Адам қарады: 66 | Жарияланды: 2018-04-22 02:04:24

Пері қыз

Жүз метрге жуық тереңдiкке экскалатормен түсiп келемiз. Түрi басқа, тiлi басқа жұртпен бiрге сән-салтанаты өзгеше  Мәскеу метрополитенiнiң iшiнде келе жатқаныма бiр жағы шексiз қуаныштымын. Жер үстiндегiдей, жер асты да улы-шулы дүние, ығы-жығы адам ағыс. Мұнда келгелi, әсiресе, менi табындыра таң қалдырғаны - көз алдымдағы не деген көп қыруар қыздардың бiр ғана мүсiншiнiң қолынан шыққандай кереметтiгi едi.

Араб пен үндi ертегiлерi арқылы жын-перi, кейде адам боп қаршадай кезiмнен қиялымда орныққан, алдағы күндерiмнен толассыз iздейтiн өн бойында меңдей мiнi жоқ сұлулар осы замандағыша киiнiп алдымнан шыға келгендей - өзiмдi мүлдем ұмытып кетiппiн.

Олар таусыла ма - жұп-жұбымен, топ-тобымен ұшырасады. Шiркiн, Алатаудай асқақ  арулар елi-ай десеңізші, не деген керемет едiң, бiлсемшi...

Түсiнiксiз жат тiлде сөйлесiп тұрған бiр топ адамдардың ортасындағы тотыдайын таранған талдырмаш қыздың мөлдiр мүсiнiн «зерттеп» тұрған менi серiктерiм әрең таптық деп сүйреп  әкеттi.

Серiктерiмнiң бiрi өзiм тектес бұрын Мәскеуде болмаған жiгiт, екiншiсi МГУ-дiң аспиранты  «Асың барда берiп - ел таны, атың барда желiп - жер таны» демекшi, бас бос, арқан - тұсау жоқ кезде жер мен ел тану ниетiмен аспирантқа ерiп келген бетiмiз едi бұл.

Ерен жылдамдықпен ызғыған вагон iшiнде қозғалыс әсерiнен болар-болмас  теңселiңкiреп, Мәскеу жұртының ерекше бір мәдениеттiлiгiне разы пейiлде, ал өз ауылымда  әлi де кездесетiн әдептiлiктiң кемшiн тұстарына өкпелi сыңаймен ой шомып тұрғам. Межелi жерiмiзге жеткенше, қаперсiз осылай тұра берер ме едiм, кенет, әлдеқайдан әлдебiр күш шым батырып ыстық иiрiмiне тарта жөнелмегенiнде. Солға жалт бұрылғанымда - алданбаппын. Есiк жақтауына әнтек сүйенген қалпы менің әр қимылымды бағып бір қазақтың жас аруы тұр екен. Шошына әрi таңырқай жалт еткенiмде, сөйтiп өзiм де тамсанып сұқтана бейкүнә ықылас аударғанымда, ол сәл-пәл жүзi қызарып, ұяла көз тайдырып әкеттi. Толқындатып келтелеу қырыққан қызғылт қошқыл шашын, жұп-жұмыр аққу мойнын, сәндi гүлдi көйлегiн, кернеп тырсиған сүмбiл бiтiмiн, көйлектiң көкiрекше тұс ойығынан жұптасып әнтек томпиған әппақ  алмасын, дөңгеленген жоталы мықынына қиылыңқырап әсем бiтiскен, үп еткен желге майысатындай соншалықты нәзiк қыпша белiн - бәрi-бәрiн қас қағым сәтте, былайғы жұрт назарын сап, ес жиып алғанша сұмдық шапшаң әрi тiнте шолып шықтым. Сосын ұрлығым сезiлiп қалатындай қызға қайта қарауға жүрексiндiм. Кiнәлi де күнәлi жандай ыңғайсызданған халдiң керуенiне тiзгiн берiп, қалыпты тынышым бұзылды. Содан бiр ме, екi ме, бәлкiм одан да көп станциялардан өткен шығармыз. Бiрауық қызға қарасам, мiне сұмдық, маған ту сыртын берiп түрiк тектес бөгде бозбала әлгi қызды оңашалап, орыс тiлiн өрескел бұза қылжақтап тұр екен. Iшiмде қызғаныштың қара мысығы мияулап, тырнағымен осып-осып қан жосытып аласұрады. Тәттi де уыз дүниемнiң тұнығын ылайлаған менен гөрi пысық та жүректi жiгiтке қарғысты қап-қабымен жауғызып, қызға жалтақ-жалтақ қарай беремін. Сүмбiл де сымбатты мүсiнiн сымдай тартып, осы әлемнен оқшау, алыстағы арман көкжиегiне көз тiккен үнсiз, тәкаппар қызды көндiге  не жiбiдiге жорған болу керек, жiгiттiң түк-түк қолы мен үшiн бiр құшу - бүтiн патшалыққа тең қыз белiне, әне, жыланша жылжып барады. Демiмдi iшiме тартып, бiр уыс боп бүгiлiп қалдым. Перiште қызды өзгеге қимай, оның бiр сәт күле қарағанына мәз боп, күндiкке жетiсiп тұрғаныма жыным кеп, қызғаныштан өлiп кете жаздадым. Кенет қыз түк-түк қолды кейiн серпiп қалды да, жiгiтке жүрек суытар сөз қатты-ау деймiн, анау қорбаңдап қарақұсша төнген қалпынан тез оңалып тұрды. Сосын қыз мен жаққа қарап өттi. Жанарымыз түйiсiп қалды. Мұңлы да назды, әрi өкпелi сезiм сәулелерiн аңғардым: «мынау оспадарсыздан қорғаштап алсаңшы, неге үнсiзсiң, жаным-ау, жат жерде жолықсақ та жаныма жақындасаңшы» дегендей жалынышты сыңайды сездiм. Оның менi ұнатқанын, менiмен тiлдесуге құштар екенiн жазбай таныдым, жазбай танысам да қаныма сiңген ұяңдықтан  ада-гүде арылып, жiгiттен қызды бөлiп сөйлесiп кете алмадым. Әрi әлдекiмдердей көрiнген қызға жыртыңдап сумақайлана тиiсе кету қадетiме жат болатын. Өз ойымен үнсiз отырған көпшiлiктiң назарын  өзiмiзге аударып тiл безеудi орынсыз санадым тағы. Артынша-ақ, сәлден соң ол қыздың не жолай өзiмнiң қалып қоятынымды, сөйтiп, мына табиғаттың таза сұлулығын тұла бойына жинақтаған, бала жастан түсiмде көрiп, қиялымда кездесiп, шынайы өмiрде жүздесудi жылдар бойы зарығып күткен, әрдайым жүрегiмнің түбінен табылатын ақ қанатты перiште қыздан ғұмыр бақиға айырылатынымды түсiнгенiмде, бiздi осынша бейуақытта кезектiрген тасбауыр тағдырға қатты налудамын.

«Жо-жоқ, мен сенен тiрiде айрылмаймын, беймезгiл кезде бейкүнә бүршiк жарған мөп-мөлдiр сүйiспеншiлiгiм, мiне, қазiр қасыңа жетiп барып аты-жөнiңдi бiлiп аламын,- деймiн өзiмдi-өзiм iштей қамшылап. - Жайланып, жайғасып болған соң, бiрге қыдырыстайтын боламыз. Сенен айырылсам, о, перi қыз, қайыра кезiккенiңше тағы бiр бес... он, тiптi жиырма жыл керек шығар, құдай-ау, оған менiң жасым жетер ме, жасым жеткенмен, жаз гүлiндей жастығым жетер ме?..»

Серiктерiм есiкке беттеп барады, мен мең-зең хәлдемiн. Жұрт дүркiреп түсiп жатыр. Табалдырыққа  жете бере есiктiң жақтауына әнтек сүйенген қалпы менi үнсiз шығарып сап тұрған аппақ аруға қарадым, қимастықпен ынтыға қарадым. Шиедей қызыл ерiнi сәл жымқырулы. Моп-мойыл жанарлары жасаурап тұрғандай тұңғиық. Ол менiмен бақилыққа қоштасқандай сояудай-сояудай кiрпiктерiн бүркеп жұмды. Кiрпiк ұштары дiр-дiр етедi. Одан арғыға шыдап тұра алмадым. Ентелеп асығыс кiрiп жатқан ел есiк аузында е ары жоқ, е берi жоқ кептелiп тұрған менi қыз жаққа ығыстырып қалғанда, бұрын байқалмайтын батылдықпен қызды мойнынан құшып, соншалықты тез, қас қағым сәтте бетiнен шөп-шөп сүйiп, тысқа ытып шықтым. Әзер үлгерiппiн, артымша есiк сарт жабылып, электричка зымырай жөнелдi. Қызға қарап үлгердiм: ол бiр нүктеге - маған қадалған қалпында жүзi алаулап әлгiндегi оқыс қылығыма, екеумiзге ғана ұғыныңқы күнәлi һәм күнәсiз тәртiпсiздiгiме әлде риза, әлде сөккен пейiлде қап-қараңғы үңгiрге сүңгiп бара жатты. Жүн-жүн бiлектi жiгiттiң онымен бiрге кеткенiн көргенiмде қызғаныштан өртенген жүрегiмдi жұлып алып, мынау минут сайын ерсiлi-қарсылы ағылып жатқан көк жасыл вагондардың астына  атып ұрғым келдi. Солқылдап тұрып ботадай боздап жылағым келдi: екi қолымды төбеге қойып қаңғырып, көше кезiп құрып кеткiм келдi. Бiрақ... бiрақ, бәрiбiр мен оның бiр де бiрiн iстей алмайтын едiм... Оның есесiне күйiнiштен көкiрегiм қарс айырылып өкiнiштiң өткiр қанжары жүрегiмнiң тiлiм-тiлiм шығарып, кемiнде жиырма жасқа қартайтып, жиырма жылымды жалмап кеткендей болды.

Селтиiп орнымда ұзақ тұрдым. Ғайыптан жалт етiп жоқ болған аяулы бейненi ұмыта алмадым содан. Жүрек тұңғиығындағы бозғылтым, буалдыр бейнесi жоғалмай жадыңда мәңгі жатталып қалады екен. О, беймәлiм, бейтаныс қыз, атың сенiң бәлкiм, Әлия, Әсия, Әсиля болар, бiлмедiм. Сондықтан да сенi өзiмше Перi-қыз деп атадым. Ертегiлерден елес берiп, титтайымнан айықпас алтын арманға айналып едiң, ер жеткесiн құланның құйрығындай мынау молтақ өмiрде шынайы шындыққа айналып алдымнан шыға келгенiңде, ер жiгiтке жараспайтын жасықтық танытып, айырылып қалдым өзiңнен. Ақ қанатты перiштем, бар ма екенсiң, сен қазiр жер бетiнде? Кездескiм келедi; баяғысынша пәк, көркем қалпында көргiм келедi. Бiр тұтам тiрлiкте барымды салып өзiңдi сән-салтанатқа бөлер жастық шақтың өтiп бара жатқаны мынау... 

Содан берi талай айлар өттi, жылдар да жылжып барады. Достарым: «Жиырма бестен аспай шашыңды қырау шала бастапты», деседi. Рас та шығар. О, Перi-қыз... Перi-қыз...

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған