Адам қарады: 94 | Жарияланды: 2020-07-23 04:03:57

Жындыхана

Жынданып кетпесем деп жүріп, жындыханадан бір-ақ шыққан жанның әңгімесі

Осыған сенбей көр...Шыдамың жетсе тыңда, жақында басымнан өткен бір жәйтті айтып өтейін. Қамаудан, жынданып кетпесем болар деп, кімге тиісерімді білмей әзер жүргенмін. Іздегенге сұраған деген. Теледидардан Путиннің айтқандарын есіткен бойда, олардың думасына -  парламентіне жедел хат жібердім: «Егер депутаттың көмекшілері қылмыскерлер болса, онда ол депутат емес, ол –Көкең, паханың!» - деп. Өзімнің жазғаныма сондай риза болып, көптен бері қатып ұйықтағаным осы....Кештеу тұрдым.

Ал, түстен кейін жауап келді.Таң қалдым. Сонда да, күнде жоғарыдан осындай келетін хаттар, үйреншікті іс сыяқты...  алып қалдым. Жедел хатты оқысам: «Егер, тағы аузыңды ашатын болсаң, салпаң құлағыңды кесіп алып бетперде –маска жасап береміз! Короновирустан аман қаласың!» - деген, астында «Халық қалаулылары!» -деп, электронды қол қойылған. Біразға дейін өзіме өзім келе алмай..., сосын барып түсіндім. Тағыда короновирустың кесірі. Олардың думасына емес, қателесіп өзіміздің сенатқа жіберіп қойыппын.... Сонан соң жағдайым кетіп, тамағым жыбырлап, мұрным бітеліп, басым дыңылдап істемей қалды. Көз алдымда, екі қүлақтан жасалған масканың елесі де, кетпей қойды....

Қой, Аяз әліңді біл!- деген, денсаулықтан артық ештеңе болмас деп... Ютубты ашсам, «Адамның биоөрісін тазартып, тегін ем жасаймын»- деген жарнама, алақайлап шыға келді. Астында қызмет көрсету орны мен экстрасенстің телефоны түр. Тегін дегесін, қоңырау соқтым. Жылы дауыс барлық сұрақтарыма: -иә; -иә; -солай;- келіңіз күтеміз, - деп жауап берді. Мекен жайына таксимен жеті-ақ минутте жетеді екенсің.

Ертеңіне айтқан уақытында, тегін, бірақ бір қорап темекі мен бір кола ала келсеңіз деген.... Осындай емшіге қалай сенбессің. Тап өзіміздей.... Келіп, екінші қабатқа көтеріліп есікті қақтым. Қоңырау жоқ. Жымиған, жасы белгісіз, бет аузы мыж-мыж, біреу қарсы алды. Ескі стол, ескі екі орындық, басқа ештеңе жоқ. Бетін уқалап, есінеп...

 -Клиент көп, короновирус деген індет ...Бәріне көмек беру керек, демалуға уақыт жоқ.....

Аяп кеттім. Көзіме жас келді. Осындай адамдар ғой, тап қазір мемлекетімізге жетіспейтін...Шіркін президенттің жанында осындай кеңесші-емші болғанда.. .

Коланы ашып, сүйсіне ішті... Шынымен шөлдеп-шаршаған екен....Кәйтсін...

- Биоөрісіңіз өте нашарлаған, бәрі де содан. Сеансты бастайық. Шешініңіз. Бәрін шешіңіз. Биоөріс барлық жермен контакте болуы керек...Сізге, жеті минуттық сеанс жеткілікті. Соңғы бір есте қалған жағдайды есіңізге алып, көзіңізді тас жұмып отырыңыз. Қозғалмаңыз. Жіберілетін биоөріс өте қуатты, сондықтан мен сеанс біткенше көрші бөлмеде боламын. Ал, емге сәттілік!-деп, көрші бөлмеге кіріп кетті.

Сеанс басталды. Шынымен, нағыз эстрасенс екен. Көзімді жұмған бойда, тарс етіп, кешегі оқиға есіме түсті: «Тәжтымаудың» қамауынан жынданып кетпесем екен деп, кімге тиісерімді білмей әзер жүргенмін. Ашуымды шылым тартып басайыншы деп, балконға шыққанмын.... Дәлізде кездескен көрші ақсақал, аузымды ашам дегенше, сірә, олда қамаудан іші пысқан-ау шамасы: «Неге ұшатын тәрелкелер, осы қиыншылық кезде, бізбен тікелей байланысқа шықпайды? Түнде көрдім, төбемізде айналшақтап ұшып жүрді...»,- деп сұрады.

Короновирус бен Путиннің айтқанынан жындануға шамалас болсам да, өзімді ұстап, әзілдеп: «Біз жақтан пышақ, қасық-шанышқылар ұшқанда, тәрелкелер... амалсыздан байланысқа шығады» - деп, жауап бердім. Балконға шығып, шылымның түтінімен ысталған Елордамыздың таза ауасымен кеудемді кере дем алдым. Шошып кеттім..! Төбеден жалт-жұлт еткен пышақ, шанышқы, шәй-ас қасықтар жауа бастады.... Айтылған сөз атылған оқпен бірдей, - деген. Әлгі ақсақал, олда жындануға шамалас болған-ау, әзілді қайдан түсінсін. Шынымен сенсе керек, ас бөлмедегі барлық пышақ, күміс қасық-шанышқыларын терезеден лақтырыпты.  Әрине кемпірі жоқта. Қазір күнде, түн ортасына дейін есік алдында, түнгі аспанға қарап «Тәрелкені» күтіп тұрады. Әлде кемпірі үйге кіргізбей ме екен..? 

Осындай да, әркімге сене беретін адам болады екен... Қазір адам, адамға сенетін заман ба.... Ақымақ шал-ай! – деп, біраз отырдым.

Сосын, сеанс біткен шығар деп, жайымен көзімді аштым. Бөлмеде ешкім жоқ. Көрші бөлмені жайымен тықылдатсам тым-тырыс. Емші, емші,- десем де, ешкім жауап бермейді. Әуелі киініп алайын десем, киімдерім жоқ! Төбемнен мұздай су құйып жібергендей, алданғанымды білдім! Сонда да сенгім келмейді. Есіктер құлыпталған. Ашумен бір теуіп едім, топсасымен бірге жұлынып түсті.....

-Емші! -Емші! -Экстрасенс қайдасың! – деп, айқай салып есік алдына шықтым. Көшенің арғы бетінде жүрген қоқыс жинаушы, жақындап келіп: Не болды? Неге айқайлайсың?-деп сүрады. 

Бәрін айттым... -Қайдағы емші-экстрасенс. Бұл жер, кешке осы ауданның қанғыбас-қайыршылары жиналатын жын ойнағы. Сеніде, солардың бірі ме десем. Дамбалсыз қалмағаныңа қуан! Таңертең жаттығу жасап жүргендей, үйіңе қарай жаяу жорғала- деп күлді.

...Жарылуға әзер тұрғанмын, одан арғысы есімде жоқ...

Есім кіріп, көзімді ашсам, бір рахат сезімдемін... (кейін білдім, сондай дәрі егілгенін), торланған ақ бұлтармен бірге қалықтап жүрмін (кейін білдім, ол торлы терезеден көрінген бұлтты аспан екен), қасымда аппақ қанаттарын артына қайырған, жас жігіт пішінді – «періште» аяғын салбыратып бұлттың үстінде отыр (кейін білдім, арнайы жуасытатын көйлек кигізілген жаңа жынданған жігіт екен).

- Мен жұмақтамын ба? – деп, «періштеден» сұрадым.

-Жалпы, бұл жер жындыхана деп аталады, бірақ, қазір Елде болып жатқандармен салыстырғанда, әрине нағыз Жұмақ! – деп, жауап берді ақ қанатты «періште».

 

..... -Елде болып жатқандармен салыстырғанда, ...жындыхана нағыз  Жұмақ...?

...Неге? ...Бұл қалай болды?...Қалайша осыған... жеттік?- деген сан сұрақтар жан-жағымнан қаумалап..., көзім ілініп кетті.....Шынымен жұмақтамын....

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған