Адам қарады: 1514 | Жарияланды: 2019-05-20 03:28:00

Күнә кепиеті

   «Өсерқұл түрмеден босаныпты...» деген «түкті» сөз аймаққа айтарлықтай жаңалық болмағанымен, ат төбеліндей дер ғана бұл ауылда дүрлігіске ұшыраған біраз жан болды. Бұл дүрлігістің негізі ащылау өз ұштығы  бар. Ол - Өсерқұл мен әйелі Сәбираның тағдыр соқпағында, тұрмыстық тайталасында жатқан. Өсерқұл негізінде біртоға, момын, өз шаруасын өзі күйттеген ұсынақтылау жан болатын. Айта қалса тілі де барлау, жасай қалса қолы да икемді еді. Ал, тағдыр атты итіңнің қу шекпені адамын таңдаған ба? Қаласа иығыңа күлтеленіп қона қалады, қаламаса жалп-жалп етіп онсыз да жауыр жотаңды түтіп бітеді. Кезінде Өсерқұл Сәбирамен жап-жақсы-ақ түтін түтеткен. Осы азғана ауылдың бетке ұстары да үлгілісі де болған. Әттең, араларында бір шикі өкпе болмады. Дәнекері жоқ зат қалай қабыса қалсын. Күндердің күнінде бір жағы солқылдап сыр беретін шығар... Екеуінің сол дәнекерді  іздеп бармаған жері, баспаған соқпағы қалмады. Әулие-әнбиелердің бәрін аралаған... Бірақ ешқандай нәтиже болмады. Себебі сол ма, басқа ма, кім білсін, соңғы кездері Өсерқұл үнемі қабағы түксиіп, жерге қарап жүретін болған. Ауыл жігіттерінің басы құралған жерден алшақтайтын әдет тапқан.

     Бұл ауылда Тоқпан атты тағы да бір жігіт ағасы бар. Бұл да өз шаруасын бір кісідей дөңгелетіп жүрген азамат, тері-терсек, жұмыртқа, сүйек-саяқ  жинайды, айна-тараққа ауыстырады. Ол дегеніңіз сол уақытта беделді қызметтердің бірі. Адамының мұрнына есекқұрт қонақтататын жұмыс бұл. Байлық дегеніңіз осы тұста. Осы Тоқпанның да Ұлпанмен үйленгеніне көп жыл болған. Ұлпанның  бүкіл денесін, бақайшағына дейін май басып қалған. Ірк-ірк етеді. Әсіресе, көшеде жүргенін көрсең. Былқ – былқ еткен буылтық - буылтық бөкселері өзінікі емес, екі жамбасына жапсырып алған бөлек бір зат сияқты. Бет – жүзі денесіне лайықсыз – кіп –кішкентай. Құдды бір күркетауыққа торғайдың басын қондырып қойғандай болып көрінер еді. Бұлардың да тұрмыс жүйесін ұқсатпай тұрған кемшілігі -  бір шикіөкпе. Өздері осы ауылдың жалғыз дүкенін де ұстайды. Ал, дүкен ұстау дегеніңіз – майшелпек, қадіріңіз аспандап тұр деген сөз. Жұрттың бәрі саған міндәдар, қала берді қарыз болады.

     Тағдырыңның күйтабағы ыңырсимын десе – оп-оңай. Әлі құлын мүшесі бұзыла қоймаған Сәбираға Тоқпанның көзі түскеніне де көп болған. Әйел баласы мұны сезбей қалды десек – өтірікші боламыз. Дегенмен, оның ретін келтіруге Өсерқұлдан сескенеді. Оның ожарлау мінезін Тоқпан жақсы біледі. Сондықтан «аулақтау болғаным да дұрыс болар...» деген ойда жүрген.

     Кейде бір ойламаған нәрсенің де жөні келе қалады ғой. Бұл жолы тап солай болды. Тоқпанның дүкеніне әйел баласының көз құрты қытай кесе-шәйнектері  келіп түскен. Адам деген ығы-жығы болды. Ол кезде мұндай зәру заттар тек үкіметке жүн-тері, жұмыртқа өткізгендерге ғана берілетін. Онда да тек кезекпен. Зат жетпей қалса келесі келгенінде аласың. Ал, кезегіңнің келу-келмеуі сатушыға байланысты. Көпшіліктің ішінде Сәбираның да төбесін көріп қалған Тоқпан әлгі кеселердің бірнешеуін жасырып қалды. Алатын заттарының таусылғанын білген әйелдер тарап кеткен. Соңында тек қана Сәбира қалған.

     -Сәбира, мынау саған,  тартуым болсын, - деді Тоқпан қолына бір қорапты ұстатып жатып.

     -Бізде басы артық тері-терсек, жұмыртқалайтын тауық та жоқ қой, оны қайдан табам... алмаймын.  – Бұл Сәбираның сөзі.

     -Ол жағы мен сияқты дөдеңе қиын шаруа емес қой Сәбираш... ала бер, сен үшін бәрін өзім-ақ түгелдеймін. Түгелдеп те қойғам..

      Сонымен қолына бір бума қытай кесесі мен шәйнегін қымқыра ұстаған Сәбира екі бетінің ұшына лып-лып қызыл бояу жүгіртіп дүкеннен шықты...

      Алайда, бұл бір бума кеселердің әрқайсысының ішінде азап пен тозақ, қайғы мен мұң-шер толы екендігін, шәйнектерінен күп-күрең сүт қосқан шай емес, қып-қызыл қан саулайтынын, сол қып-қызыл қанды қайғыны іріңімен қоса өзі қалай сіміретінін соры қайнаған пенде қайдан білсін.

     Осы оқиғаның соңы Тоқпан мен Сәбираның жиі-жиі кездесуіне ұласты. Уақыт өте келе «бізді ешкім көрмейді, білмейді, есітпейдіге» өздерін өздері алдап сеніп кетті. Бұларда бар бас, көз, құлақ басқа ешкімде жоқ болды. Ауыл түгел суқараңғы және керең... Осы кезге дейін мұны қалай білмеген! О, тоба! Дүкенге Сәбира келсе болды, есігі тарс жабылатын жағдай көбейді. Ауылда өсек тамыры жайлады, күбір-сыбыр өріс алды, көп ұзамай желдей есті, желпілдеді... Бұл сөздер Өсерқұлдың құлағына да жетті, инедей шаншылып көздерін шұқыды...  Жел сөзіміз семіріп шындыққа айнала бастады. Алғашқыда онша мән бере қоймағанымен күндер өте келе Өсерқұлдың да жігіттік намысы ояна бастаған. Тістерінің шықыры көбейген... Өз тілін өзі шайнап қан түкіріп жүрген күндері де болды. Алайда, Өсерқұл тым ұсақшылдардан емес-тін. Сәбираны аңдып соңына түскен жоқ, ішінен біліп жүрсе де оларды «тірідей» ұстап алып ел алдында қарабет ету деген пасықтық ойына келген де емес еді...

     Сол Өсерқұл бүгін жұмысынан ертерек қайтты. Тұсынан өтіп бара жатып байқағаны – дүкен есігі жабық екен. Қарсы кездескен көршісі Іңкарға сәлем беру ниетімен бас изегені сол еді, келіншек қабағын түйіңкіреп, көзімен Өсерқұлға дүкен жақты меңзеді... Өзі де ішінен тынып жүрген Өсерқұлға бұл қамшы болды. Дүкенге кілт бұрылған. Есік ішінен ілінген екен. «Аш!..» - деді Өсерқұл, - «аш, есікті ашыңдар!». Дүкен ішінен абыр-сабыр байқалғанымен, есікті ешкім аша қоймады. Ашуға булыққан Өсерқұл есікті жұлқып қалғанда топсасы жұлынып кетті. Дүкеннің ішінде әлі өзіне өзі толық келе алмаған Сәбира мен Тоқпанның жылан қуғандай, үрейден үрпиген сұлбалары көрінді... Бұдан ары Өсерқұл шыдап тұра алмаған, екі «ғашықтың» алқымынан ала түскен. Дәл осы сәтте қайдан келгені белгісіз араға Тоқпанның әйелі Ұлпан келіп түсе кетсін. «Бұлардың күнәға батып жатқан кезін көзіңмен көрген жоқсың ғой, неге жәбірлейсің...» дейді ғой, баяғы... Сонымен Сәбираны желкелеп Өсерқұл үйіне кетті.

     Қызықтың көкесі Өсерқұл дүкеннен кеткен соң болды. Бұған кім айыпты? Ендігі жерде Тоқпанның жағасынан Ұлпан алған болатын. «Қатыннан өлген сүмелек, істейтін бәлеңді дүкенде істейсің бе, сен. «Ей, ит! Ештеңенің киесінен қорықпайсың ба? Мә, саған!..». Таразының тасы Тоқпанның басына сарт ете қалды. айналаға ыстық қан шашырады. Еркек атын иеленіп жүргенімен дөңгеленген қатынына  күйеуінің шамасы келмеді. Дүкен сөрелері қирады, сынбаған нәрсе қалмады. Соңында электір жабдығынан шыққан оттан сүйегі ағаш дүкен өртеніп тынды...

     Түннің бір жарымында келіп, үйінде ұйықтап жатқан жерінен Өсерқұлды милиция ұстап әкетті. Не керек, бұл азаматтың әйелі екеуінің арасынан шыққан кикілжіңнен барып: «осындай да осындай болған... айыпталушы қасақана Тоқпанға қол жұмсаған, басын жарған, балағаттаған, дүкеншінің әйелі Ұлпанды да ұрып жарақаттаған, есігін топсасынан жұлып алып дүкенді өртеген, қыруар мемлекет қаржысын құртқан, аса қауіпті қылмыскер...» деген заң бабымен Өсерқұл 11 жылға сотталып кете барды... Сот тергеуін жүргізген де үкімді оқыған да – кәдімгі қисық сот. Бір қызығы, бұл сотта Сәбира да неге екені белгісіз күйеуі Өсерқұлдың сөзін сөйлей қойған жоқ... Жерден көзін алмаған күйі Өсерқұлдың ешкімге жарақат салардай қол жұмсай қоймағандығын, дүкенді қасақана өртемегендігін, тіпті ол өртке қатысы жоқ екендігін куә ретінде ажыратып айтып бере алмады... Одан анықтап сұраған сот та жоқ. Зәкүн бойынша әйелі күйеуіне куә бола алмайды екен. Сонымен, іштей булыққан Өсерқұл айдалып кете барды.

     Бұл оқиғаға қатты өкінген Сәбираның әкесі Үмбет қарт болды. Үмбет қарт Тоқпанның екіжүзділігін, қатыгездігін бұрыннан білетін. Мынадай бір оқиға болған. Үмбет қарт жастайынан мал соңында келеді. Ауылға іргелес таудың ар жағындағы жайлау – Үмбет қарттың жарты ғасырдан бергі тұрақты мекені.

Бұл жерде табиғат жақсы, айнадай жарқыраған көл де, бұраң қаққан күміс бұлақтар, саялы тал-теректер де осында. Әгәрәкім, ауданнан, одан да жоғары жақтан біреу келе қалса, алдымен осы жайлауға келетін, дем алатын. Осындай бір топ қыз-келіншектері бар қонақтармен бірге, бірде Тоқпан да мотоциклін дарылдатып келіп қалған. Ауыл табиғатын көрсетемін деп оларды осында ертіп келген екен. Онысын Үмбет қарт құптағандай болған. Несі бар, сыйлы қонақтар жайлау көркін, қонақжай қазақы салт-дәстүрді жүрген жерлерінде айта жүреді. Бұл дегенің үлкен абырой. Сондықтан, бұларды жұғымды сусын – дәмді қымыранмен сыйламақшы болып үйіне кетті. Кемпіріне де айтып қуантар,

     Әлден уақытта Үмбет қарт қоржын-қосқалаңын, ірімшік - құртын реттеп әлгі қонақтарға қайта келді. Бұл кезде Тоқпан бастаған қонақтар қызара бөртіп қалған. Қонақтардың көзі қаранардың соңынан еріп келген сүп-сүйкімді құйтақандай ботаға түсті... «Тіске басарға сұранып тұр екен...» деді, қонақтардың бірі аяқтарын апыл-тапыл басқан жаудыркөз сүйкімді ботақанды меңзей, Тоқпанның құлағына сыбырлап...

     – Болды,.. - деді, Тоқпан, - сізден аяйтын ештеңем жоқ. Таң атқанша жететін сырбаз кәуап болады... Әсіресе, қыз-келіншектерге...

     Тоқпан Үмбет қартты ертіп былай шықты. Сөз нобайына түсінген Үмбет қарт қалш-қалш етті: «Мал көрмеген көргенсіз... ботаның обалы қандай болатынын білесің бе, сен өзің?..». Қарт Тоқпанның берген бір уыс ақшасын бетіне шашып жіберді. Бұл кезде «іс бітті» деп түсінген әлгі топтағы жігіттер ботаны жығып салып терісін сыпырып жатыр еді. Олардың қасына Тоқпан боздаған қаранармен бірге жетті. Екі аяқтылардан мұндай қанішерлік күтпеген байғұс қаранар алғашқыда ештеңеге түсінбей де қалса керек. Мойнын ботасына созды. Бота етінің жылы буы бұрқырап тұр. Жануардың көздері жасаурап ашу буа бастағаны сол еді, Тоқпан қолындағы дыраумен қаранардың маңдай тұсынан бір-ақ тартты... «Өл!». Қонақтар мылтықтарын сатыр-сұтыр еткізді. Араққа мелтектеген бұл топқа енді ешқандай қауқар жасай алмайтынын айтпай түсінген Үмбет қарт түйесін мұрындығынан сүйреп үйіне қайтты. Соңдарынан Тоқпан мотоциклін дар-дар-р еткізген...

  *     *     *

     Өсек өсекке емес, шындық шындыққа айналды, күндер өте келе Сәбираның томпиып іші білінді... Алла-ай! Оның мұнысын құптамаған Үмбет қарт сақалын умаждады, қызынан теріс айналды. «Құдайдан қорықпаған қарабет... Өзіңнің екі бетіңді ғана емес, шешеңнің екі бетін қосқанда төрт бетті шиедей қылдың ғой, сен...» деп түңілді.

     Сонымен дәл уақтысында дүниеге келген сәбидің атын Сәбира Қалқа қойған. Өсе келе Қалқашым – аққұсым деп еркелетті. Сол Қалқа биыл мектепке бармақ. Бір айтарлығы, Өсерқұл түрмеге отырысымен-ақ Сәбира кісікиік күйге түскен. Өзінің жасаған күнәсінің салмағын сезгендіктен болар. Туманы көреміз, қолғабыс жасаймыз деп Қалқаны өзімсініп елпелектеген Тоқпанның да, Ұлпанның да бетін қайтарып тастаған. Жолатпады. Содан бері Қалқа бір өзі өсіп келеді, атасы Үмбетті туылғалы көрген емес. Рас, Қаным әжесін біледі...

    Өсерқұлдың түрмеден босап келе жатқандығы, әсіресе, Сәбира үшін өте қиын болды. Бар тапқан амалы: «Қашу керек... - деп шешті, - тезірек құру керек!..». Бірақ, қайда?!.

     Сонымен екі кештің арасында жалғыз қызы – Қалқаны қолынан жетектеген Сәбира жаяулап-жалпылап тау жақты бетке алған. Басқа баратын жері де жоқ еді. «Мейлі, өлтірсе, әкем өлтірсін!» деген. Бұлар «Әулие-бейіттің» тұсына жақындағанда қас қарайып та қалған, енді азырақ жүрсе асудан да асып түседі. Таудың тасасында пана болар әкесінің үйі бар... Бірақ адамның айтқаны мен арманы қашан орындала қойған...

     Анасы мен қызы күре жолмен келе жатқан болатын.

     -Мама, ішім ауырды, - деді Қалқа.

     -Бара ғой, қалқам – күнім, аққұсым, ана бір жыңғылдың тасасына, - деп Сәбира Қалқаны жол жиегіне қарай нұсқады. Қалқа жүгіріп барып жыңғылдың тасасына отыра қалған. Қызына сусын дайындап қояйын деген Сәбира түйіншектерін аша бастады. Екі көзі жол жиегіндегі жыңғыл жақта. Қалқаның басындағы бантигі ағараңдап әлі отыр... Орнынан тұруға асықпайтын сияқты.

     Әулие-бейіт жақтан байғыз сұңқылдады...

  • Бол, қызым, бол... Бол тез, қараңғы болып кетеді...

 Қалқа қозғала қоймады. Жыңғылдан ақ бантик ағараңдайды...

      Әлденеден секем алған Сәбира қызы отырған тұсқа келген... Келсе, жыңғылдың тасасында Қалқа жоқ. Жүрегі су-у ете қалды... Қалқаның бантигі жыңғылға ілініп қалған екен. Бағанадан бері Сәбираның көңіліне демеу болып ағараңдап тұрған сол болды... Бантикті жұлып алды.

     -Қалқа!.. Қалқам - аққұсым!.. Қайдасың?.. Қайда-а... Ойбай, ойбай-й...

     Сәбира ары жүгірді, бері жүгірді... Әрбір жыңғылдың түбіне үңілді, айқұлақтары қалқайған, маңайына үрей сепкен бейітке де барды. Бірақ онысынан түк те шықпады... Әлдеқешен қараңғы түсіп кеткеніне қарамастан байғұс ана әлі жүгіріп жүр. Оған жан-жақтан ұлыған ит-құстың дауысы да әсер ете қойған жоқ. «Қалқашым - аққұсымдап» зырылдады-ай келіп. Бір жерде үстіндегі киімі қалды жыртылып, бір жерде аяқ киімі қалды... Сәбира оған да қараған жоқ, шидей аяқтарын жыңғылдың сүңгідей түбіртектері осқылап жосадай еткенін де сезген жоқ... Осылай дедектеп жүріп беті үңірейіп ашық қалған бір лақатқа сүңгіді де кетті. Лақат дегеннің не екенін бейбақ әйел қайдан білсін. Қолымен жан-жағын шарласа сүйек-саяқ екен. Ағараңдайды... Сәбира шап беріп бір сүйекті ұстай алған: «Қалқа, қалқашым, бұл сен бе... жүрші, кетейік... «Қалқаң кім сенің?» деді сонда қу сүйек күркіреп: «Бұл мен! Мен Өсерқұл! Мені тануды да қойғансың ба ит қатын! Менен гөрі Тоқпан қызық болды ма саған? Жүрегіңнен қуырдақ, қаныңнан сорпа жасап ішейін, сен жезаяқтың...». Лақаттан қалай шыққанын Сәбира білмейді. Оны көрден алып шыққан жоғалған сәбиін іздеп шырқыраған ана махаббатының бір тылсымы болар. Алайда, ол әлдеқешен жынданып кеткен болатын...Түннің қай уағы екені белгісіз күре жолдың үстімен дарылдап бір мотоцикл келе жатты...Сәбира жарыққа қарай далаңдап тұра жүгірді. Үстінде лыпа да жоқ, жалаңаяқ, басына түйеқарын жапсырып алғандай еді.   

      Оқиғаның бұдан арғысы былай сабақталады:                            

 *     *     *  

       Жеті жыл бойы жүйкені жұқартқан түрме өмірі Өсерқұлды әбден қажытқан. Ол қажығанда түрмедегі қиындықтан емес, ар-намысының тапталғандығынан және оның өзі секілді саналы адамдар қолымен жасалғандығынан қажыды. Олардың бірі өзінің ақ некелі әйелі, бірі өзіне жап-жақын-ақ туысы. Сорлылар-ай! Өсерқұл сол оқиға есіне түссе болды, іштей үгітіліп, өзін қоярға жер таппай кететін. Жұдырықтары өз-өзінен түйіле бастайтын. Сондықтан соңынан жолығуға түрмеге бес рет келген Сәбираға жолығудан бас тартты. Ол әйелінің әлдеқашан балалы болып үлгергенін білмейтін. Жалпы, Өсерқұл ұсақ пендешіліктің адамы емес еді. «Ерді намыс өлтіреді» деген сөз де бекер болды. Өйткені Өсерқұл әлі тірі... «Әттең, әттең...» деп кіжініп жүргенінде, тәртібі тәуір болған шығар, мұны ертерек түрмеден босатты. Өсерқұлдың дәл қазіргі халі – тордан босаған аш, жолдағысын жайпап өтетін азулы да ашулы жыртқышпен пара-пар болатын.

     Өсерқұл ауылға түнделетіп жетті. Келе өз үйінің есігін қаққан. Ешкім жоқ. «Құрыған, білемін мен бұларды... әлі сол... табамын, екеуін де өз қолыммен бауыздаймын...».

     Өсерқұл Тоқпанның үйіне қарай бет бұрды. Айнала қап-қараңғы. Мұның бұл дүниеде бар-жоғымен ешкімнің ісі де жоқ.

     Тоқпан үйінің сыртқы жарығы жанып тұр екен. Өсерқұл мотоцикл астынан арсылдап шыққан төбетті тоқпақтай аяғымен бір-ақ тепті. «Қаңқ» ете қалған ит ұясына, Өсерқұл Тоқпан үйінің есігін жұлқып ашып ішіне кірді. «Бұл кім?» деп алдын кес-кестей берген бөкселі, бәденді әйелді желкесінен бүріп, төргі бөлмеге алып келген. 

     -Тоқпан қайда?!

     -Ойбуй, мырзаға, бұл сен бе едің? Бәсе, менімен бұлайша әзілдесетін кім десем... – деп Тоқпанның әйелі Ұлпан ыржия қалған.

     -Ия, бұл мен, Өсерқұл! Тоқпан қайда?!

     -Тоқпан машинамен малшыларды аралап кетіп еді, екі-үш күнде келіп қалар, отыр, төрге шық... мырзаға...

     Ұлпан ылдым-жылдым мұздатқышты ашып, ішінен бір шыны арақ, қазы-қарта алып үстелге қойды. Керсендей бөксесін бұраң – бұраң еткізуді де ұмытпады...

  • Өзіңе де ішетін ыдыс ала кел, үлкенін...
  • Қазір, мырзаға. Міне, дайын!

     Өсерқұл Ұлпан әкелген ыдысқа бір жартыны екі-ақ бөліп құя салды.

     -Іш, Ұлпан іш...

     Өсерқұлдың өзі ыдыс тола арақты өңешіне бір-ақ қотарды.

     -Ойбай, мырзаға, мен мұны ішкен соң шалқамнан түспеймін бе?..

     -Іш, маған сенің шалқаңнан түскенің керек болып тұр, сен де өліп тұрсың ғой,.. бол!

     Өсерқұлдың құтырған бұқаның көзіндей шапыраштанып кеткен көзінен Ұлпан онша ыға қойған жоқ, қайта жеті жыл сүрленген жігіттің қайратына сүйсіне қараған секілді... Қорқып тұрғанын білдіргісі келмей көздерін сиқырлана күлімдетіп ашып – жұмды, қыңси күрсінді... Құйылған арақты ол да ішіп қойды.

     - Тағы әкел! - деді Өсерқұл.

     - Міне!..

     Ұлпан тағы бір шыны арақ әкелген. Екеуі бұл арақты да сімірді. Ұлпанның тілі күрмелді...

     Ендігі жерде Өсерқұл Ұлпанды еденге алып ұрған. Саусағының ұшына ілінген бұтындағы бір жапырақ лыпасын дар айырып, лақтырып жіберді...

     Ойындағы ісін бітірген Өсерқұл бөлме ортасына орындық қойып, Ұлпанды соған отырғызды. Қол-аяғын арқанмен матап, орындық арқалығының артына байлады. Әлгі лақтырған лыпаны тауып нығыздап Ұлпанның аузына тықты

     -Отыр осылай, үніңді өшіріп, мотоциклдің кілті қайда?!

     -Анда тұр! –Екі көзі атыздай болған былқ-былқ Ұлпан босағаны нұсқап, ымдады... Орнынан тұрғысы келіп итініп көріп еді, орындық қимылдатпады.

     -Мотоциклдің кілтін алған Өсерқұл үйдің жарығын өшіріп, білтелі балауыз шам жақты. Бір көрпені жыртып, ішіндегі мақтадан жіп жасап, балауыз шамның түбінен бастап, бүкіл бөлмелерге, дәліздегі жанармай құйылған ыдысқа дейін таратты...

     Балауыз шам жанып біткенде мақта жіп тұтанады деген сөз бұл.

     Өзіне өзі риза болған Өсерқұл далаға шығып мотоциклді от алдырды.

     Ауылды бір айналып шыққан мотоцикл басы тау аржағындағы Үмбет қарттың қорасына баратын үлкен жолға бұрылған. Оның жеті жылдан бері намыстан жарыла жаздап қуарып жүргендігінің үстіне арақ уыты үстеме болды. Көз алдында тек Тоқпан... тек Сәбира... екеуінің ырсиған өлігі... Өсерқұлдың қызыл-шақа ет-жүрегін сол екеуі сансыз ине өсіп кеткен жап-жалпақ табандарымен таптап жатыр, таптап жатыр... Уһ! Қаны қарайған ол кіжіне түсті. Кіжінген сайын мотоцикл гүрілі де күшейе берді. Кенет... кенет, түн пердесін тілгілеген мотоцикл жарығының ұшынан әлдене көлбең-көлбең ете қалды... Ебей-дебей қобыраған шашы бар... «Шайтан,.. пері...» деген ой Өсерқұлдың санасын осып өтті... Төбе құйқасы шымырлап кеткен. «Әулие бейітке келіп қалған екенмін ғой...». Бұл әулие бейіт туралы неше түрлі үрейлі әңгімелер бар. Оны ауыл адамдарының бәрі де біледі. Өсерқұл мотоциклді кілт тоқтатты. Тоқтағаны сол еді әлгі «шайтан» мотоциклдің дәл алдына топ ете түсті. Сұмдық! Тыр жалаңаш «шайтанның» бойы мұндай ұзын болар ма?.. «Шайтанның» көз дейтіндей маңдайындағы екі тесіктен шыққан біздей екі от мұның өңменін тесіп барады. Өсерқұл  ол «шайтанның» «Қалқашым - аққұс-е-е-ем» деп баж ете қалғанын, өзіне қарай он саусағы тарбайған сексеуілдің бұтағындай екі қолын ирелеңдетіп қалай созғанын бажайлап жатпады, мотоциклді тұрған орнынан бір-ақ ырғытқан.

       *     *     *

     Бүгін ұясына батарда күн тұтылды. Күннің бұлай тұтылуы әрине, жақсылық емес. Осы жасқа келгенше Үмбет қарт мұндай құбылысты осымен екінші рет көріп отыр. Оның алғашқысының арты – елге ашаршылық алып келді. Адам өлігінен аяқ алып жүргісіз болды. Көп мұңлық көмусіз қалды. Тәңір содан сақтасын. Үмбет қарт батқан күннің соңынан білген құранын оқыды. Жаратқаннан жақсылық тіледі. Бұдан басқа мал баққан қарияның қолынан не келсін. Арты жақсылық болғай!

     Түн баласы сергек жататын Үмбет қарт әлденеден елегізіп кемпірін оятты.

     -Кемпір!...

     -Не болды?

     -Осы менің құлағымда бір дыбыс бар, гүрілдейді...

     -Шал-ай, сен де әбден қартайдың-ау. Түн жарымда кім келеді дейсің қураған қу медиенге. Кімге керекпіз біз?

    -Қайдам, бүгін бейіт жақта ит-құс та көп ұлыды ғой... даланы байқап келсек қайтеді.

     Үмбет қарт әңгімесін айтып түгеспестен-ақ, дар – дар етіп ентігіп, үй жанына мотоцикл келіп тоқтаған.

     -Тоқпан құзғыннан басқа кім дейсің, атау кересін ішіп алып, жүрген шығар түнделетіп-лағып, ашпа есікті! – деді кемпіріне. Құрысын!

     Үмбет қарт өзі төсегінен тұрмады.

     -Әй, шал, тұрсайшы, бол, ұрылар болып жүрмесін. Мылтығыңды ал. Түйенің жайсыз дауысы шығады ғой... Мына опыр-топыры несі?.. Кепемізді құлатып майқандап кетпесін жайрағырлар.

     Бұл кезде далада қан майдан болып жатқаны рас еді. Оқиға былай өрбіген: үй жанында тіздеулі жатқан қаранар мотоцикл жарығы осылай қарай бұрылысымен-ақ, құлағын жымитқан. Құлағына дарылы таныс мотоцикл үйге жақындаған сайын ойына терісі сыпырылған жаудыркөз ботасының уыз иісі, ысқырып келіп шекесіне сарт ете қалған дырау, дырау ұстаған Тоқпанның бейнесі елестеп көзіне қан толған. Мотоцикл дәл қасына келіп тоқтай қалғанда, тұла бойын ерен ашу кернеген киелі жануардың тізелеріндегі тіздік парт-парт үзілген. Қаранар алапат күшпен жатқан орнынан қарғып тұрғанда мұрындығы да жұлынып кетті. Мұрнынан қып-қызыл қан шапшыды. Жануар сол қарғып тұрған бойы құрықтай мойнын бұраңдатып, мотоцикл үстінен әлі түсе қоймаған Өсерқұлға жын ақтарылған апандай ауызын аша ұмтылды. Жалп-жалп еткен дап-дала мұрнынан күрең қан ызғыған мұндай дүлейге тап боламын деп Өсерқұл ойлап па?!. Бұрын - соңды мұндай дүлейді көріп пе?!. Мотоциклін тастай қашқан. Екі аяқты күнаһарды төрт аяқты күнәсіз, кекті жануар бір аттатпады. Қашқынды алдыңғы аяғымен тарпып жіберіп даладай төстігіне ырғай тартып үстіне шөге кеткен.

     Дәл осы сәтте далаға шыққан кемпір мен шалдың көзіне түскені: жарығы сөнбеген, адамы жоқ мотоцикл. Одан сәл арырақта әлемтапырық шаң. Шаң арасынан аласұра ыңыранған түйе дауысы шығады... қаранар изең-изең етеді... Бір сұмдықтың болғанын екі қарт бірден сезді. Үмбет қарт түйеге қарай тұра жүгірген. Ұзын мойнын ары-бері бұлғақтатқан, қайтқан кегінің буынан рахат күйге бөленген ызалы түйе жанына ешкімді жолатпады.

     -Шал-ау, мына түйенің төмпеші астында былғақтаған не нәрсе? – деп Қаным кемпір шыр-пыр етеді...

     -Не болушы еді, әлгі құзғын ғой, - деді Үмбет қарт. «Болар іс болды ғой» деген сыңаймен. «Ботаның обалынан қорық...» деп айтып едім ол найсапқа.

     Сонан соң орнынан тұрып долданып кеткен түйені қақ маңдайдан атқан...

     -Бәрі бітті...

     Екі қарт амалдап қаранарды аударып, астындағы адам денесін былай алып қойды. Өліктің басы адам танымастай мылжа-мылжа болған екен.

     Бұл кезде таң да себезгілеп қалған еді.

     -Шал-ау, енді не істейміз, - деді Қаным кемпір. Түйеден ұятты болдың-ау, атып...

     -Отыр қақсамай...

     Бірі түнерген, бірі түксиген қарттар көпке дейін ләм-мим деген жоқ. Екеуінің қайғысы ортақ болса да, дәл қазір әрқайсысы өз ойларымен алысып әлек.

     Үмбет қарт ойлады: «Итке ит өлімі, біреудің сүттей ұйып отырған ошағын бұзып несі бар. Бұған қызым да кінәлі-ау... Жас бола тұра небәрі тұрмысқа шыққан төрт жылда бала таба қоймадым деп... Ұят-ай... дүниеауи бақсы мен қияли тәуіптерге қарала бергенше нақты дәрігерлерге жүгінбей ме? Тіптен болмаған жағдайда да дәл бұлайша күнаһар атану жарамайды. Өсерқұл анау-мынаумен ісі жоқ, біртоға азамат еді, ұят болды...азаматтың атына қара күйе жақтың...».

     Қаным кемпір ойлады: «Қызым Сәбираның не кінәсі бар? Өзі де жалғыз тұяқ. Сол жалғыздықтың артын-азабын ойлаған шығар. Қанша десек те, Өсерқұл бақа басты. Кінәлі Сәбира болады. Бәріне... кешігеді... Қартайған әйел бала таба ма? Шаңырақ ортаға түсті деген осы! Алла, не деп кеттім. Өзің кешір!».

     Үнсіздікті Үмбет қарт бұзды. Жерден көзін алмаған күйі:

     -Кемпір! – деді.

     -Ау!...

     -Құлағымда бір дыбыс бар, саған ештеңе естілмей ме?

     -Сұмдық-ай, тағы не демексің, осы көргеніміз аз ба, біздің?

     -Жоқ, кемпір, сен жөндеп айналаға құлағыңды салшы...

     -Жоқ, ойбай, менің құлағым жоқ! Керең!.. Одан да тұр орныңнан, мына өлікті күн қызып кетпей көмейік...

     -Асықпа, - деді Үмбет қарт.

     Сонан соң өзі тау жаққа құлағын түріп, назарын тіктеген. Әлгінде құлағына еміс-еміс естілген әлсіз дыбыс, енді жақыннан шыққандай...

     -Кемпір, естимісің, бұл не, а?...

     Қаным кемпір қос құлағын орамалымен тұмшалап орап алды.

     Арада көп уақыт өтпей-ақ, үстінде іліп алар лыпа жоқ, жайылып кеткен шашы ұйпа-тұйпа, «Қалқа - қалқашым, аққұсым...» деп барқыраған дауысы, адам түгілі таудың зәресін алған, жалаңаяқ, тірсектері қынадай, ұсқыны өзгеше әйел көрінді.

     Көп еңіреуден әбден қарлыққан дауысты Қаным кемпір де есіткен.

     «Қалқа, қалқашым... ақ құсым» деген бір ауыз сөздің өзі-ақ бұл мүскіннің өзге емес, өздерінің жалғызы – Сәбира екендігін танытқандай еді.

     Қаным кемпір, «құлыным-ай» деп орнынан көтеріле берген. Теңселіп тұрған Сәбира кемпірдің сүтсіңді омырауына ессіз құлады.

     Бәрін көзбен көріп отырған Үмбет қарт іштей егілді, кеңсірігі ашып кеткен: «Осы балапаныма да осынша жыл өкпеледім-ау, пендешілік-ай... Бұдан басқа менің қай әлпешім бар еді. Әлдеқашан өлген ботасын жоқтап жан берген  хайуан құрлы болмадым-ау... Қу пендешіліктің қу жалауын сілкілеп жалпылдатқаннан не таптым!.. Әйтпесе, кеше ғана әкелік мейірімімді гүлдеткен, өзінің сәбилік иісімен шөлімді-көнімді қандырған құйтақандай құлыншағым осы жалғыз тал Сәбирашым емес пе еді!.. Жаным-ай! Менің құдай кешірмейтін қылығым да бар ғой! Ой, Алла-ай, кешір мендей күнаһар пендеңді...».

     Кемсең-кемсең еткен Үмбет қарт кемпірі екеуі Сәбираны үйге кіргізіп жылы орап тастады.

     Кенеттен келген осынша қайғыдан шөмиіп қалған екі қарттың ақылдары айран болды.

Бауырларынан өрген жалғыз қыздың халі мынау. Даладағы кім екені белгісіз өлік анау, жайраған түйе тағы бар... Не істеу керек? Күн сәске...

     -Кемпір!  - деді, бір кезде Үмбет қарт жұлып алардай құлағын қаққыштап...

     -Тағы не боп қалды?

     -Құлағыңды түрші... гүрілдейді...

     -Құлағың құрысын сенің, ойбай, құлағың құрысын... алжыған қақпас... ондай құлақты кесіп итке таста, ойбай, ой-бай...

     Кемпір шалына көсеу ала жүгірген.

     Сөйткенше болған жоқ, үй жанына келіп тоқтаған машинадан: «жүн-тері аламын, тері-жүн аламын, айна бар, тарақ бар...» деп үйге арсыз Тоқпан кіріп келе жатты.

     Үмбет қарт пен Қаным кемпірдің төрт көздері төбесіне шықты.

     Әлден уақытта «әттеген-ай...» деп ауыр күрсінген Үмбет қарт сылқ етіп жерге отыра кетті. Өліп жатқан қаранар жаққа қарады...

     Далаға шыққан Тоқпан өзінің мотоциклін жазбай таныды. Бір сойқанның болғанын іші сезді. Көзіне нойыс Өсерқұлдың сотталып кетердегі: «осыдан аман келсем...» деп шықырлаған ат тістері елестеді...

     Машинасына асығыс отырған Тоқпан ауылға қарай құйынперен бет түзеген.

     Бұл кезде ауыл адамдары түнімен лапылдай жанып, енді ғана сөнген Тоқпан үйінің күлін қоршап тұр еді. «Сорлап қалды-

ау...» деді бірі. «Ұлпан қайда екен... құйқаның иісі көңірсиді...» деді екіншісі. «Тоқпан бұл өртті қасақана ұйымдастырған...» деді үшіншісі. «Сәбирада баласы бар ғой оның...». «Кешегі үйлерінде болған ұрысты көрмеп пе едің. Ұлпанды таяқтап қуып жіберген ол кәззап». Әйтеуір, гу-гу...

     Жолай көрген оқиғаларынан ақылы алтау болып, өрттен қалған үйінің үйіндісіне жеткен Тоқпанды милиция ұстап әкетті.

    Сол күні түс қайта Үмбет қарттың үйіне жеткен прокуратура қызметкерлері қаранар төсінің астында өлген адамның Өсерқұл екендігін анықтады.

     Сол күні Өсерқұлды жерлеуге әулие-бейіт басына барғандар сол маңнан ит-құс тартып кеткен Қалқаның киімдерінің қалдығын тауып алды.

     Бұл хабарды есіткен Сәбира селт еткен де жоқ. Тек айналасына бажырая қараған... дымқылсыз жанарлары ағарып кетіпті...

     Бұл оқиғадан тек Үмбет қарт пен Қаным кемпірдің қушиған иықтары бүлкілдеді.

     Қайран өмір-ай!..

 

Қазақ тілінде жазылған