Мұздаған жүрек және тырналар тізбегі
Айгүл дәрігер ине шаншыған соң ғана есін жиып, өзіне келді. Бетіне түскен шашын демімен желпіді де, төңірегіне көз жүгіртті. Аппақ қана аядай бөлмеде жатыр екен. Қай уақытта кигені беймәлім, үстіне етек –жеңі шұбатылған ұзын көйлек. Орнынан тұрайын деп еді, аяқ - қолын кереуетке керіп, байлап тастапты. Әрі-бері жұлқып көрді, шешілер түрі жоқ. Ызасы келді.
- Босатыңдар мені, жіберіңдер үйіме!-Бірақ бұған құлақ асқан ешкім болмады. Тамағына тығылған өксік көзінен жас боп сыртқа атылды.
Аурухана төсегіне таңып байлап тастағанына қарағанда, бұл дерт өзіне анық жабысқанын зерделей бастады. Осымен екінші рет мұнда келуі. Демек, дерт мұны шындап айналдырған екен. «Айықпас дерттер болады» деуші еді, соған тап болғаны ма?
Өткен күндер өксіп, көз алдында көлбеңдей берді...
Айгүл орта мектепті бітірісімен, балауса бал сезімге алданып, алданып емес –ау арбалып, өзінен тоғыз жас үлкен Досжанға тұрмысқа шықты. Сол кездері ол бақытты еді. Бәлкім, бақытсыздық дегеннің не екенін білмеді. Үйіне төркіндеп келгенде, анасы сыр тартып:
-Күйеуің көше құмар емес пе? Қол жұмсап жүрмей ме? – деп сұраған-ды .
-Жоқ, апа, өйтпейді,-дей салған бұл сонда. Басқа ешнәрсе демеді.
Базбіреулер мұндайда күйеуінің жақсы қасиеттерін айтып тауыса алмай жатса, Айгүл іштей тынатын. Шешесіне ғана емес, басқаларға да айтары сол. «Менің мұңым кімге керек, «Бас жарылса - бөрік ішінде...»
Отасқандарына үш ай толғаннан кейін-ақ Досжан Айгүлге деген махаббат «мастығынан» айығып, қадір –құрметі көктемгі қардай ери берген. Бұрынғы еркелетулер енді кекесінмен, оны айтасыз жұдырықпен алмасты. Бір кезге аяулы жан біртіндеп албастыға айналып бар жатты. Бірақ, шыдам, төзім керек дегенді тұмар ғып таққан Айгүл сабыр сақтады.
Сөйтіп, қауанышынан реніші көп жылдар өте берді. Өмірге бес қыз, бір ұл әкелді. «Жазмыштан озмыш жоқ» дейтін әйел заты үлкен көшелерге шықпай, үй көлеңкесінде күйбең күн кешті. Осындайда төркінінің қадірі білінеді екен. Бірақ, төркін дейін мұнда төркін қалды ма. Ата – анасының бақилық болғанына да үш –төрт жылдың жүзі болды. Ендігі жалғыз жанашырындай әпкесі ауыл арасы алыстығын айтып, жиі хабарласпайды. Оның үстіне ол байғұстың да денсаулығы мәз емес. Ал, алда-жалда «барамын» деген хабары жетсе, Досжан үйден безіп кетеді. Содан әпкесі келіп, кері қайтқанша үйге бас сұқпайды...
Қазіргі халінен әпкесі мүлде хабарсыз. Хабар тапса, әлдеқашан бір келіп кетер еді ғой. Досжанның өгей шешесімен еріп келген қарындасы Ажар күйеуімен ажырасқаннан кейін, «сауда жасаймын» деп осы үйге кіріп алған. Айгүлдің бұған дейінгі көргені шырақ екен, нағыз тозақ содан кейін басталған сияқты. Ажарға қосылып, Досжан да саудаға шықты. Екеуі қол ұстасқандай болып таңертең кетеді де, кештетіп қайтады. Айгүлдің дайындап отырған тамағынан ауыз да тимейді, тіпті бар-жоғын елемейді де.
Некелі ерінің өз үйінде өзгемен болғанына қай әйел шыдасын. Күйеуін ақылға шақырған Айгүлдің талай әрекеті өзіне таяқ боп тиді.
- Кетемін бұл үйден. Құрысын бәрі... бүйткен байы да, баласы да,-деген кездері де болды. Қанша ақымақ болса да, өзінің қамын ұмытпайтын Досжан мұндайда әйелін қараңғы бөлмеге қамап тастайды. Бірнеше рет сонда түнеп шыққан соң, Айгүлдің жүйкесі сыр бере бастады. Бәрінен де есейіп қалған балалардан ұят. Бір жолы ортаншы қызы сүйінші сұрағандай жүгіріп келіп:
- Мама, мама, анда папам мен Ажар әпкем сүйісіп жатыр,-деген де қызына не айтарын білмей қатты састы. Бірақ кеудесінен әлдене үзіліп түскендей болғаны рас. Ізінше осы күйге түсті...
Өткенді ой елегінен өткізіп, тұман ойлардың шырмауында жатқан Айгүлдің құлағына тыраулаған тырналардың үні талып жетті. Басын көтеріңкіреп, мойнын соза қарады. Темір торлы терезе ешнәрсені көрсетпеді. Ал тырналардың даусын естігенімен, тізбегін көре алмаған Айгүл төсекке қайтадан сылқ түсті. Бір кездері басынан ұшып кеткен балғын да базыналы, бақытты да қазыналы шағының құсы сергелдең күйде көкте қалықтап бара жатқандай көрінді.
- Ұшыңдар, ұшыңдар... Қанаттарың талмасын. Жылы жаққа барыңдар, мендегі жүрек әлдеқашан мұздаған. Енді оның жылуы қиын шығар...