Адам қарады: 69 | Жарияланды: 2018-04-22 02:05:32

Әлдилейді әуендер

Гүлбаршын көкектiң беташар онкүндiгi. Бозала таңнан еншiмдегi қойларды балмiнез балаусаға айдап келемiн. Айнала әдемi әлем. Тобық бүркер түгi бойжеткен жапан дала қанқызыл, сап-сары, көгiлжiм гүлдермен әсем әдiптелген. Жанарым жасаурап, көз сәулем төгiледi. Қайғыдан қартаймайтын балдырған шақты қайыра сүрiп, осынау маң далада еш ойсыз жападан жалғыз кете бергiм, кете бергiм келедi. Тек қараңғы қиялымда ғана қауышатын, сүйiссең  шәрбәт ерiнiнiң шiрiнi түгесiлмейтiн, от құшағының алауында өртенiп өлуге пейiлiң бар айдай аруыңды iздейсiң, кезiксем дейсiң.

Мәңгi кәртеймейтiн мезгiлдiң көктемi келген сайын, уақыттар өлген сайын мен осылай көп, тым көп ой кешемiн. Әр бiр раушан көктемде осылай етегiм егiлiп ойланам. Мүмкiн бұл жақсы, мүмкiн бұл жаман. Өзiммен егiз есейген кәрi қиялым әдеттегiдей бүгiн де әлдилейдi бесiгiнде, ән салады... Сезбейдi емеспiн.. Бүгiнгi әуен өзгеше, әдемi әлемнiң сыр құпиясын ашуға алып бара ма құдай-ау ол, тылсым табиғатпен сырласуға шақыра ма құдай-ау ол... Әйтеуiр, бөлек.

Айналайын ауылдың майлы топырағын борп-борп кешiп, жалаңбұт, жалаңаяқ  шапқылап, даланың жантағы мен аңызақтың шошқа тiкенiне табан тестiрiп, есек мiнiп ер жеткен мына маған уыз реңдi қыраттар мен қырқалардың таңсықтығы жоқ. Азынаған ақпанның аяғы алапестене жауыр жондардан бұртиып бүршiк жарар даланың тұңғыш гүлi - батсайы бәйшешегi, наурыздың бозы мен ноқатегi, шектiгi мен шытыры... Сәйгүлiк сәуiрдiң қозықұйрығы мен қозықарыны, керең құлағы мен жылан басы, қарғатұяғы мен торғай оты, қоянжүнi мен балықкөзi, раңы мен қоңырбасы, тарақбозы мен құртташашы, тамып түскен жүрек қанынан тұтанған қырмызы қызғалдағы... бәрi-бәрi соншалық етене жақын, соншалық ыстық. Әй,  әйтсе де мынау алапты, мынау масаты маусымды бiрiншi көрiп тұрғандаймын қазiр. Таныс әрi таныс емес өлеңдi өлкеге қасаттанған қар тұтқынында мың күн отырып келгендей тамсаныңқы қараймын. Көз қарлығады. Қойларымды жол тосқан беткейге жамыратып, етбеттеп, сосын шалқамнан сұлап жатырмын. Қышқылтым әтiр иiс қолқамды қытықтайды. Жан сарайымды сергiтiп, пәрiмдi ашады. Қыз-көктемге қанағатсыз ғашықтықтан болар ұйысқан көгалды бырт-бырт үзiп, уыстап асағым келедi; балалық бал шағымды қуалап, жалаңаяқ жүгiргiм келедi; бiрақ үйтуге ендi-ендi ересектенiп орныға бастаған кiсiлiгiм мен жалқаулығым жiберер емес. Сосын тылсым табиғаттың таңғажайыбына елiтiп масаң күймен өмiрi ортада өлең айтып көрмеген мен ендi жалғыз-жарымдықтан ба - әнге бастым, әншейiндегi қоңыр үнiм қыстығып қыз дауыстана жiңiшкелетiп сыңсыдым-ай. Мынау оқыс қылығымнан шошынды ма саппас саулықтар  состия қарап, кейi мөңкiп қашты. Қатты шырқау да рахат дүние  екен-ау, кiм бiлiптi. Көңiлдiң кiрлi қаспақтары жуылып, жаным жасарып барады. Тамаша... қандай тамаша!  Кенет... кенет құрттақандай кезiмнен бойсiңдi бозторғай үнi әлеулей-бүләулей әнiмдi кiлт тыйғызды. Төбемдi шарлаймын. Сонау ақмамық бұлттар бауырында кiп-кiшкентай құс қос қанатымен кеудесiн желпи  шырқырап тұр. Құдай-ау, молдашторғай ғой. (Бiздiң ауылдың үлкен-кiшiсi бозторғайды молдашторғай деп атайды). Бақыт құсым менiң жеттiң бе? Көл-көсiр ой-арманымды жүйелеп те үлгермедiм. Айдарлы торғайым оқ жетпес биiктiктен шаншыла құлап менен он қадам әрiректегi бiр түп шеңгелдiң ұшар басына барып қонақтады. Биiктiк бос қалмады - әлденешеуi жүр әлi әндетiп. Iргемдегi бақ құсын үркiтпей бақыладым. Үстi, бауыры бозғылт,  тек бауыздауында аққара жолақ тартылыпты. Тәжiсiн кернеп тарайды. Құлақ құрышын қандырар әуенiн тыңдай берген үстiне тыңдай бердiм.  Әлдене уақытта тарбиып инелерiн тарапқа жайған шыр бiтпес шеңгелдiң тiл үйiрер тәттi әуенге орнықты орын болғаны ма деген азғырынды ой кеу-кеуледi кеудемдi. Алғаш рет шеңгелдiң бақытына қызыға да қызғана қарадым.

-- Бала күнiмнен бауыр басқан бозторғайым-ау, аялы алақаныма неге қонақтамадың, шеңгелден шет көргенiң бе менi?. Тiкентал құрлы қадiрiмiз болмағаны ма?-деп табиғат - данаға өкпе-наз айттым. Құрт-құмырсқадан бастап, жан-жануарына дейiн осы нелiктен екi аяқты, жұмыр басты пендеден жанұшыра қашады, неге жау санайды? Әй, бақыт әм бейбiтшiлiк құсы деп азан айтып ат қойған молдашторғайым, менi жат санамашы. Саған жаулық пиғылым сезiлсе, аспаннан  қылыш түссiн, мойнымды қиып түссiн. Қолыма не қос иығымның бiрiне қонып әнiңдi жалғастыршы, сонда мен адамзат пен табиғат мәңгi дос, олардың достығына қылау түскен жоқ әлi, iргесi алшақтаған жоқ әлi деп мынау жалпақ жаһанға жар салайын, келiп қоншы...

Есекдәмеге көгенделе орнымнан түрегелдiм.  Өз тiлiнде құйқылжыта шаттық жырын шырқап отырған бейғам бозторғайға бет алдым. Екi әлде үш қадам аттауым мұң екен, ол пыр ұшты да кеттi. Көңiлiм құлазыды. Менiң де, сiздiң де  пендешiлiк өмiрiмiзде ешқандай азат құстың адамзаттың достығына сенiп, өздiгiнен қолымызға қонбайтынына анық көзiм жеттi.  Құстар мен аңдардың ұрпақтарына мәңгi мирас қалып келе жатқан адамдарға деген сенiмсiздiктен қашан... қайтып арылар екенбiз, оу, жарандар-ау?  Олармен бiздiң жаттығымыз жойылып, шаттығымыз шалқып, мәре-сәре боп жатсақ, шiркiн...

Тыру-тыру-тыру-у...

Аспан асты ағыл-тегiл ән.

Шалқайып көктi сүземiн, адырнасы кернеп  тартылған жебелi садақтай өрнек өрiп қалқиды тырналар.

Тыру-тыру-тыру-у...

Бағана байқағанмын:  оң қапталдағы күздiкте қос тырна көмiлмей қалған жем терiп жеп жүрген. Тырналар үстi күмiскөк. Кенет мылтық даусы тарс-тұрс атылды. Шошына да таңырқай жалт қарадым. Жұп тырна далбалақтап екi айырыла ұшты. Өлiм үнiнен әсем дүние быт-шыт бүлiндi. Қос ауызын қолтықтап келесi төбеге беттеген iргемдегi  қарайғанға ызам келдi. Орнымна ұшып тұрдым. Сөйттiм де айқайға бастым:

-- Е-ей, әңгүдік, табиғаттан тағылым алмаған әпенде-е! Тырналарда не әкеңнiң ақысы бар едi, а? Әй-й, көрмәдiк, анау қиян көктегi құйттай тiршiлiк иесiн шыққыр көзiң көрiп тұр ма? Бар ұсқыны сенiң қара жүрегiңдей-ақ. Қанат талар көктегi қыран емес, көзiңдi ашып қара. Бұрын мен де, сен де - бәрiмiз қыранкөкте тек қырандар ғана мекендейдi деп қате ойлайтынбыз... Сен құсап құлқынның қу қамын күйттеумен емес, жұмыр жердегi жақсы мен жаманға бiрдей бауырмал тiлеу үн-әсем әнiн арнаумен өткен оның өмiрi. Осы оңай дейсiң бе оған - қанат талдырып қиянға өрмелеу, дамылсыз шырқырау. Айналайын алтын күн әнмен оянып, әнмен жанарын жұмсын деген тәттi тiлей қой оныңкi. Әй...  Әй, мақау...

Өнерiм жеткенше осылай өкiртiп даттай берер ме едiм,  анау сөзiмдi кiлт тиып, талтайып тұрып барылдай айқайлады.

-- Әй, қияйы...

Сосын мылтығын маған қаратып бұрып, дүңк еткiзiп атып жiбердi. Жүрегiм сыздап, жаным түршiктi. Буыным босап, тiзелерiм қалтырады. Төбеме жанаса ыз-з-зу, ыз-з-зу ажал ұшып өттi. Денем жансызданып, мұздақ қариды.

-- «Көк қарға құйрығына қарамай әулиеге қоныпты» деген, саған не жорық? (Әжуалап, қарқ-қарқ күлдi).

-- Әй, балшықми, тағы бар ғой, аузыңнан ақ ит кiрiп, көк ит  шығатын болса, қашан айттың деме, көмiп кетем. (Қорқытып, қожаңдады). Әкеңдей адамға ақыл айтқанша, маңырауығыңа ие бол одан да. (Ақылсымсыды).

Сосын төбе айналып көрiнбей кеттi. «Табиғатты аялай алмаған - адамды да аямайды». Состиып орнымда ұзақ тұрдым. Менi ендi ешнәрсе қызықтырмады. Алқымынан қиылған жауқазындай солып, бар шаттығым мен рахатқа тұнған тылсым дүниемнен жұрдай тоналдым.  Қиянатшылық құрымай қой үстiне бозторғай ешқашан жұмыртқаламас. Адами зат пен табиғи заттың жаттығы бiлiнбей мамыражай күн кешуi үшiн әлi қанша жыл, қаншама ғасыр керек? Бiлкiм, мың миллион жыл... бәлкiм, мың миллион ғасыр...

Жаңа төлдегендерi қошақанына қарай қораға қашқан, бiр шетi әлдеқайда көк қуалап құрып кеткен, үшiншiсi күздiкке жабылған быт-шыт сақпанымды жиыстырмаққа жанұшыра жүгiрдiм. Мүмкiн, әре-дәре қойларымды түгендеуге үлгерермiн, мүмкiн, үлгермей күздiкке қарауыл шалдан таяқ жермiн. Әлгiндегi қой тұяғына таптауға қимаған бейкүнә бәйшешектердi ендi өзiм жаншып алмайын дегендей, жынды жанша әр жерден аттай басып, секiре безiп келемiн. «Ең дауасы мойныңа кигiзген қамыт iсiңдi бiл, әйтпесе арам қатасың. Әуендер әлдиi ас болмайды». Осы ойларға тастүйiн бекiнген мен керемет көркем көк кiлем бетiмен маңып барамын, безiп барамын...

Ей, адамдар, табиғат - данаға жасайтын иттiгiмiзден қашан, қайтiп арылар екенбiз?!

Онымен ұмар-жұмар құшақтасып күй кешер күндi қашан, қайтiп бастар екенбiз? Ей, адамдар?..

Осы әуендердiң қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс?

Оның төрелiгiн айтуды саған тапсырдым, о, көкiрегi ояу, көзi ашық оқырман!

Қазақ тілінде жазылған