Ана қарғысы
Жарқынайдың науқасы меңдеп, төсек тартып жатқанына бүгін айдың жүзі.
Жаны жарға таянғанын сезген Жарқынай тоғыз ұлының ішінде жалғыз қызы –Гүлсімді жанына шақырып алды да:
- Жасымда ислам ілімін жетік меңгердім,-деп біраз үнсіз қалды. –
Сендерге барынша жақсы тәрбие бердім. Біреудің ала жібін аттап, тірі жанға жамандық жасамадым. Тек ата –ананың айтқаны болмады деп, ел-жұртқа масқара етті деп өз перзентімнің тағдырына балта шаптым. Ағыным тас ағызар қайсар болдым. Сені кітап сөзімен қарғадым, ол қарғысты қайтарып болмасын да білдім – ау. Кешір мені құлыным, - деп әлсіз саусақтарымен қызының бетін сипады да:
- Сөз берші маған ешкімді қарғамаймын деп, сенен қарғыс алған
адам өледі. Мен солай оқыдым. Сен көп жасайсың. Кеш мені, кешіре алсаң, - деді де талықсып кетті.
Гүлсім анасының кеудесіне басын қойды. Ана омырауын ыстық жас жуып жатты. Орны біте бастаған ескі жараның аузы ашыла берді.
Қалың шаш, қиғаш қас, қалам қабақ, қыр мұрын, жұқа еріндерінің үстінде меңі бар, көздері күлімдеп тұратын сұңғақ бойлы Гүлсім сұлулығына жараса ерке өсті.
Ол он тоғызға толғанда, Түркістан жақтан құда түсушілер келді. Күйеу жігіт те келіпті. Жоғары оқуды тауысып, қызметте жүрген қара торының сымбаттысы екен, оң жақ бетінде тыртығы бар демесең.
Жүрекке әмір жүрген бе, қарғы бауы алынып, бар жасауы жасалып, тойға апта қалғанда Гүлсім Алматылық Қайырбекпен қол ұстасып кете барды.
Қайырбекпен құрбысының туған күнінде танысып еді. Қайырбек –ұзын бойлы, өткір көзді, шашын оң жағына көтере қайырған, ақ құбаша, үнемі күліп жүретін, бармағынан бал тамған келісті жігіт.
Қайырбек –балалар үйінде өскен, тұл жетім. Көлік жүргізуші болып жұмыс істейді. Қалаға келген соң Гүлсіммен некесін қидырып, пәтер жалдады.
Қызының қашып кеткенін естіген ана ашуға булығып:
-О, жүзі қара! Керегеңді итіңе қамда! Тексіз еріңнің өндіршегі үзілсін! Жалғыс басың сопайып балаға да жарыма! – деп буынсыз тілге ерік берді.
Жұрт жағасын ұстады.
Келесі жылы Гүлсім ұл тапты. Тұңғышының есімін Әшірбек қойды. Әшірбек жасына толмай қаза болды. Екіншісі қыз еді, ол да алтыншы айында шетінеді.
Төркінімен қатынас, шаңырақта береке жоқ. Гүлсімнің жаны жадап, қатты қажыды.
Үш жыл өткенде ғана анасы келіп, араласайық десті.
Қайырбек Жарқынайды өз анасындай көріп, керемет жақсы көріп кетті. Жарқынай да оны өз баласындай сүйді.
Бірақ, Жарқынайдың сом жүрегінде бір жара бар еді. Ол сырын Гүлсімге айтты да. Гүлсім үшіншісіне жүкті болды. Ұл бала еді, оның да көрер жарығы көпке бармады.
Төртіншісінде қыз босанды. Ол үш жасқа толғанда жол апатынан Қайырбек қайтыс болды. Сол жылы Гүлсімнің соңғы жұбанышы да көп ауырып дүниеден өтті.
Жақында ғана қолы жеткен үйлерінің шаңырағы осылай ортасына түсті. Гүлсімнің жаны жаншылып, өз ұясынан қолын көтере шығып кетті. Ол үйдегі әрбір естелік жүрегіне тікендей қадалса қайтпек.
Уақыт өте тағдырдың дегеніне көнді. Сонау бір тәтті күндерінде Қайырбекке «сенің төсегіңе ешкімді де аттатпаймын»деп берген антын бұзбады. Сүйегі жасып қайтып ерге шықпады.
Қалада оқу қуған інісін аяқтандырамын деп нелер ауыр жұмыс істемеді. Озат жұмысшы атанып, сот көмекшісі, аудан депутаты болды...
Гүлсім:
- Кештім, апа кешпегенде қайтем. Қара тілегің далаға кетпеді. Жалғыз
боп өтем де осылай-деп басын көтергенде, Жарқынай үзіліп кеткен еді.