Адам қарады: 67 | Жарияланды: 2018-04-22 02:07:53

Арыстанды-Қарабас

Ауданның алыс шетiне қоныс тепкен «Ақдала» совхозының шопандары жылдағы жинақылығынан жаңылғандай - оты шүйген Сырдария бойынан қыстауға әлi қайта қоймаған. Қыс әуенi қаңтардың соңын ала көңiлшектiкке ұласқандай күн күрт ысып, жайлауға көк қаулады. Осы сәттен-ақ, шопан өмiрiнiң өрелi дүрбелеңi басталды.  Жас көктiң буына емiрене қалған қойлар қараоттан қорегiн таппастай, ауызға өзi iлiнсе де, дәмi бiлiнбес бiр елес дүниенi қуалап кете барды. Тұяқтары тоғысып, қырды қырға жалғады. Көлеңкелi беткейлерге шамалы аялдағанымен, құрғақ күнгейлi жоталарды айнала алыстады. Тоят таппас қойлардың өз жай-күйiнен гөрi, малшыларды ертең дүниеге келер қошақандарының қамы қатты алаңдата бастады. Нәрсiз көгалдың алдамшы құдiретiне елiккен буаз саулықтар мұны қайдан бiлсiн: жаратылысынан тек тәбет күшiне ерiк берген олар жүгiре-жүгiре қайыру бермей, малшы ауылдың итрәсуасын шығарды. Отар арасында әлдеқандай жұқпалы дерттiң дамып кету қаупi де алыс емес едi.

Шопан қауымы ақтылы қой, аналық отарға беймазалық әкелген қылымсыған күн райынан түңiле қашты да, жандәрменде көкпек қуған бытыраңқылыққа қарсы түсi суық болса да, шынайы шымырлыққа шақырар қыс қаһарын шынымен-ақ тiлеумен болды.

Тағдырын далаға арнаған сол көптiң бiрi - Бөкеннiң әкесi Бектемiр. Ол жаратылысынан тынымсыз жан. Iсi сәл ақсап қалса, қашан оңалдырып алғанша, өзгенi де, өзiн де бидайдай қуырып бiтетiн. Әкесiнiң осы қансiңдi мiнезi Бөкендi де соңғы аптада тұралатып тынды. Қайткенде де көкке оттатпаймын деп, қойларды жусан мен бүргеннiң түбiрiнен басқа дәнеме жоқ жотаға иiрумен болды.

Ақыры қыстауға қайтар күн де туды. Кеше ұзағынан түйiлiп тұрған аспан әлемi кеш бата қиыршық қарын бүрке бастап едi, таң атқанша өндiрiп тастапты. «Малға да,  адамға да жайлы тиетiн болды. Әсiресе, бала-шағаны баудай түсiретiн тұмау мен сарыауруды айтсайшы, саппа тиылады ендi», деп  әкесi балаша қуанып жүр.

Содан олар отарды иiре айдап, қыстауға бет түзеген. Бөкен сол қапталда келедi. Жусанның басын бырт-бырт шалған саулықтар ентелей жылжиды алға.

«Шопан өмiрi сырт көзге тым жұпыны көрiнуi ықтимал. Ал, ақыл таразысына салып, ой елегiнен өткiзiп байыптасаң, оның ерлiк пен табандылықтың нағыз шыңдалу мектебi екенiн байқау қиын емес». Бөкен солай бағалайды. Өйткенi, ол шопан өмiрiне қаршадайынан қанық. Көз ашқалы шәйт-шәйттеп қозы бағып, қой қайырып, жапан даладағы жалғыз үйде өстi. Бес жасында-ақ бестiнiң құлағында қалқиып, әкесiне қолғанат болды. Жетiден аса он жылы совхоз орталығындағы мектеп-интернатта өттi. Мақтана алмайды-орталау оқыды. Көштi бастап та, көштен қалып та кетпедi - бiрсыдырғы. Жыл өтпей азаматтық борышын өтеуге аттанды.  Екi жылы ГДР-де өттi. Онда да артта қалып, алға түскен жоқ. Қоңыр ағыс, көнбiс мiнез. Қойға қайта келгесiн, тасы өрге домалағандай болған. Әкесiнiң тынымсыз үйретуiнiң, тәжiрибесiнiң арқасында ауызға iлiге бастады. Бiр рет мақталып, суретiмен аудандық газетке де шықты. Бар-жоқ өмiрбаяны осы. Тұлғалы даламен тағдырын байланыстырып келе жатқан жайы бар. Түпкi ойы бiраз жыл еңбек етiп барып оқуға түсу. Үйдегi үмiт етiп отырған үлкен ұл өзi болғасын солай шешкен. Iнiсi Төкен интернатта жетiншiде оқиды. Ең кенжелерi Шынар бұл мектеп бiтiрер жазда қайтыс болған. Жалғыз қарындасы көз алдына елестеп қолқасына өксiк кептелiп, кеңсiрiгi удай ашыды. Жанары жiпсiп, қарындасының сол бiр қазасын ойламауға тырысты. Астындағы қой қуалай-қуалай ығыры шығып, бұрынғы жүйрiктiгiнен жұрдай болған қара ат ләждiң жоғынан әрең iлбiп келедi. Оң қапталдағы әкесi дауыстады:

- Балам, жылдамдата түс. Күннiң райы тәуiр емес. Арты Арыстандыға ұласпаса неғылсын...

Әке үнi қобалжулы. Бұл бiрден ұқты. Айтулы алақұйын желдiң бұғауында қыстың күнi қорғансыз қалу - жақсылыққа соқтырмайды. Табиғаттың тосын әрi бимәлiм құбылысы көп-ау! Әкесi ескертiп өткен әлгi Арыстанды-Қарабас Қаратаудың ортаңғы белiнен оңтүстiк-батысқа қарай соғатын дүлей желдiң аты. Бiр соқса апталап басылмайды: ұлиды да тұрады. Шын құтырынса, кейде түйелi кiсiнi  де аударып кете бередi.

Өзiмен-өзi болып аңдамапты. Жер бетi тыныш болғанымен, аспанды сұр бұлт торлай бастапты. Суық сызы қатая түскендей. Күн көзi солғын тарта домаланып, үдерген бұлттардың тасасында қош айтысып барады. Көксау жел кәрiне  мiнгенше, қыстауға жетiп үлгерермiз деп ойлаған Бөкен атын тебiнiп, отарды иiре айдай түсті. Кенет алыстан талып жеткен дауысты есiтiп бұрылды. Бүйiрлеп қалыңқырап барады екен, қозы көш жерде шаруашылық басшылары мiнетiн машина ақ айдын ортасындағы жалғыз қайықтай қараяды. Қасында бiреу құлақшын бұлғап тұр.

- Көке-е... а, көке! Әне бiр кiсi шақырып жатыр.

Дауыстамағанда бұлардың байқамай кетуi әжеп емес едi. Сайдауыттағы олар зер салмаса, бiрден байқалмайды. Әкесi шоқытып кеттi.  Анау алдынан шығып, қол берiп амандасты. Әкесi ат үстiнен еңкейiп,  ананың нұсқаған жағы - машина iшiне үңiлiп қарады.

- Бөкенжан,- дедi келгесiн,-машина түскiрi бұзылып қалыпты.  Қалаға бармақшы екен, көршi совхоздан... Мына Тақыркөлде туысымыз бар дейдi. Көмек сұрайды. Үш-төрт жасар қызы бар. Жаурап қалыпты. Тағы бiр қыз... апарып салу керек.

Әкесi аттан түстi.

- Менiң шабдарыма ауыс. Астыңдағы арықтығына қарамай, өлсе де адам мiнгестiрмейдi. Күннiң ыңғайын бағарсың. Тiптi бұзылып бара жатса, Рапайылдiкiне қона сал.

Бөкен үнсiз келiстi. Тақыркөл сәл бұрыстау демесең, он бес шақырым қашықтықтағы ферма орталығы. Аттылы кiсiге жайшылықта бiр сағаттық жол. Бiрақ, боран басталса қиын.

Әкесi бұның ойын сезгендей, сақтандыра сөйледi.

- Малды илалап жеткiзермiн, маған алаңдама. Тәуiрi желдiң ығындамыз. Сен жолды ұмытпа. Бесқараның тұсына дейiн барып, бүрген тоғайға жетпей, солға бұрыласың. Қалғаны өзiңе белгiлi,-деп мұны шын жақсы көрген әкелiк мейрiмiмен қолтығынан демеп, шабдарға мiнгiзiп шығарып салды. Ұзай бере қайырылып көз салған, әкесi сол қара аттың шылбырын қолына ұстаған күйi, мұның соңынан әлi қарап тұр екен. Неге екенi белгiсiз жүрегi шым етiп, қара шаңырақтың бар қиыншылығын қайыспай көтерiп келе жатқан әкесiне жаны ашып кеттi. Шауып барып бетiнен сүйгiсi келген. «Мойымаңызшы, әке! Мiне, бiз де жетiлдiк, жiгiт болдық»  деп айтқысы келген. Бiрақ, отыз жыл қой соңында жүрiп-ақ қартайып қалған әкесiне өйтiп арсалаңдауға ұялды тағы.

Ескiлеу «Уазик» қасындағы құндыз құлақшынды кiсi мұны қуана қарсы алды. Машина iшiндегi бойжеткен мұның түлкi тұмағы мен қара тонының сыртынан киген сарғылт презент плащына ықылассыз назар аударды.

-Тұрғанымызға бақандай үш сағат,-дейдi құлақшынды ызадан шырт түкiрiп, -кәпiрдiң қай жерiнiң кеткенiн ит бiлсiн. Мына қырқадан шыға алмай-ақ өлдiк. Тартпайды. Ақыры дымы өшiп тынды.  /Сосын жалынышпен ақтала сөйледi: Ауруханада жеңгең жатыр едi, айналайын! Жолыққандарың қандай жақсы болды. Әйтпесе, не iстерiмдi бiлмей, шыбын жаным шырқырап тұр едi. Жаяулайық десек, ит өлген жер. Күннiң райы мынау. Шопырым да кежегесi кейiн тартып, ауырып тұрмын деп сұранғасын...

  Бұл кiшкентай қызды алдына алды. Сүйкiмдi. Аюдың қонжығындай домаланып, қоңыр iшiк киiп алыпты. Бойжеткеннiң тоңғаны бiлiнедi: өңi боп-боз. Атқа мiнгесуге азар да безер болып едi. Құлақшынды жездесi екен. Қатты жекiп тастады.

- Елсiзде қалып өлмекпiсiң? Жел көтерiлмей жетiп алыңдар. Бөпеңдi жауратып алма. Тақыркөлдегi ағаңа айт: арбамен болса да алып кетсiн бүгiн мені.

Бұрқылдап ұрсып жүрiп, машинадағы орындықтардың мата тысын сыпырып алып, ердiң артына төседi. Соған балдызын демеп көтерiп мiнгiздi. Қыз бетiне лып етiп қан жүгiрiп, мұның белiнен ұяла ұстады.

Бөкен де, қыз да бiразға дейiн үн қатпады. Әудем уақыттан соң бұл артына қараған - машина көрiнбей қалыпты. Қыз қымсынып жүз бұрды.

- Тоңдыңыз ба? - Бөкен алғаш тiл қатты.

- Жоқ.

- Есiмiңiз кiм? - деген бұл одан әрi ұяң үнмен.

- Гүлнұр,-дедi селқос қана ол.

Ендi менiң атымды сұрайтын шығар деп ойлаған. Гүлнұр қайтып үндемедi. Көк күмбезiндегi бұлттар шудаланып кетiптi. Есесiне жер бетi әзiрге тыныш. Алдындағы бүлдiршiннiң аты Бағила екен. Бала көңiлмен әрнәрсенi сұрастырып отырған едi, сәлден соң пыс-пыс ұйқыға кеттi. Адам жатырқамайды. Былдырлаған тiлi де қызық. Есiне туған қарындасы Шынар оралып, көңiлi тағы босап, Бағиланы қойнына қыса түстi. Тоңып қалмасын деп, тонының етегiмен қымтап та алды.

Шабдардың бiр жаманы - жүрiсiнiң жайсыздығы, жорғаға жоқтығы. Сәл тақым қыссаң, шоқақтай жөнелiп, көш жер ұзамай iшек-қарныңды араластырып жiбередi. Жақсысы ие талғамайды. Жиырмаң жабылып мiнiп жатсаң да мыңқ етпейдi. Бөкен қанша асықса да, шоқырақтамай аяқ алысын еркiне жiберген. Қатты жүрсе, Гүлнұрға да қиын. Бiр қырындап отырған оның ат үстiнен сыпырылып қалуы да ықтимал. Сөздерi өрiстей алмады. Қарызға бергендей, әрең жауап бередi. Менсiнбей отырғанына Бөкеннiң жыны келдi.

- Гүлнұр,-дедi. Жауап болмағасын, - осылай адамсынбай отыра берсең бар ғой, осы қалпыңда тура шиебөрiлердiң ортасына апарып түсiрiп кетемiн. - Ренжiп айтты. Бiр жағы намыстанды да. - Зорға шыдап келе жатқаныңды бiлемiн. Құдай қаласа, бiр сағаттан соң құтыласың. Сұлу қыздармен теңесу қайда-а бiзге. Қойшы баланы неғылсын.. сөзiн қор ғып...

Сөзiнiң соңын кекесiнге айналдыра ашынып сөйледi. Осы кезде Гүлнұр күтпеген шырай танытты. Оқыс күлiп жiбердi. Даусы қылықты да таза екен. Бөкен иығынан бес батпан жүк түскендей, жеңiлейiп қалды.

- Бөкен, кiнәмшiл екенсiң,-дедi, - күлшеге өкпелеген баладай бұртиясың. Өмiрiмде бiр рет те көрмеген, онда да айдалада ылажсыздан мiнгесiп келе жатқан шопан жiгiтке не деп шешiлмекпiн?

Тез ұғынысқанына  қуанып, Бөкен де жадырап қалды.

- Гүлнұр!

- Әу...

- Е, мiне ендi дұрысталдың.

- Шын ба!

- Құдай ақы, шыным.

- Сенiң де бозарыңқы реңiңе қан жүгiрдi.

- Гүлнұр деймiн!

- М-мм...

- Менiң Бөкен екенiмдi қайдан бiлдiң?

- Ата айтты. Бөкенiм, Бөкенжаным деп еркелеткенiне қарағанда құлағы қалқиып ат жалына жабысқан бiр жапырақ бала ма десем, соқталдай екенсiң ғой өзiң.

Екеуi де рахаттанып күлiп алды.

- Сенi кезiктiрген құдайға қалай алғыс айтарымды бiлмей келем.

- Қойшы, тағы не боп қалды?

- Бәрiбiр табатын едiм.

- Кiмдi?

- Сенi...

- Оһо! .. Қалаға тән жауыр сөздер даладан да естiлсе, не шара?

- Мен сенi көргенмiн, Гүлнұр! - Бөкен сенiммен айтты. Бұрылып қыз өңiне тағы көз салды. - Дидарың таныс. Сенбеймiсiң?

- Жiгiттер де қиыстырғыш келедi екен-ау!  Бөкен, айтшы, бiз қашан көрiсiп едiк?

- Түсiмде...

Қыз сықылықтап ала жөнелiп, балаша мәз болды. Мұның қос бүйiрiнен ұстап отырған қолдарын өзiмсiне қысыңқырап, бұрынғыдан да жақындай түстi. Сосын: - Бөкен, сол көрiпкел түсiңдi айтшы,-деп қиылды. - Жол қысқарсын...

Гүлнұр машинадан түсiп жатқанда, бұл оны бiр жерден көргенiне шүбәланбаған. Жолшыбай да есiне түсiре алмай дал болып едi. Тапты ақыры. иә, иә... түсiнде көрген. Шынар қайтыс болғаннан кейiнгi жылап оянатын түн ше? Бөкен соны әңгiмелеп бердi Гүлнұрға.

- Сенi түсiмде көргенiм рас. Мұны ғылымда телепатия дей ме? Адам қабiлетiнiң сондай тылсымын айтатын сөз бар ғой. /Ол әуеге қарады. Жел күшейейiн дептi, асықпаса болмас/. Әнебiр жылғы жаз бiздiң отбасымызға ауыр қасiрет әкелдi. Қалаға барамыз деп қарындасым Шынарды ажалға берiп қайттық. /Үнi бұзылып, жанары жасаурады/. Көз алдымызда машина қағып кеттi. Қайғы арқалап қайттық. Апам байғұс төсек тартып жатып қалды. Көтере алмас деп қорқып едiк. Бiрақ, аурушыл болып қалды. Мен де көп уақыт шошынып жүрдiм. Түсiмде ылғи қарындасымды көремiн. Қан-қан денесiн көтерiп қашып келе жатамын. Бiреулермен алысып-жұлысып есiм шығады. Ай бойы өстiп азаптанып жүрдiм. Болмағасын әкем орталықтан кiшкене бір шалды ертiп келдi. Ол шөптердiң тұнбасынан жасалған бір дәрiлердi iшкiздi. Сол шипа болды ма, алғашқы түнi-ақ тұяқ серiппей ұйықтап, адам сенбес түс көрдiм.

Күндiз де, түн де емес екен деймiн. Жер-дүние маужырап тұр. Бидайық басын билетер желкем сезiлсейшi. Қайдан келемiн, қайда барамын - беймәлiм. Емiс-емiс есiмде қалғаны - әйтеуiр бiреудi iздеп жүрген сияқтымын. Шаршаулымын. Ауа жетпегендей алақанымды аспанға жайып, құр қарманамын. Жанарым тым-тым алыстағы бiр құшақ аппақ бұлтқа соқтықты. Үйiрiле дөңгеленiп, соңында шуда-шуда iз қалдырып, құйындата құйылып маған төнiп келедi екен. Жан-дәрмен тығылар тесiк, жасырынатын таса iздеймiн. Белшемнен батып, қара жерге көмiлiп қалғандай қозғала алсамшы. Ақыры аспан жерге, жер аспанға айналғандай, аппақ бұлтқа оратылып, белгiсiз бағытқа орасан зор шапшаңдықпен зымырай маңып кете бардым. Қорыққанымнан «Құдай-ау, ертегiлер елiндегi әйгiлi жын-перiлердiң назарына  iлiктiм бе, не жазып едiм» деп зарлап қоя берiппiн. Көмекейiм бүлкiлдегенiмен, дыбысым шықсашы. Көкте қалқып келе жатқан мен бiр уақытта аппақ қорғанның алдында тұрғанымды аңдадым. Алып ғимараттың ғажап көркемдiгiне қатты таңырқаулымын. Бұл тек ертегiлерде  ғана  кездесетiн алып аспалы бақ екен деймiн. Ол жетi қат  көк пен жердiң арасында бiр кереметтiң құдiретiмен қалқып тұр. Аппақ нұрға бөленiп, көздiң жәуiн алады. Биiктiгi елу аршынға пара-пар. Үш қабатты, зәулiм сарай. Бiрiншi қабаты кiлең қара, екiншiсi қан қызыл, үшiншiсi әппақ мәрмәр тастардан салынған. Әрбір қабатты ұзын-ұзын ұстындар көтерiп тұр.  Бiр-бiрiне  өтетiн әдемi баспалдақтар жасалған. Барлық қабаты әншi құстардың сазына бөленiп, көркем гүлдерге тұнып тұр. Жасыл жапырағы жайқалған неше түрлi сәндiк ағаштар мен бұталар қызыл-көк гүл шығарып, зәм-зәм суға шүп толы хәуiздердi қоршай құлпырып мың құбылады. /Осы кезде асығу керек, суық жел көтерiле бастады. Арыстанды-Қарабас оянып кетпесе неғылсын деп Бөкен мазасындана ойланып өттi/.

- Сонан соң... - Гүлнұрдың үнiнде жалғасын бiлуге құмарлық басым.

- Бақты аралап келемiн,- деп Бөкен де қыз көңiлiн бiратола аударғанына риза пейiлмен, түсiн қызықтырып айта бердi. - Бiрақ бар қабаты иесiз, пенде бары сезiлмейдi. Соңғы қабатындағы биiктеу алаңқайда аршып қойған жұмыртқадай еңселi аппақ сарай үндi топырағындағы Жахан-шахтың ең сүйiктiсi де сұлу әйелi Мүмтаз и Махалдың  басына орнатылған әлемдегi теңдесiз ғимарат Тәж-Махалды еске түсiредi. Кiруге батпай, жүрексiнiп көп тұрдым. Ақыры нартәуекел жеңдi. Сом алтын зiлмауыр есiктер тұтқасы сап-салқын. Қол тигiзсең, дыбыссыз айқара ашылып кетедi. Әлденеше есiктен, әлденеше бөлмеден өттiм. Ауасы жеңiл. Қалқып келе жатқандай өзiмдi сергек сезiнемiн. Ғажабы - бөлмелер артта қалған сайын пiл сүйегiнен жымдастырып салған ақшылтым басқыштар бөлменiң  төрiнен жоғары көтерiледi екен. Сарайдың ең биiгiндегi соңғысына да жеттiм-ау! Бөлме төрiнде баспалдақ көрiнбедi. Есесiне ол жерде құрулы алтын тақ тұр. Алтын тақ алдында жұп-жұқа зерлi перде тұтылыпты. Сансыз қызғылт-күлгiн сәуле шашыратқан алтын тақ үстiнде айдай сұлу перизат отыр екен. Ол менi көрiп  орнынан түрегелдi. Маңдайындағы бармақтай зүбаржат шолпан жұлдыздай жарқырап, жал-жұлт шағылысады. Аппақ өңiнен нендей сезiмде екенiн ажырату қиын. Перденi түрiп берi жүрдi. Соншалық мүсiндi денесi қозғалған сайын гүлдi жiбек көйлегi нәп-нәзiк дыбыс шығарады. Тiрсегiн жабар мың тал шашы ғимарат iшiнде үп еткен самал сезiлмесе де, қыз қимылына орай бiрде қалықтап барып топ-томпақ кеудесiне құлайды, бiресе құмырсқа белге қиылыңқырап әсем бiткен жарасымды жотаға тарқатылса, ендi бiрде дүрия дидарын желпiп ойнайды.

Қыз жаныма жақын кеп, қолымнан ұстап “жүр” деп ымдағандай болды. Сүйрiк саусақтары ып-ыссы әрi жiбектей жұп-жұмсақ. Бұрыштағы елеусiз есiктен iшке аттадық. Ертедегi фараондардың сән-салтанатындай тiл айтып жеткiзгiсiз көрiктiнiң бәрi осында. Ортада ұзынша әппақ мәрмәр тақық қалқып тұр. Үстiнде жап-жас қыз ұйықтаулы. Перизат әлi үн қатқан емес. Маған жақындай түс деп белгi бердi. «Құдай-ау, қарындасым Шынар ғой, соның өзi ғой!» Ұмтыла түсiп, оянып кетер деп тұрып қалдым. Жүзiмдi жас жуып барады. «Тiрi екен, тiрi екен» деп жүрегiм дүрсiлдей қуанып аласұрады. «Байғұс  апам  бiлсе ғой, байғұс апам бiлсе ғой...» Қарындасыма көзiм тоймай қарай беремiн. Машина қаққандағыдай емес, бет-ажары бүп-бүтiн. Ағарып кетiптi. Көп уақыт күн көрмегендiктен болар деп ойлаймын. Қарындасымды қатты сағынғандықтан, қайғылы қазаға ұшырағаны есiме түсiп, солқылдап жылап жiберiппiн.  Оқыс даусымнан селт етiп, Шынар оянып кеттi. Маған таңырқай қарап тұрып-тұрып, сосын қолын жая ұмтылды. Тас қысып мойнымды құшақтап, «Көке, көке, апамды неге ертiп келмедiң,бәрiңдi сағынып кеттiм»-дей бередi. Көз жасым моншақтап егiлiп мен тұрмын. Ару қыз одан әрi Шынарға рұқсат етпедi. Қайта жатқызып үстiн қымтады. Шынар өксiгiн баса алмай соншалықты аянышты, соншалықты қимастықпен қарайды. Беу, дүние-ай, нәрестенiң қайғылы көзқарасын көруден артық азап бар ма екен?!  Жүрегiм аласұрып қан жылайды. «Ұйықтауың керек,-дейдi бойжеткен. - Қазiр ұйықтайтын уақыт». Сосын ол еңкейiп, Шынардың шашын саусақтарымен салалап, маңдайынан сүйдi. Шынар қайта ұйқыға, қалың ұйқыға шомды. «Қоштасып та үлгермедiм, шер тарқатып сөйлесiп, былдырлаған тiлiн қызықтай алмадым» деген өкiнiш жүрегiмдi тiлгiлейдi. Аз-кем  мәурiт  бермегенiне қызға өкпелiмiн. Бойжеткен бөлмесiне қайыра өттiк. «Шынар машина қаққалы өзгермептi, өлгендер өспейдi екен ғой» деп ойлаймын. «Бөкен-ау,-деп перизат алғаш рет маған тiл қатты». -Қарындасыңды көрдiң ғой, жағдайының жаман емес екенiн бiлдiң.  Уайым -у. Көп қайғырма. Мұнда бәрi ойластырылған. Айналаң әппақ нұрға шомылып тұрғанын байқаған боларсың. Жер бетiндегiлерше айтқанда - о дүниеге қылдай кiршiксiз аттанатындардың келер орны бұл, әйтеуiр келмей қоймайтын орны. Аппақ нұр - адал ардың белгiсi... Менен жөн сұрама! Ал, әзiрге қош...»  - Ол бетiмдi сипағандай қалып бiлдiрдi. Ояна кетiп, я өңiм, я түсiм екенiн ажырата алмай көп жаттым. Әбден жыласам керек, жастығым су-су.  Тұрғасын апама айтып едiм. Ал кеп ағыл-тегiл жыласын. «Айналайын, кенжетайым-ай, Шынаргүлiм-ау, пейiште екенсiң ғой. Жарығым-ау, жатқан жерiң жайлы, жаның жәннатта болғыр».  Сосын жүрек талмасы ұстап, тағы төсек тартып жатып қалды.

Апама бекер айттым деп өкiндiм. Ол дауыс салып жылағанда, жанымды қоярға жер таппадым. Сол түстiң шешуiн таппай, неге жорарымды бiлмей, қияли болып кеттiм. Өзi-өзiне келгесiн апам «Әлгi бойжеткеннiң рең-басы қандай едi?« деп сұрады. Көзi шүңiрейiп, жағы суалып, қатты қиналып қалыпты. «Әдемiше келген аққұба емес пе? Оң қабағында кiшкене меңi жоқ па?» дей бердi. Апамның үмiтiн үзгiм келмей, «Сондай болу керек» деп әлiм жеткенше суреттеп едiм, «Ана жылғы боранда адасып не үсiп өлгенi, не дарияға ағып кеткенi белгiсiз, тәнi табылмай қойған қойшы Қоңырдың қызы Ақгүл емес пе екен? Шешесiне күйiгi өтiп кеттi ғой. Ақыл-естен айырылып қалды ғой о бейбақ. Айналайын, Ақгүлiм-ау, бiр үйдiң бағына жаралған жан едiң... Қайтейiк... көп көрдi,  бiзге, көп көрдi құдай... сiңлiңдi тапсырдым өзi-iңе-ай... көз қы-ы-рың-ды сала жүр.  Қайтейiк, озбырлықтан опат болып кете бардың ғой... жаным-ау-ау... ей-ей...»

Апам жылап жүрiп жетi нан құдайы пiсiрдi. Онысын орталықтан келген шофер баладан берiп жiберiп жатып: «Балаларға үлестiрiп бершi, айналайын! Дүниеде олардан асқан ақ, адал адам жоқ... тiлеуi келгiр... - дей бердi. Мiне, сенiң бейнең сол түсiмде көрген қыздан аумайды екен,-деп Бөкен әңгiмесiн бiтiрген.

Күндiкке Бөкендi ынта-шынтасымен тыңдап отырған Гүлнұр ауыр күрсiнiп қалды. Сосын мұңлы дауыспен:

- Ақгүлге жаным ашиды, -деген, - тiрi жүргенде бiр жерден шыға келсе, қандай бақытқа кенелер едi.

Бөкен Гүлнұрға Ақгүлдiң белгiсiз тағдыры қатты әсер еткенiн ойлап, оның бұл армияда жүргенде жоғалып кеткенiн, одан берi бiрнеше жыл өтiп, ендi тiрi боп бiр жерден шыға келмейтiнiн қинала айтып бердi.

- Оралхан Бөкеевтiң «Қар қызындағы»  дала кезiп, мұңлы дауыспен сыңсыта да сызылта ән салатын сол қыз осы бiздiң Ақгүл емес пе екен?!- деп Гүлнұр ерекше бір қиялға берілді.

 Бұдан кейiн әркiм өз жан-дүниесiн шарлап кеттi. Бөкен Ақгүлдiң жайын еске алды. Бұл Армияға кеткен жылдың күзiнде әкесi Бектемiр қыстау жаңартыпты. Сөйтiп, Қоңыр деген қойшымен қатар қоныстанады. Жайлауы бiр болғанымен, үй-жайы бөлек. Бiр-бiрiне көрiнiп тұратын төскей төсiнен ту тiккен қос шаңырақ тез араласып кетіпті. Қоңырдың әйелi есi ауысқан, науқас екен. Бала-шағаға зәбiрi жоқ. Азаннан кешке дейiн мәңгiрiп, өзiмен-өзi отырады да қояды екен. Сол қыста қар көбесi сөгiлер-сөгiлместен қызы Ақгүлге ойда жоқта қолқа салыпты: «Жарығым, есiм кiресiлi-шығасылы болып, сендердiң де әбден жандарыңды ауырттым-ау,-дептi тура сау күнiндегiдей сабырлы сөйлеп.  - Топырағы торқа болғыр анам байғұс аян бердi. Қар гүлiн қазып, пиязшығын жесең - айығасың дедi».

 Қуаныштан көз жасы көлдей аққан Ақгүл қой ұзатып кеткен әкесiн де күтпестен, қорадағы ақ боз атты ерттеп мiнiп қар гүлiн iздеп кетедi. Дарияның жарлауыт жағасы сәл күн көзi қылтиса, бусанып тез жалаңаштанып қалады. Ақгүл қар гүлiн сол маңнан iздеген болу керек, қыр жағалап қияндап кетедi. Жер бетi сiрескен аппақ қар. Сол күнi Ақгүл оралмайды. Кешқұрым әкесi қой қамап, үйге кiргесiн ересек ұлынан Ақгүлдi сұрайды. Ол апасының бәйшешек тауып әкелуге жұмсағанын айтады. Қоңыр қойшы боран көтерiлу қаупiнен қорқып, қайыра атқа мiне ен даланы шарқ ұрып iздейдi. Ферма орталығы Тақыркөлдiң ер-азаматы тегiс атқа қонады. Тек ертесiне ғана айдалада қаңғырып жүрген Ақгүл мiнген ақбоз атты тауып алады. Ер басындағы  қалтадан  пиязымен қазып алынған қос уыс бәйшешек пен бiп жапырақ қағаз шығады. Онда «Апа, менi «Камаз» мiнген бiреулер ел бетiне қарай алмастай қорлап кеттi...» деген жазу бар екен. Оқыстан боран басталып, одан әрi Ақгүлдi тауып алуға мүмкiндiк болмай, арада үш күн өткесiн ауданнан, облыстан арнайы адамдар келiп, тiкұшақты шақыртып шар тарапты кезедi. Дарияның суын астын үстiне шығарып сүзедi. Қыз үштi-күйлi жоғалады. Бiр таңқаларлығы - науқас анасы қар гүлi - бәйшешектiң түйнек пиязын қарш-құрш шайнап отырып, сау адамдай қызын жоқтап зар жылапты. Қос уыс қар гүлiнiң жiңiшке сабағын қызғылтсары күлтелерiмен қоса сыпырып-сиыра жеп алып: «Ақгүлдi iздеп әуре болмаңдар. Айтқаныма көнбей, апам ертiп әкеттi. Ендi ол келмейдi»,- деп баяғыда сүйегi қурап қалған өз шешесiн еске түсiрiптi.  Сосын Ақгүлдiң анасы Ақкөжек қағынып-сiлкiнiп орнынан ширақ ұмтыла тұрып, он жыл бойы еңсесiн басқан есiрiк аурудан құлан-таза айығып, қазан-ошаққа араласып кетiптi. Бiрақ, өзi қиналып босанып осы кеселге душар еткен ұлы - қазiр он жасқа келген Жасұзағын танымапты. Үйдiң бұрышында тұрған, әлдеқашан тозығы жетiп, сыры көшкен ағаш бесiкке жалтақ-жалтақ қарап: «Кiшкентай бөпешiм бар сияқты едi, қайда кеткен?» дей берiптi,-деседi ел.

Сол жылы ГДР-дегi бұл төртiншi класс оқитын iнiсi Төкеннен хат алған. «Аға, бiзге қорасы жақын қойшы Қоңырдың қызы Ақгүлдi бiреулер өлтiрiп кетiптi. Апам әбден жылады. Бiз қысқы демалыста үйде едiк. Өскесiн сол «Камаз» мiнген қанiшердi тауып, Ақгүл әпкемнiң кегiн аламын. Досым Қайсар екеуімiз солай келiстiк. Ол маған жапонский каратэ үйретiп жүр. Кейiн бiр тепкеннен өлтiрем» дептi.

Бөкен соның алдында ғана бейтаныс бiр қыздан хат алған едi. «Сiз әзiрге менi танымайсыз. Өзiңiздiң 10-шы класс оқитын қарындасыңызбын. Атым Ақгүл. Бiз басқа совхоздан жақында көшiп келдiк. Сiздiң үймен көршiмiз. Қысқы каникулдамын. Шынаргүлдi сағынып, әрi амандасайын деп сiздiң үйге келiп едiм, Аппақ апам /осы жерде Бөкен Ақгүлдiң мұның анасын Аппақ апам деп өзiмсiнiп iштартқанына сүйсiнiп, қуанып қалған едi/ маған дауыстап айтып хат жазғызып отыр, деп ауыл-аймақтың қоңыртөбел тiршiлiгiн, қардың қалың жауғанын, қойлардың қоңы жақсы екенiн, екi үй де биыл егiз  көп болатын шығар деп қуанышта жүргенiн, мұның әкесi Бектемiрдiң де, шешесi Балайымның да қуатты екенiн, сәлем айтып жатқанын жаза келiп, соңында «Бөкен аға, ендi сiзге хатты өзiм жазып тұрамын. Жауап жазғыңыз келсе, интернаттың адресiн бiлесiз ғой. Аппақ апа сiздiң суреттерiңiздi көрсеттi. Мен де ендi келесi хатта  суретiмдi салып жiберемiн» дептi.

Сол көктем гүлiндей бой түзеп, қауiз ашқан қыр қызынан қайтып хат келмеген едi. Уақтысында Бөкен онымен бiр тiлдесе алмай қалғанына iштей қатты қиналып, оған мүмкiндiк бермей қыршын жасты көктей солдырып кеткен көкаттыларға зығырданы қайнаған, қапаланған. Сол белгiсiз бiреулер содан судай сiңiп, желдей жоғалып iзiн бiлдiрмей кетiптi. Ал, мұның көз алдында содан берi Ақгүл қыз сыңси жылап, дала кезiп жүргендей көрiнедi де тұрады...

Осыларды ойлап Бөкен ауыр күрсiндi.

Бiр кезде Балқия оянып, тон iшiнен қыбырлай бастады. Алғашында қайда отырғанын аңғармай, шар етiп жылаған. Шабдар да шошына пысқырып, бас шұлғып-шұлғып қалды. Балқия Бөкеннiң артында отырған әпкесiнiң жұбату даусынан соң басылды. Сол жақ бүйiрден жел күшейе түсiп, жердегi ақ ұлпаны суыра бастады. Бөкен терiскейге қарап, қатты қорқып қалды. Қаратау тұс сұрлана түтiгiп, сұп-сұр дүние қанын iшiне тарта төнiп қалыпты. Арыстанды-Қарабас! Қыз бiр сұмдықтың жақындағанын ұғып, Бөкеннiң әмiрiмен сыпайылығын ат үстiнен лақтырып, шабдардың арқасына теңделiп отырды, Шабдар шаба жөнелдi. Гүлнұр Бөкеннiң белiнен тас құшып алды. Бөкеннiң пайымдауынша, жолдың үштен екiсiнен өткен сияқты. Көп болса ендi шамалы ғана жол қалды деп ойлады. Бүлдiршiндi бауырына бұрынғыдан да қымтай қысып, тонның етегiмен орап алды. Иесiнiң ойын қимылынан сезетiн шабдар барын салып келедi. Бұлардың есiл-дертi ат үстiнен ауып қалмау - ауылға жетсе бәрi ұмыт. Жел күшейiп, қиыршық қарды үйiрiп бетке сабалай түседi. Балқия үлкендердiң дүрбелеңiнен қорқынышты сәттi ұққандай үнсiз қалған. Шамалауынша, сәлден соң ауылдың сыртындағы қыратқа да келуге тиiс едi. Одан соң Тақыркөл үйлерi жамырап шыға келетiн. Кенет Бөкен қатты түршiгiп кеттi. «Бүрген тоғай қайда?» Ол iштей шошына айқайлады. «Бүрген тоғай қайда?!  Бүрген тоғай?..» Әкесi Аққолтықтың тұсына дейiн барып, бүрген тоғайға жетпей солға бұрыласың деген. «Адасқанымыз ба?! Сұмдық-ай! Айдалада... дүлейде... үш бiрдей жан...»

Суырынды қар бетке инедей қадалады. Балқия әуелгiде селк-селк етiп үн шығара алмай отырған едi, ендi бақыруға кiрiстi. Екi бiрдей жанның тағдырын ойлап, Бөкеннiң зәресi ұшты. Қолынан келер басқа қайраны болмай, құшағындағы Балқияны қымтай бередi. Артындағы Гүлнұр  шыдамы таусылды бiлем, «Қайда әлгi Тақыркөл?!» - деген ызалы дауыспен. Бағанағы әуездi үнi тарғылданып, өзгерiп кетiптi. Тiсi тiсiне тимей, дiрдек қағады. Пальтосының мамық жағасын көтерiп, ықтасындап қушиып отыр. Жалаң пальтода не қауқар болсын. Осыны ойлап қобалжыған Бөкен аттан түсiп, Гүлнұрды өз орнына отырғызып, шабдарды жетелеп алды. Су өткiзбейтiн қаудырлақ презент плащты өзi киiп, iшiндегi қара тонды бойжеткенге бердi. Жер жағдайы белгiсiз. Айдала аппақтығынан айырылып, алабажақтанып қалған. Арыстанды-Қарабастың бодауында кетiп, әр жусанның түбiрiнде жансауғалаған түте-түте қар қалдығы ағараңдайды. Балқия жаурадым деп шырқырайды. Жылынар ма екен деп, әрi үсiп кетпесiн деп, оны Гүлнұрдың алдынан жерге түсiрiп, шыңғыртып қармен бетiн ысқылады. Кенет қатты құйындатып жеткен жынды жел аязға қатып сiресiп қалған қаудырлақ плащтың етегiн аспанға көтерiп, мұның басына төңкерiп салды да, екпiнiмен алға дедектеттi. Сол сәт қатты үрiккен шабдар жалт шоршып, бүйiрлеп безе жөнелген. Қолына оралған шылбыр серпiле  тартылып, өзiн ұшырып жiбердi. Бостау ұстағаны әбүйiр болды, әйтпесе сүйретiлiп өлер едi. Жан ұшыра айқайлаған: «Жүгендi тарт! Айы-ырыл-ма-а  ат-тан, айырылма-а-а!» Бiрақ, мұның да, Гүлнұрдың да қорқыныштан шыққан ащы дауыстарын ақтүтек жұтып қойып, өзiнiң әуелгi әуенiмен, сұп-суық үнiмен гуiлдей бердi. Бөкен артқа қарай жүгiрген. Қадамы өнсешi, далақтаған плащы кейiн тартқылайды. Қиыстан өтiп кетiптi. Тұншыға жылаған Балқияның дауысын есiтiп бұрылды. Зақымданып қалмады ма деп, зәре-құты қалмады. Жүгiре жетiп қызды көтерiп бауырына қысты.

Желдiң саябырсыр ыңғайы сезiлмейдi. Қайта мезгiл өткен сайын қара суығы қатайып, екпiнi күшейiп келедi. Төңiрек қарауытып, алдағы әйтеуiр болар бiр сұмдыққа уақытты асықтыра түскендей. «Айналайын, құдай-ай, армандарымның әдiре қалғаны ма өстiп айдалада? Ең болмаса Гүлнұрды аттан айырылта көрме! Онда үшеумiздiң де үсiп өлгенiмiз. Айырылмаса шабдар жеткiзер едi ел қарасына». Осы сөздердi дұғадай қайталаған Бөкен Балқияны құшағына қысып, маң дала бетiмен белгiсiз бағытқа безiп келедi. Қызда үн жоқ. Қалжырап ұйықтағаны, әлде үсiктен естен танғаны беймәлiм - қимылсыз. Жаңа бiрде «апалап» жылағанда бұл жанын қоярға жер таппаған. Өмiр мен өлiмнiң тiршiлiк есiгiн кезек қаққанын шопан жiгiт жақсы түсiнiп келедi. Бiр ықтасын панаға кезiксем деп тiлейдi. Болмағанда дария жағасындағы жыңғыл тоғайға тығылып жан сақтар ма едi. Бiрақ, оған сенiм аз. Таңертең қой айдап шыққанда жағалау артта қалған. Әйтсе де, адасып сол бағытпен келем бе деп те дәмеленедi. Өкпесi алқынып, денеден әл кете бастады. Басы зеңiп, құлағы шуылға толды. Ендi бiрде бала жылап, байғыз шақырса, ендi бiрде мысық мияулап, үкi уiлдейдi. Әлдекiмдер де сақ-сақ күледi... Бiр кез шатаса бастаған есiн жиып, жан-жағына алақтап қараған. Тұла бойын мұздақ қариды. «Ит-құсқа жем болмасақ?!» Әкесi шиебөрiден басқа бұл аймақта жыртқыш жоқ дейтiн. Сол шиебөрiлер қамаса ше? Қалтасындағы шаппасын демеу етер едi. Бiрақ оның қаймықтырар қару болмасын бiледi. Шиебөрi де осал жау емес. Денесi қайтып ыси бастады. «Алыстан ақ жасыл сәулелер шашырай ма?  Мынау нендей дыбыстар? Анау шоқ-шоқ оттар шиебөрiлердiң көздерi ғой. Қаптап келедi. Бәрiбiр қорықпаймын... қорықпаймын... Баяғыдай буындырып өлтiрем.. буындырып өлтiрем...»

Бұл кез осы өлкенiң құлақкестi қара құлы, атамзаманның өзгерiссiз ескерткiшi - Арыстанды-Қарабастың нағыз құтырынған, бураша жынын шаша шабынып, арыстанша ақырып күшiне енген уағы едi. Қайтсем де тiршiлiк бiткендi тәубесiне келтiрiп, табындырып бiтпей, жалмап жұтпай жалмауызым жай таппайды дегендей, шашы ебет-себет тарқатылған албасты жел аласапыран екпiнiмен үйiре ысқырына ұйытқып, қиыршық қарды көзiне себелей шашқылап, қолындағы қомақты затты жұлып алмаққа өршелене ұмтылып, қақпақылдандыра жүгiртiп әкетiп барады.

                                 

* * *

Тоғызыншы оқып жүрген жылдың күзi едi. Жоғары класс оқушылары көршi мақта совхозына терiмге көмекке келген. Шаруашылық тың жерден жаңадан шаңырақ көтергендiктен бе, мақталықтың маңайы құрақ-қамыстан көрiнбейтiн. Бiрде Бөкен парталас досы Рафаэль екеуi түскi асқа жұрттың соңынан қайтып келе жатқан. Кенет оң жақтағы қамыс iшiнен шәуiлдеп үрген дауыс естiлген. Рафаэль айтты:

- Барсақ қайтедi!   Тiрi шиебөрiнi әлi көрген емеспiн.

- Е, мейлi, барсақ барайық,-деп Бөкен оңай келiскен.

Бұлар үкiлерi шашақтана пiсiп тұрған найзадай тiп-тiк қамыстарды екi жаққа айыра аршып тереңдей түскен. Ұйысқан қамыстың iргесiне келгенше, шиебөрiлердiң үрген дауыстары басылмап едi. Қамыстың сықырынан қашып кеттi ме, үндерi сап тиылған.

- Қап, көре алмайтын болдық,-деп Рафаэль өкiнiш бiлдiрдi.

Iшке  тағы бiраз сұғына түскенмен, ештеңе байқалмады.

- Қой, құрысын... қайтайық... Тамақтан кешiгермiз. Адамнан сескенбейтiн төрт аяқты болушы ма едi, зытқан шығар,-деп Бөкен кейiн бұрыла берген. Кенет Рафаэль мұның жеңiнен оқыс тартып қалды.

- Әне,- дедi сыбырлап, - бiзге қарап тұр... - Дауысында дiрiл бар.

Өтiңкiреп кетiптi. Оң жақтағы кiшкентай алаңсымақта үш шиебөрi бұлардың әр қимылын бағып, қимылсыз қатып қалыпты. Кiшкене бозғылт көздерi жылт-жылт етiп, ашқарақтана қарайды. Тыриған арық. Үйме-үй сүмеңдеп қайыршы иттер жүрушi едi. Құдды солардан аусайшы. Бiрақ, олардан әлдеқайда кiшi. Көктемде ауыл балалары доп қуалып, алысып-жұлысып, аунап-қунап тiзеге жетер көгалды таптап тастаушы едi. Бұл үш «серi» де солардай үй орнындай қамысты жынойнақ  етiп жапырып тастапты.

- Әптi жаман ғой,- дедi Рафаэль. - бiзден неғып қорықпай тұр?  Дуэльге шыққандай аңдысып тұрыстарын қарашы!

- Адамнан қорықпайтын аң жоқ. Қазiр-ақ зытады. Айт! Алыпсоқ!

- Айһит!.. Айһит! Бөрiбасар! Жолбарыс!

Екеуi қосыла  аяқтарымен жер тепкiлеп, барынша айқайлап, алаңқайдың бiр шетiнен атып-атып шыға келдi.

Құйрығын тақымына қысып, шиебөрiнiң екеуi екi жаққа ытып қашты да, бiреуi орнында қалып қойды.

- О, жаман! Мынаған не жоқ-ей?! Құдай бiледi осынысы ақсақ па, тоқсақ па?..  Әйтеуiр бiрдеме, қаша алмай тұр.

- Әй, тiрiдей ұстап алып масқара қылмайық.

Шиебөрi бұларға тiктелген күйi жербауырлап жата қалды.

- Ұстатушы ма едi. Қазiр-ақ, нөль болады. Әй, зыт, кәне! Айһит!  Бөрiбасар!   Жолбарыс!  Айһит!

Бөкен екi-үш қадам алға аттауы мұң екен, шиебөрi алқымына қарғи атылып кеп бергенi. Ешқайсысы мұны күтпеген. Рафаэль  бақырып жiбердi... Бөкеннiң айқайлауға мұршасы болмаған. Байқағаны - азулары ақсиған шиебөрiнiң көкшулан басы, ызалы ырылы, былшығы сатпақ-сатпақ қатқан ежiр көздерi.

- Ойбай, жалт бер! - Досы екiншi рет жанұшыра бақырды. Тұла бойы мұздап, жансызданып барады. «Өлдiм» деген суық ой қиқулап өттi санасында.

- А-а... Рафаэль үшiншi рет баж етiп, қамысты сатырлатып қаша жөнелген. «Рафаэль менi тастап бара ма, достығымыз қайда? Шынымен бiткенiм бе? Ж-жо-оқ!..» Жандәрмен ышқына оң аяғымен теуiп жiбердi. Шиебөрiнiң алға атқыған екпiнiмен шалқасынан түстi. Сосын ұшып тұрмақ болған. Тегеурiндi тепкiден құлаған шиебөрi бұрын үлгерiптi, кетiк-кетiк өткiр тiстерiн ақситып «ар-р» етiп атылған тағы. Бұл шыңғырып жiберiп, тағы аяғын төсеп үлгерген. Алқымына ажалдың ақсүңгi азуын дарытпай, шалқалап жатып қос аяқпен тепкiлей берген. Шиебөрiнiң жемей тынбайтын түрi бар - құтырына ұмтылады. Рафаэль  да  дер кезiнде жеттi-ау сол сәт.

Осы күннен бастап оны шексiз жақсы көрiп кеткен. Көбiнесе Рафаэльдi қыздар жағы жек көретiн. Бұзық дейтiн. Бет-жүзiң бар демей, турасын айтып, туғанына жақпай тұра беретiн. Бiр қырсықса, төбесiнен тау құласа да қайтпайтын - бiрбеткей едi. Осынысы кейде Бөкенге де онша ұнай қоймайтын, талай айтып қойдыра алмаған. Осы қыңырлығынан мұғалiмдерден де алғыс алып оңдырған емес. Бiрақ, Бөкен оның өжет, жақсы жолдас екенiн бағалайтын. Дегендей болды. Алғашқыда тастай қашқанмен, шешушi сәтте айырып алды ажалдан. Рафаэль мақта теретiн партығымен шиебөрiнi бүркеп үстiне жата қалды.

- Ойбай, тұр тез! - Бар айтқаны сол болды. Бұл ирелеңдеп әрең түрегеле, костюмiн шешiп, шиебөрiнiң басына жауып жiбердi де, мойнын қолтыққа ала сығымдай қысып, тас қатып қарысты да қалды. Лып етiп шығып кете жаздап едi, Рафаэль келсаптай керзi етiгiмен өкпе тұсынан оңдырмай тепкен. - Мойнын босатпа, мойнын,-дейдi ол тарғыл дауыспен дiр-дiр етiп.

Шиебөрi көп арпалысып, жердi тырмалап, жантәсiлiм бердi. Денесiнiң дiрiлi басылмай босатудан қорықты бұлар.

Шиебөрiнiң танауынан қан кетiп, тiлi көгерiп езуiнен сыртқа шығып кеткенше қылқындырып отырды.

- Бөкен, кетейiк,-дедi бiрiншi ес жиған Рафаэль асықтырып. Өңi құп-қу, бозарып кеткен. Бұлар қамысты қойнаудан ұзап кеткенше, соңдарынан ырылдасып, жұлысқан шиебөрiлердiң ызалы үндерi естiлiп тұрды. Олардың өз өлiгiн бөлiсе алмай, таласа жеп жатқаны анық едi.

Үстiнiң сау-тамтығы қалмаған Бөкен былай шыға бере, досын құшақтап жылап жiберген.

 

                                                              * * *

Космос дәуiрi болса да, совхоз орталығынан жүз шақырым қашықтықтағы дария бойына  шашырай орналасқан шопандардың көпшiлiгiне әлi электр бағаналары жете қоймаған. Движокпен жарық жағып, движокпен артезиан құдығынан су тартады.  Рафаэль осы Тақыркөл фермасының моторисi, дембiл-дембiл аралап көрiп тұрмаса, моторы бұзылған шопан семьясы май шамға қарап, бұл келгенше екi көзi төрт болып отырады. Рафаэльдiң кезектi үш күндiк жолдан шаршап келiп, төсекке құлаған бетi сол едi, сыртқа шығып кеткен келiншегi үрейлене үйге қашып кiрдi. Үйдiң ығынан аттылы адамның сұлбасын байқап қалыпты. «Аттың жалына етпетiнен жатып алыпты, ұры сияқты» дейдi.

- Жетi түнде жын соққан ба? Мына дүлейде о неғылған ұры?!

Рафаэль лып түрегелiп, төрдегi iлулi мылтығын iле сыртқа ұмтылған.                            

 

* * *

Терезенi тарсылдатып бiреу әкетiп барады. Далада Арыстанды-Қарабас құтырына ұлиды.

- Әй, ашыңдар!  Қырылып қалдыңдар ма, түге!  - Сырттағы есiктi теуiп-теуiп жiбердi.

- Ә-әй-и, қайсың бұл? Рапайыл ма, ойбай!?

- Бәтшағарға не көрiнген, асылығы болмаушы едi?!

Бiр құшақ боранды азынатып, Рафаэль суыт кiрдi.

- Тыныштық па, шырағым?..

- Ата, балаңыз қайда?!

Шал төргi бөлменi меңзедi. - Қазiр ғана көзi iлiнiп едi. Келiн, а, келiн!..

Абыр-дабырдан оянса керек, тыр-тыр қасынып, iштен кебеже қарын жас жiгiт шықты. - Е, не болды-е, Рапайыл, е? - Бiр көзiн жыртитып әрең ашып, есiнеп бейқам тұр.

- Болат, тез рациямен орталықты көтер! Бектемiрдiң баласы Бөкен... бес жасар қызбен  адасып кетiптi... жаяу... сосын Мырзабайға хабар бер?! Аққолтықтың ар жағында құдасы қалыпты. Бол тез. Мен Бөкендi iздеуге кеттiм.

- Обалдағы-ай! - дедi кемпiр, - обалдағы-ай, аман болса игi едi.

- Рация бұзылып... iстемей тұр... -дедi Болат суыт хабар санасына ендi жеткендей үрейлене күмiлжiп.

- Не, не дей-йсiң, сенiң жөнделер күнiң бар-р ма, осы-ы,а?!

Рафаэльдiң түрi ғаламаттай бұзылып, алдындағыны  бiр ұрып қабырғаға жабыстыра салды да, сыртқа ұмтылды. - Сорлы, анадағы Ақгүлдiң өлiмiне сен де кiнәлiсiң. Онда да рацияң бұзылып... қолымыз қырқылып қалған...

Үй iшiндегi жандардың басына тигендей тас-талқаны шыға жаздаған есiк тарс жабылды.

 

                                                           * * *

Алғаш саусақтарының, башпайларының ұшы тыз-тыз аши сыздап ауырған. Аяғындағы керзi етiк тас боп сiресе қатып қалғалы қашан. Әкесi ферма басшыларына құдайдың зарын қылып, пима алдыра  алмап едi, ендi соның зардабын тартып келедi. Бiрнеше рет демалмаққа әрекеттенген. Тоқтаса қайтып жүре алар дәрменi жетпесiн ұғып, тәуекел ете алмады. Әрi қызды бауырына тас қысқан қолдары қарысып, икемге келмей жансызданып қалыпты. Бетi алаулап домбыққан. Жер-жаһан оттай өртенiп тұрғандай ып-ыстық... Әне, алтын шапағын шашыратып, аппақ зеңгiр таудан Алтын күн көтерiлiп келедi. Таңғы тау суретi тiл айтып жеткiсiз ғажайып сұлулыққа бөленген: күн шұғыласымен мың құбылады. Ұшар басында су перiсiндей сымбатты қыз орамал бұлғап тұр. Бұл қияметқайымның күшiмен заңғар шыңға қалықтай ұшып келедi. -Мен Ақгүлмiн,-дейдi, - келерiңе сенгенмiн. Саған арнап тiккен кестемдi кесiп кеткенiн қарашы. Бөкен, анау етектегiлерден қорқам. Бiр күнi жыланша жылжып жете ме деп.  Бөкен...

Көз жасы мөлт-мөлт үзiлген Ақгүлдiң жүзiн қайғы-мұң торлаған...

Шыңғырған анасының үнi. Қап-қара асфальт үстiнде қып-қызыл қанға боялған қарындасы Шынар орнынан тыпырлап тұра алмай, сәулесi бiртiндеп сөнiп бара жатқан жанарымен мұны iздейдi. Кiп-кiшкентай жұдырықтарын тас жұмып, кеудесiне жиыра қысып, дiр-дiр үзiлiп бара жатқан балғын Шынар...

- Өлме, өлмешi!.. Апам сенi сағынып жүр, апам сенi сағынып жүр, Шынар-ау! Бiз де сенi күнде ойлаймыз, көкем күрт шөгiп кеттi. Төкен тәтең адамды қақпайтын машина ойлап табатын конструктор болам, маған бұл оқудың қажетi жоқ деп интернаттан қашып кеттi ғой. Машина жасайтын жерге апарып оқытыңдар деп қиғылықты салып, естi шығарды емес пе ол.  Әке-көкелеп әрең апардық қой оқуына, Шынар-ау! Сенiң атыңды естiсе жылап қалады. Бәрiнен көкеме қиын тидi. Ашылып ешкiммен сөйлеспейдi. Өзiнен-өзi күрсiне бередi. Оның да талай жасырынып жылап жүргенiн көрдiм ғой мен. Сенi өте жақсы көрушi едi. «Осы қызым менiң үлкен ғалым болады. Алматыда тұрады. Шешесi  екеуiмiз қыдырып талай барамыз әлi» деп емiрене иiскелеп отырушы едi ғой. Шынар-ау, сағындық қой сенi. Келсең көкемнiң сол арманы орындалып, қандай қуанар едi. Апам байғұс қалған жасымды Шынаргүлiмнiң бiр күлiп көрiнгенiне берiп кетуге ризамын деп тәңiрiден тiлеумен күндi атырып, батырып жүр ғой. Айналайын кiшкентай қарашығым-ау, сен келсең Төкен ағаң алаңсыз оқуын оқыр едi, көкем қайғыдан арылып, қатарына қосылып қалар едi, апам өшкенi жанып күн сайын қан жылағанын қояр едi. Сен келсең бар дүниемiз түгелденiп, шiркiн-ай, бiзден бақытты жан болмас едi-ау..ай.. а-ай...

Запырандай ащы зарды дауыстай айтып, ботадай боздап жылаған Бөкен қараңғы түн iшiнде... жапан далада жападан жалғыз бiрде үйiрiле, бiрде өршелене ұйытқи суырған қар қалдығымен бiрге бетi ауған жаққа қаңғып кетiп барады. Арыстанды-Қарабас аспанға қарап жаманшылық шақыра iшегiн тартып ұлыған бұралқы иттей үнiн үздiксiз қайталап сарнай соғып тұр.

 

                                                            * * *

 

 Машина жетер жердiң бәрiн шарқ ұрып түнiмен кезген Рафаэль қан жұтып келедi. Қасында Гүлнұр. Соның айтуымен, бiз жүрген жер болу керек деген маңайдың түгiн қалдырмай шарлады.  Дарияға түсiп кеттi дейiн десе, оның да қисыны келмейдi. Гүлнұрдың айтуынша, онда беттемеген әрi желдiң ығымен кеткен. Баяғы шиебөрi шабуылынан кейiн, Бөкен тағы қиындық құрсауында қалғанда, қол ұшын бере алмағанына қабырғасы қайысады. Әйтсе де, көңiл шiркiн жамандыққа қимайды. Дала төсi толған қыстау. Бiрi болмаса, бiрiне ұшырасып аман қалған шығар деген үмiттi беймаза жанына жалау етiп, желбiрете түседi.

Гүлнұрдың жездесi қалған машинаны сүйретiп әкетiптi. «Касемсоттың» арбиған iздерi жатыр. Бөкеннiң әкесi Бектемiр өз  қорасына жете алмай, жолай бiр қыстауға паналапты. Баласының жайын есiтiп, бұрын тумысында жоқ мiнезбен әлгi үйдiң қос ауызын ала, атқа мiне шауып, қыр асып көрiнбей кетiптi. Ол үйдiң әйелi «Өңi өрттей күреңiтiп, «Құдайдың басқа менен аласысы жоқ па, соны сұрап келемiн» деп кiжiнiп айтқанын анық есiттiм» дептi.

Кенет алдағы қыраттан асып еңiске түсе бергенде: «Ойбай, аға, әнi,-деп Гүлнұр айқайлап жiбердi. Өтiп барады екен. Машинадан түсе жүгiрдi екеуi.

Бөкен қарсы беттен қырқаға шыға бере етбеттей құлапты. Құшағында плащпен, костюммен шандып оралған қыз жатыр. Өз үстi-басы жұлым-жұлым. Көйлегi пора-пора. Денесiнде тырнақ iздерi қанталайды. Бөкен бар киiмiн шешiп қыздың үстiне  жапсыра берген. Әйтеуiр суықтан қорғап қалу үшiн қалай болса, солай орай берiптi, орай берiптi.

Рафаэль: - Бауырым-ай, бауырым-ай! - деп азалана дауыстап жiбердi. Гүлнұр да шар етiп жылаған. Қимылсыз қос денеге үрке қарайды. Рафаэль қалтыраған қолымен орауды шеше бастады. Жанары қорқынышты сұрауға толы. Бiр уақытта оның бар айтқаны сол болды: - Тiрi... тiрi... Қыз тiрi... Арысым-ай, аман ап қапсың ғой! Жанарынан моншақтап жас парлаған Рафаэль тiршiлiгi мәңгi   тоқтап қалған аяулы досы Бөкендi кең кеудесiмен құшақтап құлай бердi. - Арысым-ай, арманда кеттiң-ау... арманда кетiң-ау!..

Кенет ол орнынан атып тұрып: -Әй, әкеңдi!.. -деген қолақпандай жұдырығын аспанға бiлеп, - әкеңнiң аузын... Арыстанды-Қарабас! Жер бетiнде сенi жұтар жалмауыз бар ма осы, а?!  Айтшы! Ана жолы Ақгүлдi алдың... Ендi Бөкендi... мылтықпен атып алар жау болсаң, баяғыда-ақ жалпаңнан түсiрер ем... айтшы, ажалың қайда? А? Айтшы? Сосын: - Оһ, оһ-о... Оһо-оһо! - деп көз жасы шұбыра еңiрей тiзерлеп, жерге шөге бердi.

Қазалы дауыс Арыстанды -Қарабастың елiрген екпiнiмен алысқа ұзап-ұзап тарап бара жатты.

 

                                                              * * *

 

 Бөкен қазасынан соң сол маңайға ай бойы аспаннан бiрде аппақ қар, бiрде аппақ нұр жауыпты да тұрыпты. Бұл кереметтi әркiм әртүрлi жорыған. Егiншi ел биыл нан көп болатын болды десе, қойшы қауым жайлауға құт дарып, егiз көбейетiн болды деп қуаныпты. Осы кезде Гүлнұр ауылдастарының аузын аштырып:  «Бөкеннiң әзiз жаны адал адамдардың ауылы - аспалы баққа ұшып кеттi. Бұл соған көрiндi»,-деп айтқан екен: бiреу сенiп, бiреу сенбептi. Үшiншiлерi: «Гүлнұр сол бораннан соң делiқұлы боп қалды. Әйтпесе, аурудың сөзiн айта ма?» деп бықсытыпты.

Бiрде тағы сол Гүлнұр: «Өлгеннен соң ақ нұры алаулап тұрған ғажайып ғимаратқа барғыларың келе ме? Онда Бөкеннiң ерлiгiн жасаңдар! Мен ендiгi бар тiрлiгiмдi сол перiштелер елiне бару үшiн қолдан келгеннiң бәрiн iстеймiн»,-дегенiн естiген ел: «Ей, мынау шын жынданған» деп қасынан тұра қашыпты. Сөйтiп, оны есi ауысқан, тентектер емдейтiн ауруханаға өткiземiз деп жүргенде, Гүлнұр қаланың денi сап-сау бiр жiгiтiне қашып кетiптi. Кетерiнде де: -Ағайындарым әбiржiмесiн, мен дүниеге әкелер ұрпағымды - туар баламды анау күнгi айтқан ауылға бару үшiн өсiремiн,-деп сәлем айтса керек. Бұл сөзбен құлақтанған бар туысы содан берi осы уақытқа дейiн саудың тамағын iшiп, аурудың сөзiн айтып жүрген қыздың адам түсiнбес әумесерлiгiне милары қатып жүрген көрiнедi...

 

Қазақ тілінде жазылған