Өмір мен көмір
Өмір – көмір тиейтін тракторшы. Көмір алуға келген адамдар оның қолына: «Көмірдің ірісін тиеп бер!» деп ақша ұстатады. Ал ақша бермегендерге ол көмірдің ұсағын тиеп жібереді. Бастықтары оның бұл ісіне салғырт қарайды, «көмірдің бағасы жанып тұр, қып-қызыл ақша беріп сатып алған көмірдің түрі мынау» деп шағындалған адамды олар «ұнамаса алма – басқа да көмір қоймалары бар ғой» деп шығарып салады. Ал басқа қоймаларда да дәл осындай өздерінің «Өмірлері» бар дегенге басшылар: «Бізге не қыл дейсің? Өзіңнен көр – бес жүз теңгеге қарап қалған жоқсың, бере салып ірі көмір алып кететін адам емессің бе!» деп қарап тұрады. Басшылардың Өмірді қолдап тұрған себебі – тракторшының кішкентай жалақысы. Егер «көмір сатып алуға келген адамдардан ақша алма, көмірді ірілеме, барлығына бірдей тиеп бер» десе, Өмір бұл жұмысты тастап басқа жұмысқа тайып отырады. Өйткені жиырма бес мың теңге– қазіргі заманда жалақы емес. Ол көмір сатып алуға келген адамдардан күніне кем дегенде бес мың теңге түсіреді. Ол кем дегенде, ал вагондардан жаңа көмір түсірген күндері оның бір күнгі (!) «солақай» табысы он бес – жиырма мыңға дейін өседі. Күндердің күнінде көмірге бір бастық-сымақ келді. Джип мінген, үстінде «кожанка», мойнында галстук, сықиып-ақ киінген. Ал Өмір оның «крутой» түрін қайтсын – «бес жүз теңге берсең бауырсақтай-бауырсақтай көмір тиеп беремін» деп қарап тұр. Ал бастық-сымақ өзінің беделін көрсетпек – «көмірді мен ақшаға сатып алады екем, сонда саған бес жүз теңгені не үшін бермекпін?» деп ол шіренсін. Өмір оның шіренісін түртсін бе – көмірдің ең ұсағын, ең сорлысын тиеді де жіберді. Бастық-сымақ гүрілдеп бастықтарға барды, «права качать» етті, одан ештеңе шықпады – басшылар Өмірдей тәжірибелі, жұмысы мен тракторына ұқыпты механизатордан айырылғысы келмейді. Қайтып айырылсын? Өмір арақ ішпейді, жұмыстан қалып көрген емес, берген жиырма бес мың жалақысын алып, «шүкір» деп, «қанағат» деп жүре береді. Күндерің бір күні Өмір істі болып сотқа барады. Қараса – соты әлгі баяғы бастық-сымақ. Ол әрине бұны о бастан таныды, «Ә, бәлем, сенің де ісің маған түсті ме!» - дегендей кекесін жымиды. Бұл да оны таныды, бірақ танымағансып сыр бермей бақты. Сот Өмірге: «Ісің өзіңнің пайдаңа шешілсін десең бес жүз доллар бер» деді. Қорқу жоқ, үрку жоқ, қысылу жоқ – ар-ұяттан жұрдай, орындығында шіреніп алып, көзін бақырайтып қойып ашық текстпен пара сұрап отыр.
«Әй, парақор! – деді Өмір, - Ұятың қайда? Жемқорлықпен отанымызды қорлап біттіңдер ғой!» Ал сотың сасатын емес
– «Парақордың өзінен естіп тұрмын» дейді. «Мен қарапайым жұмысшымын! – деп Өмір кеудесін соқсын,
- Қайдан мен парақор болмақпын?»
- «Ұмыттың ба – менен бес жүз теңге пара талап еткеніңді? – дейді сотың,
- Мен бермеп едім көмірдің ең сорлысын тиеп берген жоқпысың!»
- «Ол пара емес!» - деп еді Өмір, сот онымен келіспеді. «Пара! Нағыз пара! – деді ол,
- Мәселен, біреудің артық бес жүз теңгесі бар екен – ол жақсы, ірі, бауырсақтай-бауырсақтай көмір алады, ал, мәселен, әр теңгесін санап отырған зейнеткер келіп, бес жүз теңгесін, не саған берерін, не көмірге төлеуін, не басқа қажетіне жұмсауын білмей, ақыры «дәрі-дәрмек алу керек» деп, сенің ұсақ көміріңді алып кете барады. Жемқорлықпен күрескің келсе, парақорлардан отаныңды тазартқың келсе, ағайын, ең әуелі өзіңнен баста!»