Адам қарады: 23 | Жарияланды: 2018-05-24 02:38:15

Қап-қара албасты

       Катонқарағай өңірінің Қатын жотасымен шектесіп жатқан «ішкі жақ» деп атайтын аймағында кержақтар мекендейді. Кержақтар - кезінде Ресей жерінен қуғын көріп, ауып келген ескі дінді ұстанушылар (старообрядцы немесе староверлер). Олар өз діндеріне беріктігі соншалық, басқа дін өкілдерін жақсы көрмейді, тіпті, олармен мүлде араласпайды десе де болады. Олардың тұрмыс-салтында өздеріне тән әдет-ғұрыптары, дәстүрлері бар, одан ешқашан ауытқымайды. Басқа адамдардан ештеңе сұрап алмайды, біреудің нәрсесіне тиіспейді. Алда-жалда басқа бір адам олардың бір ыдысынан су ішкен болса, ол ыдысты қайта пайдаланбай, көзін құртады екен. Тарихшылардың айтуынша, кержақтар жаңа «православие» дінін қабылдаған қандастарынан қысым көріп, сонау Сібірден Алтай тауының баурайына ауып келіп, осы біздің «ішкі жақтағы» Ақсу, Коробиха, Фыкалка (Бекалқа), Чаловка ауылдарына қоныстанғандарына екі ғасырдан астам уақыт өтіпті. Ертеректе жеке қауым боп сияқты өмір кешкен олар, кейіннен заман өзгеріп, Кеңес өкіметі билік құрған кезде, амалсыздан басқа жұртпен араласа бастайды, бірақ, соның өзінде өз әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін  жоғалтпаған. Олар – еңбекқор халық,  осы Алтай тауларында мекен еткен кезден бастап мал бағумен, ара өсірумен, балташылықпен, ағаш өңдеумен айналысқан  екен. Еңбекқорлықтарының арқасында, ел ішіндегі аумалы-төкпелі, қиын кезеңдерде де, тұрмыстары жақсы боп, ауқатты тұрған көрінеді.

        Сол бір аумалы-төкпелі заманда, дұрысырақ айтсақ, өткен ғасырдың отызыншы жылдарында қазақ ауылдарында жағдай басқаша болатын. Ауқатты байлары «кәмпескеленіп», қалғаны жаппай ұжымдастыру кезеңінде бар малынан айрылып, ашаршылыққа ұшыраған қазақ жұртының көпшілігі күнкөріс үшін екі қолға кәсіп іздеп, осы «ішкі жақтағы» кержақтарға жалданып, жұмыс істеуге сабылған көрінеді.

        Сондай ауылдардың бірінде күн кешіп жатқан, әке-шешесінен ерте айрылған Мырқан ағайындарының қолында, солардың азын-аулақ шаруасына қолғабысын тигізіп, жетіп келе жатқан бозбала болатын. Жастайынан жетім өскендіктен болар, Мырқан ешкіммен  ашылып көп сөйлеспейтін, өзімен-өзі болып жүретін еді. Дегенмен, тағдырдың тауқыметін ерте тартып үлгерген ол, өзінің табиғи зеректігімен бәрін де ойына түйіп жүретін. Үй шаруасында да, түзде де кез келген жұмыстың ыңғайын біліп, тапсырылған істі екі айтқызбай, тиянақты орындайтын. Сонысы үшін де ағайындары оны шеттетпей, жетімдігін білдірмей, жақын тартатын еді.  Осылай тіршілік етіп, аман-есен ер жетсе, кейін өз алдына жеке отау тігіп, өмірден ерте озған әке-шешесінің түтінін қайта түтетер ме еді. Бірақ, мұндай момақан тірлікті ауыл адамдарының басына жазбаған екен.

       Елге «жаппай ұжымдастыру» науқаны келіп, қолдағы азын-аулақ малдың бәрі ортақ меншікке айналдырылып, ауыл жұрты бұрынғы талғап жеген ет, май, құрт-ірімшікті қойып, бір кесе сүтке зар болған заман туды. Осы сойқан кезінде күйзелген елмен бірге қолдағы барынан айрылған Мырқанның ағайындары да оны асырау былай тұрсын, өз балаларының аузына талшық етер дәнеңе таппай, қара суға қарап қалды.

        Сол кезде он үш-он төрт жасқа келіп, өзін ересек сезініп қалған Мырқан  өзіне көп жақсылық көрсеткен, мұнсыз да көп балалы ағайынына қалай көмек берерін білмей қатты қиналды. Сөйтіп жүріп, әркімдердің қалалы жерге, немесе «ішкі жақтағы» Ақсу, Коробиха ауылдарындағы кержақтарға барып жұмыс істеп, жанұяларын аштықтан алып қаларлықтай табыс тауып, әкеп жүргендерінен  хабардар болды. «Ішкі жаққа» ол кішкентай кезінде марқұм әкесімен бірге барғаны бар. Зерек бала сонда кержақтардың кім екенін анық білмесе де, түр-түстерін көріп, олардың басқалардан өзгешелігінің шет жағасын байқаған еді. Әкесі де кержақтар туралы біраз әңгіме айтқан болатын. Ақыры, көп ойлана келіп, бұл да бір шешімге келді. Ағасына өзінің кержақтарға барып, жұмыс істеп, шамасы келсе өзі үшін ғана емес, үйге де табыс тауып әкелмек ойы барын айтып еді, тығырықтан жол таппай отырған ағасы жас баланы бөтен жерге жіберудің оңай еместігін білсе де, басқа шара болмаған соң келісімін берді. Және өзі сол жаққа сапар шегетін басқа ересектермен сөйлесіп, інісін аман-есен жеткізулерін мұқият тапсырып, шығарып салды.

       Сонымен, тау қойнауында жатқан Ақсу ауылына келіп, орысша бір ауыз сөз білмейтін баланы, ағасының тапсырып жіберген адамдары сұрастырып жүріп, ауқатты тұратын орта жастардағы бір кержақтың үйіне қолбалалыққа қалдырып кетті. Үйдің қожайыны бірінші күннен бұның қандай шаруалар атқаруы тиіс екенін түсіндіріп, ауладағы көп қора-қопсы, қоймалармен қатар есік алдында ағаштан қиып салынған ауыз үйдің бір бұрышынан жатар орнын көрсетіп, тамағын беріп, жағдайын да жасап берді. Оған бөлек төсек-орын, жұмыс киімін, ыдыс-аяқ  берді, оларды Мырқан өзі жуып алуға, тұрып жатқан мекенінің тазалығына да өзі жауап беруге тиіс болды. Алғашқы күндері тіл білмеудің кесірінен Мырқанға қиындау тисе де, біраздан соң, зерек бала шала-шарпы сөйлеуге де үйреніп, тілі жетпесе ымдап, қолымен көрсетсе де, әйтеуір тіл табысуға жарап қалды. Кержақтар да әртүрлі болатын көрінеді, қожайын Мырқанның аз сөйлеп, көп істейтін тындырымдылығын байқап, көп қысым жасамағаны былай тұрсын, шамасы келгенше оның орыс тілін үйренуіне көмектесіп, уақтылы тамақтануын, тоңып қалмауын ескеріп отыратын.

        Керісінше, қожайынның өзінен мүшел жастай кіші жас әйелі, тумысынан адамдарға деген жылылығы жоқ адам ба, әлде бөтен діннің адамдарын жақтырмай ма, кім білсін, әйтеуір, Мырқанды көрген жерде жыландай жиырылатын еді. Тек ол күйеуінің қас-қабағына қарап, амалсыздан Мырқанның тамағын уақытында беріп отыратын, онда да ауыз үйдегі столға әкеп бермей, есік алдына қойып кететін еді.

        Сөйтіп, бұрын өз ауылынан ұзап шықпаған бала тағдырдың жазуымен бөтен жер, бөтен елде кіріптарлықпен күн кешіп жатты. Алғашында жат жерге мүлде үйрене алмайтындай көрініп, көңілі құлазыған еді, бірте-бірте жаңа тіршілікке бойы үйреніп, шаруаның да қыр-сырын біліп алды. Ақырындап, аула сыртына шығып, ауылдың да бет-бейнесін танып қалды. Таудың үлкен аңғарымен ағып өтетін Ақсу өзені (орыстар «Белая» деп атайды екен) ауылды дәл ортасынан бөліп ағып жатыр. Өзен күзге қарай біршама таяздағаны болмаса, көктемде өткел бермей кетеді, ал қыста қысылған су арнасынан асып, екі жағасына жайылып, үлкен мұз айдыны сияқты боп қалады екен. Ауылдың ар жақ, бер жағы да біршама жерді алып жатқанға ұқсайды. Айнала қоршаған тау сілемдері, қарауытқан орман-тоғай. Мырқан сонау кішкентай күнінде әкесімен жайлау арқылы келген жолдарының бағытын еміс-еміс есіне түсірген еді.

        Жастайынан еңбекке араласып өскен Мырқан үй шаруасын да, отын, шөп дайындау жұмыстарын да тап-тұйнақтай етіп орындайды. Жазда малды өріске шығару да, қыста оның жем-шөбін уақтылы беріп, қораларын тазалау да Мырқанның үйреншікті жұмыстары, оған ол еш қиналмайды. Қожайын да оны мүлде жақын тартып кетті, бірақ, ол Мырқаннан ешқашан ата-анасы, туыстары, бұрынғы өмірі жайлы сұрап көрген емес, оны ол жағы еш қызықтырмайтын сияқты. Оған тек Мырқанның бүгінгі өзіне тигізіп отырған көмегі ғана қажет тәрізді, тіпті, соңғы кездері еңбекақысын да біраз көтеріп қойды, тегі, басқа біреуге жалдануға кетіп қала ма деп қауіптенетін болса керек. Мырқан енді біраз табыс тауып, оның біраз бөлігін ағасына жіберуді де ойластыра бастаған еді.

        Ол осы бір жылдай уақыт ішінде бәріне көндіккенмен, қожайынның әйелінің өзіне деген қарым-қатынасын түсінбей-ақ қойды. Адамдар бір-біріне үйренісетіндей біршама уақыт өтсе де, бұл ешқандай оғаш мінез көрсетіп, ештеңе бүлдірмесе де, әйелдің бұған деген қабағы бір ашылмады. Тіпті, осы үйге қажетсіз артық заттай көріп, кездесе қалса кәдімгідей тыжырынып, жек көре қарайтынын қайтерсің. Бірақ, онысын күйеуіне байқатпайтын сияқты, Мырқан да қожайынға ол жайында сөз қозғаған емес, үндемей көніп жүре берді.

        Тағы бір қыс мезгілі келіп жетті. Ауыл тіршілігі белгілі, көктемде жер қарайғаннан бастап, қым-қуыт қарбалас жұмыстар басталады да, қара күзге дейін толастамайды. Отын-шөбін даярлап, азын-аулақ егістігіндегі, бау-бақшасындағы өнімдерді жинап алған соң ғана, қар түскен кезде, үйдегі күнделікті күйбің тіршілікті есептемегенде, дала жұмыстары біршама саябырлайды. Ауыл адамдарының арқа-басы кеңіп, түрлі той-томалақтар да осы қыс айларында өтеді. Бірақ, ондай көңіл көтерулерге Мырқанның қожайындары онша әуес емес, қожайын уақытын сондай бағалайтын адам, бір күнін де бос өткізбеуге тырысады. Сол әдетімен, осы бір азғантай кең уақытты пайдаланып, алдағы көктемдегі егістік жұмыстарына қажетті құрал-саймандар, басқа да керек-жарақтар іздестіру үшін Зырян, Өскемен, Семей қалаларына шығып қайтпақ болып, жолға жинала бастады. Бұрын ол алысқа өзі көп шыға бермейтін, керек заттарын басқа сенімді адамдарынан алдырып отыра беретін еді. Биыл қыста, сапарға үнемі шығып жүретін сенімді адамы қатты сырқаттанып қалғандықтан, өзі барып қайтуына тура келді. Сонымен, сапарға аттанатын күн де жетіп, қожайын басқа серіктерімен бірге қос-қос ат шеккен жеңіл жақтаулы шаналарымен «қала қайдасың» деп тартып отырды.

        Қыстың қысқа күні батып, қас қарайды. Кержақтардың бір бұлжымас әдеті, қараңғы түсе бере есік-терезелерін, дуалдың ішкі, сыртқы қақпаларын түгелдей бекітіп, бөтен адам тұмсығын да кіргізе алмайтындай етіп, үйлерін тас қамалға айналдырады. Мырқан тұрған үйде бұл тәртіп ерекше қатаң болатын. Қожайын үйде болған кезде, Мырқан бұл бекіту жұмыстарын өзі істей салатын, қожайын оған сенімді болатын. Бүгін де, Мырқан әдеттегідей үйдің терезелерін ағаш  есікше-қақпақтарымен жауып болған еді. Енді сыртқы қақпаны бекітуге беттеген кезде қожайынның әйелі сыртқа шығып, терезелердің қалай жабылғанын бір қарап өтті. Мырқанның ойында түк жоқ, «қожайын жоқ болған соң, әйелі өзі тексермек екен ғой» деп ойлады да, жұмысын жалғастыра берді. Сыртқы қақпаны жабудың өз тәртібі бар еді. Қақпаның сыртынан да, ішінен де көлденең сырғауыл тартылған, олардың екі басында құрсау темірлері бар. Осы құрсау темірлері қақпаның екі шетіндегі жуан баған діңгектердегі ойық арқылы әдейілеп істелген ұзын жуан болттармен  бір-бірімен  бекітіледі. Сонымен, екі жақтағы сырғауылдар тартылып, қысып қалған қақпа тас боп бекітіліп қалады. Жаяу адам кіретін дуал есігі осы қақпаның бір жақтауында бірге істелген, ол да қақпамен бірге жабылады. Мырқан әдетте сыртқы сырғауылды өз тұғырына орнатып, болттарды ойықтан өткізген соң, ішке кіріп, онан соң ішкі сырғауылды орнына қойып бекітетін еді. Ал, бүгін Мырқан сыртқы сырғауылды орнатқан кезде, қожайынның әйелі ішкі сырғауылды орната қойды да, іштен бекітіп тастады. Сыртта қалып қойған Мырқан «байқамай қалды ма» деп, сырттан қақпаны қанша ұрғылағанмен, ешкім ашпады. Алыстап бара жатқан аяқ дыбысынан кейін, үйдің де есігі жабылғаны естілді де, тым-тырыс болды. Жарты сағаттай уақыт әлі де үйге кіруден үміт үзбеген Мырқан адам өтпес биік дуалды жағалап, қақпаны қайта-қайта ұрғылағанмен, түк шықпады. Өзін жақтырмайтын әйелдің мұны үйден біржола аластағанын сезген Мырқан  енді қорқайын деді. Кешкі аяз да күшіне кірген кез, кешкі тамағын да ішкен жоқ, тоңа бастады. Ауылда басқа таныс та жоқ, қайда барып паналауға болатынын ол білмейтін еді. Амалы құрыған Мырқан енді түнеп шығар жер іздеп, көшеге шықты. Көше тас қараңғы, әр үйлердің терезесінен шам жарығы көрінеді. Есіктері айқара ашық жататын қазақ ауылы емес, шамы жанып тұрған төрт-бес үйдің жабық қақпаларын ұрғылап, айқайлап көріп еді, есік ашып қараған жан болмады.

         Әбден тоңып, бір жағынан қарны ашып, әбден дымы құрыған Мырқан «өлген деген осы болар» деп бар дүниеден түңіліп, енді ешқандай үмітсіз көше бойлап, ілгері жүре берді. Ауылдың бір шетіне таяп қалған кезде, кенет, алдынан биік дуалы жоқ, сыртқы есігі бекітілмеген аласа шарбақты жатағандау «бес қанат (пятистенка)» үй кез болды. Терезесінен шам жарығы көрінеді. Бойында үміт оты тұтанып, сүріне-қабына есікке жеткен ол, үйдің есігі де бекітілмегенін көріп, төбесі көкке аз-ақ тимей қалды. Мүлде жаураған ол, есікті қаққан ырымын жасағаны болмаса, жауап күтпестен үйге кіріп те кеткен еді.

        Үйге кіріп келгенде көргені, төсекте шырылдап жылап жатқан жас нәресте және оны қалай жұбатарын білмей арпалысып, есі шыққан жас орыс келіншегі еді. Келіншек алғашында үйге кіріп, состиып тұрған Мырқанға көңіл бөліп қараған да жоқ, баласын бір сәт тербетіп, енді бірде қолына алып, шайқап тыныштандырмақ болды, бірақ, онысынан түк шықпады, бала жылай берді. Біраз әуреленген соң барып, келіншек баланы төсекке жатқызды да, Мырқанға орындық ұсынып, жөн сұрады. Мырқан шала орыс тілімен өз жайын түсіндірген соң, ол жаны ашығандай боп, пеш жанындағы столға шай мен нан қойды. Сонан соң Мырқанға баласы ауырып тұрғандығын, өзі қазір өзеннің ар жағында тұратын емші орыс кемпіріне барып ем сұрап келгенше баласына қарай тұруын тапсырды. Мырқан «мақұл» деп те үлгірген жоқ, келіншек жүре киініп, үйден шыға жөнелді. Мырқан ыстық пештің қызуы мен ыстық шайдың әсерінен бойы жылынып, маужырай бастады, ұйықтап та кетер ме еді, егер жылап жатқан бала болмаса. Әйел кетер кезде бала бір мезет аздап тынышталғандай болып еді, бірақ, ол кете сала осы үйдің жүні жалбыраған үлкен сары мысығы баланың жанына кеп, сүйкене бастады, тіпті, үстіне шығып кетті. Мысық, тегі, баланың ауырған жерін сезіп, оған көмектеспекші болды ма екен, тілсіз мақұлықтың ішкі ойын кім білсін, бірақ оның бұл әрекеті балаға, сірә, онша ұнаған жоқ болуы керек, жылауы үдей түсті. Бұл көрініс Мырқанға да ұнаған жоқ, ол орнынан тұрып, мысықты қуып жібермек боп бір оқталды да, бойы балқып, жылынып отырған жерінен тұрғысы келмеді. Жан-жағына қарап еді, столдың бір шетінде жатқан пышақ қайрайтын тас қайраққа көзі түсті. Көп ойланбастан мысықты көздеп, қайрақты жіберіп қалып еді, қайрақ ұшып барып, мысыққа емес, жылап жатқан балаға «сарт» етіп тиді. Мысық қарғып түсіп қашқанымен, қатты соққы тиіп ауырсынған бала бұрынғыдан әрмен үйді басына көтеріп жылады. Мұндай оқыс жағдайдан соң ұйқысы шайдай ашылған Мырқан орнынан атып тұрып, жүгіріп барып, баланы өзінше жұбата бастады. Қайрақ тас басына тиді ме деп қорқып еді, әйтеуір, құдай сақтап, иығына тиген сияқты, өзі ауру бала, енді шырылдап қолды-аяққа тұрар емес. Иығын ашып көріп еді, тас тиген бармақ басындай жері қызара көгеріп қалыпты, сырттан кіріп келе жатқан әйелдің аяқ дыбысын естіп, қайта жаба салды. Үйге жүгіре кірген келіншек емші кемпірден әкелген  шөп-шаламның тұнбаларын баланың аузына тамызуға кірісті, бірақ, онысына көне қоятын бала көрінбеді. Тамызған емі бұлқынған баланың біресе бетіне, біресе үстіне төгіліп, аузына барса да, бала оны жұтпай, аузынан қайта шығарып тастап, шешесінің мүлде есін шығарды. Ақыры, амалы құрыған келіншек Мырқанға қарап: «Емші кемпір «бала тәуірленбесе, өзім барып, ұшықтап берейін» деп еді, ол кісі өздігінен жүре алмайды, есік алдындағы қолшананы алып, емшіні алып кел», - деп, кемпірдің қай жерде тұратынын түсіндіріп айтып, жұмсап жіберді.

        Елгезек және бір жағынан іштей «кінәлі» боп отырған Мырқан сөзге келместен, қолшананы сүйретіп, қатып жатқан өзеннің мұзын көктей өтіп, арғы жағада тұратын кемпірді алып келді. Кемпір баланы ұшықтап, сылап, ем-домын жасай бастады. Баланы шешіндірген кезде, оның иығына не болғанын сұрады, шешесі оған өзі де түсінбей, Мырқанның тас қайрақпен ұрғанын қайдан білсін, баланы соқпағанын, құлатпағанын айтып, таң-тамаша болды. Дегенмен, столда жатқан қайрақтың төсек жанына қалай кеп қалғанынан сезіктенгендей, Мырқанға бір-екі рет түйіліп қарап қойды, бірақ, ештеңе демеді, Мырқан болса оның көзіне қарамауға тырысты.

        Кемпірдің жасаған ем-домынан соң бала тынышталып, ұйықтап қалды.  Келіншек рахметін жаудырып, сый-сияпатын беріп, Мырқаннан енді оны апарып тастауын өтінді. Қуыстанып әзер отырған Мырқан сөзге келмей, кемпірді қолшанаға отырғызып сүйрей жөнелді. Өз қылығынан ұялып, ойға беріліп кеткен ол алғашқы мұздан өткен жерінен жаңылысып, мұз үстіндегі жұрт су алып, мал суарып жүрген  үлкен ойыққа баратын соқпаққа бұрылып кеткенін байқамай қалды. Суаттың жанындағы төгілген судан әбден жылтырап жатқан мұзда аяғы тайғанақтап, бойын билей алмай, бір жамбастай құлады, қолындағы жіптен айрылып қап, кемпір отырған қолшана бір жаққа кетті. Оңбай жығылып, ауырсынып қалған ол, орнынан тұрып, қараңғыда кемпірді іздей бастады. Сипалап жүріп, су алатын ойықтың шетінде, сүйрейтін жібі қатқан шоғыр мұзға ілініп қалған жартылай суда тұрған қолшананы тауып алды. Кемпір жоқ, тегі қолшана сырғып барып, шоғыр мұзға соғылғанда, құлап қалса керек. Қараңғыда сипалап, қанша іздесе де таппады, дауыстап шақырса да ешкім үн қатпады. Ақыры, кемпірдің ойықтағы суға түсіп кеткеніне көзі жеткен Мырқан енді шындап зәресі ұшты. Баланы ұрып, етін көгертіп қойғаны өз алдына, ал ем жасап, ел-жұрттың көз алдында жүрген кемпірді өлтіргені үшін ешкім басынан сипамасы анық. Не істерін білмеген ол, таңды күтпей өз еліне қашуға бел байлады. Қараңғы болса да, бұрынғы топшылауымен бағытты белгілеп, ауылдан шығып,  қарды омбылап, орманға қарай беттеді. Түнде қалың қарда жүріс өне ме, үш-төрт шақырымдай жүріп, орман жиегіне жеткенде таң ағарып қалды. Күндіз ел көзіне түсіп қалудан қауіптеніп, бой тасалай тұратын жер іздеді. Жан-жағына қарап, анадай жерде найзағай түсіп, жартылай жанып кеткен қарағайға көзі түсті. Жанына келіп қараса, жуандығы баланың құшағындай дәу қарағай екен, бас жағы, бұтақтары түгел жанып кеткен, жерден жоғары үш-төрт құлаш діңі қалыпты, оның да іші жанып кетсе керек, қуыс екен. Басқа ағаштардың бәрінің бұтағында жиналған қалың қар болғандықтан, осы ағаштың басына шығып паналауды ұйғарды. Қу ағаштың басына өрмелеп шығып, орналасқан соң, бажайлап қараса, ағаштың іші түгелдей күйіп кеткен, қап-қара қуыс, үлкен аюдың апаны сияқты екен. Түнімен тыным таппаған байғұс бала ағаштың үстінде отырып, қалғи бастады. Қанша уақыт өткенін кім білсін, бір кезде құлаққа еміс-еміс біреулердің қатты сөйлесіп, «шүу-шүулеген»  дауыстары естілді. Жалма-жан басын көтеріп қараса, орманға қарай екі ат-шана ызғытып келе жатыр. «Ізімен келе жатқан қуғын» деген ой басына сап ете түсіп, тура келсе, молақ ағаштың басынан лезде көріп қоятын болғандықтан, ағаштың қуысына төменірек түспек боп қимылдай бергенде, қара күйеден аяғы тайып кетіп, қуыстың астына бірақ түсті. Әбүйір болғанда, еш жері жараланбай, ағаш қуысының түбіндегі қарға аяғымен дік етіп тұрып қалды. Ағаштың бұтақтары түгел жанып кеткендіктен, олардың орындары ағаш діңінде ұсақ-ұсақ тесік боп қалған екен. Тесіктердің бірінен сығалап қарап тұрған еді, екі шана туп-тура осы молақ ағаштың түбіне келіп тоқтады. Мұны ешкім көріп тұрмаса да, «қолға түскен жерім осы шығар» деп жүрегі аузына тығылды. «Не болар екен» деп, дірілдеп-қалшылдап тесіктен сығалап тұрған мұнда ана екеуінің жұмысы жоқ, аттарын қаңтарып қойып, қоржындарынан  азықтары мен бірер бөтелке «самогон» шығарып,  ағаш түбіне тұлыптарын төсеп, жайғаса бастады. Екеуі жайбарақаттанып, самогоннан құйып асықпай ішіп, әңгіме соғады. Олардың әңгімесінен Мырқанның шала-пұла ұққаны, бұлар мүлде оны қуып жүрген адамдар емес, отын дайындауға келген ауыл тұрғындары сияқты, кемпірдің өлгенінен бейхабар болуы керек, өйткені, ол жайында жақ ашқан жоқ.

        Бір-екі күрешке самогонды сілтеп, ар жақтарына ел қондырып алған екеуінің әңгімесі келген жұмыстарына қарай ойысты. Ересектеу сақалдысы: «Биыл менде отын жеткілікті, мен әншейін, отынды сылтау қылып, осылай орман ішіне келіп, бір «жарты» ішіп, серуендеп қайтқанды жақсы көрем», - деді. Екіншісі тұрып: «Иә, бәріміздікі сол ғой, үйдегі қатынның бітпейтін ызыңынан аулағырақта емін-еркін демалғанға не жетсін», - деп, серігін қостап қойды. «Бірақ, енді, құр қол қайтпай, ырымын жасап, үйге бірдеңе ала бару керек қой, үйде жас ағаш жеткілікті, мен осы қу молақты кесіп алсам, тамызыққа осы да жарап жатыр», - деді үлкені. «Осы ағаш екеумізге де жетіп жатыр, екеумізге екі шана отын болады», - деп екіншісі тағы оны қостай кетті. Сөйтіп, екеуі шанадан ұзын қол араларын әкеп, ағашты кесуге ыңғайланды. Қар әжептәуір қалың болғандықтан, олар ағашты дәл түбінен емес, еңкеймей, түрегеп тұрып кесе бастады. Мырқанның зәресі зәр түбіне кетті, тек шыбын жаны шықпай тұр, араның жүзі көрінген сәтте, тиіп кетпесін деген қауіппен сәл еңкейіп тұрды. Ана екеуінің ойында дәнеңе жоқ, самбырлап сөйлеп, зырылдатып кесіп жатыр, ал Мырқан байғұстың қойны-қоншына, бет-аузына ағаштың күйесі мен ұнтағы құйылып жатыр, оның үстіне қазір қолға түсетіні санасын жегідей жеп, қорыққаннан қара терге түсті, тақ бір тозақ отына кіріп кеткендей боп тұр. Дем алу қиындап, тұншыға бастаған ол «енді не де болса көрешегімді көрермін, мыналар тезірек кесіп бітіп, мына азаптан тезірек құтқарса екен» деп, ағаш қуысынан шыққанша  асық болды. Бірақ, ағаш кесушілердің асығатын түрі көрінбейді, асықпай, әңгімелесіп тұрып кескендерімен қоймай, арасында біраз демалып, «самогоннан» алып қоятындарын қайтерсің.

         Мырқан қанша уақыт өткенінен жаңыла бастады, бұл азап ол үшін бітпестей боп көрініп, өзінің қайда тұрғанын, не үшін тұрғанын ойлаудан да қалды. Тек бір кезде ағаш сықырлап, бір жағына жантая бастағанда, ауыр ағаш үстіне құлап келе жатқан тәрізді боп, зәресі ұшып кетті. Жаман түс көріп, шошып оянған адамдай бар даусымен айқайлап жіберді. «Гүрс» етіп жерге құлаған ағаштың ішінен бір «қап-қара албасты» шыға келіп, жантүршігерлік қорқынышты дауыспен айқай салғанда, отын дайындаушы екі «батырдың» жүректері қалай жарылып кетпегені белгісіз, кім білсін, бұттарына жіберіп-ақ қойған болар. Екеуі бір сәт «албастыға» қарап, арбалғандай тұрып қалды да, келесі қас қағым сәтте келген жолдарымен бір шақырымдай жерде аяқтары жерге тимей, зытып бара жатыр еді. Зәрелері зәр түбіне кеткені сондай,  ат-шана, құрал-саймандары, сырт киімдері бар екенін ұмытып, тек шыбын жандарын ғана ойлап, бәрін тастай қашқан болатын. Қорыққаннан есеңгіреп ағаш түбірінің ортасында отырып қалған Мырқан сәлден соң есін жиып, ақырын басын көтеріп, жан-жағына қарап еді, анадай жерде байлаулы тұрған шанаға шегілген екі атты, «орманшылардың» тастап кеткен сырт киім, құрал-саймандарын, азық-түліктерін және көз ұшында ауылды бетке алып тез жылжып бара жатқан «екі ноқатты» ғана көрді.

        Аузы-мұрны ағаштың ұнтағы мен күйесіне бітеліп қалған ол қатты-қатты бір-екі түшкірген соң барып, өз қалпына келгендей болды. Ішінен қылтиып басы ғана көрініп тұрған «баспанасынан» апанынан шыққан аюдай тырмысып жүріп шықты да, еркіндікке шыққанына мастанғандай, әлі құрып, ақ қарға жата кетті. Аспанға қарап біраз жатқан соң, бір қауіптен аман қалғанын толық сезініп, енді біржола құтылу үшін өзінің тезірек қимылдап, бұл жерден қарасын жоғалтуы керек екенін түсінді. Атып тұрып, беті-қолын қармен тез-тез жуып, сырт киімдерін қағып-сілкіп көріп еді, жұққан қалың күйе оңайлықпен кете қоймады. Ол көп ойланбай, «орманшылардың» тастап кеткен киімдерінің өзіне ыңғайлысын киіп алды. Олардан қалған тамақтың да қалғанын жеп, кешеден бергі «аш құрсағын» толтырып, жан шақырып алды. Екі аттың бірінің шанасын ағытты да, оның қамыт-сайманын, қалған киім-кешек, құрал-сайман, өз киімдерін екінші шегулі шанаға тиеп алып, бос атты жетекке алып, өз еліне, ағасының ауылына баяғыда әкесімен келген кездегі жайлау жолымен тартып кетті.

        Ауылға барар тау жолын бірде тауып, бірде адасып, екі тәулікке таяу жүрген Мырқан әупірімдеп ағайындарына жетті. Екі бірдей ат, ат шанасын, тұлыптар мен кержақтардың жоғары сапалы құрал-саймандарын  «олжалап» қайтқан Мырқанды жұтап отырған ауылдастары «қан майданда жауды жеңіп қайтқан батырдай» қошеметпен қарсы алды. Ақылдаса келе, артынан қуғын келмейтінін білген соң, екі атты да сойып, етін бүкіл ауыл бөлісіп алды, басқа керек-жарақ Мырқанның ағасының үйінде қалды. Ағасының үйінде қалды деген аты болмаса, шана да, екі тұлып та, құрал-саймандар да бүкіл ауыл адамдарының қажетіне жарап, көп жыл үйден-үйге көшіп жүріп, тозып, жоғалып бітті.

         Жылдар жылжып өтіп, өзі жанұялы, балалы-шағалы болған Мырқан әлдеқалай жол түсіп, үлкен ұлымен Ақсуға келген кезде, сол бір қиын кезеңде өз басынан кешкен ертегідегідей оқиғаларды есіне түсіріп, жол-жөнекей баласына айтып, оған кержақтар туралы да біраз мағлұмат берген еді.  

        

           

 

                                                                                                              03.11.2013 ж.

         

Қазақ тілінде жазылған