Бекет заңы
Бірінші бөлім
Бояп қойғандай қалың қара шашты жігіт маңқиған маңғаз фортепианоның тарам-тарам ақ тілшіктеріне еңкейе төнген басын шалт көтеріп, қара қастары әнтек дір етті. Тапал бойлы, шүңірек көз, құс мұрынды оқытушы Бычков қолын жылдам көтеріп:
- Тоқтат! – деді. – Тоқтат! Мен саған өткен жолы да айтқанмын, мұндай музыкаға жолаушы болма деп. Маған генийдің керегі жоқ, студент керек. Неге мені тыңдамайсың?!.
- Жолаушы болма дейсіз бе?- Халелдің қастары қайта дірілдеп кетті.-Қалай жоламаймын? Сіз әкеңізге, шешеңізге, өзіңізден туған бала-шағаңызға жоламайсыз ба?
Үстіне қап-қара фрак киген оқытушы Бычков аңырып тұрып қалды. Халел сүйрік саусақтай тарам-тарам клавиштерге алақанын басқан күйі отырып қалды. Шәкірт пен ұстаз енді бір сәт көзбен арбасып, шыбынның ызыңы естілер меңіреу үнсіздік орнады да, Халел иығы бүлкілдеп, “Дала” симфониясын қайта құйқылжыта жөнелді. Қырындай тұрып, терезеге үңіле қараған Бычков шалт бұрылып фрагінің түймесін түгел ағытып тастап:
- Тоқта!-деді.- Сендер боссыңдар,- деп түкпіргі бөлмдегі зілдей баянды қайыс белбеумен иықтарына асынып, тышқанкөз клавиштеріне саусақ ұшын тигізіп тұрған шәкірттері бұрылды. – Сен Халел Мұңайтпасов, қал, сөйлесейік.
Баян-сырнайды қорабына салып, құлыптап тастап, қазымыр ұстаздан құтылғанына қуанғандай боп, шәкірттер қызыл еденді еппен басып кете берді. Халел маңғаз фортепианоның қолын сүйеген күйі қалды.
- Қане, Мұңайтпасов, қайта тартшы симфонияңды.
Халел өзінше “Дала” деп атаған музыкасын тарам-тарам боп саусақ күтіп керіліп жатқан клавиштерді дәл тауып басып, құйқылжыта жөнелді. Жауырыны бүлкілдеп, сәл еңкейе түсіп, басқан сайын сезімтал клавиштер ән тілінде сөйлеп жатыр, күмбірлеп жатыр. Ақ клавиштерден ақ сызықтар көлбей ұшып барады, бұл – өзінің туған ауылы Матайы мен соғыстан жарымжан боп келіп, көз жұмған әкесі, төркін жұрты Батыс Белоруссия жақта қалған шешесі еді. Жігіт бас алмай ойнап отыр. Маңдайынан моншақ-моншақ тер шықты. Бір мезет қара фрагі делеңдеген Бычков оң қолын көтерді де:
- Шаршадың ба? – деді.
- Жоқ, шаршағам жоқ.
- Ақыры... шаршайсың. Өзіңді өзің шаршатпа. Сынақтан өтемін десең, мұндай музыка жазушы болма. Музыкада авангардтық стиль бар. Сол стиль- сенің жолбасшың. Бұл – примитивный дүние. Жабайы боп кетесің.
Ұстазы шәкіртім не деп екен дегендей үнсіз қалды. Халел күйсандыққа қайта сүйеп, “Сонда” дей беріп еді:
- Тоқтат,- деді Бычков.- Саған сынақтан өту керек.
- Сонда,- деп ерін ұшында қалған сөзін жалғастырды, - қазақша өз тілімізде жазсақ примитивный болғаны ма? Қойыртпақ космополиттік музыка жазсақ, авангардтық стиль болғаны ма?
- Халел, Халелчик,- деді Бычков екі бетінің ұшы қызарып, - олай деме. Консерваторияның алдында “Өнер - халықтікі” деген жазу ілулі тұр. Түнде қып-қызыл боп жанып, өзіне шақырып тұрады. Өнер – әркімнің өзінікі. Бірақ сенің жазғаның, екеумізге де түсінікті болсын. Екеумізге түсінікті болса ғана ол музыка бола алады.
- Музыка тілі ортақ емес пе. Сіз Бычковтың да, Мұңайтпасовтың да тілін тап деп тұрсыз ғой.
Оқытушы екі бетінің ұшы қып-қызыл боп дуылдап, абдырап қалды.
- Келесі жолы дайындалып кел.
- Келмейтін шығармын.
- Халелчик, ондай сөзді қой.
Жиырма жасар жігіт фортепияноның отыз екі клавишын көзбен ұзатып сап, ұстай-ұстай әбден көнерген қақпағын жауып аудиториядан шыға берді. Шығып бара жатып оқытушымен қоштаспады. Ол қара фрагінің түймесін біртіндеп салып, жылдам басып бара жатқан жігіттің қақпақтай жауырына, қарап аңтарылып қала берді. “Жауырыны да даладай екен өзінің”.
Халел сыртқы есіктен шыққанда консерваторияның маңдайшасындағы “Өнер – халықтікі” деген жазу көзге күңгірт тартып көрініп тұр еді, ол жарқырап жану үшін кеш түсіп ымырт жабылуы керек. Бұл – тек қараңғыда ғана маңдайы жарқырайтын жазу.
Халел қолға ұстап шыққан баян-сырнайын ауырсына көтеріп, консерваториядан алыстай берді. Өзі тұрып жатқан жалдамалы пәтерге бұрылмай, туған тете әпкесіне тартты. “Күлтайдың пәтеріне барсам ба екен. Қойшы, онымен сөйлесетін де көңіл-күй жоқ” деп көңілінің тізгінін тартты. Тұңғиық ой кешкен ол Коммунистік пропектіні жағалап отырып, жолай Жазушылар Одағының алдынан өтті. “Осындағы Олжас ақынға кіріп, бәрін айтсам ба екен. Жоқ, тезірек әпкемдікіне барайын...”
- Осы, әпке, Нұрғиса да, Шәмші де, Әсет те консерваторияны бітірмеген ғой, - деді есіктен кірген бетте дабырлай сөйлеп.
- Тағы не бүлдірейін деп жүрсің?
- Жоқ, әшейін, бітіретін училищемді бітірдім. Осы консерваторияның маған берері аз сияқты. Авангардтық стильде музыка жаз дейді. Біздің Матайта “Авангард” деген совхоз бар еді ғой. Соны енді түсіне бастағандаймын.
- Иә, ол не екен?
- Ол – ұлттық музыка жазбау, саптың ең алдында жүру.
- Өзің біл. Консерваторияға зорлап түсірген жоқпын. – Әпкесі сөйлеп жүріп, майы көлкілдеген кеспе көжені алдына қойды. – Оқымағанда не істейін деп едің?
- Әскерге барамын. “Армия – өмір мектебі” деп жүр ғой.
- Газет не демейді. Өзің біл. Біздің айтқанымызды істеген кезің бар ма сенің. Тек мамамның жүрегін ауыртып алма.
- Мамама айтып, түсіндіремін ғой.
Одан әрі бір ананың құрсағынан шыққан екеудің арасында сөз болған жоқ.
* * *
- Білемін, аты-жөнің алдымда жазулы тұр, творчестволық пәннен үлгере алмағансың.- Институт ректоры, белгілі композитор Құрманова күнде бір парақтан аударып тастап отырған күнпараққа көзілдірігін кие үңілді.-Қара тізімде тұрсың. Бұл – ең негізгі сабақ. Біздің қазақ балалары оқуға түседі де, үлгіре алмайды.
- Апай, мен үлгере алмай отырған жоқпын.
- Енді. факультет деканы өтірік айтады ма?
- Апай, сіз Москва консерваториясынын бітірген атақты композиторсыз. Шәмші, Әсет, Ескендірлер Москваны да, Алматыны да бітірмей-ақ ән жазып жүр ғой.
Ректор әйел түймедей дөп-дөңгелек көзілдіріктің ар жағынан көзі жасаурай қарады. Тіл қатып, сөйлей алмады. Жиырма жасар шәкіртінен естіген сөз көкірегі әуенге толы ақкөңіл сазгерді әжептәуір әбіржітіп тастады.
- Шәмші, Әсет, Ескен. Олар...
- Мен де солардай боламын.
- Бол. бол
- Арызыма қол қойып беріңіз.
- Онсыз да біз сені отчислениеге дайындап отырмыз.- Тілдей ақ қағазға қолы дір-дір етіп, бір-екі ауыз сөз жазды да: - Учебный частьқа өзің апарып бер,-деді. Сосын: - Ал, Мұңайтпасов, енді не істейсің? – деді қаймақтай жұқа ерні икемге келмей дір-дір етіп.
- Отан қорғаймын.
- Қорға.. қорға...
- Сау болыңыз!
Халел бір күнде екі өтініш жазды. Өтінішіне қол қойдырып алып, өзі тұратын Калинин аудандық әскери комиссариатына келіп, әскер қатарына алуға тілек білдірді.
- Молодщина,- деп қарсы алды әскери комиссар.- Бізге сендердей жігіттер керек. Әлі композитор боласың. Азаматтық міндетіңді өтеп ал. Біз набор толтыра алмай жанымыз шығады. Мен осында военком болғалы өз еркімен әскерге сұранып келіп отырған бірінші адамсың. Онда музыкамен де айналысуға мүмкіндік бар. Ленин бөлмесі бар. Бірінші, екінші майды өткіз, жақсылап қыдыр, үшінші май күнгі отправкамен жібереміз. Ракетчик боласың.
Халелдің көзі отша жайнап, тұлабойы ысып кетті. “Ракетчик” деген сөз өзін де ракетадай аспанға атқалы тұрғандай көрінді де, “Совет Одағына қызмет етемін!” – деді.
- Молодщина, дайын солдат, - деп майор күректей алақанын ұсынды.
Халел автобусқа апұл-ғұпыл отырып, сүйген қызы Күлтайдың пәтеріне тартты. Тезірек барып, оқудан шыққанын, енді әскерге кетпекші болғанын айтпақшы.
“Күлтай осының бәріне қуанады дейсің бе, қайта жылап-сықтап, ботадай боздамаса... Жоқ, Күлтай олай етпейді, ақылды, қайсар ғой.” Жолай гастрономға кіріп, қалтасын томпитқан әжептәуір ақшаны шетінен кертіп, бір “Советское шампанское”, бір қорап шоколад алды. Қалтасын томпитқан көп ақшаның қайнары – бір жеті бұрын вокзалда жүк түсірген, кәдімгі қаудырлақ сары қағаздағы бір қабы елу кілә тартқан зілдей тыңайтқышты машинаға тиеген. Еңбегінің жүз жиырма сом өтеуін кеше алды. Онда да қабақ түйіп, көз шатынауымен ғана қол жеткізді. Әйтпесе, иығы жаншылып түсірген бір вагон жүкке жетпіс сом жазыпты.
- Студентсің бе? – деді қолына тұқыл қалам, сары қағаз ұстаған біреу.
- Иә.
- Болды, түсіре бер...
- Студентке аз ақша емес, - дейді телпекті сары жетпіс сомды санап тұрып.
- Сіз маған политэкономияның заңы бойынша еңбектің құнын төлеңіз, заплатите стоимость труда, - деді орысша қайырып. – Я знаю стоимость каждого вагона.
Телпекті сары сасқанын сездірмей ішке кіріп кетті.
- Саған жүз жиырма сом жазыпты, - деді қайта шығып.
“Ыңғайы келіңкіреп тұр”. Ақшаны санап алғанда телпекті сары ескерткіштей сілейіп қарап қалды.
“Неге менің жолым ылғи керісуден тұрады. Керіссіз ештеңеге де қол жеткізе алмаймын. Жетіп жатқаным да шамалы. Неге менің жолым сондай ауыр?” Көп ақшаға көңілі масаттанбай, бекеттен кері қайтты...
Аптықса да, ақырын ғана Күлтайдың пәтерінің есігін қақты.
Дөңгелек жүзді, бетінде сәл бұжыр дағы бар қалың ерінді, қалың қара шашы маңдайын жапқан қыз есікті ашты да:
- Қайда жүрсің-ей жоғалып кеттің ғой, - деді өзімсігендей даусын
- Жоғалсам, табылдым. Үшінші май күні әскерге аттанамын.
- Оқу ше?
- Оқумен қоштастым.
Күлтайдың қараторы өңі күреңітіп кетті.
- Не болды сонша, тыныштық па?
- Тыныштық бәрі өз еркіммен. Екі жыл деген не, өтеді де кетеді, өмір көріп қайтамын, - дей бергенде, төрде ілулі тұрған қылқобызға түсті. – Қобыздың екі ішекті нәрсе сияқты ғой.
- Қобыздың ішегі үшеу.
- Үшіншісіде болады. Ертең Бірінші Майды жақсылап қарсы алайық, - деп шампан мен шоколадқа қол созды.
- Шәй қояйын.
Күлтай консерваторияның ұлт аспаптар факультетінде оқиды. Екі қыз пәтер жалдап бірге тұрып жатыр. Күн батуға тақады, құрбы қызы әлі жоқ, сұрап еді, “Бүгін келмейді, әпкесінің үйіне кетті”, - деді.
“Онда...” – деп Халел бір нәрсеге белін бекем буып, жан-жүрегіндегі бар жақсы ниетін Күлтайдың алдында жайып салып, жария еткісі келді. Сары шашты көккөз қожайынның тар лашығы осы бір сәт өзіне хан сарайындай көрініп кетті.
- Ертең сені өз пәтеріме көшіремін. Менің атымдағы үй ғой, артық ақшаңды қалтаңа салып, тегін тұрасың. Сондағы қағаздарыма, қолжазбаларыма, кітаптарыма ие бол. Көзіңнің қарашағындай сақта. – Халел қою түн көз байлағаннан кейін ыңыршағы айналған көтерем сиырдай сай-сүйегі сықырлаған темір кереуетте қатар жатқанда осылай деді. – Қобызыңды дәл осылай төріне іліп қоясың. Ол біз екеуіміздің киеміз болады.
- Сенің сөзіңе түсінбей-ақ қойдым, Халел. Біресе кие дейсің, біресе әскер дейсің.
- Адамның бір сыйынатын киесі болады. Мен кеше военкоматтан білдім, бізді Төретамға апарды дейді. Дәл сол жерде Қорқыт баба жатыр. Қобызын тартып, ажалдан қашып, ақыры, бұ дүниенің мәңгілік емес екендігіне көзі жетіп, қапаланып, жар жағасында отырғанда жылан шағып өлтірген. Біздің киеміз – осы Қорқыт бабаның қобызы.
- Білмейтінің де, айтпайтының да жоқ-ау сенің.
- Айман екеуің осы үйде тұрғандай тұрасыңдар. Әлі – ақ жайраңдап отпускіге келемін.
- Қанша уақытта?
- Бір жылдан кейін шығар.
- Екі жылда екі келесің ғой сонда?..
Екі жыл – жиырма төрт айдың сыйлар сыйын көз алдына әкеліп, әңгімелесіп жатқан Халел аударылып түсіп, болашақ жарының дүрдиіңкі қалың ернінен құшырлана сүйді.
Төрдегі қобыздың үшінші қылы дың-ң ете қалды...
* * *
Халел бекетті жастайынан жаны сүйетін, қайда жүрсе де өзі ойнап өскен Матай бекеті көз алдында. Бекетке кірсе тұлабойы шымырлап қоя береді; жолға шығарда, жолдан қайтқанда бекетке табаны тигенде өмірдің маңдайы жарқыраған көш-керуені осы жерден басталатындай көрінетін; бала күнінде қара түтінін будақтатып, алыстан тартылған қос темірді зірк-зірк жаншып, болат жолдың әбден ысылған қайқы төсін қаймықпай сүйген парауызды көргенде тұлабойынан бір сиқырлы әуен желдей есіп, жүйткіп қоя беретін. Бірақ, бұ жолы бала күнгі қап-қара көмір парауыз емес, әсем вагондары сап түзеген кәдімгі жолаушылар пойызына шығарып салу үшін Күлтай мен әпкесі Әсия бекетке келген. Командирінен сұранып, топтан бөлінген Халел бүгін үшінші май екенін жолға шығайын деп тұрып тағы бір еске алды. Бұл күні Сталинградтан мүгедек боп келген әкесі өмірден аттанған. Сол күні, әкесін жерлеп келген күні кешке, ымырт қараңғысында:
Үшінші май
Әкем менің аттанды.
Қайда, қайда?
Ұғынарсың жүрекпен.
Дүниеде отыз үш жыл баптанды,
Соңғы үш жылда зар жылап
Қарсы алатын ақ таңды.
Жаймашуақ болғанмен
Бұл күн маған қаралы.
Ыза менен у қиял баурап алған сананы.
Қараңдаршы, Адамдар,
Қалып барам артында.
Дүниеден бас сыншым
Әкем кетіп барады,-
деп, өз ойын өлең ғып ақ қағазға түсірген. Оны аудандық газет сол күйі жариялап жіберді. “Үшінші май күні енді алыс жолға өзім аттанып барамын...”
Бұл күн ересек, естияр, бірақ әрнені есінде сақтай бермейтін әпкесі Әсияның есінде жоқ. Күлтай екі түнгі шала ұйқыдан көздері кіртиіп, қол ұстасып бірге жүрген жігітін аяқ астынан алыс жолға аттандырып салатынына сенер-сенбесін білмей, өң мен түстің арасындағы өлара көңіл-күйде тұр.
Шойын жолмен іркес-тіркес вагондар келе бастады.
- Постройтесь в одну шеренгу!
- Енді терезеден қоштасамыз. Мен кеттім!
Халел әпкесінің бетінен өпті де, Күлтайға келгенде иба сақтап тұрып қалды.
Бекеттегі бір қоштасу мен қауышу жер бетіндегі екі аяқты пенде Халелдің де еншісіне тиді. Дүрсілдеп келген вагон тоқтап, қоржындарын иықтаған көкөрім жігіттер біртіндеп ішке ене бастады. Пойыз жүріп кеткенше екеуі Халелді, Халел екеуін көре алмады.
Бекеттің осындай заңы бар.
* * *
- Кілең қаракөздер, мен жаққа шығыңдар!
Халел қою түнді қақ жара айқайлады. Дәл осылай жеті түнде дауыс көтеремін деп ойламап еді, түнгі ұйқыға жатқан кезде: “Сабалақовты стариктер дүрелеп жатыр”, - деді қасына ентігіп келген Қадырсызов. Атып тұрып, апыл-ғұпыл етігін сұқты да, жиналып қалған оншақты солдаттың қасына ентелей жетіп, қайыс белбеуді қолына шиырлап алған ертең-бүрсүгіні қайтқалы тұрған Кандаловты өңменінен итеріп жіберді. Шыдай алмады, көзіне қан толып кетті. Кандалов шалқасынан түсіп, бес жұлдызында қан жолағы қалған қайыс белбеу алақанында қып-қызыл боп шұбатылып қала берді. Анадан жаңа туғандай тыр жалаңаш тұрған Сабалақовқа да қол жұмсағысы келіп жақын келді де, мүләйімсіген түрін көріп, өзін-өзі тежеді.
- Сорлы, бар, киініп кел де төбелеске дайындал!
Түнгі ұйқыға жатып қалған солдаттар біртіндеп жинала бастады.
- Кілең қаракөздер, менің жағыма шығыңдар!
Өткен жолы да дәл осылай болған еді. Осы Кандалов бір қазаққа өзінің орнына әжетхана тазалауға барасың депті. Анау қарсылық білдірсе, бұл қайыс белбеуді шиырлап алып бастан ұрыпты. Оны жазалап жатқан ешкім жоқ, сол күйі “жабулы қазан жабулы” қалды.
Сабалақов киініп, мұрнын тартып, қасына келіп еді:
- Қай жеріңнен ұрды? – деді.
- Артымнан.
- Неше рет ұрды?
- Алтыншысында өзің келіп қалдың.
- Сорлы, төбелеске дайындал!
Сары шашты орыс жігіттері езуінен қан аққан Кандаловты орнынан тұрғызып, жуындыруға алып кетті. Бәрі де бір айдан кейін үйіне қайтады, бәрінің кеудесінде бір-бір қаптан желі бар. Құмды өлке – Төретамдағы ракета құрастыратын әскери құрылыс батальонына келген ең соңғы лекте сан жағынан қазақ жігіттері басым. Біразы қаладан. Мынау артына алты дүркін дүре соғылып, құйрығы күлдіреген Сабалақов – Семейден. Әскерге сурет училищесінен алынған. Қайтатындардың дені Москва облысыныкі, бірін-бірі “москвич” деп шақырады. Үш айдан бері бұларға қойған аттары – “калбит” пен “қаракөтен”. Осыны естіген сайын Халелдің жүрегіне ине сұққандай болатын, бүгін сол жүректі сыздатқан сыздауықтың жарылар сәті келіп тұрғандай.
Кандаловты жуындырып келген жігіттер аяқтарына етігін киіп, белдерін буынып, бұны қоршап тұра қалды.
- Кілең қаракөздер, менің жағыма шығыңдар!
Сыбаға жеген Сабалақов та, басқалары да екі жыл құмды өлкеде табанының ізі былшиып қалған мәскеулік жігіттерден именсе де, Халелдің алды-артына жақындай түсті. Бірақ бұлардың Кенесарысы қоршауда – жылтыраған керзі етік киіп, бес жұлдызды белдік тағынып, Мәскеуге деген сағынышымен қоса, қайтар кезде қан аңсап ұйлығып жүргендердің қоршауында қалды. Қайдан шыққаны белгісіз, әлгі Кандалов та қайта тіріліп, қаракөлеңкеде қатарға қосылып қалыпты. Халел бір ұрты ісіңкі, быртық бет домбал жігітке бір, әлі есін жия алмай жұмсақ жері удай ашып тұрған Сабалақовқа бір қарады да атылып барып Кандаловты бастан бір пергенде, анау шалқалып, кері адымдап кетіп, көп қол жауырынын жерге тигізбей қалқалап ұстап қалды. Көп қол бұған да жауып кетті. Мүләйімсіп тұрған жаңа келген жуастар да, негізінен, оңтүстік пен шығыстың жігіттері, ашық айқасқа көшті, дәл бір баяғының батырларындай қылышсыз, найзасыз, садақсыз, соғысқан ашық айқас, қолма-қол жекпе-жек басталды. Мәскеулік жігіттер ә дегеннен белдіктерін шешіп, қолға орап алды, сыртқа шығарып жіберген гимнастеркаларды әйелдің етегіндей делең-делең етеді. “Өй, әкеңнің!” деген дауысты құлағы шалды. Бұл – қызылордалық Әбдіқадыров Таңсықбайдың ашынған үні, жұмыс бөшкедей нән жігіт табанда бір мәскеулікті тұмсықтан ұрып, белдігін тартып алды.
- Таңсықбай, таста біреудің белдігін. Ұрсаң, қолмен ұр!
Халелдің даусын естіп қалған ол:
- Мына қаладан келген әкеңнің аузын... дар қашып барады,- деді.
Сонда бір шоғыр боп, өздерін қалалықпыз деп биік санап жүретін қазақ жігіттерінің казармаға қарай зымырап бара жатқанын көзі шалды. “Тілі бөлектің діні де бөлек” деген бір ой Халелдің мыйын шағып алды.
Артынан келген біреу темір тектес ауыр затпен арт еткізіп басына қойып жіберді. Сол сәт “Прекратить!” деген комбаттың ақырған даусы шықты. Шоқпарсыз, найзасыз, семсерсіз, тек анда-санда жарқ ете қалған бес жұлдызды белдік араласқан төбелес көзді ашып-жұмғанша сап тыйылып, бәрі жапа-тармағай қаша жөнелді.
Әскерде қоқан-лоққы көрсеткен тексіз төбелес үшін жазаламайды, әсіресе, кеше сүт ауызды екі жыл Отан қорғап, сағыныштан қанына қарайған жауынгер таяқтап жатса, командир көрсе де көрмеген болады, бұл – казарманың ішкі заңы, ал “баран”, “калбит”,“қаракөтен ” – сол командирлерден қалған “аталы” сөз, өйткені, бұл жерде ондай сөзге цензура жоқ, шам алып іздесең де ешкімді тауып жазалай алмайсың.
Халел жатар орнына келді. Басына ауыр соққы тисе де, көңілі сабасына түсіп, иығындағы ауыр жүкті аударып тастағандай, жараның сыздауы жанын ауыртып тұрған жоқ. Қасындағы Сабалақов еліріп:
- Комбат келмегенде әкелерін танытар едік,- деді.
- Артыңды қысып, ұйықта. Сен сүміреймей жүрсең, осы төбелес тұтанбас еді.
Сабалақ баласы басылып қалды да, жамыла-жамыла жұқарып кеткен көне одеялмен басын бүркеді.
Халел ұйықтай алмады. “Япыр-ау, қалалық , алматылық жігіттердің бірге болмай, бас сауғалап қашқаны ма? Орысшаны дұрыс сөйлемейсіңдер деп бізге күліп жүруші еді. Орысшаға судай болғаныныңның не керегі бар, қанына тартпай қара басының қамын ойлап қашып кетсе? Менің шешем белорусь болса да, орысшаны дұрыс сөйлей алмаймын, өйткені әкем қазақ, өскен ортам қазақ. Мен түгілі шешем де білетін бар белорусшасы мен орысшасын ұмытқан”. Халел бір нәрсені іздеп, бір нәрсенің түбіне жете алмай жатыр, бір сабақты жіптің басынан ұстап, түйінін табам деп қиялмен ілбіп келеді. Басы мен қарақұсы да сыздап ауыра бастады, “белдіктен гөрі ауырлау затпен ұрған не де болса. Мейлі, “бас жарылса да – бөрік ішінде...”
Таңертеңгі сап түзеуде көзі көгеріп, ұрты іскен, беті жырылып, желімқағаз жапсырып жарасын жасырған төбелесқұмарларды көріп, Халелдің басының ауырғаны сап тыйылғандай болды. Тіпті, ескі гимнастеркасының жағасы жыртылып, жалба-жұлба боп тұрған бір-екі жігітті де көріп қалды. Ортада кескен теректей ұп-ұзын боп бәрінің төбесінен төніп Таңсықпай тұр. Кеше келген жас жауынгерлер ширақ, күндегідей емес, иықтарынан зіл түскендей өздерін жеңіл сезінеді. Анау ортадан Кандаловты көре алмады. “Сол өш аламын деп өшкен отты қайта бықсытып жүрмесе... Бұлардан аярлықтың сан атасы шығады”. Халел сырт түр-тұлғалары тап-таза, тек өмірі киіп көрмеген керзі етік аяқтарын қажап жүрген, бір бөлек боп ошарылып тұрған алматылық қазақ жігіттеріне бір қарады, солардың біреуі таңертең сап түзер алдында, кеше төбелес бастаған Кандаловтың темекісіне шырпы тұтатып тұрғанын көргенде іші тағы да удай ашыды. Сонан кейін әлгі топ мәскеулік-алматылық болып темекіні бұрқыратып, далалықтарға ежірейе қарап, іштей сөгіп, сырттай қоразданып тұрды. Сол сәт Халел тағы да жоғын іздегендей бір нәрсені есіне түсіре алмады. Кітаптан оқығаны ма, кинодан көргені ме, бір көрініс – бір бейнені таппай қиналды.
- Вчера был такой бой, это первая попытка, дальше посмотрим,- деп рота командирі солдаттарды бұрып алды да, күндегі дағдымен жұмысқа – ракета бөлшектерін құрастырып, оны көк аспанға аттандыратын орынды қазып, құм күреуге алып кетті.
* * *
Кешқұрым. Түнгі ұйқы алдында екі жақ та тым-тырыс. Әдетте, мұндай төбелестен кейін бұ жердің ескі қожайындары қарымта қайтарып, кек алу керек болатын. Екі жақтан да шығын жоқ, бірақ кеше келген түбіт мұрттар аз жүрсе де көп жүргендей көлденең ерлік жасады. Енді есесі кеткен “ақсақалдар” жұдырықтасып жеңе алмасын білгесін, көзден таса қараңғыда жабылып, әйелдік ерлікке баратын сыңайлы.
- Әжетханаға жалғыз бармаңдар. Топталып жүріңдер. Сабалақов, әсіресе, сен. Сен отқа май құюға дайын тұрасың, тұтануға дайын тұрған қу шөптей-ақ...
- Құп болады, жолдас қатардағы Мұңайтпасов! Мен оларға енді тиіссе сазайын тартқызбай қоймаймын!- деп шешініп жата бергенде, қарақотырлана бастаған жұмсақ жерін бір сипап қойды.
- Взод встать!
- Вольно!
Взвод командирі: “Мұңайтпасов, ко мне!”- деп шақырды. Халел “бұл дауыл алдындағы тыныштықтың бүтіндей бұзылуы” деп ойлап, киініп, жас лейтенант Власовтың алдына келді.
- Рядовому Мунайтпасову объявляю три наряда внеочереди!
- За что, товарищ лейтенант!
- Молчать! Объявляю три наряда! Приступить к наряду!
- За что, товарищ лейтенант?
Училищеден жаңа шыққан желігі бар көзі шатынаған жас лейтенант екі адым аттап келді де, күректей алақанымен жауап күткен жауынгерді жақтан салып жіберді.
- Как вы смеете, товарищ лейтенант! Если второй раз...
Бүкіл казарма іші, қаз-қатар қойылған кереуеттер мен аяқ жақтағы қаттаулы солдат киімі, ең үстіндегі жансыз қайыс белдікке дейін сағы сынып, томсара қалғандай, кейбір көнерген одеялдар шұғыл басқа жабылды, бұлар – куәліктен алдын ала бас тартқан алматылық зиялы қауым еді.
Халел үш жүз адам жатқан казарманы тік тұрып, ілкі сәтте көз қарашығымен шолып өтті – қабырғадағы қатар ілінген сақалды көсемдер Маркс, Энгельс, Ленин де, олардан гөрі өзіне жақындау тұрған омырауын Алтын Жұлдыз жапқан Брежневтің бейнесі де сұлық, өзіне казармадағы үш шарасыз солдатпен бірге, “ал, қайтесің?” деп тұрғандай.
Күректей алақан тағы да жағына сарт етті. Халел қызылы кеткен еденге қан түкіріп:
- Вы один, я здесь лежать триста солдатов,- дей бергенде, билікқұмар Власовтың алақаны үшінші рет сарт еткенде, тағы бір қан түкіріп тастаған Халелдің қолы көзді-ашып жұмғанша лейтенантқа қарымта қайырғанда, әуелі бес жұлдызды құлақшыны қалбаң етіп ұшып кеткен Власов шалқасынан түсіп, ең жақын тұрған темір кереуетке басы соғылды.
“Әкемнің әруағы, Мұңайтпасов деп Қажымұқан бабамның атын алған атамның аруағы...” деген ой Халелдің басынан ұшып, биікке самғап кетті.
- Сауап, әкеңнің!- деп Таңсықбай ұшып тұра бергенде:
- Арттарыңды қысып жатыңдар! – деді нығыздап.
- Потомок Чингис хана, - деп лейтенант судан шыққан шыбынша әрең тұрып, әлі кеткен қолын сермей бергенде, сол қолымен жасқап жіберді де, жастықта бастары қылтиған үш жүз көзге көрсетіп тұрып, тағы да күткізбестен жағынан жасқай ұрғанда Власов жуыла-жуыла қызылы оңған еденге етпетінен түсті. Қалбаң етіп ұшқан қызыл жұлдызды құлақшынын жүгіре жеткен сержант қолына алып, сүйретіліп тұра берген жас лейтенанттың басына кигізді.
- Я тебе покажу, Чингис хан!...
- Собаке собачья смерть, - деді Халел.
Аяғын шешпестен төсегіне қисая кетті.
Көзін жұмса салбыраған сабақты жіп ирелеңдеп,басы мен аяғын таба алмай тағы да әуреге түсті.
* * *
Тағы да таңертеңгі сап түзеу. Бұл – солдаттың бір күнгі өмірінің “бісімілләсі”, осы “бісіміллә” қалай айтылса, солдаттың сол күні тіршілігі, татар дәм-тұзы да солай болады. Оны айтатын қарапайым солдат емес, солдаттың алдында шіреніп, аспанға қараған шеніне жұлдыз таққандар.
Сап түзеуден кейінгі сүрлеу жолдың апарар жері – болашақ ракетаның атылар орны, солдаттың қолында – күрек, құрылыс батальонындағылар үшн автомат ұстау – арман. Халел қара жұмыстан қашпайды, бірақ солдат боп қолға қару ұстамағасын әскери өмірдің қызығы не деп кей сәттерде қынжылып қояды.
- Рядовой Мунайтпасов, шаг вперед шагом марш! – Бұл рота командирінің бұйрығы. Власов оның қақпақтай жауыры астына тығылып, бетіндегі жара дағын көрсетпеуге тырысқандай қашқақтай жүр.
- Тебе нужно в санчасть. Провериться!
- Слушаюсь!
Әскери бөлімдегі дәрігерге қол жуып, тазаланып кірейін деп еді, қол жуғыш таппады. Ағал-қабырға, тұтқасын тат басқан кіршең есіктер.
- Денсаулығыңды тексер!
Таныс жауысқа жалт қарап еді, ең түкпірдегі есіктің алдында лейтенант Власов күтіп тұр екен. “Ұшып жеткен бе сабазың?”
Дәрігер шалқасынан жатқызып, кеудесіне үзік-үзік сымдарды түзіп қойып, жүрегін тексерді. Осыдан бір жеті бұрын сержанттар дайындайтын курске “жүрегінде ақау бар” деп жібермеп еді, енді қас пен көздің арасында жүрегі атша тулап, тап-таза боп шыға келді. “Лайым, ақаусыз болсын. Бар сенерім өзің ғой”. Киінді де лейтенанттың соңынан ерді. Ол бөлімше шетіндегі қам кірпіштен соғылған бәкене лашықтың алдына әкелді де, ішке кіріп кетіп, автомат асынған екі солдатты ерте шықты.
- Екі жылың осында өтеді,- деді Власов бұрылып бара жатып.
Әуелі белдігін шешіп берді, біреуі екі погонын тышқан аңдыған мысықша жылдам жұлып алды.
- Қолыңды артыңнан ұста! Сен тұтқынсың! – темір есікті ашып кіре бергенде біреуі автомат дүмімен желкеден қойып қалды, шалт бұрылғанда екіншісі керзі етікпен іштен бір тепті. Сонан кейін кезек тепкіледі, ені мен ұзындығы екі метр әскери тұтқындардың карцеріне Халел Адам-доға боп екі бүктетіліп иіліп қалды. Бұл лейтенант Власовтың қарымтасы деп топшылады, “сорлы, еркек болса қарымтаны қолмен қайтармай ма!”
- Осында тік тұрып демаласың, түнде ғана жатасың,- деген дауыс естілді де, темір есік тарс жабылып, сатұр-сұтыр құлыпталды. Құлыпталған есіктің темірдей қатты үні Халелдің жүрегін тілгіледі, “қандай ауыр үн”. Артына қарап еді, темір есіктің түймедей тесігі көзін қысып мазақтап тұрғандай алдына қарап еді, бөлке нанның көлеміндей тесіктен болмашы жарық себезгіледі.
Халел есін жиып түрегеп тұрды. Отыратын орын жоқ, қасында қақиған тік-тік тақтай тұр. “Сірә, ең қауіптілерді қамайтын орын болса керек. Алты айда қауіпті элемент болып шыға келдім бе?” Ол артында қалған Сабалақов пен Таңсықбайды ойлады. “Соларға жеке жүрмеңдер деп айтып кете алмадым. Таңсықбай ешкімге есесін жібермес, анау үпелектей ұшып-қонған Сабалақтың Жылқыбайы таяқ жеп қалар ма екен?! Өздері де білетіндей болды ғой, мені түкпірге тығып қойып, оларды енді аямайды, ая-май-ды”. Көз алдына топтан сытылып бара жатқан қалалық қазақ жігіттері келді. Қараңғы қапаста ой серік, ойдың таппайтыны, қиялдың қалықтап жетіп қонбайтын мекені болмайды екен. “Таптым. Таптым. Мәңгүрт. Оларды мәңгүрт дейді. Осы үшін санамды саралап, қаншама тұз құйдым, жоқ іздегендей іздедім. Мәңгүрт. Өз тілін, дінін ұмытқандар. Басына тері кигізіп, шашы ішіне қарай өскен мәңгүрт тек ас ішуді біледі, қандас бауырын асып жатса да селт етпей күліп тұра береді. “Дала балладалары” деген кітаптан оқығанмын. Таптым, ақыры табылды. Әлгі орысша сөйлеп, өз қандастарына күлгендер де мәңгүрттер. Осыдан шықсам...” Халел жарық себезгілеген бөлке нанның көлеміндей төрт бұрыш тесікке ұмтылды. – Осыдан шықсам...”
Аяғы талайын деді. “Мына бір қақайған ағаш немене өзі?”. Өзіне қарай тартып еді, сарт етіп кереует боп жазыла қалды. Сол сәт есік сатыр-сұтыр ашылып, кіріп келген екі солдаттың бірі автомат дүмімен әуелі бастан, екіншісі қақ жауырыннан перді де, әлгі тақтайды тартып қалып, орнына қайта түсірді.
- Спать захотел? У тебя подъем в шесть, отбой в десять часов. Отдыхаешь стоя!
Тағы да сатыр-сұтыр жабылып, шақыр-шұқыр құлыпталған есік. Темір дүние. Қабырғаның құмсылағындағы мың бұжырды кіреукеленген көзімен санай бастады. Маркс, Энгельс, Ленин, Брежнев бейнелері бұжыр-бұжыр осы қабырғаның да астынан шыға келетіндей көрінді. “Шыққанда не, қабақтары қатулы жансыз бейнелер, олар – көсем, ал мен кіммін осы?” Халел тұлабойын өз еркіне бағындыра алмай тұрып, өзіне-өзі сауал қойды. “Кіммін осы? Жиырмадағы қыршын жасымда осынша қорлық көретіндей кіммін осы? Мен Советтік Социалистік Республикалар Одағының азаматы, қатардағы жауынгер Халел Мұңайтпасовпын”. Ол сандырақ жеңіп, жүрегі айнып, лоқсып-лоқсып алды. Үйіне көшіріп әкеп тастаған Күлтайды, төрге іліп кеткен қылқобызды, текшелеп жиналған көп кітапты, сол кітаптардың арасындағы сыртында қылыш суреті бейнеленген көк кітапты көз алдына әкелді. “Қаһар” ғой. Мен Кенесарымын. Мен Советтік Социалистік Республикалар Одағының азаматы, қатардағы жауынгер Халел Мұңайтпасовпын. Мен Кенесарымын. Күлтай, сен айтшы, мен осы кіммін?”
Халел бойын билей алмай, тынысы тарылып, тұлабойы қалш-қалш етіп, жарық себезгілеген төртбұрыш тесікке қарап қолын созып, итінген күйі мұздай суық цементке гүрс етіп құлады. Адам – доға қос қабырға арасына қайта иілді.
Есік сатыр-сұтыр ашылды да, бұжыр табанды керзі етіктер қайта тепкіледі.
Бұл сәт Халелге етінен ет кесіп алса да бәрібір еді.
* * *
Аузына ыстық алмағалы үш күн.
Гаутвахтада үш күн отырды, алғаш рет одан артық ұстауға хақы да жоқ. “Бұл – прелюдия”, - деді взводқа келген күні Власов. Жігіттерге қараса, бұрынғыдай емес ширап, еңселері биіктеп, серпіліп қалғандай.
Халелді Кенесары жорықтан оралғандай жамырай қуанып қарсы алды. Казармаға келген күні қаракөз қазақ балалары “бір нанды бөліп жейік” деп іштей түсіністікпен түгелдей дорбаларын ортаға қойса, қалалалықтар Халел бір нәрсесін тартып алғандай томсарып, сәлемдесуден де қашқақтап, сырт айналып жүр.
Халел сапқа да тұрмады, асханаға да кіргізбеді. Асхана меңгерушісі – прапорщикке барып тамақ сұрап еді, “Сенің есеп карточкаңды басқа бөлімшеге аудардық, бізде есепте жоқсың” – деп қысқа қайырды. Таңертең Сабалақов қалтасына салып екі тілім нан, Таңсықбай “көресіңді көріп алайын” дегендей ешкімнен именбестен үсті-үстіне қара шәй әкелді. Сүтсіз қара шәй маңдайынан шып-шып тер шығарды. “Сонда мені басқа бөлімшеге ауыстырмақ па?” Оны неге ашып айтпайды? Мейлі, өздері білсін”.
Келесі күні жанашыр болып өбектеп жүрген Сабалақов пен Таңсықбайға қойған сауалы “Мен жоқта ешкім тиіскен жоқ па” болды.
- Еден жу, жуғанда мынау тіс жуғыш щеткамен тазала,- деп Кандалов жақтан біреу келіп еді:
- Мә, жуамын дедім,- Сабалақов бас бармағын көрсетті.- Таңсықбайекең әлгіні бір ұрып мұрттай ұшырып жіберді. Танк ғой Таңсықбай-екең...
- Бас бармағыңды шығарма. Әйелдің ісін істеме. – Мектеп партасынан шыққан Сабалақовты сәбидей еркелетіп басынан сипады. Сөйтті де, қалам-қағазын алып, солдаттар сақал-мұртын қыратын “бытовкаға” келді. Ленин бөлмесіне кірейін десе, погонын әлі берген жоқ, погонсыз солдат мұнда аттап басуға болмайды. “Погонның бір жөні болар ” деп көңілін тұйықтады да, көптеп Күлтайға жаза алмай жүрген ойлары хат жолдары боп маржандай әріптермен тор көзді ақ параққа төгіле берді.
“Күлтай!
Қалайсың? Сабақ, қобыз қалай? Құрбың Әсияға сәлем!
Жүріп жатырмыз. “Армия – өмір мектебі”деп текке айтпаған екен, өмір мектебінен біртіндеп өтіп жатырмыз. Мұнда бәрі жақсы. Айнала сусыма құм. Әсіресе, түнде құм ауасы жан сарайыңды кеңітеді”Осы сәт Халелдің есіне гаутвахтадағы сасық ауа, жаны езіліп армандаған бір жұтым таза ауа, одан әрі тік тұрып қабырғаның құмсылағының бүдірін 365 күн – жыл он екі айға жеткізгенде көзі бұлдырап, әрі қарай санауға шамасы келмей талықсып кеткен сәтін еске түсірді. Хат жазсам, мынау тозақта отырып жан сарайым сәл де болса жеңілдер деп ойлап, түсте үстінде жалғыз лавр жапырағы қалқыған сылдыр су мен бір тілім қара нан әкелген күзетші солдаттан қағаз бен қалам сұрауға үміттенді; “егер тілімді түсінер қаракөз болса, айтам әкелер, түрегеп тұрып-ақ алақаныма қойып жазармын”деп ойлап еді, темір есікті күзеткендердің ішінен шашы мен көзі қараны көре алмады, бәрі басына дөңгелек берет киген “сен тұр, мен атайын” сары шаш, жаны темір есіктей тас боп қатып қалған немелер екен, сол ішіне сыймай шарасынан асып төгілгелі тұрған мөлт-мөлт еткен мөлдір ойларын сақал-мұрт қыратын бөлменің есігін ішінен іліп ап, ақ қағазға түсіре берді, жортақтатып жаза берді.
“Институтта не жаңалық?” – деп жалғады ойын,.- Қандай шығармалар орындап жүрсіңдер! Ұлттық па, әлде авангардтық стильде ме? Қылқобызың авангардизмге көне қоймас, - деді де, “осының алстағы Күлтайға не керегі бар еді?” деп сөйлемді белінен бір тартқысы келді де, “үйренсін, білсін, ол менімен мәңгі тағдырлас қой” деген бір ой жеңіп кетті.- Менің кітаптарыма, жазған шимайларым мен суреттеріме көз қырыңды сала жүр”. Бұл сөйлемді де белінен бір тартқысы келді, “соларды біреу алып кетеді дейсің бе?” Өзі оқып жүрген “Гармония” кітабы мен Рахманиновтың жаны сүйетін “Алеко” операсының күйтабағын бірге ала келген-ді, оқимын, бос уақытта тыңдаймын деп. “Армияны кинодағыдай көз алдыма елестетіппін” деп жазғысы келді де, өзін-өзі іркіп қалды. “Қажеті жоқ”. Алыстағы сүйген қызына сағынышын, жүрек лүпілін жеткізгісі келсе де, алабұртқан көңілдегі көй ойдың ешқайсысы тартылып қалған бұлақтай қағазға түспеді.
Көріскенше сау бол.
Халел. 1970 жыл”,-
деді де, хатты төрт бүктей бергенде есік сарт етіп ашылып кетіп, екі қалтасы томпиған Сабалақов кіріп келді.
- Мә, же, әйтпесе аштан қатасың, Халеке! – Бәр қалтасынан екі тілім қара нан, бір қалтасынан “Кильки” консервісін шығарды. – Таңсықбай қарап тұрды, мен ұрладым.
- Баукеспе екенсіңдер.
Халел қарны ашқанын енді білгендей қып-қызыл ит балықтарды қара нанға қосып, қарбыта асады.
- Енді екі күн күтемін. Басқа бөлімшеге жіберсе жіберсін, жібермесе – прогонсыз солдат – көзге шыққан сүйел болып жүре алмаймын, - деді консерві қалбырын бұрыштағы аузы аңқиған көк шелекке қарай лақтырып жіберіп. – Жатыңдар, демалыңдар. Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес.
Халел екі күн күтті. Не погонын қайта тақпады, не басқа бөлімшеге ауыстырмады, санда бар, санатта жоқ сайқымазақ солдат боп жүрді де қойды; погонсыз солдаттың сапқа тұруға хақы жоқ; взвод командирі лейтенант Власов: “Солдат Швейк, хал қалай?” – деп қасынан бір өтті. Бұл жерге қараған күйі жұмған аузын ашпады. Бөлімше командирі – полковникке барғысы келді. “Полковникті сыйласа төмендегілер бұлай етпейді ғой, соның да шені бір, сөзі жоқ біреу болмаса, оның үстіне, погонсыз солдатпен сөйлемей ме? СССР Қорғаныс министріне хат жазсам ба екен бар шындықты айтып. Оның тексеруі ащы ішектей шұбатылып жеткенше кім бар, кім жоқ, сонда біреуі менің сөзімді сөйлей қойса?.. Қазір осы жерде сөзімді сөйлеп, мұңымды мұңдайтын Сабалақов пен Таңсықбайдан басқа адам бар ма өзі? Әскери бөлімше Қазақстан территориясында, Байқоңырдың түбінде. Өз жерімізде өзіміз өгей баланың күйін кешіп... Осының бәрін кешегі қырғын соғыстың батыры, Жуковтай аты аңызға айналған қолбасшы Қадыржан Халықұлына өз аузыммен неге жеткізбеймін? Бар шындықты тәптіштеп айтайын. Шындыққа көз жеткізіп, жоғарыға құлағдар етіп, темірдей әділетті тәртіпті талап ету сол кісінің қолынан ғана келеді. Әскери комиссарға да, бірінші хатшыға да сөзі өтеді. Бейбіт заманның қанды қырғынын өз көзімен көрсін, білсін, естісін оң құлағымен”. Халел ауыр оймен аяңдап, казармадағы жатар орнына келді. Қапшығына “Гармония” кітабы мен “Алеко” күйтабағын салды.
- Мен кеттім, Жылқыбай, - деп алғаш рет Сабалақовтың есімін атап, иығына қолын артты.- Берілмеңдер, берік болыңдар! Таңсықбай, сені ешқайсысы ұрып құлата алмайды ғой,- деп теректей ұзын да жалпақ жауырынды жігіттің иығынан қақты.
- Сендер ештеңе білмейсіңдер, ешкімді көрген жоқсыңдар. Өмір кең ғой, әлі кездесеміз,-деп күректей алақанын Жылқыбайға ұсынды.
- Сенсіз қалай өмір сүреміз, Халеке!-Үпелектей ұшып-қонған Сабалақовтың көзіне жас үйіріліп қалды.
- Өмір сүруді үйренуіміз керек, Жылқыбай!
Таңсықбай титандай ауыр мінезіне салып үн қатпады, қақпақтай жауырынын сәл бұрып, көзі жасаураған Сабалақовқа қарады да, Халелге қолын ұсынды.
- Сендер шыға беріңдер, мен кейінірек шығамын.
Түнімен темірқазықты бетке алып жүріп отырып, таң ағарып ата бастағанда құмда қалған ракета қаңқасының ішіне кіріп, ұйықтап кетті. Осыдан кейін жетіқарақшы жетелеп отырды, бағыты – теміржол бекеті. “Жұлдыздар, қандай жарықсыңдар. Жымың-жымың етіп, Жердегі адамдардың тіршілігін мазақтасаңдар да, оларға жол сілтеп, бағдар беріп тұрасыңдар. Қып-қызыл өңдерің мен үп-үшкір бұрыштарың қандай таза, жердегілердің бәріне ортақ, бөлу де, алалау да жоқ, егер сендер болмасаңдар мен қалай жол табар едім, адасып, шыққан жеріме қайта барар едім. Адамдар неге жұлдыздардай таза болмайды екен? Адамдар әртүрлі, біреуі – жарық, біреуі – қараңғы, ал жұлдыздардың бәрі жарық. Олар – зеңгір аспанның көркі, олар – бірін-бірі жатырқамайды. Көктен Жерге жарығын түсіріп, жылуын береді. Ал, Адамдар Жерде жүріп, Көкке бір сыйынып қойып, бір-бірімен бастары піспейді, солардың бірі – мына менмін”. Осындай оймен арпалысып, мұп-мұздай ракета қаңқасын құшақтап жатып ұйықтап кетті. Түс те көрмеді, бір бүйіріне қозғалмады да, жетіқарақшыны бағдарға алып жүрген жолдың өтеуі – тырп етпей тастай боп қатыпты да қалыпты. Басын көтеріп алғанда алыстан дүрс-дүрс соққан пойыз доңғалағының дүрсілі, алқына ышқынған тепловоздың ащы айқайы жетті құлағына. “Бекет тақау екен, енді қозғалайын”. Бірақ погонсыз, құжатсыз солдат та бір, көшедегі қайыр сұраған дәруіш те бір; қарына қызыл байлаған патруль-бақылаушылар бірден тоқтатып, торлы терезенің ар жағына тығып тастап, аяусыз езіп-жаншиды, олардың Жарғыға енбеген ережесі осындай. Не де болса, таң ағарып атпай тұрып бекетке жетейін. Алматыға қарай жүретін пойызға жабысайын. Жоқ, бекетте не көп – патруль көп, ең жақын разъезге барайын. Сонда тоқтаған пойызға тұяғымды бір іліктірсем...” Жігіт әуелі абыр-сабыр бекетті көз алдына әкелгенде бар арманы орындалғандай тұлабойы сергек тартып кетіп еді, енді кішкентай аялдама – разъезге жету қол жетпес армандай көрініп кетті. Құмды далаға мыржық өкше етігінің бұдыр-бұдыр ізін қалдырып, темір жолмен қатарласып, Күннің шығар бағытын бетке алып аяңдай берді. Көп жүрді, әр разъездің арасы он алты шақырым. Түске дейін өгіз аяңмен осылай жүріп отырсам қайтсем де жетемін. Құмды жолдың құрсауынан ой ғана құтқарады, табаныңның бүдірі адырайып артында қалған ыспа құмда ой ғана серік болады. “Әкем Сталинградтан мүгедек болып келіп, ақыры, о дүниесіне аттанды. Шешем Батыс Украинада байдың қызы боп тәркіленіп, босып Қазақстанға келгенде әкемді тапты. Ол – ауру, сал болып жатыр. Әкемнің нағашысы, атақты әнші Әбілфайыз, кеселдің неден келгені белгісіз – бір көнде көз жұмды. Парижге барып, елді таңырқатып, енді гүл ашып, шешек атып келе жатқанда өз елі, өз жерінде белгісіз өлімге душар болды. Әкемнің екі інісі мұғалім еді, халық жауыбоп екеуі бірдей атылып кетіпті. Менің әскерден қашып келе жатысым мынау. Сонда біздің әулеттің маңдайының соры бес елі болғаны ма? Біздің қазақтың маңдайына жазылғаны осы ма? Отан қорғап жүр деп әке-шешесі жолын тосып отырған қыршын жас екі жылда кім боп оралады отбасына. Бүйрегіне тепкен керзі етіктің кесірінен ол қалай әке боп үрім-бұтақтың бау-шарбағын жайқалтпақшы? Рухы түскен құр сүлде өтеніне қайтып оралмай ма? Осыны ойлайтын кім бар екен бұл дүниеде? Айтамын, бәрін де айтып жеткіземін аты аңызға айналған батырға. Сталиннен де ықпаған батыр – әскердегі теңсіздікті жөндесе сол ғана жөндей алады, ал, қарапайым өмірдегі теңсіздік, қашанғы жалғасар екенсің?”
Халелдің көз алдына бойшаң сәмбі талдар тартылды. Елді мекенге таяп қалғанын біліп, іші шымырлап кетті, асқазанындағы жүз жылан да жалап жер жұғын іздеп басын қақшаңдатып, тілін шығара бастағандай.
Разъездің шетінде өзбек пойыздан арзанға алып қалған нанын қымбатқа сатып тұрған сары шашты кемпірден нан сұрап еді, сақалы өсіңкі, үсті-басы кіршеңдеу погонсыз солдатқа сескене қарап, “Жоқ”,-деді көзін алартып. “Қызық, бар нанды жоқ дейді”. Қатардағы екінші әйел мұны байқап қап, сескенген сыңаймен сатып отырған дүние-мүлкін жинауға ыңғайлана бастады. Бір етжеңді әйел тор сеткасын ауырсына көтеріп бара жатыр екен, “Дайте, помогу”,-деді қолын созып. Ол сескенбей де сезіктенбей сеткасын қолынан босатып ұстата салды. Халел құмды даланың қақ ортасындағы разъезден қазақ үйді кездестіре алмағанына таң қалды. “Үш адам көрдім – үшеуі де сары шаш. Қазақтың тұқымы 32-жылғы аштықтан сол күйі құрып кеткен бе, әлде бекеттің бәрін басқа жақтан босып келгендер мекендеп алған ба?”
- Солдатпысың?
- Иә.
- Менің де балам солдатта. Германияда. Алыста, - деп әйел сөйлеп жүріп қолына кір сабын ұстатты. Бұның погонды-погонсыз кейпін ажыратар емес – оның көз алдында саржағал киімді солдат тұр.
Жуынып болған соң, буы бұрқыраған бір тостақ капуста көжені алдына қойды. Маңдайы тершіп, денесі бусанған Халел сөз бастады.
- Әскерден қашып келемін. Алматыға барамын.
Әйел көзін алмай қарап тұрды да, төргі бөлмеге еніп кетіп, бір көнетоздау қара шалбарды ұстай шықты.
- Киіп ал. Саша келгенше тар кеп қалады.
Халел кірлі шалбарды шешіп, қара шалбарды киіп, погонсыз солдат – қара шалбарлы жігіттің кейпіне түсті. Көжелерін ішіп тауыспай қызықтап қарап отырған екі сары шашты қызыл танау баланың беліне белдігін, біріне пилоткасының қызыл жұлдызын жұлып алып ұсынды. Олар олжаларына мәз болса, шешесі қабағын түйіп, үй түбі – Төретамдағы солдаттың кейпін көріп тұрып, жер түбі – Германиядағы қағанағын жарып шыққан ұлының кейпін көз алдына елестетіп, жаны сыздап тұр еді.
Тұмсығы шығысқа қараған бөрене артқан жүк пойызына мініп, үюлі ағаштың үстіне жайғасып, өзіне бір сәттік жайлы мекен тапқандай болды. “Осы мен Төретамға неге келіп, неге кетіп барамын?” деп өзіне-өзі қайтара сауал тастады дорбасын жастанып, бөрененің үстіне жайлы жайғасқан соң. – Неге жұрт сияқты бір күнімді елтіп жүре бермедім. Таңсықбай мен Сабалақов, күллі “қара көтендердің” күні не болып жатыр екен? Көптің аты көп, “көп қорқытады, терең батырады”.
Мүмкін емес, бұлайша өмір сүру мүмкін емес; консерваториям – анау, әскердегім – мынау, әйтеуір, мен білмейтін, ағын суды жолдан бөгеп қалар көзге көрінбес кілтипан бар бұл өмірде. Кілтипан бар..?” Үюлі бөрененің қоңыр қабығына жәймен алақан тигізді. Мұп-мұздай ағаш алақанын қарып өтті. “Неше жаста кесілдің екен, ақ қайың? “Жапырақ – жүрек, жас қайың, жанымды айырбастайын ” деп Мұқағали саған жыр арнаған-ау. Неше жасыңжа балтаның жүзіне іліктің екен? Бұл – сенің міндедің, кесіліп, біреуге баспана болу – міндетің. Менің міндетім не болды екен сонда? Е азаматтық борышымды өтей алмадым, әйтеуір, өзім білмейтін бір нәрсені іздеп жүрген дәруіш секілдімін”. Жүк пойызы бастан-аяқ бір сілкініп қап, баяу орнынан жылжыды да, аттандап шаба жөнелді. Қыршынынан қиылған ақ қайың – ақ бөрененің үстінде шалқалап жатқан түбіт мұрт жігіт Халел көзін жұмса сол баяғы текшеленіп жиналған көп кітап көз алдына кес-кестей ме-ау. “Қаһар”. Қылышын жалтылдап аттандап шауып бара жатқан Кенесары, мынау астындағы қос рельстің жалт-жұлт еткен жүзіне жанылған төрт дөңгелек арғымақ аттай боп елестейді. “Әпкеме не деймін? Күлтайға әзір бармаймын. Менің атбасын тірейтін адамым – полковник Қадыржан Халықұлы”.
Зуылдап келе жатқан пойыз ентігін басып, жылдамдығын азайтты да, кілт тоқтады. Дабыр-дұбыр адамдар даусы, он алты шақырым дегеніңіз көзді ашып-жұмғанша екен-ау. Етпеттеп алып, бұға түсті. Біреу көріп қалып айтып берсе, барар жері тағы да торлы терезе болмақ. Жүк тасыған пойыздың үстінде отыру – қылмыстың көкесі. Ілкі сәтте пойыз қайта жылжып, қас қарайып батқан кезде бір абыр- дабыры мол үлкен бекетке кірді. Басын көтеріп қарап еді, Түркістан деген арбиған-арбиғат ірі әріптерді көрді. Кешкі салқынмен денесі де тоңазиын деді.
- На запасном пути стоянка 12 часов, - деген бір жолаушының біреуге айтқан сөзі естілді. “Не де болса, түсіп қап жолаушы пойызына отырайын. Түркістанға жолым түсе бермес, Әзірет-Сұлтан баба – Қожа Ахмет Яссауи күмбезін көріп, Абылай хан мүрдесіне тәу етіп шықсам ше? Мынадай алқам – салқам күйіммен бе? Мейлі, маған ешкім сын тақпас. Бұл жерді кілең құдайдан иманы барлар мекендейді, адамды беталды ұрмайды. Көрейік... Бұлай жолым да түсе бермес”. Айналасына барлап қарағыштап тұрып, жүк пойызының тепкішегінен түсті де, бекетке кірді. Сұрастырып еді, Мәскеу-Алматы пойызы ертең түс ауа болатынын айтты. Оған дейін қолы бос. “Әзірет Сұлтанға түнде бармайды, не де болса, түнді осында өткізейін” деп, күту залына кірді. Ығы-жығы адам, бекеттің көркі – жолаушы. Бос орынға отырып, домбыра қорабына қолын қойған қызға көзінің астымен қарап еді, ол да бұған көз алмай сүзілді.
- Домбыра класында оқисың ба?
- Иә. Педучилищеде оқимын. Жамбылда, - деп тайсалмай жауап берді де: - Өзіңіз ше? – деп қарсы сауал қойды.
- Мен...әскерден қайтып келемін.
Қыз кіршеңдеу солдат гимнастеркасы мен мыж-мыжы шыққан қара шалбарға тұп-тұнық көз жанарын қадады да:
- Мә, алыңыз,-деп бес сом ақша ұсынды.
- Рахмет! – қолын қалтасына салып, әскерге бара жатқанда Күлтайға деп Ақмешіт бекетінен алған білезікті ұсына бергенде қыз “Сау болыңыз!” – деп домбырасын ұстап кете берді.
“Түсінді. Қашқын екенімді бірден түсінді. Таң атсын, екі сомды Әзірет-Сұлтан бабаға садақаға тастап, үш сомына Алматыға жеткенше тамақ ішемін. Ал, сонда билетсіз қалай жетемін жер түбіне?”.
Халел көз шағылыстырған жарықтан маңдайын көлегейлеп, алақанын қойды. Сол күйі маужырап ұйықтап кетті.
Таң атысымен ертелетіп Әзірет –Сұлтан әулие Қожа-Ахмет Яссауи кесенесіне келді. Әлі қақпасы ашылмапты. Ел бірлігін ойлаған барлық хандар осында жерленген. “Абылай хан, қазақтың басын қосқан Абылай ханы осында жатыр. Ел бірлігін, тәуелсіздікті армандап, ақыры, дегеніне жете алмай, сартап сағынышы ішінде кеткен Абылай хан бабам. Бұл қазақта дегеніне кім жетер екен?” Құран оқиын десе, құран білмейді, “мен түгілі Сталинградты қорғаған әкем де білмей кетті құранды?” деп мырс етті. “Мынау Есім хан бейіті. Қожа-Ахмет баба алпыс үш жастан кейін жер бетінде тұрмаймын деп жер астына – қылуетке түскен. Сол жалғыз өзі өмір сүрген қылуетін көре алар ма екенмін? Неге баз кешті жарық дүниеден, жарықтық? Жер бетінің кірі мен шырыны жалықтырды ма екен әулиені? Менің алпыс үшке жетуіме қырық үш жыл бар. Қырық үш жылда не қалар екен жер бетінде? “Елу жылда ел жаңа, жүз жылда - қазан” демей ме?
- Жігітім, сізге немә керек? – деді күнсіңді тақиясы әбден жұқарып кеткен дөңгелек жүзді ер кісі өзбек мақамымен.
- Ішке кіріп, көрейін деп едім. Тай қазанға теңге тастайын деп едім.
- Бүгін күн – дүйсенбі. Әзірет баба бүгін жабық. Ал, тайқазан Ленинград шаһарында. Эрмитаж ғимаратында. Садақаңызды анау кесекпен бастырып кетіңіз.
Халел екі сомдықты қам кесектің астына бастырып тұрып, Әзірет-Сұлтан мен Абылай хан мүрдесін сыртынан көргеніне іштей “тәуба” деді. “Көрем деген ой үш ұйықтасам түсіме кіріп пе еді, жол осылай түсіп тұр екен. Жолым Әзірет-Сұлтан әулие мен Абылай бабаның қолдауымен басталса...”
Бойы жеңілдеп кеткенде қарауыл қам кесекті көтеріп жатты...
Түс ауа жүрдек пойызға отырып, жолсерік жігітке ақшасының жоқ екенін ашып айтты. Ол маңдайы кең, жүзі жарқын, бірақ жүдеп-жадағаны сыртқы пішінінен көзге ұрып тұрғанын түсінгендей:
- Шуға дейін отыр, Шуда тексеріс болады, басым кетеді,-деді.
- Құп. Шуда қарамды жоғалтамын,-деп жолсеріктің бөлмесіне жайғасты. “Таусылар ма екен мынау ұланғайыр кең дала, шет-шегі жоқ кең әлем. Осы далаға Абылай хандай бабаларымыз қалай иелік етті екен? Енді бүгін осы кең далада, оның иелеріне тіршілік тарылып барады. Анау елге қайта құру жариялаймын деген Балтық флотының теңізшісі Серов дін аман атылып кетті, дәл 7-қараша күні ел-жұртқа қайта құру жариялап, қоғамды қайта құру керек деп Үндеу жариялаймын деп жүріп, қоғамның хауіпті элементі ретінде өмірін қиды”. Халел кең далаға қарап отырып көзі талды. “Әне, бұрғысын көтерген машина легі кетіп барады. Ол да қазақтың жеріне иелік еткен әлдебіреу; басшы сайланса, ол да даланың емес, Мәскеудей қаланың айтуымен сайланады. Өз сөзін сөйлей алмаған қайран дала!”
Халел басын ұстады.
- Братан, қамдал, қазір Шу. Шудан өткен елу төртінші жылғы целинниктердің сөзін естіп пе едіңіз?
- Естігенім жоқ.
- Бір целинник шалқар даладан басы айналып, пойыз бір бекетке кіргенде “Шу-Чу” деген жазуды көріпті. Қалай оқыса да “Чу-Шу”. “Бұл далада да шутить етуге болады екен-ау” деп айналасына айқайлап қарап, қарқылдай күліпті. Ал, ревизорлармен шутить етуге болмайды.
- Түсіндім, інім, рахмет! Мен де алысқа ұзамаймын, сенің пойызыңның үстінде боламын. Алматыға дейін неше сағат?
- Сегіз сағат.
- Сегіз сағат төбеңде отырамын. Тек дымың ішіңде болсын. Кімге барып мөлиемін “ала кет” деп.
- Еркіндікті сүйеді екенсіз.
- Еркін өмірді кім сүймесін.
Халел жүрісі сәл баяулаған жолаушы пойыздың тамбур есігін ашып, дорбасын асынған күйі бекетке қарай бұрыла берген қара айғырдың төбесіне қарай тырмыса жөнелді. Отарбамен жарыса уілдеген жел жонарқасын мұздатып, қойын-қонышын түгел аралап, алпыс екі тамырын сыздатып қоя береді. “Бұдан да бөрене тиеген жүк пойызың жақсы екен, патша тағында отырғандай еркін шалқайып, ақ қайыңдармен еркін сырласып келіп едім. Ішкі Ресейден “Ташкент – тоқ қала” деп, ала тақиялы ағайындарға қарай пойыздың төбесімен жөңкіле көшкен аш-арықтар он-он бес күнге қалай шыдады екен? Ол кездің пойыздары көмірмен жүреді, көмірдің қызуы қайтса жүрісі баяулайды, ал менің мінгенім бүкіл елді ашса алақанына, жұмса жұдырығында ұстаған тепловоз тартқан қуатты күретамыр”. Сәл сырғып, жерге қарай аунап кете жаздады. Ұстайтын тұлдыр жоқ, бәкімен алынған бастай жұп-жұмыр. Дорбасын арқасына асып, етбеттеп алды. Қақ маңдайдан қасарыса соққан суық жел ақын Сараның “арқасында он метр мата тыққан” айттырған күйеуіндей боп жатқан жігіттің қоржынын желп-желп қозғап, біресе кері итерді, біресе бері итерді. Көк желкесі де мұз қатқандай сіресіп барады. “Осы азапты көргенше жұртпен бірге неге таңғы алтыдан кешкі беске дейін ракетаға жайлы орын дайындап, еденімді жуып, “стариктердің” бел баласы боп жүре бермедім. “Жоқ!” деп басын көтеріп алғанда арқырай соққан жел бас киімін алып ұшып, бір уыс шашын қоса жұлып әкеткендей қара шашының түбі сыздап кетті. “Жоқ, ол ұзаққа созылар қорлық, мынау шеккен азабым өтеді де кетеді. Пойыздың үстінен де түсермін. Сол әділетіздікті, осы қорлықты болдыртпаудың ізін кесіп келе жатқан жоқпын ба?”
Ымырт жабылып, көз байланды. Әлден соң жұлдыз туды. “Әркімнің жұлдызы болады деуші еді. Мен қазір вагон төбесінде, жердегілерден биікте, жұлдыздарға бір табан болса да жақын келе жатырмын. Менің де жанатын жұлдызым бар ма екен?” Өзін толқытқан тосын сезіммен басын көтеріп, жұлдызды аспанға қарай бергенде, түнгі суық жел беттен ұрып, маңдайын қарып өтті. Көзінен суық жас ыршып кетті. “Қашанға дейін созылар екен адамдардың төбесіндегі азапты сағаттар?”
Кішкентай аэродром көзге шалыныпғ, жылт-жылт еткен шамдар жымыңдай бастады. “Жақындадық. Келіп қалды?” Осы сәт дүрс-дүрс соққан жігіт жүрегі өзі іздеп келе жатқан Қадыржан Халықұлын да емес, бірге туған әпкесе Әсияны да емес, Күлтайды құшырлана жақсы көріп, бір рет болса да көргісі келіп кетті. “Жазған хатым әлі жеткен жоқ шығар, хатымнан бұрын өзім бармай-ақ қояйын”.
Москва – Алматы жүрдек пойызы тарсылдап, кең даланы басына көтеріп келеді.
Мәскеу пойыздары тек бірінші жолда қабылданады. “Қамданайын. Патруль дегенің Алматы вокзалында аяқ алып жүргісіз. Бекетке жетпей секірейін”.
Пойыздың бекетке тоқтағаны бір сиқырлы әуен, тамбурдан бекетке қарай түсіп жатқан адамдардың көңілі бір мереке. Халел осыны ойлағанда іші шымыр етіп, бір алапат сезім жүрісін баяулатқан күретамыр жолдардың қожасы – пойыз дүрсілімен бірге баяулай берді. Қапшығында “Гармония” кітабын қалдырып, “Армия – өмір мектебінде” бір рет тыңдай алмаған “Алеко” күйтабағын қолына алды. “Қолыма ұстап секірейін, ештеңеге тигізбейін”.
- Бісмілліә!
Локомотив аялдамасына тұмсық тіреп, қан тамырындай сан тарамданып, кеткен бұрылысқа жетіп, пойыздың бүйірі бұлтиып бұрыла бергенде жерге қарай ұмтылды. Екі аяғымен дік етіп түсіп, қос тізесін бүгіп, имиіп отыра қалды. Мың бұрау сызығын әбден суық шалып, шытынауға шақ тұрған дөңгелек күйтабақ жерге тигенде тарам-тарам юоп бөлініп, жаңқадай ұшып, жан-жаққа шашырады. Дөп дөңгелек күйтабақтың қалдығы қағаз қапшықты тесіп шығып, теріге ілінген сүйектей үшкірленіп, локомотив аялдамасының көмескі түскен жасыл жарығының астында күлпаршасы шығып жатты. Биіктен жерге құлаған адамның сүйегі де осылай уатылады дейді. Үшкір-үшкір боп бөлінген қара күйтабақтың қаңқасына жігіттің көз жасы тамып кетті, құлағына опера әншісінің күңіренісі талып естілді. Өзін-өзі ұстай алмай еңк-еңк еткен жігіт қою түннен қорғанғандай теміржолмен қатар тұрған үйшіктің тас қараңғы қуысына сүңги берді.
* * *
«Карл Маркс көшесі,58-үй.Міне, соның дәл өзі» Халел үйге кіре алмай,ішкі толқуын жеңуге тырысып,есік алдында арлы-берлі жүріп алды. «Бұл не қылған сенделбай?» деп біреу сезіктеніп қалар деп,қарсы беттегі 28- панфиловшылар паркіне кіріп,жасыл жапырақтардың астында жүрді,асфальтқа шашылған жемді шұқып жеп,адамдардың алақанына қараған құстарды қызықтады. «Адамзат қандай құдіретті,жан-жануар,құстарға дейін өзіне бас игізіп қойған.Құстар шашылған бір уыс жемге таласып, үшкір тұмсықтарымен бірін-бірі түрткілесіп те қалады.Оған анау басына түбіт орамал тартып орындықта отырған кемпір мәз болады. Немересі тағы да кіп-кішкентай томпақ алақанын жоғары көтергенде, нанның бір уыс қиқымы үшін қырқысып жатқан құстардың әрекетіне кәрі әже одан бетер мәз болады.Осыны көріп өскен сәби қолмен жасалар қысастықтың кәнігі шебері болады.Адамзат қандай асқақ, адамзаттың жаратылысы қандай ғанибет.Жерді игеріп болып, енді Көктің мазасын алуда.Ғарышқа да Жердегі талайсыз, бірін-бірі аямауға дайын тұрған аяусыз тіршіліктің ұрығын шашпақ па екен?» Көңіл аптығы басылып сағатына қарады. «Атақты батыр, бірбеткейлігімен аты аңыз болған Қадыржан Халықұлы қалай қарсы алады? Ол кешегі қанды қырғын соғыста өз қолын өзі жаралап,қорқақтық көрсеткендерді сап алдына шығарып өз қолымен атқан. Мына қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған замандағы менің әрекетіме қалай қарар екен, қалай қарсы алар екен?!»
Халел жүрегі аузына тығылып өрекпіп тұрып,екінші қабаттағы «22»деген жазуы бар құрым есіктің қоңырауын басты.Мол денелі,жылтыр қара өңді әйел есікті ашты да,бұйра шашты, көкшіл көз, ат жақты-қазаққа, да тау халықтарының ішіндегі әзербайжан ұлтына ұқсас жігітке аңтарылып қарап қалды.
* * *
– Қадыржан Халықұлының үйі осы ма?
- Иә. Төрлетіңіз.
Әйелдің кім екендігін сұрамастан бірден төрге оздыруы жігіттің көңіл аптығына суық су сеуіп, арнасына түсіргендей болды.
– Қадеке, қонақ келді.
Халел жеңіл курткасын киімілгішке ілді де, қол жумаққа ванна бөлмесіне кірді. Үйге кірген сайын қол жуу қанына сіңген әдеті – сырттан келгенде кімге болса да қолын ұсынса таза ұсынады.
- Ассалаумағалейкум!
Дөңгелек жүзді, қыран көзінің оты Пайғамбар жасынан асса да әлі қайтпаған қою қара мұртты кісі жалт қарап, оң қолын сүлесоқ ұсынды, бірақ қатты қысып жіберді. Халелдің көзі кәрі жауынгердің жалт еткен жанарынан кейін бірден үстел үстіне жабулы ақ шүберекке түсті. Кәдімгі ұзын үстелдің үстіне өліктің бетіне жапқандай жауып тастапты.
- Бүгін менің оларды еске алатын күнім... Бүгін біздің 316- атқыштар дивизиясы құрылған күн. Көрдің бе, қандай күні келгеніңді. Олардың ешқайсысы жоқ жер бетінде, біз, екеуміз, тіріміз. Мен тірімін, тірі болғандықтан мен сені туғыздым. Мен оларды өлімге жұмсадым.
Халел батырдың аузынан шыққан мүңкіген спирт иісін сезді.
- День поминовения! Пей! – шкафты ашып, қырлы стақанның жартысынан келтіріп спирт құйып ұсынды.
- Мен ішпеуші едім...
- Встать! Кто ты такой, когда командир полка приказывает, а ты, отказываешься. Выполнять приказ!
- Аға, аузыма алмаған асым еді.
- Атаңнан қалған ас емес, – деп батыр қолынан қырлы стақанды тартып алып, төгіп-шашқан күйі ақ жамылғы жамылған үстел үстіне қойды. Ол жерде бір қырлы стақан жартылай құюлы түр екен.
- Бұл – өлілердің сыбағасы. Тірі жүрген біреу отказ берсе, бұл – атаңнан қалған ас емес.Қадыржан Халықұлы теңселіп арлы-берлі жүрді. Бөлменің ішінде спирттің өткір иісінен басқа демалатын бір жұтым ауа жоқтай Халелдің тынысы тарылды. Батыр жалт бұрылды да:
- Қандай дауылға тап болған қаңбақсың?! – деп жалт қарағанда Сталин мен Баграмянның алдында ықпаған қаршыға көздің жарқылынан жігіт жерге кіріп кетердей бетін мөлтек-мөлтек моншақ тер жауып кетті.
- Сен тегін жүрген жан емессің. Сен қаңбақсың... дауылға тап болған. Отырысың соған ұқсайды.
Халел мына сөзден кейін сәл тіктеліп отырды да, үн-түнсіз кетіп қалғысы келді. «Мынау жанымды тілгілеген семсер сөзді естіп, тозақ отында отырғанша, таңғы алтыдан кешкі онға дейін қақиып тік тұрған гаутвахтам жұмақтың төріндей екен-ау?!» Жігіт жаны ышқынып, қорланып кетті. Жер бетіндегі ең сорлы, өз жолын таба алмаған табанының бүрі жоқ бақсыз, талайсыз пенде жалғыз өзім болармын деп, өз болмысын өзі сөкті.
- Сөйле, сарыауыз!
- Қадыржан аға, мен консерваторияда оқушы едім. Сонан әскерге кеттім. Әскерден...
- Қанша болдың?!
- Алты ай. Үш ай учебкада.
- 316- дивизия алты айда Москваны қорғап, қарсы шабуылға шыққан.
- Аға, мен де қарсы шабуылға шығып келіп отырмын.
- Какая тебе контратака, в такое мирное время. Убийство самого себя. Людоеды!
- Стариктерге қол көтердім.
- Шалдарға қол көтересің... Әскерде теңдік жоқ, теңдік соғыста ғана бар. Өйткені, бәрінің барар жері бір-ақ жер – өлім. Сондықтан олар тең өмір сүреді, қорқып өмір сүреді. Адамзат қорыққанын ғана сыйлайды. Сендер сапқа дұрыс тұра алмайсындар, әскерде тәртіп жоқ. Бетімен кеткен...
- Соны сізге тереңірек айтқалы келдім.
- Ты хочешь меня учить, «яйцо курицу не учить».
- Қадыржан аға, консерваториядан да авангардтық стильдегі музыка жаза алмай шығып кетіп едім.
- Авангардизм. Передовой отряд. Культ машины. Авангардизмге ең жақын течение қандай?
- Футуризм.
– «Облака в штанах...» Ең мықты футурист кім?
- Маяковский.
Батыр жалт бұрылды да:
- Маған не іздеп келдің?! – деді.
- Мен әскерден қашып келе жатырмын. Сондағы теңсіздікті, шовинизмді сізге айтайын деп келдім.
- Ты музыкант, еще политик. Ты, дезертир, оставил родную часть. Ты, консерватор...
- Консерваторияны тастап кеттім. Жазған әндерім бар.
- Ану-ка, консерватор, шпрот...Қадыржан Халықүлы қабырғаға тақау қойылған ескі күйсандықты меңзеді.
- Играй. «Полонез».
Халел саз аспаптарында бала күнінен ойнайтын. Консерваторияда оқыған бір жылда баян мен күйсандыққа тіпті, қолы жаттығып қалып еді, арада өткен алты ай осыларды есінен де шығарып жібергендей. Жігіт қақпағы ашулы күйсандыққа жақын келгенде арқасы шымыр етті. Сөйтіп, бірінші клавишін басқанда басын ауырта бастаған бөлмедегі спирт иісі сытылып кетіп, таудың саф ауасына орын ауыстырғандай болды. Екінші клавиш «Полонезді» бастағанда, алты ай күрек сабын ұстаған саусақтар өмір жырын біртіндеп тауып алып, шерте бастағанда, батыр ақ жамылғы астындағы өлі әруақтардың тізімінің алдына барып, тік тұра қалды; қасындағы жұмсақ креслоға жайғасса деп іштей тілеп еді, бірақ қалшиған күйі Халелдің жон арқасының әр бүлкілін санап тұрғандай сезілді; екпіндеп барып, сәл баяулап, таудан төмен сорғалаған қырандай өмір жыры қалықтап, ақырына жете берді де, өзі ә дегенде қобалжып басқан клавишке саусақ тигізіп, аяқтаған кезде жон арқасынан қатқыл дауыс саңқ етті.
– «Елім-ай!»
«Елім-ай!» қандай зарлы болса да орындалуы оңай, бірақ баяу ырғақ керек, асығып, аптығуға болмайды. Осы ән орындалып біткенше Халелдің коз алдын Төретамдағы аузы-мұрны жоқ бітеу бөлімшеде қалған Таңсықбай мен Сабалақовтың бет-бейнесі кес-кестеді.
- Хватит! – деді Батыр. Қолына бір парақ қағаз бен қалам алып, жортақтатып жаза бастады.
Қазақ КСР Әскери Комиссарына
Мына рядовой Халел Мұңайтпасовқа көмектес!
Халел хатты төрт бүктеп қалтасына салды.
- Вот тебе, Хаджи-Мухан, – деді полковник есіктен шығарып салып тұрып.
Халел май тоңғысыз даланың көкірек қытықтаған саф ауасын күрсіне бір жұтып ап, бірден қалалық әскери комендатураға тартты. «Мен жеке басыма көмек сұрап келген жоқпын ғой. Жоқ, ол кісі мені түсінбеді, түсіне алмады».
- Қатардағы жауынгер Мұңайтпасов, – деді арнайы комендатура бастығына өзін таныстырып.
Ол болған істің мән-жайын ұйып тыңдап отырды да, «Арестовать!» – деді кезекші лейтенантты шақырып.
Халел қолын артына ұстап, торлы терезе – темір торға өзі кеп түсті.
* * *
Күлтай қолына солдаттың маркасыз хатын алып тұрып, үнсіз ойға шомды; сол сәт іші бүлк етіп, Адам тұлғасын бейнелеп келе жатқан шарана қозғалып кеткендей болды. «Бұл да хат жазады екен-ау. Кетерінде жазылмаған хатпен көміп кетіп еді. Қайтсін, қолы тимейді ғой, солдат қой, сорлы». Күлтай мырс етті де, қысқа ғана хатты тез оқып шықты. «Кетерінде айтқан сөзіне еш сәйкес келмейді.Газеттегі қысқа хабар секілді». Екеуін бойтұмардай боп ұстап тұрған бір берік діңгек — қабырғадағы ілулі қобызға қарады. «Бәріне өзің куәсің, киелі қара қобыз! Басқа ешкім ештеңе білмейді. Әнеукүні автобуста кездескен әпкесі де «хат жазбайды» деп еді. Бұл өзі әскерге кетті ме екен, елде ешкім естіп-білмейтін, хат жазбайтын бір белгісіз мекенге кетті ме екен? Әпкесіне бәрін де айтсам ба екен. Бірақ, несін айтамын, болар іс болғаннан кейін...» Аяғы ауырлап, бетіне екіқабат әйелге түсетін ноқта сызығы тартылғалы бері кірпияз бола бастаған Күлтай қайтсе де Халелдің әпкесіне бармауға бекінді. Сол мезет іші тағы да бүлк етті. «Осы... осы бүлкілдеп жатқанның иесі сол ғой, анау үш ішекті қобыз емес. «Менің кітаптарым мен шимайларыма ие бол», – деді кетіп бара жатқанда. «Бұл да сенің салған шимайың. Сен болмасаң...» Күлтай ішін басқан күйі тосын сезім, тосын шешімге келгендей желеңін шешіп, көйлек киіп, сыртқа шығуға әзірлене бастады. «Әпкесін қуантайын. Қуанышқа ортақ болсын».
Күлтай жолға шыққанда Халел қалалық әскери комендатураның гаутвахтасына бір түнеп, жақында тұрса да алыстап кеткен жанжарына жете алмай көзі ойылып жатыр еді. Қасындағы екі тұтқынның біреуі жағы талмас көкмылжың да, енді бірі – тілін тістеген үнсіз, қою шипр-шәйінен сораптап отырып сыздықтатып сауал тастайды. Әскери шені – майор, неге түскенін ашып айтпайды.
- Сен Серовты білесің бе? – деді таң атып, ескі көйлегінің жеңін қайнатып дайындаған қою шипр-шәйінен бір ұрттап. Қою түн енді ғана сейіліп, Халел де өкпені қысқан көк түтіннен енді құтылдым ба деп еді, мына сауал сол түтіннен бетер көкірегін ашытты.
- Білемін. Балтық флотының теңізшісі. 7-ноябрьде Ленинград портынан Кеңес халқына қайта құру жарияламақ болған.
- Ол, чуть-чуть, шамалы Фин жағалауына шығып кетіпті. Шекара бұзды деп қой, соңына түсіп жүргендері.Сары шашты, қалың қасты, көккөз майор не айтса да дәделмен өте дәл айтады. Сірә, нақты мамандықтың адамы болса керек.
- Сіз математиксіз бе? – деді Халел жиырма төрт сағатта тұңғыш рет сауал қойып.
- Шахмат – мидың гимнастикасы, математика – ғылымдар падишасы. Шахмат ойнамағалы басым ауырып жүр.
Осы жерге, бізге, көйлегімізді түтіндеттіргенше, бір шахмат қоймай ма. Біз оны жұтпаймыз ғой.
- Жұтқанмен, бәрібір түспей ме, – деді Халел де жауапты тез қайырып.
- Біз жұтсақ пешканы жұтамыз. Пешка шағын әрі жұп-жұмыр, жұтуға оңай. Түсуі де қиын емес.
- Жұтқасын корольді жұтқан дұрыс қой.
Майор жалт қарады.
- Сен, түбі, корольді жұтасың.
- Оттай береді екенсің, – деді бұрышта жүрелеп отырған қойманың азық-түлігін жеп ұсталған пропорщик шыдай алмай.
- Сен лейтенант Власовты ұрдың. Ол сені отырғызды. Сен қаштың. Өзің келіп торға түстің. Енді үлкен түрмеге барасың. Үлкен түрменің заңы да үлкен. Сен, көгершінім, сөзіңе қарағанда, сенде де сол Серовтың сипаты бар. Консерваторияны тауыспаған композ... композитор...
- Операдан ұнатарың қайсысы?
– «Алеко»
- Рахманинов. «Алеко!» Встать! Слушай мою команду! Сен мына түріңмен Серов секілді атылмасаң да, түрмеден шалажансар болып шығасың. Мен өмірбойы қазақ жеріндемін. Бәрі сендердің өздеріңнен. Келгендер сендердің конақжайлылықтарыңды дұрыс түсінбейді. Бізден қорқады дейді. Шын мәнінде, тіпті де олай емес. Слушай мою команду, сен дизертирсің. Саған мінездеме сұрайды. Мінездемені қарауыңдағы алты ай служить еткен қатардағы солдаттан тұмсығы бұзылған лейтенант Власов береді. Бергенде жақсылап береді. Долой, казах! Слушай мою команду, сен қазірден бастап «Алеконы» шырқа. Бар дауысыңмен шырқа. Біз «қой» дейміз, сен қоймастан шырқай бер. Күзетші келіп, «молчать!» десе, тоқтамай тура қарап тұрып шырқай бер. Сонда ғана сен құтыласың, өлі мен тірінің арасындағы шалажансар күйден, түрме-тозақтан. Талай қазақтың жақсылығын көріп едім, мен де бір қазаққа жақсылық жасайын. Ал, сен, прапорщик, артыңды қысып, аузыңды жап. Мынау – ақшаң, жоғалтып алма және ешкімге ұстатпа. «Бұл не?» деп сұрап жатса, «Бұл ақша, менің байлығым, тиюші болмаңдар, құдай үшін тиюші болмаңдар!" – деп безек қағып тұрып ал. Тұтқындарға берілетін жалғыз "Казахстанская правданы" төрт бүктеп жыртып, төс қалтасын төртбұрыш қағазға толтырып, томпитып берді.
- Шырқа, бауырым, қаттырақ шырқа!
Халелдің ыңылдап ән салмағанына қаншама су ақты. Көмейіне ән келгенде шымыр-шымыр толқынды тежей алмай лықсып, жүйткіп, бір әуез әуелей жөнелді.
- Мынау не десе, ақша де. Жындыханада да сол жауабыңнан тайма. «Неге ән айтасың?» десе, «Мен опера театрының сахнасынан ән айтпағанда не бітіремін» де. Шырқа, бауырым, Мунайтпасов, Хаджимуканыч.
Халел көз қиығын салып еді, майордың өзі де дәл бір ән айтатындай арқаланып, екіленіп барады екен. Іле темір есіктің төртбұрышы сәл ашылып:
- Молчать! Прекратить! – деді күзетші.
Халел қайырмасына келіп қалған еді, «Алеконы» одан әрмен құйқылжыта жөнелді. Іле сау етіп түрме бастығы мен екі күзетші кіріп келді. Олардан да ықпай сауалына тік тұрып әнмен жауап берді, түрме бастығының алдында екі қолын артына ұстап, тұтқын кейпінде тұрып, майордың айтқанынан да асырып жіберді. Ән — далада да, түрмеде де — ән, ән — көңілдің пернесі, Халел де сол басталған әуенді ірке алмай түрме бастығынан қыңбастан бар даусымен шырқай берді.
- Завтра немедленно на проверку в психбольницу!
Темір есік сарт жабылды.
Ән тынбады. Тіпті бірде қатал, бірде мейірімді майор да, бір бұрышқа тығылып, қанша қап макорон сатқанын есептеп шығара алмай отырған прапорщик те мойнын бұрып, жүздері күлімдеп, жан сарайлары елтіп, бастарын изей берді.
- Громче, браток громче!— деген көрші камерадан дауыстар естілді.
Түнгі ұйқы басталғанша Халел айқайлап ән шырқаудан танбады. «Алекодан» кейін «Елім-ай!» кетті, «Менің Қазақстаным» шырқалды салтанатпен.
- Репертуарың дұрыс емес. Енді ертең айтасың!— деді майор камераның сығырайған шамына бір жақсылық күткендей үміттене қарап.
Таңертең ән шырқауға үлгере алмады.
- Мунайтпасов, с вещами на выход!— деді күзетші құлқын сәріден.
- Біз енді кездеспейміз,— деді майор күректей алақанын ұсынып, көкірек түйістіріп.
Прапорщик қой көзді, бұйра бас қазақ баласын көзімен ішіп-жеп, бұрышта бүкшиіп отырған күйі «қош» деместен қала берді.
* * *
Халелдің әпкесі Әсия Күлтайдың келгеніне қалай қуанса, жындыханадан түскен хабарға сондай шошынды. Бала неме, қорқып жүрер деп Күлтайға тіс жарып ештеңе айтпады. Өзі қауашақ толтырып, ыстық сорпасын көтеріп барып, бауырын таба алмай көп жүрді, арлы-берлі өткен ақ желең киген дәрігерлерден сұраса, олар диагнозын сұрайды, бұл тап басып ештеңе айта алмайды; сөйтіп, алакөңіл болып сансырап жүргенде жіңішкелеу келген қоңқақ мұрынды, теке сақал қойған көзілдірікті дәрігер қарынан ұстай алды. Әсияның аузынан бәріне құлақ түріп қаныққаннан кейін:
- Білемін,— деді жағына пышақ жанығандай сопақ кісі шошақ мұрнының үстін бір сипап қойып. Адамға қарағанда өң-жүзі күлімдеп, жіпсік көздері сынай қарап тұрады екен. Өңіндегі сызық-сызық боп тартылған әжім де өмір бойғы күлімсіреудің қарымтасы секілді.
– Онымен әзір кездестіре алмаймыз. Бір-екі күнде... Күтіңіз. Өте күшті депрессия. Қорқатын түк те жоқ.
- Аман болса болғаны,— деді Әсия жыламсырап.
- Аман... аман... Ол берілмейді. Өзі... бұрын үйде ән шырқаушы ма еді?— дәрігер теке сақалын шолтаң еткізіп шұғыл бұрылды.
- Шырқайтын. Ол әнсіз өмір сүре алмайды ғой.
- А-а-а...
Әсия қарсы алдындағы қазақшаны бұзып болса да сақаулана сөйлеп отырған қасқа бас, иығы шығыңқы, түрі келіспеген еркекке табиғат адами кепиетті қимаса да, жүрегін адамгершілікке толтырып жаратқанына әрі таң қалып, әрі риза болып, көңілі жеңілдеп, қош айтысып жүре берді. Мұңайтпастың қанынан тараған ұрпақ көп сөзге жоқ, егіліп, елжірей де қоймайды, табиғатын бойда бар салқындылығына жеңдірген Әсия да жындыхана ауласынан шығып, аялдамаға беттеді. «Күлтайға білдірмей-ақ қояйын, бұл жерді көрмей-ақ, келмей-ақ қойсын» болды кетіп бара жатып көңілге түйген бір түйіні: «Жас неме, қорқып жүрер, аяғы болса ауыр». Кіндіктес інісінің осы жерге оп-оңай түсіп қалғанына қайран қалып келеді. «Рухы мықты, онайлықпен беріле қоймас, өзі қайыңның безіндей қатты еді. Ерегіс десе жас күнінен жанып кететін. Сол ерегістен тапқан пайдасы ма екен?» Ауладан шығып бара жатып артына мойын бұрып еді, торлы терезеден бір қасы-көзі қиылған зіңгіттей жігіт өзінен жанарын тайдырмай қарап тұр. «Бұл жазған неге түсті екен? Заманы ауыртты ма екен?» Басы көрінбеген біреу қол сиып кетердей терезеден қос саусағының арасынан бас бармағын шығарды да, артынан айқай салды. «Қызым, ЦК-ға барып айт, өздері жей бермей, бізге де шоколад, ең болмаса тас кәмпит жіберсін». Айқайдың соңын ала екі саусақтың арасын ойып шыққан бас бармақ қайта көлеңдеді. Әсия Каблуков көшесіндегі жындыханаға келетін жалғыз трамвайдың тарс-тұрс доңғалақ дүрсілін естіп, тезірек адымдады. «Қалай осылардың ортасына түсіп қалды екен?»
Бұл кезде Халел әлгі табиғат түр бермегенмен адамгершілік мінез-құлықты мол ғып сыйлаған, Гиппократ антына адал шошақ мұрынды жіңішке дәрігер Недлиннің алдында отыр еді.
- Сондағы бар мақсатың — әскердегі тәртіпсіздікті айту үшін қаштың ғой?
- Иә. Айттым.
- Қадыржан Халықұлын ел сыйлайды. Ол кісімен жақсы таныспын, кезінде дәрігерлік көмек те көрсеткенмін. Ол кісінің реакциясы қалай болды?
- Ол кісі онша мән бермеді, әрі дивизияның құрылған күнін атап өтіп жатыр екен.
- 316- атқыштар дивизиясы, кейіннен 8- гвардиялық... Ол кісі бейбіт заманның адамдарын да, әскерін де мойындамайды, – деп қылымсыған қыздан бетер сылқылдап күліп алды.
- Әскерде біреу-міреумен... былай қол ұстасып, жұдырықтасып қалып... дегендей... кезің болды ма?
- Болды. Комвзвод лейтенант Власовты ұрып жықтым.
- Власов. Сірә, властитель болса керек, билікке құмартып келген. Лейтенант. Бүгін сенен таяқ жесе, ертең-ақ генерал болады. Бұл оған прелюдия, – деп, тағы да қызша сықылдап күліп алып, ақ желеңінің қалтасынан орамалын шығарып, көзінен ытқыған моншақ жасты сүртті. Дәрігердің бір ғажабы – үлкенге де, кішіге де «сіз» деп сөйлейді екен.
- Сонда, сіздіңше, енді не істеу керек?
- Әскерге тәртіп керек. Бақылау керек. Тәртіп бұзғандарды солдат демей, офицер демей, тегіс жазалау керек. Әскерде теңдік орнату керек. Әскерде — сап түзегенде теңдік бар да, сап бұзылған соң тендік жойылады.
- Теңдік. «Армия — өмір мектебі», – деп тағы да сылқылдап күліп келе жатты да, есіктен кірген шашы артына қарай тік қайыра таралған дембелше ер кісіге қарап еркін көсіле сөйледі.
- Радион Моисеевич, мына жігіт әскерде тәртіп орнатқысы келеді. Қайтеміз, совет армиясының тамағына ортақ қып... Өзі композитор екен. Әнін жазып, Пушкинше еркін қалықтап жүрмей ме?
- Өзің білесің, – деді де, сірә, лауазымы биік болса керек, текшелеп жиылған сырқаттың жеке кітапшаларының арасынан апыл-ғұпыл біреуін тауып алып, томсарыңқы күйде шығып кетті.
- Сен Шоқан Уәлихановты білесің бе? – деді қасындағы дәрігер әлгінің тез кеткеніне қуанғандай. Тура қарап еді, күрек тісі көрініп, тағы да күлімсіреп отыр екен.
- Білмегенде...
- Соның Достоевскиймен достығын білесің бе?
- Білемін. «Япыр-ау, мына кісінің басы домалақ болса айнымаған Достоевский болар еді».
- Шоқан Омбыда кадет боп жүргенде Сібірден қайтқан тұтқындарды алдынан айдап өткізеді. Кадеттің міндеті – алдынан өткен тұтқын – патшаның қас дұшпандарын қолындағы сегіз өрім таспамен арқадан немесе бастан бір тартып қалу. Сонда бала Шоқан ұлы Достоевскийді танып, қамшысын көтермей тұрып қалады. «Мен саған...»
Халел дәрігердің сөзін аузынан іліп әкетті.
- «...күнді де сыйлар едім, әттең, ол менің қолымда емес қой».
- Иә-ә, – деп теке сақалы шошаңдаған дәрігер алақанымен жағын таянып, салмақты, салиқалы күйге ауысты. Екі ұлының арасында осындай ұлы сөз қалды. Біз екеуміз де дос болайық. Әніңді жаз, мақалаңды жаз, теңдік үшін күрес. Мені анда-санда еске алып тұр. Боссың. Бір жетіден кейін өзіңнің әскери комиссариатыңа барып, әскер билетіңді ал. Бүгіннен бастап боссың,— деп сып-сыйдам алақанын ұсынды.
Халел салқын қоштасты. Адамдардан көңілі қалып, олардың бір сарынды сөзіне еті үйреніп, қазір де қанша қызуы оттай алаулаған ыстық сөздер естісе де, көңілі салқын тартып кетті. Ол далаға шығуға асықты, жарық Күнді көргісі келді. Апыл-ғұпыл киініп, Каблуков көшесіне келер жалғыз трамвайға жеткенше аяғы қара жерге анда-санда бір тиіп, тезірек тарс-тұрс соққан доңғалақ дүрсілін естігісі келді.
Жындыханаға орталықтан келер жалғыз көлік болғасын ба, алтыншы трамвай жиі жүреді. Әскерден алып қайтқан қапшығын иықтап, Төретамнан киіп шыққан белдіксіз гимнастерка, қыржым-тыржымы мол қара шалбармен әпкесіне бармай өз үйіне келгенде есік ашық екен. Ешкім жоқ. Бірінің үстіне бірі үйіліп, шаң басқан кітаптарды көріп, артына бұрылды. Есік тықыр етіп, іші сәл томпиып, бетіне қатар қара ноқта тартылған Күлтай кіріп келді де, аңырап тұрып қалды.
– Қорықпа! Өз адамыңмын...
Халел бір-екі адымдап, көзі шарасынан шыға шошынған некесіз қалыңдығына қарай жақындап, шаң басқан көп кітаптың тасасында қос құшақ айқаса берді.
* * *
– Солдат Мұңайтпасов, хал қалай? – композиторлық пәннен сабақ беретін Бычков жыланша ирелеңдеген ұзын дәлізде күтіп тұрғандай қарсы алдынан жолыға кетті. Жаңа ғана оқу ғимаратының биік қабырғасындағы «Өнер – халықтікі» деген жазуды оқып, ана тілі – сүт сөзінде көптен көрмеген жазуды көріп, жүрегі шымыр етіп, табалдырықтан аттап алға оза бергенде, сол қара фракті бейне қарсы алдынан шыға келді. «Апырмай, осы киімін шешпейтіні несі?» Қап-қара бейне бұған ыржия қарап, бір жағынан «аспаннан түстің бе?» деген таңқалысын ірке алмай тұр.
- Кешегі солдат, бүгінгі студент Мұңайтпасов, – деп жауап берді Халел.
Бычков иегін сәл көтеріп тыңдады да, «осымен сөз бітті» дегендей, кең дәлізді бойлап кете берді.
Халел академиялық демалыс алып, оқу бөлімінің жолдамасымен Талдықорғанның Ақсу ауданындағы Жансүгіров ауылына тартты. Әпкесі мен азын-аулақ дос-жарандарын шақырып, некесін қиды. Күлтай да демалыс алды. Енді ертең бейтаныс мекен, көзтаныс емес жандармен жүздеседі.
Халел кеше Мәскеуде оқитын бір кластасынан тосын хабар естіді. «Сол жақта оқитын қазақ жастары бірігіп, «Жас тұлпар» деген ұйым құрдық, эмблемамыз – шауып бара жатқан сәйгүлік бейнесі», – деді.
- Мақсаттарың не? – деді бұл бүлк ете қалған жүрек бұлқынысын сездірмей.
- Мақсатымыз – қазақ жастары бірігіп, ән-күй айту, салт-дәстүрді, Наурыз мерекесін тойлау...
- Сосын?
- Сосын... Мұраттың айтуы бойынша, қазақ халқының ұлттық мұқтажын Мәскеуге жеткізіп, жалпы ұлттық мәселелерді жария етіп отыру.
Халел бүлк ете қалған жүрек тұсына бұл жолы алақанын тигізді.
- Не, жүрегің ауырып тұр ма?
- Жоқ, әшейін...
- Өзің... әскерге барып келгелі не боп кеткенсің?! – деді Бауман атындағы училищеге биыл түскен бейсаясаттау кластасы желігін баса алмай тұрып.
- Е-е, достым, әскер деген Мәскеудегі оқу емес. Сен маған осы «Жас тұлпар» туралы хабар беріп тұрсайшы. Өзің мүшесің бе?
- Барлық қазақ студенттері мүше...
- Арманың жоқ.
Кластасы Тілес асқақтап қалды.
- Мен Баумандағы бірінші курста мұсылманнан жалғыз өзіммін.
- Жарайсың, – деп иығынан қақты.
Ол көпіршігі көтеріліп-басылып, жыбыр-жыбыр етіп төмен сіңіп бара жатқан шампан құйылған фужерді қыса ұстап, шың-ң еткізіп соғыстырды да, «Жас тұлпар» үшін! – деп тартып жіберді.
- Не дедің? – деді есіктен кіріп келген Күлтай.
Халел жұбайының сауалын жауапсыз қалдырып, жолға дайындала бастады.
Халелдің мінез-құлқы Күлтай үшін шешуі табылмаған жұмбақтай боп барады; көп сөйлемейді, томаға-тұйық, көбіне сауалды жауапсыз қалдырады, әлде әскерде жанына қатты әсер еткен бір нәрсе болды ма екен, әлде... маған үйленгеніне, өмірінің осылай бұра тартқанына өкіне ме екен? Күлтай томпиып келе жатқан құрсағына қарады, көңілін өзіне белгісіз үмітпен демдегендей болды.
- Күлтай, кеттік тез, кешігеміз.
Халел бір шабадан мен екі сөмкені қосақтап қолына ұстады да, жолға шықты.
- Әсия әпкеммен қоштаспаймыз ба?!
- Жоқ. Қоштасу мен күтіп алуға әлі үлгіреміз. Тез, кешігеміз!
Күлтай есікті құлыптап, кілтін апыл-ғұпыл қалтасына салды да, ауыр адымдап соңынан ерді.
Қызыл «Икарус» «мен асығыспын» дегендей тепсініп тұр екен, екеуі билеттерін көрсетіп, өз орындарына жайғасысымен-ақ гүр етіп, таңы атып, күні шапақ нұрын құя бастаған Шығысты бетке алды. Жүрген сайын тау, жота, бел-белес. «Соңғы жарты жылда қазақ жерінің шығысы мен батысын, түкпірі мен төскейін – бәрін көрдім. Жүздескен адамдарым ше? Кілең шүрегей мен аш бөрілердің арасында қалған Сабалақов пен Таңсықбай, өзі өлімге жұмсағандардың тізіміне ақ жауып, әруағына тәу еткен Батыр аға Қадыржан, зорлап опера айтқызып, еркіндіктің есігін ашып берген анау қапаста қалған қапсағай денелі майор, «екеуміз дос болайық» деп күлімсірей қарап, жындыханадан сыртқа жол тауып берген теке сақал дәрігер Недлин, күні кеше кездескен қара киімді Бычков... Не деген кең байтақ дала, көп адам, көп мінез-құлық. Осы далаға қалай ие боп қалды екен бабаларымыз? 32-де құртам десе де құрып кетпеді, 37-де құртам десе де құрта алмады, сонан кейін өздері де тізгіндерін тарта ұстап, аяқтарын байқап басатын болды, бірақ қанға біткен көңілжай конақжайлылығын тастай алмай кең ашылған құшағын одан бетер аша түсті; қарашы, әне, қазақтың қайнаған ортасы – Төретамдағы бір бөлімшені Мәскеу облысы ұстап тұр, қазақтың тепсе темір үзетін жігіттері мыржықы етік киіп, еден теуіп жүр, ал мәскеуліктер болса етіктің жаңасын киіп, сол керзі етіктің табанымен қазақ баласын тепкілеп, тұмсығындағы қанын үстіне сүйкеп сүртетінін қайтерсің?» Халел өз ойынан өзі селк етті де, қасында отырған қаннен-қаперсіз Күлтайдың иығынан түртіп қап, оны да қабат шошытып жіберді.
- Сен осы, Халел, ауру емессің бе? Не болды сонша селкілдеп. Қорқытып жібердің ғой адамды.
- Ештеңе етпейді, – Алақанын жұбайының құрсағына қойды. Дүрс-дүрс еткен жүрек лүпілі естілді. «Үйге жеткен соң құлағымды қойып тыңдармын. Тағы бір Адам келеді өмірге. Мұңайтпасовтар әулеті көбейеді, қазақ көбейеді. Иә, олар автоматты біз ұстап қояды деп қорқады, сондықтан қыздарға трактор айдатып, ана болудан алшақтатқысы келеді. Қор-қа-ды!..»
- Келіп қалдық, – деді, Күлтай естілер-естілмес үнмен.
Көше жиегінен арбиған-арбиған ебедейсіз әріптермен құрастырылған «Село им.Джансугурова» деген жазу көрінді.
«Міне, даланы жырлаған Құлагер ақынның әкесінің аты қалай жазылғанын қарашы».
— Келдік. Құлагер ақынның ауылына да келдік, – деп Халел өнбойын шымырлатқан тосын қуаныштан Күлтайды құшағына алып, жұрт көзінен именбей екі бетінен кезек сүйіп-сүйіп алды.
* * *
- Мына қараңдар, қырғыздарда да қыс болады екен, – математика пәнінің мұғалімі — дөңгелек жүзді, тап-тұйнақтай, ешкінің асығындай епті жігіт Стрельцов балаша мәз болды. «Киргизская зима» дейді.
Мұғалімдер бөлмесіне кіріп, сынып журналын тиісті орнына қоя берген Халел бір аттап келді де, газетті қолынан жұлып алды.
- Қане, көрсетші?!
Газетті оқып тұрып, қазақпен кіндігі бір, сан жағынан әлдеқайда аз, төскейде малы, төсекте басы қосылған қырғыз теледидаршыларының мына тірлігіне риза болса да, жүзін жия алмады, тұлабойы Стрельцовтың жымысқы күлкісінен қызынып кетті. «Киргизская зима. Кинозарисовка». «Отыз минуттық киносуреттеме».
- Немене, қырғызда қыс болмайды дейсің бе?!
- «Киргизская зима» деген құлаққа жағымсыз естіледі екен. Ал, неге «Казахсказ зима» демейді?
Халел іркіліп қалды. «Расында, неге айтпайды, неге жазбайды? Ауа, табиғат адамзатқа ортақ емес пе?»
- Ал, айтсайшы, неге «Казахская зима» деп телефильм түсірмейді? Олардың жері де, саны да сендерден аз бола тұрып...
Мұғалімдер бөлмесі араның ұясындай құж-құж қайнап жатады. Біреу сабақты қалай бергенін айтады, біреу сабақ білмеген баланың тәкаппарлығын айтады, енді біреуі ата-анасының сабақ білмеген баланы қорғаштайтынын айтып, қаны қараяды. Ал, мына Стрелцовтың ауаны тіпті басқаша.
- Кеш емес, қазақтар да түсіреді осындай фильмді.
- Жоқ, Алматы ешқашан «Казахская зима» деп хабар бере алмайды. Олар Москваның «Русская зимасын», сосын Әлібек Дінішевтің сүйемелдеуімен орыстың тройкасын көрсетеді. «Едем, едем, едем...» Алматы қайда-а, «Казахская зимаға» жету үшін...
- Табиғат – ортақ... – Халел қаны қызынып тұрса да, өзін барынша сабырлы ұстады. Өйткені, келгеніне көп болған жоқ, жаңа ортада жолын жіңішкертпеуді де ойлады. Себебі, жарты жылда жолдан есеңгіреп, есін енді жиып келе жатқандай халде еді.
- Сеніңше,— деп көзін Стрелцовтан айырмай сөзін жалғады.Тек «Русская зима», «Русское поле» болуы керек пе? Қазақтың даласы орыстікінен кең болмаса тар емес. «Казахское поле» деп ән шырқамау білмегендік емес, сыйлағандық.
- Бәрібір орыс ұлы халық.
- Қарағым, әр халық өзінше ұлы.
- Слушай, «Русская водканы» ішіп алып шырқайсындар ғой осы.
- Ол «Русская водканың» күші.
- «Русская водканы»тартып алып, күш аласыңдар да, «Казахское поле» деп бөсесіңдер.
Қоңырау сыңғыр етті де, Халел келесі сабаққа кіріп кетті. Сынып журналын тастай қатып, бес саусағын қарыстыра ұстап келе жатып, «Бүгіннен бастап әр класқа сабақты «Менің Қазақстанымды» үйретуден бастайын. «Отан» мен «Бейбітшілік маршы» сонан кейін орындала жатар. Шәмшінің кәдімгі «Менің Қазақстанымы».
Кең екен Жер деген
Жерге дән шықты ғой.
Дән егіп терлеген
Қазағым мықты ғой...
Халелдің көңілінде ән әуені жүйіткіп келеді. Нотаның айқыш-ұйқыш алғашқы сызығын неден бастауды, баянның тышқанкөз түймесін қалай басуды көкірек-көзімен көріп, асығып келеді.
Мұғалім үшін ең қымбат қырық бес минут те көзді ашып-жұмғанша тез аяқталады. «Менің Қазақстанымды» баян мен ауызша әуенде қалай орындауды бірден бастап кетіп, келесі күнге тапсырма беріп, мұғалімдердің кеңесі мен мәмілесі бірдей жарасып, араның ұясындай құж-құж қайнайтын бөлмеге келгенде әлгі Стрельцов тағы да елден бұрын жайғасып алып, желдеткішті ашып қойып, шылымын бұрқыратып отыр екен.
- Халел, сен ренжіме. «У природы нет плохой погоды», табиғат — ана бәрімізге ортақ. Ал, сендер неге осы кісінің фамилиясын дұрыс жазбайсыңдар? Мәселен, Жансугуровті Джансугуров дейміз. Осы дұрыс па?
- Әрине, дұрыс емес. Бұл үшін Ахмет Байтұрсынов деген атамыздың алдында қарыздармыз.
- Зачем, Ахмет. Мне нужен Халел.
Осы арада Халел шарт кетті. Өзіне-өзі басу айтып, тежеп келген ішкі буырқанысы қу шөпке тиген өрттей бой көтеріп, жыланша ысқырынып кетті.
- Стрельцов, сен кімсің өзі «мне нужен Халел» дейтін. Кімсің өзің, прокурорсың ба, КГБ-сың ба? Ауыртпа басымды! Уходи отсюда!
Жігіттің шатынаған көзінен, әлемтапырық жүзінен сескенген ол шылымын ашық терезеден лақтырып жіберді де, ешкінің мүжілген асығындай тап-таза бола қалды.
- Сен осы математик Стрельцовсың ба, әлде футболист Стрельцовсың ба?
Қоршаған ортадан көп хабары жоқ Стрельцов үстеріне кірген бір-екі әйел мұғалімнің көзінше сөз естіп, әйтпесе одан да зорын көріп қалармын деген сақтықпен естісе де естімеген боп есіктен шыға берді.
- Корова одна,— деді жарықшақ жіңішке дауыспен күбірлеп шығып бара жатқан үрпек бас, бадырақ көз орыс жігіті.
Осы кезде алабажақ футбол добын қолына ұстап, балалармен бірге доп қуып, борша-борша терлеген тарамыс қара жігіт кіріп келді.
- Тоқтамыс, бүгін кешке екеуміз атқаратын жұмыс бар,— деді Халел әлгі неме қоздырып кеткен ашулы жүзін денешынықтыру пәнінің мұғаліміне қарай бұрып.
* * *
Манадан бері халықтың жалпақ тілі «үш әріп» деп атап кеткен аудандық хауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің құйтырқысына берілмей отыр еді, осы сәт сылқ түсті. «Қайдан біледі, япыр-ау, мектеп ішіндегі күнделікті айтылатын сөздерді қайдан біледі?! Осылардың менің артыма, шынымен, қоңырау байлап қойғаны ма? Айы-күніне жетіп отырған Күлтай естіп-білсе не болмақшы? Тағы да тіршіліктің тар өткеліне тап келгенім бе? Іштегі сәбиін аман-есен, қобалжымай, қорықпай жарық дүниеге алып шықса екен?»
- Сабақты «Менің Қазақстанымды» үйретуден бастайды екенсің. Ал, бағдарламада «Интернационал», «Отан», «Бейбітшілік маршы» деген әндер жазулы тұр. Көкжолақ костюмді аға лейтенант оқушы сызғышын қолына қыса ұстап, әрлі-берлі жүріп алды.
- Бұл әндерді де үйретіп жүрмін. Тоқсан аяқталғанша осы әндердің бәрін де үйретіп шығамын.
- Сонда да... сабақ неге «Менің Қазақстанымнан» басталады?
- Қазақстанның нанын жеп, суын ішіп отырмыз ғой.
Халел ілкі сәтте еңсесін басқан қобалжудан сытылып шығып кетті. «Мынау көкжолақ киім киген аға лейтенант кім сонша мені тергеуге алып, терімді сыпыратын. Осының бәрі Стрельцовтың, әйел дауысты әтеш еркектің тірлігі». Халел қызынып кетті. «Үш әріп» қызметкері де бұның нарттай жанған өңінен, бірте-бірте қатуланып келе жатқан қабағынан секем алғандай сескеніп қалды.
- Жарайды, бұл мәселе бітті дейік. Джансугурованы Жансүгіров етіп өзгерткеніңізді мойындайсыз ба?
- Неге Жансүгір Джансугурова болып өзгеруі керек. Оның әкесінің аты неге бұрмалануы керек? Сіздің әкеңіздің аты бұрмаланып жазылды ма? – Халел қарсы алдындағы аға лейтенантқа тап-тап бергенде «сен секілділердің талайын көргенмін» дегенді меңзегендей еді. «Сен анау Төретамдағы даңғой Власовтың, түрмедегі шымыр майордың, батыр Қадыржан Халықұлының, «біз екеуміз дос болайық» деген жындыханадағы дәрігер Недлиннің ширегіне татымайсың» дегенді іштей ойлады да, ендігі кезекте садақтың жебесіндей тік атылар жауабынан қаймықпады. «Менен жауап алатын сен кімсің өзі?!» деген өркөкірек еркектік өр сезім де алпыс екі тамырында атой сап өтті.
- Ал, неге Джамбул Джабаев деп жазылады? – аға лейтенант санмен өрнектелген ағаш сызғышты үстел үстіне шып еткізіп тастай салды.
- Неге олай жазылатынын сіз айтыңыз. Ұлы жыршының азан шақырып қойған есімі мен әкесінің есімі неге бұрмаланады?
Халелдің көздері шатынап, өң-жүзі әлемтапырақтанып кетсе керек, аға лейтенант алыстау тұрған жерге қағулы орындыққа барып отырды.
- Қырық бірінші жылы Ленинградты қорғағанда «Лениградтық өренім, мақтанышым сен едің» деген ақсақалдың суреті салынған плакат жаралы қаланың қабырғасында жапсырулы тұрды. Соны Жамбыл Жабаев деп жазса, кімнің тіліне мүкіс келеді?
- Тағы мысалыңыз бар ма?
- «Мен – қазақпын!» деп жырлаған жауынгер ақын неге Джубан деп жазылады?
- Да, знаю, «Я – казах!» И кино смотрел, – аға лейтенант енді үстеліне иек артып тұрған өз орындығына жайғасты.
- Үстіңізден түскен жоқпыз, көзімізбен көрген жоқпыз, сіз боссыз, Халел Қойшыбаевич,— деп аға лейтенант қолын ұсынды.
Халел күні бойы жиренішпен қарап отырған көкжолақ жеңнен шыққан сидам білек, жұқа алақанды алғысы келмеді, бірақ созылған Адам қолын қайтарғысы да келмей өз қолын сүлесоқ ұсынды. Көз алдында қою қараңғы түнде Тоқтамыстың иығына шығып тұрып, балғамен ұрып алып тастаған «Д» әрпі, қазір үңірейіп тұрған бір әріптің орны – «село им. Жансугурова» деген жазу.
«Осыны ана тілімізде жазса да болады ғой».
* * *
Бауманканың[1] бірінші курсында оқитын жалғыз мұсылман – сыныптасы Тілестен тілдей хат келмей Халелдің көңілі тұз құйғандай ашып, шақшасын ұмыт қалдырған насыбайшыдай алаң болды. Күнде пошта жәшігін қарайды, аузы аңқиып бос тұрады; е телефон соғуды білмейді, өзі соғайын десе, қоянның сирағын жеген студентте телефон түгілі тұрақ бола ма екен? Алыстан хабар күтіп алабұртып, әбден жаны күйзелді. Енді бір төрт айда Күлтай да Ана болады, өзі қолына перзент құндақтаған Әке болады. Әлгі Стрельцов оқу ісінің тәрбие жұмыстары жөніндегі меңгерушісі боп тағайындалды, «күнде «Интернационалды» айтыңыз, Кеңес Одағының гимнін үйретіңіз» деп дікеңдеуді шығарды. «Менің «Д» әрпін қаза қылғанымды сол айтпаса КГБ қайдан біледі, қайдан сезіктенеді. Демек, байқау керек... Байқағанда...» – деп Стрельцовтың дөкір сөздері мен езуі көпіршектеніп тұратын сасық аузынан шыққан иіс онымен қатар тұрмаса да қолқасын атып, көкірегіне жиреніш сезімін туғызды. «Байқағанда... ұршығымды иіріп отыра беретін апам емеспін ғой. Апамның ұршығы иіріліп-иіріліп, бір кілемнің жүні боп қауындай томпиып қалатын. Осы Стрельцов та түбі лейтенант Власовтың кебін киіп жүрмесе... Жоқ!» – деп, өзін-өзі тоқтатты Халел. Байқау керек, бұл армия емес, мектеп...»
Ол қабылдау бөлмесіне бірі кіріп, бірі шығып жатқан адамдарды көріп, жүйкесі жұқарды. «Не деген таусылмайтын адам, бітпейтін кезек. Жұрттың бәрі жазушы боп кеткен бе өзі?» Ол көкірегінде жылт еткен бір үміт үшін баспа директорының алдына кіруді армандағандарды көріп тұрып, өшін көз алдындағы жұмыр бастылардан емес, алыстағы Бауманканың студенті Тілестен алды. «Бес тиынның конверті, бір тиынның қағазы жетпей жүр ғой, жүгері тышқыр әңгүдік итке» деді де, осыған ерегескенде өзім «Жас тұлпардың інісіндей «Жас қазақты» неге құрмаймын» деп, қиялы селт тұрып жібек жіптің түйінін ұстап алғандай болды. «Бүкіл студент қауыммен әңгіме өткіземін, бәрін мүше ғып тартамын. Тілес айтқан «Жас тұлпар» қандай болса, «Жас қазақ» та сондай болады. Бір-ақ мақсат – ұлт мүддесі».
Енді екі адам қалды, сосын өзі кіреді. Бір жеті бұрын, аудандық КГБ-ның шақыртуынан кейін, түнімен отырып, баяғы көк кітап — «Қаһардың» авторына хат жазды. «Менің көзімді ашқан, көзқарасымның оянуына дұғадай себепші болған сол кітап қой» деді де, «Құрметті жазушы аға!» деп бастады.
«Сізге қазақ халқының айтар алғысы мол. Қазіргі кезде, қазақ елінің және басқа да орыс отарындағы көп ұлттардың басына түскен ауыр хал жылдарында, Сіз өз шығармаларыңызбен халықтың көзін ашып, көңілін оятуға тырысуыңыз үлкен ерлік.
Сіз «Қатерлі өткел» романының бірінші бөлімінде айтқан сөздер, «Қаһар» романындағы Кенесарының бастауымен орыс отаршыларына қарсы көтерілген қазақ халқының ұстаған жолы, мақсаты, қазіргі қазақ ұлдарының ең қасиетті — бостандық жолына, арманына айналып отыр.
Отаршылдардың қатаң қадағалауы сізді «Қатерлі өткел» романын басқаша аяқтауға мәжбүр етті.
Соңғы, тарихи «Жанталас» атты романыңызда «ұлы орыс» деген сөз көп қолданылған. «Ұлы» деген сөзді алып тастасақ, өзімізді тең сезініп, қазіргі орыстардың өткен ғасырдағы орыстардан айырмасы жоқ екенін, сұрқия саясатының бір екенін тез түсінер едік.
Сізге Қазақ халқының атынан үлкен алғыс айта отырып, халқыңыздың алдында азаматтық, жазушылық борышыңызды өтеп, рухын көтеретін шығармалар жазуыңызды сұраймыз.
Халқыңыз сізден өзіңіз айтқан трилогияның жалғасы және орыс саясатының құрбаны болған қазақтың ардагер ұлы Сәкен Сейфуллин туралы романды, тарихи шығармалар жазу жолында жинаған мол деректеріңізді қолдана отырып, орыс отаршыларына қарсы шыққан Сырым Датұлы туралы роман жазуға, отаршылдарға сатылғандарды, отаршылдардың сұмдық істерін мейлінше ашып, әшкерелеп жазуды сұраймыз.
«Қазақстан бостандық сүйгіш азаматтарының ұйымы,
«Жас қазақ». 1976 ж.».
Соңына қолын қоймады. «Ұзақ емес қой, көзбе-көз оқып, пікірін айтар» деп әкеліп еді, мынау ұзын-сонар кезек күткен адамның екеуі қалғанда хатшы қыз іштен жадырап шықты да, «Ол кісі қабылдамайды» деп жайбарақат жеткізді.
«Хатты тастап кетсем бе екен» деп ойлады да, «конвертке салынбаған, жалаң қолға ұсталған хат кімге керек, қабылдамаса, қабылдағанда келерміз» деп шалт бұрылып шығып кетті. Сыртта күтіп тұрған бір ананың емшегін өзінен кейін емген інісі Ерсайынға келіп, ішке кіргізді де, «Мына хатты екінші қабатта отырған Олжас Сүлейменовтың қолына ұстат та тез шық. Мен осы жерде күтемін», – деді. Өзі атақты ақынның алдына баруға именді, «сосын ол орысша сөйлесе, шоқырақтаған орысшаммен өзімді-өзім әшкере етермін» деп тартынды да, қос парақты қыстырғышпен қыстырды. Оның үстіне мынадай сөздер жазды:
«Олжас аға! Менің әкем Семейлік, өзім Матайданмын. Семейдегі полигонда, Жидебай ауылында, Абайды гүрс-гүрс жарылыс ұйықтатпай жатыр. Өзіңіз де ақынсыз ғой, ақын боп жаралған Адам тірлігінде тыныш ұйықтай алмайды, ең бастысы, өлгенде тыныш жатсын да. Сол жердегі Абай ұрпақтарына, жалпы адамзатқа тигізетін залалы ше?» Астына аты-жөнін жазғысы келді де, аты жазылса хатты біреу ашып тұрып айқайлап, күліп, мазақтап, жыртып, бетіне лақтыратындай көрінді. Сол қарқылдап тұрғандардың ішінде бірінші боп өзіне ең жақын жүрген Стрельцовты елестетті. Соңына «Х.М.» деп кішкене қос әріпті, «1976 ж.» деп кішкене төрт санды қонжитты. «Қазақша түсінбесе аудармашы тауып алар?»
Ал екінші хат жақында ғана Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бюросында мәселесі қаралған ақынға тікелей байланысты еді.
«Олжас Сүлейменовтың«Аз и Я»-сын» оқығанда
Олжас Сүлейменовтың «Аз и Я» атты еңбегі басқа да «Игорь полкі туралы сөз» немесе «Түркі халқының тарихы туралы» зерттеулермен салыстырғанда ең бағалы, нағыз шындықты баяндайтын шығарма. Өйткені, бұл шығарманы ұлтшылдықпен уланған, 10-15 сөз біліп, «тюрколог» атанған орыс мамандары емес, көп жылғы іздену, зерттеулері арқылы ақиқатқа жеткен азамат жазып отыр.
Осы күндері белгілі болған, дәлелденген деректерге сүйенсек, тарихқа әділ болсақ, онда Түркістандықтардың тарихын Ассирия, Вавилонмен қатар оқыған болар едік. Бірақ, көптен қалыптасқан «академиялық» тарихқа өзгеріс енгізу «Европалық асылдарды» шошытады және түркі халықтарының көпшілігі КСРО құрамында. Ал, орыстар үшін отарындағы «бұратана» халықтардың даму тарихының орыстардан әлдеқайда ерте екенін мойындау өте ауыр нәрсе. Сондықтан да Түркістан тарихын зерттеуге көңіл бөлінбейді. Табылған тарихи маңызы бар заттарды жария етпей, жасырады. Дәлелденген шындықты орыстар көз жұмып, көрмеген болады. Түркістанның адамзат тарихына қосқан баға жетпес үлесін жоққа шығарғысы келеді.
«Аз и Я»-дағы айтылған пікірлердің дұрыстығына шек келтірген адам құр даурықпай, теріс жерлерін дәлелмен көрсетсін. Мұндай шығармаға тек таяз ойлы, елінен, халқынан өз асқазаны, атақ-мансабын қымбат көретін намыссыз оңбағандар ғана қарсы шығып,қырсығын тигізеді.Сөйтіп отаршыларға жағынбақ болады. Ал, біздің Қазақ елінің демократияшыл азаматтары "Аз и Я" сияқты, тарихымыз туралы сөз қозғайтын шығармаларды әрқашан қуана қарсы алады және қорғайды.
Х.М. 1976 ж.».
— Қолына ұстат та сөзге келмей кейін бұрыл!
Бас-аяғы екі-үш минөтте екінші қабаттың басқышынан төмендеп келе жатқан Ерсайынның қара бәтеңкесінің тұмсығы көрінді.
- Ұстаттың ба?
- Ұстаттым.
Ағалы-інілі екеуі «Балалар әлемі» дүкенінің алдынан өтті де, теміржол бекетіне қарай біреу қуып келе жатқандай жанұшыра жөнелді.
- Сен жолдың арғы бетіне шық!
Ерсайын зырлаған машиналардың алдын кесіп өтіп, ытқып арғы бетке өтті. Жел айдаған қаңбақтай артына анда-санда бір қарап, зымырап келеді, ой кешіп келеді. «Қолына тисе, оқыса, ойланса болды ғой, тірі жүрсек, кейін кімнің жазуы екенін біле жатар».
Алда – теміржол бекеті. Бекетке кіріп, жолға шығар асығыс адамдардың арасына, шығарып салушы қамсыз жандардың арасына түссе, соңынан қуған белгісіз әзірейіл адасып, шаң қауып қалардай безектеп келеді. Бұларды тек бекет қана құтқарып қалатын секілді.
* * *
Қара киімді Бычков тағы да қарсы алдынан шықты. «Неге осы фрагін тастамайды екен? Әлде өзін асқан мәдениетті санай ма? Бұрынғы патшалар мен зиялылар фракті салтанаттарда, тойларда киюшы еді. Бұның күнделікті киімі осы. Мейлі, өзі білсін. Композиторлық пәннен сынақ алатын жалғыз өзі. Бір консерваторияға Бычковтан басқа адамның табылмағаны ғой. Мейлі, мойнымда қалған қарыз сынағымды тапсырып шығайын. Қайтып келгенде бетіме шіркеу болмасын».
Айқыш-ұйқыш нота сызықтарын алдына қойып, оратория негіздерін айта бастағанда Бычков қорғасын иісі бұрқырап, баспаханадан жаңа шыққан «Казахстанская правданы» алдына тастай салды, нота дәптері де айқара ашылған газеттің астында қалды.
- Халел, бүгінгі газетті көрдің бе? Ұстазыңның мақаласы шығыпты.
Көз қиығын тастап еді, «Совет музыкасының мәртебелі міндеті» деген төрт баған мақаланы көрді. Астына «А.Бычков, Құрманғазы атындағы консерваторияның профессоры, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері» деп жазылыпты.
- Осы мақалада ұлттық музыка мен авангардизм, классикалық туындылардың тууы және қарапайым стиль туралы көп айтылады. Алып оқы.
- Қазір шыққан бетте аламын. Біреуін емес, бірнешеуін алып, достарыма таратамын.
Бычков күлімсіреп қарады.
- Өзіңнің мұғалімдік жолың қалай басталып жатыр? Бұл мақала сенің жұмысыңа жақсы нұсқау бола алады.
- Оқимын, Андрей Ильич, міндетті түрде оқимын, – шалдың сөзін тиып, сұрақтың жауабын жалғастыра беріп еді, тағы да киіп кетті.
- Сен түнде жатақханаға түнеп шықтың ғой. Мен кезекші болдым. Дәлізде байқамай қасымнан өте шықтың. Сәлем де бермедің. Оған ренжімеймін, Халел. Жатақхана дәлізінің жарығы тым көмескі.
Халел сұп-сұр болып іштен тынды. Бұрынғы курстасының бөлмесіне барып, студенттерді жинап, «Қаһардан» үзінділер оқып берген, Павлодар қаласында ескерткіші тұрған Ермак пен Кенесарыны салыстырған.
- Кенесары елі мен жерін қорғады, Ермак біреудің жерін басып алды, оны орыс зиялылары «Ермак Орта Азияға азаттық жорығын жасады» деп жазады. Балалы әйелдердің қылышпен ішін жарып, мекенін өртеп, қыз-қырқынын зорлап қоймаған соң Көшім хан Ертіске батырып өлтіріпті. Атласовтың зорлығы да одан кем емес. Ал, енді мен алғашқы жазған мақаламды оқып берейін. Есікті іліп келе қойыңдар.
- Ашық тұра берсін, – деді Жәпіл. – Бөлме менікі. Консерваторияны кім ұстап тұрғанын білесің ғой.
- Кім ұстап тұр? – деді Халел өзін қоршаған қыз-жігіттерге күлімсірей қарап.
- Мына – мен. Бойым бір де қырық, салмағым елу болса да мен, Жәпіл ұстап тұр.
- Жоқ, қателесесің, – деді Халел,— Консерваторияны Бычков ұстап тұр.
- Сол қара жабу жамылған төрткөз тауықты қойшы.
- Онда есікті кілттеп қой.
Ойына емес, «бойына» сенген Жәпіл амалсыз есікке беттеді.
- Онда тыңдаңдар! Мақаланың атауы – «Орыстардың дүниежүзілік жандарм болуға тырысуы». «Тарихи жерлерінің шекарасы Новгород пен Киевтің арасы ғана бола тұра, орыстардың қазіргідей ұлан-байтақ жерге қолы қалай жеткенін біздер «КСРО тарихы» аталатын, ал шын мәнінде тек Россия тарихы туралы айтылатын оқулықтардан білеміз. Егер осы «тарихқа» сенсек, қазіргі орыс отарындағы жүздеген ұлттар бір кезде «өз еріктерімен» тәуелсіздіктерінен айрылып, Россияға қосылған екен. Ал қосу кезінде аздаған соғыстар болса да, ол заңды істелген: Татарстан орыстарға Сібір жеріне өтуге, ондағы халықтарды басып алуға бөгет болыпты. Ноғайлы елі орыстардың Каспийге, ал қырымдықтар Қара Теңізге шығуына бөгет болыпты. Сол сияқты, орыстарға Қазақстан Орта Азиямен, ал Орта Азия Индиямен «сауда жасауға» бөгет болған. Сондықтан оларды басып алуға немесе «қосып алуға» тура келіпті.
Ал енді «өз еркімен» орысқа қосылған Қазақстан туралы сөз етсек, шын мәнінде, орыстар Кіші жүз ханы Әбілқайырмен «шарттасудан» екі ғасыр бұрын-ақ Қазақ жерін отарлай бастаған: Жайық бойын 1556 жылы, Құлынды даласын 1610 жылы басып алған. Әбілқайырдың 1731 жылғы «келісімінсіз-ақ» орыстар Қазақ жеріне қамалдарын салып, зеңбіректері Қазақ даласына қаратылып қойылған. (Орал – 1613 жылы, Гурьев – 1640 жылы, Семей – 1718 жылы, Өскемен – 1771 жылы салынған). Мұндай жағдайда «қосылмай» көр?!
- Соқыр тауыққа бәрі бидай боп жүр екенбіз ғой, – деді күшті боп көрініп отырған Жәпіл сабасына түсіп.
- Павлодарға кіре берісте Ермактың ескерткіші тұр, ол неге тұр осындай жауыз болса, – деді қобыз класында оқитын гүлдей нәзік Гүлжан.
- Оны алып тастау – мені мен сенің міндетің...
- Мына Жәпілді жіберсек, итеріп тастамай ма, – деді қобызшы қыз Жәпілдің иығына салып отырған алақанын ауырсынғандай.
- Осы жерде кілең қарапайым қазақ жастары отырмыз. Москвадағы студенттер «Жас тұлпар» деп ұйым құрыпты, біз «Жас қазақ» деп құрамыз.
- Сонда олар не істейді? – деді тағы да Гүлжан жұқа ерні дір-дір етіп.
- Осындай мәселелермен... саясаттағы бұрмалаушылықтармен айналысамыз. Тәуелсіздік үшін күресеміз.
- Менің қазаным ендігі қайнап кеткен шығар, – деп рұқсат сұрағандай қобызшы қыз орнынан үлбірей тұрды.
- Гүлжан, тоқтай тұр, асықпа. Біздің де қазанымыз асып-төгілейін деп тұр. Ұйымның бағдарламасын, антын жасаймыз. Оны оқып, талқылаймыз. Міне, мынау, – деп екі парақ ұсынды. Бірінде «Оян, қазақ, оян, елім!», екіншісіне – «Конституция. Жоба», үшіншісіне «Ант» деп жазылған.
- Сендерге бір данасын тастап кетейін. Ол Жәпілде болады. Жәпілден алып, кезек оқып шығып, келесі бас қосуымызда талқылап, ұсыныстарыңды айтасындар. Ертең әлгі қара шапаннан экзамен еді.
- Күлтай қашан босанады? – деді қазанының қайнағанын ұмытып кеткен көбелектей жеңіл Гүлжан.
- Менен кедергі жоқ.
- Қатырасың-ау, Халеке!..
Қарсы алдында тұрған қара шапанды, күміс көзілдірікті бейне ашық жатқан сынақ кітапшасына «отлично» деп жазып, «Б» әрпінің қоржынын салып, ар жағын шимайлап жіберіпті. «Түк айтқызбай, тереңімді тексермей, қалайша бағамды тез қойды. Ғажап, сиқырлы адам!».
- Әйелің босанды ма?
Түндегі Гүлжанның сыңғыр дауысы Бычковтың ащысы мен тұщысы аралас қойыртпақ даусына айналып кеткендей.
- Айы-күніне жетіп отыр.
- Тезірек жұбайыңа бар. Күтіп отыр ғой, – Бычковтың мүләйім даусы мен кілегей жүзінен ештеңені аңғармаған Халел «Казахстанская правданы» бүктеп, өзіне ұсынды.
- Сізге рахмет! Қазір біреуін аламын.
- Сенемін, Халел, сенемін саған...
Бычков бар жұмбағын оймақтай көзілдірігі мен қара фрагінің астында алып қалып, Халелді көзбен шығарып салды.
Консерваторияның алдына келген сайын осы бір биікке ілінген «Өнер – халықтікі» деген сөз жанын тілгілейді. Өзінің сүт сөзі – ана тіліндегі жазу жанына майдай жақса да, осы жерге жарнама үшін жазыла салғандай боп көрінеді. «Халық өнерімен санасып жатқан кім бар осы жерде? Бычков па?»
Студент үшін әр сынақтан сүрінбей өту – мәртебе болса, сол болмашы мәртебеге маңдайы тершіп қол жеткізген Халел қаларалық байланыс орталығына барып, Күлтаймен сөйлескісі келді. Бычковтан сынақ тапсырғанын, енді үйге қайтатынын айтсам деп ойлап тұрып, оның жалғыз қалғаны жанын қобалжытты. «Көршілер бар ғой. Жақсы көршілеріміз бар».
Қарға адым жердегі байланыс орталығына келіп, тапсырыс беріп еді, жақын жердегі «Джансугурова» оң жамбастарында тұр екен, бос кабинаға ытқытып жіберді.
- Күлтай, Бычковтан бес алдым.
- Жақсы бопты.
- Сені Бычков та, подругаларың да сұрап жатыр.
Күлтай телефонның арғы басында үнсіз қалды.
- Сағынып күткен Тілесің оқудан шығып, әскерге кетіпті ғой. Кеше бір кластасыңнан естідім. Бірдеңеге қатысқан дейді.
- Жақсы, Күлтай, екі күнде үйге барамын. Халел өзінен-өзі асығып, қара телефонның құлағын ұясына қондыра салды.
«Дала қандай, ауа қандай тамаша! Жаңа жыл да алыс емес. Ескі жыл есіркеп, жаңа жыл жарылқаса... Тілес оқудан шықты, бірдеңеге қатысқан дейді. Табанының бүрі жоқ, үпелектей жеңіл еді». Енді Власовтардың қарауына бар, Бауманканың бірінші курсындағы жалғыз мұсылман. «Жас тұлпар» не болды екен?»
Халел консерваторияға қарай беттеп, жаңа жауған ақ қарға шиырылап із тастап келеді.
«Жатақханаға қонып, кешегідей «Жас қазақтың» жағдайын әңгімелейін. Кешегі келгендерді жиып алып, әңгіменің құлағын бұрай түсейін. Кешегі ықылас жаман болған жоқ. Бүгін болашақ Конституция, Ант туралы пікірлесейін».
Халелдің құлағына Күлтайдың күңгірт естілген даусы, Жәпілдің «соқыр тауыққа бәрі бидай» боп жүр екенбіз ғой» деген жарқын үні қайта-қайта талып естіле берді. Осы жарқын үн, ашық дауысқа жеткенше асыға басып келеді.
* * *
Бычковтан сынағын тапсырып көңілін демдеген соң, түс ауа ауылға тартып кетсем бе деп тұрды да, «ертең ертелетіп шығайын» деп, өзін-өзі тежеді. «Бүгін ЖенПИ-ге барып, листовкаларды студсовет төрайымына тапсырып кетейін. «Айгүл» ансамблінде әнші боп жүрген Айымкүл ғой. Сөзге түсінетін сияқты. Сосын малдәрігерлік институтқа барайын. Кілең ауылдың жігіттері. Осылар арқылы көп нәрсені тындыруымыз керек. Солардың ішінен листовка тарататын сенімді жігіттер табайын». Троллейбус орындығында отырып, қол пәпкесінен машинкаға бастырған бір бет қағаз шығарып, тағы бір қайтара оқыды. «Оян, Қазақ, оян, Елім!» Ешкім қарап тұрған жоқ па екен деп, парақты бүктеп, жан-жағына жәймен көз жүгіртті. Айналасынан қазақша түсінетін бір адамды да көре алмады. «Студенттерді қосқанда ғана астанамыз Алматыда 42 процентпіз. Қарашы, токпен жүретін үш тиындық троллейбус толы өзге ұлт өкілдері, әнебір жерде, артқы жақта түрегеліп тұрған екі қазақ жігітті көрді — «студентсіңдер ғой, қалалыққа ұқсамайсыңдар». Бір парақтың дәл ортасындағы «Қазақ жастарына зорлықпен қой бақтыру тоқтатылсын!» деген сөйлемнің тұсына қара сиямен үшкір белгі қойды. «Зооветтің жігіттері осы сөйлемді ерекше оқып, тоқталсын. Қаншама жас қой бағып, оқуға келе алмай жүр. Арасында мектепті өте жақсы — алтын медальмен бітіргендері қаншама. Солар «Атаның ақ таяғы қолымызда!» деген Үндеуге бас изеп, үн қосып, «Құрдастар» деп бригада құрып, қор болып жүр. Қор болған емей немене, екі жыл қой бағып, онан әскерге кетіп, бойында бар білімін желге ұшырып, ақырында, қойшы деген мамандықпен өмірден орнын табады. Анау Қызылордадағы Жадыра деген қыз ше? Мектеп бітіріп, трактор айдап, аяғын комбайнға жегізіп, он жеті жасында мүгедек болды, Кәмшат Дөненбаеваның ізбасарлары деп қазақ қыздарына комбинезон кигізгендегі түпкі мақсат не? Саясат үшін суық темірді сүйріктей саусағымен аялаған қыз ертең қалай жар сүйіп, ана атанады? Оның бойындағы әйелдік әдемі сезімнің бәрі мұздай темірмен бірге мұз боп қатып қалмай ма?
Халел әлгі сөйлемдердің бәрінің тұсына бір ілмешек белгіден қойып, троллейбустан түсіп, ЖенПИ-дің жатақханасына келді. Айымкүл бөлмесінде екен. «Кешке қарай таратарсың, тек сенімді адамдарыңа бер. Өте асығыспын. Хабарласамын»,— деп келген ізімен кері қайтты.
Айымкүл келуінен кетуі тез бұйра шашты, қой көзді жігіттің асығыстығына таң қалып, бір сәтте бір бума қағазды қобыратып қолына ұстап қала берді. Сары пәпкедегі қағаздың сыры мынадай еді:
"Оян, Қазақ, оян, Елім!"
-
- Өзіңді намысы бар азамат деп санасаң, ойланатын уақытың жетті, бауырлар! Туған жер тоналуда. Ана тіліміз, мәдениетіміз ұмытылуда. Орыс шовинистерінің осы саясаты өзгермесе, қазақ ұлтының жер бетінен жойылар уақыты да алыс емес. Тарихтың бұл тәлкегінен тек күрес арқылы ғана аман қалуға болады. Отанымыздың тәуелсіздігін, Қазақ елін жойылудан сақтау үшін біз, қазақ елінің азаматтары, орыс отаршыларына мынадай талаптар қоямыз: Бір ұлтқа табындыру, орыстандыру саясаты тоқтатылсын.
- Орыстарды қазақ жеріне қаптатып қоныстандыру тоқтатылсын.
- Қазақстандағы барлық оқу орындары, мекемелер ұлттық тілімізде болсын.
- Термоядролық қаруларды сынап, химикат «тыңайтқыштармен» улап, қазақ жерін шөлге айналдыру тоқтатылсын.
- Қазақ жастарына зорлықпен қой бақтыру тоқтатылсын.
- Ұлт азаттығы үшін күрескен саяси тұтқындар түрмеден босатылсын.
- КСРО Конститутциясының 125-бабында айтылған: сөз бостандығы, баспасөз бостандығы, жиналыс жасау бостандығы, т.б. праволар іске асырылсын.
- Шет елдердегі қазақтарға және түркістандық басқа да ұлттарға Отандарына қайтуға рұқсат берілсін. Олар қудаланбасын.
- Қазақстаннан тоналып, Ресейге жөнелтілетін барлық заттарға шек қойылсын (мұнайға, етке, астыққа, т.б.)
- Орыстар Конституциясындағы «әрбір одақтас республиканың КСРО-дан еркін бөліну правосы сақталынады» делінген 17-бабын естерінде сақтасын.
ҰЛТ БОСТАНДЫҒЫ ЖАСАСЫН!
(Достарыңа оқып бер. Көшіріп, көбейтіп, тарат халыққа, шын азамат болсаң!)
БІЗ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТЕМІЗ!»
«Тезірек жетейін» деп жүрегі атша тулап аузына тығылып, асыға басып келген бетте көңілділеу тұрған бір жігітке ұшырасты.
- Інішек, студсовет төрағасы қайда екенін білесің бе?
Ол студенттер төрағасын айтқан соң сүлесоқтау бұрылды.
- Ол осында, достық кешін өткізіп жатыр.
- Онда маған шақырып жібер де, мынаны өзің студенттерге таратып бер, – деп пәпкесінен бір бума қағаз шығарды.
Ол қағазды түсіріп алмайын дегендей мұқият ұстап, ызың-қиқу музыка әуені шыққан жаққа бұрылды.
Бір жігіт асығыс-үсігіс екінші қабатқа көтерілер баспалдаққа аяғын сала бергенде:
- Жігіт, тоқта! – деді Халел қарынан ұстай алып. Ол қолын сілкіп тастап, «не айтасың?» дегендей одырая қарады.
- Мә, мынаны студенттерге тарат!
- Бұл не?
- Оқыған соң білесің.
Жігіт қолын созып ала қоймады.
Қазір студсовет төрағасын шақырайын, тұра тұрыңыз, – деп жөнеп кетті. «Қандай тәртіпті едіңдер», – деді Халел ішінен. Ауылдан келген қойшының балалары, студсоветке қалай бағынасыңдар. «Жас қазаққа» да осындай ұйымшыл мүше боп кірсеңдер ғой».
Жігіт жөпелдемеде қайта келді.
- Қазір келеді. Кәне, мұнда не жазылған?
Халелді алғаш көрген жігіттің қолындағы листовканы оқып, қауіпсіздік комитетіне телефон соғып жатқан студенттер төрағасы: «Кетіп қалмасын, сен барып алдандыра тұр», – деп нұсқау берген еді.
Көзді ашып-жұмғанша қара «Волга» жатақхана алдына тоқтап, қолын қалтасына сұққан қара плащты екеу суыт шыға келді.
- Міне, мына жігіт, – деді терезеден қара «Волганың» келуін күтіп тұрған интернационалдық достық кешін өткізіп жүрген студенттер төрағасы.
Халел жігітке бір, «Алматы малдәрігерлік-зооветеринарлық институттың жатақханасы» деген жазуға бір қарады.
«Ел тілегін елу миллионға жеткіземіз деп жүргендер менің тілегімді осылай орындағаны ма?!»
Халел екі қара плащтының ортасында отырып Күлтайды ойлады.
Толғақ қысып, ыңыранған даусын естіген жақсы көрші әзірбайжан Саадам оны көне «Москвичіне» отырғызып, перзентханаға апарғалы жатыр еді.
* * *
— Аптықпа! – деді тергеуші артында отырған тықыр басты, біраздан бері күн тимеген өңі сары аурудай сарғайып кеткен тұтқынға, – Аптықпа. Сұраққа ғана жауап бер. Айтып үлгересің, – қарт тергеуші Мұқанов тұтқынның берген жауабын әріптері тышқанньщ көзіндей жыпырлаған машинкаға тық-тық еткізіп теріп басып отыр. Артымда тұтқын отыр-ау деп те қауіптенбейді. Әдетте, тергеушілер тұтқынды еденге шегелеген орындыққа отырғызып, қолын кісеннен босатқаннан кейін өздерін де тырп еткізбей орындықтай шегелеп тастайтын. Сәл қозғалса: «Қазір кісендеп қоямын» деп қолында бар билігін бетке басып, қорқытатын. Ал, мынау самайын ақ қырау шалған қара торы, сәл еңкіш тартқан кісі олай емес, артымда тұтқын отыр-ау деп те сескенбейді. Өзіне-өзі сенген көңілмен қара «Ятраньды» тық-тық басып, әр әріпті мұқият ақ қағазға түсіріп отыр.
- «Жас қазақтың» Анты «Жас гвардияның» антынан да күшті екен, – деді екі қолын машинкадан босатып, Халелге бұрылып. Қимылы баяу, сөзі сырбаз, тұтқыннан жауап алғандай емес, көптен көрмеген адамымен сырласып отырғандай.
- «Жас гвардия» соғыс кезінде құрылды, біз бейбіт заманда, социализм кемеліне келген кезеңде құрылмақшы ұйымбыз. Бейбіт заманның мылтықсыз майданы ауырлау ғой, – деп жауап берді Халел.
- «Жас гвардияның» Анты «Неміс басқыншыларына өлім!» деп аяқталушы еді, «Жас қазақтікі» «Жасасын ұлт бостандығы!» деп аяқталады екен, – тергеуші Мұқанов машинкаға басылған жарты бет қағазды Халелдің алдына тастай салды.
«Қазақтың бостандық сүйгіш азаматтарының ұйымы –
«Жас қазақтың» АНТЫ
Мен, Қазақ елінің азаматы, өз еркіммен бауырларым құрған «Жас қазақ» ұйымына кіремін. Халқымның болашағы, бостандығы үшін күрескен Сырым батыр, Исатай, Махамбет, Кенесары, басқа да қазақтың ардагер ұлдарының ісін жалғастыруға, бостандық туын көтеруге халқыма, қазақ бауырларыма ант етемін. Бостандық жолында, халқыма қызмет ету жолында, қажет болса, жанымды қиямын. Ата-бабаларымыздың отаршылармен күрестегі төгілген қанын еш уақытта естен шығармаймын. Орыс социал-шовинистерінің отаршылдық саясатын әшкерелеп, халыққа түсіндіруден жалықпаймын.
Егер күрес жолынан тайып, бауырларыма опасыздық етсем – мені халқымның қарғысы атсын!
Жасасын ұлт бостандығы!»
Анттың астындағы парақта «Жас қазақтың» Конституциясы жатыр. Соның ең соңғы 9-пунктіндегі «Қазақстан азаматы саяхаттап дүниежүзіндегі қалаған мемлекетке бара алады» деген өз қолымен жазған сөзге көзі түсіп, іші шымыр етті. «Саяхат... КГБ-ның тар түрмесінде, Сәкен мен Ілияс отырған Виноградов пен Калинин көшелерінің қиылысындағы тар қапаста отырысым мынау...» «Саяхат» деген сөз Халелдің көз алдына шалқыған айдын теңіз, көлбеп жүзген ақ кеме, аракідік жағалаудағы ескегі көтерілген қайықтарды елестетті. «Саяхат үшін, еркін қыдыру үшін, теңізде шалқып жүзу үшін тар қапасты да көру керек. Бірақ, – деп енді бір кереқар ой қарсы келе берді, – міндетті емес шығар бұл шарт. «Жоқ», – деп енді бір ойы алдыңғы ойын жоққа шығарды – Біз үшін, қазақтай кең даласы бар, далиған дархан көңілі бар халық үшін міндетті».
- «Жаушының» не жазығы бар? – деді орнынан тұрып, торлы терезеден ой кешіп сыртқа көз тіккен тергеуші.
«Егер тергеуші осылай жауап алса, бұл – тергеу емес, сырласу, дидарласу ғой. Әкеммен арадағы әңгіме секілді» деп ойлады Халел. Торлы терезеден қарлы далаға, жылт-жылт етіп көз қытықтаған сәулеге қарап ойланып тұрған Мұқановтың сырт тұлғасы әкесінен аумайды. Соғыстан жараланып келіп, көшеде таяқ сүйеніп жүріп, тән жарасы сыздағанда жаны қиналып, маңдайы тыржиып, жан жарасын білдірмеуге тырысатын әкесінің сөз мақамы да мына кісінің сөйлегеніне келетін. «Тіріліп келіп, мені қорғаштап отырған әкемнің әруағы емес пе, әкемнің елесі емес пе?» деп, жан серігі – ұзын-сонар қиялының бір ұшынан ұстай алғанда тергеуші баяу бұрылып, сарғыш пәпкенің арасынан тағы бір парақты алып, алдына тастай салды.
- «Жаушының» не кінәсі бар еді, жазған адамға әбден өкпелепсің, – деп, сөз соңын әзілдің иіріміне батырып, машинкаға қайта отырды.
«Жаушы» романының авторына» деген сөйлемдер Халелдің көзіне күйген темірдей басылып, қарып өтті. «Е- е, бұлар үйімді тінткен екен ғой, бәрін тәркілеген екен ғой».
- Аға, айтыңызшы, әйелім біле ме менің осында екенімді? Аяғы ауыр еді?
- Тергеуші түсін жиып алды. Аптықпа! – деді тағы да. Сірә, бұл сөзінің мәтелі болса керек. – Біледі. Әйелің үйіңде, ешқайда кеткен жоқ.
- Ертең – жаңа жыл. Өзі айы-күніне жетіп отыр еді.
- Әзір әйелің – үйіңде, болашақ перзентің – құрсағында. Тергеу үстінде басқа мәселелермен айналыспайық.
«Жас қазақтың» сөзі – сенің сөзің ғой.
- Иә, менің сөзім. Бірақ, бұл бастамасы ғана. «Жас қазақ» «Жас гвардия» секілді немістердің жатағын өртеп, тұтқындарды дарға аса алған жоқ. Бұл тек бастамасы еді.
- Өзің тағы бір оқып шықшы. Халел өз жазғанын өзі құныға, 37-жылы «халық жаулары» отырған, тек үсті қайта-қайта сырланған орындықта тік қалпын бұзбай рахаттана, кең тыныспен оқып шықты. Сосын тергеуші парақты қолына алды да:
- Сонда қазақ орысқа өз еркімен қосылған жоқ деп ойлайсың ба? – деп қайыра сауал тастады.
- Өз еркімен қосылған жоқ? Заманның желі орысқа қуып тықты, Қытай мен Жоңғардың шоқпары қосылмасына қоймады. Сондықтан да болар, «өз еркімен» дегенді айрықша атап жазатыны. Қазақстанның Россияға қосылуының пәлен жылдығы деп жазса да болады ғой. Олар «өз еркімен» деген сөзді қосып, өздеріне қосып алғанын бүркемелегісі келеді.
- Ім-м... – Мұқанов тағы да торлы терезеден шыжымдап түскен Күн шуағына бетін бұрды.
- Бұл хатты кітаптың авторына табыс еттің бе? Үлгере алмадым.
- «Қаһарды» неше рет оқыдың? Үш рет. Ол – менің жастанып жатар кітабым.
- Кітапты оқығаннан кейінгі пікірің қандай?
- Бұрын Махамбет, Аманкелдінің күресін таптық күрес деп келдік қой. Шынында, олар ұлт-азаттық күресі екен.
- Сонымен, кітапты оқығаннан кейінгі нақты пікірің қандай? – тергеушінің даусы қатқыл шықты. Кейде әкесі даусын көтергенде осылай жарықшақ араласып кететін.
- Ұлт-азаттық көтерілісін жасауға болады деген қорытындыға келдім.
- Ал, Ермак пен Кенесарыға қалай қарайсың?
- Ермак – қазақты қойдай қырды, екіқабат әйелдердің ішін жарып, шарананы қылышқа іліп шыңғыртып, қорлады. Оны сол шараналардың інгәсі тұншықтырып өлтірді.
- Кенесары ше? Кенесары ұлт-азаттық көтерілісін жасады, халқын сыртқы жаудан қорғап қалмақшы болды. Артық кетсе, халқының қамы үшін істеді деп ойлаймын. Кенесарыға ескерткіш жоқ, Ермаққа ескерткіш орнатып қойдық, бір қаланың атын бердік. Құлағында шараналардың іңгәсі жел боп ұйтқып тұрған шығар.
- Бұл екеуміздің шаруамыз емес, – тергеуші тұтқынды тыйып тастады, – Атласов деген кім?
- Ол – екінші Ермак. Қазақ пен Сібір халықтарын қойдай қырған.
- Мына мақалаларды жазғанда қандай сезімде болдың? – Сары пәпкеден алып, бір бума қағазды алдына тастай салды. – Қарап шық, өз дүниелерің ғой.
Халел қаламының ұшынан шыққан «Орыстардың дүниежүзілік жандарм болуға тырысуы», «Одақ па әлде отар ма?», «Прогресс пе әлде құлдырап күйреу ме?» деп тақырып қойған мақалаларын көріп, дәл бір өтенінен біреуді көргендей қуанса, бір жағынан іші мұздай қатып, шымырлап кетті. «Түгел тәркіленген екен де» деген жалғыз-ақ ой әлгіндегі сауалды тағы да еріксіз тежеді.
- Әйелім екіқабат еді... бір хабарын білсем деп едім.
- Әйліңнен уайым жеме. Мен барда... – деп іркіліп қалды да, – уайымдама, – деді қайталап.
Тергеушінің мына сөзінен кейін көңілі жәй тапты. «Әлде мені жұбатқаны ма екен? Әлде... осы кісі шынымен әкемнің елесі ме?»
Тағы да терезеге қараған кісінің жіңішке тұлғасына, еңкіш тартқан жон арқасына барлай көз салып тұрғанда:
- Автономия – тәуелсіздікке жатпайды деп шешкенсің бе? – деді ақырын бұрылып. Сосын ең үстінде жатқан «Одақ па әлде отар ма?» деген мақаланы бел ортасынан бастап оқи бастады. – «Егер социалистік партия қаналған ұлттарды отаршыл мемлекеттің күштеп ұстауына қарсы болса, ол партия үкімет басына келген соң өзі де ұлттарды күштеп ұстаудан бас тартуға міндетті», – деді В.И.Ленин. (В.И.Ленин, Шығармалары, 4-басылуы, 22-том, 507-510-беттер). Ал Россияда социалистер реформадан кейін де отар болған ұлттарды уысынан шығармай, олардың тәуелсіз ұлттық мемлекет болуына ерік берудің орнына «социалистік мәдени одақты» уағыздап, «советтік республикалар одағы» дегенді ойлап шығарып отыр. Орыстар «тәуелсіздік» деген сөзді «автономия» деп үнемі шатастырады (1896 жылы Лондонда өткен Халықаралық конгресстің шешімдері орысшаға аударылғанда да «ұлттарға тәуелсіздік беру» деген сөз «автономия беру» деп аударылған).
- Өзің жазғандарыңның бәрін ұлы көсем Ленинмен тұздықтап отырады екенсің.
- Мен Маркс пен Ленинге қоса Неру мен Гандиді де оқыдым.
- Аптықпа, – деп тергеуші бұрынғы әуеніне салды. – «Империализм дегеніміз» деген жолдардан бастап дауыстап оқышы, – бір шетінен қыстырғышпен қыстырылып, екі қолға кезек өтіп, жалп-жалп етіп жалбыраған парақтарды қайта ұсынды. – Оқи ғой. Сенің даусың сәл қырылдап шығады, әйтпесе Левитанның нағыз өзісің.
- «Империализм дегеніміз – өзге елдің мүлкін тонаушылар. Егер Россия Қазақстанды тонамаса, Қазақстанның мұнайы, алтыны, көмірі, жыл сайынғы миллиард пұт астығы, дала толы жайылатын малының еті қайда, 21 мың завод-фабрикаларымыздан шығатын және радио мен баспасөзіміз хабарлайтындай: «артығымен орындалатын» өнімдеріміз қайда? Жеріміздің асты-үстін бірдей тонап алып, оның орнына Россия қазақ жерін тыпыр еткізбей ұстау үшін армиясын төгіп, Қазақстанды орыс қаруын сынайтын жаттығу алаңына айналдырып отыр. Шет елдермен ядролық қаруларды сынауды тоқтату жөнінде келісім жүргізе отырып, орыстар қаруларын Қазақстанда сынап, халқымызды ауруға ұшыратып, жерімізді шөлге айналдырып отыр. Семейдің Абралы ауданында, Шығыс Қазақстанда, т.б. жерлерде өткізіліп жатқан ядролық сынаулар – орыс өкіметінің «одақтас республикалар» деп аталатын отарындағы ұлттарға қалай қарайтынын айқын көрсетеді. Орыстардың шекарасы бөлек Моңғолия, Чехословакияға, т.б. елдерге істеп отырған ісіне отарлау демегенде, Одақ дейміз бе? Моңғолияда, Польшада, ГДР, Чехословакияда, Венгрияда және «одақтас» деп аталатын 15 «республикада» орыс әскері тұрғанда және орыстар осы елдердің ішкі ісіне қол сұғып, олардың ұлт-азаттық көтерілістерін жаншып, басып отырғанда, орыс өкіметі бұл елдермен «бейбіт одақ» екенін айтып, сандырақтап, дүние жүзінің азаматтарын күлдірмегені абзал».
- Кеш туғансың, – деді Мұқанов енді арт жағына шығып. – Кеш туатын жұлдыздар болады. Жарқырап тұрады да, жоқ болып кетеді.
- Кеш тудым деп өкінбеймін.
- Өзің образбен сөйлейсің, орыс империясын динамитке теңегенсің бе?
Халел ту сыртынан сөйлеп тұрған кісінің сөз саптауын «мені мұқатып тұр-ау» деп ойлады да, «жазғанымның бәрін жаттап алған ба, не деген зерде» деп, тағы да ұстатпайтын қаңбақты қуа жөнелгенде тергеушінің даусы тоқтатты.
- Соңғы абзацыңды оқышы, өз дауысың – қоңыр үніңмен естиін.
Халел тергеушінің сөзінен бір кекесін сарынын сезсе де, баяғы тұтқында отырып опера айтқызған майорды есіне алды; сол кезде оның мәнерінен де өзінше кекесін жорып, кірпідей жиырыла қалғанымен, түптің-түбінде онікі азаматқа жол көрсету болып шықты. Мына кісінің сөзінде де, әсіресе, мана Күлтайды сұрағанда «мен барда уайымдама» дегені жүдеу көңілін марқайтып жіберді.
- «Ұлы орыс ұлтшылдығы – орыс халқының демократиясын жеңді. Орыстар қаншама жанталасып, отарындағы халықтарды тонап, орыстандырып жоймақ болса да, ұлттардың тәуелсіздік алатындығы тарихи заңды нәрсе. Жүздеген ұлттарды отарлап отырған орыс империясы – жарылғыш динамиттің үстінде отырған адаммен тең». – Халел парақты үстелге қайта тастады.
- Иә, динамит жарылады, қопарады. Бірақ, бір динамиттен не шықсын. Ол әлсіз, ол аздық етеді... Ал, мынауың тіпті, керемет, – деп сары пәпкенің ең астында тұрған қаламмен айқыш-ұйқыш салынған Қазақстан мен Россияның сурет-картасын алып көрсетті де, қоңыр даусымен өлеңдетіп оқи жөнелді.
Завод салды, жол салды,
Россия қолын мол салды.
Астық, мұнай кенді алды,
Тоналмай, Қазақ, нең қалды?!
- Өзің өлең де жазасың-ау деймін?
- Жоқ, жазбаймын.
- Сижу за решеткой в темнице сырой... Кімдікі?
- Александр Сергеевич Пушкиндікі.
- Азамат!
Тергеуші машинкасына қайта отырып, тық-тық еткізіп бір нәрселерді тағы да жаза бастады. Бүлк-бүлк еткен жауырынына, дір-дір еткен иығына қарап отырып, «шаршаңқырап қалған кісі ғой, мендейлердің талайын алдынан өткізген әккі ғой» деген сумаң ой бой көтере бергенде, сәл бетін бұрды да:
— Жігітім, – деді. – Енді екеуміз бір рет кездесеміз. Ол Жаңа Жылдан кейін. Жаңа – жетпіс жетінші жылды жақсы қарсы ал. Қасыңда біреу бар ғой, ішің пыспасын деп әдейі жібердім, – деп, есікке жапсарлас түймені басып қалғанда, қара погонына «ГБ» деп айшықтап жазған солдат кісенін ұстай кіріп, қолына салды да, Күн көзі шыжымдап құйылған торлы терезеден аулақ – кеңсенің астындағы күңгірт жертөлеге қарай әр адымын санап басып ала жөнелді.
***
Күндіз-түні көмескі шамы жанып, көздің қарашығын талдырған аядай камераға екінші боп келген серігі – банк операциясынан ұсталған ақшагер әрі қолының еп-себі бар, иіліп тұрған сыйлампаз да өнерлі жігіт болып шықты. Өзімен бірге ала келген шоколад жалатылған печеньесін үгітіп, «Рама» майымен басын біріктіріп, нан мен бөлішкенің қиқымын қосып, екі адамға жетерлік торт жасап қойыпты.
– Пешенемізге жазғаны да, Халеке. Жаңа Жылды тергеу камерасында қарсы алып отырмыз, – деді жасаған тортына баға сұрағандай көзінің астымен бір қарап қойып.
- Жазғыш адам жазған екен де.
- Енді бір-екі фужер тәтті шампан болғанда...
- Ең тәтті нәрсе – бостандық. «Бостандық деген шырын сөз»
деп неге айтады десем...
Кәнігі ақшагер:
— Түрмедегі жаныма жақпайтын нәрсе – темір есіктің ашылып-жабылуы, – дей бергенде, есік әдеттен тыс салдыр-гүлдір ашылып, кезекші басын сұғып: «Тергеуші Мұқановтан»,– деп алыстан тартатын «NS» транзисторын Халелдің қолына ұстатты.
«Е-е, бұларың менің үйімді 28-жылғы кәмпескедей ғып тәркілеген екен де. О-оу, Күлтай шырақ, сен қайда қарап отырсың?»
Халел үйіне радиостанция орнатып, кешкі алты мен алты жарымның арасында бүкіл аудан көлеміне тарайтын құпия хабар жүргізген еді. Денешынықтырудан сабақ беретін Тоқтамыс екеуі үйрене келе жеңіл машинаны баяу жылжытып отырып, «Одақ па әлде отар ма?», «Ұлттардың ассимиляциялануы туралы» деген екі мақаласын радиодан оқыған. Онан кейінгісіне үлгере алмады. «Транзистор қолында. Осылар қасыма Күлтайды әкеп қосып қойып жүрмесе». Ол дәл осы уақытта Түркиядан берілетін «Азаттық» радиостанциясының хабарларын тыңдаушы еді, қара радио қолына тиген бетте қышқылтым тортты тастай сап, ғыр-ғыр еткізіп, қызыл сызықты арлы-берлі бұрай бастады.
- Жетпіс жетінші жылдың келуіне екі жарым сағат қалды, Халеке, тортымызды сол сәтке сақтайық.
- Сақтай бер.
Ол «NS» транзисторын жанын алып ғырылдатып, тамырдай кілтілдеген қызыл сызық көп санды тұсқа жеткенде, мұрнынан сөйлейтін маңқа адамдай бір дауыс естілді де, іле әлгі дауыс жарқын шыға бастады.
- Эфирде «Азаттық» радиостанциясы. Жаңа Жылдық құттықтауларды тыңдаңыздар.
Еркін өмірдің самалын керіле жұтқан әркім-ақ ойына келген бар жақсы сөзін айтып, бірін-бірі құттықтап жатыр. Бір сәт баяу мақамды қарт кісінің даусы естілді. «Бүгінгі күні еріксіз шырмалып қапаста отырғандар қаншама. Мейлі, жазықты болсын-болмасын, олар да адам ғой». Халел радио даусын сәл көтерді. «Құдай соларға қайғыны да, қуанышты да қатар көтерер қуат бергей!» Екеуі де үн-түнсіз бір-біріне қарады. «Құдай» дейді. «Азаттық» радиосының аузынан Құдай шығады. Ал, басқа арналар неге үндемейді? Орталық Комитеттің бір пленумында тың облысынан келген совхоз директоры: «Биылғы міндеттемең қанша?» деген төрдегі бірінші хатшының сауалына: «Құдай қанша берсе, сонша аламыз», – депті. Әлгі айтқыш мінбеден түскен бетте жұмысынан босатылыпты. Осылар «Құдайдан да асып түстік» деп жүр ғой. Кілтілдеген қызыл сызықты сәл оңға жылжытып еді, «Енді КПСС Орталық Комитеті Бас Секретарының совет халқына Жаңа Жылдық құттықтауын тындаңыздар,– деді диктордың қоңыр даусы. Халел қара радионы кілт өшірді де:
- Кел, інім, енді тортымызды алып қояйық, – деп жоқтан бар ғып жасаған төрт бұрышты жұмсақ наннан бір тістеді.
Халел тергеушінің транзисторды неге жібергеніне таң қалды. «Заттық айғақ ретінде ұстағаны ма? Онда бағана неге көрсетпеді? Әлде ол кезде тәркілеп үлгермеді ме? Күлтай кітаптарымды қайтті екен? Соның жаны жараланбаса екен? Жаңа Жылды үйде жападан-жалғыз қарсы ала ма?».
Әке-шешесінің үйіне барса ғой. Әке-шешесі де менен түңілген шығар, мен де бір Хибаксуя болдым ғой. Қазақстаннан шыққан Хибаксуя...»
Сен, інішек, Хиросимадағы Хибаксуя дегенді біесің бе?
- Ол не зат? – деді жас ақшагер әлі жеп тауыспаған тортынан бір тістеп.
- Ол – Хиросимадағы атомнан зардап шеккен нөмірлі адам. Онан бәрі қашып жүреді. Онымен ешкім құда болмайды. Мен де қазақтың Хибаксуясы боп кетер ме екенмін?
Жиырманың бел ортасын жәукемдеген жігіт мәнсіз күлімсіреді.
— Қайдағыны... қайдан тауып айтасыз?
«...Әлде Жаңа Жылды көңілді қарсы алсын деп тергеушінің жібергені ме? Әлде бір жеріне жазып алатын таспа орнатты ма екен? Не де болса, не жамандық, не жақсылық үшін...
- Радионы қойып жіберші.
Дың-ң-дың-ң-дың-ң... Кремль куранттары соғып жатыр. Жаңа Жыл – 1977 – жаңа Жылан жылы келді.
- Кел, бауырым, құшақтасайық, – Халел торт жасап, құрақ ұшып жүрген жанына серік жас жігітті құшырлана бауырына басты. Бұл сәт оның көз алдына «бір аяғы жерде, бір аяғы көрде» Күлтай ғана көлеңдеп тұр еді.
* * *
— Иә, 77-нің ауасын жұттың ба?.. – тергеуші Мұқанов есіктен кірген тұтқынға оқты көзбен тесіп жіберердей тесіле қарады. Көз жанарының тұңғиығында тұрған шашын артына тік қайырып, самайына дейін бұйра толқын боп лықсыған Жігітті өзі көп оқыған философ Бердяевтің суретіне қатты ұқсатты, – Отыр.
Күзетші қолынан кісенді алып, шығып кетті. «Түрменің ережесі – қорқақтардың жазылмаған заңындай-ау, әйтпесе бас-аяғы үш қабатқа шыққанша мен кімді буындырып өлтіре қояр екенмін» деп, Халел мұздай қарыған кісеннен босаған білегін сипады.
Бүгін тергеуші үстіне полковник үлгісіндегі қызмет киімін киіпті, бүкіл марапат белгілерін тағыпты. Соғысқа қатысқан, талай мәрте жаралы болғандығын айғақтайтын белгілер омырауында көзге ұрып көрініп тұр. Сірә, бүгін бір салтанатқа қатысса керек?
- Сен ана жақтың тұз-дәмін тататын болдың, – деді әдеттегідей терезеге қарап. Бұл жолы торлы терезенің ашық шетінен шыжымдаған Күн сәулесі түспеді, сірә, дала қар, аспан бұлт болса керек, – Болмады. Сенің ісіңді Орталық Комитет, Саяси Бюро мүшесі қарамады, ысырып қоя салыпты. «Жас екен, тәрбиелеңдер» дегенде, көп хулиганствоның бірі боп кетер ме еді. Ана жақтың тұз-дәмі тартып тұр екен. Саспа. Жиырма жеті-ақ жастасың. Екі-үш жылда қайтып келесің. Сен Серов дегенді естіп пе едің?
Тергеушіден көзін алмай тұрып басын изеді.
- Сол атылып кетті. Сенің статьяң үш жыл мен атудың арасы. Мен сені ескертумен қалдырып, бостандық алып берсем бе деп едім. Болмады. Қорықты. Оларды да аңдитын артында адам бар ғой.
Халелдің көмейінде «Күлтайдан, әйелімнен хабар бар ма?» деген сұрақ кептеліп тұр, тергеушінің терезе алдында жәй басып жүріп айтқан сөздері құлағында ызың-ызың етеді.
- Үй-ішімнен ешкім келген жоқ па?
- Аптықпа, – деді әдеттегі мақаммен. Сөйтіп, үстел үстіндегі күнтізбеге қарап, басын көтерді де:
- Желтоқсанның 16-сы күні ұлды болдың. Жаңа Жылды қарсы алсын, аптықпасын деп айтпадым. Көңілің көтерілсін деп транзисторды жібердім, – деп терезе алдында томпиып тұрған, күзетші ұстай келген қара «NS»-ке бір көз салып өтті. – Құттықтаймын, жолыңды жалғастырар ұрпағың бар.
Енді полковник өз орнына жайғасып, оқушыдай қос қолын алдына айқастыра отырды.
- Мен – алпыстамын. Бұл да менің соңғы тұяқ серпуім, жақында зейнетке шығамын. – Қараторы өңінен қан жүгіріп өткендей екі беті нарттай қызарып, орнынан қайта тұрды, – Қырық алтыншы жылы, лейтенант кезімде, Балтық бойының ұлтшылдарын тергеп едім. Сонда ойлаушы едім... – күн сәулесі көрінбей қыс ызғары білінген терезеге қарады. – Сонда ойлаушы едім, бізден де, біздің халықтан да осындай ұлтшылдар шығар ма екен деп... отыз жылдан кейін сенімен кездестім. Сен біздің тұңғыш дисседентсің. Сұрағың бар ма? – полковник жалт бұрылғанда өңіндегі жаймашуақ көктем лебі сытылып кетіп, әп-сәтте соққан ызғармен орын ауыстырды.
- Сұрағым... Үй-ішімнің бәрін тәркіледіңіздер ме? Кітаптарым, қағаздарым...
Тергеуші орнына қайта жайғасты да, көне пәпкеге көз жүгіртті.
- «Одақ па әлде отар ма?», «Орыстардың дүниежүзілік жандарм болуға тырысуы», «Интернационал және оны орыстардың қолдануы», «Паспортты жетілдіру Заңы туралы», «Прогресс пе әлде құлдырап күйреу ме?», «Бақылау комитетін құруға шақырамын» деген мақалаларың менде. Транзисторың өзіңмен бірге түнеп шықты.
- Мұның бәрін қалай таптыңыздар?
Тергеуші сәл еңкейіп тартпасын ашты да, бір бет қағазды желп еткізіп алдына лақтырып тастады. Күлтайдың қиқы-жиқы жазуы. «Осыған жазуыңды жөнде деп қанша айттым, қобыздың ішегіндей түзу жазсайшы деп қанша ескерттім». Халелдің өңі бірте-бірте өзгеріп бара жатты. «Жазса жақсы нәрсе жазбапты ғой. Бұл өмір бойына қисық жазуға арналған қол ғой».
Түсінік
Күйеуім Халел Мұңайтпасов түнімен отырып мақала жазады. Оны тауып бердім. Радиостанциямен хабар таратады. Джансугурово деген жазудың «Д» әрпін алып тастаған да сол. «Республикамыздың болашақ туы осындай болады» деп маған қолдан жасыл ту тіккіздірді, сонда дұрыс тікпедің деп ренжіді де...»
«Ой, сорлы-ай, ұмытпапсың-ау».
«...Қазіргі өмірге риза емес. Көп айтып, миды көп ашытады. Өзім де осыдан шаршадым».
- Аға, мынаны өз ақылымен жазды ма?
- Мен ешкімді зорлап жазғызбаймын. Мені біліп келе жатқан шығарсың. Айтпақшы, жасыл туың да осында, – Мұқанов бәрін ішіне сыйғызып маңқиып тұрған темір сейфті ашып, Күн мен Шаңырақ бейнеленген жасыл Туды шығарды. – Киіз үйде өскенің көрініп тұр.
- Иә-ә... келініңіз декабристің жұбайларындай бола алмады.
Мұқанов бұрын көрсетпеген шалттықпен жалт қарады да, сыйдам саусақты жұқа алақанын ұсынды.
- Келесі аптада сотқа барасың. «Қас үлектен туған кәтепті, қара нар керек біздің бұл іске». Кім?
- Махамбет.
- Басыңды тіктің бе бұл іске, енді қара нар бол! Тірі жүрсек кездесерміз.
Орындықтың дәл артындағы көздей түймені басты. Күтіп тұрған кезекші мұздай кісенді әкеп білегіне салды.
Тұтқын күзетшінің алдында тіл қатуға болмайды. Халел басын изеді, самайын ақ қырау шалған Мұқанов кірпік қақпай тұрып шығарып салды.
Үііі қабаттан жертөлеге түскенше «бұл декабристің жұбайларындай бола алмады» деген ой төмендеген сайын жігіттің жанын жеп, дүрс-дүрс соққан жүрегін бір зілмауыр күш жер астына қарай жетелей жөнелді.
Есік салдыр-гүлдір ашылып, саңылауға сиып, қырындай кірген Халел «Өзім тұтқынға түскен күні ұлым жарық дүниеге келіпті. Сол азат жүрсе, азаттыққа жетсе болғаны» деп, жебеусіз жанын өзі ғана аялап, тастай қатты ағаш нарға ептеттеп құлай кетті.
* * *
Бүгін ертелетіп, бүкіл тұтқын ер-тұрмандарын тартынып, кішкентай дорбаларын иыққа салып, түрменің алдындағы ашық алаңға шықты. Алаң болғанда жан-жағы білем-білем темір қоршау, төрт бұрыш тордың үстінде көк аспан төңкеріліп төніп тұр. Сірә, тұтқындар ашық аспанмен, жарқыраған Күнмен тілдесіп қояр деп қорықса керек, аспанды да адамдардан көлегейлеп қойыпты. "Ой, Алла- ай!" деп күрсінді көп тұтқынның арасында дорбасын асынып тұрған Халел, – Баяғыда, оқушы кезімізде, тауық фермаға жұмыс істеуге барғанда, төбесі қоршаулы торды көруші едік. Сонда тауықтар ешқайда шыға алмай таңды күтіп мүлгіп тұратын; ал адамдар ше? Иисус Христостан басқа ешкімнің Көкке ұшып кеткенін естімеп едім". Төрт бұрышты тордың тесігінен саңылау тауып шыжымдап себезгілеген Күн сәулесіне қарап, екі айдан бері жұтпаған саф ауаны жұтып тұрған Халелдің кәнігі серігі – қиялы көкірегін Күн сәулесі секілді инесімен сұққылай бастады. «Тұтқын да тордағы тауық. Сайлауға, сайлануға қақысы жоқ, сен де түрмеде шашқан жемді шұқып жеп жүрген тауыққа айналарсың». Күлтай көз алдын кес-кестеп өтті. «Тіпті, түсінікті бұлар ойлағаннан да артық қып жазып беріпті-ау, сабазың. «Өзім де шаршадым» дейді. Қиқы-жиқы, бірі түрегеліп, бірі құлаған әріптерден құралған сөйлемдер лупамен қарағандай бірте-бірте зорайып, үлкейіп, бадырайып бара жатты. «Өзімде шаршадым». «Шаршасаң демал». Сотқа да келген жоқ. Себебі, емізулі баласы бар. Сотқа тек әпкесі келді. Ол да үкімді естірткенде жылап-сықтамады, естілер- естілмес «Аман бол»,— деді де, суық қоштасып кете берді. Сосын «Ой, Алла-ай!»— деп өз-өзінен таң қалды. Қара шапанын шешіп, оның орнына сұр костюм, ақ көйлек, қара галстук таққан Бычков институтта тәлім беруші ұстаз ретінде қатысты. Стрельцов – куә, қой бағып келіп, оқуға түскен зоотехникалық-малдәрігерлік институттың екі студенті – айғақсыз куә – айналдырған үш адам бас-аяғы бір сағатта соттады да жіберді.
Соңынан кездесуге іздеп келетіндердің тізімін сұрағанда ешкімді жаздыртпады. «Екі жыл ешкімді көрмей-ақ қояйын». 170-те 1-бап өлтірмес. Ешкімнің керегі жоқ. Ал, Күлтай... тек ұлымның анасы болып қалар». Көз алдына жөргекте жатқан өң-түсі белгісіз шарана елестеді, есімі — Наурызбай болады. Өзім екі айдан бері шым-шымдап болса да шуағына шомылған деңгелек Күн, екі айдан бері көкірек кере жұтып тұрған таза ауа, сендердің аттарыңнан сұранамын, ұлымның есімі Наурызбай болсын. Кенесары аталған жерде Наурызбай қоса аталады. Нау-рыз-бай!»
- Стройся в одну шеренгу!
Офицердің өктем үні Төретамдағы лейтенант Власовтың даусына ұқсап кеткендей болды.
Ауыз-мұрны жоқ томар машина – автозек көткеншектеп бұрылып келді. Сотқа барып-келгенде көрді – төбедегі ауа кіріп тұрар төртбұрыш тесігін де жауып тастайды екен.
- Мұңайтпасов Халел!
Зып етіп кіріп, бітеу дөңгелектің бел ортасына жайғасты. Жолдың қам-қарекетін білетін әккілер тығып ала шыққан тақта шәйді сағыз ғып шайнап, малжаңдап, езулері шылпылдап тыным табар емес.
- Білеміз, этап келгенше ақ отауда қанша тұратынымызды. Пойызға мінгенше сиіп жіберуіміз мүмкін. Тақта шәй сідікті біраз тоқтатады. Шайнаңдар, сабаздар, шайнаңдар, мұндай кәйіпті іздеп таппайсыңдар. – Біреу самбырлап сөйлеп тұр.
Халел бітеу машинаға мінерде Күлтайдың қиқы-жиқы жазуымен бірге қою қара өңі, безеу қаптаған бетінің ұшы да көз алдына келіп, ЖенПИ-дегі студенттер төрайымы – ұзын бойлы атжақты қыздың бейнесі де қатар көлең ете қалды. Бір бума листовканы қобыратып қолына алған күйі «Асығыс едім» деген бұны көзбен шығарып сап қала берді. Ұзын бойына ұзын кірпікті қара көздері, еденге дейін сүметілген гүлді қызыл желеңі сондай жарасып тұр. «Есімім – Айымкүл», – деді ғой.
Машина теңселіп жүріп кетті. Тарс етіп жабылған есік, тордың арғы бетінен жылт-жылт етіп көрінген қарулы үш солдат, ұстайтын тұлдыры жоқ жерде бірін-бірі қармаған көп тұтқын...
- Антикоммунист, мықтап ұста, – деді қарсы алдындағы құлақшынының құлағын төмен түсіріп алған бұжыр бет дәу қара.
- Қайдан ұстаймын?
- Енегіңнен.
- Сенікінен ұстамасам...
- Менікін барғасын ұстайсың. Ұстайтындар онда күтіп отыр.
- Антикоммунистке ұстатпайды. Он же новый Генсек, – артқы жағындағы жұқалтаң сары қаңбақтай ұшып-қонып тұрып сықылықтай күлді.
«КГБ осылардың қай жеріне қызықты екен. Көп отырған әккілер ғой. Әйтпесе, бірінші рет кездесіп отырмыз».
- Антикоммунист, біз Москва мен Маңғыстауда кім отырғанын да білеміз. Ал, Жаңатасқа баратындар тіпті, көз алдымызда. Давай, его назовем Генсеком. Ха-ха-ха!..
Машина қатты басылған тежегіштің кесірінен сең соққан кемедей теңселіп, тұтқындар бірінің үстіне бірі ұмар-жұмар құлай кетті.
— Хорошо что, петуха нет. А то самый момент, – деген артқы жағындағы жұқалтаңның жіңішке даусы шықты.
Томпақ машина кілт тоқтады. Тепловоздың өкірген үні, адамдардың алыстан шыққан дауыстары талып естіледі. Халелдің жүрегі атша тулады. «Шіркін, солардың жүздеріне бір қарап, бекетті бір көрсем». Біреулердің күлкісі естілді. «Бекетте жүріп күле сөйлеген адамдар қандай бақытты. Сірә, сүйген жарын күтіп алса керек. Осыдан екі ай бұрын мен де солардың қатарында едім».
Пойыздар Жер-дүниені дүрсілдетіп өтіп жатыр. Адамдардың дабыр-дұбыры, автобустардың бірі-бірінен жол сұрап «бапылдаған» үні... Бостандықтағы әрбір қимыл, әрбір үн қандай бақыт. Бірақ... сол рахат, сол бақытты үндер құлаққа талып естілгенше, мінгізетін пойызына мінгізіп, азаптан тезірек алыс алып кетсе екен».
- Сағаттан кем тұрмаймыз. Ақ отау бізге арнап тігілген ғой, – деді бұжыр бет. – Терпи, Генсек, терпи, ты построишь новое общество, общество без конвоя.
«Мына бұжыр бетің көріпкел ме, немене өзі, бетіме қарайды да, ойлаған ойымды тап басып айта береді. Әлгіндегі «бірақ...» деп тұйықталып қалған ойының жалғасы жібек жіптей ширатылып кетті. "Бірақ, бекетте жүргендердің көбісі бостандықтың терісін жамылғандар. Тері жамылған азаттық ұзаққа бармайды. Оны мынау тұрған бұжыр бет екеуміз білерміз, сірә».
- Да, солай, дәл солай, – деді бұжыр бет күлімсіреп.
Халел жүзін бұрып қырындай қарады. Теріс айналмақ түгілі мынау тозақтың тар қапасында бір қырындау мүмкін емес. Он бес адамдық машинаға қырық бес адамды қойша тоғытып, кептірген балықтай тізіп қойғанын қарашы. Адам, Адамның қақысы дегенді ойлайтын жұмыр бас бар ма екен бұл фәниде?
- Да, да, – деді тағы да бұжыр бет жиырылған езуі көпіршіп тұрып.
- Ты, замолчи, конце концов, – деді Халел өкпесі қысылып, ызасы қозып, жаны ышқынған шақта. Қыс күнінде дала қандай суық болса, қойныңнан кіріп, қоншыңнан шығып, сайсүйегіңді сырқыратқан мына жердің сасық ауасы да басты сақинадай сығып барады. Қолқаны атқан мүңкіген иіс-қоңыс, құрғақ шәй шайнағандардың күйсеген сиырдай шылп-шылп еткен езу дыбысы құлаққа тынымсыз естіледі.
- Да, мы на тебя смотрим с уважением. Ты у нас единственный антикоммунист. Генсек!
Халелдің көз алдына қолына бір бума листовканы қобырата ұстаған Айымкүлдің бұл бұрыла бергенде «Тсс, үндеме» деген үні естілгендей болды. «Жоқ, ол бұлай деген жоқ еді ғой. Мені елес жеңейін дегені ме?».
- Терпи, Генсек, терпи. Қиял — бұл жердегі ең бірінші досың.
Халел бұжыр бетті ауыздан бір қоюға әрекеттеніп еді, қолы байлап тастағандай көтерілмеді, сыптығырдай боп езіліп-жаншылған күйі селт тұр. Үш солдат сыртқы есікті ашып тастап темекілерін бұрқыратып, бұларға рахаттана қарайды. Темекінің, қою түтіні әрі емес бері қалқып кеп, арадағы торлы есіктен аударылып-төңкеріліп, жыланша ирелендеп өтіп, өкпесі жыбырлап жөтеле бастады.
- Терпи, Генсек, терпи!
- Қолым бос болса аузыңды бұзар едім. – Ирелеңдеп, бұратылып, әзәзіл бейнеге түсіп жылжып келе жатқан көк түтінмен ерегіскендей ернін қымқыра тістеніп алды. Бірақ, тосын келген жөтелді тежеп ұстап тұра алмады.
- Перестань, тубик![1] – деді біреу арт жақтан.
«Гө-ө-к!» деп бір көш-керуен пойыз келді де, ілкі сәтте үш солдат темекілерін лақтырып тастап, тарс еткізіп сыртқы есікті жапты. Бітеу машина оталып, сәл алға жылжып барып, кілт тоқтады. «Мал екі аяқты адамдай, адам төрт аяқты малдай екен-ау өзі. Бала кезінде жылына бір рет жармаға тоғытуға апарғанда суық судан сескенген момын түлік – қой шіркін осылай бірінің үстіне бірі шығып ұйлығып тұратын. Адам да керек жерде мал болып жүре береді екен-ау, өзі».
- Приготовтесь!
бекеттегі адамдар – өмір керуені жылт-жылт етіп көрініп қалады; нысана көздеп, мылтықтың ұшын іздегендей бір көзіңді қыса қарасаң анау аңсаған азат өмір – асыққан адамдар, бекет тәртібін қадағалаған боп талтаңдай басып, болмашыдан қылмыс іздеген қызыл жағалылар – қайшылығы мол тіршілік көз ұшында қалады.
Тұтқындар бірінің үстіне бірі шығып, көбейіп келеді. Дәлізде қолына дубинка ұстап, арлы-берлі жүрген солдат-сақшы бір көзін қысып торға үңіліп, бекеттен өмір іздеген бұған «не смотреть!» деп ақырды да, арқасына серіппелі резеңке таяқпен бір салып қап, қара пердені сыр-р еткізіп төмен түсіріп жіберді. Халелдің көз алды қарауытып кетті. Анау пойызға асыққан адамдар, солардың азаттығын қорғаған болып, болмашыдан кінә іздеген талтаң басқан сақшылар қап-қара болып көз жанарының астында күйікке айналып бара жатты. Тек құлағына өзіне үкім шығарып тұрып, жалтақ баладай төменшіктей берген сот төрағасының тұйық даусы естілді; айналаның бәрі тек айыптау, әлгі резеңке таяқ тиген тұс та удай ашытып өтті, «енді келсең қарымтамды қайырармын» деп, қалш-қалш етіп өзін-өзі әзер тежеп отыр. Айналасына қараса – темір тор, ақырған үн, көтерілген резеңке таяқ, құлағында ызың-ызың еткен айыптау үні: 1974-76 жылдары Халел Мұңайтпасов өзінің таныстары арасында қазақ жастарының ұйымын құру керектігі жөнінде әңгіме қозғап, сол мақсатпен «Жас қазақ» ұйымының программасын, Конститутциясын және оның болашақ мүшелерінің антын жазады. Оларда советтік өмір шындығына көпе-көрнеу күйе жағып, совет мемлекетінің «жаулап алушылық» саясаты дегенге қарсы жұртшылық арасында үгіт жүргізуге шақырады».
Поштабай пойыз орнынан жылжыды.
Соңына таман тіркелген темір тордың құрсауындағы аузы-мұрыны жоқ бітеу вагонның төрт доңғалағы да көшке ілесті.
Ілкі сәтте төрт доңғалақ бекетті артта қалдырып, ұлан-ғайыр кең далаға қарай еркін көсіліп, аттандап шаба жөнелді.
* * *
Түрме дегеніміз осы. Екі ай жамбасына батқан тергеу изоляторы жұмақтың төріндей екен. Елу тәулік жалғыз отырды. Соңғы бір жетіде іші пыспасын деп қасына әлгі ақшагерді салды. Бұл да болса тергеуші Мұқановтың жақсылығы.
Халел бала күнінен таза, үстіне шық жуытпайды. Тіпті, оқушы кезінде мектеп директоры тазалығын үлгі етіп, оқушылар түгел қатысқан жиналыстың ортасына шығаратын: қарына қызыл крест тағып, тазалық та тексерді, сонда адамның қанынан қорек алушы бит деген жәндік көбіне қыздардың басынан, ұлдардың ышқырынан шығатын. Қан сорушыларға жалғанда жаны қас еді, қаншама көңіл жақын бала дос – қызанақты тұз сеуіп бірге жейтін серік болса да, ішкиімінде жортып бара жатқан қансорғышты көрсе аямайтын, тізімдеп отырған қызға аты-жөнін дауыстап айтатын; «Бір жолға айтпай-ақ қоймадың ба» деген досына: «Ол сенің қаныңды сорып, қу сүйегіңді қалдырады, онан саған не пайда, онан да қансорғышпен күреске шық, суға түс, жуын!» – деп ақыл айтатын. Сонан кейін доспын деп жүргендері теріс қарайтын.
«Қай ниетімнен таптым екен түрмені? Сол ерекше тазалығымнан, бала күнгі достарымның көңіліне салған кірбіңнен шығар мынау дұшпаныңа тілемейтін тозаққа түскенім». Алғашқы күні мұрнын басып әрең отырды. Он адамдық бөлмеде отыз екі адам, жалғыз әжетхана, сірә, бұл жердің иіс-қоңысы кең жайлаудан сыздықтап самал соқса да желдемейтін шығар. Аузы-басы түгел ұшық. Кешегі аузы-басында сау жері жоқ бұжыр бет әлгінде: «Терпи, Генсек, терпи!» – деп қасынан өтіп еді, тынысы тарылып, қаны қайнап отырғанда, оның үстіне, бітеу машинадан қалған ызаның сарқындысы тағы бар – оқыс қолын көтеріп, тұмсықтан қойып жіберді. Халел мығым, қара күші сыртына теуіп, қашан да бұлшық еті шиыршық атып, өзінің еркек мүсінін сақтап жүретін жігіт. Бұжыр бет аузын басып, ырсиған еденнің саңылауына бір түкіріп тастағанмен қыңған жоқ, мынау ит байласа тұрғысыз лас жер ақ отау, жасыл жайлауы секілді. «Законно!» деді де, бұрышқа қарай жайбарақат жүре берді.
Ымырт жабыла, бақылаушылардың аяғы сиреген тұста, отыз екі тұтқынның тең жартысынан астамы лап қойып, жабылып тепкілеп кетті; бірі бүйірден, бірі іштен, бірі бастан тепті; бұл басы мен бетін қолын айқастыра қалқалап, бүгіліп жатып қалды.
— Хватить! Это Генсеку карантин внутри карантина, – деген бұжыр беттің пәрменді даусы естілді.
Сермелген аяқ бір сәтте сап тыйылып, кісіней шапқан құлындай үйір-үйіріне тарап кетті. Сөйтсе, отыз бес жасар бұжыр беттің он жеті жылы темір торда өтіпті, атақты рецидивист – кәнігі баукеспе екен.
* * *
Қара түнде бір сыптығыр жігіт бір стакан шәй мен бір тілім нан әкелді.
— Вам специально от Мауэра. Он вас уважает. Вы же Генсек. – Көзі жыпылық-жыпылық еткен жіңішке дауыс қолындағысын қоя сап кері бұрылды. Кірлі қырлы стакан мен төбесіне қонжиған бір тілім нан тапал үстелде әлі тұр, оны жейтін тәбеті де жоқ, жақтары қарысып, аузы да икемге келмейді.
Тұла бойы сырқырап, мандайы от боп жанып жатыр. Бір мезет жасағанның жазғанына бойұсынып, талықсып кеткен екен, әлгіндегі жыпылық-жыпылық еткен көздің астындағы оймақтай ауыздан шыққан жіңішке таныс дауыс «Ма-ма!-лап» баяу ызыңдайды. Атып тұрып, дауыс шыққан жаққа қарап еді, сол оймақтай ауыз еңкейіп біреуді еміп тұр; артында бұжыр бет әлсін-әлсін изеңдеп, бір орнында тұрып дамылсыз қорбаңдайды.
- Ма-ма! Ма-ма!- дейді әлгі шәй әкелген тықыр бас қақалып-шашалып.
Халел "Мама" деген сөзді көптен естіген жоқ еді. Өзі болса шешесін "Апа" дейді, сол алыста қалған анасы көз алдына келді де, өзі көрмеген шарана – Наурызбайдың шар-шар еткен үні естілді құлағына. Атып тұрып, жетіп келді. Отыз екі адамның жиырма сегізі үнсіз, сұлық, үш қатар ағаш нардағы адамдар мәйітханада қатып қалған өліктей қимылсыз.
- Прекратите! Хватить тебе, сволочь, изнасиловать! – бұжыр бет ыржың етіп бір қарады да, "мамалаған" тұтқыннан денесін алып шықты.
- Вовремя появился. Я сам закончил.
"Сен сыбағаңды бүгін алдың ғой" деді де, әлі де аспабын тықырбас жігіттің аузынан ала қоймаған, дамбалы көтінен сыпырылып жерге түскен теректей сорайған ұзынды құлақ-шекеден дәлдей ұрды. Анау ұзын болғанымен тіні бос па, әлде жабайы ләззатқа бөгіп, бойы босап тұрды ма, шалқасынан түсті.
- Сорлы! – анадан жаңа туғандай тыржалаңаш, әлгінде ғана бұжыр беттің сәлемін жеңіл жеткізіп кеткен әйел пішіндес жігітті құйрықтан сылқита бір тепті. Ол да ұзынның үстіне омақаса құлады.
- Я тебя уважаю дважды. Ты не только Генсек, но и богатырь, – деп бұжыр бет ауын түймелеп болып, қолын ұсынды. Халел баукеспенің арам қолынан сырт айналып, өз орнына келді. "Таңды көз ілмей күтуім керек. Бұжыр бет өш алмай қоймас". Қиял – серік, қиял – шапқан сәйгүлік. Халел енді сол сәйгүліктің жалына жабысып сақ жатыр. Келсе аяқ жақтан келеді деп, бәтеңкесінің бауын тартып байлап, түймеленіп, төбелесуге – өліспей беріспеуге әзір жатыр.
Бүгін қарантиннің үшінші күні. Қалайы тостақпен келген бетінде тұлдыры жоқ сылдыр суды қасықсыз ұрттап ішеді. Тәулігіне үш тілім қара нан, үш стакан қара шәй, бір қалайы тостақ сылдыр су; бетінде әредік дөңгеленген картоп "мені көрдіңдер ме" дегендей бұлтиып, аударылып- төңкеріліп жүреді.
Халел задында көп оқитын. Бұған дейін де түрме десе құлағын түріп, 37-де "халық жауы" боп атылғандардың кешкен азабы жайлы естіп-білгені аз емес. Мұнда келгелі көзінің жеткені — тұтқындар шизоға[1] әдейі түсуге тырысады екен. Далаға шығып, Күн көзін көрмегенмен бұ тамұғыңда тамақты тәуірлеу береді. Карцер жарықтықтың ені екі жарым шаршы метр, онымен өзі Төретам гаутвахтасында жүздесті; сонда бұныңыз үстіне скафандр киіп, өлім мен өмір арасында басқа планетада жүрген ғарышкер креслосының орнындай екен. Изоляторда әр тұтқын күніне жарты кілә қара нан немесе 150 грамм бидай наны, 10 грамм үн, 120 грамм жарма, 20 грамм макароннан жасалған тамақ ішуге міндетті. Бұның бәрі ақшаға шаққанда 5-9 теңгенің аралығын құрайды. Осыны қайдан оқыдым? "Құлақ естігенді көз көреді" деуші еді әкем, міне, өзім де осының ортасында отырмын. Ең ғажабы, Америка Құрама Штаттарында мектеп оқушыларын түрмеге саяхатқа апарады, белгілі мерзімге камерада да ұстайды. Бұл – олар үшін өмірде естен мәңгі кетпес сурет боп қалады, заңға қайшы әрекеттер жасауына жол бермейді. "Әр елдің салты басқа" болса, заңы да басқа. Біздің оқушылардың қолы жеткендері Артекке, жетпегендері – белуардан су кешіп, күріштің арам шөбін өлтіріп, қолы қанап мақта теріп, картоп қопарып, мал қораның қиын ойып өткізеді үш ай пионер жазын. Салт басқа, заң басқа... Заң... бізде заң бар ма өзі? Шын заңның жүзеге асқан бет-бейнесін көре алмадым ғой. Мен осы тозақты көретіндей не істеп қойдым екен жиырма жеті жасымда?" Қолын басының астына тастап, шалқалай жатты. Тосын келгенді аяқпен тебуге оң тізесін бүгіп, дайын жатыр. Бір кезде талықсып, кірпігі айқасып кеткенін өзі де білмей қалды. Арыстан аңқау да, ақ қоян сақ. Арыстан қорылдап ұйықтаса, қоян алдыңғы екі аяғын көтеріп, өзін андыған түлкіден сақтанып, көзін ашып тұрып, тек ұлы денесін ғана демалдырып алады екен. Адам – ғажап жаратылған болмыс. Адам – Жер бетіндегі ең мықты да, ең осал нәсіл. Оның бойындағы үш арсыздың бірі – ұйқы. Қанша сақтандым дегенмен жіңішкеріп, үзілуге шақ қалған жүйкесі шаршап, қос қарашығы әбден талып, айқасқан кірпіктердің астында қалды.
* * *
Таң атып, қырлы стаканның белуарынан келген қызыл шәйді ерніне тигізе бергенде мүлгіген тыныштықты бұзған темір есік ескі әуеніне сальш, мыйды тілгілеп шалқая ашылды.
- Давыдов, Мунайтпасов, выйдите в коридор, – деген күзетшінің әмірлі даусы естілді.
Тұтқында "Неге?" деген сауал болмайды. "Түрмеде сұрамайды"– бұл осы жердің мәтелі.
Давыдов – түндегі "мамалап" тұрған тыр жалаңаш, еркектен әйел жасаған мекиен екен. Халел өзін соған қосып шақырғанына ызасы келіп, терісіне сыймай тұрды, бірақ тістің арасынан сөз шығарып, тіл қатуға қақың жоқ.
Қолдарын артына ұстаған екеуі түрме кеңсесіндегі "А.Власов – командир отряда" деген есіктің алдына келді. "Апырмай, қайда барсаң да Власов" деген сумаң ой да төбе құйқасын шымырлатып өтті.
- Кіріңдер!
Төрдегі бұқадай өңкиіп отырған жуан мойын капитан:
- Так, Давыдов, курица и петух, идите работайте в туалете канцелярии, – деді.
- Гражданин начальник, кто курица, кто петух? – деді Халел сөз күтпестен.
- Молчать! Конечно петух – ты!
- Не смейте оскорблять!
- Что?! – капитан иығынан асқан қайыс белдікті оң қолымен тастай ғып ұстап алды. – Біз немістерді жеңгенбіз, менің әкем Берлинге дейін барып, немістерді үңгіріне тықты. Ал, сендерді біз бит сыққандай сығамыз да тастаймыз, – деп, екі бас бармағын түйістіріп, сырт еткізді.
- Менің де әкем Берлинге барды. Немісті тек сенің әкең емес, менің де әкем жеңді.
- Что?! – бұл Власовтың сөзінің мәтелі екен,— менің інім Төретамда лейтенант. Сен секілді қатардағы хайуан қашып кетіп, әлі лейтенанттан көтеріле алмай жүр.
Халел "сол қашқын менің тап өзім" деп айта жаздады да, аузындағы сөзін іркіп қап:
- Сен де капитан күйіңде қаласың, – деп сөзінің соңын жұмсақ қайырды.
- Что?! Мынаны қарцерге, Давыдовты туалетке!
- Карцерге мені қамай алмайсың. Владимир Ильич Ленин де қызықты кештің шырқын бұзған надзиратель-сақшыларға қарсылық білдірген. Сен де түрменің шырқын бұзба. Әуелі менің қылмысымды дәлелде, карцерге сосын барамын.
- Сволочь, грамотный!
- Түрмеде де этика мен эстетика ережесі сақталуы керек, азамат бастық! Сіз сөзіңізге жауап бересіз.
- Давыдовты әжетханаға, мынаны орнына апар. Күн көріп, біраз сергісін десем... Өз обалың өзіңе. Кругом, марш!
Даусы да, түрінің құбылуы да, аярлығы да – Төретамдағы лейтенант Власовтың өзі. "Менің маңдайыма Власовтардың билігін жазған екен де".
Есік салдыр-гүлдір ашылып, қолын артына ұстап, камераға қайта кіргенде бұжыр бет Мауэр дәл босағадан қарсы алды.
- Молодец, мир! – деп қолын ұсынды. Халел Власовтың тізгінінен құтылғанына қуанғандай, тар кезеңде жеңіске жеткендей тосын сезіммен қарсы алдында тұрған еңгезердей еркекке қолын соза салды.
- Я точно угадал, что ты так поступишь. Теперь мы равны. Я – Мауэр, ты — Генсек!
Халел таңғы шәйіне қанып, кермек нанға тойып алған езуі көпіршіген тар қуыстағы серігін ауыздан тағы бір қонжитқысы келді де, "осыны қойшы" деп өзін-өзі тоқтатты. "Бұл өз заңына салып тұр ғой. Демек, кәнігі көкжал мен жас бөрінің әрекеті бір жерден шыққаны ғой".
Өз орнына барып жайғасып еді, Мауэр жақ бұрыштан бөксесі әйелдің бөксесіндей бұлт-бұлт еткен тағы біреу қырлы стакан толы қара шәй мен үстіне төңкерілген екі тілім нан әкелді. Қарны ашып, әрі Власов дегендеріңнің өмірде айнақатесіз алдынан шыға беретін кездейсоқтығына таң қала тұрып, нанды қолына алып бір тістеді. "Осы жердің наны, тергеуші Мұқанов айтқандай, "ана жақтың дәм-тұзы". Бұйырған дәмге дауа жоқ". Ыстық шәйді қайта-қайта ұрттап, адамдық кейіпке ене бастаған кезде әлгі салбөксе жігіт келіп:
- Еще хотите? – деді.
- Иә, – деді басын изеп.
"Осы жақтың дәм-тұзы бұйырмауы үшін не істеу керек еді? Сол үлкен кісі, Саяси Бюро мүшесі ісіммен танысқанда не болар еді? Сол Саяси Бюро мүшесімен өмірде сырттай үш рет жүздесіпті.
Консерваторияға түсе алмай Орталық Комитеттің баспаханасында жұмысшы боп жүрді. Бір күні Саяси Бюро мүшесі газет басатын жаңа германдық үлгідегі машиналарды көреді екен деп, он бес жұмысшыны іріктеп, су жаңа киім кигізіп, ел басшысы келгенде сергек болыңдар деп ұйықтатып, демалдырып, алып келді. Екі күн бұрын баспахананың екі беттегі есігі де жабылып, тек газет шығаратын редакциялардың кезекшілері тізіммен ғана кіріп-шығып жүрді; иісшіл итпен бүкіл баспахана машиналарының астын тінтіп, кездесуге екі сағат қалғанда Халелді де машинамен үйінен жұмысқа жеткізді. Жаңа жұмыс киімі, үф еткен қылауы жоқ айнадай таза баспахана, асхана мен буфеттің сөресінде түсінде көріп, тамсанып шығар қара икраға дейін сатылып жатыр. Міне, мереке! Түс ауа, газеттер басылуға дайындалып жатқан кезде, сұңғақ бойлы, жылы жүзді, кеудесіне үш Алтын Жұлдыз таққан кісі өздеріне қарай кіріп келе жатты. Бұлар өз міндеттерін мінсіз атқарып тұр, қағазға басылған қорғасын жайылған қамырдай боп жалпиып, онан кейін төрт бүктеліп газет боп бір түкпірден шығып жатыр.
Сұңғақ бойлы кісі жұмысшыларға қарай беттеді де, дәл Халелдің қасына келді.
- Бұл – комсомол баспагеріміз,— деді директор.
- Көптен істейсің бе?
- Бір жыл болды.
- Болашақ жоспарың қалай?
- Оқуға, консерваторияға түсу...
Ел басшысы бұрылып кетіп, арзан бағамен сатылып жатқан қара икра үшін кезекке үйіріліп қалған қара-құрасы мол буфет пен асханаға қарай бет алды.
Директор түсін жиып ап, кетіп бара жатып өзіне жалт қарады...
Келесі жылы да оқуға түсе алмай СМУ-15-ке жұмысқа тұрғанда, ел басшысымен екінші рет тағы да сырттай жүздесті. Бір күні бес-алты арматурашы жігітті бригадир шақырып алып, "Моншаға түсіп, жуынып-шайынып келіңдер",– деп пәрмен берді. Айтқанын екі етпеді. Үстеріне ине-жіптен жаңа шыққан қара комбинезон кигізді. Бұлар Саяси Бюро мүшесінің саяжайындағы жалғыз аяқ жолдардың плитасын ауыстырып, жаңадан жол салуға келді. Айнала күзет, әр бұрышта ит ұстаған көгілдір киімді күзетші — табиғаты тамылжыған мынадай саябақты итпен күзету бір жағынан табиғат жаратқанның алдында күнә секілді. Бірақ, қызмет солай. Иісі мұсылман жұртынан шығып отырған тұңғыш Саяси Бюро мүшесі, ол үлкен мәжілісте тек Қазақстан емес, Орта Азия республикаларының тағдырына да араласады дейді.
Халел задында, жұмысқа ұқыпты. Сонан ба, бала кезінен қай жерде болмасын тиянағымен бірден көзге түсіп қалады. Бригадирдің жұмысқа жаңа келген Халелді таңдауы да осыдан болса керек. Оның жолға шығардағы ескертуі мынаған саяды: "Жұмыс кезінде арақ ішіп жүрмеңдер, оның нормасын кейін-ақ асыра орындайсыңдар, тіпті, шеккен темекілеріңнің тұқылын май табанмен мыжый салмай арнайы қоқым салғышқа апарып тастаңдар. Ешқандай алаңдамай, ешнәрсеге шұқшимай жұмыстарыңды істеңдер. Срок – екі күнде бітіресіңдер". Бұл – бригадирдің жүрегін жарып шыққан сөзі емес, жоғары жақтың нұсқауы еді.
Жігіттер бірінші күні-ақ істің тең жартысынан астамын еңсеріп тастады. Өмірі ішпеген асты ішті – дастарқанға шпрот пен сервилат, мөлдіретіп қымызға дейін қойды. Екінші күні жігіттер түс болмай-ақ істі бітіріп, енді не де болса түскі асымызды ішіп кетейік деп баяу қимылдап, Күннің төбеге шығуын күтті.
Түс те болды. Кеше бұларға тамақ әкелген осы жердің күзет бастығы мезгілінде ас ішіп үйренген, адамдарды көзімен баққан иісшіл иттерге тамағын таратты. Күзетшіні көргеннен-ақ басын алып қашып бұлқынған иттер шұжық пен консерві салынған итаяқты жылан жалағандай етіп, әлден соң-ақ алдыңғы екі аяғын алға салып, маужырап жатты.
Сағат екіге таяды. Жігіттердің қарны шұрқырап, аш қарынды ащы түтінмен ыстап, қопаңдай бастады. Бір кезде кетіп бара жатқан капитан шалт бұрылып келді де:
- Ребята, я про вас забыл, заканчивайте, теперь в городе будете обедать, – деді жайбарақат тұрып.
Бригадир жерге түкірді.
- Мы давно закончили, – деді шынын айтып шырқырап.
"Ит құрлы болмағанымыз ба" деп шамырқанды Халел.
Сол сәт қатар жатқан асфальт жолмен нән биедей шайқатылған қап-қара жеңіл машина құйындай кіріп, үлкен үйдің алдына тоқтады да, ішінен былтыр көрген сұңғақ бойлы кісі түсіп, ішке кіріп бара жатты. Бұл – Халелдің үлкен кісімен сыртай болса да екінші кездесуі еді, үшінші рет – тасқа басылған аты-жөні алдына барғанда көз жүгіртіп болса да кездесуге батылы бармағаны ма? Әлде қырық жылдан кейін қазақтан шыққан диссиденттің ісіне араласпай-ақ қояйын дегені ме? Сақтық та керек. Саяси Бюро мүшесі болу – үй артын адам анду деген сөз. Осы сәт тергеуші Мұқанов көз алдына тұра қап, сол бір қара торы, бидай өңді кісінің ашық көңіліне риза боп кетті. "Ашып айтып, ішін ақтарып салды ғой, "бұл менің соңғы тұяқ серпуім" деді ғой. Шіркін, сол Мұқановпен, анау Сабалақов, Таңсықбайлармен өмірде бір кездессем. Екеуі Төретамда Отан алдындағы қызметін өтеп жатыр, мен түрмеде отырмын". Сұңғақ бойлы, өңіне күлкі үйіріліп, езуі жиырылып келе жатқан ЖенПИ-дің жатахқанасында қалған Айымкүл, тіпті анау лейтенант Власов пен қара киімді Бычковты да іштей сағынып, көргісі келіп кетті. Шоқан мен Достоевскийдің достығын мысалға келтірген теке сақал дәрігер Недлин ше? Соның мәнісіне де енді түсініп отырғандай. Сол Шоқан емес пе еді, "Бәрінен бұрын өзімнің қазақ елімді, содан соң Сібірді, содан соң Ресейді, содан соң ғана бүкіл Адам баласын жақсы көремін. Қазақты орыс ұрып жатса қазаққа болысамын, орысты француз ұрып жатса орысқа болысамын" деген. Мен де қазағыма, қолымнан келсе бүкіл Адам баласына болысқым келеді. Ал, мынау біздің отряд командирі Төретамдағы лейтенант Власовтың ағасы, соның дәл өзі. Дөкірлігі аумаған соның өзі, екеуінің аярлығы да ұқсас екен". Осылардың бәрін, көзі мен жүрегі бар азаматтың бәрін көріп, тілдескісі келіп кетті. Тек осы жолы Күлтай көз алдына көлеңдей қоймады.
Әлден уақытта түрменің сызы өтіп сарғайып кеткен тағы бір тықырбас жігіт екі тілім нанды шәй құйылған қалайы күрешкенің үстіне қойып әкелді.
— От Мауэра к Генсеку!
Халел қолы лас бұжыр бет Мауэрдің өзін түрме заңымен сыйлап отырғанын түсінді де, "рахмет" деп сыйлығын алып қалды. "Өйткені, ішер ас, киер киім, жатар орным — тағдырым Мауэрмен бірге, "кемедегінің жаны бір"— онан қашып қайда кетемін? Рахмет ниетіңе, өзің тұрған биіктегі адамгершілігіңе, Мауэр". Жиіркеніп, қолын бермесе де, сол бұжыр бетті тұлабойы шымырлап, жанына жақын тартып барады. Түрме туралы оқығандары мен көргендері көз алдын қабат кес-кестеп, мынау төрт бұрышы түгел денесінде көзі бір тарақан мен жем іздеп жүгірген тышқанға толы тас қамалды кітап бетіндегі түрмемен салыстырып, өмірдегі сөз бен істің шындығын іздеп, шындық деген сөздің шыңырауына жете алмай шырқырап, жаны қиналды. Жағы жабылмай қалған өліктің аузындай ырсиған еденнің астынан жортып шыққан екі тышқан бір уыс нан қиқымына таласып, бастары түйісіп қалды, анау бұрышта тоғыз ай тергеуде отырған бір тұтқын мәйкесінің битін теріп алып, қалайы күрешкеге домалатып тастап әлек.
- Аш бит өлмейді екен. Этапты күткеніме бір ай болды, – дейді өзіне-өзі сөйлеп.
Бұл болса өзімен-өзі ой кешіп отыр. Түрменің жалпы карантині мен өзінің іштей жекпе-жек карантинінен де өтті. Енді тек бір ай күту керек. Аттай жиырма күн қалды. "Жапондар түрмені футю дейді екен. Күзетшілер қарусыз жүреді, айнала тікенек сым жүргізілмеген. Телевизоры бар, жексенбі сайын көркем фильм көрсетіледі. Камераға кірер алдында тұтқын аяқ киімін шешіп, үй тәпішкесін киюі керек. Ал, мынаның аш битін өлтіре алмай күрешкеге домалатып тастап отырысы анау. Осы күрешкемен өзі шәй ішеді. Япыр-ау, Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер – 37-нің жазықсыз халық жаулары – 58-статьямен кетіпті, менікі 170-тің 1-бабы. Сонда он екі есе өскені ме бұл статьяның". Халел өз көңілін өзі түртіп ойнады. "Осы Мұстафа Абдижемил деген мұсылман қырым-татарлар үйірмесін ашуға бел байлап, 1966 жылы бір жылға, қайтып оралған соң тағы да үш жылға сотталыпты. Ол – өз қаны үшін отқа түсті. Біздің Мұстафа Шоқайымыздың сүйегі неміс жерінде, оны ақтаудың орнына күн сайын қара күйені қалыңдатып жатырмыз. Ақтай алмай азапқа түскендерге айтарым – халық оны ешқашан қаралаған жоқ қой. Қазақ қайда қалмады? Алтайдағы Усть-Кан өңіріндегі Кеңес Одағының Батыры Юрий Угрюмов те шоқынды қазақ. Тілді де, дінді де қалай тез көніп, тез қабылдаймыз?" Көз алдына Төретамдағы төбелесте орыстар жағына шығып кеткен орысша оқыған қалалық қазақ жігіттері көлең ете қалды да, мәйкесін бітіріп, енді ышқырындағы битті тәркілеуге кіріскен тықыр басқа зығырданы қайнап дүрсе қоя берді.
- Хватит тебе!
- Болса болды. Олар соратын да ештеңе қалған жоқ,— қабырғасы ырсиған денесіне кірден көрінбей тұтасып қалған мәйкесін қайта кие бастады. "Қазақ, қайда қалмаған қазақ, шілдің боғындай шашыраған қазақ". Халел жасынан зерек, оқығанын да, көргенін де оңай ұмыта қоймайды. "Енді бұдан былай не болар екен?" деп ол өз тағдырын өзі сарапқа салғандай бір бұрышқа тығыла түсті. Осы Седельников жазбаларында қазақ жерін алған үстіне ала беруге құныққандықты әшкерелеп, "Қазақ жеріне әуелі қазақтарды қоныстандырып, олардың барлық талаптарын орындап, көңілдерін сабасына түсіріп алмай тұрып, "артық" жер іздеудің өзі заңсыздық" дейді. Ал, әулие Синод 1912 жылы былай деп жазады: "Бір қазаққа екі орыс көрші болса, қазақ кедейленеді. Содан барып қазақты орыс қылу оңай". Сонда бұлар қазақтың көнбістігін, кеңдігін, өзіне болмаса да өзгеге аузынан жырып беруге әзір екендігін айтып тұр ғой. Тым жалпақшешейлік те жақсы емес. Бұны әркім әрқилы түсінеді. Тіпті, қазір өзімізден өзіміз жиреніп, қазақ деп айтуға, қазақша сөйлеуге намыстанып жүрміз. Әсіресе, "достық лабораториясында" өніп шыққан соңғы ұрпақ сүт шашып тұрған ана тілін емуге арланып, басын алып қашып, Алматыда өз тілінде сөйлегендерді "мәмбет" деп маңдайына мөр басып жүр ғой. Бір жағынан, 32 мен 37-нің үрейі біздің намыс деген бұлшық етімізді сылып алып, итке тастағандай. Сөйте тұра жалқаулығымыз тағы бар. Әлгі әулие Синод 1912 жылы біздің жалқаулығымызды да көрсетіп отыр. Бізге осы жалқаулық пен керенаулықтан, біреуге қарап жалтақтаудан арылатын азат жол іздеу керек".
- Сидишь да, Генсек. У тебя не очень уютно. Давай, пойдем ко мне.
Іші пысып, ары-бері теңселіп жүрген бұжыр бет Мауэр қиялын жел аударған қайықтай бұзып жіберді.
- Рахмет! Сен жақ бұрышта алтын бар дейсің бе...
- Ты на этот раз за что? – деді әлі киіне қоймаған әлгі битін терген тықыр басқа таңқала қарап.
- У меня одна статья.
- Осторожно, рядом карманник, – деп бұжыр бет өз жағына қарай бұрылып кетті.
Бұл – Мауэрдің өзінше осы жерге қожалық жасап, бақылау жүргізіп, иелік еткен әрекеті.
"Менің немді алмақшы жүз жерден баукеспе болса-дағы. Мендегі жалғыз байлық – ой мен қиял, "ұлы" халықша айтқанда, "интеллектуальная собственность". Түрмедегі байлығым – қиялым, үйдегі байлығым – кітаптарым. Иә, – деп Халел үйінде "Қаһармен" қатар тұрған Қошке Кемеңгерұлының көне кітабын көз алдына әкелді. Осы сәт Күлтай да елестеді. "Сол кітаптарыма ие болып жүрсе болғаны. Анда-санда шаңын бір сүртіп қойса ғой. Наурызбай батыр шырылдап, басын қатырып жатыр ма екен? Маған тартса жыламас, бірақ, айқайламай, жер-дүниені басына көтермей тұра алмас. Сол Қошке Кемеңгерұлы "Саясаттың бұлтаң-сұлтаңы көп, ол алдауды керек қылады" деген екен. Кімді алдайсың, қалай алдайсың мына заман-түлкіні? Алдаса Сәкен мен Ілияс, Бейімбет, Тұрар, Сұлтанбектер алдар еді ғой заманды. Оларды да үрей жеңіп, көп нәрсені қызыл тілдің ұшында сақтап кетті. 41-дегі қырғын соғыста әскерге бас ие табылмай, айлақтағы кеме жүзе алмай, аэродромдағы самолет ұша алмай жаудың қолында қалды емес пе. 37 мен 38-дің арасында ғана:
- І-рангалы төрт командармның үшеуі;
- ІІ-рангалы 12 командарм түп-түгел;
- 67 корпус командерінің 60-сы;
- 199 дивизия командирінің 133-і;
- 379 бригада командирінің 221-і;
- полк командирлерінің жартысы;
- адмиралдардың ең білікті бөлігі;
- армияның 17 комиссары түп-түгел,— неге атылып кетті? Тіпті, бірде-бір соғыста мұндай шығын болмаған еді. Солар неге алдамады? Мағжан, Жүсіпбек, Мұстафалар неге алдай алмады? Алдасаң – халқың алданады. Халықты алдап жүргізген саясат азаттық әпермейді. Осы испандар Ямайкеге орныққан соң елу жылдан кейін тұрғын халықтан бірде-бір жан қалмаған, құл боп құрып біткен. Англияда да ірі шаруалар күшейіп, ұсақ егіншілер жоғалып кетті..."
- Готовтесь к бане. Быстро! – темір есік салдыр-гүлдір ашылып, күзетшінің кезекті бұйрық райлы даусы естілді.
Кетік мұржасынан сидам түтіні баяу көкке өрлеп, кір мен сабынның иіс-қоңысы аңқыған сырттағы жертөле үйге жақындай бергенде қара шәпкесін баса киіп, әркімге жарты кір сабыннан үлестіріп жүрген "хозбанда"[1] жігіт қара сабынның қалдығын ұсынып тұрып:
- Халел аға, түнде телевизордан Сіз туралы академик Сахаровтың әйелі айтып өтті. "Бұл — саясаттағы елеулі қателік" деді...— "хозбанда" жігіт ілкі сәтте келесі қатарға қарай ытқып кетті.
"Академик Сахаровтың әйелі Бонэр ханым... Қайдан, қай арнадан?.. Адамдар естіпті ғой. Адам құлағы естіген соң адамға жетеді. Менің де сөзімді сөйлейтіндер, ісімді құптайтындар бар екен ғой Жер бетінде. Жарайсың, "хозбанда!". Халел моншаға түспей-ақ тұлабойы босап, жүрегі лүпіл қағып, езіліп бара жатты. "Қалың елім, қазағым!" деп Абай осылай бір сүйсініп, бір күйінгенде айтқан шығар-ау". Қайыс белдігін иығынан аса тартып, құрым етігімен қара жерді тарпи басып, алдынан болашақ отряд командирі Власов өтіп барады. Көзіне оттай басылған бейнені өз міндетін өтеп жүрген жердегі жұмыр бастың бірі ғой деп көз қиығымен шығарып салды.
Кір сабын иісі аңқыған бәкене моншаға түспей-ақ, көп тұтқынның арасында кезек күткен Халел бой-бойы шығып терлеп кетті.
* * *
- Василенко, каменщиком пойдешь!
- Давыдов, ты – техничка!
- Мунайтпасов, грузчиком пойдешь! – Бір ай түрме карантинінен өтіп, қалайы тостақтағы ашқарақ ауыздан шошынған жалғыз картобы жан-жаққа ытқыған сылдыр суды сіміріп, қасықсыз ішуді үйреніп, сыртқа шыққанда отряд бастығы Власов сапқа қойып, зонадағы жаңа өмір – жаңа кәсіппен таныстырды.
- Енді жұмыс орындарыңа барыңдар! – дегенде бәрі топтан сетінеп, бес минөттік "мұрыннан ытқытуға" ыңғайлана бергенде, қошқар мойын, үйрек тұмсық Власов жақын келді де:
- Мунайтпасов, сенің кәсібің интеллигентный болуы керек еді, сау басыңа сақина тілеп алдың, – деді.
- Сенің інің, Төретамдағы Власов та қолынан келгенін істемекші болған, бірақ істей алмады.
Власов бір сәт ойланып, сосын сұқтана қарап қалды да, иі босап, жаны аши сөйледі.
- Сені кітапханшылыққа жібергелі жүр едім, өзіңнен болды. Ничего, успеем.
- Кітапханаға бас сұғып тұрсам да болады.
Власов тағы да ойланып қалды.
- Екі жыл түрмеде жүргенше әскерде жүргенің артық еді. Ну, ничего.
- Қайда жүрсем де Власовтардың қарауындамын ғой.
- Все по местам, на работу! Живо!
Бұжыр бет Мауэрдің аты аталмай қала берді. Түрме дәл бір өз үйі, кең жайлауы секілді. «Лагерь менің жайлауым, түрме менің өз үйім" деген өлеңі де бар дейді. «Қызық дәурен екен Мауэрдікі».
Ақ қайыңнан қырқылған жұп-жұмыр бөренені болашақ фосфор зауытының құрылысына тасуға бөлінді. Екі басынан екеуі, ортасына біреуі түсіп, бір бөрене үш қолға бұйым құрлы көрінбегенімен бірте-бірте иық қажалып, терісі күлдіреп, удай ашыта бастады. Тұла бойы тершіген сайын Халел өзіне-өзі әрі ыза болды, әрі риза болды. «Өзіме де сол керек, өзіме де керегі осы еді. Шығар енді арам теріңді ет пен терінің арасынан». Халел қары салдырап, иығы алдыртпай ауырып, кешке жұмыстан қайтар жолда буфет алдында темекісін бұрқыратып тұрған Мауэрді көрді.
- Дос, жұмыс қайда? – деді шаршап тұрса да сауал қойып.
- Мен үшін сен істейсің... Сен үшін де біреу істеу керек еді.
- Мені өзім үшін істеймін.
Кенет қоқыр-соқыр тиелген ат арбаға ілесе келген бір домаланған ақ торай қақайып тұрған жалғыз бөренеге ілулі ескі күпәйкені талпақ танауын тигізіп иіскелей бастады. Тапал бойлы, қасқа бас, шоқша сақалды шынашақтай шал қолының суын сүртпестен жүгіре басып жетіп:
- Өй, доңыз неме! – деп, ақ шошқаны үркітіп жіберді де, ілулі күпәйкенің талпақ танау тиген етегін қалтасынан пышағын шығарып ойып алып тастады. Халел қарап тұрып таң қалды. «Бұл не қылған адам өзі?!»
- Бабай, енді беліңнен суық ұстап, кемпіріңе асыла алмай қаласың ғой, – деп, темекісін бұрқыратқан Мауэр мақтасы түте-түте боп жерде жатқан күпәйкенің етегін нұсқады.
- Сен бас киім тіктіріп ал, – деді жіңішкелеу қоңыр дауыспен сап-салмақты тұрып.
- Зараза, – деп бұжыр бет қарқ-қарқ күлді. – Зараза, стажник!
Қалжырап, қары талып келе жатқанда мынау шынашақтай шал күтіп тұрғандай алдынан шықты.
- Балам, жүре ғой, әңгімелесейік, – деді де, шалт бұрылды, – Мен Байжан деген әкеңмін. Мұндағылар Бабай дейді. Өздері білсін. Жалпы саны, биылды қосқанда отыз екі жыл түрмелік стажым бар, – деп насыбай шақшасын шығарып, қағып-қағып алды да, ерніне тастап жіберіп сақаулана сөйледі.
- Сен анау нәшәндігіңмен байқап сөйлес. Билік соның қолында ғой.
- Бұл жердегінің бәрі нәшәндік емес пе? Қайсысын айтасыз, ақсақал?
- Биліктің баласын айтам да. Онымен ұстассаң, өміріңде бұл жерден шыға алмайсың.
- Власов па?
- Імм-м, иә...
- Олар ағайындылар, Төретамда, әскерде, інісінің билігін көргем.
- Атадан жалғыз болса да, билік соларда, балам. Өзіңе бір жазым болып қалған екен, оқасы жоқ, өте шығады. Маңдайыңа жазылған қыспақ жазу. Оқасы жоқ, өтеді де кетеді.
Халелдің жан-дүниесі жеңілдеп, ауырған арқасы, сыздаған иығы солқ-солқ етіп демалып, жазылып бара жатты.
- Отряд, стройся к ужину!
- Сіз тамаққа бармайсыз ба?
- Менің тамағым қалтамда... – Бабай аспай-саспай бұрылып кетті.
***
Мынау жұмыр бөрене, сірә, Сібірдің жас қайыңы болса керек, бір басын әрең көтересің. Бұрын екі жігіт бір ағаштың екі басын иықтап жүре беретін, мынау зілмауыр жас қайыңды иыққа салмақ түгілі кіндіктен жоғары шығару бір қиямет. Үшінші қол келіп, ортаға түсіп, күш біріктіргенде ғана жұмыр арбиған жерден көтеріліп, жатқан орнынан жылжиды. Күнде бір машина бөренені фосфор зауытының қасына түсіріп кетеді, екі-екіден бөлінген он жігіт соны аулаға жеткізіп, арбиған-арбиған азу тісті араның өмірі тоймайтын аранына тастау керек. Анда-санда Власов сырттай көзбен санап түгендеп еді, ал тұтқынның тіл қатуы – түрменің дәстүрінде жоқ сол дәстүрді бұзған Халел Бабай асқақалдың сөзінен кейін «осыларға айтылған сөз – шығын» деп аузын ашпайтын болды, ал Власов болса бұны өзіммен тәжікелескен тұтқынның сағын сындырдым деп санады.
Ілкі сәтте бүкіл тұтқын түрменің биік қорғанына өрмелей бастады. Бұның қасындағы көп отырған қақсал кісі зәңкиіп тұрған «Ивановец» кранының төбесіне тырмысып әрең шықты да, шопырға «Мәшинеңді сәл шегіндірші» деп дауыстады.
- Не боп қалды? – деді Халел аяқ асты әбігерге түсіне алмай.
- Концерт келді. Өрмеле!
Халел де көппен бірге биікке шықты. Тіпті, іс басындағы бригадирлер, ит ұстаған күзетшіге дейін қара «Волгадан» сылаңдай шыққан бойында боқтышарын жапқан лыпасы ғана бар, бөксесі астаудай төңкеріліп, қос емшегі салбыраған, бетіне әлем-жәлем бояу жағып, қара қызғыш шашын шөмеледей төбесіне түйіп қойған әйелге ауыздарының суы құри қарады. Әйел әрлі-берлі теңселе адымдап, бөксесін бұлтындатып бір рет шыр айналды да, есігі ашық қара «Волгаға» зып беріп кіріп кетті.
- Көптен келмеп еді... – кранның сорайған бір темірін тас ғып құшақтап, қимылсыз, тілсіз сілейіп қалған серігі кенет шалбарының қалтасынан бес сомдықты алып, қоршаудың сыртына қарай лақтырып жіберді. Сол-ақ екен, қалтасына статьясы жазылған қара киімділер қызыл тілді қайырып ысқырып, қойын-қонышына тыққан ақшаларын қоршаудың сыртына қарай құлаштай лақтырды; қағаз ақшалар қалқып келіп жерге қонақтағанда «Волгадан» шыққан қара көзілдірікті жігіт жерге жайлы түскен теңгелерді теріп алып, ішке енгенде, әлгі жалаңаш әйел емшегі салбырап еңкейіп, ашық есіктен қайта шығып келе жатты.
- Осы жолы екі күн кешікті. Шіркін-ай! – деп елірді қасындағы дүмбілез қара, – Мауэрдің хабары тимеген шығар.
Күзетші иттер шәу-шәу етіп үре бастағанда солдаттар «лежать!» деп бұйырып, керзі етіктің табанымен аш белінен тырп еткізбей басып тұрды. Көкірегі түгел іркілдеген емшек, бөксесі түгел кілкілдеген май сылқым әйел қайта шыққанда Халел де көптен қалыспай қалтасындағы бір сомдық қолынан шығып, ауада қалықтап, домбауыл дуалдың дәл үстіне барып түскенде, тұлабойын ток қарып, бусанып тұрған қара киімділер кеш сермелген қолды іштерінен сыбай бастады да, зың-ң еткен тревога үні естілді. Жалаңаш әйел зып етіп қара «Волгаға» кіріп кетті, әр жерден қалықтап, жапалақтап жауған қардай боп түсе бастаған ақшаны жиып алуға шыққан көкірегі жүндес қара көзілдірікті қасынан өткен түрме бастығына қарап әлдене деп тіл қатты.
- Осыны айына екі рет келтіру керек. Мауэрге айту керек, – Сорайған кранның басынан әрең түскен еркектің құмары қанбай, шабы суланып, қара жерді кібіртіктеп басып бара жатты. Халел ақылы «концерттен» кейін демін алып, мауқын басып отырған кезде осы жердің жұмыссыз жиһанкезі — ерніне Насыбайын тастап алған Бабай ақсақал қасына келді де:
— Балам, сен бұған құмартпай-ақ қой, – деді сәл сақаулана. –Бостандыққа шыққасын келінді армансыз құшақтайсың ғой. Іштегілерге жоқтан бар жасайтын сылтау керек. Ертең бұл үшін де біреулерді кінәләп, мерзімін ұзартады. Сол сылтаудың ең басында сен тұрсың. Сенің статьяң 170 қой, бұның ескішесі – 58. Менікі сол. Екеуі бір атаның баласы.
Халел қарсы алдындағы шоқша сақалы шошаңдаған қарт кісінің көңіл тереңінен бір нәрсе аулағандай аңтарыла қарады. "Өзі тамаққа да бармайды, доңыздың етін қосып еді деп. Кептірген нанды шәйға жібітіп жеп отырады. Анда-санда екі баласынан келген қазыны сақтап қойып, кертіп жеп, насыбайын атып жүріп күнелтеді. Келесі жылы бас-аяғы отыз екі жыл болады екен отырғанына. Бұған жұмыс істе деп ешкім айтпайды, өзі де зейнет жасында. Көп отырған адам бұл жерде құрметті. Ең әуелі, 28 жылы кәмпескеде әке-шешесі тәркіленіп, өкіметке жат элемент – бай баласы ретінде түскен екен. Қайтып келіп, 37-нің ызғарында, мұғалім боп жүрген жерінде, "халық жауы" боп тағы да ілініпті қармаққа. Онан кейін Жолымбет кенішінен тапқан пайдаңнан салық төлемедің деп, тағы да он төрт жылға айдап жіберіпті. Бабай ақсақал артынан анда-санда қазы мен насыбай сап тұрар екі баласының амандығын көп ойлайды, сосын "өзім" дегендерге ақылын айтып, құмалақ ашып, кімді не күтіп тұрғанын болжап береді. Түрмедегі тәртіп қожайынның өзінен басталады. Бұл жердің қожайыны – Мауэр. Ол шәпке тастап ақша жинайды. Әлгіндегі жалаңаш әйелдің ақшасын жинаған жүн көкірек – түрме бастығының адамы. Бұл жерде ақша табудың жолы осылай. Біз соғыс кезінде нарда қатар жатқанда екі адамның күбірлесіп, тіл қатуына қақысы – болмайтын. Құдды бір мылқау адамша күн кештік. Қасыңдағыңмен тілдесу – астыртын жұмыс ұйымдастыруға жататын. Тайшеттегі бір лагерьден Сейфолланың Сәкенін көрдім. Бұрын, Ақмоладан білетін едім, мен өзім сол жақтанмын ғой, тілдесе алмадым. Оны тез ауыстырып әкетті.
Халел әңгіме айтып отырған Бабай қартқа осы заман әулиесіндей таңырқай қарады, ол болса түрмеде емес, еркіндікте, кең далада жүргендей сөйлеп отыр. Бейне бір еркін өмірдің, түңлігі желпілдеген ақ отаудың ішіндегі тірі шежіредей.
- Қырқыншы-елуінші жылдары түрмеден қашып қолға түсе қалсаң, жүрегіңнің түбінде Ленин мен Сталиннің суреті болса ату жазасынан аман қалатынсың.
Осы сәт Халелдің көз алдына жаңа үй соққанда жалданып жұмыс істесе де жанын қинамай жүретін екі адамның денесіндегі айқыш-ұйқыш суреттер, шешініп, жуынған кезде көзге көрінер екі құйрықтың ұшындағы әйел мен еркектің бейнелері, адымдап жүрген кездегі олардың сүйіскен кепиеттері көлеңдеп кетті.
- Сен осы жердегі кімнің кім екенін біле жүр. Денедегі әр суреттің астары, рәміздей терең мәні бар. Мәселенки, арқаға салынған шіркеу мұнараларының саны – кімнің неше мәрте отырғанын білдіреді. Ал, нашақордың денесінде өрмекшінің, қанішердің денесінде пышақ ұстаған қарақшының бейнесі болады. Анда-санда райхан гүлі бар әйелді көрсең, ол әлгі еркекшора нәлетінің нақ өзі. Сақ жүр, аулақ бол. Бала-шағаң бар ма?
- Бар.
- Строиться! Строиться
Отряд командирі ауызына үскірік салып ысқыра бастады.
- Карцерге біреу кетпекші. Мынау ысқырық бір жаманаттың белгісі. Тез орныңа жөнеле ғой.
Халел сапқа қарай бет алды. Бабай аспай-саспай барагына бара жатыр...
* * *
Жұмысқа шығар апыл-ғұпылдың арасында дәл бұлай тосын жиын, тосын сап түзеу болмаушы еді, екі мың адамдық колониядағы бірнеше отряд командирлері өктем айқайлап, әркім өз қарауындағыларға әкіреңдеп, қожалығын көрсетіп қалуда. Халелдің командирі Власов та "Тез, тез"-дің астына алып, қас пен көздің арасында екі мың адамды қойдай тізіп қойып, түрме бастығына қолын шекесіне жеткізіп, "бәрі ойдағыдай" деп баяндап жатты.
Іле конвоймен шаштары тықырлап алынған, беттерін шам жарығы сорып, сарғайып кеткен екеуді саптың алдына әкелді. Кісен салынған қолдар қып-қызыл, қасыған ба, әлде қан дағы жұққан ба, айқыш-ұйқыш боп айқастырып алға ұстаған жіңішке білектер екі мың адамның көзіне сұрықсыз суық көрініп тұр.
Күбір-сыбырдан естіп қалды – бұлар карантиндік мерзімін өтеп жатқан он бес жыл мен он төрт жыл алып келген әккі түрмешілер екен. Түнде үстеріне салған бір жігітті өлтіріп, етін үйітіп жепті. Жігіттің қарын етін түк қалдырмай түгел ойып алған көрінеді.
- Вот они людоеды. Людоеды в советской тюрьме. Таких не было в советской тюрьме, даже в 37-году. Что? Сначала карцер, потом опять следствие и суд. Срочно в карцер!
- Бәрібір оған бес жылдан артық бермейді. Бұлар аштыққа шыдай алмай карцерге түсу үшін әдейі істеген, – Халелмен қатар тұрған Мауэр өзінің өзгелерден көп білетіндігін көрсетіп қалды.
- Карцер жұмақ па? – деп күбір етті Халел тік тұрған қалпы.
- Онда Күнді көрсетпесе де күн көруге болады. Тамағы карантинтегіден едәуір тәуір. Бір рет түсіп көрсейші.
— Мен басқа жақтың карцерін көргемін.
- Все по местам! Шагом марш!
Халелдің екі күннен бері иығы жеңілдеп қалды, бөрене артқан маңқиған "ЗИЛ" де келуін тоқтатты, әлде бөрене таусылды ма, әлде жоспарлары асыра орындалды ма, беймәлім. Ол айлар бойына осы зіл бөрененің астында өзін шөгіп кеткен ергежейлідей сезінеді, нағыз өсіп, тұлға көрсетер отызға дейінгі омыраулы кезінде жапа шегіп, біртіндеп төмендеп бара жатқандай көрінетін. Екі күннен бері фосфор зауытының қалдықтарын, көмірдің шор боп қатқан тастанды шөгінділерін машинаға тиеп жүр; жүкші деген бір керемет кәсіп екен, бұлшық етің буылтықтанғанмен қос қарың салдырап, екі иығың қушиып кетеді екен, бұл – түрмедегі сылдыр-су тамақтың, аштықтың да кепиеті екенін тұтқындар ашып айтпаса да, қара киімді жамылып, иықтары қушиып отырып, ауру асқазанға ащы темекіні ирелеңдетіп аттандыра береді. Иттер арсылдап, әпсәтте зонадағы күзетші солдаттардың маңы азан-қазан боп кетті. Аумақты лагерьдің ең биік мұнарасындағы арлан ит, төрт бұрыштағы төрт ит, әрбір отрядтың шекарасында із кесіп, иіс аңдып отырған қолда байлаулы бағымдағы иттердің шәуілдеп үрген ызалы үндері қоршаулы қорғанды басына көтерді. Колония бастығы отряд командирлері мен жалпы офицер қауымды жинап, сап түзеп қойып, бір бұрышта лекция тектес әңгіме-сұхбат өткізіп жатыр екен, төрт бұрыштағы төрт ит күзетшілердің айқайына көнбестен бұралқы иттей әлгі сап түзеген топқа өршелене ұмтылды. Елу шақты жоғары шенділерді өзіне қаратып, қолын сермей сөйлеген подполковниктің тура білегіне атылды, онан кейін селт етпей сап түзегендердің шалғайын тартқылап, өңірлеріне ауыз салды. Өршеленген иттердің тісі подполковниктің иығынан аса тартылған қайыс белдікте қалды, киіз шинельдердің етектері түтеленіп, бес жұлдызды түймелер қар үстінде дөңгелене бастады. Ешқайсысы беліндегі тапаншаға қол салып үлгермеді, білектерін тістелеп, иыққа дейін атылған иттерден бас сауғалаған шенді топ бет-бетімен бытырап қаша жөнелді. Солдаттар мылтық ата алмады, өйткені рұхсатсыз шығындалған бір оққа басыңмен жауап бересің, кейінгі кінәні кішкентайлардан іздейтінін білетін төбедегі солдаттар "Лежать! Лежать!"— деп сес көрсетіп, айқайлағаннан аса алмады.
Власов зонаның шетіне қарай – Халел айырмен шор боп қатқан көмір қалдығын тиеп жатқан жаққа шинелінің етегі делеңдеп, жанұшыра жүгірді. Екі аяқтының артында төрт аяғы жерге бірде тиіп, бірде тимеген аш тазыдай бүлкілдеген саржағал ит.
— Халел, выручай, бей его по голове!
Халел ә дегенде "менің атымды біледі екен-ау" деген ой басынан зу ете қалғанмен, өзінің қасынан төрт аяғы жерге тимей өте берген иттің ішіне айырдың істік ұшын кірш еткізіп сұғып, тұрып қалды. Иттің қиқ-қиқ еткен үзік-үзік үні шықты да, аш қарынынан қаны сорғалап, көзден таса жерге барып, қара жерге басын қойып қимылсыз қалды. Власов маңқиған "ЗИЛ"-дің кабинасына кіріп, әйнектерін шалт жауып ап, бейбіт әлемге дір-дір етіп терезеден көз салып отыр. Анадай жерде бір аға лейтенантты бірі алдынан, бірі артынан атылып, екі ит аяусыз талап жатыр. Халел жанұшыра жүгіріп жетіп, қан-жоса болған аға лейтенанттың тура бетіне атылған құтырынған ызалы иттің ішіне бес тармақ айырды сүңгіте түйреп алғанда "қиқ-қиқ" еткен үздік-создық өлексе үн зонаны басына көтерді; итті түйреген күйі сілкіп тастауға үлгере алмай қабысқан аш қарыннан сорайып, қып-қызыл қан боп шығып тұрған айырмен өзіне өршелене келіп қалған екінші итті тағы түйреді. Қарны қабысқан екі итті бір айырдың бес тармағына іліп тұрып, басы қиялдан бір босамайтын тұтқын Халел "Адам жеңіске жеткенше қандай мейірімді, жеңіп шыққасын қандай жауыз" деп ойлады. "Иттер де солай. Қарны тоқта адамға – дос, қарны ашқанда – жау". Екі итті серпіп лақтырып тастап, ауыздағы – тексеру пунктіндегі екі-үш прапорщик қызға шәуілдей бастаған иттерге тұра жүгіргенде, өздерін өлтірмекке келе жатқан Адамның бейнесінен сескенгендей дөңгелек дуалға қарай тура атылып, ток жүргізілген сымға ұрынып, «шәу» еткен бір сәттік иттік үні ғана естілді; үш мың адамның зәресін алған төрт аяқты мақұлық қас пен көздің арасында бір тұтам қап-қара күйе боп иісі шығып, бүрісіп, домбауыл дуалдың түбінде қалды.
Халел қасына келген тұтқыннан темекі алып тұтатты. Өмірі аузына алмаған құмардың көк түтінін құшырлана жұтты, ит қаны мүңкіген айырды да көргісі келмей әрмен лақтырды; тұтқындар үйіріліп, темекі шегер жуан бөренеде жалғыз отырып, «Прима» темекісін құшырлана жұтқан сайын қоп-қоңыр ит қанынан, жыландай ирелеңдеп жатқан ақтарылған ішек-қарыннан жүрегі айнып, құсқысы келді.
- Молодец, Халел! Знаешь причину?
Ол қасына маң-маң басып келген бұжыр бет Мауэрді көріп, жүрегі одан бетер көтеріліп, көзі қызара қарады.
- Көрінбе көзіме!
Мауэр езуін тез жиып ап, сарғайған тісі мен сасық аузын жауып, ілкі сәт сілейіп тұрып қалды. Сосын бес тармағы қанға малынып, сабына дейін ит қаны шашыраған айырға көзі түсіп, бір нәрсе ойлағандай кері айналды.
- Сегодня – печаль, завтра – праздник, – деді кетіп бара жатып.
"Осы кеще болмаған нәрсенің бәрін қайдан біледі? Бір ғажабы, бұл білген нәрсенің бәрін түрме басшылары да айна қатесіз біліп отырады. Мен карантинге келген күні бұл "мекиен" қылған жігітке араша түскенімді таңертең Власов біліп отыр, бірақ бұл жазасыз қалды да, мен карцерге айдала жаздадым. Түрменің ішкі саясатын жүргізіп отыратын осы бұжыр бет пе деймін". Мауэрдің өңінен ит шанышқан айырды көргендей жиренді. Ол болса кеше карцерден босанған рецедевистердің иттердің шұжығы мен консервісін ұрлап жегенін, аш қалған төрт аяқтылардың ажалдан сескенбей өш алмаққа Адамдарға ұмтылғанын айтпаққа келіп еді.
* * *
Тас қоршаудың ішінде бұжыр бет Мауэрдан гөрі беделді де білікті, адамға жанашыр, жан тазалығымен жұртқа жаққан Бабай қарт "Бөренеге келсін!" деп бір тықырбасты жүгіртіп жіберіпті. Халел етігін сұға сап жетіп еді, бітім-болмысы шағындау кісі жұмыр бөрененің үстінде сәл иіліп, шоқша сақалы тізесіне жетіп, ойлана қиялға шомып отыр екен.
Осы екеуміздің айырылар күніміз тақаған сияқты. Жүр, маған барайықшы, – деп барактың түкпіріндегі айналасы жылан жалағандай тап-таза, ұядай кереуетіне әкелді. Келген бетте жастығының астынан ақ шүберек алып жайып жіберіп, қырық екі құмалақты шашып тастады. Үш-үштен бөліп, күбірлеп, құмалағымен сөйлескен қарттың тек болымсыз даусын естіді, көзіне тура қарай алмады.
- Мандайың ашық, жарқырап тұр. Екі бүйірің тоқ. Көк байрақ желбірейді. Тағы бір көк ту қолыңда тұр. Тек аздап... бір жазу бар екен... өте шығады ол да. Оған да әлі екі бес саусақтың мерзімі бар. Жазу ғой, өте шығады.
Тағы бір шашып жіберді де, қоңыр құмалақтарды үш-үштен бөліп, үйіріліп үшеуге жетпей қалған екі тасты шымшып ұстап, шұқшия қалды.
- Жол шығып тұр. Екеуміздің жолымыз бөлініп тұр. Қайсымызға түсер екен.
- Сіз шығарсыз. Түрмедегі жоспарыңызды орындадыңыз ғой.
- Сенің де әлі бір жыл, екі айың бар. Уақа емес, жолымыз бөлек болғанмен – даңғыл. Маңдайымыз ашық. Маңдайдың ашық болғанына не жетсін фәни жалғанда. Сен осы балам бар дедің бе?
- Бар.
- Есімі кім?
- Наурызбай. Өзім көрген жоқпын. Сыртынан қойдым.
- Онда балаңның есімін азан шақырып өзім қояйын. – Ақсақал құмалағын жиып, қалтасына салды; ақ жайманы бүктеп, жастығының астына тастап, кереуеттің астынан бір қорап шәй мен жарты банкі варенье алып шығып, ақ шәйнектің құлағын тоққа қосты. Ақ шәйнек ысылдап қайнаған кезде сәл мұңайып, шоқша сақалының асты дірілдеп кетті.
Балаларым жіберген қазы келмей жатыр. Келгенде қазы-қарта қояр едім алдыңа. Енді шәй ұрттап отырып баланың атын қояйын, – деп, кеседегі қызыл шәйінен ұрттап алып, құлағына аузын тақады..
- Халел Мұңайтпасұлы перзентінің есімі – Наурызбай Халелұлы. Наурызбай, Наурызбай, Наурызбай! – деп үш рет айғайлады да, – енді шәйға отырайық, – деді. – Мойыма, анау-мынау келген хат-хабар, айтқан сөзден мойыма. Бүгін зонада той болады, шәпкеге тастап па едің?
- Тастадым.
- Тастасаң, өзің біл. Бірақ, сол тентек су қазаққа ештеңе бермейді. Осы жерде заказ беретін басқалар да, тентек суды ішіп тұтылатын мына біздер, – деген сөзін аяқтар-аяқтамаста, араша түсіп, өзі карцерге айдалып кете жаздаған, содан бері «мекиен» деген мейірімді аты бар Давыдов ентігіп жетіп келді.
- Кружкелеріңді дайындаңдар!
- Көзіме көрінбе! – деді Халел бөксесі бұлтылдаған еркек-әйел жігіт көзі алдына көлеңдегенде қаны басына теуіп.
— Осы үшін карцерге айдала жаздадым.
-
-
-
-
-
- Аузыңнан шыққан сөзің қазір Мауэрге, он минөтте Власовқа, бір сағатта түрме бастығына жетеді. Енді аздап бой сергітейік. Көп көзге түспейік. Екеуміздің статьямыз бірі ерте туған, бірі кеш туған ағайын ғой. Осы сәт қарына қызыл байлаған кезекші-тұтқын Байсақал-Бабай қартты отряд бастығы шақырып жатқанын жеткізді.
-
-
-
-
Бір бұрышта әлгі «мекиен» Давыдовты ғарышкерді киіндіргендей бір күпәйкенің үстіне бір күпәйке – үш күпәйкемен құндақтап орап қойыпты. Шарасыз сорлының тек жәудіреген бадырақ көзі көрінеді. Құлақшынының құлағын түсіріп, боранда жолға шығатын жолаушыдай жағына жапсырып байлап тастапты. Күнара әйел болып, күнде "емізік" емген сорлыға енді не істемекші екен? Бір мезет жақын жерге аспандап, әуелеп келіп, бір нән ойыншық крокодил тарс етіп түсіп, әуелі жұрттың зәресін алса да, көз үйреніп, көңіл басылғаннан кейін таң-тамаша қалды; қарап, көз салып болғанша екінші крокодил, іле үшіншісі... бәрі де бір нүктеден ауытқымайды, дәл бір ракетамен самолет атқандай ток жүргізілген екі сым қоршаудың үстінен ұшып келіп, топ-топ етіп түсіп жатыр. Бір мезет ыңыранған тревога үні Жер-дүниені күңірентіп кетті. Халел домбауыл дуалдың үстінен жүргізілген екі қатар тоқты сымға ілініп, қарны қампайып тұрған резеңке крокодилді көрді.
- Петушок, пошел! – Мауэрдің даусы алыстан естілді. Үш күпәйке киген құндақтаулы адам сымға арқасын беріп шалқалап, пластмасса қолғаппен сымға ілініп қалған крокодилді ішке лақтырғанда күзетшінің иті арс етті; екі жігіт қас-қағымда жерге томп етіп түскен іші кәйіпке толы резеңке – хайуанды көтеріп алып, көзден ғайып болды. Кезекші солдат құндақтаулы Давыдовты ұстап, артына теуіп КПП-ға әкетті.
Халел солай қарай жанұшыра жүгірген Мауэрді көріп қалды. Іле солдаттардың қармағынан «мекиен» Давыдовты алып шыққан Мауэр үйшікке таман келіп, қабаттап киген күпәйкесін бірінен кейін бірін шешіп жатқан жапалақ көз сары жігітке сап-сары тісі ақсия қарады.
- Еркексің. Енді екі апта қатын қылмаймын, еркек боп жүресің. Халелчик, сен де шәпкеге тастадың ғой. Сенен бастайық, – деп крокодилдің семіз қарнындағы желіммен сықай жабысып, мейіз боп қатып қалған тығынды азу тісін жалдап тыңқ еткізіп жұлып алды.
- Ішпеймін. Мен үшін сен іш!
Өзінің барагына қарай көңілсіз аяңдады.
Ол Бабай қарттан бір хабар күтулі еді.
* * *
Қасындағы транзистор ұрлап алты ай мерзім алып түскен ақүрпек бала қалбаң етіп әкеп берген хат Халелдің көңілін қорғасын бұлт қаптаған қара аспандай түнертті. Осыны жібермей-ақ қойса да жау алмайды ғой. Бұл хат емес, хат боп келген сот үкімі. «Қазақ ССР-інің «Неке және семья туралы» Заңына сәйкес сотталушы азамат Халел Мұңайтпасов пен оның әйелі Күлтай Адырбекова Заң жүзінде ажырасады. Осы үкім шыққан күннен бастап күшіне енеді". "Дұрыс-ақ" деп ернін қымқырды Халел. "Осыны салмай-ақ, бар өкпе-назын хатқа жазып жібермей ме? Онан да Наурызбайдың суретін неге салып жібермейді? Әпкем де хат жазбайды. Бәрі суық, менен алыстап, күдерлерін үзіп бара жатқан секілді. Мені бір аралда қалған Робинзондай көріп жүр-ау, шамасы. Бабай қарт екеуміз Наурызбайдың атын қазақшалап қойып жүрсек... Соның есімін өзгертіп жібермесе... Жоқ, өзгерттірмеймін. Жер бетінде тірі жүрсем менің ұлымның есімі Наурызбай болады". Осы мезет томпиған тор қалтасын сұқ саусағына жеңіл іле салған Бабай қарт асығыс-үсігіс келді де:
— Халел қалқам, менің арбам келіп қалды. Аман боп тұр, – деді қапылып, қолын созып.
Жарым жолға дейін құнжыңдаған шынашақтай шалды шығарып салды. Басқа колонияға әкетіп барады. "Енді жарым жылы қалғанда неге ауыстырды екен? Әнеукүні Власов шақырғанда естіртіпті бұл хабарды; өзі болса "Екеуміздің статьямыз ағайын, бұларың екеуімізді бір жерде ұстағысы келмейді, мен кеткесін аты жаман 158-дің немере інісі 170-пен бір өзің қаласың. Оның үстіне екеуміз үйірсек болып кеттік. Мауыр мырзадан сақтан" деген еді.
- Бітеу машина шынақтай шалды төріне отырғызып, жөнеп кетті. Құмалағын, ақ жаймасын орап дорбасына салған, етегін ойып алған көнетоз күпәйкесін үстіне ілген Бабай қарт машинаға аяғын тірей бергенде артына бір қарады. Ақсақалға үйірсек қаракөз қазақ балалары түгел жақсы жол тілеп тұр еді. Халелдің көз алдынан Төретамдағы Сабалақов пен Таңсықбай, түрмедегі ақылгөй майор, тергеуші Мұқанов жылыстап, ең соңынан, бітеу машинаның төріне жалғыз қамалған Байсақал-Бабай ақсақалдың жіпсік көзі, шоқша сақалы келіп тұра қалды. Өнбойы босап, бүтін денесінің бір жағынан айрылғандай сергелдеңге түскен Халел ілби басып барактағы жатын орнына келді. Тағы да әлгі хат деп ашқанда сот үкімі боп шыққан конвертке қарады. "Наполеонның сүйген жары Жозефина да императордың көзіне шөп салған; диктатор Фидель Кастроның жары Марита да ЦРУ-дың айтағына еріп, күйеуін өлтірмек боп қойнында жатқан шұбар жыланға айналған..."Халел қара шашынан қара тырнағына дейін от боп күйіп тұрса да, Күлтайды шұбар жылан деуге қимады; жол таба алмай бұрылыстарда адасып жүрген, құндақтаулы сәбиін көтерген қара торы өңді келіншек көз алдында тұрды; алдында белгісіз болашақ боп күтіп тұрған бір жарым жылды ойлады. Қалтасынан күнтізбесін шығарып, сан боп шүпірлеген бір жылды тағы бір санап шықты да, хатты әкеп берген қатар жатқан жігітке мойнын бұрды. Осы... Алматыға пойызбен баруға бола ма? – Ол азаппен өтер бір жарым жылдан кейін әбден жуынып-шайынып, денесіндегі бар кірден арылып, пойызға билет алып, Алматы бекетінен жайраңдап түсіп, қаладағы қайнаған тіршілікке араласып кетуді армандап тұр еді.
- Жоқ, Жаңатастан Алматыға тура автобус қатынайды. Біз темір жолдан көп жырақ тұрмыз ғой.
Халел кереуетке отыра кетті. «Бекетті тағы да көре алмайды екенмін, қазықтай қақиып автобусқа отырып барады екенмін ғой» деген ой Бабай қартты шығарып салып, қымбатынан айрылғандай көңілі құлазып тұрған тұтқын жігіттің жанын аяздай қарып өтті.
Екінші бөлім
Әшейінде бос тұрар айдын шалқар көк теңіздей көлбеп жатқан республиканың Бас алаңында емге табылмас бастар қылтиып көріне бастады. Әуелі оншақты бас, онан кейін жиырма шақты, отыз шақты, қойшы әйтеуір, түс ауа Ақ орданың алдын көлбеп, көмкеріп жатқан кең алаң екі аяқты жұмыр бастылардан көрінбей қалды.
"Бұл не?" – деп ойлады Қазақ теледидарының музыка редакциясында редактор боп істейтін Халел, – студенттер жиналған жиын ба, әлде дискотека өткізгелі жатыр ма?"
— Бұл Кунаев үкәнің кетуіне ирзашылық емес нөмір да, – деді арт жағынан келіп, ойын оқып білгендей жұмсақ сөйлеген ұйғыр редакциясында істейтін Юсуф.
Халел жауап қатпады. Ол қой бастаған ақ серкедей үлкендер бас болмастан, өз ерік – жүрек қалауларымен өкіметтің алдына шығып жатқан жастардың санасына қайран қалған көңілмен олардың әр қимыл-қозғалысын көзбен бағып тұр еді. Есіне тергеуші Мұқанов түсті. «Бізден де осындай ұлтшылдар шығар ма екен?» деп ойлап едім қырық алтыншы жылы», – дейді. Ол кісі «елін сүйген» деген сөзді сөз арасынан әдейі суырып алып, тастап кетті. Себебі, мен – тұтқын, ол кісі – қауіпсіздік комитетінің полковнигі». «Отыз жылдан кейін сені көрдім» деп әрі риза, әрі көкірегін тікендей тырнаған қобалжулы көңіл-күймен көз тігеді. Өзі сотталған тоғыз жылдан кейін дәл осылай бола қояр деп ойламап еді. Анау топ-топ боп үйрілгендердің ортасына барғысы келді де, Юсуф-әкәға қарады. Ол: «Қунаев әкә жақсы адам ғой, бәрін жасады, тек үн-түнсіз, рахмет айтпай алып тастағанына өкінәм дә», – деп, жаны күйзеліп тұр. Халел Алаңнан көз алмай тұрып, он бес минөттік Пленум өткізіп, Колбинді тағайындағанын естігенде, «үн-түнсіз қала бергеніміз бе?» деген сол сәттегі шалажансар сауалдың бірте- бірте бас көтеріп, тіріліп келе жатқанына таңырқады. Жыланша шұбатылған ұзын дәліздің бір бұрышында темекіні бұрқыратқан орыс редакциясының редакторлары мен операторларының бірі: "Халел, иди, все собираются",– деді. Тіл жалдап, жауап қайырмады. Кешқұрым жұмыстан шыққан бетте желтоқсанның шыңылтыр аязына бет шымшытып, Бас алаңға қарай бет алды. Шоғыр-боғыр боп бас қосқан жастар ашулы. Қолдарында плакат пен транспорант. "Әр ұлтқа – өз көсемі" деген арбиған-арбиған ірі әріптермен жазған жазу Халелдің жүрегін шымырлатып, ішіне мың градустық қызуы бар от тастап жібергендей болды. "Енді ештеңеден де қорықпаймын. Менің қанатымды ешкім де кесе алмайды, менің қос қанатым бар..." Әнебір жерде Лениннің ұлт саясаты туралы сөздерінен цитат алып, плакат көтерген жастар тұр. Халел түрмеден кейінгі алабұртқан алты жылын, бекетті көре алмай Жаңатастан қызыл «Икаруске» отырған сексенінші жылдан бастап, сексен алтының он алтыншы желтоқсанына дейінгі қысылып-қымтырылған күндері көз алдына кес-кестеп, осы сәт құшағы кең ашылып, көкірегінен бір ып-ыстық сарқырама төмен қарай құйылып кеткендей болды. Енді осы ыстық құшағын ешкімнен де аямауға бекінгендей, мынау сәт сайын көбейіп келе жатқан қаракөз іні-қарындастарының әрқайсысын осы оттай ыстық құшағына басып өпкісі, аймалағысы, айналғысы келеді. Өзіне саяси мақалалар жазуға жол жабылған соң мысал-ертегілер, сықақ әңгімелер түрінде тәуелсіздіктің жоқтығын жеткізіп, жоқтауын айтып, сатиралық суреттер салып, қолдап таратып жүргенде мынау «Әр ұлтқа – өз көсемі» деген сөз жанын сыздатқан сыздауықтың өзегін жұлып әкеткендей жадыратып, көңілі боталап сала берді. «Қисық шеге» жинағына енбекші сол сатиралық әңгімелерді оқыған редактордың үлде мен бүлдеге оранған қоғамда шындық жоқ деп көрсеткеніне қатты ренжігені бар-ды. «Қарағым- ау, кітаптың атауы «Қисық шеге», оған енген дүниелер де қисық болуы керек қой» деп уәж айтып еді, редактор жігіт түсінбеді. «Болмайды, аға, біздің қоғамда бәрі түзу болуы керек, сөгіс аламын», – деп, «Мейірбан Аю мен зорлықшыл Қошқар туралы ертегіні» алып тастады. Оның бар-жоғы мынау-ақ:
... Баяғы өткен заманда, Қаратаудың ойында, Қарасудың бойында, шөбі шүйгін, суы бал жасыл ойпатты бір отар қой мекен етіпті. Ақ қошқардың басқаруымен қойлар бәле-қазаға ұшырамай, аман-есен, бақытты өмір сүріпті. Бірақ «жау жоқ деме – жар астында» дегендей, күндердің бір күнінде көрші тоғайдағы Аю қойларға тиісуді шығарып, отар күн сайын азая беріпті. Бұған ашуланған Қошқар бір күні қойларды қуалап жүрген Аюды көріп, оған қарсы тұра ұмтылады.
Жамбасына сарт ете қалған соққыдан есі шығып кеткен Аю өкіріп жорта жөнеледі де, біраз жер қашып барып артына қараса, шошыған жауы кәдімгі қой тұқымдас екен. Ызаланған Аю «қойдан қашқанша – өлгенім артық» деп, Қошқарға қарай ақыра ұмтылады. Бірақ Қошқар да оңай жау емес екен. Аюдың о жағына бір, бұ жағына бір шығып, томардай мүйізімен сарт-сарт ұрып, Аюға ұстатпай қояды. Шаршаған Аю ақыры:
- Әй, айналайын! Мен ендігәрі қой баласына тиіспеуге уәдемді беремін, міне антым, міне құшағым, кел, татуласайық, дос болайық, – деп, Қошқарға жалынады. Бірақ Қошқардың жақындауы мұң екен, Аю оны бас салып төмпештей жөнеледі:
- — Әй, оңбаған мал! Қалай ғана маған қарсы шығуға батылың барды? Түстің бе енді қолға, бәлем! Әй, бір шек-қарнынды ақтарармын-ау қазір, – деп, Қошқарға тісін батыра беріп, ойланып, тоқтай қалады.
- Ә, жоқ, саған бола «әділетті, мырза» деген атыма кір келтіргім келмейді. Мен сені аңдар мен малдардың сотына саламын, солар жазаңды берсін, балам, – деп, Аю Қошқарды мүйізінен сүйреген бойы орманға әкеледі де, шабарман сауысқанға: «Аңдарды жина!» деп бұйырады. Тез арада аңдар да жиналып қалады. Қошқардың ісін естіген олар «неткен оңбағандық» деп шуласқанымен, іштерінен: «Әй, жауыз Аю, саған да қарсы шығатын жан табылды-ау, әйтеуір, – деп және бір-бірімен: «Әрине, Қошқардікі ақымақшылық. Не тындырды сонда?» – деп сыбырласты.
Аюдың бұйрығымен айыптаушы болып Қасқыр, ақтаушы болып Борсық, ал төреші болып Түлкі сайланды. Куә ретінде бірнеше қой қуып әкелінді.
Төреші Түлкі көзі жылтыңдап, жыбырлай басып Аюдың жанына келіп:
- Аю мырза, мына біз, Қасқыр, Борсық бәріміз жолшыбай келісіп, Қошқарға үкімді өткен жолы Текеге шығарғандай етіп дайындап қойып едік, соны қазір бірден оқи салсақ қайтеді, ә? – деді.
Аю жымиып, Түлкінің арқасынан қағып:
- Ой, жарайсың, маладес! Бірақ заңды бұзуға болмайды. Бәрі де заңды түрде болуы керек. Ал енді көп созбай, сотты бастаңдар, – деді.
Сонымен сот басталып та кетті. Түлкі:
- Айыпкер Қошқар. Сізге өте ауыр кінә тағылып отыр. Сіз Аю мырзаның өміріне қастандық жасадыңыз... (Қасқырға қарап) Айыптаушы мырза, сөйлеңіз, – деді.
- Иа-а-а! Қошқардың қылмысы өте ауыр-р-р! – деп Қасқыр Қошқарға қарап көзін алартты, – Қошқар өзінің мал екенін есінен шығарып, табиғаттың заңына қарсы шықты – әлсіз бола тұра, әлдіге күш көрсетпек болды. Аю мырза өзінің күнделікті қызмет бабымен тамақ тауып жүрген кезде, оған күш жұмсады. Ал Аюдың шиеттей бала-шағасының дәл қазір қарындары ашып отырғанын осы Қошқар ойлады ма екен? Жоқ, әрине. Олардың аштықтан асқазандары ауруға шалдығып, өліп те кетулері мүмкін ғой. («Бұл антұрған ертеңгі күні маған мүйізін жұмсаудан тайынбас» деп ойлады Қасқыр) һм! Сонымен, соншама жанды өлтірмек ойы болғаны үшін, мен Қошқарға ең қатал жаза қолдануын сұраймын. Қошқар андары көп көрші орманға қуылсын! – деп сөзін аяқтады Қасқыр.
- Сөйлеуге бола ма екен? – деп осы кезде Аю қолын көтерді.
- Иә, рұқсат, – деді төреші Түлкі байқамай орнынан тұрып кетіп.
- Менің мейірімді екенімді осы отырған жұрттың бәрі біледі. Солай емес пе?! – деп, шалқая кеудесін көтерді Аю, – Менен жақсылық көрмегендерің бар ма екен іштерінде? Ай, қайдам, ондайлардың болуы мүмкін емес. Тіпті, мына тұрған Қошқарды алайық. Мен болмасам, осы қошқарды үрім-бұтағымен қоса сонау, мұхиттың аржағындағы Арыстан мен Жолбарыс, Егеуқұйрық пен Тышқандар, судағы Алабұғалар баяғыда-ақ жеп қояр еді. Жегенде, әкесін көзіне көрсетіп, қалай болса солай, қарш-қарш еткізіп жей салар еді. Ал мен болсам, басқа аңдардай мәдениетсіз емеспін, асымды күнге қақтап, иісін шығарып, дәмін келтіріп, рақаттанып жеймін. Тіпті, өздеріне өздері иман шығара алсын деп, сауаттарын ашып, екі ауыз өлең де үйретемін. Ай, құдай-ай, қайтейін! Менің осыншама жақсылығымды түсініп жатқан бәрібір ешкім жоқ, – деп, көңілі босаған Аю орындығына сылқ етіп отыра кетті.
Бұны көрген бірнеше қой:
- Ойбу-үй, Аю мырза-ай, қадіріңді білмей жүр екенбіз ғой. Оңбағыр Қошқар! Сізді нақақтан жамандап, бізді адастырып жүр екен ғой. Неткен надан мал едік. Арыстандар мен Тышқандарға жем болғанымызша, сіздің-ақ жегеніңіз жақсы емес пе?! Осыны балаларымыздың балаларына өсиет қылып қалдырармыз. Аю мырза, жасыңыз ұзақ, асыңыз тәтті болсын, – деп у-шу болды. Түлкі қоңырау қағып, тынышталуға шақырды. Шу басылғанда Қошқар орнынан тұрып:
- Сөйлеуге рұқсат па екен? – деді.
- Рұқсат, – деп қалды Түлкі байқамай.
- Менің айтайын дегенім, – деді Қошқар, – Аюдың мені мұхиттың аржағынан мұнда келе алмайтын Арыстаннан және судан құрғаққа шыға алмайтын Алабұғадан қорғадым деуі бекер сөз. Ал Тышқандарды мен өзім-ақ тұяғыммен таптап тастамаймын ба...
- Сөзді қойыңыз, – деп Түлкі қоңырауын қақты. Өйткені Аюдың өңі бұзылып кетіп еді. Қасқыр да ашуланып ырылдай бастады. Борсық ақырын "иә, иә" дей берді.
- Және...— деп, ықпай сөзін жалғастыра берді Қошқар, – Арыстан, Қасқыр асап жеді не, жоқ Аю дәмділеп, қақтап жеді не, бәрібір, өлімнің аты — өлім емес пе?!
- Тоқтат! – деп Аю шыдай алмай ақырып жіберді. – Егер жақсылықты түсінбейтін мына ақымақтың аузын жаппасандар, бәріңнің быт-шыттарыңды шығарамын қазір.
— Болды, бітті. Соттың үкімін тыңдаңыздар, – деп, Түлкі үкімді оқи жөнелді:
Бүгін, жаздың жайдары айында, бүкіл аңдар мен малдардың бауырласып, тату-тәтті өмір сүріп жатқанына бәлен жыл толғанда, сәрсенбінің сәтті күні осы үкім шығарылды. Айыптаушы Қасқырдың, ақтаушы Борсықтың, жәбір көрген Аюдың сөздерін тыңдай отырып, біз аңдардың, әсіресе малдар мен құстардың қалауымен сайланған сот, былай деп шештік: әрине, Қошқардың қылмысы өте ауыр. Дегенмен, біз оған мейірімімізді түсіріп, басқа қойлардың Аюдан көретін жақсылығын Қошқар да көрсін деп шештік. Қошқар әділ үкім үшін сотқа рақметін айтсын. Үкім тез арада орындалсын, – деп, сөзін аяқтады Түлкі.
- Ой, әділетті сотынан айналайын. Жасасын әділ сот! – деп андар мен малдар тарай бастады. Ақтаушы Борсық Қошқардың қасынан өтіп бара жатып:
- Ай, ақымақшылық-ай, Аюмен айқасып нең бар еді? Жүрміз ғой, міне, аман-есен. Тек жыл сайын тапқан күшіктерімізді Аюдың тамағына беріп тұрамыз, сонда ол өзімізге тиіспейді. Сенің ғой, солай істеуге ақылың жетпеді, – деді күбірлеп.
- Қайтейік, Борс-еке. Мұндай ақылдылық тек сіз сияқты борсықтардың және намыссыз ездердің ғана қолынан келеді ғой, – деді оған Қошқар мырс етіп.
Осы кезде манадан әзер шыдап отырған Аю орнынан атып тұрып, Қошқарды алып ұрып, жарып жіберді де, ішек-қарнын Қасқыр мен Түлкіге қалдырып, ал етін қақтап, исін шығарып, дәмді ғып жеу үшін апанына алып кетті...
Өзі жазған ертегінің кейіпкерлерін ойлап тұрып, жадау тартқан көңілі жабырқаған шақта жастар көтерген мына жазу алдынан жарқ етіп шыкқан Күндей көзін қарықтырды; ымырт жабылып тұлабойы дел-сал босап әрі өткір балтадай бір сенімді серігін қарына іліп, өркөкірегін алға сүйреп, жастарға емін-еркін араласып кетті; осы жерде ол Саяси Бюро мүшесімен төртінші рет жүздескендей болды. Ақ үйге қараса, төрт бұрышы түгел берік монолит, төбесінде қызыл жалауы желбіреп тұр. Бүгін сол Саяси Бюро мүшесінің орнында Саяси Бюро мүшесі емес, өмірінде Қазақ жеріне тұңғыш табан тигізген нәсілі қазақ емес ұлттың өкілі отыр. Жиырма бес жыл Қазақстан Компартиясын басқарған сол кісі аса сақ қимылдай отырып, халқына қолынан келгеннің бәрін жасады; жасай алмағанын өзімен бірге жанына шерлі серік қып алып бара жатыр. Бұл кісінің жүрегін сыздатқан шерлі серіктері аз емес. Қазақстанда неміс автономиясын құру туралы Саяси Бюроның 1979 жылғы 31мамырдағы шешімін ол кісі іштей құптамады, осы шешімге қарсы Целиноградта үлкен шеру болды. Қала көшелерінен автономияға қарсы ұрандар көтерген жастар тобы өтті, кейін олар Орталық алаңға жиналды. Бұлар студент және оқушы қазақ жастары еді.
«Мұндай сәтті пайдаланып, ашықтан-ашық ұлтшылдық позиция ұстаған кейбір арандатушылар: «Қазақстан біртұтас және бөлінбейді. Қазақстанда неміс автономиясына орын жоқ. Құрылғалы жатқан облыс территориясына немістер күштеп қоныстандырылады да, қазақтар ол жерден қуылады» деген сияқты әзәзіл ұрандар көтерді. «Ата жерін фашистерге бермейміз!» «Немістер Сібірге қуылсын!», «Олардың үйлері мен машиналары тартып алынсын!», «Арнаулы комендатура қалпына келтірілсін!» Және басқа да неміс халқының ар- намысын қорлайтын сөздер айтылды. Партия комитеттеріне неміс автономиясын құруға қарсылық білдірген ұжымдық хаттар түсе бастады...
Қорытындысында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде пікір алысылды. Әңгіме барысында Қонаев республика әрқашан оны қоныстанған ұлттардың достығы және тығыз ынтымақтастығымен ерекшеленетіндігін атап өтті, орын алған жағымсыз көріністерге аландаушылық білдірді. Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті неміс автономиясын құру жөніндегі КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының 1979 жылдың 31 мамырындағы шешімін орындау маңызды саяси шара есебінде өткізіледі деп мәлімдеді. Алайда, Қонаев айтқандай, дайындық жұмыстарын жүргізуге және жағымды қоғамдық пікір жасауға біраз уақыт керек болады».
Бұл – КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы мен КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің КПСС Орталық Комитетіне жолдаған хаты. Үлкен басшының іші өз жеріне өзгенің келгенін қаламады. Ол бәрін де біліп отырып, «халық қолдамаса мен не істеймін»-ді емеурінмен сездірді. Патшаның қолынан бәрі келмейді. Әсіресе, билігі Біреуге қараған шын патша Біреу мен Халықтың арасында шыбын жаны шырқырап, бір шоқып, екі қарайды. Халел бүгін тағынан түсіп, үйінде отырған Үлкен басшыны ойлағанда, оған деген түбіт мұрт шақтағы ренішін мынау Алаңға құйылып жатқан жастардың әрқайсысы бір-бірлеп көңілінен жұлып әкетіп бара жатқандай көрінді.
Жан-жақтан қызыл жағалылар қоршап, батып кеткен Күннің астында жағасын көтеріп, құлақшынын баса киіп алған жастарға қарап арп-арп үрген иттер прожектордың от шашыратқан қуатты жарығы астында іші қабысып, иесі қоя берсе мынау шарасыз жандарды талап жеуге дайын тұр. Халелдің есіне әрнәрсе түсті. Ол бәрінен де осыдан тоғыз жыл бұрын тұтқын күйінде бекеттегі жайраңдаған жандарды көре алмай арманда кеткенін, желтоқсан ызғарынан тоңып, дірдек қақса да бетінен қайтпай, бір-ақ нәрсе – өздерінің ұлт ретіндегі теңдігін талап еткен іні-қарындастары өзінің де өкінішпен өткен жылдарының өшін алып тұрғандай, «ағамыз үшін» деп өршелене алға ұмтылып, Исатай үшін атқа қонған Махамбеттей көрінді.
Әнебір бұрышта жабық машина тұр. Қасында үйірілген қыз-жігіттер, үш-төрт қызыл жағалы жастарды біртіндеп әкеп, машинаға мінгізіп жатыр. Екі өрімдей қыз қинала басып келіп, машинаға көтеріле бергенде, қызыл жағалы резеңке қамшымен аяқтарынан тартып-тартып жіберді. Қыздардың жан даусы шықты.
- Жігітім, бері келші!
Халел қызыл жағалы милиционерді машинаның аңқиып ашық тұрған есігінің алдына шақырып алды.
- Сен қазақ емессің бе?!
- Оның қажеті қанша...
- Қыздарды неге ұрасың? .
— Сен кімсің?!
Қызыл жағалы галстук таққан сымбатты, салиқалы Жігітке тіксіне қарады, оның жанын қинап тұрған өкімет жақтың адамы емес пе деген жорамал еді.
- Менің кім екенімді кейін білесің,— Есік пен кабинаның екі ортасында тұрған милиционерге қарай темір есікті жапқан болып, қатты серпіді. Әлгінің ыңқ еткен даусы шықты, Халел түк болмағандай Алаңның шетіне қарай тартты.
Бүгін Наурызбайдың туған күні. Наурызбай тоғызға толады. Ұлын анда-санда бір көреді. «Дүкен жабылмай тұрғанда тезірек торт, "Сұңқар" деген самолет алып барайын, айтып қоймай жүр едің. Өз қиялымен өзі тілдесіп асыға басты. Ай қараңғысына қарамай адам қарасы көбейіп келеді. Абай көшесінің Пушкин кітапханасына тірелген бұрышында қалбаңдаған бейне көзге шалынып еді, бір жігітті жатқызып қойып тепкілеп жатқан екі милиционер екен.
- Лежачего не бьют!— деді қастарына ентігіп жетіп.
- Пошел ты, баран!
Халел қараңғыда батыл сөйлеген батырды тұмсықтан бір қайырғанда шалқалап, тайғанақтап барып, ирелең-ирелең етіп етбетінен түсті. Екіншісі тұра ұмтылып, резеңке қамшысын сермей бергенде білегін тосты – білегі удай ашып, сырқырап кетті. Ызамен, кекпен, қайраттана түйілген жұдырықпен маңдайдан қайтара екі соққанда әуелі құлақшыны кесілген бастай қалбаң етіп ұшып түсті де, жалаңбас жігіт кесілген теректей жалп ете қалды. Халел осыдан тоғыз жыл бұрынғы темір торда еркіндікті аңсаған арыстандай боп іші жылап тұратын сәттерінің есесін қайырып, мойныңды әнтек бұрсаң арс етіп, резеңке қамшымен осып жіберетін тілсіз темір сақшылардан өшін алғандай тез-тез басып, қою түнге сүңгіп кетті. «Қандай имансыз еді, иттер. Бұлар адамға қарсы айтақтаған қоғамның екі аяқты иттері ғой». Баяғыда, Жаңатас түрмесінен келген кездегі бір оқиға аяғын аннан-саннан бір басып келе жатқанда, ойына шырмауықша орала берді. Көшеде кирелеңдеген үш мас тепкілеп жатқан бір жігітке араша түсті, бірақ әлгілер қызыл көрген қасқырдай өршеленіп қояр емес. Анадай жердегі аялдамада түк көрмегендей боп қызыл жаға милиционер тұр.
- Үшеу біреуге жабылып жатыр. Барсайшы, – деді қызыл жағаны оқты көзімен атып.
- Мен нарядта жүргенім жоқ, – дейді сақшы маңғазданып.
- Мен шағым түсіріп тұрмын ғой.
Милиционер теріс айналды.
- Оу, ағайын, сен милиционер емеспісің. Адам өліп кетсе қайтесің?!
- Акті жасаймыз.
- Сен де адаммын деп жүрсің-ау, қызыл жаға тағып, қорғанмын деп тұрсың-ау. Маяковский қатты қателескен екен.
Сақшы тіріліп, тілі шығайын деді.
- Сен мені олай қорлама. Мен органның адамымын. Әй, бір қолыма оңаша түссең ғой, көрсетер едім көкеңді.
- Мен сендейлерді көргенмін. Сен бір оңаша түссең ғой.
Аспандағы сымына сыйынып троллейбус келе қалды. Қызыл жаға мініп кетті, бұл қан-қан боп қалған жігітке жедел жәрдем шақырды.
«Сендермен кездестім, ақыры, біреу емес үшеуіңмен бірдей. Өшімді алдым-ау, бірақ... Патшаның жеке басына қастандық жасағаннан не өзгерді? Александр Ульянов таң алдында дарға асылды да кетгі... «Детский мир» сегізге дейін істейді. Наурызбайға ұшатын «Сұңқар» алайын». Өзімен өзі сөйлесіп, дызақтап келе жатқанда көшенің шетінде бір шоғыр боп тұрған қыздардың ішінен үстіне жұқа қара пальто мен басына дөңгелек қара шәпке киген қыздың құлағында қалған таныс даусы естілді.
- Халел аға, қайда асығып барасыз!
Селт тұра қалды. Анда-санда прожектор жарығы сәуле шашып өткенде бет-бейнесі жарқ ете қалған ересек қыздың өңі таныс, даусын да бұрын естіген, жүрегіне шым-шым бойлаған әуезді әуендей.
Халел айнадан бет-бейнесін көре алмас қою түнде қара шашым түгел ағарып кеткен шығар деп ойлап еді. Өйткені, іштен жалын боп шыққан мың сан тікенек қиялдың шы жоғары өрлеп, көкірегі мен жүрегін тырнап, қанатып өтіп жатыр. Соңғы рет жастанар сабан толтырылған қара жастыққа мың сан ине сұққылаған басын қойды. Етігін де шешпестен етбеттеп жатып, түрме бастығынан шыққан сәттегі жұлдыздарға қараған бақытты сәтінің ізім-ғайым жоғалғанына өкінді. Сол бақытты сәтте, жұлдыздардың астында тұрып, «тірі болсам Айбатты шығарамын, арманымдай аңсаған Айымкүлді, балташы Жылқыбайымды, желтоқсанда қанша боздақ азап шексе, солардың бәріне қол ұшымды беремін» деген аққұс ой қосақталып, жалғыз серігі — жұлдыздарға жол тартып кетіп еді. Ілкі сәтте Қафи-әпенді келіп, бір пұттық балғамен төбесінен қойып қалды да, қою түнде есеңгіретіп тастап кетгі. Өлген жоқ, ертең бостандыққа шығып, азат таңды көрер тұтқын өлі мен тірінің арасында арпалысып, естен танғандай әрі-сәрі күйде жатыр.
Енді бір сәт жарық жалғанның бар азабын басынан өткеріп кеткен өзі көрмеген Айбат есімдес азаматтың өлі рухымен тілдесіп, тырп етіп қозғалмастан үн-түнсіз қалды.
* * *
-Желаю удачи,— деді түрме бастығы ең соңғы — үшінші торлы есікке дейін шығарып салып тұрып,— Енді түрмеге түспе,— деп қолын ұсынды.
— Мен түскім келгендіктен түсіп жүрмін бе.
Әрине, әрине,— деп иығында жұлдызы жанған майор бір тұтқыннан құтылғанына жеңілденгендей шалт бұрылып кетті.Халел қайда бұрыларын білмей аңырып тұрып қалды. «Бірден бекетке тоқтайын. Бірақ, Алматыға тура пойыз жоқ шығар, автобуспен Целиноградқа жетіп алайын. Маған осы өмірде бекет қызығы бұйырмаған жанмын ба?» Жұрттың бет алған жағына қарай көппен ілесіп жүре берді. Екі жылдан бері мұндай нөпірді көрмеген басы қатар-қатар көп қабатты үйлер мен қадау-қадау әртүрлі жазуларға қараса, Күн нұры көзін қытықтап, ұялшақ баладай төмен қаратады. Көппен ілесіп жүре берді, әбден көз құмарым қанып, аяғым талғаннан кейін автовокзалды сұрармын деп келеді, мына бостан тіршіліктің құшағына сыймай толықсып, тебіреніп келеді; ойламаған жерден торлы есіктен ерте шыққанына, өзінің сөзін сөйлер адамдардың табылғанына бір жағынан таң қалса, бір жағынан «ақыры не болар екен?» дегендей қобалжып келеді. Оның үстіне Арқаның қысы да биыл сол бір жылғы желтоқсан ызғарындай ұйтқып тұрған жоқ, айнала көз қарықтырар әппақ дүние, табан тиген сайын денесіне дақ түспеген ақ қар «шығуыңмен, шығуыңмен!» деп, сықыр-сықыр етіп өзінен сүйінші сұрағандай.
- «Дәурен-ай»-ыңызды тыңдаймыз. Басқа әндеріңізді радиодан сирек береді.
- Айымкүл! Сенбісің?!
- Танымай қалдыңыз ба? Оны жыл өтті ғой арада...— прожектор жарығы бетіне түскенде сұңғақ бойлы талдырмаш қыздың ашық өңі мен тұнық қара көзі жарқ ете қалды.
- Айымкүл, иә... арада он жыл өтті ғой...
* * *
Наурызбайдың тоғызға толған күні деп жайраңдап барғанмен Күлтайдың қабағы ашылмады. Тоңтеріс қабақтың астындағы салқын ызғар қобалжуы бар көңіліне мұздай су сепкендей боп ұлына сыйлығын тапсырып, бетінен сүйіп, кері қайтты. Жылда осылай. Наурызбайды көру үшін жылына екі-үш рет барады, әр көрген сайын жалт етіп жоқ болатын әкесіне таңырқай қарайтын бір тамшы қанының күн сайын есейіп келе жатқаны алабұртуы көп көңілін демдегендей болады. «Сен өмірге келгенде туған әкеңді, жер басып жүрген тірі әкеңді сирек көруге жазған екен де» деп бетіне ойлы көзімен аңтарыла қарайды да, көп отырмай кетіп қалады. Күлтай Наурызбаймен бір бөлек, Халел қалың кітаптары мен жазған жазулары, салған суреттері, айқыш-ұйқыш нота сызықтарының ортасында бір бөлек – жеке пәтерде күй кешіп келеді.
Түн ұйқысы шала болды. Кеше қалың нөпір, қорғансыз қыздарға таяқ көтерген қазақ милиционерлерінің қылығын көріп, екі қызыл жағалының сазайын тарттырдым дегенмен, көңілінде қалған өкініші жанын жарадай сыздатып, түн ұйқысын қашырды. «Менің үш қызыл жағаны таяққа жыққанымнан не шығады, анау үсті-үстіне үрген шардай боп кісі қарасымен дөңгеленіп келе жатқан Алаң, ондағы мыңдаған жұмыр бастың тағдыры не болар екен? Ең алдымен, олардың талабы не екен өзі? Талапсыз митинг, талапсыз шеру болмайды ғой».
Үйден асығыс шығып, жұмысына беттеді. Онда да абыр- сабыр. Сағат онға таяу кешегі қалың нөпір көлкіген көк теңізге айналды. Директор төрт-бес жігітті шақырып алып, кезекшілік қызыл шүберек үлестірді.
- Қарларыңа байлап алып, қоғамдық тәртіпті күзетіңдер. Өзіміздің адамдарды көріп қалсаңдар, түртіп алыңдар.
-
Директордың мына сөзі Халелге желеу болды.
Қалың нөпірге қала беттен құлақшынын баса киіп, мойнына шалғысын олпы-солпы орай салып, алабұртып асыққан жастар қосылып жатыр, теңіз мұхитқа айналып бара жатыр. Халел сол нөпірдің арасынан Айымкүлді іздеді. Сұңғақ бойлы қыздың «Қайда асығып барасыз?» деген алтын тегешке төгілген күміс тиындай сыңғырлаған үні көкірегін шымырлатты. Сол сәт ол Айымкүлдің қасында қалмағанына өкінді. «Ұлымның туған күні еді» деп те сылтауын ашып айтпады, әлденеден қорыққан, сойылдан сескенген сарбаздай «Асығыс едім» деп тайып тұрғанына қазір өзін-өзі сөгіп келеді.
«Бойым сұңғақ секілді еді». Иық тірестіріп тұрған жастар арасында өкше көтеріп қарай алмайсың, қолыңнан ине түсіп кетсе еңкейіп ала алмайсың. Халел сонда да жан-жағына алабұрта мойнын бұрып, бір бұрышта жанары мөлдіреп, басына киген дөңгелек шәпкесі өзіне құйып қойғандай жарасып тұр ма екен деп, Айымкүлді іздеді. Биттей сығылысқан топтан кібіртіктеп шығып, Абай мен Мир көшелерінің қиылысына келді. Опыр- топыр боп ұйлығып, бас ие таппай қобалжып, дегбірсізденіп, дүрлігіп жүрген жастардың алдына қаны қызынып шықты да:
- Бауырларым, мені тыңдаңдар, – деді. Бәрі топтан суырылып шыққан жалғыз адамға «бұл не айтар екен?» дегендей әрі сынап, әрі секемдене қарады, – Бұлай бүрсең қағып босқа жүре бергенше нақты талаптарыңды айтыңдар. Босқа жүріп ешкімді қорқыта алмайсыңдар. Онан да кешелі-бүгінгі ұсталғандарды босату керек деп талап қойыңдар, – деді тамағын қырнап. Сол сәт тамағына бір уыс суық ауа лек етіп кіріп, қырылдап сөйлей алмай қалды. Сол сәт КГБ- ның құпия камерасы оның өң-жүзін бейне-таспаға айна-қатесіз түсіріп алды.
-
Аралдан шыққан адамдай боп көлкіген көк теңізге қайта бет алып келе жатып, қызына сөйлеген бір топ қыздармен қарсы жолығысты.
— Қыздар, мен Халел деген композитор ағаларыңмын. Бұлай аптығудың қажеті жоқ. Құр босқа алаңды күзетіп тұра бергеннен де ештеңе шықпайды. Онан да көшелерді аралап, шеруге шығыңдар. Әскерлер бос Алаңды күзетіп тұра берсін. Шеру ұзаққа созылса, толқу басылмаса бүкіл әлем хабардар болады. Сондықтан Алаңнан аулақ кетіп, көшені бетке алыңдар. Әйтпесе босқа соққыға жығыласыңдар.
Осы сәтте Алаңды қоршаған аузы-мұрны жоқ бітеу машиналарға жігіттердің қолын қайырып, қыздарды шашынан сүйреп әкеліп, қойша тоғытып жатты.
Осы сәттерде басына темір каска киіп, қолына резеңке қамшы ұстаған көше кезген солдаттар ұлты қазақ жастарды соққыға жығып, қыздардың жатырына керзі етікпен теуіп қанын бұрқ еткізіп, «сендерден тұқым қалмасын» деп рахаттана масайрап, әйел баласына ойына келгендерін істеді. Олардың ерігіп еркінситіні – «шаш ал десең бас алатын» бұйрық жоғарыдан берілді. «Әй дер әже, қой дер қожа жоқ". Олар үшін Алматының көшесі – театр да, қазақтар – актер болды. Спектакльдің суфлері өздері де, Бас режиссер Мәскеуде – телефон құлағында, Алматының Ақ Ордасындағылар әйнектен жылт-жылт қарап, көріністі тамашалап тұрды. Әуежай мен теміржол бекеттеріндегі жолға шыққан қазақ жастары себепсіз ұсталып, жазықсыз түрмеге қамалды. Осының бәрін көзімен көріп үлгермесе де көкірек-көзімен тайға таңба басқандай көріп-біліп, танып тұрған Халел зиялы қауымның атынан кешіктірмей бірінші басшыға хат жазуды санасына түйді. «Басшыға кешірімді болған жарасады. Мәселен, біз Сіздің есіміңізді өмірі естіп-білген емеспіз. Сондықтан халық толқуының болуы заңды құбылыс. Біз ұлты орыс басшыға қарсы емеспіз. Қазақстанда да Қазақ жерінде туған ұлты орыс басшылар аз емес. Солар неге республиканы басқармасқа? Біздің тілегіміз – ұсталғандардың бәрін босатып, Алаңға жиналғандарды таратудың бейбіт жолын қарастыру керек?!"
Халел хатты жұмыс бөлмесіне жылдам барып жазып, Орталық Комитеттің қабылдау бөлімінің жәшігіне тастады.
Бұл сәт бесін ауып, желтоқсанның тағы бір күні Жер-әлемге қарай алмай бетін басып, ұялып батуға әзірленген шақ еді. Мана трибунада қаз-қатар тізілген Бюро мүшелерінен татымды сөз ести алмады. Бәрінің айтары – «жатаққа қайтыңдар, бейбастақтықты қойыңдар».
«Бәрібір Пленум шешімі бұзылмайды, бұл – Мәскеуден бекіп келген мөр. Сеңді бұзатын күн әлі бізге туған жоқ. Аптықпаңдар. Жақсылықты тек алдағы күндерден іздеңіздер?!»
Осы сөз иықтарын басқан қара пальтолы, милықтата қара құлақшын кигендердің бірінің аузынан шықпады. Көгілдір теңізге көз тоқтатып қарай алмастан бірінің соңынан бірі басқышты басып төмендей берді. Мамырлай басып келді де, кеткенше асығып, қызыл гранит мінбеден түсіп, көрінбей кетті.
Халел бұлармен бетбе-бет жүздесуді ойлады. Жәшікке салынған хат қолға тиді ме, жоқ па, белгісіз, қағаз қашан да қағаздың міндетін атқарады. Ал, қазақ «бет көрсе жүз ұялады» дейді.
Күн бата қасына сенімді азамат, сазгер Жоламан Жолбосыновты ертіп, Орталық Комитеттің қабылдау бөлмесіне кіріп, өзінің диссиденттік өмірбаянымен таныстырып, Орталық Комитет басшыларымен кездесуді сұрады. Иықты жаншыған қара пальто мен милықтата киген қара құлақшындар шешіліп, енді қара костюм мен қара галстук таққандармен үстел басында бетбе-бет жүздесті.
Халел көп сөйлемеді, тез айтты. Олар тыңдап отырды да, ішінен біреуі суырылып шығып:
- Егер тез арада олар Алаңнан кетпесе, біз қару қолданамыз!— деді.
- Алаң тез арада тазартылу керек,— деді оны қостаған екінші біреуі.
-
Халел ел ағаларының алдынан көңілі құлазып шықты да, әліге дейін қарында байлаулы жүрген қызыл шүберекті шешіп алып, қалтасына тықты. Ілкі сәтте бетін басып батып бара жатқан Күн, қолдан жасалған жалған жарық – прожекторлардың көз шағылыстырар сәулесінің астында бір қызыл құйын Алаңды жарып өтіп, құйғытып келе жатты. Жастар екі айрылып, кейін шегініп, көк мұзды жастанып жата қалды.
- Суық су сеуіп жатыр, – деді Орталық Комитет ғимаратының ішіне кіре алмай, басшыларға көңіл толқытқан мұң-наласын айта алмай қапаланып жүрген бір көзтаныс қария.
-
Халелдің іші шым етті. Жалтылдаған сәуле астында көк мұз жастанған жастар «өлсем орным қара жер» дегендей тыпыр етпестен мізбақпай жатыр. «Айналайындар, жандарым-ай! Айымкүл, сен қайдасың? Сен де көк мұз жастанып жатыр ма екенсің?!» Ол қызыл машинаға қарай қол бұлғап жанұшыра жүгірді. «Бұлар – менің іні-қарындастарым, сендердің де үнді еліндегі Джурналардай болғандарың ба? Қазақтың Джурналары осылар, мынау арлы-берлі ойқастап, адамзатқа желтоқсанда суық су шашқан қызыл машинаның жолында мізбақпай қасқайып қарсы жатқандар. Фашистер 1944 жылы өз дегендеріне иліктіре алмаған генерал Карбышевтің төбесінен суық су құйып өлтіріп еді. Джурналар – американдықтарға қарсылық ретінде көшеде мелшиіп отырып алды, олардың басын кескенмен денесі сіресіп қала берді. Менің Джурналарым, сендерді қорғайтын кімдер бар, бір Құдайдан басқа? Сендер Алаңға өздеріңді оққа байлап кімдерге сеніп шығып едіңдер? Мен сендерді күттім ғой, жандарым-ау! Күттім ғой осы күнді».
Ол қызыл машиналарға қарай қол бұлғап, бақыттан от боп жанып, оқша атылды. Адам жеңгенде ғана емес, жеңетініне сенімді болған кезде өзін бақытты сезінеді.
«Айымкүл, Сен де осылардың арасында шығарсың. Сен мен үшін елеске, кездесіп тұрып жоғалтып алған бейнеге айналдың ғой». Жанұшыра жүгіріп, көкірегімен мұз құшқан жастарға жете бере көк мұзға аяғы тайып, етбетінен түсті. Қызыл машинаға қарай жүгіріп бара жатып омақаса құлаған жалғыз жаяудың артынан келген солдат резеңке қамшымен бастан тартып жібергенде, көкірегі күмбірлеп ән салып тұрған жігіт естен танып, шырқап салған әні үздігіп, үзіле берді, қарақшы қолдар көтеріп әкеткенше көк мұз үстінде суық суға малшынып жатып қалды.
Қолына сапер күрегін ұстаған солдаттың аяғы астындағы бұралқы ит арс еткенмен Адамды түтіп жеуге дайын тұрған ақ азудың ноқтасын сыпыруға әлі ерте еді.
Каска киген көккөз солдат сапер күрегін қолына алып, көз шағылыстырған прожектор жарығынан басып алып қашып, өзеуреп Ақ Орда жаққа қайта-қайта қарай берді. Ол құмардан шығаратын құпия бұйрықты күтулі еді.
* * *
Айымкүл қапас камераға кірген бетте дөңгелек шәпкесін шешіп алып, аузы-мұрнын тұмшалады. Мына жерде дем алу, ауа иіскеп, көкірекке оттегі жіберу мүмкін емес. Оттегінің өзін бар деп айту қиын. Ол жалғыз Адам әрең сиятын «стаканчик» түрме-бөлмеге кіргенде «Адамзатты қинаудың айла-тәсілдері көп екен-ау» деп ойлады. «Ал, мен не істеп қойдым екен осыншама қинайтын?» Айымкүл кешегі күнді ойлады, сол күннің есте қалар ең белгілі суреті боп асыға басып бара жатқан Халел тұрды көз алдында. «Сол өзгермеген қалпы. Осыдан тоғыз жыл бұрын листовкасын апыл-ғұпыл қолыма ұстатып кеткендегі күйі. Даусындағы жылы әуез де, көзінің өткірлігі мен жүзінің мейірімділігі де сол күйі өзгермей қалған. Адамзат қалай туса солай қалады, сүтпен келген мейірім сүйекпен кетеді екен-ау». «Жастық дәурен», «Анама» деген әндерін радиодан естіп отырып, бір мұңның соңын ала тосын серпіліс, құлашты кең жазған еркін аңсауды көргендей болатын. Арада қаншама су аққан соң өзімен жүздесті. Бірақ, жалт етті де жоқ болды. Айымкүл өз мұңына қарай ойысты. «Мені осынша азаптайтын не істеп қойдым екен?» Қазақ қызы өзіне-өзі сауал қойды. Самбырлап сөйлеп тұрған Қазақ радиосы бір айтқанын құлақ құрышын қандыра әлденеше қайталады. Москва сол хабарды айна-қатесіз тағы берді. Ол мынаған саятын:
Алматы. 18 декабрь. (ТАСС).
«Кеше кешкісін және бүгін күндіз Алматыда ұлтшыл элементтер араңдатып салған оқушы жастар тобы көшелерге шығып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жуырда болған пленумының шешіміне наразылық білдірді. Бұл жағдайды бұзақылар, арамтамақтар және қоғамға жат басқа да адамдар пайдаланып, право тәртібінің өкілдері жөнінде правоға қарсы әрекеттер жасады, сондай-ақ бір азық-түлік магазинін, жекеменшік автомобильдерді өртеді, қала азаматтарына қарсы намысты қорлайтын әрекеттер жасады.
Заводтарда, фабрикаларда, жоғары оқу орындарында, басқа да еңбек коллективтерінде болып өткен жиналыстар, сондай-ақ қала мен аудандардың партия және комсомол активтері Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті пленумының шешімін мақұлдады және оқушы жастар тобының ешқандай негізсіз іс-әрекеттерін айыптап, бұзақыларға батыл шаралар қолдануын, қалада толық тәртіп орнатылуын жақтады. Осы бағытта қолданылып жатқан іс- қимылдарды еңбекшілер қолдауда. Олар совет жане партия органдарының жүргізіп жатқан шараларына белсене қатысуда. Барлық кәсіпорындар, мекемелер, оқу орындары, магазиндер, тұрмыстық қызмет, қала транспорты қалыпты жұмыс істеуде».
Ұзын дәліздегі қара радио түк болмағандай самбырлап сөйлеп тұр.
Ереуіл басталған күннің ертеңіне түс ауа «Қашан шындықтың бет пердесін ашамыз?», «Қазақ халқының кінәсі не?» деп тақырып қойған ойларын машинкаға бастырып, оқу орындарының жатақханасында тұратын студенттерге таратпақшы ниетпен Абай даңғылындағы құрылыс техникумына тақай бергенде, қарына қызыл шүберек байлаған екеу тоқтатты да, қызыл тілдің былапыт бізін сұққылап тарпа бас салды.
- Красавица, пожалеем тебя, давай с нами пойдем в гостиницу или в милицию.
- Я никуда не пойду, – деп бастап, орыс тілін орыстан артық білетін Айымкүл қызыл тілмен арбасып қалды да, сол жердегі мылтықсыз майдан едәуірге созылды.
- Сендер Қазақстанда жүріп, қазақ көрмегенсіңдер ме, неменеге сонша шұқшиясыңдар? – Айымкүл ызаға булықты.
- Бұл күнде сол қазағың сенімсіз боп барады ғой.
- Жақында Францияда студенттердің ереуілі болды. Өкімет олардың тілегін мәдениеттілікпен қабылдап, шешім қабылдады.
- Қайдағы бір капиталистік мемлекетті біздің коммунистік ұлы державамен салыстырасыз, – деді қарына қызыл байлап шыққан аудандық партия комитетінің өкілі.
-
Осы мезет зу етіп бара жатқан милиция машинасын қол бұлғап тоқтатып, көшеден тапқан олжаларын төрт дөңгелектің ішіне салып жіберді. Милиция лейтенанты сұңғақ бойлы бәденді қыздың тұлабойына құшырлана қол жүгіртіп тінткен кезде жиырма бес дана иір-шиір бүктелген листовка-қағазды сумаң еткізіп ішкі қалтасынан суырып алды.
Өзіне бекітілген тергеуші – қасы-көзі қиылған лейтенант қазақ жігіт:
- Сіздер жаңа келген басшыны неге жек көресіздер? – деп бастады алғашқы сауалын.
- Сіз Чеховтың «Хамелеонын» оқыдыңыз ба? – Айымкүл қарсы сауал қойды.
- Мен кітап оқымаймын. Мен сүйікті Коммунистік партияның солдатымын.
- Қуыршақты алдыңызға құдай ғып қойса табынар ма едіңіз?
-
Сұрақ жауапсыз қалды...
Айымкүл камераға әкелгенде, «мынадай кеще ұрпақпен халқымның болашағы қандай болар екен?» деген ащы ызамен темір есіктің арғы бетіне өтті. Онан кейінгі көргені – өзінің келгеніне қуанғандай кенереден ытқып шығып, шиқ-шиқ еткен бізтұмсық тышқан мен сыз қабырға түбінде тапжылмай жатқан маңғаз бұзаубас.
- Қалайсың, декабристка?! – деп сары шашты күзетші қарап өтті. «Япыр-ау, түрмеде істейтін қазақ жігіттері құрып қалған ба? Неге соларды осындай жерлерден аластатады?» Манадан бері көргені өңкей шикіл сары, көккөз жігіттер. Заң оқу орындарын лек-легімен бітіріп кетіп жатқан жергілікті мамандар қайда?
-
Әлден уақытга «Апай, шәй ішесіз бе?» деген құлаққа жағымды қоңыр дауысты естіді, төрт бұрыш тесіктен бір талдырмаш келген қара жігіт сығалап тұр екен.
- Інішек, шамаң келсе, мынадан гөрі иіс-қоңысы аз камераға ауыстыршы, шәй ішкендей көрейін.
- Апай, ол менің қолымнан келмейді. Мен тек шәй бере аламын.
- Онда ниетіңе рахмет.
-
Сағат жарымдай уақыт өткенде кілті шақыр-шұқыр бұралып, сатыр-сұтыр етіп темір есік ашылды да:
- Апай, шығыңыз, – деді әлгіндегі құлағына майдай жаққан дауыс. – Жалынып жүріп, әрең дегенде ауыстырдым.
-
Ұзын дәліздің ең түкпіріндегі камера бұрынғымен салыстырғанда иманжүзділеу көрінді, ең бастысы, қолқаны атқан сасық иісі жоқ екен. Айымкүл мұрты тебіндеген қатардағы милиция жігітке риза болды. «Сендер көбейсеңдер ғой, осындай тар түкпірлерде, тар кезеңде болысатын терісі кең, санасында сәулесі бар жігіттер молая түссе ғой».
Бұл ішінде қалған іркінді судай арман ойы еді.
Жігіт бір стакан шәй мен екі тілім нан, ақ қағазға орап бір уыс тұз ұсынды.
— Апай, нанға тұз сеуіп жесеңіз қарныңыз ашпайды. Шәй ішемін десеңіз, тағы әкелемін.
Айымкүл тар түкпірде өзін түсінген бір адамның табылғанына көңілі босап, әйелдікке салып жылағысы келді. Қырлы стаканның ернеуінен дәмін татқан жылымшы шәймен бірге қақ боп жамалып жатқан іштегі ыза мен өшпенділік көз жасын жібермей ұстап қалды.
-
* * *
Күлтай түсінен шошып оянды. Қатар кереуетте жатқан Наурызбайға қарап еді, мұрны пысылдап, тәтті ұйқы құшағынан оңайлықпен босанар түрі жоқ. Бір апта сабаққа жібермей үйде ұстады. Көше аладүрбелең, қолына қару ұстаған толы жасақшы жүргенде тоғыз жасар баланың жолын тосып отыруға жалғанда күту деген сезімді жаны жек көретін Күлтай төзбеді, жібермей алып қалды; оның үстіне әкесі секілді қарап жүрмейді, әрнені сұрап, әрнені білгісі кеп, ширығып, алабұртып, атырылып тұрады. "Көкем неге сотталды?" деп сұрағанда "білмеймін" деп жауап берді бірде. Білмейтіні рас. Айдың, Күннің аманында, мамырақай заманда не үшін істі болғанына өзі де түсінбейді, өмірді енді бастағанда жарым жолда қалдырып кеткен жаман жолдасқа теңейді. "Жұрт сияқты қолтықтасып, көңіліміз тасып жүрсек кімнен кембіз" деген әйелдік аяр ой кеудесін жәукемдеп кете береді.
Наурызбай танауы пысылдап, тәтті ұйқы – бөлек әлемнің құшағында жатыр. "Әкесі туған күніне келеді де, ізім-ғайым жоғалады. Кешегі дүрбелеңнің бел ортасында жүрмесе Халел бола ма ол. Қатысқандарды түгел атады дейді. Атылып кетсе, жылына екі көретін әкеңді көре де алмайсың- ау, сорлы бала!" Ішкиімшең, қара шашы қобырап, ұйпа-тұйпа боп отырып, көрген түсін еске алды. ...Қолы жоғарыдағы белдеу ағашқа қайырылып байланған Халелдің жалаң аяғы салбырап келіп, төмендегі тұнып тұрған қап- қара суға малшынды. Дыбысы шықпайды, тек сымдай боп тартылған күйі қызыл ернін қанын шығарып тістеніп, шайнай береді...
Қалың қара шашы ебіл-дебіл боп қобыраған әйел ішкиімшең жүріп, шалт қимылға ауысып, жинаулы кітаптардың арасын ақтарыстыра бастады. Бір кітаптың арасында Халелдің суреті бар еді. Сол жансыз бейнені тауып алып, ортасынан дар еткізіп жыртып, отқа тастағысы келді – сол жансыз бейне мен түсінде көрген отыз екі тісін шықырлатқан жанды бейнені көргісі келмей, біржола күдер үзгісі келгендей жұлынып жүріп, суретті жанұшыра іздеді. Жоғын таба алмай тұлданып, долданып, енді баласының сөмкесін ақтарыстыра бергенде ол көзін ашып алып:
- Апа, не іздеп жүрсіз? – деді.
- Әкеңнің суретін іздеп жүрмін.
-
Бала ұшып тұрып, көзін уқалап-уқалап жіберді.
- Апа, көкем енді келе ме?
- Білмеймін... келіп жарытып жүргендей... – Күлтай ішкиімішең ызалы күйде қолтығын төңкеріп тұрып үстіне көйлегін іле бастады.
-
* * *
«Апырмай, ештеңе өзгермепті-ау. Арада қайта құру деген ысқырынып, аттандай шапқан темір тасқын өтті, ең болмаса, соның да ешқандай лебі мен себі жоқ. Осы аттандап шапқан көз алдау науқанда біздің қазақ алға шықты, ақындар айтысын өткізіп, қайта құруды тақырып етіп жырлағанда да «Қайта құру дегенім, қайта құру, Атымды қайта ертеп, қайта міну» деп алдына жан салмады. Қандай науқаншыл, құймақұлақ, өзгенің мүддесі үшін өзімізді-өзіміз шаң қаптырып кететін алда жүруге ынтық авангард халықпыз. Аштықтан қырылып жатсақ та жоспар деп, келімсектерге құшағымызды ашып, өзіміз жертөледе жер жастанып жатсақ та «астанада тұру – қандай бақыт» деп, барымызды Мәскеу мен Ленинградтың аузына тығып, етке жарымай ашқұрсақ боп отырсақ та «Ел тілегі – елу миллион» деп айтар сөзімізден жаңылмадық».
Халел ағаш нар арқасына батқандай орнынан тұрып арлы-берлі жүре бастады. «32 жылы елу миллион мал бола тұрып, жиырма миллион халықтың 18 миллионы қырылып, ел кезіп, босып кетті. 37-де өзімізді өзіміз көрсетіп, Ежовтың алдында өз әкемізді өзіміз ұстап беруден жоспарды 101 процентке асыра орындап, есеп беріп отырдық. Бірақ... – Халелдің жұдырығы түйіліп кетті. – Желтоқсанда көрсеттік өзімізді. Қазақты әлем таныды. Енді осының арты қайырлы болғай, қыршын жастар қыршынынан қиылмағай. Оқудан шығару, комсомолдан қуу түк те емес, оқуды өмірден тоқисың, комсомол – партияның ізбасары боп селпеңдеп соңынан ергенде сөзіңді тыңдап, маңдайыңнан сипады ма? Енді...» – Халелдің жұдырығы түйіле түсті. Тергеу изоляторындағы бес адам қуықтай тар бөлмеде арлы-берлі жүрген бұйра шашты, қой көзді жігітке тесіле қарайды. Олар үшін бұл қақсал түрмеші, өз тілдерімен айтқанда "зек-стажник", өздері болса, түрменің кір сабынымен денесін бір сипамаған боқшелек тасыған сары ауыздар.
Көк теңіз Алаңда әуелі тайып жығылып, сосын соққы тиіп құлап жатқан жерінен түрмеге әкелді де, колхат алып, қайта жіберді. Қаңтардың он үшінші жұлдызында үйінен тұтқындап, бірден тінту жүргізді. Сол баяғы «Қаһар» бастаған көп кітап, көп жазу мен айқыш-ұйқыш нота сызықтары. Ешқайсысына тимеді. Жұмысындағы үстелін де тышқанша тінткілеп, сезікті ештеңе таба алмады. Сонан кейінгісі – күңгірт жарықты көмескі өмір – тергеу изоляторы. Қапасқа әкеп қамап тастағанмен тергеу жоқ, тек темір есіктің күніне бір ашылып, тормен тұмшаланған көк аспан астындағы аты бір сағаттық – заты қырық бес минөттік серуеннен кейін сарт жабылуы күнделікті дағдыға айналды.
Темір есік шақыр-шұқыр бұралып ашылды да, "Мунайтпасов, на выход",– деді күзетші. Тергеушінің бөлмесіне алып келді, бірақ басталған тергеуі жоқ. Сағат жарым болды – бірі кіріп, бірі шығады, қолына кісен салынған тұтқын кірген-шыққанды санамалап төзімі таусылды. Бір кезде үстеліне жайғасарда шалбарының балағы қыртыстанбасын деп көтендік тұсынан ұстап сәл жоғары тартып қойған қоңқақ мұрын сары шаштыға:
- Мені не үшін әкелдіңіздер? – деді.
-
Оған қарама-қарсы отырған ақшыл сары киіп кетіп, сөзге араласты.
- Тергеуге өзіңіз-ақ асығып отыр екенсіз, бастайық.
-
Әлгінде есіктен «Следователь Лютов и Кириличенко» деген жазуды оқып қалған, «мына бәтшағарлар солардың тап өздері».
- Алаңға не үшін шықтыңыз? – деді қоңқақ мұрынға қарама-қарсы түлкі көз, мысық мұрт жігіт миығы тартып.
- Сендер мені жетпіс жетінші жылы сотталғанға «бәрі бітті, қолға кеп түсті» демексіндер ме! Жоқ, бауырларым, олай емес. Сең бұзылды, империяның қабырғасы сөгілді, – деді екеуінің бір-біріне қараған жымысқы күлкісіне зығырданы қайнап. Әрі әлденеше күннен бері ішінде қайнаған ыза деген қара қазанның қақпағы да қоса ашылып кетті.
-
Тілдерін тістеп, бір-біріне көз жүгіртіп үндемей қалған екеуіне тура көз тоқтатып қарады да:
- Маған бір парақ қағаз беріңдер, – деді.
-
Түлкі көз қуанып кеткендей сарғыш парақ пен қаламсап ұсынды.
«Аудандық прокурорға
Мені саяси қылмыскер ретінде КГБ түрмесіне ауыстырыңыз. Мен қоғамдық тәртіпті бұзушы қылмыскерлермен бірге жатуға тиіс емеспін және тергеуді де қауіпсіздік комитеті жүргізуі тиіс.
X. Мұңайтпасов".
- Прокурордың қолына тиген-тимегенін мен бүгін кешке-ақ естимін. Сондықтан тез арада табыс етіңдер!
-
Қос тергеушінің бетінен бүлкілдеген балық-күлкінің ізі ізім-ғайым жоғалып, тілдерін жұтып алғандай тым-тырыс күйге ауысты.
Қолына кісен салып, бір күзетші – алда, біреуі – артта, камерасына алып келе жатыр. «Қиын заман – тар кезеңнің тағы да орнағаны ма? Отыз жетінші жылы да дәл осындай болмаса неғылсын? Кешегі қантөгісіміздің ұлтымызға ештеңе бермегені ме? Ұлттан өш алу үшін бұлар қолдан келгеннің бәрін жасайды. Сонда біздің сенеріміз кім, жағамыз жоқ жұртпыз ба?» Халел жертөлеге алып түсер түрме басқышына аяғын сала бергенде төменнен лекілдей соққан ән әуені естілді. Кілең қыздардың мұңлы да сызылтып, сыңсып салған әні. Анау жалпы камераға бірінің үстіне бірін қойша домалатып тастаған тұтқын қыздар салған ән – «Елім-ай!» Ән тоқтар емес, бір шумақты аяқтап, басынан қайта бастайды. Халел ағаш нарда отыра алмады. Бұл жолы отыз екі тісін түгел бір сәтте қағып алғандай қызыл иек дудар баспен бірге қамады. Жаңа жасауылдар алдына сап айдап келе жатқанда айналасына мойын бұрып, он жылда ештеңе де өзгермепті-ау деп таңырқаса, қазір сол сумаң ойдың бәрі су сепкендей басылды. Бір мезет ән де ортасынан үзіліп, оның орнына темір есіктің мыйды тілгілеген салдыр-гүлдірі естілді. Тұтқынның ойы саусағын созып қайта бас көтере бастады. «Қайда сол, заң факультеті мен милиция мектептерін бітіріп шығып жатқан қазақ балалары? Солар осы жерде неге қызмет атқармайды? Милиция да, сот та, КГБ түрмесі де – бәрі өзге ұлт өкілдері. Қайда біздің заң оқыған жастарымыз? Жұмыс таба алмай сандалып жүр ғой табақтай дипломды ыстық құшағына басып алып?!»
Ән қайта көтерілді. Сол жақтағы есіктер салдыр-гүлдір ашылып, барқ-барқ еткен еркек дауыс естілді. Ән тоқтамады. Солқыл аралас өксік үн де естіліп қалады. Соғыс кезінде тұтқын қазақтар қосылып "Елім-ай"-ды шырқаса, неміс офицерлері тапаншасын шығарып, тоқтатуын талап етеді. «Біз қазақ деген халықпыз, еліміз, жерімізді отаршылдар басып алып, халық босып кеткенде елін, жерін сағынғандардың әні бұл» десе, офицер «Солай деңдер...» деп, тапаншасын қабына салыпты. Еуропа жерінде, неміс тұтқынында шырқалған әнді қазақ өз жерінде неге шырқамасқа?»
Ән сәл саябыр тапқан кезде Халел баритон даусын барынша баптап, «Алтын Күн аспаны» деп бастап кетті. Әлгі саябырсып барып басылған толқын дауыс қайта көтеріліп, әлгіндей мұңлы емес, жігерлі, өршіл үн енді екі камерада емес, басқа да темір есіктерден толқып, лықсып естіле бастады. Әлден уақытта жертөле-түрме әнмен тербелді. Сейфуллин көшесінен өтіп бара жатқандар ән әуенін естіп қалып, айналасына құлақ түре қарады.
Күзетшілер қыздардың есігін ұрғылады.
«Менің Қазақстанымды» бастап отырған 13-камераға бас сұғуға ешқайсысының батылы бармады.
***
— Қатаң тәртіппен төрт жылға бас бостандығынан айырылсын!
Соттың мұрнынан шыққан маңқа даусы үкімді естірткенде ол ет бауыры елжіреп өкінбеді. Тоғыз жыл бұрын, түбіт мұрт шағында, мынау жарық Аспан, азат дүниеден алыс кеткенім бе деп іші удай ашыса, қазір бәрімен бас изесіп қоштасып, шалт келіп қолына кісен салған күзетші-жендеттің жайбарақат алдына түсті. Сот мәжілісіне самайын ақ қырау шалып, бұрынғыдан да гөрі еңкіш тартқан тергеуші Мұқанов та келіпті. Таныды, жазбай таныды, тордың ар жағында – айыпкер орындығында отырып бас изеп сәлемдесті, ол да басын изеді. Бүкіл ғұмырын Адам тағдырымен байланыста өткізген, бүгінде кәрілік алқымдай бастаған ақсақалдың өңінен сотталушыға деген аяныш немесе өшпенділік емес, ризалық сезім сезілгендей. Ол Халелге ағаттық жасадың деп сөгіп емес, «осыныңның өзі дұрыс» деп риза болып қарап отырғандай көрінді. Есіктен шығарында жанай өте беріп, «Бұлай болады деп ойламап едім, оқасы жоқ, аптықпа», – деді. Тұтқынның тіл қатуға қақысы жоқ, басын изеді де өте берді. Сотта көрмеген адамдарды көрді. Бірінші күні шоғыр-шоғыр боп жиналып жатқан Алаңға бірге шығып, бір мекеменің ішінде қатар отырып сырласқан әріптесі ұйғыр Юсуф куә боп қатысты. Сөзінің соңын «Ұйғыр болсақ та біз де шыдап жүрміз ғой, сіздерде бәрі бар емес пе, не жетпейді осы? Алаңға шығудың қажеті жоқ еді» деп қайырды. «Не жетпейді дейді-ау. Неге жетіп отырмыз? Ең бастысы, қой баққан қазақ етке жарымай отыр. Соны Юсуф білмейді дейсің бе, біледі, «Мәскеуге бір айлық оқуға барғанда Қазақстанның мөрі басылған семіз еттен алып келіп, шашлық жасадық» деп еді пірәдәр. Қос шырақ – екі көзің бір-бірімен қандай бақас? Арада дөңкиіп мұрын тұрмаса бірін-бірі шұқып, соқыр ғып тастайды екен-ау. Бүгін бір-біріміздің көзімізді шұқыған күн болды. Бас почтаны басып алмақшы болып, екі иінінен әрең дем алған қыз да куә боп қатысты.
- Бұл кісі бізге көшеге шеруге шығыңдар деді. – Сол саңқылдаған күйі қолмен қойғандай етіп дәлелдеп берді.
-
Халел мойындады.
Екінші бір қыз салы суға кетіп тұрып:
- Бұл кісі бізге қар мен тас лақтырып бейбастақтық жасамаңдар деді,— дей бергенде:
- Ондай куәлігіңнің керегі жоқ,— деп сот төрағасы тиып тастады. «Рұхсатсыз сөз айтуға ерік жоқ, шындықты айтуға ешкімнің қақысы жоқ».
-
Шалдың даусы құлағына анық естілді. «Он жылда бір тауқымет бар, өтеді де кетеді. Көк туың желбіреп тұр».
Темір есік тарс жабылды.
— Тойдан келгендейсің ғой, – деді сотты күтіп сарғайған қақсал тұтқын.
— Мен үшін бүгін той. Қане, шәйларыңды қайнатыңдар!..
-
***
Бүгін темір есік күндегісінен ерте ашылып, бір сағаттық серуенге ерте шығарды. Камералардағы адам арнасынан асып кетіп, ығы-жығы көп тұтқынды есеп беру үшін ерте шығарып-кіргізіп, «ерте қимылдаған – ұтады» дегендегісі ме екен? Камералар толы қазақтың қыз-жігіттері, бәрі де жазықсыз ұсталған желтоқсандықтар.
Нәубет... тағы да 37-нің нәубеті келгені ме? 37-дей болуы мүмкін емес. Бүкіл ел, бүкіл әлем құлақтанды. Ал, Коммунистік партия демократияға бет алдық деп ашылып сайрағалы біраз болды.
Түрме. Түрменің не екенін темір есік ашылып-жабылғанда білесің. Ағаш есіктер – ошақтың тұтқасы, адамзаттың кіріп-шығар мерейі, бағы мен бақыты болса, темір есік – тұтқындықтың таңбасы мен мөрі, азаттықтың жабық қақпасы. Қырық үш жыл өмірінің он төрт жылы түрмеде өткен Қырай демократы Вэй Цзиншэн саяси тұтқындардың халі басқалардан ауыр, мені азаптайтын жалғыздық пен темір есіктің жаныңды тілгілеп жабылуы дейді.
Ауылда өмірінің көбі түрмеде өтіп, ақыры сол жердің топырағы бұйырған бір жамағайын жігіттің үйіне кіріп, көңіл айтқаны есіне түсіп отыр. Өзі домбыра тартып, ән айтатын, құйтырқы әңгімеге құмар жергілікті маңызы бар сері еді. Бірақ жоқтан барды ілік қып, жоқ жерден жау тауып, той төбелеспен тарқап, ақыры істі боп кететін. Қаралы үйге бас сұғып шыққанда анасының: «Отырыстың гүлі едің-ау, өмірің қапаста өтті ғой» деп аңырағаны төбе құйқасын шымырлатты. Түрме оны да түземеді, темір есіктің мый тілгілеген сықыры оның жүрегіне де мұз қатырып, ақыры, жүректегі адамгершілік боп аққан қанның көзін бітеп тастады да, түрмеде сүйегі қалды. Бұл жерде қызыл жағалы милиционер тұтқынды Адам деп санамаса, сенің оған деген өшпенділігің ушығып, Жер бетіндегі «мент» атын алған қызыл жағалыны бір күнде қырып тастағың кеп тұрады. Бірақ, ол да – Адам. Адамның Адамға деген өшпенділігі осындайдан басталады.
Темір есіктен шығып, темір тордың үстінен төртбұрыштанып төнген көк аспанға қарап тұрып, тас қорғанмен бөлінген арғы беттен қазақша сөйлеген дауыстар құлаққа естілді.
- 58 бар ма? – деп Халел атақты статьяны 37-жылғы атымен атап, дауысын көтерді.
- Бар. Жетеді. – Темекімен ысталған қарлығыңқы дауыс жөппелдете жауап берді.
- Декабристсіңдер ме?
- Дәл өзі.
- Қанша алдыңдар?
- Он төрт!
- Он бес!
- Он!
- Вышка1 болған жоқ па?
- Екеу.
- Прекратить! Молчать! – қызыл жағалы жендет естіп қойып, сөзге тиым салғысы келіп, тыраштана бастады.
-
Бір сағаттық серуен деп аталған торлы аспанмен аз-кем сырласу, Көкке қарасаң көзіңе бөлшек-бөлшек боп жыбырлап көрінген төрт бұрыштың саңылауынан сықсиған Күнмен тілдесу осымен тәмам. Төбесі мен қабырғасы құзданып кеткен бөлме, тақтай еденнің тесігінен нан қиқымын аңдып, жылт-жылт еткен қара тышқандарды көріп қалып, тағы да тұтқындық пен еркіндіктің арасындағы енсіз шекараны ойлап, қиялдың тұңғиығына батты. «Неге ұшы-қиырсыз кең дүниені азаттық пен тұтқындық деп екіге бөлеміз? Неге Адамзаттың біреуі тұтқынға түсіп, екіншісі еркіндікте жүреді? Неге біреуді-біреу қаралап күн көреді? Жұмыр Жер бәрінің табанына бірдей тимей ме? Неге қоғам адамды жақсы, жаман деп екіге бөледі? Онда «Лучшие люди» — «Үлгілі адамдар» деген Құрмет тақтасының қасына «Үлгілі емес адамдар» тақтасы неге ілінбейді?
Соғыста болып, тұтқынға түсіп қалған кісінің әңгімесі есіне қабат оралып отыр...
- Мені ауасы тар сыз бөлмеден тергеушінің жарық бөлмесіне әкелгенде таза ауа жұтқаныма, терезеден түскен Күн сәулесін көргеніме қуанатынмын. Тергеуді соза түсу үшін, таза ауаны жұта түсу үшін, Күн нұрына бетімді тосу үшін бәріне шыдауға әзір едім.
- Гитлерді көрдің бе? – деді бірде қара киімді, қарында крест таңбасы бар гестапо бастығы.
- Көрдім.
- Кім болды қасыңда?
- Үш адамбыз.
-
Аты-жөні, тұратын мекен-жайы?
- Олар немістер еді.
- Олар соғысты тоқтатып, сендермен келісім орнату туралы айтты ма?
- Тоқтатудың керегі жоқ, сендер бастадындар, енді біздер жеңгенше соғысамыз.
-
— Сендейлердің кесірінен соғыс созылып кетті, – деп, гестапо қолындағы қып-қысқа қамшыны көтере бергенде-ақ жыланша созылып, ысқырып келіп, арқамды осып өтті.
Қыңқ етпей шыдап тұра бердім. Гестапоның терезесінен шыжымдаған Күн сәулесі менің тән ауруымды өзіне тартып алып, қол ұшын берді. Сол үшін-ақ тергеуді соза түсуге тырыстым. Бұл 45-тің көкегі еді. Ертеңіне крест тағып қоқаңдап, қысқа қамшысына сенген қара киімді гестапоның уланып өлгенін естідім. Оның өлімі маған өмір сыйлады.
Бұл – басқыншылардың тұтқынды қинауы, ал басқыншыларды жеңген әкелердің ұлдарын, мына біздерді, өз жерімізде, өз заңымызбен неге қинайды? Әкелеріміз шейіт боп, аналарымыз бейнет көріп алған тендікті неге алақанда әлдилеп ұстамасқа? Адамзат неге екі түрлі өмір сүреді? Мәселен, Коммунистік партия Бас хатшысының саяжайын екі танк күзетеді екен. Біреуі – Бас хатшыға, біреуі – отбасына. Екеуі де ядролық сынақтан өткен темір үйлер. Ядролық жарылыс бола қалған жағдайда Бас хатшы мен отбасы екі темір үйді паналайды. Ал оларды күзеткен адамдар мен иттер қылжиып-қылжиып отырған орнында күйік боп қатып қалады. Міне, теңгермеушілік, міне, адамзаттың арасына тартылған ала сызық. Алла екі аяқтының бәрін бірдей ғып жаратпады ма? Халқы болмаса, Бас хатшы деген кімге керек?
Астың тәттісі – тұз, тіршіліктің тәттісі – еркіндік екен. Мына қызыл жаға, қайыс погон тағынған екі аяқтылардың өздерін тар жердің төресі сезінетінін қайтерсің. Осылар лекілдеп самал соққан далада ешкімнің бетіне тура қарай алмайды. Боқ сасыған түрмеде адаммен адамша тіл қатысып сөйлесе алмайтын құлтемірлер мәңгүрт қоғамның қазығы боп отыр; құлтемірлер қазық болған қоғам дәрменсіз, қорқақ қоғам. Қоғамдық тәртіпті түрмедегі «еңіреуінен екі ат жылтылдаған» қатардағы күзетшілерден бастау керек. Біз осылардың еркін өмір сүруі үшін уақытша қол астына келіп, тұтқын боп отырғанымызды сол шіркіндерің сезер ме екен?
«Вышка екеу» деді. Бес декабристі дарға асқанда екеуінің арқаны үзіліп түсіп, қайта асқаны тарихтың бетіндегі таңба. Өлім жазасының заңы бойынша бір адамды екінші мәрте аспайды. Россияны шірік арқанға теңеді ғой сонда Муравьев-Апостоль. Шіріп тұр, үзілгелі тұр бәрі де».
Бұл жолы темір есік емес, ортасындағы төрт бұрышты тесік сарт етіп ашылды.
— Обедать! – Хозбанданың даусы.
Халел төртбұрышты тесіктен қалайы тостақты қол ұсынып ала бергенде тамақ үлестіруші жігіт түрулі жеңінің қатпарына шиыршықталған қағазды тығып жіберді.
Жұрт қалайы тостақтағы көлкіген суға ерін тигізгенше тағатсыз. Халел болса әбден шиыршықталған сары қағаздың сырын ұққанша дегбірсіз.
Қалайы тостақты кері итерді, бұл – «ішпеймін» деген ишараты, қалайы күрешкедегі шәйді алды – тәулігіне үш тілім нан мен үш күрешке қара шәй тамұқтан жұмаққа шыққанша қанына қорек болатын түрі бар. «Тергеу изоляторы тамұқ болса, лагерь – жұмақ. Сонан екен ғой, баяғы бұжыр беттің «Лагерь – менің жайлауым, түрме менің өз үйім» деп жырға қосып жүргені. Жұмақ дегенің Күн мен Ай, осы екеуінің астында жүру – адамзаттың бақыты, осы Жаратқанның берген сиының астында Адамзат азат өмір сүре алмай тар қапасқа кеп неге тығылады? Ай мен Күн «Сендер азатсыңдар, Жер – азаттықтың мекені» деп Көктен күлімсіреп қарап, жарық нұрын аямай төгіп тұрған жоқ па? Ту, ой деген шіркін қандай тұңғиық, «су түбіне батқанды шер толқытса шығады» деп, менің шерімді де қозғап кеткен әлгі шиыршықталған сары қағаз. Оны мыналар тамақ ішіп отырғанда шығаруға әсте болмайды, көзінің астымен қарап, жүрген-тұрғаныңды аңдитын салпаңқұлақтар жетеді бұлардың арасында, оны он жыл бұрын білгенмін». Халел қара наннан бір тістеп, қалайы күрешкедегі жылымшы шәйді сораптап отырып, шыдамын одан әрі ірке алмай, әбден сарғайып, кірлеп, көнерген алақандай қағаздың бүктеуін жазды. Шыдай алмады, теріс қарап тұрып кетіп, өмір сүруге талпынған әріптерге үңілді. Көп бұрын жазылған көнерген жазу, табыс етер сәтін күтіп, қолда, қойында көп жатып қалған қағаз, қара сияның да дағы өше бастаған. Парақтың оң жағына ұсақ әріптермен:
Сонау Сібір түкпірінде,
Жасыма, дос, сабыр кыл.
Өршіл талап өлмес мүлде,
Ауыр еңбек кетпес құр.
Пушкин, – деп жазыпты да, «Халел аға!» деп бастапты. Ұсақ әріптер қаракөлеңкеде көзге әрең көрінсе, сол сарғайған парақта Халелдің көзі емес жүрегі бір сұмдыққа қарай жылжып келе жатқандай. Қаракөлеңке көзін аштырмай ауыртса да, шиыршығы жол-жол боп қалған қағазға еңкейіп, төне түсті.
Халел аға!
Сіздің 4 жыл алғаныңызды естідім (түрмеде сөз жата ма ?). Мен «вышка» алдым. Бірақ, арым таза. Ешкімді өлтіргенім жоқ. Маған таққан айыбы – 18 желтоқсанда Алаңда өлген жасақшы Скворцовтың өлімі. Мен ол кезде Алаңда болғаным жоқ. Мейлі, дар керек болған шығар. Ассын, атсын, өлтірсін. Бірақ, бәрімізді өлтіріп тауыса алмайды ғой.
Халел аға, сізге түрме таңсық емес. Төрт жыл өте шығар, жарыққа шығарсыздар, сол жарыққа шыққаннан кейінгі ғұмыр қызықтырады мені. Мен оны көре алмаспын. Себебі, менің ісім кешірімге, жұмсартуға жатпайды. Жеті жарым ай болды, Ай мен Күнді көрместен темір есік пен төрт қабырғаның бұрышымен сырласқаныма. Ал, жалғыз өзім өлім жазасын күткеніме 23 тәулік болды. Әрбір аяқ дыбысы мені өлімге алып кететіндей көрінеді.
Ойлайтыным – Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Тұрар, Халел, тіпті көп-ақ қой, 37-38-жылдары атылғандар, кейін ақталды ғой. Заман түзелсе, ұрпақ өссе, сондай күн туар ма екен деп ойлаймын. Кім біледі, «Заманға Адам күйлемек» деп Абай айтқан ғой.
Көп нәрсе айтқым келеді. Бірақ, ең негізгі сөзім – осы. Маған хат жіберем деп әуре болмаңыз. Шыққан із бар, кірген із жоқ...
Сәлеммен, өлім күткен ініңіз Айбат.
25.04.1987».
«Сәлеммен, өлім күткен ініңіз Айбат» деген сөйлемді қайта оқыды да, көзінен бір тамшы жас кіршең қағазға үзіліп түсті.
- Старик, почему плачешь? – деді этап күтіп сарғайған, өзі де жұмыртқаның сарысындай сап-сары тұтқын бұның бір тамшы көз жасын байқап қап.
- Заткнись, сволочь! – арс еткен күйі бес саусағы тарс жұмулы жұдырығы әлгінің ашық аузы мен отыз екі тісінің алдына барып қайтты. Бұл – іштегі ыза мен кектің шарпуы еді, ыза мен кектің бір сәт тұтанғалы тұрған отқа шырпы тиіп кеткен шаптығуы еді; Халел өзін-өзі тежеп, кері айналды да, сары қағазды етігінің ұлтаны мен ұлтарақтың арасына салды. «Аптасына бір болатын тексеруде қолға түсіп қалса, бұл үлкен «ЧП»; «бірақ, қайтсем де жыртпаймын, ешкімге жыртқызбаймын. Қанша өмір сүрсем өзіммен бірге сонша сақтаймын». Етігін шешіп, хатта оқылмаған бір нәрсе қалып қойғандай қайта үңілді. Жыбырлаған жазудың ең соңында, «өлім күткен ініңіз Айбат» деген сөздің астын сызықпен бір тартыпты, оның астында, тіпті майда әріптермен жазылған, өшіріле бастаған сөзді оқыды. «Көрші камерада (смертникте) бес жасар қызды зорлап «вышка» алған біреу жатыр. Он екі де бір гүлі ашылмаған қыздарды қорғап жүріп, әлгімен бірге атылатын болғаныма қорынамын». Халел хатты бүктеп, қайтадан табанына басты да, аждаһа өлім туралы ойлап кетті. «Атылу, өлімді күту». Осының бәрімен бұрын кітап деген тілсіз теңіздің бетінде жүздессе, бүгін өзінен он-ақ адым жердегі өлім камерасында қазақтың бір түбіт мұрты атуды күтіп жатыр. Олар темір есіктің арғы бетінде кімнің не үшін келе жатқанын аяқ дыбысынан біледі дейді. Жендет алып кетіп бара жатқанда шын жазықсыздар: «Менің өлгім келмейді, өлгім келмейді, мен ешкімді өлтірген жоқпын» деп алдынан зәрін, артынан нәжісін жіберіп қояды дейді. Атуға алып бара жатқанда да Адамды алдайтын көрінеді – «Денсаулығыңды тексереміз, ісің қайта қаралатын болды» деп өзеуретеді екен. Иығынан жүк түсіп, маңдайы Күн нұрына малынғандай болған тұтқын ашық алаңқайға шыққан сәтте жұмыр оқ желкені тесіп өтеді...
-
Ату да ақшаға түседі бұл қоғамда. Адам атушы жендетке 10 мың АҚШ доллары төленеді. Олар кәсібінің жендеттік екенін тек отбасына ғана білдіреді. Ал, Қазақстан ең жоғарғы жаза – адам атудан Кеңес дүниесінде алдыңғы орынды иемденді.
Бір атқан адамды қайта атпайды. Ол Халықаралық Ережеде жоқ. Тайванда жиырма бес жасар Хуан Цзинся деген таксист жігітті атқанда оқ жүректен емес, желкеден тиеді. Ол денесін сойып, эксперимент ретінде пайдалануға аманат етеді. Бірақ, тірі қалған жігітті Әділет министрі қайта атуға пәрмен береді. Халел осыны «Атқан Адам өлмеді» деген мақаладан өз көзімен оқыды. Сонда Әлемнің әділеті қайда? Заң неге әділетті жақтамайды? Екеуінің де басында отырған – адамдар. Адамдар өздерінің Адам екенін ұмытып бара ма?
Атылатын Адамға шығыс елдерінде сот мекемесі жағынан да, жақын-жұрағаттары жағынан да: «Не өтінішің бар, айтып қал, қандай тамақ ішесің?» деп, сұрау салып, о дүниелік боп бара жатқан жанның ең сүйікті асына тәбетін шақырыды екен. Атылар күні Айбаттың атау кересін кім сұрайды? Атау кере беру біздің де Аспаннан алған салтымыз емес, қазақтың қанынан шыққан үрдіс қой. Атау кере беруді біз неге Заңға кіргізбейміз? Бір елдерде қылмыскер атылар алдында бұрқ еткізіп темекі шегуді өтінеді екен. Оның тілегі орындалмай қалмайды.
Біздер неге жазықсыз Адамды атуға жібереміз?
Адам – әлі мұртына ұстара тимеген балапан – қоғамның құрбаны боп атылып кете беруі керек пе? Оу, біз де Ел емеспіз бе? Неге жақтамаймыз арысымызды? Екі аяқты Пендеге екі аяқтылар неге ара түспейміз? 37-інің дәстүрімен ақтаудың орнына даттап, айтылған нұсқауды асыра орындап отыра бермекпіз бе?
Халелдің өңі күреңітіп, жан-дүниесі құс базарындай шулап кетті. Өзіне сұрау салған кешегі өткендер мен бүгінгі он адым жерде өлім күтіп жатқандардың жанайқайының астында арлы-берлі адымдап көп жүрді. Бұрын түрме көрген, екі иығына екі кісі мінгендей еңгезердей жігіт – осы жердің абыройы, тек «декабрист» деген атағы мынау жабық құлыптың кілтін күткен он алтының тең жарымынан астамына түрпідей тиетінін сезеді.
- Завтра расстреляют этого афганца, – Әлгі Халелдің көңілін сұрағанда бұл бар даусымен барқ етіп, жұдырығын аузына тақаған жұмыртқа сары күбірлеп кетіп бара жатыр еді, иығынан тартып қалды.
- Какого афганца?
- Этого вашего декабриста. Он и афганец, убивал афганцев навалом, теперь его убивают Советы.
-
Халел мойны үйректің мойнындай имиген шикіл сарыны желкеден қойып қалғанда етбеттеп, темір есікті сүзе құлады.
Шың еткен дыбыс шықса жетіп келетін күзетшілер көріне қоймады, қанына қарайған Халел серейген шикіл сарыны бұзау тұмсық бәтіңкесімен тепкілей бастады. Ішін басып, екі бүктетілгенше қырық үшінші размерлі бәтіңкенің бұзау тұмсығы әлденеше сотталған түрменің «өз адамының» денесіне сан мәрте сүртіліп қайтты. Шикіл сарының не үшін таяқ жеп жатқанын үрпие қарағандардың бәрі де біліп тұр. Бірақ, ешқайсысы іштегі өшпеген шаладай ызасы қайта қозып, тістеніп, тепкен үстіне тебе түскен жігітке «әй» деп ескерту айтып, «қой» деп қожалық жасап, алдына тұрып қалқа бола алмады. Бүгін этап келетін күн. Бұл – түрмешілер үшін көптен күткен мерекеге пара-пар, бәрі буынып-түйініп, көңілдерін желік билеп, жолға шығуға сақадай сай әзір отырады. Бұл сәтте алғаш сотталғандар келер күндерді бұлдыр болжап, өмір-қармақтың ұшына не ілігер екен деп қобалжығанда жүрек тұстары сазып кетеді, ал бұрын колонияны көргендер бір тәулікке беретін бір бөлке нан мен сірескен тұзды балықты қапшығына сүңгіте салып, тағы бір темір үйшік – түрме-вагонға еніп, ең болмаса, торлы терезеден жыл-жылт еткен тіршілік шіркінді көрсек екен деп құмартады; сосын желмен жарысқан түрме- вагонның ауасы да мына кірпіштен қаланған тас қорғаннан әлдеқайда таза, сығылысып әрең сиып отырсаң да жолда келе жатқаның көңілге медеу, жаныңа жеңілдік сыйлайды.
— Встать! Выйти на площадку!
Ашық алаңқай тұтқындарды бітеу машинаға тиейтін орын; аузы-мұрны жоқ қуыстың ішінде теңселіп-толқып, бір-біріңді баспен ұрып тұрып темекі шегіп, шәй шайнап, бекетке жеткенше кеңіл шіркіннің пәрін осылай көтересің. Бекет те тұтқын үшін бітеу дүние – тек адамдардың аяқ дыбысы мен күбір-сыбырын алыстан естіп, құлағың елеңдеп, көңілің еркіндікті қызғанып, бей-жай күй кешеді.
Алаңқайға асығып шыққанмен бітеу машина келе қоймады. Тіпті құрқылтайдың ұясындай тар камерада бірде отырып, бірде тұратын тұтқындардың аяғы талып, табаны сыздай бастады. Лап етіп екінші кезектегі тұтқындар легі шықты – бұлар екінші автозектің адамдары. Одан кейін үшінші лек шықты.
- Автозек кешікті, сірә, бұзылып қалса керек. Бұрынғы бұрынғы ма, біріміздің үстімізге бірімізді кірпіш қып қалайтын болды-ау...
-
Тұтқындар темекіні будақтатып, алыс жолға шығар алдындағы көңіл қобалжуын ащы түтінмен жуып-шайып сөйлейді. Болмашы еркіндікте бірімен-бірі сыр бөлісіп, қоржын қалталарынан біреуіне біреуі әлденені ұсынып, әлденені алып жатыр.
- Халел! – Дөңгелек жүзді, жапалақ көз, күрек тісі ақсиып күлімсіреп, жағы пышақ жанығандай боп жүдеу тартса да екі иығы тіп-тік бір жігіт топтан суырылып келіп, қолын ұсынып тұр. – Танымадың ба? Төретамдағы тұтқын күніңді ұмыттың ба?
- Сабалақов! Жылқыбай?
- Он төрт жыл алдым. Декабристпін. Он бес жыл бермекші екен, келініңнің аяғы ауыр. Сондықтан бір жылды алып тастапты, – дей бергенде:
- Первый, второй, пятый, седьмые камеры, на машину! – деді күзетші көткеншектеп келген томардай төртбұрыш машинаны көргенде қуанып кетіп.
-
Жиырма орындық автозекке алпыстан аса тұтқын қойша тиелді. Үш машинаның жүгін бір төрт дөңгелек тартады. Ең соңынан: «Из тринадцатой камеры Мунайтпасов на машину!» деген дауыс шыққанда, автомат асынған төрт солдаттың алдына бір аяқтап іліккен Халел иін тіресіп, бірінің үстіне бірі шыққан тұтқындарға қарап, «Осы біздің қоғам Адамды осыншама төменшіктетіп қор етуді қайдан үйреніп, қалай ойлап тапты екен?» деген ойдың шырмауына ілікті. «Осыншама жақсылықты осыншама жамандықтан үйрендім» деген екен Лұқпан әкім. Бір жақсылық болар деп тағы да өз көңілін өзі жұбатты. Қазір бұларды бекеттің шетіне, автомат кезенген солдаттар мен арпылдаған ақ азу иттердің ортасына түсіріп тастап, бітеу көлік бір автозектен асып жығылатын адамдарды әкелуге қайта кетеді. Бір аяқтап тұрғандардың ең алдындағы Сабалақов төбесі көрінбей аяқтың астында қалды. Не де болса бәрі де бір кеме – бір томар дөңгелектің үстінде келе жатыр.
- Жылқыбай, мұнда қандай желдің айдауымен келдің?- деп, Халел күзетші солдаттарға арқасын беріп тұрып айқай салды.
-
Күзетшілер, мұндайда үндемейді, өйткені бұл желқайықтың үстінде ауыздан шыққан сыпайы сөз; солдаттардың сөз дегенде құлағы бітеу, тек тұтқындар жол үстінде жұдырықтасып, пойыз-түрмеге адамның есебін бергенде қан-қан болып мінбесе болғаны.
- Халеке, СМУ-15-те балташы едім. Үш күн дүрмектің ортасында жүрдім. Ақыры, ұсталдым. Жабылған жала көп. Менттің бәрін сен дүреледің дейді.
- Ескіше 58-ғой.
- Артынан енген 200 деген інісі бар.
- Қайда апарады?
- Арқалыққа дейді.
- Өзіңді?
- Павлодар...
- Әбдіқадыровтан не хабар?
- Әскерден кейін көргенім жоқ. Сен кеткесін Төретамның королі сол болды.
-
Халел Жылқыбайдың тек даусын естіді, тапал бойлы қайсар жігіттің иығын жаншып бара жатқан зілмауыр күшті бір серпіп тастағанын көрген жоқ, құлағына асыға жүйткіп келе жатқан томар төртбұрыштың арғы басынан шыққан қоңыр дауыс қайта шалынды.
-Тергеуде Айбатпен бірге отырдым. Бала босқа кетті. Біреуді дарға асу керек болды. Тағы біреуді вышкаға дайындап жатыр дейді.
- Хватит болтать на языке животных!— деді ортадан гүжілдеген бір дауыс.
- Хоть кто, за это слово яйца оторву!— деді Халел Сабалақовтың соңғы сөзін шалалау естіп қап.
- Приготовиться! Выйти по одному и сесть на землю! Шаг перед, шаг назад, расстрел без предупреджени!— деген конвой бастығының әмірлі даусы естілді.
-
Бұларға көлік керек. Әйтпесе, өлмесең өмірем қат деп ұйлыққан иттей ғып бір жұтым таза ауасы жоқ төрт бұрыштың ішінде пойыз бекетке тоқтағанша ұстап тұра берер еді. Өздері үшін жерге түсіріп, мұздай асфальтқа тізерлете отырғызып, қара айғыр танаурап келгенше күткізіп қоймақшы. Бұны естігенде бәрі емес, бұрын түрме көргендер жадырап сала берді. Төрт бұрыш тормен қапталмаған таза аспан, өздеріне әрі аянышты, әрі үрейлі көзбен қараған бекеттегі адамдар, солардың иә есіркеп, иә мүсіркеп болса да қараған көз жанарының өзі неге тұрады. Олар әжетханасы аулақтағы таза даланы көретін болғанына көкіректері қуанышты еді.
- Выйти по одному!
-
Халел бірінші боп есігі ашық төрт бұрышты тозақтан қары еріп жатқан жылымық жерге түсе бергенде, апайтөс көп кеуденің астында қалып, біреу тұншықтырғандай булығып, қысылып шыққан дауысты естіді.
- Халеке, қош, кездесе аламыз ба... нағыз декабристер келесі лекте. Олар...
-
Дауыс кілт үзілді.
Халел бұрыла алмады. Бұрылуға арс-арс етіп адамнан өшін алмаққа ұмтылып, қарғыбауы қолынан шығып кетсе басқа шабуға әзір тұрған төбет ит мұрша бермеді. Ал, бұрыла берген еңгезердей тұтқын Жылқыбайды тұншықтыра, аузын денесімен жауып қалған еді.
«Нағыз декабристер келесі лекте... Онда кімдер бар екен? Бәлкім, қыздар бар шығар». Ол сұрауы көп шындықтың шекарасына жақындай түскенін білген жоқ еді, тасыр-тұсыр етіп демігіп жеткен пойызға үлгерген бітеу машинаның ішінде бес жыл тұтқындық мерзімді арқалап келе жатқан Айымкүл де бар еді.
Әуелі кейін келген машина түрме-вагонға тақай тұрып, көйлектері делеңдеген қыздарды кіргізді. Оларды жайбарақат тиеп болған соң сұқ саусақпен нұқып санап тұрып, сол вагонға өздерін тиеді; бұрылып жан-жағына қарай алмады, егер қарай қалса бекетке жетпей тоқтаған тор вагонның алдындағы белін қайыс белбеумен қынай буынып, әбден масат жеңген күзетші қолын артына ұстаған тұтқынды көк желкеден мылтық дүмімен қойып жібереді, қаншама мүсіркей де табалай қараған көздерге бұл болса мойын бұра алмай, өзінің адамдық хақынан айрылып, тұтқындық парызын өтейді; бәлкім, солардың арасында таныс көздер де бар шығар.
Халел Жылқыбайды іздеулі еді. «Даусың үзіліп қалды, жылқы мінез Жылқыбайым, аман бол қайда жүрсең де».
Ол енді азаттықта жүр ғой деп, көруді бір армандаған Айымкүлді ойлады. Ол болса көрші торлы терезеге өзінен бұрын орналасып алған еді.
Тағы да бұны бірінші мінгізді; бейкүнәларға мүсіркей де табалай қараған бекеттегі көздерден тез құтылды, осыдан он жыл бұрынғы түбіт мұрт кезіндегідей бекеттен аттанарда еркін өмірді қимай іші өртенген жоқ, не де болса осы сәт тезірек өтіп, пойыз тезірек жылжып, тезірек зонаға жетіп, күтіп тұрған көрер күндеріне асықты.
Пойыз доңғалағы қос сызық қара рельсті өбіп, орнынан жылжыған сәтте бекеттегі таба көздердің қызығына айналмай тас түрменің сызды еденінде жатқан желтоқсанның құрбаны Айбатты ойлады. «Қош!» Ол өзі сүйетін ару қала Алматымен қоштасқан жоқ, өлім күткен қыршын жаспен қоштасқандай күбір етті. «Бәлкім, үкім орындалып та қойған шығар. Жоқ, үкім тез орындалмайды. Неге күллі қазақ қыршынды қолдан өлімге беріп қоямыз? Ол ағаларына сеніп шыққан жоқ па Алаңға? Тіпті, соларды қорғап шықты ғой, енді зиялы ағалары неге үндемейді, неге қорғамайды қыршынды? Қолымнан келсе... осыдан... барып, орнығып алсам... Хельсинкидегі Адам хұқығын қорғау ұйымына жазсам...» Ол тоғыз жыл бұрын аты- жөні Хельсинкидегі саяси тұтқындар тізіміне енгендігін арқаланып тұрды.
Пойыз адымын алысқа сілтеп, шапқылай жөнелді. Бір- бірі үшін елеске айналған Халел, Айымкүл, Жылқыбай үшеуі де осы аттандаған асау пойыздың үстінде келе жатыр еді.
Тас түрменің сыз еденінде тұла бойы сырқырап, Күнді күткен Айбат қалды.
***
Зона желтоқсандықтарға жайлы болмады. Тағы да Павлодар түрмесіне түсіп, жүкші боп тұтқындық тіршілікке кірісті. Он жыл бұрын арқа еті арша, борбай еті борша боп жұмыр бөренеден иығы қажалса, үйілген темірді машинаға тиеу Халелдің қолын күлдіретіп, жанын жүдетті. Жатар орны да оқшау, ешкім жоламайды, ескіше — 58, жаңаша 60-65-статьямен сотталған жалғыз тұтқын аралда қалған адамдай Робинзонша күн кешіп жүр.
Келесі темір тиейтін машина ауладан зулап кірді де, шофер жігіт капотты көтеріп, шұқшиып тұрып, «Халеке, жақын келіңізші»,— деді. Тұтқын мен тұтқын жұмыс үстінде тіл қатыспайды. Шофер моторға үңілген күйі жалт еткізіп қолын бір созып, шиыршықталған қағазды төс қалтасына сүңгіте салды. Халел де түк болмағандай, аяқ астынан қуанып кеткен баладай, ауыр темірді бір сәттік сезіммен жеңіл көтеріп, шиыршық қағазды ашып оқығанша дегбірі қалмады. Қолдан қолға өтіп, жиырма бесінші күні Халелдің айыпталған статьясы жазулы төс қалтасына түскен хатты ол кешкі тексеруге дейін оқуы керек.
Бес минөттік «көктүтін үзіліс» жарияланысымен ішін басып әжетханаға тұра жүгірді. Қос орындық құрқылтайдың ұясындай жерде біреу тығылып тұрғандай жан-жағына мұқият көз салды да, шиыршық хаттың бүктеуін жазды. Өзіне таныс жазу, таныс әріптер, алақандай қағазға көп сөз, көп сыр сыйсын деп, құмырсқаның ізіндей ғып жазып, анық тартылған түзу әріптер.
«Халел аға!
Осы екінші хатым, біріншісін алған боларсыз, по закону джунгли. Мен жарық жалғаннан күдерімді үзіп, мәңгілік мекеніме кетер сәтті күтулімін. Ішім пысты. Дүниенің азабы күту екен. Біреуге қиянатым болса — ол Ауғанстанда атқан оқтарым. Жоқ дегенде оғым бір Адамга тиген шығар. Соның әруағы шығар мені қинап жатқан. Дұшман деп жүргеніміз — өзіміздей еліне, жеріне ие боп қалғысы келген адамдар екен ғой. Біз қайдан білеміз оны, шақырды, бардық, оқ ат деді, аттық.
Бірде біздің бір солдат оғы таусылған 13 жасар дұшманды ұстап алды. Өлтіруге аяды. Солдат бұрыла бергенде әлгі бала мылтықтың дүмімен бастан қойып жіберді. Анау ышқынып шығып, аман қалды. Сосын әлгі солдат баланы талға байлап қойып, көзінен атты. Сонда өлім алдындағы көзді көрдім. Ақбөкен мен адамның көзі бірдей екен. Жылқы да аяғын буып, алқымын оруға дайындап жатқанда көзінен жас парлап жылайды ғой. Сол баланың жас парлаған көзін көргеннен кейін оғымды Адамды көздеп емес, беталды ататын болдым.
Бұл — нағыз басқыншылық соғыс, 15 республикаға тағы бір республиканы қосып алу соғысы екен. Ол жақта мұсылман болсаң бір оқпен өлтіреді, денені қорламайды, жайлы жерге тастайды. «Біз сені өзімізді өлтіретін болғасын ғана өлтіріп отырмыз» дейді екен. Ал, діні бөлектерді аямайды. Өзім болсам не үшін өлетінімді білмеймін. Халел аға, бәлкім, сіздер кейінгілерге айтып түсіндірерсіздер.
Хат жібермеңіз. Шыққан із бар, қайтқан із жоқ.
Айбат.
19 май 1987 жыл».
Халел хатты аяқтай бергенде кіріп келген біреудің қарасынан сескеніп, төс қалтасына тықты да, сыртқа атып шықты. «Саған қол ұшымды қалай беріп, шапағатымды қалай тигізсем екен? Айнала аузы-мұрны жоқ ақ отаудай дүние, тек темір артқан машина мен қимылыңды аңдыған құлтемір адам. Темір тор, темір дүние. Аралда қалған Робинзон мендей-ақ болар. Кешегі Жылқыбай қайда? Балташы боп жүріп, баскесер атандың-ау, Сабалақтың баласы. Мен саяси тұтқын болсам, тәртіп бұзушылардың арасында неге жүрмін? Бір Адам жоламайды. Жоламайды емес-ау, жолатпайды. «Адамның күні адаммен» деген осындайдан шықса керек». Ауғанстанға сұранып барып, аға лейтенанттан секіріп майор шенін алып қайтқан танысы есіне түсті. «Шетел арағына сылқия тойып, нашаны барынша шегіп алып, қышлақты қойша қырып келетінбіз» деп көкиді-ау, сабазың. Екі рет Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынды, екеуінде де Москвадан жауап болмай құжат ұшты-күйлі жоғалып кетті» деп налиды батырың.
Академик Сахаров Ауғанда бактериологиялық қару қолданылды деп жар салмады ма әлемге. Ауа қабаты уланып, тепе-теңдік бұзылған кезде Жерде де, Көкте де қыбыр еткен тірі жәндік қалмайды екен. Академик үш Алтын Жұлдызынан, барлық атақ-даңқынан айрылды емес пе осы үшін, бірақ оның алтын әріппен жазылған Адам аты қалды артында. «Ауғанда қара погон таққан солдаттар жүрді»,— деді ол, сөйтсе дұшмандар қара погонды әуеден айыра алмайды екен. Екі ондықтың қызығын әлі көрмеген көкөрім Айбат, сен де заманның тоғыз балл толқынының ығында кетіп, өлімді күтіп жатырсың. Сен ағаларыңды қорғасаң, ағаларың сен үшін жан даусын шығара қояр ма екен? Әй, олар да 37-ден жалтақтап қалған әкенің ұлдары ғой. Тіпті болмаса, жұмыр жердегі әділет іздеген адамзат атаулыдан бір үн шығар, жер бетінде әділетті қорғайтын қаншама ұйымдар бар. Фашистер дарға асарда Зоя Космедемьянская кендір арқанды тас қып ұстап, көк аспанға қарап тұрып: «Сталин келеді, сазайларыңды тартасыңдар» деп өксіп-өксіп алмай ма? Жұмыр Жерден Азаттықтың, Бостандықтың мәнін түсінер адамдар табылар. Сен де, бауырым, сол қанға боялған Алаңды Жұмыр Жердегі тәуелсіз Алаң ету үшін өлімнен де қорықпай өз үніңді білдіруге шыққан жоқсың ба? Бауырым!» Халелдің көзінен жас ыршып кетті, оның көз алдындағы әріптер бүлкілдеп, бозторғайдың шырылына айналып, құлағында тұрып қалды.
— Мунайтпасов, к начальнику!— деді кезекші тұтқын ентігіп келіп.
Халел отряд бастығына қарай тез адымдады. Табанына салып үлгермей төс қалтасына тыға салған Айбаттың хатын сыртынан бір сыйпап қойды.
***
Отряд командирі шақырғанда бүгін кешке жолға дайындалу керектігін ескертіп еді, этаптың алдында тұла- бойыңды қара табаныңнан қара шашына дейін сүзгіден өткізер тексерушілер қойныңда сынап болса да мөлт-мөлт еткізіп алып шығып, тезірек әшкереленгенше асығады. Бұл жолы Халелді ешкім тексермеді, жалғыз өзін бітеу машинаға отырғызды да, уақтылы келген түрме-пойызға сүңгітті де жіберді. Ол Алматыдан өзімен бірге шыққан Жылқыбайдан хабар үзіп алғанына өкінді. Осы күні Жылқыбайды арнайы бөлім шақырып: «Алаңға қандай мақсатпен шықтың?» -деп жауап алған еді. Ол бірден: «Алаңға Қонаев үшін шыққаным жоқ,— деді.— Дүкен сөрелері бос тұр, халық өзінің ана тілін ұмытып барады, соларды теңгеру үшін шықтым» деді де, «сол күні беліме бір темір қыстырып, Алаңға келгенім рас, бірақ ешкімді ұрғаным жоқ» деп жазып берді. Халелмен этапта болса да бір кездесермін деп жүргенде, «басқа зонаға ауыстырыпты» дегенді естігенде, күлкісі бет шұңқырына үйіріліп, жымың ете қалды. «Ат айналып қазығын табады», Халекең осылай айналып жүріп, ақыры менің қасымнан шығады» дегенді ойлағанда оның жалт еткен бейнесін көңілімен көріп қалғандай болды Халел қашан пойыз орнынан жылжығанша «Менің артымнан дедектетіп кімді әкелер екен?» деп төрт көзді тордан сықсиып, сығалаумен болды. Ол да Жылқыбайдың не үшін он төрт жыл жаза алғанын өз аузынан естіп, құмары қанғанша тілдессем деп еді, ауыр доңғалақтар ауыр қозғалып, оны өмірде елес боп көрініп жүрген бір адамнан алыстата берді.
Ертесіне кештете ол Арқалық түрмесіне жазасын өтеп жүрген Айымкүлмен қатар қонғанын білген жоқ еді.
Пойыздан түсіп, тұлабойы құрысып, ыстық суға бір шомылып алуды армандап жатқанда өзін отряд командирімін деп келген бір капитан оңаша шақырды.
- Халеке, сізбен облыстық КГБ қызметкері сөйлеседі,— деді қипақтап айналасына қарап.
- Арқалыққа аяғымның тигені осы емес пе? Сөйлессін.
-
— Халеке, желтоқсан оқиғасы туралы пікіріңізді жазып берсеңіз. Бізге өте қажет еді,— деді ар жағынан тығылып тұрғандай сумаң етіп шыға келген хауіпсіздік комитетінің өкілі.
- Басымды ауыртпаңыз,— деді әбден жолсоқты боп шаршап, қызарған көзі бағжаң етіп.— Мен екі күн темірдің үстіне жатып келдім. Ең болмаса, зонада тыныштық берсеңдерші!
-
Тәулікке бір бөлке қатқан нан мен бір күрешке су ішкен тұтқынның жүдеп-жадаған кейпінен шошынған «үш әріп» өкілі шалт бұрылып шығып кетіп, жапсарлас тұрған әйелдер колониясына келді. Енді Айымкүлді тауып алып, Халелге қойған сауалын бұған да қойғанда:
- Не жазайын?— деді комитет өкілінің бетіне тіке қарап. - Жазықсыздығыма жазықтымын, кешіре гөріңдер мені деп жазайын ба? Өз ұрпағын өзі қырған қоғамда өмір сүрмегенімнің өзі артық.
-
Айымкүл қоғамның тығырыққа тіреліп келе жатқандығын, халыққа бұрыс мәлімет беріп дұрыс мәліметтің құпия сақталатынын, Алматыда өткен оқиғаның соның бір көрінісі екендігін, партия органдарындағы төменгі шенді қызметкерлердің жоғарылардың алдында ешқандай принципсіз құлтемір болып құрдай жорғалап, жарамсақтану қасиеттері бар да, бұл қоғамның әділетті қоғам бола алмайтынын, бейбіт шеруге шыққан жастарға маскүнем, нашақор деп жала жабу — қоғамның әлсіздігі екендігін көрсете келіп, «Олай болса кім кінәлі, мен бе, өкімет басындағылар ма?» деген сауалды айтпай көкірегінің сыр сандығында, ұйқысыз кіртиген көздерінің жанар қалтасында сақтап қалды. «Үш әріп» өкілі тұмшалай орамал тартып, өзіне өткір жанарын сұға қараған қыздың сөзін бұ жолы да жауапсыз қалдырып, теріс айналып кетті.
— Бүгін еркектерге Павлодардан диссидент келді,— деген жолай жолыққан еркекшора әйелдің сөзіне Айымкүл құлақ аспады. Арнайы бөлімнен зығырданы қайнап, алпыс екі тамырында намыс қаны ойнап, атойлап шықты.
Халел түрмеге келген күнгі жөппелдеме сауалдың бәрі соңына шам алып түскендердің тірлігі екенін білсе де, бір сәт жаман да болса лашығында жатып, тырп етпей ұйықтап, тынығуды арман етті.
Көз алдында жолда қалған Жылқыбай, Алматының тас түрмесіндегі Айбат, оның қолымен жазылған бозторғайша шырылдаған маржандай тізілген майда әріптер...
Жиырма адым жердегі ток жүргізілген домбауыл дуалдың арғы бетінде елеске айналған Айымкүлдің әлгінде келіп кеткен құлтемір жігітке зығырданы қайнап отырғанын ол білген жоқ еді.
* * *
Бет-аузы сақалдан көрінбей қалған әждаһа бейне бүйірінен түртіп қалғанда шошып оянды. Бет-аузын түк басқан қаба сақалды тұтқынды аракідік көретін, аула сыпырып, ешкімге қосылмай өзімен-өзі күн кешетін. Жиырма жылдан бері түрмені үй қылған дегенді де естіген. Осы бір зейнет жасындағы ешкіммен алыс-берісі жоқ кінәратсыз шалды көріп, Халел Байсақал-Бабайды есіне алды. Ол да саяқ жүретін, бірақ қасындағыларға қамқор еді, ақ жаймасын жайып, құмалағын шашып тастап, болашақты болжайтын. Ал, мынау болса қолынан сыпырғышын тастамайды, жерде бір тал қыл жатса көтеріп алып күл-қоқысқа тастайды. Адамға көзін тігіп, шүйіле қарайды. Күн көзі салқын болса да омырауын ашып тастап, көкірегін жапқан қалың жүнді көрсетіп жүреді; мерзімі жақындаса ұсақ-түйек қылмыс жасап қайта ұзартады дейді. Бұл — қылмыскер емес, осы жердің көз үйренген көлеңкесі; оның мекенмөрі — түрме секілді. Жатар орны — барактың ең шетіндегі қара қағазбен қоршалған жеке үйшік. Сол шүңірек көз, бет-аузын сақал жапқан әзірейілдей әлеміш бейне түртіп оятты да, «Ер соңымнан!» деп дауысын жұтып, бұйыра тіл қатты. Түрменің өз заңы бар. Ұйықтап жатқан адамды оятып алып өлтіреді, ұйқыдағы адамға пышақ сілтемейді, бұл — түрме тілімен айтқанда «еркектік» боп есептеледі. Халел ұшып тұрды.
- Ер соңымнан!— тілі де таза орыстың әуезі емес, біртүрлі тау халықтарының мақамына келеді.
-
Халел абдырап қалды. Сүйегі саудыраған кәрі шалдың қолында ештеңе көрінбейді, бұған қастық жасайтындай ниеті де жоқ секілді, жұмсағанға жүретін сарыауыз емес.
Ер соңымнан!— деп үшінші рет қайталады.
Барак қалың ұйқыда. Халел де зілдей бөрене мен мұздай суық темір емес, тілсіз көздердің сұқтануынан қажыған еді. Оның үстіне кешегі хауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің келуі де артына байланған қоңыраудай даңғырлап, адымын аңдыған мысықтай жертабандап, «қайда барсаң Қорқытгың көрі» боп үңірейіп, көз алдын кес-кестеп, басын ауыртты. Барак танауы пысылдаған өлі ұйқыда. Көбі алақан күлдіреткен ауыр жұмыстан шаршап, шешінбестен қисая- қисая кеткен. Қою түнде қара кереуетке қисайған қара киімділердің арасынан табанын қара жерге аннан-мыннан тигізіп өтіп, шалдың соңынан мысықша басып еріп келеді. Шал барактың ең шетіндегі, тұтқындардың тілімен айтқанда «Бағдаршам» деп аталатын қара қағазбен қапталған күркеге жетіп тоқтады.
-
- туған әкем — 58. Сондықтан мен Ата, сен — немересің. Так, былай...— деп, жастықтың астынан төртбұрыш қалың дәптерді алды. Шалды ешкім тексермейді, — түрменің өз адамы. Жайлауда жүргендей еркін жүреді, именіп, сескенуді білмейді. Ал, Халел Айбаттың баяғы хатын етіктің табаны мен шүберек ұлтарақтың арасына салған; бұл жердегі тексерісте көзге түсіп қалар қоздырғыш заттарды көбіне қызыл тілдің асты мен көтеннің арасына тығады. Халел табанында жүрсе де басына көтерген өлім күткен қыршынның хатын ойлаған сайын сол көкөрім тірі ме екен деген сауалдан жүрегі сыздап, зілдей ойдан еңсесін көтере алмай отырып қалады.
- Өлім күткен ініңнің екі хатын да алдың ғой.
- — Алдым,— деді қаракөлеңкеде бар күдігі сейіліп. Сонда да тұтқынның іштей қобалжуы мен таңғалысын түрменің өз адамы жарықтағыдай анық көріп отыр еді.
-
Ол бас жағынан кітап секілді төртбұрыш қалың дәптерді алып, арасынан ұзын парақты шығарды.
- Ол сенен үміт күтеді, кезінде Адамнан мен де үміт күткем. Адамның үміті әуелі Адамда, сонан кейін Табиғатта. Тында!— деді нығыздап,— «Өлім жазасына кесілген қазақ түркі жасы туралы мәлімдеме жариялағандар:
-
Бірінші — мажарлар, венгерлер;
Екінші — чехтар;
үшінші — поляктар;
төртінші — Мюнхендегі Түрік елі комитеті...»
Шал Құран оқығандай күбірлеп оқып отыр. Халел қою түнде болып жатқан көріністі санасымен толық сезіне алмай, есеңгіреген көңілмен ерні жыбырлаған шалға құлағын қойып, бетіне тура қарады.
- Бесінші — немістер;
- алтыншы — американдықтар;
- жетінші — ...кімдер? Олар бірінші болуы керек еді. Бұлардың бәрі Бас хатшыға, СССР Жоғарғы Советі Президиумының Төрағасына хат жолдағандар. Өлім жазасын ауыстыру керек деп талап еткендер...
-
Шал қараңғыда басын жұлқи көтеріп, даусы қатты шығып кетті.
- Жетінші... Сен біріншісің ғой,— деді де, әлгі ұзын қағазды Құрандай аялап ұстап, қалың дәптердің арасына салып, бас жағына тастады,— Осы бүкіләлемдік Мәлімдемеден Мәскеу бір қорытынды шығарар. Дүние жүзі шулап жатыр ғой. Молодец!
-
Халел мәңгіріп қалған адамдай мелшиіп отыр. «Енді жарты сағатта қайда отырар екенмін?» деген ой санасынан сырғып өткенде шал қою түнде жігіттің жүрек бұлқынысын дәл тауып, түрме адамдарына тән айтқызбай білетін көрегендігімен, өлшемей салатын дәлдігімен сөйлеп кетті.
- Жүрегің шайлықпасын! Мен — қарашаймын. 32-де жер ауып келіп, аштықтан қашқандарды паналатқаным үшін 58-бен қол алысқанмын. Онан кейінгілері ұсақ-түйек. Жас қазақтың екінші хаты өзіңде. Оны маған беріп қой. Саған тексеру болады. Саған адамдар келеді.
- Жоқ, бере алмаймын,— деді Халел жұлып алғандай.
- Әлі сенбейсің.. Хабар өзімнен болады. Қазір менің соңымнан ер,— деді де, сыпырғыш ұстап үйренген қолы селтең-селтең етіп алға түсті. Жүріп отырып, тұп-тура тұрғызып әкеткен жері — жатар орнына әкелді.
-
Халел «осы көргенім өңім бе, түсім бе?» деп шалқасынан түсіп жатыр. «Мынау өзі түн бе, жарық па? Қазақтар бірінші де, жетінші де бола алмайды. Ертеңгі орным карцер емес пе екен?» Не де болса Айбаттың хатын сенімді жерге тығуды ойлады. Матрацқа тіксе, матрацты қолмен сыйпалап тінтеді, етіктің қонышын төмен қарата сілкиді — бұл жердегі тексеру қараңғыдан қара мысықты іздегенмен бірдей. Қақайған қара шәпкенің тігісін сөкті де, соның астарының арасына себезгілеген сәуле астында ине сұққылап, шиыршықталған қағазды табанынан алып, бас киіміне тікті.
«Он жыл бұрын Бабай қарт кездесіп еді, мына кісінің азан шақырып қойған шын есімі кім болды екен? Жұрт «Бағдаршам» дейді. Оның күркесінің арғы жағы ток жүргізілген сым — өмір сол жерден тұйыққа тіреледі, арғы беті — өлім, бұл — өмір мен өлімнің арасындағы бағдаршам секілді.
Айбат, тірі қалар ма екенсің? Менен он тоғыз жыл кейін келіпсің өмірге. Енді, ең болмаса, он тоғыз жыл өмір сүрсең ғой... сүрсең ғой... ғой..." Қиял сөзі құлағында жаңғырып, ең соңында «ғой» деген қысқа сөз қатты естіліп кетті. Жаңғырық қою түнге сіңе берді. Өмірде өзі көрмеген Айбат көлең етіп, «Мен тірімін!» деп қыранша шаңқ ете қалғанда, оның орнын қою түнді жарып шыққан әзірейілдей ұсқынсыз бейне — «Бағдаршам» шал тартып алып, көз алдын кес- кестеп тұрып алды.
***
Әйелдер колониясында аяқ астынан абыр-сабыр басталды. Дөңкиіп жататын артық заттардың бәрі әкетіліп, шашылып жататын қоқыр-соқыр жиналып, табан тиген сайын сай-сүйегі сырқыраған қызыл еден жылан жалағандай жалтырады. Ұзынқұлақтың айтуынша, жоғарыдан тексеру келмекші. Біздің қоғамның көзбояуы осы күл-қоқысты жинаудан басталады. Жоғарыдан біреу келе қалса, тісінің суын сорғандарға түсінде көрер қара икра сатылады, қара жер айнадай жалтырап, оны басқан адамдар көлгірсіп жүреді. Біздің қоғамның басқа қоғамдардан айырмашылығы да осында, адамдардың көнбістігі, кешірімпаздығы өз алдына, жаманды тез ұмытып, жақсыға тез ұмтылуы ешбір елде жоқ теңдессіз энтузиазм мен романтизм дерсің.
Бір жеті бұрын өзін Жоғарғы Соттың кеңесшісімін деп таныстырып, Айымкүлмен тілдесуге келген кексе әйелге мынау запыран өмірден ығыр болған ол шақ ете түсті.
- О, келгеніңіз қандай жақсы болды. Мені қандай негізде соттадыңыздар? Осыған нақтылы жауап ала алмай жүр едім.
-
Кеңесші әйел бірден бас сауғалай бастады.
- Мен ондай кеңес бере алмаймын. Онымен үлкен жақ айналысады.
-
Тағы да қашып құтылды. Тағы да «Үлкен жақты» тілге тиек етті. Біздің қоғам қарапайым адамдардан емес, тек «Үлкен жақ», «Кіші жақтан» құралады екен де.
Ұзамай-ақ айнадай жалтыраған қылаусыз қара жерді күдіктене басып, бұның барагына қарай бұйра шашты, кең иықты жігіт келе жатты.
- Теледидар өкілісіз ғой, шындықты көрсетуге келген,— деді Айымкүл әй-шәйға қаратпай.
- Жоқ, киностудияданмын. «Сенім» деген фильм түсірмекші едім... Сіз Алаңға қандай сеніммен шыққаныңызды екі ауыз сөзбен айтсаңыз, жетеді,— деді жігіт Айымкүлдің жүдеу өңіне қарай алмай томсарып.
- Сендіре алар ма екенмін. Сөзіме ешкім сенбегендікген осы жерде отырмын ғой.
-
Режиссер жігіт төмен қарап, кең мандайына алақанын басты.
- Айымкүл, егер сенсеңіз, менің сенімен кездесу үшін ашпаған есігім жоқ. Жарты жыл дегенде саған жетіп отырмын. Менің арманьм — жұрттың, желтоқсан оқиғасынан құлағдар қара халықтың шындыққа көзін жеткізу, сенің сөзіңді өз аузыңмен тыңдату.
-
Режиссер тағы да үнсіз қалды.
- Бала кезімізде, Дегелеңде, атом бомбасын жарған кезде, ауылдың бүкіл баласы саңырауқұлақ бейнені алыстан қызықтап, тамашалап тұратынбыз. Саңырауқұлақтың жер астынан құбылып шыққанына таңқала қарайтынбыз. Тағы да қайталанса екен деп күтетінбіз. Сенетінбіз. Бала көңілдің сенімі. Мен де режиссер емес, азамат ретінде Алаңға шыққан іні-қарындастарымның маскүнемдер, бұзақылар, арамтамақтар еместігіне ауылдағы қаймана қазақты сендіруім керек. Сол үшін ашпаған есігім жоқ. Бұл — менің азаматтық борышым. Айымкүл, бұл екеумізге де ортақ міндет. Арғы беттегі колонияда Халел Мұңайтпасов отыр. Оны да сөйлетемін.
-
Халелдің есімін режиссер қинала отырып аузынан шығарғанда Айымкүл айтамын деп сабақтаған ойының түйінінен айрылып қалды. «Қорғанның арғы беті — еркектер колониясы. Ортада ток жүргізілген домбауыл дуал. Өмір заңы неге осындай? Желтоқсанның 18-і күні кешқұрым қарына қызыл шүберек байлап, асыға басып бара жатты.
- Асығыссыз ғой?..
- Асығыс едім. Қайтып келемін...
-
Өмірі асығып жүреді. Ал Алаңға шығар күнге он жыл бұрын, тіпті өмір бойына асықты ғой. Мыналардың әрекетіне қарағанда бір ебіден есер жел бар секілді. Ебінің желі...»
- Ойланып болдыңыз ба? Онда үсті-басыңызды ретке келтіріп, шашыңызды жөндеп...
- Жоқ, қалай отырсам, солай айтамын. Түрме — тойхана емес. Мен біреудің жеке басы үшін Алаңға шыққаным жоқ. Бірақ ұлттың тұлғасы болар жеке Адамның да басын кемітуге болмайды. Қазақ ұлты өзін-өзі басқаратын дәрежеге әлдеқашан жеткен. Бізде ел басқаруға дайын пісіп-жетілген азаматтар бар. Жастар «Қазақстан — қазақтардікі», «Біріккен Ұлттар Ұйымына жеке мүше болу құқығын талап етеміз!», «Қазақстанға дербестік берілсін!» «Ресейге қайт!» деген ұрандармен Алаңға шықса — бұл ұрпақ санасының әбден пісіп-жетілгендігі.
-
Айымкүл сөйлеп отырып көзінен бір тамшы жас домалап, кірпігіне ілініп қалды.
Режиссер операторға «тура ал!» дегендей белгі жасап:
- Сіз Алаңға қандай сеніммен шықтыңыз?— деді.
- Мен ел ағаларына, зиялы қауымға сеніп шықтым,— дегенде режиссер «Стоп!»— деп қолын көтерді.
-
Айымкүлдің кірпік ұшында дөңгеленген көз жасы тізбектеліп қалыпты, соны көрсетпеуге тырысып, басын бұрған күйі орнынан тұра берді.
- Режиссер аға, сізге бір үлкен өтінішім бар,— деді моншақ-моншақ жасты сүртіп тұрып.
- Иә, сөзімді қысқартпаңыз демексің бе.
- Жоқ, ол өз еркіңіз. Мен Сізге сөйлеймін деп өтініш білдірген жоқпын ғой. Қысқарту-қысқартпасыңызға сене алмаймын.
-
Режиссер сылқ түсті.
- Енді Халелге барамын дедіңіз ғой.
- Иә, ертеңге рұхсат бар.
- Менен сәлем айтыңыз...
-
Айымкүл бұрылып кетті.
Режиссер барагына бет алған тұтқын қыздың жүріп бара жатқан сырт келбетін түсір дегендей операторға қайта-қайта қол бұлғап, пәрмен беріп жатты.
* * *
Таңғы астарын ішкен тұтқындар жұмыс алдындағы бес минөттік «бұрқ еткізуді» құмарлана бастан өткеріп тұрғанда таң атпай қолына шеңгел сыпырғышын ұстап, қасынан өте берген «Бағдаршам» шал: «Жиырма жыл»,— деді жәймен ғана. Әуелде түсіне алмай қалды да, жерде шашылған шөп-шаламды алып бара жатқан қапсағай еркектің жалпақ жауырынын көріп тұрып, «Өлімнен құтылған екенсің, Айбат!»— деп өз-өзінен күбірледі. Басы- ның ішіне «20» деген арбиған-арбиған сан толып кеткендей болып, селт тұрған күйі есептей бастады. «Енді үш жылда бостандыққа шықсам, сенің он алты жылың қалады. Он жыл отырсаң отыз алтыға келеді екенсің. Үш жылда шықсам, ұйым құрып, тек сенің азаттығың үшін қалған өмірімді сарп етер едім. Сені, сосын Желтоқсан ызғарына ұрынғандардың бәрін де...» «Жас тұлпар», «Жас қазақ» «Желтоқсан» деп басында масадай ызыңдаған бір ой шыркөбелек айналып тұрған кезде «Постройтесь на работу!» деген отряд командирінің даусы қиялын қақ ортадан қиып жіберген.
Халел ымырт жабылып, көз байланар сәтті бір күтсе, тұтқындар тырп етпей өлі ұйқыға кетер сәтті екі күтті. Ұйқыдан кейін болатын «қораздардың» қоқилығына бұл куә бола алмайды, кереуеті елден бөлек, әудем жерде тұрған «политике» ешкім ештеңе көрсетпеуге тырысады. Ол «политик» басымен ұры-қары, сұғанақ пен қыз зорлаған қораздардың ортасына түскеніне, бұ заманның қулығына құрық бойламайды екен-ау деп таң қалады. «Мен сияқтыларды шет елде бұзақы емес, саяси сенімсіз тұлға ретінде соттайды, мен Азаттық үшін Алаңға шыққан азамат емес, Алаңның қызыл кірпішін бүлдірген бұзақы ретінде сотталып отырмын».
Ұшып тұрды да, кереует-керуеттің арасымен дәл бір ұрлық істейтін адамша бүкшеңдеп емес, «ерегіссең етімді кесіп ал» дегендей іштегі ызалы шарпумен шалқақ басып, «Бағдаршам» шалдың үйшігін бетке алды. Шал шәй қойып, қағаз дастарқанын жайып дайын отыр екен.
- Сені күтіп отырмын, жұртты ұйықтатып болып, көп бөгеле ме деп едім,— деді келгеніне қуанып.
-
«Апырмай, түрмеде көп отырғандар шеттерінен сәуегей ме, немене өздері?»
- Інің өлімнен құтылды. Жиырма жылға ауыстырды. Бірақ, риза емес. «Өмір бойына темір тормен сырласып өтем бе» деп өлең жазыпты.— Шал бетіне қарап күрсінді. Қараңғыда күрсініп отырып күлімсірегендей болды. Халел бір сәттік ызаның шарпуымен «Сіз оны қайдан білесіз?» деп сұрай жаздады да, ол еңкейіп құйып, қолы дірілдей ұсынған бір кружка ыстық шәйді ұстай бере сөзін аузынан шығармай іркіп қалды.
- Оны Свердловскінің түрмесіне жібереді. Через транзит... ал, олар қонақтарды онша қабылдай қоймайды.
-
Халел шыдай алмай бұлқынып, делебесі қозып, жауырыны қозғалақтап, әруақтанып кетті де;
- Ақсақал, Сіздің шын есіміңіз кім осы?— деді
- Қафи. Қафи-әпенді дейді. Мұсылманмын. Мұсылмандықты ұстай алмай жүрмін,— деп шал Халел көргелі алғаш рет жүзіне жылу үйіріліп, тура қарап жымиды.— Сен Бабайды білесің ғой. Ол мұсылманшылықты жақсы ұстайды. Қайда жүрсе де тастамайды. Мен қазақ емеспін ғой.
- Сіз Бабай-Байсақалды айтып отырсыз ба?
- Иә. Сен Жаңатас фосфорында бірге отырдың ғой.
- Ол кісі қазір қайда екен?
- Шығып кеткен. Өлген шығар. Түрмеде көп отырғандар бостандыққа шыққасын шыдай алмай өліп кетеді. Еркін өмірдің зорлығы, қиянаты жақпайды. Түрмедегі қиянат — бұл әркімнің өзінен. Ал, сен күнде көріп жүрсің ғой, түрменің еденін тілімен жалап жүргендерді. Жоғарыдан Адам келеді. Сенімен сөйлеседі. Сені қамауын қамап, енді шығара алмай әлек сияқты осылар. Қайт. Күт. Сөйлес.
-
Халел шалдың «енді менімен отырма» дегенін түйілген қабағын көрмесе де, аузынан шыққан сөзінен байқап, орнынан тұра берді. Мынау токты сыммен қоршалған үш мың адамдық тор бұғау Ай туған аспан астында еркін адымдаған тұтқын үшін кең дүние — азат өмірдің ешкінің терісіндей бір пұшпағы секілді көрініп кетті.
Жыланша ирелеңдеген сымдарын ұбалтып-шұбалтып, бір көзін қысып камераларына шұқшиып, түрменің ішкі көрінісін түсіріп жатқан теледидаршылардың әбігерін көргенде Халел осылардың өзі үшін келгенін білмеп еді. Өткен аптада хауіпсіздік комитетінің өкілі тағы да жүздесті. Тағы да сол өтініш — «Алаңға не үшін, қандай мақсатпен шыққаныңызды айтсаңыз?» дейді. Халел «үш әріп» өкілімен үшінші рет кездеспеу үшін өз ойын бүкпесіз қағазға түсірді. «Мен бұ сөзді ұсталған күні айтып едім, енді жазып берейін» деп, қыса ұстаған қара қалам ақ қағазға жортақтай жөнелді. Ішкі жан-дүниесінен сөз шығара алмай қиналмады да. Әбден іріңдей сарғайып қалған сартап ой жарыққа шығуға ұмтылғандай, бірінен кейін бірі дөңгеленген әріп болып қағазға түсе берді, жазыла берді. «Біз Алаңға Қонаевтың жеке басы үшін шыққан жоқпыз. Біз Қазақ ұлтының намысы үшін шықтық. Қазақ ұлты өзін-өзі басқаратын дәрежеге әлдеқашан жетті, бұл — ұлт саясатының айнасында айтпай-ақ көрініп тұрған ақиқат. «Қой санын елу миллионға жеткізейік!» дегенде қазақтың аты аталады, миллиард пұт астық бергенде қазақтың аты аталады, қазба байлықтарын қопарып алғанда Қазақстан аталады, космосқа Адам ұшырғанда Қазақ жері аталады, ал өзін-өзі басқаруға келгенде Қазақ ұлтымен ешкім санаспайды. Дүкен сөрелері бос тұр, халықтың тұрмысы жүдеу, қойды елу миллионға жеткіземіз деп жүріп, өзіміз етке жарымаймыз, қара уылдырықтың көзі болсақ та уылдырықтың дәмін татпаймыз. Ал, Кремль — «достық лабораториясы» деп көкке көтерген Қазақстанның жерігілікті ұлт — қазақ ұлтымен санаспай, есімі белгісіз, Қазақ жерінің топырағын өмірі басып көрмеген Колбинді халыққа ешқандай таныстырусыз Ульяновскіден әкеліп тағайындауы — халықтың намысын қоздырды. Жастар Алаңға осы үшін шықгы, осыны білдіру үшін шықты...»
«Үш өріп» өкілі жерден жеті қоян тапқандай қуанып, бір бет парақты бүктеусіз қалпында пәпкесіне салып, өз міндетін мүлтіксіз орындағанына риза болып, басын қайта- қайта шұлғып қоштасып, жөнеп кетті. Енді мынау бұйра шашты, қара көзі от шашқан жігіт желтоқсан туралы деректі фильм түсіру үшін келіп едім, сіздің пікіріңіз ауадай қажет деп қиылып тұр. Әрине, бұл жігіттің түрменің тар есігін ашу үшін қаншама қос қабатты кең есіктердің тұтқасын тартқанын іші сезеді, тұп-тұнық қара көздерінен де «Менің бастаған ісімді жоққа шығармаңызшы» деген өтінішті оқып тұр.
- Фильмдеріңіз қалай аталады?— деді артындағы сұлыға тойған сәуріктей «тезірек басталса екен» деп жер тарпып тұрған көккөз операторға қарап.
- «Сенім» деп аталады.
- Халықты осы фильммен желтоқсанның шындығына сендіре аласыз ба?
- Халеке-ау, менің бар арманым осы емес пе...—Режиссер жақ сүйегі сопайып жүдеу тартқан тұтқынға айыптап емес, аянышпен де емес, ерекше бір сеніммен қарады.
- Кеше облыстық хауіпсіздік комитетінің қызметкері келіп, жастардың Алаңға шығу себебін сұрады. Жазып бердім.
- Халеке-ау, солардың кесірінен бір апта болды ғой зонаны сыртынан торуылдағанымызға. Бізді кейін кіресіңдер деп ысырып тастады ғой.
- Соларға жазып берген сөзімді қайталаймын. Бұл сөзді ұсталған күні — сексен жетінші жылғы он сегізінші қаңтарда айтқанмын. Менің айтатыным — бір-ақ сөз.
- Қайталаңыз, Халеке, жеріне жеткізіп тағы бір қайталаңызшы.— Режиссер қуанғаны соншалық — құнжыңдап орнынан тұрып, операторларына «Готовность N 1» деп дауыстап, пәрмен бере бастады.
-
Түрме бастығы ине-жіптен жаңа шыққан су жаңа киім әкелдіріп қойған екен, Халел тұтқындар киетін жып- жылтыр, қою қара костюм-шалбарға жирене қарағандай теріс айналып кетті.
- Азамат бастық, мен құдаға бара жатқан жоқпын,— деді.
-
Ол ақ қағазға түскен сөздерін айна-қатесіз жаттап алғандай қайталап шықты. Бірақ, режиссер әр қырынан түсіріп, бірнеше рет сөйлетті. Әлденеше рет сөйлесе де бір әріп, бір сөзін де өзгертпей, бір анадан туған егіз баланың кейпіндей етіп айтып берді.
- Лайым, сізге осы фильмді үйде отырып көруге жазсын,— деді режиссер жігіт кетерінде қолын ұсынып. Сосын жалт бұрыла беріп:
- Сізге Айымкүл сәлем айтты,— деді.
- Айым-күл... Айым-күл?!
- Әйелдер колониясындағы Айымкүл Асылова.— Режиссер шалт кері бұрылып, аулаға жеткенше асыққан дыз етпе операторларымен қатарласып, көрінбей кетті.
-
***
-Вот, міне, бостандық. Бүгін құжатыңды дайындаймыз, ертең шығасың. Жаңа киім бергіземін,— Түрме бастығының Халелге бар айтқаны осы. Артық сөз сөйлеуге именетін секілді, түрме бастығының бір тәуліктен кейін бостандыққа шығар тұтқынға көрсеткен жан жылуы да осы.— Вот, ертең шығасың,— деп тағы да қайталап, сөзін қайырды.
- Кетуге рұқсат етіңіз.
- Рұхсат, рұхсат...
-
Халел жұлдызы жымыңдай бастаған төңкерілген көк аспанға қарады — жыпыр-жыпыр еткен қып-қызыл бесбұрыштар көбейіп барады. Жиырмасыншы ғасырдың сексен тоғызыншы жылының жұлдыздары, он алтыншы ақпан түні туған жұлдыздар. Әр жылдың өз жұлдызы болады, мынау түнгі аспаннан төнген бесбұрышты, қызыл шырайлы үшкір бейнелер Халелдің жұлдыздары.
Халел Наурызбайға хат жазған сайын «жауап жазбай- ақ қой» деп ескертеді, қаршадай балаға конверттің сыртына түрменің әдрісін толтыртқызып, көңілін құлазытқысы келмейді. Барлық хатының соңына «Ұзамай барып қалармын» дейді де, «Күлтайға сәлем!» деп қайырады. Шешесі мен ұлының арасына сызат түсіргісі келмейді, «сызат ерлі- зайыпты болған екеуміздің арамызда қала берсін» дейді көк дөнен көңілі мұз үстінде тайғанақтап тұрып.
Бұлайша тез бостандыққа шыға қоямын деп ойламап еді. Хауіпсіздік комитетіне берген түсініктің ақыры осылай болды. Мәскеу тек бір адамның соңына шырақ алып түсу үшін істеді ме екен осының бәрін? «Қонаевтың жеке басы үшін Алаңға шыққаным жоқ» деп еді түсінігінде. Неге осы біздің елде тақтан түскен Адам — ең соңғы адам, етіктің ұлтаны болып қалады. Америкада неге Бірінші және ең соңғы Президенттің портретін көтеріп шығып, құрмет көрсетеді. Қонаев халқына қолынан келгенін жасады ғой, сол жаққа жалтақтап отырып. Мәскеуге біздің неміз жақпайды осы? Байқоңырды бердік ғарыш айлағы ғып, айналасындағы қой баққандар мен күріш еккендердің кеселі қазір тек рак боп қойылып жүр. Семейді бердік, екінші Хиросима-Нагасаки ғып, солтүстігімізді бердік «тыңды игеріндер» деп; тіпті Европадағы соңғы ракеталарды құшағымызды ашып қарсы алып, Қазақ елінің астанасы — Алматының түбіндегі Сарыөзекте жарып жатырмыз. Неге соларды орыстың қаншама орманды мекенін басып өтіп, өзімізге әкеліп жарамыз? Басқа жердің ауасы ауа да, қазақтың ауасы ауа емес пе?» деп, маңдай сызықтары молая бергенде, «Қазақ — көнбіс, қазақ — кешірімшіл, қазақ — рушыл» деп өз сауалына өзі жауап берді де, «Түрме бастығы неге түнде шақырды екен?» деген тағы бір дүдәмал сауалдың басы қылтиды. «Мені зонамен той тойлап қоштасады деп қорықты ма екен? Мен бұ жерде жыл он екі ай отырыппын. Жыл он екі ай түрмедегі Адам үшін аз уақыт емес. Уақыттың қадірін білгің келсе, түрмеге түс».
Жымың-жымың еткен жұлдыздармен тілдесіп, шеткеріректегі орнына беттей бергенде қараңдап келе жатқан біреудің сұлбасы көрінді. «Мынау Бағдаршам» ғой. Қафи- әпенді». Өзіне қарсы келе жатыр. Ол орнына жеткенде төс сүйегі арса-арса боп, көкірегіндегі қалың жүні қолмен тарағандай бір жағына жапырыла құлаған Қафи-әпенді қасына еппен отырды да, оң қолын иығына артты.
- Берік бол, жігітім — дегенде Халелдің жүрегі асау тайдай атқақтап кетті. «Әлде түрме бастығы айта алмай Қафи-әпендіні жіберіп отыр ма? Наурызбай аман ба екен?»
- Мұсылманда өлімді келіп естіртеді. Бұл — қазақта қатты сақталған. Ініңнен, Айбаттан айрылдық,— дегенде, Халелдің көз алдындағы өзіне ұқсап келе жатқан он төрт жасар Наурызбайдың орнын өмірде өзі көрмеген өң-жүзі жүдеу, шашы тықырлап алынып, аштық пен азаптан иығы қушиған қара киімді балаң жігіт ауыстырды.
- 58-дің ішінде, мұндайларды транзит кезінде өлтіріп жібереді. Бұлардың классикалық әдісі ғой. Ол — қоғамның тірі куәсі. Інің өлер болса өлім камерасында немесе тергеуде өлер еді. Бар азаптан құтылып, зонаға шығарда өздігінен өлмейді. Бір жаңалық келе жатыр. Бұлар содан қорқады. Сен ертең шығасың. Қафи-әпендіні ұмытпа,— деді де, шал жұлдызды аспан астында түнеріп жатқан Жерді баппен басып, қасынан ұзай берді. Бір мезет қайта бұрылып келді де, «Менімен осы қоштасқаның қоштасқан, енді қасыма жоламай-ақ қой»,— деді.
-
Қафи-әпендімен сол күйі қоштаспады, ол кісінің қалауы солай болды. Ол кісіден Байсақал-Бабай қарт туралы сұрай түскісі келіп еді, аузы ауыр ақсақал одан әрі созбаламады. Оған басқалардың азаттық алғаны керек, өзі түрмедегі бостандықтың елшісі секілді, шығып, қайта түседі; күтіп отырған отбасы, көңірсіп отырған түтіні болмағасын оған түрменің тіршілігінен артық тіршілік жоқ та шығар. «Екі түрмеден екі әке таптым. Өзім енді Наурызбайдың алдындағы әкелігімді ақтасам, әке боп еміренсем...» Бос- тандықтың ақ қарын басқан жігіт тез адымдады. «Айбаттың арманы ішінде кетті. Енді Жылқыбай мен Айымкүл шықса...» Айымкүл дегенде жүрегінің басы бүлкілдеп қоя берді. «Айымкүл, дәл түбімде жатып сәлем айтыпсың. Тағдыр екеумізді жақын қойып, неге алыстатады осы? Сені бостандыққа алып шығу, желтоқсанның жазықсыз жаралыларын емдеуден артық борышым бар ма екен менің?»
Құлағына тағы да көп дауыспен шырқалған «Елім- ай!» естіліп, екі жыл бұрын көрші камерадағы сыңсыған қыздардың даусы бірте-бірте баяулап, үздігіп, үзіліп кетті.
Иықтағы қапшығын бір көтеріп қойып, адымын ширата түсті. Азат өмірдің аспаны астында, ақ қарға табанын аннан-саннан бір тигізіп, қашан аяғы талғанша ширақ басып адымдай бергісі келеді, ешкімнен тіс жарып ештеңе сұрағысы да келмейді, тіл жалдап ештеңе айтқысы да келмейді, қолынан жетелеген серігі — тәтті қиялынан көз жазып қалғысы келмейді. «Автовокзалды біреу алып кетеді дейсің бе. Бәрі де орнында тұр, бәрі де орнында қалады, тек адамзаттың бостандығына мынау ақ қар көмкерген салқар даладай ешқашан құлып салынбаса екен; ол үшін басқаша өмір сүру керек». Бұл жанына жақын жолбасшы серігі — қиялымен тілдесіп келе жатқанда, қорғанның арғы бетіндегі әйелдер колониясынан Айымкүл де шығып, Арқалықтағы әпкесінің үйін іздеп жүр еді.
Екеуінің ісімен, желтоқсан оқиғасы туралы көзқарасымен танысқан Жоғарғы Кеңес пен Саяси Бюро желтоқсан ереуілінің мән-мағынасын, оған қатысушылардың түпкі мақсатын екеуінің пікірімен шектей келіп, екеуін де бір күнде босату туралы пәрмен берген еді. Екеуі бір ғана домбауыл дуал бөлген екі қақпадан шығып, бостан өмірдің ауасын жұтты, бірақ кездесе алмады.
- Жігітім, сіз не іздеп жүрсіз? Одан әрі жүруге болмайды, көлдің беті толық қатқан жоқ, ойылып кетеді.— Мойнына құнттап шалғы ораған томпиған сәбиді шанамен сырғанатып мәз болған қартаң кісі ақ қарды құшырлана басып, алға қарай ентелей түскен түрме үлгісіндегі қара киімді жігітке таңдана тіл қатты.
- Автовокзалға баруым керек. Целиноградқа жетуім керек еді.
- Оңға бұрыл да алға тарт. Іздегенің алдыңнан шығады. Артқа қарай жүрмегеніне көңілі марқайып, қарт кісі сілтеген жолға түсті. «Автовокзал, сен де алыс емес екенсің!» Әппақ дүниенің аумағы кеңейіп, балаша қуанып кетті.
-
ҮШІНШІ БӨЛІМ
Түсінде әкесін көрмегелі қай заман, тіпті мойнына қылмысты қамыт іліп, түрменің төрінен орын алған тар кезеңде де әкесі түсіне кіріп, әруағымен жебемепті.
...Соғыстан жараланып келіп, шиеттей бала-шағаны артына тастап, жұмағына жөнеп кеткен әкесінің өңі суық. «Тұр!» деген дауысын ғана естіп, көзін ашқан күйі орнынан ұшып тұрды. Бүгін Ұлы Жеңістің қырық жеті жылдығы. Әкесі әлденеге ренжулі. Отанын қорғап, жамбасында оқ қалдырып келгеніне ренжулі ме... жүзі сынық. Жалғыз ауыз сөз айтты.
Халел жалғыз өзі пәтер жалдап тұрады. Күлтай баяғы өзі студент күнінде сатып алған, КГБ кәмпеске жасап, кітаптарын тәркілеген пәтерде күн кешуде. Наурызбайға ай сайын барады, ол да әкесін анда-санда бір көруге үйренді, көрген сайын бала көңілінің қыртысын жазып, сағынышын ірке алмай қалады. Бір-бірінен іргелері суып күн кешкен әке мен шешенің бөлек жан-дүние, бөлек әлеміне бала санасы жетпей екеуіне әркез жалтақтап қарай береді.
Халел тұрған бетте апыл-ғұпыл жуынып-шайынып, «Желтоқсан» қозғалысының штабына тартты. Бір ай бұрын қалалық әкімшілікке 37 жылы зиялылардың тырнағы астына ине сұққылаған, 77 жылы өзі сартап болып, жамбасы сарғайып жатқан, 87 жылы өтініш жазып, сөзін өткізе алмаған әлекедей жаланған атақты сары үйдің алдындағы КГБ атасы — Дзержинскийдің ескерткішін құлату туралы мәселе қойған еді. Коммунистік партия тарасымен-ақ Мәскеудегі, «Балалар әлемі» дүкенінің алдындағы «үш әріп» атасының мойнына қылбұрау түсті. Он бес саусақ — он бес одақтас республика атанған басқа топырақтағылар да ұлы көсемнен бастап, соңиализмнің көрнекті өкілдерінің ескерткіштерін жер жастандырды. Біздің Қазақ жері тірісін де, өлісін де әлі күнге қошеметтеп басына көтеріп отыр.
Халел штабқа келіп, мереке күнгі мәз-мәйрам көңіл- күйдің басына су құйғандай қала әкімі Заманай Нұрбекұлына телефон шалды.
- Қалай шештіңіз?— деді әкімге «Желтоқсан» қозғалысының төрағасы.
- Қарсы емеспін. Бірақ, бүгін Ұлы Жеңіс күні ғой.
- Зәке, менің әкем Ұлы Жеңістің құрбаны болды. Ал, Дзержинскийдің Ұлы Жеңіске түк те қатысы жоқ. Алдыңыздан өттік, бізге өкпе айтып жүрмеңіздер,— деп телефон құлағын орнына қойды.
-
Тұғырды қоршаған мемлекеттік хауіпсіздік комитетінің мүшелері ескерткіштің алынуына қарсылық білдіргенмен жігіттер алып келген «Ивановецтің» сорайған мойнынан шұбатылған темір тұзақ тас мүсін Дзержинскийдің қылдай мойнына ілінді де, алпауыт машина бір көтергенде сұр кительді, сидам денелі чекистер атасы ауада қалықтап тұрып қалды. Сотты болған тоқсан тоғыз желтоқсандықтың тас тұғырды қоршаған жетпіс бірі қол соғып, қазанға жүгері қуырғандай сатыр-сұтыр ызалы шапалақ «чекистке ыстық жүрек, таза қол керек» деп, артында орындалмаған өсиет қалдырған тас мүсін қайраткердің жаназасын шығарды.
- Сіздер өз міндеттеріңізді орындай беріңіздер, біз өз міндетімізді орындадық,— деді Халел қабағы түйіліп кеткен әкімшілік өкіліне. Ілкіде ол қала әкімі Заманай Нұрбекұлы қол қойған тілдей қағазды бұның қалтасына сүңгіте салды. Сол сәтте ақ «Волга» құйғытып келіп, ішінен түскен Заманай Халелге қарсы беттеп келе жатты. «Не демекші екен?» дегендей, желтоқсандықтар жетекшілеріне қарай жақындап, қоршай түсті. Ол тас соқпақты нық басып келді де, дөңгелек жүзі нарттай қызарып, көзі жасаурап, Халелге қолын ұсынды.
- Менің әкем де көрінде тыныш ұйықтайтын болды,— Осы сөзді айтуға келгендей бұрылып кетіп, айбары алынып, бос қалған тас тұғырға қарап, өткенін еске түсіргендей ойға шомды. Әкім Заманай «үш әріп» қармағына ілінген әкесінің тағдырын таразылып, теріс қарап ерні дірілдеп, кемсеңдеп тұр еді.
-
Жан-жақтан келіп қоршап, аузына микрофон тақаған журналистерге Халел ескерткіштің бос қалған тас тұғырын басып тұрып былай деді:
— Біз қателескен жоқпыз. Біз бір дәуірдің бет пердесін ашып бердік...
* * *
-Отырыңыз,— деді ығы-жығы автобуста бір аяқтап әрең тұрған Халелге сары мұртты, жалбыр шашы құлағын жапқан дембелше жігіт орнынан ұшып тұрып.
- Рахмет! Таңертең түрегеп тұрған пайдалы.
-
Жалбыр шашты жігіт бүгежектеп, мойнын ішіне тыға берді. Келесі аялдамадан көп адам түсіп, автобустағылар лықсып, кісі аяғы сирексіп қалды. Халел орын ұсынған жігіттің тергеуші екенін бірден таныды. Желтоқсан оқиғасынан кейін өзін тергеген көп тергеушінің бірі. Күніне екі тергеуші кезек ауысып, жауап алады. Сондағысы — састырып, жүнін жығу, бір сұрақты әрқайсысы әртүрлі түрде әлденеше қайталап, рухын мұқалту. Сарыауыз балапан тергеушілер дегендеріне жете алмады. Сол көп сарыауыздың бірі — мынау тұрған шашы желкесін жапқан сары мұрт.
- Әлі тергеушісің бе?— деді Халел басы кіндігіне қарай салбыраған жігіттің жүзінен көзін алмай.
- Иә, басқа ауданда...
- Шенің өскен шығар?
- Жоқ, бізді кім өсірсін...
- Сендер жан-тәндеріңмен жұмыс істеген жоқсыңдар ма?
- Біз бұйрықты орындадық. Сіздерге қиянат болды. Кешіріңіз!..
- Кешірімді менен емес, Құдайдан сұра...
-
Жігіт басын бір көтеріп, қайта сылқ түсірді.
- «Көктемнің он жеті сәті» деген фильмді көрдің ғой?
- Ең сүйікті фильмім, оншақты рет көрдім.
- Оншақты рет көрсең, Штирлиц Бернге пойызбен бара жатқанда, купеде кездескен генералға не дейді?
-
Жігіт ойланып қалды да:
- Есімде жоқ,— деді.
- Сен мынадай есте сақтау қабілетіңмен жоғары шенге ешқашан жете алмайсың,— деген кезде, жігіт аялдамаға кілт тоқтаған автобустың сарт етіп ашылған есігінен ытқып шығып, жөнеп кетті. Терезеден жерге қараған жігіттің жалт еткен сұлбасы көрініп қалды.
-
...Пойыз купесінде отырып, жеңілудің бар кінәсін дипломаттарға жапқан күйреу алдындағы неміс генералына Штирлиц — полковник Исаев: «Сіздер өлтірдіңіздер, сіздер өртедіңіздер, ал, кінәлі біз боламыз» дегенде, «Өлтіріп, өртейтін гестапо, біз бұйрықты орындадық,— деп бұжыр бет генерал бет бақтырмайды. Өмір жолын енді бастаған жап-жас жігіт те бар кінәні бұйрыққа аударып сап бас сауғалап безіп барады».
Желтоқсан оқиғасынан кейін Алаңда жастарды итке талатып, мұз үстіне жатқызып, суық су шашуда, көшеде қыздарды шашынан сүйреп, жатырынан тепкілеп, оңаша апарып зорлауда белсенділік көрсеткен Ішкі істер органының қызметкерлеріне Жоғарғы Кеңес алғыс жариялап, еңбектерін ерекше бағалап, марапат көрсетіпті дегенді түрмеде жүріп естіген еді. Қанды қырғынға қатысқан қырғыз милиционері Талайбек Ылаев деген жігіт: «Менің фашист болғым келмейді. Мен Колбинге, оны қорғаған барлық жендеттерге лағнет айтамын» деп, өзіне келген Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Құрмет Грамотасының шекесіне қара сиямен осылай деп жазып, кері қайтарып жіберіпті. Түрмеден келгелі қазақ милиционерлерінің талайымен сөйлесті. «Болдық қой», «Көрдік қой» -дан басқа ештеңе айта алмайды. «Ал, сенде, жігітім, аз да болса бетінде қытық бар екен. Бетпе-бет тұруға шыдамай қара жерге қарғып кеттің. Зымыра енді, жігітім, тас көшеде бас сауғалап жаяу зымыра!»
Халелдің көңілі алып-ұшып, асығып келеді. Мына автобустың да кәрі есектей митыңдап жүрісі өнбей қойды. Сағат онда Жоғарғы Кеңес Үйінің алдына жастар жиналуы керек, осында Әзірбайжандағы армян-орыс басқыншылығына қарсы наразылық митингісі өткізілмекші. Бұл наразылық шеруінің өтуіне, Әзірбайжан жеріндегі Ходжалы ауданында армяндар жасаған қырғынның ұшқыны тиіп кетіп еді. Осыны естігенде жаны түршігіп, желтоқсанда мұз жастанып, сойылға жығылған іні-қарындастары көз алдын кес-кестеп, көзінің қарашығына дейін қызарып кеткен ол қозғалыс мүшелерін жинап, ақылдасып, таудағы Қарабаққа аттануға мәмілеге келген. «Ғасыр соңындағы осындай тағылықты бүгін Әзірбайжаннан көрсек, ертең өз басымызға түспесіне кім кепіл? Солженицын мен Горбачевтің аузын ашып, көзін жұмып тұрып, Қазақ жеріне көз алартқаны кеше ғана ғой. Ендеше осындай аннексиялау әрекетіне батыл тойтарыс берілуі керек».
Астанада, 20 наурызда, Жібек жолы көшесінде өткізген митингіде де Халел көкірек шымырлатқан ойларын емін-еркін ортаға салды. Әзірбайжанға ерікті түрде көмекке жазылғандар мен халық нөпірлерінің арасынан сөз сөйлеушілер де осы бағытты ұстанатындықтарын білдірген еді.
Олар 1 сәуірде жолға шықты. Негізгі ойлары — Тәшкенге дейін барып, қырғыз, өзбек азаматтарынан құралған мүдделес қандастармен бірге Бакуге жету еді. Вокзалда бұларды «үш әріп» өкілдері қарсы алды, бірақ, жолдарын бөгей алмады, тығылып, тосып жүрген Түркістан қозғалысының жігіттері кездесті. 22 наурызда астанадағы Ленин алаңында өткізген митингіде жиналған ақша, сондай- ақ Қаскелеңдегі месхет түріктері, әзірбайжандар, Алматыдағы діни ұйымдар жинаған қаржы жігіттердің жол қаражатына айналды. Өздері қалталарынан қосты, сөйтіп, тамшыдай мөлтектеген ақ ниет үлкен жол — ұлы мақсаттың жебеушісі болды.
Олар ақиқатты көзбен көріп қайтты. Әзірбайжан-армян қантөгісі туралы Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары берген сыңаржақ хабарлар жалған сипат алды, түркі жұртының бір бұтағы — Қазақ деген елдің атынан келген жас жүректер қатты жараланды, өмір-айнаның өзі ақиқатты бұрмасыз алға тартты. Ауруханаларды аралағанда олар жаралы боп жатқан бейбіт тұрғындарды — балалар мен қарияларды, зорланған, соған қорланған әйелдер мен кәмелетке толмаған қыздардың қасіретін көріп жүректері сыздады; сексен мың адамы құрбан болып, мың шақты адамы әзер қашып құтылған Ходжалы тұрғындарының әруағы алдында мұсылман баласы ретінде бастарын иді.
Таулы Қарабақтағы Ресей әскерлері мен армяндардың жауыздық әрекеттерін жазалайтын суреттер ала келіп, адамзатқа қарсы қылмыстың айшықты іздерін әшкерелеп, Алматы көшелері мен әртүрлі ғимараттардың қабырғаларына ілді.
Артында ізі қалған «Жас тұлпардың» інісіндей боп атқа қонған желтоқсандықтар көп ұзамай қазақ тарихында тұңғыш рет саяси аштық жариялады. Желтоқсан оқиғасының желеуімен жазықсыз сотталған жастардың түрмеден босатылуын талап еткен олар төрт күн Жоғарғы Кеңес Үйі алдында қара жерге жамбасын төсеп, сыз жастанды. Сонда жүздесуге келген Жоғары Сот Төрағасы:
- Қоғамда Заң деген бар емес пе? «Тез арада азаматтарды босатып беріңдер»,— деген талаптарың Заңға қайшы ғой, сотқа уақыт беріңдер, қырық күн ішінде істі қайта қарасын дегенде, Халел Қазақ елі сотының ең биік өкілімен бетпе- бет келді.
- Сексен алтыншы жылы бізді қойша тоғытып соттағанда Заң қайда қалып еді. Желтоқсандықтарды қалай жылдам соттасаңыздар, солай жылдам босатыңыздар. Ал, Айбат Батырбеков желтоқсандықтардың түрмеге тастап кеткен мәңгілік құрбандығы, тас ескерткіші,— деген кезде Жоғары Сот Төрағасы күн жып-жылы болса да ондатр құлақшынының мандайын милықтатып баса берді. Сосын бет орамалын шығарып, көзінің айналасын сүртті.
-
Бір тәулік өтер-өтпесте он бес жылға сотталған Қабылқақ Күзембайұлы бостандыққа шықса, он төрт жыл алған балташы Жылқыбайдың қолындағы ешкімге кірмеген кездігі қылмыс боп тағдырын бұра тартып, түрмеде қалды, бірақ жаза мерзімі бес жылға шегерілді. Тағы да желтоқсан атымен тағаланып, тұсау салынған тоқсан бес қыз бен жігіттің жаза мерзімдері төмендетілді...
Бұл — тәуелсіздікке ұмтылған он бес перзенттің жанайқайына шыдай алмай желқайық Одақ қалт-құлт еткен жиырмасыншы ғасырдың тоқсаныншы жылы, Күн сәулелі Қазақ даласының төсін иітіп, қара баланы маңдайынан өпкен мамыр айы болатын...
Жұртшылық едәуір жиналып қалыпты. Көбінің қолында плакат пен жоғары көтерген транспорант. Әнебір тыр жалаңаш жатқан әйелдердің суреті астына «Бұл Ходжалыдағы зорланып, өлтірілген әйелдер» деп жазылыпты. Осы суреттердің бәрін алыс жолдан сары майдай сақтап жеткізді. Жігіттерге риза, көрнекі құралдардың бәрін көзге түсерлікгей етіп жазып, жоғары көтеріп тұр. Әзірбайжандықтарға тұтқынға түскен солдат: «Соғысты бізге бастап берді ғой» дейді. Әбден әбіржіп, кепиеті кеткен тұтқынның суретінің астына өз сөзі үлкен әріптермен жазылыпты. Халел жігіт-қыздардың желтоқсан күндеріндегідей әрі-сәрі көңіл-күйде емес, едәуір пісіп-жетіліп, саяси зерделерінің толысып қалғанына қуанды.
Іле теңіздей толқыған адам нөпірінің қасына ақ «Волга» келіп тоқтай қалды. Ішінен қала әкімі Заманай Нұрбекұлы шалт басып шықты да, Халелге қарай бет алды.
- Халел бауырым, митинг қарарын маған өз қолыңмен тапсыршы — деді қол алысып тұрып.
-
Ол тілдей қағазды өң-жүзі нарттай қызарған әкімге ұстатты да:
- Зәке, біздің де сенетін бір адамымыз бар екен ғой,— деді өткір жанарын тіке қадап.
-
Әкім құшақ айқастыра қоштасып, тілдей қағазды ұстаған күйі ақ «Волгаға» қайта отырды. Әкімнің қолында кеткен «ТМД әскерлері Әзірбайжан мен Армениядан әкетілсін» деп басталған қарарда әскерге алынған қазақ азаматтарының Қазақстаннан тысқары жіберілмеуі, түркі халықтарына қарсы бағытталған қастандықтың құрбаны болып отырған Әзірбайжан халқына гуманитарлық көмек көрсетуді Қазақстан өкіметінен талап ету айтылған еді.
Әкім кеткенмен митингіге жиналғандар тарай қоймады. Қызыл жағалылар алыстан қоршап, қалың нөпірдің сырттай аңысын андығанмен, іштерінде от боп жанған жайтасы бар жастарға «Тараңдар!» деп айта алмады, құлақтарына тосқан түймедей рациямен көрген-білгендерін Ақ үй мен «үш әріп» штабына баяндап жатты.
Алыстан қап-қара киінген біреу жұрт назарын аударып, ебіл-дебіл боп топқа қарай жүгіре басып келеді. Ентігіп келген бетте топтан оқшау тұрған Халелдің иығына балаша асыла кетті. Тапал бойлы жігіт сұңғақ бойлы Халелдің иығынан түскенде түрменің қара киімін шешпеген, өнбойы әждаһадай қап-қара, қара шашы бояп қойғандай әппақ боп ағарып кеткен балташы Жылқыбай «Танымадың ба?»— деп құшағына қайта құлады.
- Төретамнан кейін он жыл, автозекте кездескеннен кейін төрт жыл өтті ғой. Біржола бостандыққа шықтым.
- Жылқыбай Сабалақов! Жылқыбай — музыкам ғой бұл менің.— Халел киіктің асығындай шағын жігітті қайта-қайта еміреніп, аймалап, құшағына басты. Шеруге жиналғандар түрмеден бостандыққа аттаған Жылқыбай мен Халелдің айқасқан құшағын көріп, бірі адал достыққа тәнті болса, енді бірі «О, өмір-ай!» деп жүрек тұсын басты.
-
Шеру тарқап, Халел мен Жылқыбайды алға салған топ Халелдің жалдамалы пәтеріне келді. Сықиып жиналған кітап, төртбұрыштанып текшеленген газет пен қобырап шашылған нота қағаздары. Бұрышта жетімсіреп жалғыз тұрған күйсандықтың бір тілін «дың-ң» еткізіп басып қалған Жылқыбай:
— Халел көке, әйелі бар үйге ұқсамайды ғой, жеңгей қайда?— деді тұтқындықтан бостандыққа шыққан желдей ескен ірі сөз, ірі көңілмен.
- Жеңгең... алыста... әрі жақында,— деп, өң-жүзі алаулап, қасынан бір елі қалмай жүрген Наурызбайға қарады.
- * **
-
Айқыш-ұйқыш нота сызығының жыланбас ұшын иіп әкеп, жаңа әннің сұлбасын қағазға кестелей бергені сол еді, есік алды тықырлап, күткен қонағы — Қазақ радиосының «Ұшқын» редакциясының тілшісі кіріп келді. Үріп ауызға салғандай қыз бала бірден іске кірісіп, қобдишадан алып шыққан шұбатылған сым мен ұшындағы жұп-жұмыр микрофонды аузына тақады.
— Халел аға, мінеки, мен сізбен қауырт жұмыс үстінде жүздесіп отырмын. Дәл қазір нендей шаруамен айналысып жатыр едіңіз?
- Жаңа әнімді нотаға түсіріп жатырмын.
- Сіз көптеген әндер жаздыңыз, соның ішінде өзіңізге ерекше ұнайтыны қайсысы?
- «Жастық дәурен». Осы әнімді тыңдағанда түрмеде өткен жастық дәуренім, қобалжулы күндерім, жаныма жебеуші болған тергеуші Мұқанов, Бабай қарт пен Қафи-әпенді, досым Жылқыбай, Ай...- деді де, мүдіріп қалды. Ол Айымкүлді айтқысы келіп, оның құр елес бейнесінен өзге ештеңені көре алмай бөгеліп қалды да, ... көз алдыма елестейді,— деп жалғастырып әкетті.
- Тергеушіңіз, полковник Мұқанов деген кісі ме? Ол кісі қайтыс болды. Міне, газетте суретімен жүр. Елдің хауіпсіздігін ойлаған кісілер кезінде талайдың түбіне жетті ғой,— деп көкөрім қыз Мұқанов пен Халелдің байланысын бұрыннан білетіндей нық сөйлеп, сөмкесінен шығарып «Социалистік Қазақстанды» ұсына берді.
-
«Аптықпа!» деген қырыл аралас дауыс құлағына естілді. Қартаң тартқан шағындағы әжім торлаған қоңырқай бейнесі, ойлы көздері адамды өзіне баурап тұр. «Топырағың торқа болсын, қадірлі аға!» деп күбірледі жансыз бейнеге шұқшия қарап отырып.
- Қарындасым,— деп тамағын кенеп, көкөрім қызға тура көз тікті,— Өмірде екідай адамдар болады. Олар — қанына тартатындар мен қаны қарайғандар болып екіге бөлінеді. Мына кісі соның біріншісіне жатады. Осы кісі болмаса сен менімен сұхбат жүргізуге келмес пе едің, мен де тұйық қоғамдағы үні шықпаған Айбат боп кетер ме едім.
- Кешіріңіз, аға!— деді қыз өз міндетін мүлтіксіз орындап, жылан бас микрофонды аузына тақап.— Жанды жеріңізді ауыртып алдым, кешіріңіз. Біз жақсы, жаман деп екіге бөлген тәрбиені алған ұрпақпыз ғой. Газетті де әдейі әкеп отырмын. Сіздердің сыйластықтарыңызды білгеннен кейін...
- Иә, ақ пен қызыл, жақсы мен жаман деп өстік қой бәріміз де. Тіпті, бала күнімізде құмырсқаны ақ пен қызыл деп екіге бөліп ойнайтынбыз. Қызыл құмырсқа советтікі, қара — жеңілетін жақтікі...
- Халел аға, әлгі «Жастық дәуреніңізді» өзіңіз орындап бересіз бе? Әндеріңіз көп орындала да бермейді.
- Оның себебі бар. Орындалатын да күн туар.
-
Халел көптен қол тимеген көне күйсандықтың қақпағын ашты.
Жастық дәурен, жастық дәурен,
Қонысыңды аудардың қай жайлауға.
Жастық дәурен, жастық дәурен,
Сені аңсаймын кеудеме наз толғанда...
дегенде, жиырмадан енді асып, журналистік жолды таңдаған көкөрім қыз сазды әуенге бойы елтіп, қозғалақтап, өзінің жастығын ірке алмай әнмен тербелсе, оны өмірге әкелуші автор ашық жатқан газеттегі тергеуші Мұқановтың жансыз бейнесіне «Менің жастық дәуренім Сізге қарыздар» деп, соған бағышталған аза үніндей аяқталған әнмен бірге осы бір кісілігі биік адаммен бірге болған тәтті елесі де сап тиылды.
Күйсандықтың қақпағын жауып, жазу үстеліне қайта отырды.
- Әніңізге рахмет! Бұрын тыңдағанда қатты толқушы едім. Халел аға, Сіз түрмеден қорқасыз ба?
- Тозақты көріп келген Адам одан неге қорықпасын. Ол да Адамға Алланың сыйы. Мен түрмеде бостандықта жүргендерден гөрі сөзіне берік, рухы мықты адамдармен кездестім, олардың тәлімін алдым. Қазақта «түрмені дұшпаныңа да бермесін» деген сөз бар.
- Егер қайта түсе қалардай күн туса қайтер едіңіз?
- Қарағым, менің түрмеден шыққаныма үш-ақ күн болды. Үшінші күні өзіңмен жүздесіп отырмын.
- Тереңірек тоқталсаңыз,— деді аң-таң қалып.
- Мамырдың отызында, Бішкекте өтпекші Орта Азия мен Қазақстан демократиялық партияларының басшылары бас қоспақшы құрылтайға бару үшін орталық автовокзалға келген едім. Автобусқа мінгелі тұрғанымда екі-үш адам қоршап алып, прокурор шақырып жатқанын айтты. Мен прокурордан құжат жүзінде ешқандай шақырту алмағанымды және ертең қайтып келетінімді айтып, жүріп кеттім. Алматыдан сексен шақырымдай шыққан соң автобусты қылмысты істер бөлімінің қызметкерлері тоқтатып, менің тез арада өздерімен бірге жүруімді талап етті. Қолдарында тұтқындау туралы ордер, не басқадай заңды құжат жоқ. «Прокурорға барып, бір-екі сұраққа жауап бересіз, сосын өзіміз Бішкекке жеткізіп тастаймыз»,— деді. Қамқоршылардың сөз төркінін түсінсем де, бір автобус жолаушыны қаңтарып қойып, қарсы тұра алмадым. Содан Совет аудандық прокуратурасына алып келді. Халық сотының судьясы Бахтықызов деген кісі: «Америка елшілігінің алдында неге заңсыз митинг өткіздің?» деп сауал қойды. Мен Конституция бойынша митингіге де, демонстрацияға да, пикетке де рұхсат берілгенін айттым. Біздің бұл мәдениетті жасалған пикетіміз туралы «Алматы ақшамы» газетінде жазылғанын да қосып айттым. Қалалық қоғамдық тәртіпті сақтау бөлімінің бастығы Назаренко осы пикеттің басы-қасында өзі жүрді. Бұдан кейін АҚШ елшілігі өкілдерімен екі дүркін кездескенімізде де олар біздің пикетіміздің демократиялық түрде болғанын атап көрсетті. Осының бәріне қарамастан судья Бақтықызов мені бес тәулікке қамауға үкім шығарды. Сонымен, тойға киерімді ауыстыруға да шамамды келтірмей, отбасыма да хабарламастан, жасырын соттап, тағы да түрменің тас еденіне түнеуге тура келді.
- Сонда сіз қалай ойлайсыз, осының бәрі демократиямен санаспағандық па?
- Мұндай сұмдықты Коммунистік партияның күні күйіп тұрған жетпіс жетінші, сексен алтыншы жылдары тұтқындалғанымда да көрген жоқ едім. Бұл жолы олардікі жол торыған қарақшылардың ісіндей болды.
- Сонда демократия қайда қалады?— деп көкөрім қыз орнынан бір көтеріліп қойды.
- Біздің демократия әлі бесікке бөлеулі. Оның тұсауын кесіп, тәй-тәй бастыру — екеуміздің міндетіміз.
- Бұл жолы қалай босандыңыз?— деп тілші қыз шын түрмені көз алдына елестеткендей қарсы алдындағы Халелге сескене, сұрлана қарады.
- Өмірде, көшеде кетіп бара жатқандардың ішінде де жаны ізгі, ниеті жақсы адамдар болады ғой. Прокуратурадан Сейфуллиндегі түрмеге апара жатқанда Наурызбайдың телефонын жазып, «Кім болсаңыз да хабарласуыңызды сұраймын деп», түрме-машинаның ашық терезесінен көшеге лақтырдым. Бұл жолы мені бітеу машинаның түкпіріне тықпады, тойға киетін біркиерімді, мойнымдағы галстугімді сыйлап, күзетші солдаттар отыратын орындыққа отырғызып қойды. Төртбұрыш қағаз иманды біреудің аяғының астына түсіп, ол Наурызбайға хабарлап, желтоқсандық жігіттер жабылып жүріп, үш күнде шығарып алды. Сонда прокурор мырза: «Дзержинскийдің ескерткішін неге құлатасың?» деп, тас құдайдың мүсінін де даулады. Бүкіл Ресей мен басқа да республикалар тас құдайларға табынып болып, өз беттерінше тіршілік кешіп жатқанда, біздің елге солардың неге ыстық көрінетініне, неліктен қия алмайтынына таңмын. Түрмеде де адамдар бар. Адам бар жерге Адам үйренбей тұрмайды.
-
Қыз сұрланған түсін жия алмай, үш күн бұрын түрмеден шыққан Адамға әлі де сескене қарап, көздерінен ұшқындаған үрей аралас сезіммен келесі сауалына асыққандай тез-тез сөйледі.
- Өмірдегі ең жақсы көретін нәрсеңіз?..
- Теміржол бекетінде адамдарды шығарып салып, күтіп алу. Қос рельсті басып келе жатқан пойыздың дүрсілі — бұл нотаға түспеген музыка ғой. Жан-жүйеңді тербейді. Бекет дегенің өмір ғой, сағыныш қой. Бекетті көру, адамдармен қауышу — мен үшін көкірегін кере дем алған өмір тынысы, қайнаған тіршіліктің қан базары. Адамзат инженерлік білімді игерісімен-ақ темір жол салып, бекет соққан. Өйткені, бекетсіз өмір сүру мүмкін емес.
- Ең жақсы көрмейтін нәрсеңіз?
- Бекеттен тұтқын боп аттану...
- Ең жақсы досыңыз кім?
- Ең жақсы көретін досым Сабалақтың Жылқыбайы. Төретамда солдат кезімізде табысқанбыз. Желтоқсанда он төрт жылға сотталды. Атылмай аман қалғанына Аллаға мың мәрте алғыс айтамын. Дүниеден көретін жарығы бар екен. Көрем десең, қазір келеді. Жұмыс таппай жүр, жабылып жұмыс іздеп жүрміз. Түрмені «еңбекпен түзеу колониясы» дейді, тіпті де олай емес, қарындасым. Түрмеден келген деп бәрі теріс айналады. Бесаспап. Шоңқиған етіктің өкшесін тіктеуден бастап, самолет жасауға дейін қолынан келеді. Бізде «Армия — өмір мектебі» дейді, тіпті де олай емес, қарындасым. Ал, түрмеден келген адам бізде ең соңғы Адам, оның қоғамнан алар орны жоқ. Американың «Вена» абақтысында бостандыққа шығарда жұмысқа орналасып, пәтер алуына дейін көмек көрсетіледі. Бұл — кешегі тұтқынның қоғамға еркін сіңісіп кетуіне, бостандықта өз жолын еркін таңдауына зор сенім, ұлы септік. Оларға түрмеге түскенде қойылар басты талап — өздеріңді тәртіпті ұстап, еңбектен бас тартпасандар, бостандыққа шыққасын білім алып, жұмыспен қамтамасыз етіліп, қамқорлық көрсетіледі. Салыстырып қарашы, қарындасым, негрлер бандасының басшысы болған қырық бір жасар Келмен Лоутен үш адамды өлтіріп, жиырма төрт жылға кесілген. Сол алты жылдан кейін «Вена» түрмесіне келіп, бакалавр атағын алып шықты. Қазір ол «Басқаша өмір» ұйымына жетекшілік етеді. Түрме — олар үшін тәрбие орны, біздегі түрме - ең артта қалған адамдардың, бұзақылардың мекені. Біздің Заңда бұрын сотталмаған Адам өлім жазасына кесілмеуі тиіс. Бұрын сотталмаған, Адам өлтіргені дәлелденбеген, Ауғанстандағы қанды қырғында интернационалдық борышын өтеп қайтқан қыршын Айбат Батырбековтың өміріне ара түсетін бізде Адам да, қоғам да болмады ғой.
-
Екеуі де үнсіз. Тілші қыз ашық жатқан «Социалистік Қазақстанды» төрт бүктеп, қол сөмкесіне салды.
- Халел аға, соңғы сұрақ болсын, өмірде өкінішіңіз бар ма?
- Өкінішім — Айбатты тірі алып қала алмағаным.
- Оған Сіз кінәлі емессіз ғой.
- Сонда кім кінәлі, айтшы, қарағым, қарындасым!..
-
Журналист қыз екі беті алмадай қызарып, жалтырбас жұмыр микрофонды жыланша ирелеңдеп, жерде шұбатылып жатқан ұзын сымынан бөліп алып, сөмкесіне салды.
- Айтқандарыңыздың бәрі түгел эфирге шығады деп уәде бере алмаймын. Басшылар қысқартатын шығар...
- Ал, енді қарындасым, мен сенен сұрайын, сөз бостандығы дегенді қалай түсінесің?
- Білмеймін, аға, мен жұмысқа жаңа келдім. Басшылардың көзіне уақтылы көрінуім керек. Сау болыңыз!- деп, қоштаса бергенде есік тықыр етіп, Наурызбай кіріп келді.
- Міне, менің ұлым осы жігіт,— деп өзінің балаң кездегі бейнесіне қызықтай қарады.
-
Журналист қыз кейіпкерінен аумай қалған, балаңдыққа бой ұсынып келе жатқан он алты жасар балаға көзін төңкеріп қарап, қош айтысып жүре берді.
- Көке, Сіз мені жігіт деп таныстырдыңыз ғой,— деді Наурызбай әлденеге ыза болғандай, әлденені күтіп алабұртқандай мазасыз сезіммен.
- Иә, сен енді жігітсің.
- Жігіт болсам, менің сәби кезімнен осы жігіт шағыма дейін, қасымда бірге болған күніңізден болмаған күндеріңіз көп екен.
-
— Иә, со-лай...— деп Халел абдырып қалды.
- Ақталасыз... түрме, система деп... солар кінәлі деп. Мен шыр етіп өмірге келген күні Сіз түрмеге түсіпсіз. Сонда менің кінәм не? Ендігі күндерде бірге болайық. Үйге көшіп келіңіз.
- Дұ-рыс...— деп Халел ұлының сабақ айтқандай бір орнында тапжылмай тік тұрып, бірақ іштен тынып айтқан сөзін бірден мойындады. Оның ересек тартқан тұлғасына да бастан-аяқ бір көз салып өтті. Бірақ, бұл бүгін күтпеген сөзі еді,— Онда әкеңді көшіріп әкет,— деп қасында тұрған ұлымен қатарласты.
-
Есік тағы да сықыр етіп, асып-сасып Жылқыбай кіріп келді.
- Көшуге дайынсыңдар ма? Машина күтіп тұр. «Кедей болсаң көшіп көр». Ал, тиейік. Жеңгей шәй қойып, күтіп отыр.
-
Халел есік алдына бұрылып келіп тұрған томпиған қоңыз машина – «пирожковозды» көріп қалды. Бұл да Сабалақтың Жылқыбайының тірлігі деп ұқты. Ол енді мәңгі бірге тұрмаққа бекінген ұлын емес, Төретамда тағдыр қосып, желтоқсанда атылмай қалып, он төрт жылын арқалап аман келген алдыр — салдыр Жылқыбайға іші езіліп, құшағына алып, емірене аймалап, айналып-толғанғысы келді.
Күлтай болса, өз есігінің алдында арлы-берлі сенделіп, алабұртып жүр еді.
***
- Бәріміз «Титаник» деген киноға барайық,— деді Күлтай жүкті түсіріп болып, абыр-дабыр басылып, шәй ішіп, көңілін демдеген соң.
- Не туралы екен?
- Махаббат-дағы. Кәрі кемпір өткенін еске алады дейді. «Титаник» деген кеме суға батып... Жігіт сүйген қызын құтқарып, қайыққа мінгізіп тұрып, өзі сыймай қалып, суға батып кетеді дейді.
- Батпай аман қалу керек еді. Жігіт те өмір сүру керек еді.
- Бұл Амарикада болған оқиға ғой.
- Америкада болған оқиғаның Қазақстанда қайталануы міндетті емес. Адамға тән нәрсе әр жерде әртүрлі бола береді.
- Кешір, Халел, мені кешірші!..— Күлтай ғұмырында бірінші рет кешірім сұрап, еркектің аяғына жығылды.
- Өзіңді зарыға күттім!
- Соғысқа кеткендерді зарыға күтеді. Олар өлімге кеткендер... Мен соғысқа кеткен жоқпын ғой.
-
«Он бес жыл жолымды тосып жүрмеген шығарсың...» Тарының қауызына сыйып кетер бұл сөзді тоғай сыбдырындай сәтте әбден жүдеп-жадап, арқасынан Күн көрінген Күлтайдың иығына күректей алақанын артып тұрып, еркектік өр көңіліне сыйғызды.
- Көтер басыңды,— деді солқ-солқ етіп ботадай боздап, қара шашы еркіне бағынбай қобырып кеткен әйелдің ебіл- дебіл кейпіне аянышпен қарап.
- Мен түрмеде жатқанда, сен рахаттанып жүрдің.
- Бәрін біліп тұрсың ғой. Мені жарты жолға тастап кеткен сенен өшімді алдым.
- Енді бостандықта жылап-сықтама. Адамша өмір сүрейік!
-
Киінді де, тысқа атып шықты.
- Жүріңдер!
- Қайда?— деген Жылқыбайдың жылдам даусы шықты.
- Бекетке!
-
Халел — алда. Үшеуі қара жерге аяғын аннан-мыннан бір тигізіп, өмір шіркінде өші бардай атырыла алға ұмтылған жігіттің соңынан әрең ілесіп келеді. Артына бұрылып бір қараған жоқ, көптен көрмеген сағынышына асыққандай тек алға тартып барады.
Алыстан бекет көрінді. Айқара ашық кең есіктен адамдар еркін кіріп-шығып жатыр.
Пойыз қан тамырындай тартылған шойын жолға жүйткіп келіп, ақырын аялдап, қайта кетіп барады. Бекеттің тынымсыз тіршілігіне рахаттана қараудан тоймаған, жоғын іздеп тауып, жаны жадыраған еркін көкірек, екі көз - Халелдің шырадай жанған қос жанары еді.
Бүгін Алматы бекетіне барлық бағыттан тұтқын тиелген түрме-пойыздың келмейтін күні.
Бекеттің өз заңы бар.