Шалағай балақай
Фантастикалық әңгіме.
Балақай туралы Әлдебір қаланың әлдебір көшесінде бір балақай тұрады. Ол – ешкімді ренжіткісі келмейтін сондай кішіпейіл, елдің бәріне көмектескісі келіп тұратын елгезек. Бір ғана кемшілігі бар – анасының да, басқалардың да айтқандарын шала-шарпы тыңдайды. Содан кейін, әрине, істеген ісі де шала болады. Сол үшін де оны елдің бәрі Шалағай балақай деп атап кеткен еді. Міне, ол өзінің бөлмесін жинауға кірісті: киімдерін реттеді, терезе алдының шаңын сүртті, кітаптарын реттеді. Амал нешік, шалбары үстел астында, бір кітабы принтердің үстінде қалып қойды. Өйткені ол Шалағай балақай ғой! Компьютердің ішінде Бұл балақай компьютер ойынын жақсы көретін. Бір күні ұзақ ойнағаны соншалық, компютердің ішіне қалай кіріп кеткенін өзі де байқамай қалды. Өзін ұшып келе жатқандай сезінді де, аяғы жерге тигенде ғана есін жинады. Жан-жағына қараса, айналасы толған шым-шытырақ сызықтар, геометриялық пішіндер, нүктелер, белгілер, ... . Басы айналып кеткен соң көзін жұмды. Біраздан кейін көзін ашса, анадай жерде Меңзер тұр екен. Ол бұған күлімдей қарады да:
– Сәлем, балақай! Компьютер ойынын беріліп ойнайтын көп баланың қайсысы келер екен деп күтіп жүр едім. Міне, сен бірінші болып келдің, – деді.
– Меңзер, мен сені өзімнің досым деп санайтынмын. Маған көмектесші. – Әрине, көмектесемін. Бірақ шығатын жол мұнда емес. Оған жету үшін біраз тер төгуге тура келеді.
– Айтшы, не істейін?
– Егер мені жақсылап тыңдайтын болсаң, онша қиын болмайды. Алдымен сенің көлеміңді кішірейтейін, – деп бір түймешені басып қалып еді, балақай лезде кіп-кішкентай болып қалды. Ал қаптаған белгілер, керісінше, зорайып шыға келді.
– Ешқандай түймешені баспай, тек қана менің ізіммен жүретін бол, – деді Меңзер. «Жою» белгісі Сонымен кішкентай Шалағай балақай Меңзердің соңынан ілесті. Оның ескертуін шала естіген балақай бір кезде жолдан қиыстау жатқан бір түймешені басып көрді. Сол сол-ақ екен, көзінің алды қап-қараңғы болып кетті. Өкінішке орай, оның басып көргені «жою» белгісі еді. Ал Меңзер болса, балақайдың жоқ болып кеткенін бірден байқап, оны өз орнына жылдам қайтарып алды.
– Ешнәрсені баспа дегенім қайда, – деп ренжіген Меңзер ары қарай жүре берді. Ең үлкен мұхитта Үлкен бір дөңгелектің жанынан өте бергенде Шалағай балақай жол басшысының айтқанын тағы да ұмытып, әлгіге ақырын ғана қолын тигізді. Бұл жолы көзінің алдындағы барлық нәрселер шыр көбелек айналды да, ол үлкен айдынның бетінде қалқып жүрген бір жапырақтың бетіне келіп түсті. Өзін көктен түскен жаңбыр тамшысы сияқты сезінді. Ал айдын өте үлкен екен. Оны мұхит шығар деп ойлаған Шалағай балақай Меңзер досының өзін тағы да құтқарып алатынына сенімді еді. Сондықтан қорықпады, жапыраққа жақсылап тұрып жабысып алып, айналасын бақылауға кірісті. Айдынның беті үлкен-кіші кемелерге, әртүрлі қайықтарға, су астынан секіріп шығып, ойнап жүрген түрлі көлемдегі балықтарға толы екен. Құлағына олардың өзін шақырған дауыстары келді: – Балақай, бері кел!
– Бізге кел! Біз саған небір қызықты оқиғаларды айтып береміз.
– Ал біз үй жұмысын орындауға көмектесеміз.
– Біз жоғалтқаныңды іздеп, тауып береміз. Шалағай балақай олардың бәріне де барғысы келді. Қызыл-жасыл құбыжық Жан-жағын осылайша қызықтап жатқанда қызыл-жасыл болып құбылған бір зат өзіне қарай жүзіп, жақын келді. Қызығып кеткен Шалағай балақай әлгіге қолын тигізгені сол екен, ол дәу бір құбыжыққа айналып шыға келді. Сөйтті де мұны жапырақтың үстінен жұлып алып, судың түбіне қарай сүйрей жөнелді. Тынысы тарылып бара жатқан Шалағай балақай:
– Сен кімсің? Мені қайда апара жатырсың? – деп жанұшыра сұрады.
– Мені танымай қалдың ба? Мен – өзің жақсы көріп ойнайтын ойынмын. Бұдан былай екеуміз судың түбінде бірге тұратын боламыз.
– Барғым келмейді ол жаққа. Жіберші мені.
– Жоқ! Жібермеймін! Ол жақта рақат! Сен екеумізге ешкім кедергі жасамайды. Қатты қорыққан Шалағай балақай жан-жағын қармана берді. Бір кезде қолы жанынан жүзіп өтіп бара жатқан Алтын балыққа тиді. Алтын балық оны құбыжықтың қармауынан босатып алды да, айдын бетіндегі жапырағына қайта әкеліп тастады. Шалағай балақай оған рақмет айтуға да шамасы келмей құлап түсті. Көмекші дельфин Осылай жатқанында біреу аяғынан түрткендей болды. Қараса, судан басы ғана көрініп тұрған дельфин екен. Ол нәзік даусымен:
– Мен сенің барлық сұрағыңа жауап бере аламын, – деді.
– Айтшы, бұл қандай жер?
– Бұл – «Ғаламтор» деген ең үлкен мұхит.
– Сен менің Меңзер досымды көрдің бе?
– Ол бағана сені іздеп келіп кеткен. Әне, ана жақта жүр. Дельфин көрсеткен жаққа қараса, шынымен де Меңзер үлкен кемелердің арасынан бұны іздеп жүр екен. Шалағай балақай қанша айқайласа да, досы оның даусын естімеді. Әнші балықтар Дельфин оған мынадай бір ақыл айтты:
– Анау үйірімен жүзіп жүрген балықтарды көрдің бе? Солардың айтып жүрген әнін жаттап алып, айтатын болсаң, олар келіп, сені қалаған жеріңе жеткізіп салады. Шалағай балақай айдынға құлағын тосып, үйірлі балықтың әнін тыңдауға кірісті: Доспыз, доспыз, доспыз, Тату-тәтті топпыз. Ешкімді де бөліп, Өкпелеткен жоқпыз. Шала-шарпы тыңдай салып, «оңай екен» деп ойлаған балақай жылдам қайталауға кірісті: Доспыз, ... топпыз, ... топпыз, Өкпелеткен жоқпыз. ... ... ... ... ... ...
Төрт-бес рет қайталап тыңдап жатып, әзер дегенде жаттады да, айтып шықты: Доспыз, доспыз, доспыз, Тату-тәтті топпыз. Ешкімді де бөліп, Өкпелеткен жоқпыз. Сол сәтте балықтар келіп, кіп-кішкентай балақайды өздерінің арқасына кезектестіріп мінгізіп, Меңзер досына жеткізіп тастады. Үйге қайтар жол Меңзер балақайды көре салысымен ай-шайға қарамай, үн-түнсіз қолынан ұстады да, әлгі үлкен дөңгелектен алып шықты. Балақай одан кешірім сұрағысы келіп еді, бірақ Меңзер бұл жаққа мойнын бұрып та қарамады. Жылдам жүрген олар төртбұрышты бір белгінің жанына келгенде бірақ тоқтады.
– Бұл – принтер, – деді Меңзер , – осы арқылы сен үйіңе қайтасың. Ал сау бол. Меңзер осыны айтып, белгіні басып қалды. Ызылдаған бір дыбыс шықты да, Шалағай балақай жоғары көтеріле бастады. Бірақ ары өтіп кете алмай, жерге қайтадан түсті. Меңзер түсінбей, белгіні тағы да басып көрді. Жаңағы жағдай тағы да қайталанды. Түкке түсінбеген Меңзер:
– Принтерің бұзылып қалып па еді? – деп сұрады. Шалағай балақайдың есіне таңертең өз бөлмесін шала жинағаны, кітапты принтердің үстіне қалдырып кеткені түсті де, не істерін білмей жерге отыра кетті. Бар жағдайды досына айтып берді.
– Ендеше жолыңның ашылатын кезін күтейік, – деді досы, – біреу келіп, кітапты ол жерден алып тастайтын шығар. Алақай! Балақай өз үйінде! Екеуі ұзақ отырды. Бір кезде төбеден түрлі түсті болып құбылған бір жарық сәуле көрінді. Шалағай балақайдың анасы жұмыстан келіп, принтердің үстіндегі кітапты алып, орнына қойған еді. Қатты қуанған балақай орнынан ұшып тұрып, Меңзер досын құшақтай алды.
– Мен енді үйіме қайта аламын. Саған көп рақмет, досым! Сені тыңдамай, ренжіткенім үшін кешір. Балақаймен бірге қуанған Меңзер оның принтерден өте салысымен өзінің бұрынғы қалпына қайта келетінін айтып, әлгі төртбұрышты белгіні басты. Ызылдаған дыбыс шығып, балақай ақырын жоғары көтерілді. Принтерден өте салысымен үлкейіп, бұрынғы қалпына келді. Алақай! Міне, өзінің үйі, өзінің сүйікті бөлмесі! Қуаныштан жүрегі жарыла жаздаған балақай асүйге жүгіріп кіріп, қаннен қаперсіз тамақ дайындап жүрген анасын құшақтай алды. Принтер терезесінен сығалап қарап тұрған Меңзер де бұл сәтте ары бұрылып, өз әлеміне қарай кетіп бара жатты