Кемпірқосақ неге әдемі?
Ерте заманда Жер атты алып ғаламшар жаралыпты. Оның үстінде тау, орман, өзендер пайда болыпты. Адамдар да өмір сүріпті. Олар егін егіп, мал өсіруді үйреніпті. Бірақ қанша егін ексе де, мол өнім ала алмапты. Жерге аз шөп өскендіктен малдары да арық болыпты. Адамдардың қарындары әбден ашыпты. Содан адамдар жиналып, «Көп суды қайдан алуға болады?» деп ақылдасқан екен. Өйткені, өзендер тартылып қалған еді. Сөйтіп адамдар маужырап ұйықтап жатқан тауға келеді.
- О, алып тау! Сен бізге бұлақтарыңды ағызып, мөлдір суларыңды берші! Өзендерімізде су қалмады. Біз егінімізді, малымызды суғарып, молшылыққа кенеліп, бақытты өмір сүрейік, - дейді адамдар. Сонда тау есінеп:
- Мен сендерге қуана-қуана көмектесер едім, бірақ бұлттар жаныма жақындамай жүр. Қанша биік болсам да бұлттар басымнан асып кете береді. Баурайыма жаңбыр жаумай-ақ қойды. Өзім де сергіп қалар едім, - дейді.
Адамдар атқа мініп, шығыстан батысқа қарай жөңкіліп бара жатқан бұлттарды қуып жетеді. Адамдар аспанға қарап:
- Бұлттар-бұлттар, біздің жерге, тауға жаңбыр жауыңдаршы, біздің егініміз су іше алмай, күйіп барады. Малымыз қатты шөлдеп, жатып қалды, - дейді. Бұлттар төмендегі адамдардың көңілсіз күйін көріп, жаны ашып кетеді.
- Біз жаңбыр жаудырар едік, бірақ жел біздің басымызды қоспай, жер бетінде қыдырудан қолы тимей жүр. Егер жел соқса, біз сендердің тілектеріңді орындар едік, - дейді аспандағы будақ бұлттар. Амалы таусылған адамдар желдің соңынан көп күн жүріп, әрең қуып жетеді.
- О, жүйрік жел! Сен дүниедегі ең қуаттысың! Сен бізге көмектесші! Бұлттарды тауға қарай айдап, жерге жауын жауғызшы. Біздің жағдаймызыз қиын. Егін өспей, мал қырылайын деп жатыр. Балалармыз ашығып қалды, - дейді адамдар жалынып. Сонда жел гуілдеп:
- У-у, мен сендердің тілектеріңді орындар едім, бірақ маған Жаратушының бұйрығы керек. Ол үшін сендер өздерің өмір сүріп жатқан қара жерді жаратқан Ұлы құдірет иесіне ұнайтын амал жасаңдар, - дейді. Адамдар ауылына қайтып, бәрі жиналып, «қандай жақсы амал жасасақ?» деп ойланады. Сонда бір көпті көрген дана қария: «біз өмір сүріп жатқан Жерді, жарық пен жылу беретін Ай мен Күнді жаратқан Жаратушыға сыйынып, тасаттық беріп, бір малды құрбандыққа шалайық» дейді. Бәрі ақсақалдың ақылын жөн санап, айтқанын орындайды. Сол кезде жер бетінде жаңбыр жауа бастайды. Таудан сарқырап егістікке мол су келеді. Малдар да суды шөлі қанғанша ішіп, рахатқа батады. Жаңбырдан соң жер бетінде ең алғашқы кемпірқосақ пайда болыпты. Ол өте әдемі еді. Адамдар көпке дейін оны қызықтап, көзін алмапты. Әсіресе, кішкентай балалар қатты қуаныпты. Біреулер мұны аспанға апаратын алтын көпір десе, екіншілері алуан түсті кемпірқосақ Жаратушының бірге сыйлаған қуанышы депті. Сонда кемпірқосақ:
- Мен – кемпірқосақпын. Менің жеті түрлі түсім бар. Оның әрқайсысында бір белгі бар, - дейді.
- Сонда ол қандай түстер? – деп балалар қызығып сұрақ қояды.
- Қызыл, қызғылт-сары, сары, жасыл, көгілдір, көк және сиякөк.
- Қызық екен. Ол түстер қандай белгі береді? Біздің білгіміз келеді, - дейді балалар.
- Жақсы, жақсы, айтайын, - дейді кемпірқосақ құлпыра күлімдеп. – қызыл түс – иман байлығы, қызғылт-сары – денсаулық, сары түс – молшылық, жасыл түс - береке-бірлік, көк түс – қуаныш пен бақыт, ал сия көк түс ұзақ өмірді білдіреді.
- Ой, бұл деген керемет қой, - деп таңырқайды балалар. Кемпірқосақ, сені көрген сайын жеті түрлі жақсылықты көретін болдық қой. Солай ма?
- Иә, - деп күлімсірейді күнге шағылысып, жарқырап тұрған кемпірқосақ.
- Онда сен бүгіннен бастап біз үшін әлемдегі ең әдемі, ең көріктісің. Сенің бойында бізді жақсылыққа, қуанышқа бөлейтін керемет бір қасиет бар.
- Балалар, енді бұдан былай жаңбырдан соң күн шыққанда сендерді осылай қуантатын боламын. Ал, енді әзірге қош болыңдар! Мен енді басқа жақтағы балаларды қуантуға барамын, – дейді кемпірқосақ.
Үлкендер мен балалар кемпірқосақпен қоштасып, қол бұлғайды. Міне, осыдан бері жаңбыр жауған сайын кемпірқосақ адамдарға әдемі болып көрініп, қуантып жүреді екен.