Дәрігердің үшінші қаруы
Шерхан Мұртазаның әңгімесі бойынша жазылған инсценитровка
«Дәрігердің үш қаруы бар: бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – жылы сөз».
Ибн Сина.
КЕЙІПКЕРЛЕР:
ӘШІМ – жас дәрігер.
СЫРҒА – науқас келіншек.
ЖАННА ЖАПАРОВНА – бас дәрігер.
МАША – медбике.
ЗИБА – Сырғамен бір палатада жатқан апай.
СЕЙСЕН – Сырғаның жұбайы.
АЙША, БАРСХАН – Сырға оқып жатқан кітаптың кейіпкерлері, оның елесі.
БІРІНШІ КӨРІНІС
Емхана палатасы. Екі керует. Бірінде Сырға, екіншісі бос. Керуеттердің жанында бір-бір тумбочка мен қоқыс урнасы. Олардан беріректе, еденде ұзын алаша-төсеніш. Ортада терезе. Оның алды ашық, о жерде жәшіктерде өсіп тұрған гүлдер. Сырғаның жатқан жері қараңғылау бұрыш. Әшімді ертіп Жанна Жапаровна келеді. Сырға оларға қарайды да, күткен адамы болмағасын жүзін қабырға жаққа бұрып әкетеді.
Жанна. Сәлеметсің бе, Сырға.
Сырға. (теріс қараған бойы) Сәлеметсіз бе, Жанна Жапаровна.
Әшім. (Сырғаның алдына келіп еңкейе) Амансыз ба.
Сырға. (сәл ғана басын бұра) Аман болсам онкологияда жатамын ба...
Жанна. Сырға, мына жігіт біздің жаңа дәрігеріміз. Жуырда оқу бітіріп келді. Есімі Әшім.
Сырға. (селқостау) А-а...
Жанна. (Әшімді жеңінен тартып көрермендерге қарай бұрып, Сырғаға естіртпей) Паралич және қатерлі ісік. Үміт жоқ.
Әшім. (басын изей салып науқасқа қайтып барады да жастығын түзеп, керуеттің арнайы тетігі арқылы басын жоғарылатады, соның нәтижесінде Сырға жартылай отыр деуге болады) Жағдайыңыз қалай?
Сырға. Е, бізде қандай жағдай болушы еді? Төсек тартып жатқаныма жылдан асты.
Жанна. (жас дәрігердің өзінің сөзіне құлақ аспағанын жақтыртпай, сағатына қарап қойып) Ал, Әшім, науқасты бақылауға ал. Мен кеттім.
Әшім. Жақсы, Жанна Жапаровна.
Бас дәрігер кеткесін Маша келеді. Қолында укол салуға дайын шприц.
Маша. Кәнеки, Сырға, укол алайық.
Сырға. Сол уколыңнан пайда болса ғой, Маша. (ықылассыз укол салғызады)
Әшім. (терезенің алдында тұрған гүлдерді нұсқап) Маша, мына гүлдерді басқа жерге қойыңыз.
Маша. (босаған шприцын қоқыс жинайтын урнаға тастай бере бұрылады) Неге?
Әшім. О жерге мына керуетті жылжытамыз.
Маша. Жо-жоқ, болмайды! Гүлдерге күн сәулесі қажет.
Әшім. Гүлдерге күн сәулесі қажет те, адамға қажет емес пе?
Маша. (Сырғаға қарап қойып) Қажет шығар... бірақ, Жанна Жапаровнадан рұқсат алу керек еді.
Әшім. Айтқанды істеңіз. Жауабын мен өзім беремін.
Машаның гүлдерді алғанын тоспай өзі оларды бөлменің әр жерлеріне қойып орын босатады.
Әшім. (керуеттің бір жағын ұстап, Машаға) Ал, не ғып тұрсыз?
Маша. (керуеттің екінші жағын ұстағанымен әлі де көтермей тұр) Сонда да Жанна Жапаровнаның рұқсаты керек еді.
Әшім. (керуеттің бір жағын жылжытып, екінші жағына ұмтыла) Бұл бөлімше менің жауапкершілігімде. Сондықтан әр ұсақ-түйек үшін бас дәрігерге жүгірген дұрыс емес. (Машаны орнынан жылжытқысы келеді)
Маша. (керуеттің өз жағын көтере бере) Жарайды, солай-ақ болсын. Егер о кісі маған ұрысса сіз бұйырды дермін.
Екеуі Сырғаның керуетін терезенің жанына жақындатады. Сырға терезеге қарап алып, сосын Әшімге жүзін бұрады.
Сырға. Рахмет. Осында бір жыл бойы жатқанда далаға бір көз тастай алмап едім. Мына көк аспанды сағынып қалыппын.
Әшім мен Маша тумбочканы керуеттің жанына қойып жатып терезеге көз тастайды. Маша иықтарын қиқаң еткізеді.
Әшім. (көрермендерге бұрылып) Сау адам көп нәрсенің қадірін білмейді. Күнде көріп жүрген аспанды сағынуға болады екен-ау.
Сырға. Дала күз боп қалыпты. Терезені ашуға бола ма?
Маша. Жоқ, болмайды! Жанна Жапаровна терезелерді ашпаңдар, науқастарға суық тиеді деген.
Әшім. (оған бір қарап қойып терезені ашады) Науқастарға таза ауа қажет.
Сырға. (терезе ашылысымен сырттан бір қызыл-сары жапырақ ұшып келіп оның алдына түседі) Мынаны қараңыз, қандай әдемі! (жапырақты Әшімге ұсынады)
Әшім. (жапырақты алып, жаңа көргендей) Иә, шынында да әп-әдемі екен. Бұл табиғаттың сізге берген сәлемі. (жапырақты қайтарып береді)
Маша. (дәрігер мен науқастың әңгімесін жақтыртпағанын білдіре) Мен қажет болмасам кете берейін.
Әшім. Жақсы, сіз боссыз.
Маша кетеді.
Сырға. (жапырақты сипап отырып) Бұл табиғаттың маған жіберген белгісі.
Әшім. Солай да болуы мүмкін. Демек, сіз дертіңізден айығып, жазылып кетесіз.
Сырға. (басын шайқап қойып) Жоқ, керісінше. Бұл өлі жапырақ. Демек...
Әшім. (керуеттің шетіне отырып келіншектің бетіне тесірейіп қарайды) Сіз олай демеңіз, Сырға. Жапырақ өлсе – ол ағаштың өлгені емес. Ол тек уақытша ұйқыға кеткені. Көктем келе табиғат оянып, ағаштар қайтадан жасыл желекке малынып құлпырады.
Сырға. (со бойы, төмен қараған бойы басын шайқайды) Иә, табиғат әлемі ешқашан өлмейді. Ал адамдар болса... адамдар ондай емес.
Әшім. Сырға, сіздің бұл ойыңыз маған ұнамады. Ендігәрі бұ жерде өлім туралы сөз естімейін. Келістік пе?
Сырға. (басын көтереді) Өлім туралы бас дәрігерден естігенде оған неге солай демедіңіз?
Әшім. Бас дәрігер өлім туралы бірдеңе деді ме?
Сырға. Жаңа Жанна Жапаровна менің жағдайымның мүшіл екенін айтты емес пе? Үміт жоқ деді ғой, иә?
Әшім. М-м... (не дерін білмей аяғына тұрып, жүріп кетеді де терезені жауып Сырғаға бұрылады) Ол Жанна Жапаровнаның өз пікірі. Ал менің өз пікірім бар. (Сырғаның алдына қайтып барып оның қолдарын өз қолдарына алады) Сырға! Былай келісейік. Ибн Сина айтқан екен: науқас адам дерт пен дәрігердің ортасында тұрады. Егер ол дәрігерді жақтаса, екеулеп дертті жеңеді екен. Ал егер науқас дерт жаққа шықса, ол екеуі бірігіп дәрігерді жеңеді. Менің сізден өтінетінім: сіз мені жақтаңыз.
Сырға. (төмен қарайды) Жақсы. Мен сізді жақтайын. Алайда, менің дертім емдеуге келе ме? Өзі біреу емес, екеу. Оларды жеңу дегеніңіз...
Әшім. Мен сіздің дерттеріңізді жеңу оңай деп тұрғам жоқ. Сондықтан да екеулеуге тура келеді.
Сырға. Әй, білмеймін... (сөйтсе де жүзінде үмін нышаны пайда болған)
Әшім. Өзіңіз ойлаңызшы – қазіргі білім үшін жазылмайтын дерт бар ма? Бір кезде соқыршектің өзі жазылмайтын ауру деп есептелетін. Сүзек, шешек дегеніңіз тажал еді, қазір олар жойылды. Туберкулез күні кешеге дейін ем қонбайтын ауру болса, қазір ғылым оны емдеудің пәрменді жолдарын тапты.
Сырға. Сонда да... рак... ол...
Әшім. (сөзін аяқтатқызбай) Рак та сол сияқты. Қазіргі ғалым медиктер ракты емдейтін түрлі жолдарын анықтап, жаңа дәрілерді істеп шығаруда. Сондықтан ештеңеден хабары жоқ адамдардың сөзіне құлақ аспаңыз, дәрігерлерге, ғалымдарға сенім артыңыз.
Сырға. (Әшімге қарап күлімдейді) Жақсы, мен сізге сендім.
Әшім. Бәрекелді! Мен де сізге сенім артам. Әрдайым мен жақта болыңыз, дертті жақтамай, мені жақтаңыз. Иншалла, екеулеп оны жеңеміз. (аяғына тұрып) Ал, мен басқа палатадағы науқастардың жағдайымен танысайын. Сау болыңыз. (есікке қарай беттейді)
Сырға. Әшім...
Әшім. (тоқтай қалып бұрылады) Не?
Сырға. Рахмет. Сіз маған үміт сыйладыңыз.
Әшім күлімдейді де шығып кетеді.
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Сол палата. Екінші керуетте Зиба апай жатыр. Әшім келеді. Сырға ол келісімен тағы жалт ете қарайды да, мұңая жүзін бұрып әкетеді.
Әшім. Сәлеметсіздер ме?
Зиба. Сәлеметпіз.
Сырға төмен қараған бойы үндемейді.
Әшім. (Зиба апайға жақындап) Жағдайыңыз қалай, апа?
Зиба. Аллаға шүкір, жаман емес. Операция сәтті өткен сияқты.
Әшім. Әрине, сәтті өтті. Енді бір-екі аптада үйіңізге қайтасыз.
Зиба. Аузыңа май, күнім.
Әшім. (апайдың көрпесін қымтап Сырғаның жанына барады) Халің қалай, Сырға?
Сырға. Сол... бұрынғыдай.
Әшім. Не боп қалды? Біреу ренжітті ме?
Сырға. Ешкім ренжіткен жоқ.
Әшім. Ендеше не болды? Мен көріп тұрмын ғой – еңсең түсіп кетіпті. (Сырға үндемегесін Зиба апайға бұрылады) Сіздер не - келіспей қалғансыздар ма?
Зиба. О не дегеніңіз! Біз татумыз. Ал Сырғаның...
Сырға. Зиба апайдың еш кінәсі жоқ. Бейкүнә жанды бекер жазғырмаңыз.
Әшім. Онда не болды, Сырға? (пауза) Сырға, біз келісіп едік қой – бір-бірімізден еш нәрсені жасырмаймыз деп. Мен бұл сауалды еріккеннен қойып тұрғам жоқ.
Сырға. Жәй, әшейін... бағана ашық терезеден Чайковскийдің бір әуенін естіп қалдым.
Әшім. Сол-ақ па? (Сырға үнсіз басын изейді, со кезде дәрігер ерсілі-қарсылы жүріп кетеді де керуеттің жанына қайтып келіп оның арқасынан екі қолымен ұстап тұра қалады) Түк түсінсем бұйырмасын! Чайковский сынды композитордың музыкасы адамды қанаттандырушы еді. Ал сені, керісінше, мұңға батырыпты.
Сырға. Ол кішкентай аққулардың биі еді. (дәрігер әлі де түсінбей тұр) Кішкентай аққулардың биі. Мен бала кезімде балерина боламын деп армандайтынмын. Содан балет студиясында оқып осы биді билегенім бар. Ал енді... енді билеу түгіл аяқтарыма тұра алмаймын.
Әшім. (Сырғаның жанына барып отырады) Тұрасың аяқтарыңа! Билейсің! Әлі сол балетті билейсің, Сырға. Ол үшін еш күмәнданба. Мен саған уәде етемін.
Сырға. (дәрігерге сенімсіздікпен қарап тұрып сосын жүзін терезе жаққа бұрып әкетеді) Қайдам!
Әшім. Сенбейсің, иә?! (Сырға со бойы теріс қарап жатыр) Сенбесең – тыңда! Ертең-ақ мен саған осы жерде, осы палатада сол биді билеткіземін.
Сырға. (жүзін бері бұрады, не сенерін, не сенбесін білмейді) Ертең бе?
Әшім. Иә, ертең!
Келіншек басын шайқайды. Осы жерде носилкасы бар екі санитарды ертіп Маша келеді. Олар келісімен Әшім орнынан тұрып шегініп кетеді.
Маша. Кеттік, Сырға. Массажға барамыз.
Сырға. (қозғалмастан оны көтереміз деп жақындаған санитарларға) Жо-жоқ, текке әуре болмаңыздар! Мен массажға бармаймын.
Маша. О неге?!
Сырға. Барғым келмейді.
Маша. Барғым келмейдіні қой! Бұ не деген сөз! (Әшімге) Сіз неге үндемейсіз? Массаж тағайындаған өзіңіз емес пе.
Әшім. Сырға, сенің аяқтарыңа массаж өте қажет.
Сырға. Қатерлі ісігі бар адамға аяқтың не қажеті бар? Бәрі бір...
Әшім. (Сырғаға жақындап келіп көрпесін ысырып тастап) Олай деме. Қатерлі ісіктің емі басқа да, сал болған аяқтың емі басқа. (келіншекті көтеріп алып носилкаға жатқызғысы келеді)
Сырға. (тітіркеніп кетіп айқайлап жібіреді) Өтінем – жатқызбашы носилкаға!
Әшім. (тұрып қалып) Неге?
Сырға. Бұл... бұл табыт... табытқа ұқсайды.
Әшім носилкаға бір қарап, қолындағы келіншекке екі қарап, сосын оны көтерген бойы палатадан шығып кетеді. Санитарлар носилкасын алып соңынан кетеді.
Маша. (мұрнын тыржитып) Фи! Науқастарды процедураға көтеріп апару дәрігердің ісі ме екен?
Жанна. (кіріп келіп) Маша, Әшім қайда?
Маша. Сырғаны массажға әкетті.
Жанна. Санитарлар жоқ па?
Маша. Олар келген. Бірақ Сырға носилкаға жатқысы келмеді. Сосын Әшім оны көтеріп әкетті.
Жанна. Онысы несі?
Маша. (иықтарын қиқаң еткізіп) Қайдан білейін.
Жанна. Бар, шақырып әкел. (медбике кетісімен Зиба апайға бұрылады) Сіздің жағдайыңыз қалай?
Зиба. Аллаға шүкір, жаман емес. Операциядан кейін денем едәуір жеңілдеген сияқты.
Жанна. Ым-м... (көрермендерге бұрылып дауысын бәсеңдетіп) И-и, бейшара! Операция сәтсіз аяқталғанын білмейді ғой.
Әшім. (Маша екеуі қайтып келісімен) Шақырдыңыз ба, Жанна Жапаровна?
Жанна. Иә. Әркім өз ісімен айналысқаны абзал, Әшім. Өкімет санитарларға жалақы төлейді.
Әшім. (қызарып кетіп басын изейді) Иә, иә, әрине. Бірақ, Сырға... ол...
Жанна. Сырғадан басқа науқастар барын ұмытқан сияқтысың, Әшім.
Әшім. Жоқ, ұмытқан жоқпын, Жанна Жапаровна. Бірақ, Сырғаға назарымды көбірек аударатыным шын. Өйткені оның жағдайы бәрінен де ауыр.
Жанна. Міне, мына апай жаңа ғана операциядан шықты. Оған да назарыңды аударғаның жөн.
Әшім. (апайдың жанына келіп) Кәнеки, мен сізді де процедураға көтеріп апарайын.
Зиба. (ауырсына күледі) О, жоқ, рахмет! Мені санитарлар апарады. Өйткені мен табыттан қорықпаймын. Жетпістен асқанда табыттан қорықсам ұят болар.
Әшім. (бас дәрігерге қарап қойып) Сонда да мен әр науқасымды көтеріп жүруге дайынмын. Тек қана сіздер дерттеріңізден айығып кетсеңіздер болғаны.
Бас дәрігер оған қарап басын шайқайды да кетеді. Маша да дәрігерді жақтырмағанын білдіре бір өкшесінде бұрыла қиқаң етеді де кетеді.
Зиба. Сен, Әшім, мойыма. Істеген ісің, ұстанған бағытың дұрыс. Сырғадай ауыр науқас жоқ бұл емханада. Және оның көңілі сынық.
Әшім. (Сырғаның төсегін жөндеп жатып) Менің байқап қалғаным – Сырғаға ешкім келмейді. Осында болғаныма аптадан аса уақыт өтті, сонда бір адам келсеші.
Зиба. (ауыр күрсініп алып) Оның төркіні жоқ екен. Жетімдер үйінде тәрбиеленіпті. Ал күйеуі... ол бір бейбақ, тас бауыр. Сырға жол апатына ұшырап белінен төмен жағы жансызданып қалғанда ол неме ажыраспақ болып загске өтініш беріпті. Тіпті күйеуі жоқ бір келіншекті үйіне кіргізе қойыпты. Соны естіген Сырға сары уайымға батып, енді міне қатерлі ісікке тап болды.
Әшім. Сіз ол жігітті білесіз бе?
Зиба. Білемін. Бір көшеде тұрамыз. Мен онымен сөйлесіп, бұның дұрыс емес дегенде, үйде кәрі ата-анам бар, соларды күтетін, шаруаға қарайтын қатын керек деді. Ал енді оған не дейсің? (пауза) Әй, рак дегенің де көңілі сынықтарды айналдыратын көрінеді.
Әшім. М-м... солай ма еді.
Зиба. Солай. Сырға бейшара оны күнде тосады. Үмітін үзгісі келмейді. Байқадың ба – палата есігі ашылған сайын ол жалт қарайды да, Сейсені болмағасын мұңайып қалады. Еһ! (күрсініп бірер секундқа үндемей қалады) Сен, Әшім, әуелден дұрыс істедің. Сырғаның жағдайын жүрегің сезген болар. Демек, сен нағыз дәрігерсің.
Әшім үнсіз басын изейді де шығып кетеді.
БІРІНШІ ИНТЕРМЕДИЯ
Сахна қараңғылықта. Авансценаға шыққан Әшімге жарық түсіп тұр. Ол біреуді тосып тұрғандай тағатсыздана жан-жағына қарап қояды. Сейсен келеді.
Әшім. Сіз Сейсен емессіз бе?
Сейсен. Иә. Ал сен дәрігербісің?
Әшім. Иә. Менің есімім Әшім.
Сейсен. Ал, Әшім, маған не айтпақсың?
Әшім. Айтпағымды өзіңіз де сезіп тұрған шығарсыз. Сырға сізді сарғая күтуде. Күнде келіп қалар деп үміттенеді. Қандай жағдайда болса да ол сіздің зайыбыңыз емес пе, бір кіріп шықпайсыз ба.
Сейсен. Жоқ, ол менің зайыбым емес. Біз заң бойынша ажырасқанбыз. Ол өзі келісімін берген. Айтпап па еді?
Әшім. Солай ма. Бірақ... екеуіңіз неше жыл бірге тұрдыңыздар?
Сейсен. Білмеймін... есімде жоқ. Жобасы екі-үш жыл боп қалар.
Әшім. (оған тесірейіп қарап қойып) Жақсы, Сейсен, әйеліңізбен екі-үш жыл бірге тұрып, енді ауырып қалғанында екі-үш рет кіріп-шығуға болмас па еді?
Сейсен. Өй! Кіріп-шығушы едім ғой! Әлгі Сырғадан кейін алған келіншегім қызғанады. Бір рет ана-мынаны алып бәлніске барайын дегенде ашуланып, осыдан барып көр – төркініме бір-ақ тартамын деген. Қайтейін, одан айрыла алмаймын – карт әке-шешемді күтіп, шаруама қарап отыр.
Әшім. М-м... солай деңіз, Сейсен.
Бірер уақыт оған үнсіз қарап тұрады. Сейсен ыңғайсызданып, бұған тағы не керек дегендей жалтақтай береді.
Әшім. Сейсен, шыныңызды айтыңызшы – Сырғамен қалай қосылып едіңіз. Оны сүйіп алдыңыз ба? Әлде қарт ата-анаңызды күтетін, шаруаңызға қарайтын қатын керек болғасын алдыңыз ба?
Сейсен. (шыдамы таусыла) Әрине сүйіп алдым! Ал, бір жағынан, қарт ата-анаңды ойлама, шаруаны таста деймісің? Сырғаға да обал жоқ! Со жолы жұлынып өзі шығып кеткен. Мен оған саусағымның ұшын тигізген жоқпын. Өзі! Шешейдің бір сөзін көтере алмай көшеге атып шыққаны. Содан барды да машинаның астына түсті де кетті. Енді не? Соған мен кінәлімін бе? Әлде өзімді мәпелеп өсірген шешемді үйден қуып шығайын ба?!
Әшім үндемейді. Сейсен алақандарымен басын қысып алып ерсіл-қарсылы жүріп кетеді. Сөйтіп Әшімнің жанына келіп тоқтайды.
Сейсен. Сырғаға айт – ренжімесін де. Мен оны тастайын деп тастағам жоқ. Тағдыр солай болды. Оған енді бәрібір өмір жоқ. Ал маған өмір сүру керек. Ол өледі екен деп бірге көрге түсе алмаймын ғой.
Әшім. Сырға өледі деп сізге кім айтты?
Сейсен. Енді... бас дәрігер өзі айтпап па еді рак деп.
Әшім. Рак болса не – емделмей ме?
Сейсен. Қайдан білейін, ракқа шалдықпа, ал шалдықсаң жазыламын деп үміттенбесең де болады дейді жұрт.
Әшім. Үміттенгенге үміт бар, үмітсіз тек сайтан деген Мұхаммед пайғамбар (с. ғ. с.). Сайтанның азғыруында кеткен бейшара екенсіз. (шұғыл бұрылып кете барады)
Сейсен. Әй, мынау не дейді-ей?! Бейшарасы несі? (қолдарын қалаталарына салып әрлі-берлі сенделіп жүріп) Еһ!
Күрсініп қойып, басын иықтарына тығып ап кетеді.
ҮШІНШІ КӨРІНІС
Сол палата. Зиба апай мен Сырға өз орындарында жатыр. Шағын телевизор мен дивиди плеер көтеріп Әшім келеді. Оларды терезенің астыңғы жақтауына қойып сымдарын жалғайды.
Зиба. Алақай, Сырға, енді ішіміз пыспайтын болды. Телевизордан кино көреміз.
Сырға. Түү, Әшім, қайтесің сонша әуре болып?
Әшім. Кешіріңіздер, киноның дискісін алғам жоқ. Тек балет.
Сырға. Балет?!
Әшім. (аспаптарды іске қосып жатып) Иә. Чайковский. Аққулар айдыны. Мен кеше айтпап па едім – бүгін балет билейсің деп.
Сырға. Мен бе?
Әшім. Әрине сен! Мен балет билеу білмеймін.
Кішкентай аққулардың биінің әуені естіліп телевизорда балет жүріп кетеді. Сырға экраннан көздерін алмай қарап қалыпты. Әшім оған қарап бірер уақыт тұрады да, бірдеңе есіне түскендей Сырғаны көтеріп алады.
Сырға. Ай! Не болды, Әшім?
Әшім. Балет билейсің.
Келіншектің белінен қапсырып ұстап тұрып аяқтарының ұшына тұрғызады. Сырға екі қолын жайып жіберіп балет билейді. Әшім оны әрлі-берлі жылжытып отырады, сонда Сырғаның жансыз аяқтары еденмен сырғып отырады. Зиба апай екеуіне қарап жылап жатыр. Ақыры, би біткесін дәрігер науқасты орнына қайтарады. Жастығын жоғарлатамын деп еңкейгенде Сырға оны мойнынан құшақтай алады. Әшім ақырын ғана оның жанына отырады. Екеуі бір-біріне үнсіз қарап отыр. Зиба апай ұйықтағансып теріс қарап жатады.
Сырға. Рахмет. Рахмет саған, Әшім. Бұл жақсылығыңды мен ешқашан ұмытпаспын. Сен нағыз жігіт екенсің. Айтқан сөзіңде тұрдың. Балет билеткіздің. Енді менде арман жоқ.
Әшім. (оның басын, шашын сипайды) Олай деме, Сырға. Адам баласы армансыз болмайды. Ендігі менің көмегімсіз осы биді билеймін деп арманда. Бүкіл дертіңнен айығып емханадан шығуыңды арманда.
Сырға. (көз жасын ағытып) Иә, иә, әрине. Менің енді аяғыма тұра алатыныма көзім жетті. Тек қана емханадан шыққасын қайда барамын? Сен ештеңе білмейсің. Менің баратын жерім жоқ. Ата-ана, туыс-жекжат деген жоқ. Ал сүйіп қосылған жан-жолдасым... күйеуім... ол мені тастап кетті.
Әшім. (Сырғаның көз жасын сүртіп жатып) Ештеңе етпейді. Денсаулығы бар адамға бұның бәрі түк те емес. Әлі жақсы адамды да кездестіресің, әлі отбасын құрып бақытты өмір сүресің.
Сырға. Е, мені енді кім керек қылар дейсің. Үйі-күйі жоқ, байы тастаған келіншекті қайтсын.
Әшім. Олай деме, Сырға. Сендей көрікті келіншек далада қалмайды. Көресің әлі – емханадан құлан таза айығып шыққанда ізіңе жігіттер табынымен түсер.
Сырға. Е-е, ол немелердің табынын қайтейін. Бәрібір сендей бір жігіттің сұлтанына татымас.
Екеуі бір-біріне қараған бойы жүздерін жақындата түседі. Сырға көздерін жұмып еріндерін тосқандай болады. Кенеттен Маша кіріп келеді. Оның қолында екі жапырақ қағаз. Сырға Әшімнің мойнынан қолдарын ала қояды да жігіт орнынан тұрып кетеді.
Маша. Әшім!
Әшім. (тумбочканың үстіндегі дәрі-дәрмектерді реттеген болып, сосын бұрылады да Машаның қолындағы қағаздарға қарайды) Бұл не?
Маша. Билет.
Әшім. Қандай билет?
Маша. Киноға баратын екі билет. Барайық, Әшім. Өте қызық кино дейді қыздар.
Әшім. Кешір Маша, мен бара алмаймын.
Маша. Неге? Бүгін кезектен бос емессің бе?
Әшім. Иә, боспын. Бірақ қолым тимейді.
Маша. (Сырғаға қарап қойып) Неге?
Әшім. (ол да Сырғаға қарайды) Бүгінгі кешті мен Сырғаға арнадым. Екеуміз би билейміз.
Маша. М-м... Аяқ-қолы сау, басы бос қыз тұрғанда байы тастап кеткен мүгедекпен билеп жетісерсің. (күледі)
Әшім. (қызға тесірейіп қарайды да дауысын әдейі Сырға естісін деп қаттырақ шығарып) Ол мүгедек емес. Мен оны емдеп аяғына тұрғызамын. Және де... тәні мүгедек – толық мүгедек емес. Кейбір жаны мүгедектен сақтасын Алла.
Маша. (Әшімнің сөзінің астарын түсінбей Сырғаға қарап қойып) Әй, қайдам! Мен бірдеңе білсем, паралич пен ракты емдеу бос әурешілік.
Әшім. Ал меніңше, кез келген дертті жеңуге болады. Тек қана оған шынайы ниетпен кірісу керек. Сол үшін бар күш-жігеріңді, бар ықыласыңды салу керек. (медбикенің үстіндегі ақ халатты шымшып тартады) Өйтпегенде үстіңе мына ақ халатты кимесең де болар еді.
Маша оған тесірейіп қарап тұрып-тұрып шығып кетеді. Әшім мен Сырға әуелі оның соңына қарайды да сосын бір-біріне жүздерін бұрады.
Сырға. Әшім...
Әшім. Не, Сырға? (керуеттің шетіне отырады да келіншектің қолдарын алақандарына салады)
Сырға. Сенің бүкіл уақытыңды ұрладым ғой. Сен жассың, бәлкім қызың бар болар, бос уақытыңда онымен қыдыру керек шығар, ал оның орнына бүкіл кештеріңді осы палатада өткізесің. Бұның дұрыс емес.
Әшім. Сырға, сен о жөнінде уайымдама. Менің ешкімім жоқ, жатақханада тұрамын, бос уақытымды өткізетін бәрібір таныстарым жоқ, одан да сенімен бірге болғаным артық.
Сырға. (еріксіз күлімдеп) Шын ба?
Әшім. Илаһи-билаһи, имандай шыным!
Сырға оның қолдарын кезек-мезек сүйіп жатыр. Музыка ойнап сахна баяу қараңғыланып жарық сөнеді.
ТӨРТІНШІ КӨРІНІС
Сол палата. Сырға төсегінде отыра алатын халге жеткен. Ол телевизор көріп отыр. Зиба апай ұйықтап жатыр. Кітап ұстаған Әшім келеді.
Әшім. (Сырғаның төсегіне отырып жатып) Халің қалай, Сырға?
Сырға. Жақсы. Сен осында келгелі біртүрлі жігерленіп тәбетім ашылғандай болды. Ішім де пыспайтын болды. Аяқтарыма да жан қайтып оралып келе жатқандай. (Әшімнің қолындағы кітапқа қарап) Мына кітапты маған әкелдің бе?
Әшім. Иә. Осы қалаға келерде облыс орталығының аэропортында ұшақ тосып отырып бір журналистпен таныстым. Есімім Барсхан деді. Осында командировкада болыпты. Қоштасарда маған мына кітапты тарту етті. Бір қызығы – кітаптың мұқабасындағы автордың есімі басқаша. Ал оқи келе байқағаным – кейбір шығармалардың кейіпкері Барсхан атты бала екен. Сондықтан мен осы кітаптың авторы сол журналист екенін түсіндім.
Сырға. Жақсы кітап па? Қызық па екен?
Әшім. Иә, өте жақсы кітап. Кейбір әңгімелері жылатады, ал кейбірі күлдіреді. Ал ең маңыздысы – қайсысы болсын ойлантады. Көпті көрген адам екен. Балалық шағы соғыстың тар заманында өткен ғой. (пауза) Сырға, өзің де білесің тарихтан – соғыс кезінде бар ауыртпалық ауылдарда қалған әйелдер мен балалардың бастарына түскенін. Соның бәріне төзіп, шыдап шықты ғой. Осындай кітаптарды оқығанда со кездің адамдары, әйелдер мен бала-шағаға шейін басқа бір өзгеше адамдар болған ба деп ойлайсың. Ал бірақ, олай емес. Қай уақытта болмасын адам баласы басына түскен ауыртпалықты көтереді. Со кезде оның қандай екені, неге жарайтыны, қайсарлығы, шыдамдылығы, сабырлығы анықталады. Иә, кейбіреулері сәл ауыртпалықты көтере алмай сынып кетеді. Адамгершіліктен айрылады. Ал көбісі басқа түскен ауртпалықты төзімділікпен, сабырмен қарсы алып, рухын жерге түсірмей, адам деген атағына нұқсан келтірмеуге тырысып бағады. (кітапты сұқ саусағының ұшымен тықылдатып) Осы кітаптың авторы соны айтқысы келгендей.
Сырға. Жақсы, Әшім, мен бұл кітапты мұқият оқып шығамын. Ал қазір, уақытың болса өзің бастап оқып берші.
Әшім. (сағатына қарап қойып) Жарайды, Сырға, бірер уақытым бар екен. (ыңғайланып отырып кітаптың бетін ашып оқи бастайды)
– Сен қайдан келдің? – дегенде бір данышпан:
- Мен балалықтың елінен келдім, - деген екен. Ересектерде сол «балалықтың елінен» келмеген ешкім жоқ. Анадан ешкім сақал-мұртымен тумайды. Мен де солардың бірімін. Анамның аты Айша еді...
Музыка ойнайды. Әшім кітапты оқып отыр. Сырға оны ұйып тыңдап жатыр. Жүзіндегі бейнеттің табы жоғалып жадырап жатыр. Арасында жымиып қояды. Машаны ертіп Жанна Жапаровна келеді. Олар келісімен Әшім орнынан тұрады да, оқып отырған кітапты тумбочкаға қояды.
Жанна. О! Сырғаны танымай қалдым ғой. (Әшімге бұрылып) Жарайсың, Әшім. Бір айдың ішінде мұндай жетістікке жету дегенің... (Сырғаға бұрылып) Тьфа-тьфа! Тіл-аузым тасқа.
Маша. (ілгері сытылып шығып Сырғаның төсегін дұрыстай бастайды) Біз де жәй жүрген жоқпыз, Жанна Жапаровна.
Сырға. (кекете) А, иә! Ең әуелі медбикеге алғысымды айтамын. Ол укол салмаса дәрігер не істей алушы еді?
Жанна Жапаровна мен Әшім күліп жібереді. Сырға мен Зиба апай да оларға қосылады. Маша олардың неге, кімге күліп жатқанын түсінбей жалтақ-жалтақ қарайды.
Жанна. (науқастың аяқтарын ұстап қысып-қысып қалады, сонда Сырға ауырсынғанын білдіреді) Аяқтарыңа жан кірген бе?
Сырға. Толық болмаса да кіре бастады.
Жанна. Ал ісігің ше – ауыра ма?
Сырға. (жадыраған жүзі лезде солып, ішін екі қолымен басады) Иә... ауырады.
Жанна. (науқастың ішін саусақтарымен басып-басып қойып Әшімге бұрылады) Химиятерапияны қайталау керек пе еді?
Әшім. (басын шайқайды) Оны қайталағаннан пайда жоқ.
Жанна. (бойын түзеп дәрігерге тесірейіп қарап тұрып) Солай деп ойлайсың ба?
Әшім. Иә, солай.
Жанна. (бірер секунд үндемей тұрады да) Онда білгеніңді істе. (шығып кетеді)
Маша. (Әшімге менсінбегенсіп қарайды да) Бас дәрігердің айтқанын істеген жөн ғой.
Әшім. Маша, сіз өз ісіңізбен айналыссаңыз, сол одан да жөнірек болар еді.
Маша. Е, мен не? Ісіммен айналыспай жүрмін бе? (Сырғаға қарап қойып) Әлде науқастардан шағым түсті ме?
Әшім. Ешкімнен шағым түскен жоқ. (келесі палатадан бас дәрігердің өзін шақырғанын естіп шығып кетеді) Келе жатырмын, Жанна Жапаровна!
Маша. (ол кетісімен) Сырға, сен не? Әшімге бірдеңе деп пе едің?
Сырға. Не деуші едім?
Маша. Енді, Маша жұмысын дұрыс істемейді деп жамандаған шығарсың.
Зиба. Маша, қарағым, сен науқастарға шүйілмей дұрыс сөйлесеңші.
Маша. (өтірік жыламсырап) Осы мен сіздерге не істедім? Науқастар үшін жанымды саламын, сонда да жақпаймын.
Зиба. Жә, жә! Бұлай өтірік көз жасыңды ағызба. Білеміз кім науқастарға жанын салып жүргенін.
Маша. (аяқ астында қатуланып) Сонда кім? Әшім бе?
Сырға. Әрине, Әшім!
Маша. Қайда бармасаң - Әшім! Әшім! Әшім! Бейне бір осы емхананы ұстап тұрған жалғыз сол дай.
Зиба. Дәл қазір солай. Әшім келгеннен бері палатаға жан кіргендей. Ол осында кіріп келгенде күн сәулесінің шапағаты жауып кеткендей болады. Солай емес пе, Сырға?
Сырға. Иә, Зиба апай. Маша, соны сен қалай байқамай жүрсің?
Маша ызалы көздерімен оны бір атады да жұлынып кете барады. Медбике кетісімен Зиба апай мен Сырға ұйқыға жайғасып теріс қарап жатады. Жарық сөнеді.
БЕСІНШІ КӨРІНІС
Сол палата. Сырға кітап оқып жатыр. Зиба апай ұйқыда. Әшім келеді. Оның қолында медициналық журнал.
Әшім. (әдеттегідей Сырғаның төсегінің шетіне отырады) Қалай, Сырға, кітап ұнады ма?
Сырға. Иә, ұнады. «Ай мен Айша»-ны бітірдім.
Әшім. Қалай екен?
Сырға. Тамаша жазылған. Кей жерлерінде әжептәуір жасқа келген жазушының емес, бейне бір сол баланың, Барсханның әңгімесін тыңдағандай әсерде қаласың. Және бұл шығармадан алып шыққан ой – сол нәзік жандар бір-біріне жәрдем етіп, бір-бірін сүйемелдеп заманның, зұлымдардың қатыгездігін жеңіп шыққан. Жеке-жеке олар ондай сұрапыл заманға төтеп бере алмас еді.
Әшім. Жақсы, Сырға, сен бұны дәл айттың. Меніңше, Сырға, сенің өмірің, сенің тағдырың да соны меңзейтін сияқты. Сен әлгі Барсхан сияқты, оның шешесі Айшадай қайсарлардансың. Ал сенің жолдасың, осы кітаптағы Тасбет, Жуанқұл деген кейіпкерлердей осалдардан. Олар сондай қатыгез, оспадар боп көрінгенмен осал. Сондықтан мен Барсхан мен Айшаны емес, сол адам болмысындағы хайуандарды аяймын. Сені емес, әлгі топас күйеуіңді аяймын. Сенің жағдайың қандай мүшкіл болғанымен сен адам болмысынан айырылған жоқсың. Ал ол ше...
Сырға. (Әшімнің сөзі оны ойлантып тастайды, сондықтан ол бірер уақыт үндемей отырады) Қызық екен... мен ендеше өзімді аяп жүрмін. Сондықтан кейде түні бойы жылап жастығымды су қыламын. Сөйтсем... иә, Әшім, сенікі дұрыс. Мына жазушының пікірі дұрыс. Рахмет саған... және осы жазушыға. Мен енді өзімді аямаймын. Демек, менің халім жаман емес екен. Менен де жаман халде жүрген байғұстар бар екен.
Әшім. Иә, Сырға, сен дұрыс түсіндің. Ал әңгімелердің қайсысы ұнады?
Сырға. Барлығы. Ал әсіресе – Жарамазан.
Әшім. Жарамазан? Ә! Әлгі екі зағип балалар туралы ма?
Сырға. Иә. Ол екеуі кемтар болса да өмір үшін күрестің нәтижесінде өздерін аман алып қалды. Ал әлгі көзі көретін жігіт үсіп өлді. Демек, кемтар болса да оларды емес, он екі мүшесі аман ана жігітті аяған дұрыс. Солай ма?
Әшім. (Сырғаның бетін алақанымен сипап) Солай, Сырға. Жазушының ойын жақсы түсініпсің. Дұрыс шешімге келіпсің. Жағдайың қандай нашар боп көрінгенмен, науқас, я кемтар болғанмен, дені сау, аяқ-қолы сау рухани кемтарлардың халі сенен де нашар болуы мүмкін. Ал тағы қандай нәтижеге келдің?
Сырға. Меніңше, бұл әңгімемен жазушы тағы бір нәрсені меңзеген сияқты. Жазылмайтын дерт болмайды. Әлгі екі жігіт ендігі көздерімізден мүлдем айырылдық деп ойлаған. Ал осы оқиғадан кейін олардың көздері жарық дүниені көре бастады. Демек...
Әшім. Демек, сен де үміт үзбеуің керек.
Сырға. Иә, Әшім, енді менің үмітім зорайды. Оған себепкер болған сен... және осы жазушы, Барсхан... (кітаптың мұқабасына қарап қойып) Шерхан... Міне осындай кітаптар біздің халыққа қажет-ақ. Рахмет саған. (кітапты көкірегіне басып дәрігерге тағзым еткендей еңкейеді)
Маша кіріп келеді. Оның қолында шприц.
Маша. (Әшімге) Сені Жанна Жапаровна өзіне шақырып жатыр.
Әшім кетеді. Маша Сырғаның қолындағы кітапты жұлып алып тумбочканың үстіне қоя салады.
Сырға. Маша! Саған не болған?!
Маша. Түк болған жоқ. Укол салу керек. (Сырғаның оған аяушылықпен қарап тұрғанын ұнатпай) Несіне қарайсың мүләйімсіп?
Сырға. Сені аяп кеттім.
Маша. Мынаны көре гөр! Бір аяғы осы дүниеде, екінші аяғы о дүниеде тұрғанына қарамастан мені аяймын дейді.
Сырға. Сонда да мен сені аяп тұрмын. Өйткені, сен осы дүниеде нық тұрсың... төрт аяқтап тұрсың.
Маша. Қайдағы төрт аяқ? Сандырақтап кеттің-ау! Былшылдамай уколыңды ал.
Маша жұлынып уколды қолының бар пәрменімен ұрып салады да Зиба апайға укол салуға кіріседі. Сырға жамбасының ауырғанын жасыра алмаса да оған қарап жымияды. Әшім келеді.
Әшім. Маша! Сен не – ерігіп жүрсің бе?
Маша. Кім ерігіп жүр? Мен ерігіп жүргем жоқ. Мен жұмысымды істеп жүрмін. (Әшімнің қолындағы журналға қарап қойып) Ол кейбіреулер, біресе кітап оқып, біресе журнал оқып ерігіп жүргені.
Әшім. Жанна Жапаровна мені шақырмапты ғой.
Маша. Қайдан білейін. Әйтеуір: «Әшім қайда жүр екен?» - деген. (шприцты урнаға тастай сала шығып кетеді)
Зиба апай. (басын шайқап қойып) Аллау! Бұл не деген қыз, ә?
Әшім. (апайға қарап күлімсірейді де Сырғаның керуетінің шетіне отырады) Мен саған жақсы жаңалық әкелгем, Сырға. Міне, мына медицина журналында бір мақала оқыдым.
Сырға. Не жөнінде?
Әшім. Қатерлі ісіктерді емдеуге қолданатын жаңа дәрі жөнінде. Міне, менің ұстазым профессор Ефимов соны жасап шығарыпты. (журналды ұсынады)
Сырға. (мақаланы көздерімен шолып өтіп басын көтереді) Ал сонда бұл дәріні бізге неге қолданбайды?
Әшім. Бұл дәрі әзірше тек зертханада жасалып шыққан екен. Ал оны науқастарға қолдану үшін, оларды емханалар мен дәріханаларға тарату үшін арнайы комиссия тексеруден өткізіп қабылдауы керек.
Сырға. (журналды қайтарып береді) Е-е, оны комиссия қашан қабылдайды? Сосын ол дәрі бізге қашан жетеді? Қысқасы, оған үміт артпаған жөн.
Әшім. Жоқ, Сырға, олай деме. Сабыр сақтап үмітіңді үзбесең бәрі мезгілімен болады.
Сырға. Мен сабыр еткелі жүздеген таң атып, жүздеген күн батты. Менің шыдамым мен үмітім сынға түскелі қашан! О, сен оны қайдан түсінерсің...
Әшім. Мен бәрін түсінемін, Сырға. Түсінгендіктен де, қайтсем де сол дәріні саған тауып әкелемін. Командировка сұрап алып, профессор Ефимовтың өзіне барамын. Қалай болғанда да үміт үзбеу керек.
Сырға. Мен үзбеймін ғой. Тек менің дертім ол дәрінің бізге жеткенін тосуға мұрсат бере ме?
Әшім. Сол үшін мен ертең сапарға аттанайын деп отырмын. Бір аптаның ішінде барып қайтамын ба деймін.
Сырға. Рахмет саған, Әшім. Сүйген жарымнан көрмеген жақсылықты сенен көрдім-ау. Ол мені ауырған соң қара шақа құрлы көрмей тастап кеткеннен кейін, енді мүлдем құрыған адам екенмін деп үрейім ұшып еді. Сен неткен қайырымды жан едің.
Әшім. Бұл менің жұмысым, Сырға. Менің міндетім, менің борышым. Ал күйеуіңнің опасыздығын кешіргенің жөн. Ол өзі не істегенін түсінбеген болар.
Сырға. Мен оны кешіре алмаймын. Түсінбейтін бала емес. Мен оны қарғадым, ол бәрібір оңбайды.
Әшім. Мұның дұрыс емес, Сырға. Мен бір жерде оқығам: кешірім жасай алмаған, біреуді қарғаған адамға сол қарғысының бір ұшы тиеді екен. Сондықтан кешірім жасау керек. Сенің күйеуің мүсәпір, оның жаны кемтар, оның санасы мен түйсігі жетілмеген, сондықтан оны аяған жөн.
Сырға дәрігерге мұңды көздерін көтереді де екеуі бір-біріне қарап тұр.
Әшім. (келіншектің екі қолын қысып тұрып) Сырға, мен саған уәде етемін. Сол дәріні қайтсем де саған әкеліп беремін.
Сырға. Жақсы, Әшім. Мен саған сенемін. Егер сен уәде етсең – орындайсың.
Музыка ойнайды да сахнада жарық сөнеді.
ЕКІНШІ ИНТЕРМЕДИЯ
Сахна қараңғылықта. Авансценада тұрған Әшім жарықтың сәулесінде. Ол телефон арқылы профессор Ефимовпен сөйлесіп тұр.
Әшім. Алло! Профессор Ефимов? (пауза) Сәлеметсіз бе, Семен Самойлович! Мен ғой мазаңызды алып тұрған, Әшім. Есіңізге түсірдіңіз бе кешегі шәкіртіңізді? (пауза) Иә, мен қазір перифериядағы емханадамын. (пауза) Менің сізге қоңырау шалып тұрған себебіме арқау болған сіздің мақалаңыз. Қайырлы болсын! Бұл зор жеңіс. (пауза) Иә, иә, әрине! Алайда, сол дәріңіз маған қажет болып тұр. Ауадай қажет. Одан да қажеттеу! (пауза) Көрдіңіз бе, Семен Самойлович, осында бір науқас келіншек жатыр. Екі аяғының параличы аздай оған қатерлі ісік қосылыпты. Параличпен күрес науқаны жақсы қарқынмен жүріп келеді. Ал қатерлі ісік ырқын беретін емес. (пауза) Иә, қолдан келгеннің бәрін істеп жатырмыз. Бірақ ісік қайтпай тұр. Ендігі тек сіздің жаңа дәріңізге үміт артамыз. Соның бір комплектін берсеңіз деп өтінемін. (пауза) Семен Самойлович, мен бәрін түсінемін. Бірақ ондай уақыт бізде жоқ. (пауза) Менің заңды-заңсызда шаруам аз! Адам баласын өлімнен арашалаудың барлық амалдары заңды болуға тиісті. (пауза) Әрине, тәртіптің аты тәртіп, ереженің аты ереже. Бірақ ережеден де тыс шығатын жағдайлар болады. Ондай жағдайды өзіңіз де басыңыздан кешірген шығарсыз. (пауза) Жоқ, Семен Самойлович! Мен комиссия емес, сізге, өзімнің ұстазыма сенемін. Ал сіз өзіңіз істеп шығарған дәріңізге сенуге тиістісіз. Өйтпегенде сіз журналға мақала жазбас едіңіз.
Пауза ұзаңқырап кетеді. Сірә профессор Ефимов ойланып қалып, сосын бір шешімге келген болар.
Әшім. (қуанып кетіп) Рахмет! Мың да бір алғысымды айтамын, Семен Самойлович! Сіз нағыз азамат екенсіз. Мен тез арада жетемін. Иә, иә бүгіннен қалмай жолға шығамын. Рахмет! Сау болыңыз.
Телефонды сөндіріп шығып кетеді.
АЛТЫНШЫ КӨРІНІС
Сол палата. Кітап оқып жатқан Сырға ішек-сілесі қатып күледі. Жолға шығуға дайын Әшім келеді.
Әшім. Бәрекелді! Бұл кітап көңіліңді көтерген екен.
Сырға. (күлкісін зорға тиып) Иә. Мұнда бір әңгіме күлкілі екен. «Нахал торғайлар».
Әшім. (ол да күліп жібереді) Ә, иә! Шақ-шақ, шыр-р!
Сырға. (күледі) Иә, иә! Шақ-шақ, шыр-р! Бұл жазушы, күлуді де, күлдіруді де біледі. Көптен осылай күлмеп едім.
Әшім. (әдеттегідей Сырғаның жанына отыра кетіп) Иә, Сырға. Алайда, күлкінің арғы жағында маңызды мәселе тұр. Ол қазақ зиалыларының тағдыры.
Сиырлар бұрынғыша мөңірейді,
Қойлар бұрынғыша маңырайды,
Есектер бұрынғыша ақырады,
Қораздар баяғыдай шақырады,
Иттер бұрынғыша үреді,
Жылқы кісінейді.
Тек қарлығаштар көрінбей кетті.
Наурызкөк көрінбей кетті.
Кәдімгі шымшық жоғалды.
Қараторғай сайрағанын қойды.
Көкек те көзден таса болды.
Есесіне айнала түгел – жауыз торғайлар... –
дейді жазушы.
Бұл Сталин заманында репрессияға ұшыраған қазақ зиялылары деп ойлаймын. Қарлығаштар – алашордалықтар. «Наурызкөк көрінбей кетті» дегені, «Сәкен көрінбей кетті» дегендей. «Шымшық жоғалды» дегені «Бейімбет жоғалды» дегендей. «Мағжан сайрағанын қойды, Тұрар, Мұртаза сияқты тектілер көзден таса болды» дегендей. «Есесіне айнала түгел – жауыз торғайлар» - ол осы зиялыларды құртқан шолақ белсенділер - Тасбет, Жуанқұлдар.
Ал келесі абзацта: «Құдайдың құдыреті шығар, сиырлар баяғысынша мөңіреп, қойлар маңырап, есектер ақырып, тауықтар шақырып жатқанда, адам байғұстың тілі лезде өзгеріп шыға келді. Өзгермеске лаж болмай қалды» - бұ жерде, империялық отаршылдық саясаттың нәтижесінде қазақ халқының ана тілін өзгертуден басқа лажы болмағанын меңзейді. Ол шын. Біздің қазақ басқа тілдерді игергенде алдына жан салмайды. Ал өз тілін, ана тілін лезде ұмытады.
Сырға. (күлкісін тиып) Ә, солай ма еді. Мен ше бұл әңгіменің күлкілі жағын ғана байқап, маңызды мәселеге назар аудармаппын. (кітапты кеудесіне қысып) Шынында да жақсы жазушы екен. (енді ғана Әшімнің киіміне назар аударып) Сен жол жүрмексің бе? Мына киімің...
Әшім. Иә, Сырға, сенімен қоштасуға келдім. Профессор Ефимовтан әлгі жаңа дәрісін алып келуге барамын. Мен жоқта жалғызсырама, уайым-мұңға берілмей көңіліңді көтеріңкі ұста. Жарай ма?
Сырға. Жақсы, Әшім, мен сөйтемін. Сонда да сені асыға күтемін. Уайым мұңға берілмеймін. Өйткені мен жалғыз емеспін. Менімен мына кітап бар, оны жазған жазушы бар.
Әшім. (Сырғаның қолын қысып) Иә, бұл жазушы ешкімді жалғызсыратпайды. (орнынан тұрып келіншектің қолын әлі жібермей тұрып) Ал, Сырға, қош сау кездескенше.
Сырға. Қош сау бол, Әшім. Жолың болсын.
Әшім. Әлей болсын.
Сырғаның қолын сүйіп шығып кетеді. Сырға кітапты көкірегіне қысқан бойы ол кеткен жаққа қарап отыр. Музыка ойнап жарық сөнеді.
ҮШІНШІ ИНТЕРМЕДИЯ
Авансценаға шаңғылық костюм киген, арқасына рюкзак ілген, қолында шаңғысы бар Әшім шығады. Оған қарсы Жанна Жапаровна кезігеді.
Жанна. Иә, Әшім, саған жол болсын. Осындай түтеген боранда шаңғы теппекпісің?
Әшім. Жоқ, Жанна Жапаровна. Теміржол стансасына жету керек. Мына боран басылатын емес. Автобус жүрмейді, аэропорт жабық. Енді тек стансаға жетіп пойызға отырмасам басқа амал жоқ.
Жанна. Ойбай-ау, мынадай боранда отыз шақырымдағы стансаға қалай жетпексің? Адасып, үсіп өлесің ғой!
Әшім. Біріншіден, Жанна Жапаровна, отыз шақырым емес, жиырма жеті. Екіншіден, студент кезімде шаңғы тебуден бірінші орын алып спорт шеберлігіне ие болғам. Үшіншіден, темір жол стансасына баратын жолдың бойымен барамын. Яғни, ол жол адастырмайды.
Жанна. Жо-жоқ! Мен сені жібермеймін. О не сасқаның?! Нендей асығыс сонша? Ертең күн ашылады, сонда автобуспен немесе ұшақпен облыс орталығына жетесің.
Әшім. Синоптиктердің болжауынша бұл циклон жақын арада басылмайды.
Жанна. Басылмаса бір басылар.
Әшім. Оны тосатын уақыт жоқ. Қатерлі ісік уақыт берейін деп тұрған жоқ. Әр күннің маңызды екенін сіз менсіз де білесіз.
Жанна. (дәрігерге тесірейіп қарап тұрып) Әрине, мен оны білемін. Бірақ, бұл сапарың өте қатерлі. Мына боранда стансаға жете алмай адасып үсіп өлсең не болмақ?
Әшім. Алла қаласа өлмеспін. Ал өліп қалсам... өліп қалсам жаным Сырғаның жанынан ардақ емес шығар.
Жанна. (сандарын бір-ақ соғады) Мынаны қараңдар! Әй, егер әр науқас үшін бір-бір дәрігерді құрбандыққа шала берсек не болмақпыз? Сен әлі олардың қаншасын емдеп шығарасың?! Қой, қарағым, мұның дұрыс емес.
Әшім. Мен тәуекел еттім, Жанна Жапаровна. Көрдіңіз бе, Сырға өмірімдегі бірінші науқасым. Оны емдей алмасам келесілері менен не хайыр күте алады?
Жанна. (үнсіз тұрып-тұрып қолын бір-ақ сермейді) Ә, не істесең оны істе! (Әшімнің жанынан өтіп кете барады; Әшім шығып кетісімен тоқтап оның кеткен жағына қарап тұрып) Жолың болсын, қарағым. Кім біледі – мүмкін сенікі жөн шығар. (ол да шығып кетеді)
ЖЕТІНШІ КӨРІНІС
Сол палата. Түн. Палата әлсіз көк түсті шамның жарығында. Зиба апай халсіз жағдайға түсіп қалыпты.
Сырға. (оның қырылдап жатқанын естіп айғайға салады) Әй! Әй! Кімің барсың? Дәрігерді шақырыңдар! Зиба апайға көмек керек! Әй!
Ешкім келмегесін төсегінен аяқтарын салбыратып түсе бергенде сылқ ете құлайды. Сонда да қолдарымен тырмысып еденмен жорғалап әлек.
Сырға. Әй! Кімің барсың? Көмекке келіңдер!
Маша жүгіріп келіп жоғарғы шамды жағады да жағдайды көріп кері жүгіріп кетеді. Сырға төсегіне сүйене отырады. Жанна Жапаровна келеді. Олардың соңында носилкалары бар санитарларды ертіп Маша қайтып келеді.
Маша. (бас дәрігерге қырылдап жатқан Зиба апайды көрсетіп) Міне... түнгі уколды салайын деп келсем қырылдап жатыр.
Жанна Жапаровна Зиба апайдың аузына дем беріп көреді. Маша укол салады. Санитарлар Сырғаны көтеріп төсегіне жатқызады. Ол басын көтеріп көрші керуетте болып жатқанға қарап отыр. Екі қолы жағасында.
Маша. (апайдың пульсын байқап) Жанна Жапаровна, пульс жоғалып кетті.
Жанна. (апайдың кеудесіне құлағын тосып, санитарларға) Дефибриллятор!
Әгілер дереу дефибриллятор береді. Жанна Жапаровна Зиба апайдың көкірегіне дефибриллятор қойып тоқтап қалған жүрегін қайта жіберемек болып біраз әлектенеді. Бірақ одан еш нәтиже шықпайды.
Жанна. (дефибриляторды Машаға қайтарып беріп аяғына тұрады да маңдайына шыққан теріні сыпырып тастап) Бәрі бекер. Жүрек мүлдем тоқтап қалды.
Маша. О, тәңірім!
Жанна. Не істей аласың? Қатерлі ісік дегенің осы.
Сырға. Не? Не болды? Зиба апай?..
Жанна. (бұрылып алақандарымен бетін сипайды) Зиба апай қайтыс болды. Иманды болсын. (санитарларға) Не ғып тұрсыңдар? Әкетіңдер мүрдені. (шығып кетеді)
Санитарлар апайдың мұрдесін носилкаға салып әкетеді. Олардың ісін бақылап отырған Сырғаның көздері шарасынан шығардай. Сонда да үміт үзгісі келмейді.
Сырға. (санитарлар мүрдені алып кеткесін еңіреп жылап жібереді) А-аһ! А-а!
Маша. Сырға, қой енді. Саған жылауға болмайды. Кәне, укол салайын.
Сырға. (медбикеге көнбей шалқасынан жатқан бойы) А-аһ! А-а! Ештеңе керек емес! Бәрі бекер! Жалған! Алданыш! Елес!
Маша шприцымен әрлі-берлі Сырғаны айналып, ол көнбегесін қолын сермей сала жүгіріп кетеді. Сырға бетін алақандарымен басып өксіп-өксіп жылап жатыр. Барсханды ертіп Айша келеді. Екеуінің де үстінде соғыс кезіндегі жұпыны киім. (Айшаның үстінде шинель) Айша керуеттің шетіне отырады да, Барсхан Сырғаның бас жағына тоқтап, оның иығын сипап тұр.
Айша. (Сырғаның алақандарын бетінен алып жасын сүртеді) Қой, Сырға қарағым, жылама. Көз жастан пайда болса мен-ақ көрер едім сол пайданы. Мықты бол. Сен әлі жассың, бар өмірің алда.
Сырға. Қайдағы өмір?! Жалған! Алданыш! Елес! Бекер, бос қиял! Бекер, бос әурешілік! Өңіңдегі түс.
Айша. Жоқ, олай деме. Ақырғы демің біткенше бұл өмір. Ақырғы демің біткенше бұл күрес.
Сырға. (жылауын тоқтатпай өкси береді) Жоқ! Бәрі бекер, бос арпалыс. Бәрібір бір күні Зиба апайдай мүрдемді санитарлар алып кетеді. Ертелі ме, кеш пе солай болады. Бәрі бос әурешілік! Жалған! Қиял! Елес!
Айша. (Сырғаның иықтарынан шап беріп сілкіп-сілкіп қалады, сонда науқас келіншек көз жасын тиып оған таңырқай қарайды) Қой мұныңды! Не деп долданып кеттің?! Мына Барсхандай бола алмадың ба? Бұл ғой алай-дүлей боранда от алып келемін деп үсіп өле жаздады. Сонда да арпалысып, өлімге берілмей шақпақ тас алып келді. Үйде қалған мына мені, қарындасы мен інісін суық ажалдан құтқарып қалды. Ал енді, мына сені құтқарам деп, боранмен арпалысып, шаңғыға тұрып стансаға кетіп бара жатқан Әшім ше? Оның да күресі бекер болғаны ма? Жо-оқ, Сырға! Олай болмайды. Осы дүниеге келдің бе – күрес! Ақырғы демің қалғанша күрес! Өзіңнің өмірің үшін күрес! Жаныңдағы жақының үшін күрес! Міне – бұл менің ұраным. Мына Барсханның ұраны. Әшімнің ұраны.
Сырға. (көз жасын сүртіп жатып) Кешіріңіз, Айша апай. Кешіріңіз. Бұл бір минуттық талықсу. Зиба апай... марқұмның жаны жаннатта болғыр, о кісі өте жақсы еді. О кісінінің мүрдесін алып кеткенде мен екінші рет жетім болып қалдым.
Айша. Әрине, бұл ащы өлім. Бірақ сен жетім емессің. Сенде Әшім бар. Мына Барсхан бар. (тумбочкада жатқан кітапты меңзеп) Міне, мына кітап бар. Сабыр ет те былжырамай өмірің үшін күрес. (тұрып, Барсханды ертіп кете барады)
Сырға. (олардың соңына) Иә, иә, Айша, сіз дұрыс айтасыз. Мен күресемін. Мен жалғыз емеспін.
Ол енді басын көтеріп отырады да телевизорды іске қосады. Тағы да Чайковскийдің балеті жүріп кетеді. Сырға көрпесін ысырып тастайды. Сосын ақырын-ақырын жылжып аяқтарын керуеттен салбыратып отырады. Бір қолымен керуеттің арқасынан ұстап алған. Екінші қолымен аяқтарын бірінен соң бірін жылжытып төмен түсіреді. Қол-аяқтары дір-дір етіп денесін төмен қарай жылжытады. Әуелі бір аяғының, сосын екінші аяғының ұштарын еденде жатқан төсенішке тіреп тұрмақшы болады. Бойын түзеп бір мезет балерина сияқты тұрады да аяқтары бүгіліп кетіп құлап түседі.
Сырға. Ах! (жатқан бойы) Әй! Кімің бар? Әй! Көмектесіңдер!
Ешкім келмейді.
Сырға. Әй! Кім бар? (айқайын тыйып тырмысып еденде отырады) Күреспей жатып екі қолымды көтеріп берілгенім қалай? Әшім мұнымды қолдамаушы еді. Жаңағы Айша мен Барсхан қолдамаушы еді. Былжырамай өмірің үшін күрес деді емес пе.
Енді ол төсекке қайтып шығу үшін әрекет жасайды. Жылжи, жылжи төсектің жақтауына жетеді. Одан бір қолымен ұстап екінші қолымен аяқтарын реттеп астына бүгіп тізерлеп отырады. Содан кейін екі қолмен жақтаудан тартынып, қалш-қалш етіп аяғына тұрады. Тағы бір ырғып төсекке отыра кетеді.
Сырға. Уһ! (аяқтарын сипап қойып, тістене) Жарайсың, Сырға! Берілме! Күрес! Ақырғы демің біткенше күрес.
Қолдарымен аяқтарын төсекке шығарып көрпемен жауып шалқасынан түсіп біраз дем алып жатады. Телевизорды сөндіреді. Кітапты алып оқи бастайды. Маша келеді.
Маша. Сен бе айқайлаған? Не боп қалды тағы? (төсеніштің жиырылып орнынан едәуір жерге жылжып кеткенін көріп, аң-таң тұрып қалыпты) Әй, мына төсенішке не жау тиген? Өзі мұның үстінде біреулер алысып-жұлысқандай, балуандар күрескендей апыр-топыры шығыпты ғой.
Сырға. Иә, дәл айттың. Солай болды да. Екі балуан арпалысып күресті.
Маша. (таңырқай) Екі балуан? Ол кімдер тағы?
Сырға. Адам мен дерт.
Маша. А-а... сонда кім...
Сырға. (жымияды) Әрине, адам жеңді!
Маша иықтарын қиқаң еткізіп, төсенішті жөндеп кетеді. Сырға оған күлімдеп қарап жатыр. Музыка ойнайды да жарық сөнеді.
СЕГІЗІНШІ КӨРІНІС
Сол палата. Телевизордан тағы да Чайковскийдің балеті жүріп жатыр. Сырға бір қолымен керуеттің арқасынан ұстаған бойы аяқтарын жерге түсіреді. Аяқтарының ұштарымен еденге нық тұрады да бойын түзейді. Бар күш-жігерін салып тұр. Сосын, бос қолын жайып аққулар биін билей бастайды. Аяқтарын ақырын-ақырын жылжытып әрлі-берлі бір-бір адымдап тұр. Үстіне ақ халат киген, қолында шағын шабадан ұстаған Әшім кіріп келеді. Келе сала Сырғаға қараған бойы тұрып қалады. Оның екі беті үсіктен қарайып кетіпті.
Сырға. (музыка ритмімен ыңылдап бос қолын жайып билеп тұр) Ла-ла-ла-ла-ла-ла-ла-ла, ла-ла-ла-ла-ла-ла-ла-ла, ла-ла-ла-ла-ла-а! (Әшімді көзі шалып қалып) Әшім!
Екі қолын жайып жіберіп, балеринаның жүрісімен аяқтарының ұшымен жігітке қарай ұмтылады. Үш-төрт рет басып үлгірген оның аяқтары бүгіліп кетіп құлап бара жатқанда оған қарсы ұмтылған Әшім құшақтай алады.
Сырға. Әшім!
Әшім. Сырға! (оның аяқтарына қарап қойып) Қайырлы болсын, Сырға. Аяғыңа тұрыпсың ғой.
Сырға. Иә, билеп жүрмін. Кішкентай аққулар биін биледім. (жігіттің мойнынан қапсыра ұстаған бойы оның көздерінен көздерін айырмай) Ат көлігің аман келдің бе?
Әшім. Иә, аман-есен жеттім. Олжалы келдім. Профессор Ефимовтың жаңа дәрісін әкелдім.
Сырға. Мен оған еш күмәнданбап едім. Мен саған сендім. (жігіттің қарайып кеткен беттеріне саусақтарының ұштарын тигізіп) Екі бетіңе не болған? Үсіріп алғанбысың?
Әшім. Ә, иә, сәл домбығып кеткен. Осыннан темір жол стансасына жеткенше жел қарсы болды. Ештеңе етпейді... (Сырға оның үсіген беттерін сүйе бастайды) ештеңе... ештеңе... етпейді...
Сырға. (Зиба апай жатқан керуетке қарап қойып) Зиба апай қайтыс болды...
Әшім. Жаны жаннатта болсын. Жақсы кісі еді.
Сырға. Сен осында болсаң о кісі өлмес еді.
Әшім. Жоқ, Сырға, апайдың дерті тым асқынып кеткен. Операция нәтиже бермеді. Ал, о сенің көңіліңді аулап білдірмеді. Қандай төзімділік десеңші!
Сырға. Әшім. Мен бұрын ойлайтынмын... біздің адамдар сондай қазымыр, топас деп. Сөйтсем көбісі жақсы адамдар екен. Міне сен. Палатаға кіруің мұң екен, күн сәулесінің шапағаты төгілді де кетті. Зиба апай марқұм солай дейтұғын. Сөйтсем, онысы шын екен.
Сырғаның екі көзінен жас сорғалай бастайды. Әшім оларды сүйіп жатыр. Ақыры ерніне ернін тигізеді. Сырға оның мойнынан құшақтаған бойы екеуі ұзақ сүйіседі. Осының үстіне, бір қолында көкөніс-жеміс салған пакет, екінші қолына гүл шоғын ұстаған Сейсен келеді. Сүйісіп тұрған Әшім мен Сырғаны көріп ол ыңғайсызданып қалады. Не кетерін, не қаларын білмей дағдарады.
Сейсен. (жұдырығына жөтеліп) Ы-хым! Ы-хым!
Сырға. (оған қарайды да) Бұ кім?
Сейсен. Мен ғой, Сырға. Міне... келдім.
Сырға. (Сейсенге бұрылып қараған Әшімге) Сен мына кісіні білесің бе?
Әшім. Жоқ. Бірақ... бір жерде көрген сияқтымын. (Сейсенге) Сіз әлгі финагент емессіз бе? Салық төлемедің деп Айшадан бір шиша арақ сұраған.
Сейсен. Жоқ, мен финагент емеспін. Ұмыттыңыз ба...
Сырға. А-а! Әшім, меніңше бұл бригадир Тасбет. Иә, дәл өзі.
Сейсен. Қайдағы бригадир, Сырға? Мен Сейсенмін ғой! Шынында да танымай тұрмысың?
Сырға. Сейсен? (иықтарын қиқаң еткізіп, Әшімге) Сен Сейсен деген адамды білесің бе?
Әшім. Білмеймін.
Сырға. Мен де білмеймін. (Сейсенге) Меніңше, сіз палаталарды шатастырып алғансыз-ау деймін. Бұл палатада сізді тосып отырған ешкім жоқ.
Әшім екеуі бір-біріне қарайды да күліп жібереді. Сосын күлкілерін тиып тағы да сүйіседі. Сейсен не істерін білмей бір орнында тұрып-тұрып, ақыры шығып кетеді.
Шымылдық