Адам қарады: 36 | Жарияланды: 2017-05-31 02:36:05

Ұстазбен  кездесу

 

            Таң намазын аяқтарда қара шал бүгiн әдеттегiдей айтылатын тiлегiне «Алла тағала, жалғызымның жолын бере гөр, аңсаған ұстазына жолықтыр» дегендi қосты. Ерте тұрған әкелi-балалы екеу Иассыға бет алды. Елiне сыйлы, көп жүрген, көптi көрген әке баласының бiлiмге құштарлығын ерте байқаған.Үйде сауатын ашуға өзi қамқор болды.

            -Мұсылмандық қағидасы адамды адам болуға үйретедi- деп түсiндiрдi әкесі.

Шынайы адамгершiлiк қасиеттер: iзгiлiк пен мейiрiмдiлiктi, имандылық пен қайырымдылықты, кiсi ақысын жемей, адал, шыншыл болып, жан дүниеңдi таза ұстауға насихаттайды. Алла алдындағы мұсылманның мiндеттерiнiң бiрi – бiлiм iздеу, табиғат пен әлем сырына үңiлу, сөйтiп өзiнiң жаратушысын тану. Сенiң де осы жолды таңдағаның жөн, балам.

           Баласының қолқа салуымен Қожа Ахметтiң «Диуани Хикмет» кiтабын ұзақ iздеп, жақында ғана бiршама қымбат    бағасына    қолына түсiрген.  Баласы кiтап қолына тигелi танымастай өзгерiп, оны түгел жаттап алды.

          - Әке, -дедi баласы,-мына таяқ тастам жердегi Иассыда тұрған ғұламаға барайын, бұйыртса шәкiртi болайын, ғалым болуды армандаймын.

          - Талабыңа нұр жаусын, балам. Армандаған ұстазыңа апарайын,- деген үлкен ризашылықпен әкесi,- мен жете алмаған биiкке сен жетсең арман не?! Әкесiнiң сұрастырып бiлуiнше, ғалым Ахмет жұма күнi сәске түсте Иассының орталық алаңында халыққа уағыз айтуға шығады екен. Екеуi кеше кеште қалаға жетiп қонған. Ертеңiне сәске түс шамасында, алаңға халық жиналып та болды. Жұртты күттiрместен, ортадағы мiнберге ұзын да жеңiл шапанды, басына сәлде ораған, шымыр қимылды, маңдайы кере қарыс жiгiт ағасы көтерiле бердi. Бұл ғұлама- ғалым, заманының теңдессiз ақыны, әлемдiк дiни философияның терең бiлгiрi, түрiк тiлдiлердiң мақтанышы, Қожа Ахмет Иассауи Хазретi Сұлтан әз-машайық едi.

            Ахмет ғұламаның қасиет дарыған сөзiмен алаңдағы халықтың кеудесiне Алланың ақ нұры себiлгендей.Имандылық, адамды құрметтеу, тiрi жан иелерiне қамқорлық, жаратылыс-табиғатымызбен жарасу, бүлiншiлiкке, ысырапшылыққа, нысапсыздыққа жол бермеу туралы уағыздары тыңдаушы жүрегiне жол тауып

жатты. Зейiнiмен тыңдаған адам ғұлама уағыздарының көбi шебер ұйқасқан өлеңмен айтылып тұрғанын байқар едi. Көктемнiң шуағындай маужыратып, жаныңа жәйлi тиер мақаммен айтылған ұлағат сөз-даналық сөз әр тыңдаушының көкiрек көзiн ашқандай. Шәкiрттiң түсiнуiнше ислам талаптарында адамның қолынан келместей, оның қалыпты  

 

өмiр сүруiне  қиындық келтiрiп, ауырлататындай қағидалар жоқ екен. Ислам – адамзат ұрпағының бойындағы асыл қасиеттердi бiздiң мына пәнилiк өмiрдiң алғы шарты етiп қойып, өзiмiздiң бақилық өмiр байлығымызды жасауды түсiндiретiн рухани уағыз екен.Мұсылман екенсiң - адамгершiлiк жолды таңда, адамдық атыңды сақта, бiлiмге талпын, ғылымды игер, жаратылыстың тылсым сырын, ғажайып мiнсiз заңдылықтарын ұғуға асық, сөйтiп Алланың адастырмас ақ жолына бағыт ал!

        Тыңдаушыға сөзiнiң жеткенiн, олардың жүрегiне имандылық ұрығын себе алғанын жұртшылықтың өзiне деген ынтасынан байқаған Ахмет шариғат тармақтарын түсiндiре келе:             

Тыңдалар сөздерiмнiң сөйлеп  бәрiн,

Жанымның тазалығын айғақтадым.

Жетiм мен пақырлардың ойлап қамын,

Көңiлi тоқ кердеңдерден қаштым мiне,- деп

бiр кiдiргенiнде, көпшiлiктiң ортасында ұйып тыңдап тұрған болашақ шәкiрт Ахметтiң «Хикмет» кiтабынан келесi шумақтарын жалғап әкеттi:

Әуелде ақыл-ойдан кенде болдым,

Бiртiндеп бiлiм алып жөнге келдiм.

Тартынып көп қызықтан пенде болдым,

Алланың ақ жолына түстiм мiне.

          Тау қыранының саңқылындай айқын дауыс, өзi iздеген Ұстазының ғұлама тереңдiгiне тәнтi болған жiгiттiң жүрек тереңiнен шыққан ынтық дауысы көпшiлiктiң де, Ахметтiң де зейiнiн аударды. Балаң жiгiттiң ұшқын атқан жанары мен нарттай алаулаған жүзiнен оның ұлы Ұстазымен кездесу сәтiндегi шексiз бақыттылылығы аңғарылатындай едi. Болашақ шәкiртiн бар болмысынан таныған ғұлама оны ыммен жанына шақырды. Жұрт айырылып жол берген шәкiрт Ұстазына бағыттап жүрiп келедi, оның өлеңдерiн жатқа төгiп келедi:

Қу нәпсiм құлдыратар сәттi ойлады,

    Дiлдардың елге шыққан көп қой зары.

  Ал, сайтан ақ жолымнан қақпайлады,

                                                  Нәпсiмдi, елiрме деп, ездiм мiне.

…Пақырға шаттық нұрын құйған кiсi,

Ғарыпқа ғазиз жанын қиған кiсi,

Кiсiнiң болары анық имандысы,

Бұл сөздi Хақтан естiп айттым мiне.

       Жас жiгiт мiнберге жақын келiп ұстазына бас иiп,  жүрек тұсын ұстап, тәжiм еттi.

       - Рахмет, iнiм, арманыңа жет! Есiмiң кiм?

       - Сүлеймен – дедi жас жiгiт.

  

    -Менiң өлеңдерiмдi жаттап алғаныңа қарағанда Алланың ақ жолын қалағанға ұқсайсың. Талабыңа нұр жаусын iнiм!

                                          Кейiнде,

        Қараса Қағба тап қасындағыдай көрiнген,

Аяғын басса жер қысқарып түрiлген,

Ладуни ғылымы өн бойына үйiрiлген,

Пiрiм Ахмет Иассауи –деп артына сөз

қалдырған зерек шәкiртi Сүлеймен Бақырғани осылай кездесiп едi Ұстазы Қожа Ахмет Иассауимен.

         ­­- Қадiрлi ұстаз,  «Диуани Хикмет»  кiтабыңыз бәрiмiзге түсiнiктi көне түркi тiлiнде жазыла тұрса да, кейбiр сөздерiне түсiне алмаған жәйiм бар. Айып етпесеңiз…

  • Бiлмегендi сұрағанның айыбы жоқ, сұра!

                Өттi өмiрiм шариғатқа жете алмадым,

                Шариғатсыз тарихатқа өте алмадым.

                Хақиқатсыз мағрифатқа бата алмадым,

                Қиын жолдар пiрсiз қайтiп өтем достар -

деген жолдарды түсiндiрiп жiберсеңiз?

          - Жарайды.

Шариғат-ислам дiнiнiң заңдары мен әдет-ғұрыптарының жинағы.

Тарихат-сопылықтың идеясы, сопылық мүддесiне жеткiзетiн жол,  екiншi сөзбен айтсақ, шариғатты бойына сiңiрген(меңгерген) адамның ақиқатқа апаратын жолы.

Мағрифат-дiн жолын тану, оны оқып бiлу,  екiншi сөзбен айтсақ, бақи дүние ғылымы, түпсiз терең бiлiм, ақиқаттың айнасы.

Хақихат-Ақиқаттың ақиқаты-Алла тағала. Хақихатқа жетудi-Алла тағаламен табысу деп ұқсақ дұрыс болар. Хақихатқа жету-Алланың ақ жолымен табысу, ақиқатқа көз жеткiзу-адам үшiн өте азапты жол, бiрақ мүмкiн нәрсе. Хақихатқа жету үшiн шариғатты, тарихатты, мағрифатты, толық меңгеру керек.

          Мұхаммед пайғамбарымыз:

«шариғат-менiң айтқан сөздерiм, тарихат-менiң жасаған iс-амалдарым, ал Хақихат-менiң iшкi сырым»-деген екен.

                                                            Ғұлама ой үстiнде

            Қожа Ахмет қала шуынан шығып, Сырдың жағасындағы төбе басында ой кешуде.

            …Ата-ана алақанындағы кешегi бiр тәттi күндер өттi де кеттi.Кiндiк қаны тамған қасиеттi топырақ Испиджаб қаласы едi-ау. УIII ғасырдағы Түргеш мемлекетiнiң iрi сауда және мәдени орталығы болған Испиджаб - араб қолбасшысы Кутейбаның жойқын шабуылына Шаш төзе алмай, тiзе бүккенде, тойтарыс бере алған батыр қала.Бұхардан бiлiм алған кездерi де күнi кеше. Рухани ұстазы, тәрбиешiсi атақты шайқы Арыстанбабтың жөн сiлтеуiмен бiлiм соңына түскен айлар, жылдар…

            Уақыт керуенi байқаусыз өтiп жатыпты. Уақытпен санасқан бұл жоқ, Фарабтың әлемге әйгiлi кiтапханасында ғылымның ең тереңiнен маржандарын   тердi.    Жерлесi    Әбу   Насырдың философиялық түйiндерiмен пiкiрлесiп, өзiндiк ой түйдi. Бұнда әйгiлi ақын Абдаллах Әбу-аль Аббастың, өзге де шығыс ғұламаларының шығармаларын оқып, жаттады. Атақты Ибн Синаның,  Әбу-ар-Разидың дәрiгерлiк энциклопедияларын, Архимедтiң, Мұхаммед  ибн Мұса әл-Хорезмидiң математикасын, Әл-Баттани мен Әбдiрахман ас-Суфидiң астрономиясын парақтап шығудың өзiне қанша уақыт керек?! Атшаптырым «Бiлiм Ордасы» лық толы кiтап: бұзау терiсi, сандал ағашы, пiл сүйектi мұқабасы алтынмен апталып, күмiспен күптелген, зерлi, әшекейлi, мыс, жез iлгешектi Ұлы ұстаздан жеткен киелi мирас, ұрпақ пен ұрпақты жалғастырар өткеннiң дана өсиетi.

            Әлемнiң Екiншi Ұстазы «егер адам баласы бiрiне-бiрi қол ұшын берсе, жер бетi жақсылық ордасына айналар едi»-дептi-ау. Өздiгiнен бiлмейтiндер ақылдының осы сөзiн жолбасшылыққа алса-шы. Ел басқарғандар дүниеге қызығып, қара бастың қамымен кетпей, ел тағдырына, оның амандығы мен тұрмыстың жақсаруына қызмет етсе,  халқын имандылыққа, мейiрiм мен бiрлiкке ұйытса…Мынау фәниде зорлық-зомбылық, ұрлық-қарлық, зұлымдық пен сатқындық, дүниеқоңыздық сияқты адамдық емес әрекеттер қашан тыйылар? Адамдық сана ол деңгейге қашан көтерiлер? И-иә, бұлар әзiрге арман ғана.

            Фараб кiтапханасындағы көздiң жауын алар ен байлықтың iшiнен ол өзiне ең қажетiн, iздегенiн тапты. Ол-құранды түсiндiрген көп томдық қолжазба.Құран кәрiм, ойлап отырса ғылымдардың негiзi екен ғой! Күн өткен сайын тереңiне бойлай бердi, бойлай бердi. Құранды зерттеуге балаң жiгiт кезiнде  бастап  отырған   ол  бiр   бас көтергенiнде байқаса, орта жастан асып барады екен! Исламды қандай деңгейде игердi, ол бiр Аллаға ғана аян. «Бiлiмдi болу, ғылымды игеру бiр жұмыс, оны көпшiлiк қажетiне жаратқанда ғана, өзгелерге үйреткенде ғана сауап болады» емес пе едi? Ұстазы Арыстанбабтың да нұсқауы осылай болатын. Ендiгi қалған ғұмырымның тең жартысын оқу-iзденуге арнасам, қалған жартысын халықты уағыздауға, өзiмнiң iсiмдi жалғастырар шәкiрттер дайындауға арнайын деп шештi Ол

                                                            Қожа Ахмет Иассауи – кiм?

            Күндердiң бiр күнiнде сонау Араб елiнен есiмiн жұмбақ ұстаған бiр адам Иассы қаласын,  ондағы дүниеге атағы жайылған ислам дiнiнiң ғұламасы Қожа Ахметтi iздеп келедi. Ғалымның сырқаттанып жатқанын сылтау етiп, беймәлiм адамды Ахметке тiкелей жолықтыра қоймапты.

            - Егер қарсы болмасаңыз,  Ұстазға қояр сұрақтарыңызға мен жауап берейiн, - дейдi Сүлеймен шәкiртi. Жолаушы сұрағын қойыпты:

            -  Алдымен Түркiстан, Иассы атауларын түсiндiрсеңiз.

           -  Түрiк тайпаларының ғасырлар бойы кiр жуып, кiндiк кескен Отаны болғандықтан осы өлке Түркiстан деп аталады. Өлкемiздiң жарқын болашағы әлi алда! Сiз оны еститiн боласыз, құрметтi жолаушым. Мына түстiк құбылада қол созымда аты әлемге әйгiлi, дүниедегi Екiншi Ұстаз атанған Әбу Насырдың мекенi Фараб қаласы көрiнiп тұр. Байқауымша оқыған адамға ұқсайсыз. Фарабтағы атағы шартарапқа жайылған «Бiлiм Ордасы» - кiтапхана туралы есiтуiңiз болар. Оны бiздiң өлкенiң ғана емес, бүкiл  адамзаттың   рухани   байлығы  десек орынды.                                                                        

            Ежелгi Тұран жерiндегi  Түркiстан атты өлкемiз әлемдiк көне мәдениеттiң iрге тасы қаланған қасиеттi жер десем келiсетiн боларсыз – дегенде,

          - Сендiрдiң, Түркiстанның ұланы  Әбу Насырдай, Қожа Ахметтей ғылымдағы алыптарды туғызған Елiң құрметтеуге лайық. «Ерiн ұлығылаған ел азбайды» дейдi бiзде, елiңнiң болашағы барлығына сендiрдiң, -дедi жолаушы.

           - Ал, Иассы осы өлкенiң орталық қаласы.(Иассы – Түрiктiң бiр тайпасының аты). Онымен қатар Жiбек Жолы бойында Сауран, Тараз, Баласағұн, Жаркент қалалары бой көтерiптi. Иассы қаласы барлық түркi тiлдес халықтардың орта ғасырдағы бас қосқан астанасы болумен бiрге, олардың рухани орталығы да. Өйткенi бұл қалада мұсылмандықтың нұрын шашқан Қожа Ахмет Иассауи Хазретi Сұлтан әз-машайық тұрады.

           - Бiздiң елде машайық деп екi дүние (пәни және бақи) ғылымын толық меңгерген адамды айтады.  Оған Хазретi Сұлтан атағы қосылғанда, бұл тiркес машайықтардың ұлығы ұғымын бередi-ау, шамасы.Ғалым жөнiнде айта түсiңiзшi.

           - Түркi елiндегi аса iрi ақындардың бiрi. Елдiң бiрлiгiн, халықтың татулығын, адамгершiлiк пен имандылықты уағыздаған замандастары Ахмет Үгiнеки, Махмут Қашқари, Қарабуралар арасында асқан шеберлiгiмен, елге сыйлылығымен, қайырымдылық пен мейiрiмдiлiктi өмiрiне арқау етiп, бүкiл түркi жұртын татулыққа, тазалыққа үндеген, ғұлама ғалым Қожа Ахметтiң орны бөлек. Дүниежүзiлiк дiни философияны терең зерттеген адам.Бiздiң елiмiзде алғашқы болып ислам дiнiнiң Алла тану (ладуни) ғылымын толық меңгерген. Ладуни ғылымын меңгерген адамға бұл пәни дүниедегi     уақыт     пен   кеңiстiк өз   үстемдiгiн жүргiзе     алмайды    екен.

Қараса Қағба тап қасындағыдай көрiнген,

Аяғын басса, жер қысқарып түрiлген, -

дегендей, бiздiң ғұлама Ұстазымыз барам деген жерiне көздi ашып-жұмғанша бара алатын, көрем дегенiн қанша алыстан да көре алатын қасиетке ие.

             -Рахмет, тектi елдiң ұланы. Түркiстаның өркендей берсiн!-деп  қоштасыпты жолаушы

 

 

Мызғып кеткен болар деп

            Ғұлама өмiрiнiң соңғы жылдарын жер астында мiнәжатханада өткiзедi. «Пайғамбар жасына келдiм, ендi бұдан былайғы өмiрiм күпiрлiк болмақ»- деп, өмiр бойғы жиған-тергенiн, көрген-сезгендерiн, оқып-бiлгендерiн ой елегiнен өткiзiп, өзiнен кейiнгiлер үшiн жазып қалдыруға жұмыстанады.

Ұстанып сүннеттердi болдым үммет,

Кеудемде жер астында толды нұрлы от.

Жасаймын жаратқанға мәңгi құрмет,

Жалғанның қызығынан бездiм мiне.

         «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейдi». Сол хат өлмес үшiн, айтылар ой ақыл елегiнен өткiзiлiп, оны жеткiзер сөз хас шебердiң қолынан шыққан мүсiндей көз тартып тұруы керек-ау. Бұл жөнiнде арабтардың талғамы жоғары болатын деп, Әли әл-Хусридың «Әдебиет гүлi» кiтабын ашып отыр.

         «Зергер айтты:

       Зерлi сөздi маржандай құлпыртудың ең тиiмдi жолы-қырағы ойдың қырымен тесiп,  әсем пiкiрдiң жiбек жiбiн өткiзiп, асыл тастай құлпырған мағынасын моншақтай тiзiп тыңдаушының мойнына iлу.

        Иiс май сатушы:

Аңқыған асыл сөз-хош иiсi кермек ойға қосылған, жұтқанда-бал, ескенде самал, жұпар иiсi жүйкеңдi жiбiтiп,     бал     дәмi       бiлiмдiнi     майдай ерiтедi.

        Алтын бұйымның iсмерi:

       Зейiндi сөз-отты ойдың жалынына қызып, көреген көздiң жанарында балқып, көп сөздiң қоқымынан тазарып, тұңғиық ойдың тұнығында саф алтындай жарқыраған…»

       Мiне, осы талғаммен берiлуi керек менiң жазбақ ғибратым, менiң «Диуани Хикметiм»! Осы мақсатпен Ол ендi ой теңiзiн кешiп, тереңiнен сөз маржанын теруге отырды.

      «Менiң асыл хикметiмдi жаны ауырмасқа айтпағын,

       Баға жетпес iнжуiмдi құнын бiлмеске сатпағын»-

дептi-ау. Хикметiңiздiң күнi ендi туды,  асыл  баба!

Мұсылмандықпен дүние көркi толар деп,

«Хикметiңiздi» әз халқыңа сыйладың

Бiр-ақ сәтке мызғып кеткен болар деп,

Аяқтауға Баба өмiрiн қимадым.

 

 

                                    (Қожа Ахмет өлеңдерiнiң шағатай тiлiнен ақын

Жарасқан Әбдiрашевтiң аудармалары пайдаланылды.)

 

                                                     

               

Қазақ тілінде жазылған