Ұлытаудың басында
1.
Ұлытауға шықтың ба, ұлар құсты көрдің бе?
Ұлар құсты көргенде, қайран, елің шерменде
Бағы жанар күн тур, көрген қорлық ұмытылар
Деген ойға сендің бе?!
Етегіне сол таудың ұсақ тастай шашылған
Ақиқатты тердің бе?
Ұлықтаған, досым-ау, Ұлытауым осы ма?!
Қарап тұрсам, мұнда да
Таң сарғайып ата ма, күн қызарып бата ма,
Әлде көңіл қошы ма?
Қойнауында көңілдің көбігіндей өмірдің
Нала бұғып жата ма?!
Ұлар ұшқан тауларда, құлан жортқан далада,
Ел қамын жер Едіге еңіреп қаза тапқаны,
Жер жастанып жатқаны
Қабырғама бата ма?!
Өтсе де ерлер жаны нұр, жер орнында бәрібір,
Ел орнында... О, тоба!
Кұңіренсе осы маң, қаза тапқан Жошы хан,
Жошы ханның ажалын айта алмай жұрт шошыған.
Оны өлтірген құлан ба, әлде шаққан жылан ба?
Күмәнім бар осыған...
Ізін көрдім құланның, інін көрдім жыланның
Мазарының қасынан...
2.
Ұлытаудың дәл қазір шықпасам да басына,
Тиді менің табаным қатқан қара тасына.
Етегі гүл, орта – тас, басы толған суық қар,
Жалған әрі алдамшы дүния деген осы да...
Бейбарыстың шыңғырған «Көке!» деген дауысы
Елжіретіп ішімді, жаңғыртып тұр тау ішін.
Біреуі бақ, кейбіреу жағаласқан тақ үшін,
Арпалысқан қазақтың көп болды ма жауы шын?
Жақпар тастар қаланған, көкірегінде көп арман,
Күмбір-күмбір күмбездер тылсым сырға оранған.
Сол күмбездер астында жатқан ақыр тастың да
Астындағы тұлғаны шығара алман санамнан.
Кеткендердің көзіндей, өткен ғасыр сөзіндей,
Өшпестей боп қашалып тасқа түскен таңбалар
Қобызындай бақсының үн шығарса, нақ шыным,
Тұла бойы шымырлдап, есі бар жан аңғарар.
Түскенде ел күйікке, болып бойы аласа,
Жол бойында, биікте томсарып тұр Алаша.
Әзірейілдей жан алар келсе дұшпан тосыннан,
Ерін қойып қарауыл, елдің басы қосылған.
Дұға қылса жиналып ақсақалдар оңаша,
Тастай қатқан қорғандай қасқайып тұр Алаша.
Жылдар жылмен жарысып, соққанда да құм-дауыл,
Тасы тасқа жабысып, мызғымайды Дрмбауыл.
Жер кеткенше ойылып, бүгіп алып сырды ауыр,
Жауын жауса шайынып, қозғалмайды Домбауыл.
Бір ғажабы, ішінде жоқ демесең Перғауын,
Пирамида даланың төсіндегі Домбауыл!
Даламызда дәуірлеп тұрған шақта бақ, намыс,
Кремльді өртеген қоршап алып Тоқтамыс.
Алды-артыңды байқастап, кейінгіге ой тастар,
Болған талай шайқастар, өткен талай айқастар.
Алтын шоқы басына Әмір Темір шыққанда
Жер киесін, иесін жан-тәнімен ұққан ба?!
Алтын шоқы – алты Алаш атой салып, асқан жер,
Алтын шоқы – жанталас, елдің басын қосқан жер.
Екі жұз мың жауынгер жаны бірдей кемеде,
Алтын шоқы солардан қалған белгі төбеде.
Ұлытауда жеті өзен жеріне сай келіскен,
Алтауына ұқсамас тек біреуі терістен.
Осы арада жағада тұрғандардың бағы бар,
Су мөлтілдеп шарада, ішкен адам сағынар.
Өмірі үлгі-өнеге, болып жүрген әлі аңыз,
Ақ мешітте жерленген Асан-Қайғы бабамыз.
Қазақ жерін қорғаған шыққан талай қолбасы,
Ордабазар атанған Әбілқайыр ордасы.
Жошы ханның ұрпағы Керей менен Жәнібек,
Ұлан-байтақ далада егіп кеткен дәні көп.
Үлгі болып қалған іс Қасым, Тәуке, Барақтан,
Тамырына қазақтың асыл қанды таратқан.
Су сарқырап құйылса қар жамылған асқардан,
Қасқа жолы Қасымның Ұлытаудан басталған.
Жасын сүртіп бауырдың жанарынан жас тамған,
Ескі жолы Есімнің Ұлытаудан басталған.
Ұмытпайлы ұрпағы алған елдің алғысын,
Тең қылған құл, сұлтанын Әз-Тәукенің Жарғысын.
Өзге жұрттар қазақты жүрген кезде танымай,
Ұлытаудың төсінде хан сайланған Абылай.
Етегінде таулардың батыр жатқан, хан жатқан,
Кенесары қол жиып, қабағына қар қатқан.
Соңғы ханын қазақтың хан көтерген Хантөбе.
Құт-мекенге бас иіп, көріп қайту – мәртебе!
Арнасы боп тұратын береке мен ырыстың,
Ұлытауым мекені алтын, мыстың,күмістің.
Сырын білген ежелден жақын менен алыстың,
Сайрап жатыр бұл жерде жүрген ізі Қаныштың.
Қазақ елі көркейіп, ел болса егер іргелі,
Сол бірліктің Ұлытау болған еді діңгегі.
Өсіп-өніп, өрбісе Шыңғыс ханның әулеті,
Ол – Алаштың киесі, ол – Қазақтың дәулеті.