Адам қарады: 7 | Жарияланды: 2018-05-24 02:37:07

  Жартас

хикая

Жартас. Кәрі жартас. Айбынды, кәрлі, басқа ұсақ шоқылар мен төбелердің, жал-жал боп жатқан тау өркештерінің үстінен асқақтай қарайтын жартас. Тау етегінде созылып жатқан кең аңғарда буырқанып аққан өзен. Өзенді жағалай орналасқан ірілі-ұсақты ауылдар, ауыл ішінде қарбалас тіршілік иелері – адамдар.

     Кәрі жартас күндізгі аптап ыстықтың беті қайтқанда немесе қар, жаңбыр, жел толастап, тауда жортқан аң мен ұшқан құстардың шуы басылған сәттерде ойға шомады. Мыңдаған жылдар ашық аспан астында қасқайып тұрған бұл жартас осынау өлкеде болып өткен қанша құбылыстар мен оқиғаларға куә болмады десеңізші. Қанша уақыт өткенін кім білсін, бұл жартас осы жерде миллиондаған жыл тұрған зәулім биік таулардың қартайып, шөккен кезінде туған жас жартас еді. Ол туған кезде айнала қоршаған орта да өзгеше болатын. Мынау етектегі кең аңғар да, бұлқынып аққан өзен де жоқ еді, тек мұнымен бой таластырған басқа жартастар бар болатын. Уақыт өте келе олардың бәрі аптап ыстық, сықырлаған сары аяз, толассыз жауған қар-жаңбырдың, уілдеп басылмай соққан желдің қыспағына шыдамай бірінен соң бірі мүжіліп, кейбірі морт сынып, етекке түсіп, қой тастарға, ұсақ төбешіктерге айналып кетті. Кейіннен мұның қол астындағы тау сілемдері әр жерден көздерін ашып бұлақтар шығарды, бұлақтар өздеріне жол іздеп, бір-біріне қосылып, өзен боп ағып, тар шатқалға сыймай, арнасын кеңейте-кеңейте тау арасында үлкен аңғар пайда болды. Су  тәрізді тіршілік көзі табылған соң, түрлі шөптер, бұталар мен ағаштар қаулап өсіп, өңірге түрлі аңдар мен құстар келе бастады. Ол кездегі аң-құстардың да тұрқы бөлек, қазіргідей емес, ірі болатын. Олардың бәрі бір кездері мыңдаған жылдарға созылған, жер бетін қар мен мұз жапқан суық дәуірде қырылып қалып еді. Арада тағы қанша уақыт өтті, белгісіз, табиғат қайта жанданып, бәрі қалпына келгендей болды. Басқа жан-жануарлармен қатар адам атты тіршілік иелері пайда боп, айналаға өз әсерін тигізе бастады. Олардың тұрқы басқалардың көбінен кіші болғанмен, іс-әрекеті жағынан бәрінен басым түсті. Адамдар алғашқыда топ-топ болып тіршілік етіп, шөп-шаламды азық етіп,  кездескен аң-құстарды аулап күн көретін.  Жартас та, мына маңындағы таулар мен ормандар үнемі адамдарға пана болып, қауіп-қатерлерден жасырып аман алып қалатын, жеміс-жидегімен қоректендіретін  еді. Біртіндеп, адамдар аз нәрсені місе тұтпай, тұнып тұрған табиғаттың тыныштығын бұзып, өзен суын, таудың тасы мен ағашын керегіне жаратып, аң-құстарын жаппай аулауға кірісті, аңдар мен құстардың кейбір түрлерін қолға да үйретіп алды. Өздеріне баспана тұрғызып, тау беткейіне мал өргізетін болды.

     Кәрі жартастың бір түсінбейтіні – осы ұсақ тіршілік иелерінің тойымсыздығы, мынау кең дүниеге сыймайтындығы, алақандай жер үшін бір-бірімен аяусыз қырылысатындығы еді. Бұл жартас адамдардың басынан өткен небір сойқандардың куәсі. Олар алғашында таспен, таяқпен немесе қылыш-найза тәрізді жеңіл қарулармен бетпе-бет келіп соғысатын, кейіннен мылтық, зеңбірек сияқты құралдар тауып, бір-бірін алыстан жайрататын болды.

     Ал,  адамдардың атқыш құралдары орман-тоғай, тау-тастың бәрін жайпап, түп орнымен қопарып, таудың өне бойын шұрқ-шұрқ тесіп, жаралайтын. Уақыт өте келе мұның бәрі ұмытылып, ақырындап қайта қалпына келетін. Бірақ, сол күндердің куәсіндей жартастың бойының әр жеріне сызат түскен еді.

     Тек соғыс-жанжал кезінде ғана емес, бейбіт заманда да адамдар табиғатқа тыныштық бермейді. Олар ертеректе тау бөктеріндегі ағаштан отын немесе кәсіптік материал даярлағанда, орман-тоғай арасынан бірен-саран қартайып, сола бастаған ағаштарды таңдап, оны ептеп балтамен  шауып, қоларамен кесіп алушы еді. Соңғы кезде моторлы аралармен бір беткейдің ағашын жау көргендей тұтас баудай түсіретін болды. Онымен қоймай, құлаған ағаштарды әкету үшін шынжыр табан тракторлар келіп, маңайдағы жас тал-шыбықтар мен бұталарды жапыра сындырып, шалғын шөпті таптап кететінді шығарды. Кеше ғана жайнап тұрған орман-тоғайдың орнында кесілген томарлар, шашылған бұтақтар, сынып жаншылған жас өскіндер мен қопарылған жердің топырағы ғана қалады. Осындай аяусыз жойылған орман-тоғайларда бұрын өріп жүретін түрлі аң-құстар да қазір сирек көрінетін болды, сол анда-санда көрініп қалғандарының өзі адамдардың қолынан оққа ұшып немесе тұзақ, қақпанға түсіп мерт болатын.

     Мұндай ойранды көріп, қарт жартас өзі қанша зор болғанмен мына сорақылыққа қарсы ешқандай тосқауыл қоя алмайтын шарасыздығына күйінгеннен бойындағы сызаттар кеңейе түскендей еді.

     Біраз жылдар бұрын адамдар кеп, тау бөктеріне түрлі қондырғыларын орнатып, әлдене іздегендей ол жер, бұл жерін қаза бастаған. Сол кезде бүйірлері тесіліп, топырағы бұрқырап сыртқа шашылып, қиналған тауларды көріп, жартас ауыр күрсінетін еді. Өйткені, ол адамдардың бұл жерден іздеген дүниелерін тапса, бұл таулардың бір бөлігін жоқ етіп жіберуден тайынбайтынын сезген болатын. Оған алыс өлкелерде болып жатқан мұндай жайлар туралы жер бетін шаршамай кезіп, шапқылап жүретін жел сыбырлап айтып кететін. Абырой болғанда, іздегендері табылмады ма, әлде іздеуді кейінге қалдырды ма, әйтеуір, бір күні жұмыстарын доғарып, барлық құрал-жабдық, техникаларын жинап, алып кетті. Олар кеткенде, енді тыныштық болар деген кәрі жартас бір  кең демалғандай болып еді.

     Бірақ, бұл қуаныш көпке бармады. Соңғы кездері қартайып қаусағанның белгісі ме, әлде бір жамандықты сезді ме, кәрі жартастың бойын қорқыныш билеп алды. Өзін-өзі қанша салмақты ұстауға тырысқанымен, бұл сезімнен арылу қиынға түсті. Оған себеп те бар еді. Адамдар ауыл сыртынан жаңа жол салу үшін қыруар техника әкеп, тау етегінде оңды-солды қазу жұмыстарын жүргізе бастады. Олардың бір тобы өзен жағалауы мен іргелес тұрған жартас түбін кеңейтуге кірісті. Ауыр техниканың қопарып, қазып, тасты соққылауынан туған үздіксіз шуынан жартастың өне бойы қалтырап-дірілдеп, басы айналғандай болады. Бұрқыраған шаң үстін көміп, маңайын көрмеуге айналды. Күндіз-түні толассыз жұмыс істеген техникамен бірге талай таңды көзімен атырды.

     Осылай өтіп жатқан күндердің бірінде адамдар дәл жартастың түбінен ауқымды шұңқыр қаза бастады. Бұл шұңқырдың өзіне қазылып жатқан көр екенін кәрі жартас айтпай-ақ, іштен сезді. Мұңын айтар да ешкім жоқ еді.  Өйткені, төмендегі қой тастар мен төбешіктердің барлығы техниканың көмейі мен табанының астына түсіп, құрдымға кетіп жатқан болатын.

     Шұңқыр қазылып біткенде, адамдар оған әлденендей затты әкеп тыққанын көрді. Шұңқырдағы адамдар өз жұмыстарын бітіріп, асыға басып аулаққа кетті де, әлдекімнің зор дауыспен берген бұйрығы естілді. Жер дүниені жаңғырықтыра «гүрс» еткен дауыс шықты да, сол мезет кәрі жартастың бүкіл денесі солқ етіп, өзін-өзі меңгере алмай, шайқалып кетті. Осы тіршіліктегі соңғы сәтінде бұрынғы түскен сызаттардың үлкейіп, қабырғаларының арасы қақырап сөгіліп бара жатқанын сезіп, қатты ышқынды. Айнала тұманданып,  қою қара шаң мен топырақ бүкіл жарық дүниені жауып кеткендей болды.

       Шаң сейілген кезде, бір кездегі күнмен теңесіп, ай нұрына шағылысып, бұлттарды аймалап тұратын, адамдар үшін де көп қызмет еткен  айбынды алып жартастың денесі мың сан ұсақ кесектерге бөлініп, бұрын өзі үстінен асқақтай қарап тұратын тау етегінде өзен бойын жағалай шашылып жатқан еді.

                                                                                                                              2009

 

Қазақ тілінде жазылған