Батырдың тұқымы болған соң
Біздің жақта жылына бір той өткізеді. Батыр бабамыздың тойы. Үйреніп қалғаным сондай – ел жаққа елеңдеп отыратын болдым. Биылғы демалысыма ауылға баратын сылтау табылар ма екен деп жүргенімде, Қабай батырдың мерейтойына шақыру келді. «Негізгі баяндаманы өзің жасайсың, дайындала бер» депті.
«Той десе, қу бас домалаған» халықпыз ғой, домалап елге жеттім.
Ауылдың ақсақалдары алдымен: «Қарағым, орталықтан, зиялы қауымның арасынан келіп отырсың, ғалым деген атың бар. Мұндағылар бір тыңдаса, сені тыңдар, қаладағы ең жақсы көше – Ленинград, Гастелло, Пушкин – осы үшеуінің бірін батыр бабамызға алып бер!» - деп ономастика комиссиясының төрағасына кіргізді де жіберді.
—Ленинград көшесін бере алмаймыз, — деп кесіп айтты төраға. — «Ленинградтық өреңдер» ренжиді.
—Ау, Ресейдің өзі Ленинградты Санкт-Петербургке өзгерткен жоқ па? – деймін мен. — Онда Гастелло көшесін беріңіз.
—Отан үшін шайқасқан Гастеллоны сұрап әуре болмаңыз!
—Ендеше, Пушкин...
—Пушкинді сұрауға аузыңыз қалай барып тұр, өзіңіз әдебиетшісіз. — Мен тосылып қалдым.
—Біріншіден, — деді төраға, — Пушкин — ұлы ақын; екіншіден, Абай атамыз екеуі дос болған. Бір-бірінің өлеңдерін аударған.
—Сонда Пушкин дос болғанда қалай, Семейге Абай атамызға келіп бас мүжіп, қымыз ішкен бе? — деймін мен де өзеуреп. Әйтеуір келіскендей болдық та, тойға кеттік.
Қош. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дейді ғой, дегенмен болғаны да қызық екен.
—Әй, қарағым, — деді бір ақсақал. — Сен өзіміздің Жабай батырды неге жазбайсың, қайдағы Қабайды зерттегенше!
—Қабай мен Жабайды не бөлетіні бар, бірге туған қос бабамыз емес пе? — деп, ығыса бергенім сол еді:
—Ау, ағасы, — деп тоқтатты бір інішек, — Сен баяндамаңда Қабайды қалың қалмақ арасынан өз баласы алып шығады дедің. Тарихта олай емес, Қабайды біздің Жабай руының батыры алып шығады.
Шатақ осыдан басталды.
—Жоқ, Қабайды өз баласы құтқарады, — деді жанымызда тұрған бір жігіт.
—Оттапсың! – деді анаусы.
—Өзің оттапсың!
—Әкеңнің қу шекесі!
Біреуі қалтасынан газ пистолетін суырып алды.
—Әй, қатын қайдасың? Менің қос ауызымды әкел, — деді екіншісі.
Мен қорқып кейін шегіндім.
—Қаруыңды таста! Жігіт болсаң жекпе-жек шық!
—Жүр, ипподром жаққа!
Екі топ ипподромға қарай қозғалды.
Әттеген-ай, баяндамаға әлгі жерді бекер кіргізген екенмін! – деп өкіндім.
—Оқасы жоқ, әрқайсысы бір-бір батырдың тұқымы болған соң, бәрібір төбелеспей тараспайды. Төбелес — тойдың сәні ғой, — деп жұбатты бір ағайын.
Ауыл кең ғой, шіркін! Тек тойды руға бөлініп, төбелеспен аяқтайтыны жаман.