Адам қарады: 29 | Жарияланды: 2017-05-26 04:25:40

Үш белгі

Ертегі

Нүкте, Леп белгісі мен Сұрау белгісі бір үйде тұрады. Үшеуі ылғи бірге жүреді. Нүктенің мінезі салмақты, бірқалыпты дауыспен, жай сөйлейді. Ал Леп белгісі сондай жеңілтек: тез ашуланады, бірақ жадырап, күле салуы да жылдам. Даусын көтеріп, екпіндетіп сөйлегенді жақсы көреді. Сұрау белгісінің өмірі сұрағы таусылмайды. Ол ашуланшақ Леп белгісінен аулақтау жүріп, сұрағын ақылды Нүктеге қояды. Нүкте ерінбей-жалықпай оның бар сұрағына жауап береді. . . . . . Бірде Нүкте екі досын серуендеп келуге шақырды: – Бүгін ауа райы жақсы екен. Жүріңдер, серуендеп қайтайық. Леп белгісі қуанып кетті: – Алақай! Кеттік! Сұрау белгісі әдетіне басып, Нүктеге сұрақ қоя бастады: – Қайда барамыз? ... Ол жақта көп жүреміз бе? ... Күн суық па? ... Қалың киінейік пе? Леп белгісінің шыдамы таусылды: – Туһ! Сұрағың таусылмайды екен! Болды! Кеттік! . . . . . Үшеуі саябаққа келді. Анадай жерде бір бала өсіп тұрған ағаштың бұтағын сындырып жатыр екен. Оны көре салып Леп белгісі айғайға басты: – Ақымақ! Ағашты сындыруға болмайды! Нүкте жайлап ақылын айтты: – Бұлай істеуге болмайды. Ағаш өсіп, жемісін береді. Оны күту керек. Сұрау белгісі де үндемей қалмады: – Сен бұдан кейін ақылды боласың ғой, иә? Енді ағашты сындырмайсың ба? Бала бұларға уәдесін берді. . . . . . Үшеуі тағы да әңгімелесіп бара жатыр: – Сендердің қарындарың ашқан жоқ па? ... Жаураған жоқсыңдар ма? ... Ертең ауырып қалмаймыз ба? – Туһ! Осы әдетіңді қойшы! – Жарайды, қайтсақ қайтайық. Саябаққа жасаған серуендерін аяқтап, үшеуі үйлеріне қайтты.

 

Қазақ тілінде жазылған