Махаббат вальсі
Екі бөлімді, алты көріністі драма
Қатысушылар:
Бекен Жамақаев – бозбала кезі
Бекен Жамақаев – белгілі композитор
Әбілқасым Жаңбырбаев – актер, жасы жиырманың үстінде
Әбілқасым Жаңбырбаев – республикамыздың халық әртісі
Майнұр – композитордың болашақ жары
Мұхтар Әуезов – классик жазушы, академик
Шәмші Қалдаяқов – белгілі композитор
Нұтфолла Шәкенов – белгілі ақын
Жергілікті ақын
Әуесқой композитор
Бірінші бөлім
Бірінші көрініс
Ағаштан салынған жер үйдің алды. Ағаштан жасалған орындыққа жайғасқан бозбала Бекен сырнайды бірде сызылтып, енді бірде құйқылжыта ойнап бейне бұл дүниені ұмытып кеткендей өзімен өзі отыр. Тіпті Әбілқасым ағасының жанына қашан келгенін де аңғармай қалған секілді. Тек оған көзі түсіп кеткенде ғана абдырап, селк ете түседі.
Әбілқасым: Браво, браво... Бекен! Аз ғана уақыт ішінде сырнайды да жап-жақсы меңгеріп қалыпсың.
Бекен: Аркаша аға, бұл сырнайға ынтықтырып қойған өзіңіз болатынсыз. Мен ес білгелі сіз осы казкрайдың жас пен кәрісін сырнай әуенімен сусындатып-ақ келесіз. Оған баршамыз ризамыз. Одан кейінгі жерде қолының қысқылығына қарамастан маған сырнай сатып әперген әкеме алғыстымын.
Әбілқасым: Домбыраны өз бетіңмен үйренгеніңді білемін. Сырнайды біз үйретсек үйреткен де шығармыз. Ендігі жерде басқа аспаптарды үйрену өзіңе қиын шаруа бола қоймас. «Өнерді үйрен, үйрен де жирен» деді емес пе Абай атаң. Ал енді бағанадан ойнап жатқан әуенің маған таныс емес, жаңадан шыққан ән тәрізді ғой...
Бекен: (сасқалақтап) Бұл өзі... былай ғой. Мұның аты болғанмен, әлі заты жоқ, яғни сөзі жазылмаған бір дүние. Ойнақы, әзіл түріндегі сипатына қарай атын «Сұлу сары» деп қойған едім.
Әбілқасым: Сонда бұл өз дүниең болды ғой? Ал оған сен қысылма, қайта қуана біл. Өз басым саған разы болып тұрмын. Сырнайды үйренгенің күні кеше ғана секілді еді, міне енді ән де шығара бастадың. Алғашқы қадамыңа гүл бітсін деймін, бауырым!
Бекен: Ағасы, енді осыны ешкімге жарияламай тұра тұрсақ қайтеді?..
Әбілқасым: Міне, мұның дұрыс сөз. Жаңа, оның үстіне алғашқы дүниенің бір қайнауы ішінде болады. Сондықтан оны әлі қайда, біраз ширата түсуге тура келеді. Бірақ қалай десек те, саған мен қызығып тұрмын. Өйткені, бұл сырнай шіркінді өз басым қанша құйқылжыта тартқанменде өз жанымнан бірдеңе шығаруды ойластырған да емеспін. Себебі, ән, әуен дегеніңіз босқа күшенгенмен өздігінен туа салмайды.
Бекен: Оның есесіне Семей жұртшылығы сізді осы аз уақыт ішінде әртіс ретінде мойындап қалды ғой.
Әбілқасым: Оның мәнісі мынада, Бекенжан. Менің сырнайдың құлағында ойнайтынымды білесің. Оның сыртында мен жасөспірім шағымда балетпен де айналысқан адаммын. Аздап ән айтатынымыз да, тіпті сурет салатыным да бар. Соның бәрі қосыла келгенде мені театр сахнасына жетелеп алып келді. Ал Абай атаңның атындағы Семей театры деген... Кезінде оның бастауында «қазақтың Станиславскийі" атанған Жұмат Шанин, арғы-бергі өнер жұлдыздары Әміре Қашаубаев, Латиф Хамиди, Жүсіпбек Елебеков, Шәкен Аймановтар болғандығын білесің бе, ал білмесең біліп қой.
Бекен: Сіз осындай өнер ордасының табалдырығын аттағанда жасыңыз небәрі он бесте ғана болыпты деп естідім...
Әбілқасым: (күліп) Жарайды мені қоя тұр. Өзің қазір нешедесің?
Бекен: (бұл да күледі) Мен де он бестемін.
Әбілқасым: Ал атаң қазақ он үштегіні отау иесі деген. Сондықтан сен де жас емессің! (ойланып тұрып қалады да, тағы күледі) Осы театрдың іргетасын қаласқан менің туған ағам Исайынды өзің білесің. Бойымдағы тұтанған бір ұшқынды аңғарды ма, кім білсін, мені киелі өнер ордасына жетелеп алып келген сол кісі. Әйтеуір, ағамды әзірге жерге қаратпай келе жатқаныма шүкіршілік айтамын. Сен де мені жерге қаратпасың деп сенемін. Сол себептен сені мен де театрға жетелеп алып барсам деп тұрмын.
Бекен: Аркаша аға, менің жеті жылдық мектепті бітіріп жатқан бетім осы, одан да ең алдымен білім қуайын да!
Әбілқасым: Казкрайдағы сен оқыған мектепте мен де, менен біраз бұрынырақта дауылпаз ақынымыз Қасым Аманжолов та, атақты математик ғалым Төлеубай Аманов та оқыған болатын. Білімнің негізі мектеп, одан кейінгісін көре жатасың. Ал сен оны айтасың, Алматыдағы қарашаңырақтағы атақты актер Қалибек Қуанышбаев атаң басқаны айтпағанда мектепте де оқымаған ғой. Сондықтан өз басым мәселе оқуда емес, тоқуда деп білемін. Музыкант ретінде күн өткен сайын төселіп келесің. Жасырынып ән айтатыныңды да естіп қалдым. Диксияң, яғни сөйлеу мәнерің де тіптен жақсы. Рас, мінезің биязы, тіпті бұйығы десе де болады. Сәл ашыла түссең деймін. Ендеше әзірге осыдан артық не керек?
Бекен: (күліп) Оның үстіне екеуіміз де Казкрайдың іргесіндегі №16 мектептің түлегіміз десеңізші!
Әбілқасым: (ол да күліп) Міне, айтқанымша болмай, ашылып үлгердің. Бұра сөйлеген күлгенге жақсы десек, екеуміздің сайын Сарыарқаның кіндігіне алып баратын қасқа жолдың бойындағы біріміз Абай ауданындағы Саржал, екіншіміз Абыралы өңіріндегі жетінші ауылдан екендігіміз де рас. Бірақ өнердегі түпкі мәселені жершілдік, туыстық емес, талантың мен талабың шешетіндігін ескертуді өзіме парыз санаймын! Егер осы талабымнан шыға білмесең, өз обалың өзіңе!
Бекен: Рахмет, ағасы! Сеніміңізден шығуға тырысып бағармын.
Әбілқасым: Сонсоң тоқумен бірге, оқуды да ұмытпаспыз. Осы бір мектептен ойдағыдай өтіп алсаң, оқытпасам маған серт, оқи алмасаң саған серт! Келістік пе?!
Бекен: Келістік! (екеуі қол алысып, құшақтасады)
Екінші көрініс
Аурухана. Жеке палатада жалғыз жатқан Бекен әлденеге елегізіп, әрлі-берлі жүрістен жалығар емес.
Бекен: (залға қарата сөйледі) Менің мына тасқамалға түскеніме айдан асып барады. Жасым жиырмадан енді асқанда қай қылығымнан таптым екен бұл кеселді. Мұндағы білгіштер өкпе ауруына шалдыққансыз деседі. Әлде соны сезіп білгендіктен бе екен, дос-жаранның баршасы дерлік хабарсыз кетті...(қамығып) Ал Майнұрға маған келмей-ақ қой десем болар емес. Әлде күдерін үзгізіп, бәрін ашып айтсам ба екен?..( осы кезде палатаға асыға басып Майнұр кіріп келе жатады).
Майнұр: Бекен, сәлем! Сен үшін қуаныштымын, тіпә, тілім тасқа, бүгін өңің жақсы!
Бекен: Майнұржан, саған рахмет көңілімді көтеріп тастадың ғой. Өзім де сені асыға күтіп отыр едім. Бірақ...
Майнұр: Бекен, не болды, көңіліңде бір алаң бар сакілді ғой?
Бекен: Бәрі жақсы, тек педучилищені бірге оқып, бітіріп жатқандардың арасында бола алмағаныма қапаланамын да! Бұл оқу орына Әбілқасым ағаның ақыл-кеңесімен түскен едім ғой. Мен үшін театрдағы екі жыл да босқа кеткен жоқ. Яғни, онда үлкен өмір мектебінен өтіп үлгердім. Ондағы Нұриден Атаханов, Сләмбек Қыдыралин, Күләш Сәкиева, жаңа айтып жатқан Әбілқасым Жаңбырбаевтің, тағы да басқа өнер тарландарының ойындарын өзің де сан мәрте көріп, сүйсінбедің бе?
Майнұр: Оның рас, Бекен. Бұл орайда өзіңе ризамын. Аз уақытта мені театраль етіп үлгердің ғой. Сонсоң... ондағы оркестр де ғажап. Біздің Абай театры атына заты сай ғой, шіркін!
Бекен: Майнұржан, мен сені неге жақсы көремін. Оркестр туралы бағаң өте орынды. Бір сөзбен айтқанда бұл өнер ордасы әлгінде айтқандай мен үшін үлкен өмір мектебі болды.
Майнұр: (залға қарата) Сені жақсы көремін дейді... ал өткенде менің өзіне келгенімді қаламайтындай қалып танытқаны несі? (Бекенге бұрылып) Сонымен педучилищедегі екі жыл да екі күндей болмай өте шықты дейсің ғой.
Бекен: Айтпа деймін! Және осы оқу орнын үздік бағаға бітіріп жатқанымды өзің де білесің. Әсіресе, мұнда музыкалық сауатым жап-жақсы ашылғанына өзім де ризамын. Ал оның себебі мынада. Яғни, соғыс жылдары еліміздің батыс аймағынан Семейге келген аса тәжірибелі музыкант ұстаздардың біразы осы жақта тұрақтап қалған екен. Бұл мен үшін, мен ғана емес, училищенің барша түлектері үшін ерекше болғаны шындық.
Майнұр: Өткенде ғұлама Әуезовтың да бір заманда осында оқығанын айтып едің-ау!..
Бекен: Міне, мәселе қайда... соның бәрін біліп тұрғаныңнан айналдық! Бұл оқу орны алдымен мұғалімдер семинариясы, одан кейінгі жерде педтехникум деп аталып, жұмыс істеп тұрғанда онда Мұхаңнан басқа, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шәкен Айманов, Әди Шәріпов сынды халқымыздың маңдайына басқан мақтаныштары, оның сыртында біраз мемлекет және қоғам қайраткерлері оқығанын айтсаңшы!
Майнұр: (күліп) Оның ішінде болашақ ұлы композитор Бекен Жамақаев та бар дегендей...
Бекен: (ол да күледі) Па, шіркін! Бірақ... ұлы түгілі қатардағы композитор бола аламыз ба, жоқ па, кім білсін! Сонсоң қатардағы көп композитордың санын көбейтудің жөні қайсы?! Қалай болғанда да, бір нәрсенің беті ашық, яғни менен қатардағы ұстаз да шыға қоймас. Сондықтан қазіргі кезде дағдарып жүргенімді сенен жасыра алмаймын.
Майнұр: Сонда бізден қандай көмек керек екендігін айтсаңшы, Бекенжан!
Бекен: (залға қарата) Бекенжан дегенін өз құлақтарыңызбен естідіңіздер ғой. Анам солай деуші еді. (Майнұрға бұрылып) Тән азабы мен жан азабына тап болған осы шақта қашанда қасымнан табылып жүрген саған ризамын, Майнұр!
Майнұр: (өзіне өзі) Тән азабы, жан азабы дейді... Мен Бекенді ұғып болмағаным ба сонда! Бұл жұмбақтың шешуін қалай шешемін? (Бекеннің қолынан ұстап) Тән азабы дегеніңді түсіндім. Бірақ кімнің аяқ, қолы балғадай? Әлі-ақ сауығып кетерсің. Ал енді жан азабы дегеніңді ұғына алар емеспін. Болашағың алдыда емес пе! Қасыңда мен... мен бармын ғой.
Бекен: Майнұр, сен кешір мені! Сені әуре-сарсаңға салып қойғандай болдым-ау! Енді ол былай... қалай айтсам екен? Осы жасыма дейін төрт-бес ән жазған екенмін. Олармен қатардағы композиторлардың сапына да қосыла алмағанымды өзім де білемін. Ендігі тағдырым мына соңғы туындымда болар ойлаймын...
Майнұр: Ол не туралы еді? Қалай болғанда да құтты болсын!
Бекен: Не туралы емес, кім туралы деп сұрасаңшы, Майнұр? Кім туралы десем екен?.. Қысқасы махаббат, өшпес, өлмес сүйіспеншілік туралы! Абай атамыз: «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және хақ жолы осы деп әділетті» деді емес пе! Отанды, ел мен жерді, ана мен жарды, баланы сүю – міне, мәңгілік тақырып дегеніңіз осы. Мен басқа тақырыпқа бара да қоймаспын, сірәда!
Майнұр: (наздана) Қалай десең де, жаңа туындының кейіпкерінде арман бар ма екен? Егер құпия болмаса, сол кейіпкеріңіздің атын білуге бола ма?
Бекен: Оны айтуға әлі ерте. Өйткені, бұл өзі аты бар да, заты жоқ дүние. Яғни, әні жазылғанмен, сөзі жоқ. Анада Алматыдан Семейге Нұтфолла Шәкенов деген ақын ағамыз келіп кеткен. Ол кісіні сырттай болса да білесің. Себебі, қазіргі белгілі әндердің көбінің сөзін жазған сол кісі. Енді, міне Алматыға қарап елеңдеп отырған жайым бар. Мына тасқамалдан шыққан бойда сол жаққа қарай тартып кетсем деп отырмын. Онда барған бетте жаңа әнімді әйгілі «Қазақ» вальсінің авторы, белгілі композитор Латиф Хамидиге тыңдатып алсам деймін. Анада білікті бір өнертанушы ғалымның Латиф ағамыздың бұл шығармасын Еуропаның арғы замандағы ұлы композиторлары Штраус, Брамстың вальстері қатарында ұялмай атауға болады дегенін өз көзіммен оқығаным бар. Сонсоң осы сапарда өзіммен жасы қатарлас Шәмші Қалдаяқовпен танысып қайтсам дұрыс болар еді. Алматыдағы осындай ортада жүрмесем де, соларға жақындай түссем өзіме де оның пайдасы зор емес пе!
Майнұр: Мұндай талабыңды қуана қолдаймын. Ауруханадан шамамен қашан шығасың? Дәрігерлер не дейді?
Бекен: Соқырдың қолына, мылқаудың астына түспе дегендей, дәрігерлер олардан да қатыгез бе деп қаламын. Шіркін, осыдан жазылып шығып, Алматыдан жақсы көңілмен оралсам саған айтар сөзім де, сырым да көп. Ал болашақ «Махаббат вальсі» мынадай мазмұнда болса деп армандаймын. (Бекеннің «Махаббат вальсі» орындалады. Қол ұстасып, жұптасқан қыз-жігіттердің ортасында Бекен мен Майнұр да билеп жүр. Бидің ортасынан ауа Майнұрмен бірне әлгі жастар да Бекенді сыртта қол бұлғап шығарып салып тұрады. Сол сәтте соғылған қол шапалағынан құлақ тұнады).
Үшінші көрініс
Алматы. Әуезовтың үйі. Классик жазушы мен жас композитор сұхбаттасып отыр. Бекен қолайсызданып, қозғалақтай береді. Әлсін әлі қол орамалымен аузы-мұрнын көлегейлеп, жайлап жөткіріне береді.
Әуезов: Қарағым Бекен, биязы да сыпайы екендігің бірден білініп тұр. Бұл жақсы қасиет. Сендей жігіттерді қазекем «қыз мінезді» дейді. Бірақ кейбіреулердің ішкі сырыңды ұқпай, өзіңді ынжықтардың қатарына қосып жатса, ол да жақсылық емес. Ондай болған жағдайда бойыңдағы талабыңа өзің тосқауыл қоясың. Міне, менің өтінішімді жерге тастамай, үйіме келіп отырғаныңа ризамын. Өзіңмен көптен бері таныссам деп жүр едім. Соның реті бүгін келіп отырғанына мен де қуаныштымын.
Бекен: Мұхтар аға, менің Алматыға келгенімді, қонақ үйде жатқанымды қалай біліп қойдыңыз? Сонсоң үлкен басыңызбен мені іздестіргеніңізге не дерімді білмей отырмын... қонақ үй әкімгеріне тастап кеткен хатыңызды алғанда өз көзіме өзім сенбедім. Сонсоң сізге, сіздің үйге құстай ұшып жеткенім осы.
Әуезов: Сен туралы алдымен ақын ағаң Нұтфолладан, одан кейін әріптесің, атақты диктор Әнуарбек Байжанбаевтан естіген едім. Соларға Бекен Алматыға келе қалса дереу маған айтыңдар деп тапсырып қойғанмын. Қазірде өзің Семейдің облыстық радиосында диктор болып қызмет етіп жатқан көрінесің. Біз мына жақта жүрсек те, ондағы облыстық радионың фонетекасы бай екендігін де білеміз. Жалпы Семейде ізденген адам мұратына жетеді. Басқасы басқа, онда Абай атаңның ізімен жүрудің өзі бір бақыт емес пе! Ал енді қазірде жасың нешеде қарағым?
Бекен: Енді... жас емеспіз, жиырманың төртеуіне келіп қалдық дегендей.
Әуезов: (күледі) Пәлі, жиырманың төртеуіндемін дейді. Сонда мынадай вальсті, «Махаббат вальсін» айтамын, қай кезде жазып үлгерсің?
Бекен: (күмілжіп) Осыдан үш жыл бұрын... ана жігіттер сізге «Махаббат вальсі» туралы да айтқан ба? Кеше Латиф ағаға сәлем бере танысайын деп барсам, ол кісі де бәрінен хабардар болып отыр екен. Бірақ сөзді созбай: «Е, ол әніңнің қайырмасының ғана мұртын басқандай болдық қой» деді.
Әуезов: Латиф ағаңмен танысқаның жөн болған екен, ондай игі жақсылармен аралас-құралас болғаныңды жөн көріп отырмын. Ал енді жасыңа қайта оралатын болсақ, сен сонда бұл әнді небәрі жиырма бір жасыңда шығарған болдың ғой. Жарадың, қалқам, талабыңа нұр жаусын!
Бекен: Мұхтар аға, сізге көптен көп рахмет!.. (күледі) Ал енді өзіңіз бейне махаббат поэмасындай «Еңлік-Кебек» трагедиясын сахнаға шығарғанда сіздің жасыңыз жиырмада ғана еді ғой (Әуезов те иығы селкілдеп, ризашылықпен күледі).
Әуезов: Орнымен мақтағанды кім жек көрсін! Көңілімді көкке көтеріп тастаған саған разымын, Бекенжан! Ал өзің көп нәрседен хабардар секілдісің. Сондықтан ең алдымен мына бір жаңа әнді тыңдап алып, өзара әңгімемізді содан кейін жалғастырайық ( Роза Бағланованың орындауында «Махаббат вальсі» орындалады. Бекен таң-тамаша болып, орнынан тұрып кетеді).
Бекен: (екі алақанын қоса жайып) Құдайым-ау, бұл кімнің әні? Мұхтар аға, сіз бұған не дейсіз?
Әуезов: Бұл ешкімнің таласы жоқ, сенің әнің, Бекенжан! Бірақ ол ендігі жерде бұл әннің халқыңның асыл мұрасына айналатындығына өз басымның еш күманы жоқ. Сондықтан, қарағым, еңбегің құтты болсын! Сен сенесің бе, осы әніңді алғаш бір отырыста Роза апайыңның аузынан естігенде аз кемі жоқ он мәрте айтқызыппын ғой.
Бекен: Он рет дейсіз бе?!
Әуезов: Иә, он рет. Одан әріде де қызығы бар бұл әңгіменің. Биылғы жылы Ташкентте Азия мен Африка жазушылырының конференциясы өткенін білесің. Әлгіндей мағыналы жиын соңы айтулы өнер шеберлерінің қызықты ойын-сауығына ұласпады ма! Оған бізден Роза Бағланова қатысты. Ал оңаша отырыстарда ән мен жыр және ағытылды. Бір күні кешкісін, ішінде атақты Шолохов бар, орыс қаламгерлерін қонаққа шақырдық. Әсерлі кеш үстінде Розаның құлағына сыбырлап: «Дон казагін дала қазағының әнімен, «Махаббат вальсімен сусындатшы бір» деп қалдым. Біздің Роза қамшы салдырмайды ғой. Бекенжан, сенің әнің тек Шолоховқа ғана емес, кеш қонақтарының бәріне ұнады.
Бекен: Мұхтар аға, мына әңгімеңіз жабырқаған көңілімді жадыратып, бақыт құшағына бөлегенін сізден несіне жасырайын! Бірақ Нұтфолла мен Әнуарбек ағаларым бұған дейін мені осындай жаңалықтардан хабардар етпеген?
Әуезов: Қарағым, ештен кеш жақсы деген. Мүмкін мұны саған күтпеген тосын сый жасағысы келген болар. Бұл ән мен үшін де тосын сый болған. Оны естіген сайын Ташкент, Ленинградтағы студенттік күндер, жалпы жастық шағым еске оралып, бір жасап қаламын. Ал енді осы әніңнің тарихын айта отыршы? Тек ұялып, қымтырылма, біз де өзіңдей жас болғанбыз.
Бекен: (күмілжіп) Ерке Ертістің бір аруына арналған ән ғой... Бірақ соны өзіне әлі дұрыстап айта алмай келемін. Мүмкін айтудың керегі де жоқ шығар?
Әуезов: Бекен-ау, бұл сөзіңді қалай ұғуға болады? Жүрек сырыңды сүйгеніңнен жасырып қалуға болмайды. Сонсоң мына дайын әніңді Семейде ең алдымен сүйіктің тыңдауы шарт!
Бекен: Қадырлі ағатай, бұл арада мәселе былай ғой... мен аурамын, ауырғанда созылмалы өкпе ауруы боп тұр. Сондықтан сүйіктімді өзіммен бірге ауруға шалдықтырғым келмейді.
Әуезов: Пәлі, Бекен шырақ, сен өзі қызық жігіт екенсің! Қазіргі заманда өкпе ауруы деген не тәйірі! Өзім көмектесіп, өзім емдетемін, оның үстіне сенің жас организмің де өмір үшін күресте әзірге қажи қоймаған шығар деген үміттемін. Оның сыртында шығармашылық бақыты да жігеріңді жани түсетіндігі сөзсіз. Айтпақшы, қарағым өзің Семейдің қай өңіріненсің?
Бекен: Семейден Қарасу асып, Абыралығы бет алған жолда Саржал деген ауыл бар, кіндігім сол жерде кесілген. Мұхтар аға, бұл ауылды білетін бе едіңіз?
Әуезов: Пәлі, Бекен шырақ, Саржалды білемісің дейсің, ә! Шидің бойындағы Саржалды мен қалайша білмеймін. Сонау бір заманда Семейдегі мұғалімдер семинариясын бітірген соң мен Саржалдың арғы жағындағы Шаған өзені бойында бала оқытпадым ба! Ал сіздің ауылдағы балаларды сол тұста Абай мұғалім атанған сол елдің азаматы оқытып жатты. Менің ол аға жолдасымды көрмегеніме де, әй кемі отыз жыл болып қалған шығар. Кейін Абай еліне бір барғанда іздеттірсем деймін. Өйткені, адамға жастық шақтан қымбат ештеңе жоқ.
Бекен: Аға, сізді ондағы үлкендер жағы ұмыта қойған жоқ. Соның бір айғағындай, атағыңыз аспандап шыға бастағанда біздің ауылдағы бір ақсақал: «Әлгі Әуезов деп дәріптеп жүргендерің жиырмасыншы жылдары Шаған өзенінің жоғары жағында бала оқытқан қожа Мұхтар ма» дейді екен.
Әуезов: Бізге елдің осындай еміренген есті сөзінен, емге шипа дәрі сөзінен артық ештеңе керегі жоқ(ойланып тұрып қалады) Емге шипа демекші, қазірде Абай, Абыралы еліне, жалпы сол төңіректегі халықтың бейбіт күнде қиналып қалғанын білмейді емес, білемін. Бұл туралы академик Сәтбаевқа да ескерткенмін. Ғалым дәрігерлер ол жақта зерттеу жұмыстарын бастап та кеткен тәрізді. Шетелге шыға қалсам бұл мәселені биік мінберлерден де көтерсем деп жүрмін. Не белдік үзілер, не бел кетер, кешегі арыстардан жаным тәтті ме менің!
Бекен: (залға қарата) Халықтың құрметіне, ұлылардың аруағының шапағатына бөленген Әуезов осындай болса керек!
Әуезов: (ол да залға қарата) Жаңа айттым ғой, өкпе ауруы деген не, тәйірі! Соңымыздан ерген Бекендей талапты да талантты жастарды ендігі мына кесапаттан сақтай гөр! (Бекенге бұрылады) Айналайын, бағанадан құр сөзден қуырдақ қуырғанымыз жетер! Валя жеңгең де тосып отырған болар, жүр қолынан дәм тат! Алматыдағы бір үйім осы деп біл. Қолымнан келгенше өзің сынды жас өскінге көмектесуден, қамқорлық танытудан аянып қалмаспын! Ал кешкі асты сенің әніңді, «Махаббат вальсін тыңдай отырып ішелік. (Әуезов магнитофонды іске қосады да, екеуі асүйге бет алады).
Екінші бөлім
Төртінші көрініс
Алматы консерваториясының студенттер жатақханасы. Жас композиторлар Шәмші Қалдаяқов, Бекен Жамақаев пен ақын Нұтфолла Шәкенов әңгімелесіп отыр. Бекеннің көңілі пәс, бірақ соны сездірмеуге тырысып бағуда.
Нұтфолла: Жас достарым менің, сендердің танысқан беттен бірден табысып кеткендеріңе қуаныштымын. Өйткені, өнер адамдарында қызғаншақтық, күншілдік жиі кезігіп қалып жатады. Моцартқа у ішкізген Сальерилер бүгінде де жоқ емес.
Шәмші: Нәке, бізге не жетіспейді, нені бөлісе алмай жүрміз. Бекеннің «Махаббат вальсін» мен шығара алмаймын дегендей... Сіздің бұл ініңіздің небәрі жиырма бір жасында мынадай әнді шығаруы шығару-ақ!..
Бекен: Шәкеңнің жүрегінен «Менің Қазақстаным» ән болып төгілгенде бұл құрдасымның жасы «айхай, жиырма бестің» ар жақ, бер жағында ғана болғанын біз білмей ме екенбіз(бәрі қосылып күледі).
Нұтфолла: Жігіттер, бойларыңдағы жастықтың буы мастықтың буына ұласып кетіп жүрмесін! Сендерді арзан мақтаннан сақтандыру – менің ағалық борышым. Бүгінде екеуіңе таңыла бастаған «Вальстің королі, вальстің падишасы» деген атақ жақсы-ақ, бірақ оны көтеріп жүру де оңайға түспес. Сонсоң әлгінде айтқан Сальерилер өздеріңнің адрестеріңе айтыла бастаған ондай құрмет сөзді естігенде еліріп, сендерді кешіре қоймас. Айтпақшы, Бекен өзің алыста жүргендіктен «Сен ғана» деп аталатын әніңнің эфирге аса қиындықпен жолдама алғанын ести қоймаған боларсың?
Шәмші: Елдегі Бекен түгілі мұндағы мен де естімеген ол қандай әңгіме?
Нұтфолла: Көркемдік кеңесте, атын айтпай-ақ қояйын, бір Сальери: «Өзі кейінгі жастар вальс жазғыш болып кетті. Бекен мен Нұтфолланың мына әндері тым тәтті, жылымшы бір дүние» деп өткізбеуге айналғанда, Роза Бағланова апайларың әлгінің аузына құм құйып, біздің әнімізді шыңырау тұңғиыққа кетіп бара жатқан жерінен алып шыққанын айтсаңшы!
Бекен: Қайран, Нәкем-ай, бұл оқиғаны маған мен алаңдамасын деп айтпаған боларсыз? Сізге аузыма рахметтен басқа сөз түсер емес!..
Нұтфолла: Рахметті сен Бекен де, сен Шәмші де ең алдымен сол Роза апайларыңа айтыңдар (Роза Бағланованың орындауында Бекеннің «Сен ғана» әні орындалады).
Шәмші: Рас, Нәкеңдікі жөн сөз. Бекен де, мен де сол кісіге қарыздармыз. Роза апайымыздың біздің алғашқы туындыларымызды эфирге осындай табандылықпен шығарып келе жатқаны біздің бағымыз ғой. Солай дей келіп, Бекен «Сен ғананы» сен ғана шығара алатындығыңа ешкімнің дауы болмас!
Нұтфолла: Өсер елдің баласы бірін бірі батыр дейді деген осы! Көңілінде титімдей де қылауы жоқ Әнапияның Жәмшиті жарайсың!
Бекен: (таңырқап) Әнапия... Жәмшид! Бұл не, Шәмшінің псивдонимі ме?
Нұтфолла: Бекен, өзіңді Семейге арнайы іздеп барған құрдасыңның шын аты-жөнін білмейді екенсің ғой. Білмесең мен айтайын оның жайын. Мұның әкесінің аяғында қалы болыпты. Содан оны жеңгелері "Қалдаяққа" айналдырыпты. Ал сол Қалдаяқ осы ұлына ертеде өткен Жәмшид патшаның есімін қойған екен. Содан шешесі бұл сөзге тілі келіңкіремей Шәмші деп атап кеткен ғой. Не десең де бұл сабаз елдің падишасы бола алмаса да, әннің падишасы атанғаны бір керім!
Шәмші: Ағасы, көңіліңізге рахмет! Сіздің сөзіңізге қосарым сол, Семейге Бекенді іздеп бір мен емес, композитор Әблахат Есбаев ағасы да, ақын Тұманбай Молдағалиев інісі де барған. Бір сөзбен айтқанда менің бұл құрдасым кісі іздеуге тұрарлық азамат қой!
Бекен: Шәмші, сені Шәке дейінші, өйткені қанша айтқанмен бір жас үлкендігің бар ғой, осы орайда айтайын дегенім сол, екеуіміз де жаңа ғана аты аталып жатқан Роза апайымызбен бірге Мұхтар ағаның, ұлы Әуезовтың назарына ілігіп, қамқорлығына бөленгеніміз баға жеткісіз бақ қой. Соның айғағындай ағамыз үлкен басымен мені өзі іздеп тауып алса, ал ол кісі өмірден өтерінің алдында университет студенттерінің алдында сөйлеген тарихи сөзінде жас таланттар қатарында сенің есіміңді де атай кетіп, бұлардан жыл келгендей жаңалық сезінеміз деді емес пе!
Нұтфолла: Әуезовтай данышпанның назарына іліккен екеуің неткен бақытты жансыңдар. Соның бәрі қайырлы құтты болсын! Бірақ осындай көңілді әңгіме үстінде Бекен інімнің қабағы неге салынқы екендігін түсінбей тұрғаным?
Бекен: Әй, Нәкем-ай, бәрін айтқызбай-ақ біліп тұрасыз-ау! Ішімдегі ренішімді айтып сіздердің мазаларыңызды алмай-ақ қояйын деп едім, енді болмады. Роза Тәжібайқызы, ол кісінің бізге жасаған жақсылығы туралы айтып жатырмыз ғой, Шәмшіні білмеймін, өткенде мен апайдың алдында ыңғайсыз жағдайға тап болдым...(күмілжіп тұрып қалады).
Шәмші: Оу, Бекентай, айтып өлтірсеңші, сен бірдеңені бүлдіретін жігіттердің сапынан емес едің ғой...
Бекен: Ол былай болды өзі... Өткенде Семейге Роза апай гастролдік сапармен келіп кетті ғой. Өзімше үсті-басымды түзеп, қолыма гүл алып Алматыдан келетін пойыздан жарты сағаттай бұрын вокзалға барғанмын. Содан... жаныма өнер сүйер жұртшылық бейне гүлге қонған бал араларындай қаптап кетсін!
Шәмші: Ал оның несі жаман, өздерінше саған деген құрметтері шығар?..
Бекен: (күрсініп) Иә, сол арада маған құрмет артығымен көрсетілгенін қайтерсің? Семейде өзін менен еш кем санамайтын әуезқой композиторсымақ бір інішек бар еді. Сол қарап тұрмай маған ащы шектей жабысып: «Гүліңізді мен ұстай тұрайын» дегені. Ал пойыз келіп тоқтағанда әлгі сабаз да, гүлім де таптырмады. Ел жапатармағай апайдың вагонына қарай ұмтылғанда перронда жападан жалғыз қалыппын. Сонсоң ешкімнің көзіне түскім келмей жылыстап, бейне бір жынды кісі құсап: «Гүлім қайда, гүлім қайда?» дей беріппін. Ал біраздан соң сол сөз көкірегіме өзгеше бір саз, тың әуен болып төгілгенін қайтерсіз!
Нұтфолла: Оу, адам деген соған бола ренжи ме екен? Соның есесіне жаңа әуен жаңа ән болып төгіліп жатса оған сонша таусылуға бола ма?
Шәмші: Бұл бір ерекше оқиға екен. Әрине, себеп салдарсыз ән тумайды. Десе де, Бекен апайын дұрыстап қарсы ала алмағынына өкінеді де! Бекен, бірақ сол өкінішіңді жаңа әнмен толтырғаныңа шын ниетпен сүйсініп тұрмын. Сондықтан ол оқиғаның көлеңкелі жағын ұмыт енді.
Бекен: Ұмытты деп есептеңіздер. Айтпақшы содан кейінде қарындасым Бейбітжанды ертіп Роза апайдың Алматыдағы үйінде де болғанмын. Қалай болғанда да екеуіңізге көптен көп рахмет! Сәл болса да жеңілдеп қалдым...
Шәмші: Мен адам танысам бұл құрдаста айтылмаған тағы бір сыр бар секілді. Көңілдің кірі айтса кетеді демекші, сен Бекен өзіңнің арыңның алдында да, біздің алдымыз да арылып алғаның жөн бе деймін.
Бекен: Жақсы онда. Ал ендеше ұрыста тұрыс жоқ деген. Оның сыртында әкесін өлгенді де естіртеді деген де бар. Сонымен сөздің тоқетерін айтқанда «Махаббат вальсінің» авторы мен емес екенмін. Яғни, мен оны Алжир киносынан ұрлап алған екенмін...
Нұтфолла: Онда мұның сөзін мен де алжирліктерден ұрлап алған болып шықтым ғой...
Бекен: Не десеңіздер о деңіздер, менің үстімнен Қазақстан Композиторлар одағына домалақ арыз түсіпті. Онда мені плагиат ретінде осы әннің авторы құқығынан айыру туралы ұсыныс айтылыпты. Жақында одақта осы мәселе қаралмақшы.
Нұтфолла: Осы одақтың немен айналысатынын өз басым түсінбеймін. Ондағылар мұның алдында Шәмшіні консерваторияны бітірмей кеткенсің деп одаққа мүшелікке қабылдамай қойған болатын. Сонда мынадай қиянатқа шыдай алмаған біз онда консерватоияны бітірмеген Құрманғазының есімі консерваторияға қалай берілген деп өзімізше шу шығарғанбыз. Бірақ оны ескерген кім бар?
Шәмші: Даудың басы Дайрабайдың көк сиырында демекші, өз басым мәселе мынада ма деймін. Бекеннің «Махаббат вальсі» қазірге дейін әлемнің бірқатар еліне, нақтылап айтсақ Қытай, Бирма, Үнді, Моңғолия, Венгрия еліне тарап кеткенін бәріміз білеміз. Ендеше алжирліктер бұған жиендік етіп отырмасына кім кепіл?
Нұтфолла: Шәмшінің болжамы дұрыс. Мен сендерге Роза апайларыңнан естігенімді айтайын, осыдан біраз жыл бұрын ол кісі бұл әнді Брюселде өткен бүкіләлемдік көрмеде орындаған ғой. Сонда әлгі концертке Бельгияның корелевасы Елизавета Баварская арнайы келіп, «Махаббат вальсін» беріліп отырып тыңдапты. Алжирліктердің бірі де бұған беріліп кетіп, өз шығармасы ретінде орындаған болар... Сондықтан біз былай істейік... Яғни, бұл мәселеде Ахмет Қуанұлымен ақылдаспаса болмайды. Одақтағылар да ол кісімен санасады. Мұны бір десек, екінші жолын да сол академик ағамыз айтатындығына өз басым еш шүбаланбаймын.
Шәмші: Қол қусырып отыра берген жарамас. Онда мен жақсы ағаға жолығып келейін (Ол солай дейді де, магнитофонды қосқан бетте «Махаббат вальсі» бөлме ішін кернеп кетеді. Бекен мен Нұтфолла бөлме ішінде сеңдей сенделіп жүріп қалады. Алайда көп ұзамай Шәмші кері оралады).
Нұтфолла: (қасын керіп) Шәмші, сенің ағаңа барғаныңнан келгенің жылдам болды ғой...
Шәмші: Жолы болар жігіттің жеңгесі алдынан шығар демекші, сырттан ішке кіріп келе жатқан ағамыз қарсы жолықты. Академик одаққа телефон шалып, бұл мәселе әбден анықталғанша тосқауыл қоятындығын, сонымен бірге одақтың атынан алыстағы Алжирге дипломатиялық каналмен хат жолданатындығын айтты. Және Бекен саған өзіне бірер күннен соң жолғып кетуін өтінді.
Нұтфолла: Алдын ала өрекпімей тұра тұрайық. Десе де, мұны жартылай жеңіс деуге де болады. Бекенжан, көтер басты, алға басқан қадамыңнан жаңылма! («Махаббат вальсі орындалады).
Бесінші көрініс
Көзге «Ресторан Алтай» деген жазу шалынады. Есік алдындағы жергілікті ақын мен әуесқой композитордың әлдекімді асыға күтіп алаңдап тұрғаны аңғарылады.
Әуесқой композитор: Әй, осы Бекен ағамыздың «жұмысқа» қашанда кешігіп келетіні-ай!
Жергілікті ақын: Сен де айтасың-ау! Біздің ішімізге ел қонып, шөл басып жүргеніміз сол кісінің арқасы емес пе?
Әуесқой композитор: Енді ол солай солай ғой. Бірақ қазір ресторанда орын болмай қалады дегендей... Оның үстіне жаңа «сіп-свежий» «Жигули» сырасын түсіріп жатқанын көріп қалғанмын. Бұл өзі қасқалдақтың қанындай болып тұр ғой қазірде.
Жергілікті ақын: Бекен ағаның тілектес жанкүйер, жанашырлары аман болсын де! Олар қашан бізді сусындатпап еді?
Әуесқой композитор: (ресторанның аты жазылған тақтайшаны қолымен нұсқап) Әйтеуір, «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» деген сөз біздің Бекеңе, оның «Махаббат вальсіне» жүрмейтіндігіне шүкір! Халық тобыр деген осы да! Болмаса вальстің небір көкесін біз де жазып жүрміз ғой.
Жергілікті ақын: (залға қарата) Әй, ит-ай, өзін Бекенмен салыстыруын қарашы! (сонсоң серігіне бұрылып) Өнер жанашырлары тарапынан саған сыра, шампан, арақ пен коньяк ағылып келіп жатса, онда ағамызды күтпей-ақ ішке кіре берейік те! Сонсоң Бекен ағамыз бір вальспен тоқтап қалып па? Айталық, «Сен ғанасы» қандай? Соңғы «Ертіс вальсі» ше?
Әуесқой композитор: Оның «Гүлім қайда?» деген әні менің арқамда өмірге келгенін ұмытпа!
Жергілікті ақын: Саған шындығында дауа жоқ екен. Иттігіңде шек жоқ-ау, болмаса осыған мақтанатын жөнің жоқ қой.
Әуесқой композитор: Әй, қой, бас жағына барыспайық. Анада Бекеңнің өзі сенің көзіңше «бұл себепкер болмаса «Гүлім қайда?» әні тумас еді деді емес пе!
Жергілікті ақын: «Мылжыңды езген, езгенді құдайдан безген жеңеді» дейді халқымыз. Ағаның әлгіндей қолпашын осылайша түсінген саған не жорық? Қазір де ол кісінің басын қатырмай тыныш отырсаң жөн болар еді... Әне, кімді айтсаң сол келеді демекші, ағаның да қарасы көрінді. Бүгін жүрісі ширақ тәрізді, енді екеуіміз ол кісіні шаршатпауға тырысалық (Бекен бұларға тақай берісімен екеуі оған қос қолдарын ұсынып бәйек болады).
Әуесқой композитор: Ау, Бекен ағасы, жұмысқа тағы кешігіп келдіңіз ғой... халқыңыз сізді асыға күтіп отыр дегендей!
Жергілікті ақын: (серігіне көзін аларта қарап) Қойсаңшы, жаңа келістік емес пе! (Бекенге бұрылып) Бекен аға, денсаулығыңыз қалай? Кеше көрінбедіңіз ғой?
Бекен: Денсаулық болмай тұр ғой, бауырым. Консерваториядағы оқуымды жалғастыруға биыл да шама жоқ. Сол бір жыл оқумен ғана шектеліп тұрмыз. Шіркін, Алматы, ондағы өнер ортасы көзден бұлбұл ұшып барады. Қайран, Мұхтар аға, үмітіңізді ақтай алмадым-ау! Біріншіден өзім де күтінбедім, екіншіден күнделікті ырду-дырду қошеметпен денсаулығымды сақтай алмадым. Осының бәрі текке керегі жоқ еді ғой. Ал сен(Әуесқой композиторға бұрылып) іштей болса да онда бүгін мұнда неге келдің деп тұрғаныңды мен сезбейді дейсің бе? «Ертісімді, Ертіс вальсін» тыңдауға келген едім. Сен болсаң тағы алдымнан шықтың, осы сенен, яки сен менен қашан құтылар екенсің? Ана Алматыдағылар да Шәмшіні шаршатып бітіп еді, сендердің мақсаттарың олардан да асып түсу ме?
Жергілікті ақын: Ағасы, сіздің сөзіңіз қай жағынан болсын дұрыс. Қазір ішке кіріп «Ертіс вальсін» тыңдайық та кетейікші бұл жерден(үшеуі ішке қарай бет алады).
Әуесқой композитор: (залға қарата) Іштегілер сені жібере қояр, халқыңның менен де қатыгез екендігін әлі білмейді екенсің-ау! Құшағында қысып өлтірер әлі-ақ сені! (Айтқандай –ақ бұлар ішке енісімен Бекенге сәлем берушілер көбейіп, солардың әрқайсысы оны өз үстелдеріне шақырып әлекке түседі. Орындарынан тұрып қол соғып жатқандар да байқалады. Бұлар оңашалау шеткі үстелге жайғасады).
Бекен: Мен сендерге тағы да ескертемін, мені ешқайда сүйрелемеңдер, осы жерде тыныш отырайық (Сөйткенше болмай бұлардың үстеліне жан-жақтан сәлемдемелер келе бастайды да, әлдебіреудің бастамасымен оркестрге «Ертіс вальсін» ойнауға тапсырыс беріледі. Әлгі тапсырыс иесі вальс орындалып бітісімен оркестр жетекшісінің қолына ақша қыстырып болған соң бұлардың қасына келіп автордың құрметіне деп тост көтертеді. Ресторан іші «бис, браво» деген үнмен жаңғырып кетеді).
Әуесқой композитор: Бекен аға, халықтан үлкен емессіз ғой... оның үстіне сырқаттанып тұрсыз дегендей. Неден ауырсаң сонымен емдел деген сөз және бар (Біреу шиқылдап, біреу қарқылдап күле бастайды. Құлағын басқан Бекен келесі сәтте шыдай алмай алдындағы арақ құйылған рюмкесін бір-ақ қотарып, соңын ала үлкен стақандағы сыраны да аяғына дейін ішіп қояды).
Бекен: (әуесқой композиторға бұрылып) Сенің бір дұрыс сөзің осы болды... иә, халықтан үлкен емеспіз. Оның үстіне немен, неден ауырғаным да есіме енді түсті...
Әуесқой композитор: Ер кезегі үшке дейін деген де сөз бар. Бог любит троицы дей ме, орекеңдер (орнынан тұрып тездетіп рюмкелерге арақ құйып үлгереді де үшеуі басқа сөзге келместен тартып жібереді).
Бекен: Ту, шекемнің де, арқамның да құрысы енді жазылды ғой. Алдымен алла, одан кейін Мұхтар аға кешірсін, адамдар мұны басында дәрі есебінде ішті емес пе? Сендерден жасыратын несі бар, ақаңның қуатымен жанымды қинаған дерттен сәл болса да айығып қалатын секілдімін (көйлегінің түймесін ағытып, галстугін босатады).
Әуесқой композитор: Қайран Бекем-ай, айтасыз-ау! Сіздің вальсіңіз өз алдына, үніңіз ше, үніңіз! Қазақтың Левитанысыз ғой сіз!..
Жергілікті ақын: Енді ағамыз облыстық радиода диктор болып қызмет істемеді ме? Левитан демекші, сол тұста сіз онымен Мәскеуде жүздесіпті дегенді де естіген едік.
Бекен: Сен екеуің мені арақпен ғана емес, бос мақтанмен де есірткілерің келеді,ә! Левитанмен Мәскеуге барғанда үлкен бір жиын үстінде кездескенбіз, ал онда тұрған не бар? Одан да сол жолы «Мәскеу» қонақ үйінде екінші Мұхаңмен, атақты композитор Мұқан Төлебаевпен жүздесіп сұхбаттасқанымды айтсаңдаршы?! Бүгінде соның бәрі өткен шаққа айналып бара жатқанын қайтерсің! Қазірде сол екінші Мұхаң да жоқ. Біздің отырысымыз болса мынау!
Жергілікті ақын: Айып етпесеңіз, сізге тағы бір сұрағым бар. «Махаббат вальсінің» авторлығына талас мәселесіне қалай нүкте қойылғанын өз аузыңыздан естісек деп едім. Болмаса ол туралы небір аңызға бергісіз әңгімелер әлі күнге дейін толастар емес.
Бекен: Оны сағыздай созатын ештеңесі де жоқ. Академик Ахмет Жұбановтың ұйытқы болуымен консерваторияның және республика Мәдениет министрлігінің тарапынан екі бірдей ресми хат Алжирге жолданғанын өздеріңе баяғыда айтқанмын. Көп ұзамай ол жақтан да ресми жауап келген болатын. Осы әнге қызығып, өз фильмімізге пайдаланғанымыз рас. Оған кешірім өтінеміз депті. Ал менің бұл әнімнің сол шақта алыс, жақын Азия елдеріне кеңінен тарағанынын өздеріңде білесіңдер. Бұған дейін өздерің сұрамаған соң ол туралы менің де қайта сөз қозғағым келмеген.
Әуесқой композитор: Бекен аға, ана үстелде отырған кіл мықтылар маған тілхат жолдап, сізді өздеріне ертіп келуді өтініп жатыр, оған не дейсіз?
Бекен: Қарағым, мен арағыңды ішкенмен, ақылымды ішкен жоқпын. Бағана не деп едім, үстел араламаймыз, қазір қайтамыз.
Әуесқой композитор: Онда ұмытпай тұрғанда айтайын, тағы бір ұсыныс бар. Анау өзіңіз танитын областной бастық сізді ертеңгі мерейтойына ертіп кел деп еді.
Бекен: Сол бастығыңмен құры, жарқыным! Оған мен бедел үшін ғана керекпін. Ал мен свадебный генерал болғым келмейді.
Жергілікті ақын: Мен қазір «Ертіс вальсіне» тағы бір заказ берейін. Соны тыңдап болған соң аға сізді үйіңізге жеткізіп салайық.
Бекен: Міне, жөн сөз осы! Рахмет, бауырым! ( Вальс орындалады. Мейрамхана қонақтарының бәрі дерлік орындарынан тұрып, жұптасып биге шығады).
Алтыншы көрініс
Аурухананың жалғыз кісілік палатасында композитор Бекен Жамақаев пен актер Әбілқасым Жаңбырбаев әңгімелесіп отыр.
Әбілқасым: Бекенғали қарағым, өзіңе әне кіріп шығамын, міне кіріп шығамын деп жүріп біраз уақытты өткізіп алыппын. Қу тірлік деген осы! Болмаса өзіңе деген менің көңілімді білесің!
Бекен: Ол не дегеніңіз Аркаша аға! Бекенғали дедіңіз-ау... әкем мені осылайша негізгі атыммен атайтын. Сол күндерді сағынамын...
Әбілқасым: Сен де мені Аркаша аға деп жатырсың... Бекентай, менің де бәрі есімде... Мен сырнайды құйқылжыта орындап, Казкрайдағы өзіміз тұрған көшені азан-қазан қылып жатқанда сен ақырын баспалап келіп, сол бір әуендерді табжылмай тыңдайтының, алғашқы әніңді беріліп ойнап отырған сәтіңде мені аңғармай қалып, ал аңғарған соң өзіңді қоярға жер таппай қысылғаның бәр-бәрі күні бүгінгідей есте.
Бекен: Айтып айтпай не керек, өнер жолына мені жетелеп алып келген өзіңізсіз, жақсы аға! Одан кейінгі жерде тағы да сіздің ақылыңызбен білім қудым, еңбекке араластым дегендей... Бірақ, өкінішім де жоқ емес. Арзан атаққа алдандым, абыройсыз араққа арбалдым... солайша жоғалтқаным көп болды. Оның есесіне ескі ауруыма қайта тап болдым. Сөйтіп, консерватоиядағы оқуым да аяқсыз қалды. Бір сөзбен айтқанда Мұхтар ағаның да сенімінен шыға алмадым.
Әбілқасым: Бекентай, сен өстіп өзіңді шаршатпа! Кемшіліксіз адам бола ма! Бірақ жеткен жетістігің де аз емес. Небір азаматтар отызында орда бұзуға талпынса, сен жасың жирмадан енді асқанда «Махабат вальсіндей» өлмес, өшпес туындыны өмірге әкелдің. Міне, жасың қырыққа келгенде алпыс шақты әннің авторы атанып отырсың. Біле білгенге ол да аз шаруа емес.
Бекен: Е, ағатайым-ай, сіз мені жұбатпағанда кім жұбатады? Қалай десеңіз де, алдыма шамшырақ қылып үлгі тұтқан сізге ілесе алмадым ғой. Сіз, міне өнердің шыңына қарай өрлеп, халық әртісі атанып отырсыз. Жуырда Алматыдағы әкемтеарында пролетариаттың көсемі Лениннің бейнесін сомдап келдіңіз. Бұл деген үлкен сенім ғой. Соған барша Семей жұртышылығының төбелері көкке жеткендей ерекше қуанды.
Әбілқасым: (орнынан тұрып кетеді) Пролетариаттың көсемі дейсің,ә... ал өз көсемдеріміз қайда? Бір кезде Семейдің алаштың астанасы болғанын мен айтпай-ақ өзің де біліп отырсың. Сол алаш арыстарының ақталып жарыққа шығатын күнін біздер көре алар ма екенбіз... Бекен, осы орайда сенің саясаттан бойыңды аулақ ұстап, тек мәңгілік тақырыптар төңірегінде еңбектенгенің де дұрыс шаруа болды (жан-жағына қарап қояды). Партия қайда болса, жеңіс сонда екендігі де рас шығар... бірақ өз басым дүниенің тұтқасы адамгершілікте, адамдардың бір біріне деген сүйіспеншілігінде деп білемін. Абай атамыздың «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дейтіні де сондықтан.
Бекен: Шіркін, данышпан Абай атамнан қалған сөз бар ма? «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тапта бар қалан!» деді емес пе! Үш ұл, бір қызымның сол дүниеге бір кірпіш болып қаланған күнін көре аламын ба, жоқ па? Олай болмаған күнде бар үмітім Майнұрда! Ал әндерім ше, әндерім... (көңілінің босап кеткенін сездіргісі келмей басын қабырғаға қарай бұрып әкетеді).
Әбілқасым: (бауырын ширатқысы келіп, ширақ тіл қатады) Бекенғали, алдағы күндерден үміт үзбелік, халқың аман болса, елің тыныш болса саған да бағасын бере жатар! Өз басым сенің әндеріңді кейінгі жас таланттардың да орындайтындығына, оған кейінгі буынның да жұптасып билейтіндігіне кәміл сенемін! ( «Махабат вальсі» Роза Рымбаеваның орындауында айтылады. Сахна төріне жастар шығып, жұп-жұбымен қаздай қалқып билей жөнеледі).
Соңы