Мұхтардың мұраты
Қатысушылар:
Екі бөлімді, алты көріністі драма
Бала Мұхтар
Азамат Мұхтар
Әуез – Мұхтардың атасы
Дінәсіл – Мұхтардың әжесі
Қасымбек – Мұхтардың ағасы
Шәкәрім, Турағұл, Әрхам, Көкбай – Абайдың туыс-туғандары, шәкірттері
Кәмила – Абайдың немересі, Мұхтардың жары
Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Әлімхан Ермеков – Алаш арыстары
Бірінші бөлім
Бірінші көрініс
Әуездің киіз үйі. Әуез бен бәйбішесі Дінәсіл қымыз іше отырып, әңгімелесуде. Бала Мұхтар атасы мен әжесінің әңгімесіне кедергі болмайын дегендей үйден сыртқа сытылып шыға береді.
Әуез: Сонымен бәйбіше Абай құданың жағдайы, көңіл күйі қалай екен? Мағыш ше, Мағыш?.. Құда маған өзі де неге келмеді деп өкпелеп қалған жоқ па?..
Дінәсіл: Сіздің аяқ астынан беліңіздің шойырылып, орныңыздан қозғала алмай қалғаныңызды құдаға барған бетте айттым. Сөз түсінетін, жөн түсінетін кісілігі бір басынан жетіп артылатын адам ғой. Сол себептен де, кейбіреулер секілді бізді бос қажап жатпады. Тіпті, оны айтасыз, маған сәлем бере келіп, оның үстіне Мағашымның көңілін сұраумен де шектелмей бізге деп сақтаған сыбағаңызды өңгере келгеніңіз жөн білгендік деп менің де көңілімді көкке көтеріп тастады...
Әуез: «Бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтар» демекші, олай демесе Абай Абай бола ма! Әйтпесе Абайжанның қазіргі жағдайын оның досы түгілі қасына тілемес едім. Япырау, кешегі жарты патша Құнанбай әулетінің үйін тінту деген не сұмдық! Құнанбай жездемді айтпағанда Абайдың өзімен ояздың өзі атынан түсіп амандасып, құрмет көрсетіп жатушы еді ғой.
Дінәсіл: Сонда патша ағзамның бүгінгі шенеуніктері біздің құдаға не деп кінә артады?
Әуез: «Жайықты алғаны жағаға қол салғаны, Еділді алғаны елді алғаны» деп кешегі жыраулар күңіренгеніндей, бұлар осы екеуіне қол жеткізген соң енді қазақты дінінен айырып, шоқындыруды мақсат етіп отырған жоқ па! Көкшетаудағы аузы дуалы Науан хазіреттің маңындағы өзі де оқыған тоқыған Шаймардан Қосшығұлов деген көзі ашық азамат Абайдан жөн сұрап хат жазыпты деседі. Бауыздарда қой екеш қой да аяғын серпиді дегендей, ондағы азаматтарды да түсінуге болады.
Дінәсіл: «Естімеген елде көп деген». Енді артының қайырын тілейік.
Әуез: Мен жаманшылық шақырғандай болмайын, солай дегенмен Абайдың бүгінгі күні қай жағынан болсын тығырыққа тіреліп отырғанын қалай ғана сезбейін! Құнанбай жездем Аягөздегі Ақтайлақ биден менің әкем Бердіқожа бастаған бір топ қожаларды аттай қалап Шығыстауға алып келгенде патша өкіметінің осындай аяр саясатының алдын алмақ болған. Ал оның алдында сол Ақтайлақ бидің сонау бір қиырдағы қасиетті Қаратаудан бір қауым қожаларды Сарыарқаға көшіріп алып келуі де сондай оңды пиғылдың нәтижесі еді.
Дінәсіл: Елдің қамын жеген Едіге сол біздің ардақты аталарымыздай-ақ болар!..
Әуез: Бәйбіше, менің Құнанбай жездеме деген ерекше құрметімді бір кісідей білесің. Патша өкіметінің аса жауапты қызметінде жүргеніне қарамастан, басын бәйгеге тіге отырып, қолға түскен Кенесарының сарбаздарын босатып жібергенін қайтерсіз! Тіпті, сол жолы әлгі сарбаздарды қолға түсірген өзінің серіктеріне дүре соқтырыпты деседі. Ал ол да бір дәурен! Енді елдің ырқы өз қолынан сусып кетіп бара жатқан тұстағы Абайдай алып ақынның ішкі күйзелісін мен түсінбесем кім түсінер!.. Бәйбіше, әлгі Қоңыр қайда кетті. Одан жасырарлық не сөз бар. Қайта естіп қалсын есті сөзімізді. Қоңыр, әу Қоңыр қайдасың, үйге кірші!... (бала Мұхтар аяғын ақырын басып үйге енеді).
Дінәсіл: Менің есіме енді түсіп отырғаны... Отағасы-ау, осы Қоңырымыз өмірге келіп, шілдехана тойын жасағанда үйімізге Абай атасы келгені ойыңызда ма? Ол кісінің тарапынан бұл да біздің әулетке құрмет екен-ау!
Әуез: (күліп) Бәйбіше, сен де маған осы орайда бір мақтанып қалуға мұрсат бер. Абайжанның өз білімі аздай-ақ кейде сіз арапша мен парсы тіліне жүйріксіз деп маған жүгінетіні бар. Ұлық болсаң кішік бол деген осы емес пе!
Дінәсіл: Жасыратыны жоқ, әншейінде қойдан жуас мына Қоңырың бастапқыда орынсыз еркелігімен Абай атасының көзіне түсіп қалды. Сонда ақын атасы «баланы тым еркелетіп жібергенсіздер ме» деді жайлап қана. Мен болсам «жоқ олай емес» деп шыр ете түстім. Сонсоң өзіңіздің мұны бес жасынан орынсыз дүрмектен қаға отырып «сіздің өлеңдеріңізді жаттатқызып өсіріп келеді» дедім. Бұл да қарап тұрмай: «Иә, Кәрі апамның айтып жатқаны рас. Атам сауатымды ашқаннан бастап, далаға шығып балалармен ойнауға мұрсат бермей, сіздің өлеңдеріңізді жаттатқызатын» деді.
Мұхтар: Мен солай деп едім, Абай ата: «Менің жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген өлеңімді білесің бе, білсең айтшы» деді. Мен ақын атаның бұл өлеңін өзіңіз айтқандай мәнерлеп оқуға тырысып бақтым. Сонсоң ата маңдайымнан сүйіп, батасын берді.
Әуез: Ендеше атаңның сол батасы қабыл болсын! (бетін сипайды) Міне, еңбегіміз жанды деген осы! Ойнап күлуге уақыт табылады, ойлап ой түбіне үңілуге мойнымыз жар бермейтіні бар. Сондықтан мұның жауабын қайдан іздестіргеніміз жөн, Мұхтаржан!
Мұхтар: Өзіңіз айтқандай Абайдан, Абай өлеңдерінен! Ақын ата маған: «Қашанда Әуез атаң мен Кәрі апаңды тыңдап өссең жерде қалмайсың» деді. Мен сіздердің осындай аманат сөздеріңізді ешқашан есімнен шығармаймын!
Дінасыл: Айналдым сенен құлыным! Жаратқан сені тіл мен көзден сақтасын! (кемсеңдеп) Әкең Омарханның да, шешең Нұржамалдың да денсаулықтары онша емес, дімкас. Соларды ойлағанда жаным ауырып, тәнім түршігеді. Алладан солардың амандығын тілеймін!
Әуез: Тілегің қабыл болсын, бәйбіше! Бірақ жылап боркеміктік танытып жатқаныңды құп көрмеймін. Сені исі тобықты жұрты «Кәрі апаң» атандырып, төбелеріне көтеріп жүргенде жаманшылық шақырып елдің еңсесін түсірме! Кәне, одан да Қоңырдың орындауында Абайдың өлмес өміршең өлеңін тыңдалық!
Мұхтар: Ата, мені ақын атаға апарып келген Кәрі апама рақмет! Мен бұрын ол кісіні өмірден өтіп кеткен ерте заманның, тіпті ертегінің адамы секілді көретінмін. Сөйтсем ортамызда жүр екен ғой. Ата, сіздерге ақын атаның алдында оқыған өлеңді қайталап оқып берейін: «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын көре тұра тексермедім. Түспеді ержеткен соң уысыма, Қолымды мезгілінен кеш сермедім». (Өлеңнің соңы хорға ұласады, атасы мен апасы Мұхтарды бауырларына басып, алысқа көз тігіп тұрып қалады)
Екінші көрініс
Мезгіл көктем айы. Бозбала Мұхтар мен ағасы Қасымбек арнасына сыймай лықси аққан Ертістің жағасында жайымен сырласып отыр.
Қасымбек: Уақыт деген қандай жүйрік. Мұхтаржан сенің Семейге келіп оқып жатқаныңы да бес жыл болып қалыпты-ау! Алғаш сауатыңды ашқан атаң Әуез болатын. Бәріміз де осы кепті бастан кешірдік. Және одан қор болған жоқпыз. Әсіресе, бұл мәселеде сенің ұпайың түгел. Олай деп жатқаным сол, атасы өзінің сүйікті Қоңырының сауатын ашумен шектелмей, оны Абай әлеміне біржола байланып қалатындай етіп енгізіп жіберді ме деймін.
Мұхтар: Оныңыз рас, Қасымбек аға! Аюға намаз үйреткен таяқ демекші, мен пақыр Абай атаның өлеңдерін бес жасымнан жаттап өстім ғой. Сонда көбіне далаға шыға алмай, ойыным қанбай атама іштей өкпелеп, қыстығатынмын. Кәрі апам болса менің жағыма шығысып, ақсақалына «бұл Абай атасының өлеңдерін жаттауға әлі үлгереді ғой» деп кейитін. Жайшылықта мен десе жайылып түсетін атам болса мұндайда илігуді білмейтін. Бір жағынан сонысы дұрыс болды ма деймін. Сол себептен де атамның алдын бір университет болды деп есептеймін.
Қасымбек: Біздің шалды Абай атамыз құда ретінде, болмаса өзінен бір мүшелден артық жас үлкендігіне ғана емес, білімі мен кісілігіне қарап та сыйлап өтіп еді-ау!
Мұхтар: Атамның көңілді бір кезінде «Абайдың кейбір араб, парсы сөздерінің мағынасын менен сұрап алатыны бар» деп мақтанышпен сөз қозғағаны есімде қалып қойыпты.
Қасымбек: Сөйткен атаң сені көпке дейін Семейге оқуға жібергісі келмегенін қайтерсің! Өйткені, анау Разақ, Ахметтен, ішінде мен де бармын, немересі сені жақсы көретін. Өз басым оған сүйсінбесем еш қызғанбаймын. Атаң сонда біріншіден сені қалаға барып елден қол үзіп орыс мінезді болып кете ме деп қауыптенсе, екіншіден саған қаланың ауасы жақпай ауырып қала ма деп сескенгені де рас. Оған жасынан білім қуамын деп қалаға кетіп, ақыр соңы жастайынан мерт болған анау Халиолла, Әбіштердің қайғылы өлімі себеп болғаны да шындық.
Мұхтар: Қасымбек аға, соған қарамастан атама сөзіңізді өткізе білген сізге мың да бір рақмет!
Қасымбек: Бұл кезе сенің жасың оннан асып кеткен болатын. Бірақ қалай десек те, ештен кеш жақсы деген. Камалидден медресесіндегі бір жыл оқу дайындықпен келген саған соншалықты қиын болған жоқ. Ал келер жылы қалалық бес кластық орыс мектебіне түстің. Екеуіміз мұны атаңмен ақылдаспай өзіміз шештік. Сонда әкем бізге, әсіресе маған ренжіп қала ма деп едім, ол кісі қанша айтқанмен Абай тәрбиесін көрген адам ғой, өздерің соны жөн көрсеңдер бопты деді де қойды.
Мұхтар: (күледі) «Дүниенің кілті орыс білімінде» деген Абай сөзін құлағыма өзі құйған адам енді келіп бұған қалай ренжісін!
Қасымбек: Атаң жасынан Абай өлеңдерін жаттап өскен сенің ендігі жерде ел мен жерден қол үзбейтіндігіңді бек түсінді. Оның үстіне қысқы, жазғы демалыстарыңда елге барғаныңдағы тірліктерің бір атаңды ғана емес, баршамыздың жанымызды жадыратын. Яғни, қысқы демалысыңда ауыл ішінде әдеби кештер өткізіп, оған тарихи поэмаларды әндетіп оқитын әр ауылдың талантты жастарын шақыратының, ал жазда Абай жайын жақсы білетін Шәкәрім, Көкбай, Әрхам, Қатпа сынды абзал жанды адамдарды айналсоқтап жүретінің көңілімізді көтеретін. Домбыраға, басқа да музыкалық аспаптарға ықыласың осы кезден басталды. Тек болыс яки тілмаш болуды ғана мақсат тұтатын жастардан ондай талап аңғарылмайтын.
Мұхтар: (күледі) Қасымбек аға, жаман ініңізді бүгін тым асыра мақтап жатқан секілдісіз бе, қалай? Соған сай болсақ жарар еді!
Қасымбек: (ол да күледі) Ендеше әйтеуір мақтаған соң жеріне жеткізейін. Жақында өзіңе орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін Попов деген ұстазыңмен тілдесіп қалдым. «Метель» -«Боран» деген тақырыпта шығарма жазған көрінесің. Тілің мен суреткерлігіңе тәнті болған ұстазың сенен болашақта үлкен жазушы шығады деп отыр. Ол кісі онымен де шектелмей, сенің қашанда байсалды,ибалы, ұстамды һәм сонымен бірге жолдастарыңның алдында айбынды екендігіңді айта кетуді де ұмытпады.
Мұхтар: (қипақтап) Мұның бәрі бір кісінің басына артық па деймін..
Қасымбек: (тағы да күледі) Онда саған бірге оқитын жолдастарыңның берген бағасын айтайын да тоқтайын. Сен жолдастарыңның арасында әлгіндей абзал қасиеттеріңмен бірге «Ярыш» -«Жарыс» деп аталатын Семейдегі мұсылман жастарының тұңғыш футбол командасының белді ойыншысы екенсің ғой. Оны осында жүріп менің білмейтінімді айтсаңшы! Ол менің кінәм. Тіпә, тілім тасқа, кейін атағың шығып үлкен жазушы атанғаныңда «Жарыстың» сапында белді ойыншы болғаның да айтылмай қалмайды.
Мұхтар: Осындайда Абай атамыздың өлең шумақтары еріксіз еске оралады екен. Бірақ оны тіке өз атыңызға қабылдай көрмеңіз...
Қасымбек: Айта ғой, айналайын!
Мұхтар: «Сенбе жұртқа, тұрса да мақтап. Әуре етеді, ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, қайратың мен ақылың екі жақтап...» (екеуі қосыла күліп құшақтасып мәз болады)
Қасымбек: Мұхтаржан, сен биылғы жылы бес кластық орыс мектебін бітіргелі отырсың. Жасың он жетіге келді. Қазірде тілмаш, болыс болу арман емес. Оған өзің де құмар емессің. Сондықтан әлі де оқуың керек. Мен сенің енді осы Семейдегі мұғалімдер семинариясында оқығаныңды жөн көріп отырмын. Оның оқуы төрт жыл. Сонда Семейдегі оқуыңның баршасын қосқанда он жылға созылады. Одан арғы жағын көре жатасың. Оқу, білімде мен жете алмаған шыңға сен шықсаң арманым болмас еді...
Мұхтар: Қас аға, жас аға бұл сөзіңіздің астарын түсінбедім ғой... жас кезіңде, жас кезіңде мүмкіндігің болмай жатса одан кейінгі жерде де оқу, білімге ұмтыл дейтін едіңіз ғой.
Қасымбек: (күмілжіп) Оған мына денсаулық шіркін мүмкіндік бермей бара жатқан жоқ па!..
Мұхтар: Бүгінгі көңілді басталған әңгімеміздің соңы не болып барады өзі!.. Сіздің науқастанып жүргеніңізді бұрын-соңды естіген жоқ едім...
Қасымбек: Әлгінде сенің жасыңның он жетіге келгенін айтып қалдым ғой. Қазақ он үштегіні отау иесі дейді. Сен он екі жасыңда әкеден, ал он бес жасыңда анадан айрылып қалдың. Әке орнына әке болып, Омархан ағамның орнын жоқтатпаймын деп едім қайтейін!.. Сені басқа емес, алдымен өзім жұбатайын деп әңгімені ашық айтып жатырмын. Ендігі жағдайыңмен Разақ ағаң айналысар. Әзірге Әуез атаң да аман-есен. Бүгінде жасы сексенді орталап қалған ол кісіге де оңай болмас. Ал өзіңді Абай атаңның аруағы да қолдап, жебеп жүретіндігіне бек сенімдімін. Ана тіліндегі алғашқы шығармаңды сол ақын атаңның аруағына бағыштасаң дұрыс болар еді!
Мұхтар: (басында қамығып, іле ширығып) Екі дүниеде де сізге ризамын, сізге қарыздармын, Қасымбек аға! Жаңағы тілегіңізді де жерге тастамайтындығыма кәміл сеніңіз! Халқыма, Абайдай данышпанға қызмет етуді өз өмірімнің мұрат-мақсаты деп білемін!
Үшінші көрініс
Турағұлдың киіз үйінде үй иесімен Шәкәрім қажы, жас Мұхтар қымыз іше отырып, әңгіме көрігін қыздыра түсуде.
Турағұл: Қажы аға, мына Мұхтарға алғысымды сіздің көзіңізше айтсам деймін. Өйткені, біздің Ақылия-Ақыштың ұзатылу тойын есте қалаларлықтай оқиғаға айналдырған осы айналайын! Солайша Ойқұдықта өткен той үстінде жаңа бір өнердің тұсауы кесіліп, Еңлік пен Кебектің сүйіспеншілік оқиғасы қайта жаңғыртылып, сахна тілінде жалпақ жұртқа жария етілді...
Мұхтар: Тұраш аға, бұл орайда алғыс пен марапатты ең алдымен Қажы ағаға айтқанымыз дұрыс болар. Бұл кісі «Еңлік-Кебек» дастанын жазбаса, біз бұл тақырыпқа келе алар ма едік. Оны бір десек, екіншіден пьесадағы билер сөзін тікелей сіз екеуіңіздің ақыл-кеңестеріңізбен ширата түскенімді жасырып қалсам азаматтығыма сын болар.
Турағұл: «Ұлық болсаң кішік бол» деген. Мұхтаржан солай деп отырған саған рақмет. Сен бұлай дегенде өзің де, өмірге енді ғана келіп, тұсауы кесіліп жатқан тырнақалды туындың да кішірейіп қалмас. Солай дей отырып, өзіңді бұл тақырыпқа келуіңнің сырын ашыңқырап айтсаң деймін...
Мұхтар: Атам Әуез Абай ата өлеңдерін бес жасымнан жаттатып өсірді ғой. Ал одан әріде өз тарапымнан ел арасына кеңінен тарап кеткен дастандарды жаттап айтуға қызығушылық оянған. Сонау бір қиырда, Шыңғыстың ішіндегі Құралай Құрда жатқан Қажы ағаны қыстың көзі қырауда іздеп баратыным да сондықтан. Сонда өрелі өлең-жыр, есті әңгімеге де әбден қанығып, саятшылықтың қызығын да молынан бастан кешкенім естен кетпес.
Турағұл: Қажы ағаңның қос кітабы – «Қалқаман-Мамыр» мен «Еңлік-Кебектің» жарыққа шығатыны да сол кез ғой...
Мұхтар: Тұраш аға, дұрыс айтасыз. Ал соның алдында Абай атамыздың өлеңдері Кәкітай аға мен сіз екеуіңіздің арқаңызда сонау Петерборда басылған болатын. Бұл Семейде оқып жатқан біз үшін баға жеткісіз оқиға болды. Ал одан кейін үш-төрт жылдан соң Семейде біздің мұғалімдер семинариясындағы ұстаздарымыз ерлі-зайыпты Нәзипа мен Нұрғали Құлжановтардың ұйымдастыруымен алып ақынның өмірден өткеніне он жыл толуына орай ұлағатты бір кеш өткен еді. Соған Шыңғыстаудың ішінде жатқан Қажы ағамыз арнайы келіп қатысқан. Осының бәрі қосыла келгенде менің ел мен жерге қатысты оқиғаға деген қызығушылығымды одан әрмен арттыра түскен. Ал одан кейінгі жерде кешегі өткен Қасымбек ағам да осыған түрткі болғанын айтсам деймін...
Шәкәрім: Мұхтаржан, сенің сөзіңді зейін қоя тыңдап отырмын. Ал сөзіңнің бір жалғаны жоқ. Мына Тұраш біледі, Абай атаңның талапты жастарға қамқорлығы мол болғанмен, оларға талабы да өте зор еді. (күледі) Соның айғағындай, Әріп, Көкбай үшеуімізді бір ғана өлеңімен жерге қазық қылып қаққандай болғанда тура мағынасында айтқанда менің тілім байланып қалған. Сол тығырықтан алып шыққан да Абай жарықтықтың өзі. Яғни, ұлдары Ақылбай мен Мағауияға Азия мен Африка елдерінің тарихынан, Көкбайға Абылай хан туралы, ал маған Қалқаман-Мамыр, Еңлік-Кебек, Қодар-Қамқа оқиғаларын дастан етіп жазуды табыстаған. Соларды жазғанда менің жасым отызда екен. Соған орай мен отызымда орда бұздым деп жүрсем, Мұхтаржан сен жиырма жасыңда айды аспанға шығардың. Сондықтан сені ең алдымен Абайдың аруағы қолдасын деймін!
Турағұл: Айтқаныңыз келсін! Әумин! (бәрі бет сипасады)
Шәкәрім: Екіншіден айтарым сол, Ақыш пен Сәнияз сынды жастардың шаңырақ көтеріп, өз алдына отау тігуіне орай бірер күннен бері Абай ағамның әулетіне қайырлы құтты болсын айтып, оң батамызды да беріп жатырмыз ғой. Шындығында кешегі заманда бір-бірімен бітіспес дұшпан көрінген Абай мен Оразбай немерелерінің бас қосуы оңды шаруа болды. Ұзағынан сүйіндірсін деймін тағы да!
Турағұл: Солай болғай, тілегіңіз қабыл болсын, жақсы аға! Осы орайда жас Мұхтар біле жүрсін деп айтайын, әкемнің өмірден озғанын сүйіншілеп жеткізген шабарманына Оразбай: «Сен не тантып тұрсың? Мен енді кіммен тартысып, кіммен жаға жыртысам» деп жеки сөйлеп, дүреге жыққан екен.
Мұхтар: Мұны енді өз басым ірілік деп білемін! (Осы кезде ішке «Ассалаумағалейкум» деп сәлем беріп Көкбай ақын енеді).
Шәкәрім: Сәлемші болсаң жоғарыла, Көкбай! Сені неге кешігіп жатыр деп іштей іздеп отырған едім, келгенің дұрыс болды.
Көкбай: Ал ең алдымен баршаңызға той құтты болсын, жастардың бағы ашылсын деймін. Сонсоң мына Мұхтардың алғашқы қадамына да құтты болсын айтамын! (Шәкәрімге қарата мойын бұрып) Қажеке, осыдан бес жыл бұрын сіздің қос кітабыңыз шығып жатқан тұста Тайыр Жомартбаев ініміздің «Қыз көрелік» атты романы жазылып біткен еді. Қазақ сахарасындағы алғашқы роман осы болар тегі. Енді міне Мұхтар Еуропа жұртының озық ойлы азаматтарының үлгімен пьеса жазып, тыңнан жол ашып отыр. Сондықтан барымызды бағалай білейік, ағайын!
Шәкәрім: Дұрыс айтасың, Жанатайдың баласы! Бірақ елдің бәрін өзіңдей көрме! Кешегі ақпан төңкерісінен кейін патша тақтан кетіп, заман өзгеріп жатқанына соншада мұнша селт етпеген қайсыбір ағайындардың «Абай ауылы, Абай әулеті Мұхтардай жас баланы алға салып, осыдан екі жүз жыл бұрынғы оқиғаны қайтадан көңірсітіп жатқаны қалай» деп шала бүлінуде. Соған басқасы басқа Ырғызбайдың кейбір басбұзарларының жел беріп отырғанын қайтерсің!
Турағұл: Сонда біз кешегі жоңғар шапқыншылығынан кейін бір қауым елді ата жұрты Шыңғыстауға бастап келген Мамай батыр мен Кеңгірбай бидің қажыр-қайратын ескермей отыр дей ме екен? Болмаса Биатаның сол елдің билігін өзінен кейін өз ұрпағына емес, Ырғызбайдың ұлы Өскенбайға ұстатып кеткенін ұмытып, көрсоқырлық танытып отыр дейтін шығар!
Шәкәрім: Олай десең бергі Еңлік-Кебек оқиғасы түгілі, арғы Қалқаман-Мамырдың қасіретті тарихын да ұмыта қойған жоқпыз. Сонда кесімді сөз айту өзіне келіп тірелгенде исі қазақ Әнет баба атандырған ақылман абыз өз билігін мүмкіндігінше жұмсартып, әншейінде ешкімге дес бермейтін Көкенай батыр да соншалықты қатыгездікке бармаған еді. Яғни, Қалқаманды өлімге қимаған. Ал енді кейінгі оқиғаға арналған дастанымның шекесіне жазып қойғанымдай, мен шариғатқа сүйене отырып, Еңлік мен Кебекті соншалық жазалы демеймін. Сол дастаныма «Жолсыз жаза» деп ат қойғаным да сондықтан.
Көкбай: Қажеке, бірде Абайдай абыздан «жаңалықтың жауы нешеу» деп сұрап қалғанымда, ақын аға сұрағымды ұнатпай басын шайқаған. Сонсоң іле шала: «Жаңалықтың жауы көп болса да, жоқ деп түсінген дұрыс. Жаңалық – тіршіліктің белгісі. Тіршіліктің бір жауы – жалқаулық» деген. Мұхтардың алғашқы шығармасынан Абай ағаның турашылдығын көріп отырмын. Көпке қуаныш әкелетін мұндай дүние тек қана бүгінгі ұрпаққа қуаныш әкеліп қоймайды. Келешектің де қазынасы болатынына күманданбаймын.
Шәкәрім: Маған «Еңлік-Кебек» дастанын жазғызған да, соған орай туындаған қауып-қатерден мені сақтап қалған да Абай аға болатын. Көкбай саған Мұхтардың пьесасын тездетіп көшіріп жібергеніміз дұрыс болыпты. Шыңғыстаудың, тіпті Семей өңірінің озық ойлы азаматтарына осылайша «сыйлық» жасап бағалық. Болмаса көршілес найман елінің намысын қоздырып жатқандар да бар көрінеді. Сонсоң ойынға қатысқан әртістерді жан-жаққа жөнелтіп жатырмыз. Олар өз сөздерімен шектелмей, пьесадағы басқа да кейіпкерлердің сөзін қалың жұртшылыққа бұрмаламай жеткізуде.
Турағұл: Кейіпкер демекші, пьесада амалсыздан әйел болып ойнаған ерлерді әжуалап, қарғап-сілеп жатқандар да бар екендігін қайтерсіз!..
Көкбай: Мен осы мәселеге орай өз тарапымнан Ағашаяқ атанған Берікбол Көпенұлы секілді өнерпаздарға да тапсырма беріп кеттім. Сонсоң тағы бір қуанышты хабар сол, мұндайда ештеңеден тайсалмайтын Тәуке батыр түрмеден босап келе жатқан көрінеді. Ежелден Абай ұрпақтарымен дос-жар болып табылатын Тәуке батыр да аянып қалмас.
Мұхтар: (күліп) Сіздер осы сақтықты тым күшейтіп жіберген жоқсыздар ма! «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген жоқ па, Абай ата. Әзіл сөз айтып жатқаныма ренжіп қалмаңыздар. Енді рұқсат болса, тағы бір жаңалығымды айтайын...
Турағұл: Рұқсат, Мұхтаржан, рұқсат! Жаңа шығарма жазып, жаңалық айтып ағаларыңды қуанта берші, қалқам!
Мұхтар: Прозада, яғни қарасөзде жаңағы Тайыр ағаның өкшесін басып келе жатқан түбі баянауылдық Жүсіпбек Айтауытов есімін естіген де боларсыздар? Сол Жүсекең екеуіміз келер 1918 жылдың басынан бастап «Абай» деген атпен журнал шығарсақ деген игі ниетіміз бар. Оған іргедегі Ши өңірінің тумасы, өздеріңіз жақсы білетін Қаражан Үкібаев сынды ауқатты жандар көмегімізді аямаймыз деп отыр. Журналымыз жалпы жұртшылыққа, оның ішінде жастарға арналмақ.
Шәкәрім: Жаратқан сақтансаң сақтаймын депті. Соған бағып әсіре сақтықты ойлап кеткендейміз бе, қалай? Айналайын, Мұхтаржан жақсы жаңалығыңмен көңілімізді көкке көтеріп тастадың ғой. Сені қай мәселеде болсын Абай атаңның аруағы қолдасын! (бәрі беттерін сипасады).
Екінші бөлім
Төртінші көрініс
Семей губерниялық атқару комитетінің кеңсесі. Комитет төрағасы Мұхтар Әуезов Әрхам Кәкітайұлымен әңгімелесіп отыр.
Мұхтар: Ал Әрқаш аға, Семейге хош келдіңіз!
Әрхәм: Мұхтаржан, ақылдасатын шаруа бар деп өзің шақыртып жатыр деген соң Шыңғыстаудан тездетіп жеткен бетім осы. Алдымен өзіңді жаңа қызметіңмен құттықтаймын! Бірақ көңіліңе келмесін, маған салсаңдар сенің қызмет қумай, білім қуғаның, таза шығармашылықпен айналысқаның жөн секілді еді.
Мұхтар: Кезінде Шәкәрім ағамызды билікке жолама, былғанасың дей отырып, оны ширасын, ысылсын деген мақсатта небәрі жиырма жасында болыстыққа сайлатқан Абай атамыздың өзі екен. Ал менің жасым «айхай, жиырма беске» келіп қалды. Заманның сәт сайын мың құбылып тұрғанын өзіңіз де білесіз. Ініңіз Даниал екеуіміз осындай қарбалас шақта елге қызмет етпесек, бұл міндетті кімге жүктегендейміз. Айтпақшы, оның да осында бөлім меңгерушісі болып жатқанын білесіз ғой.
Әрхам: (күліп) Абай атамыз менің әкем Кәкітайды бір мүшел жасқа толған соң бауырына басып бала ғып алғанын, ұлы Мағауиямен бірге тәрбиелеп, Семейде оқытқанын естіген боларсың. «Абай ағамның қасында ширек ғасырға жуық уақыт болғанда ол кісінің маған үйретпеген білімі жоқ» деп отырушы еді жарықтық. Сөйткен әкем мені аурушаң деп аяды ма, менен кейінгі інілерім Біләл мен Даниалды қалаға апарып оқытты да, мен ауылда қала бердім.
Мұхтар: Даниал екеуіміз бір жылдың төліміз ғой. Қалалық орыс мектебіне де бір жылы келіп түстік. Ол да сіздің сөзіңізді айтып, маған жазуың қалып қоймасын деп алаңдап отырады. Соған орай айтарым сол, «Еңлік-Кебектен» кейін қол қусырып қарап отырған жоқпын. Алғашқы мақалаларымның бірі Абайға арналды. Биыл «Қорғансыздың күні» деп аталатын алғашқы хикаям «Қызыл Қазақстан» журналының екі нөмірінде жарық көрсе, осындағы «Ес-аймақ» үйірмесі «Ел ағасы» және «Бәйбіше-тоқал» деген пьесаларымды сахнаға шығарды. Бұдан да басқа тақырып жеткілікті, бірақ уақыт тапшы болып тұр ғой.
Әрхам: Уақыт деген уысыңдағы құм секілді сырғып тұрмайды ғой...
Мұхтар: Сіздің көңіліңіздегі алаңды түсініп тұрмын. Бірақ сіздер де мені түсінуге тырысып бағыңыздар... Соңғы бірер жылдардағы ашаршылық елдің қабырғасын қаусатып кетті. 1906 жылғы халық санағынан кейін қадірлі Әлекең, Әлихан Бөкейханов: «Әлхамдулла, аз емеспіз, алты миллион қазақ бармыз» деп еді соны көңіліне тоқ санап. Соңғы ашаршылықтан соң соның шамамен кемі үштен бірі жер құшқан болар. Біз, Жүсіпбек бар, бірер азамат ашаршылыққа ұрынған аймақтарға осы жақтағы елден мал жинап жөнелтеміз деп жүріп ақыры өзімізге жабылған жаладан басымызды әрең дегенде арашалап қалдық...
Әрхам: Сұмдық-ай, естімеген елде көп деген... Енді не істемек керек?
Мұхтар: Міне, сізді сол үшін ақылдасу мақсатында шақыртып едік. Аузын айға білеген Абылай хан үш арманының бірі ретінде еліне мал емшегін емес, жер емшегін емізе алмағанына өкінген еді. Осыған орай Абай атамыз қайткен еді? Жатақтар сол кісінің ақылымен Шолақ еспеде егін салып, бір жерге ұйымдасуының өзі сол заманның үлкен жаңалығы болды емес пе! Бірақ Шолақ еспе Семейге жақын болғанымен егіндік жері аз, ағын суы да жоқ жадағай өңір еді. Сондықтан Даниал екеуіміз Шыңғыстаудың күнбатыс жағындағы құйқалы қоныс – төрт өзеннің түйіскен жерінен коммуна құруды ойластырып отырмыз. Ақша бізден, яғни өкіметтен, білек күші сіздерден. Жаңа әкем Кәкітайдың ұйғарымымен елде қалдым дедіңіз. Сонда екі ауылдың шаруашылығы сіздің мойныңызда болғанын жақсы білеміз. Сонсоң ауылда қалғанмен оқу, тоқудан кенде емессіз. Ендеше сол коммунаның екі тізгін, бір шылбырын сізге сеніп тапсырғалы отырмыз.
Әрхам: Ауылдың шаруашылығы дейсің... ал коммуна дегенің тың жерге түрен салғандай бұрын малмен ғана айналысқан бізге жұмбағы көп шаруа ғой.
Мұхтар: Көз қорқақ, қол батыр деген. Ал Абай атамыз істі қалай аяқталғанына қарап емес, қалай басталғанына қарап бағала дегені де бар. Жаңа шаруада іскерлікпен бірге, адалдық та таптырмайтын қасиет. Абайдың көзін көрген, ұзақ жасап, бергі заманда қайтыс болған Қорамжан ақсақал оның немерелес інісі Шәкәрімді түбі жоқ адал деуші еді. Ал Қажы аға болса мұндай бағаны сізге қаратып айтып отыр. Бірде маған Құнанбай қажының немере, шөберелері болып келетін Турағұл, Әрхам, Бердеш, Дүдіри, Медеухан бастатқан бір топ азаматтар сәлем бере келді дейді ол кісі. Сонда Байсалдың сөзшең, өжет ұлы Орынқожа маған: «Осы отырғанымыздың ішінде қайсымыз адалмыз?» деп сұрақ қойды. Мен ойланып жатпай: «Ең адалдарың –Әрхам. Ол түптеп келгенде адалын айтып, адалына тоқтайды.Біреудің кінәсін де айта алады. Арамын арам дей алады. Оның адалдығы өзіне тән, туа біткен адалдық. Онда қулық, бұлтақтау, өтірік айту, кезең асырып жіберу жоқ, шын адал» дедім. Міне, Шәкәрім қажының сізге берген бағасы. Бізге де ең алдымен адал адам керек.
Әрхам: Мұхтаржан, сен өзі мені бұлтарып, бұлғақтауға жібермей, бұл мәселеде аяқ, қолымды байлап алдың-ау, тіпті!
Мұхтар: Қорқып, қобалжымаңыз, Әрқаш аға! Осы мәселеде жаңа атын атап, құлағын шулатып жатқан Қажы аға өзіңіздің бас кеңесшіңіз болады. Оны да ол кісімен келісіп қойдық. Шақпақта, саят қорасында жатқан Қажының мекені сіздер қоныстанатын Бақанасқа тиіп тұр емес пе!
Әрхам: Шәкәрім аға маған кеңесші болуға келісімін беріп қойса, маған шегінетін жер қалмаған екен. Тек енді мұндағы негізгі шаруаның жәйін тағы бір пысықтап алайықшы.
Мұхтар: Әлгінде айтып жатқанымдай елдің көптен бері қолы жетпей келе жатқан мәселесі отырықшылдыққа көшу ғой. Оған қол жеткен жерде жаңадан бой көтерген ауылда мектеп, дүкен ашылады. Май зауытын тұрғызуымыз керек. Егін салу үшін тоғам қазу қажет. Бұл жерді өзіңіз де білесіз, жері қара топырақты, су қоры тартылмайтын өңір. Коммуна ісіне шыңғыстаулықтармен бірге, Семейден шет жатқан Шұбартау елінің де жоқ-жітіктерін де молынан тартқан жөн. Қаржы мәселесін шешіп қойдық дедім. Енді тездетіп қаладан құрылыс материалдарын тасымалдай бастау керек. Құрылыс материалдарын қайдан алу керектігін Даниал екеуіміз ойластырып та қойдық.
Әрхам: Жұмыс күшіне біз де қинала қоймаспыз. Өйткені, елде кәсіп таба алмай жүрген жандар баршылық.
Мұхтар: Бақанасқа ел қоныстанып, мектеп ашылғанша онда елдің сауатын ашатын мұғалім кадрларын да алдын ала даярлап қоярмыз. Сонсоң тоғам қазудың жай-жапсарын білетін инженер-техниктерді де Бақанасқа тездетіп жібере жатармыз. Көп ұзамай Даниал екеуіміз де ел жаққа, Бақанасқа барып қайтармыз.
Әрхам: Сол жөн болар еді. Сендер келсеңдер елдің де ертеңгі күнге сенімі арта түсетіндігі сөзсіз.
Мұхтар: Әрқаш аға, алда елімізді не күтіп тұрғанын сіз де, біз де нақтылы білмейміз. Жаман айтпай жақсы жоқ демекші, кешегідей ашаршылық тағы қайталанатын болса, қамсыз қалмауымыз керек. Бай бір жұттық екендігін ғасырлар бойы көріп келеміз ғой. Мына тірлігіміз соның алдын алу деп ұққанымыз жөн. Шіркін, сіздер соны жеріне жеткізе білсеңіздер, басқаға да үлгі-өнеге болар еді. Тілегіміз қабыл болып, алла соған жеткізсін деп тілейік!
Әрхам: Ақыл - жастан, асыл - тастан! Абай, Абылай арманын жүзеге асыруда жаратқан жолыңды оңғартсын, Мұхтаржан!
Бесінші көрініс
Мұхтар тұрған Семейдегі екі қабатты ағаш үй. Соның астыңғы қабатындағы екі бөлмелі пәтердің ас үйінде Мұхтар мен Кәмила таңғы астарын ішіп отыр. Өздері ұйқыдан жаңа тұрған сыңайлы.
Мұхтар: Кәмаш, таңғы асың дәмді болды, ашты шәйің де көңілімді жадыратып жіберді. Сондықтан бәріне рахмет! Шашың тарқатылып кетіпті ғой, келші өзім өріп берейін!
Кәмила: (өзімен өзі сөйлесіп) Сол баяғы Мұхтар! Арада неше жыл өтсе де, түк өзгерсейші! (Мұхтарға қарата) Мұқаш, сен мені әлі шынымен жақсы көремісің?
Мұхтар: «Махаббат, қызық мол жылдар, Елестеп кетті сол жылдар, Ақырын ақырын жылыстап, Ұстатпай кетті-ау құрғырлар» деген екен Абай атаң. Ал сен менің жанымда емеспісің, ақ сәулем!
Кәмила: Солайы солай, бірақ уақыт озған сайын бір бірімізден алыстап та бара жатқан сияқтымыз ба, қалай өзі? Ал былай қарасаң бәрі күні кеше ғана болған секілді. Бір сәт өткенді де еске алайықшы, Мұқаш! Мені жабырқап қалады демей, бәрін айтшы.
Мұхтар: Кәмаш, саған бала кезімнен ғашық болғанымды бір өзің ғана емес, барша жұрт білетін еді ғой. Соған қарамастан ағайындарың сені Шыныбай дегенге атастырып қойды. Соны білетін атам Әуез мені бірдеңені бүлдіріп, әлденеге ұрынып қалады деді ме, он жетінші жылдың аласапыран шағында Кәкен дегеннің Райхан есімді қызына асығыс үйлендіріп тынды емес пе! Сонда менің жасым жиырмаға енді тоса, Райханның жасы небәрі он бесте болатын. Өзің айтшы, енді ғана бой жетіп келе жатқан қыз бала менің сезімімді оятуға шамасы қайдан жетсін! Рас, бір жылдан соң Мұғалима есімді қызымыз, арада тағы бір жыл салып Шоқан есімді ұлымыз өмірге келген. Шоқан жастай шетінеп кетті. Содан кейін-ақ Райхан екеуіміздің арамыз суып, қосылғанымызға үш жыл толмай жатып ажырасып тындық.
Кәмила: Осы орайда сенің менің немере сіңілім Ақыштың ұзатылу тойына байғазы ретінде «Еңлік-Кебекті» жазып, киіз үйде қойғаның есіме оралып отырғаны! Оған тек Ақыш қана емес, мұқым Абай әулеті разы болдық қой...
Мұхтар: Сіңілің Ақыш ақылды адам десем қателесе қоймаспын. Жолдасы Сәнияз да текті азамат. Оны айтып жатқаным сол, мен Семейден өкпе ауыруына шалдыққан Сұлтанмахмұд ақынды ауылдарына қымыз ішіп сауықсын деп алып барғанда жандары қалмай қарсы алды ғой. Тіпті, Ақыштың ештеңеден жиіркенбей ақынның киім-кешек, төсек орнын өзі жуып ағасындай күткенін қайтерсің! Бірақ, тағдырға не шара, кешегі күні Алаштың ұранын жазған арысымыз жиырмасыншы жылы небәрі жиырма жеті жасында өмірден аттанып кете бармады ма!
Кәмила: Мұндайда аллаға да жақсы адам керек деп жатамыз. Бірақ сол да әділет пе?! Абай атамның ұлдары Әбіш пен Мағыш, Ақылбай да өмірден ерте озды. Әйтеуір, дәтке қуат артында біз бармыз дегендей...
Мұхтар: Өмірдің қуанышы мен реніші қатар жүреді деген рас сөз. Сол жиырмасыншы жылдардың басында отбасымнан ажырасып, саған да қолым жете алмай қалғанда әйтеуір қызметте болсын, шығармашылықта болсын жақсы жаңалықтан кенде болмаппыз. Айталық, Орынборда Орталық атқару комитетінің аппаратында қызмет ете жүріп, «Еңбекші қазақ» газетіне басшылық жасаппыз. Осы аралықта бірнеше кітабымыз шығып, біраз пьеса да жазып тастаппыз. Бастапқыда Ташкенттегі Орта Азия университетінде оқысақ, артынан Ленинград университетіне түстік дегендей. Міне, енді арадағы бір жыл үзілістен кейін Ленинградқа қайта жүргелі отырған жайымыз бар.
Кәмила: Мұқаш, мен сенің оқуыңа қарсы емес екенімді өзің де білесің. Бірақ... (Кәмеш сөйлей алмай булығып, үнсіз отырып қалады)
Мұхтар: Кәмашжан-ау, мен сені түсінбедім ғой. Мені де сен түсінеді деп ойлаушы едім. Жаңа қызметті айтқанмен, ол маған қол емес екен. Жазу-сызу жағындағы адамға билікке жолмау керек, билік адамды былғайды деп Абай атамыз да айтып кеткен жоқ па? Оның үстіне ендігі жерде ғылыми тұрғыдан болсын, жазушылық жағынан болсын Абайға қызмет ету парызым деп өзіме берген сөзім, алдыма қойған мақсатым бар. Ал одан мені ешкім айныта алмайды. Әлде сені Ленинградқа өзіммен бірге ала кетсем бе екен?
Кәмила: Жаным, Мұхтар, сен де мені дұрыс түсінбей қалдың. Әлгінде айтқандай сенің оқығаныңа қарсы емеспін. Ал оқып, кемеліңе келіп, атамыз Абайды қараңғыдан жарыққа алып шығамын дегеніңе қуана алмасам, менің кім болғаным?! Осы орайда мен тек заманның сұрқынан сескенемін. Өйткені, мынау кәмпеске деген пәле басталғалы жаңа өкімет тарапынан Ырғызбай әулетіне деген өшпенділік арта түспесе, кемитін емес. Абай атамыздың өзін теріс есекке мінгізіп, қара тақтаға жазғысы келетіндер бар. Демек, ендігі жерде менің саған зияннан басқа пайдам жоқ па деймін...
Мұхтар: Оу, Кәмаш-ау, сен не деп кеттің? Мен әуелі биліктен, одан кейінгі жерде өзім әулиедей пірім санайтын Абайдан, ақыр соңында асыл жарым сенен бас тартсам кім болғаным?! Ондай сатқындыққа бара қоймаспын, сірәда!
Кәмила: Мұхтарым, арысым, кешір мені! Абай атам мен Мағауия әкем өмірден озғанда мен небәрі төрт жаста екенмін. Сондықтан олардың бейнесі жадымда еміс-еміс қана сақталыпты. Ал Жағыпар ағамнан кейінгі қамқорым да, сүйенерім де бір өзің. Сөйткен сені қалайша сыртқа тебермін? Тек...
Мұхтар: Кәмашжан, бүгін сенің тегің көбейіп кетті ғой. Мен ұзақ жолға шығар алдында әңгімені осымен доғарсақ жөн болар еді.
Кәмила: Мұқаш, қайта-қайта көңіліңе қаяу сала бергенше, не болса да бүгін айтып қалайын. Үлкендер жағы, болмаса аруақтар назаланды ма, жоқ әлде екеуімізді кешегі қосақтарымыз қарғап сіледі ме, арамыздағы дәнекер Зере мен Мағрипа есімді нәрестелеріміз шиеттей күнінен шетінеп кетті емес пе! Сол себептен де, менің саған қояр кінәм да, өкпем де жоқ. Ендігі өмірде екеуіміз бірдей қиналмайық, жортқанда жолың болсын, жолдасың қыдыр болсын, арысым менің! (Басын қос қолымен ұстаған Мұхтар жолға дайындап қойған шамаданының үстіне отыра кетеді).
Алтыншы көрініс
Отыз бірінші жылдың орта тұсы. Алматы абақтысының ауласында Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлімхан Ермеков пен Мұхтар Әуезов өткен-кеткенді сөз етіп, әңгімелесіп отыр.
Ахмет: Осы отырған бәріміз абақтыға отызыншы жылдың басында тоғытылсақ, содан беріде бір жарым жылдан астам уақыт өте шығыпты-ау! Міржақып бауырымыз екеуіміз түрменің дәмін бір кісідей-ақ татқан адамдармыз. Мына Әлімхан мен Мұхтарға қиын болды. Бүгін бұлардың ендігі тағдырын ойластырғанымыз жөн болар.
Әлімхан: Халқымызда «ат жақсысы кермеде, жігіт жақсысы түрмеде» деген сөз бар. Оның үстіне бұл да бір мектеп, бұдан да өткеніміз артықтық етпес.
Міржақып: Әлімхан, Мұхтар екеуің білімнен кенде емессің. Соның айғағындай, сен Семейдегі ерлер гимназиясын алтын медалмен бітірген соң, Томның технология институтына түстің. Ал Мұхтар болса Семейдегі оқуынан кейін алдымен Ташкенттегі Орта Азия университетінде оқып, соңынан Ленинград университетін бітірді. Бұдан кейін Орта Азия университетіне қайта барып, оның аспирантурасын аяқтады. Қазірде сендердің нағыз елге қызмет ететін кездерің ғой.
Мұхтар: Бұл Әлекең Томда оқып жүргенде білімге деген алғырлығымен Шоқанның баяғыдағы досы Григорий Николаевич Потаниннің көзіне түсіпті. Сонда Потанин бұған «сенің білімің – халқыңның білімі, сен кейін басқаларды біліммен сусындатуың керек» дейтін көрінеді. Соны кейінде арқалы ақынымыз Сұлтанмахмұд сан қайыра айтып, соңынан жырға қосқаны да бар.
Ахмет: Болар елдің баласы бірін бірі батыр дейді. Бұл Әлімхан кешегі Алашорда үкіметінің құрамына сайланғанда жасы «айхай, жиырма бестің» үстіне енді ғана шыққан болатын. Айтпақшы, сол Алашорда үкіменінің құрамындағы мүшелерінің орта білімді біреуінен басқалардың бәрі Мәскеу, Петербор яки Ресейдің басқа да университеттерін үздік бағамен бітірген білімді де озық ойлы жандар болатын. Ал бұған керісінше бүгінде Орталық биліктің тізгінін қолында ұстап отырғандардың баршасы дерлік шала сауаттылар. Соның бір айғағындай, кешегі Лениніңіз университеттегі оқуынан жарты жолда шығып қалса, бүгінгі Сталиніңіздің оқуы діни семинариямен шектелген.
Міржақып: Әлімхан туралы басталған әңгімені жеріне жеткізейік, Ақа. Сол Лениннің алдында баяндама жасаған батырымыз осы азамат емес пе!
Ахмет: Иә, 1920 жылдың мамыр айында Мәскеуде қазақ өкілдерінің қатысуымен өткен Халық комиссарлары кеңесінің мәжілісінде Қазақ автономиясы туары мәселе қаралды. Лениннің төрағалығымен мәжілісте әлгінде айтылғанындай баяндаманы Әлімхан жасап, отаршылдық пиғылдағы шовинистермен қызу айтысқа түскен жасы кіші бауырымыз өз пікірін тиянақты да бұлтартпас дәлелдерімен қорғап шықты. Солайша жер мәселесіне байланысты дау-дамай негізінен біздің пайдамызға шешілді. Сондағы ұлт көсемі Әлихан төренің қуанышын көрсеңіздер, шіркін!.. «Қазақтың ежелден төре тұқымында қақысы бар, соны ақтамай қоймаймын» деген сөзді Әлихан жиі айтатын.
Міржақып: Әлекең әлгі мәжілістен шыққан соң: «Орыстан біздің Әлімханмен сөз таластыратын Ленин секілді ұл туған екен» депті ғой сонда.
Ахмет: Бұл сөз әзіл үшін айтылса да, соған жалымыз күдірейіп қалған. Ал Ленин демекші, сол жиырмасыншы жылы мен оған арнайы хат жазып, Қазақ ревкомы құрылғанына он ай өткенмен ештеңе тындырылмағанын мәлімдей келіп оның негізгі екі себебін, біріншіден қазақ өлкесін басқаруға қойылған орталықтың өкілінде қазақ мәселесі жөнінде айқын көзқарас болмағанын, сонымен бірге орталықтың өкілі мен халық арасында өзара сенім жоқтығын мәлімдеген едім. Онымен де шектелмей қазақ өлкесін басқаруға аты ғана коммунист емес, нағыз идеялық коммунистер мен халық сеніміне ие болған ұлт зиялылыларынан шыққан, сыннан өткен идеялық қызметкер қойылсын деген едім. Өкінішке қарай айтылған сөз айтылған жерінде қалды.
Мұхтар: Ленин өмірден озып, билік Сталиннің қолына тұтасымен көшкен соң бұл мәселеде жағдай тіпті қиындай түспеді ме! Міне, қазақ арасында «қу шеке» атанған Голощекиннің бізге бірінші басшы болып келгеніне бес жылдан асып барады. Мұнда келе сала қазақ жерінде төңкеріс болмапты деген желеумен өзінше «Кіші Октябрь» жасауға ұмтылып баққанын, оның соңы кәмпескеге ұласқанын жақсы білесіздер. «Кешегі Ырғызбай әулеті қайтадан баю жолына түсіп барады" деген желеумен Бақанаста ашылған коммунамыз сол жылы егіннен мол өнім алғандарына қарамастан ақыры жабылып тынды.
Әлімхан: Семейдегі басшылар бұл игілікті іске ара түсуге жарамады ма?
Мұхтар: 1923 жылы, яғни мен Ленинградқа оқуға кететін жылы Семей губкомының жауапты хатшылығына ішкі жақтан Ежов деген келе қалды. Оның бойы ғана емес, ойы да аласа адам болып шықты. Бірақ әлгі сабазың нағыз өлерменнің өзі болып шықты. Алдына қандай мақсат қоймасын, тіпті өліктің үстінен басып өте беретін оны ешкім тоқтата алмайтын. Голощекин бізге келісімен ол әуелде ВКП(б) Қырғыз обкомы ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, ал арада жыл өтпей жатып жауапты хатшының орынбасары, яғни Голощекиннің оң қолы болып шыға келмеді ме! Қазірде ол ВКП(б) Ортақы комитетінде бөлім меңгерушісі ретінде жауапты қызметте отыр. Естуімізше Сталинмен де тіл табысып үлгерген секілді. Осылар енді жаман айтпай жақсы жоқ дегендей қазақ елін тағы да ашаршылыққа ұрындыра ма деп сескенемін.
Ахмет: Айтпақшы, Мұхтар елден не хабар? Кәмпеске демекші, Шәкәрім қажы одан одан әйтеуір аман қалды деп естігенім рас па?
Мұхтар: Қажыны Шыңғыстау елі бұл кісі ешқашан біреуге қиянат жасамаған адам деп ақтап алып қалғаны да, Семейдегі билік басындағылар оған сенбей ақсақалды бұдан кейін Затон жұмысшыларының талқысына салғанда да ондағылар Шәкәрімді ақтап шыққаны да шындық. Ал одан кейін қажыға Алматыдан Тұрар мен Ораздың атынан хат келеді. Олар мұны тарихты зерттеу ісімен айналысатын мекемеге қызметке шақырады. Тіпті жолын да төлеп бермекші болады. Бірақ ол әлгі азаматтарға алғыс айта отырып, кеңес өкіметінің насихатшысы болудан бас тартады.
Ахмет: Бұл орайда қажыны сөгуге ешқайсымыздың қақымыз жоқ. Жасы келген адамдар жақсы қартайып, бұл өмірден жақсы атпен аттанғаны да дұрыс. Біз де енді мың құбыла қоймаспыз. Олай болғанда да онымызға бұл өкімет сене қоймас. Бір сөзімде мен: «Біреу: «Жұмыс істейін десем, тұрған жерім жаман» дейді. Енді біреу: «Маңайымдағы елім жаман» дейді. Бұлардың бәрі бос сөз. Абақтыдан жайсыз орын жоқ. Бірақ онда да отырып жұмыс істеуге болады» деппін. Сол сөзім сөз. Мына Міржақып екеуіміз өзара ақылдаса келіп былайша шешімге келіп отырмыз. Оны бүгінде Мәскеуде үйқамақта отырған Әлихан төре де құптайтындығына кәміл сенімдіміз. Яғни, Әлімхан мен Мұхтар сен екеуің қазіргі өкіметтен өткен өмірлерің үшін кешірім өтінулерің керек. Жазу жағындағы Мұхтар саған тіпті кейбір шығармаларыңнан бастартуға да тура келеді. Және соның бәрін айта келіп, Қазақстанның бас басылымдарына мақала берсең дұрыс болар еді. Бұл өздерің үшін ғана емес, ұлт үшін қажетті шаруа деп білгейсіңдер!
Мұхтар: (ойланып әрлі-берлі жүріп қалады) Мен күні кеше жазу, шығармашылық үшін қызметтен бас тартып едім. Сонда қалай болғаны өзі! Жақсы, осыған дейін жазған «Еңлік –Кебек», Қарагөз», «Қилы заман», «Хан Кене» деген басты шығармаларымнан бас тартайын. Бірақ мені Абай тақырыбынан бас тарт дей көрмеңіздер! Онда нағыз сатқын мен болып шықпаймын ба! Ал менің қалған өмірімдегі мақсат, мұратым – Абайға, Абай әлеміне қызмет ету! Одан мені ешкім де, ештеңе де айныта алмайды!
Міржақып: Мұхтаржан, міне бізге керегі осы! Мә, осы сөзіңнен айнымай тұрғанда кешірім хатыңды жаз! (Мұхтарға қағаз бен қалам ұсынады, бәрі құшақтасады. Сәлден соң Мұхтар мен Әлімхан хат жазуға отырады. Тағы біраздан кейін түрме күзетшісі: «Ермеков, Әуезов киімдеріңді жиыстырып сыртқа шығыңдар!» дейді бұйыра сөйлеп. Төртеуі тағы да құшақтасып тұрып қалады).
Соңы