Адам қарады: 42 | Жарияланды: 2018-04-20 02:58:13

Ерқазақ

   Өткен жаугершілік заманда бір батыр болыпты. Әлгі батырға тең келер ешкім жоқ екен. Жау батырдың атын алты қырдан естісе болды, зәресі қалмай қаша жөнеліпті. Батыр елі мен жерін көп жылдар бойы жау қолына бермей қорғапты. Күндердің күнінде кәрілік жеңіп, батыр әбден қартайып, әке жолын жалғар бір ұлы болмапты. Әйтеуір зарыға жүріп бір перзенті болыпты. Батыр әйеліне бұрылып:

- Баланың атын кім қояиық? - дейді. Әйелі:

- Үйдің отағасы, баланың атын сіз қойыңыз. – дейді. Сонда бала ғайыптан сөйлеп кетеді.

- Менің атымды Ерқазақ қойыңыздар, - дейді. Батыр мен әйелі таң қалып, баланың атын Ерқазақ қойыпты.

   Батыр ұрыстан келгенде алты күн, алты түн үйықтайды екен. Оны біреу келіп жұлқыласа да оянбапты. Мұны білген жау батыр ұйқыға кеткенде елін шауыпты. Жау қазақтың кең-байтақ жеріне қызығып, киіз үйлерін өртепті. Елін шауып, халқын қырыпты. Ауыл іші у-шу болып жатқанда анасы баланың жанына ас-суын қалдырып, қазан астына тығып қояды. Жау ұйқыда жатқан батырды құлдыққа, әйелін күңдікке алып кетіпті.

  Қазан астындағы бала ай санап, күн санап емес, сағат санап өсіпті. Ерқазақтың бойы тез өсіп, қазан тарлық қылыпты. Жау кеткен соң бала орнынан көтерілгенде басындағы қазан қалпақ сияқты болып қалыпты. Ерқазақ бойы ұзын, зор денелі, аса күшті жігіт болып өсіпті. Ол анасы қалдырып кеткен жылқының қымызын ішіп, түйенің етін жегенде күшіне күш қосылып, алпамсадай жігіт болыпты. Жан-жағына қараса, киіз үйлер өртеніп, адамдардың бәрі өліп қалыпты. Жігіт қанша іздесе де әке-шешесін таба алмайды. Қораның жанында аяғына жебе кіріп кеткен бір құлын шыңғырып жатыр екен. Ерқазақ жебені оп-оңай суырып алыпты. Оң қолымен сипағанда құлынның жарасы жазылып кетіпті. Жігіт құлынға бір рет бие сүтін бергенде тай болыпты. Екінші рет ішкізгенде құнан, үшінші рет ішкізсе дөнен, төртінші рет ішкізгенде бесті атқа айналыпты. Үстіне күміс ертоқым салғанда нағыз тұлпар болыпты. Оған Аққұйын деген ат қояды. Сөйтіп, Ерқазақ тұлпарына қарғып мініп, әке-шешесін іздеп кетеді. Ауылдан шыға бергенде аты жүрмей, тоқтап қалады. Қараса, алдында сақалы ұзын, тақия киген, үстінде шапаны бар қария тұр екен. Жігіт аттан түсіп, қол беріп амандасады.

- Балам, саған үш өсиет айтам, мұқият тыңда, - дейді қария.

- Айтыңыз ақсақал, - дейді жігіт. 

- Бірінші өсиетім – қандай іс қылсаң да, адал жолмен көзін таба біл. Екінші өсиетім – біреуге үлгі көрсеткің келсе, әуелі өзіңнен баста. Үшінші өсиетім – ақылға салмай, сөз айтпа, - деп қария көзден ғайып болады. Ерқазақ аң-таң болып жүріп кетеді. Жолда келе жатқанда алдынан жалмауыз кемпір кезігеді.

- Сен кімсің, менің иелігіме рұқсатсыз неге кіресің? – деп жалмауыз кемпір жігітке шүйлігеді.

- Мен – Ерқазақпын. Бұл жер сіздің иелігіңіз екенін білмедім. «Жалмауыз кемпірдің жері» деп жолдағы қойтасқа жазып қоймайсыз ба? – дейді. Кемпір сөзден тосылып қалады. Жігіттің тегін адам емес екенін біліп: 

- Жүр, үйіме қонақ бол, - дейді. Жігіт келіседі. Ас ішіп болған соң сыртқа шықса, тұлпары жоқ. Жігіт атын жалмауыз кемпір алып кеткенін біледі.

- Тұлпарымды қайтар, әйтпесе сені өлтіремін, - дейді жігіт қылышын кемпірдің тамағына тақап.

- Егер мені өлтірсең, тұлпарыңды ешқашан көрмейтін боласың. Менің бір шартым бар, соны орындасаң, тұлпарынды берейін, - дейді. Жігіт амалсыз келіседі. Жалмауыз кемпір бір қойды алдына әкеп тастайды.

- Осы бір қойды үш рет сатып, үш есе құнын әкеп бер, әкелмесең тұлпарыңмен қоштаса бер, - деп, ұйықтап қалады.

  Жолда Ерқазаққа әкесін танитын бір бай кездеседі. Жігіт болған жағдайды баяндайды. Бай қулық ойлайды. Жігітке екі қой беріп, кейін өрістен ұрлап алып кетті деп, дауласып жиырма қой қылып қайтарып алғысы келеді. Бай:

- Бір қойға кім саған үш қойдың ақшасын береді? Әкең маған көп жақсылық жасап еді, саған екі қой берейін, қолындағы қойға қосып сат, - дейді. Жігіттің есіне ғайып қарияның айтқан сөздері түседі. Ерқазақ байдың малын алмайды. Өзі еңбек етіп, қойдың қыстан қалған тоң қиын бір сатады, жүнін қырқып екі сатады, ең соңында қойдың өзін сатады. Жалмауыз кемпірді оятып, үш қойдың құнын береді. Жалмауыз кемпір басын шайқап, жігітке тұлпарын береді.

  Ерқазақ екі таудың арасындағы жалғыз соқпақпен келе жатып бір-бірінің бетін тырнап жатқан жезтырнақтарды көреді. Екеуі дауласып, жігітке келеді.

- Ей, жігіт, сен біздің дауымызды шешім берші, - дейді. Жігіт:

- Олай болса, не үшін дауласқандарыңды айтыңдар, - дейді. Жезтырнақтар:

 - Тамшы мықты ма, тас мықты ма? Соны біле алмай дауласып жатырмыз, - дейді. Сонда жігіт:

- Тамшы мықты, тама-тама тасты да теседі, - деп жауап береді. Жезтырнақтар жігітке таңғалып, «қонақ болып кет» дейді. Жігіт келіседі. Ол жеміс жеп отырғанда жезтырнақтар білдірмей қаруын ұрлап алады. Ерқазақ атына келсе, бағана қалдырып кеткен бес қаруы жоқ екен. Жігіт жезтырнақтарға қарап, «Бес қаруымды қайтарып беріңдер, әйтпесе мына екі таспен екеуіңді бір-бір ұрып өлтірем» дейді. Жезтырақтар:

- Егер бізді өлтірсең, қаруыңды таба алмайсың. Сен мына бір сиырды төрт рет сатып, ақшасын әкеп берсең, қаруыңды берейік, - дейді. Жігіт амалсыз келіседі. Жолда жігітке бір кедей кездеседі. Жақсы киім киіп, мықты ат мінген Ерқазаққа өтініп:

- О, мейірімді жігіт, маған баюдың жолын үйретші, - дейді. Ерқазақтың есіне қарияның екінші өсиеті түседі. Ол жанына кедейді ертіп алып сиырдың сүтін бір сатады, қиын екі сатады. Сосын сиырды сойып еті мен терісін сатады. Сонда кедей риза болады.

- Сіз баюдың жолын сөзбен айта салмай, іспен көрсеткенініз маған түсінікті болды? – дейді кедей.

   Жігіт ақшаны жезтырнақтарға әкеп береді. Жезтырнақтар басын шайқап, жігітке қаруын береді.

   Ерқазақ таудан асып, бір саймен келе жатып адам қанын соратын құбыжыққа кез болады. Құбыжық аспанға қарап ойланып отыр екен. Жігіт амандасып:

- Не ойлап отырсыз? - дейді. Құбыжық:

- Күннің шуағынан жылы дүниеде не бар екен деп ойланып отырмын, - дейді.  Сонда жігіт: - Күннің шуағынан жылы ананың мейірімі бар, - дейді. Құбыжық:

- Жігітім, қалай дәл таптың, қонақ болып кет, - дейді. Алыс жолдан шаршап келе жатқан жігіт келіседі. Ерқазақ ас ішіп, басы жерге тиісімен ұйықтап кетеді. Құбыжық осы сәтте жігіттің қанын сорып алмақшы болады. Жігіттің кеудесін ашып қалғанда күндей жарқыраған бойтұмарды көреді. Құбыжық бойтұмарға қызығып, ұрлап алады. Жігіт оянса, мойнында бойтұмары жоқ екен. Бойтұмар болмаса, жігіттің күш-қуаты кеміп қалады екен. Ерқазақ орнынан атып тұрып, құбыжықтың жанына жетіп келеді.

- Бойтұмарды сен алдың, қазір басыңды қылышпен қақ бөлмей тұрғанда өзіме қайтар, - дейді. Құбыжық айтады:

- Егер мені өлтірсең, бойтұмарды ешқашан таба алмайсың, егер сен бір түйемді бес рет сатып, ақшасын әкеп берсең, бойтұмарыңды қайтарайын, - дейді. Жігіт тағы амалсыз келіседі. Ол орманнан отын шауып, оны түйеге артып, базарға барып сатады. Сосын түйенің шұбатын, тезегін сатады.  Ең соңында түйені сойып, еті мен терісін сатады. Ерқазақтың бір түйені бес рет сатқанын көрген саудагер:

- Сен ақылды адам екенсің. Мен жақында бір қызметші қыз асырап алған едім. Бірақ соның айтқан сөзін түсіне алмадым. Сен маған қыздың жұмбағын шешіп берсең, саған қосайын. Егер жұмбақты шеше алмасаң, тұлпарың мен қаруыңды маған бересін, - дейді. Жігіттің есіне қарияның үшінші өсиеті түсіп, басын изейді. Екеуі қызға келеді. Қыз өте сұлу, ақылды екен. Жігіт пен қыз бір-бірін бір көргеннен ұнатып қалады. Саудагер қыздан:

- Қай елдің қызысың? – деп сұрайды. Қыз:

- Оны өзім де білмей отырмын, - дейді. Сонда саудагер:

- Ей, жігіт, мына қыздың жауабын маған түсіндіріп айт, - дейді. Ерқазақ:

- Қыз қай елге келін болып түсерін өзі де білмей отыр, - дейді. Сөйтіп, қыздың жауабын шешкен Ерқазақ оны атына өңгеріп, шауып кетеді. Бес есе тапқан ақшасын құбыжыққа әкеп береді. Құбыжық ботұмарды береді.

    Ерқазақ неше күн, неше түн жүріп, жаудың еліне жетеді. Түнде жаудың ауылдарын шауып, кегін ала бастайды. Мұны естіген жаудың патшасы жігітке қарсы шайқасуға он мың әскер жібереді. Таң атқанда Ерқазақ бір дөңнің басына шығып, жау әскерлерін бақылап тұрады. Қараса, жолда көрген жалмауыз кемпір, екі жезтырнақ пен құбыжық келе жатыр екен. Олар «Егер Ерқазақтың көзін жоймасақ, кейін біздің басымызға бәле болады» деп бір қулық ойлайды. Жігіт олардың айласын біліп қояды. Ғайып қарияның үш өсиетін де орындап қойғаны есіне түседі. Ерқазақ үш өсиеттен қорытынды шығарып, «Не істесең де, ойланып істе» деген ойға келеді.  

- О, қош келіңдер, менімен күш сынасқалы келе жатырсыңдар ма? – дейді жігіт. 

- Иә, оны қайдан біліп қойдың? – дейді төртеуі таңғалып.

- Мен сендердің келетіндеріңді біліп, қалың қол жинадым. Сендер әуелі менің әскерімді жеңіп алыңдар, сонда ғана сендермен шайқасамын, - дейді жігіт келе жатқан жаудың он мың қолын көрсетіп.

   Жалмауыз кемпір, екі жезтырнақ пен құбыжық әскерге тұра ұмтылады. Олар таңертең үш мың әскерді жайпағанда әлсірейді, түсте үш мың әскерді қырғанда шаршап-шалдығады, кешке үш мың әскерді жайратып, талып түседі. Осы сәтте мың әскер жалмауыз кемпір, екі жезтырнақ пен құбыжықты өлтіреді. Сонда Ерқазақ қалған мың әскерді талқандап, жаудың патшасынан кегін алады. Зынданда жатқан әке-шешесін босатып, қазақтың кең-байтақ жерін жаудан босатады. Өзі жұмбағын шешкен ақылды, сұлу қызға үйленіп, мұратына жетіпті. Сөйтіп, Ерқазақтың ұрпақтары әлі күнге дейін қазақ жерін жаудан қорғап келеді екен.    

Қазақ тілінде жазылған