Теңіз, сенің ұлыңмын!
публицистикалық поэма
Ойланып қолыма алдым бір жұмысты,
Бір Алла, сыйынамын өзің күшті.
Демесе қолтығымнан Жаратушым,
Елім деп атқарайын мен бұл істі.
Қолыма алтын сапты қалам алдым,
Параққа жүректегі сөзім жаздым.
Тағдырын туған жердің өлең етіп,
Теңіздің толқынындай ой қозғадым.
--------------
Екі жиырма жылдар сырғып құм сынаптай жетіпті,
Жиырма бірінші ғасыр келіп төрімізге өтіпті.
Адам Ата – Хауа Ана ұрпақтары, адамзат,
Ойы кемел, санасы өскен биіктерге жетіпті.
Жаралды жер, барша ғалам құдіретімен Алланың,
Бір Аллаға бағынатын, табынатын адаммын.
Несібеге, нығметке жер бетінде бөленіп,
Жаратушы Тәңіріні әр кез еске аламын.
Жиырма жиырма уақыт емес, миллиондаған жыл өткен,
Жер бесікте тербетіліп Адам ұлы ержеткен.
Алла берген ризықты, бақ-дәулетті азсынып,
Қанағатсыз, ашкөздікпен тек алудан дәме еткен.
Пенделер бар қу құлқыны ештеңеге тоймайтын,
Әзәзілдің азғырумен барлығын да жинайтын.
Жер-Ананың жүзін жуды айғыз-айғыз қызыл қан,
Тойымсыздар салған қырғын есебі жоқ болатын.
Бір Алланың құдіретті тылсым күшін ұғынбай,
Екі аяқты пенделерге айтылды сөз әрқалай.
Әділетті, қанағатты, ар-намысты ұмытсаң,
Ей, Адамзат! Болашағың қандай болар ойласай.
---------------------
Теңіз, теңіз,
Мен өзіңнің ұлыңмын!
Сенде тудым, сенде өстім,
Сен мәңгілік жырымсың.
Теңіз, теңіз!
Айтар әнім мәңгі сен,
Жүрек тоқтап, таусылғанша менде дем,
Жазып кетем мен ертеңгі ұрпаққа,
Өзің жайлы
Жүрегімнің қанымен!
Теңіз, теңіз!
Кеудемдегі мұңым ең,
Айтылмаған жүректегі сырым ең.
Теңіз – анам!
Кезі келді, уақыт жетті,
Толғанайын, толғайын,
Алтын қалам қолға алайын,
Ақ параққа жол салайын,
Өзің жайлы
Өлмес өлең жазайын!
-----------
Теңіз – Анам,
Мен ұлыңмын!
Сенің қайғың – менің қайғым,
Сенің мұңың –менің мұңым.
Түсінбейді мұны кім,
Мен жаныммен түсінем.
Теңіз – Анам,
Мен ұлыңмын!
Кезеріп ерні шөліркеген,
Әлі бітіп, күні жеткен,
Кейуананың кейпіндесің бүгін сен,
Сенің жұмбақ өткеніңді кім білген.
Теңіз – Анам,
Мен ұлыңмын!
Айтшы маған сырларыңды,
Айтшы маған жырларыңды,
Сенің қайғы-мұңдарыңды,
Мен-ақ жиып жүрегімде жүрейін.
Теңіз – Анам, саған мәңгі,
Өлмейтұғын ұзақ өмір тілеймін.
Теңіз-Анам тіл қатты
Ұлым менің!
Кәрі тарих қойнауынан,
Ғасырлардың қатпарынан,
Дәуірлермен жағаласып,
Заманамен бірге басып,
Жеткен едім бұл күнге.
Кәрі анаңнан сыр сұрайсың,
Айтылмаған жыр сұрайсың,
Менің сырым – тұңғиық,
Менің жырым – бір мұхит.
--------
Қызғылт, қоңыр және де бар жасылы,
Міне, мынау – Қазақстан картасы.
Тау бар, көл бар, даласы бар, теңізі,
Әр қазақтың мақтанышы міне осы.
Биік таулар зеңгір көкпен жалғасқан
Бейне тіреу, аспан мен жер астасқан
Биіктікті, мәрттікпенен өрлікті,
Тау баласы тауларынан үйренген.
Байтақ мекен, шетсіз-шексіз айнала,
Ұшқан құс та қанат талар кең дала.
Дархандықты, жомарттықты, кеңдікті,
Дала ұлдары даласынан үйренген.
Терең теңіз күн астында ақ айдын,
Асау тайдай тулап жатыр толқының.
Тереңдікті, тентектікті, ерлікті,
Теңіз ұлы теңізінен үйренген.
Тау баласы биік тауын жырлайды,
Дала ұлы кең даласын жырлайды.
Айдынында толқынымен алысқан,
Теңіз ұлы көк теңізін жырлайды.
Теңіз менің мақтанышым, айбыным,
Теңіз менің айтылмаған бір сырым,
Теңіз менің көңілдегі бір мұңым,
Теңіз менің жүректегі бір жырым.
Талант солай туған жерге тартады,
Туған елі үлкен міндет артады.
Атамекен топырағы ойында,
Көш керуеннен олжа салып қайтады.
----------
Теңіз – анам, мен –балаң,
Өткеніңді сағынам.
Толқыныңмен алысып,
Ақ құмыңда аунағам.
Теңіз –анам, мен балаң,
Қайда аппақ шағалаң.
Шаңқылдаған дауысы
Жағалауда шарқ ұрған.
Құм көшкіні, құм боран,
Ақ сор шаңдақ айналам.
Тынысымды тарылтты,
Бұрқыраған тұзды шаң.
------------
Жырлайды теңіз, жырлайды,
Бір сәтке тыныш тұрмайды.
Тыншымай алып жүрегі,
Күрсініп кеуде сыр жайды.
Жырлайды теңіз жырлайды,
Шағала көкте шулайды.
Аққуы сыңсып, қазы ұшып,
Шертетіндей мұң-қайғы.
Жырлайды теңіз, жырлайды,
Толқыны тайдай тулайды.
Жағаға соғып жойылып,
Сонда да тыным алмайды.
Жырлайды теңіз, жырлайды,
Басынан өткен көп жайды.
Жазира байтақ кең дала
Оған да сырын сырлайды.
Жырлайды теңіз, жырлайды,
Жүрегі алып тынбайды.
Айтады сырын тауларға,
Шың-құздар мүлгіп тыңдайды.
Күнге де сырын айтады,
Айға да сырын айтады,
Көкке де сырын айтады,
Жерге де сырын айтады,
Күндіз де сырын айтады,
Түнде де сырын айтады.
Жырлайды теңіз, жырлайды,
Толқыны асау тынбайды.
Түсінсе адам баласы,
Түсінбесе сол қайғы.
--------
Шөл даланың, сахараның,
Шетсіз-шексіз байтақ жердің,
Ырысы еді, құты еді.
Тәңір сыйлап тарту еткен,
Әсемдігі ғашық еткен,
Орта Азия алқасы.
Сәулесі күннің түседі,
Айдың да нұры түседі,
Әсем болған бейнесі.
Шашатын нұрын алысқа,
Қиырға, сонау ғарышқа
Орта Азия айнасы.
---------------
Әлемге мәлім айдыны,
Танылған елге айбыны,
Қайнаған жұмыс ордасы.
Маңдай тері ерлердің,
Шапағаты елдердің,
Еңбектің тай қазаны.
Қос өзенді асық еткен,
Екеуін де ғашық еткен,
Табиғаттың еркесі.
Болған оған қала ғашық,
Болған оған дала ғашық,
Ғажайыптар мекені.
Тұран жұрты, жалпақ елдің,
Шексіз мекен шөл даланың,
Тынысы еді, бағы еді.
Қазақ , өзбек, түркіменнің,
Бөрі байрақ көк түркінің,
Ұраны еді, жыры еді.
Өткен күннен белгі қалмай,
Өксуімен есін жимай,
Өтеді өмір осылай.
Барлығыңды бағаламай,
Байлығыңа көзі тоймай,
Жоюдамыз бұл қалай?
----------
Теңіз – Ана!
Есте шалқар айдының,
Және таудай толқының.
Айдыныңда жүзіп көрген,
Толқыныңа еркелеген,
Ұлың едім мен сенің.
Теңіз –Ана!
Өзің жайлы ойға аламын,
Балалыққа ораламын.
Жағалауда суың кешкен,
Құмыңа аунап, күнге күйген,
Балаң едім мен сенің.
------------
Теңіз – Ана!
Тереңіңнен сыр ұғынып,
Шуылыңнан сыр ұғынып,
Анам айтқан бесік жырын,
Өзің айтқан теңіз жырын,
Көкірегіме жиып өскем сол кезден.
Жөргегімді толқыныңа,
Түбегімді өзі суыңа,
Жуып-шайып жетілдім.
Сондай аппақ тазалықты,
Өзің сабақ етіп ең.
Теңіз –Ана!
Тереңіңнен маржан сүзіп,
Ескек есіп, терін төгіп.
Менің әкем еңбектің қой торысы,
Тірлік қамы, өмір заңы онысы.
Еңбегінің өтеуін сен төледің,
Алақанға табыс салып,
Дастарханға нан толтырып,
Байлық бердің, бақ бердің.
Осылайша жомарттықты
Өзің сабақ етіп ең.
------------
Енесін іздеп боз бота,
Боздайды тынбай боздайды.
Боздаған зарлы дауысы,
Қайдағыны қозғайды.
Іздеймін мен де әлдене,
Жоғалттым оны қай кезде,
Айрылдым одан қай жерде.
Теңізім – Анам!
Қайдасың?!
Оралшы саулы інгендей,
Ботаcы болған шерменде.
Жетімдік күйін кешіп жүр,
Қозысы қоңыр саулықтың.
Маңыраған қозы үнінен,
Сорлының жайын мен ұқтым.
Жетпейді маған әлдене,
Іздеймін соны әр кезде.
Теңізім –Анам!
Қайдасың?!
Оралшы қоңыр саулықтай,
Қозысы болған шерменде.
Тағысы түздің құралай,
Анасын жыртқыш алғаны-ай.
Шыдайды қалай жыламай.
Күн көрмек лақ ол қалай?
Жетпейді маған бірдеңе,
Іздеймін соны әр кезде.
Теңізім – Анам!
Қайдасың?
Жез киіктей оралшы,
Құралайыңа бір сәтте.
Қайда екен, қайран көк теңіз?
Арманым, ойым, қиялым.
Қайда екен, қайда көк теңіз?
Айдыным, асау айбыным.
Дерегін білсем деп едім,
Хал-жайын білсем деп едім.
Теңіз Анаммен қауышып,
Мауқымды бассам деп едім.
Боз бота болып боздайын,
Өткенде айтып қозғайын.
Маңырап қозы болайын,
Жоғалған анам сұрайын.
Кешпейін күйін құралай,
Шыдаймын қалай сұрамай,
Теңізім – Анам!
Қайдасың?!
Жоғалма жердің бетінен,
Даланың көркем көркі сен!
------------
Ғасыр басындағы ой немесе жиырма жылға шегініс
Жиырмасыншы ғасыр, саған менің айтар назым бар,
Кеудемде жан, жүректе үн, көмейімде тілім бар.
Адамзатқа қаталдықтың не екенін көрсеттің,
Өр қазақтың намысына тоқтау салған түрің бар.
Өктем келдің, аласапырын әлемде қан сасыттың,
Дүниені төңкеріпсің, екі соғыс ашыпсың.
Бейбіт күнді армандаған момын, бейғам ұлтымның,
Жанын қысып, есін алып, топалаңға салыпсың.
Қонақ күткен, көңілі кең, дархан, жомарт халықтың,
Зиялысын атып-асып, бар азапқа салыпсың.
Кең даланы мекен еткен, еркін өскен қазақты,
Аштық жасап, саясаттың құрбанына шалыпсың.
Қазақ малын салды ортаға «аша тұяқ қалмасын»,
Атқа қонды белсендісі «асыра сілтеу болмасын».
Үштен екі қазақ кетті осы аштықта қырылып,
Ұлтқа туды екінші рет шұбырынды болғасын.
Оның рас ғылым, өнер, мәдениет дамыды,
Қазақтан да шықты талай азаматтар дарынды.
Бірақ, бірақ айтылмады өткен өмір, өткен күн,
Шежіресі сыры терең сан ғасырлық тарихың.
Алып аю айбатымен айға азуын білеген,
Ордалы Одақ араны кең бар байлықты тілеген.
Тіл құлыпта айта алмады, өткеніңді, тарихты,
Баста ноқта жетектеумен, жөн сілтеумен жүрген ем.
Ұран шықты тың игеру керек екен біздерге,
Соқа сүрген жайылымын енді қазақ іздер ме?
Өз жерінде азшылыққа бір-ақ сәтте айналып,
Қазақ кеміп, келгендердің саны өсіпті бір демде.
Салтанатын құрды солай саясаттың шоқпары,
Ұлтты жою, жерін алу мақсаты мен жоспары.
Кейбір ұлттың жойды тілін, дәстүр-салты не барын,
Кейбіреуге марапаттап, тақты орден-медалын.
Жарылыстан көз ашпады Абай елі Семейім,
Суы қайтып шөлге айналды мөлдір сулы Аралым.
Ұран шықты барлығымыз кеңес халқы боламыз,
Қоштағанбыз бәрі тегін боламыз да толамыз.
Күн келбетті коммунизм елесі тұр алдыңда,
Соған жетсек, айды құшып, нұрланамыз, жанамыз.
Мың өліп, мың тірілген батыр қазақ, ер қазақ ,
Айтары көп кейінгіге ақын қазақ. ер қазақ.
Иығымен көтеріп ап тағдырының қиынын,
Азатттыққа жетті ақыр сіңір соза қиылып. .
Тәуелсіздік!
Болып едің көптен күткен арманым,
Болашаққа үмітімді өзің келіп жалғадың.
Енді өлмеспіз, жойылмаспыз, жасармыз,
Айта берем әлі де мен ойда бардың қалғанын.
-----------
Толқыны тайдай тулаған,
Балығы шоршып тынбаған.
Қаз, үйрек жүзіп айдында,
Жағасы думан шалқыған.
Сен менің тілім,
Сен менің ділім,
Сен менің сырым,
Жазылмай жүрген жырымсың!
Мен теңіздің ұлымын!
Тұңғиық терең, көкпеңбек анау,
Дауылың айбат, айбының асау.
Көрсетесің тентек мінезді,
Сескенбес бірақ көнігі тарлан балықшы.
Сен менің қаным,
Сен менің жаным,
Сен менің миым,
Айтылмай жүрген ойымсың!
Мен теңіздің ұлымын!
Жасырғаныңның айтылар кезі,
Сендегі тарих қозғалар тезі.
Талпындық білсек деп соны,
Ашылса соның өзегі.
Өткенім де өзің,
Кеткенім де өзің,
Шежірем де өзің,
Қазылмай жүрген көмбесің!
Мен теңіздің ұлымын!
Теңіз –Анам тіл қатты
Ұлым менің !
Мазалайсың тыным бермей,
Сыр сұрайсың көңіл тербей.
Тереңіне тұншықтырар,
Құпиям көп бірталай.
Біледі оны:
Тылсымдарға үңілген,
Тың сырларды түсінген.
Ұлым менің!
Жасырғанмын мен барымды,
Ізде сонан табарыңды.
Терең теңіз түбіне,
Ақ шағыл құм астына.
Біледі олар:
Солардан ұқ барлығын,
Сонда менің бар сырым.
-----------
Сенің үнің,
Дала тербеген шуылың.
Оятқан мені,
Әлдиімен анамның.
Құмартқам содан,
Сазына сол бір әуеннің.
Бала болдым,
Жағаңда құмға аунадым.
Майшабақ қуып,
Ойынға ешбір тоймадым.
Құстардың әсем әніне,
Тағы да тыңдап құмарттым.
Бозбала болдым,
Бойжеткен қызға сыр айттым.
Жиегің тыныш,
Ғашықтық әнін ұзаттым.
Толқының күліп,
Жүректің сөзін тыңдадың.
Құрағың сусып,
Ұққансың көңіл сырларын.
Азамат болдым,
Жалына аттың жармастым.
Өткеніңді ойлап,
Жағалаудан тіл қаттым.
Уақыт – емші,
Көресің басқа салғанын.
Білеміз бәрін білеміз,
Кінәлі кімнің екенін.
Теңізім – атамекенім.
----------
Ұлыңмын сенің, Теңізім – Анам,
Мен туған балаң, сен туған анам.
Қайғыңды- зарыңды,
Мұңыңды-шеріңді,
Мен кеудеме жинасам.
Ақ гүлің болып бүр жарсам,
Шаттығың болып оралсам.
Ұлыңмын сенің, Теңізім – Анам,
Төсіңде ұшқан мен ақ шағалаң.
Қалықтап ұшам,
Шарықтап ұшам,
Кеулесін дауыл қанатым.
Сен – жұмақ, жердің жаннаты,
Дәл сендей мекен қайда аты.
Ұлыңмын сенің, Теңізім –Анам,
Айдында жүзген мен аққуыңмын.
Сыңсумен әсем,
Сырымды төгем,
Тыңдайды мұны жан біткен.
Сен жайлы күнге сыр айтам,
Сен жайлы түнге сыр айтам.
Ұлыңмын сенің, Теңізім – анам,
Ақша бұлтыңмын мен сенің.
Дауылың қуып,
Жаһанды кезіп,
Оралам саған қайтадан.
Ақ жауын болып төгілем,
Нөсерің болып селдетем.
----------
Табанынан су қайтып,
Бар алабын құм басып,
Жағасынан қу қашып,
Ну құрақтан айрылған,
Теңіз –Анам бұл менің!
Ұшса да шаң тозаңы,
Бораса да құм бораны,
Қуырса да ыстығы,
Таусылмайтын ән-жыры,
Теңіз –Анам, бұл менің!
Жаздың ыстық аптабы,
Қыстың дүлей бораны,
Табиғаты ерекше,
Табылар тылсым орайы,
Теңіз – Анам бұл менің!
Көңілімнің шуағы,
Сезімімнің шырағы,
Тыншытпайды кеудемді,
Атамекен шырайы,
Теңіз – Анам бұл менің!
--------------
Теңіз жайлы ойланып,
Уайым кешіп.
Мұңға батып отырмын,
Қайда десіп.
Кейбір тілдер жойылды жер бетінен.
Оған қандай амал бар,
Айла нешік?!
Теңіз жайлы ойланып,
Уайым кешіп,
Мұңға батып отырмын,
Қайда десіп.
Кейбір ұлттар жойылды жер бетінен.
Оған қандай айла бар,
Амал нешік?!
-----------
Ей, Адамның баласы!
Ақыл-йдың данасы,
Даңқты істер сарасы,
Айналаңа қарашы.
Неге жұтаң табиғат,
Бар тіршілік анасы.
Пенде тірлік тоймайды,
Тек алуды ойлайды,
Жұта берер қылғытып,
Еш тойымы болмайды.
Неге жүдеу айналаң,
Түсінуге болады.
Цунамилер, тайфундар,
Нөсер жауын, дауылдар,
Тау қозғалды не жұмбақ,
Сілкіністер, топандар,
Табиғаттың мінезі
Ойланыңдар, Адамдар!
Ей, Адамның баласы!
Құдіретті емессің,
Сондай болдым демессің,
Бір құпия бар анық,
Қасиетті тылсымның.
Жаратқанға сыйынып,
Тәубаға кел демекпін.
Бақта гүлді аялап,
Бауда талды саялап,
Түлікті, аңды баршасын,
Бауырым деп бағалап.
Нұрлы күннің шуағын
Бақытымызға баласақ.
Ей, Адамдар, ойлансақ,
Осыларды қолға алсақ!
--------------
Уақыттың тамырын басып көрсем,
Іші-бауырым езілер, жүрек қысып.
Айдын көлдер тартылып шөлге айналды,
Жасыл жайлау тапталды азып-тозып.
Баймыз дейміз басқаларға шаттанып,
Бармыз дейміз кеуде керіп мақтанып.
Біреулер жүр санай алмай долларын,
Біреулердің басында тұр тапшылық.
Не қалады немере, шөбереге,
Не береміз ертеңге өнегеге.
Рухы жоқ, тілі өлген, қаны қою,
Жарайды ма мәңгүртің бізге үлгіге.
Дүмділері менсінбей ана тілін,
Табылып тұр қазаққа қиын түйін.
Ана тілде сөйлемей неге, неге,
Аға тілде сөйлейді барлық жиын.
Жемқорлық, алу-беру, жағымпаздық,
Жалған сөйлеу, көзбояу, жасандылық.
Акөңіл, жаны жомарт біздің қазақ,
Біреулерді жасады Құдай қылып.
------------------------
Шетке кетіп, шетел асқан байлығыңнан не пайда,
Ел тұтынып, өз байлығын қызықтайтын болмаса.
Барлығына, дәулетіне мастанады біреулер,
Тәубесіне түсіретін, келтіретін күн бар ма?
Жер бетінен жоғалуда кәрі теңіз, қарт Арал,
Бұл жалғанға қонақ болып келер-кетер қанша адам.
Жоқтарымды түгелдесем саусақтарым жетпейді,
Жүрек шаншып, басым қаңғып зорға отырмын шаршаған.
Үміт еттім бір Алладан содан ғана сұрайын,
Айтарымның ендігісін басқа арнаға бұрайын.
-----------------
Ұрлатып түнге ұйқымды,
Ұзатып сағат сыртылын.
Ұмытып бүкіл әлемді,
Ұнаса жазған бір жырым.
Саламын сөзден өрнек-жыр,
Санада сансыз суреттер.
Салынса аппақ параққа,
Сағындырған кесте-жыр.
Жыр кеседен дәм татып,
Жыр дестесін жинаймын.
Жып-жылы сезім жаңбыры,
Жан жүректі жу шайғын.
------------
Болған дейді бұл жерді бұрын дала,
Орналасқан осында сансыз қала.
Суы қашты, деңгейі төмендеді,
Қамал, қорған табаннан табылуда.
Бабалардың сыр шертіп сан салтынан,
Өткенінен, тірлігі, қаз қалпынан.
Неше ғасыр тереңде жатқан жайлар,
Бүгінгі ұрпақтарға тіл қатыңдар.
Бекіністер, мешіттер, қорғаныстар,
Біз білмейтін сендерде бар көп сырлар.
Өткен күннің тарихын ақтарыңдар,
Білсін ұрпақ өткенді ал айтыңдар.
Біздің тарих қашаннан жұтаң тарих,
Әлдекімдер құраған алып-салып.
Бабалардың табанда қалған ізі,
Енді басқа жайларды сал ақтарып.
--------
Қос арнадан дәм алған,
Қос анардан нәр алған,
Кей кездері шуылдап,
Жылағанға ұқсаған.
Бесігінде тербелген,
Тебіренген, теңселген,
Арал деген сәби бұл.
Шөл даланы түлеткен,
Сахараны гүл еткен,
Азияның алқасы,
Асау толқын тербеткен.
Самал болып еседі,
Ақша бұлт боп көшеді,
Арал деген сұлу бұл.
Жау жігерін жасытқан,
Ер қайратын тасытқан,
Сырттан көзін сүзгенді,
Келместей қып қашыртқан.
Алты алашқа жыр болған,
Кеудесі күмбір күй толған,
Арал деген батыр бұл.
Сан ұлыстың саясы,
Бірнеше ұлт панасы,
Байлығы маржан тасыған,
Басқаға да қарасы.
Жатсынбаған ешкімді,
Бауырлаған бәріңді,
Арал деген ана бұл.
--------------
Сырыңды буып,
Амуды бұрып,
Істедік ойға келгенін.
Әдемі өлтіру,
Теңізді жою,
Мақсаты анық сол мұның.
Жағадан қашып,
Бұйра құм басып,
Шөліркеп зорға жатырсың.
Шежірені жинап,
Құпияны қымтап,
Тарихтан қалған асылсың.
Тұңғиыққа батқан,
Түбіңде жатқан,
Бой түзеді қамал-қалалар.
Өткенді біліп,
Өзіңді ұғып,
Бас иді саған даналар.
Ар-ұят бар ма,
Әділет қайда,
Сұрайды теңіз араша.
Қатал қоғам ба,
Қысыр заман ба,
Саясат солай болмаса.
Алладан емес,
Адамның қолы,
Көркіңді сенің кетірген.
Қаһарын төгіп,
Өктем болып келіп,
Жер бетінен өшірген.
Көгілдір әлем,
Көкпеңбек айдын,
Айрылды әсем кейпінен.
Табиғат жылап,
Айналам қурап,
Сұраймыз оны біз кімнен.
-------------------------
Жомарт едің,
Мырза едің,
Өзінде барын сақтаған.
Балықшы тарлан,
Еңбегі жанған,
Маңдай терін ақтаған.
Еділ жұртының,
Орыс орманның,
Қысқанда аштық тынысын.
Қайырын жасап,
Маржанын сүзіп,
Аттандырғансың ырысың.
Түркі жұртының,
Тұран жерінің,
Берекесі едің, байлығы.
Басқалар келіп,
Өзіңді көріп,
Болғансың мекен қонысы.
Барыңды беріп,
Бәріне көніп,
Жасадың солай жақсылық.
Есесі қайтып,
Есебі келіп,
Түбінде қайтар ізгілік.
Алладан емес,
Адамнан болды,
Басыңа түскен азабың.
Еңіреп елің,
Жұтады жерің,
Төбеден төнді тозағың.
Жақсылық қайтпай,
Жамандық келіп,
Басыңа келді мүшкіл хал.
Адамнан емес,
Алладан сұра,
Түзелер сонда ахуал.
------------
Теңіз үні
Ұлым менің!
Қозғадың қайдағыны,
Қайдағыны, ойдағы, жайдағыны.
Менің шерім таусылмас түпсіз терең,
Менің зарым айтылса ұзақ өлең.
Ұлым менің!
Қалжырап шаршадым мен,
Әлім құрып, сенделдім, тентіредім.
Дәл қазір не еткендей менің халім,
Дәл қазір қырық бөлек менің денем.
Ұлым менің!
Адамның ұрпағына түсінбеймін,
Түсінбеймін, жылаймын, зар илеймін.
Алсам дейді барлығын алсам дейді,
Ал беруге ниеті жоқ бірінің
-----------
Айдын көлдің құстарын алар атып,
Кең даланың киігін алар қырып,
Ну орманның қалдырмай жалғыз түбін,
Екі аяқты пенделер алар қырқып.
Адамзатқа болады қашан тойым,
Жер-Әжеге боп отыр сол уайым.
---------------
Тау да оның баласы,
Дала да оның баласы,
Көл де оның баласы,
Шөл де оның баласы,
Бәрі соның қойнында
Жер сондықтан әжесі.
Мұхит та оның баласы,
Теңіз де оның баласы,
Орман да оның баласы,
Жайлау да оның баласы,
Бәрі соның қойнында
Жер сондықтан әжесі.
----------
Заманадан заманға ұласып күн,
Адам ойы жасарды, жасанды мың.
Дейтін болды пенделер кеуде керіп:
«Ей, Жер-Ана, сен енді маған табын!»
Қай уақытта табынған балаға ана,
Солай айту, әрине, жараса ма?
Жұмыр жердің бетінде барлығымыз,
Табынған жөн жаратушы бір Аллаға,
Астам сөйлеу, асып-тасу не керек,
Раббыны ұмытқандар не демек.
Адам деген жаратылысы Алланың,
Білмегенге куәсі бар, ол – жүрек.
Жазған соған өз есімін, өз атын,
Содан сұра, содан ұғын ар жағын.
Жүрегіңе бағындырып тірлікті,
Тәубаға кел, Алланы ойла айтпағым.
-----------
Жетпісінші жылдар еді,
Өткен ғасыр өтті, кетті.
Қарт Аралдың бағы тайып,
Жағасынан суы кетті,
Құсы кетті, нуы кетті,
Дауыл соғып, құмы жетті.
Қайран, Арал, ұшан теңіз,
Табиғатпен болған егіз.
Басқа түскен неткен нәубет,
Үміт оты қалай сөнбек.
Табаныңнан сор ұша ма,
Алабыңды құм баса ма?
Балықшы тұр жағасында,
Уайымы санасында.
Қара қайық құмды сүзіп,
Ауы жатыр үзік-үзік.
Тума-туыс кетіп жатыр,
Көтеріліп көшіп жатыр.
Ол – балықшы, маржан сүзген,
Нық сеніммен былай деген:
«Қалам, теңіз, өзіңменен,
Еш жаққа да кете алмаймын.
Кететіндер кете берсін,
Көшетіндер көше берсін».
--------
Жылдар жылжып өтіп жатты,
Басқа тиді соққы қатты.
Теңіз солай тағдырымен
Жеке қалып арпалысты.
Табанынан ұшты тұз шаң,
Тұз шаң сонау мұхит асқан.
Мұздақтарды тұз ерітіп,
Сел көбейіп, топан басқан.
Тұзы ұшқан мұхит асқан,
Мұхит асты, жер тұзданды.
Айсбергтер тұздан еріп,
Мұхиттардың деңгейі артқан.
Ауасы тұз, жайлауы тұз,
Тұз тұтынған, жауыны тұз.
Жүректері жабырқаңқы,
Адамдардың көңілі мұз.
Табанына мақта егіп,
Өнім алып, жері кеңіп,
Теңізімді өлтіргендер,
Нені көрді, нені біліп.
Арал солай өлсін дескен,
Жаназасын бұрын кескен.
«Алтын бастар» көрді нені,
Мол өнімнен пайда жескен.
Теңіз-Анам кешті қайғы,
Айту парыз осы жайды.
Алла емес, адам шешкен,
Зор қасірет осындай-ды.
Сабыр еткен Теңіз-Анам,
Оған енді көмек қайдан.
-----------
Теңіз-Анам!
Кешіре гөр, кешіргін,
Ұлдарың бар кеуде керіп есірген.
Өзі кесіп, өзі отырған бұтақты,
Бәрі өткесін қателігін кеш білген.
Теңіз-Анам!
Мейірімдім кешіргін,
Пенделер көп өздерінше іс білген,
Жасап бәрін бүлдірген соң ақыры,
Бармақ тістеп, санын соғып өкінген.
Айдынды Арал жер бетінен жойылмақ,
Қабіріне құмнан төбе қойылмақ.
Бүкіл әлем қасіретіне айналған,
Арал өлсе, өзгелері не болмақ.
Ара түскен арашаға жандар бар,
Арал үшін құрбандыққа барғандар.
Айтса-дағы туралығын, әділін,
Сөзі өтпей аяқасты қалғандар.
Біреу айтты: «Обь, Ертісті бұрайық»,
Біреу айтты: «Каспийменен байланыстырайық».
Біреу айтты: «Жауса жаңбыр үстіне,
Табан толып, тасынуға лайық».
Ойлар, ойлар теңіз жайлы көп ойлар,
Айтылады Анам жайлы болжаулар.
Жоспар жасап, іске асырмақ болғанмен,
Тынды бәрі болмаған соң қолдаулар.
Жер үстінің суын адам алған соң,
Жер астының суын адам алған соң.
Арал қалай қурамасын, солмасын,
Анам қалай қурамасын, солмасын.
--------
Өлі теңіз, тұзды су,
Мұнда тірлік болмайды.
Өлі теңіз, тұзды су,
Балықшыға мол қайғы.
Өлі теңіз, тұзды шаң,
Қиырларға ұшады.
Көк тіреген биік шың,
Мұздақтарын құшады.
Теңіз солай тартылды,
Жаназасы айтылды.
Бүкіл әлем, дүние,
Қасіреттен қайғырды.
Аралымды кім жұтты,
Адам бұдан не ұтты.
---------
Мұнда балық болмайды,
Мұнда құстар қонбайды.
Суы ауыр, тұзы көп,
Мұнда адам бармайды.
Өспейді құрақ жағада,
Келмейді мұнда шағала.
Табылмас мұнда ештеңе,
Жиегін теңіз жағала.
Өлексе болса, құрт болар,
Денені мүжіп ол сорар.
Тәнін құртып сүйек қып,
Сасыған шірік сол болар.
Өлген суда тіршілік,
Жатыр ерек құрт шығып.
Біреулердің кәсібі
Доллар санап тұр жігіт.
Сасыған иіс айнала,
Сасып жатыр қайда да.
Жатыр адам жаратып,
Құрттарды да пайдаға.
------------
Болған мұнда қалың ел,
Іргесінде теңізі.
Басқан қазір құмды сел,
Адамзаттың жоқ ізі.
Балықшы жұрт шығатын,
Қара қайық ескекпен.
Теңіз төсін өрлейтін,
Құрған ауын қараумен.
Маржан сүзген теңізден,
Азаматтар, жігіттер.
Жомарт бәрі, жаны ізгі,
Мырзалығын келіп көр.
Мекен аты – Көкарал,
Елден қалған ескі жұрт.
Оған істер бар ма амал,
Төрт құлақты бейіт тұр.
Бір кездегі ұшаннан,
Кіші өзек қалыпты.
Өзекпенен жалғасқан,
Теңіз екеу болыпты.
Бір кездегі ұшанға,
Салынбақшы зор бөгет.
Барлығына, баршаға
Көкарал деп айта кет.
Екі теңіз ортасы
Көкаралмен бөгелді.
Ақылдылар арқасы
Былайғылар не көрді.
Кішісінде тіршілік
Балық шоршып ойнайды.
Ал үлкені тұр тынып,
Қасіретін ойлайды.
Кішісінде балықшы ел,
Құрған торы майлайды.
Үлкенінен тұз ұшып,
Тілім-тілім сортаппен
Жүзін әжім жаулайды.
--------
Теңіз – анам!
Сүйем сенің толқыныңды, суыңды,
Сүйем сенің жағаңдағы нуыңды.
Аққу сыңсып, шағаласы шулаған,
Сүйем сенің базарыңды, шуыңды.
Дауыл соқса, таудай толқын тулайтын,
Өкіретін, тербелетін, тынбайтын.
Ашуыңа ерік берген кезде де,
Сүйем сені басқа ешкімге қимаймын.
Тынық күнде теңіз беті жыбырлап,
Жиегіңе толқын келіп сыбырлап.
Сүйем сенің сол бір бейқам кезіңді,
Сүйем сенің құпиялы сырыңды.
Теңіз – Анам!
Сені көрсем айығамын дертімнен,
Сені аңсаумен, сағынумен жетем мен.
Сен деп соғып жұдырықтай жүрегім,
Сені жырлап дүниеден өтем мен.
Толқын соғып қайығымның тұмсығын,
Тереңіңе, тұңғиыққа ұмтылдым.
Төбем де көк, астым да көк, көкпеңбек,
Сол әлемге тамшы болып жұтылдым.
Сүйем сені дәл осындай қалпыңда,
Сүйгенімді паш етемін халқыма.
Туған жерді сүю парыз адамға,
Туған жерсіз адам сірә адам ба?
Туған жерім асау теңіз Аралым,
Сені естен шығармаймын қалайда.
Сені сүю азаматтық парызым,
Көп-ау бірақ мойнымдағы қарызым.
Теңіз –Анам!
Сені бөле алмаймын,
Үмітімді, қиялымды жалғаймын.
Мен үшін сен бірегейсің, бүтінсің,
Сенсің менің аңсарым да арманым.
Сондықтан да құшағыма аламын,
Сүйіп сені бауырыма басамын.
Кіші дейді, Үлкен дейді біреулер,
Өлді дейді, кетті дейді біреулер.
Мен үшін сен жалғызымсың, Анамсың,
Мен үшін сен қайталанбас, Дарамсың.
Сүйем сені сондықтан да көк теңіз,
Менің жаным өзіңменен болды егіз.
Теңіз –Анам!
Сүйіп өтем мәңгіге,
Сені сүю ұлың үшін мәнді де.
Төмпешік боп қалармын-ау жағаңда,
Қос шырағым мәңгі сөнген шағымда.
-----------
Мен Аралмын!
Тәңірінің сыйы болып жаралдым,
Алтын күннің шуағынан нәр алдым.
Жер-Әженің топырағында сайран сап,
Нұрлы дүние шұғыласына орандым.
Мен Аралмын!
Сыр-Амуды егіз емген анаңмын,
Маң даланың бақ-ырысы болғанмын.
Адамзаттың ырзығына айналып,
Сахараның әнін-жырын айтамын.
Тебіренгенім, теңселгенім, толқыным,
Тентектігім, асаулығым, ашуым.
Армандарым, қиялдарым, мақсатым,
Тұңғиықта жатыр және бар мұңым.
Мен Аралмын!
Әбдіжәмілмін, тоқсан асқан абызбын,
«Қан мен термін» және «Соңғы парызбын».
Еламан боп, Жәдігер боп айтылдым,
Адам Ата ұрпақтары қарызсың.
Мен Аралмын!
Құрыш қазақ Зейнолла боп туғанмын,
Күміс сумен арай жүзім жуғанмын.
«Балықшы қыз» әні болып шырқалып,
Періште ақын өлеңіне айналдым.
Мен Аралмын!
Айжарықпын, Көкаралдан шыққанмын,
Саусақтарым мүйізгек боп жазғанмын.
Ақпараттар айдынында шарықтап,
Тарихты өткен тебірене қозғадым.
Мен Аралмын!
Сайлаубаймын, түлегімін Бөгеннің,
Дүниені дүбірлетіп келгенмін.
«Алыстағы аралдар» мен «Абыржы»,
Туған жердің сырын-мұңын тергенмін.
Мен Аралмын!
Толыбаймын, «Толқын» болған тұрағым,
Ерттеп мінгем поэзия пырағын.
«Атлантида», «Қыран ғұмыр» тағы бар,
Жағып келем өлең-өнер шырағын.
Ананы айтып толғанады ұлдарым,
Арнап жатыр шумақ-шумақ жырларын.
Замананың құлақ түрем шуына,
Жүрек толқып, көңіл шалқып тыңдадым.
Айтылуда менің жұмбақ сырларым,
Басылар ма одан менің мұңдарым?
-------------
Бөлдік ақыр Үлкен етіп, Кіші етіп,
Ақылдылар жаңалығы, ісі етіп.
Түсті ортаға Көкаралдың бөгеті,
Осы ғасыр кереметі, күші етіп.
Орта Азия мойнындағы алқасы,
Түркілердің өзгеге айбат арқасы.
Теңіз жатты күңіреніп, күрсініп,
Күллі түркі баласының анасы.
Баласының бар екен өз шамасы,
Әрбірінің болып шықты өз басы.
Сейхун-Жейхун екі дария, екі өзен,
Болып шықты екі өзенге таласы.
Өзбек ағам тартты өзіне бұрып ап,
Арнасаймен Сарықамыс көл жасап.
Егізімнің сыңарындай түркімен,
Қарақұмды жасап алды гүлзар бақ.
Ал қазекең күшке сеніп мықтымсып,
Сұлу Сырдан жасап алды Көксарай.
Кіші Аралды дәріптейміз мақтанып,
Көкаралды дейміз құрылыс керемет.
Мұның рас, тіршілік бар теңізде,
Балығы өсіп, мол су мұнда келуде.
Құрағы өсіп, аққу қонып, қаз ұшып,
Балықшы жұрт берекетін көруде.
Отырамыз Кіші Аралдан сазан жеп,
Сорпа ішіп, маңдай терлеп, сән кіріп.
Үлкенінен сор ұшады аспанға,
Қолқаны алып, тынысымды тарылтып.
Арал – біреу, бәріміздің анамыз,
Ана – жалғыз, бәріміз де баламыз.
Жер-Әженің құшағында тербеліп,
Түркі болып қашан бірлік табамыз.
Сыр-Амуды егіз емген анамыз,
Анамыздың жайы-күйін санаңыз.
Мұңын айтып толғанады бір балаң,
Көңіл бөліп, бұған да бір қараңыз.
-----------------------
Теңіз – Анам айтады
Ұлым менің!
Бүтін едім, бірге едім, іргелі едім,
Өмір үшін күрескен бір дене едім.
Кеудем бөлек дәл қазір бөксем бөлек,
Бұл күнді де басымнан өткеремін.
Екі аяқты пендені түсінбеймін,
Жыла мейлі, күңірен, зарла мейлің.
Бөксесінен бір теуіп мен сорлыны,
Ал кеудемнен нәр алып ембек деймін.
Адам Ата – Хауа Ана ұрпақтары,
Ұрпақтары, ақыл-ой иелері.
Санасы сансыраған анасының,
Болашағы ертеңнен не біледі.
Мені айтқызсаң, жайымды тағы айтамын,
Егіз дария – Аму, Сыр деп айтамын.
Суымды бер өзіме, суымды бер,
Содан кейін өзім де жыр айтамын
Мені айтқызсаң, жайымды тағы айтамын,
Бума деп қос өзенді тағы айтамын.
Суымды бер, сонан соң нуымды көр,
Айдынға кел, маржан тер деп айтамын.
-------------
Тебіренген көкпеңбек айдынды Арал,
Талайды тамсандырған арман Арал.
Табаннан су кетіп, нуы кетіп,
Жанарға жас келтірген қайран Арал.
Мұңыңа мұңым қосып ой жалғадым,
Жүректің сөзін айтып, сыр толғадым.
Сыздайды көкірегім арманым көп,
Шарам жоқ, қолдан келер не қыламын.
Бабамның ұрпағына мұрасы едің,
Көл емес, тебіренген теңіз едің.
Талайлар қоныс тауып жағалаудан,
Байлығың, ырысыңды беріп едің.
Атойлап жауға шапса ұран еді,
Ұлдарың көкке самғар қыран еді.
Намысын ешкімге де таптатпаған,
Ерлігін елге жайған ұлан еді.
Еңбегін еселеген ерен елім,
Тасытқан берекені балықшы ерім.
Кемелер тербетіліп айдыныңда,
Шаттық ән шырқалғанын көріп едім.
Теңіздің тарландары балықшылар,
Дауылға қарсы жүзген ерлер бұлар.
Толқынман алысуға жасқанбайды,
Бойда күш, жүректе от жалындылар.
Өр теңіз, асау толқын, асыл анам,
Шырылдап мұңыңды айттым мен бір балаң.
Өткен күн, кешегі өмір айтып өттім,
Толғайын келешекті келсе шамам.
Тұзды шаң дауыл болса көтерілген,
Суырылған құмы, тұзы көзді көмген.
Аппақ сор шөпке қонған ақша қардай,
Сол сорды қонышымнан кешіп келем.
Уланған жан да, мал да тұзыменен,
Басқа түскен зауалға үнсіз көнген.
Өлі теңіз сор батпақ тілім-тілім,
Пайдакүнем жандарға құртын берген.
Жасалды Ұлы Теңіз – Кіші Теңіз,
Бір Арал бөлінді екі болып егіз.
Адамзат бағындырған жер мен көкті,
Мұны да сол адамның ісі деңіз.
Үлкені ойдым-ойдым көлшік болды,
Көлшіктер доллар болар құртқа толды.
Өлсе теңіз жаназа шығарылған,
Пайда ойлаған пенделер болды-толды.
Теңіз өлді, жасады адам қолы,
Анам өлді, Алланың емес жолы.
Жаратқаннан күшті ме адам сонда,
Қашан, қашан ұғынар адам соны.
-------------
Ойланғын, Адам, ойланғын,
Ғаламның жайын ойлағын.
Дүние сыры бойлағын,
Аллаға қылар амал бар,
Оның бір жайын ойланғын,
Ойлағын, Адам, ойланғын!
Топырақтан жаралдың,
Топырақтан нәр алдың.
Рух беріп, дем салып,
Тіршілікке жаралдың.
Жаратқанға қарызсың,
Амал қылу парызың.
Жер-Бесік болды мекенің,
Тербелдің де кенелдің.
Ойлағын, Адам, ойланғын!
Аяла, Адам, аяла,
Жан жылуын аяма,
Мейірімін жүрек аяма!
Табиғат-Анаң аяла,
Туған жер,Отан аяла!
Дүниені мынау аяла,
Жаһанды бүкіл аяла!
Мейірімсіз, қатал пендені,
Құлқыны тоймай тек жейді,
Аямау керек, аяма!
Қатігез болса аяма,
Зұлымға оны бала да,
Істегені үшін бағала,
Аяма және қарама!
Ойланғын, Адам, ойланғын!
Жер-Ана жатыр күрсініп,
Тауларың заңғар сілкініп,
Табаны теңіз кеберсіп.
Өзен, бұлақтар суалып,
Дарақтар жатыр қуарып.
Жазира дала сұрайды,
Құм суырып жылайды,
Араша кімнен сұрайды.
Бәрі де сенің қылғаның,
Бәрі де сенің құрбаның.
Ойлағын, Адам, ойланғын!
Аралды айтып мұңдандым,
Анамды айтып жыладым.
Жүрегімде жара мың,
Көңілімде қаяу шын.
Келер ме теңіз орнына,
Тәңіріден сұрадым.
Жанар ма үміт шырағым,
Жетер ме соған шыдамым.
Адам, бұл сенің еткенің,
Алладан кешірім сұрағын!
---------------
Кешір, Алла!
Күнәһар пенделерді,
Кеудесіне нан піскен немелерді.
Ақыл-ойы астамсып кеткендерді,
Бермесіңді аламын дегендерді.
Оу, Жаратқан!
Тәңірім!
Мырза Құдай!
Жалынамын, сұраймын Сізден ұдай.
Теңізімді келтірші орынына,
Дұға етемін Өзіңнен сұрай-сұрай.
Ниет еттім қол жайып шын көңілмен,
Пейіліммен, жаныммен, жүрегіммен.
Баяғысы теңіздің оралса екен,
Тілейтінім өз тілім, өз үніммен.
Ия, Раббым!
Тілек тілеп қол жайдық,
Жасалады, жасалуда құрбандық.
Аққу-қазы қайта оралып көк теңіз,
Құсы шулап, әні қалқып, боп шаттық.
Деңгей толып, оралса екен су шалқып.
Оу, Раббым!
Табанына суы келіп тасынса,
Құм менен тұз құдіретіңмен басылса.
Кейбіреудің шел қаптаған көздері,
Соны көріп, көңілдері ашылса.
Ия, Раббым!
Болар бәрі құдіретті күшіңмен,
Жан ұға алмас, түсінбейтін тылсыммен.
Бір жапырақ түсе алмайды қайыңнан,
Бір балапан қанат қақпас ұшумен.
Жаратушы Ием!
Топырақтан жараттың,
Тіршілікті бір өзіңе қараттың.
Кеудесінде иманы бар жандарға,
Қол жайғызып құбылаға қараттың.
Оу, Раббым!
Шөл қинады анамды,
Кешіре гөр күнәсі көп балаңды.
Кешіре гөр, кешіре гөр барлығын,
Кешіре гөр астамсыған Адамды.
Құм теңіздің сексеуілі, жыңғылы,
Боз жусаны, бетегесі – барлығы.
Сұрайды тек бір өзіңнен кешірім,
Өрісте мал, жабайысы баршасы.
Толса тілек көк теңіздің табаны,
Жасарады, жаңғырады алабы.
Оу, Раббым!
Қабыл алғын тілекті,
Өзің ғана түзер мына тірлікті.
Тарылтқансың қалауыңмен бір кезде,
Тасытарсың құдіретіңмен бір сәтте.
Сабыр сақтап тағы біраз күтейік,
Көк теңіздің оралуын тілейік.