Омырау иісі
Қабыл өзіне жат иістен қашқақтап, Жанбикенің құшағынан босанып, теріс қарап жатты. Өз анасының қолтығына кіріп жатқан күнін аңсады. Неге бұлай болғанын түсінбеді. Бір түрлі кеңсірігі ашып, көзіне жас тығылды. «Анама жақпас қылық көрсеттім бе қалай?» -деп ойлады. Қыңыр еркеліктерінің бәрін саралап көрді, бәрі де жарасымды сияқты еді.
...Өзінен кейінгі бесіктегі інісін ойнатып отырған Қабылды анасы көрші бөлмеге бір топ әйелдердің арасына шақырып алып:
-Айналайын, Қабыл, сен енді Жанбике жеңгеңнің баласы боласың. Бұдан былай, апаң осы кісі, -деп бұйыра айтса да, соңынан:
-Ол сені күнде мектепке өзімен бірге ертіп апарып-әкелетін болады, баласы боласың, ә?- деді.
-Келе ғой, - деп шақырған Жанбикеге алғашында тартыншақтап бара қоймады.
Ағаларының аяғына жармасып мектепке баруды арман етіп жүрген Қабыл үшін бұл-ауыр да болса жағымды жаңалық секілденді.
Сол күні Қабыл аялы ұясынан, алыса ойнаған бауырларына, ата-анасына қимастықпен қарап, Жанбикенің жетегімен екі көше арыда тұратын бөтен үйге кете барған.
Бүгін, міне, үшінші күн. Алғашқы күні анасын іздеп шарқ ұрған Қабылға қосылып Жанбике де жылады. Екінші күні Қабыл құсаланып, жеке жүріп-тұрды. Бүгін күндегіден бойы үйрене бастады.
Жанбике бауырынан сытылып шыққан баланы қайта тартып көріп еді, жаңағы жай қайталанды. Жанбикені ішіндегі жанған оттың алауы ұрып; «Бекер қылдым ба?» -деп ойлады.
«Құдай –ай, бір ұл балаға зар еттің –ау!» - деп күйінді.
Жанбике осыдан бес ай бұрын үш қыздан кейін тағы да қыз босанып, үміті сөнген. Нәрестенің көрер жарығы болмай шықты да, өзі жан сақтау бөлімінде бір аптадай емделіп өзіне келген. Дәрігерлер енді босануға тыйым салды. Ұл күткен күйеуінің арманы айсыз түнде адасып қалғандай еді.
Қабылды үйге әкелер күні Жанбикені үлкен абысыны шақыртты да, абысын-ажынның ортасына салып, дәм үстінде:
-Құдайға шүкір, алты ұлым бар, қыз баланы қанша сұрағаныммен болмады. Сенде керісінше екен. Құдай бермеді дегенің шек келтіргендік болар, жазбағаны да. Ана Қабылымды іш тартып, сүйсініп жүруші ең, әлі есін біле қойған жоқ. Кенжемді берер ем денсаулығыңның көтермесін білем, Қабылымды бауырыңа бас. Өзгенің де баласын асырап алып жатыр ғой жұрт, -деген.
Ұйқыдан жаңа оянған сәбидей мамырдың күні ұясынан көтеріле берді. Жанбике оянып кетті. Бауырына кіре құшақтап, ұйқыда жатқан Қабылды көргенде, іші-бауыры еріп, маңдайынан иіскеп, құшырлана сүйіп-сүйіп алды.