлақ тыңшы жасай алмайсыздар, ешқашанда!
Бірінші тергеуші: Солай де, шыншырбалақ, шұбартөс Құнанбай тұқымы! Ендеше сенің үкіміңді соттан бұрын мен айтайын... Жиырма бес жыл! Жиырма бес жылға итжеккенге айдаласың! Және саған отанын сатқан опасыз деген атақтан арылу ешқашан болмақ емес(Ол алдымен темір сызғышпен Әйткештің саусақтарынан соққылап, сонсоң құлақшекеден соғып, сұлатып түсіреді).
Екінші тергеуші: Капитан жолдас, ерледіңіз! Менің ойыма мұның саусақтарынан соғу келмепті. Мен бағанадан сізді өз қандасына бүйрегі бұрып тұр ма деп ойлап қалып едім. Сенімді адам екенсіз, құттықтаймын! Мен мұны жоғарыдағыларға жеткізетін боламын! Отанымыз бізді ұмытпайтын болады!
Бесінші көрініс
Сахнада Әйткеш Толғанбаев: Сонымен Алматыдағы азапқа толы күндер бір жылдан астам уақытқа созылып, 1947 жылдың көктемінде тергеушілерім ешқандай сотсыз-ақ алдын ала айтқандай жиырма бес жылды арқалап итжеккенге айдалдым. Семейден түнде өттік, пойыз тоқтаған да жоқ. Одан әріде Новосібір түрмесінде біраз аялдаған соң Иркутск, Қиыр Шығыстағы Ванин шығанағы, Находкаға, мұнан соң кемемен Колыма, Магаданға төрт ай жүріп жеттік. Бұл шақта менің нақтылы жасым небәрі жиырма үште ғана еді.
Сол шақта Совет одағы бойынша елуден астам лагерь мен төрт жүзден астам колониясы болған Гулаг жүйесінде 1920-1953 жылдар аралығында он миллионнан астам жазықсыз жандардың тағдыры тәлкекке түскен екен. Олардың көрген қорлығының бәрін айтып тауыса алармысың? Тек өз басымнан өткен бір ғана мысалды айтайын. Бірде өзім жақсылық жасаған адамның сатып кеткені бар, оған қоса тұтқындар арасында салпаңқұлақ тыңшы болмағаным қосылып бір жігітпен бірге айыптылар лагеріне жөнелтілдім. Сол күні түнде әлгі жігіт сондағы тұтқындардың паханының әмірімен еріксіз жанып тұрған пештің үстінде билеуге мәжбүр болып, отқа қақталып күйіп өлді. Келер күні олардың көңілін мен көтеруге тиіс едім. Сондықтан ертесінде әйтеуір бір өлім деп келген лагеріме қарай кері қаштым. Бақытыма қарай мені соңымнан атылған оқ та қуып жете алмады, қақаған аязды күні қалың орманда да адаспадым. Басқа жаққа қашпай, алдыңғы лагерге өз еркіммен қайтып оралған соң, бұрынғы өнерім ескерілді ме білмеймін, маған кешірім жасалды.
Қалай десең де, «ат жақсысы кермеде, жігіт жақсысы түрмеде» деп қазекең айтпақшы, небір асыл азаматтарды түрмеде кезіктіргенім де рас. Олардың арасында сол шақта аты одаққа танылып үлгерген небір әнші, музыканттармен бірге, ғалым да, спортшы да, басқа да мамандықтардың таңдаулы өкілдері болды.
Ағаштан жасалған кең барақ ішінде тұтқындардың бір бөлігі пештің маңына үймелеп, отқа қақталып отырса, енді біреулер даурығысып карта ойнауда. Темекі тартып, қалың ой құшағына еніп кеткендер де жоқ емес. Әйткеш өзінен жасы екі мүшелге жуық жігіт ағасымен шүйіркелесіп отыр.
Дзыгар: Балақан, кешегі концерттегі орындаушылық шеберлігің маған қатты ұнады. Балақан дегенімді көңіліңе алып қалмағын. Олай деп жатқаным сол, өнер адамдарының жаны нәзік болады, сәл нәрсеге бола көңіліміз марқайып, сәл нәрсеге ренжіп қалатынымыз рас қой?
Әйткеш: Александр аға, оған несіне ренжиін. Қайта бір ауыз жылы сөзіңізбен көңілімді марқайтып тастадыңыз...
Дзыгар: Балақан, ендеше біз қайда жүрмейік, қандай жағдайға тап келмейік, ең бастысы адамдық кейпімізден айрылып қалмауымыз керек. Өмірдің тірегі – өнер. Кешегі өнеріңмен сен қаншама адамның үміт отын жандарғаныңды білемісің? Менің өзім сенің скрипканың ысқышын ұстауың мен қай шығарманы болсын бірқалыпты ойнағаныңа таң қалдым. Өйткені, мен музыкант ретінде скрипка ысқышын ұстауға өте жоғары талаппен, сын көзімен қарайтын адаммын. Сенің өнерде тәлім алған мектебің мықты ма деймін!
Әйткеш: Сіз қазірде Алматыда тұрып жатқан Иосиф Лесманды болмаса да, Мирон Полякинді білетін боларсыз. Менің нақтылы ұстазым сол екі кісі. Рас, мұның екіншісімен жүзбе –жүз кездескен адамым емес. Бірақ соған қарамастан мені скрипкаға ынтызар етіп қойған осы музыкант. Сенесіз бе, мен оны радио арқылы тыңдай отырып, скрипкада ойнауды үйрене бастадым. Ал Иосиф Антоновичке келетін болсам, соғыстың алдында Алматыдағы музыкалық драма техникумында сол кісіден дәріс алдым.
Дзыгар: Пәлі, бұл екеуі де Петербург консерваториясының атақты профессоры, әйгілі ұстаз Леопольд Ауэрдің шәкірттері ғой. Ауэр дегеніңіз орыс скрипка мектебінің негізін қалаушы ғой. Мирон Полякин ұлағатты ұстазға тап болғанда он үш жаста ғана екен. Бұл шақта аталған музыка ордасының басшысы профессор, композитор Александр Глазунов көрінеді. Глазунов Петербург консерваториясына жиырма жылдан астам басшылық еткен адам. Ауэр болса 1917 жылғы қазан төңкерісінің соңын ала Америкаға қоныс аударғанын, ал Мирон Полякиннің 1925 жылы ұстазын соңынан іздеп бара отырып, сол жылы Америка құрама Штатында өткен әлем скрипачтарының конкурсында бірінші орынды иеленгенін естіген боларсың? Өкінішке қарай, бұдан кейін оған елден шығуға рұқсат берілмеген. Сөйткен Мирон Полякин соғыстың тура алдында ел ішіндегі өнер сапарынан қайтып келе жатқанда пойызда жүрегі қысылып, кенеттен өмірден озған. Сонда оның жасы қырықтың ортасында ғана еді. Солай, бауырым!..(күрсінеді).
Әйткеш: Оның екінші бір шәкірті Иосиф Антоновичтің Ленинградтан Алматыға қуылуында да бір сыр бар ма деймін. Бірақ ұстазым «аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей ол туралы айтпады. Ал енді Саша ағай сұрағымды дұрыс көрсеңіз өзіңіз туралы айта кетсеңіз?
Дзыгар: Дзыгар деген сөздің украинша мағынасы «сағат жөндеуші» деген ұғымды білдіреді. Соған қарағанда арғы аталарымыз сағат жөндеумен айналысқан тәрізді. Ал одан бергіге келетін болсақ, орыс-жапон соғысына қатысқан атам Қытайда тұрақтап қалыпты. Соған орай мен музыкалық білімді Харбиннің жоғары музыка мектебінде алдым. Ұстазым профессор Уриэль Моисеевич Гольштейн керемет адам еді. Аталған оқу орнын бітірген соң Жапонияның Мукден қаласына барып, сондағы атақты «Ямото-отель» ансамблінде қызмет ете жүріп, Монти, Шуберт, Дворжактың шығармаларын грампластинкаға жаздырдым. Біз сөзбен айтқанда ата жұртқа оралуды қаншалықты аңсағаныммен, әліптің артын бағып, асыға қоймадым...
Әйткеш: Өнер үшін шыдап бақтым дейсіз ғой. Содан...
Дзыгар: Содан дейтін несі бар, жастай атым шығып, талай халықаралық конкурстардың жеңімпазы атандым. Мен сол шақта Қытай азаматы едім дедім ғой. Жапондар Маньчужурияны жаулап алған соң құжатымызды зорлықпен тартып алды. Өйткені, олар орыс эмигрантарына қырын қарайтын. Сөйтіп жүргенде 1945 жылдың тамыз айында совет әскері Харбинді жапондардан азат етті. Ал мен еш жазығым болмаса да Магаданнан бір-ақ шықтым. Екеумізді тағдыр осылайша жолықтырды. Ал мұндағы мәдени бригадада басымыздың тоқайласуы – бойымыздағы өнердің арқасы.
Әйткеш: Саша ағай-ау, сонда менің жазығым не? Фашистердің концлагерінде де, мұнда да тұтқындарға бір сәт болса да қуаныш сыйлағаным ба? Мәдени бригада жетекшісі Инна Дементьеваның осындағы ең ұлық бастық болып табылатын генерал-лейтенант Никишевтің зайыбы, «княгина» деген лақап аты бар Гридасовамен жең ұшынан жалғасып, түйені түгімен жалмап, жеп жатқанын басқалар түгілі, біз де біліп отырған жоқпыз ба? Сол Дементьеваның қыр соңымнан түсіп, маза бермей жүргеніне назаланамын. Анада осы Дементьева мені ырқыма көнбейсің деп ерегесіп, қатаң тәртіптегі Якутиядағы лагерге жөнелтіргелі жатқанда Михаил Рихтерман деген өнер жағындағы тағы бір басшы қызметкердің арқасында ол жазадан құтылып кеткен едім. Ал тиісті орган өкілдері «бізге тыңшы болмадың» деген ерегеспен құртуға айналғанда ең алдымен алла, екіншіден жақсы жандардың шапағатымен төніп тұрған ажалдан аман қалғаным және шындық.
Дзыгар: Бұл тойымсыздық дегенді қойсаңшы! Болмаса мынадай тозақтың ішінде жүріп, бас амандығын ойлаудың орнына құлқынның құлы болу қай бір жақсылық дейсің! Әйткеш бауырым, соларға бола жүрегіңді қарайтып, кірлетіп алма! Бәрі де өтеді, кетеді. Ертең сол Дементьеваныі сенің алдыңа келмесіне кім кепіл? Одан да осы тозақ отында жүріп біреуден көрген жақсылығың турасында айтшы. Сонсоң өзің біреуге жақсылық жасай алдың ба?
Әйткеш: Сіздің айтып отырған сөзіңіздің бәрі рас. Айталық, Тамара мен Борис деген ерлі-зайыпты жандардың осыған дейін өзіме жасаған жақсылықтарын өмір бақи ұмытпаспын. Әйелі әскери коммисариатта, ал күйеуі автобазада қызмет атқаратын бұлар, сізге өтірік, маған шын, мен десе ішкен астарын жерге қояды. Қашанда менің қамымды ойлап өбек қағудан шаршаған емес. Соның бәрі өнерге деген құрмет деп түсінемін. Егер осы тозақтан аман-есен шықсам, мұндай аяулы жандардың алдында қарыздар болып қалмаспын деп ойлаймын.
Дзыгар: Міне мұның жөн сөз! Екеуміз де бостандыққа шығатын болсақ, арамыздағы бірер жаспен санаспай, дос болып қала беретіндімізге өз басым еш шүбаланбаймын! Жас бала емеспіз ғой, сол үшін қол алысып серттеспей-ақ қоялық!
Әйткеш: Біздің қазақта ашаршылықта жеген құйқаның дәмі аузыңнан кетпейді деген сөз бар. Ол тек дәмге ғана емес, адамгершілікке де қатысты сөз. Ал енді екінші сұрағыңызға келетін болсақ, ол да негізінен өнерге қатысты әңгіме.
Бірде кезекті концерт алдында үсті-басы кір қожалақ, киімінен су сорғалаған бір жас қазақ жігіті маған келіп: «Сіз Алматыдағы атақты әнші Жамал Омарованы білетін болсарсыз? Мен сол кісінің туған бауыры Абылай деген боламын. Мына шахтадан сіз шығарып алмасаңыз, көп ұзамай өмірмен қоштасатын шығармын» дейді. Бұған өзім тұтқын мен не дей аламын. Бірақ өзіңе сеніп келіп тұрған адамға қол ұшын бермесең тағы болмайды. Соның бәрін ойластыра келіп, концертімізден қалмайтын лагерь есепшісіне өтініш білдірдім. Ол болса сөзімді жерге тастамай, Абылайды басқасы басқа, лагерь бастығының үйіне қызметші етіп орналастырды. Кейде есепші біткеннің бәрін жемір көреміз, жоқ олай емес, олардың ішінде де өнерді, өмірді бағалай білетіндер бар екен.
Дзыгар: Жаңа сөз басында сені мақтап өттім ғой. Бірақ бұған сен мастанба. Сенің болашағың алдыңда. Аманшылық болса күні ертең-ақ еңбек сіңірген, тіпті бұйырса халық әртісі де бола жатарсың. Совет Одағында одан асқан атақ жоқ екендігін білген соң айтып жатырмын. Ал шетелдіктер үшін ол күлкілі естіледі. Яғни, басқасы басқа, музыка әлемінде «маэстро» атанудан асқан бақыт жоқ. Сенің мына тозақтан тездетіп босанып, оқуыңды жетілдірсең, бұдан да әрі тәжірибе жинақтап, шеберлігіңді шыңдай түссең «маэстро» атанатыңа өз басым еш күманданбаймын. Ал осында ана мәскеулік атақты дирижер Кишеден де аларыңды алып қал. Өз жағдайын сезген аурушаң ақсақал да бойындағы барын саған үйретіп қалуға тырысып жүргенін сезіп жүрмін.
Әйткеш: Саша ағай, айта берсе әңгіме көп. Бірде әлдебір журналдан Огинскийдің «Полонезінің» нотасын көріп қалып, есімнің шыққанын айтсаңызшы! Мен онда әйгілі композитордың бұл шығармасының тарихын, оның екінші атпен «Отанмен қоштасу» деп аталатындығын да білмейтінмін. Ал сізбен жолыққаннан кейін шығарма тарихына да, оны қалай орындау керектігіне де көзім жетті ғой...
Дзыгар: Отан де! Сен өзіңнің кіші отаныңды сағынған-ақ екенсің! Мен есейіп барып отаныма келгенде көрген күнім мынау! «Күн көсемнің» күні санаулы деген әңгіменің шеті шығып қалды. Сондықтан алдағы күндерден үмітімізді үзбелік.
Өткендегі концерт соңында сен «Полонезді» орындағанда оны тыңдағандардың ішінде көзіне жас алмағаны кемде кем. Музыкант үшін осыдан артық қандай қошамет керек. Ал, тау мен дала қыраны «Полонезді» сызылтшы бір!.. (Әйткеш еш бәлсініп жатпастан скрипкасын қолына алып, ұстазының өтінішін орындауға кіріседі).
Алтыншы көрініс
Сахнада Әйткеш Толғанбаев: Ұстаз жолдасым Дзыгардың айтқаны айнымай келді. «Күн көсемнің» күні жеткен соң алып империяның бас жендеті Берия тұтқындалып, атылып кетті. Арада екі жылдан соң азап лагерлерінің тұтқындарын босату туралы әйгілі Жарлық жарияланды. Келер, 1956 жылы мен осымен үшінші мәрте Алматыға табан тіредім. Алғашқыда жасым небәрі он екіде болса, соғыс азабын көрудей-ақ көріп келген екінші жолы да жасым әлі «айхай, жиырма беске жете қойған жоқ болатын. Ал үшінші жолы менің нақты жасым отыз екіде болатын.
Бір абзалы сол, Әуезов бастаған зиялы қауым, оның ішінде Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский сынды музыка өнерінің қайраткерлері бар ескі көзтаныстар мені «қайдан келіп қалдың» демей, жылы қарсы алды. Атақты Ақаңның қамқорлығымен консерваторияға оқуға қабылдандым. Осында оқи жүріп Қазақ радиосының эстрадалық-симфониялық және филармония оркестрлерінде қызмет еттім. Ал өзекті өртейтін өкініш сол, менен құр жаламен отанын сатқан опасыз, шетел агенті және өздеріне салпаңқұлақ тыңшы жасай алмаған үндеместер мұны еш кешіре алмады. Солайша менің аз кемі жоқ тағы да отыз жылдан астам уақыт сергелдеңмен өмір сүруіме тура келді.
Консерватория ректорының кабинеті. Төр иесі белгілі композитор Ғазиза Жұбанова консерватория доценті Әйткеш Толғанбаевпен әңгімелесіп отыр.
Әйткеш: Ғазиза Ахметқызы, менің сіздің әулетке алғыстан басқа айтарым жоқ. Ардақты Ахаң он екі жасымда Алматыға келген беттен қамқорлық танытып, онымен де шектелмей айдаудан оралған соң да консерваторияға оқуға қабылдануыма бірден бір себепкер болып еді. Ал өзіңіз болсаңыз үндеместердің «бұған неге доцент атағын бересіңдер, биографиясына үңілмейсіңдер ме» деген сесті сұрағына қаймықпастан «біз өнер адамдарының алдымен шығармашылығына үңілеміз» деген екенсіз. Бірақ жасым жетпіске жақындаған шағында өмірден әбден торығып отырған жайым бар.
Жұбанова: Сізді әкем арқылы, өнеріңіз арқылы және ұзақ жыл қызметтес болғандықтан жақсы білемін ғой. Ештеңеден қайтпайтын қайсарлығыңыз да баршамызға мәлім. Сіздің онша да мұнша сағыңыз сынғанын көрген жоқ едім...
Әйткеш: Ғазеке, ғафу етіңіз... Мұндай ішкі жан толғанысымды әркімге айта бермеймін ғой. Енді амалсыздықтан... Мына қайта құру, жариялылық дегеніңіз де бос сөз болып шықты ма деймін. Осыған сеніп Бас хатшының өзіне жолдаған хатым айналып келіп тағы да өмір бойы өзіме жала жабумен келе жатқан үндеместердің қолына тигенін қайтерсіз? Енді ондағылардың мазағы өтіп кетті. Оның үстіне зайыбым да әбден қажығандықтан болар «үлкен мекеме басшыларының өзі үндеместердің ыңғайына жығылып жатқанда қасарысып қайтесің» дейді. Оны да түсінуге болады, партия мүшесі ғой...
Айтпақшы, сіз Ғалымжан Әбсәламовты білген боларсыз? Соғыстан соң елге қайтпай қалған ол алдымен Берлин консерваториясында оқығанын білетін едім, соңынан Париж консерваториясын бітірген көрінеді. Қазірде Түркияда тұрып жатқан оның Стамбұлдың симфониялық оркестрінің скрипачы екендігін де сетіп қалдым. Италиядағы совет елшісі Костылевтің мені көпке дейін елге жібермегенін де енді ғана түсінгендеймін. Асыл азамат менің елге оралысымен істі болып, азап лагерінен бір-ақ шығатынымды сезіп білген екен ғой.
Жұбанова: Иә, ағасы сіздің басыңыздан не өтпеді? Бірақ өзіңіз бірде айтқандай өз тағдырыңыз - өміріңіз. Әліптің артын бағайық ... Бұлар, тіпті ешбір себеп болмаса да сізді жұмыстан шығар деп те дігірлеуден танар емес. Бірақ оған еш алаңдамаңыз. Мен барда зейнет демалысына осы жерден шығасыз.
Әйткеш: Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің әбден қашқанына реніштімін. Болмаса көштен қалып жатқаным жоқ. Ана бір жылдары композитор Бақытжан Байқадамов қыздар институтына да қосымша сабақ беруге шақырғанын өзіңіз білесіз. Сондағысы біріншіден мені ұнжырғасы түспесін дегендік болса, екіншіден ауылдан келіп осындағы музыка факультетінде оқып жатқан қыз балаларымыз скрипка аспабының не екендігін білсін дейді де!
Жұбанова: Бұл орайда біздің сізге өкпеміз жоқ. Соңғы бес-он жылда скрипка асбабына арналған бірнеше оқулық шығардыңыз. Қаншама талантты шәкірттер алдыңыздан қанат қағып ұшып шықты дегендей...
Әйткеш: Иә, шама-шарқымша Ахмет Қуанұлының өзіме жүктеген аманатын орындап келе жатқан секілдімін. Ол кісі маған «маман музыкант бола білумен бірге, білікті шәкірт даярла, оларға арналған оқулық жаз» деп еді-ау!.. Өзімнің Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің декадасына да, Монреалдағы халықаралық байқауға да бара алмай қалғаным емес, үндеместердің тапсырмасымен менің дарынды шәкірттерімнің түрлі конкурстарда аяқ астынан сүрініп жататындығы жаныма батады.
Жұбанова: Канада сапарына ұшайын деп тұрғаныңызда сізді үндеместердің самолет трапынан түсіріп алғанын білмейді емес, білеміз. Оның сыртында консерваторияны бітіріп енді бітіріп жатқан кездің өзінде дипломдық жұмысыңызға орай Чайковскийдің скрипка мен оркестрге арналған шығармасын келістіре орындаған сіз туралы біраз беделді басылымдар «Әйткеш Толғанбаев үлкен жетістікке жетіп, республиканың бірінші скрипкасы дәрежесіне көтерілді» деп жарыса жазып жатты.
Әйткеш: Ғазиза Ахметқызы, әбден еңсем түскен сәтте көңілімді бір көтеріп тастадыңыз-ау! (Күледі) Адам жасы келгенде мақтаншақтыққа бой ұрама деймін. Одақтық «Советская культура» газетінің 1977 жылдың он үшінші мамырдағы санында өзіміздің белгілі музыкантымыз Иосиф Коганның мен туралы «Республикамыздың бірінші скрипкасы» деген тақырыппен мақаласы және шықты. Бірақ ол мақала да үндеместерге ой сала алмады. Оны айтасыз бұлар мен әр жерге өзімнің арымның, отанымның алында ақ екендігім жөнінде арыз жаза берген соң жүйке жүйесі ауруына шалдыққан деп ауруханаға тыққысы келгендігін қайтерсіз!
Жұбанова: Шындығында адам төзбейтін жағдай... сондықтан мен сізді түсініп отырмын.
Әйткеш: Ал мынаған не дейсіз? Сонау қырық бесінші жылы мен Италиядан «Штайнер» скрипкасын ала келген едім. Ол ешқандай трофей емес, концерттен түскен өз ақшама сатып алған өз дүниелігім. Қырық алтыншы жылы жиырма бес жылға сотталып, итжеккенге айдалғанда үндеместер сол скрипкамды да тартып алып, ақыры жоқ қылды. Қазір соны іздестіріп сұрасам олар «скрипкаңның бостандыққа шығуға жылы жеткен жоқ» деп өзімді мазақ қылады. Ғазеке, қай ғасырда, қандай қоғамда өмір сүріп жатырмыз өзі?..
Жұбанова: (күледі) Мені сөкпегейсіз, осындайда еске түседі. Қазірде Мәскеудегі Үлкен театрда жемісті қызмет етіп жатқан Фуат Мансұров деген әріптесіміз бірде сіз туралы: «Әйткеш музыкаға шын берілген және қандай қиындық көрсе де адамдық келбетін жоғалтпаған керемет жан» деген еді. Әйаға, дейінші сізді, қырқына шыдағанда қырық біріне шыдауыңызға тілектеспін.
Ал сіздің шығармашылығыңызға келетін болсақ, қазірде репертуарыңызда әлем композиторларының сан ондаған ең күрделі классикалық шығармалары бар. Мұның сыртында сіз қазақтың халықтық және атақты ұлт композиторларының шығармаларынан екі жүзден астам ән-күйді өңдеп, өзіңіздің репертуарыңызға енгізген адамсыз. Сондықтан өз басым ештеңеден жасқаншақтамай сізді маэстро деп есептеймін.
Әйткеш: Сіз әйгілі скрипач Дзыгарды сырттай болса да жақсы білесіз. Қазірде Мәскеуде тұратын онымен әлі күнге дейін араласып келеміз. Жаңа адам жасы келгенде мақтаншақ болады дедім. Соған қоса көңілшектік те пайда болатын секілді. Магадандағы лагерде бірге болған ұстазым, аға жолдасым сол Дзыгар маған «музыкада осы салада жүргендер үшін ең жоғары атақ маэстро» деп еді. Мұндай сөзді, Ғазиза Ахметқызы сіздің аузыңыздан есту мен үшін зор мәртебе! Бірақ солай дегенмен қазірде мен үшін өзіме жабылған жала, күйеден арылудан асқан ештеңе жоқ! (Әйткеш мұңайып отырып қалады. Паганинидің мұңлы бір шығармасы орындалады).
Диктор: Ел егемендігінің арқасында, нақтылап айтқанда 1992 жылы Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтің тікелей араласуымен Әйткеш Толғанбаев біржола ақталып шықты. Арада көп уақыт өтпей оның өзінің қасіретке толы өмір жолы туралы қалың оқырман іздеп жүріп оқыған «Тағдыр тәлкегі туралы толғау» атты деректі кітабы жарық көрді. Арада екі жылдан соң жасы жетпіске толған Әйткешті жерлестері құрметтеп елге шақырды. Өкінішке қарай, ол арада көп уақыт өтпей жүрегі кенеттен тоқтап, өмірден аттанып кете барды. Ал оның сүйегі өзінің өтініші бойынша Шыңғыстаудың етегінде, Қарауылдың төрінде жер қойнына тапсырылды. Басына скрика бейнеленген күмбез тұрғызылды. Ал екінші мыңжылдықтың соңында сол Қарауылда тұрғызылған «Ғасыр тұлғасы» атты мәрмәр стеллаға Абай, Шәкәрім аталарымен бірге суреті мен аты-жөні мәңгілікке қашап жазылды. Базбұзар, дүмше дінге қарсы тұрған атақты музыкант Паганиниге өз елінде жерленуіне әрең дегенде рұқсат берілсе, коммунистік жүйемен өмір бойы күресіп өткен Әйткеш ақыр соңында жеңіске жетіп, шындық салтанат құрды. (Абай шығармаларының бірі орындалады).