Адам қарады: 118 | Жарияланды: 2018-05-23 13:55:27

"Набат" операциясы

әдеби-деректі хикаят

***

Телефонның шыр еткен ащы дауысынан шошып оянған Есенгелді әуелгіде өзіне өзі келе алмай сәл кідіріс жасағанымен, артынша санасын осып өткен әлденендей күштен есін кілт жинағандай жалма-жан тұтқаға жармаса берді.

- Иә, тыңдап тұрмын.

- Кешіріңіз, жолдас генерал...

Кезекші екен.

- Айта бер! – деді дауысына салмақ сала.

- Жолдас генерал, төтенше жағдай...

Анау бұл сөзді кібіртіктей айтты. Құдды, шырт ұйқыдан бастығын оятқанына өзін кінәлі санаған қалпы бар.

- Түсіндім, жедел жетемін.

- Машинаңыз аулада күтіп тұрады.

- Рахмет, жігіттер!

Одан әріде телефон тұтқасын орнына қоя беріп шырт ұйқы құшағында жатқан жарына қызыға жанар тоқтатты. Тоқмейіл, ештеңеден хабары жоқ тәтті ұйқы. Мына жатысының астарында қаперсіздіктің мықты қазығының қарасы қалқаяды. Бұл, әрине, ерін алынбас қамал тұтып, соның қалқасын тоқ санаған жанның қалпы.

Шынында Есенгелді сүйіктісіне қамал бола алды ма? Үнемі жұмысбастылықтан, сонсын ұшпағын ұстатпас уақыттың керуеніне ілесуден, одан қалып қоймаудың жанталасынан запы шеккен көңіл жарықтық шаңырақ шырайын ашып отыруға әркезде мұрсат тапты ма? Адалдығында шек жоқ, ал андағай заманның албарында әйелдің айдай арманын, аспандай әсіре қызығушылығын қанағаттандыруға шамасы жетті ме? Оңаша бір сәттерінде, дәл осындай сұрақтар шеңберіне қамалғанында, мына жанның өз-өзінен қолайсызданатыны бар. Оған негіз – түйсік пен түсініктің аралықты қабыстыра алмауында. Мысалға, түйсік түн баласында түртініп жүріп түндікті ашып тастауға тырысса, түсінік түнді түндей, күнді күндей қабылдап, парыз бен қарыз жауапкершілігін алдына тартады да, одан алшақ кетпеуге шақырып,  соңынан ілестіріп ала жөнеледі. Ермеске шарасы қалмайды. Өйткені бұл таңдаған жол солай, өйткені адамдықтың алғы шарты қоғамға, елге, жерге деген адалдық екенін санаға сіңірген жан осы ұстанымнан аттамауға, оны ту етіп көтеруге ғана пейілді әрі бейімді. Сол пейіл мен сол бейім Есенгелдіні тайғақтықта қалталақтатпай, таршылықта тоқыратпай бүгінге жеткізсе, ертеңге де бойын тік ұстата алып баратынына кәміл сенеді. Ал, сенім барда сергектік серіктесе ілесетіні және айғақ жағдай.

Айғақтықтың екінші қыры да бар. Оны былайша тарқатуға болады:

Алаулы тіршіліктегі жер басқандар арасында теңдік пен теңсіздіктің арасын байқатпас аңсар таусылған ба?

Таусылмаған. Таусылуы да мүмкін емес. Өйткені, ол түгесілген шамада өмір жансыз, тіршілік мәнсіз болар еді. Сонымен қатар, мына ақзер әлемде ешқандай мән-мағына қалмайтыны айқын.

Апай-топай өмір көшінде адам көңілін аулаған, қиял мен қисынды қабыстыра сырлы әлемге бастаған арман түгесілген бе?

Түгесілмеген. Түгесілмегені – ол болмаса уақыт өз жарқындығын жойып алар еді де, кіл қараңғылық басқан жалған дүние адам баласын негізгі бағытынан жаңылыстырып, айдалаға адастырып жіберетіні сөзсіз.

Міне, осының бәрін, яғни ақтық пен қаралықты тең кешіп, нені болса да қайыспай көтеріп жүретін адамзат өкілін әлсіз деп ешкім айта алмайды. Ал, сол салмақтың басымдығын иығына артқан әйелзаты тіптен қайратты десе, оған ешкім шүбә келтірмесіне кәміл сенеді. Сенетіні – тіршілік үстіндегі негізгі күш әйелдер еншісіне бұйыратынын жоққа шығарғанды осы жасқа келгенше көрген де, естіген де емес. Мұның өзі әйелзатының құрыштан да берік екенін дәлелдеп береді. Мүмкін олар ерекше екпінге майысар, дегенмен сынбайды. Сынбайтыны – әйел болмаса тірлік ырғағы тоқтап қалатынын жақсы түсінеді.

Бірақ, дәл осыны қиғаштыққа үйір кейбіреулер ұғына ала ма? Қым-қуыт өмір  барысында өзіне-өзі теріс түсінік жасап, әйел құдыретін мойындағысы келмейтіндер де кездесіп қалатыны өкінішті. Әлдекімдердің марғау қалыпта көзжұмбайлыққа басып, ұртын толтыра: «Әйел деген – жұмбақ жаратылыс, сондықтан одан қашықтау жүрген абзал», – деп жататыны сондықтан. Мына сөздің түп тұқиянында нағыз шындықтың тамыр жайғаны және белгілі. Өйткені, жұмбақтығының өзі сонда, әйелзаты қатулықты қанша сезінсе де еш уақытта ешкімге мұң шаққан емес. Шақпайтыны тағы ақиқат. Жаны әділетсіздіктердің бәріне ауырғанымен оны айналасына байқатқанын көрген ешкімнің жоқтығы әйелдердің нағыз қайсар жан иелері екенін мәшһүрлейді. Шындығында олар қайыспастардың нағыз өзі. Жұмбақтығының өзін осы тұстан іздегеннің әсте жаңылыспасы анық. Жұмбақ бола тұра шешуі табылмас, түйіні ұстатпас тылсым емес, күнделікті тірлік үстінде көзіңнен де, көңіліңнен де кетпеген анықтықтың нақ тұнбасы. Тек, бір ерекшелігі – құлыптаулы алтын қақпаға ұқсайды. Алыстан жарқырап көз тартқанымен, жақындағаныңда тас қамалдай беріктігін сақтап бағады. Балталасаң да бұза алмайсың. Кілтін тапсаң ғана ашылады.

Ал, сол алтын қақпаның кілті қайда? Ол алысқа жасырылмаған. Ол – ер-азаматтардың қолында. Ер-азаматтар ашқысы келген уақытта құлыпты қалағанынша аша алады. Ашпақ тұрмақ,  әрі қарай баса-көктей өтіп, қобырсытатынын қобырсытып, шашатынын шашып тастауға бейім. Едірең көңіл еркінсіп алған шамада ықты-жарға қаратпай барлық байлықты шайқап-шайқап тастауға жақ. Міне, осындай бассыздыққа араша тұру мүмкіндігі және әйел қолында қалғаны ғажап құбылыс. Олар тірі дүниені адуындықтан арашалап қана қоймайды, сонымен қатар, әр сәтті мәуелі баққа айналдыруға ыңғай танытып әлек.

Дәл солай бола тұра байсал тірліктің байыбын таныған қарапайымдылығы тәнті етеді. Жаратылыс заңы үстемдік алып, Хауа ана заманынан бастау алатын осынау қасиет бүгінгі күнде де өз өрісін тауып, басалқылық моншағын тізбелеуден таймауда. Бұдан өткен ізгілік, бұдан өткен қастерлілік болмас, мына әлеміжі көп әлемде.

Міне, Есенгелді өзінің Құдай қосқан қосағының бойынан осындай ізгілікті қасиеттерді көрген сайын оған деген сезіміне қаяу түсірмеуді ойлап, тіршілік үстінде ұшырасар тарпаңдықты былай ысырып, тыныштық пен түсіністік ауылын жағалауды ғана әдет ете білгенін бойына құт санауда. Осы сәттегі жанар ұшқынынан да жарға деген сүйіністі жасыру мүмкін емес еді.

Ол кетуге ыңғайланғанында:

- Тағы да жұмысқа шақырды ма? - деген бәсең дауысты құлағы шалды.

Мына кереметті қараңыз: әйелі ұйықтап жатпапты, сергектік таныта, телефон қоңырауымен қоса ояныпты, дегенмен ерінің жиналуына, оның алаңсыз алғы шаққа қам жасауына қолбайлау жасамауды ойлай іштей тыныпты. Енді ғана дыбыс салып, отағасына сәттілік тілегенінің белгісі, мына үні.

Осыны түсінген Есенгелді:

- Жұмыс жағдайы да, - деді сәл аял тауып.

- Оны сездім.

- Сезсең ештеңеге қам жемей дем ала бер. Біздікі белгілі тірлік те...

- Ертеден аян нәрсені тағы бір қайталаудың қажеті шамалы сияқты. Бала емеспін, бәрін түсінемін. Тек айтарым – абай болғайсың.

- Сақтанғанды сақтайтынын есімнен ешқашан шығарған жан емеспін.

- Онда жақсы. Жұмысыңа сәттілік тіледім.

- Рахмет!

Қашан көрсең де дайын тұратын қол сөмкесін иығына ілген Есенгелді есікке беттегенде зайыбының дауысы қайтадан естілді:

- Алаңдатпай хабар салып тұрарсың...

- Әлбетте ғой.

- Жолға қажеттінің бәрі сөмкеде.

- Қамқорлығыңа разымын.

Ылғый осылай, асығыс аттанар сәтте отағасы ештеңеге қам жасап әлектенбейді, бәрін әйелі реттестіріп қояды. Еркектікі дайынды тек иыққа іле жөнелу.

Ол есік алдына шыққанында ақпанның ызғарлы желі денесін қарыды. Сол-ақ екен бойы сергіп, санасы шайдай ашылып қоя бергендей әсерге бөленді.

Шымкенттің қысы да ерекше. Солтүстіктің сарышұнақ аязы мұнда жоқ, сөйткенмен үп етер лебінде ызғар басым. Еттен өтіп, сүйегіңді сырқыратып жіберуге ыңғайлы. Бұл, бәлкім, қарсыз жердің өз қарымын қара суыққа байлағанынан да шығар. Әйтеуір, бүрсеңге бой алдырған жұрттың  көктем қара көрсеткенше жыбырлақ тірлігі қалмайтынына жігіт ағасының өзі куә.

Бірақ бұл жағдай ұзаққа созылмайды, әп-сәтте жылт етер жылымық кіріп, дүние жаңа туған анадай бусанып сала береді. Қара жердің төсін қақырата көтерілер көк те буынын тез бекітеді. Соның артынша құба жондар көкшіл бояққа малынып шыға келеді. Көкпеңбек аспан мен көгілдір даланың біртектілікке сыйысып, әлемнің бір-бірімен астасар шамасы осы кезең.

Ондағы тіршіліктің қайта оянар сәті де ғажап-ақ. Құрт-құмырсқалар тіршілік жолын тырбыңмен жалғастырса, көл-құраққа қонып, маңайды думанға бөлер құстар базары дарбазасын ашып, әлем жанданып шыға келеді. Дәл осы даңғазадан дүниенің жаңғырығып, аспан астының сауық-сайран мекеніне айналғанын көрудің өзі бір ғанибет құбылыс.

Адамзаттың көктемді жаңару мен жаңғырығу маусымы деп атауы алаулы шаққа айқай қосар тірлікті асыға күтетінінен де шығар. Қысқы бұйығылықтың көрпесін қайыра келетін айхой дәуреннің асары таусылмасын де. Сондай күндерге тезірек жеткізсін деп тілеген абзал.

 

***

Кабинетіне кіргенінде төрт көз түгел жиналғанын аңдады. Орынбасарлары, әр саланың басшы мамандары Есенгелдіні орындарынан тұра, құрмет көрсете қарсылады.

Өзіне тиесілі жерге өтіп бара жатып Есенгелді төтенше жағдайда бас қосқандардың жанарларынан белгісіздік нышанын аңдады. Таңданыс танытпады. Өйткені, жағдайдан бейхабарлық мұның да бойын билеп алған-ды.

Осыған қарағанда өмір дегенің – белгісіздік аралына ұқсайтындай көрінді генералға. Сол аралға байланып қалған пенде атаулы тәнтілік белдеуінде таң-тамашалықтың ошағын маздатып, сол ошақ жылуына жылынумен күн кешеді ме деп топшылады. Бәлкім ұзынды-сонарлы уақыт көшінде пенде атаулының қателесетін тұстары да ұшырасатын шығар, әйткенмен тұшынысы кем тұстан тамсануды күту ағаттық екенін болжай білгеннің артықтығы жоқтығына күмәнсіздік танытқанның жолы жарқын екендігіне шүбә келтірудің өзі көрсоқырлық болар еді. Осыны санаға құя білгеннің тағы орнықты, бағы жоғарыда тұратынына шәк келтірудің өзі ағаттыққа бастама екендігіне ешкім таласпас деп түйді әріде.

Шындығында қарама-қайшылыққа толы өмір айдыны тірлік үстінде ешкімді мүсіркеген емес, алдағы уақыттарда да аяныш танытпайды. Мұнда сен өзіңе-өзің сенген шамада ғана тірнек тынысын аша аласың. Толқын үстінде тербелген қалытқыдай қалт-құлт ете жүріп діттегеніңе жетуге тәуекелге бел байлайсың. Осы тәуекел аясында қателіктерге ұрынатының және аян нәрсе. Дәл сондай шақта қайрат пен жігеріңе сенсең ғана арғы жағалауға жетуге мұрсат табатының анық. Ал, сенбесең орта жолда тұңғиыққа шым бата беретінің кәміл. Сондықтан, әр басқан қадамыңа абай болғаның жөн, мына дүбірлі жалған дүние бедерінде.

Иә, сақтық пен салдарлылық ешкімді сүріндірмеген, керісінше сартаптықтан сандырақтатпай алып шыққан. Олай болса, алда кездесер сын сағаттардың еншісіне салиқалық бұйырсын деп тілейді.

Түн ортасындағы бас қосудың тегіннен-тегін шақырылмағаны түсінікті. Оған жиналғандар да басынан іс кешкен, иықтарына сан батпан салмақ артып, соны қайыспай көтере алған нар жігіттер екендігіне шүбә келтірмек емес. Сөйткенмен, байып пен пайымды егіз өргізгеннің асығы алшысынан түсетініне ешкім уәж қоспас. Ендеше, қандай жағдайда да абайға арқа сүйеп, «екі қарап, бір шоқығанның» айыбы арзан болатынын Есенгелді ішінен тағы бір сараптап өтті.

Дәл осы ой иірімдеріне жүгінген генерал өзіне тиесілі орындыққа отырғаннан кейін жағалай жайласқандардың бет пішініне қайтадан назар аударды. Сәттің арасында олардың жүздерінен әлденеге тәнтілік пен тәтті ұйқы нышаны жоғалып, әрқайсысының қабағына қатулық табы кіріпті. Олай болса, тапсырма берсең орындауға бейім екендігі байқалады.

- Жолдастар, - деді мұны байқағанда дауысын ширатып, - Ең әуелі Кеңес Армиясының құрылу мерекесімен тағы бір мәрте құттықтап қоюға рұқсат етіңіздер. Дегенмен мерекенің аты мереке де, жұмыстың аты жұмыс. Жұрт той тойлап жатқанда біздің беймезгіл уақытта жиналуымыз бекерден-бекер емес. Мына дабыл – жаттығу дабылы емес екендігін өздеріңіз де болжаған шығарсыздар. Біздің жұмысымызда тосындық болмайтыны және айқын дүние. Ендеше, басқару пультінің тізгінін ұстаған кезекшіге сөз кезегін ұсынуға рұқсат етіңіздер. Кәне жағдайды баяндаңыз!

Қолтығына папкі қысқан капитан шеніндегі жігіт қаздия қалды.

- Өздеріңіз де білесіздер, бұрынғы Кеңестер одағына қарасты елдер тәуелсіздігін жариялағаннан кейін мемлекет аралық қылмыскерлер алмасу процесі жүргізіліп, біздің еліміз де келісім негізіне сай Ресейге кеше сегіз қылмыскер аттандырған едік. Жолай, яғни, Қызылорда аймағында осы сегіз қылмыскер, әзірге бізге белгісіз себептермен, айдауылдарды қарусыздандырып, кейіннен Қызылорда - Сарыағаш бағытына қатынайтын автобусты жолаушыларымен қоса басып алған. Қазір онда кепілдікте қарты бар, әйел, баласы бар – он үш адам отыр.

Қылмыскерлер алғашында ешқандай талап-шарт қоймаған, тек көліктерін жанар-жағармаймен қамтамасыз етуді сұраған. Сөйтіп, Шиелідегі жанар-жағармай бекетіне жеткенде жүргізушіге сенбей алты қылмыскер ақша төлеу, жолға оны-мұны тамақ алу мақсатында жерге түскен. Дәл осы кезде жағдайға алдын-ала құлақтанған ішкі істер және МАИ қызметкерлері тасадан оларға шабуыл жасаған.

Алғашқы: «Қолдарыңды көтеріңдер! Беріліңдір!» деген бұйрыққа жердегі алтаудың үшеуі бағыныштылық танытқан, қалған үшеуі атыс сала қашпаққа әрекет еткен шамада оққа ұшқан.

Осыны көздерімен көріп отырған автобустағы екі қылмыскер есік-терезелерді берік жаптырып, іштегі адамдарды өлтіреміз деген қоқан-лоққымен көлікті атыс орнынан алып кеткен.

Бұл екі қылмыскер аса ауыр қылмыс жасап сотталғандар, бір сөзбен айтқанда ең жоғарғы жаза – ату жазасына кесілгендер. Ендеше, олар қандай да болмасын әрекетке баруға дайын жандар. Сондықтан, кепілдікке алынғандар өмірін сақтау үшін Қызылордалық әріптестер ешқандай қайран жасай алмай отыр.

Осы сағатта бұл қылмыскерлер айқын талап-шарт негізінде әрекет етуде. Мақсаттары: ұшақ иемденіп, Израиль мемлекетіне ұшып баруды көздеуде.

Міне, осы талапты естіген Қызылордалық әріптестер аналарға алысқа ұшатын алып әуе кемелерін Қызылорда әуежайы қабылдай алмайтынын, оған мүмкіндігі шектеулі екенін жеткізген. Соның нәтижесінде қылмыскерлер автобусты Шымкентке қарай бұрған. Тап осы сағатта кепілдікке алынған көлік Оңтүстік Қазақстан шекарасына қарай беттеп келеді. Енді бірер сағатта біздің аймағымызға өтуге тиісті.

Капитан мәлімдемесін аяқтаған тұста жиналғандар шыдамсыздық таныта оған сұрақтарды қарша жаудырды:

- Сонымен қылмыскерлерде қанша қару бар екен?

- Айдауылдардан түскен қарулармен жасақтанғаны анық. Оның санын айқындау үстіндеміз.

- О-о, бұл енді үлкен кемшілік!..

- Қолға қайта түскен үшеуден жауап алынып па?

- Оны білмедік. Жағдай анықталған тұста қосымша хабар алармыз деген үміттеміз.

- Менің байқағаным, жанар-жағармай бекетінен автобус бос шыққан. Ендеше, бірінші кезекте олар көлікке бензин құюға әрекет жасайды. Солай емес пе?

- Мүмкін...

- Олай болса, жанар-жағармай бекеттеріне баса назар аудару керек.

- Айтқаның жөн. Дегенмен, айдауылдар қалай қамсыз қалды екен, ә?

- Е, той күні ғой. Жақсылап тойлаған да, жарықтықтар!..

- Тоқтатыңдар! - деп гүр ете қалды генерал мына соңғы сөзге кейістік таныта, - Біріншіден, дәл осы тосын жағдай орын алған шамада сен айдауылдармен бірге болған жоқсың. Екіншіден, біз пенде баласымыз. Ал, пенде баласына адасу, алжасу әркезде тән қасиет. Сондықтан, сырттай ештеңені топшылаудың, ештеңеге тон пішудің қажеті жоқ. Болған – болды, өткен – өтті. Ендігі біздің міндетіміз осы оқиға артының қантөгіссіз, ешқандай ауыр салдарсыз аяқталуын қамтамасыз ету. Түсіндің бе?

Ана қызметкер өзінің қызбалыққа салынғанын сонда ғана мойындағандай көзімен жер шұқыды.

- Тағы қандай хабарламаң бар?

Кезекші офицер мына сұрақтың өзіне бағытталғанын аңдап, папкісін қайта ашты:

- Жағдайдың шиеленісті екенін саралаған республикалық қауіпсіздік органы Шымкентке өз өкілін аттандарыпты. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, полковник Леонид Сергеевич Дагаев мінген ұшақ ендігі әуежайға қонған болар.

- Оны қарсы алушылар бар ма?

- Әлбетте. Машинамен күтіп тұр.

- Жақсы!

- Мәскеуден де өкілдер ұшып шығыпты.

- Келсін. Келгендері оң.

- Сонсын... Облыстық билікке, прокуратураға хабарланды. Олар да ендігі жиналып жатқан болар.

- Жөн.

- «Альфа» тобына дабыл қағылған. Сарбаздардың сақадай сай тұрғаны сөзсіз.

- Бәрекелді! Енді өзіміз де әрекет етер амал-шарғы барысын талқылап алайық.

Генерал сәл ойлана отырып сөзін әрі қарай сабақтады:

- Мына төтенше жағдайдың республикалық маңызы бар. Сондықтан ерекше бақылауда ұстайтыны даусыз. Осыған байланысты арнайы зардабтың алдын алу штабы құрылатынына да күмән келтірмеңіздер. Ал, біз өз тарапымыздан амал-әрекеттің барлығын жасауға тырысуымыз керек. Жақып Таутинович?

- Иә, құлағым сізде, - деп бір орынбасары елп етті.

- Сіз әуежай, вокзалды қатаң бақылауға алыңыз. Негізінен, қарапайым жолаушылар орнына өзіміздің адамдарды, сонсын орган қызметкерлерін көптеп пайдаланғаныңыз дұрыс.

- Құп болады!

- Мұны айтып отырған себебім, қылмыскерлердің еркіндікте сыбайластары болуы да мүмкін. Бола қалған күнде олардың жұрт арасына іріткі салып, жағдайды ушықтырмауларын қадағалау керек.

- Сізді түсіндім, жолдас генерал!

- Ал, сіз, жолдас Геннадий Куприянович...

- Тыңдап отырмын! - деп екінші орынбасар да елгезектік танытты.

- Сізге жүктелер міндет – қарақшылардың сұранысын қанағаттандыру мәселелерімен айналысу.

- Құп!

- Олардың қосымша қару, қаражат сұрауы мүмкін. Басқа да талаптар қоюы ықтимал. Дәл сондай жағдайда күшке жүгінбей, істі барынша бейбіт шешуге жұмылған жөн. Бәлкім, кепілдіктегі адамдарды, мысалға әйел, балаларды басқа адамдармен ауыстыруға мүмкіндіктің жолы табылар.

- Бұл жағынан алаңдамаңыз, жолдас генерал. Барлық мүмкіндіктерді қарастырамыз.

- Онда жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!

Өздеріне жүктелген жұмыс ауқымын жақсы түсінетін аппарат мүшелері сыртқа беттесті.

 

***

«Нағыз абыройсыз жұмыс, - деп ойлады кабинетінде өзімен-өзі қалғанында, - Нағыз бас кететін шаруа».

Бұлай ойлауына негіз жоқ емес. Әлемдік тәжірибеде, кепілдікке адам алу барысында, бір оқиға адам шығынынсыз өтпепті. Соның салдарынан қаншама лауазым иелері орынтағын босатып, қаншама жанның обалы еш кеткені алақандағыдай. Алып ел Америка Құрама Штаттарында да, Англия мен Жапонияда да, басқа да «біздегі барлау қызметі мен құпия агенттіктер өте жоғарғы дәрежеде, қару мен техникалық қуатымызға да күмән тудырмаңыздар»  деп күпілдеген, ауызын айға білеген мемлекеттерде де солай болған және бола беретінін өмірдің өзі дәлелдеп келеді. Ал, сөйткен алыптар мынадай сәтте амалсыздық танытса, іргесін жаңа ғана көтерген тәуелсіз елдің жағдайын сараптап көріңіз...

«Жоқ, біз өзіміздің амал-айламыздың ешкімнен кем соқпайтынын дәлелдеуіміз керек!» - деп түйді телефон тұтқасына қолын соза беріп. Содан кейін облыстық прокуратураға хабарласты. Тікелей байланыстағы басшы телефонын алмады, «келіп үлгерді ме екен?» деген күдікпен кезекшімен хабарласты.

- Иә, облыстық прокуратура кезекшісі тыңдап тұр.

- Маған прокурор керек еді... Ол қазір қайда екен?

- Ол кісі кабинетінде. Әлгінде келген. Қазір қосайын.

Хабарласушының кім екенін ежіктемегеніне қарағанда кезекші телефон соғушының жөн-жобасын танығанға ұқсайды.

Артынша тұтқадан облыс прокурорының дауысы естілді:

- Есендік тілеймін, жолдас генерал!

- Өзіңіз де аман-сау болғайсыз.

- Рахмет. Түнделетіп жұмысқа шыққан жәйіміз бар. Әйтеуір, артының қайырын бергей.

- Біз де осы тілек үстіндеміз. Иә, жағдай барысымен танысуға мүмкіндігіңіз болған шығар? Бұған не айтар едіңіз?

- Мағлұматымыз там-тұм. Әйткенмен, оңай шаруа емес екенін түсініп отырмыз. Біз белгілі заңның орындалушылығын қадағалаушылармыз ғой. Әрекетке қолымыз қысқа. Сондықтан, мынадай шамада сіздерге тілекші болғанымызды бойға құт санаймыз. Солай емес пе?

- Әлбетте. Алайда екі органның түсіністікпен әрекет етуі жетер жетістікке сеп екенін және бір еске түсіргеннің айыбы болмас.

- Ол не дегеніңіз, жолдас генерал! Біз әр уақытта жөн іске жақпыз! Ендеше, мына жағдайда да сіздер жасар амал-әрекетке қолдау білдіретініміз сөзсіз.

- Сеніміңізге рахмет!

- Айтпақшыдайын... Бас прокуратурадан өкіл келуге тиісті. Сол кісіні күтуліміз.

- Біздің де жоғарыдан қонақ күтіп отырған жағдайымыз бар. Олардың ұшаққа бірге мінулері ғажап емес. Олай болса, сіздің де біздің жаққа ат басын тірегеніңіз дұрыс шығар?

- Бұл орынды ұсыныс. Сондықтан мені жолда деп ойласаңыз қателеспейсіз. Онсыз да тағатсыздық ауылын кешу үстінде едім...

- Жақсы! Сонсын...

- Айта беріңіз, құлағым сізде.

- Қанша айтқанмен, аймақ біздің қарамағымызда, ендеше шешім түйіні де біздің жауапкершілігімізде қалуға тиісті. Басымызға салмақ түссе мен сіздің қолдауыңызға арқа сүйейтінімді жасырмақ емеспін.

- Ондай күн туып жатса мені өзіңіздей көріңіз. Ымырада ырыс мол демей ме, қазақ атамыз. Сол айтқандайын ортақ іске титтей болсын пайдамыз тисе қуанбасақ ренжімейтініміз анық.

- Енді көңіл орнында.

- Онда көріскенше!

- Күтемін.

Мына әңгімеден кейін Есенгелдінің үстінен бір салмақ түскендей болды.

Генералдың жағдайды ежіктеуінің мәні бар: жоғарыдан ат ізін салушылардың алғашқыда арыны қатты болғанымен жеме-жемде, егер іс насырға шаба бастаса, бастарын арашалауға жақ тұратынын жұмыс барысында талай көрген. Міне, сондай сәт туа қалған күнде өзіңе жақтас жан барын сезіну үлкен күш. Осы күшті облыс прокуроры тарапынан тапқанына марқайып қалды. Иә, бұл нарқы жоғары демеу еді. Оның үстіне, қару қолданар сәт туса прокурор келісімі міндетті түрде керек. Онсыз ешқандай қимыл жасай алмайсың. Ендеше, қолдау салмағы екі есеге артатыны айтпаса да түсінікті.

Енді кезекшілерге қоңырау шалды.

- Иә, ұшақ қонып па?

- Қонақтарымыз машинада. Олар бірден осында келмекші.

- Келсін. Тосып отырғанымыз солар ғой. Айтпақшыдайын, облыстық ішкі істер басқармасына хабар салған шығарсыздар.

- Әлбетте, жолдас генерал.

- Жақсы.

Тұтқаны орнына қоя беріп терең тыныс қайырды.

Алмағайыптықтың албарына енгенде адам баласының басына неше түрлі ой келеді екен. Жан шүберекке түйілгенде жастықтың албырттығы сананы шиырлағанын қараңыз...

Жоқ-жұтаң өсті. Киер киімге жарымаған заманда жамауы жоқ шалбарды армандаушы еді. Өкшесі қисаймаған керзі етіктің қарасы алыстан құлдыраңдап құт қашырғанда әппақ дүниеге қарауға ұялатын уақыт салмағын сезінген балаң көңіл сонда да ұрлық-қарлықтың өзі тұрмақ көлеңкесіне жармасуды ойына алмапты. Оттан жаңа шыққан таба нанға сары майды жағып берген анасына ризалығын жариялай тайраңын салып кете баратын. Дәл сондайда төрткүл дүниенің жарығы мұның басына түскендей масаттанатынын қайтерсің. Құдды, бар жақсылық қанатын қаға жетіп мұның үстіне үйірілгендей марқаятын.

Бұл ғана сөйтуші ме еді? Жоқ, барлық ауыл балалары бақ пен сордың қатар жүретінін аңдамастан армандарын айға аттандырып, айхой тіршіліктің даңғазасын дабырлатуға жақ тұратын. Ересейген кездерінде бұдан кем болды ма? Жоқ, керісінше, сүт ғұмырдың қаймағын қалқып жеуге қол жеткізді. Бірі анда, екіншісі мұнда тірлігін жалғастырып, бүгінде атпал азаматтар қатарына жеткеніне ел куә.

Әлі есінде, ол шақты ұмыту мүмкін емес, анасы қолына ұстатқан он сом ақшаның он күнге жетпейтінін ойламастан тайраңдай сапарға шығып кеткен. Ондағы ойы – нәсібін жолдан теру, қалаға жетіп, содан жұмыс тауып, нәпақасын айыру.

Бірақ, ой айдыны тұнық та, өмір айдыны лайсаң келеді ғой. Бұдан әріде қиындықты көріп бақты. Танымайтын жер, білмейтін орта тарпаң мінез көрсетіп, жасөспірімді жақсы қабылдай қоймады, жатсырай қарсылады. Анда бір, мында екі барғанымен екі қолға бір күрек табылмай біраз әуреледі. Басқасы басқа, жатар орынға тапшылық жанын жұлмалап, жалынына су септі. Бұдан сөнді ме? Сөнбеді. Керісінше, отқа май құйғандай өрши жанды. Ақыры дегеніне жетті.

Жадында, қонар орны болмай, саябақ ішіндегі орындықтарда ұйқы қандырғанында қол дорбасындағы кітапты басына жастанатын. Таң қылаңдана бетін ашып, сол кітапты парақтай бастағанда денесі сергіп, бойы жеңілдеп қалатын. Онда баяндалатын оқиғалардан тұщыныс тауып, ертеңге деген сенімін нығайтатын. Ақыры дегеніне жетті. Бүгінгі шыққан биігі оған дәлел.

Кітап Есенгелдінің өмір бойғы серігі. Әскер қатарында жүргенінде де қолынан тастамады, нәтижесінде жоғарғы оқу орнына түсті. Қазақстанда емес, Душанбе қаласында білім алды. Сонда алғашқы жұмыс қадамын бастады. Талапты да бірбеткей жасқа көңіл аударған қамқор жандардың арқасында әуелі қаз-қаз тұрды, сонсын тәй-тәйлай жүрді, ақырында құлдыраң шабысқа бой үйретті. Кейіннен, кезіндегі Кеңестер одағының біраз аймағына ат шалдырды. Тіпті Мәскеудегі орталық аппарат құрамында қызмет атқарды. Әрине, мұның бәрі «жәке» мен «көкелерінің» қолдауынан емес, тұлдыр жалғызды кім көзге ілгендей, өз қабылет-қарымының өміршеңдігінен.

Сараптап көріңіздер – сынып түсер болса жатар орын табылмай, бір үзім нанға тапшылық кезінде қақ айырылар еді ғой. Бірақ, адами болмыс адамдық бет-бейнесін сақтап қалды. Оған да тәубә!

Бүгінгі таңда, бүгінгі таңда ғана ма, барлық тіршілік үстінде қылмыс түбін жоқшылық пен таршылыққа негіздейтін себеп-салдарлар бар. Өте қате пікір. Бәрі адам баласының өз құзырындағы жағдайдан. Ол табандылық танытса табандағы түгілі таудағыны табындырар еді. Бірақ, ауырдың үсті, жеңілдің астына үйірлік санаға тұмылдырық түсіріп, шынайылықтан гөрі сандырақты самсатып қоя берген. Міне, бар шындықты осы тұстан іздеген абзал. Ендеше, қылмысқа қыли көздің қатысы жоқ, қисындықтың ұстараның жүзіндей өткір қыры да тайғанақтыққа сеп – бәрі сана тоқырауынан. Өйткені, санасызға кеңнің өзі кем, бардың өзі жоққа тән. Содан бар болмысты ашқарақтық пен ашкөздік тұмшалап, қанағатсыздықтың қақпақылы адамды қылмыс апанына итере салады. Әріде қылмыскер одан шыға алмайды. Шықпақ тұрмақ тереңге батқан үстіне бата беруге ыңғай танытатыны жұмбақ құбылыс. Дәл осы жолда ұят, ар дегенді былай ысырып қойып, қаныпезерліктің жалына жармасатыны қылмыс әлемінің қатыгездікке ғана құрылғанынан. Ал, қатыгезден қайырым күтудің өзі ақымақтық.

Осы орайда тағы бір ойдың өзек тартатыны жасырын емес – соңғы уақыт кезеңдерінде мемлекет жастар саясатына сызат түсіріп алған сияқты. Жаһандану дүрмегін кешіп келе жатқан замана ыңғайын елеусіздеу қалдырғаны соның айғағы. Басқаша жағдайда дүбірлі дүниенің дүмпуіне құлақ асып, тек құлақ асып қана қоймай, оның жаңғырығына үн қосу арқылы жас өскіндерге бағыт-бағдар сілтеп отыруға тиісті болатын. Алайда, бұл мәселе тасаға жасырынып, көш бастауына жалтырақтық пайда болғаннан бері қоғам қалтырақтық күй кеше бастады. Жалтырақтық емей немене, жаңбырдан кейінгі бой көтерген саңырауқұлақтай қаптап кеткен оқу орындарында оқығандар қатарын мақтан етуді әдет етіп алды. Ондағы сапа таразысын екінші қатарға ығыстырып, бірінші қатарға мақтан мен пайда талғамын шығарғаннан бері аты дипломды, заты әрі-сәрі мамандар қаптап кетті. Олар кімнің балалары? Қалталылар мен қарымдылардың еркетотайлары. Жерде қалмайтынын әлгілер жақсы біледі. Өсу баспалдақтарымен тез көтеріліп, күні ертең-ақ айналасына ықпалды азамат атанып шыға келеді. Білгені де, білмегені де сөйтеді. Сонсын қиынға басын ауыртып қайтеді, желдей есер жағдайды малданғандар өріп жүр.

Дәл осы көріністің екінші қыры да баршылық: мынадай теңсіздікті басқалар көрмейді емес көреді, сезбейді емес сезеді. Көрген, сезген сайын олардың сеніміне қаяу түсіп, болашақ тұлдырлығына мойынсұнуға мәжбүр және немқұрайдылық белдеуін жағалауға өзінше қарсылық танытуға тырысып қылмыс әлеміне кірігуге ықтиярлы. Ол осы жолмен қоғамдық әділетсіздік қыспағына қарсылық таныттым деп ойлайды. Бірақ, қателесетінін түсінбейді. Темір тордың арғы жағында жүргендер қатарына сараптама жүргізер әлдеқандай ұйымдар табылса бұған көз жеткізу әлдеқайда жеңілдеу.

Сөйткенмен, қылмыс жасаушыларды ақтау мүмкін емес. Әркімнің өз басы, өзінің өмір сүру қағидасын қабылдау шарттары баршылық. Міне, осынау шарттарға ықпал болмайынша және ол мемлекет тарапынан тегеурінді түрде жүргізілмейінше түртініс жалғаса береді, түрмелер де босамақ емес...

Мемлекеттің басты байлығы – адам екенін тани білмейінше әділет тамырын жаймайды. Ендеше, сол байлықты сақтай білу бағытында билік тізгінін ұстап жүргендер үлкен шаруа тындыруға тиісті. Ең бастысы, адами құндылықты әспеттеуге жұмылған ләзім. Ол үшін теңгермешілік емес, тең дәреже мансұғын алға тартса құба-құп. Міне, сонда қоғам былық пен шылықтан арылып, азаматтардың елге, Отанға деген сүйіспеншілігі қалыптасатыны айдан анық. Басқаша жағдайда «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалатын түсінікті балталасаң да бұза алмайтының аян.

Әй... қайсы бірін айтқандайсың, қай қасаңдықты қылыш жүзіне салғандайсың, мына бөлме ішінде отырып. Мұның бәрі бос сандырақ қана болып қалмақшы, іште жатып қозданғанымен. «Сананы – тұрмыс билейді», деп данышпан Маркс әлдеқашан айтып кеткен. Міне, осы сөздің шындығына көз жеткізумен келе жатқан қоғам алда да өз ырғағынан жаңылмайтыны ақиқат.

Иә, қаны сорғалаған шындықтың бетіне тура қарауға адамзат баласы қашанда қауқарсыз болып қала бермекші.

Есенгелді күрсінді.

 

***

Әр тараптан жиналғандар бас қосқанда кабинетте ауыр тыныштық орнады. Аңыс баққандар алғашқы болып сөз алудан қаймыққандай бірін-бірі көзбен ғана ішіп-жеп, біршама уақыт іштен булығысты.

Есенгелді де жанарымен отырғандарды шолып шықты. Бас прокуратура өкілі жуандау денесін қозғалақтата, тершіген маңдайын қол орамалымен жиі сүрте тымырайып отыр. Ұлттық қауіпсіздік комитеті бастығының орынбасары да салмағын бұлдай қаздия қалған. «Альфа» тобының жетекшісі өз орнын білгендей басқалардың ауанын бағады. Ал, облыстан жиналғандардың жоғарыдан келгендерге жалтақтайтыны байқалады. Олардың әуелгі пікірді аналардан күткендей ішін жиғаны сөзсіз.

Осы қалыпта отыра берсе таңды атырарларын байқап Есенгелді тамағын кенеді:

- Жағдайды баяндап жатуға уақыт тапшы. Негізгі мәселені бәріңіз біледі деп ойлаймын. Сондықтан тікелей іс барысына көшейік. Біріншіден, кепілдікке алынған автобус Оңтүстік Қазақстан шекарасына жақындап қалды. Қызылордалық әріптестерімізбен жедел байланыс орнатқанбыз. Әр он минут сайын олар сапар барысын баяндау үстінде. Әзірше бәрі қалыпты өтуде. Тосын оқиғалар  болмаған. Автобусты МАИ мен ішкі істер өкілдері байқауда ұстап келеді. Екіншіден, біз де өз тарапымыздан амал-әрекеттерді бастап кеттік. Қылмыскерлердің түпкі ойын білген соң әуежай мен вокзалға қатаң бақылау орнаттық. Оған менің бір орынбасарым басшылық жасауда. Ал, екінші орынбасарым шекара маңына ендігі жеткен шығар. Оның міндетіне қылмыскерлер талабын қанағаттандыру жатады. Керек-жарақпен толық қамтамасыз етілген.

Негізінен бұл операция барысын «Набат» деп атауды ұйғардық. Набат – ел басына түскен ауыртпалықты білдіретін ұғым, яғни, қазақ түсінігіне сүйенсек нәубет мағынасын алға тартады.  Қазір сондай ауыртпалық жағдайды бастан кешіп отырғанымыз анық. Сондықтан қарсылық білдірмейтін шығарсыздар?

Республика Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі Леонид Сергеевич ыңыранып қойды, ал бас прокуратурадан келген жан шыдамсыздық таныта:

- Мәселе атында емес затында ғой. Сондықтан, атта тұрған ештеңе жоқ. Істің ақырын сәтті аяқтасақ сол олжа, - деп қалды.

- Жоқ, сіз қателесесіз, - деп оның сөзін Есенгелді бөлді, - Қандай жағдайда да әр нәрсенің өзінің тиісті орнында тұрғаны шарт. Олай болса, мағынасыздық пен мағыналылық ешқашанда бір қалыпқа сыйыспаған. Ендеше аяқты – қол, қолды – аяқ деуден аулақ қашайық.

Мынаны естігенде Дагаев басын прокуратура өкіліне қарай бұра беріп мырс етті:

- Есенгелді Әбілмазинұлы тек қана қауіпсіздік саласының генералы емес, сонымен қатар, Ресей Жазушылар одағының мүшесі болып табылады. Сондықтан сөз таластырмағанымыз абзал.

«Солай ма еді?» - дегендей прокуратура өкілі генерал жаққа жапақ-жапақ қарап қойды.

Осымен араға сәл кіріккен талас доғарылды да, жұмыс барысы әрі қарай жалғасын тапты.

- Сонымен... біз ең әуелі осы операцияға кім жетекшілік жасамақшы, соны шешіп алайық, - деп Есенгелді өз ойын сабақтай түсті.

Мынаны естігенде Дагаев араға килікті:

- Бұл жөнінде ешқандай талас тумауға тиісті: жер, ел жағдайын жақсы білетін жергілікті адам басшылық жасаса сәттілікке негіз. Олай болса, бар тетікті өзіңіздің қолға алғаныңыз дұрыс болады, жолдас генерал.

- Бұл пікірмен бәріңіз келісесіздер ме?

Кабинеттегілер бастарын изесті:

- Әрине.

- Қанша айтқанмен өз адамына жергілікті тұрғындар да жақтас қой.

- Генерал да балғын жас емес, көпті көрген тәжірибелі жан. Ендеше қолдайтынымызды білдіреміз.

Бар тізгін қолына тигенде Есенгелді нақтылыққа жүгінуге бел байлап «Альфа» тобының басшысына қарады:

- Сіз қалай ойлайсыз, операцияны елді мекеннен тыс жерде өткізуге болар ма еді?

Топ басшысы орнынан көтерілді.

- Әрине болады. Тек оған қылмыскерлер мүмкіндік берсе. Олар да ақымақ емес, сондықтан сақтық шараларын жасап бағатыны айқын.

- Жөн. «Аңдамаған ауырмай өледі» деген сөз бар халық арасында. Біз мүмкіндігінше адам шығынын болдырмауға тырысайық.

 - Егер, менің сөзіме құлақ ассаңыздар, мынаны айтар едім: жұрттан тысқары тұсты қаперден шығармаймыз ғой, сөйткенмен әуежайдың нақ өзінде бәрін жүзеге асырғанымыз абзал сияқты, - Топ басшысы ойын жүйеледі, - Бұл біріншіден, қылмыскерлердің сақтығын азайтады, адамдар арасында оқ ату мен әрекет шамасы болмайтынына олар сенеді. Екіншіден, біздің жасаққа қалқа, қалтарыс қарасы молынан жетеді. Мергендерді де орналастыру мүмкіндігі артады. Осы орайда, автобус ішіндегі адамдардың орналасу орындарын анықтау керек. Әсіресе, қылмыскерлердің қозғалыс аясын білсек орынды. Оның біреуі міндетті түрде жүргізушінің қасында болуға тиісті. Өйткені, жүргізушінің әр әрекетін бағып тұруға мүдделі. Ал, екіншісінің қайда жасырынғанын білсек, шіркін...

- Бұл мүмкін бе?

- Қылмыскерлерде қазір байланыс құралы жоқ. Сондықтан, менің ойымша, олар қайтсе де жанды байланыс орнатуға тырысады. Мұқтаждарын басқаша жолмен жеткізе алмайды ғой. Осыны пайдаланғанымыз абзал.

- Жақсы. Қаперде ұстаймыз.

- Сонсын, мына жағдайда біз екі топқа бөлінуге мәжбүрміз: біріншісі үнемі автобус айналасында жүреді де, екіншісі әуежай маңына орналасады. Жылжымалы топқа орынбасарым басшылық жасаса, өзім әуежайда боламын.

«Сөз осымен тәмәм», - дегендей топ басшысы орнына отыра берді.

- Түсінікті, - деді Есенгелді «Альфа» тарапынан болатын әрекет мұғдарын айқындаған соң. Содан кейін Дагаев жаққа мойын бұрды, - Ал, сіздің қосып-аларыңыз бар ма?

- Мен алдын-ала тон пішкенге қарсы адаммын, - деді мынаны естігенде Ұлттық қауіпсіздік комитеті бастығының орынбасары, - Барлық әрекетті жағдай барысына сүйене отырып өрістетерміз. Ал, әзірге сәл ой жинақтап алсақ. Аяқ суытуға да кет әрілігіміз жоқ. Бұған қалай қарайсыздар?

Есенгелді қарсылық танытты:

- Ойды жол-жөнекей де жинақтауға болады. Уақыт тапшы. Мүмкіндігінше шекара маңына тезірек жетуіміз керек. Сіз дұрыс айтасыз, қалған жағдайды нақтылыққа сүйене отырып жасай жатармыз. Қазір көлікке мінейік.

Амалсыздық танытқанымен жиналғандар сыртқа беттесті. Осыны пайдаланған Есенгелді «Альфа» тобының басшысымен оңашалана тіл қайырысып үлгерді.

- Сонымен сіз әуежай маңында қаласыз ғой, солай ма?

- Әлбетте, жолдас генерал. Барлық жағдайды бақылауда ұстап, әрекет жобасын нақтылағаным жөн. Қапа болмаңыз, менің орынбасарым да өте білікті жан. Оған сене беруіңізге әбден болады.

- Мен сенбей отырған жоқпын, сіздің өз ойлағаныңыздың барлығына күмәнім жоқ, оны маған нүктесіне шейін аша алмайтыныңызды да ескеремін. Сөйткенмен, абай болғаныңызды қалар едім. Бұл шығын болмасын деген сөз емес, сол шығынның неғұрлым аз болғанын тілегендіктен айтқан сөзім, көңіліңізге алмағайсыз.

- Шығынның болу-болмауы әрекет-амалдың нәтижесіне байланысты. Оның мүлдем ұшыраспауы да мүмкін. Біз соған ұмтыламыз. Алайда...

- Иә, күдігіңізді жасырмағайсыз...

- Мұнда жасыратын ештеңе жоқ. Біз қандай да тосындыққа даяр болуымыз керек. Сол тосындықты қылмыскерлер емес, тағы біз жасауға амалдаймыз. Тек, нәтижесін берсін деп тілейік.

- Ләйім, сәттілікке жазғай!

- Иә, сәттілік бәрімізге жолдас болсын!

Олар қол алысты.

Бұл кезде қыстың ұзақ түні өз шектеуіне жетіп қалған еді. Сөйткенмен, айналаны әлі қараңғылық тұмшасы басып тұрған. Міне, осы қараңғылықты жарығымен тілгілеген қос машина солтүстікке бет түзей асығып бара жатты. Ақпанның қырбық қары дөңгелек астында сықыр-сықыр еткенімен оны естір құлақтың табылмағаны аян. Қала әлі шырт ұйқы құшағынан арылмаған-ды...

 

***

Жол ауанымен қырға көтеріліп, арғы жақтан шағын ауыл қарасы көрінгенде қос машина тежегіштерін іске қосты. Бұл арадан айнала алақандағыдай көрінеді екен.

Таң атқан мезгіл. Тіршілік өз базарын жая бастаған шама. Адамдардың аулаға шығып, мал қамын күйттей бастағандары байқалады. Бірен-саран ірі қара ауыл сыртына жетіп үлгеріпті. Бірінің артына екіншісі түсіп, созалаңдай жайылымға беттеп бара жатқандары көзге анық шалынады.

Ауыл – кәдімгі қазақы ауыл. Шымнан тұрғызылған көп баспаналардың шатыры да жоқ. Ал, барларының еңсесі жоғарылау. Аршыған жұмыртқадай ақшаңқанданып алыстан мен мұндалайды.

Ауыл болған соң ба, үйден гөрі қора-қопсысы атшаптырым. Созалаңдап жатқан арандары біріне-бірі жалғасып, бүкіл аумақты қоршап тастағандай әсер береді.

- Осы арада аздап тыныстап алайық, ендігі аналар да жетіп қалатын шығар,- деді Есенгелді жерге түсе беріп. Қалғандары да табандарын тастаққа бастырып, керіліп-созылып әуре.

- Тәуелсіздік деген тым тәтті-ау! Жеке ел атанған соң Есенгелді Әбілмазинұлы өзі кезінде қоян-қолтық жұмыс жасаған әріптестерін елемеуге айналыпты. Әйтпесе, Мәскеуден келетін өкілдерді күтетін еді ғой. Жоқ, алды-артына қарамай тартып отырды, - деп осы мезгілде Дагаев ортаға әзіл тастады.

Оны басқалары іліп әкетті.

- Жөн айтасыз, Леонид Сергеевич, тәуелсіздіктің тым тәтті екенін енді ғана сезіндік. Сол сезім басты айналдырып тастаса оған айып жүрмес. Солай емес пе?

- Әлбетте, солай. Басқаша жағдайда Есенгелді Әбілмазинұлы мәскеуліктерді күткендіктен табандап жатып алар еді.

- Онда біз де тар жерді айналсоқтап, мына кеңдікті жуыр маңда көрмейтін де едік. Шіркін, далаға, жалпы кеңістікке не жетсін!

- Ту-у, кеудем ашылып сала берді ғой! Қанша айтқанмен қала дегенің қапастықты елестетеді. Онда өзіңді аквариумдағы балықтай сезінесің. Үй, жұмыс, қала берді көше айналасы – аквариумнан несі кем?

- Жөн. Ата тегіміз дархандықты даладан алса, біз сол тамырды үзіп тастаған сияқтымыз ба қалай өзі...

- Үзсек үзген де шығармыз. Әйткенмен, заманына қарай көсілгенсін заманауи тірліктен аса алмайтынымыз және анық.

- Бұл пікіріңізге толығымен қосыламын. Өткендегілердің кеңдік пен дархандықты қатар ұстауына табиғат өзі ықпал жасағанға ұқсайды. Біздің табиғаттан алшақтап кеткен буынға айналғанымыз өкінішті.

- Ештеңе етпейді, айналып келіп үйірімізді табатынымыз сөзсіз. Өйткені, тәуелсіздік бізге өз заңдылықтарын таңатыны жасырын емес.

- Тек, сол шақта интернационалдық борышымызды ұмытып кетпесек болғаны.

- Ұлтшылдық ауыруына ұрынбасақ демексіз ғой?

- Әрине, дүниедегі ең қатерлі ісік – ұлтшылдық кеселі екенінде дау жоқ.

Мынаны ести тұра Есенгелді шыдамады, өз пікірін араға қыстырды:

- Ұлтпен мақтану – ұлтшылдық емес, ұлтыңды шексіз сүю деген ұғымнан туады, - деді күлімсірей, - Ал, сен өз ұлтыңды шексіз сүймейінше басқа ұлтқа деген құрметіңді қалыптастыра алмайсың. Олай болса, жалғандық пен шынайылықтың арасын айыра білгеніміз дұрыс деп ойлаймын. Ал, әлгінде сөз болған мәскеуліктер жөнінде алаңдамауларыңызға болады. Оларды жөн-жобасымен біздің адамдар күтіп алуға дайын.

Сонсын ойын өлеңмен жалғап әкетті:

«Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген,

Жөргегімде таныстым мұң тілімен.

Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

 

Мен – қазақпын, ажалсыз анамын мен,

Құрсағыма сыйдырам даланы мен.

Пәк сәбимін бесікте уілдеген,

Дәуірлермен құрдаспын, данамын мен.

 

Мен – жігітпін айқасқа, сынға асықпын,

Жүрегі бар кеудемде шын ғашықтың.

Жанар таудай жойқынмын жұлқынғанда,

Шарықтасам, қыран боп шыңға шықтым.

 

Мен – қара көз сұлумын, сайтан қызбын,

Сайрай қалсам, тілімнен бал тамғыздым.

Сүйер болсам, өмірдей өле сүйдім,

Қас батырмен қайрасқам балтам жүзін.

 

Осындай боп, білмеймін, кімнен тудым,

Бәлки қайсақ, бәлки бір түннен тудым.

Деп шаттантты біреулер «күннен тудым»,

Жоқ, сірә мен, қара күн күңнен тудым.

 

Руым көп солардың аттарындай,

Мінезім бар таулардың қатпарындай.

Ән-жырым бар бабалар хаттарындай,

Әжімім бар бейнеттің таптарындай...»

Ол сайын дала төсінде шабыс салған сәйгүліктей біраз андыздап алды да, уақыт тапшылығын мойындағандай сәл тыныс қайыруға аял жасағанында маңайындағылар гу-гу етісті:

- Бәрекелді!

- Сөз-ақ қой!

- Бір ұлттың ғасырлар шеңберінде өткен өмірін бір өлең шеңберіне сыйдырған ақын да ақын-ақ!

Жағалай тұрғандар дабырлай қошемет көрсетіп жатқанда өзімен-өзі тұрған Леонид Сергеевич:

- Бұл Жұбан Молдағалиев емес пе? - деді өзінің әдебиеттен хабары бар екенін таныта, басын сәл қисайта Есенгелдіге қарап.

- Әрине, сол ақын.

- Ұлыларын ұлықтай білген елдің болашағы зор. Біз, қазақстандықтар, осыны ұмытпауымыз керек.

- Иә, барын барынша көрсете алған ел ешқашанда кемдік албарына түспеген, керісінше биіктік басында жүрген.

- Бұл пікірге қосылмасқа шарамыз кәне!

Осы кезде машинадағы жылжымалы байланыс құралы дыбыс салды да әңгіме кілт үзіліп, тұрғандар елеңдесе байланысшының хабарына құлақ түрді.

- «Лашын» тыңдап тұр.

- Мен «Бүркітпін». Қалай естіледі?

- Жақсы. Қайдасыңдар?

- Біз межелі жерге жақындап қалдық. Ауыл қарасын көріп келеміз. Әзірге тосын ешқандай уақиға өткен жоқ. Жанармай құю бекетіне беттеудеміз.

- Онда біздің адамдар күтулі.

- Жөн. Сол жерде, бәлкім, көліктегілер әлдеқандай ұсыныс түсіруі мүмкін. Сыңайлары солай.

- Мен сені түсіндім. Алаңдамаңдар. Бәрі қалыптағыдай болады.

- Кепілдегілер әзірше тыныш. Соған қарағанда қылмыскерлер ереже сақтау тәртібін қатаң ұстанғанға ұқсайды.

- Ең жақсы хабарың осы болды, біз үшін.

- Онда кездескенше.

- Кездескенше.

Тұрғандар түйілісе қалысты. Олар нағыз сын сағатының жақындағанын сезінген еді.

 

***

Бекет басында тыныштық. Ешқандай қарбалас, тосындықты байқататын қимыл-қозғалыс байқалмайды. Соған қарағанда орган қызметкерлері өз істерін өте жақсы атқарғанға ұқсайды.

Көп ұзамай алды-артын МАИ машиналары қаумалаған кепілдікке алынған автобус қарасы көзге шалынды. Бір ырғақпен жүріп келеді. Мына көрініске қараған сырт көздің ештеңеден күдік алмасы айқын. Өйткені, жол қозғалысын қадағалаушылар балалар мінген автобустарды да үнемі дәл осылай демеп жүретінін жұрт білетін. Тек бір айырмасы – бұл жолы МАИ қызметкерлерінің орнын қауіпсіздік қызметінің қарамағында жұмыс жасайтын сарбаздар басқан-ды.

Бекет ауылдың шыға берісінде, ұзын жолдың бойында орналасқан. Үйлер қарасынан сәл де болса тысқарылау. Мұның өзі әлдеқандай тосын оқиға туындап жатса жалпы көпшілікке салдарын тигізбейтініне иландырады. Тағы бір қолайлылығы – жатаған төбенің етегін баса бой көтерген, яғни қалтарыс-қалқаға мүмкіндік қалдырған. Биіктен мергендерге қарауылды дөп басуға ыңғайлы. Мергендерге ғана ма, шабуылдаушыларға да үмітке үзеңгі қағуға салдар табылатынына талас жоқ. Тек, соған ешқандай тосындықсыз жеткізсін деп тілеген абзал. Басты назардағы нәрсе, кепілдегі адамдардың бас амандығын қамтамасыз ете отырып жеңіске жету тілегін бұйыртса, үлкен олжа сол.

Есенгелді біледі, жан-тәнімен сезініп тұр, «Альфа» тобының сарбаздары өз қамдарын жасап алған. Қиядағыны қалт жібермес сергектікпен қазір бұйрық күтуде. «Баста» десең әй-шайға қаратпай автобус түгілі аспандағыны қағып түсіруге әзір. Бірақ, ондай бұйрықтың ауылы әзірге тым алыста екенінде талас жоқ. Бәрін оқиға барысы анықтай жатады.

Сөйткенше подполковник шеніндегі жігіт жақындады. Оның топ жетекшісі тапсырған орынбасары екенін генерал бірден түсінді. Түсінді де көз қиығын тастай беріп ананың тосын жанар айғақтай алмас ымынан дайындықтың өз мәнінде жүргізілгеніне шексіз иланды.

Подполковниктің жақ тұсына шағын байланыс құралы ілініпті. Онысы жұмыс үстінде болғанымен әзірге тіл-ауызсыз. «Ә» десең дауысыңды қағып алар есті құралдың есірік дүниені есеңгіретер күшке ие екені айтпаса да түсінікті.

Осы кезде автобус келіп межелі тұсқа тоқтады. Алайда одан жуыр маңда тысыр еткен дыбыс шалынбады.

- Мыналардың сабырымызға ши жүгіртуін қара... – деп қалды осы кезде әлдекім сыбырлай. Өзгелер оған сөз қоспады. Жанарларымен алдын бағып тұра берді.

Сүт пісірімдей уақытта ғана көлік есігі ашылып, одан он төрт жастардағы жасөспірім түсті. Қимылы салғырт. Әлдекім күштегендей аяғын әпіл-тәпіл басады.

Ол жүз қадамдай жерде тұрған бұларға беттеді. Елшілікке келе жатқанын айтпаса да аңғаруға болады.

- Мыналардан ес кеткен екен. Басқаша жағдайда араға баланы салмас еді... – деді топ арасынан тағы бірі сабырсыздана.

- Е, естері болса әуел баста қылмыс жасамас еді ғой. Ендеше, әңгүдікке әңкі-тәңкілік қана сыйымды.

Екінші біреу алғашқыны қолдай сөйлегенде үшіншісі қарсы шықты.

- Кешіріңіздер, маған салсаңыздар бәрі керісінше, қылмыскерлер бәрін болжай істеп отыр. Баланы бетперде есебінде ұстауда. Ол қашып кетсе де есептері түгел. Өйткені, қайдағы бір бала ғана. Соны сылтау етіп басқаларына кесір тигізуі мүмкін...

Бала жақындай түсті. Түсі оңған шүберектей. Сұп-сұр. Қорқыныштан аяғын нық баса алмайды. Шатқаяқтап кетеді.

Мына көрініске шыдай алмаған облыс прокуроры алға оза беріп жасөспірімді сүйеді.

- Айналайын-ай, не істеген ана мақұлықтар!? Есіңді жыйшы кәні...

Ол демей бергенде бала бұлқынып қалды. Қайсарлығын танытқаны. Көмекке зәру еместігін білдіргені.

- Қайсыңыз бастықсыз? – деп сұрады содан әріде үні шашыраңқы шығып әрі әлденеден сескенгендей, - Маған бастық керек.

Ауыл баласы екені бірден аңғарылады. Олар үшін шендінің бәрі тек бастық қана.

- Мен тыңдап тұрмын, - деді Есенгелді осы сәт жүзін жылыта.

Сида, етіне бөлек-салақ ет қоспаған мына тұлғаға жасөспірім сенбегендей ошарыла қарады. Жанары жасаурап қоя берді. Сонсын, басқа амалдың жоқтығын пайымдағандай бастырмалата жөнелді:

- Аналар айтты: бәк толы бензин құйсын деді...

- Құйылады.

- Тамақ, сусын керек. Молынан.

- Ол да болады.

- Бензинді жүргізушінің өзі құяды. Басқа ешкім ол жаққа жақындамауға тиісті. Тамақты автобустан отыз-қырық метр жерге ғана жеткізесіздер. Әрі қарай мен тасимын.

- Орындалады.

- Тағы да...

Бала әлденені есіне түсіре алмай сәл бөгелді.

- Иә, қысылма, айта бер?

- Ә, айтпақшыдайын... Самолетті сұраған...

- Ұшақты Алматыдан шақыртқанбыз. Әлгінде хабарын алдық. Аман-есен қоныпты. Әуежайда дайын тұр. Соны жеткізгейсің.

Мына тұрған адамдар тарапынан жылылықты сезінген сайын бала ширай түскендей. Ол енді есті адамдай сөз қайырысуға шама жеткізді.

- Сонсын... Самолетке олар кепілдіктегі адамдармен бірге кіреміз деген. Қауіпсіздіктеріне көз жеткізген соң ғана бізді босатпақшы. Мұны айтуды ұмытып бара жатыр екенмін ғой.

Тұрғандар біріне-бірі қарасты. Бұл, түсіне білгенге, ықтиярдан тысқарылау қолқа болатын. Бірақ, амал нешік, оған да көнуге тура келеді.

- Қабылдаймыз, - деді Есенгелді.

- Тағы... ақша туралы айтты. Бес миллион доллар берсін деді.

- Қазір оны ала қоятын жеріміз жоқ қой, мына медиен далада. Шымкентте банкіден босаттырамыз. Содан кейін ұшаққа саламыз. Бәрібір кепілдіктегілерді ұшаққа мінген соң босатамыз деп отыр ғой. Ендеше адамдардың кепілі сол ақша болады. Осыған келіссін.

Мынаны естіп тұрған Леонид Сергеевич Есенгелдіге соңғы түйінмен келіспейтінін жеткізді:

- Есенгелді Әбілмазинұлы, - деді ол сәл қабақ кере, - Аналардың жағдайында біздің бос сөзіміз ындынға жұқ болмайтыны айқын. Оларға қазір өздерін «жылытып» отыратын леп керек. Ал, ол леп – көкала қағаз айналасына ұйлыққан. Ақшаның буы дәл қазіргідей жағдайда көңіл алдандыратыны даусыз. Сондықтан осы төңіректе сәл ой қорытып алсақ бұған қалай қарар едіңіз?

- М-м, да-а-а... – Генерал сәл ойланып қалды. Шынында қылмыскерлер бос уәдеге иланбай қалса қайтпек? Лаң шықса оны тоқтатар мүмкіндік табыла ма? Ең жақсысы, жағдай ушықпай тұрғанда басқа амалды қарастырғандары жөн. Сөйтті де арт жағында тұрған, осы арада қайта кездескен орынбасарына мойын бұрды.

- Геннадий Куприянович, бұл жағынан қамыңыз қалай?

- Қамданғанбыз. Мұндай жағдайда міндетті түрде ақша сұранысы болатынын болжап, мемлекеттік жүйемен келісе отыра, банктен біраз қаражат босаттырғанбыз. Сондықтан талаптарын толығымен орындауға мұрсатымыз бар.

- Олай болса, әзірге үш миллионды қанжығаларына байлай тұрайық. Ал, қалған екі миллионға кепілдіктегілерді босатқанда қолдары жетеді. Оны, алдында айтқанымыздай, ұшақ бортынан табады.

Жасөспірім шаруасы түгенделгендей сәл желпініп қойды.

- Онда мен кері оралайын.

Мына сөзге облыс прокуроры шыр етті:

- Қайда, балам-ау?

- Автобусқа.

- Автобусқа!? Онда неңді ұмыт қалдырдың? Қашып кетсең қайтеді? Сонда азаптан құтылар едің.

- Қаша алмаймын.

- Неге?

- Онда менің мамам бар. Егер мен кері оралмасам ана кісілер мамамды атып тастайды. Солай деген.

- Алда, байғұсымай, ә...

Бала «сөз бітті» дегендей кері бұрылуға ыңғай танытқанда Есенгелді бөгеді.

- Сәл аялдай тұршы, бір-екі сұрағым бар.

- Сұраңыз. Білгенімді айтамын.

- Ештеңені уайымдамаңдар, бәріңді аман-есен босатып аламыз. Тек, мынаны білгіміз келеді: екі қылмыскердің орындарын анықтап берші? Түсірулі пердеден айыра алар емеспіз?

- Оның еш құпиясы жоқ. Біреуі үнемі жүргізушінің желке тұсында тапаншасын кезеніп отырады. Ал, екіншісі көшіп-қонып жүреді. Бірақ, көбіне ол да алдыңғы қатарға үйір. Өйткені, кері қарайтын орындықтан салондағы адамдарды бақылау оңай ғой.

- Өте жақсы! Сен бізге баға жетпес мағлұмат бердің. Дегенмен мына айтқандарыңды ұмытқайсың. Әсіресе, қылмыскерлер білмесін, жарай ма?

- Мені бала деп ойлайсыз ба? Мен әлі ешкімді сатқан жан емеспін!

- Бәрекелді! Жігіт адам осылай сөйлесе керек!

Жасөспірім анасына жетуге асыққандай автобусқа қарай жөней берді. Ендігі қозғалысында жинақылық басым.

- Есті бала, - деді мынаны көргенде прокурор сүйінісін жасырмай.

- Еліміздің ендігі тірегі осылар ғой! – деп қалды Леонид Сергеевич те ризалық кейіпте, - Тек, тағдыр салмағы өмір жолында бетін қайтармағай!

Тілекке қосылғандар жасөспірімді жанарларымен ұзатысып салды.

 

***

Қылмыскерлердің талабы орындалып, уәделі жерге сұрағандары жеткізілгенде тағы да жасөспірім жұмысқа кірісті. Ол жеделдете жүріп салафан қалталарға салынған азық-түлік пен ақшаларды автобусқа таси бастады. Әр қатынағанда қадамын ширақ алуға тырысады. Артына алаңдай беретіні сөзсіз. Өйткені, автобус жаққа қарағыштауы жиі.

Бәрі тынып, тоспадағылар да, іштегілер де  терең тыныс қайырған шамада тосын жайдың орын алғаны. Автобустан түсіп, бекеттегі жанар-жағармай босататын операторлар отыратын дүңгіршекке бет түзеген жүргізуші оған жете бере кілт бұрылып, өз бетімен басы ауған жаққа қаша жөнелсін. Осыны байқаған сырттағылар демдерін ішіне тартқанда көлік ішінен шыңғырған әйел үні естілді. Әп-сәтте оған тағы бірнеше дауыстар қосылып, маңай азан-қазан болды да қалды.

Бәлкім, азан-қазандық орын алмаған да шығар, әйткенмен автобус ішінен қорқынышты сарын құлағына шалынғанда Есенгелдінің жаны түршіккені шындық. Бірақ тістенген қалпынан жазбады, өзіне әлдеқандай сұрақпен жанар тоқтатқан «Альфа» тобының жетекшісіне де тіс жармады.

Маңайындағылар да тіл-сөзден қағылған. Бәрі демдері бітіп қалғандай алға емінеді.

Генерал түсінеді, тап қазір автобусқа шабуыл жасаудың ешқандай тиімділігі жоқ. Біріншіден, ара қашықтық әжептәуір, оған сарбаздар жеткенше қылмыскерлер жасайтынын жасап тынады. Екіншіден, мергендер оқты қай тұсқа атпақ? Жүргізуші болса-болмаса қашып кеткен, яғни оны бақылаушы қаныпезердің тап мына жағдайдағы орны да белгісіз. Тұспалмен анықтай алар ма? Анықтамаса арты не болмақ?

Шабуыл жасалсын-ақ, терезелерді автомат қаруына жалғанған қанжармен сындыру мүмкін бе? Оған әлектеніп жатқанда қылмыскерлердің мына әрекетті сырттан бақылауы тағы неғайбыл. Олардың да кеудесінде жаны бар. Жаны болған соң қарманып қалады. Ал, одан жапа шегетін және кепілдегілер. Бір сөзбен айтқанда, «торғайды таспен ұрсаң да, тасты торғаймен ұрсаң да торғай өледінің» кері. Ендеше...

«Сабыр сақтау керек, - деді генерал өзін-өзі қайрай, - артық қылам деп тыртық қылғаннан жаман нәрсе жоқ».

Автобус ішіндегі апай-топайдың арты ұлғайып бара жатқандай. Қылмыскерлер кіжілі ендігі сонадайға анық естіліп, ышқынғандар мен ыңқылдағандар дыбысы сүйекті сырқырата бастады.

Осыған шыдамады, Есенгелді әлденеге бекінгендей алға қадам жасады. Өзіне ермекші болғандарға қолын көтере белгі беріп тоқтатып тастады.

- Леонид Сергеевич, олай-бұлай жағдай бола қалса тізгін өзіңізде, - деп, тек айтып үлгерді.

Көлікке жақындай бергенінде «Тоқта!» деген қатқыл бұйрықты құлағы шалды. Қылмыскерлердің бұйрығы. Ендеше, әрекетінің оңға бастағаны даусыз.

Жиырма шақты қадамға жетпей кілт кідірді. Сонсын:

- Мен Оңтүстік Қазақстан облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, генерал майор Есенгелді Әбілмазинұлы боламын, - деді дауысын анық шығара, - Талап-тілектеріңді қанағаттандыруға біз дайындық танытқанда, сендердің де шектен шықпауларың керек еді. Шықпайды деп те сенеміз. Ендеше басбұзарлықтарыңды дереу тоқтатыңдар! Бұл біздің сендерге қояр басты шартымыз. Сонсын... Бір жүргізуші қорқақтық танытты екен деп жазықсыз жандарды жәбірлемеңдер, сендердің де ата-аналарың, бауырларың бар. Оларға әлдекім қысым жасаса қалай қарар едіңдер? Осыны естеріңнен шығармаңдар! Ал, жүргізушінің орнына басқа жүргізуші табуға уәде береміз. Келісесіңдер ме?

Айқай-шу кілт басылып, әуелі автобустың орта тұсындағы перде ысырылды да, артынша сәл ашылған әйнектен бір әйелдің шашы дудырап кеткен басы қылтиды. Ол бастың тасасына қылмыскердің жасырынғаны талас тудырмайды.

- Әй, генерал, сен кімді ақымақ санайсың, ә? Бір агентіңді тығып жібермексің ғой, солай ма? Бола қоймас! Одан да... –Дауыс біраз бөгеліс жасады, - Одан да сонау қыр басынан көрінген КамАЗ көлігінің жүргізушісін қолымызға тапсыр. Сонда біз талаптарыңды орындаймыз.

Есенгелді қылмыскер нұсқаған тұсқа бұрыла беріп, қырдан асып келе жатқан жүк көлігін көрді де:

- Жақсы, айтқандарыңды орындаймыз, - деді сеніммен.

- Ендеше оған өзің барасың және жаныңа ешкімді ертпейсің. Жүргізушіңді де қалдырып кетесің. Біз бәрін бақылап отырамыз. Егер ағат бір қылық жасасаң бір адамды оққа байлаймыз! Ұқтың ба?

- Бәрі айтқандарыңдай болады! Тек, тағы ескертемін, адамдар жапа шекпесін!

- Ол біздің шаруамыз.

- Қателесесіңдер, бұл екі жаққа да тиімді ұсыныс, сондықтан құлақ асасыңдар деп үміттенемін.

Жауап күтпеді, кері бұрылып, жүре берді.

Демдерін іштеріне тарта күтіп тұрғандарға жеткенде және жағдайды тәппіштеп жатпады. Жүргізушіге: «Кілтті әкел!» - деп бұйырды да, машинаға от алдырып, қыр басына қарай жүйткіте жөнелді. Мыйын қашаған неше түрлі ойлардың ықтиярында газды қаттырақ басып жібергенін аңдамады да.

Тірлік базарына кіріккен жандының жайлылықтан гөрі жадағайлыққа үйірлігін түсінбей-ақ қойғаны. Жадағайлық емей немене, кілем үстінде тайраңдауды көксеп кілегей кешуге пейілді, тіршілік иелері. Дәл осы қылығының айналаға кесапат әкелетінін ойлауға олар мұрша таппайды. Тек өзінікін дұрыс санап, өзгелердің өзегін өртер қылыққа баруға тәуелді. Оның арты орны толмас өкінішке бастайтынын тағы саралап жатпайды. Сөйтеді де, тарпаңдықтың таралғысын тартып, тайраң дүниенің тақымын қыса түседі. Ақыры тырапай асқанын білгенінде және өкініш ошағын маздатпайды, бәріне кінәлі өзге жандардай басқаға кінә салмағын артып, тыртиып шыға келеді. Санасыздығынан, пенделіктің пешпентін өмір барысында үстінен тастамағанынан. Бұл заманалар көшінде көп болған, әлі болады, бола беретін жағдаят.

Тіршілік иелері, шын мәнінде, екі өмірге ғана еншілі ғой. Бірі – жалғанның жарығы да, екіншісі – мәңгілік әлем құпиясы. Жалғанның жарығында даңғазалықтың дарбазасын ашса, мәңгіліктің құпиясында тірлікте кешкен күндерге есеп беру арқылы ақ пен қараның айырмасын екшейтіні белгілі. Дәл сонда жұмақ пен тозақ қапталдаса тосып, жақсыны жәннәтқа жеткізетіні және күнәһарды тозақтың отына шыжғыратыны аян.

Бір хадистен оқығаны бар-ды: «Жәннәт пен тозақ дәлел келтіріп өзара үстемдік етуге кірісті, - дейді онда. Сонда тозақ:

- Мен сенен үстеммін, өйткені зорлықшылдар, тәкәппарлар менде, - деп мақтанға көшеді.

Жәннәт оған қарсы шығады:

- Жоқ, олай емес, өйткені кішіпейілдер, мұсылмандар, олардың сорлылары менде, - деп.

Араға Алла тағала кірігеді. Ол былай деп ана екеуін тежеген екен:

- Әй, жәннәт! Сен менің рахметімсің, қалағаныма сенімен мархамет етемін.

- Әй тозақ! Сен менің ғазабымсың, қалағаныма сенімен ғазап етемін. Екеуіңді толтыру маған тән.»

Иә, осы хадистің шынайылығының өзі адамзатқа ой салса кәні? Бәрі де бір Жаратқан иенің құзырындағы жағдаяттар екенін мойындай білу де үлкен ерлікпен пара-пар нәрсе. Тек, соған сана талқысы жетпейтіні өкінішті. Ұят, ар деген ұғымдардың тасада қалып, ашкөздіктің алға шығандап шығуына кейбіреулер уақытты кінәлауға дайын. Ал, талқы сарабы тек өзінде жатқанын ондайлар екшемейді. Міне, сор бастауын осы аралықтан іздегеннің асығы алшысынан түсетіні айқын дүние.

Әй, бірақ... Пенде бар жерден береке іздеудің өзі жалғандыққа қадам сияқты. Олай болса...

Қырдан төменге ылдилаған КамАЗ - дың жолын бөгей, қиястай тоқтады. Жол апатын болдырмауды ойлаған жүк көлігіндегілер де тежегішті жедел іске қосып, тастақ пен резеңке дөңгелектің үйкелісі маңайға ащы дыбысын жайды.

Жүк көлігінің жүргізушісі серігімен бірге кабинадан секіріп түсе бұған қарай ұмтылысты. Қолдарында белдік темір бар, ауыздары боқтық сөзден босамауда.

Есенгелді мына қылыққа қыңбады, көгілдір куәлігін алға тоса:

- Бұл жұмыс бабындағы тоқтату! - деді дауысын қатаң естірте. Аналар жарға соғылған толқындай кілт кідірісті.

- Кешіріңдер, жігіттер, - деді және қарап тұрмай, - Мен облыстық Ұлттық кауіпсіздік комитетінің төрағасы Есенгелді Әбілмазинұлы боламын. Бір жағдаймен өздеріңе келіп тұрмын. Айыпқа бұйырмағайсыңдар.

Аналардың алғашқы арыны басылып, таулары шағыла құнжыңдасып қалысты:

- Айтыңыз.

- Құлағымыз сізде, - десті елпілдесе.

- Айтсам, бізге сіздерден көмек қажет болып тұр. Болған істің несін жасырайын, кеше түн ортасында қылмыскерлер бір автобусты жолаушыларымен қоса кепілдікке алған. Әлгінде, жанар-жағармай бекетінде, сол автобустың жүргізушісі орайын тауып қашып кетті. Енді көлікке жүргізуші керек.  Соған...

Мынаны естігенде екеудің көзі атыздай болды.

- Сонда автобусты біз айдауымыз керек пе?

- Әлбетте. Басқа амалдың таусылғанынан осындай шешімге тәуелдіміз.

- Атай көрмеңіз! - КамАЗ жүргізушісі қолын ербеңдете тұрып бұл сөзді кесіп айтты, - Менің өз отбасым, бала-шағам бар. Соларды ойламай отқа бас тығар жайым жоқ!

Есенгелді оны қолдағандай басын изеді.

- Сен дұрыс айтып тұрсың. Басқаның қайғысын несіне бөлісеміз, өз ошағымыздың амандығы қымбат әрқайсымызға. Бұл маған да таныс жай. Бірақ, сен жолда келесің, ошақ басында қалған әйел, балаңнан хабарың жоқ. Ал, олар осы сәтте бір пәлеге ұрынса не істер едің?

- Құдай сақтасын!

- Сақтамады дейік...

- Жоқ, мені қинамаңыз, мен рульге отыра алмаймын...

Есенгелдінің жаны жүдеді. «Біз осындаймыз, - деді ішінен күйіне, - Басқаға түсер салмақ бізден алыс тұрса сол құт. Міне, саған уақыт пәлсапасы...»

Бірақ, мына жағдайда бұл пәлсапаның жігін бұзу керек болатын. Соны ойлап жүргізушіге қайтадан шүйлікті.

- Әрине, сені мәжбүрлеуге маған құқық берілмеген. Әйткенмен, ойланғаның дұрыс сияқты. Әйелім бар, балам бар дейсің. Ана автобустағы әйелдердің күйеуі жоқ па екен, балалар тұл жетім бе? Олардың да күйеуі, олардың да әкелері бар. Бірақ, олар қазір қайда? Уайымсыз, қайғысыз жұмыстарын жасап, тіршілік қамымен жүрген шығар бір қиырда, жолаушылап кеткен отбасым аман-сау оралады деген үмітпен. Сөйткенде... Дәл осы жағдайдың сенің басыңа түсуі мүмкін деп ойламайсың ба?

- Оны түскен уақытында көре жатармыз. Ал, қазір мені қинамаңыз. 

Есенгелдінің қаны басына тепті. Ақсары жүзіне қызыл ойнап шыға, қабағы жауар бұлттай қабарып қоя берді. Ол алдында тұрған жанды жерден алып, жерге салмаққа оқталғанымен, әбестікке жол бермей, райынан тез қайтты. Сол екі арада екінші жолаушыға тіл бітті:

- Сіз айып ете көрмеңіз, егер рульге мен отырсам қайтеді? Қысылғанда бірімізге-біріміз қол ұшын созбасақ адамдығымыз қайсы!? Оның үстіне, дәл мына жағдайда шегінерге жер тапай келгеніңізді түсінемін. Мен бойдақ жанмын. Артымнан алаңдайтын біреу табылғанша алаңғасарлана тұрсам айыбы болмас. Солай емес пе, Ваня ағай? - деп ол серіктесіне жымия қарады.

- Өй, сен де...

Егделеу жүргізуші қапалана жерге шырт түкірді. Ал, жастауы енді езуін кере ыржиды.

- Біздің Ваня ағай жолға шықса Валя жеңгемізді сағынумен уақытын өткізеді. Махаббаттары солай. Сондықтан, бұл кісіні қинамаңыз, бағытынан жаңылмай кете берсін, автобусты мен айдайын. Қылмыскерлер де мен сияқты адамдар шығар, бәлкім тіл табысып та кетерміз...

Ол қуақылана көзін қысып қойды. Мынаны естігенде егделеуі барқ етті:

- Әй, арт өзіңдікі болса қыссаңшы, шырағым! Әке-шешеңе мен не айтпақпын? Балаларыңды отқа лақтырып кеттім деймін бе?! Әлде одан-бұдан құрастырылған өтірікті суша сапырамын ба? Бүйтіп үлкендерді алдауға қалай дәтім барады?

- Сіз ол кісілерді алдамаңыз, жөнін айтыңыз. Мысалға, алаңғасар неме алаөкпе боп қыз қуып жүрген шығар дей салыңыз. Қисынға сиятыны осы сылтау.

- Саған сірә да мый бітпес...

Сөз тәмәмдалып, іс тынған шамада салонға өтіп екеуара әңгімеге және тиек тақты. Бастаған жас жігіт:

- Сіз мені көп сөйлейтін көкемылжың деп ойлап қалмаңыз. Үнемі алыс жолдамыз. Іш пысады. Сонда Ваня ағайды сөзбен қажау дағдыға айналып кеткен ғой, - деді ол ақталғандай.

Есенгелдіге мына жүргізушінің ақкөңілдігі ұнады. Аузын ашса көмекейі көрінетіннің нағыз өзі екен.

- Қылмыскерлер күнде көріп жүрген Ваня ағайың емес, сондықтан сақ болғайсың, - деді сонсын жас серігіне ескерте, - Ең бастысы аналарға қарсылық танытпа, не айтса да орындаған бол. Өзің шахмат ойнаушы ма едің?

- Ептеп.

- Онда бір-екі жүрісіңді алдын-ала болжап отырсаң артықтық етпейді. Солай ма?

- Оған сөз бар ма!

- Мына жағдайда да соны есіңнен шығармағайсың.

- Сізді түсіндім, аға.

- Сонсын, жалғызбын деп ешқашанда қапаланба. Қорғаның көп. Шөп те, жел де сен жағында. Қажет кезінде сол шөп қияққа, сол жел бұрқаққа айналады. Осыны есіңнен шығармағайсың. Келістік пе?

- Келісемін.

- Және айтарым: бір қылмыскер үнемі сенің желке тұсыңда тұрады. Ал, екіншінің орынын, мүмкіндігің келіп жатса, сен хабарлайсың.

- Қалай хабарламақпын. Аналар мені босатпайды ғой...

- Мұның ешқандай қиындығы жоқ, межелі тұста жол жөндеушілерінің сары кеудешесін киген жұмыскерлерді көрсең оң немесе сол жақ бұрылыс шамын жағасың. Ол неше рет жанса тура сол қатарда, салонның жарық нұсқаған бетінде екінші қылмыскер бар деп ойлаймыз. Ұқтың ба?

- Ұқтым. Бұл оңай шаруа екен.

- Онда ендігі әңгіме кейінге қалсын. Ал, бауырым, аман-сау кездесуге жазсын!

- Иә, есен-саулыққа ештеңе жетпейді.

Екеуі бұдан әріде тіл қатыса алмады. Жас жігітке ойда-жоқта ауыр салмақ салғанын Есенгелді ұқса, жүргізуші жігіт те жауапкершілік жүгін арқалағанын түсіне түйіле бастаған-ды.

 

***

Алексей қағылез жігіт. Бойы ортадан сәл жоғары ғана. Қатарластарының арасынан көзге түсер ешқандай ерекшелігі байқалмайды. Кәдімгі тіршілік қамына бой ұрған бозбала. Кәсібіне ден қойып, соның ыңғайымен жүрген жан. Қылтың-сылтыңға жоқ. Тек деревнядағы той-томалақ, думандарда ес-түсі қалмай билейтіні айналасына аян-ды.

Кейіннен немере ағасының ақылымен қалаға келіп, Иванның жанына жүргізуші болып орналасты. Екеуі алыс жолда апталап кіре тартады. Үйге оралғанында өзгелер сияқты және қылтың-сылтыңға үйірлігі жоқ, жазда бау-бақша қамымен күйбеңін жалғастырса, қыста жеңгесіне көмектесе шаруашылық жағдайына қолғабыс тигізумен уақытын өткізеді.

Уақыт деген уақыт та бұларда там-тұм. «Әйда, шап», деген бұйрық түссе айыл-тұрмандарын тартып, құйысқандарын көтере жөнеп береді. Содан жүргендері бірде еуропа, енді бірде азияны айналып.

Бүгін де шекарадан шекара асып, енді Қызылордадан жүк ала еліне қайтуға ниетті-тұғын. Амал нешік, мына жағдайға тап болып отыр. Ештеңе етпес, бәрі ойдағыдай шешілсе Ваня ағайына ертең кездесіп, сонсын сапарларын жалғастыра береді де.

Жол үстілік өмір адамды өз қағидаларына бас игізеді екен. Шексіз-шетсіз дала, бірінің етегін екіншісі баса ұзап кететін қыраттар мен жондар, алды-артыңды ораған мұнар да мұнар табиғат санаңды ұшы-қиырсыздыққа бағындырып, өзгеше әлемге жетелеп әкететіні ғажап-ақ. Ол – түгесілмес ой әлемі. Сен жолға шыққаныңда үнемі ой үстінде отырасың. Өткен мен кеткен өз алдына, болашақ мұғдарын шиырлай бастағаныңда не бір тәтті қиялдар өн-бойыңды еңсеріп, тіл үйірер тәттіліктер жан-дүниеңді жаулап алғанда соның дәміне тамсаныс танытудың шекерлігін айтып тіл жеткізе алмас. Мұны кейбіреулер жәй ғана қиял деп мән беруден аулақ. Әйткенмен, сол түсінік емес пе адамды ғажайыптар шеруіне бастап, ғажайыптар құпиясына тәнтілік құлпын ашатын? Ендеше одан қашқақтаудың мүлдем реті жоқ. Керісінше, адамзат баласы қияли ғұмырын қиял суреттерімен көмкерсе ғана дегеніне жетуге жол ашуға мұрсат таппақ. Олай болатыны, барды қанағат етумен қатар, жоққа жүйрік қосу арқылы болар мен болмастың арасын жалғауға мүмкіндік тапқан жан нағыз бақытты жан.

Мүмкін, басқалар басқаша түйінге байлаулы шығар, ал Алексей өз қорытпасын өзгертуге мүлдем құлықсыз. Өзгертпейді де. Өйткені, тұрақсыздық жігіттігіне сын деп есептейді.

Мына жағдайда да ол генералдың шеніне қарап шекесін қыздырмады, ана автобус ішіндегі әйел-балалардың тағдырына уайым жасап, қариялардың қапастағы қалпын көз алдына келтіре, оларға қол ұшын созуға деген ниет салдары көзсіздікке бастаған. Бұл да жігіттік намыстан туған кеудемсоқтық болатын. Тек, артының қайырын бергей!

Иә, өмір дегенің жайшылықтағы жарық күн мен қара түннің кезек алысар қайырмасы емес, кездейсоқтықтар алаңының алқақотаны екенін әркім түсінгені абзал. Бүгінгінің ертеңдері қайталанбайтыны, ертеңгінің арғы күнмен ұқсаспайтыны соның салдарынан. Ендеше, қарама-қайшылықтар аласапыранында арпалысқан тірі пенденің екінші пендеге деген жанашырлығы қалыптаспайынша, бірдің екіншіге деген мейірі мәйегі еркін жайылмайынша тіршілік өз мәнін жоғалтары даусыз. Нартәуекелге бастаған осы пайым.

Алексей көлікке жақындағанында, ашыла қалған есіктен ішке көз тастай беріп, арғы жақтан қара көрсеткен түпсіз тұңғиық шамырқана тарта жөнелетіндей бойын бір сезім буып алғанын байқады. Бірақ, ол қорқыныш па, әлде басқа түйсік пе, ұғынып үлгере алмады. Шешінген судан тайынбастың керін келтіре автобус баспалдағына аяғын қойды.

Сол екі арада шеке тұсына кезелген пистолетті байқады. Пистолет ұңғысы мен шүріппеге жанасқан саусақтар ғана көрінеді. Адамы тасада сияқты.

Өн-бойын суық қарып өтті. Не әрі қарай өтерін, не кейін шегінерін білмей дал болған шағында тығырықтан шығарған және адам дауысы:

- Бол! - деп бұйырды өктем үн, - Тез өт!

Бағыныштылықпен ішке кіргенінде артынан есік сарт жабылды.

- Сен кімсің?! – деді өктем үн жер астынан шыққандай тағы қайталанып.

- Алексеймін. Дәлін айтсам – Алексей Николаевич деген азамат боламын.

- Қайдансың? Осы жерден боламысың?

- Жоқ. Біз Ресейденбіз. Оның Самара деп аталатын жағының тумасымыз.

- Самарадан болсаң мұнда неғып қаңғып жүрсің? Ит өлген жерден не алайын деп едің?

- Қаңғып жүрген жоқпын, жұмыс бабында Тәжікстаннан келемін. Елге бет алған шама. Біз жүк тасимыз.

- Ә, алыстан арбалайтын сабаз екенсің ғой?

- Иә, шекарадан шекара асып жүре береміз. Еуропа мен азияның бізге әр тасы таныс.

- Онда жарадың!..

Не үшін жарағанын түсіне алмады. Сөйткенмен, алғашқыдай емес, айналаға көзін де, бойын да үйрете бастады. Сұрақ беруші шәлісі бір жағына ысырыла, шашы қобдырап кеткен әйел тасасына жасырынған бойшаң жігіт екен. Ол пистолетінің ұңғысын түсірместен жанарын бұдан айырмады. Тәрізі тағы сұрақ бермек ойда-ау.

Түйсігі алдамады, арт жақ орындықтар тасасынан бой көрсеткен екінші жан «бәрі ойдағыдай» деп міңгірлегенде жалбырақ шашты әйелді былай ысырып тастап, енді еркінсіп қоя берді.

- Сен қайда келгеніңді білемісің?

- Білгенде не істемекпін... Маған бәрібір...

- Мұны қалай түсінбекпіз? Мынаның есі дұрыс па өзі?..

- Есім дұрыс болмаса мені рульге отырғыза ма... Сөзімді қалай түсінсең олай түсін. Әйткенмен, мынаған назар аудар: егер келмесем аналар қадам бастыра ма? Бастырмайды. Ит сілікпемді шығарады. Бүкіл Қазақстан аумағында көзге шыққан сүйел болатыным даусыз. Ал, келсем... сендердің кепілдіктеріңе түсемін. Анда анадай, мында мынадай – айырма жоқ қой.

Сөзі анаған әсер еткендей.

- Да-а... – деді қылмыскер сәл езу тарта, - Сендерге де оңай емесін естігенмін, білемін де. Қит етсеңдер қылпып түседі, иттің ғана балалары!.. Өңештері өңешке ұқсамайды, апан дерсің. Жарайды, ендігі тағдырымыз ұқсастау. Ештеңе етпейді, айтқанымызды орындасаң, бөтен пиғыл танытпасаң сен де, біз де бостандыққа шығамыз. Басқаша жағдайда... бір оқ жалынсын. Ұққан шығарсың?

- Ұқпайтын кеще жоқ бұл арада.

- Кеще емес екеніңді байқадым. Тағы айтарым, өзіңді-өзің жақсы ұстасаң еңбегіңді жемейміз. Он мың доллар ақшаны қолыңа ұстатамыз.  Мұндай қаржыны сен екі-үш ай тірнектенсең таба алмайсың.

Алексей ештеңені түсінбегендей аңтарыла қарағанда пистолет кезенген қарқылдай күлді.

- Сен... сен сенбей тұрған сияқтысың, ә? Әлі сенесің. Көкпеңбек, су жаңа долларлар қолыңа тигенде бізге жолықтырған тағдырыңа рахметіңді айтасың.

Әңгімеге екіншісі килікті:

- Сонда бұған не үшін он мың береміз? Тарс еткізсек болмас па?!

Қару кезенген ыржиды.

- Тегін келген ақшаны аяймыз ба!.. Бұл бейшара да жарып жүрсін. Оның үстіне... қанжығасы майланатынын білсе бар ынта-шынтасымен жұмыс істейтіні сөзсіз. Солай емес пе, жерлес?

Алексей жауап қатпаған еді, анау үнсіздікті келіскенге балап бұйрығын жеткізді:

- Ендеше жұмысыңа кіріс. Әуелі бәкке бензин толтыр. Ешкімге сенбе, бәрін өзің тындыр. Біреу-міреу дыбыс салса қайырылма. Келістік пе?

- Жақсы, - деді жүргізуші міңгірлей, - Бензин құю таңсық іс емес. Басқа не істемекпін?

- Басқасын келген соң талқылай жатармыз. Бар енді! Уақыт ұттырмайық!

Жұмысын тиянақтап қайта оралғанында іштегілер сенсе керек, онша қаһарланбай қарсылады.

Салондағыларды жанарымен сүзе келе Алексей мұндағылардың қорқыныштан әбден қажығандарын аңдады. Үрей бойларын билегені соншалық, олар тіпті көздерін жерден көтеруге қауқарсыз жағдайда. Араларында соққы көргендері де бар екен. Бірақ, олар жақ  ашуға батпастан, жараларын алақандарымен басқан күйде тымырайып қалған.

- Ал, бастық, енді қандай бұйрық? – деп сұрады рульге жетіп, автобусқа от алдырғанда Алексей қылмыскерлерді жорта өзімсіне.

Мына сөзге салонды билеген екеу миықтарынан күлісті.

- Бастыққа бағынып қалған пенде екенсің. Оныңа қосыламыз. Өйткені, бастықсыз адамның күні қараң. Бұл түсінігіңе рахмет. Ал, онда тартайық. Ескертерім: жолда ештеңеге алаңдамайсың. Жол ережелерін сақтау не сақтамау басқалардың еншісінде. Саған әрқашан көк шам жарығы серік. Білдің бе?

Мұны айтқан пистолет кезенуші. Соған қарағанда екіншіден де мұның мысы басым сияқты.

- Ұқтым, бастық.

- Ұқсаң жолың болсын!

Автобус іші қаракөлеңке. Қапталдағы терезелерді былай қойғанда алдыңғы оң жақтағы әйнек те жабумен жауып тасталған. Мына бетінде көлік автобустан гөрі аузы-басы тұмшаланған танкке көбірек ұқсайды.

Бір жақсысы салондағы айна беті ашық екен. Одан арт жақты шолуға толық мүмкіндік бар. Шолды да. Шашы жалбыраған әйелдің жанына баласы ма, басқа ма, әйтеуір бір жасөспірім жайғасыпты. Олардың екінші бетіндегі қатарына жасамыс адам тізе бүккен. Бір қызығы, жастар жоқтың қасы. Кілең орта жастағылар мен әйел, балаларды арнайы тоғытып алғандай.

Осыны ішке түйген Алексей енді қылмыскерлерді іздей бастады. Іздеді деген аты ғана. Әйтпесе бірінің әу бастан мұның желке тұсына жайғасқанын байқаған. Ал, екіншісі одан аулақ кетпепті, қарт адамның дәл алдындағы теріс қараған орындыққа құйрық басқан. Ол шаршаған ба, автобус шайқалысының әсерінен қалғи бастаған пішін байқатады. Оны бірде оңға, бірде солға қисайған басы аңғартады.

Қара жолға түскенде желкедегіге қайта тіл бітті:

- Әй, - деді ол алғашқы сөзін серігіне бағыштап, - Ұшаққа мінгенде әкеңді ұйқы өлтіргендей ұйықтайсың әлі. Қазір қалғыма, сақ отыр!

Анау керіле есінеп барып әлдене айтуға оқталғанында, оны тыңдамастан салондағыларға қайырылды:

- Сендер де абыройы ашылмаған қыздардай қыртиюды доғарыңдар! Мен айттым, болды: аман-есен ұшаққа мінсек бәріңді жөндеріңе жіберемін. Маған сендер емес, бостандық қымбат! Түсіндіңдер ме?!

Отырғандар үнсіз қалып еді шыбын шаққан құрлы көрмеді, сөзін әрі қарай жалғап әкетті:

- Ал, өздеріңше бір әрекет ойласаңдар жақсылықтан үміттеріңді үзіңдер. Бәріңді жайрата саламыз! Өйткені, бізге бәрібір. Біз өліп қалған жандармыз! Ұқтыңдар ма?!

Тағы жауап күтпеді.

- Әрине, ұқтыңдар. Жан қымбат болса ұғасыңдар. Енді ызыңдарыңды естімейік! - деді жылан сияқты ысылдай.

Бұдан кейін онсыз да тыныш тұрған салон іші одан әрмен тыныштыққа оранды. Ұнжырғалары онсыз да түсіп кеткендер мойындарын ішке тығыса шөже торғайдай бүрісе қалысты.

 

***

- Бүркіт, мен лашынмын. Естіп тұрсың ба?

- Құлағым сенде, лашын.

- Енді біз алға озамыз. Қалған ықтияр сенің қолыңда. Ешқандай тосындықсыз әуежайға жетуге жазсын!

- Тосындықты болдырмауға тырысамыз.

- Онда әуежайда күтеміз. Есіңде болсын, оған баратын айналма жолға түсесің. Бұл жолда қозғалыс аздау. Қауіпсіздікке кепіл.

- Жақсы, бәрін түсіндім.

- Түсінсең кездескенше!

- Кездескенше!

Қос жеңіл көлік бір таса тұста ешкімге байқатпай оңға бұрылды да, тақтайдай дала жолымен ызғыта жөнелді.

Былай ұзап шыға машинада отырғандар өзара тілге келісті. Талқылағандары қылмыскерлердің талабы. Сөзді бастаған Леонид Сергеевич.

- Есенгелді Әбілмазинұлы, сіз қалай ойлайсыз, аналардың шарты біздің әрекет-амалымыздың ырғағына өзгеріс енгізетін сияқты ма? - деді ол артқы орындықтан алға қарай ұмсына.

Есенгелді ошарыла кері бұрылды.

- Кепілдіктегілердің ұшақ ішіне өтетіні туралы айтқан ойыңыз ба бұл?

- Әлбетте, сол мәселені қозғағаным.

- Иә, осы талап көп дүниені қайта сараптан өткізуімізді сұранады. Біз енді ұшақ ішінде әрекет ете алмаймыз. Сондықтан бар күшті сыртқа салғанымыз жөн бе деп ойлаймын.

- Менімше ең дұрыс шешім осы. Өйткені, ұшақ ішінде әрекет жасау өзіңді-өзің тар қапасқа қамаумен бірдей нәрсе. Ал, кеңдік болмаған жерде керіліп-созылуға ая жоқ. Сондықтан не де болса сыртта қимылдап қалған ләзім.

- Негізінен осы жағдайға көп көңіл аударатынымыз анық. Оны әуежайға жеткен соң «Альфа» жетекшісімен тағы бір рет талқыға салайық.

- Әлбетте, халық арасында «он ойланып бір пішкен тон келте болмас» деген сөз жайдан-жай айтыла салмаған ғой.

Деуін дегенмен екеуі де іштей амал тетігін сараптап мазасызданады. Өйткені біледі, сыртта отырып болжам жасау ең оңай шаруа. Жеме-жемде бәрінің аяқ астынан өзгеріп шыға келуі әбден мүмкін. Тіпті, мүлдем мыйға кірмеген әрекеттердің санатқа шығуы ықтимал. Міне, сонда әрі-сәрілік шеңберінде бұлқынбас үшін ойланғанның, көп болып пікір алмасқанның ешқандай артықтығы жоқ.

Байланыс тетігінің тұтқасын ұстаған қызметкердің ауызында дамыл жоқ. Ол біресе жолдағылармен, біресе жоғарғы жақпен хабарласып әлек. Жолдағылардың сапары ың-шыңсыз өтуде екен. Ал, жоғарғы жақтың дігірі басым. Құдды, мына операцияның тезірек өтуіне жергілікті жердегі өкілдер қолбайлау жасап жатқандай қайта-қайта тықақтай береді.

- Бұл біздің үйреншікті амалымыз, - деді Леонид Сергеевич мына жағдайда машинада отырғандардың көңілін аулай, - Жоғарғының да жоғарғысы бар екенін әсте естен шығармаңыздар. Солардың ыңғайымен әйтеуір мәліметті көбейтудің әрекетін қарастыра береміз. Әйтпесе, іс барысын аңдамайтын ақымақтар отырған жоқ, тұтқа иелігінде. Ол үшін айып етпегейсіздер...

- Е, бұл бәріміздің басымызда бар жағдай ғой. Оны түсініп бағамыз.

Облыс прокуроры жымиып қойды.

- Онсыз іс біте ме? Үнсіздік үлкендерге жақпайтын айла.

Мұны айтқан Бас прокуратура өкілі.

- Мына оқиға кімнің басын қатырмаған. Сол қатқан бастың тоңын жібіту оңай емес шығар. Ештеңе етпес, жылымыққа да жетерміз.

Есенгелді де бір сәт әзілге ат қосты.

Өмір дегенің осылай – біреуге мал қайғы болса, енді біреуге жан қайғы. Сол екі қайғының арасында қайнаған тірлік қан базарын жайып жатады. Уақыт дөңгелегі «анаған анау, мынаған мынау керек екен-ау» деп мұндайда алқынысын баспақ емес. Баспақ тұрмақ өз айналысын жылдамдатқан үстіне жылдамдатып, тіршілік дегенің кесір мен кесапат жарын жағалатар ақпа өзеннің арыны ғана екенін көзге шұқи көрсетуден айнымайды. Бірақ дәл осыны білген біледі, ұққан ұға алады. Қалған тобыр топшысынан томырылып, тұрымтай тұсында тыпыр тірліктің тынысын қайырумен уақытын өтізуге ғана қауқарлы. Сөйте тұра, екінші топтағылар, болашақтан енші алмаққа ентелеуін және толастатпайды. Ерте мен кештің кім-кімге де ермек екенінің айғағы.

Иә, жалғанның жарығы – жасырынбақ ойнар ойын алаңына ұқсайды. Мұнда жолы болғыштар мен айлалылардың қашанда асығы алшысынан түсуге бейім. Еңкуден екіндіге шейін екпіндесең екіұштылық санаңа дамыл таптырмайтыны осының салдарынан. Сондықтан құмайлықтың кейде түлкі бұлаңға жол беріп тұратынына қайран қалудың қажеті жоқ сияқты. Тек... Бір күн ауа жұтсаң ауан салдарынан сандырақтамағаның да жақсы-ау...

 

***

Шешуші сәттің жақындағанын сездіргендей әуежай маңында қарбалас күшейді. Асыға басқандар, ебіл-дебіл жүгіргендер қарасы әп-сәтте молайып, жайшылықтағы бейбіт тірлік жұқанасының осы шамадан бастап жоғалатынын жария етіп тұрғандай әсер берді, сырттан бақылаушылар тобына. Шынында да ендігі жерде сәттілік пен сәтсіздіктің нағыз жаналыс-жанберіс арпалысы қанатын жаюға шақ қалған. Шыдам мен ширығыстың таразыға түсер нағыз сағаты соққанын кепілдіктегі автобусты күткен барлық адамдар түсінген.

Байланыс құралдарында да дамыл жоқ еді. Біресе жоғарыдан, біресе төменнен түскен нұсқаулар мен бұйрықтардан мый сарсыған. Бірде тәтті, бірде қатты сөйлегендердің дауыс ырғағынан қобалжушылықтың табын тану қиын емес-ті. Бірақ, олардың қай-қайсынан да шарасыздықтың шарапаты есетінін бас нүктеге орналасқандар іштей шамалап тұрған.

Қарбалас ұзаққа созылған жоқ. Бас-аяғы оншақты минут мұғдарында айналадағы абыр-сабыр кілт тыйылып, әуежай ғимаратының алдына құшақтасқан, қолтықтасқан қыз-жігіттер пайда бола қалды. Олар ештеңеден хабарсыз жағдайда емін-еркін қыдырыстап, кейбіреуі тал тасаларына жасырына жастық ынтызарлық ауанына жол берген.

Тек жастар ғана ма, әредік тұстан дорба арқалаған шал-шауан, кемпір-семпірлер де қара көрсетіп қояды. Құдды, күнделікті көз үйренген көріністер.

- Сәтті қойылым, - деді мынаны көргенде Леонид Сергеевич өз-өзінен мағұрлана.

- Сөз жоқ, нағыз спектакль! - деп оны Бас прокуратура өкілі де қолдап жатыр.

Мынаны естігенде Есенгелді қабағын керді.

- Бұл анық спектакльдің басы ғана ғой, енді жалғасына сәттілік тілейік!

Осы кезде маңайдағылар бірауыздылық таныта:

- Иә, сәт!

- Жақсылыққа жазғай!

- Жаратқанның өзі қолдасын! - десті генералдың шашбауын көтере.

Біле-білгенге бұл Есенгелдіні ғана қолдаған тілектер емес еді, жалпы операцияның шып-шырғасыз өтуіне бағышталған ниет-ті. Мұны бәрі түсінді. Түсінді де белгісіздік аламанына аттарын қоса әркім өз ойымен өзі әлек болып кетті.

Байланыс құралында әлі дамыл жоқ. Біресе оң қапталдағы, біресе сол қапталдағы байланысшы әлдекімдерге түсінік жасап әлек.

- Лашын, мен бүркітпін, жауап бер.

Жиналғандар елең етісті.

- Лашын тыңдап тұр.

- Біз әуежайға жетіп қалдық. Ғимаратты көріп келеміз.

- Көрсеңдер сол қапталдағы қоршаудан өтесіңдер. Қақпа ашық. Соған жетсеңдер ұшу алаңының шет тұсында жеке тұрған ТУ – 154 ұшағын байқайсыңдар. Бетті солай қарай түзегендерің жөн.

- Лашын, сені түсіндім.

- Сонсын... Қақпадан өте бере жылдамдықты күрт түсіресіңдер.

- Ұқтым, лашын! Жылдамдық көрсеткішін жиырмадан асырмаймыз.

- Өздерің де қандай жағдайда әрекетке араласуға дайын болыңдар!

- Оған сөз бар ма!

- Ендеше, көріскенше!

- Ләйім, жақсылыққа бастағай!

«Набат» деген атауға ие болған операцияның қақпа маңында өтетінін жиналғандардың бірі білсе, екіншісінің білмегенінде талас жоқ. Мұны үшеуара талқы барысында Есенгелді, Леонид Сергеевич және «Альфа» тобының басшысы өзара шешкен. Басталар әрекеттің тосындығының өзі сонда – бұл жер ашық алаңқайға келеді. Жақын маңдағы таса боларлық қабырғаға, үйшіктерге шейін қырық-елу қадамдай жер бар. Ендеше, қылмыскерлердің күдік алу қаупі сейілетініне ұйымдастырушылар сенімді.

Шынтуайтына жүгінсе, күдікке ешқандай негіз жоқ. Жуыр маң алақандағыдай анық. Дәл қарсыда күнмен шағылыса жарқырап, көз жауын алар ұшақ күтіп тұр. Ынтаның соған ауатыны сөзсіз. Көптен армандаған, қылмыскерлердің қиялына айналған ТУ – 154 енді сәлден соң оларды бостандыққа ала ұшпақшы. Көк жүзіне көтеріліп алған соң аналардың артына күле, тіпті мазақтай қарайтынына шәк келтірудің өзі күнә.

Иә, енді шамалы минуттардан кейін сеңдей соғылысқан ой ағыны толастап, қырбың тірлік қырын сындыратынына сенбеу мүмкін емес.

Қылмыскерлердің көңілінде бір әттеген-айдың қыж-қыж қайнап шекара асатынына да иланыңыз. Тәуелсіз елміз деп кеуде керген осынау байтақ жердің қоқыстан тазармауы, оған жұрттың көз жұма қарауы өкінішке өзек жалғайтыны аян. Басқасы басқа, әуежай ауласын тазалауға шамасы жетпегендерден не сұрамақсың?! Әй-әй, қырсыздық-ай!..

Әр-әр тұсқа үйілген қоқыс қалдықтары шынында да көзге қораштық ұялатады. Мынадай жағдайға жол берген әуежай басшыларын жұмыстан шығарып тастаса обал емес. Пендеміз ғой, алқам-салқам тірлікке бой үйретеміз де, артынан соны қанға сіңіріп, бойкүйездіктен арылуға шамамыз жетпей жатады. Мынау соның айнадай қайталанбасы сияқты...

- Лашын, мен бүркітпін...

- Айта бер, айта бер, құлағым сенде!

- Біз қақпаға жақындадық. Жылдамдықты барынша азайтуға ден қоюдамыз,

- Жақсы! Күтіп тұрмыз!

Мынаны естігенде «Альфа» тобының басшысы Бас прокуратура өкіліне жанар аударды. Шабуылға рұқсат сұрағаны. Қанша айтқанмен қазір қару қолданылады. Ал, оны қолдану заңдылығына прокуратура тарапынан келісім ауадай қажет.

Бірақ, Бас прокуратура өкілі өз-өзінен мазасыздана тершіген майлы бетін сүртіне берді. Оның батыл шешімнен қашқақтағанын түсінген Леонид Сергеевич Есенгелдіге жүзін бұрды.

- Есенгелді Әбілмазинұлы, оқиға Шымкент аумағында болып жатқанын естен шығармағайсыз. Олай болса, облыстық прокурор жаныңызда тұрған жоқ па! Сол кісінің келісіміне құлақ түрсеңіз жетеді.

Мынаны естігенде облыс прокуроры саспады.

- Бастан құлақ садақа! - деді сәл жымиып, - Айтқаным айтқан, қандай жағдайда да мен сіздерді қолдауға уәде етемін! Артынан қандай салмақты да көтеріп алуға дайын екенімді мәлімдеймін!

«Альфа» басшысы байланыс қондырғысы арқылы әркім-әркімге бұйрық беріп жатқанда демдерін ішке тартқан бақылаушылар алға телмірген қалыптарында тас болып қатып қалғандай еді.

 

***

Нағыз сын сағатының соққаны анық.

Міне, алды-артын жол сақшылары мінген машиналар қаумалаған автобус әуежай ауласын қоршаған темір шарбақтың қақпасына да келіп жетті. Жүрістері кірбің. Дабыл қаққыш қондырғыларының тілі байланып қалған.

- Бастаймыз ба? – деп пысықтады «Альфа» басшысы Есенгелдіге мойнын бұра.

- Бастайық!

- Онда кірістік!

Топ басшысы өзінің жақ тұсына бекітілген қондырғыға бұйрық түсірді:

- Қырандар! Нөмірі бірінші дайындық! Кері сандық әрекет! Үш!..

Айқайлаған жоқ, жәй сыбырлай салды. Сонсын алға еміне демін ішіне тартты.

Автобус ырғалып келеді. Әлде тұрғандарға солай көрінді ме, әйтеуір шабандық сабырға ши жүгірткендей. Мына қалпында көз алдындағы көрініс өтіп болмастай.

Көлік қақпадан өтті. Тырс еткен бөтен дыбыс байқалмады. Тіпті, көңілді селт еткізер бөгде бір ерекшелік айналадан нышан салса-шы. Жоқ, әлем тас болып қатып қалғанға ұқсайды.

Бақылаушылар тықырши бастады. Әсіресе, негізгі жоспардан хабарсыз тұрғандар беймәлімдік апанында тызақтап тағат табар емес. Олар үшін болардың болмай жатқаны бүткіл жұмыстың зая кеткенімен пара-пар тірлікке тең келеді.

- Екі!..

Автобус тағы оншақты қадам тұсты артқа қалдырды. Әлі еш әрекеттің салдары ұшық берер емес. Сонда, «бастаймыз» дегендері бекершілік болғаны ма? Солай-ау, шамасы. Түсінген жанға мына жалғанның жарығындағының бәрі бекершілік болар-ау...

Адамға бір нәрсені күту азабынан асқан азап жоқ шығар, сірә да. Жаның нешеме құбылыс толқынын өткереді мұндайда. Тіпті, үміт пен күдік арпалысының астында омырылып кетуге шақ қалатының аян. Бірақ, омырылмайсың. Өйткені, адами болмыстың азаби тағдырға тәуелділігі сені сынып түсуден сақтап қалады. Тек, шытынап шығасың мынадай салмақтан. Жүрегіңе сызат түсіретінің тағы бар. Сол сызат жарықшаққа айналмасын деп тіле.

- Бір!..

Уақыт тоқтап қалғандай. Жайшылықта сырт-сырт етіп айналып дамыл таппайтын секунд тілі табандап жатып алғанға ұқсайды. Табандағаны сол емес пе – қиястық қағидасына бағыныштылықпен қозғалысқа қарсы, жатып алғаны сол емес пе – өтпейді-ау, өтпейді. Тіпті, сәл алға басуға емеурін танытса-шы. Жоқ, зіл батпан астында бастығырылып қалғандай.

Тек, бір шамада...

- Ноль! Кеттік!!! – деген болмашы дыбыс тыныштықты шайқап өтті.

Басшының қысқа емеурінінен соң аулада елеусіз тұрған қар тазалағыш машинаға жан біткендей орнынан жедел қозғалып, автобусты соққан сәтте бірінің соңын бірі алған үш жарылыс маңайды дүр сілкіндіріп қоя берді. Осы дүмпуден дүние дүрлігіп, тіпті шашылған қоқыс қалдықтарына жан біткендей олар да жыбырлап кетті. Сөйтсе... Бұлар жәй шашыла салған қоқыс қалдығы емес, адамдар жасырынар таса екен ғой! Ана сұмдыққа назар аударыңыз: қоқыс астынан сарбаздар автобусқа қарай атылып жатыр! Тіпті толастар түрі байқалмайды.

Дүние теңселіп кеткендей. Аспан асты астаң-кестең. Алда не болып, не қойып жатқанын адам түсінбейді. Әйтеуір, бір жойқын ширатылыс бар маңайда.

Көрініс ұзаққа созылған жоқ. Шытынай сынған әйнектер мен төрт-бес мәрте атылған мылтық дауысы сап басылған шамада қоқыс арқалаған сарбаздар енді автобустан адамдарды демеп шығара бастады. Демеді деген жай сөз, көтеріп алып шығып жатыр. Кепілде болғандарда өң-түс жоқ. Бәрін де тірі өлік дерсің.

Олар жерге табандары тигенде ғана жедел жеткен дәрігерлердің көмегімен өз-өздеріне келгендей біреуі ыңырсып, енді біреуі дауыс қоя жылауға көшті. Зарлары сай-сүйегіңді сырқыратады.

- Қылмыскерлердің көзі жойылды! - деп есеп берді шабуылға қатысқандардың жетекшісі операцияға жауапты адамдарға.

- Шығын көлемі қанша?!

- Кепілде болған адамдар арасынан шығын жоқ. Тек, жүргізуші мен бір қартаң адам болымсыз жарақат алды. Ал, екі қылмыскердің екеуі де залалсыздандырылды.

- Рахмет, қырандарым!

- Қазақстан Республикасына қызмет етеміз!

Есенгелді жанарын аудара беріп жүргізуші Алексейдің автобус алдын орай бергенін байқады. Шыдамады, құстай ұшып қасына жетті.

- Айналайын-ай, аманбысың?

- Е, мені жау алады деп пе едіңіз? Дін аманмын. Тек, мына жеріме сызат түсіріп алдым-ау деймін.

Ыржиып тұр. Оның сұқ саусағы нұсқаған тұсқа қарай беріп Алексейдің шеке тұсынан алған жарақат салдарын көрді. Оқ самайды жалап өткенге ұқсайды.

- Ештеңе етпейді, үйлену тойына шейін жазылып кетеді, - деді жүргізуші қолымен жарақатын сипап қойып.

- Әрине, жазылады. Сол тойда, шақырсаң, дәл төрде мен отыратын боламын. Келістік пе?

- Генералдың отыруы маған да мәртебе. Ендеше неге шақырмасқа!

Алексей әлдеқандай сарбаздың нұсқауымен дәрігерлер тұрған жаққа қарай беттей бергенде Есенгелдіні әлдеқандай таңсықтық жеңіп:

- Айналайын, айтшы, тура көзделген оқтан қалай жалтара алдың? - деп сұрады бір жағынан ыңғайсыздана. Өйткені, басқалар топтасқан нысана болса, жүргізушінің дара нысана екенін ол білетін.

Мына сөзге Алексей қайта жымиды.

- Сіз айтпап па едіңіз, шахматта бір-екі жүрісті алдын-ала болжаған абзал деп. Мен болжай алдым. Сондықтан жарылыстар болғанда есімді жоғалтпай, кезенген пистолет ұңғысын сәл бұруға мұрсат таптым. Дұрыс істедім бе?

- Әлбетте ғой, айналайын, әлбетте. Қайда жүрсең де аман бол, азаматым!

Есенгелді бойынан ауыр жүк түскенін сезіне көк жүзіне жанар қадады. Аспан шайдай ашық екен. Көктемнің жетіп қалғанын аңдатқандай ауадан жылылық лебі есіп қоя берді.

- Армысың, әз көктем! - деді ол іштей буырқанып.

Жылымықтан онсыз да қырбық қар күрт еріп, жер жіпсіп жатқан еді.

 

***

Кейіннен АҚШ сияқты алып ел бастаған бірнеше мемлекеттердің барлау мектептері оқулықтарына үлгі есебінде кіргізген «Набат» операциясы осылай аяқталған-ды. Оның басы-қасында жүрген азаматтардың білімі мен біліктілігі қандай марапатқа да лайық болатын.

 

 

Қазақ тілінде жазылған