Бабалар қосынан оянам...
Өкпек жел маңдайдан шерткілеп, ұрғылап,
Бозжусан сыңсиды бозмұнар жамылған.
Бозамық аспаннан бір уыс шер құлап,
Билейді жұмыр жерді алғандай қарғылап.
Бусанып боз ай тұр боз мұнар шекпені
Етегін жия алмай тартқылап, қаққылап
Көз алдын кес-кестеп өткені, кеткені.
...Үңгірден арпылдап Ақтөс пен Саққұлақ. –
Қып-қызыл тырнағын жосаға бояған,
Жезтырнақ замана рахатқа малшынбақ.
Осынау бабалар қосынан оянам,
Бөрібас байрағым қолымда қалшылдап.
Уа, Махамбет!
Атандай ақырған ерліктің пірі едің,
Қазақтың қанында қайсарлық жусаған.
Буыршын тіркестің шөгірлі түренін,
Құрауға өзіңдей тусын тек туса адам.
Қансоқта уақыттың тізгіндеп боранын,
Қақпанын қиған ең тірсекті талқандап.
Бөрілі байрақ-ту ұстаған жаралым,
Бұл істі басқа кім иыққа арта алмақ.
Опасыз жылдар – ай, өкініш қаптаған,
Сатқындық жайлаған,
тектілік сүрінген.
Жәңгірдей төбеттер иттікті баптаған,
Күні онсыз батпаған,
Таңы онсыз атпаған.
Мәрттікті қапысыз құранмен тең көрген,
И мүжіп жатса да жотаға өңгерген.
Исатай кетті ол да өкініш бүркеніп,
Батырлар антына өң берген, дем берген.
Жасқұстың жондары,
түн қатқан соқпақтар,
Айылын жимаған ажалдан- тажалдан.
Жортуыл жылдар-ай, денеге от қаптап,
Намысқа булыққан сүйектер бозарған.
Тіземен сүзгілеп өр суын Жайықтың,
Тәкаппар толқынын қақ жарып өткенсің.
Бекетай, Нарындай көсілген алып құм,
Киесін жұртыңа аманат еткенсің.
Ер бар ма, о, Маха, өзіңдей өр кеуде,
Алдыңда көлбеңдеп тұрса да боз кебін,
Айбынды бурадай төс түтер тар жерде,
Ханымның* төңкерткен ителгі көздерін.
Қып-қызыл тырнағын жосаға бояған,
Жезтырнақ уақыт жүйкемде арсылдап...
Осынау бабалар қосынан оянам,
Бөрібас байрағым қолымда қалшылдап.
Ханымның* - сөз Жәңгірдің бәйбішесі
Фатима ханым туралы болып отыр..