Бұйырмаған жиырма пайыз
Таңғы шайын бүгін де жарытып іше алмаған Сүреңбай жұмысына ертелетіп жетіп, столына сылқ етіп отыра кетті. «Әкімдікте істеймін деп көйлегіңе сыймай шіренгенде кереметсің! Ақ көйлек киіп, галстук таққаныңа мәзсің, бейшара! Ал біздің отырысымыз мынау» деген болатын әйелі күндегі «Таңғы сәлем!» әдетімен. «Оныкі де жөн-ау» деді ол ішінен.
Кеше ғана білімін жетілдіру курсынан оралған еді. Әйелі қалай барып келдің деп те сұрамады. Айтпақшы, сондағы ана тақырбас лектор жақсы айтты-ай: «Сендер кішігірім шенеуніксіңдер ғой, қолдарыңда ештеңе жоқ» деп. Бірақ оның да жолын табуға болады, тек пысықтық керек деп жөн сілтегендей болып еді-ау. Не деп еді тағы? «Ә-ә, бір күні бір нағашың жетеді, «жиенжан» деп», деген екен ғой. «Салдыр-гүлдір келеді де, ол бірден құшағын айқара ашып...»
Осы кезде есіктен салдыр-гүлдір етіп қалаға өткен жылы көшіп келген, шешесімен төрт-бес ата жерден қосылатын әйтеуір, аты нағашы Нақа кіріп келе жатты. Құшағы айқара ашылған. «Е, береді деген осы болар. Мен енді тақырбас лектордың сценариімен жүрейін», — деді ішінен.
—Ал, жиенжан, менің істің адамы екенімді білесің ғой. Ауладан дүкен аша қояйын деп едім, біресе анау деп, біресе мынау деп, әйтеуір сандалғаныма алты ай болды. Сен соған көмектес. Әкімге кірсең де, бірдеңе қыл.
—Ойбу, нағашы-еке, менде қандай билік бар. Бар болғаны бас маманмын. Онда да сауда жағына түк қатысым жоқ. Ал әкімге мұндай шаруамен барсам, сол жерде-ақ жұмыстан қуады, — деп, азар да безер болған болды.
—Еңбегіңді жемеймін, орамалым дайын, — деді нағашысы.
—Жоқ, мен таза адаммын. Маған ештеңенің керегі жоқ. Қайғысыз қара шай ішсем, сол жарайды маған, — дей бергенде, нағашысы есік жаққа беттеп бара жатты.
—Ойбай, нағашы, тоқта! Ертең «Жиен ел болмас» деген осы» деп жұртқа жайып жүрерсің. Құжаттарыңды қалдырып кет, біреулермен сөйлесіп көрейін, бірақ уәде бере алмаймын, — деді мол ақшадан айырылып қала жаздағандай күй кешкен ол.
Бір аптадан кейін нағашысы қайта айналып соқты.
—Шаруа шынымен де қиын, — деді Сүреңбай сүреңсіз күй танытып. — Сол маңда жер астында маңызды байланыс жүйелері өтіп жатқан көрінеді. Газ құбырлары да жақын екен.
Жердің асты мен үстіндегі бар бәлені ойлап тауып тұрғанынан бейхабар, бар сенгені Сүреңбай болған Нақа нағашысының көңіл-күйі бұзылып кетті. Оң қолының бас бармағымен мұрынын солға қарай әдемілеп итеріп, бір қисайтты, сол қолының бас бармағымен қайтадан түзеп алды. Бұл оның шаруаның сәті түспей қиналғанда жасайтын әдеті еді. Ал Сүреңбай сұқ саусағымен сол жақ самайының тұсындағы орайын шиыршықтап-шиыршықтап жіберді. Нағашысы бас бармақтан кезекті рет аман-сау түзетілген танауына жел бітіріп, желпілдетіп:
—Сөйлескен адамыңнан да үлкендеуіне барып көрсейші, — деді.
—Оны өзім де білемін. Бірақ орамалың қалыңдап кетеді ғой, олар тиын-тебенмен сөйлеспейді. Мен бер жағындағылармен жеңіл-желпіге жасата қояйын. Бір тиын болса да нағашымның қалтасында қалсын деп ойлап едім, бірақ көріп тұрсың ғой...
Нағашысы рұқсатты дәл бүгін алып тұрғандай қуанып кетті:
—Айналайын, ештеңеден қысылма. Не сұраса да беремін. Мені тек ана Жаубайдың алдында мат қылма. Ол ит маған өмір бойы күліп өтеді, тыраштанып-тыраштанып дүкен аша алмады деп.
Бір аптадан кейін нағашысы тағы келді. Сүреңбай сөйлесіп жатқанын айтты. Келесі аптада соққанда жақындап қалдымен қуантты. Одан кейінгі аптада әкімге қол қоюға жіберілгенімен қатты қуантты. Жүрегі жарыла жаздаған нағашысы қалтасынан бір «көк қағазды» суырып алды. Оны алуға оқталған Сүреңбай дереу ойынан кейін қайтты. Бір «көк қағазбен» құтылып кетіп жүрер мына шал деп күдіктенді. «Бұл менің сүйіншім, ала ғой, жиенжан. Орамалыңды толығымен қолыңа әкеліп беремін, уәде — уәде!» дегенде барып ақшаға қызықпайтындай кейіп танытып, қалтасына сүңгітіп жіберді.
Дәл бір аптадан кейін құжат дайын болды. Нағашысы мәз, жиенінің бетінен сүйе береді айналайынға салып. Сүреңбайдың тартпасын жайлап сырғытып, конвертті жарты метр биіктіктен қалықтатып таста-а-ап жіберді.
Нағашысы кете салысымен Сүреңбай ақша санауға көшті. Алдымен жиырма пайызын алып қалғысы келді. Жоқ, бұл аз болады. Отыз пайыз... Бұл да аз. Қырық... Сүреңбай ойынан тез айныды: оларға ертең тағы күнім түсіп жүрер деп ойлады, ренжіп қалса, олар менімен тіпті сөйлеспей қояды ғой. Жиырма пайыз жарайды.
Осылай деп өз үлесін қойын қалтасына сала бергенде, телефон шыр ете қалды. Армандап, ойға шомып кеткен екен. Қиял боп шыққанына қатты ренжіді. Бірақ «Жақсы сөз — жарым ырыс, жақсы қиял — толық ырыс» деп өзінше мақалдатқан ол бүгін шынымен де нағашыларымның бірі келіп қалар деген үмітпен есік жаққа қарай берді.