Адам қарады: 524 | Жарияланды: 2018-05-03 06:47:10

Шұбар

 

Біздің бала кезіміз ел еңсесін енді көтеріп келе жатқан өткен ғасырдың алпысыншы жылдарымен тұспа-тұс келді. Ол кездері бастарынан талай тарихи оқиғаларды өткерген көнекөз қариялар көп еді. Әсіресе, Рамазан айында ауылдың ақсақалдары біздің үйге жиналып тауарих намазын оқитын. Өмірінде Алладан өзге ешкімнен сескенбей, Құранын қолынан тастамай, оның мәнін насихаттап, ұзақ-сонар әңгіме шертетін менің атамды ауылдастары жиі төңіректейтін. Атам үйге келіп жанына жайғасатындарға Құран сүрелерін жаттататын еді. Жасы ұлғайған кейбір кісілер сүрелерді ұмытып қалып жататын. Ондайда атамның оң тізесін басып отырған мен ести-ести әбден жаныма тоқып алған сүрелерді  айтып отыратынмын. Атамнан діни дәріс алушылардың бірі -- Нышан ата көшеден өтіп бара жатқанымды көре қалса, өле-өлгенінше “Ассалаумағалейкүм, Молда қыз” деп амандасатын. Жас кезімде ыңғайсызданатынмын. Ал ол кісілер өмірден бірте-бірте өтіп кеткен соң сол адамдарды сағынып іздейтін болдым. Күніге әңгіме тыңдап үйреніп қалған мен ораза айы біткен соң “Ата, баяғы заман туралы айтшы” деп қасынан шықпайтынмын. Сонда ол кісі “Е, балам-ай, баяғы заманда не қызық болды дейсің” деп бір күрсініп алатын да, ұзақ-сонар әңгімеге кірісетін.

 

-- Осы біздің ауыл неге Шұбар деп аталған? – деймінмен.

-- Шұбар дегені бұл ауыл Арыс пен Шұбар өзендерінің қиылысына орналасқан ну тоғай, қаратал, бақатерек, жиде, алма, өрік, тұт, қамыс, ши, қоға, судың жағасында бүлдірген, сарымсақ, айта берсе таусылмайтын небір өсімдік түрлері тұтасқан жер жәннаты болатын. Осының бәрі көктемде сан түрлі реңге еніп, гүлдейді, жазда піседі, күзде жапырақтары алтын түске боялып, алыстан шұбарланып көрінетін. Содан Шұбар деп атап кеткен.

Негізі бұл жер атамзаманнан келе жатқан ескі қаланың орны болуы мүмкін. Осы жолмен анау Қоқан, Самарқан, Тәшкен жақтан керуендер ағылып өтеді екен. Ол жол Қарауылтөбеден бері Жалпақтөбенің жонын басып, Арыс өзенінің ат өтетін саяз өткелі арқылы Отырар, Түркістан, Сауран жағына шығып кететін көрінеді.

Атамның аталары айтқандай, жаугершілік заманда “жау келе жатыр” деген белгіні от жағып білдіретін болған. Отырар қаласына белгі беру үшін мидай жазық далаға қолдан топырақ әкеліп үйіп Қарауылтөбені жасаған екен. Одан әрі осындай төбе Қараспанда бар. Ал әрі қарай Отырар жақын, от көрінетін жерде тұр.

Жаугершілік заманда демекші, осы Жалпақтөбенің маңында бекінісі, өз билеушісі бар үлкен қала болған десетін. Әлі күнге осы жерден қыш құмыра, табақ, өзге де тұрмыстық заттардың сынығы шығып жатады. Тіпті, бала күнімізде біз хан отыратын тақтың білек пен қол тұратын бөлігін тауып алғанбыз. Ол жұмыр шар іспеттес-тін.

Апамдар айтушы еді, “бүгінде “Орыстардың моласы” деп аталып кеткен үлкен төбенің етегінен соғыс кезінде арық шауып жүріп сақ жауынгерінің бас сауытын тауып алғанбыз” деп. Бес-алты әйел “мына жерде бірнәрсе бар-ау” деп кетпендерімен құлаштап қазып, жалтыраған сауыт киген өте ұзын адамның мүрдесін аршып алады. Алғашқыда қорыққанмен, әлгі ақ күмістен соғылған сауытты кетпен-қаймандарымен бөлшектеп, әрқайсысы білезік, шолпы, сырға соқтырамыз деп бөлісіп алыпты. Соның сынықтары біздің үйде де бар еді. Өзге әйелдер сауытты бөлшектеп қарқ болып жатса, Айнаш деген апамыз мүрдеден шыққан мәйіттің бас сүйегін аударып көріп “Ойбай-ау, отыз екі тісі түгел екен. Әсті отыздардағы жас жігіт болған-ау, бейшара” деп жылап жүр дейді. Негізі тарихшы-археологтар зерттесе бұл жерден ежелгі тарихымызға тамыр тартар көптеген дерек табылары анық. Тарихи деректерге сүйенсек, Арыс өзенінің Боралдай өзеніне тұспа-тұс бергі бетінде Яканкент деген қала болған деседі. Ол “Жағалаудағы қала” деген мағына береді екен. Әсті сол қаланы қорғаған жауынгер ма екен...

Жалпақтөбе жақтан Тоғай ауылға кіреберісте “Кедей” деп аталатын жер бар. Бұл ескі қаланы билеген хандарға қызмет ететін кедейлер ауылының орны болды ма, кім білсін?.. Одан әрі мешіт орналасыпты. Сол мешіттің көшесімен Күлтөбеге қарай екі жағы қыш қорғанмен өрілген өзбектердің үйлері болады екен. Олар керуеншілерден алып қалған заттарымен сауда жасапты. — «Аталған мешіт те, қорғандар да бертінге дейін бар еді, кейін бұзылып, ол жерге ел қоныстанып кетті» дейді көнекөз қариялар.

Біздің Қатша апам 1930-жылдардың бас кезінде Бөген өзенінің бойынан ұзатылып, осы Жалпақтөбеге келін болып түскенмін дейтін. Сонда бұл ауыл мыңғырған малы тоғайды жайлаған бай ауыл екен. Алыстан сапарлап келе жатқан жолаушылар үйге түсіп түстеніп аттанатын болыпты. Ол кісілердің дәрежесіне қарай біріне тай, екіншісіне қой сойылып, атаулы астарын тартады екен. Апам айтатын: “Қой сойғанда білем-білем құйрықтар желінбей табақтан қайтады. Сонда Мұлтанай енем /Сұлтанай дегені/ “Әй, тұлғағырлар /осылай сөйлейді екен/, мына асты жеп қойыңдар, обал болады” -- деуші еді. Сонда жас келіншек күніміз, оны түнде иттерге тастаймыз. Әбден тойынған төбеттер майды жеуші ме еді, ертеңіне топырақпен араласып жатқан майлы еттерді көріп енем ұрысушы еді” деп.

Осы күнге дейін үйде сол кездегі бір тайдың, екіншісіне бір қойдың еті түгел сиятын үлкен-үлкен алтын сияқты жалтыраған мыс шаралар болатын. Өздерінің ұн шығаратын диірмені, күріш айдайтын жуазы болыпты. Өстіп бір күні бір топ меймандар келіп қарбаласып жатқанда апамның жүгіріп жүрген бір баласы жуазға түсіп, мерт болған екен.

Апам айтып отыратын, Жалпақтөбедегі біздің ауылдан бастап Арыс, Шұбар өзендерінің бойын он екі байдың ауылы жайлайтын деп. Ну тоғайдың ішін нешетүрлі аң-құс, түлкі, қабан, барыс жайлаған, суында балығы, су тышқаны ойнаған, үйрек-қазы қанаттарын жайып жібергенде кілемдей құлпырған, қырғауылы, үкісі қиқулаған жер шоқтығы болған екен. Осы Қайшылы елінде Бөрібек деген батыр кісі өмір сүріпті. Бір барыс елге, малға тыныштық бермей шаба берген соң әлгі кісі оны тұзақ құрып қолға түсіріпті. Жалғыз өзі айқасып, құйрығынан шап беріп ұстап алып нән барысты айналдырып-айналдырып лақтырып жіберген екен. Атам айтатын “әсті, сол жолбарыс біздің тоғайдағы соңғы барыс болған-ау, содан кейін бұл аңның түрі көрінбей кетті” деп. Осы Бөрібек атаның баласы Алдамұрат қатар қонған киіз үйлердің арасынан түнде жүруге қорқатын сужүрек кісі болыпты. Ал одан туған Сәдуақас батыр болып шықты дейтін. Әрине, бұл өзінше бөлек әңгіме.

Ауылдың шығыс жағында Мамыт тоғайы, Сары тоғай, Бекжан ауылы деген жерлер бар. Апам да байдың қызы болған екен. Ұзатылып келгенде алтынмен апталып, күміспен күптеліп дегендей, бар жасауымен беріпті. Басқасын қойғанда, құлағындағы алтын сырғаны әкесі 500 қой айдатып Тәжікстанның Құжанд деген қаласынан соқтырып әкелдірген екен. Піл сүйегінен жасалған кереуеті болыпты. Апам келіншек болып келгеннен кейін қайынсіңлісін жоғарыдағы Алакүшік еліне ұзатып, енесі сол кереуетті қызының жасауына қосып бергізіпті. Апам болса “әкемнің адал малы еді” деп көзім қимай, ішім ашып еді, содан ба екен, әлгі қайынсіңлім көп ұзамай қайтыс болып, кереует сол елде қалды” дейтін.

Ол тұс өкімет байлардың малдарын тәркілеп, ел дүрлігіп, қыздарын ұзатып, алыс-берістерін тездетіп жатқан кезең ғой…

Атама “жайлауға шығушы ма едіңіздер?” деймін балалық қызығушылықпен.

-- Әрине, сонша малды иіріп қалай отырамыз. Анау көз ұшында көрінген Қаратау жарықтыққа қарай көшетінбіз. Жаз қызығын қимай, күздің жауынды күндеріне ілігіп қалатынбыз кейде. Сонда уақ малды паналату үшін бір орасан үлкен үңгір болатын. Соған кіргізетінбіз, -- дейтін атам.

Сонда ол кісілерге жаным ашып: “Өздеріңіз ше, өздеріңіз сондай суықта тоңбай қайда отырасыздар?” деймін мен.

-- Біз неге жаураймыз, он екі қанат киіз үй, ішінде басқұрлы ши, төрінде қолдан тоқылған бұқара алаша, тақта алаша, қалы кілем, үстімізде шекпен тон, түлкі тымақ болатын, -- дейді.

Мұның барлығы мен үшін бейнебір ертегідей көрінетін. Атам бәйге аттарын баптап мінетін көкпаршы да болған екен. Тоқсансайдағы Өтебай деген құдасы сыйлаған Ақтанау деген тұлпары болыпты. Болмысы бөлек, тұяғы қорғасындай, шабысы ерек арғымақты үлкен кісілер бертінге дейін аңыз етіп айтып отырғанын естуші едім. Атам сол Ақтанауымен Боралдай жақтан көкпарлатып келе жатып Арыс өзенінің жиегіне желдей есіп жетіп қалғанын байқамапты. Сонда астындағы арғымағы сол екпінімен керіле секіргенде Арыстың бергі бетіне дік етіп бір-ақ түсіпті. Жағалауда отырған ел шу ете қалыпты. Бір кезде ат та аман, өзі де аман ары қарай шаба жөнелген екен. Сол әңгімені естігенде атамның жүрек жұтқан ер болғанына көзім жетіп, әншейінде момақан қалыпта тәспісін тартып отыратын ақ сақалды кісіге аңтарыла қарап қалатынмын.

Ол кісі тағы да:

  • Осы біздің мамыражай тіршлгіміз жайдан жай келген жоқ, әкелерміз айтып отыратын, біздің ауылдан тарихқа белгілі Қозыке датқа деген батыр жігіт шыққан. Сол кісімен үзеңгілес жүрдік деп, ол кезде жаугершілік заман, бүкіл Оңтүстікті Қоқан хандығы билеп тұрған кез екен, Қозыке датқаны Арыс өзенін бойлап отырған елдің жігіттернің басын қосып, Шымкентті жаулап алған Қоқан хандығының әскеріне қарсы бас көтерген екен. Сосын Бадам елінде орналасқан Қоқан әскерлерінің бекінісін бұзып, әскерлерін Арыс өзеніне тоғытқандары туралы айтатын дейтін...

Иә, алақандай Шұбардың топырағында көне тарих жатыр. Мүмкін аядай ауылдың астындағы ескі қаланың сыры әлі де зерттелер. Сол Шұбарда көненің көмбесін ақтарып, көкейге тарихтан тұнба қалдыратын Бектұрсындай шежіре қария болып еді.

Ал, қазір соның бәрі тарих болып қалғандай… Уақыт-ай, шіркін!..

Қазақ тілінде жазылған