Адам қарады: 19 | Жарияланды: 2017-05-20 04:55:22

Ғайыптан жеткен үн немесе үюлі тасқа айналған ауыл туралы

Біле алмадым. Түсім бе әлде аян ба?

Бір үн жетті құлағыма азанда:


-Жүгінуді азайттыңдар сүннет пенен Құранға.
Күннен-күнге  көбеюде барлығыңның күнәң да.

Шын ниетіңмен етпеген соң құлшылық,
Раббымызға жетпей жатыр дұғаң да.

 

 Қолдарыңмен жасап кір-лас әрнені,
Ұмыттыңдар шүкірлік пен тәубені.
Күнәсі көп, тәубесі жоқ пендеге,
Алланың  да болмақ емес жәрдемі.

Үрей шашқан  апаттардың болып жатыр не бірі.
Індет, сиқыр шығып жатыр жерде жатқан көмулі.
Қиылуда жиі-жиі қыршын жастар өмірі.
Келген жоқ па ойланатын кездерің,
Не себепті көбейді ?-деп адамдардың өлімі.

Біреулерге өлім әкеп тасқын-селі, өртімен,
Біреулерді айықтырмай ауыр кесел, дертінен,
Алла Тағала қалағанын алып жатыр ретімен.
Жандар аз-ау, бірақ оған өкінген.
Ақылды ап еліктірген бәріңді,
Жастар тұрмақ желіктірген кәріңді,
Даңғаза-шу, думан-тойға құмарсыңдар шетіңнен.

Көп жылайтын жасы үлкен бұрынғылар Алла- деп.
Көп сұрайтын: -«Жоққа сабыр, қанағат бер барға деп»
Жылап-еңіреп, сәждеге ұрып маңдайын,
Жаратқаннан тілеуші еді әрдайым:
-Алсаң бізді ал, жастарымды алма деп.

Ал, бүгінгі үлкендер ше, тағлым берер жастарға.
Ойы олардың ауып кетті Алаға емес, басқаға.
Харам суға тойып алып,
Сосын Хақты ойына алып,
Сақалы жоқ иегінен жас тама,
-Ала көрме жанымды-деп еңірейді. Масқара!..

Шыдай алмай сөзін бөліп тіл қаттым:
-Кешіріңіз, кеттіңіз-ау тым қатты.
Шүкір. Бар ғой үлкендер де бір  Алла деп жылаған.
Раббысынан дүние емес, иман-ілім сұраған
Қару етіп бойындағы сабырын,
Хақ жолында бәр қиынға шыдаған.

Үн қатты ол:-Ешнәрсеге түсінбепсің, байқаймын.
Олай болса, саған тағы мына тәмсілді айтайын.

Алла ажал  періштесін шақырып ап бұйырды:
-Бір ауыл бар, мекен еткен  қиырды.

Ұмытты ол ел дінін, ар-ұят, тиымды.

Сол ауылға бүгін түнде барасың.

Ажал сеуіп, қанатыңды жаясың.
Қыбырлаған бір тірі жан қалдырмай,

Тып-типыл ғып жер бетінен жоясың.


Раббысынан бұйрық жетті. Періште ұшып келеді.
Бір-ақ сәтте жоқ болмақшы мына бақытсыз ел енді..

(Хақтың сөзі екі айтылып көрген бе?)
Қаһарланып төмен түсе бергенде,
Ең шеткі үйден әлсіз жарық көреді.

Қараңғы түн. Халық түгел тәтті ұйқыда жатқанда,
Құлшылық қып намаз оқып жатыр жалғыз қарт қана.

Мұны көріп періште енді шүкіршілік қылады.
Раббысының алдына кеп сәжде жасап құлады:
-О, Аллаһым, алдыңа кеп алдым тағы мазаңды.
Артық кетсем, қателессем, аямай бер жазаңды.
Дәтім жетіп, бұйрығыңды орындамай кеп тұрмын,
Сол ауылдан көргеннен соң бір иманды адамды.

Алла Тағала  қатуланып, қаһарына мінді енді:
-Сен де әлде білетін бе ең  ұлы Раббың білгенді?
Раббың менмін. Менен басқа Тәңір жоқ,
Мен айтамын. Кімді аламын. Қалдырамын кімдерді.

Ол адам рас, тахуа еді Раббысына берілген.

Күні-түні құлшылық қып, намаз оқып  егілген,
Алайда ол өз білгенін бөліспеді елімен.

Ал, білгені  аспайтын бір басынан,

Жақсылығын аяйтын өз досынан
Өзімшіл жан ешқашанда бірге емес менімен.


Періште енді қатуланып қанатын тез қағады.

Ажал болып діннен безген ауылға ойран салады.

Қыбырлаған бір тірі жан қалдырмай,
Қарттан бастап түгел жанын алады.
Осылайша бір ауылдың орнында,

Бір-ақ сәтте үюлі тас қалады.

 

Жете алдың ба бұл тәмсілдің  тереңіне, мәніне?
Жеткен болсаң жеткіз оны өзгелердің бәріне.

Қарсы тұрар кім бар Алла кәріне,
Ойлан тағы. Ойланыңдар. Ойланыңдар әлі де.


-Тоқтаңызшы.  Көре алмадым. Сіз кімсіз?
Ескертуге келген әлде  мүмкін сіз...
Сонда.. сонда... әлгі ауылдай мүмкін біз...
Расында да, сіз кімсіз?..

Сіз кімсіз?..  

Қазақ тілінде жазылған